Яндекс.Метрика
Home » Materials » 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы

С.Қ. ҚОСАНОВ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы, Қазақстан Kosan_1964@mail.ru Ұялы тел: 8-702-620-14-15

94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(12), 2017

Tags: ұлт, құндылық, мәдениет, тарих, әдебиет, ғылым., дәуір, Маржани
Author:
Еуразия түркілерінің мәдени даму тарихында татар халқының, оның алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері маңызды рөл атқарғаны белгілі. Солардың арасында, әсіресе, татар елінің атақты ғұламасы, ірі ойшыл, тарихшы әрі теолог имам хазірет Шиһабуддин әл-Маржанидің есімі ерекше аталады. ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары Орта Азияның рухани астаналары саналатын Самарханд, Бұхара шаһарларында жан-жақты терең білім алған ол Татарстан мектептері мен медреселерде жаңаша білім беру идеясын көтерген алғашқы ұстаздардың бірі. Оның дін, мәдениет, этнография және тарихи тақырыпта жариланған мақалалары мен кітаптары сол уақыттағы түркі халықтарының рухани және ұлттық санасын оятуға орасан ықпал етті. Мақала авторы Ш.Маржани шығармаларына шолу жасай отырып, оның қазақ тарихына қатысы бар көпке мәлім тарихи зерттеу еңбегі «Мустафад әл-ахбар...» – екі томдық кітабына тоқталады. Мақалада Маржанидің аталған еңбегіне байланысты зерттеушілердің пікірлері, кітаптың мазмұны мен құрылымына қатысты тың тұжырымдар жасалған.
Text:

Жәңгір хан мектебі алғаш ашылған жылдары шәкірттердің мұсылманша сауатын түзеп, шариғат заңдарына үйретуші – татар молдалары болды. Солардың қатарында Садреддин Мұхаммед Әминов, Жабир Хамитов, Ахметше Апсалямов т.б. татар азаматтары Ордадағы ұстаздық қызметтерін абыроймен атқарды. Істерлітамақ, Қазан, Уфа секілді көршілес аймақтардан оқыған білімді, зиялы ұстаздар да Хан ордасына жиірек қатынаса бастады. Кейбір деректерге қарағанда Орынбор мұсылмандары басқармасының мүфтиі – С. Тевкелев, белгілі теолог әрі тарихшы Ш. Маржани, алғашқы татар ағартушыларының бірі Х. Файзханов, С. Кукляшев, Қ. Насыри, И. Халфин сынды белгілі тұлғалар да ілгерілі-кейінді Жасқұстағы немесе Торғын өзені жағасындағы Жәңгір ханның елінде қонақта болып, қыр мектебіндегі оқу-білімнің өркендеп, дамуына тілеулестік танытқан, жергілікті оқытушыларға қажетті оқулықтар мен хрестоматия кітаптарын табуға көмектескен. Шындығында да, отырықшылыққа ерте қадам басқан татар халқы оқу-ғылым мен өнерге де көшпелі қандастарына қарағанда бұрынырақ қол созды. Татарлар қазақтардай емес, кентті-қалалы жерлерінде мешіттері бар, ескіше медреселері, оқыған молда-ишандары да жетерлік, бірақ, орыс патшалығының отарлық езгісінде ғасырлар бойы теперіш көріп, рухы сынық, көңілдері жарым, ой-саналары тұмшаланған жаңа заманғы оқу әдістері мен жаңалықтарына қол жеткізе қоймаған мұңлы бір милләт еді. Бір жағынан олар қазақтың кең сахара даласына әлі еркіндік рухы санасынан өше қоймаған дала ұландарының ерке, өр мінезіне, тұмса табиғаттың таза ауасы мен қыр жылқысының саумалына, қымызға ерекше қызығатын. Қолдағы барын қонақтан аямайтын дархан қазақтың дастарханы да татар молдаларын көп тарықтырмайтын. Содан ба, Жәңгір ханның көзі тірісінде де, ол дүниеден өткен соң да көптеген Еуропа, Ресей ғалымдары мен саяхатшылары Хан ордасына жиі ат басын бұратын. Ал татар зиялыларының жөні тіпті бөлек. Олар Хан ордасынан қымыз бен шұбаттың жан сүйсіндірер иісін ғана емес, бір кездері Шыңғыс хан құрған алып қағанаттың қара орнында қалып қойғандай – атамзаманғы ақсүйектік пен бекзаттықтың, дегдарлық пен тектіліктің қан қыздырар рухын сезінетін еді...

Бодандық бұлты бүркеген бейуақ та бейбақ қоғамда надандық қараңғысынан жарыққа шығу үшін жол іздеген татар халқының озық ойлы ұлдары өркениет көшінен қалмауға ұмтылды, көп ізденіп, тынымсыз тер төкті. Қандастарымыздың рухани даму жолындағы қиын тағдыры жайында қазақ-татар әдеби байланыстары туралы арнайы қалам тартқан зерттеуші Б.Ысқақовтың мына пікірлері сол кезеңнің сипатын анық та әділ бағалайды: «Шынында да ХVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген татар қауымының көрнекті қайраткерлері бұл жылдары үнемі іздену жолында болды. Осы жолда олар басын тауға да тасқа да ұрды, Батысқа да, Шығысқа да көз салды. Бұхараға да, Стамбулға да, Петербургке де барды. Тіпті, кісен киіп, Сібірге де айдалды. Әрине іздену жолында адасқан да, шатасқан да кездері болды. Бірақ, қол қусырып қарап отырмады, тырысып, тырбанып ізденді, оқып үйренді» [1, 51-б.].

Ғалым татар халқын тек ислам шариғатының шеңберінде қалып қоймай, зайырлы оқу-білім мен өнерге, әлеуметтік әділет пен рухани жаңғыруға үндеген алғашқы ағартушылардың қатарында Мәуле Құли (XVIII ғ.), Отыз-Емени (1754-1834), Ғабденнасыр Құрсауи (1776-1818), Ибатулла Салихов (1794-1867), Ғабделжаббар Қандали (1797-1860) сынды тұлғалардың есімдерін құрметпен атайды. Олардың өз дәуіріндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен қоғамдағы келеңсіздіктерге сыншыл көзқарастарын білдіріп, діндегі шалағайлық пен қараңғылыққа қарсы қүресте аз да болса ілгерішіл ой-пікірде болғандықтарын жазады [1, 52-б.]. Әрине, ескі татар топырағында милләт санасын оятуға түрткілі себептердің бірі 1804 жылы Қазан университетінің тумасы Шиһабуддин әл-Маржани атты иждиһатшыл, миләтшыл азамат Бұхарада оқып келіп, татар ағартушылығына тың серпін берді, жаңаша ойлап, жаңаша оқуға жол ашып, ұлт тарихының өткеніне үңілді. Діндегі дүмшеліктен бой тартып, дәстүрлі исламның ережелерін жаңғырта тәпсірледі, тыңнан пайымдады.

Маржани Жәңгір хан мен Ысмайыл-бектен кейінгі түркі реформаторы – жәдитшіл оқу әдісінің негізін қалаушылардың бірі болды. Араб, парсы, шағатай, татар тілдерімен қатар орыс тілін де үйренудің қажеттігін атап айтты. Татар мектебінде ислам ережелерімен бірге астрономия, тарих, математика және орыс тілін оқытуды жақтап, мұны өзі ашқан мектепте жүзеге асырды.

Ш. Маржанидің ғылымға қабілеттілігі, ерекше зердесі мен сыншылдық қасиеттері ол Бұхарада оқып жүрген кезінде-ақ аңғарылады. Сонда білім алып жүріп, ізденімпаз шәкірт Орта Азия медреселеріндегі ислами ғылымның әбден тоқырап, таптаурын жолға түскенін, бұдан өзіне қажет жаңалықты, санасын, ой-пікірін түзейтін артықша ілімді таба алмасын түсініп, басқаша амал-әрекетке ұмтылады. Болашақ ғалымның тапқан бір әдісі: медреседегі сабақтан тыс өз бетінше білімін көтеру үшін әр жердегі аты мәлім ғұлама-шейхтерден дәріс тыңдау, шаһардағы кітапханаларда отырып Шығыс қолжазбаларын оқып, үйрену, бұрынғы араб, парсы, түркі ғалымдарының еркін ойлы еңбектерімен танысу болатын. Солардың арасында атақты Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Мырза Ұлықбек, Бабыр, Ибн Рушди, Аристотель, Платон т.т. бар. Осыларды және ислам ғылымы мен хұқықтарына қатысты таңдаулы кітаптарды оқи жүріп, Маржанидің өз дәуіріндегі мұсылман дінінің кейбір дәстүрлі қағидалары мен медреседегі білім деңгейі жөніндегі көзқарастары елеулі өзгеріске түседі. Ал, Бұхара мен Самарханд қалаларында Әбу Сағид Ғабдулхай, Баба Рафиғ әл-Хоженди, Хұдайберді әл-Байсуни, Салих әл-Хоженди, Ғабдулқадир ибн Нияз Ахмед әл-Башаури, Ғабдулмумин ибн Өзбек әл-Әфшанжи, Ғұбайдулла ибн Ниязқули әт-Түркмени, Фазыл бине Ғашур әл-Ғиждувани, Мұхаммед бине Сафар әл-Хоженди, Мұхаммед Шәриф бине Ғатаулла әл-Бухари, Мазһар бине Ахмед әл-Һинди, Мирза Салих Ағлам т.б. ғұлама, ахун, шейх, дамолла ұстаздардан қажетінше ақыл-кеңестер алып, түрлі тақырыпта дәрістерін тыңдайды.

Татар ғалымының есімін көпке мәшһүр еткен «Мустафад әл-ахбар фи ахуали Бұлғар уә Қазан» атты екі томдық тарихи-зерттеу кітаптары 1885, 1900 жылдары Қазан қаласында жарық көруі – түркітану әлеміндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды. Ғ.Баттал жазғандай, ғұламаның бұл  маңызды тарихи шығармасы  Қазан және Орал түркілерінің ұлт тарихына деген құрметі мен рухани санасын оятудағы рөлі мен ықпалы зор болды. Екі ғасыр бойы орыстардың отарлық езгісі мен басқыншылық әрекеттері нәтижесінде тарихи жазба естеліктерінен қол үзіп қалған батыс түркілері ХІХ ғасырдың ортасына қарай ұлттық жадын – ел өмірінің өткендегі шежіресін ұмыта бастаған еді. Маржанидің «Мустафад әл-ахбар...» тарихи зерттеуінің алғашқы бөлігі осындай өлара кезеңде дүние есігін ашты.  Кейбір сын пікірлерге қарамастан, бұл еңбек негізінен, түркі зиялылары тарапынан жоғары бағаланды. Оның үстіне мұнда Еділ бұлғарлары, Қазан хандығы ғана емес, бүкіл Орта Азия, Алтын Орда, Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір әулеттері жөнінде де құнды тарихи мәліметтер бар еді.  Кітаптың екінші бөлігі Қазан маңы халықтарының Ресей қол астындағы дәуіріне арналып, сол заманда ғұмыр кешкен қазандық белгілі тұлғалардың, ұстаздар мен имамдардың өмірі һәм қызметі, ХІХ ғасырда Еділ бойындағы қалың елдің көзін ашып, көкірегін оятқан медреселер тарихы туралы бай деректерімен ерекшеленді.

Белгілі қоғам қайраткері, түрікшілдік қозғалысының белсенді көсемдерінің бірі ірі түркітанушы З.У. Тоған естеліктерінде Шиһаб хазіреттің тарихи еңбектеріне қатысты: «Оның ислам діні догмаларына қатысты еркіншіл пікірлерін консерватор молдалар да қабылдайды. Әйтсе де, Маржанидің тарихи шығармаларын осылай қабылдай қоймайтын. Себебі, ол еңбектерде қазақтар мен башқұрттарды кемсітетін пайымдаулар ұшырайтын» [2, 16-б.], – деген пікірімен толықтай келісу қиын. Рас, қыпшақ тілді түркілер арасынан жазу-сызу мен ілім-білімге ертерек қол жеткізіп, «гегомондыққа» ұмтылған татар зиялыларының кейбіреулері қазақ пен башқұрт халықтарының тұрмыс-тіршілігіне байланысты ұшқары пікірлер жазған жерлері бар. Басқаны былай қойғанда, ондай артық-ауыс» көзқарас, теріс түсініктер әл-Маржанидің ізбасары, татар-башқұрт халықтарының ортақ перзенті имам Ризаеддин Фахреддиннің еңбектерінде де кездесіп қалып жатады. Бірақ та бұл ғалымдардың мұндай шетін пікірлері, көбінесе, әлгі миллеттердің тұрмысы мен этнографиялық ерекшеліктерін терең білмегендіктен, яки болмаса, таза жанашырлық сыни ойлары арқылы туындайтынын аңғару қиын емес.

 Жоғарыда  жазғанымыздай, кеңес тұсындағы тарихшы ғалымдар да әл-Маржани мұраларына жоламай, «айнала қашып», жүргендері белгілі. Дегенмен, ара-тұра оның есімін атаумен шектелмей, басты еңбектеріне тоқталып, өзіндік оңды-терісті сыни пікірлерін жұқаналап жеткізген зерттеушілер де кездеседі. Солардың арасында қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан зерттеуші Бүркіт Ысқақовтың есімін ерекше атаған абзал. Дарынды ғалымның «Қазақ-татар әдеби байланыстары» атты монографиялық еңбегі 1976 жылы жарыққа шығып, ғылыми көпшілікті елең еткізген болатын. Осы аталған кітабында Б.Ысқақов татар тарихшысы әл-Маржанидің шығармашылық ғұмырбаянына, оның қазақтың сол дәуірде оқыған бірқатар зиялыларына тигізген игі ықпалына талдау жасап, құнды пікірлерімен қатар сыни көзқарастарын да білдірген. Ғалым Маржанидің дін мен оқу-ағарту саласындағы реформаторлық ой-пікірлері мен тарих, философия, этнография, т.б. ғылымдарға қосқан елеулі үлесіне оң баға бере келе, оның көптеген тарихи еңбектер жазғанына назар аударады. «Бұл салада, дейді автор, – оның екі томнан тұратын 700 беттік «Мустафад әл-ахбар атты шығармасының мәні зор. Алайда, бұл еңбек татар қоғамының тарихи даму процесін бағалауда ғылыми дәрежеге жете алмайды. Ол өз қортындыларын, көбінесе, діни сенімдерге құрады. Бұлғар, Қазан хандығының ежелгі тарихын және татар халқының өткендегі өмірін мадақтайды. Маржани аталған шығармасында башқұрт, қазақ, тағы басқа түркі тектес халықтардың тарихынан да деректер беріп кетеді. Мәселен, ол ортағасырлық қазақ ғалымы әл-Фараби, ХVІІ ғасырдың ақырында өмір сүрген қазақтың атақты адамдары – ұлы жүз Төле би, орта жүз Қазыбек би, сол сияқты кіші жүз Әйтеке би жөнінде де мағлұматтар береді, олардың Қазақ хандығындағы, сондай-ақ үш жүзді басқарудағы рөлдерін көрсетеді» [1, 53-54-бб.]. Көріп отырғанымыздай, мұнда қазақ ғалымы Маржаниді сын садағына ілгенімен, оның түркі және қазақ тарихына қатысты озық ойлары мен мен деректі пікірлерін лайықты бағалайды.

Дегенмен, зерде, зейіні жеткенмен, заманы «зияндық» іздеп, қаламы тұсалған, айтары шектелген автор Маржани кітабын дендеп, тереңдеп талдай алмайды – «Мустафад әл-ахбардағы...» қазақ хандарына байланысты байтақ мәліметтерді ашылып сөз етуге дәрмені жетпейді. Бұл ретте алаштанушы-ғалым, академик Д. Қамзабекұлының төмендегі пайымдаулары осы ойымызды бекіте түседі. Ғалымның Маржани жөнінде М. Серәлин, Б. Кенжебаев, Б. Ысқақов, А. Машанов, У. Қалижанұлы, сынды зерттеуші, қаламгерлердің еңбектерінде сөз болатындығын айта келе: «Бұлардың бәрі де қазақ ой санасы мен әдебиеті үшін Маржани рөлі ерекше болғанын дәлелдейді. Осы еңбектердің ішінде деректік маңызы тұрғысынан Бүркіт Ысқақовтың зерттеуін атап өткіміз келеді» [3, 67-б.], – деген пайымдаулары өте орынды. Д.Қамзабекұлы зерттеушінің Маржани еңбегіндегі қазақтың белгілі тарихи тұлғаларына қатысты деректеріне назар аударады, сөйтіп, бұл бағыттағы өз ойын: «Бұл тақырып әлі де өз зерттеушісін күтіп тұр деп есептейміз» [3, 68-б.], – деп тұжырымдайды.

Әл-Маржанидің еңбегінде ертедегі бұлғар-татар хандығының тарихынан басқа да түркі халықтарының, атап айтқанда, Мәуренаһр, Бұхара, Хорезм, Қырым, Қазан, Астрахан, Ақ Орда, Сібір, Дешті-Қыпшақ яки Қазақ хандығы, т.с.с. көптеген түркі тілдес елдердің өткен дәуірдегі тағдыры мен осылардың негізінде қалыптасқан кейінгі ұлт-ұлыстар жайында жүйелі баяндалады. Әрине, татар ғалымы өз еңбегін жазу үшін ұзақ дайындалған. барысында көп ізденген. Ол Орта ғасырдың көптеген тарихшыларының, жылнамашылар мен географтардың да сирек кітаптарын қажетінше пайдаланған. Маржани, сонымен бірге, ерте заманғы Йакут, Жамал ад-дин Қарши, Фазаллаһ Рашид ад-дин, Абд ар-Раззақ Смарханди, Мырза Ұлықбек, Заһир ад-дин Бабыр, Ата Мәлік Жувейни, Шараф ад-дин Әли Йазди, Ибн Халлиқан, Ибн Халдун, Ибн Батута секілді бірқатар атақты саяхатшы, шежіреші һәм тарихшылардың еңбектерін оқып, қажетінше пайдаланып отырған. Кейбір деректерге қарағанда, Маржани Смархандта оқып жүріп, кітапханалардың бірінен М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты мемуарлық шығармасын кезіктіргенге ұқсайды. Сірә, солай болуы да мүмкін. Себебі, «Мустафад әл-ахбар...» кітабының қазақ тарихына қатысты мәліметтері «Тарих-и рашиди» келтірген деректермен өте жақын үндесіп жатқанын көруге болады.

Өкініштісі, осынау ілкідегі М. Хайдар, Қ. Жалайыр, Әбілғазы Баһадүр хан сынды Орта ғасыр шежірешілерінен кейін түркі-қыпшақ тарихын тереңдей зерттеуге ден қойған маңызды кітаптар – Маржанидің екі томдық тарихи еңбегі ХХ ғасыр басындағы Алаш-түркі оқығандары тарапынан лайықты бағаланғанымен, Қазан төңкерісінен соңғы 70 жыл бойы ғылыми қауым назарынан тыс, ескерусіз қалып келді. Әрине, Кеңес үкіметінің, коммунистік партияның саясатына сүйенген қоғамдық ортада, оқу орындарында әлемге аты мәлім түркі-ислам ғұламасының «ескішіл, феодалдық, мұсылмандық көзқарас-пікірлерге толы есіл еңбегі ешбір қажетсіз болуы – түсінікті жағдай. Тек Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін, 2000 жылы Татарстан ғалымдары «Мустафад әл-ахбардың...» баспа бетін көруіне 100 жыл толуына орай, хазіреті Шиһабуддин әл-Маржанидің аталған тарихи зерттеу кітабы қысқартылып, ықшамдалған нұсқада қазіргі татар тілінде басылым көрді. Бұл түсінікті де. Өйткені, Шиһаб хазіреттің көпшілік еңбектері араб тілінде жазылған еді. Ал, түркі-шағатай, араб-парсы, ескі қыпшақ және татар тілдері араласып келетін «Мустафад әл-ахбардың...» мәтіндерін шығыстанушылар, арнайы дайындығы бар мамандар болмаса, кез келген зерттеуші түсіне бермейтін. Шындығында, бұған дейін Маржани өз еңбектерін араб тілінде жазып келсе, ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап Еуразия түркілері арасында кеңінен насихатталған «тілде, пікірде, іс-әрекетте бірлік» (И. Ғаспыралы) идеясын құптаған ғұлама соңғы шығармаларын «ортақ» яки «аралас» түркі тілінде жазуы – саналы түрде жасалған миллетшілдік амалы десек, қателеспейміз. Автордың Ресей империясының бодандығына бойсұнған езгідегі түркі халықтарының төл тарихын түгендеп, миллеттің рухани санасын ояту үшін ескі қыпшақ тілін таңдауы – қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктің көрінісі. Біздіңше, алдағы уақытта Ш. Маржанидің таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне аударып, ғалымның бай мұрасын ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды зерттеу барысында кеңінен пайдалану қажет деп санаймыз.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ысқақов Б. Қазақ-татар әдеби байланыстары. – Алматы: Ғылым, 1976. –  186 б.

2. Тоган Заки Валиди. Воспоминания. – Москва: Восток, 1977.  –  650 с.

3. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: Фолиант, 2002. – 474б.

С.К. Кусанов

Институт литературы и искусства имени М.О. Ауэзова, Алматы, Казахстан

Ш. МАРДЖАНИ И ИСТОРИЯ КАЗАХСТАНА

Аннотация. Известно, что в истории культурного развития евразийских тюрков важную роль занимает татарский народ и видные представители его интеллигенции. Среди них особо почитается имя известного ученого-философа, историка и теолога татарского народа Шихабуддина аль-Марджани. В 30-40-е годы ХІХ века получивший всесторонные знания в таких духовных центрах Средней Азии, как  Самарканд  и Бухара, он считался одним из первых учителей, который пропагандировал идею ново-методного преподавания в мектебах и медресе Татарстана. Его статьи и книги опубликованные по теме религии, культуры, этнографии и истории сыграли значительную роль в возрождении духовного и  национального сознания тюркских народов того времени.

Автор статьи поставив в поле обозрения произведения Ш.Марджани, обращает внимание на его общеизвестную двухтомную исследовательскую книгу по истории – «Мустафад аль-акбар...», в которой имеются исторические сведения об истории казахов. В статье приводятся мнения ученых связанные с названным трудом Маржани, сделан анализ и новые выводы по его содержанию и составлению.

Ключевые слова: Маржани, эпоха, литература, история, нация, культура, ценность, наука.

S.K. Kusanov

M.O. Auezov Institute of Literature and arts, Almaty, Kazakhstan

Sh. MARDZHANI AND HISTORY OF KAZAKHSTAN

 It is known that in the history of the cultural development of the Eurasian Turks an important role is played by the Tatar people and prominent representatives of its intelligentsia. Among them the name of the famous scholar-philosopher, historian and theologian of the Tatar people Shihabuddin al-Mardjani is especially revered. In the 30-40s of the XIX century he received comprehensive knowledge in such spiritual centers of Central Asia as Samarkand and Bukhara, he was considered one of the first teachers who promoted the idea of new-method teaching in schools and Tatarstan madrasah (religious school under the mosque). His articles and books published on the topic of religion, culture, ethnography and history played a significant role in the revival of the spiritual and national consciousness of the Turkic peoples of that time.

The author of the article having put the works of S.Mardzhani in the field of the review, draws attention to his well-known two-volume research book on history - "Mustafad al-Akbar" in which there are historical information about the history of Kazakh. The article contains the opinions of scientists related to the named work of Mardzhani analysis and new conclusions on its content and compilation are made.

Key words: Mardzhani, epoch, literature, history, nation, culture, value, science.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4467

No reviews

Download files

Шиһабуддин әл-Маржани.doc 0.07 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары УДК 39 (=512.122)(560) ҒТАМР 03.41.01 ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (экспедицияда жиналған материалдар негізінде) ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ҒТАМР 13.11.25 Қытайдың мәдени құндылықтарының экономикаға әсері ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 391.745/749 ТАҢБА – ШЕЖІРЕЛЕР МҰРАСЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы