Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау)

А.Ғ. Ибраева¹, Ә.С. Темірханова². ¹Т.ғ.д., профессор. М. Қозыбаев ат. СҚМУ. ²PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан.

ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: Солтүстік Қазақстан, отарлау, ру, ұлт, жүз, облыс, аудан, аймақ, уез, тарих
Author:
Аңдатпа. Мақала ХҮШ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басындағы Солтүстік Қазақстан облысының тарихына арналып, біртұтас кешенді қарастырылып оқырман назарына ұсынылған. Өлкеміздің тарихына шолу жасай қарасақ, географиялық орны жағынан елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде, табиғаты қатаң өлкеде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы талай тарихи оқиғаларды бастан өткізді. Өңіріміздің көрсетілген тарихи кезеңдерінен сыр шертетін мақаланың оқырман үшін берері мол. Қазақстан тарихының бедерлі белестерінде солтүстік өлкеде болған тарихи оқиғаларды жаңа көзқарас тұрғысында әділ бағалауға күш салынған. Авторлар бүгінгі күні тарихшылардың деректерді жан-жақты пайдалану барысындағы қолжетімділігін негізге ала отырып, солтүстік өңірдің тарихын жаңа қырынан зерделеуді жөн көріп отыр. Берілген мақаланы зерттеу барысында Солтүстік Қазақстан облысының XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы тарихы туралы бұрыннан белгілі деректер мен архив басылымдары, мерзімдік баспасөз құжаттары қарастырылып, объективті түрде баға беру мақсат етіп қойылған.
Text:

Кіріспе. Тарихқа тереңірек бойлай түссек, өткеніміз бен бүгінімізді салыстыру арқылы көп жайлардан хабардар боламыз. Тәуелсіз Қазақстанның құрамдас бөлігі – Солтүстік Қазақстан өңірінің орны мен рөлі ерекше. Бүгінгі күні тарихи тамыры мыңжылдықтар тереңінен бастау алатын осынау тамаша өлкенің дамуына жағрафиялық орналасуы да игі әсерін тигізді.

Отандық тарихтың өзекті тақырыптардың бірі Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы. Ресей империясы бастапқы кезден-ақ өзінің бірнеше әскери-барлау экспедициясын жүргізіп, қазақтың ру-тайпалары мекендеген жерлерінде өз бекіністерін сала отырып, қазақ жерін отарлау саясатын жүргізуден бастады. Патшалық Ресей осы жоспарды жүзеге асыру барысында Қазақстанның солтүстік аймақтарына әскери қорғану шептерін тарта бастаған. Солтүстік Қазақстан территориясы арқылы өтетін Орынбор, Сібір, Ертіс, Есіл шептерінің салынуы арқылы патша өкіметінің осы жерлерге тұрақтап қалуға ұмтылғанын көреміз. Әсіресе, Ресей империясының Қазақстанның солтүстік аймақтырына жасаған саяси-экономикалық, әлеуметтік және әскери қадамдары зерттелуі кенже қалған мәселелердің бірі. Бұл мақаланың жазылуына арқау болған Орта жүз қазақтарының солтүстік өңірі болып табылады. 1752 жылдан бастап патша өкіметі «Жаңа Есіл» (орысша «Новоишимская линия. – авт.) немесе «Ащы-тұщы көлдер» («Пресногорьковская линия – авт.) шептерін тарту арқылы Солтүстік Қазақстан жерлерін отарлауға жедел түрде кірісіп кеткен еді. XVIII-XIX ғасырлар аралығында патшалық Ресей Батыс Сібірден бастап қазіргі Солтүстік Қазақстан аймағындағы Орта жүз қазақтарының жерлеріне жылжыған болатын. Патша өкіметінің Солтүстік Қазақстан жерінде әскери бекіністі салуының мақсаты және экономикалық, әлеуметтік қадамдары, Қазақ даласы арқылы Орта Азияға, Үндістанға баратын Кам сауда жолын өз бақылауында ұстау болатын.

Материалдар мен әдістері. Тақырыпты зерттеу барысында Солтүстік Қазақстан облысының XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы тарихына қатысты бұрыннан белгілі деректер мен ғылыми айналымға енгізіліп отырған архив басылымдары, мерзімдік баспасөз құжаттарын қарастыра отырып, объективті түрде баға беруді мақсат етіп қойылған.

Жоғарыда аталған зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері архив құжаттарын, мәліметтік жинақтарды, шолуларды, белгілі қоғам қайраткерлерінің естеліктері мен мақалаларын, сол кезеңдегі баспасөз жарияланымдарын, тақырыптық құжаттар мен жинақтарды біріктіріп отыр. Күрделі кезеңдердегі тарихи оқиғаларды зерттеу барысында архивтік деректердің ғылыми айналымға молынан қосылуы тақырыпты ашудың ерекшелігі болып табылады және олар бір жүйеге келтіріліп, сыни тұрғыдан талданды. Ғылыми зерттеу барысында тарихилық, жүйелілік, салыстырмалы талдау, жинақтау, объективтілік, ғылыми таным ұстанымдары басшылыққа алынды. Мақалада нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи зерде негізінде қоғамдық-саяси мәселелер бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды.

Талдау. Еліміз Тәуелсіздік жариялағаннан кейін, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды қайта саралап зерттеу батыл қолға алынып, Отан тарихы егемен елдің ақиқат тарихы ретінде, жаңа көзқарас, таптық түсініктен құтылған сергек ой қорытындылау бостандығы жағдайында зерттеліп, бұрмаланып келген және шындығы ашылмаған мәселелер қайта қаралып, оған дерек көздерімен дәлелденген объективті баға беріле бастады. Соның нәтижесінде кеңестік идеология тыйым салып, қатаң бақылауға алған қазақ және Қазақстан тарихы қайта зерделене бастады.

XVIII ғасырдағы Ресей экспедиция құрамында болған П. Рычков, П. Паллас, Х. Барданестің жазба күнделіктерінде Орта жүз қазақтарның Уақ, Арғын, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Найман ру-тайпаларының территорясы Солтүстік Қазақстан жерлерін қоса толықтай Батыс Сібір аймағын қамтығандығы жөнінде құнды мәліметтер кездеседі. В. Лебедевтің «Из истории сношений казахов с царской  Россией в XVIІІ веке» атты мақаласында XVI-XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қатынастарын талдай келе, Ресей империясының қазақ жерлерін отарлау, тонау саясатын ашуға тырысып, «грабительская сущность колониальной политики царизма» - деп патшалық Ресейдін отарлау саясатын әшкерелейді. Отандық тарихнамадаға өз үлесін қосқан белгілі тарихшы Е.Б. Бекмаханов өзінің монографиялық еңбегінде XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстанның әлеуметтік-эконимикалық және саяси дамуын терең қарастырған болатын. Автор Қазақстанның солтүстігіндегі Жаңа Есіл  немесе Ащы шебін салу әдістерін Ресейдің қазақ жерлерін басып алу мақсатында салынғанын және сол үшін жергілікті халықтың наразылығы өршіп, ұлт-азаттық көтерілістердің болғандығын шынайы жазған еді. Солтүстік Қазақстан аймағы мен Петропавл қаласына қатысты біршама мәлімет жинаған өлкетанушы М.И. Бенюхтың пікірінше, XVIII ғасырда Ресей өкіметінің басқыншылық саясатының басымдығы және Кеңес заманында отарланған жерлердегі халықтардың этникалық территориясын әділ түрде қарастыру керек екендігін айтады. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде автордың жинаған жеке қорындағы, Ескі Есіл шебі туралы қол жазбаларында бірнеше сауалдарға жауап іздейді. М. Бенюхтың пікірінше, Ресей өкіметі XVIII ғасырда отарланған жерлерін заңды түрде бекітпегенін және өз шекарасын жабық күйде ұстап отырғанын айтады.

Зерттеу нәтижелері. Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі аймағы ежелден арғынның атығай,қарауыл руларының, керей мен уақтың ата-мекені болған. Осы рулардың батырлары мен билері өз жерлерін көздің қарашығындай сақтап, жат жұрттықтардан ерлікпен қорғай білген.

XVIII ғасырда еліміздің Солтүстік аймағы тарих тәлкегіне ерте ұшырап, Ресей отаршылығына душар болған. «Есіл шебі» деп аталатын бекіністер шебі, негізінен, осы күнгі солтүстіктегі Ресеймен арадағы қазіргі шекараға сәйкес келетіні кездейсоқ емес. Ресейдің құрамына кіруге келіссе де, Орта жүздің хандары Ресейге, жоңғарларға қарсы ішкі және сыртқы саясатын өздігімен жүргізіп келді. Сондай-ақ, Қытай тарапынан 1756 жылы басталған қарулы арандатудан аман қалды. Абылай ханның қазасынан кейін-ақ, баса көктей бастаған Ресейлік империясы 1822 жылы хандық билікті шектеу, кейін мүлде жойып жіберу мақсатында жаңа бағыттағы жұмыстар жүргізді.

Жоңғар империясының құлауынан кейін, XVIII ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Қытайдың Цин империясы көршілес жатқан Қазақ хандығы мен Орта Азияға өзінің саяси ықпалын белсенді және біртіндеп көрсете бастады. Төніп келе жатқан қауіпті жағдайдың бетін қайтарған Абылай сұлтан халықты Цин әскерінің басып кіруінен қорғау мақсатында, 1757 жылы жаз айында Пекинге елшілік жібереді. Нәтижесінде Цянь-Лун билігін мойындайды.

Ресей үкіметі болса, Қазақстандағы жағдайды нығайту мақсатында Кіші Жүз бен Орта Жүздің аумағын оңтүстік шығыстағы Ұлы Жүзге және Орта Азияға жылжыту бағытындағы әскери бекет ретінде пайдаланды. Бұл аумақта мемлекеттік әкімшіліктік-аумақтық құрылымдар жүйесін орнату арқылы берік орныққан көшпелі қоғамның ішкі әлеуметтік-саяси құрылымына ену бағытын ұстанды.

1752 жылғы наурызда Сенаттың Тобылдағы Бағлан (орысша «Звериная голова») шоғынан Омбы бекінісіне дейін ұзындығы 565 шақырым Новоишим немесе Жаңа Есіл белдеуін тарту туралы жарлығы шықты.Осы жылы Есіл өзенінің сол жақ жағалауындағы «Қызылжар» деп аталған тоғайлы жерде әулие Петр бекінісі салынып, атауы кейін Петропавл болып өзгертілді. Қазақ даласының солтүстігі мен солтүстік шығысын түгелдей жапқан бекіністер, қамалдар мен күзет қосындары 1716 жылы іргесі қаланған Омбы бекінісіне байлаулы болатын. Сол кезден бастап, қазақ даласын отарлау бірінші кезекте маңызды саналды.

Бұл туралы талай ғылыми еңбектер жазған Орта жүздің ру-тайпалық құрамын зерттеуші ғалым М. Мұқанов Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір жеріне алғаш керей тайпаларының қоныстануын ХІІІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалармен байланыстырады (Муканов, 1974: 35) Бұл мәселені тілге тиек еткен көбіне Ресей ғалымдары, соның ішінде жаңа кезеңнің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н. Аристов Моңғолия жерінен Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарына арғын, найман, керей, меркіт тайпаларының жаппай қоныстануын былайша сипаттайды: «...Шыңғысхан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді» (Аристов, 1897).

Осы мәселеде ойымыз дәлелді болу үшін бірқатар орыс жылнамаларындағы деректерді салыстырмалы түрде қарауды жөн көрдік. Мәселен, ХVІІ ғасырдың басында құрастырылған «Строгановтың Сібір жылнамасы» атты деректік материал бертін жазылғанымен, өткен кезеңнің оқиғалары жайында құнды мәліметтер береді. Бұл жылнамада керейдің билеушісі Ван ханның (Тоғұрыл.-авт.) Шыңғысханның қудалауынан ығысып, қазіргі Ресейдің Түмен қаласының жеріне орныққаны туралы мынадай нақты мәлімет келтіріледі: «...Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғаны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзенінің бойына келіп, қала тұрғызды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп аталатын христиан қаласы орналасқан», – деп атап көрсетеді (Андреев, 2000: 12).

А.И. Семенов өзінің «Город Петропавловск за 200 лет (1752-1952)» деген кітабында, қазіргі Петропавл қаласы тұрған жерде, тіпті облыс аймағында 1752 жылы Ресей мемлекеті бекіністер желісін салғанша «қазақтар қоныстанбаған, тіпті сол 1694 жылы осы жермен Түркістанға қарай Есілді жағалап салт жүріп өткен Сібір казактары «бірде-бір тірі жанды көрмеген» деп жазады. Одан әрі, «бекініс қазақтарды жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін», яғни қазақтардың мүддесі үшін салынған болатын, дейді. Бұл – тарихтан хабары жоқ пенденің, немесе ақиқатқа көпе-кернеу қиянат жасаушының сөзі. Себебі, 1745 жылы күзде Қалдын Серен қайтыс болғаннан кейін, оның ұрпақтары, отбасы хан тағына таласып, өзара қырқысты бастап, он жылға жетпей Жоңғар хандығының шаңырағын ортасына түсті де, оның ордасын ойрандап, ошағына су құйған көрші Қытай бір кездегі әлуетті мемлекетті жер бетінен жоғалтып жіберген.

 Бұл ретте Ресей империясының отарлау саясатының себептері мен салдарларына тоқталып, жату міндет емес, талай талқыға түсіп, басы ашылған даусыз шындық. Ал, Көшім хандығының бүкіл Батыс Сібірдегі меншікті иеліктерін қосып алғанда, Есілдің Қызылжарға ұрымтал өңірінің тұтастай, қазақтың мекені болғаны – даусыз мойындалған шындық.

ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақтардың әлеуметтік-экономикалық өмірінде елеулі өзгерістер орын алды. Көрші Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Мысалы, Абылай сұлтан  осы бекіністе 1759 жылы-ақ айырбас сауда жасай бастады. Сауданың негізгі тіректері Орынбор, Троицк, Петропавл бекінісі, Пресногорьковск, Омбы, Семей және Орал болды. Ресейдің қазақтармен сауда қатынастары екіжақты пайда түрінде жедел дами бастады. Ресей үшін қазақ даласы жаңа рынок ретінде тартымды бола түсті. Қазақтар саудаға мал және мал өнімдерін шығарса, өздеріне қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дәрі-дәрмек және т.б. заттар алып отырды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда несие сауда қатынасы кең қанат жайды. Көпестер мен Сібір казактары заттарды қазақтарға несиеге әкеліп беріп, көп жағдайда оларды алдап кетіп отырды. Қазақ арасында арнайы сауда серіктестіктерін құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы «өсімқорлықтың» да  пайда болды.

Ақша-тауар қатынастарының дамуы кедей-батрақтардың пайда болуына әкелді. Ақша табуға жұмысқа жалданған көптеген қазақтар балық аулаумен айналысты, шегара шебі бойындағы бай тұрғындарға жалданып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен өндірістерінде жұмыс істеді. Шеп бойындағы орыс шаруашылығына жалданған қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар көп жағдайда еңбек ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына түсті.

Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақ ішіндегі  әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етпей қоймады. ХІХ ғ. басында қазақ қоғамында орыс үстемдік құрушы ру старшындары мен билер орыс билігінің қанатының астына тартылды. Олар елге әдет-ғұрып заңдарын сақтаушы әрі Ресей өкіметінің құқықтық тәртіп қағидаларын түсіндіруші болып саналды. Патша өкіметі мемлекеттік қызметкер санатында тағайындаған ауыл және болыс билері орыс шенеуніктерімен қатар сот істеріне араласып, түскен пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді бөлу-біріктіру үдерісіне қатысып отырды. ХІХ ғасырдың басында ру басылары мен төре тектілер отарлаушы жатжұрттық биліктің қолдауымен рудың жақсы қыстауылары мен шабындық жерлерін пайдаланып қана қоймай, жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы қауымдық жерлерді тартып алумен патша өкіметі де айналысты. Дәлел ретінде, М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында суреттелген ру аралық қақтығыстарды келтіруге болады.

Мұның бәрі қазақ руларының дәстүрлі қалыптасқан көшіп-қону жолдарының бұзылуына әкеліп, дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырап, экономикалық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «ұшыр» (жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған малдың 40-шы бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын болды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып тұрды және олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына міндеткерліктер «соғым» және «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар қосылды. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында бай туыстары мен казак-орыстардан, орыс шаруларынан жұмыс іздеуге мәжбүр болған кедейленген қазақтар саны өсті. Петропавл қаласында болып, айналадағы елдің тұрмысымен танысқан орыс зерттеушісі И. Завалишин: «жатақтар байларға малшы болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп бойындағы қалаларда олар тіпті топтарымен бір жапырақ нан үшін жалданып жұмыс істеді», – деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған істеріне қарай егіншілер, жатақтар және бақташыларға бөлінді.

Әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөліну мәселелері болса, XIX ғасырдың бас кезінен бастау алған болатын. 1822 жылы Ресей тарапынан үш әкімшілік бірлік: округ, болыс, ауылды ұйымдастыруды қарастыратын «Сібір қырғыздары туралы» Жарғыны Сібір губернаторы М.М. Сперанский енгізген болатын. Бұл Жарғы әкімшілік-аумақтық құрылымның алғашқы іргесі болды. Орта жүздің ханы Уәли ханның қазасын Ресей империясы Қазақстандағы хандық билік жүйесін жойып жіберуге қолайлы пайдаланды. Қазақ даласында округтер құрылып, оларды сайланып қойылған аға сұлтандар басқарды. Отарлау саясатының білгірі М.А. Корф бұл жоспар жөнінде былай деп жазған: «Қазақ даласын осы бір ғана құжат арқылы бейбіт жолмен басып алудың маңызы өз кезінде қалай бағаланса да, тарихи тұрғыда бұл өзі аса зор маңызды факт болатын» (Корф, 1861).

Ал, М.М. Сперанский Сібір корпусінің командирі П.М. Капцевичке жазған құпия хатында өз жоспарының ішкі сырын былайша ашқан: «Қазақ даласына қарай басқан әрбір қадамымыз батылдық болып көрінетіні рас. Бірақ, Жарғыда бұл қадамдар – мақсат, түпкі бағыт, беталысымызды түзеп алу тұрғысында көрсетілген. Бәлкім, бұл мақсатқа жарты ғасырдан кейін жетерміз. Әзірше сенімсіздеу, баяу жылжып келе жатсақ та, айқын жоспарымыз бар, бағытымыз дұрыс. Жергілікті жағдайлардың мәнісін аңдып, қолайлы сәтті қалт жіберіп алмасақ болғаны....». 1822 жылғы Жарғыда белгілі шекарасы бар округтер бойынша халықты орналастыру қарастырылды. Округтерді ұйымдастыруда аумақ шекарасы, ру адамдарының тығыз орналасуына қатысты қыстық қоныстар негізге алына отырып айқындалды. Нәтижесінде Ресей Қазақстанды әкімшілік-аумақтық жағынан өзіне тәуелді еткен еді. Патша үкіметі қазақтардың әкімшілік-аумақтық басқару ісіне өзгерістер енгізді. Ондағы ауыл, болыстықтарды аймақтарға біріктіріп, аймақ басқармасын толықтай өз қолдарына шоғырландыру арқылы қазақ жерін түбегейлі билей бастады. Бұл жарғы Қазақстанды басқаруды жеңілдетіп, өзара рулық қақтығыстарға шамалы соққы беріп, қазақ жерінде патша үкіметінің отарлау саясатының тереңдей енуіне жаңа қадам болды.

Округтерді ұйымдастыру ірі ру одақтарының басшыларының келісімі бойынша жүргізілді, себебі Ресей патша әкімшілігінің басты міндеті Орта жүздің барлық көшпелі топтары мен Ұлы жүздің кейбір көшпелі топтарын жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымға біріктіру болатын.

Әкімшілік ауылдарды ұйымдастыру барысында басқаруды бір орынға шоғырландыру және жаңа басқару жүйесін жеңілдету мақсатында төмендегідей үш жағдай ескерілді:

1.  Отбасылар саны (50-ден кем болмауы керек);

2.  Қысқы қоныстарының бір жерде орналасуы (бір немесе іргелес бірнеше қоныстар);

3.  Рулардың қауымдастығы екінші шарт болып табылады.

Тұрғылықты халықты округ, болыс және әкімшілік ауылдар бойынша орналастыру көшпенді салттың және көшпенді шаруашылықтың шектелуіне әкеліп соқты.

1822 жылғы 22 шілдедегі «Сібір Қырғыздарын («қазақтарын» деп оқыңыз.-авт.) басқару туралы» мәліметте Сібір аймағы Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді. Батыс Сібірдің құрамына Тобыл, Том губерниялары мен Омбы облысы енгізілді. Генерал-губернатор және Кеңестен тұратын Батыс Сібір Бас басқармасы Тобылда орналастырылды. Омбы облысының құрамына әкімшілік «Сібір қырғыздары» деп атаған Орта жүздің қазақ рулары бағынды.

1822 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамындағы Омбы облысы бөлінді. Облыс Омбы, Петропавл, Семей және Өскемен ішкі округтерге және ерекше шарттар бойынша сыртқы округтерге бөлінді. Омбы облысында Семей мен Петропавл орталық қала болып, ал, Омбы мен Өскемен тұрғындары аз, шағын қалалар болып саналды. Көшпелі халық қатарынан Орта Жүз қазақ рулары енгізіліп, олар арнайы ерекше Жарлық бойынша басқарылды.

Орталықта орналасқан Сібір әкімшілігі, жаңа жағдайды қабылдауға қазақтарды көндіру үшін қыр даласына үгітшілер сипатында жалданған татарларды жіберді. Ал кейін, Қазанның татар молдаларына бастатып казак (қазақ түсінігінде «казак-орыс».-авт.) отрядтары жіберілген болатын. Отрядтар Жарғыдағы қағидаларын халық арасына таратуға тиіс болатын.

Алдымен, 1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау (29.04.1824) сыртқы округтері құрылды. Кейінірек: Ақмола (1832) және Атбасар (1839) (Памятная книжка, 1912), Баянауыл (1833), Аягөз, Көкпекті және Алатау округтері де құрылған.

Орталық Қазақстандағы Қарқаралы округіне Бөкей ханның немересі Жамантай Шыңғысұлы Тұрсын, Көкшетауға Абылай ханның немересі Ғұбайдолла Уәлиұлы аға сұлтан болып тағайындалып, заседательдері (аға сұлтанның орынбасарлары) болып Марданов, Боранбаев, Байтоқин, Мүсет Жәнібековтер сайланады. Ғұбайдолла Ресей билігіне мойын ұсына қоймай, Қытай үкіметіне қарайлай бергені үшін жазалы болды да, оның міндетін біраз уақыт бойы аға сұлтандыққа Абылай Көшкенбай Ғаббасов сайланғанша, Байтоқа ұлы Жылғара атқарды.

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының біраз жері 1834 жылы Есіл өзенінің терістігінен Аманқарағай дуаны (кейін Құсмұрын дуаны деп аталған) ашылғанша Көкшетау дуанына қараған. Тарихшы Қ. Әбуевтің деректері бойынша дуанға 40 мың адам немесе 8778 шаңырақ, 144 ауыл, 17 болыс қараған.

Округтерді ашу Қытай үкіметінің келіспеушілігіне сәйкес бірқатар баяу жүргізілді. Жарғы идеясын жүзеге асыру кезеңінде жерге қатысты мәселелер жаңа күшпен қайта көтерілді. Округті ұйымдастыруға келіскен кейбір ауылдар келісім-шарт ретінде межелеу шекараларында орналасқан жерлерді, әсіресе, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы округтеріне жақын орналасқан жерлерді қайтарып беруді талап етті. Сол кезде облысымыздың аумағына және Көкшетау атырабына саптағы әскерге жатпайтын, бірақ, Ресейдің отарлау саясатын қорғаушы қарулы күштері болып табылатын және меншікті жері жоқ әлеуметтік топқа жататын казактар арнайы жіберіліп, 1826 жылдан бастап қоныстана бастады. Ашығын айтқанда, патшалық билік осылайша, екі міндетті қатар шешті. Алдымен, жерсіз-күйсіз казак-орыстарға қоныс, мекен тауып берді, екіншіден, солар арқылы қазақ жерлерін ешбір сұраусыз иемденіп, күшпен тартып алу саясатын бүркемелеп, қазақ жеріне әскер орналастырды.

Орыс тарихнамасында Ресей жаулап алардың алдында қазақтардың əлеуметтік-экономикалық жағдайы дамудың төменгі сатысында тұрды деп бағаланды. Қазақстан тарихының кеңестік концепциясының мазмұны мынада болды: орыс үкіметінің жалпы Шығысқа ілгерілеуі мазасыз көшпелі тайпалардан қорғану, «өзін-өзі сақтау», «табиғи шекараларына» жету үшін жүргізілді; қазақ жерлерін орыс үкіметі жаулап алған жоқ, Ресей империясының құрамына олар жаулардан қорғану үшін, қамқорлық іздеп, өз еркімен кірді, т.с.

1830 жылы қаңтар айында Аманқарағай дуанын ашпақ болып, оған қарайтын қазақтардың тiзiмiн алынады (ООМТМ. 3-қ., 12-т., 17681-іс, 13-п.). Айталық, Қостанай облысының шығысы, оның ішінде қазiргi Жамбыл ауданының жерi Аманқарағай, кейiн Құсмұрын дуанына қараған.

Есеп алу кезiнде әр ру бойынша үй санын, адам санын, жылқысын, iрi қара малын, тiптi қой-ешкiсiн санап алған (әрине, салық салу үшiн). Есеп алу жұмысына әр рудың беделдi адамдарын және үкiмет шенеуніктерін пайдаланған. Әрине, бұндай тiзiм тарих үшiн емес, Аманқарағай дуанына қарасты қазақтардың құрамын анықтау, малдарының санының есебiн алу, өйткенi қазақтардан жинайтын салық түндік санына (кибитка) және малдарының санына байланысты салынды.

Солтүстiк Қазақстан облысы жерiндегi Есiл өзенiнiң Тобыл өзенiне дейiнгi солтүстiк бетiнде Аманқарағай (1830), кейiн Құсмұрын (1835) округi құрылды. Жаңадан құрылған Аманқарағай округінің аға сұлтандығына төре ұрпағы Жалбыр Абдуллин тағайындалды. Дуанға қарасты халықты жоғарыда аталған ру жiгiмен алдымен ауылға, ауылдарды болыстарға біріктірген. Әр ауылдың, болыстың басшыларын сайлап, әр болыстың тиесiлi жерiн бөлiп берген. Дуан (округ) құрыларда жасалған шарт бойынша қазақтар үйлерiнiң және малдарының санына қарай салық төлеуге мiндеттелген. Үкiмет қазақтардың жерлерiн, малдарын барымташылардан қорғауға тиiс болған. Бiрақ патша үкiметi тарапынан бұл өзара келiсiм орындалып отырмаған. Мысалы, 1831 жылы тамыз айында дуанның аға сұлтаны Жалбыр Абдуллин, старшындар: Есеней Естемiсов, Тәбей Барлыбаев, Құндыбай Мамашев, Бiркен Малқаров, Тоқсан Мәлікәждаров Пресногорьков бекiнiсiне келген Тобыл губерниясы басқармасының бастығы И.А. Вельяминовке жазбаша хабарлама тапсырады (ООМТМ. 3-қ., 12-т., 18681-іс, 25-п.).

1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанмен тарап кеткен болатын. Батыс Сiбiр әкімшілігі 1834 жылдың тамыз айында бұл дуанды қайтадан ашып, аға сұлтандыққа Шыңғыс Уәлихановты (1811-1902 ) бекітті. Кеңесшілері болып, орыс шенеунігі Язы Янов, қазақтардан Есеней Естемесов, Тәбей Барлыбаев тағайындалды. Дуанға қарасты халық болыстарға бөлiнiп, болыстар ру жiгiмен бөлiндi.

Кейiн, 1835 жылы Құсмұрын болып аталған Аманқарағай сыртқы округі Обаған және Есiл өзендерiнiң аралығындағы, оңтүстiкте Торғай өзенiнiң бас жағын, солтүстiкте «Есіл шебі» бойына дейiнгi жерлердi қамтыды. Округ жерiнде: 62 ауылдан тұратын 3192 шаңырақ ашамайлы-керейлер (Сибан, Балта, Көшебе, Еменәлi, Самай, Матақай), 1773 шаңырақты бiрiктiретiн арғындар, 123 шаңырақтан тұратын қыпшақтар, 32 ауылдан тұратын 1957 шаңырақ уақтар (Баржақсы, Бұйдалы, Жансары, Шайгөз) мекендедi. Округ қазақтары Есiл, Обаған өзендерiнiң бойын, қалың ормандар арасын қыстап, жайлады (ҚРОММ. 345-қ., 1-т., 1869-iс.).

1833 жылы 9 наурыздағы бұйрық бойынша «Сібір қазақтары» даласында жаңадан Жәміш бекінісіне қарама-қарсы Баянауыл округі және Омбы бекінісінің оңтүстік-батысында Үшбұлақ округтері пайда болды. Дәлірек айтқанда, 1833 жылы 22 тамызында Баянауыл округі ашылды. Омбы облысы 1838 жылы таратылды да, оның бұрынғы ішкі округтері көрші губернияларға қосылды. Мысалы, Петропавл ішкі округі – Тобыл губерниясының Есіл үйезіне, Ертіс бойындағы Семей мен Өскемен қалалары Том губерниясының Бие үйезіне, ал сыртқы округтер Сібір аумағының шекаралық басқармасына бағынды. Осыған орай қазақтарды жеке билеп-басқарудың арнайы ережесі жасалды. 1840 жылдардың басында округтің құрамына кіруге наразы болған кейбір ауылдар өздерінің толық келісімін берді. 1848 жылы жоғарыдағы ережеге сәйкес Үшбұлақ округі жабылып, оның аумағы Көкшетау, Баянауыл, Ақмола т.б. округтерге бөлініп берілді. Осылайша, Ресей империясының Қазақстан аумағына тікелей билік жүргізуіне және экономикалық жағдайға тиісті өзгерістер енгізуге алғашқы қадамдар жасалды.

1859 жылы арнайы Патша Жарлығына сәйкес Кіші жүз бен Орта жүздің (солтүстік, шығыс, ортаңғы аудандары) билігі Сыртқы істер министрлігінен алынып, Ішкі істер министрлігінің заң шығару орындарына берілді. Патша үкіметінің заңдастырылған акті бойынша Қазақстан аумағы Ресей империясының оңтүстік-шығыс аймағы мәртебесінде бекітілді.

XIX ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Ұлы жүздің Орта Азия хандығының қосылмай қалған жерлерін қарулы күшпен басып алып, отарлау аяқталды. Нәтижесінде Қазақстанның Оңтүстік жерлерін, Сібір Қырғыз және жаңа құрылған Сырдария мен Жетісу облыстарын біріктірген Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Отарлау саясатының асқынуына байланысты, қазақ даласындағы билік жүйесін өзгертіп, жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс қалыптастыру қажеттілігі туды. 1822 жылғы шыққан Жарғы ескіріп, үкімет Ресей билігін нығайту мақсатында басқа жүйелер негізін құрды. Ақыры, 1864 жылы Сібір комитетінің басқарушысы В.П. Бутковтың басшылығымен «арнайы комиссия» құрылып, ол Орынбор және Батыс Сібір бас губернаторлықтарындағы жаңа әкімшілік-басқару жүйесінің жобасын әзірледі. Бірақ, бұл комиссияның әзірлеген жобасы әскери және ішкі істер министрліктерін қанағаттандырмаса керек, 1865 жылы шілде айында, қазақ өлкесіндегі жаңа басқару жүйесінің жобасын әзірлеу үшін, тағы бір арнаулы «Дала комиссиясы» құрылды. Патша үкіметі Сенатының 1868 жылғы 21 қазанда «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ережеге» бойынша Ақмола облысының негізі қаланды. Бұл төртеуіне оңтүстіктегі Жетісу және Сырдария облыстарын қосқанда, Қазақстанда барлығы 6 облыс құрылды. Осы құрылым 1917 жылы Романовтар әулетінің билігі күйрегенше сақталды.

1868 жылы қабылданған реформа әкімшілік-аумақтық бөліністі түбірімен өзгертті. Оның негізінде: 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы» Жарғы күшін жойып, округтік приказдарға негізделген сұлтандық билік орнына уездік-болыс жүйесі енгізілді, округтердің орнына уездер құрылды. Уездер болыстарға бөлінді, ал болыстар бірнеше шаруашылық ауыл-старшындары біріккен әкімшілік ауылдардан тұратын болды (Сүлейменов, 1946: 56). 1868 жылғы «Уақытша Ереженің» 15-бабына сәйкес, Ақмола облысы: Омбы, Петропавл, Көкшетау және Ақмола аталған 4 уезге бөлінді. Облыс басшылығына, яғни әскери губернатор қызметіне генерал-майор А. Окольничий тағайындалған.Ол сонымен қатар, Сібір казак әскерінің атаманы болып есептелді. Ал, уездерді басқару дворян тектілер мен казак офицерлеріне тапсырылды. Сонымен, осы реформа қазақ даласына әскери билік әкелді. 1868 жылы 20 қарашада облыс аймағында Ақмола, Омбы, Петропавл, Көкшетау уездерін басқару туралы бұйрық шықты. Келесі 1869 жылы 30 қазанда орталығы Атбасар станицасы болған Сарысу уезі ашылды. Ол көп ұзамай, Атбасар уезі болып атауы өзгерді.

Петропавл уезі солтүстігінде Тобыл губерниясымен, шығысында Омбы уезімен, батысында Торғай облысымен шектесіп, 60.953 шаршы шақырым жерді қамтыды. Жергілікті қазақтар 45.250 шаршы шақырым, яғни облыс жерінің 74 пайызын иеленді (ҚРОММ. 25-қ., 1-т., 1817-іс, 4-п.). 1870 жылғы мәлімет бойынша уездегі қазақ саны 89.887 адам, яғни барлық тұрғындардың 58,8 пайызын құраған (Сүлейменов, 1946).

«Уақытша ереженің» 6-бабына сай, Ақмола облысы – бұрынғы «Сібір казактары» облысының Көкшетау, Атбасар, Ақмола округтерінен және Сібір казактары әскери округінің 1, 2, 3, 4, 5 полктерінен, Омбы және Петропавл қалаларынан құрылатыны» көзделді. «Ақмола облысының орталығы – Ақмола қаласы болып бекітілді. Бірақ онда облыстық басқару жүйесі қалыптасқанша, уақытша Омбы қаласы орталығы болады», – деп шешілді.

Облыстар уездерге бөлініп, аға және болыс сұлтандарының лауазымы және приказдар қысқартылды. Яғни қазақтардың өзіндік билеу жүйесі ысырылып басқа бастамаға негізделді. 1868 жылғы жағдай қазақтардың тұрмыстық жағдайында бірқатар өзгерістер алып келді. Әкімшілік орталықта жүргендердің ішінде болыс құруда рулық негізге сүйенуін жақтағандар да болды. Олар қазақ халқын ру бойынша болыстар мен старшындарға, ал старшындарды ауылдарға бөлуді ұсынды. Бірақ, бұл ұсыныстарды қолдамайтындар да табылды. Себебі, бұл жол өңірдің экономикалық дамуына қолайлы емес еді. Рулық қатынасқа сүйену көзқарасын жақтаушылар дегеніне жете алмады. Нәтижесінде, 1891 жылы 25 наурызда құрылған Дала облыстарын басқару туралы жаңа Жарғы 1868 жылғы Жарғысынан еш айырмашылығы болмады. Сондықтан бұл, Жарғыны өзгерту үшін жаңа жобалар қабылданып, өлкенің құрылымына өзгерістер енгізілді.

1875 жылғы деректер бойынша қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын аумақтағы болыстық бөліністердің атаулары өзгертілді. Бұл өзгерістер қазақ рулары мен аталарының есімдері ұмытылсын деген мақсатпен жасалған. 1889 жылғы «Ведомость о числе киргизских волостей, аулов и кибиток в Акмолинской области (на трехлетие 1887-89 гг.)» деген құжаттан үзінді:

Омбы болысы (бұрын Баба-бағыс) – басқарушысы зауряд-хорунжий Хасен Көкенов, кандидаты (орынбасары) Байболат Жапақов; Николаев болысы (бұрын Жауар-қарауыл) – басқарушысы Біләл Шылымбаев, кандидаты Рахымбай Назаров; Покров болысы (бұрын Төлеке-құрсары-керей) – басқарушысы Мұса Шуақбаев, кандидаты Исабек Тойжанов; Қорған болысы (бұрын Бақтыбай-малай-керей) – басқарушысы Дүйсен Жанғосқин, кандидаты Дүйсенбі Жанғосқин; Шарлақ болысы (бұрын Құлатай-қыпшақ) – басқарушысы Шәймерден Шортанбаев, кандидаты Айтжан Байтілесов; Петропавл болысы (бұрын Андағұл-ырысай-қойлы); Тайынша болысы (бұрын Бабасан) – басқарушысы Күшік Бердәлин, кандидаты Құлмағамбет Көшенәлин; Полуден болысы (бұрын Шоға-бабасан) – басқарушысы Сатыбалды Қуанышев, кандидаты Жұман Рысқұлов; Становой болысы (бұрын Еменәлі-керей) – басқарушысы Мендіғұл Дүйсенев, кандидаты Елеусіз Шабақов; Преснов болысы (бұрын Самай-керей) – басқарушысы Күнияз Жолдыаяқов, кандидаты Күлен Жолдыаяқов; Пресногорькое болысы (бұрын Матақай-сибан-керей) – басқарушысы Самрат Ерменев, кандидаты Сибан Жантасов; Средняя болысы (бұрын Жансары-уақ) – басқарушысы Сатай Сандыбаев; Құсмұрын болысы (Байдалы-баржақсы-уақ) – басқарушысы Битен Сатыбалдин, кандидаты Қозыбай Есенғұлов; Көкшетау болысы (бұрын Атығай-бағыс) – басқарушысы Тәжіғұл Қосдаулетов, кандидаты Кенжеболат Ақылбаев; Қотыркөл болысы (бұрын Есенбақты-керей, Майлы-балта) – басқарушысы Тоқсанбай Алшыбеков, кандидаты Өмірқұл Тоғалақов; Восточная болысы (бұрын Мөнтік-қарауыл) – басқарушысы Жанұзақ Сәрсенбаев, кандидаты Омар Жортушин; Зеренді болысы (бұрын Қараша-жаулыбай) – басқарушысы Күшік Тыржанов, кандидаты Мақат Нұртаев; Мезгіл болысы (бұрын Жақсылық-есенбай) – басқарушысы Шалабай Тынекин, кандидаты Қошан Шауыпкелов; Шалқар болысы (бұрын Шұңқырша-шоқтыбай) – басқарушысы Қошқарбай Өтепов, кандидаты Мұқан Мырзалин; Айыртау болысы (бұрын Көшқұлы-ноғай) – басқарушысы Тоқсанбай Сасықов, кандидаты Мұқан Тоқмырзин; Жыланды болысы (бұрын Қылды-ноғай атанған) – басқарушысы Сүлеймен Кемелов, кандидаты Әнәпи Кемелов болған (Ахметжанова және т.б., 2015: 123 б.).

1882 жылы қысқартылған Батыс Сібір генерал-губернаторлығының орнына құрылған Дала генерал-губернаторлығының құрамына: Семей, Ақмола және Жетісу облыстары енді. Дала облыстарын басқару туралы уақытша Жарғы алдымен екі жылға содан кейін төрт жылға есептелгенімен жиырма бес жыл шамасындай уақытқа созылды. Дала генерал-губернаторлығының құрылуына байланысты, мемлекеттік саяси және әкімшілік басқару бойынша, аймақтың бірнеше мәселелеріне қатысты жаңа заңдастырылған актілерді құрастыруда сұрақтар туындады. Үкіметтің ерекше комитеті құрастырған «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» жаңа жоспар жасалды, бұл жағдай 1891 жылы 25 наурызда патша Жарлығымен бекітілді. Осыған орай, Дала облыстары үйездерге бөлінді: Ақмола облысы – Омбы, Ақмола, Атбасар, Петропавл және Көкшетау уездеріне бөлінді; ....» (Галузо, 1965: 15) Уақытша орталығы Омбы қаласы болып қала берді. Бекітілген Жарғыда негізгі қағидалар қарастырылып, аппаратты бюрократиялық басқару жүйесі ары қарай дамыды. Аймақтағы әкімшілік-аумақтық құрылым жүйесіндегі аздаған өзгерістер негізінен шекараның өзгеруі мен үйездердің атауларын өзгертуге алып келді.

1891 жылы Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының бас басқармасы Дала генерал-губернаторлығына басқаруға берілді. Генерал-губернатор Далада болыстарды құруға қатысты нұсқаулар мен қаулыларды шығаруға және облыс және үйез шекараларын да бекітуге құқылы болды. Облыстық әкімшілік-аумақтық құрылымды басқару қызметін әскери губернатор мен облыстық басқарма жүзеге асырды. Облыс басқармасы облыс бойынша барлық билік жұмыстарын жүргізді. Облыстағы әкімшілік-аумақтық құрылымды басқару мәселелері уездік деңгейде қарастырылды.

Қазақ даласына өзгеріс алып келген тағы бір жағдай, «қарашекпендердің» (крестьянин деген орыс сөзін шаруа деп аударып, қазақ шаруаларымен шатыстыруға болмайды) қоныс аударуы. Бұл қоныс аудару 1860-шы жылдары бастау алып, 1891 жылдары шегіне жетті. Себебі бұл жылдары ішкі Ресейде қуаншылық болып, егіншілікті кәсіп еткендерді жаппай қоныс аудару қажеттігі туды. Қазақтың шұрайлы жерлері қоныс аударушыларға бөлініп берілді. «Қарашекпендердің» қоныс аударуы Бірінші орыс революциясынан кейін тіпті қарқынды жүргізіліп, тек бірінші дүние жүзілік соғыс қана бұл мәселені саябырлатты. Қоныс аударып келгендерге беру үшін қазақтардың пайдалануындағы қыстау, күзеу, жайлау болсын, ешқандай маңызына қарамастан, шұрайлы жерлер тартылып алынды.

Қазақ өлкесіне орыс «қарашекпендерінің» қоныстануы туралы алғашқы мәселені Батыс Сібір генерал-губернаторы Казнаков көтерген болатын. Оның 1875 жылғы жазған есептерінде: «Дала облыстарының жағдайы ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Өз уақытында қабылданған орыс бодандығы ешқандай жетістікке жетпеді. Қазақтарды отырықшыландыру мәселесі шиелінісіп тұр. Казак межелеу сызықтарына қазақтардың жақын қоныстануы ешқандай пайда бермеді. Керісінше, казак әскери жасақтары қазақ тілін үйреніп, көшпелі халықтың кейбір әдеттерін өз бойларын сіңіріп алды. Сондықтан, көшпелі қазақтардың арасында отырықшылық мәдениетті тарату үшін орыс шаруаларын қоныстандыру халық арасында жартылай тағылық өмір кешетін халықтың мәдени дәрежесін көтерудің бірден-бір көзі болар еді», деген сөздер бар еді. Казнаковтың бұл ойы қаралып, қазақ жерлерінде орыс поселкелерін тұрғызу, пошта және сауда-саттық жолдарын салу мәселесі қолға алынды.

1881 жылы Үкімет қоныстануға байланысты уақытша ереже шығарды. Бұл жағдай 1889 жылғы 13 шілдеде «қарашекпендердің» қоныстануға қатысты Заң жасалғанға дейін жалғаса берді. Бірақ, орыс шаруалары бұл заңды тоспай-ақ қазақ даласына өз беттерімен келіп қоныстана бастады. 1890 жылдың жазында бір ғана Орынбор арқылы Ақмола облысына 5.326 жаны бар, 905 отбасы өткен болса, соның тең жартысы Самара төңірегінен еді.

Қазақтарды ата-қонысынан айырып, тысқары ысырып көшіріп жіберу Столыпиннің аграрлық саясатына байланысты XX ғасырдың басында кеңірек етек алды. Нәтижесінде көшіп-қонып, мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың қоныстары отырықшыл өмірге бейім келімсектер үлесіне беріліп, ауыл, болыс, атаулары қазақша атауларын жоғалта бастады. 1894-1906 жылдары Ақмола облысына 228 мың келімсек келіп, 299 елді мекенге орналасқан. 1907 жылы Петропавл уезіне бір жылда ғана 5,5 мың жан, 983 отбасы, Көкшетау уезіне 14,1 мың жан, 2744 отбасы, Атбасар уезіне 5,5 мың жан, 854 отбасы, Ақмола уезіне 15 мың жаны бар түндік көшіп келген. Зерттеуші В.Н. Алексеенконың жинаған деректері бойынша 1910 жылдың өзінде Ақмола облысына Екатеринослав, Полтава, Самара, Харьков, Херсон губернияларынан 200 мыңдай қарашекпен көшіп келді. 1906–1910 жж. аралығында Қазақстанға қоныс аударушылардың жалпы саны 700 мыңға жетті. Сөйтіп XIX ғ. аяғы – XX ғ. басында Қазақстанға барлығы 1,5 млн. қоныс аударушылар келіп орналасты.

Зерттеуші П.Г. Галузо П.А. Столыпин реформасы кезінде қазақ даласында да капиталистік қатынастардың ауыл шаруашылығына ене бастағанын дәлелдеп жазған болатын. Бұл, әсіресе, жер меншігін нарықтық қатынастарға кеңінен қамту арқылы іске асырылған еді. Аграрлық реформа отарлық саясат шеңберінде жүргізіліп, жергілікті халықтың жағдайын шиеліністіріп жіберді. 1907 жылы Петербургте қазақтардың наразылық арыздары қаралғанда, Ресей егіншілік департаментінің директоры Крюков өз баяндамасында: «Америкалықтар үндістерді туған жерінен шөл және шөлейт жерлерге қуып, қандай саясат жүргізсе, біз де қазақтарға сондай саясат ұстануымыз керек!»-дегені тарихтан белгілі.

Қорытынды. Қазақстанның Ресей империясының құрамына енуі, ұзаққа созылған әлеуметтік, экономикалық және саяси процесс болып табылады. XVIII ғасырда күшейе түскен Ресей империясының геосаяси-әлеуметтік қадамдары I Петрдің «Қазақ даласы барлық Азия елдерінің кілті және қақпасы» деген сөзінен Ресейдің негізгі ішкі саяси және әлеуметтік дамудың басты мақсаттарын айқындап бергені анық. Осы істерді жүзеге асыру барысында Ресей мемлекетінің назары Қазақ даласына бағытталды.

Петропавл қаласына және Қазақстанның солтүстік аймағына патша өкіметінің экономикалық қызығушылығы болғанына еш күмән келтіруге болмайды. Қазақ даласын шикізат өнімдерінің орталығы ретінде көрген Ресей мемлекеті өз пайдасына жаратты. Петропавлда ХIХ ғасырдағы Ресейдің жүргізген реформаларынан сауда қатынастары дамып, өлке экономикасы жалпыресейлік шаруашылық жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Орыс миграциясы 1860-шы жылдан бастау алып, 1896 жылдан қоныстанушылардың санының әлдеқайда өсуі байқалды. Бұл патшалық Ресейдің Қазақстанды түгелдей отарлау саясатының салдары еді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Андреев А. Строгановы. Энциклопедическое издание. Москва. 2000. 592 с.

Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. Санкт-Петербург. 1897. 182 с.

Ахметжанова Г., Мәлікова С., Оспанов К., Тайшыбай З. Атамекен атаулары. Солтүстік Қазақстан облысының топонимикалық атаулары. Петропавл. Северный Казахстан, 2015. 343 б.

Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана. Алма-Ата. 1965. 215 с.

Корф, М. А. Жизнь графа Сперанского. Т. 2, (ч. 3, 4 и 5). Санкт-Петербург. 1861. С. 142

ҚРОММ. 25-қ., 1-т., 1817-іс, 4-п.

Сүлейменов Т.С. Подготовка реформы 1867-1868 гг. в Казахстане// Известия Казфилиала АНССР. Серия: история, 1946, №2. – 125 с.

ҚРОММ. 345-қ., 1-т., 1869-iс.

Муканов М.С., Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. – Алма-Ата. Наука. 1974. 200-с.

ООМТМ. 3-қ., 12-т., 17681-іс, 13-п.

ООМТМ. 3-қ., 12-т., 18681-іс, 25-п.

Памятная книжка и адрес-календарь Акмолинской области на 1912.  272 с.

Сүлейменов Т.С. Подготовка реформы 1867-1868 гг. в Казахстане. Известия Казфилиала АНССР. Серия: история, 1946. №2. 125 с.

References:

Andreev A. Stroganov. Ensıklopedicheskor izdanie. [Stroganovs. Encyclopedic edition. Moscow. 2000. 592 p.] [in Russian]

Aristov N.A. Zametki ob etnicheskom sostave turksrih plemen I narodnostei I svedeniya obi h chislennosti. [Notes on the ethnic composition of the Turkic tribes and peoples and information about their number. Saint Petersburg, 1897, 182 p.] [in Russian]

Ahmetjanova G., Malikova S., Ospanov K., Taıshybaı Z. Atameken ataýlary. Soltústik Qazaqstan oblysynyń toponımıkalyq ataýlary. [The Names Of Atameken. Toponymic names of the North Kazakhstan region. . Petropavl. North Kazakhstan, 2015. 343 b. ] [in Kazakh]

Galýzo P.G. Agrarnye otnosheniya na Iuge Kazakhstana. [Agrarian relations in the South of Kazakhstan. Alma-ATA, 1965, 215 p.] [in Russian]

Korf, M.A. Zhizn’ grafa Soeranskogo. T.2. (ch. 3, 4 i 5).  [the Life of count Speransky. Vol. 2, (CH. 3, 4 and 5). Saint Petersburg, 1861, P. 142][in Russian]

QROMM. 25-q., 1-t., 1817-is, 4-p.

SuleimenovT.SPodgotovkareform 1867-1868 gg. VKazakhstane. IzvestiyaKazfilialaANSSR. Seriya: istoriya, 1946. №2. 125 [Preparation of the reform of 1867-1868 in Kazakhstan]

QROMM. 345-q., 1-t., 1869-is.

MukanovM.S. EtnicheskisostavrasseleniakazahovSrednegozhuza. [Ethnic composition and settlement of Kazakhs of the Middle Zhuz – - Alma-ATA. The science. 1974. 200-p.][in Russian]

OOMTM. 3-q., 12-t., 17681-is, 13-p.

OOMTM. 3-q., 12-t., 18681-is, 25-p.

Pamiatnaya knizhka I adres-kalendar Akmolinskoi oblasti na 1912. [Memorial book and address-calendar of Akmola region in 1912. 272.] [in Russian]

Suleimenov T.S. Podgotovka reform 1867-1868 gg. v Kazakhstane. [Preparation of the reform of 1867-1868 in Kazakhstan. Proceedings of Castillala of ANSR. Series: history, 1946. no. 2. 125 p.][in Russian]

МРНТИ 03.20

СЕВЕРЫЙ КАЗАХСТАН СКВОЗЬ ВЕКОВ

(историко-сравнительный анализ)

А.Г. ИБРАЕВА1, А.С. ТЕМИРХАНОВА2

1Доктор исторических наук, профессор. СКГУ им. М. Козыбаева. Казахстан, Петропавловск.

2PhD докторант кафедры История Казахстана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева. Казахстан, Нур-Султан

Аннотация. Статья посвящена истории Северо-Казахстанской области конца XVIII– начала ХІХ вв., в целом рассмотрена и представлена вниманию читателей. Если посмотреть историю нашего края, то Северо-Казахстанская область, расположенная по географическому расположению на окраине страны и пережила немало исторических событий. Были предприняты усилия для объективной оценки исторических событий, которые произошли в северном регионе в контексте истории Казахстана. Сегодня авторы предпочитают изучать историю северного региона с новой стороны, основанным на доступности для историков во всестороннем использовании данных.

В ходе изучения данной статьи была рассмотрена и поставлена цель объективно оценить известные факты истории Северо-Казахстанской области в конце XVIII-начале XIX вв., архивные издания, периодические печатные документы.

Ключевые слова: Северный Казахстан, область, район, регион, уезд, история, жуз, нация, род, колонизация.

IRSTI 03.20

NORTH KAZAKHSTAN THROUGH THE AGES

(historical and comparative analysis)

A.G. IBRAEVA¹, A.S. TEMIRKHANOVA²

¹Doctor of history, рrofessor. M. Kozybayev NKSU. Kazakhstan,Petropavlovsk

²PhD student of the Department of History of Kazakhstan. L.N. Gumilyov university, Kazakhstan,Nur-Sultan

Abstract.The article is devoted to the history of the North Kazakhstan region of the late XVIII – early XIX centuries. in General, it is considered and presented to the readers. If you look at the history of our region, the North Kazakhstan region, located geographically on the outskirts of the country, has experienced many historical events. Efforts were made to objectively assess the historical events that occurred in the Northern region in the context of the history of Kazakhstan. Today, authors prefer to study the history of the Northern region from a new perspective, based on the availability for historians in the comprehensive use of data.

During the study of this article, the purpose was considered and set to objectively assess the known facts of the history of the North Kazakhstan region in the late XVIII-early XIX centuries, archival publications, periodical printed documents.

Keywords: North Kazakhstan, region, district, region, County, history, Zhuz, nation, genus, colonization.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3344

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ, ОНЫҢ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНЕ ӘСЕРІ:денсаулығы, емдеу шаралары (1867-1917жж). АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау)