Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Ф.Ш. Оразбаева¹. ¹Пед. ғыл. док., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі. Абай ат. ҚазҰПУ. Алматы, Қазақстан.

ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(26), 2021

Tags: тіл білімі, тарих, әдістеме, методология, тіл білімі салалары, түбір, фонема, морфема, көрнекті тілші, ғалым, оқулық, оқу-әдістемелік құрал
Author:
Мақалада қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы қарастырылады. Тілді оқыту барысында пәннің базалық білім мазмұнына байланысты оқушының ойлау қабілетіне, білім мазмұнының дүниетанымдық сипатына, дара тұлғаның интеллектуал қасиетін дамытуға, тақырыпты меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдеріне көңіл аударылады. Бұл тұста оқулықта ұсынылған материалдың мазмұны мен құрылымы оқушының шығармашылық қабілетін өмірмен байланыстыра игеруге бағытталады. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тілін оқытудың негізі XIX ғасырдан бастап қоғамдық-әлеуметтік басылымдарда ағартушылар тарапынан жан-жақты сөз болды. XX ғасырда ұлт зиялылары мен әйгілі ғалымдар тіл мәселесін тереңдете зерттеп, тілді меңгерудің басты нысандарын айқындады. Қазақ тілінің әдістемесіне байланысты жарық көрген оқулықтар, еңбектер тіл білімінің барлық салаларын қамтый келіп, қазақ тіл ғылымын теориялық, практикалық жағынан өрістетуге ықпал етті. Қазіргі қазақ тіл білімі көп салалы бағытты қамтиды. Уақыт тудырған соны ізденістер қанат жаюда. Осынау түрлі үдерістер төркінінен біз әркез дәстүр сабақтастығын іздейміз. Ол сабақтастықтың тамыры ертеректегі тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады. Қазақ тілі де, қазақ тіл ғылымы да қазір қоғамдық орта мен замана қалыптастырып отырған әралуан сұраныстар айдынына, ғылыми зерттеулер кеңестігіне шығып отыр. Сұраныс та, зерттеу де тілді оқытуға қатысты ой-пікірлерді зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мақалада қазақ тіл білімінің салаларын оқытуға байланысты аса көрнекті тілші-ғалымдардың еңбектері мен қонцептуалды ойлары қарастырылады. Өткен ғасыр басы мен өткен ғасыр ортасындағы ұлт тілін алаңдатқан сауалдарды түгендей отырып, жаңа бағыттағы тіл салаларын оқыту әдістемесін дамыту – бүгінгі міндетіміз. Мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылды (Грант №АР08855685).
Text:

Кіріспе. Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу жолында XX ғасырдың бас кезі, әсіресе осы кезеңнің алғашқы онжылдығы, ерекше атап өтуді қажет етеді. Себебі бұл жылдары көрнекті ғалым-ұстаздардың, қоғам қайраткерлерінің, жазушылардың ұлттық тілдің ерекшелігіне, оның қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәніне көңіл аударып, қалам тартпағаны кемде-кем. Мұның өзі, біріншіден, қазақ тілінің қоғамдық өмірде маңызды орын ала бастауына байланысты оның келешектегі рөлін ойлаудан туған тереңдікті танытса, екіншіден, ұлтымыздың сол кездегі көрнекті өкілдерінің ғұламалығын аңғартатын болса керек.

XX ғасырдың бас кезіндегі тілдік құжаттар мен құралдар қаншама мол және маңызды болғанымен, тіл біліміне, әдістеме іліміне қатысты зерттеу еңбектердің ешқайсысында сол тұстағы ғалым-ағартушы, әдістемеші-тілшілердің аты-жөні, еңбектері көрсетілмегендігі көпшілікке аян. Оның себебі ұлттың қоғам қайраткерлері, аса көрнекті тілші-ғалымдар, ақын-жазушылар, ел мен жердің тәуелсіздігін аңсаған, білім мен ғылымның ұлттық санамен бірлесе дамуын қалаған тұлғалар шетінен ұсталып, олардың атын айтуға, еңбектерін жариялауға тыйым салынды.

Материалдар мен әдістер. Дидактика оқу, білім, тәлім-тәрбие процестеріндегі теориялық мәселелер мен ережелерді, заңдылықтарды қарастырса, әдістеме осы ережелер мен заңдылықтарды тікелей жүзеге асыру үшін қолданылатын нақтылы әдістер мен тәсілдерді, оның тиімді де, сапалы жолдарын қарастырады.Білім беру әдістері – оқушылардың білім мен білігін, олардың практикалық дағдысын қалыптастыру жолындағы мұғалімнің жүргізетін жұмыстарының тәсілі және оқушылар жүргізетін жұмыстың мұғалімнің басшылығымен орындалатын амалы .

Қазіргі интеллектуалдық әлеуеті жоғары маман дайындауда ғылым мен тәжірибеге негізделген әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданудың маңызы зор. Сондықтан әртүрлі оқыту әдістерін оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың мәні айырықша. Осы тұста ең алдымен, оқытуды қалай жүргізуге болады, қандай амалдарды басшылыққа алу керек деген мәселелерді анықтап алу қажет. Дидактикалық әдіс-тәсілдердің мәні мен құрамын анықтауда алаш зиялыларының, ағартушы педагогтардың ұстанымдары мен тұжырымдары оқу үдерісін сапалы жүргізуге оң ықпал етеді. Олар өмірге қажет білім-ғылымды жетік  үйрену үшін оқытуды дұрыс ұйымдастыру қажеттігін айтады. Әдіскер ғалымдар материал жеңілден ауырға қарай үйретілсе; жалпыдан жалқыға қарай меңгертілсе; оқу пәндері білім мазмұнын игеруге негізделсе, материалдар өмірмен байланысты жүргізілсе, онда білім  нәтижелі болатынын атап көрсетеді.

Үздіксіз білім беру жүйесінің өту кезеңдеріне қарай, білім алушылардың жас ерекшелігі мен талабына орай алғашқы сатыда, көбінесе, түсіндіру, әңгімелеу, қайталау, сұрақ-жауап, ойын әдісі, сурет салу, көрнекілік, безендіру, ынталандыру әдістеріне мән берілсе, кейіннен шығармашылық-танымдық, интербелсенді, қатысымдық әдістерге көңіл бөлініп, оқушының қызығушылығын арттыру мақсат етіледі.

Еліміздің білім беру үдерісіне, оқу мақсатының нәтижелі болуына он тоғызыншы ғасыр басында жарық көрген айтулы басылым материалдары мен қазақтың қоғам қайраткерлерінің, ағартушы ұлт өкілдерінің зерделі ой-пікірлері, тәжірибелі тұжырымдары айырықша ықпал етті.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихын зерттеу барысында жүйелеу, талдау, синтездеу әдістері қолданылып, ХХ ғасырдың басынан бастап осы мәселеге қатысты әр зерттеушінің еңбектеріне анализ жасалды.

1922–1931 жылдардың көлемінде казақ тілін оқыту, үйрету әдістемесіне байланысты көптеген пікірлер мен көзқарастар сол кезеңдегі «Айқап», «Қазақ», «Қазақ тілі», «Мұғалім», «Шора», «Шолпан», «Сана», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сияқты басылымдарда әр түрлі лақап есімдермен шығып, кейін өздері ақталған соң ғана көпшілікке жетті. Мысалы: Жүсіпбек Аймауытов:«Ана тілін қалай оқыту керек» («Жаңа мектеп», 1925, №2), «Емле, әріп жайынан» («Еңбекші қазақ», 1927, 27-апр.), «Емлені өзгертуге жоба» («Қазақ тілі», 1924,6-февр.) т.б. Ахмет Байтұрсынов: «Дыбыстарды жіктеу туралы» («Жаңа мектеп», 1927, №5), «Емле туралы» («Еңбекші қазақ», 1929, 27-март), «Жоқшыға дерек» («Еңбекші қазақ», 1925, І4-дек.) т.б. Міржақып Дулатов: «Үлгілі іс», (Қазақ мектебінде оқу үлгілері), «Қазақ», 1914, 9-июль («Жаңа жазу ережелері» («Қызыл Қазақстан», 1923, №23, №17–18) «Шәкірттер жайынан» («Қазақ», 1913, 16-июль). Мағжан Жұмабаев: «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» («Бостандық туы», 1921, 11-ноябрь), «Қазақстандағы оқу жұмысының құрылысы» («Еңбекші қазақ», 1929, 12-дек.) Шәкәрім Құбайбердіұлы: «Бір мәселе», «Қазақ тілі іске ассын деген қаулы туралы», «Еңбекші қазақ», 1929, 19-март.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихын зерттеу барысында жүйелеу, талдау, синтездеу әдістері қолданылып, ХХ ғасырдың басынан бастап осы мәселеге қатысты әр зерттеушінің еңбектеріне анализ жасалды.

Талқылау. Қазақ тілі мәселелері мен оларды оқыту үлгілеріне ерекше мән беріп, көп еңбек сіңірген тілші-ғалымдардың ең көрнектісі – Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов – қазақ тіл білімінің қай саласында болсын із қалдырған, оқулықтар жазған, тілдік мәселелер жөнінде өзіндік пікір айтып қана қоймай, ғылыми жаңалықтар ашқан әйгілі ғалым-тілші. Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты ұлт тілінің ғылыми негізін салушы, оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы деп танимыз.

Көрнекті ғалымдардың қазақ тілін оқыту, оның әдіс-тәсілдерін меңгеру, оқу жүйесінде әдістеменің алатын орны туралы жазған мақалалары, шығарған оқулықтары, ұлағат пікірлері мен тағылымдық көзқарастары ұшан-теңіз.

Тіл білімінің әр саласына қатысты нақтылы мәселелерді сөз еткен А.Байтұрсыновтың зерттеу еңбектерін былай қойғанда, «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Тіл-құрал» сияқты оқулықтарында қолданылатын әдіс-тәсілдердің ерекшелігі – өз алдына арнайы қарастыруды қажет ететін өзекті мәселе. Кез келген әдіскер мұғалім тілшінің еңбектерін оқу арқылы тілдік материалдармен танысып қана қоймайды, сонымен қатар оқулықтарда берілген тақырыптарды оқытудың әдістемелерін де үйренеді.

Тілшінің оқулықтары оны оқытудың, үйретудің әдістемелік нұсқауларымен жазылып, көрсетілген нақтылы үлгілерімен қатар ұсынылады. Осының өзі-ақ ұстаздың оқу мен оқыту ісінің шебері екенін көрсетеді.

«Қай әдіс жақсы», «Нұсқаушы», «Баяншы», «Әліппе астары» тәрізді еңбектер қалай оқыту қажеттігін, оқытудың әдістемелері мен тәсілдерін баяндайды. Жалпы бұл зерттеулердің қай-қайсысы да әдістеме-тәжірибелер туралы кең мағлұмат береді. Ғалым ұсынған әліпби мен оны үйрету әдіс-тәсілдері осы уақытқа дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Мысалы, А. Байтұрсынов: «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады.

...Оқу басында қиын болса, балалар миға (ұйыққа) түскен мал сықылды, малтығып жылжи алмай қиналады, үйретуші сүйреп шығара алмай қиналады. Екі жағының да жігері кеміп, шабыты болмайды. Шабыттанып істелмеген іс оңды да болмайдыˮ.

«Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімінің ұзақ жолын қысқарту үшін, ол жолдан балалар қиналмай оңай оқу үшін, керек білімін кешікпей кезінде алып отыру үшін, балаға жұмысты әліне шағындап берумен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру»- деп оқытуға, үйретуге қатысты ең маңызды белгілерді анықтап береді (Байтұрсынұлы, 1928a: 32). Сөйтіп, оқытудың әлеуметтік мәніне ерекше көңіл бөлуді сұрайды: «Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген тұжырымды баса айтады.

А. Байтұрсыновтың, әсіресе, әдістеме жөніндегі пікірлері мен жазғандары – арнайы талдауды, саралап зерттеуді қажет етеді.

Ғалым-тілшінің сапалы оқытудың кілті – іздену, тиімді әдістерді тауып, пайдалана білу, сабақ барысында үнемі түрліше әдістерге сүйеніп отыру керек деген ой-пікірі кез келген әдіскерге қажет. Бұл көзқарастар, әсіресе, қазіргі уақытта қазақ тілін қалайда мемлекеттік тіл есебінде барлық осында тұратын халықтардың, ұлттардың қарым-қатынас құралына айналдырамыз, басқа ұлт өкілдеріне жедел үйретудің тиімді жолдарын табамыз деп сан-сала бағдарламалар, оқу-құралдары, кітапшалар шығып жатқан кезде пайдалы-ақ.

Тілшінің пікірінше, жақсы мұғалім деген атқа түрлі әдістерді меңгеріп, соларды оқытуда қолдана білу арқылы ғана жетуге болады. Бұл да – әділетті тұжырым. Оны бүгінгі өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

А. Байтұрсыновтың әдістемеге қатысты еңбектерін және ондағы айтылған мәселелерді бірнеше топқа бөлуге болады:

1. Оқулықпен қатар жазылған, оқытудың әдістемесін көрсететін еңбектер.

2. Қазақша әліпбидің, дыбыстық негізінде сауат ашу әдісін іске асыратын еңбектер.

3. Ана тілін оқытудың әдістерін баяндайтын еңбектер.

4. Тіл ұстартуды көрнекілік әдіс арқылы дамытуды көздейтін еңбектер.

5. Қазақша сауатты сөйлеудің, оқудың, жазудың әдістерін қарастыратын еңбектер.

6. Әдістің түрлерін жіктеп көрсететін еңбектер.

1. А. Байтұрсынов 1912 ж. мектеп балаларына арнап қазақша «Оқу құралын» жазып, шығарғаннан кейін, енді бірден осы оқулықты қалай оқытудың әдістемесін көрсететін «Баяншы» атты әдістемелік еңбегін жарыққа шығарды. Сол сияқты оқулықтарға қосымша әдістемелік құрал болып табылатын «Нұсқаушы» атты кітабы да осындай мақсатты көздеген еңбек.

Автор бұл еңбектерін мүмкіндігінше өзі жазған оқулықтармен бірге, сол жылдары қатар жазып, шығарып отыруды мақсат еткен. Өйткені тілші оқу құралдары бар болғанымен, енді сол оқу құралдарын тұтыну жолдарын көрсететін әдістемелік еңбектер болмаса, бұл оқу құралдарының тигізер пайдасы шамалы деп есептеген.

Осы саладағы А. Байтұрсынов еңбектерінің қай-қайсысы да таза мәтіндегі әдістемелік құралдар, маңызы зор пайдалы материалдар.

Жоғарыда аталған еңбектерінің ішіндегі «Оқу құралы» мен «Баяншы» мектеп оқушыларына қазақша әліппені үйреткен қажетті басылымдар болды. Бұл оқу құралы бірнеше рет басылып шықты.

2. А. Байтұрсынов 1910-1928 жылдар аралығында қазақша дыбыстың, әліпбидің негізінде оқыту әдісін іске асыратын бірнеше еңбектер жариялаған. Бұған тілшінің жоғарыда айтылған «Оқу құралы» мен «Баяншыдан» басқа «Әліппе» және «Әліп-би астары» атты кітапшалары куә.

Автор оқытудың, білім берудің ең тиімді де керек жолы қазақша «қарыптарды» (әріптерді) дұрыс үйрету, дыбыстарды сауатты жазу, оқу дейді. Сол себепті ғалым тілдің дамуы мен өзгеруіне аса мән беріп отырған. Ол: «Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгертілмеген тіл жоқ»-дей отырып, 1916 жылы әліппенің жаңа түрін жазады. Бұл еңбек «Жаңа әліп-би» (Қызыл-Орда, 1926) деп атала келіп, қазақ тіліндегі басылған кітаптардың көрсеткішінде:

«Жаңа құрал. Емлесі жаңа. Қазақстан Білім ордасы мектептерде қолдануға ұйғарды»,- деп бағаланған («Шора» журналы, 1913).

3. Ғалымның бірқатар еңбектері ана тілін оқытудың тиімді әдістерін қарастырады. Бұл ретте А. Байтұрсынов оқыту сапалы болу үшін жаңалыққа құштар, ізденімпаз ғалым-тілші екенін көрсетеді. Оның «Ана тілінің әдісі», «Тіл-құрал» атты еңбектері – мектеп оқушылары мен мұғалімдерге қазақ тілінің түбегейлі ерекшеліктерін танытқан, үйреткен басылымдар. А. Байтұрсынов қазақша «Әліппені» жазып шығарған соң, қазақ тілін арнаулы пән ретінде оқуға мүмкіндік беретін жаңа оқулық жазуды ойлайды. Сөйтіп, үш бөлімнен тұратын «Тіл-құрал» атты кітап жазды да, әрқайсысын І-тіл танытқыш, II-тіл танытқыш, ІІІ-тіл танытқыш деп бөліп, қазақ тілінің фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін талдап, жүйелеп көрсетті.

Бұл еңбектің бірінші бөлімі алғаш рет 1915 жылы жарыққа шығып, содан кейін бірнеше рет қайта басылған.

4. Әдіскер ғалым қазақ тілін оқытуда көрнекілік әдіске ерекше мән берген. Тілшінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарында да, үлкендерге арналған кітаптарында да сөйлеуге үйретудің, тіл ұстартудың бірден-бір жолы ретінде суреттерге көп көңіл бөлінеді. Ол иллюстративтік құралдарды пайдаланудың, оқулықтарды түрлі-түрлі суреттермен жабдықтаудың үлкен тәрбиелік және тіл дамытушылық қасиеті бар деп біледі. Сол себепті А.Байтұрсыновтың 1926 жылы шыққан «Әліппесінің» жаңа түрі көптеген суреттерді қамтыған. Сол сияқты үлкендерге арналған «Сауат ашқышта» да түрлі иллюстративтік материалдар маңызды орын алған. Сонымен қатар тілші «Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы» деген мақаласында да осы мәселелер жөнінде пікір айтып, ой тұжырымдайды.

5. А. Байтұрсыновтың қазақша дұрыс сөйлеп, дұрыс оқып, дұрыс жазудың, сауатты болудың амалдарын баяндайтын көрнекті еңбектері –«Тіл жұмсар» мен «Сауат ашқыш».

«Тіл жұмсар»– тіл үйретуге байланысты жазылған жаңаша еңбек. Ол екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімі «Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын кітап» (Байтұрсынұлы, 1928б: 5) деп аталған. Ал екінші бөлімі алғашқы бөлімдегі материалдарды тереңдетіп меңгеруге арналған жаттығу-тапсырмалардан тұрады. Бұл кітаптың өзі әдістемелік жағынан бірін-бірі толықтыра келіп, автордың өзі атап өткендей: «әріптер мен әріп белгілерін, түрлі орында көбірек жұмсалатын сөз бөлшектері мен сөйлем бөлшектерін жаза білуді тәжірибе арқылы жұмыс істеп үйретуді көздеген». Қалай болғанда да, «Тіл жұмсардың» әдістемелік негізі мен ерекшелігі – арнайы зерттеуді қажет ететін тың тақырып. Сондықтан да автор: «Мұндағы білім –«Тіл-құралдағы» білім, бірақ сол білімді үйрету жолы басқа» (Байтұрсынұлы, 1928б: 5) - деп, Тіл жұмсарды?» өзгешелігін арнайы атап өтеді.«Сауат ашқыш»– әдістемелік жағынан әр түрлі тақырыпта кеңінен берілген дидактикалық материалдарымен көзге түсетін еңбек. Мұнда автордың нақтылы көздеген мақсаты өзіндік сөз жүйесінен, тапсырмалардың берілу амал-тәсілдерінен байқалады.

6. Ғалымның әдістің түрлерін баяндайтын еңбектеріне «Қай әдіс жақсы?», «Жалқылау (айырыңқы) әдіс», «Жалқылаулы – жалпылау әдіс» атты мақалалары жатады.

Бұл айтылғандар А. Байтұрсыновтың әдістемелік еңбектеріне берілген қысқаша шолу ғана. А. Байтұрсыновтың тілдік мұрасын ғалым-тілшілер Ә.Қайдаров («Соц. Қаз.», 1989) Р.Сыздықова (1990, 1991), т.б. көптеген адамдар зерттеген. Сонымен қатар көрнекті ұстаз, талантты ғалымның әдістемелік мұрасын арнайы қарастырған тілшілер де бар.

Нәтижелер. Тілді үйретуге қатысты А. Байтұрсыновтың ұсынған тиімді тәсілдері мен қағидалары мыналар:

1. Тілдік материалды жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге қарай оқыту керек деген дидактикалық принципті өте тиянақты ұстаған, оны уағыздаған.

2. Кез келген тілді үйретуді «қарыптан», яғни әріптен, әліпбиден бастау қажет.

3. Тілді үйрету ана тілінің сөз, сөйлем жүйесін білгізумен қатар жүруі тиіс.

4. Тілді оқытуда мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, мысалдар, өлең-жыр, қызық әңгімелер маңызды орын алу қажет.

5. Тіл арқылы сауат ашуда суреттерге көп мән берілуі керек.

6. Оқушыларға арналған материалдар аса түсінікті болуы шарт.

7. Мәтіндер, көрнекілік, иллюстративтік материалдар, қазақ баласының, халықтың ұғымына таныс, жақын болуы тиімді.

8. Тілді оқытуда тілді ұстартуға, көркем сөзге де ден қойған дұрыс.

9. Тілді үйрету үшін мұғалім бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек.

10. Мұғалім балаға білімді өз тәжірибесі арқылы жинақтауға жағдай жасап, тілді тез үйренуге қарай үнемі бағыт-бағдар сілтеп отыруы қажет.

А. Байтұрсыновтың құнды пікірлері тілдегі әдістеме мәселесіне ғана қатысты айтылып қойған жоқ. Сонымен қатар тілдің теориясына, оқу, жазу, сөйлеу жүйесіне байланысты ойлары да, сөйлемнің құрылысы мен ерекшеліктерін тұжырымдайтын көзқарастары да қазіргі тіл білімінде ерекше орын алады.

Қазақ тілінің сөйлем жүйесін, оның сөйлесім әрекетінің түрлеріне қатысын тілші-ғалымның бірнеше еңбектерінен кездестіруге болады. Әсіресе, сөйлесім әрекетінің түрлері оқу, жазу туралы нақтылы берілген қысқа тұжырымдар басқа оқу құралдарында айтылмаған. Тіптен ол анықтамаларды ертеректе шыққан еңбектерден емес, соңғы жылдарда жарық көрген оқулықтардан да ұшырастыру қиын. Мұның себебі, біріншіден, осы мәселелер төңірегінде (оқылым, жазылым, тыңдалым т.б.) бұрын-соңды қазақ тілінде арнайы зерттеулердің аздығынан болса, екіншіден, тілдік қатынас құбылысына қатысты қазақша терминдерге әлі де болса, толық мән бере қоймауымыздың салдарынан деп есептеу керек.

Тілдік қатынас мәселесін зерттеуші ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, тілдік қарым-қатынасты қамтамасыз ететін сөйлесім әрекеті төрт түрге бөлінеді: айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым. Бұл ұғымдарға қазақ тілінде берілген нақтылы анықтама жоқтың қасы. Тіптен орыс тілі мен шет тілін оқыту мәселелеріне байланысты зерттеу еңбектерінің өзінде де сөйлеу, оқу, жазу, тындауға қатысты жазылған мағлұмат аз. А. Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» еңбегінің III-ші тіл танытқыш кітабында сөз болатын сөйлем жүйесі мен түрлерін оқып отырғанда, мұнда айтылған пікірлердің сөйлесім әрекеті мен оның түрлеріне де қатысты екенін байқауға болады.

Мысалы, тілші-ғалым жалпы сөйлем жүйесі туралы мәселені сөз ете отырып, тілдік қарым-қатынасқа сай сөйлеу үдерісін де анықтайды. Мысалы: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой. Сөйлегенде, жазғанда кім де болса, ойын айтады» (1925) дегенде жалпы адамзаттың сөйлеу әрекеті сөйлемді айта білуге, ойды басқаға жеткізе білуге қатысты екенін ескертеді. Бұл – әрі қысқа, әрі нұсқа пікір. Ал кім болсын өзінің айтар ойын «сөздердің басын құрастырып», сөздерді тіркестіре білу арқылы ғана жеткізе алады. Сөйлей білудің ең қажетті шарты – сол сөздерді дұрыс құрастыру. Мұны да ғалым нақты айтып кеткен: «...ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады. Сондықтан сөйлемнің жаны – сөздердің басы мағыналы болып құралуы. Олай болмаса, құр сөздердің басын айтқанмен, сөйлем болмайды» (Байтұрсынұлы, 1992: 264).

Демек, сөйлей білу үшін сөйлемді айта білу керек; сөйлемді айту үшін, оның құрамындағы сөздерді дұрыс құрастыра, қиюластыра білу керек; сөздерді дұрыс құрастыру үшін, оның заңдылығын білу керек. Бұл туралы тілші былай дейді: «Сөйлем ішіндегі сөздердің басын түсінікті етіп құрастыру, сөйлемдерді түсінікті етіп жасау туралы сөз табиғатынан шыққан түрлі заңдар, тәртіптер бар – қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып жатқан білімдер бар» (Байтұрсынұлы, 1992: 265).

Тілді білу үшін, тілдің теориясын меңгеру үшін, тілші-ғалым айтқан осы ережелердің бәрін орындау керек. Олардың бірі болмаса, екіншісі жүзеге аспайды. Сондықтан оқытуға қатысты «толып жатқан білімдердің» барлығын ескеріп, білуге тура келеді. Сонда ғана түпкілікті мақсатқа жетуге болады.

Осы тұста назар аударатын бір ой – автордың тілдің жүйелік табиғатын ертеден-ақ танығандығы. Бұл көзқарастың, әсіресе сөйлемге қатысты айтылуы А. Байтұрсыновтың тіл ерекшелігін аса зейін қойып зерттегенін аңғартады.

Ол сөйлеу үдерісі мен сөйлемнің жеке-дара бөлшектердің бөлек-бөлек тізбегі емес, белгілі заңдар мен білімге сүйенген жиынтық ұғымдар екенін танып, еңбегін «Сөйлем жүйесі» деп атайды. Ғалымның пікірінше, сөйлем –көптеген білімдер жиынтығынан тұратын, бүтіндік қасиетке ие болатын жүйе. Сол себепті ұстаз-ғалым: ...қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып жатқан білімдер бар. Ол білімдер сөйлем жүйесі деп аталады»,- деп тұжырымдайды (Байтұрсынұлы, 1992: 264).

А. Байтұрсынов тілдің қатысымдық табиғатын өте қарапайым сөзбен түсіндіреді. Тілшінің айтуынша, «дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Дүниенің өзгеруін «эволюция» дей келіп, ғалым оны «табиғат тағдыры» деп айтады.

Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін күрделі құбылыс – тіл. А.Байтұрсынов тілді «Тіл – адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»,- дей келіп, сол тілдік қарумен қарым-қатынас екі түрлі болады деп көрсетеді: жазумен сөйлесу, ауызбен сөйлесу (Байтұрсынұлы, 1992: 119).

Ғалым сөйлесім әрекетінің әрқайсысының мәнін ескере келіп, олардың өмірдегі алатын орнын атап өтеді. Тілдік қарым-қатынасты, сөйлесуді меңгерудің нақты жолын айтады.

Мысалы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды, жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде, сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да, сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек»,- дей отырып, сөйлеудің күрделі екенін айтады (Байтұрсынұлы, 1992: 141).

Тілші сонымен қатар тіл үйренудің қандай дағдыларға байланысты екенін атай келіп, ауызша сөйлеу мен ереженің қатысын анықтайды: «...әр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады.

...Мұғалім балалардың үйренген қағидасы, ережесі келетін сөздерді ауыздан жаздыру тиіс. Яки кітапшадағы жорта қате жазып қойған сөздерді дұрыс жаздыру тиіс. Бір қағида, я ережені балалар әбден үйреніп, тиісті орнында жұмсай білгеннен кейін ғана келесі қағида я ережені үйрету керек» (Байтұрсынұлы, 1992: 142).

А. Байтұрсынов тілді үйретудегі сауаттылық оқумен ғана шектеліп қалмай, жазумен қатар жүргенде ғана, іске асатындығын ашып айтады. Ол сауаттылықтың негізі оқу емес, жазу деп атап өте келіп, жазуға үйрету әдісіне ерекше мән беру қажеттігін ескертеді (Байтұрсынұлы, 1992: 142).

Тілші сауаттылықтың қажеттігін өтеуші әрекет жазу дей келіп, жаза білетін адам оқи да білетіні сөзсіз дейді.

Ғалым сөйлеу мүмкіншілігіне байланысты, сауаттылыққа қатысты оқу мен жазудың ара салмағын ажырата келіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін де атап көрсетеді:

«Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек» (Байтұрсынұлы, 1992: 143).

Осылай дей келіп, автор оқу мен жазу үдерістеріне қарапайым тілмен қысқаша анықтама береді: «жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу»: «Оқу – әріптердің дыбысын айта тізу» немесе «жазған әріптерін дыбысымен атай білу» (Байтұрсынұлы, 1992: 144).

Оқу мен жазуды талдап айту арқылы тілші-ғалым сауат ашу әдісін және тілді меңгеру дағдысын маңызды орынға қояды: «Сауаттау әдісі дегеніміз – соны білдіруге жұмсалатын түрлі әдістердің шумағы болады» (Байтұрсынұлы, 1992: 143).

Ғалым-ұстаз оқу мен жазуды сөз ете отырып, дыбыстар мен әріптердің де тепе-тең еместігін, олардың әрқайсысының оқу мен жазу үдерісінде қандай рөл атқарса, әр ұлт тілінде де өзіндік қасиеттері болатынын ескертеді. Тіл үйретуде, әсіресе, дыбыс пен әріптің сәйкес не сәйкес еместігіне ерекше ден қою қажеттігін айтады:

«Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті. Орыста бір сөз дыбысына қарай жазылып, он сөз дыбысына қарамай жазылатын болса, қазақта он сөз дыбысына қарай жазылып, бір сөз ғана дыбысына қарамай жазылады. Солай болған соң бізде сөздің ішіндегі дыбыстарын айыра білу керек. Сөздің дыбыстарын дұрыс айыра біліп, оларға арналған әріптерді қоя білудің өзімен де үйренуші емлеміздің аз болса, 60-70 процентін біліп қалады» (Байтұрсынов, 1928: 21).

Осыдан-ақ білгір ұстаздың қазақ тілін сапалы үйрету үшін қандай мәселелерге көңіл бөлу керектігін анықтап айтып, нақтылап көрсеткенін аңғаруға болады. Тілшінің ертеректе айтқан пікірлерінің қай-қайсысы да әлі күнге дейін толық шешімін таппағандықтан, өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақ тілі мәселелері мен әдістемесіне байланысты зерттеу еңбектер жазып, құнды пікір айтқан педагог-ғалымның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ж.Аймауытов 1922 жылдан 1924 жылға дейін Қарқаралыда мұғалім болып істейді. 1926-1929 жыл аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның директоры қызметін атқарады. Осы кезеңдегі жұмыс тәжірибелерін ол бірнеше ғылыми мақалалары мен оқу құралдарына арқау еткен.

Қазақ тілін оқыту мәселелеріне қатысты шыққан Ж. Аймауытовтың еңбектерін төмендегідей топтарға бөліп қарастыруға болады: 1. Қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқытуға байланысты жазылған еңбектер. 2. Қазақ тілін әліптен бастап үйрету әдісіне арналған еңбектер. 3. Қазақ тілін жүйелі түрде оқытуға бағытталған еңбектер.

Қазақ тілін сапалы оқытуды көздейтін ғалымның зерттеулеріне мыналарды жатқызған дұрыс: «Тәрбиеге жетекші», Орынбор, Қазмембас, 1924; «Ана тілін қалай оқыту керек?» («Жаңа мектеп», 1925 №2); «Тіл туралы» («Еңбекші қазақ», 1928, 23 ноябрь).

Қазақ тілінің дыбыстарын үйрету мәселесіне арналған тілшінің еңбектері: «Қазақша хат таныту әдісі» («Жаңа мектеп», 1927, №2), «Жаңа әліпті тез үйрету жолы» («Жаңа мектеп», 1929, №4).

Сабақты жүйелі оқытуға қатысты ұстаздың жарияланған кітабы: «Комплекспен оқыту жолдары», Қызылорда, Қаз. Баспасы, 1929; мақаласы: «Комплекс жүйемен сабақ беру тәжірибеміз» («Жаңа мектеп», 1928, №1).

Ж. Аймауытов қандай мәселені сөз етсе де, қай пәнді (педагогика, дидактика, психология т.б.) зерттесе де, ең маңызды орынға тіл, оның тазалығы мен дұрыс қолданылуы туралы мәселені қояды. Өйткені, автордың айтуынша, тіл – адам (бала) өмірінің ең алғашқы баспалдағы. Дүниедегі барлық тірлік ең алдымен тілден көрініс табады да, басқалары содан кейін іске асады.

Бұл мәселелер жөнінде ғалым: «...әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне тән мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы жөн» (Аймауытов, 1924:8),- деп атап өте келіп, Ж.Аймауытов балаға тілді дұрыс үйрету үшін басты-басты мына қағидаларды есте сақтаған жөн деп есептейді:

1. Бала әуелі затты, нәрсені көру керек. Оны көрген бала сол зат туралы айтады, яғни сөйлейді. Сондықтан тыңдау, сөйлеу процесі алғашқы болады да, оқу, жазу кейінгі болуы қажет.

2. Баланың өз бетімен сөйлеуіне мүмкіндік беру керек. Сондықтан материал бала ұғымына сәйкес болып: өмір кітапқа қарай емес, кітаптар өмірге бейімделіп жазылсын.

3. Сөйлеу өмірдегі құбылыстарға жақын, жеңілден басталғаны жөн.

4. Баланың ой қабілеті мен өмірді ұштастыра отырып, пәнаралық байланысты күшейте келіп, көбінесе ынталандыру қасиетіне ерекше мән берген дұрыс.

Ұстаздың пікірінше, тілді сапалы меңгеру үшін, баланың ынтасын жетілдіру – ең маңызды шарт. Ол ынталандыруға байланысты өз пікірін білдіреді:

1. Алдын ала дайындалған сұрақтар арқылы баланың ынтасын бұру:

2. Баланың ынтасын арттыратын, қызықты мағлұматтарды ғана алу;

3. Баланың ілтипатын қадағалап қоймай, мұғалімнің өзі де материалды бар ынтасымен үйрету;

4. Жаңа материалды баланың бұрыннан білетін материалдарымен ұштастыра білу;

5. Қажетсіз мағлұматтардан сақтану;

6. Оқыту барысында қолданылатын көрнекілікті күшейту;

7. Сабақ оқыту әдіс-тәсілдерін үнемі өзгертіп отыру.

Ж. Аймауытовтың қай көзқарасы болсын осы күнгі тіл үйрету жүйесімен толық сәйкес келеді. Ғалым тілді оқыту жалаң білімге үйрету емес, ол тірі адамның жан дүниесін тану, оны түсіну деп біледі:

«Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді» (Аймауытов, 1924:5-6).

Ж. Аймауытовтың оқыту мәселесіне қатысты пайдалы пікірлері әр түрлі салаларды қамтиды. Біз қазақ тілінің методологиялық, үйрету әдістемелеріне байланысты кейбір тұжырымдарына ғана қысқаша тоқталдық.

Міржақып Дулатов– қазақ тілінің сауаттылығы, дамуы үшін күрескен, оқу-ағарту мәселелерін жоғары қойған ұлттық тілдің жанашыры, қамқоры. Ол, әсіресе, қазақ мектебіндегі оқу ерекшеліктеріне, тілді оқыту үлгілеріне, жазу ережелері мен оларды қолдану заңдылықтарына аса мән берген.

М. Дулатов жаңаша жазу үлгілеріне қатысты мақалалар жазған, өз пікірін ұсынған. Автордың А. Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» кітабы туралы айтқан ойлары оның тілдің жанашыры ғана емес, білімді педагог, көреген мұғалім екендігін де аңғартады.

М. Дулатовтың қазақ тіліне арнап жазған оқу құралдары мен мақалаларының арасынан мыналарды атап өтуге болады:

«Кім оқытады?» («Еңбекші қазақ», 1923,27-февр.); «Газет тілі онды болсын» («Еңбекші қазақ», 1927, 26-фев.); «Мектеп-медреселер мәселесі», Қаз., 1913., «Оқшау сөз», («Қазақ», 1916, 18-янв.); «Үлгілі іс» («Қазақ”, 1914, 9-июль); «Читаю-писаю» («Қазақ», 1916, 18-янв); «Жаңа жазу ережелері» Қазақстан, 1923.

Мағжан Жұмабаев– балаларды оқыту проблемаларын жиі көтерген, осы мәселелерге арнап оқулықтар, зерттеу еңбектер, мақалалар жазған көрнекті қазақ қайраткерлерінің бірі. Оның «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз»(Жұмабаев, 1921) атты мақаласы мектептер мен оқу құралдары қандай болу керек деген сауалға жауап іздейді. Автор оқыту ісіне байланысты кедергілердің түрлерін атап айта келіп, болашақ ұрпақтың оқыту мәселесіне ерекше ден қою керек екендігін баса айтады. Оның нақты жолдарын көрсетеді.

М. Жұмабаев: «Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»,- дейді (Жұмабаев, 1923).

М. Жұмабаев «Бастауыш мектепте ана тілі»(Жұмабаев, 1923) кітабында бастауыш кластардағы ана тілін оқыту мәселелерін, осыған байланысты әдістемелерді сөз етеді. Автордың басты пікірі мына ойды білдіреді: бастауыш мектеп хат таныту мектебі ғана емес, ол бүкіл болашақта адам меңгеруге тиісті білімнің негізі және ұлттық ана тілінің базасы болу керек дегенге саяды.

М. Жұмабаев еңбектерінде қарастырылатын тілдік және әдістемелік мәселелер мынадай:

1. Мектеп пен тұрмыстағы құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыста бола келіп, баланың сөйлеу тіліне әсер етуі.

2. Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту проблемалары.

3. Тіл дамыту мәселелері.

4. Комплекстік оқыту әдісі мен оның ерекшеліктері.

5. Көрнекті материалдармен жұмыс істей білу.

6. Бақылау және емле бойынша жұмыстар жүргізу.

7. Ана тілін оқытуда негіз болатын қағидалар.

8. Жазба тілді жан-жақты меңгеру.

Жалпы, М. Жұмабаевтың тіл дамыту, сөйлеу, ауызекі тіл, жазба тіл т.б. жөнінде ұсынған жұмыс түрлері, жаттығу ерекшеліктері, бағыт-бағдарлары мен әдіс-тәсілдері – жеке-жеке талдауды қажет ететін жан-жақты мәселелер.

Қазақ тілінің материалдарын қарастыратын М. Жұмабаевтың оқулықтары мен мақалалары мыналар: «Ана тілі: Бастауыш мектепте». – Ташкент, 1923; «Қызыл әскер әліппесі», 1924., «Сауатты бол». – М., 1928, 1929, 1930 ж. (бірнеше басылым); «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» («Бостандық туы» газеті, 1921, ноябрь); «Қазақстандағы оқу жұмысының құрылысы» («Еңбекші қазақ», 1929, 12-дек.).

М. Жұмабаевтың педагогика саласына қатысты еңбектері, онда қолданылған ұлттық атаулар мен термин сөздер – өз алдына сөз етуді қажет ететін маңызы зор мәселелер (Жұмабаев 1923).

Телжан Шонанов– ғылым-білім, оқу-ағарту, әдебиет пен тіл салаларында құнарлы еңбек еткен талантты жан.

Телжан Шонанов 1915 жылы ұстаз болып қызмет істейді. Кейін 1922-1937 ж. аралығында көптеген зерттеу еңбектерін жазды.

Т. Шонановтың жазған кітаптары, оқулықтары мектептегі білім беру жүйесіне, әдістемелерге, тіл мәселелеріне арналған.

Т. Шонанов әр салада көптеген еңбектер жаза келіп, тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, педагог, тарихшы, аудармашы ретінде көрнекті орын алады. Ол баланың сауатын ана тілінде ашуға ерекше көңіл бөлуді талап ете отырып, тілді үйрену алғашқы балалық кезде тиімді екенін дәлелдейді.

Ғалым білімге, оқу-ағарту ісіне ден қоя келіп, ілім тек балалар үшін ғана емес, ересектерге де қажеттігін ескертеді.

Сондықтан бастауыш мектеп оқушыларына арнап «Әліппе», (Алматы, «Қазақстан» басп., 1935), «Жаңа арна» (Қызыл-Орда, 1931, «Жаңалық») (Қызыл-Орда, 1936) кітаптарын жазса, ересек адамдарға арнап «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы» (Қызыл-Орда, 1930), «Қазақ тілінің оқу құралы» (Алматы, 1933), «Учебник казахского языка для взрослых» (Қызыл-Орда, Казиздат, 1936) тәрізді оқу құралдарын шығарды.

Осы еңбектерінің әрқайсысы оқу жүйесінің сапалы болуын қадағалай келіп, арнайы мақсаттарды көздейді. Мәселен, «Әліппе» бастауыш мектепке арналған оқулық болса, «Жаңа арна»– білім табалдырығын тұңғыш аттағысы келген балаға бағытталған алғашқы кездегі оқу құралы, «Жаңалық»– колхоз мектептері үшін жазылған әліппе т.б. Автор балалардың қабілетін, жасын ескеріп, шағын әңгімелерді, мақал сөздерді, қызықты аңыздарды саралап береді.

Ғалым-тілшінің еңбектерінің ішінде басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді көздеген кітаптары, оқу құралдары ерекше орын алады. Мұның өзі оның, біріншіден, ізденімпаз зерттеуші ғалым екенін танытса, екіншіден, ұлттық ана тілінің мерейін ойлаған көреген екенін аңғартады. Бұл салаға қатысты жарияланған Т. Шонановтың еңбектері төмендегідей: «Орыстар үшін қазақша әліппе» (Қызыл-Орда, 1934), «Самоучителькиргизского языка для русских» (Қызыл-Орда, 1930), «Учебник казахского языка для взрослых» (Қызыл-Орда, 1936).

Оқу құралдарының көпшілігі сол кездегі уақыт талабына сай бірнеше рет басылып шыққан. Мысалы, «Учебник казахского языка для русской школы» бес рет басылым көрген. Оқулық төрт бөлімнен құралған. Оның ерекшелігі: сол отызыншы жылдардың өзінде автор басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін ең маңыздысы – сөйлеу тілін үйрету екенін дұрыс түсінген. Сол себепті оқулықтың алғашқы үш бөлімінде әр түрлі тақырыптағы әңгімелерге, текстерге көп орын берілген. Грамматикалық материалдар соларға жетекші ретінде сұрыпталып, шағындап қосылған. Автордың үшінші бөлімінде етістіктердің жіктелуі мен есім сөздердің септелуіне мән беруі де тегін емес, өйткені қазақша сөйлеудің бірден бір кілті – етістіктердің жіктелу заңдылықтарын меңгеру екені көпшілікке аян.

Сол сияқты ғалымның алғашқы бөлімді «Кіріспе курс» деп атап, онда сөйлеуге үйретудің алғышарттарын белгілеуі де оның білгір тілші екенін көрсетеді.

Т. Шонанов сөйлеуге үйретуді мақсат ете отырып, оқу мен жазуға да айрықша назар аударады.

Еңбектің төртінші бөлімінде сөздіктің берілуі тіл үйренушінің лексикалық қорын автордың маңызды орынға қойғандығын дәлелдейді.

Қазақ тілінің әдістеме саласына айрықша көп еңбек сіңірген ғалымдардың көрнектісі – Ш.Х. Сарыбаев.

Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты еңбектерін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесі.

2. Қазақ тілін қазақ мектебінде оқыту мәселесі.

3. Фонетиканы оқыту мәселесі.


4. Орфография және оның принциптерін оқыту мәселесі.

5. Етістіктің грамматикалық категорияларын оқыту мәселесі.

6. Сөз таптарын оқыту мәселесі.

Қазақ тілін орыс мектебінде оқыту проблемасын Ш. Х. Сарыбаев 1933 ж. бастап, арнайы қарастырып, 1943 ж. «Методика преподавания казахского языка в русской школе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Жиырмасыншы жылдардан бастап әр түрлі деңгейде сөз болып келе жатқан бұл мәселе сол уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу объектісі болған жоқ еді.

Ғалым-тілші орыс мектебінде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізін салып қана қоймай, оқытудың практикалық мәніне де назар аударды. Сол себепті өзінің сабақ оқытудағы іс-тәжірибесін бөлісе отырып, 1941 ж. «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен» деген еңбегін жазды.

Әдіскер ғалымның бұл сала бойынша ұсынған құнды пікірлері баршылық:

1. Сөйлеуге үйрету грамматиканы меңгерумен тығыз бірлікте жүргізілуі керек.

2. Автордың пікірінше, тілді оқытуда маңызды орын алатын мәселе – сөз. Сондықтан сөз нақтылы атаулардан басталып, тіркес, сөйлем құрамында алынуы қажет. Сөздің мағынасы түсінікті және есте жақсы сақталатындай болғаны жөн.

3. Оқушыға үйретілетін сөздер дұрыс сұрыпталған соң, басты көңіл бөлетін мәселе – сөздік қор. Тіл үйренушінің сөздік қоры үнемі жетіліп отыруы керек және жаттандылықтан алыс болуы қажет. Сөздік қор құр жаттанды сипат алмауы үшін нақтылы заттармен, өмірдегі құбылыстармен байланысты қолданылуы керек.

4. Тілді меңгерту оқушының есту, көру, сезіну, ойлау қабілеттерімен қатар жүргізілуі керек.

Ғалымның бұл пікірі оның жиған тәжірибесі мен білімінің молдығын дәлелдей келіп, тілді оқыту саласындағы көрегендігін көрсетеді. Қазіргі кезде методика ғылымында маңызды орын алған сөйлесім әрекеті мен оның түрлерінің жиынтығын және комплекстік әдістің ерекшеліктерін тілші сол кезде-ақ танып білген. Бұл – кез келген тілді игеру үшін қолданылып жүрген тиімді амалдардың бірі.

5. Оқытылатын тіл мен ана тілінің байланысын ескеру, олардың сәйкес материалдарын тауып, оларды тілді үйрету үшін жан-жақты пайдалану т.б.

Ш.Х. Сарыбаевтың қазақ тілін орыс мектебінде оқыту мәселесіне арналған пікірлерін арнайы сөз еттік. Ғалым-тілшінің одан басқа да әдістеме ғылымына сіңірген еңбегі көп (Сарыбаев, 1936; Сарыбаев, 1956а; Сарыбаев, 1956б).

Қазақ тілі методика мәселелерін зерттеп, оған қатысты еңбек жазған тілші – С. Жиенбаев.

С. Жиенбаевтың 1941 ж. шыққан «Қазақ тілі методикасы» атты кітабы қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты жарияланған тұңғыш зерттеулердің қатарына жатады.

Әдіскер-тілші қазақ тілінің әр түрлі мәселелерін қарастыра отырып, орыс мектебінде қазақ тілін оқыту мәселесіне, оның ішінде: тіл дамыту, сөйлеуге үйрету, арнайы тақырыппен жұмыс, сабақ беру әдісі сияқты мәселелерді сөз еткен.

Қазақ тілі әдістемесіне арналған бірнеше методикалық кітаптардың авторлары: Ғ. Бегалиев, И. Ұйықбаев.

Қазақ тілін оқыту методикасының бағдарламасы мен оқулықтарын алғаш жазған авторлардың қатарына Д. Әлімжанов пен Ы. Маманов жатады.

Д. Әлімжановтың «Қазақ тілін оқыту методикасының программасы» жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ тілі әдістемесінен теориялық білім бере келіп, орта мектепте қазақ тілі сабағын өткізу әдістерін, сабақтың мазмұны мен жүйесін меңгертуді мақсат етеді. Сонымен қатар қазақ тілінің әр саласын жеке оқыту әдістерімен бірге кластан тыс жүргізілетін жұмыстар мен практикалық жұмыстарды да қамтиды.

Д. Әлімжановтың қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған оқу құралы (Әлімжанов, Маманов, 1965) орта мектепте қазақ тілін оқытудың жалпы мәселелерін, қазақ тілін оқыту методикасының принциптері мен қазақ тілін оқыту методтарын қарастырады.

Ы. Маманов – қазақ тілі методикасы мәселелерімен бірге орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесін де қарастырған ғалым. Тілшінің бұл салаға қатысты оқушының тіл дамыту, сөз байлығын сөз ететін бірқатар еңбектері бар.

Қорыта келгенде, тілдік қатынас құбылысы ең алдымен тілді оқыту және үйрету, негізінен, тіл білімінің әдістеме саласымен ұштасып жатады.

Қандай болмасын тілді терең меңгерту үшін оқытудың тиімді әдістерін, ұтымды тәсілдерін білу қажет. Бұл проблемалардың барлығы сол ғылымның әдістемесіне қатысты қарастырылады.

Қазақ тілінің әдістемесіне қатысты барлық еңбектерге талдау жасау біздің алдымызға қойған мақсатымыз емес. Дегенмен, қазақ тіліндегі тілдік қатынас, оның ішінде қазақ тілін оқыту мәселесі сөз болып отырғандықтан, әдістемеге қатысты басты-басты еңбектерді сала-салаға бөліп, шолу жасауды жөн көрдік.

Осы тұрғыдан келгенде, арнайы зерттеліп, ең көп қарастырылған – қазақ тілі синтаксисін оқыту, фонетиканы және орфографияны оқыту мәселелері.

Қазақ тілін оқыту мәселесіне байланысты баспадан шыққан еңбектерді қарастырғанда, олардың көбінесе мынадай салаларды қамтитындығын аңғаруға болады:

I.Фонетиканы оқыту.

1. Дыбыстарды оқыту.

2. Орфографияны оқыту.

II. Лексиканы оқыту.

1.Тіл мәдениетін оқыту.

2. Стилистиканы оқыту.

III. Морфологияны оқыту.

1.Сөз таптарын оқыту.

IV. Синтаксисті оқыту.

1. Жай сөйлемдерді оқыту.

2. Құрмалас сөйлемдерді оқыту.

Қазақ тілі синтаксисінің әдістемесі екі сала бойынша: жай сөйлем синтаксисін оқыту және құрмалас сөйлем синтаксисін оқыту болып бөлініп, 30-жылдардан бастап зерттелуде.

Қазақ синтаксисінің оқулығы (мектеп оқулығы) алғаш рет 1939 ж. С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шығып (Аманжолов, Сауранбаев, 1939) содан бері қазақ тілі синтаксисі және оны оқыту мәселелері бірде мақалаларда, бірде кітапшаларда, енді бірде арнайы еңбектерде қарастырылып келеді. Солардың арасынан жай сөйлем синтаксисі әдістемесінің зерттелу тарихынан хабар беретін бірнеше басты-басты еңбектерді көрсете кетейік.

Жай сөйлем синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері. – Алматы, 1957 ж. Ә.Хасанов. Пунктуацияны оқыту жолдары, – Алматы, 1957 ж. Ә. Ермеков. Грамматикалық талдау. – Алматы, 1958 ж. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері. – Алматы, 1957-1959. Е. Көшербаев. Қазақ тілі сабақтарындағы қайталау. – Алматы, 1961. Д. Әлімжанов, Ы. Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы, 1965. Х. Арғынов. Жай сөйлем синтаксисінің көрнекі құралы. Алматы, 1961. Х. Арғынов. Жай сөйлем синтаксисінің методикасы. Алматы, Мектеп, 1967.

Осы салаға байланысты көптеген еңбектерде жай сөйлемді оқытуға байланысты грамматикалық талдау үлгілері, көрнекі құралды дұрыс қолдану, синтаксистік тұлғаларға мән беру, тыныс белгілерді оқыту, сөйлем мүшелерін жете меңгерту, жеке категорияларды оқытудағы қайталаудың алатын орны т.б. мәселелер мұғалімдердің іс-тәжірибесі арқылы баяндалады.

Бірақ бұл еңбектердің көпшілігі, біріншіден, оқытушылардың тек сабақ барысындағы күнделікті практикасына сүйеніп жазылғандықтан және оқыту мәселесіне қатысты алғашқы баспалдақ болғандықтан, жай сөйлем синтаксисін оқытудың басты қағидаларын толық ажыратып, жіктеп бере алмады.

Екіншіден, әр автор синтаксистің кез келген саласын жеке-дара қарастырды, сондықтан оқыту әдістемесіне сай жүйелілік болмады.

Үшіншіден, қарастырып отырған жай сөйлемді оқытудың мәселелері әдістемелік тұрғыдан емес, лингвистикалық тұрғыдан сөз болды.

Төртіншіден, сөз болып отырған мәселелер шашыраңқы болғандықтан, оқытуға қажетті негізгі әдіс-тәсілдер айқын аңғарылмады.

Осы уақытқа дейінгі оқыту мәселесіне байланысты жарияланған үлкенді-кішілі еңбектер мен ірі монографиялар бастауыш кластар мен орта мектептерге арналған қазақ тілі мен әдебиетінің әдістемесін сөз етіп келді. Ал жоғары оқу орындарына арналған қазақ тілін оқыту, әсіресе мемлекеттік тіл тәрбиесіне сай деңгейде жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы меңгерту, үйретуге қатысты жазылған арнайы зерттеулер аз болды.

Дегенмен, қалай болғанда да, бұл еңбектер жай сөйлем синтаксисін оқыту барысында мұғалімдерге көмекші құрал болып, осы салада жаңа көзқарастардың қалыптасуына себін тигізді; зерттеуді неден, қалай бастау керектігіне бағыт сілтеді; жол ашты, жалпы осы мәселенің өзекті жақтарын табуға көмектесті.

Сол сияқты құрмалас сөйлемді оқыту мәселесі де 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басынан бастап қолға алына бастады. Құрмалас сөйлемдерді оқытуға қатысты біршама еңбектер жарық көрді: Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту тәжірибелерінен. – Алматы. 1957. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері. – Алматы. 1959, 1961. Ә. Хасанов. Синтаксис пен пунктуацияны оқыту жолдары. – Алматы. 1957. М. Мырзатаева. Құрмалас сөйлемді оқыту тәжірибемізден. – Алматы. 1957. Х. Арғынов. Құрмалас сөйлем синтаксисінің методикасы. – Алматы, Мектеп, 1964. Х. Арғынов. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. – Алматы. 1969. С. Қазыбаев. Сабақтас құрмалас сөйлемдерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері. – Алматы, 1969. Б.Құлмағамбетова. Құрмалас сөйлемді оқытудың кейбір мәселелері. – Алматы. 1963. Қазақ тілі сабақтас құрмалас сөйлемдерін оқытудың тиімді әдістері. – Алматы. 1971. О. Байқуатова. Бастауыш мектепте синтаксис материалдарын оқыту. – Алматы. 1977. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері. Методикалық жинақ. – Алматы, Мектеп, 1982.

Бұларда негізінен, құрмалас сөйлемнің түрлерін ажырату, оларды оқытудың тиімді жолдары, пунктуация, тыныс белгілерін оқыту, схема, таблицаны қолдану, құрмаластың жай сөйлемнен айырмашылығын түсіндірудің әдістері, өз бетімен жұмыс істеу тәсілдері т.б. мәселелер қарастырылды.

Жалпы құрмалас сөйлем синтаксисін оқытуға байланысты пікір қосқан тілшілер, мұғалімдер, ғалымдар қатарына Х.Басымов, С.Жиенбаев, Х.Арғынов, Б.Құлмағамбетова, Қ.Әубәкіров т.б. жатады.

Бұл мәселе төңірегінде қаншама еңбектер шығып жатқанымен, олар құрмалас сөйлемді оқытудың кейбір мәселелерін ғана қамтыды. Сондықтан синтаксисті оқытуды жан-жақты зерттеу – алдағы тұрған басты міндеттердің бірі. Өйткені синтаксис – ең бастысы адам ойын толық жеткізуге мүмкіндік беретін сөйлем туралы ғылым. Сөйлем – синтаксистің ең күрделі единицасы бола келіп, адамдардың бір-бірін түсінуге, тілдік қатынастың толық жүзеге асуына мүмкіндік береді. Ол – коммуникативтік процестің ең басты құралы және алғышарты. Тілдік қатынастың қамтамасыз ететін қатысымдық тұлғалардың ең маңыздысы – мәтін-сөйлемнің негізінде құрастырылатын тұтас бірлік.

Қазақ тілі синтаксисі методикасының зерттелуіне елеулі үлес қосқан методист ғалым – Х. Арғынов. Ол құрмалас сөйлемді оқыту мәселесіне арнап докторлық диссертация қорғады және «Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері» атты еңбегін жазды. Әдіскер-ғалым бұл кітапта өзіне дейінгі шыққан мақалалар мен әдістемелік оқулықтардың баршасына тоқтала келіп, соларда жіберілген басты-басты кемшіліктерді толықтыруға тырысқан.

Автор алдымен әдістемелік зерттеуге қатысты сол сабақтан (пәннен) берілетін білім көлемі мен оқытудың жүйесін, мазмұнын анықтап алып, содан соң оқыту әдістерін, сабақтың жүргізілу ерекшеліктерін, синтаксистен берілетін теориялық білім мен практикалық дағдыны игерудің методикасын саралап көрсетеді. Х. Арғыновтың аталмыш еңбегі, оның тараулары, тақырыптық атаулары мен өзінен кейінгі баспа бетінен шыққан бірқатар еңбектерге арқау болып, зерттеу объектілерін анықтау мен нақтылауда үлгі ретінде танылды.

Қазақ тіл білімінде «коммуникатив» терминін қолданбағанымен, кейбір тілшілер, оны бірде негізгі, бірде қосалқы мәселе түрінде сөз етіп отырды. Мысалы, Х. Арғынов оқушыларға жай сөйлем синтаксисінен теориялық және практикалық дағды берудің методикасын қарастыру барысында ең алдымен кіріспе сабаққа ерекше мән береді де, бірінші сабақтың жүйелі, ынталы, түсінікті болуын қалайды: «Оқушыларға қазақ тілінің белгілі бір саласынан жүйелі терең білім беру үшін, алдымен тілдің сол саласы жайында бас-аяғы жинақталған қысқаша түсінік берудің мәні зор. Себебі, ...біріншіден, оқушылар оқытылайын деп отырған курстың мақсаты мен мәнін саналы ұғады; екіншіден, ...өтілетін оқу материалдарын білуге олардың ықыласы мен ынтасы артады» (Арғынов, 1969: 8),- дей келіп, автор оқушы мен оқытушы арасында материалға қатысты ең бастысы тығыз қарым-қатынас орнауын, өзара түсіністік болуын тілейді. Тілдік коммуникацияның басты шартының өзі осы.

Сонымен қатар автор «қазақ тілінде өз ойын дұрыс айтып, я жазып бергісі келген адамға қазақ тілі синтаксисін білу – ең негізгі, ең басты шарт» (Арғынов, 1969: 10),- деп атап көрсете келіп, өзара түсінудің басы ойды дұрыс жеткізе білуден басталатындығын атап өтеді.

Х. Арғыновтың 1964 ж. «Құрмалас сөйлем синтаксисінің методикасы», 1967ж. «Жай сөйлем синтаксисінің методикасы», 1960ж. «Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері» атты еңбектері жарық көрді.

Фонетиканы оқыту мәселесіне байланысты Ш. Х. Сарыбаевтың 1956 ж. Алматы қаласында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасынан шыққан «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» кітабын, сол сияқты орфография мен сөз таптарына қатысты 1959 ж. шыққан «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» атты еңбегін айтуға тиіспіз.

Ш.Х. Сарыбаевтың екі бөлімнен тұратын бұл еңбегі дыбыстау мүшелерін, дыбыстарды, дауысты және дауыссыздарды, дыбыстардың классификациясын (жіктелуін) оқыту жолдарына, сондай-ақ орфографиялық принциптерге, осы принциппен жазылған сөздердің емлесін үйретуге, емле түрлеріне, кейбір емлелік тақырыптарды үйретудің әдістемесіне, буын мен тасымалдың жазылуына; сондай-ақ бақылау диктантының мәтініне қатысты пікір айтып, талдау жасайды.

Ш.Х. Сарыбаев «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» атты еңбектерінде (I бөлім және II бөлім) фонетикаға, морфологияға (соның ішінде етістік), орфографияға қатысты оқыту мәселелерін сөз ете отырып, сөйлеу тіліне ерекше мән береді. Жалпы пәнді және тақырыпты терең үйретудің, тез меңгерудің бірден-бір жолы ұстаздың сөйлеу тіліне, ауызша айта білу, түсіндіре білу ерекшелігіне ден қою деп ойлайды. Мысалы: «...кітаптардың сөздерін мұғалім алдымен сөйлеу тілімен түсіндіру керек. ...сөйлеу тіліміз кітаптағы пікірге ұғуға қарсы болу үшін айтылмай, қайта сол жазудағы пікірді ұғуға жеңілдік келтіру үшін керек болып шығады. Басқаша айтқанда, осындай әдістің өзі жеңілден ауырға қарай оқу керек деген ережеміздің бір түрі болып табылады (Сарыбаев, 1956б: 5).

Демек, қатысымдық мәселелер қай кезде де оқыту саласымен қатар сөз болып келеді. Оның сөйлеу тілі сияқты басты жақтары ертеден қалыптасқан, ол – уақыт өткен сайын жүйеге түсе беретін тілдік қарым-қатынастағы қажетті салалардың бірі.

Морфологияға қатысты, оның ішінде сөз таптарын оқыту әдістемесін сөз еткен – Ш.Х. Сарыбаев. Қадап айтқанда тілші-ғалым етістіктерді, оның басты категорияларын оқыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, зат есімді, сын есімді, сан есімді, үстеуді, шылауды оқытуды 50-жылдардың ішінде зерттеп, нақты пікір білдірді.

Дыбыстар мен олардың ерекшеліктерін оқыту тіл ғылымында маңызды мәселелердің қатарынан орын алатыны анық. Әсіресе, бұл ғылымның ішінде бастауыш мектепте фонетиканы оқыту мәселесіне байланысты қазақ тіл білімінде көптеген еңбектер жарық көрді: Ғ. Бегалиев. Бастауыш мектептегі қазақ тілі методикасы. – Алматы, 1940. Ә. Садуақасов. Қазақ тілінен методикалық құрал. 2-кл. – Алматы, 1941. Р. Әміров. 1-класта қазақ тілін оқыту. – Алматы, 1962. Д. Әлімжанов, Ы. Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы. –Алматы, 1965. И. Ұйықбаев, Д. Әлімжанов, Б. Кәтембаева, А. Ошқаров. Қазақ тілі методикасының мәселелері. – Алматы, 1969.

Біз тек солардың арасынан тілдік қарым-қатынас пен қатысымдық құбылысқа не тікелей, не жанамалай әсер еткен еңбектерге ғана азды-көпті тоқталдық. (Оразбаева және т.б., 2020)

Қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты орфографияны оқытудың дидактикалық принциптері мен әдістері туралы тіл дамыту жұмыстары жөнінде, дағдыны қалыптастырудың лингвистикалық, әдістемелік жолдары туралы филолог-тілші, ғалым Қ. Жолымбетов жазды (1974).

Қорытынды. Сонымен, қазақ тілін оқыту әдістемесінің жеке сала ретінде қалыптасу тарихы он тоғызыншы- жиырмасыншы ғасырларды қамти келіп, тіл білімінің негізгі салаларын сапалы меңгертудің басты-басты мәселелерін анықтауға ықпал етті. Ол тілдің ғылыми-теориялық қағидаларына негізделген әдіс-тәсілдердің қалыптасуына, дамуына, қазіргі технологиялардың іске қосылуына игі әсер етті.

Айтылған ой-пікірлер мен тұжырымдардан оқулық сапасына қатысты мынадай түйінге келуге болады.

Оқулық бойынша қазақ тілін үйретудің ерекшелігі – берілген материалдарды басты бір қағидаға бағындыру және жұмысты ортақ тақырып төңірегіне топтастыру. Содан соң белгілі бір тақырып бойынша ойды түсінікті жеткізе білуге, үйретуге қатысты әдіс-тәсілдерді, амалдарды жеңілден күрделіге қарай жинақтап беру білім сапасын арттырады. Айталық қазақ тіл білімінің жекелеген салаларын оқыту әдістемесі қарқынды зерттеле түсті (Бақбергенова Р., 2020), (Рауандина, Бабажанова, 2020).

Сонымен қатар грамматикалық материал мен лексикалық тақырыптың қатар ұсынылып, орындалатын жұмыстардың осы тақырыпты меңгеруге қызмет етуі жақсы нәтиже береді. Оқыту барысында әр сабақтың мақсат-міндеті анықталып, назар аударуға тиісті заңдылықтар бөлініп берілсе, ол оқушының жадында тез сақталады (Оразбаева, 2020).

Оқулықта жаттығу жұмыстары мол және түрліше мақсаттарды көздегені дұрыс. Грамматикалық материал мен лексикалық тақырыпты бекіту үшін орындалатын жаттығу мен тапсырмалардың арасында байланыс болып, соған қатысты грамматикалық жаттығулар беріліп, сабақ тақырыбының түрлі шығармашылық жұмыстар арқылы бекітілуі оң нәтижеге жеткізеді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші. – Орынбор: Қазмембас, 1924. – 288 б.

Аманжолов С., Сауранбаев Н. Қазақ тілінің грамматикасы. ІІ бөлім. Синтаксис. – Алматы, 1939. – 87 б.

Арғынов Х. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1969. – 294 б.

Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы, 1965. – 256 б.

Байтұрсынұлы А. Қай әдіс жақсы? // Жаңа мектеп, 1928. – №4. – 3-11 б.

Байтұрсынұлы А. Тіл жұмсар. – Қызылорда, 1928. – 46 бет.

Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

Бақбергенова Р. Қ. Сөзжасамдық ұяны диалогтік оқыту. «Образование в XXI веке». Сборник материалов III Международной научно-практической конференции (г. Москва, 28-29 февраля 2020 года). // Международный институт профессионального развития педагога; Иркутский государственный университет. / Под ред. О.М. Коломиец, М.Г. Голубчиковой, И.И.Капалыгиной, Р.К.Кыякбаевой, М.А.Мураталиевой. – М.: Издательский дом «Развитие образования», 2020. – 436 с. – 341-345-б.б.

Жиенбаев М., Бегалиев Ғ., Ұйықбаев И. Казахский язык. – Алма-ата: Мектеп, 1988. – 190 б.

Жұмабаев М. Ана тілі: бастауыш мектепте. – Ташкент, 1923. – 96 б.

Жұмабаев М. Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз. «Бостандық туы» газеті, 1921, ноябрь.

Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1993. – 112 б.

Оразбаева Ф.Ш. Актуальные проблемы педагогики и психологии: вызовы XXI века.» Сборник научных трудов. Выпуск 4. – Москва: Перспектива. –2020 г. 398 стр. – 224-231стр.

Оразбаева Ф.Ш. Дәулетбекова Ж.Т., Рауандина А.Қ. Сауаттылық кепілі – дыбыстар жүйесінің дұрыс қолданылуы. Абай ат. ҚазҰПУ. Хабаршы. Филология ғылымдары сериясы. – № 1(71), 2020. – 38-44 бб.

Рауандина А.Қ. Бабажанова Ж. Етістіктің шақтарын оқыту әдістері. «Хабаршы» «Филология ғылымдары».– №2 (72) 2020 ж. – 487-491 б.

Сарыбаев Ш. Күнделікті керектер. – Қызылорда: Қаз.бас., 1936. – 69 б.

Сарыбаев Ш. Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. I бөлім. – Алматы: ОПБ, 1956. – 112 б.

Сарыбаев Ш. Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. II бөлім. – Алматы: ОПБ, 1956. – 114 б.

References:

Aymaýytov J. Tárbıege jetekshi. – Orynbor: Qazmembas, 1924. – 288 b. [Fundamentals Education] Orynbor: Qazmembas, 1924. – 288 p. [in Kazakh]

Amanjolov S., Saýranbaev N. Qazaq tiliniń grammatıkasy. II bólim. Sıntaksıs. – Almaty, 1939. – 87 b. [Kazakh grammar] Part II. Sintaksis. – Almaty, 1939. – 87 p. [in Kazakh]

Arǵynov X. Qazaq tili sıntaksısi metodıkasynyń negizderi. – Almaty: Mektep, 1969. – 294 b. [Fundamentals of the methodology of the Kazakh language syntax] – Almaty: School, 1969. – 294 p. [in Kazakh]

Álimjanov D., Mamanov I. Qazaq tilin oqytý metodıkasy. – Almaty, 1965. – 256 b. [Methods of teaching the Kazakh language]. – Almaty, 1965. – 256 p. [in Kazakh]

Baytursynuly A. Qay ádis jaqsy? // Jańa mektep, 1928. – №4. – 3-11 b. [Which method is better?] New school, 1928, no. 4. – P. 3-11.[in Kazakh]

Baytursynuly A. Til jumsar. Qyzylorda, 1928. 46 bet. [Language training]. Kyzylorda, 1928. 46 p. [in Kazakh]

Baytursynuly A. Til taǵylymy. Almaty: Ana tili, 1992. – 448 b. [Language lessons]. – Almaty: Ana tili, 1992. –448 p. [in Kazakh]

Baqbergenova R. K. Dialogicheskoye obucheniye slovoobrazovaniyu. «OBRAZOVANIYe V XXI VEKE». Sbornik materialov III Mezhdunarodnoy nauchno-prakticheskoy konferentsii (Moskva, 28-29 fevralya 2020 g.) // Mezhdunarodnyy institut povysheniya kvalifikatsii uchiteley; Irkutskiy gosudarstvennyy universitet. / Pod red. O. M. Kolomiyets, M. G. Golubchikovoy, I.I. Kapalykinoy, R. K. Kiyakbayeva M.A. Murataliyeva. – M .: Izdatel'stvo «Razvitiye obrazovaniya», 2020. – 436 s. – 341-345-s.

Jıenbaev M., Begalıev Ğ., Uyıqbaev I. Kazahskıy yazık. – Alma-ata: Mektep, 1988. – 190 b. [Kazakh language]. – Alma-Ata: School, 1988. – 190 p.[in Russian]

Jumabaev M. Ana tili: bastaýısh mektepte. – Tashkent, 1923. – 96 b. [Native language: in elementary school]. – Tashkent, 1923. – 96 p. [in Kazakh]

Jumabaev M. Jazylashaq oqý quraldary hám mektebimiz. «Bostandyq tuy» gazeti, 1921, noyabr. [Summer textbooks and our school]. The Flag of Freedom newspaper, November 1921. [in Kazakh]

Jumabaev M. Pedagogika. – Almatı: Rauan, 1993. – 112 b. [Pedagogy]. – Almaty: Rauan, 1993. – 112 p. [in Kazakh]

Orazbaeva F.Ş. Aktýalnıe problemy pedagogıkıı psıhologıı: vyzovy XXI veka.» Sbornık naýchnyh trýdov. Vypýsk 4. – Moskva: Perspektiva. – 2020g. 398 str. 224-231str.

Orazbaeva F.Sh. Dáýletbekova J.T., Raýandina A.Q. Saýattylyq kepili – dybystar jüiesiniñ durys qoldanylýy. Abay at. QazUPW. Habarshy. Filologiia ğylymdary seriyasy. No1(71), 2020. – 38-44 bb.

Raýandina A.Q. Babajanova J. Etistiktiñ şaqtarın oqıtýádisteri. "Habarshy" «Filologiia ğylymdary» №2(72) 2020 j. 487-491 b.

Sarybaev Sh. Kundelikti kerekter. – Qızılorda: Qaz.bas., 1936. – 69 b. [Daily Needs]. - Kyzylorda: Kaz.bass., 1936. – 69 p. [in Kazakh]

Sarybaev Sh. Qazaq tili metodıkasynyń keıbir máseleleri. I bólim. – Almaty: OPB, 1956. – 112 b. [Some problems of the Kazakh language methodology]. Part I. – Almaty: OPB, 1956. – 112 p. [in Kazakh]

Sarıbaev Ş. Qazaq tili metodıkasynyń keıbir máseleleri. II bólim. – Almaty: OPB, 1956. – 114 b. [Some problems of the Kazakh language methodology]. Part II. – Almaty: OPB, 1956. – 114 p. [in Kazakh]

МРНТИ 16.01.45

ИСТОРИЯ МЕТОДИКИ ПРЕПОДАВАНИЯ КАЗАХСКОГО ЯЗЫКА

Ф.Ш.Оразбаева¹

¹Доктор педагогических наук, профессор,член-корреспондент НАН РК.

Казахский национальный педагогический университет имени Абая

Алматы, Казахстан.

Аннотация.В статье анализируется история методики преподавания казахского языка. В процессе обучения языку в зависимости от содержания базовых знаний предмета особое вниманиеуделяется созерцательным способностям ученика, мировоззренческому характеру содержания образования, развитию интеллектуальных качеств личности, эффективным методам и приемам овладения предметом. При этом содержание и структура материала, представленного в учебнике, направлены на осваивание учеником творческих и связанных с реальной жизнью способностей.

С этой точки зрения, основа обучения казахскому языку начиная с девятнадцатого века была широко освещена просветителями в общественно-социальных изданиях.

В двадцатом веке интеллигенция нации и известные ученые углубленно изучили проблему языка и определили основные формы обучения языкам. Опубликованные учебники, труды по методике казахского языка охватили все сферы языкознания, способствовали теоретическому и практическому расширению науки казахского языка.

Современное казахское языкознание является многопрофильным и разнонаправленным. Новые поиски, вызванные временем, продолжают раскрывать  новые направления в методике. Корни этих взаимосвязей берут начало с ранних работ ученых-лингвистов.

Как казахский язык, так и казахская наука о языке сейчас охватывают разнообразные запросы, открывая горизонты научных исследований, формирующих общественную среду и эпоху. Как запрос, так и исследование нуждаются в изучении взглядов на сам процесс обучения языка.В статье рассматриваются труды и концептуальные размышления выдающихся ученых-лингвистов, связанные с преподаванием отраслей казахского языкознания. Наша задача сегодня, изучая актуальные проблемы национального языка на стыке начала и середины прошлого века, развивать методику обучения новых языковых направлений.

Ключевые слова: языкознание, история, методика, методология, сферы языкознания, корень, фонема, морфема, обучение, выдающийся лингвист, ученый, учебник, учебно-методическое пособие.

IRSTI 16.01.45

HISTORY OF THE KAZAKH LANGUAGE TEACHING METHODOLOGY

F.Sh.Orazbaeva¹

¹Doctor of Pedagogical Sciences, Corresponding Member

of the NAS RK 

Abai Kazakh National Pedagogical University. Almaty, Kazakhstan.

Annotation. In the process of language learning, depending on the content of the basic knowledge of the subject, special attention is paid to the contemplative abilities of the student, the ideological nature of the content of education, the development of the intellectual qualities of the individual, effective methods and techniques of mastering the subject. At the same time, the content and structure of the textbook material are aimed at mastering the student's creative and real-life abilities.

Therefore, the basis of teaching the Kazakh language since the nineteenth century has been widely covered by educators in public and social publications.

In the twentieth century the intelligentsia of the nation and famous scientists studied the problem of language in depth and identified the main forms of teaching languages. Published textbooks, papers on the methodology of the Kazakh language covered all spheres of linguistics, contributed to the theoretical and practical expansion of the science of the Kazakh language.

Modern Kazakh linguistics is multidisciplinary and multidirectional. New searches caused by time continue to reveal new directions in methodology. The roots of these relationships go back to the early work of linguists.

Both the Kazakh language and the Kazakh language science now cover a variety of requests, by opening the horizons of scientific research that form the social environment and the era. Inquiry and research need to explore the views on the language learning process itself. The article examines the works and conceptual reflections of prominent scientists-linguists related to teaching the branches of Kazakh linguistics. Our task today is to develop a methodology for teaching new language directions with the help of studying the topical problems of the national language at the junction of the beginning and the middle of the last century.

Keywords: linguistics, history, methodology, spheres of linguistics, root, phoneme, morpheme, teaching, outstanding linguist, scientist, textbook, teaching aid.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 6488

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ХІХ-ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары К ИСТОРИИ ОСВОЕНИЯ ЦЕЛИННЫХ И ЗАЛЕЖНЫХ ЗЕМЕЛЬ В КАЗАХСТАНЕ: ПРОБЛЕМЫ И ПОДХОДЫ ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ ӘОЖ 94(574); 930:37.016 К. НҰРПЕЙІСҰЛЫ - ПЕДАГОГ - ҒАЛЫМ (К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша) 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ Ш ҒТАМР 03.20 ҚАЗАҚ - ЖАПОН ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҒЫ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ