Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ

Н.Қ. КАТТАБЕКОВА, Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, т.ғ.к.

ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: медивистика., методология, казақтар, тарих, татарлар, Түркі халықтары
Author:
Мақалада татар халқының ХІХ ғасырдағы көрнекті тарихшы-ғалымы және ағартушысы Шигабутдин Маржанидің өмір жолы және оның түркі халықтары тарихын зерттеуге қосқан үлесі қарастырылады. Мақала орыс, татар жіне қазақ тілінде жарық көрген еңбектердің міліметтері негізнде жазылды. Сонымен қатар дерек көзі ретінде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатындағы қор құжаттары пайдаланылды.
Text:

Тарихтың мәні мен міндеті мәселелерін зерттеген неміс халқының көрнекті философы, экзистенциализмнің бірегей өкілі Карл Ясперс адамзат тарихының басым бөлігі жадымызда сақталмағанын, оны тек зерттеушілердің ізденістері ғана белгілі дәрежеде қалпына келтіре алатындығын атап көрсеткен-ді [1, с. 28]. Дегенмен, тарихты түрліше ұғынуға немесе әрқилы түсіндіруге болатыны белгілі. Бұл мәселеге өткен дәуірлерде  қоғамдық үдердісті зерттеушілер назар аударды, сөйтіп, тарихи танымның ерекшелігін арнайы  түрде қарастырумен айналысатын тарих философиясы пәнінің қалыптасып, дамуына серпін берді [2, с.3]. Мұндай зерттеушілердің қатарында  ағартушы-ғалым, діни қайраткер, өз соңында мол ғылыми мұра қалдырған тарихшы Шигабутдин (Шихаб  ад-Дин) Маржани (1818-1889)  есімін де ерекше атауға болады. Татар халқынан шыққан осы ғұламаға кезінде  қазақтың әйгілі ғалымы А. Машанов (Машани) өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде былайша жоғары баға берген еді: «Маржани татар халқының, сонымен байланысты бұлғар халқының, қала берді барлық Орта Азия мен Қазақстан халқының тарихына негіз қалаған адам» [3, 83-б.].   

Патшалық Ресейдің империядағы түркі-мұсылман халықтары қоныстанған өңірлерде отарлық саясатын қарқынды түрде жүргізіп, жергілікті халықтардың ұлттық санасын тұмшалау, оларды орыстандыру, шоқындыру бағытындағы іс-шараларын жүзеге асырып жатқан кезде ғұмыр кешкен Ш. Маржани Бұхара қаласынағы «Мір араб» медресесінде білім алған еді [4, с.42]. Ол Бұқарада оқып жүрген кезінде араб, парсы тілдерін терең меңгеріп, Хусаин ибн Мұхаммед әл-Карғали және Низамутдин әл-Илхам секілді оқымыстылардың ықпалымен ортағасырлық араб, парсы тілдерінде жазылған тарихи шығармаларды оқуға ден қойған болатын. Бұқарадан оралғаннан кейін Қазандағы мешітте имам әрі сондағы татар мұғалімдерін даярлайтын оқу орнында оқытушы болып қызмет ете жүріп, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамының мүшесі ретінде оның жұмысына қызу атсалысып, дінтану, философия саласына, сондай-ақ тарихқа қатысты еңбектер жазуды қолға алып, мұсылмандық Шығыстың беглгілі ғылыми мектептерінің дәстүрін жалғастырып, 30 томнан астам еңбекті дүниеге әкелді. Олардың қатарында сол тұстағы Ресей империясының қол астында болған түркі-мұсылман халықтарының тарихына тікелей қатысы бар  араб тіліндегі «Вафият әл-аслаф вә тахият әл-ахлаф» (Өткен бабалар өмірінен және олардың ұрпақтарға сәлемі) және татар тіліндегі «Мөстәфадел-әхбар фи әхвали Казан вә Бұлгар» (Қазан және Бұлғар туралы пайдаланылған хабарар) атты еңбектерін зиялы қауым өкілдері зор қошеметпен қарсы алды [5, с.34-35]. Ш. Маржанидің еңбектерін жоғары бағалаушылардың қатарында қазақ зиялылары да болды.  Мәселен,  1915 жылы, яғни  Ш. Маржанидің 100 жылдық мерейтойының аталып өтуі әзірленіп жатқан шақта қазақтың белгілі қайраткері М. Сералин «Айқап» журналында «Маржани» деген атпен мақала жариялап, онда: «Бұл кісі мұсылман дүниясының басы айналып жатқанда дүнияға шығып, ол заманда жұрттың мұрнына исі де кірмеген тарих ғылымына көп зейін жұмсаған, әр нәрсеге сақ көзімен назар салған, араб жұртына барып тұрмай, Русие мен Бұхарада жүрген кісі болса да араб тілін ең жүйрік шешендерінен кем білмеген бір жан еді! Жазған кітаптарының арасында «Назарат әл-хақ», «Вафият әл-аслаф», «Мөстафадел-әхбар» кітаптары ең машһүрлары еді» [6, 79-б],– деген еді.

Отарлық билік орындары бодандыққа түскен халықтардың бойында тәуелсіздікте болған кезі туралы жадтың түлеуіне, олардың өзін-өзі билеуінен айырылғанына өкінішпен қарауына жол бермеуді қатаң бақылауға алған тұста [7, 18-п.]  түркістандық зиялы қауым өкілдері арасында Түркістан тарихын жазудың қажеттігі жөнінде мәселе көтеріле бастаған еді [8, 178-179- б.]. Оған сол кезде Ш. Маржанидің тек татар халқының ғана емес, Орталық Азия халықтарының да өткен дәуірлердегі тарихына қатысты еңбектерінің жарық көруі өз әсерін тигізбей қоймаған-ды. Ш.Маржани өз еңбектерінде тарихи оқиғаларды баяндаумен ғана шектеліп қалмай, тарихтың қоғамда алатын орны мен рөліне жене оны зерттеу әдістеріне қатысты тың пікірлер білдірген еді. Бұл өз кезегінде түркі-мұсылман халықтары арасында өткен тарихқа деген құштарлықты, оны зерттеуге деген талпынысты арттыра түскен болатын.

Мұсылмандық Шығыстың ортағасырлық тарихшылары мен ойшылдарының шығармаларымен терең танысқан Ш. Маржани өзінің еңбектерін жазу барысында оларда тарихтың мәніне байланысты айтылатын ой-пікірлерге ерекше зер салып, мұндай пікірлерді өз тұжырымдарына тірек етіп алды. Оған ортағасырлық араб тарихшысы әрі энциклопедисті Таки ад-Дин әл-Маркизидің тарих ғылымына байланысты айтқан пікірі өз ықпалын тигізбей қалмаған-ды. Ол бұл жайлы былай деп жазған еді: «Тарих ғылымы – ең керемет ғылымның бірі. Оны ойлы, саналы адамдар тәрбиелілік маңызы зор, ізгілікті ғылым деп санайды. ... Заманының лайықты адамдары деп есептелгендердің тарихқа үңілуі, ұлы ойшылдардың тарихқа бас иіп, оған таңдануы бекер емес» [9, с.32].  

Ш. Маржани тарихты барлық ғылыми білімнің анасы, аса маңызды құдіретті ғылым деп бағалап, өз замандастарын оған құрметпен қарауға шақырды. Ол тарихтың  міндеті өскелең жас ұрпақты адамгершілікке баулу, оларды адамдар арасында болатын жаман қасиеттерден сақтандыру екенін  негіздеуге күш салып, жастарды тарихқа өмір мектебі ретінде қарауға үндеп, тарихты қараңғылықтан алып шығатын шыраққа теңеді. Тарихтың тәрбиелілік функциясына баса мән берген Ш. Маржани адамгершілік қасиеттерді арттыру, жетілдіру негізінде қоғамдық прогреске кең жол ашуда өткен дәуірлердегі  жағымды құбылыстар мен оқиғалардан ғана емес, жағымсыз жайттардан ла тағылым алу керектігін кеңінен насихаттады [10, с. 112]. Ш. Маржанидің  тарихқа деген мұндай көзқарасы бүгінгі таңда  тарихтың теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеп жүрген ресейлік ғалым Н.И. Басовскаяның «тарих бірінші кезекте, мәңгілік адамгершілік құндылықтарға жету жолындағы жетістіктер мен адасушылықтарды  аңғартуы тиіс» [11, с.9] деген пікірімен үйлесімділік табады.

Ғылыми білімді діни білімге қайшы келмейді, діни наным мен ғылым бейбітқатар өмір сүре алады, ғылыми білімді насихаттау арқылы қоғамның дамуына негіз жасалады, ал дін өз кезегінде қоғамның адамгершілік тұрғыда жетілуін қамтамасыз етеді деген пікірде болған Ш. Маржани: «Ғылым һәм ағартушылықпен шұғылдану, ақыл, біліммен жетілу – салауаттылықтың көрінісі ... Зерек адамдар мен ақыл иелерінің айтуынша, ақиқаты ашық ғылым – ол ең қадірлі сипаттың бірі, ең мақтаулы жетістік. Ғылым үйрену – рақаттың һәм бақыттың ең жоғары дәрежесі. Пәк Ислам шариғаты ғылым үйренуді һәм ағартушылықты жетілдіруге үгіттеп, қызықтырады» [12, 41-б.], – деп жазған еді.

Халықты ағарту,  білімді әрі жоғары адамгершілік қасиеттегі тұлғаларды тәрбиелеу және өткен дәуірлердегі  рухани мұраларды игеру  дамудың қайнар көзі деп санаған Ш. Маржани тарихтың қоғамдағы рөлін жоғары бағалады [13,  с.136]. Ол тарих ғылымын бірегей теориялық әдіс негізінде жасалған білім жүйесі ретінде қарастырып, тарихшының міндеті әрбір оқиға мен құбылыстың себепт-салдарын зерттеу арқылы шынайылықты түсіндіру деп санайды. Соған орай өз шығармаларында тарихи оқиғаларды тізбектеп баяндаумен ғана шектелмей, олардың арасындағы өзара байланысты түсіндіруге баса мән берді.  Осылайша, Ш. Маржани тарихилық  принципке сай  тарих  сананы жаңғыртуға және өткен дәуірлердегі оқиғалар мен құбылыстар жайлы түсінігімізідің шынайы болуына қызмет етуі тиістігін, белгілі бір проблеманы зерттеуде өткен дәуір мен өз заманының айырмашылығын көре білу керектігін, объектні қоршаған ортасынан  бөліп алмай онымен контексте қарастыру қажеттігін қолдады.

«Тарих сырттай қарағанда, мемлекеттер туралы немесе белгілі бір кәсіппен шұғылданушылар  жайында, былайша айтқанда, өткен кезеңді баяндайтын мәліметтер жиынтығы іспеттес. Дегенмен, онда өткеннен тәлім алатын үлгі-өнеге жетерлік», – дей отырып, Ш. Маржани тарихтың мәніне үңілу «даналы тұжырым»  жасауға алып келеді деп деп есептеді [14, 88-б.]. Оның мұндағы «даналы тұжырым» дегені қоғамның алдағы кездегі  даму жолын тарих аңғарта алады дегенге саятын. Бұл белгілі дәрежеде неміс ғалымы И.Г. Дройзеннің «тарих өткен дәуірлер туралы тура түсінік қалыптастырумен бірге қоғамның ары қарай қандай жолмен  жүру керектігіне бағыт бере алады, тарихи зерттеудегі қателік әйтеуір бір қоғамның дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды» [15, с.82], деген мазмұндағы пікіріне  сәйкес келетін. 

Ш. Маржани өз заманында тарихтың қоғамдағы орны мен рөліне және міндеті туралы жаңа идея ұсына білді. Ол тарихты отарлық езгінің тауқыметін тартқан халықтарды бірнеше ғасырлар  бойғы ұйқыдан оятудың, елді өркендетудің және халықтың өзін-өзі тануының құралы деп есептеді. Осындай міндетті жүзеге асыратын тарихи еңбекті жазуды өзінің және әріптестерінің парызы деп білді. Мұндай еңбек өткен дәуірлердің мысалдары негізінде ұлттық сана-сезімнің көтерілуіне және адамдарды тәрбиелеуге, отансүйгіштік қасиеттердің артуына қызмет етеді деп санды [14, 89-б.].

Тарихи зерттеулердің басты методологиялық принципі Ш. Маржани үшін оқиғалар мен құбылыстар жайынан мағлұмат беретін фактілерді объективті түрде талдау болып табылады. Ол тарихшының діни немесе саяси көзқарасына орай тарихи шындықты бұрмаламауы тиістігін, бұрмаланған тарихтан алар тағылымның болмайтындығын ескертіп, тарихшыға үлкен талап қойды. Тарихшының өскелең жас ұрпақтың алдында жауапкершілікте екенін, тарихшы атына кір келтірмей халық алдындағы парызын есте сақтауы керектігін ескертеді. Тарихты зерттеу барысында субъективті пікірлерді басшылыққа алып, жіберілген ескі қателіктер мен жаңсақ тұжырымдарды бүркемелеуге болмайтындығын негіздей отырып, мұны зерттеу барысындағы басты ұстаным ретінде ұсынады және тарихи ақиқаттың негізгі өлшемі – адамның ақыл-парасаты деген тұжырымға келеді [16, с. 120].

Ш. Маржани тарихи процесті халықтардың рухани дамуының көрінісі ретінде түсініп, түрлі халықтардың рөліне баға беруде олардың жалпыадамзаттық мәдениетке қосқан үлесін өлшем етіп алады. Қоғамның үдемелі дамуын Ш. Маржани біріші кезекте рухани мәдениеттің, ғылымның, өнердің және діннің дамуымен байланыстырады. Ол мәдениетті қоғамның рухани және саяси дамуының нәтижесі, ақыл-ойдың даму деңгейі деп бағалайды [17, с.9]. Ш. Маржани үшін әлеуметтік прогрестің қозғаушы күші білім болып табылады. Оның пікірінше, қалалардың өсуі, өндіріс күштерінің дамуы білімнің таралуына тікелей тәуелді. 

Ш. Маржанидің қоғамға байланысты көзқарасы ортағасырлық араб ғалымы Ибн Халдунның көзқарасымен үйлесімділікте. Ол да Ибн Халдун секілді қоғам мен мемлекет адамдардың арасында ынтымақтастық сезім орнаған кезде қалыптасады деп санайды. Сонымен қатар адамдардың өмір сүруіне қажетті материалдық игілік адамдардың өзара ынтымақтыстығы мен бір-біріне көмек көрсету сезімі болған жағдайда жеткілікті болады деп есептейді. Ол мемлекетті таптардан тыс құрылым, мемлекет ортақ мақсатқа сай ұжымдар мен адамдарды біріктіріп, қоғамдық үйлесімділікті қамтамасыз етеді деген пікірде болды.

Тарихтағы тұлғалардың рөлі мәселесіне Ш. Маржани еңбектерінде едәуір көңіл бөлінген.  Ш. Маржани тұлғалардың іс-әрекетін дәріптеу тарих ғылымының міндеті болып табылмайды деп атап көрсетеді. Ол тұлғалардың өз соңында қандай мұра, қандай шығарма, ғылыми еңбек қалдырғанын, сондай-ақ адамдарға қаншалықты жақсылық пен қайрымдылық жасағанын немесе зұлымдық істегенін айқындап, олардың әрекеттеріне  баға беріп, халыққа жеткізу тарих ғылымының алдында тұрған басты міндеттердің бірі деп есептейді [18, с. 29].

Ортағасырлық араб ғалымдарының, соның ішінде Ибн Халдун дүниетанымының Ш. Маржаниға елеулі дәрежеде ықпалы болғанын қазіргі кездегі зерттеушілер теріске шығармайды. Бірақ  Ш. Маржани Ибн Халдун секілді билеушілердің қызметін, халыққа жасаған қызметін, қайрымдылығын барынша дәріптемеді. Сондықтан да ол Ибн Халдунның еңбегіндегі тұлғалар жайлы мәліметтерді ортағасырлық өзге зерттеушілердің шығармаларындағы мағлұматтармен салыстыра талдады.

Деректерге сын көзбен қарау, жазба мәліметтермен қатар заттай дәлелдерді ғылыми айналымға тарту, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды баяндайтын жазба мәтіндер мен ауыз әдебиеті үлгілерін филологиялық тұрғыда және деректанулық негізде талдау Ш. Маржаниді Ибн Халдуннан ерекшелей түсетін. Ш. Маржани Шығыс халықтарының рухани мәдениетінің мол мұрасына дерек көзі ретінде қарап, олардағы мағлұматтардың шынайылық деңгейін айқындауға баса мән берді [17, с.8].

Барлық халықтар ғылымды игеруде бірдей қабілеттілікке ие, қабілеттілік халықтардың бойына табиғаттан берілген деген тұжырым жасаған Ш. Маржани бұл жөніндегі еуроцентристік көзқарастағылардың ұстанымына бірден қарсы шықты [19, с. 160-161]. Сол тарихи кезеңде еуропалық ағартушылар арасында көшпелі немесе дала өркениеті өкілдерін отырықшы өмір салт пен мәдениеттің жауы, «жабайылар» ретінде көрсету, еуропалықтардың Шығыстағы үстемдігін негіздеуде еуроцентристік идеяларды методологиялық тірек ретінде пайдалану орын алған-ды.  Мұндай еуроцентристік тұжырымдаманы бірқатар орыс зерттеушілері пайдаланып, патшалық Ресейдің Орталық Азиядағы экспансиялық саясатын «орыстардың өркениеттік миссиясы» ретінде, ондағы отарлық билік орындарын жергілікті халықты еуропалық өркениетпен «байланыстырушы көпір» қызметін атқаратындығын дәлеледеуге тырысып, ұлыдержавалық мүддені жоғары қойған еді. Мәселен, сол тұста  С.М. Соловьев «төңіректегі халықтар – варварлар, олар орыс княздарының жаулау объектісі болатындығын тарихтың өзі белгілеп берген», «орыстар шығысты отарлау барысында едәуір қарсылық көрмей,  құдіретті әрі мықты мемлекет құрды» деген «отарлау» теориясының авторы ретінде танылған болатын [20, с. 151-153]. Ш. Маржани еуроцентристік көзқарас шынайылықты көрсетпейді, керісінше, бір халықты екінші халыққа өктем билік жүргізуін, яғни еуропалықтардың үстемдігін ақтауға бағытталған ұстаным деп бағалады. Осыған орай ол өз еңбектерінде  Орталық Азия мен Еділ-Жайық өңірлерінде және басқа да мұсылмандық Шығыс аймақтарта озық өркениет ошақтары мен әлемге танымал ғұламалардың болғанын ашып көрсетуге ден қойды.

Ш. Маржани өз еңбектерін жазу барысында халықтар, мемлекеттер, қалалар, қайраткерлер, философиялық мектептер, діни және саяси ілімдер жайлы түрлі мәліметтер жинастырды. Өзінің мұндай әрекетін әріптестеріне үлгі ретінде ұсынып, тарихшылардың назарынан қоғам өмірінің бірде-бір қыры тыс қалмауы керектігін, зерттеу жұмысының кешенді түрде жүргізілуі қажеттігін жақтады. Ол қоғамдық өмірді толықтай қамтыған энциклопедиялық сипаттағы тарихи еңбекті жазуды қолдағанымен оны жүзеге асыру ерен еңбекті талап ететіндігін түсініп, былай деп жазған еді: «Жекелеген ғалымдар үшін ғана емес, тіпті өркениетті елдерге де толықтай, бәрін қамтитын тарихи еңбек жазу оңайға түспейді. ... Өз ғалымдарына қолдау көрсеткен елде ғана тарихпен, ғылыммен, қолөнермен және философиямен шұғылдану кенжелеп қалмайды» [10, с.102].

Қорыта айтқанда, Ш. Маржани тарихтың қоғамдағы орнын және тарихты зерттудің тәсілдерін патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайында қарастырып, түркі-мұсылман халықтары арасында тарихи ойдың ілгері басуына өзіндік ықпалын тигізді. Оның тарихи пайымдаулары замандастарына ой салып, оның жолын қуған шәкірттерінің қалыптасуына жол ашты. Ш. Маржаниді ғұлама ұстазым деп үлгі тұтқандардың қатарында түркі әлеміне танымал көрнекті қайраткер, тарихшы-ғалым, тарих методологиясы мәселесін арнайы зерттеген Зәки Уәлиди Тоған да бар еді. Осы орайда Ш. Маржанидің ғана емес, оның ізбасар шәкірттерінің де шығармаларын тәржімалап,  олармен болашақ қазақ тарихшыларының танысуына кең жол аша түсу керек.

   Әдебиеттер

1 Ясперс К. Смысл и назначение истории: Пер. с нем. – М.: Политиздат, 1991. –527 с.

2 Семенов Ю.И. Философия истории. (Общая теория, основные проблемы, идеи и концепции от древности до наших дней). – М.: «Современные тетради», 2003. – 776 с.

3 Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 б.

4 Юсупов М. Галимджан Баруди. – Казань: Тат. кн. изд-во, 2003. – 208 с.

5 Алишев С.Х. Татарская печать о Ш. Марджани и его времени // Марджани: Ученый, мыслитель, просветитель. – Казань: Тат. кн. изд-во, 1990, – 191 с.

6 Сералин М. Мақалалары, публицистикалық шығармалары, поэмалары мен аудармалары. – Алматы: «Аударма», 2002. – 344 б.

7 ҚРОММ. 154-қ., 1-т., 104 (а)-іс. – 56 п.

8 Бехбудий М. Танланган асарлар. – Тошкент: «Маънавият», 1999. – 280 б.

9 Урсу Д.П. Историография истории Африки. – М.: «Высшая школа», 1990. – 302 с.

10 Юсупов М.Х. Шигабутдин Марджани как историк. – Казань: Тат. кн. изд-во, 1981. – 232 с.

11 Басовская Н.И. Цель истории – история. –М.: РГГУ, 2002. – 536 с. 

12 Мәржани Ш. Мөстәфадел-әхбар фи ахвали Казан вә Болгар (Казан һәм Болгар хәлләри турында файдаланылган хәбарләр). – Казан: Татар. кит. нәшр., 1989. – 415 б.

13 Ибрагим Т.К., Султанов Ф.М., Юзеев А.Н. Татарская религиозно-философская мысль в общемусульманском контексте. – Казань: Тат. кн. изд-во, 2002. – 239 с.

14 Алишев С.Х. Татар тарихчилары. – Казань: Татар. кит. нәшр., 2006. – 206 б.

15 Кириленко Е.И. Традиция историко-методологических исследований в немецком  либеральном  историзме // Методологические  и историографические вопросы  исторической науки. – Томск. Изд-во ТГУ, 1992. – 129 с.

16 Очерки истории татарской общественной мысли. – Казань: Татар. кн. изд-во, 2000. – 191 с.

17 Марджани Ш. Вафиат ал-аслаф ва тахиат ал-ахлаф (подробное о предшественниеах и приветствие потомкам). – Казань: «Иман», 1999. – 125 с.

18 Очерки Марджани о восточных народах. – Казань: Татар. кн. изд-во, 2003. – 175 с. 

19 Юзеев А.Н. Татарская философская мысль конца ХVІІІ – ХІХ вв.  – Казань: Тат. кн. изд-во, 2001. – 192 с. 

20 Сили Ш. Возникновение и источники теории «колонизации» С.М. Соловьева // Вопросы истории. – 2002. – №10. – С. 150 – 156.

  References

1 Yaspers K. Smysl i naznachenie istorii: Per. s nem. – M.: Politizdat, 1991. –527 s.

2 Semenov YU.I. Filosofiya istorii. (Obshchaya teoriya, osnovnye problemy, idei i koncepcii ot drevnosti do nashih dnej). – M.: «Sovremennye tetradi», 2003. – 776 s.

3 Mashanov A. Әl-Farabi zhәne Abaj. – Almaty: Қazaқstan, 1994. – 192 b.

4 Yusupov M. Galimdzhan Barudi. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 2003. – 208 s.

5 Alishev S.H. Tatarskaya pechat' o SH. Mardzhani i ego vremeni // Mardzhani: Uchenyj, myslitel', prosvetitel'. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 1990, – 191 s.

6 Seralin M. Maқalalary, publicistikalyқ shyғarmalary, poehmalary men audarmalary. – Almaty: «Audarma», 2002. – 344 b.

7 KhOMM. 154-қ., 1-t., 104 (a)-іs. – 56 p.

8 Bekhbudij M. Tanlangan asarlar. – Toshkent: «Ma"naviyat», 1999. – 280 b.

9 Ursu D.P. Istoriografiya istorii Afriki. – M.: «Vysshaya shkola», 1990. – 302 s.

10 Yusupov M.H. SHigabutdin Mardzhani kak istorik. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 1981. – 232 s.

11 Basovskaya N.I. Cel' istorii – istoriya. –M.: RGGU, 2002. – 536 s. 

12 Mәrzhani SH. Mөstәfadel-әhbar fi ahvali Kazan vә Bolgar (Kazan һәm Bolgar hәllәri turynda fajdalanylgan hәbarlәr). – Kazan: Tatar. kit. nәshr., 1989. – 415 b.

13 Ibragim T.K., Sultanov F.M., YUzeev A.N. Tatarskaya religiozno-filosofskaya mysl' v obshchemusul'manskom kontekste. – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 2002. – 239 s.

14 Alishev S.H. Tatar tarihchilary. – Kazan': Tatar. kit. nәshr., 2006. – 206 b.

15 Kirilenko E.I. Tradiciya istoriko-metodologicheskih issledovanij v nemeckom  liberal'nom  istorizme // Metodologicheskie  i istoriograficheskie voprosy  istoricheskoj nauki. – Tomsk. Izd-vo TGU, 1992. – 129 s.

16 Ocherki istorii tatarskoj obshchestvennoj mysli. – Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2000. – 191 s.

17 Mardzhani SH. Vafiat al-aslaf va tahiat al-ahlaf (podrobnoe o predshestvennieah i privetstvie potomkam). – Kazan': «Iman», 1999. – 125 s.

18 Ocherki Mardzhani o vostochnyh narodah. – Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2003. – 175 s. 

19 Yuzeev A.N. Tatarskaya filosofskaya mysl' konca HVІІІ – HІH vv.  – Kazan': Tat. kn. izd-vo, 2001. – 192 s. 

20 Sili SH. Vozniknovenie i istochniki teorii «kolonizacii» S.M. Solov'eva // Voprosy istorii. – 2002. – №10. – S. 150 – 156.

Н.К.  КАТТАБЕКОВА

Старший преподаватель Международного казахско-турецкого университета  им. К.А. Яссауи

ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: ВЫДАЮЩИЙСЯ ДЕЯТЕЛЬ И УЧЕНЫЙ-ИСТОРИК

Резюме

 

  В статье рассматриваются жизненный путь выдающегося татарского историка, просветителя  и философа ХІХ века Шигабутдина Маржани и его деятельность по рaзработке истории истории тюркских народов. В качестве источника использованы материалы фонда Центрального государственного архива Республики Казахстан, а также литературы на русском, татарском и казахском языке.

  Ключевые слова:  Тюркские народы, история, татары,  казахи, методология, медиевистика

 

  N.K. KATTABEKOVA

K. A. Yassawi Kazakh-Turkish International University, Senior Lecturer

SHIGABUTDIN MARZHANI: OUTSTANDING FIGURE AND HISTORIAN SCHOLAR
  

Summary
 
  
The article examines the life path of the outstanding Tatar historian, educator and philosopher of the 19th century Shigabutdin Marzhani, as well as his work on the development of  the Turkic peoples history. The materials from the Central State Archive of the Republic of Kazakhstan, as well as literature in Russian, Tatar and Kazakh were used as a source.

Keywords: Turkic peoples, history, Tatars, Kazakhs, methodology, medieval studies.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4011

No reviews

Download files

Каттабекова Н.Қ..doc 0.09 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары К ИСТОРИИ ОСВОЕНИЯ ЦЕЛИННЫХ И ЗАЛЕЖНЫХ ЗЕМЕЛЬ В КАЗАХСТАНЕ: ПРОБЛЕМЫ И ПОДХОДЫ ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 929.624.8+398.347 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТАҢБАЛАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ