Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ

М.Ә. ЖОЛСЕЙІТОВА М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, т.ғ.к.., доцент

ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: медресе., мектеп, мұсылман халықтары, түркі халықтары, жәдидшілдік, Ағартушылық
Author:
Исмаил-бей Гаспыралы (1851-1914) – Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында өріс алған жәдидшілдік қозғалыстың бастау көзінде тұрған көрнекті қайраткер. Жәдидшілдік түркі халықтары арасында ағартушылық ғана емес, сонымен бірге саяи идеялардың қосындысы түрінде көрініс тапты. Жәдидшілдіктің қалыптасуы мен дамуындағы И. Гаспыралының рөлін ашып көрсету ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының мәдени және саяси өмірінің ерекшеліктерін терең аңғаруға өз септігін тигізеді. Сондықтан қарастырылып отырған тақырыпты тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне арналған деуге негіз бар. Түйін сөздер: Ағартушылық, жәдидшілдік, түркі халықтары, мұсылман халықтары, мектеп, медресе
Text:

Кіріспе. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының халық ағарту ісі тарихында И. Гаспыралының алар орны ерекше. Ол қалыптастырған жәдидтік мектеп негізінде түркі халықтары арасында жәдидтік қозғалыс екпін алып, халықтың саяси оянуына жол аша түсті. Соның негізінде бірінші орыс революциясы жылдары «Ресей мұсылмандарының одағы» атты ұйым құрылды және Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы бой көтерді. Осындай тарихи үрдістің терең астарын түсіну үшін И. Гаспыралының жәдидшілдіктің қалыптасуы мен дамуындағы рөлін зерттей түсу қажет.

Талқылау. Қырымлы Сафар Сейдахметтің «Гаспыралы Исмаил бей» атты кітабында [C. Kirimli, 1934: 25]  және Р.Ф. Мухаметдинов [М. Мухаметдинов, 1996: 272] пен  И. Гилязовтың [И. Гилязов, 2002: 70] еңбектерінде И. Гаспыралының жәдидшілдіктің  қалыптасуы мен дамуындағы рөлі қарастырылған. Сондай-ақ мұндай зерттеулер қазақстандық, өзбекстандық ғалымдар тарапынан да жарық көрген. Осындай бағыттағы зерттеулер бұл мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.  

Нәтижесі. И. Гаспыралының жәдидшілдіктің қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ашып көрсету арқылы Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасыеда жаңа оқу әдісіндегі мектептер мен медреселердің ашылу тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Сонымен бірге жәдидшілдіктің ағартушылық тарихындағы алар орнына шынайы баға беру мүмкіндігі арта түседі.

Негізгі бөлім. Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында ағартушылық идеясын насихаттауда орнының ерекше екені белгілі. Ол Ресей мұсылмандарының арасындағы ескі қадымшылық мектептердің заман талабына сай емес екенін ескеріп, мұсылмандық мектептерді жаңа оқу әдісіне, «усул-жәдидке» көшіруді ұсынды. Соның негізінде Ресей мұсылмандары арасында жәдидшілдік қозғалысы екпін алды.

  И. Гаспыралы өзі ұсынған жаңа оқу әдісіндегі мектепті 1884 жылы Бақшысарай қаласындағы Қайтмаз Аға деген жерінде ашты. Ол «Тәржіман» газеті арқылы бұл жөнінде жұртшылықты хабардар етті [В. Ганкевич, 2001: 379]. Бұл мектеп ескі «қадымшыл» мектептерден айырмашылығы араб әліпбиін күнделікт сөйлеу тіліне икемдеуімен ерекшеленді.

  Бақшысарайда ашылған жаңа оқу әдісіндегі мектепте бастапқыда 12 бала оқыды. Осы жылы И. Гаспыралы мектеп оқушыларына арнап «Хаджан сибиан» (Әліппе) оқулығын шығарды. Бұл оқулық зерттеушілердің келтірген мәліметтеріне қарағанда, 1910 жылға дейін 27 рет қайта басылып шыққан[А. Хабутдинов, 2003: с.36].

  И. Гаспыралы бір жыл бойы Бекир Эмекдар деген кісіні жаңа оқу әдісіне үйретіп, оны ресми ашылған мектептің алғашқы ұстазы етті. Бұл мектептің оқу жоспары бойынша  діни пәндерден бөлек, мынандай пәндер оқытылды 1) «ортақ түрік тілі» бойынша оқу және жазу; 2) дін туралы бастапқы білім; 3) арифметиканың төрттік амалы; 4) қысқаша тарих; 5) дұрыс жазу; 6) география; 7) орыс тілі; 8) гигена.

  Жаңа оқу әдісіндегі мектептің оқу бағадрламасын И. Гаспыралы жетілдіре түсуді де көздеді және орыс мектптеріндегі бағдарламамен сәйкестендіргісі келді. Сол тұста орыс мектептерінде бағдарлама мынандай пәндерден тұрды: 1) Құдай заңы; 2) көркем оқу және жазу; 3) орыс тілі және шіркеулік оқу; 4) арифметика; 5) практикалық геометрия; 6) география және тарих; 7) физика және жаратылыстану тарихы; 8) сызу және бейнелеу; 9) ән салу; 10) гимнастика.

  Орыс мектептеріндегі бағдарламаны зерттей келе И. Гаспыралы жаңа оқу әдісіндегі өзі ашқан мектептің де бағдарламасын соған сәйкестіндірді. Сонымен қатар әр сабақты 50 минуттан өткізетін етті және әр сабақтың арасында үзіліс болатындай етті.

  Жаңа оқу әдісін насихаттауда И. Гаспыралы жыл сайын Нижний-Новгородта өткізіліп тұратын «Макарьев» жәрмеңкесін де шебер пайдалана білді. Бұл жәрмеңкеге елдің түпкір-түпкірінен көпестер жиналатын. Ол көпестердің қатарында мұсылмандар да бар еді. Жәрмеңкенің барысында  И. Гаспыралы Бакир Эмдакармен бірге жаңа оқу әдісіндегі мектептің артықшылықтарын насихаттап, осы мектепке арналған оқулықтарды мұсылман халықтарының өкілдеріне таратты. Осындай насихаттың нәтижесінде жаңа оқу әдісіне қызығушылар қатары өсіп, мұндай мектепті ашуға көмек көрсетуді сұраушылар арта түсті. Сөйтіп, 1892 жылы Ресей империясы аумағында жаңа оқу әдісіндегі мұсылмандық мектептің саны 32-ге жетті [З. Абдирашидов, 2001: 196]. Сол жылдары халық арасында жаңа оқу әдісіне көшкен мектептер жәдидтік (араб тілінен аударғанда – жаңа) мектеп деп, ал мұндай әдісті жақтаушылар жәдидшіл немесе жәдид (жаңашыл) аталды. Бұл үрдіс екпін алуымен жәдидтік қозғалыс деген атқа ие болды. 

  И. Гаспыралының жаңа оқу әдісіне көшуін қолдаған топ, яғни жәдидтер легі  күн санап арта түсті. Сол тұстағы жәдидтерге қатысты  Н.Д. Нұртазинаның мынандай орынды пікірі назар аудартады: «Жәдидтер орыс-еуропалық мәдениеттің ең жақсы тұстарын іріктеп, зерделеп қабылдап, бойына сіңіре алды. Ең бастысы, Еуропаның нақты ғылымын, педагогикалық саладағы жетістіктерін, техникасы мен өнерін, кәсіптерін, сол сияқты саясатқа қатысты білімдерін білімдерін білу керек болды – ол құлдықтан, қорлықтан құтылу үшін, жер бетінен құрып кетпеу үшін, саяси бостандық жолында парламенттік жолмен күресу үшін ауадай қажет еді. Бірақ, шынайы жадидизмнің ниеті бұдан да жоғары болды, себебі, олар тұрпайы «жау» образынан әлдеқайда биік, парасаттылық, даналық сатысында тұрғандар. Сондықтан еуропалық мәдениетті жәдид зиялылары тек қана практикалық, пайдалылық тұрғысынан ғана емес, құрғақ ақыл, есеппен емес, софылық үлгімен, ақ көңілімен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» (Абай) деген қағида бойынша қабылдады, христиан халықтарының гуманитарлық білімдері мен ой-пікірлерін, көркем әдебиетін, өнерін әділ бағалап, сүйіп, одан өзінің жан-дүниесін байытатын, жадырататын рухани, эстетикалық ләззат ала білді, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстануды үйренді. Әрине, ол кездегі Еуропа, Ресей де бүгінгі күннен әлдеқайда артық жағдайда екенін есекру керек. ... Жаңа мұсылман элитасы білім мен өмір тәжірибесі арқылы шын мәнінде екі Ресей, екі Батыс бар екенін түсініп, оларды ажырата білді. Олар отарлық саясатты жасап отырған  шенеуніктер, әскерилер және миссионерлермен келіспеді, ал сол орыс қоғамының өзіндегі озық ойлы интеллигенцияны одақтас етуге, дос қылуға тырысты. Сол ниетіне қарай орыс жазушылары, ойшылдары, ғалымдары арасынан мұсылман-жәдитерге адал дос, жанашырлар табылды, қиын-қыстау кезеңдерде солардың көмегін көрді, ақыл-кеңесін тыңдады» [Н. Нұртазина, 2002: 176].

  И. Гаспыралының бастамасымен ашылып жатқан жәдидтік, яғни жаңа оқу әдісіндегі мектептер мұсылман халықтарын тез баурап алды. Өйткені, жәдидтік мектептегі жаңашылдықтар халық көңілен шықты. «Тәрбие, эстетика, психологиялық ахуал жағынан алатын болсақ, жәдид мектебі сол кездегі үлгілі орыс мектеп-гимназияларында берік орныққан гуманистік көзқарастар, жоғары қызмет және педагогикалық мәдениеті, педагог пен оқушының өзара қарым-қатынасына тиісті әдеп, субординация (ресми арақашықтық) сақтай отырып, бірақ өзара сыйластық, ашық мінез таныту, белгілі мөлшерде демократиялық ахуал қалыптастыру, шәкірттің жеке басын, бостандығын сыйлау сияқты жақтарын белсенді түрде қабылдады. Яғни, ескі мұсылман мектебіндегі шәкіртке менсінбей қарау, зекіп сөйлеу, қорқытып, үркіту, ұстазға деген шын сүйіспеншіліктің орнына сыртқы жағымпаздық басым болуы, өзара сенімсіздік, мектеп басқару мен тәрбиенің авторитарлық әдісі, мүдәррис (медресе оқытушылары) арасындағы бір-бірін көре алмаушылық, өсек-аяң – осы ластықтың барлығы жәдид мектебінде жойылды. Сыртқы форма жағынан да реформалау болды: жаңа мектеп, медресе оқытушыларын «молла», «мүдәррис», халфе, «тақсыр», «қожа» деп емес, «мұғалім» деп атайтын болды (әйел педагогтарды – «мұғалима»), олар еуропаланған киім үлгісін киді (дәлірек айтсақ, татар үлгісіне жақын), үзіліс жасау, қоңырау беру, дене шынықтыру сабағы мен ойындар, сол сияқты парталар мен тақта қолдану, оқу кестесі, емтихан өткізу сияқты бұрын болмаған жаңалықтар енгізілді»  [Н. Нұртазина,2002: 180].

  Жәдидтік оқу орындарындағы осындай жаңалықтарды И. Гаспыралы Түркістан өлкесі жұртшылығына да кеңінен насихаттауда белсенділік танытты. Осыған орай ол 1893 жылы Түркістанға сапарға шықты. Жол бойында Тифлис пен Бакуге соғып, ондағы жергілікті интеллигенция өкілдерімен жәдидтік мектептер жайында пікір бөліседі.

  Каспий теңізін кемемен өтіп, Бұқар әмірлігі аумағына келіп, әмірліктің бас уәзірінің (кушбеги) қабылдауында болып, сол арқылы басқа шенеуніктермен жолығады. Бұқар әмірлігінің жоғарғы қазысы (кази калан) И. Гаспыралының жаңа оқу әдісін қолдайтындығын танытады.

  Бұхарада И. Гаспыралы медреселер мен мектептердегі оқу үрдісімен танысты, ондағы оқушылармен пікір бөлісті. Оларға жаңа оқу әдісінің артықшылығын түсіндірді.  Оған бұл істе әмірлікте тұратын татарлар және «Тәржіман» газетінің оқырмандары көмек көрсетті. Бұқарада төрт күн болып, Самарқанға аттанды.

  Самарқан қаласында ол жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қолдауымен жаңа оқу әдісінде сабақ беретін жәдидтік мектепті ашуға қол жеткізеді. Оның алғашқы мұғалімі  Мажит Ганизаде болды.

  И. Гаспыралы Самарқаннан кейін Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласына келді. Оны ташкенттік жергілікті зиялы қауым өкілдері зор қошеметпен күтіп алды. И. Гаспыралының келу құрметіне Ташкент мұсылмандарының қазысы Мұхиддинқожа ас беріп, онымен кездесуге қаланың танымал адамдарын шақырды. Ол Ташкентте болған алты күннің ішінде мұсылман зиялы қауым өкілдерімен 25 кездесу өткізіп, білім беру саласындағы өзекті мәселермен пікір бөлісті. Ол бұл кездесулерінде мұсылмандардың жаңа оқу әдісіне көшудің қажеттігін түсіндіріп, бұл идеяны қуаттаушылар қатарын көбейте түсті.

  Ташкентте И. Гаспыралы генерал-губернатор Вревскийдің қабылдауында болды. Ол генерал-губернаторға мұсылман тұрғындар арасындағы халық ағарту ісінің мүшкіл жағдайын жеткізіп, оны жақсарту жолындағы ұстанымын білдірді. Мұсылмандар арасында халық ағарту ісін жетілдіру жергілікті халықтың орыс әкімшілігіне деген теріс көзқараста болуына жол бермейтіндігін жеткізді.

  Ташкентке сапары кезінде И. Гаспыралы Н. Остроумовпен де жолықты. Ол Н. Остроумовтың Түркістан өлкесіндегі халық ағарту ісі саласында атақарып жатқан жұмыстарымен жақсы хабардар еді. Кездесу барысында Н. Остроумов жергілікті халық үшін «орыс-түзем» мектептері пайдалырақ десе, И. Гаспринский жәдидтік мектептің артықшылықтарын алға тарты. Сөйтіп, Н. Остроумов пен И. Гаспыралы екі мектептің қайсысы тиімді екенін халықтың өзі шешеді деген пікірге келіп тоқтады. Бірақ, «орыс-түзем» мектептері мемлекеттің қарауында болғандықтан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын, ал жәдидтік мектептерде мұндай мүмкіндік жоқ еді. Мұндай мүмкіндіктің болмағанына қарамастан И. Гаспыралы жәдидік мектептер халық қолдауына ие болып, қайырымдылық қоғамдар тарапынан қаржы табады деген үмітте болды.

  И. Гаспыралы Ташкенттен соң қайтадан кері оралып, Самарқанға келді. Бұдан соң Бұқара қаласына келіп, әмір Абдулахадпен жолықты. Әмір Абдулахад И. Гаспыралының жәдитік мектептер жайлы ой-пікірін толық қолдайтындығын танытты. Бірақ мұны тез арада әмірлік аумағында ашу мүмкін емес екенін, жәдидтік мектептің ашылуы мұсылман дін иелерінің қарсылығын туғызып, бүлікке алып келуі мүмкін екенін жеткізді.

  Бұқар әмірлігінде ХІХ ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейін жәдидтік мектеп осылайша ашыла қоймады. Бірақ әмір Абдулахад мұндай мектептердің болуын қалады. Соның нәтижесінде Бұқар әмірлігі аумағында алғашқы жәдитік мектеп 1897 жылы  ашылды. Жәдидтік мектептердің кеш болса да ашылуының өзіне И. Гаспыралының ықпалы болды.

  И. Гаспыралының Түркістанға сапары кезінде Самарқанда ашылған жаңа оқу әдісіндегі, яғни жәдидтік мектеп татар көпесі А. Хұсейіновтің қаржылай демеушілігімен жұмыс жасады. Бұл мектепке Самарқандағы татарлардан басқа өзбек халқының өкілдері де баларын оқуға берді. Сонымен қатар осы мектепте Түркістан өлкесінде ашылуы тиіс жәдидтік мектептерге мұғалім даярлау ісі де қолға алынды. Осындай даярлықтан алғаш өткендердің бірі жергілікті татар халқының өкілі Мұхаммед Фатих  болатын. Бірақ халық арасында балардың сауатын ашу жағынан зор құрметке бөленгеніне қарамастан бұл мектепті билік орындары рұқсатсыз ашылған деп жаптырып тастады.

  Түркістандағы алғашқы жәдидтік мектептің жабылып қалуы жергілікті халықтың оған деген қызығушылығын бәсеңдетпеді. И. Гаспыралыға Ташкентке келген кезде құрмет көрсеткен азаматтар 1895 жылдан 1901 жылға дейінгі аралықта қалада төрт жәдидтік мектеп ашты. Мұнан соң Хиуада Мұхаммед Вафа және Молда Әбдірахман есімді татар мұғалімдері Хиуада алғашқы жәдид мектебін ашты.  Олар кейіннен мұндай мектепті Үргеніште де ашты. Хиуа хандығы аумағында жәдидтік мектеп ашуға Асфандияр ханның өзі де атсалысты. Ол бұл мектепке арнайы дайындықтан өткен екі мұғалімді шақыртып, мектеп үшін арнайы ғимарат бөлді.

  Хиуа хандығының бас уәзірі  Сайид Исламходжа өз үйңнің жанынан жәдидтік мектеп ашып, оған  Ахмад Нуриддин есімді татар азаматын мұғалім етіп қойды. Ол бұл мектептің жұмысын жандандыра түсу мақсатында И. Гаспыралымен кеңесіп отырды. Сондай-ақ бұл мектепке оқулықтарды И. Гаспыралыдан алдырды.

  1897 жылы Бұқар әмірлігінде Молла Жорабай есімді бұқаралық азамат жәдидтік мектеп ашты. Онда бастапқы кезде 13 оқушы білім алды. Бұл мектептің ашылуы туралы хабарды И. Гаспыралы зор қуанышпен қарсы алып, оған 100 дәптер және 1000 дана өз оқулығын жіберуге уәде берді.

  Молла Жорабай ашқан жәдидтік мектептен соң, онда Низам Сәбитов деген татар көпесінің үйінің жанында ашылды. Онда Әбдірахман Саади есімді мұғалім сабақ берді.

   Самарқанда алғашқы жәдидтік мектеп жабылып қалғаннан кейін араға он жыл салып барып қайта ашылды. Бұл істе өзін И. Гаспыралының шәкірті санайтын М. Бехбудий белсенділік танытты. М. Бехбудий өзі ашқан мектептің оқу жоспарын И. Гаспыралының Бақшысарайдағы мектебіндегідей етіп жасады және оқу құралдарының барлығын да И. Гаспыралыдан алды. 

  М. Бехбудийдің мектебі ашылысымен Самарқанда тағы да екі жәдидтік мектеп бой кетерді. Осы екі мектептің әрқайсысында 30-дай оқушы оқыды.

  Жаңа оқу әдісіндегі мектеп Қоқан қаласында да ашылды. Оны ашуға  И. Гаспыралымен  Нижний-Новгордтағы жәрмеңке кезінде кездескен  Нәзірбай Таджиддинбай, Пулатбай Рақымжан секілді көпестер атсалысып, мектептің қаржылай шығындарын өз мойындарына алды. Мұндай қайырымды адамдардың атсалысуымен  Мүнауар Қари Абурашидханов пен қырымдық татар Раис Кушад Ташкентте тағы бір мектеп ашты [К. Бендриков, 1960:  256]. Раис Кушад Бақшысарайдағы И. Гаспыралының мектебінің түлегі ретінде жаңа мектептің қарқынды жұмыс істеуіне құлшына кірісті.

  Жәдидшілдікті зерттеуші қырғызстандық ғалым  А.Э. Кубатова жаңа оқу әдісіндегі мектептерді ашуға Жетісудағы қырғыздар мен қазақтардың арасында дәулетті адамдардың қызу атсалысқаны жайлы мәліметтер келтіреді. Оның айтуына қарағанда, Шабдан Жантаев пен оның ұлы – Исамидин  15 мың сомға мешіт салдырып, оның жанынан жәдидтік мектеп ашқан. Сонымен қатар Қанат қажы да өз қаражатына мектеп ашып, оған арнайы мұғалім алдырып, онда жүзге жуық баланы оқуға тартқан. Қапал уезінде өзінде ең дәулетті деп танылған ағайынды  Мамановтар да жаңа оқу әдісіндегі мектеп салдырып, оған арнайы мұғалімдер алдырған. Ферғана өңірінде ең беделді қырғыздардың бірінен саналған, қарамағында 1146 десятина жер иелігі мен 6 шаруа қожалығы болған Әлімбек датқа  Ош қаласында жәдидтік мектепті ашуға демеушілік танытқан. Әндіжан уезінде тұратын Перимқұл деген қырғыз өз дәулетінің біраз бөлігін жергілікті халыққа арнап мектеп салуға жұмсады [А. Кубатов, 2012: 62].

  Жетісуда ағайынды Мамановтар мектебінен басқа да мектептер ашылды. Жетісу облысының орталығы Верныйда 1883 жылы ашылған Ысқақ Ғабдулвалиевтің медресесі ХІХ ғасырдың соңына қарай жаңа оқу әдісіне көшті. Осыған орай И. Гаспыралы «Тәржіман» газетінде былай деп жазды: «Ысқақ Ғабдулвалиев өз медресесіне жәдидтік жүйені енгізуді қолға алды. Оның бұл әрекеті жергілікті халық тарапынан зор қолдаушылыққа, ризашылыққа ие болды. Жұртшылық оянып, қазіргі өмір талабын түсіне бастады. Халықты керітартатын көзқарастар біртіндеп ығыстырылуда».

  Аталған медресені Верныйдағы «Ғабдулвалиев және оның серіктері» деген сауда үйі қаржыландырған. Осы медресеге қаржыны бөлу ісімен арнайы түрде Зейнетдин Тазетдинов айналысқан. З. Тазетдинов Вятка губерниясының тумасы еді. Медреседегі оқу ісіне Троицкіден келген Әбдірахман Сағадиев  жетекшілік жасаған.Медресе балаларға алты жылдық білім беруді көздеген. Ондағы шәкірттердің саны бастапқы кезде 130 адамға жуықтаған. Олар негізінен өңірдегі қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар балалары еді.

  Жетісуда қыз балаларды оқытатын жәдидтік мектептер де ашылды. Мұндай мектептер Верныйда, Қапалда және Жаркентте болды. Бұларды қаржыландыруға өңірдегі дәулетті қазақ, ұйғыр татар азаматтары тартылған [А. Кубатов, 2012: 64].

  И. Гаспыралы «Тәржіман» газеті арқылы мұсылмандардың дәулетті адамдарын жәдидттік метептерге қолдау көрсетуге үндеп отырды. Мұндай үндеуге барынша назар аударғандардың қатарында Орынбор өңіріндегі ағайынды, миллионер көпестер – Ахмет, Ғани және Махмут Хұсайыновтар болды. Кезінде И. Гаспыралының «Тәржіман» газетінің басты оқырымандары ретінде танылған бұл ағайындылар 1889 жылы Орынборда жәдидтік мектепті ашты. Үш қабатты ғимараттан тұратын мектеп үйі көп бөлмелі еді. Сонымен қатар ол мектептің жанынан арнайы пансион (жатақхана) салынды. Мецанаттардың құрметіне бұл оқу орны «Хусаиния» медресесі деп аталды.

  «Хусаиния» медресесі оқу ісі гимназиялардың оқу жоспарына сәйкестендіріліп жасалды . Оқушыларға оқу құралдары Бақшысарайдағы  И. Гаспыралының мектебінен алынды. Сонымен қатар бұл медреседе оқушыларға бірдей киім үлгісі енгізілді. Оқушылардың киімдерін әзірлеуді де Хусаиновтар әулеті көтеріп алды.

  Хусаиновтар әулетінің үлкені – Ахметтің аса мол дәулеттің иесі еді. Оның вакуфтық мүлкінің өзі жарты миллион сомнан астам болатын. Ол осы мүлікті өз атынан тек медресеге жұмсау жөнінде өсиет қалдырды. Осы өсиеттің негізінде «Хусаиния» медресесіне 25 мың сомдай ақша жұмсалып тұрды. Бұдан басқа А. Хусаиновтың өсиеті бойынша, жақсы оқыған студенттерге стипендияға деп те ақша бөлінді. Сонымен қатар медесенің ерекше көзге түскен шәкірттерін білімін тереңдету үшін Каирға және Мединаға жіберіп оқыту да жолға қойылды. Бұған кететін шығын да Хусаиновтың өсиетіне сәйкес жүзеге асырылды.

  А. Хусаинов өзінің жаңа оқу әдісіне бұлайша қолдау көрсетуінің себебін былайша түсіндірді: «Мен, қолымдағы бес сомды төрт миллион сомға айналдырдым. Сөйтіп, дәулетті адамдар қатарына қосылдым. Жұрттар мені ақшаны босқа шашатын ақымақ деп ойлар. Мен, төрт қыс бойы ескі әдістегі мектепте оқып, жаза да, оқи да алмадым. Бұл маған жаңа оқу әдісіне қолдау көрсетуге түрткі болды» [Л. Ямаева, 2002: 108].

  Хусаиновтар әулетінің келесі бір өкілі – Ғани Орынборға таяу жердегі, Қарғалы елдімекеніндегі мешіттің жанындағы мектепті жаңа оқу әдісіне көшіріп, оны өзі тікелей қаржыландырды. Ғ. Хұсаиновтың қайрымдылық әрекеті көпшілікті тамсандырды.  Бұл жөнінде Дж. Валидов былай деп жазды: «Оның үйі өлкедегі жаңа оқу әдісінің штабы іспеттес болды. Ол қай жерде болмасын жәдидшілдер қозғалысының өкілдерімен байланыс жасауға тырысты. Оның үйінің бара қалсаң, шай қойылған үстел жанында отырған жас мұғалімді кездестіруге болатын. Ол көптеген жаңа мектептер ашып, оларға мұғалімдерді өзі таңдады. Өзі ашқан мектептердің ұсақ-түйегіне дейін көңіл бөлді. Тіпті, сабақтарға қатысып, өзі түсінбей қалған нәрселерді мұғалімнен сұрап тұратын» [Д. Валидов, 1986: 61].

«Кез келген мұсылман қауымына назар аударыңызшы және барлық қызметіне зер салыңызшы, – деп жазған еді кезінде И. Гаспыралы. Әрбір мұндай қауым өзінше кішігірім мемлекет секілді, өзіндік заңы, әдет-ғұрпы, қоғамдық тәртібі мекемесі және дәстүрі исламшылдықтың жаңа рухын, тұрақты күшін қуаттап тұрады. Бұл қауымның басындағы биліктің тұтқасы старшынның және барлық қауымның қолында бұл биліктің беделі, діни-адамгершіліктік беделде оның көзі – Құранда. Бұл қауымның ешқандай жазалау шараларын және дәрежеге көтеруді қажет етпейтін барынша тәуелсіз дінбасылары бар. Кез келген әзірлігі бар мұсылман қожа (мұғалім), муәззин, иман, ахун және т.б. бола алады. Мұсылмандар сословиясі болмағандықтан және оны мойындамағандықтан, дін иелері кастасы дегенді білмейді. Әрбір мұсылман қауымның қауым, я болмаса вакуф қамқорлық жасайтын өз мектебі мен мешіті бар. Мұсылман мектептері қауыммен тығыз байланысады және исламдық рухта тәрбиелеу ісі жүретін жөргегінен бастап баланың әке-шешесінің әсерімен отбасылық мектепті толықтыра түсуге қызмет етеді, сондықтан бала 7-8 жаста-ақ күшті мұсылмандық-тайпалық өнеге алады. Бұл жаңа келген кез келген байқаушыны таңдандырып және ықыласты орындаушысыны ойлауға мәжбүрлейді. Бірнеше осындай қауымның бір алқалы мешіті болады: бірнеше ондағанына бір медресе, жоғарғы мектеп болады, мұнда мұсылманның бүкіл танымының көзі шоғырланып, діндарлар, молдалар, ахундар, мұғалімдер және де жалпы оқымыстылар дайындалады. Барлық осы мекемелер мен қоғамдық тәртіптер құранға сүйеніп, болашақ өмірдің сыйын күтіп, жалдан жылға шаршамай, шалдықпай жұмыс істейді.

  Мұндай қауымдар 10-20 отбасыдан тұрады, қазір олар мешіттің, я медресенің жолына топтасады және бір үйге орналасады, жоғарғы мұсылмандық білімді медресе береді».

Көпес Хусаиновтар Уфадағы ескі оқу әдісіндегі «Усмания» медресесін жәдидтік етіп қайта құруға да материалдық көмек көрсетті. Олардың мұндай қайырымдылығы басқа да дәулетті адамдарға өнеге болды. Олардың үлгісімен орынборлық Садретдин Назиров және Ғабдуллатиф Хакимов деген көпестер Уфадан  қыз балалар білім алатын «Анасия» деген мектепті ашуға қаржы бөлді. Кейіннен мұндағы оқу ісін жүргізуге кететін шығынды уфалық миллионер-көпес Ғұбайдолла Усманов өз мойнына алды [Л. Ямаева, 2002:107].

  Хусаиновтар әулеті қаржыландырып тұрған медресенің түлектері қатарынан ХХ ғасырдың бас кезіне дейін-ақ танымал тұлғалар бой көрсете бастады. Соның бірі – Зия Кемали. Ол Хусаиновтар құрған қайырымдылық қорының ақшасымен Түркияға барып білім алды. Еліне оралған соң  И. Гаспыралының оқу ісін реформалау жолындағы әрекетіне барынша қолдау көрсетті және Уфа қаласында жәдидтік білім беру орнын ашуды мақсат етіп қойды. Ол жәдидтік медресені жоғары білім беретін оқу орнына айналдыруды көздеп, болашақ оқу орнының атын «Ғалия» (Жоғары) деп атауды ұйғарды.  Оның бұл ойы И. Гаспыралы тарапынан қолдау тапты.

  Зия Кемали өз ойын жүзеге асыру мақсатында Уфадағы танымал мұсылман халықтарының өкілдерін шоғырландырып, бұл іске жұмылдыра білді. Жаңа оқу орнын салуға Уфада тұратын белгілі қазақ қайраткері Сәлімгерей Жантөрин де қызу атсалысты. Оның жұбайы – София Жантөрина оқу ғимаратын салуға көмек көрсететін қайырымдылық қорына жетекшілік жасады.

  София Жантөрина Уфа губерниясындағы ең ірі помещик саналған Тевкелевтер әулетінің өкілі еді. Ол сол кезде Уфада «Дәулетті әйелдердің қайырымдылық қоғамын» құрып, мұсылман қыздарының білім алуына қолдау көрсетуімен танымал болатын.

  «Ғалие» медресесін салуға 42 мың сом кетті. Осы қаржының 18 мың сомын С. Жантөрина, 20 мың сомын көпес Садретдин Назиров көтеріп алды.

  Қызыл кірпіштен салынған үш қабатты «Ғалия» медресесі шәкірттерге арналған жатақханамен және асханамен қамтамасыз етілді [Л. Тузбекова, 2006: 16].  Бұл медресе өз жұмысына ХХ ғасырдың басында кірісті. «Ғалия» медресесінің он жылдығына орай М. Дулатов арнайы мақала жазып, сол тұста бұл оқу орнының маңызы жайлы мынандай пікірін білдірген еді: «Медресе «Ғалияны» естімеген қазақ жоқ, қазақ даласының қай жерінен болса да, 10 жылдың ішінде медресе «Ғалиядан» оқыған шәкірттер бар. Осы күні қазақ арасындағы тәуір мұғалімдердің көбі медресе «Ғалияның» жемісі. Медресе «Ғалия» он жыл мұнан бұрын осы күнгі мудирі Зияддин хазіреттің ыжтиһатымен һәм ұлтына қызмет етуді борыш көрген жомарттардың жәрдемімен ашылған медресе, жылдан-жылға, дәуірлер мұсылмандардың бірінші медресесі қатарына қосылуына себепкер болған да әлгі ашушы Зияддин хазірет. ... Медрес «Ғалия» ноғайдікі болса да, қазаққа бөтендігі жоқ. 10 жылдан бері қанша қазақ баласы кірсе де, есігі ашық болған, мұнан кейін де иншалла жатырқайтын емес» [М. Дулатов, 1991: 284].

  Жаңа оқу әдісіндегі оқу орындардың саны арта түсуімен оларға арнап мұғалімдер даярлау мәселесі де туды. Осы уақытқа дейін жәдидтік мектептер мен медреселердің ұстаздардың денін И. Гаспыралының мектебінің түлекетрі құрап келген еді. Ол мұндай мұғалімдер даярлайтын мұсылмандық оқу орынды Орынбордан ашу керек деп есептеп, бұл іске татар халқының көрнекті өкілі Фатих Каримовке тапсырған болатын. Ф. Каримов бұл істі демеушілердің көмегімен ойдағыдай жүзеге асырып, Орал, Торғай және Ақмола облыстарындағы жәдидтік мектептерге арнап, мұғалімдер даярлай бастады.  Бірақ, көп ұзамай, бұл оқу орны арнайы тіркеуден өте алмауына байланысты билік орындары тарапынан жабылып қалды [Л. Хисамутдинова, 2003: 197].

  Жәдидтік мектептерге мұғалімдер даярлауды өз мойнына алған оқу орнының жабылып қалуы елдегі мұсылман зиялы қауым өкілдерін бей-жай қалдырмады. Бұл істе И. Гаспыралының оқу ісін реформалау жөніндегі ойына қызу қолдаушылық білдірген татар халқының көрнекті қайраткері Ғалымжан Баруди ХІХ ғасырдың соңына қарай айрықша көзге түсті. Ол сол тұстағы татар халқының болашағы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты екеніне мән беріп, балаларды ескіше тәрбилеп, оқытуды өзгерту керектігін барынша қолдап, балалар алған білімін күнделікті өмірде пайдалануы тиістігін жақтады [М. Юсупов, 2003: 151]. И. Гаспыралының ұсынысымен Орынборда мұғалімдер даярлайтын оқу орнынының жабылып қалуына қынжылыс танытып, мұндай оқу орнын Қазан қаласында ашуға кірісіп, мұны ХХ ғасырдың басына қарай жүзеге асырды.

  Ғ. Барудидің жетекшілігімен ашылған Қазандағы «Мұхаммадия» медресесі И. Гаспыралы  негізін қалаған жаңа оқу әдісін насихаттауға, мектептер мен медреселерді схоластика мен догматизмнен азат етуге бар күшін салды. Сөйтіп, Еділ бойы татарлары арасындағы жәдидшілдіктің басты орталығына айналды. Онда Кавказдан, Түркістан және Сібірден келген жастар да білім алды. «Мұхаммадия» медресесінде білім алу төр сатыдан тұрды. Медесеге оқуға қабылданудан алдын дайындық курсынан өту міндеттелді. Алғашқы екі саты бойынша білі алғандар – орта білімді, соңғы екі саты бойынша білім алғандар – жоғары білімді саналды.

  И. Гаспыралының оқулықтары мен оқу құралдары «Мұхаммадия» медресесінде кеңінен пайдаланылды. Медресе әйгіленген сайын оған келіп, білім аламын деушілер қатары көбейе түсті. Жыл сайын империяның түпкір-түпкірінен 300-400 бала медреседе білім алуға тілек білдіріп жатты. Медресенің оқытушылары құрамында Түркиядан эмиграцияға келген Жүсіп Ақшораның сабақ беруі оқу орнының беделін арттырды.

  Уақыт өткен сайын «Мұхаммадия» медресесі жаңа оқу әдісіне көшкен оқу орындарының ішіндегі ең мықтысына айнала бастады. Ғ. Баруди медреседегі оқу үрдісін барынша жетілдіруге мән беріп, жаратылыс тану пәндерін оқытуға басымдық берді. Араб және парсы тілдеріндегі кітаптардың мазмұнын түсінбей, оларды құры судыратып оқып, жаттап алуға ашық қарсылық білдіріп, татар тілі мен орыс тілін оқушылардың жақсы меңгеруін жақтады. Сөйтіп, медресенің оқу бағдарламасында татар тілі мен орыс тілін оқу практикалық маңызға ие екені ескерілді. Медресе шәкірттері орыс тілін шебер меңгеруі арқылы Қазандағы гимназияларда білім алып жатқан оқушылармен еркін пікірлесу мүмкіндігіне ие болды.

  И. Гаспыралы секілді Ғ. Баруди да ұлттық тар шеңберде шектеліп қалуға қарсы болып, татарлардың және басқа да мұсылман халықтарының еуропалық ғылым мен ағартушылық жетістіктерін игеруді жақтады. Ол Ресейдегі орыс емес халықтардың мүддесін көздей отырып, олардың орыс халқы секілді еуропалық өркениетке бет бұруы қажет деп санады.«Орыс тілін білмеу оларды жалпы адамзаттық құндылықтардан былай қойғанда, орыс ойы мен әдебиетінен де бөліп тастады. Орыс мұсылмандары басқа адамзаттан бөлініп қалғандай, өзінің түсінігінің және ой-өрісінің тар, қапырық саласында қала берді, күнделікті бір нанды табудан басқа идеялы болмады. Константинопль, Смирна, Каир секілді орталықтарды мұсылман қоғамдарының орыс мұсылмандары қоғамдарын барлық жағынан басып озғаны таңдантады, ол мұсылмандардың арасында сіз Еуропаны сезінесіз,  жаңа, тіпті азиаттық емес идеялар мен ұсыныстарды естисіз; оның үстінде бақшасарайлықтардың, қазандықтардың, қасымовшылардың және басқаладың қазіргі жағдайы бізге Иванн Грозный, Ермак және Шотан – Герейдің кезіндегі материалдық және рухани көріністі елестетеді. Тек қана бүкіл Литваға шашырай таралған, өзінің мұсылмандық аз санды қоғамдары ғана бұған кірмейді, өйткені олар еуропалық мәдениет пен өмір салтын тамаша меңгерген және де ақыл – ой дамуы жағынан орыс мұсылмандарының көш басында келеді, – деп көрсетеді осы орайда  И. Гаспыралы. Орыс үстемдігінің мұсылмандары прогресс пен өркениетке бастамауы, орыс-татар меңіреулігіне, материалдық қылмысты былай қойғанда, жаңа өмірдің лебімен дем алуына әкелмеуі іс жүзінде қөңілсіз іс. Ол аз болса, мен жүрегімді сыздата қосарым – орыс үстемдігі кезінде татарлардың мектептері жазуы арқылы көрініс берген рухани дамуы құлдырап кетті. Жартылай бұзылған, құлаған ескіден қалған жазуы бар жәдігерліктер, бір кездері жазылған, осы күні майланып, шаң басқан кітаптар татарлардың біз кездегі жаза білгендігін және көркем сөйлей алғандығын, терең ойдың түбінен маржан тергендігін, Хафиз шығармаларының көркемдігін, Шейх – Саадидің адамгершілігін, Инб-Сина және басқа араб пен парсы жазушылары мен философтардың ұшқыр ойларын түсінгендіктерін көрсетеді. Орыс мұсылмандары, біздің мемлекетіміздің заңы бойынша, орыстармен бірдей және де кейбір жағдайда олардың қоғамдық және діни дәстүріне құрмет қандай да бір басылымдық пен жеңілдіктерге ие».

Еуропалық және орыс педагогикасының тәсілдерін пайдалана отырып, медреседе оқылатын оқулықтар мен оқу құралдарын жетілдіре түсуді қолдап, бұл іске медресе ұстаздарын кеңінен тартты. Жаңа оқу құралдарын жазуға Ғ. Барудидің өзі де атсалысты. Ол 1893 жылы «Араб – парсы – татар сөздігін», 1889 жылы «Араб тілінің грамматикасын» шығарды [М. Юсупов, 2003:159].

   Ғ. Баруди  «Мұхаммадия» медресесіндегі  Шығыс тілдерінің де оқылуын қалай отырып, оны еуропалық деңгейге көтеруге күш салды. Медресеге қолдау көрсетуші демеушілердің арқасында медресе ғимараты жанынан асхана, емхана және шеберхана мен түрлі үйірмелер ашуға қол жеткізді. Сонымен қатар кембағал мұсылмандардың балаларына түрлі стипендиялар тағайындатты.

  «Мұхаммадия» медресесінде Ғ. Баруди қыз балалардың да білім алуына көңіл бөлді. Ол медреседе қыз балалар оқитын арнайы сынып ашты. Кейіннен бұл сынып, медресе жанындағы қыз балалар мектебі болып құрылды. Оған Ғ. Барудидің жұбайы – Бибімағруи Утямишева жетекшілік жасады. Соған орай халық арасында «Бибімағруи мектебі» деп аталып кетті. Бұл мектепте өзінің өзінің ағртушылық көзқарастарымен және оқымыстылығымен дараланған Лябибі Хусаинова дәріс берді. 1890 жылы  «Бибімағруи мектебін» көптеген қыз балалар бітіріп шығып, алғашқы мұғалималар атанды [Л. Хисамутдинова, 2003: 17].

  И. Гаспыралының жаңа оқу әдісіне көшу идеясы Солтүстік Кавказда және Әзербайжан аумағында да қызу қолдауға ие болды. Зерттеуші  С.И. Алиеваның келтірген мәліметтеріне қарағанда, А. Казаналипов жетекшілік еткен ағартушылықтық бағыттағы дағыстандық топ құрылған, ол топта  А. Акаев белсенділік танытқан.  Жаңа оқу әдісіндегі мектептерді ашуға әзербайжан меценаты Г.З. Тагиев қолдау көрсеткен [Г. Алиева, 2014: 149].

  Жәдидіктік білім беру бағытындағы оқу орындарының саны арта түсуімен И. Гаспыралы оларды оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жолында көп еңбектенді. Ол ХІХ ғасырдың соңына қарай «Тәржіман» газеті редакциясының баспаханасынан 12 түрлі оқулықты көп тиражбен басып шығарды. Басылып шыққан оқулықтар тез арада тарап кетіп отырды.

  Жәдидшілдіктің И. Гаспыралының атсалысуымен қарқын алуы патша өкіметі үшін күтпеген белсенділіктің көрінісі еді. Бұл жәйт Н.Д. Нұртазинаның еңбегінде былайша орынды көрсетілген: «Кейіннен жәдидтерге айналған  орыс мектептерінің түлектері миссионерлер күтпеген, Ресейдің жоспарына мүлдем кереғар мәдени (кейіннен саяси) салдар туғызды: біріншіден, олар білімге құштарлығымен, ерекше дарындылығымен, сүйкімді мінездерімен қарапайым орыс педагогтарын таң қалдырып, олардың көңілін еріксіз баурап алды, сондықтан оқытушылардың ұсынысымен олар түрлі демеу шараларына, мемлекеттік шәкіртақыларына (стипендияларға) ие болып, гимназия, тіпті университеттерде білімін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алып, өздеріне жол ашты. Сөйтіп, олар жасанды тосқауылдарды бұзып өтіп, интеллигенция қатарына қосыла бастады, дәлірек айтсақ, Ресей интеллигенциясының құрамдас бөлігі – жаңа ұлттық интеллигенцияны құрады (сол кезедгі құжаттарда «жаңа мұсылман интеллигенциясы» деп те аталған). Осындай мүмкіндікке сол заманда тек өз қаражатының күшімен де – байлығын, малын той-томалаққа, қатын алуға емес, оқу, білім, ұлт саясаты үшін сарп етіп жеткендер де көп болды. Яғни, бұл жолда қиындықтар мен құрбандықтар жеткілікті болғаны көрінеді.

   Екіншіден, метрополияның күтпеген, ең басты нәрсесі – жаңаша оқыған мұсылмандар орысқа да ұқсамайтын, бірақ ескі байлар мен молдаларға да ұқсамайтын тамаша, озық дүниетаным иелері болып қалыптасып шыға келгені! Негізінен, отаршылдардың  жеңіліске ұшырағанын дәлелдейтін бұл әмбебап тарихи-мәдени заңдылық тек Ресейде емес, Үндістанда, Африкада, басқа да отар аймақтарда байқалды. Еуропалық үлгідегі оқу орындарынан білім алып, кейбіреулері өздігінен Батыс мәдениетін, тілдерін үйреніп алған олар, нағыз ислами даналық үлгісін көрсетіп, «фикр», «иджтихад» тәсілдерін қолданып, отаршыл-тәрбиешілері оларға қолданған ұлтсыздандыру мен мұсылмансыздандыру туралы қулықты алдымен біліп, сосын оған рухани төтеп беріп, өз ұлттық «менін», иманын, дінін сақтап қалғандар. Осындай тарих драмасының куәгерлері әрі оны бастан кешірушілері, қатысушылары ретінде олар екі мәдениетті де жақсы біліп, салыстырып, өз халқына да, бүкіл адамзатқа да зор маңызы, пайдасы тиетін синтез жасауға, мәдени-шығармашылық қызметке кірісті. ... Мұсылман реформаторлары бірыңғай орысшыл болып кетпеді. Олар ассимилияцаға өз бастарын жеңгізбей, енді халық үшін осындай қиындықтар «орыстану қаупі) болмау үшін және кеңейтілген саналары негізінде, зор білімдерінің көмегімен, дағдарысқа ұшырап жатқан ұлттық дәстүр мен ислам дінін, мектеп-медресе жүйесін, басқа да қоғамдық институттарды жандандыру, қайта құру мақсатын өздерінің Алла алдындағы, халық алдындағы парызы деп түсініп, жаңа рухани ағартушылық ағым тудырды» [Н. Нұртазина, 2002: 176].

  Жәдидтік білім беру орындарының көптеп ашылуы патша өкіметінің халық ағарту саласын орыстандыру арнасына бұруына кедергі келтіре бастады. Шет аймақтарда ашылған «орыс-түзем» мектептеріне жергілікті халықтың балаларын тарту жұмыстарының өзі қиын жүріп жатқан кезде жәдидтік мектептер бұл жағдайды күрделендіріп жіберді.

  «Орыс-түзем» мектептеріне жергілікті халық шошына қарап, мұндай мектеп орыстандыру саясатын жүргізеді деп шошына қарады. Осыған байланысты бұл мектептерге жергілікті тұрғындар балаларын бермеуге тырысатын. Енді жәдидтік мектептер ашылған кезде жергілікті халық баларын осы мектептерге беруге тырысты. Жәдидтік мектептердің түлектері өзінің мұсылмандығын сақтай отырып, сауаттылығымен даралануы халық арасында бұл мектептерге деген құрметті күшейте түсті.

  Патша өкіметі жәдидтік мектептерді ашқанда бұл мектептер өздігінен жабылып қалады деген ойда болды. Билік орындарының пікірінше, біріншіден, керітартпа мұсылман дін иелері жәдидтік мектептердің жұмыс істеуіне жол бермейді, молдадар, қазылар және хазіреттер халықты жәдидтерге қарсы айдап салып, оларды өз жолынан ығыстырып шығаратын, екіншіден, мемлекет тарапынан қаржыландырылмаған соң жәдидтік мектептер қаржы тапшылығына байланысты өз жұмысын ұзақ жүргізе алмайтын. Бірақ, олар И. Гаспыралының жәдидшілдіктің алдынан шығатын кедергілерді жеңудің жолдарын алдын ала ойластырып қойғанынан бейхабар болатын.

  И. Гаспыралының жоспары бойынша, жәдидшілдер керітартпа мұсылман дін иелерін халық алдында ашық бәсекелестікте жеңуге болатынына сенім артты. Оның бұл ойы өзінің дұрыстығын осы бәсекелестік көрсетіп берді. Ескіше, жәдидтік мектептер ашылған кезден  схоластикалық мұсылмандық оқу орындарына халық балаларын беруді азайтты. Ендігі жерде халық балаларын діни мектептерге емес, жәдидтік мектептерге беруге ынталы болды. Тіпті, көшпелі қазақ ауылдарының өзі жәдидшіл мұғалімдерді шақыртып, соларға балаларын оқытып жатты. Бұрындары қазақ ауылдарында мұндай сабақты молдалар жүргізетін.

  Патша өкіметінің билік орындары шенеуніктерінің жәдидтік мектептер қаржы тапшылығынан өздігінен қызметін доғарады деген есебін де И. Гаспыралы жоққа шығарды. Ол жәдидтік мектептерді патша өкіметі қаржыландыруға талпыныс та, ниет де танытпайтынын жақсы түсінді. Сондықтан да ол жәдидшілдікті мұсылман халықтарының ішіндегі дәулетті адамдардың демеушілігіне сенім артып, оларға өзінің насихат жұмысымен ықпал етуге күш салды. Сөйтіп, ол өзінің көздеген мақсатына қол жеткізді. Бұған Орынбордағы «Хусаиния», Уфадағы «Ғалия», Қазандағы «Мұхаммедия» секілді т.б. ірі жәдидшілдік бағыттағы медреселер мен мектептердің ашылуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, И. Гаспыралы Ресей империясының протектораты болып табылатын Бұқар әмірлігі мен Хиуа хандығындағы жағдайды шебер пайдалана біліп, бұл жерлерде де жәдидшілдер тобын қалыптастыруға қол жеткізді.

  Жәдидшілдіктің ХХ ғасыр басында екпін алғаны соншалықты енді И. Гаспыралының үгіт-насихатынсыз-ақ жергілікті жерлерде халық өз беттерінше жәдидтік метептер ашып, балаларын сонда оқытуға деген талпынысын күшейте  түсті. Мұндай қалыптасқан ахуал «орыс-түзем» мектептеріне ғана емес, Ташкентте ашылған мұғалімдер семинариясы секілді ірі оқу орындарына кедергі келтіре бастады. Өйткені, жергілікті халық балаларын мұндай оқу беруден гөрі, Орынбордағы, Уфадағы, Қазандағы секілді ірі жәдидтік медреселерге бергенді жөн санады. Осындай жағдайдың орын алуына орай Н. Остроумов секілді патша өкіметінің жандайшаптары орталық билік орындарына жәдидтердің әрекетіне тыйым салу жөнінже «дабыл» қаға бастады. Міне, осындай «дабылдан» соң Полиция департаменті 1900 жылы желтоқсан айында шеткері аймақтардағы отарлық билік орындарына, соның ішінде Жетісу облысының әскери-губернаторына да нұсқау хаттар жөнелтіп, онда «империядағы 14 миллионнан астам мұсылмандардың өмір салтын өзгеріске түсіретін күшті ықпал пайда болды, мұндай ықпал И. Гаспринскийдің (Гаспыралы) 1884 жылғы «Хаджан сибиан (Әліппе) деген оқулығынан басталды» дей отырып, жәдидшілдердің әрекетін қатаң бақылауға алуды тапсырды [ҚР ОММ. 53: 43].

  Қорытынды. Патша өкіметінің жергілікті билік орындары арнайы нұсқау алғаннан кейін жәдидшілдік бағыттағы оқу орындарына қысым көрсету мақсатында, мұндай оқу орындардың жұмысына тексеріс жасап, түрлі кедергілер келтіруге әрекеттенді. Көшпелі қазақ ауылдарында жәдидтік білім беріп жүрген мұғалімдерді арнайы рұқсаты жоқ деп ауылдардан қуа бастады. Жәдидтік мектептерге рұқсат етілмеген кітаппен оқытуда деп жала жабуға тырысты. Бірақ мұндай кедергілерге қарамастан, И. Гаспыралы негізін қалаған жәдидшілдік ХХ ғасыр басындағы саяси жағдайға сай икемделіп, өміршеңдік танытты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  Абдирашидов З. Исмаил Гаспринский и Туркестан в начале ХХ века: связи – отношения – влияние. – Ташкент: «Akademnashr», 2011. – 384 с.

   Алиева С.И. Модернизация в Азербайджане и на Северном Кавказе в конце ХІХ – начале ХХ вв. // Вопросы истории. – 2014. – №11 –  С.143 – 149.

   Бендриков К.Е. Очерки по истории народного образования в Туркестане (1865 – 1924 годы). – М.: АПН РСФСР, 1960. – 265 с.

  Валидов Д. Очерки истории образованности и литературы татар (до революции 1917 г.).  –Оксфорд: Общество исследования Средней Азии, 1986. – 215 с.

  Ганкевич В. От исламского к светскому искусству (по страницам газеты «Терджиман / Переводчик» 1883 – 1918 годов) // Ислам в Евразии. – М.: Прогресс- Традиция, 2001. – 516 с. (С.385 – 400).

  Гилязов И. Тюркизм: становление и развитие. – Казань: КГУ, 2002. – 70 с.

  Дулатов М. Шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 381 б.

   Kirimli C. Gaspirali Ismail bey. – Istanbul: Türk şirketi,1934. –250 b.

   Кубатов А.Э. Кыргызстандагы жадидчилик кыймылы (1900 – 1916). – Бишкек: Тарых жана маданий мурас институты, 2012. – 204 б.

  ҚРОММ. 53-қ., 1-т., 9(а)-іс.

  Мухаметдинов Р.Ф. Зарождение и эволюция тюркизма. – Казань: «Заман», 1996. – 272 с.

   Нұртазина Н.Д. Қазақ мәдениеті және ислам (тарихи-мәдениеттанулық зерттеу). – Алматы: ҚазМӨҒЗИ, 2002. – 208 б.

  Тузбекова Л.С. Медресе «Галия» - высшее мусульманское учебное заведение на территории Башкортстана (1906 – 1919 гг.). – Уфа.: Уфимская государственная академия экономики и сервиса, 2006. – 130 с.

  Хабутдинов А.Ю. Лидеры нации. – Казань: Татар. кн. изд-во, 2003. – 159 с.

  Хисамутдинова Л. Основные вехи жизни и деятельности Галимджана Баруди // Медресе «Мухаммадия»: история и современность. -  Казань: «Иман», 2003. – 86 с. (С.10-36).

  Юсупов М.Х. Галимджан Баруди. – Казань: Татар. кн. изд-во, 2003. – 208 с.

  Ямаева Л.А. Мусульманский либерализм начала ХХ века как общественно-политическое движение (по материалам Уфимской и Оренбургской губерний). – Уфа: «Гилем», 2002. – 300 с.

 References

  Abdirashidov Z. Ismail Gasprinskij i Turkestan v nachale HKH veka: svyazi – otnosheniya – vliyanie. – Tashkent: «Akademnashr», 2011. – 384 s.

   Alieva S.I. Modernizaciya v Azerbajdzhane i na Severnom Kavkaze v konce HІH – nachale HKH vv. // Voprosy istorii. – 2014. – №11 –  S.143 – 149.

   Bendrikov K.E. Ocherki po istorii narodnogo obrazovaniya v Turkestane (1865 – 1924 gody). – M.: APN RSFSR, 1960. – 265 s.

  Validov D. Ocherki istorii obrazovannosti i literatury tatar (do revolyucii 1917 g.).  –Oksford: Obshchestvo issledovaniya Srednej Azii, 1986. – 215 s.

   Gankevich V. Ot islamskogo k svetskomu iskusstvu (po stranicam gazety «Terdzhiman / Perevodchik» 1883 – 1918 godov) // Islam v Evrazii. – M.: Progress- Tradiciya, 2001. – 516 s. (S.385 – 400).

   Gilyazov I. Tyurkizm: stanovlenie i razvitie. – Kazan': KGU, 2002. – 70 s.

    Dulatov M. SHyғarmalary. – Almaty: «ZHazushy», 1991. – 381 b.

   Kirimli C. Gaspirali Ismail bey. – Istanbul: Türk şirketi,1934. –250 b.

   Kubatov A.E. Kyrgyzstandagy zhadidchilik kyjmyly (1900 – 1916). – Bishkek: Taryh zhana madanij muras instituty, 2012. – 204 b.

   KhOMM. 53-kh., 1-t., 9(a)-іs.

   Muhametdinov R.F. Zarozhdenie i ehvolyuciya tyurkizma. – Kazan': «Zaman», 1996. – 272 s.

  Nurtazina N.D. Қazaқ mәdenietі zhәne islam (tarihi-mәdeniettanulyқ zertteu). – Almaty: ҚazMOҒZI, 2002. – 208 b.

  Tuzbekova L.S. Medrese «Galiya» - vysshee musul'manskoe uchebnoe zavedenie na territorii Bashkortstana (1906 – 1919 gg.). – Ufa.: Ufimskaya gosudarstvennaya akademiya ehkonmiki i servisa, 2006. – 130 s.

  Habutdinov A.YU. Lidery nacii. – Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2003. – 159 s.

  Hisamutdinova L. Osnovnye vekhi zhizni i deyatel'nosti Galimdzhana Barudi // Medrese «Muhammadiya»: istoriya i sovremennost'. -  Kazan': «Iman», 2003. – 86 s. (S.10-36).

   Yusupov M.H. Galimdzhan Barudi. – Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2003. – 208 s.

  Yamaeva L.A. Musul'manskij liberalizm nachala HKH veka kak obshchestvenno-politicheskoe dvizhenie (po materialam Ufimskoj i Orenburgskoj gubernij). – Ufa: «Gilem», 2002. – 300 s.

М.А. ЖОЛСЕЙТОВА

Южно-Казахстанский государственный университете имени М.О. Ауезова, к.и.н., доцент

 РОЛЬ И. ГАСПЫРАЛЫ В СТАНОВЛЕНИИ И РАЗВИТИИ ДЖАДИДИЗМА

РЕЗЮМЕ

  Основателем джадидизма был крымский татарин Исмаил Гаспыралы (1851-1914) – общественно-политический дея­тель мусульманских народов России. Он известен и как основатель тюркизма – идеологии солидарности тюркских народов России с одним литературным языком, системой просвещения и интеллигенцией, автор лозунга «Единство в мыслях, словах и делах». Свои общественно-политические взгляды Гаспринский изложил в двух брошю­рах, изданных на русском языке: эссе – «Русское мусульманство» (1881) и очерк «Русско-восточное соглашение» (1896). Он пропагандировал новые идеи на языке тюрки – особом стиле языка, универсальном для всех тюркских народов России, со страниц основанной им газеты «Тарджиман» (Переводчик), издававшейся с 1883 г. в течение двадцати с лишним лет. Им была также издана «Алифба» (Азбука), в которой он обосновал свой новый метод.

  Ключевые слова: джадидизм, просветительство, тюркские народы, мусульманские народы, школа, медресе.

   M. A. ZHOLSEITOVA

M.O. Auezov South Kazakhstan State University, Ph. D., Associate Professor

Shymkent, Kazakhstan

 I. GASPYRALY'S ROLE IN THE ESTABLISHMENT AND DEVELOPMENT OF JADIDISM

  Summary

The founder of Jadidism was the Crimean Tatar Ismail Gaspyraly (1851-1914) – public-political figure of the Muslim peoples of Russia. He is also known as the founder of Turkism – the ideology of solidarity of the Turkic peoples of Russia with one literary language, education system and intelligentsia, the author of the slogan "Unity in thoughts, words and deeds".Gasprinsky outlined his socio-political views in two brochures published in Russian: essay  "Russian Islam" (1881) and feature story "Russian-Eastern Agreement" (1896). He promoted new ideas in Turki (a special style of language, universal for all the Turkic peoples of Russia)on the pages of the "Tarjiman" (Translator)newspaper which was founded by him. It was published since 1883 for more than twenty years. He also published the "Alifba" (Alphabet), in which he justified his new method.

Keywords: Jadidism, enlightenment, Turkic people, Muslim people, school, madrasah


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 9813

No reviews

Download files

Ж__нделген. Ма__рипа-2.docx 0.05 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Қызылорда облысы Жалағаш ауданына 1960-шы жылдары қоныс аударған отбасылар ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ 929.624.8+398.347 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТАҢБАЛАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ (1946-1955) ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ОҚУ ОРЫНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚҚА ӘСЕРІ (ХІХ ғ. ІІ жарт.-ХХ ғ. басы) ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМ ЖӘНЕ АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ

Author's articles

ӘОЖ 930.009.21 ЮСУФ АКЧУРАНЫҢ ЖАС ТҮРІКТЕР БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ