Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI

З.С. ТОҚБЕРГЕНОВА. Т.ғ.к., доцент, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті.

ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: Түркiстан өлкелiк мұсылман Кеңесi, Мұсылмандар съезi, Шуро-и-Исламия, Түркiстан өлкесi. жәдидшiлдік, түркі халықтары, мұсылман халықтары
Author:
Түркістанның жадидтерінің негізі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық көрсеткендердің алдыңғы сабында тұрған интеллигенция болды. Олар болашақта туған өлкесін еркін әрі дамыған мемлекет ретінде көруді армандады. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан прогрессивті күштер басқарып отырған мемлекеттік үкімет жүйесінің сәтсіздігі, адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендігі және оларды өзгерту қажеттілігін терең түсінді. Ақпан төңкерісінен кейінгі ең прогрессивті күш түркістандық жадидтер болды. Олар, өз кезегінде Ақпан төңкерісін патша режимін құлату, шынайы халықтық басқару формасын құру, отаршылдық қанаудан зардап шеккен халықтардың тәуелсіздікке қол жеткізу фактісі ретінде күтті.
Text:

Кіріспе

1917 жылғы Ақпан төңкерісінің жеңiсiнен кейiн Қазақстан мен Түркiстанның тұрғылықты халықтарының саяси оянуының барысында осы жылдың көктемi бетбұрыс кезең болды, мұны халқымыздың үштен бiрi мекендеген Түркiстан өлкесiндегi осы бағыттағы жәдидшiлдiк (жаңашылдық)қозғалыстың қызметiнен айқын көремiз.

Қазақстан мен Түркiстанның зиялы қауым жетекшiлерi жаңа жағдайда осы өлкелердiң отарлық езгiден құтылып, егемендi ел болуы оңай iске асатын iс еместiгiн жақсы түсiндi. Олар ең алдымен отарланған халықтар арасында отарлық езгiге қарсы саяси хал-ахуал тудыру үшiн ауызша және жазбаша газет-журналдар және жекелеген шығармалар арқылы кең көлемде үгiт-насихат жұмыстарын атқару қажет деп бiлдi.

1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың,  Мiржақып Дулатовтың басқа қазақ зиялыларының қолдауымен 1913 жылдан Орынбор қаласында шығара бастаған жалпы ұлттық «Қазақ» газетi де ұлттық-азаттық идеяларды қалыптастырып, уағыздауға қызмет еттi.

Қазақстанда Әлихан Бөкейханов төңiрегiне топтасқан зиялылар атқарған осымен сабақтас жұмыстарды Түркiстан мен Едiл бойын мекендеген түркiлер арасынан шыққан жәдидшiлдер жүзеге асырды.

Осындай тарихи үрдістің терең астарын түсіну үшін жәдидшiлдiк (жаңашылдық)қозғалыстың қызметiн зерттей түсу қажет.

Талқылау. Мұстафа Шоқайдың «Түркістанның қилы тағдыры» атты кітабында [М.Шоқай, 1992: 128],  Кеңес Нұрпейiстің «Алаш һәм Алашорда» [К. Нұрпейiс, 1995:213] жәнеКөшiм Лекерұлы Есмағамбетовтың «Әлем таныған тұлға»[К.Л. Есмағамбетов, 2008:105] атты еңбектерінде жәдидшiлдiк (жаңашылдық)қозғалыстың қызметi қарастырылған. Сондай-ақ мұндай зерттеулер қазақстандық, өзбекстандық ғалымдар тарапынан да жарық көрген. Осындай бағыттағы зерттеулер бұл мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.

  Нәтижесі. Түркiстан өлкесiндегi жәдидшiлдiк (жаңашылдық)қозғалыстың қызметiн ашып көрсету арқылы жәдидшiлдердің Түркiстанда қанат жая бастаған ұлттық-демократиялық қозғалысқа басшылық етуге нақтылы әрекеттер жасағанын тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз.Сонымен бірге өлкенiң тұрғылықты халықтарының түбiрлi мүдделерiн бейнелейтiн «Шуро-и-ислам» партиясының құрылуы және оның мақсаттары мен басты мiндеттерiне шынайы баға беру мүмкіндігі арта түседі.

Негізгі бөлім. Ақпан төңкерісінің жеңiсiнен кейiн Қазақстан мен Түркiстанның тұрғылықты халықтарының саяси оянуының барысында 1917 жылдың көктемi бетбұрыс кезең болды [Туркестанские ведомости,1917].

Мұны бiз қазақтың демократиялық интеллигенция өкiлдерiнiң ұлттық саяси партия құруға бағытталған әрекеттерiнен көрсек, халқымыздың үштен бiрi мекендеген Түркiстан өлкесiндегi осы бағыттағы жәдидшiлдiк (жаңашылдық) қозғалыстың қызметiнен айқын көремiз.

Қазақстандағы Әлихан Бөкейханов төңiрегiне топтасқан қазақ зиялылары да, Түркiстандағы  М. Бехбуди, М. Қары төңiрегiне ұйысқан жәдидшiлдер (жаңашылдар) айтылмыш өңiрлерде қанат жая бастаған ұлттық-демократиялық қозғалысқа басшылық етуге нақтылы әрекеттер жасады.

XIX-XX ғасырлар тоғысында қалыптасқан Қазақстан мен Түркiстанның ұлтттық-демократиялық интеллигенция жетекшiлерi бiртiндеп ұлттық-азаттық идеяларды қалыптастырушылар рөлiн алмастырып қана қойған жоқ, сол идеяларды жүзеге асырудың соны жолдарын да iздестiре бастады. Олар Қазақстан мен Түркiстанды стихиялы қарулы көтерiлiстер арқылы отарлық езгiден құтқару мүмкiн емес деп санады. Олардың бұл пiкiрi Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстi сыртқы зорлықшыл күштер аяусыз басып жаншығаннан кейiн күшейе түстi.

Қазақстан мен Түркiстанның зиялы қауым жетекшiлерi жаңа жағдайда осы өлкелердiң отарлық езгiден құтылып, егемендi ел болуы оңай iске асатын iс еместiгiн жақсы түсiндi. Олар ең алдымен отарланған халықтар арасында отарлық езгiге қарсы саяси хал-ахуал тудыру үшiн ауызша және жазбаша газет-журналдар және жекелеген шығармалар арқылы кең көлемде үгiт-насихат жұмыстарын атқару қажет деп бiлдi.

Сондықтан да ұлт зиялылары өздерiнiң шығармашылық қызметiн осы iске бағындырды. 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген Мiржақып Дулатовтың «Оян, Қазақ!» деген кiтабы мен 1911 жылы Орынборда жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» атты жинағы осы бағыттағы айтулы шығармалар болды. Ал 1913 жылы айтылмыш қайраткерлердiң басқа қазақ зиялыларының қолдауымен 1913 жылдан Орынбор қаласында шығара бастаған жалпы ұлттық «Қазақ» газетi де ұлттық-азаттық идеяларды қалыптастырып, уағыздауға қызмет еттi.

Қазақстанда Әлихан Бөкейханов төңiрегiне топтасқан зиялылар атқарған осымен сабақтас жұмыстарды Түркiстан мен Едiл бойын мекендеген түркiлер арасынан шыққан жәдидшiлдер (жаңашылдар) жүзеге асырды.

Келесi кезекте Қазақстан мен Түркiстан зиялылары халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, түбiрлi ұлттық мүдделердi айқындап, оларды жүзеге асыру жолдарын анықтайтын партиялар мен саяси ұйымдар құру iсiн шешуге келiстi. Осы бағыттағы олардың iс-әрекеттерiне 1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс революциясы және оның барысындағы Ресейде орын алған саяси процестер айтарлықтай ықпал жасады. Ұлт аймақтарының зиялы қауым өкiлдерi осы революция кезiнде саяси партиялар қатарынан сол кезде патша үкiметiнiң саясатын буржуазиялық демократтық тұрғысынан сынаған конституциялық демократтар (кадеттер) партиясына iш тартты. Ал отарлық езгiнi басынан кешiрген ұлт аймақтарындағы халықтардың жекелеген өкiлдерi, эсерлер мен социал-демократтардың бағдарламалық талаптарына ден қойды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі жоғарыда айтылғанындай ұлт аймақ халықтарына, ең алдымен оның зиялы топ өкiлдерiне айтарлықтай әсер етiп, олардың саясатпен айналысуларына, бiрiншi кезекте ұлттық-азаттық күреске жетекшiлiк жасайтын партия құру жолындағы iстердi бастауларына түрткi болды.

Қазақстанда осындай партияларды ұйымдастыру iсiнiң басы-қасында Әлихан Бөкейханов және оның сенiмдi серiктерi, Түркiстанда Мұстафа Шоқай мен осы өлкедегi жәдидшiлер (жаңашылдар) қозғалысының Махмұдхожа Бехбуди, Муннавар Қары, мұсылман халықтары демократиялық қозғалысының көрнектi өкiлдерiнiң бiрi, ұлты башқұрт Заки Уәлиди Тоған, т. б. болды.

Осы қайраткерлер 1905-1907 жылдардағы жалпы либералдық ұстаным мен «кадетшiлдiктен» 1917 жылғы Ресейлік партияларға сыни тұрғыдан қарайтын ұлттық-демократиялық құндылықтарды жақтаушыларға дейiнгi көзқарас эволюциясынан өттi [К. Нұрпейiс, 1995:213]. Нәтижесiнде Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар тобы 1917 жылғы шiлдеде өткен бiрiншi жалпықазақ құрылтайында ұлттық-демократиялық мақсаттарды көздейтiн «Алаш» партиясын құрса, Түркiстандағы жәдидшiл (жаңашыл)  қайраткерлер өлкенiң тұрғылықты халықтарының («мұсылмандар» деген атаумен айқындаған) түбiрлi мүдделерiн бейнелейтiн «Шуро-и-ислам» («Ислам кеңесi») партиясын дүниеге әкелдi.

«Шуро-и-Исламия» («Ислам кеңесi») 1917 жылғы наурыз айының ортасында Түркiстан өлкесiнiң әрi оған қарайтын Сырдария облысының орталығы Ташкент қаласында құрылды. Оның негiзi 1917 жылғы 14-i наурызда 60-тан астам ескi Ташкент тұрғындары өкiлдерiнiң (өзбек, қазақ және татарлар) бас қосуында қаланды. Оған қатынасушылар мұсылмандардың (бұл жерде «мұсылман» деген атау Түркiстан өлкесiн мекендейтiн тұрғылықты халықтардың жиынтық аты ретiнде қолданылған) өкiлеттi орган ретiнде «Шуро-и-Исламия» («Ислам кеңесi» немесе «Мұсылман кеңесi») саяси ұйымын құрды. Оның 15 адамнан тұратын басқармасы сайланды. Олардың басым көпшiлiгi жәдид қозғалысының М. Қары, Қ. Бабажанов, У. Хожаев сияқты қайраткерлерi болды. 1917 жылғы сәуiр айында Петроградтан Ташкенге келген Мұстафа Шоқай «Шуро-и-Исламияның» айтылмыш басқармасының мүшелiгiне сайланып көп кешiкпей оның төрағасы қызметiн атқара бастады [М.Шоқай, 1992:120-239].

Әуел баста «Ислам кеңесiнiң» мақсаттары реформаторлық идеяларды тарату мен Түркiстан мұсылмандарының бiрлiгiн нығайту деп анықтайды [Туркестан в начале ХХ века, 2000: 22; М.Шоқай, 1992:120, 126].

Көп кешiкпей (мамыр-маусым айларында) «Шуро-и-Исламия» ұйымының бөлiмшелерi Түркiстан өлкесiнiң барлық қалалары мен басқа да елдi мекендерiнде құрылды. Осы бөлiмшелердiң Сырдария облысында құрылуына М. Шоқай, Көлбай Тоғысов, т.б. азаматтар белсендi түрде ат салысты [Туркестан в начале ХХ века, 2000:22]. «Шуро-и-Исламияның» Ташкенттегi мекемесi оның орталық ұйымы болды да, басқа елдi мекендегiлерi оның ұйымдары бөлiмшiлер болып саналды.

1917 жылдың жазының басына қарай М. Шоқай басқарған «Шуро-и-Исламия» мен «Түркiстан өлкесi мұсылмандарының орталық кеңесi» Түркiстан халықтарының тәуелсiздiк күрес жолындағы беделдi қоғамдық-саяси бiрлестiгiне ұласу процесiне батыл бет бұрды. Осыған орай «Шуро-и-Исламияның» бастапқы кезде алдына қойған жалпылама мiндеттерi ендi нақтыландырыла өткiрлене түстi. Оның басты мiндеттерi болып мыналар анықталды: өлкенiң елдi мекендерiнде (қалалар, қыстақтар және ауылдарда) жиналыстар өткiзiп, олардың барысында саяси, мәдени мәндегi мәселелердi көтерiп, талқылау, халыққа патшаның саясаты жүргiзген ескi әкiмшiлiк аппаратты iс жүзiнде таратып, оның орнына жаңа билiк жүйесiн құру қажеттiгiн түсiндiру; өлкенi мекендеген ұлттар арасындағы алауыздық пен сенiмсiздiктен арылу және оларды бiр-бiрiне жақындастыру бағытында жұмыс атқару; басқа саяси ұлттармен қарым-қатынас орнату және оларға түркiстандық мұсылман халықтарының талап-тiлектерiн жеткiзу; оқу-ағарту iсi мен дiн саласындағы реформаларды жүзеге асыру; бүкiлтүркiстандық мұсылмандар құрылтайларын шақырып, олардың саяси тұрғыдан бiрiгуiне ықпал жасау арқылы өлкедегi ұлттық-мемлекеттiк құрылыс мәселесiн шешудiң жолдарын анықтау; бүкiлресейлiк мұсылмандар одағына өз өкiлдерiн жiберу арқылы онымен тұрақты байланыс орнату [М.Шоқай, 1992:128-129; Туркестан в начале ХХ века, 2000:23].

 «Шуро-и-Исламия» кейбір дін иелерінің «Шуро-и-Улемаға» кетуімен және олардың алдына қойған мақсаты мен қызметіне қарағанда, ортаазиялық қоғамды белсенді саяси өмірге оятуға бағыт ұстаған интеллигенцияның алдыңғы қатарлы өкілдерін біріктірген саяси партия ретінде әрекет етеді және  Ұлттық кеңестің басты тірегі саналады [К.Л. Есмағамбетов, 2008:105].

1917 жылдың бiрiншi жартысындағы жағдайға баға бере келiп, Мұстафа Шоқай «Тәуелсiздiкке деген ұлттық ынта мен талпыныстың олардың әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси негiзi болмаса, шын мәнiндегi азаттыққа қол жеткiзу мүмкiн емес» деген ой түйедi [Туркестан в начале ХХ века, 2000:24-25 б.].

Түркiстандағы жергiлiктi халықтар өкiлдерiнен 1917 жылдың бiрiншi жартысында құрылған айтылмыш саяси және саяси-дiни ұйымдардың шын мәнiндегi партия болып қалыптаса қоймағанына қарамастан, олар бiрiншi кезекте «Шуро-и-Исламия» өлкенiң саяси өмiрiндегi айтарлықтай оқиға болды.

Түркiстан өлкесiне қараған оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс Қазақстан өңiрiндегiсаяси ұйымдарға кiретiн саяси күштердiң арасалмағы мен өзара қатынасына көз жiберейiк.

Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң (Турком) құрамы Уақытша үкiметтiң 1917 жылғы 7-i сәуiрдегi қаулысымен бекiтiлдi. Оның төрағасы болып Мемлекеттiк Думаның мүшесi және кадеттер партиясының мүшесi Н.Н. Щепкин тағайындалды. Турком кұрамында түркi халықтарынан төрт адам: Әлихан Бөкейханов (бiрiншi Думаның мүшесi), Мұхаметжан Тынышбаев (екiншi Думаның депутаты), Садри Мақсудов (үшiншi Думаның депутаты) және генерал-майор Абдул Азиз Дәулетшин болды. Қалғандары Ресейлiк әртүрлi саяси партиялардың мүшелерi едi (Преображенский, Шиковский, Липовский, Елпатовский,  т.б.).

Мұстафа Шоқайдың пiкiрiнше Туркомның Н.Щепкин басқарған бiрiншi құрамындағы орыс халқының бес өкiлi Түркiстан жағдайын жете бiлмейтiн кiсiлер болды. Олар белгiлi дәрежеде осы комитетке кездейсоқ мүше болды. Мәселен, Липовский бiр кезде Ташкент гимназиясында окығаны үшiн, Петербургтiк адвокат Елпатовский революциядан бiр жыл бұрын Түркiстанға келiп қайтқандықтан енiп кеттi. Ал Шиковский болса, патша өкiметiнiң қоныс аудару саясатын бар ынтасымен және бұлжытпай орындағандардың бiрi едi. Комитеттiң орыс мүшелерiнiң арасында осы ғана Түркiстандық [М.Шоқай, 1992:137]. Әлихан Бөкейханов болса, сол кезде Уақытша үкiметтiң Торғай облысындағы комиссары болғандықтан Туркомның жұмысына мүлдем қатыса алмады, тiптi Ташкентке жолы түспедi.

«Түркiстандық инженер Тынышбаевтың, - дейдi Мұстафа Шоқай, - саяси көзқарасы кадеттерге жақын болатын. Оны жақсы бiлетiндердiң сөзiне қарағанда қабiлеттi, бiлгiр инженер болса да, зор саяси тұлға бола алған жоқ. Петербург инженерлер институтын бiтiргеннен кейiн саяси қызметке қадам басқан бұл кiсiден Түркiстан тұрғындары зор үмiт күткен едi» [М.Шоқай, 1992:136].

Ал Абдул Азиз Дәулетшин Ақпан төңкерісіне дейiн де, одан кейiн де «орыс өкiметiнiң құрметiне бөленген мұсылман генералдарының бiрi болатын. Ол ешқандай саясатпен айналыспайтын, саясатқа қызықпайтын. Ешкiмге зияны тимегенi сияқты пайдасы да аз тиетiн» [М.Шоқай, 1992:137].

Мұстафа Шоқай Уақытша үкiметтiң Туркомитетiнiң басқа мүшелерiне де жоғарыдағылармен сарындас баға бере келiп, олардың iшiнде оның төрағасы кадет Н.Н. Щепкиннен «басқа көзге түсерлiк бiрде-бiр саяси тұлға жоқ едi» деген қорытынды жасайды [Туркестан в начале ХХ века, 2000:31; М.Шоқай, 1992:137].

Уақытша үкiметтiң Туркомитетiнiң бiрiншi құрамы Түркiстан генерал-губернаторын билiктен аластағанына қарамастан, өлкедегi отарлық тәртiп бұрынғы күйiнде қалды. Тек басты кеңсенiң маңдайындағы жазу ғана өзгердi. Туркомитеттiң аппаратында бұрынғы генерал-губернатор басқармасының қызметкерлерi қалдырылды [М.Шоқай, 1992:138].

Уақытша үкiметтiң Туркомитетi жұмысқа кiрiсiмен, онымен Ташкент жұмысшы және солдат депутаттары арасында кикiлжiң шыға бастады. Туркомитет төрағасы жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесiнiң қысымына көнгiсi келмеген Н.Щепкин оған қарсы күресте «Шуро-и-исламмен» одақтасқысы келетiнiн бiлдiрдi. Осындай жағдайда, дейдi М. Шоқай, бiз «шын ықылас көрсетпегенмен үкiмет комитетке қарсы шықпадық… Бiз үкiмет комитетiн жақтырмадық, әрi оған қарсы қүрескiмiз келмедi. Өйткенi, бiзге аса қауiптi күш, яғни жұмысшы-солдат дапуттаттары Кеңесi осы үкiмет комитетiнiң орнына көз салып тұрған едi. Бiздiң қызметiмiздiң жағдайын мұқият ескерiп, уақыт күту болды» [М.Шоқай, 1992:123].

Сол 1917 жылдың көктемiнде «Шуро-и-Исламияға» осыдан басқа күрес әдiсiн қолдану қиын едi. Ол, бiр жағынан, саяси тұрғыдан алғанда Түркiстандықтарға ықыласы жоқ үкiметтiк комитеттi қолдағысы келмесе, екiншi жағынан төңкерiсшiл, экстремистiк iс-әрекетке бейiм жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесiнен жүрексiндi.

Жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесiнен жүрексiну ғана емес, одан қорқуға да негiз бар едi. Мұстафа Шоқайдың мәлiметi бойынша ол сол кезде кеңес өкiлдерiнен, тiптi саясатқа араласа бастаған орыс халық өкiлдерiнен: «Революцияны орыс революционерлерi, орыс жұмысшылары, орыс солдаттары жасады. Сондықтан Түркiстанда да мекеме, билiк орыстардың қолында болуы тиiс. Жергiлiктi халық бiздiң бергенiмiзге қанағаттануы керек», - деген сөздердi жиi естуге тура келетiн. Бұл сөздi 1917 жылғы сәуiр айының басында бұрынғы Түркiстан генерал-губернаторының сарайында өткен облыстық кеңестер мен өлкедегi қоғамдық ұйымдарының құрылтайында Қоқан сауда мектебi мұғалiмдерiнiң халықшыл социалистер тобындағы Некара деген айтқан едi. Түркiстандық «социалистiң» аузынан шыққан осы сөздер өлкенi сәл ертерек билеген генерал Самсоновтың: «Орыс мұжықтарының ұры-қарысының өзi кез келген Түркiстандықтан, оның әулиесiнен артық», - деген сөзiнiң «сыпайы» нұсқасы едi [Туркестан в начале ХХ века, 2000:32; М.Шоқай, 1992:125].

Осыдан келiп Түркiстанның ұлттық-демократиялық қозғалысына қоғамның саяси өмiрi талап еткен күрделi мәселелердi шешу жолдарын анықтау қажет болды. Сондықтан да  «Шуро-и-Исламияның» мұрындық болуымен 1917 жылғы 16-21 сәуiр аралығында Ташкент қаласында бiрiншi бүкiлтүркiстандық мұсылмандар съезi шақырылды. Оған 150-ге жуық делегаттар қатысты. Съездiң төралқасына сайланғандар қатарында «Шуро-и-Исламияның» iс жүзiндегi жетекшiсiне айналған Мұстафа Шоқай, Түркiстандағы азаттық қозғалысының саяси-дiни қанатының басшысы Сералы Лапин, жәдидшiл қайраткерлер Убайдулла Ходжаев, Заки Уәлиди Тоған, т.б. болды. Съезд Түркiстандық қоғамдық саяси өмiрi мен ұлттық-азаттық қозғалыстың көкейкестi мәселелерiн талқылады. Олардың негiзгiлерi төмендегiге саяды: Уақытша үкiметке көзқарас; Ресейдi билеу түрi (формасы) туралы; Құрылтай съезiн шақыруға дайындық; қажет мәселелерi; медресе, мектеп вакуф жөнiнде; азаматтық және рухани-шариаттық мекемелер туралы; соғысқа көзқарас және тыл жұмыстарына қатынасушылар жөнiнде; «Шуро-и-исламның» өлке көлемiнде бiрiгу және оның Уақытша үкiметтiң жергiлiктi атқару комитеттерiмен қарым-қатынасы, т.б. [М.Шоқай, 1992:126].

Съездiң соңғы күнi Түркiстан өлкелiк мұсылман Кеңесi (өлкелiк мұскеңес) құрылды. Оның төрағасы болып Мұстафа Шоқай, хатшылығына Заки Уәлиди Тоған, төралқа мүшелiгiне М. Қары, М. Бехбуди, У. Ходжаев, т.б. сайланды. Өлкелiк мұсылмандық Кеңестi алдыңғы қатарлы зиялы қауым ұлттық орталық (Милли Маркез) деп қабылдады.

Бұл оқиға Мұстафа Шоқайды Түркiстандық зиялы қауымның көшбастаушы ретiнде танығандығының дәлелi едi. «Ұлттық орталықтың жетекшiсi болу мерейлi көрiнгенмен,- деп жазды М. Шоқай 1936-1937 жылдарда шетелде жарияланған естелiгiнде,- орталық кеңес мүшелерi iшiндегi жас жағынан ең кiшiсi бола тұрып, төрағалыққа сайланғаныма едәуiр ыңғайсыздандым. Өйткенi, бұл жағдай менiң жеке басымның беделiн емес, зиялы азаматтардың аздығын, соларға сусап отырғанымызды көрсететiн…

Өз басым Түркiстан ұлттық қозғалысының құрылысына ешқандай шен-шекпенi жоқ қарапайым қара жұмысшы - мердiгер болып қатыссам да, өзiмдi асқан бақыттымын деп есептер едiм! Бiрақ тағдыр менi ұлттық қозғалысымыздың жауапты кезеңiнде өлкелiк ұйымның басына әкелiп қойды» [Программы политических партий России, 1995:33].

Мұстафа Шоқай мен Түркiстандық жәдидшiлдер (жаңашылдар) жетекшiлерi басқарған «Шуро-и-Исламшылдар» Қазақстандағы Алаш қозғалысы жетекшiлерi сияқты сол кездегi жағдайда осы өлкелердiң Ресей демократиялық федерациясы құрамындағы ұлттық-территориялық автономия болуын жақтады. Азаттық қозғалыстың басқа бағыттағы саяси күштерiн осы мақсатты жүзеге асыру iсiне топтастыруға ұмтылды.

Осы ұлттық-мемлекеттiк мәселесi Қазақстан мен Түркiстаннан делегаттар қатынасқан 1917 жылғы мамыр айының 1-11 аралығында Мәскеу қаласында өткен жалпыресейлiк бiрiншi мұсылмандар съезiнде кеңiнен әрi қызу талқыланды.

Съезд делегаттарының бiр тобы мұсылман халықтарына демократиялық Ресей құрамында экстерриториялдық мәдени автономия берiлсiн десе (Ахмед Цаликов ұсынған жобада), екiншiлерi, мұсылман халықтарына демократиялық Ресей федерациясының құрамында ұлттық-территориялық автономия берiлуiн жақтады (М.А. Расул-заде ұсынған жобада). Осы екi жобаны ұзақ талқылағаннан кейiн съезд делегаттары басым көпшiлiкпен М.А. Расул-заде жобасын қолдап дауыс бердi. Съезд қабылдаған қаулыда: «Ресейдiң мемлекеттiк формасы мұсылман халықтарының мүдделерiн толық қамтитынұлттық-территориялық негiзде құрылған демократиялық Республика болуға тиiс; сонымен қатар белгiлi территориясы жоқ халықтар ұлттық-мәдени автономияны иемденедi,» - делiндi [М.Шоқай, 1992:130]. Съездiң шешiмiмен Ресей мұсылмандарына басшылық ету мақсатында Бүкiлресейлік мұсылмандар Кеңесi (Милли Шоро) құрылды. Оның құрамына Қазақстаннан Жаханша Досмухамедов, Көлбай Тоғысов, Уәлихан Танашев, Жақып Ақбаев, Түркiстаннан Убайдулла Ходжаев т.б. сайланды.

Бүкiлресейлiк бiрiншi мұсылмандар съезi мұсылмандар мекендейтiн ұлт аймақтарында, атап айтқанда Қазақстан мен Түркiстанда, демократиялық қозғалыстардың пайда болып өрiстеуiне, ұлттық өңiрлерiндегi саяси хал-ахуалдың жандануына ықпал жасады. Сонымен қатар съезд шешiмдерi бүкiлресейлiк ауқымда мұсылмандар қозғалысын бiрiктiруге белгiлi дәрежеде негiз жасады. Алайда елдегi қоғамдық-саяси дамудың барысында саяси күрес мәселелерiне көзқарасты белгiлеуде, ең алдымен ұлттық-мемлекеттiк құрылыс iсiн шешу жолдарын анықтауда, осы процестердi исламның орнын айқындауға мұсылмандық қозғалыстың тұтастығы мен бiрлiгiне нұқсан келтiрген әртүрлi қайшылықтар мен көзқарас алшақтықтары орын алуынан көрiнген болатын.

Айтылмыш съездегi осы көзқарас қайшылығы көп кешiкпей Түркiстанда, оның құрамдас бөлiктерi Сырдария мен Жетiсу облыстарында өзiнiң жалғасын тапты. Ұлттық-демократиялық мәндегi және зайырлық (светский) тұрғыдағы Түркiстан халықтарының автономиясын құрмақ болған «Шуро-и-ислам» құрамынан ұлттық мемлекеттi таза мұсылмандық тұрғысынан, шариғат заңдары негiзiнде құруды ойластырған Сералы Лапин бастаған топ бөлiнiп шығып, 1917 жылғы маусымда «Ғұлама қоғамын» құрды. Мұстафа Шоқайдың мәлiметiне сүйенсек «Сералы Лапин басқарған «Ғұлама қоғамы»… Ресейдегi мемлекеттiк режимнiң өзгеруiн… Әзiретi Осман заманынан берi мұсылман халықтарының тарихында болып көрмеген Хулафан Рашидиннiң мемлекеттiк құрылысын қайталаған сәт демекшi болды… Сералы Лапин өз қоғамы атынан Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi жанынан Түркiстанда «Махнаман шариат» (шариғат мекемесi) деген атпен өкiлдер мәжiлiсiн (сенат) құрып, Бүкiлресей Құрылтай жиналысы мен Бүкiлресей парламентi тарапынан Түркiстанға байланысты шығарылған заңдарды осы шариғат мекемесiнде бекiтудi талап еттi» [М.Шоқай, 1992:130].

Осы екi саяси ұйым Түркiстанның мұсылман халықтарына өз ықпалдарын жүргiзу үшiн өзара тартыс пен айтысқа жиi-жиi ерiк бердi. «Бүкiл Түркiстан тұрғындарының көңiл-күйiне ықпал жасамақ болған осы екi ұйым, - дейдi М. Шоқай «1917 жылғы естелiктерден үзiндiлер» атты еңбегiнде, - «Шуро-и-Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бiр-бiрiмен қырқысып жатты… ал «Түркiстан өлкесi мұсылмандарының кеңесi» осы екеуiн жақындастыра алмай әуреге түстi. Осы екi ұйым арасындағы алауыздық бiздiң ұлттық тәуелсiздiк жолындағы күресiмiздi бәсеңдетiп, жұмысымызды былықтырды» [М.Шоқай, 1992:127-132].

Ақпан төңкерісі ұлттық мәселенi азаттық тұрғысынан күн тәртiбiне қоюға мүмкiндiк бергенiмен, деп көрсеттi М. Шоқай, бiзде ол кезде бiлiктi қайраткерлер, қалың бұқараны топтастыратын саяси ұйым (партия) жоқ едi. «Шуро-и-Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» ондай рөлдi атқаруға дәрменсiз болды [К.Нұрпейiсов, 1997:24].

Ұлттық мемлекеттiк құрылыс мәселесiндегi «Ғұламалар қоғамының» айтылмыш ұсыныс талаптарына Мұстафа Шоқай ащы да болса, әдiл мынандай баға бердi: «Бұл мұсылмандық көзқарас тұрғысынан алғанда өте жақсы ұсыныс едi. Бiрақ ол жас баланың «аспандағы айды алып бер» деген талабына ұқсайтын. Мұндай мықты мұсылмандық идеяны жүзеге асыру үшiн Түркiстан Ресейге тәуелдiлiктен бiржолата құтылуы керек едi [М.Шоқай, 1992:130].

Түркiстанның тұрғылықты халықтарының азаттық қозғалысының тұтастығы мен бiрлiгiн ойлаған М.Шоқай басқарған қайраткерлерi «Түркiстан өлкесi мұсылмандарының орталық Кеңесi», «Шуро-и-Исламия» мен «Ғұлама қоғамын» татуластыру жолында бiрнеше талпыныстар жасады. Атап айтқанда Түркiстанның әр тарапынан келген өкiлдерден арнайы топ құрылды, оған осы екi саяси ұйымды жақындастыру мен татуластыру мiндетi жүктелдi. Қазiргi тiлмен айтқанда осы «келiсiм комиссиясы» Шайхантауыр медресесiнде өткен «Ғұлама қоғамының» жиынына қатынасып, «Ғұламалықтарды»  түсiнiстiкке шақырды. Алайда түк бiтiре алмады [А.Ш. Махаева, 1995:10].

Түркiстандағы ұлттық қозғалыстың осындай алауыздығын басқа саяси күштер (атап айтқана Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетi, жұмысшы-солдат комитеттерi, ұлыорыстық шовинистiк пиғылдағы өлке тұрғындарының жетекшiлерi, ең алдымен ресми басқару жүйесiнiң чиновниктерi) өлкенiң көпұлтты тұрғындарына өз ықпалдарын күшейту мақсатында пайдаланды.

Мұндай жағдайда Түркiстанға кiретiн Сырдария мен Жетiсу облыстарындағы ұлттық-демократиялық мәндегi саяси қозғалыс жетекшiлерi Қазақстанның далалық өңiрлерiнiң үлгiсiмен облыстық, уездiк қазақ комитеттерiн тездетiп құрып, олардың саяси қызметтерiн жандандыруға ат салысты. Олардың пайымдауынша құрылып жатқан қазақ комитеттерiнiң жүйесi Түркiстан мен Қазақстанда орын алған «көпөкiметтiлiк» жағдайында ұлттық-мемлекеттiк, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени-рухани мәселелердi ұлттық мүдде тұрғысынан шешу iсiне қызмет етуге тиiс едi. Сондықтан да Түркiстандық қазақ облыстарында құрылған Қазақ комитеттерiн халыққа беделдi, сауатты, ұлтжанды адамдар басқарды. Мәселен, Сырдария облыстық қазақ комитетiн Ә. Көтiбаров, Жетiсу облыстық комитетiн Ы.Жайнақов, оның Үржардағы бөлiмшесiн С. Аманжолов, Жәркенттегiсiн Т. Есенғұлов, Ақмешiт уездiк комитетiн Ы.Е.Қасымов, Әулиеата уездiк комитетiн - Ә. Кенесарин, Қазалы уездiк комитетiн – Жатғарин басқарды [Ө.Озғанбай, 1997:210]. Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария мен Жетiсу өңiрлерiндегi қазақ комитетiн басқарған жоғарыда есiмдерi аталған кiсiлер туралы қолда бар қысқаша мәлiметтер мынаған саяды: Ыбырайым  Елiкейұлы Қасымов (1888-1937жж.). Кiшi жүз ханы Әбiлхайырдың баласы Ералының ұрпағы, Ташкентте оқытушылар семинариясын бiтiрген, Алаш қозғалысына белсене қатысқан, Ә. Кенесарин – Кенесары Қасымұлының ұрпағы, Садық Аманжолов – Алматы ербалалар гимназиясын, Қазан университетiнiң заң факультетiн бiтiрген, Алашорда үкiметiнiң мүшесi, Ыбырайым Жайнақов пен Төлен Есенғұлов та Алматы ербалалар гимназиясын бiтiрген, мұның үстiне Т. Есенғұлов жоғарғы бiлiмдi мал дәрiгерi болған [К.Нұрпейiс, 1995:92, 95, 98; Н. Мартыненко, 1929:21-22; ҚР ОМА. 17:24 п.; ҚР ОМА. 15:47 п.].

Түркiстандағы қазақ комитеттерiн басқарған кiсiлер елiмiздiң далалық облыстарындағы (Семей, Ақмола, Торғай, Орал) осындай мiндет атқарғандарымен халыққа барынша таныс зиялы қауым өкiлдерi едi. Олар Ресейдi мекендеген басқа түрiк тiлдес халықтардың (башқұрт, татар, қырғыз, т.б.) ұлттық-демократиялық ағымдағы қайраткерлерiмен және ортаазиялық жәдiдшiлдердiң (жаңашылдардың) жетекшiлерiмен байланыста болды.

1917 жылдың бiрiншi жартысында Түркiстан құрамындағы және Қазақстанның далалық облыстарындағы Қазақ немесеұлттық комитеттер облыс және уез деңгейiндегi бiрнеше съездер шақырды. Бұл съездердiң күн тәртiбiне қойылған мәселелер мен оларды талқылаудан кейiн қабылдаған  қарарлар мен шешiмдер Ақпан төңкерісінен кейiн орын алған қоғамдық-саяси белсендiлiктi көрсеттi. Сәуiр мен мамыр айларында облыстық қазақ съездерi Орынборда (Торғай облыстық), Оралда, Семейде, Омбыда (Ақмола облыстық), Верныйда (Алматы), Жетiсу облыстық, т.б. қазақ съездерi өтсе, 9-16 сәуiр күндерi Ташкент қаласында Түркiстаңдық жәдидшiлдер мен оны мекендеген қазақ халқының өкiлдерi қатынасқан және оның алғашқы үш күнгi мәжiлiсiн М. Тынышбаев басқарған Түркiстан өлкесiндегi атқару комитеттерi делегаттарының съезi болды.

Қазақ съездерiнде өлкеде Ақпан төңкерісі жеңiсiнен кейiнгi орын алған саяси, экономикалық жағдайға баға беру, демократиялық Ресейдің құрамындағы елiмiздiң қоғамдық-саяси, әлеуметтiк мәдени мәселелерiн жан-жақты талқылап, тиiстi шешiмдер қабылдауға талпыныс жасалды. Бұл съездерде қаралған мәселелер көп жағдайда бiрiн-бiрi қайталады. Осындай ортақ мәселелер қатарында мемлекеттiк құрылысқа, Уақытша үкiмет пен соғысқа көзқарас, жер, су және отырықшылық мәселелерi; сот, дiн, оқу-ағарту iсi; азық-түлiк мәселесi; 1916 жылғы көтерiлiстi басып-жаншу кезiнде Қытайға және басқа өңiрлерге ауып кеткен, сол жылы майданның қара жұмыстарына алынған отандастарымызды елге қайтару жолдарын анықтау мәселесi, т.б. болды.

Осы маңызды мәселелердi талқылаудан кейiн қабылданған шешiмдер мынандай мазмұнда болды: Уақытша үкiметке көзқарас бойынша- «Уақытша үкiметтiң жаңа құрылысты, тыныштық пен тәртiптi нығайтуға бағытталған iс-әрекетiн қолдау мақсатында жер-жерлерде азаматтық комитеттер құру қажет»; Уақытша үкiметтi «оның қызметi, уәдеетiлгендей… демократия мүддесiн қорғауға бағыттала беретiн болса» қолдауға болады.

Мемлекеттiк құрылыс жөнiнде -Ресейде монархия қалдықтарын түпкiлiктi жойып, оның «демократиялық республика болу идеясы қолдансын», ал «ұлттық-территориялық федерация мәселесi әзiрше ашық қалсын»; «құрылтай жиналысының құрамына қазақ халқынан депутаттар сайлануы қажет…Ресей мемлекетi демократиялық парламенттiк республика болсын»; Қазақстандағы басқару жүйесiнiң барлық деңгейлерiнде мiндеттi түрде екi комиссар - «бiрi орыс, екiншiсi мұсылманнан» тағайындалсын.

Жер мәселесi туралы – «бұрын қоныс аудару қорына алынған жерлер өз иелерiне қайтарылсын… Түркiстан өлкесiне жерге орналастыру тоқтатылсын. Өлке шеттен қоныс аударушылар үшiн мүлде жабық деп саналсын»; «Жер мал өсiрумен және егiншiлiкпен өнiм алушыларға берiлсiн».

Оқу-ағарту және дiн мәселесi бойынша –«мiндеттi түрде бастауыш бiлiм алу керек… мектептерде алғашқы үш жыл оқу ана тiлiнде жұргiзiледi… мектептер земстволық және мемлекеттiк қаражатпен қамтамасыз етiледi; «шiркеу (мешiт) мемлекеттен бөлiнуi қажет… мешiттер саны халықтың еркiне сай анықталады».

Патша үкiметiне қызмет еткен чиновниктер жөнiнде –«халықты зәбiрлеген, өздерiнiң және мүдделерi үшiн оның сөлiн сорған зиянкес чиновниктер туралы жинақталған деректер оларды қызметтерiнен тайдырып, сотқа беру үшiн қазақ комитетiне табыс етiлсiн», т.с.с. [В.К.Григорьев, 1989:54].

Сонымен қатар қазақ съездерiнiң шешiмдерiнде Уақытша үкiметтен 1916 жылы майданның тыл жұмыстарына алынған қазақ жiгiттердiң белгiлi бөлiгiн (мәселен, от басының бiрден-бiр асыраушы болғандарын, денсаулығы нашарлағандарды) елге қайтару жөнiнде сұраныстар жасалды, сол жылы патшаның жазалаушылар тоқпағына шыдамай Қытайға босып кеткендердi елге қайтарып, оларды соған дейiн қоныс еткен елдi мекендерге орналастыру, оңтүстiк пен оңтүстiк-шығыс Қазақстанда орын ала бастаған аштық қаупiнiң алдын-алу шараларын жүзеге асыру талап етiлдi.

Жоғарыда келтiрiлген мәлiметтер 1917 жылғы көктемде өткен қазақ съездерi Уақытша үкiметтiң сыртқы және iшкi саясатын негiзiнен қолдады. Сонымен бiрге оның делегаттары халықтың ұлттық мүдделерiне сай келетiн шешiмдер қабылдады. Олар ең алдымен аграрлық (жер-су), ұлттық теңдiк, оқу-ағарту, халықтың әл-ауқатын көтеру, т.б. мәселелерге тiкелей қатысты болды.

Дей тұрсақта, 1917 жылғы «көпөкiметтiлiк» жағдайында Түркiстан мен Қазақстандағы ұлттық-демократиялық күштер ұйымдық жағынан болсын, нақтылы саяси-әлеуметтiк талаптарды өкiмет алдына нақтылы қою тұрғысынан болсын, бiрлесiп әрекет жасау талпыныстарынан болсын әлi нашар едi. Оған, бiр жағынан, саясатпен пәрмендi түрде айналысатын тәжiрибелi ұлттық қайраткерлердiң аздығы, екiншiден, жергiлiктi халықтардың түпкi мақсаттарын айқындап, көш бастайтын саяси ұйымдардың шын мәнiндегi партия деңгейiне жетпегендiгi себепшi болды. Ал осындай кұбылыстың негiзiнде жергiлiктi халықтардың көптеген уақыт бойы шетелдiк озбыр күштердiң езгiсi жатыр едi.

Сондықтан да 1917 жылғы көктемдегi болған қазақ съездерi Түркiстан мен Қазақстанның далалық облыстарын мекендейтiн түпкiлiктi халықтардың жаңадан пайда бола бастаған қоғамдық - саяси ұйымдары олардың монархиялық билiк тұсында жойылған ұлттық мемлекеттiктерiн қайта қалпына келтiрудi батыл талап ете алмады. Олар ұлттық-мемлекеттiк құрылыс мәселесiнде Ресейдiң буржуазиялық федеративтiк демократиялық Республика болуын, оның құрамында Қазақстан мен Түркiстан халықтарының ұлттық-территориялық автономиясы болуын қалайтындығын бiлдiрдi де, жалпы алғанда Уақытша үкiметтiң iшкi-сыртқы саясатын қолдады.

Мұстафа Шоқай кезiнде дұрыс көрсеткенiндей, жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан келгенде жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да. Халықтың бәрi бiрдей, бiрақ саяси тұрғыдан алғанда мәселе басқаша. Ұлт азаттығы үшiн күресте халықтың саяси дайындығы ерекше маңызға ие болады дей келiп, Мұстафа Шоқай 1917 жылғы көктемдегi Түркiстандағы осы саладағы жағдайға мынандай баға бередi: «Түркiстандағы түрiк халықтары Азия халықтарының көбiсiмен әр салада терезе теңестiрерлiк өз алдына дербес мемлекет құруға, оны басқаруға дайындалды. Сол құрғалы отырған мемлекеттерi бiраз көршiлерiнен артық та, кем де түспеседi. Бiрақ жағдай басқаша болып шықты. Бiз қазiргi заманғы саяси құрылысы өзiмiзден әлдеқайда озық үлкен бiр халықтың шеңгелiне түсiп қалдық. Ол бiзден әлдеқайда бай, анағұрлым тығыз топтасқан, әрi қай жағынан алғанда да бiзден анағұрлым артық қаруланған-ды» [Ф.Н. Киреев, П.А. Абдуллина, 1977:47-48].

Осындай жағдайды дөп басып, бағалай бiлген және ұлт-азаттық күреске басшылық жасауға қабiлеттi саяси партияларды құрып, олардың қызметiн жандандырудың қажеттiлiгiн түсiнген Қазақстандағы Әлихан Бөкейханов басқарған қайраткерлер ендi қазақтың саяси партиясын ұйымдастыру, Түркiстандағы жәдидшiлдер мен Мұстафа Шоқай мен Мұхаметжан Тынышбаевқа ерген зиялылар «Шуро-и-Исламның» жер-жердегi жүйесiн кеңейту iсiне тiкелей кiрiстi.

Мұрағат құжаттары мәлiметi бойынша 1917 жылғы 27 наурыз күнi Қазалыда 5000 мұсылман (яғни тұрғылықты халықтар өкiлдерi) қатысқан жиналыста «Шуро-и-Исламияның» тоғыз адамнан тұратын уездiк комитетi сайланған, оған үш-үш кiсiден қазақ, татар және өзбек халықтарының өкiлдерi енген [ҚР ОМА. 15:47 п.]. Мамыр айының басында «Шуро-и-Исламияның» уездiк ұйымы Черняев (Шымкент) қаласында да құрылған. Оның басқармасына да  елге түркi халықтарының (қазақ, өзбек) құрметтi өкiлдерi сайланған [П.П. Никишов, 1965:20-21].

«Шуро-и-Исламияның» ұйымдарымен қатар Сырдария облысының жекелеген елдi мекендерiнде әуел баста өздерiнiң саяси бағытын жете айқындамаған, бiрiктiрген адам саны аз, ал кейiн әртүрлi бағыттағы саяси партияларды қолдаған «Тұран» (өздерiн «прогрессистер қоғамы» атаған, «федералистердiң мұсылмандық қоғамы»), «Хуррият» (бостандық), «Телля Боляя» (оқушылар одағы), т.б. қоғамдық ұйымдар пайда болды [Қазақ, 1917; К.Нұрпейiс, 1995:117].

Бiрiншi бүкiлқазақтық съездiң делегаттары оның күн тәртiбiндегi қандай мәселеде болмасын ауыз-бiрлiк танытты. Олар далалық немесе түркiстандық қазақтар болып жiктелiп, бөлiнбедi. Бұл, әсiресе, съездiң Ресейдiң Құрылтай жиналысын сайлау жөнiндегi мәселенi қарастыру нәтижесiнде оның депутаттығына кандидаттар ұсыну барысында аса айқын көрiндi. Съезд Құрылтай жиналысы депутаттарының кандидаттығына әр облыстан барлығы 81 адамды ұсынды. Олардың қатарында Алаш қозғалысының көпшiлiк мойындаған жетекшiсi Әлихан Бөкейханов пен оның Ахмет Байтұрсынов сияқты ең жақын серiктерiмен қатар қазақтар мекендеген әрбiр облыстағы ұлттық-демократияшыл зиялылардың көшбастаушылары болды. Егер осыларды Түркiстан өлкесiне байланыстыра айтсақ, Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар болып Жетiсу облысынан Мұхаметжан Тынышбаев, Ыбырайым Жайнақов, Садық Аманжолов, Сырдария облысынан Мұстафа Шоқай, Әзiмхан Кенесарин, Ферғана облысынан Нәзiр Төреқұлов, Қоңырқожа Қожықов, Ғабдалрахман Оразаев, Самарқант қаласынан Алдабек Мангелдин ұсынылды [Қазақ, 1917].

«Қазақ саяси партиясы» деген мәселе съездiң күн тәртiбiнде 12-шi орында тұрғанымен, ол осы маңызды саяси басқарудағы аса маңызды мәселелердiң бiрi болды. Съезд «қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуы тиiс» деп көрiп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламияға» сайланған қазақ өкiлдерiне тапсырады… Партия жобасын жасап болған соң өкiлдер қазақ областной комитеттерiнiң қарауына жiбередi. Онан кейiн учредительное собраниеге  жиналған қазақ депутаттары қарап бекiтедi» [В.Плоских, 1993:8].

Съезд шешiмiмен жаңадан құрылған партияға «Алаш» деген ат берiлдi. Партияға ең алдымен қазақ халқының әр тектi интеллигенция өкiлдерi кiрдi. Олардың ұйтқысы Ресейдiң жоғарғы және орта бiлiм беретiн оқу орындарын бiтiрген немесе оларды оқып жүрген халқымыздың зиялы қауым өкiлдерi болды.  

Әлихан Бөкейхановты зиялылар қауымдастығы жаңадан дүниеге келген «Алаш» партиясының көпшiлiк таныған серкесi (лидерi) ретiнде мойындады. Оның төңiрегiне Қазақстанның барлық аймақтарынан, дәлiрек айтсақ, халқымыздың барлық атақонысының өкiлдерi топтасты. Олардың қатарында Қазақстанның далалық облыстарымен (Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстары мен Бөкей ордасы) қатар Түркiстан өлкесiне қараған Сырдария мен Жетiсу, т.б. өңiрлерiнiң өкiлдерi де аз болмады. Соңғылардың iшiнде жетiсулық С. Аманжолов, Б. Мәметов (Мамытов), Ы. Жайнақов, М. Тынышбаев, сырдариялық Мұстафа Шоқай, Ә. Кенесарин, С. Қошанов, самарқандық А. Мангелдин, ферғаналық Қ. Қожықов, Ғ. Оразаев, т.б. болды.

1917 жылдың жазында (шiлде-тамыз) Пiшпек (Бiшкек) қаласында Абдыкерiм Сыдықовтың жетекшiлiгiмен «қазақ-қырғыз» «Алаш» партиясының бөлiмшесi құрылды. Оның қатарында Ишеналы Арабаев, К. Тыныстанов, Н. Тулин, т.б. болды [В.К. Григорьев, 1989:56, 60].

Iс жүзiнде бұл ұйым «Алаш» партиясының Верный (Алматы) қаласындағы Жетiсулық тобының филиалы болған едi.

Қазақстан мен Түркiстанда 1917 жылдың көктемiнде жалпыресейлiк партиялардың (кадеттердiң, эсерлердiң, т.б.), әртүрлi саяси ұйымдардың бөлiмшелерi пайда болды.

Өздерiн халық бостандығы партиясы деп атаған кадеттердiң (конституциялық демократтар) бөлiмшелерi Ташкентте, Перовскi, Шымкент, Верный сияқты Сырдария мен Жетiсу облыстарының қалаларында, сол сияқты Петропавл, Қостанай, Орал, Өскемен қалаларында құрылды.

Дәл сол кезде эсерлердiң (социалист-революционерлер партиясы) Шымкентте, Әулиатада, Перовскiде, Түркiстанда, Қазақстанның далалық облыстың iрiлi-ұсақты қалалары мен жекелеген болыстардың орталықтарында пайда болды.

Ал Верный қаласында жергiлiктi оңшыл эсерлер мен меньшевиктердiң бiрлесе әрекет жасаулары нәтижесiнде «Жетiсудың бiрiккен социалистiк одағы» дейтiн ұйым құрылды [Н. Мартыненко,  1929:21-22].

«Алаш» партиясының басшылығы (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Ғаббасов, Ж. Досмұхамедов, т.б.) Уақытша үкiметтiң жергiлiктi ұйымдарымен Ресейдi мекендеген түрiк тiлдес, мұсылман дiндес халықтардың (ең алдымен Түркiстан мен Едiл бойын мекендеген) саяси қозғалысы жетекшiлерi тұрақты байланыста болды. Атап айтқанда партия басшылығы Мұстафа Шоқай мен Мұқаметжан Тынышбаев сияқты қайраткерлер арқылы Түркiстанның саяси ұйымдарымен (бiрiншi кезекте ұлттық- демократиялық «Шуро-и-ислам» партиясымен), Ыбырайым Жайнақов пен Ишеналы Арабаев арқылы Жетiсу мен Қырғызстандағы жергiлiктi халықтардың қоғамдық ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Алыс Еуропаның ойшыл-саясаткерлерiнiң еңбектерiн саралаудың, көрші Ресейдiң саяси әлемi серкелерiнiң зерттеулерi мен елдiң қоғамдық-саяси өмiрiнiң ерекшелiктерiн пайымдаудың, Түркiстан мен Едiл бойының халықтарының көшбастаушыларының ой-пiкiрлерiн ескеру нәтижесiнде Әлихан Бөкейханов жетекшiлiгiмен қазақ зиялы қауымының алдыңғы қатарлы өкiлдерi қаламынан шыққан «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы өз кезiнiң аса маңызды саяси құжаты болды.

Онда қазақ қауымының және оларменен ортақ белгiлерi бар даму жағдайы жалпы алғанда онымен ұқсас Түркiстан мен Едiл бойы халықтарын эволюция (реформа) жолымен өркениеттi елдер қатарына жеткiзудiң бағыт-бағдары анықталды. Осы бағыт-бағдарды негiзiнен жоғарыда аталған өңiрлердiң ұлт-азаттық қозғалысы жетекшiлерi аса қызығушылықпен және өздерiне қажет идеялары бар құжат ретiнде қабылдады.

Қорытынды. Жоғарыда айтылған мәселелерді қорыта келе, Түркiстан мен Қазақстандағы саяси күштердiң жiктелу және жаңаша топтасу процесi барлық билiктi өз қолдарына шоғырландыра бастаған Уақытша үкiметтiң органдарының жергiлiктi жерлерде атын өзгерткенiмен,заты бұрынғыша қалған атқарушы қоғамдық-саяси жүйе арқылы құлаған патша үкiметiнiң отарлау саясатын жалғастыруы аймақтағы басқа саяси топтардың белсенділігін арттыруына ықпал жасады.  Жәдидшiлдер Түркiстанда қанат жая бастаған ұлттық-демократиялық қозғалысқа басшылық етуге нақтылы әрекеттер жасап, өлкенiң тұрғылықты халықтарының түбiрлi мүдделерiн бейнелейтiн «Шуро-и-ислам» партиясын құрды және оның мақсаттары мен басты мiндеттерi айқындалды.

Әдебиеттер:

Алаш Орда: Сборник документов /сост. Н. Мартыненко. – Кызыл-Орда,  1929.

Григорьев В.К. Противостояние: Большевики и непролетарские  партии в Казахстане. 1917-1920 гг. – Алма-Ата: Казахстан, 1989.– 252 с.

Есмағамбетов К.Л. Әлем таныған тұлға. Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы. – Алматы, 2008. – 105 б.

Қазақ. – 1917, шiлде –31.

ҚР ОМА. - Қор-17, тiзбе 1, iс–22, 24 п.

ҚР ОМА. - Қор-15, тiзбе-2, iс–422, 47 п.

ҚР ОМА. - Қор-15, тiзбе-2, iс–422, 47 п.

Махаева А.Ш. Қазақ комитеттерi: құрылуы мен қызметiнiң тарихы (наурыз 1971 – маусым 1918 жж.): тарих ғыл. канд. ... автореф.  – Алматы, 1995. – 25 б.

Никишов П.П. Из истории краха левых эсеров в Туркестане. // Институт истории партии ЦККП Киргизии – филиал института марксизма-ленинизма при ЦК КПСС. - Фрунзе: “Кыргызстан”, 1965. –178 с.

Нұрпейiс К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы, 1995. – 256 б.

Нұрпейiсов К. Мұстафа Шоқай Қазақстан мен Түркiстанның 1917-1927 жылдардағы қоғамдық саяси өмiрi туралы //Қазақ тарихы. –1997.–№ 2.–Б.23-25. 

Озғанбай Ө. Ресей мемлекеттiк думасы және Қазақстан (1905-1917ж.ж.). – Алматы, 1997. – 460 б.

Плоских В. Манас не признал себя виноватым. –Бишкек:  «Илим», МП «Табылга», 1993. –86 с.

Программы политических партий России: конец XIX– начало ХХ вв. – М., 1995. – 461с.

Туркестанские ведомости.– 1917, апрель – 17. – № 21.

Туркестан в начале ХХ века: К истории истоков национальной независимости. – Ташкент: “Шарк”, 2000. – 672 с. 

Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры / құраст. Б. Серікбайұлы, Қошым-Ноғай. – Алматы, 1992. – 184 б.

1917 год в Казахстане: Документы и материалы /сост. Ф.Н. Киреев, П.А. Абдуллина – Алма-Ата: Казахстан, 1977. – 284 с.

References:

Alaş Orda: Sbornik dokumentov /sost. N. Martınenko. – Kızıl-Orda, 1929.

Grigorev V.K. Protivostoyanie: Bolsheviki i neproletarskie partii v Kazakhstane. 1917-1920. – Alma-Ata: Kazakhstan, 1989. – 252 p.

Esmagambetov K.L. Alem tanıgan tulga. Mustafa Shoqaydıñ dunietanımı jane qayratkerlik bolmısı. – Almatı, 2008. – 105 b.

Kazakh. – 1917, shilde –31.

RK RCS. - Foundation-17, List 1, Case-22, 24 p.

RK RCS. - Foundation-15, List-2, Case-422, 47 p.

RK RCS. - Foundation-15, List-2, Case-422, 47 p.

Maxaeva A.Sh. Kazakh komitetteri: kurıluı men kızmetinin tarihy (nauryz 1971 – mausym 1918): tarih gıl. kand. ... avtoref. – Almaty, 1995. – 25 p.

Nikishov P.P. Iz Istorii kraha levıh eserov v Turkestane. // Institut istorii partii CKKP Kirgizii – filial instituta marksizma-leninizma pri CK KPSS. - Frunze: “Kyrgyzstan”, 1965. – 178 p.

Nurpeyis K. Alash ham Alashorda. – Almaty, 1995. – 256 p.

Nurpeyisov K. Mustafa Shokay Kazakhstan men Turkistannın 1917-1927 jıldardagı kogamdik sayasi omiri turaly //Kazakh tarihy. –1997.–№ 2.–p. 23-25.

Ozganbay O. Resey memlekettik duması zhane Kazakhstan (1905-1917). – Almaty, 1997. – 460 p.

Ploskikh V. Manas ne priznal sebya vinovatım. – Bishkek: «Ilim», MP «Tabılga», 1993. – 86 p.

Programmy politicheskikh partiy Rossii: konec XIX – nachalo XX vv. – M., 1995. – 461 p.

Turkestanskïe vedomosti. – 1917, aprel – 17. – № 21. Turkestan v nachale XX veka: K istoriiistokov nacionalnoy nezavisimosti. – Tashkent: “Şark”, 2000. – 672 p.

Shokay M. Turkistannınkily tagdırı / kurast. B. Serikbayulı, Koshım-Nogay. – Almaty, 1992. – 184 p.

1917 god v Kazakhstane: Dokumentii materiali /sost. F.N. Kireev, P.A. Abdullina – Alma-Ata: Kazakhstan, 1977. – 284 p.

З.С. ТОКБЕРГЕНОВА, к.и.н., доцент

Таразский государственный  педагогический университет. г. Тараз, Казахстан.

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ  ДЖАДИДСКОГО ДВИЖЕНИЯ

ТУРКЕСТАНСКОГО КРАЯ

РЕЗЮМЕ

Основу джадидов Туркестана составляла интеллигенция, стоявшая в первых рядах сопротивления колониальной политике Российской империи. Они мечтали видеть в будущем родной край свободным и развитым государством. Сформированные в начале ХХ века прогрессивные силы глубоко осознали несостоятельность существующей системы государственного управления, низкий уровень жизни народа и необходимость их изменения.
Самыми прогрессивными силами после Февральской революции были туркестанские джадиды. Они, в свою очередь, встретили Февральскую революцию как факт свержения царского режима, установления подлинно народной формы правления, завоевания независимости народами, которые страдали от колониального гнета.

Ключевые слова: Туркестанский край, джадидизм, тюркские народы, мусульманские народы, Шуро-и-Исламия, №ъезд мусульман, Совет мусульман Туркестанского края.

Z.S. TOKBERGENOVA, Candidate of Historical Scienses

Taraz State Pedagogical University. Taraz, Kazakhstan.

THE ACTIVITIES OF JADIDISM MOVEMENT

IN TURKESTAN REGION

Summary

The basis of the Turkestan Jadids was the intelligentsia, which was in the front ranks of resistance to the colonial policy of the Russian Empire. They dreamed of seeing their homeland a free and developed state in the future. The progressive forces formed at the beginning of the twentieth century, deeply realized the inconsistency of the current system of government, the low standard of people’s living and the need to change them.

The most progressive forces after the February Revolution were Turkestan Jadids. They took the February revolution as a fact of overthrowing the tsarist regime, establishing a genuinely popular form of government, gaining independence by the peoples who suffered from colonial oppression.

Keywords: Turkestan region, Jadidism, Turkic people, Muslim nations, Shuro-i-Islamia, Muslim Congress, Council of Muslims of the Turkestan region.

No comments

To leave comment you must enter or register