Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.009.21 ЮСУФ АКЧУРАНЫҢ ЖАС ТҮРІКТЕР БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

М.Ә. ЖОЛСЕЙІТОВА М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, т.ғ.к.., доцент

ӘОЖ 930.009.21 ЮСУФ АКЧУРАНЫҢ ЖАС ТҮРІКТЕР БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: Түркия., түрікшілдік, Осман империясы, жас түріктер, Ресей империясы
Author:
Юсуф Акчура (1876-1935) – ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының саяси өмірінде ерекше рөл атқарған қайраткер. Ол түрік бірлігі идеясының негізін қалаушы тұлғалардың бірінен саналады. Осман империясында ІІ Абдулхамид режиміне қарсылық танытқан Юсуф Акчура биліктің қысымына түсіп, жер аударылды. Жазасын өтеу барысында Францияға қоныс аударып, кейіннен, бірінші орыс революциясы кезінде Ресей империясына келді. Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының саяси өміріне белсене атсалысты. Патшалық Ресейде 1907 жылдан кейін реакция басталған сәтте Түркияға оралды. Сол кезде Түркияда жас түріктер билікке келгеннен болатын. Ол жас түріктер билігі тұсында да түркі тілдес халықтарға қызмет жасаудың үлгісін көрсете білді. Мақалада Юсуф Акчураның Ресейден Түркияға оралғаннан кейінгі кезеңдегі, дәлірек айтқанда 1908 жылдан 1919 жылға дейінгі қоғамдық-саяси қызметі талданады. Түйін сөздер: Ресей империясы, Осман империясы, Жас түріктер,. түрікшілдік, Түркия.
Text:

Кіріспе. Татар халқынан шыққан көрнекті қайраткер Юсуф Акчура жастық шағын Осман империясында өткізіп, 1905жылы Ресей империясына оралған кезде патша өкіметінің қол астында отаршылдық тауқыметін тартқан татар, қазақ, өзбек, әзербайжан секілді т.б. түркі тілдес халықтардың мүддесін қорғауда белсенділік танытқаны тарихи әдебиеттерде кеңінен көрініс тапқан. Алайда қайраткердің жас түріктер билігі тұсында атқарған қызметі, түркі тілдес халықтардың бірлігін насихаттап, осы жолда атқарған іс-шаралары тиесілі бағасын алалмай келуде. Осы орайда қарстырылып отырған тақырыпты ғылыми сұранысқа негізделген  деуге болады.

Талқылау нәтижесі. Қазақтың қөрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде де Юсуф Акчураның қоғамдық-саяси қызметіне баға берілген. Мұстафа Шоқай эмиграцияда жүріп шығарған «Яш Түркістан» журналының 1935 жылғы санында  Жүсіп Ақшораның атқарған қызметіне жоғары баға берген мақала жариялады.  Ол өз еңбегінде Жүсіп Ақшораның Осман империясы түріктері мен Ресей империясындағы түркі халықтарына ортақ тұлға екенін баса көрсетіп, бұл жөнінде мынандай пікір білдіреді. «Тек-төркіні Еділ бойынан шыққан Юсуб бек (Юсуф Акчура) кең мағыналы түрікшілік қасиеттерді бір бойына жинай білген адам еді. Ол өзінің екінші атамекені Түркияда да ең алдыңғы адамдардың қатарынан орын алды. Юсуб бек қайда жүрсе де Еділ бойындағы атамекенін және түрік екенін ешқашан ұмытқан емес. Бұл күнде түрік дүниесінің көпшілігі ең ауыр және ең қасіретті күндерді бастарынан кешіріп жатқан кезде, Юсуб бектің дәл осы қасиеттері бізге өте-мөте қажет болып тұр» [М.Шоқай, 1998:  450 ].

  Ресей империясында кеңестік билік орнағаннан кейін шет елге эмиграцияға кеткен Зәки Уәлиди Тоғанның естелігінде [З.Валиди,1994: 410] Юсуф Акчураның  ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде атқарған  қоғамдық-саяси қызметі түркі халықтарының азаттық жолындағы күресімен ұштастырыла сипатталады. Сонымен қатар Зәки Уәлиди Тоғанның түрік тілінде жарық көрген «Бүгінгі Түрік елі (Түркістан) және оның жаңа тарихы» [A. Zeki Velidi Togan, 1981: 696] атты еңбегінде де Юсуф Акчураның Ақшораның Ресей империясындағы түркі тілдес халықтардың мүддесін қорғауға атсалысуы жоғары бағаланады.

  Юсуф Акчураның жас түріктер билігі тұсындағы Түркияда атқарған қызметі Р.Ф. Мухаметдиновтің [Р. Мухаметдинов, 1996:23]  А.Ю. Хабутдиновтің [А. Хабутдинов, 2001: 61], И. Гилязовтің [И. Гилязов, 2002: 40] және А. Темірдің [A. Temir, 1987: 103] еңбектерінде көрініс тапқан. Бірақ бұл еңбектерде Юсуф Акчураның қызметінің қарастырылып отырған кезеңі толық қамтылмаған. Мұның өзі тақырыптың әлі де зерттеле түсу керектігін айғақтайды.

Нәтижесі. Мақалада негізінен Юсуф Акчураның 1908-1919 жылдары аралығында атқарған қызметі талданып, осы жылдар кезінде «Түрік жұрты» журналын шығарубағытындағы іс-шаралары, Ресей империясындағы татар, қазақ, әзербайжан секлді т.б. түркі халықтарының өкілдерімен байланыс орнатуы талданады. Ресй империясындағы түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың да мүддесін қорғау бағытында Юсуф Акчураның атқарған қызметі ашылып көрсетіледі.

  Негізгі бөлім. 1907 жылғы «3 маусым төңкерісінен» кейін патшалық Ресейде столыпиндік реакцияның қарқын алуымен  Юсуф Акчура Осман империясына кетуге мәжбүр болды. Сол жылы Осман империясында сұлтан ІІ Абдул-Хамидтің режиміне қарсы жас түріктердің ұйымдастыруымен  көтерілісі орын алып, оның негізінде конституциялық тәртіпті (конституциялық монархия) орнатуға  қол жеткізілген еді. Сұлтанның жеке билігіне тежеу салып, түрік буржуазиясы мен либералды помещиктердің саяси өмірге араласуына жол ашып бергеннен кейін  жас түріктердің «Иттихад вә тәррәки» партиясы революция өз міндетін орындады деп санады. Бірақ бұл партияның жүзеге асырған іс-шаралары ескі қоғамдық құрылыстың негізіне күрделі өзгерістер енгізе қоймады. Бұл өз кезегінде ескі тәртіпті жақтаушылардың 1908 жылы шілдедегі реакциясының туындауына алып келді [Ю.Петросян, 2003: 179].

  Жас түріктер арасында ауызбіршіліктің болмауы, саяси мәселе төңірегінде түрлі көзқарастың орын алуы елде саяси реформаларды бірден жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Елде конституциялық тәртіпті орнатқаннан кейінгі кезеңде жас түріктер арасындағы қайшылық тереңдей түсіп, оның құрамында екі топ пайда болды. Олардың бір тобы осман империсын децентрализациялауды, яғни ұлттық-діни автонмия идесын қолдаса, екінші топтағылар орталықтанған билікті қолдап, империядағы халықтарды жаппай түріктендіру идясын жақтады. Бастапқы кезде Осман империясы парламентінде децентрализация идеясын жақтаушы Сабахеддиннің пікірлестері басымдық танытты.  Олар бірнеше саяси топ құрды. Олардың ішінде «Ахрар» (Либералдар) партиясы шешуші рөл атқарды. Осы партияның ұстанған саясаты нәтижесінде түрік парламенті  1909 жылдың сәуір айына дейін ел тағдырына қатысты түбегейлі шешім қабылдай алмады. Мұндай жағдай жас түріктердің халық арасындағы  беделінің төмендеуіне алып келді [Г.Алиев, 1972: 401].

  Юсуф Акчура Түркияға оралған кезде  жас түріктерге еуропалық державалар тарапынан соққы беріле бастады. Австро-Венгрия империясы Осман империясының иелігі саналған Босния мен Герцоговинаны аннекциялап алды. Түрік үкіметінің бұған қарсы тұруға шамасы келмеді. Оның үстіне елдегі мұсылман дін басылары жас түріктерді «ұлт пен дінге нұқсан келтірді» деп айыптауларын үдете түсті.

  Осындай жағдайды пайдаланған ІІ Абдул-Хамид реакциялық күштердің және «Ахрар» партиясының жетекшілерінің көмегімен елде төңкеріс ұйымдастырып, ескі билікті қалпына келтіру бағытындағы шараларды жүзеге асыра бастады. Бірақ мұндай бүлікті жас түріктердің солшыл қанаты 1909 жылдың 26 сәуірі күні басып тастап, келесі күні ІІ Абдул-Хамидті тақтан бас тарттыртып, оны халифтік мәртебесінен айырды. Жас түріктер таққа өздерінің айтқанына көнетін Мехмед V Решидті отырғызды. Осыдан кейін жас түріктер үкімет құрамына сенімді деген өкілдерін енгізді. Жас түріктердің бірқатары өңірлердің билеушісі, елші лауазымдарын иемденіп, «Иттихад вә тәррәки» ұйымының комитеті елді басқарудағы шешуші рөлді иемденді. Мұндай жағдайды Юсуф Акчура өзінің түрікшілдік идеясын жүзеге асыруға қолайлы деп танып, толығымен жас түріктер саясатына қолдаушылық танытты.

  Билікке келген жас түріктер елде капиталистік қатынастардың кең қанат жаюына қолайлы жағдай жасау бағытындағы саясатты ұстанды. Алайда Осман империясының еуропалық державаларға жартылай тәуелділігі және ұлттық буржуазияның әлі де жетіле қоймағандығы ұстанған саясаттың тез жүзеге асуына мүмкіндік бермеді.

  Жас түріктер басты көңілді мемлекеттік аппаратты, армияны және білім беру саласын реформалауға бөлді. Олар еуропалық державалардың мемлекеттік құрылымын көшіріп алу түрік қоғамын тез арада капиталистік қоғамға айналдырады және елдегі түрік емес халықтардың ұлттық қозғалысын тоқтадады деген пікірде болды [И.Петросян, 1993: 156].

  Юсуф Акчура жас түріктер үкіметінің алға қойған міндеттерінің жүзеге асуын барынша көмек көрсетуге талпынды. Ол халық арасында ағартушылық қызмет жүргізуді қолға алды. Оның мұндай ағартушылық қызметінің бір қыры «Түрік жұрты» (Тюрк юрду) журналын шығаруды жүзеге асыруы боды. Бұл журнал 1911 жылдың қараша айынан бастап шыға бастады.

  «Түрік жұрты» (Тюрк юрду) журналы мақсаты оның алғашқы санында былайша көрсетілді: «Біздің мақсатымыз – бүкіл түрік әлеміне, түрік қауымдастығына қызмет ету. Түркі халықтарына қолдан келгенше көмек көрсетсек деген міндетті мойнымызға алдық. Журналымыздың беттерінде мақсатымызға жетудің жолын көрсететін матераилдар жариялауға біздің біліміміз бен тәжірибеміз жетеді деп үміттенеміз.

  «Түрік жұрты» журналы төңірегінде танымал зиялы қауым өкілдері топтасты. Олардың қатарында түрік ақыны, қоғам қайраткері Мехмет Эмин Юрдакул, ғалым Мехмет Фуат Кёпрюлю, жазушы Халиде Эдип Адывар, әзбербайжандық интеллигенцияның өкілдері Ахмед Агаев пен Али Гусеинзаде секілді т.б. зиялылар болды.

  Татар интелигенциясының С. Мақсұдов (қосымша И), Ф. Каримов, Г. Исхаки, М. Бигиев, С. Сунчелей, Г. Баттал-Таймас, А. Идриси секілді көрнекті өкілдері журнал редакциясымен тығыз байланыс орнатып, оның беттерінде түркі халықтары тарихының және күнделікті өмірдің өзекті мәселелеріне қатысты мақалалар жариялауға атсалысты.

  Журналға материалдық көмек көрсетуде Орынборда тұратын татар меценаты М. Хусаинов  дараланды. Ол журнал шығару қолға алынған алғашқы сәтінде-ақ 10 мың сом қаржы бөлді. Ол мұндай қаржыны патшалық Ресей өкіметінің тыңшыларына білдірмей кейінгі кездерде жіберіп отырған. Журнал редакциясы М. Хусаиновқа ризашылық білдіріп, журнал бетінде ол жөнінде материал жариялады. Онда М. Хусаиновтың қайырымдылық жұмысын өнегелі іс екенін атап көрсете отырып, былай деп жазды: «Махмуд бай (Хусаинов) өзінің бауырларымен бірге іс бастап, еңбекқорлықтары мен талпыныстары арқасында бірнеше миллион сомға жететін байлық жинады. Хусаиновтар әулеті ақша табу жағынан және қайырымдылық көрсету жағынан американдық миллионерлерге өте ұқсайды. Мешіттер, мектептер салуға және білім алып жатқан студенттерге, сондай-ақ Ресей мен Түркиядағы қайырымдылық қорларына бөлген ақшасы 1,5 миллион сомды құрайды. Бұл түрік ақшасымен 19 миллион курушқа тең. Махмуд бейдің бауыры Хайруллах хазрет өткен жылы қажылыққа бара жатып, Ыстамбұлға келіп, онда  қайрымдылық үшін деп 81000 түрік ақшасымен 81000 куруш қалдырды» [И.  Рамеева; 2014: 17].

  «Түрік жұрты» журналын шығаруға Юсуф Акчура  қаржы табуда өзінің Ресей империясындағы түркі халықтары өкілдерін де кеңінен тарта білді. Сондай-ақ бұл журналдың беттерінде Осман империясындағы жас түріктер үкіметінің жүргізіп отырған саясатын кеңінен насихаттаумен бірге Ресей империясындағы түркі халықтарының әлеуметтік-саяси мәселелерін де көтеруге ерекше мән берді. 

  Юсуф Акчура жас түріктер үкіметінің жүргізіп отырған саясатын насихаттаумен қатар «Иттихад вә тәррәки» партиясының іс-шараларына да қызу атсалысты. Бұл партияның халық арасында беделінің түспеуіне және оның арасында жікшілдіктің орын алмауына орай көптеген жұмыстар атқарды. Жас түріктердің мұндай әрекеттеріне қарамастан 1911 жылы олардың қарсыластары «Бостандық және келісім» (Хюрриет вә итилаф) партиясын құрып, билікті өз қолдарына алуға ұмтылды.

  Халық арасында  «Бостандық және келісім» партиясы итлафшылдар партиясы деп аталды. Итлафшылдар 1912 жылы  жас түріктердің өкілдері басымдық ие парламентті таратып жіберуге қол жеткізді. Өз қолдарынан биліктен айырылып қалуға тырысқан жас түріктердің «Иттихад вә тәрраки» партиясы 1913 жылы қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға бел буды. «Иттихад вә тәрраки» партиясының жетекшілерінің бірі болып табылатын Энвер бей (Әнуар паша) үкімет үйін әскермен қоршап алып, ондағы жас түріктердің қарсыластарының көзін жойды. Сөйтіп, жас түріктердің билігін қайта нығайтты.

  Өздерінің билігін нығайтып алған жас түріктер өздерінің экономикалық саясатын өзгерту жөнінде ұйғарым жасады.  Бұл 1913 жылы «Иттихад вә тәрраки» партиясының қабылданған жаңа бағдарламасында көрініс тапты. Онда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекет белсенді рөл атқаруы керек екені аталып көрсетілді. Осыдан соң «Өнеркәсіпті қолдау туралы» заң қабылданды. Бұл заңның қабылдануын Юсуф Акчура «Түрік жұрты» журналында елдің экономикалық әлеуетін арттыраттыруға бағытталған заң ретінде бағалады.

  Расында да, 1913 жылдан бастап жас түріктер үкіметі жүзеге асырған іс-шаралар кәсіпкерліктің, өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығын дамытуға тікелей әсерін тигізді. Жас түріктер үкіметі кәсіпкерлерің салық төлемін едәуір азайтты, өнеркәсіп құрылыстарына арнап жер телімдері бөлінді және ауыл шаруашылығына деп несие беру жолға қойылды.

  Осман империясының экономикалық әлеуеті жас түріктер үкіметі тұсында жақсар түсті. Бірақ бұл жағдай шетелдермен бәсекеге түсуге мүмкіндік бере қоймады. Жеңіл өнеркәсіп саласының өнімдері еуропалық елдердің нарығына ене алмады.

  Жас түріктер Осман империясының тұтастығын сақтап қалуға талпынғанымен түрік емес халықтардың империядан бөлініп шығуғ деген талпынысы бәсеңдей қоймады. Шетелдік державалар түрік емес халықтардың мұндай әрекетіне қолдаушылық танытып отырды.

  Осман империясы территориясын бөлуге деген шетелдік ірі державаларыдың талпынысына италияндық билік те қосылды. 1911 жылдың күзінде Италия соғыс ашып, Осман империясының Африка территориясындағы провинциялары – Триполитан және Киренаикты басып алуға алуға кірісті. Осман империясы соғысқа мүлдем дайын емес болып шықты. Гарнизондар әлсіздігінен артиллериямен, тіпті авиациямен жарақтанған италияндық әскерге төтеп бере алмады. Трипоитан мен Киренаик провинцияларындағы горнизондарға көмекке әскер жіберу мүмкін емес жағдайда еді. Жерторта теңізі арқылы көмек жіберейін десе италияндықтардың теңіз кемелері мықты болып шықты. Құрлық арқылы әскери көмек аттандырайын десе, Мысырды жаулап алған ағылшындар ол жерден әскер өткізуге келісім бермейді. Осылайша Осман империясынан жырақта қалған екі провинциядағы гарнизондар ғана италияндық әскермен соғысуға мәжбүр болды  [Г.Алиев, 1972:  с. 405].

  Италияндық әскерлерден жеңіліс тауып жатқан шақта Юсуф Акчура Осман империясының әскери теңіз флотын күшейту қажет екені жөнінде идея көтерді. Бірақ мұндай әскери теңіз флотын күшейтуге, яғни жаңа, заманауи әскери кеме жасауға Осман империясының қаржы тапшылығына байланысты мүмкіндігі шектеулі еді. Бұл жағдайды да Юсуф Акчура ескеріп, теңіз флотын күшейтуге халықтан ақша жинау керектігін ұсынды. Осыған орай «Түрік жұрты» журналы халықты әскери теңіз флотын күшейтуге ақша жинауға шақырды.

  Юсуф Акчура және «Түрік жұрты» журналы төңірегіне топтасқан зиялы қауым өкілдері әскери теңіз флотына деп қаржы жинау жұмысын бастап кетті. Жиналған қаржыдан бірнеше әскери теңіз кемесі жасалды. осындай қызу жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде жас түріктер үкіметі Италиямен келіссөз жүргізіп, Трипоитан мен Киренаикты Италияға беруге мәжбүр болды. Бұл 1912 жылы жасалған Лозанна бейбіт келісімі бойынша бекітілді.

  Италиямен болған соғыс Осман империясының әлсіз екені көрсетіп берді және Болгария, Греция, Сербия, Черногория секілді мемлекеттердің коалиция құрып (Балқан одағы), Осман империясына қарсы шығуына алып келді. Жаңа соғысқа Осман империясының Македония мен Фракияға автонмия бермей қою себеп болды. 1912 жылдың қазан айынан басталған жаңа соғыс Балқан соғысы деген атпен тарихқа енді.

  Балқан соғысы басталғанда 350 мың адамнан тұратын әскері өзінен екі есе көп әрі жақсы қаруланған әскерге қарсы тұрды. Балқан одағы бастапқы сәтте-ақ ірі жеңістерге жетті. Болгария әскерінің шабуылын түрік армиясы ыстамбұл маңында әрең тоқтатты. Түріктерді ірі жеңілістен Балқан одағымен бейбіт келісімге келу құтқарып қалды.  Бұл бітімге 1913 жылы 30 мамыр күні  Лондонда қол қойылды. Лондон келісімі бойынша Осман империясы еуропалық иеліктерінен толық айырылды. Тек Ыстамбұл маңында ғана, түбектің еуропалық аздаған бөлігі ғана бөлігі осман империясы иелігінде қалды. Бұрын Осман империясына қараған Албания тәуелсіздікке қол жеткізді. 

  Осман империясынан алынған жерлерді Балқан одағына кірген елдер өзара бөліске салу жаңа  жанжал тудырып, жаңа соғыстың тұтануына – екінші Балқан соғысына  алып келді. Бұл соғыста Осман империясы Руминиямен бірлесіп, Сербияға, Грецияға және Черногорияға қолдау білдірді. 

  1913 жылдың маусым және тамыз айларында жүрген екінші Балқан соғысына Юсуф Акчура түрік армиясының офицері ретінде қатысты. Оның соғысқа аттануына байланысты «Түрік жұрты» журналында редакторлық қызметті  Эрзерум провинциясының губернаторы болған көрнекті түрік  қайраткері Мехмет Эмин атқарды [И.  Рамеева; 2014:  с. 17].

  Қайта тұтанған соғыс Осман империясына ауыр тиді. Теңіз флотының әлсіздігі және армияның нашар қарулануы соғыс қимылдарын жүргізуге мүмкіндік бермеді. Сол кезде Юсуф Акчураның бастамасымен түрік армиясына деп халықтан қаржы жинау жүзеге асырылды. Бұл іс-шараға Ресей империясындағы түрік тілдес халықтар да тартылды.

  Зерттеуші С. Рүстемовтің келтірген мәліметтеріне қарағанда, «Юсуф Акчура және «Түрік жұрты» журналы редакциясының бастамасынан соң  Ресейдегі мұсылман халықтары, соның ішінде қазақтар да 1913 жылғы Балқан соғысы кезінде Түркияны қолдауға ниет танытты. Мұны патша өкіметі империя аумағына Ыстамбұлдағы ресейлік мұсылман эмигранттардың шығарып жатқан мерзімді басылымдарының таралуымен және жас түріктердің үгіт-насихатының нәтижесімен  байланыстырды. Сол кезде Шет діндер департаментінің директоры Ішкі істер министріне жас түріктердің көсемдері Ресейге өздерінің ең білімді әрі белсенді деген тыңшыларын көпестер түрінде жіберуде және оларға тыңшылық қызметті Меккеге қажылық сапарға барып қайтқан мұсылмандар да атқаруда деген мазмұндағы мәлімдеме түсіріп, Еділ-Жайық, Кавказ, Қырым өңірлері мен Түркістан өлкесінде жас түріктердің тыңшыларының болуы империяның тұтастығына нұқсан келтіреді деп билік орындарын мұндай жағдайға жол бермеуге шақырды» [С. Рүстемов, 2005: 67].

  «Патшалық Ресей өкіметінің мәліметінше Түркістан генерал-губернаторлығының Ферғана, Жетісу және Сырдария облыстарындағы жергілікті халық өкілдері түріктердің Балқан мемлекеттерімен соғысындағы сәтсіздіктерді Ресейдің балқандық славяндарға көмек жасауынан туындауда деп қабылдап, отарлық билікке деген нарзылықтарын күшейте түскен. Оның үстіне аталған облыстардың біріндегі қазақтар арасында мұсылмандардың ынтымақтастығын және  патшалық Ресейдің жүргізіп отырған саясатына қарсылық танытуды насихаттау қарқын алған. Осындай ахуал жағдайында Түркістан өлкесі мұсылмандары арасында соғыс қимылдары кезінде жарақат алған түрік жауынгерлерінің пайдасына деп қаражат жинауға шақырған үнпарақтар тарту орын алды. Бұл үнпарақтарда жаралы түрік жауынгерлеріне көмек көрсетушілердің аты-жөні және осы мақсатқа деп бөлген қаражатының көлемі мұсылмандық басылымдардың бірінде жарияланатындығы да мәлімделінді. Екінші Балқан соғысы басталысымен Ресейдегі мұсылман халықтарын бұл соғыстың барысы жайынан хабардар етуді Орынборда шығып тұрған татар тіліндегі «Вакыт»  газеті өз мойнына алды, түрік жеріне өзінің тілшісі ретінде, Юсуф Акчурамен тығыз байланыста болған  Фатих Каримовты аттандырды.  Түріктер жерінде  Ф. Каримов «Вакыт» газеті редакциясына соғыс қимылының барысы және түріктердің ахуалы туралы көптеген материалдар жолдады. Бұл материалдар газеттің бетінде  жарияланып тұрды. Сол кезде Балқан соғысы жайлы мәліметтермен мұсылман халықтары Түркиядан келетін «Танин» және «Икбал» газеттері арқылы да танысатын. Бұл газеттерді негізінен Қазан университетінде білім алып жатқан татар, башқұрт және қазақ студент жастары алдырып оқитын. Мұндай жағдай Ресейдегі жоғары оқу орындарында оқитын мұсылман студент жастарының Түркияны қолдаған қозғалысына түрткі болды. Петерборда оқитын қазақ, өзбек, татар студенттерінің осындай қозғалысы 1912 жылдың күзінде-ақ бой көрсетті. Осы қозғалыстың қалай өрбігенін сол тұста Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде студент болған М. Шоқайдың естелігіндегі мына жолдардан да аңғаруға болады: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешшімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз. Балқан соғысы Петербург студенттері қозғалысын қыздыра түсті. Осы кезде Ресей бейтарап болатын. Алайда ол бейтараптығына қарамастан Түркияға қарсы тұрып, Балқан славяндарына ашықтыан-ашық жәрдем беретін. Петербург көшелерінде «Аясофия үстіне крест» қоюды талап еткен ереуілдер өтіп жатқан. Міне, осылардың бәрі бізді, студенттерді, қатты толқытты. Орыс курстастарымыздың төңкерісшілдіктеріне қарамастан, біз олармен ылғи да бірге шыға алмайтынбыз. Дегенмен біз – орыс және орыс емес студенттер – бірлікте университет ауласында Балқан славяндарына жәрдем жинаушыларға кедергі жасайтынбыз. ... Бұларға қосымша тағы бірдемелер істеуді ойластырдық. Ол үшін біз – әзери, татар және түркістандық студенттер, орыстардан бөлініп, өзімізше әрекет жасамақ болдық» [М. Шоқай, 1998: 69].

  Юсуф Акчураның  үндеуінің әсерімен Ресейдің түркі халықтары, сондай-ақ қазақтар да түріктерге көмек көрсетуге талпынысын  арттыра түсті. «Орынбор жандармериясы басқармасының мәліметінше, Ф. Каримов Түркияға аттанардан алдын Орынбор өңірінде тұратын мұсылмандардан 50 мың сом жинап, кейіннен бұл қаражатты түрік армиясына көмек ретінде тапсырған Балқан соғысы барысында жарақат алған түрік жауынгерлеріне және әлсіздік танытқан түрік флотына көмекке деп қаражат жинастыру Ресейдегі Орынбор өңірі мұсылмандары арасында ғана емес, өзге де өңірлерде етек алған еді. Мәселен, Ялта мұсылмандары 20 мың сом, Кавказ мұсылмандары 150 мың сом, Қоқан қаласының тұрғындары 23 мың сом  қаражатты Түркияға жіберсе, Мәскеуде тұратын мұсылмандар 400 мың сом жинап жіберуді көздеген. Сырдария облысына қарасты Созақтағы қазақтар Түркия үшін деп 40 мың сом жинаған. Верный қаласы мен оның төңірегіндегі мұсылмандар атынан Түркияға көмекке делініп10 мың сом жіберілген. Түркі тілдес мұсылман халықтары Балқан соғысы тұсында түріктерге тек қаражат жинау арқылы ғана жәрдем көрсетумен шектеліп қалған жоқ. Түркияда білім алып жатқан ресейлік мұсылман халықтарының өкілдері, соның ішінде қазақ студенттері де түрік армиясының госпитальдарында жаралыларға көмек берді».

  «Ресей империясындағы жандармерия түркі тілдес мұсылман халықтарының Юсуф Акчураның үндеуінен кейін түрік армиясына қаржы жинау әрекетін жас түріктердің «панисламизм» идеясын таратуымен байланыстырды. Осыған орай империя аумағында түрлі іс-шараларға деп халық тарапынан қаражат жинау үшін губерниялық билік орындарынан рұқсат алынуы тиіс деген тапсырма берілді. Сонымен қатар Осман империясының азаматтарын Ресей аумағына енгенде қатаң бақылауға алу тапсырылды».

  Балқан соғысы кезінде түрік армиясына деген қолдаушылық жеңістер ала келді. Бұл жеңісте халық қолдаушылығын ұйымдастырған Юсуф Акчураның да еңбегі бар еді. Бухарест келісімі бойынша Осман империясына Шығыс Фракия мен Эдирне қайтарылды.

  Италиямен болған соғыс  және Балқан соғыстары «османшылдық» идеясының жүзеге аспайтынын, яғни империядағы өзге ұлттар өз тәуелсіздігіне ұмтылатынын көрсетіп берді. Ендігі жерде жас түріктер ұлттық мәселеге көзқарасын өзгертіп, Юсуф Акчураның түрікшілдік идеясын басшылыққа алу керектігін сезінді. Бұл шара әскери министр Энвер паша, ішкі істер министрі Талаат паша және теңіз істері министрі Жамал паша бастаған топтың қолына империядағы билік шоғырландырылғаннан кейін қолға алынды.

  Балқан соғысынан кейін Юсуф Акчура «Түрік жұрты» журналына қайта оралып, редакторлық қызметін жалғастырды. Мұнымен қоса Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының мүддесін қорғау бағытындағы әрекеттер жүргізді. Ол IV Мемелекеттік думадағы Мұсылман фракциясымен байланыс жасай отырып, ондағы түркі тілдес мұсылман халықтарының жағдайын біліп отырды.  IV Мемелекеттік думадағы Мұсылман фракциясы Юсуф Акчураға отаршылдық тауқыметін тартып жатқан халықтың саяси-әлеуметтік өміріне қатысты материалдарды жасырын түрде жолдап тұрды [С. Шілдебай, 2002: 83].

  Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрамында Юсуф Акчура да бар жас түріктер Германияны ашық қолдаудан тартынды. Антанта елдері де Түркияның нейтралитетте болуын қалаған еді. Бірақ соғыстың бастапқы кезінде Германия Түркияға әскери көмек көрсетуді қолға алып, екі крейсер беріп,  түрік флотын нығайтты. Осыдан кейін әскери министр Энвер-паша Германияны ашық қолдау саясатын ұстанды. 1914 жылы 29 қазанда түрік флоты германдық флотпен бірлесіп, Қара теңізде Ресейге қарсы соғыс қимылдарын жүргізе бастады. Сөйтіп бірінші дүниежүзілік соғыста Антантаға қарсы қимылдар жүргізуші ел ретінде танылып, соғысқа кірісті.

  Юсуф Акчура бірінші дүниежүзілік соғыс барысында да Ресей империясындағы түркі тілдес халықтардың мүддесін қорғаудың жолдарын қарастырды. Оның бұл жолдағы әрекеті 1915 жылы көрінісініс берген еді.  Бұл жайлы А.Ш. Махаева былай деп жазады:  «1915 жылы 8 желтоқсан күні Петроград телеграф агенттігі Венаға бір топ делегация келіп, Ресей империясы қол астында отарлық бұғаудың тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының азаттығын талап етіп жатқандығы жайлы хабар таратты. Бұл хабар әрине, патшалық Ресейдегі билік орындарын дүр сілкіндірмей қоймады .

  Петроград телеграф агенттігі таратқан хабарға қарағанда, құрамында Осман империясында шығып тұрған «Түрік жұрты» журналының редакторы Юсуф Акчура, Ыстамбұл университетінің профессорлары Али-бек Гусейнзаде мен Мұхаммед Еселибзаде және Муким-әд-дин Бейдаш бар делегация Австро-Венгрия империясының сыртқы істер министрі граф Форгачқа  және Австро-Венгрия монархиясының құрамдас бөлігі саналатын Цислейтанияның министр-президент лауазымындағы граф Штюргкке мынандай мазмұндағы өздерінің талаптарын тапсырған:

  «1) Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығын орыс үстемдігінен азат етіп, оларғаТүркістан өлкесін қосу.

   2) Қазақтарға әкімшілік-саяси тәуелсіздік беру.

   3) Қазан және Қырым хандықтарын қалпына келтіріп, оларды түрік сұлтанының қамқорлығына өткізу.

   4) Еділ өзені мен Каспий теңізін бейтарап өңір ретінде тану».

   Бірінші дүниежүзілік соғыс  өрши  түсіп, 1915 жылы Шығыс майданда, Карпатта  австрия-венгрлік әскермен Ресей әскерлері қанды шайқас жүріп жатқан шақта орыс бодандығындағы түркі тектес халықтардың азаттығын талап еткен мәлімдеменің тапсырылуы паташылық Ресей үшін қауіпті еді. Патша өкіметі мұндай талап елдегі жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін деп сезіктенді. Тіпті, әлгіндей мәлімдеменің өзінің қарсыласы Австро-Венгрияға  білдірілуіне елдегі түркі халықтары өкілдерінің де қатысы болуы ықтимал деп санады. Осыған орай елдегі түркі халықтарының бас көтерер азаматтарын және мерзімді  басылымдарын қатаң қадағалауға алды.

   Еуропадағы ең мықты дипломаттардың бірінен саналған Австро-Венгрия империясының сыртқы істер министрі граф Форгачқа тапсырылған  мәлімдемеде қазақтардың  тәуелсіздік алуының талап етілуіне отарлық билік орындары «Қазақ» газетінің қатысы болуы мүмкін деп күдіктенді. Сол себепті Орынбор жандармерия басқармасы «Қазақ» газетінен осы мәлімдемеге орай түсініктеме алды. «Қазақ» газеті редакциясы өз түсініктемесінде  Венаға барған делегация жөнінен бейхабар екенін және бұған газет ұжымының қатысы жоқ екенін атап көрсетті.

  Ресей империясында отарлық билік орындары дүрлігіп жатқан тұста, 1915 жылдың 12 желтоқсан күні Юсуф Акчура бастаған делегация Будапештке келіп, Венгрияның министр-президенті граф Тиссеге жолығып, оған да  жоғарыдағыдай мазмұндағы мәлімдеме тапсырды. Сонымен қатар граф Тиссеге  бірінші дүниежүзілік соғыс бейбіт келісімге келіп аяқтала қалғандай жағдайда Ресей империясындағы түркі халықтарының, соның ішінде империяда 6 миллион адамды құрайтын қазақтардың да азаттыққа қол жеткізуін назардан тыс қалдырмау жайлы өтініш білдірді.

  Польша баспасөз агенттігінің 1916 жылы 11 қаңтар күні таратқан ақпаратында Юсуф Акчура бастаған топты Вена қаласы басшысы Вейскирхнен  жылы қабылдап, олар әкелген Ресейдегі түркі халықтарының азаттығын талап еткен меморандум көшірмесін Польшаның Жоғарғы ұлттық комитетіне жіберуге өз септігін тигізгені айтылады. Мұның өзі аталған делегацияның қазақтар секілді отарлық езгідегі халықтардың мүддесін қорғауда белсене әрекет еткенін аңғартса керек.

  Юсуф Акчура бастаған делегация  Ресейдегі түркі халықтарының азаттығына шет елдер, соның ішінде батыстық державалар ықпал ете алады деген сенім де болды. Олардың осы бағытта атқарған іс-шараларын сол уақытта ары қарай жалғастырушылар да бой көрсетпей қалмады. Мәселен, Ресейден бірінші орыс революциясынан кейін Осман империясына эмиграцияға кеткен татар халқының көрнекті қайракері, кезінде қазақтың алғашқы басылымдарының бірі «Серке» газетін шығаруға өз септігін тигізген  Әбдірашид Ибраһим де түркі халықтарының азаттығына Америка Құрама Штаттары әсер етуі мүмкін деп есептеді. Ол осы себепті де  1916 жылы 9 мамыр күні Америка Құрама Штаттарының Президенті Вудро Вильсонның атына Ресейдегі барлық орыс емес халықтарды патша өкіметінің қысымынан қорғауды өтінген жеделхат жолдады. Әбдурашид Ибраһимнің Вудро Вильсонға жолдаған жеделхатындағы түркі халықтарына қатысты талап-тілектер Юсуф Акчура бастаған делегацияның талап-тілектерімен үндесіп жатты. Осыған орай патшалық Ресейдің Полиция департаменті түркі халықтарының азаттық мәселесінің шет елдердің алдына қойылуын көп жағдайда Юсуф Акчура есімімен байланыстырып, оның іс-әрекеттерін аңдыуға, империядағы түркі зиялыларымен байланысын айқындауға күш салды. Сонымен қатар  Юсуф Акчураның Ресейдегі түркі тілдес халықтардың мүддесін қорғаудағы әрекетін «пантүрікшілдіктің» көрінісі ретінде бағалау және оның осы бағыттағы әрекеттерін Германия мен Осман империясының  Ресейге қарсы бағытталған жымысқы әрекетінің нәтижесі ретінде сипаттау орын алды» [А. Махаева, 2015: 2].

  Зерттеуші Р.Ф. Мухамметдиновтің клетірген мәліметтеріне қарағанда, Юсуф Акчура Швейцарияда, Цюрих қаласында болған кезде В.И. Ленинмен кездесіп, онымен төрт сағаттай уақыт әңгімелескен. Ол В.И. Лениннен большевиктер ұллтық мәселеге қалай қарайды деп сұраған. Сонда «егер өзін-өзі басқару мәселесі тұрғысынан келсек,  ұлттар сіздердің талаптарыңызға сәйкес құқықты иеленеді» деген жауап алған.

  Юсуф Акчураның түркі тілдес мұсылман халықтарының мүддесін бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында қорғамақшы болған әрекеті нәтижелі бола қоймады. Бұған белгілі дәрежеде сол тұстағы әлемдік ірі державалардың соғыста қалайда соғысқа жету мақсат тұтуы өз әсерін тигізді. Соғыс жылдарында Түркияның әскери ресурсы сарқыла түсті. Оның соғыс барысында әскерінің 600 мыңы  қаза тапты, бір миллионға жуығы жарақат алып, мүгедек болды.

   Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Түркия экономикасы әлсіреп, ауыл шаруашылығы үлкен шығынға ұшырады. Егістік алқаптары қысқарып,  мал басы 47 пайызға қысқарды. Түрік шаруаларының қиын жағдайы елде ішкі нарықта азық түліктің жетіспеушілігіне алып келді. Бұл өз кезегінде азық-түліктің қымбаттауына алып келді.  Азық түлік тапшылығынан кейбір өңірлерде аштық орын алып, эпидемиялар бой көрсете бастады. Соғыс салығының өсуі қалалардағы еңбекшілердің де жағдайын ауырлатты.

  Әскери жағдайдың енгізілуі, ауыл шаруашылығының күйреуі, бұқара халықтың материалдық жағдайының ауырлығы ел ішінде толқулар туғыза бастады. Осындай жағдайда Юсуф Акчура және  «Түрік жұрты» журналы төңірегіне топтасқан зиялы қауым өкілдері халықты сабырлылыққа шақырып, халық бірлігін сақтап қалу жолында насихат жұмыстарын жүргізді.

  Юсуф Акчура бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Жарты қызыл ай қоғамының жұмыстарына да қызу атсалысты. Әсіресе, соғыс қимылдары барысында жарақат алған жауынгерлерге медициналық көмек ұйымдастыру және олардың отбасыларына материалдық жәрдем көрсету секілді шаралар Юсуф Акчураны шет қалдырмады.

  Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен түрік жауынгерлерінің тағдыры да оны бейжай қалдырмады.  Ол бұл ретте Ресей империясы аумағындағы соғыс тұтқындарына жәрдем көрсетуді немесе оларды еліне кері қайтаруды жүзеге асырғысы келді.

  Соғыс барысында Ресей мен Түркияның үкіметі арасындағы келісім бойынша екі жақ соғыс тұтқындары ішіндегі медицина қызметкерлерін және мүгедектерін өзара алмастырып отырды [В. Познахирев,2012: 12]. Соның өзінде ресей империясы аумағындағы түрік тұтқындарының саны 50 950 адамды құраған. Ол тұтқындардың көпшілігі Кострома, Ярославль, Симбирск, Самара, Саратов, Царицын, Астрахан және Қазан қалалары маңындағы лагерлерде ұсталды. Осы әскери тұтқындардың мәселесін шешіп, еліне қайтаруға Жарты қызыл ай қоғамы 1918 жылдың көктемінде Юсуф Акчураны Ресейге жіберді. Ол сапары барысында түрік әскери тұтқындарының басым көпшілігін қайтаруға қол жеткізді.

  Түрік әскери тұтқындарын қайтару мәселесімен Юсуф Акчура Ресейге келген кезде З. Валиди, М. Шоқай, Ә. Бөкейханов сияқты қайраткерлермен тығыз байланыс жасап, түркі тілдес халықтардың сол тұстағы ахуалы жөнінен пікір алмасады. 1918 жылы көктемде Самара қаласында «Оңтүстік-шығыс мұсылман облыстарының федерациясын құру» туралы зиялы қауым өкілдерінің басқосуына араласып, Юсуф Акчура  Башқұртстан, Қазақстан және Түркістанды қосу арқылы жасалатын мемлекеттік құрылымды «Шығыс түріктерінің федерациясы» деп атауды ұсынды. Бірақ Ә. Бөкейханов бұл ұсынысқа түзету енгізіп, «келешекте осылай атау дұрыс болар, ал әзірше орыстардың «пантүркизм» деген жаласынан сақтану үшін «Шығыс Ресейдің мұсылман федерациясы» деп аталғаны жөн дейді. Алайда бұл идея кейіннен кеңестік саясаттың салдарынан жүзеге асусыз қалды.

  Қорытынды. Юсуф Акчураның Ресейге сапарынан кейін, көп ұзамай бірінші дүниежүзілік соғыс та аяқалып, Түркия өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан еді. Сонымен Юсуф Акчураның жас түріктердің билік келуі кезіндегі қызметінің ерекше бір қыры оның «Түрік жұрты» журналын шығаруды ұйымдастыруы еді деп айтуға болады.  Ол осы журнал арқылы түркі әлемінің өзекті мәселелерін көтере отырып,  сол тұста Түркияда орын алған оқиғалардың ортасынан көрінді және Ресейдегі түркі тілдес мұсылман халықтарының әлеуметтік-саяси ахуалына әлем жұртшылығының назарын аудартуға талпынды деуге негіз бар. 

Пайдланылған әдебиеттер тізімі

  Алиев Г.З. Турция в период правления младотурок. – М.: Наука, 1972. – 506 с.

   Валиди З. Воспоминания. Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюрков за нацинальное бытие и сохранение культуры. – Кн. 1. – Уфа: «Китап», 1994. – 410 с.

  Гилязов И. Тюркизм: Становление и развитие (характеристика основных этапов). – Казань: КГУ, 2002. – 70 с.

  Zeki Velidi Togan A. Bügünkü Türkistan vey akin tarihi. – Istanbul: Aksiseda matbaasi, 1981 – 696 b.

  Махаева А.Ш. Тәуелсіздікке 100 жыл бұрынғы талпыныс // Түркістан. Халықаралық саяси апталық. – 2015. – 16 желтоқсан.

  Мухаметдинов Р.Ф. Зарождения и эволюция тюркизма. – Казань: «Заман», 1996. – 272 с.

  Петросян И.Е. Османская империя: реформы и реформаторы. – М.: Наука, 1993. – 186 с.

  Петросян Ю.А. Османская империя: могущество и гибель. – М.: Эксмо, 2003. – 280 с.

  Познахирев В.В. Турецке пленники в войнах России за 1977 – 1917 гг.: автореф. ... канд. истор. наук. – Курск, 2012. – 24 с. 

  Рамеева И. Татарские авторы и материалы о татарах на страницах журнала «Тюрк юрду» (1911 – 1931 гг.) // Гасырлар авазы – Эхо веков. – 2014. - №1. – С. 15-19.

  Рүстемов С. Қазақтар мен Ресей империясындағы өзге түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалыстағы өзара байланыстары (1905-1907 жж.) // Отан тарихы. – 2005. – №1.  – 61-75-б.

  Temir A. Yusuf Akçura. – Ankara Baski sayisi, 1987 – 103 b.

  Хабутдинов А.Ю. Формирование нации и основные направления развития татарского общества в конце ХVІІІ – начале ХХ века. Казань: Татар. кн. изд-во, 2001. – 302 с.

  Шоқай М. Таңдамалы. – 1 т. – Алматы: «Қайнар», 1998. – 512б.

  Шілдебай С. Қ. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс . – Алматы: «Ғылым», 2002. – 214 б.

References

Aliev G.Z. Turciya v period pravleniya mladoturok. – M.: Nauka, 1972. – 506 s.

  Validi Z. Vospominaniya. Bor'ba narodov Turkestana i drugih vostochnyh musul'man-tyurkov za nacinal'noe bytie i sohranenie kul'tury. – Kn. 1. – Ufa: «Kitap», 1994. – 410 s.

  Gilyazov I. Tyurkizm: Stanovlenie i razvitie (harakteristika osnovnyh etapov). – Kazan': KGU, 2002. – 70 s.

  Zeki Velidi Togan A. Bugunku Turkistan vey ykin tarihi. – Istanbul: Aksiseda matbaasi, 1981 – 696 b.

  Mahaeva A.Sh. Tauelsіzdіkke 100 zhyl burynғy talpynys // Turkіstan. Halykharalyқ sayasi aptalykh. – 2015. – 16 zheltokhsan.

  Muhametdinov R.F. Zarozhdeniya i evolyuciya tyurkizma. – Kazan': «Zaman», 1996. – 272 s.

  Petrosyan I.E. Osmanskaya imperiya: reformy i reformatory. – M.: Nauka, 1993. – 186 s.

  Petrosyan Y.A. Osmanskaya imperiya: mogushchestvo i gibel'. – M.: Eksmo, 2003. – 280 s.

  Poznahirev V.V. Turecke plenniki v vojnah Rossii za 1977 – 1917 gg.: avtoref. ... kand. istor. nauk. – Kursk, 2012. – 24 s. 

  Rameeva I. Tatarskie avtory i materialy o tatarah na stranicah zhurnala «Tyurk yurdu» (1911 – 1931 gg.) // Gasyrlar avazy – Ekho vekov. – 2014. - №1. – S. 15-19.

  Rustemov S. Khazakhtar men Resei imperiyasyndaғy uzge tүrkі-musylman halyқtarynyң azattykh khozғalystagy uzara bajlanystary (1905-1907 zhzh.) // Otan tarihy. – 2005. – №1.  – 61-75-b.

  Temir A. Yusuf Akçura. – Ankara Baski sayisi, 1987 – 103 b.

  Habutdinov A.Yu. Formirovanie nacii i osnovnye napravleniya razvitiya tatarskogo obshchestva v konce HVІІІ – nachale HH veka. Kazan': Tatar. kn. izd-vo, 2001. – 302 s.

  Shokhaj M. Tandamaly. – 1 t. – Almaty: «Khajnar», 1998. – 512b.

  Shіldebaj S. Қ. Turіkshіldіk zhane Khazakhstandaguy ult-azattykh khozgalys . – Almaty: «Gylym», 2002. – 214 b.

 М.А. ЖОЛСЕЙТОВА

Южно-Казахстанский государственный университет имени М.О. Ауезова, к.и.н., доцtyn

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ЮСУФА АКЧУРИНА В ПЕРИОД ПРАВЛЕНИЯ МЛАДОТУРОК

   РЕЗЮМЕ

  В данной статье рассматривается деятельность Юсуфа Акчурина в 1908-1919 гг.

  Юсуф Акчурин  после младотурецкой революции в 1908 году вернулся в Турцию. Издавал журнал «Тюрк юрду» (Турецкий дом), преподавал в Стамбульском университете политическую историю. Статьи Акчуры появлялись в России, в татарских изданиях — в журнале «Шура» («Совет»).  В 1915-1916 годах он в составе государственной делегации для выполнения правительственных поручений, связанных с защитой прав тюркских народов России, побывал в Австро-Венгрии, Германии и Швейцарии.

  Ключевы слова: Российская империя, Османская империя, младотурки, тюркизм, Турция.

   

M. ZHOLSEITOVA

M. O. Auezov South Kazakhstan State University, Ph. D., Associate Professor

Shymkent, Kazakhstan

THE ACTIVITIES OF YUSUF AKCHURIN DURING

YOUNG TURKS PERIOD


  This article discusses the work of Yusuf Akchurina in 1908-1919.

  Yusuf Akchurin returned to Turkey after Young Turk revolutionin 1908. He published the «Türk yurdu» (Turkish House) journal, taught political history at the Istanbul University. The articles of Akchurin were published in Russia, Tatar editions —«Shura» («Board»)journal.  In 1908-1919 as a member of the State delegation he visited in Austria-Hungary, Germany and Switzerland in order to carry out government orders relating to the protection of the rights of the Turkic peoples of Russia.

  Keywords: Russian Empire, Ottoman Empire, Young Turks, Turkism, Turkey.


No comments

To leave comment you must enter or register