Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ: 368.08+94(574) ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ ОСПАН БАТЫР

С.Қ. ШІЛДЕБАЙ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты

ӘОЖ: 368.08+94(574) ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ ОСПАН БАТЫР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: Чан Кайши, Мао Цзедун, Шен Щисай, Оспан батыр, Шығыс Түркістан Республикасы, Чойбалсан, түрікшілдік, Сталин, Үш аймақ, Алтай, Шыңжаң
Author:
Мақалада Кеңес Одағының Шыңжаңға қатысты саясаты және Шығыс Түркістан Республикасының құрылу тарихы мен Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған Оспан батырдың тарихи тұлғасына қатысты ғылыми талдау жасалады. ХХ ғ. 20-30-жж. Қытайдың Шыңжаң аумағы толықтай Кеңес Одағының тікелей ықпалында болды. Кеңес Одағы басшылығының ХХ ғ. 30-жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжаңның толықтай КСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Осындай жағдайда, жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның КСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді. Кеңес Одағының арнайы жобасы ретінде 1944 ж. 12 қарашада жарияланған Шығыс Түркістан республикасы алғашқы күннен бастап КСРО-ның тікелей қамқорлығына алынды. Бірақ, КСРО фашистік Германияны талқандаған соң, Тегеран-Ялта-Потсдам конференцияларында мойнына алған міндеттемелеріне сәйкес Жапонияға қарсы соғыс ашуы тиіс болды. КСРО басшылығы тез арада Қытаймен қарым-қатынасын ретке келтіре бастады. 1945 ж. тамызда жасалған кеңес-қытай келісімінен кейін Шығыс Түркістан тағдыры толықтай шешілген болатын. Осындай жағдайда, Алтай қазақтарының басшысы Оспан батыр КСРО-ға да, Қытайға да бағынудан бас тартып, өмірінің соңына дейін азаттық үшін арпалысты.
Text:

Кіріспе. Біз «Архив-2025» бағдарламасы аясында Москва қаласындағы Ресей федерациясының архивтерінен Қытайдың Шыңжаң аймағына қатысты саясатын жан-жақты аша түсетін материалдарды және Оспан батыр бастаған қазақтардың көтерілісі тарихын тереңірек түсінуге ықпал ететін құжаттарды жинастырдық. Осы уақытқа дейін Қазақстанда жарық көрген әдебиеттер мен тарихи зерттеулер Қытай және моңғол деректеріне негізделіп, БК(б)П ОК Саяси бюросының ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы саясаты мен Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) қазақтарының, оның ішінде Оспан батыр көтерілісі туралы біржақты көзқарас қалыптасып келді. Шыңжаң мұсылмандары құрған Шығыс Түркістан Республикасы (1944-1949 жж.) олардың ұлт-азаттық қозғалысының заңды нәтижесі ретінде көрсетіліп, КСРО-ның Шыңжаңға қатысты саясаты толық ашылмай келген болатын. Бүгінгі таңда да Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві қорындағы И.В. Сталиннің, В.М. Молотовтың, Л.П. Берияның «ерекше папкаларында» сақталған құжаттардың 80 пайызға жуығы «совершенно секретно» грифімен жатыр. Тек қана алуға мүмкін болған Шыңжаңға қатысты архив құжаттарының өзінен ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап КСРО Шыңжаңға қатысты арнайы жоспарлар әзірлеп, оларды жүзеге асыру үшін қаржы-қаражаты мен күш-қуатын аямай жұмсап отырғанын көруімізге болады.

Талқылау. КСРО-ның Шыңжаңға қатысты саясаты кеңестік бір жақты қарастырылып, КСРО басшылығының Шыңжаң мұсылмандарын ұлт-азаттық көтеріліске даярлап, оларды астыртын қаруландырғаны және арнайы іс-әрекет тобын жіберіп, Шығыс Түркістан республикасы армиясын құру мен оларды Қытай әскеріне қарсы тұруға үйреткені айтылмай келген болатын. Осы мәселелер ресейлік зерттеушілер В.А. Бармин [1] мен К.В. Барминнің [2], И.А.Поликарповтың [3] зерттеу жұмыстарында алғаш рет қарастырылып, КСРО-ның Шыңжаңға қатысты саясаты белгілі бір деңгейде ашылды. Бұл авторлар өз еңбектерінде Оспан батыр бастаған Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін «бандитизм» ретінде сипаттап, Оспан батырға біресе, КСРО-ның, біресе Моңғолия маршалы Х. Чойбалсанның, енді бірде Д. Маккернанның айтқанымен жүрген адам баға беруге тырысады. Ал әзербайжан тарихшысы Ж. Гасанлы өзінің «Кеңестік саясат орбитасындағы Шыңжаң» атты монографиясында [4] КСРО-ның Шыңжаңдағы саясатын тың архив құжаттары негізінде жан-жақты ашып көрсете отырып, Оспан батыр тұлғасына объективті баға берген. Сонымен қатар, орыс эмигрантының баласы В.И. Петровтың «Азияның бүлікшіл «жүрегі» атты деректі зерттеуі мен естеліктерінде Оспан батырды «құйыршық», «бандит» деп жазады [5]. Біздің пікірімізше, Оспан батырдың туғанына 100 жыл толуына орай Оспан батырдың тұлғасына қатысты 1999 жылы жарық көрген Т. Зәкенұлының [6] «Оспан батыр» атты мақаласында Оспан батырдың мақсат-мұраты мен оның тарихи рөліне анағұрлым дұрыс баға берілген. Ал моңғолиялық тарихшы-ғалым С. Рахметұлының «ХХ ғасыр. Оспан - Чойбалсан» атты еңбегінде Шығыс Түркістан Республикасы тарихы мен Оспан батыр тұлғасына қатысты моңғол және қытай деректері кеңінен қолданыла отырып, Оспан батырдың тұлғасын сомдаған [7].

Деректері және әдістері. Бұл мақаланың деректік негізін Москва қаласында орналасқан Ресей федерациясының мемлекеттік архивіндегі И.В. Сталиннің, В.М. Молотовтың, Л.П. Берияның «ерекше папкалары» мен Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивіндегі Саяси бюро хаттамаларының «ерекше папкасынан» алынған Шыңжаңға қатысты құжаттар құрап отыр. Сонымен қатар, Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивіндегі БК(б)П ОК сыртқы саясат, халықаралық ақпарат, сыртқы қатынас бөлімдерінің құжаттары жоғарыда баяндалған КСРО-ның Шыңжаңдағы саясатына қатысты құнды мәліметтер мен деректерге өте бай. Мақаланы жазуда тарихшылдықтың жалпығылыми принциптері басшылыққа алынды. Сонымен қатар, объективтілік, тарихилық, жүйелілік, мәселелік-хронологиялық және салыстырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.

Нәтижесі. Шыңжаң дубаны Шен Щисайдың антикеңестік саясаты жағдайында БК(б)П ОК Саяси бюросы 1943 жылдың 4 мамырында Қытай билігінің отаршылдық саясатын әшкерелеу және Шыңжаңда мұсылмандардың кең көлемді ұлт-азаттық қозғалысын өрістету туралы шешім қабылдады [8]. Осы шешім аясында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халкоматының полковнигі Ахмед Абузаров Алтай округіне жіберіліп, оның алдына «Гоминьдан реакциясына» қарсы Алтай тұрғындарының қарулы көтерілісін даярлау міндеті қойылды [4, 164-б.]. Сондай-ақ, 1944 жылдың жазында Гоминьдан армиясына қарсы партизан соғыстарын өрістету үшін Шыңжаңның солтүстік аудандарына КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдары даярлаған «Буйга» және «Батыр» арнайы жасақ бөлімдері тасталды. Бұл операция Фрунзе қаласынан 78 шақырым қашықтықта орналасқан Ыстық-Ата таулы ауылы арқылы жүзеге асырылды [4, 156-б.]. Сонымен қатар, қазан айында Шыңжаң үкіметі жүргізген қытай әскері үшін 10 мың жылқыны тәркілеу саясаты көшпелі аудандардың қатты наразылығын туғызды.

1944 жылы 7 қараша күні Шыңжаңға қарасты «Үш аймақ» халқы қолына қару алып, қытай билігіне қарсы күреске шықты. Ұйғыр Ғани батыр мен татар Фатих батырдың партизан отрядтары қытай әскерлеріне ойсырата соққы берді. Әсіресе Алтайдағы қазақтың керей руының атты әскерлерін басқарған Оспан батырдың жасақтары Алтайды қытай әскерлерінен азат етуде негізгі рөл атқарды. Көтерілістің үйлестіру орталығы Құлжа қаласындағы КСРО консулдығы болғаны бұл күнде ешкімге құпия емес. Бұл көтеріліс тез арада Құлжаға жетіп, мұсылман халықтарының толық жеңісі жағдайында 12 қараша күні Шығыс Түркістан Республикасы жарияланды. Әзербайжан тарихшысы Ж. Гасанлы бұл көтерілістің 7 қараша күні басталуын алдын-ала жоспарланған кеңестік жоспар дегенге келтіреді. Өйткені, дәл осы күні Ұлы Қазан Социалистік революциясының 27 жылдық мерейтойы болатын. Автордың пікірінше, Кеңес одағы Шыңжаңдағы көтерілісті даярлауға ғана қатысып қоймай, көтерілісшілердің соғыс қимылдарын тікелей қолдап отырған.

1944 жылы 15 қараша күні Шығыс Түркістан Республикасы үкіметінің құрылғаны туралы ресми түрде жарияланды. Үкімет төрағасы болып кейіннен «Сағұни» лақап есімін иеленген Әлихан төре Шәкірқожаев сайланды. Төрағаның орынбасарлары болып Іле аймағына белгілі ұйғыр байы Хәкімбек қожа мен қазақтардың беделді тұлғаарының бірі Әбілхайыр төре сайланды [1, 58-б.].

Шыңжаңдағы халық көтерілісі мен Шығыс Түркістан республикасының құрылуына қатысты Л.П. Берияның «ерекше папкасында» сақталған 1946 жылы 6 тамызда «Жолдас И.В. Сталинге» беру үшін даярланған баянхат (докладная записка) жобасында БК(б)П ОК Саяси бюросының 1943 жылдың 4 мамырындағы Қытай билігінің отаршылдық саясатын әшкерелеу және Шыңжаңда мұсылмандардың кең көлемді ұлт-азаттық қозғалысын өрістету туралы шешімінің орындалуы туралы төмендегілерді баяндайды:

- ХХ ғасырдың 30-жылдарының өн бойында И.В. Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шен Щисай 1942-43 жылдары ашық антикеңестік бағыт ұстанып, Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шен Щисайдың осындай саясатынан кейін Кеңес Одағы жоғарыдағы шешімді қабылдауға мәжбүр болды. Л.П. Берия, С. Круглов, В. Абакумовтардың аталмыш баянхатында жоғарыдағы шешімді орындау үшін тиісінше жұмыстың жүргізілгені және соның нәтижесінде 1944 жылдың күзіне қарай Қытайға қарасты Шыңжаңның Алтай және Іле аймақтары мұсылмандарының Қытайға қарсы қарулы көтерілісінің басталғаны айтылады;

- Алтай және Іле аймақтарынан бастау алған осы көтерілістің нәтижесінде 1944 жылы 7 қарашада мұсылмандардың біріккен (қазақ, ұйғыр, дұңған, қырғыз және т.б.) жасақтары Қытай әскерінің тас-талқанын шығарып, 1944 жылы 12 қараша күні Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасын жариялады. Мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысының кең көлемде қанат жаюынан қорыққан Қытай билігі орталық Қытайдан әскер жинап, Шыңжаңдағы әскерінің санын 75 мың адамға жеткізіп, көтерілісті басып-жаншуды ойластыра бастайды [8, 168-п.];

1944 жылы 6 желтоқсанда Кеңес Одағы Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясы Бас барлау басқармасының Арнайы тапсырмалар бөлімінің бастығы, Шыңжаңдағы арнайы іс-әрекет тобының жетекшісі генерал-майор Владимир Степанович Егнаровтың (Шыңжаңдағы ресми аты – «Иван Иванович» [9, 303-б.]) басшылығымен КСРО ІІМ-МҚМ шұғыл іс-қимыл тобы Шыңжаңға аттандырылды. Бұл топқа көтерілісшілердің күшін ұйымдастырып, қытайлықтарды талқандау және мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысын кеңейту міндеті қойылды. Осы Иван Ивановичтің тікелей басшылығымен аз уақыттың ішінде ШТР мұсылмандарынан 20 мыңдық тұрақты армия жасақталып, олар тез арада үйретіледі. Осының нәтижесінде 800 мыңнан астам халқы бар Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында қытай әскерлері талқандалып, аталған аймақтар толықтай қытайлардан толық тазартылды [8, 169-п.];

1944 жылдың 24 желтоқсанынан бастап 1945 жылдың 15 қазанына дейін көтерілісшілердің армиясы қытай әскерлерімен болған ұрыстарда қарсыластың 26 жаяу және атты әскер полкін талқандады. 8140 қытай өлтіріліп, 8907 қытай жауынгері мен офицері тұтқынға алынды. Көтерілісшілер қытай әскерінің үлкен көлемдегі қару-жарағын тартып алды. Атап айтқанда, 36 самолет, 13 зеңбірек, 53 миномет, 2 бронемашина, 23 танкетка, сондай-ақ, ірі қару-жарақ және түрлі мүлкі бар қоймалар қолға түсті. Ал көтерілісшілер тарапынан осы уақыт ішінде 692 адам қаза тапса, 13 адам тұтқынға түсті [8, 169-п.];

- 1945 жылы тамыз айында жасалған кеңес-қытай келісімінен кейін, 1945 жылы 14 қыркүйекте БК(б)П ОК шешімі бойынша Шыңжаңдағы соғыс қимылдары тоқтатылды. Осы уақытта 26500 жауынгері мен командирі бар көтерілісшілер армиясы Шыңжаң астанасы Үрімші қаласынан 135 км. жерде тұрды. 1945 жылы 12 қазанда көтерілісшілер мен Орталық қытай үкіметі өкілдерінің арасында келіссөздер басталды. Осы келіссөздерді жүргізуде Кеңес одағы бітістіруші рөлін атқарды. Келіссөздер 8 айға созылып, 1946 жылы 5 маусымда көтерілісшілер делегациясы мен орталық қытай өкіметі өкілдерінің арасында бітім жасалумен аяқталды. Ол бойынша: Шыңжаңда құрамы 25 адамнан тұратын аймақтық жаңа үкімет құрылды; үкіметке жетекші орындарды иеленген 15 мұсылман кірді; мұсылмандар Шыңжаңда құрамы 12000 адамдық 6 полктен тұратын ұлттық әскер ұстау құқығын алды; бұл бөлімдерді қытай үкіметі қаржыландыратын болды; Шыңжаң халықтарына жергілікті билікке (губернаторлыққа, уезд бастықтарына және т.б. орындарға) сайлану құқығы берілді. Көтерілісшілер билігі орнаған аймақтардағы билік сақталатын болды [8, 170-п.].

«Осылайша, - дейді баянхат авторлары, - БК(б)П ОК-нің 1943 жылдың 4 мамырындағы, 1945 жылдың 22 маусымындағы және 14 қыркүйегіндегі Шыңжаң бойынша шешімдері КСРО ІІМ-МҚМ арнайы шұғыл тобы тарапынан орындалды. Арнайы іс-әрекет тобының Шыңжаңда жүргізген 20 айлық жұмысы барысында жергілікті мұсылман ұлттарынан біздің жұмыс бағытымызға қажетті көптеген әскери және саяси қызметкер мамандар даярланды және тәрбиеленді. Шыңжаңдағы жұмыс бойынша БК(б)П ОК тапсырмаларын табысты орындағаны үшін ерекшеленген қызметкерлерді үкіметтік марапаттармен марапаттауды қажет деп санаймыз» [8, 170-п.]. Баянхат авторлары осыған қоса КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығының жобасын қоса ұсынып, И.В. Сталин шешімін күтеміз деп аяқтайды. Жарлық жобасында үкіметтің арнайы тапсырмасын табысты орындағаны үшін генерал-майор В.С. Егнаров бастаған 140 адам әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттарға ұсынылды [8, 171-176-пп.]. Осы баянхаттан КСРО-ның Шыңжаңда жүргізген диверсиялық саясатының мазмұны толық көрініп тұр.

Жоғарыдағы баянхат мазмұнынан КСРО-ның Шығыс Түркістан Республикасына қатысты екіжүзді саясаты толық көрініп тұр. 1945 жылдың 15 тамызындағы кеңес-қытай келісімінен соң КСРО басшылығы ШТР басшыларын Орталық қытай өкіметімен келісімге келуге мәжбүрлей бастады. Осындай жағдайда, Шығыс Түркістан үкіметі құрамындағы Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Мононов сияқты Кеңес Одағы мен Қытай компартияларының ықпалындағы топ белсенді іс-әрекетке көше бастады. Ал Шығыс Түркістан Республикасының төрағасы болып сайланған күнінен бастап түрікшілдік пен исламшылдықты қоса ұстанып, оқу-ағарту жұмысында діни тәлім-тәрбиені қатаң ұстауды тапсырған Әлихан төре жанталасып өзіне одақтас іздей бастады. 1945 жылы қыркүйек айының соңында Әлихан төренің өзі Алтайға келіп, Оспан Батырды Алтай аймағының уәлиі (губернаторы) етіп тағайындағанда [6, 41-б.] да оны өзіне тірек етуді мақсат етсе керек.

Әлихан төре Гоминьданмен бейбітшілік келіссөздер жасауға, Кеңес Одағында тәрбиеленген А.Қасымидың үкімет құрамына кіріп, Үрімжіге ШТР өкілі болып баруына қарсы болды. Бірақ, ШТР әскері мен үкіметі құрамындағы Кеңес одағының ықпалы аса күшті болғандықтан, Әлихан төре еркін әрекет ете алмады. Ал 1944 жылдан бастап Алтай қазақтарының ханы ретінде мойындалған Оспан Исламұлы Қытаймен келіссөз жасап жатқан ШТР басшылығына бағынудан, қытайға қарсы соғыс қимылдарын тоқтатудан бас тартты. Өз кезегінде, 1940 жылдардан бастап Коминтерн мен КСРО ЖШҚА БББ тарапынан Хорлоогийн Чойбалсан арқылы әскери көмек пен қару-жарақ алып тұрған Оспан Батыр Х. Чойбалсанды тыңдаушы еді.

1945 жылдың 15 қыркүйегінде БК(б)П ОК Саяси Бюросы «Шыңжаңдағы жағдай туралы» мәселені қарап, бірден-ақ «ерекше папкаға» «өте құпиялы» құжат ретінде тоғытылған төмендегідей шешім қабылдады:

«1. Кеңес Одағы мен Қытай арасында Достық және одақтастық туралы шарттың жасалуына, Шыңжаң туралы бірқатар келісімдер мен нота алмасулардың жүруіне байланысты, Шыңжаңдағы көтерілісшілер мен Орталық Қытай Үкіметі арасында арасындағы ара ағайындықты өзіне алу мақсатқа сәйкес деп танылсын.

2. Қытайдағы кеңес елшісі жолдас Петровқа вице-министр Гань Най-гуанға төмендегідей мәлімдеме жасау тапсырылсын:

«Осы жылдың 7 қыркүйегіндегі Сіздің мәлімдемеңізге жауап ретінде Сізге төмендегі жайларды хабарлау мәртебесіне ие болып отырмын: Құлжадағы кеңес консулы өздерін Шыңжаңдағы көтерілісшілердің өкіліміз деп атаған бірнеше мұсылман адамының өзіне шыққанын және олар мен қытай билігінің арасында орын алып отырған шиеленісті реттеу мақсатында орыстардың ара ағайын болғанын қалайтындықтарын тұспалдап жеткізгеніне Кеңес Үкіметінің назарын аударды. Олар осылай дей отырып, көтеріліске шыққан тұрғындар өз алдарына Қытайдан бөліну міндетін қойған жоқ деп мәлімдеді. Олар халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Шыңжаңның сол бір бөлігінде, соның ішінде Іле, Тарбағатай, Алтай және Қашғар аймақтарында автономияға қол жеткізу мақсатын қойыпты. Олар Шыңжаңдағы мұсылман халқының құқықсыздығын, сондай-ақ, қытай әкімшілігі тарапынан болып отырған қысым көрсетушілік, заңсыздық пен жаппай қуғын-сүргінді атап көрсете отырып, олар өздерінің іс-әрекетімен мұсылмандарды қолына қару алып өз құқығын қорғауға мәжбүр еткенін жеткізді.

Өзінің Шыңжаңмен шегаралас аймақтарындағы тәртіпке мүдделі Кеңес Үкіметі өзінің Құлжадағы консулына Шыңжаңда қалыптасқан жағдайды реттеуде егер олар қалаған жағдайда, қытай үкіметіне мүмкіндігінше көмек көрсету үшін әрекет етуді тапсыруға даяр.»

3. Көтерілісшілерге Кеңес Елшісінің мәлімдемесіне Қытай Үкіметінен жауап алынғанша және келіссөздер болған жағдайда, келсіссөздер уақытында өзінің қарулы күштерінің белсенді қимылдарын тоқтату ұсынылсын» [10].

Кеңес үкіметінің ара ағайындығына жүгінуге Қытай тарапы мәжбүр болды. Бір жағынан көтерілісшілерді қаруландыра отырып, екінші жағынан оларды «тоқтатқан» Кеңес басшылығы қытай билігін осылайша бопсалап бақты. Бірақ, Кеңес тарапының соғыс қимылдарын тоқтату туралы ұсынысын Оспан батыр қабыл алмады. Бұл уақытта, бүкіл Алтайды қытай әскерлерінен тазалаған Оспан батыр Шығыс Түркістан Республикасы басшылығының ымырашыл іс-әрекетіне көңілі толмады. 1940 жылдардың басында-ақ Алтай қазақтарының көсемі ретінде таныла бастаған Оспан батырды Абақ-керейлердің хан ретінде мойындағаны және Алтай керейлері өздерін ата-бабамыздың жерінде өмір сүреміз және жеке мемлекет құруға хақылымыз деп санайтындықтары КСРО Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының Бас барлау басқармасына мәлім болатын.

Осындай жағдайда, 1945 жылдың 15 қазанында КСРО Сыртқы істер халкомы В. Молотовқа жазған хатында КСРО Ішкі істер халкомы Л.П. Берия В. Молотовтың Х. Чойбалсанға Оспан Батырдың Қытайға қарсы белсенді соғыс қимылдарын тоқтату жөнінде нұсқау беруін сұрады. "Оспан батыр, - дейді, Л.Берия, - тек Чойбалсанды ғана тыңдайды. Өйткені Чойбалсан 1944 жылы Оспан батырға Алтай жеке мемлекет болады, ал сен оның ханы болып тағайындаласың деп уәде берген көрінеді. Біздің өкілдің ұсынысымен ШТР Алтай аймағының губернаторы болып тағайындалған Оспан Батыр осыған сүйене отырып, Чойбалсанның өзін Алтай аймағының ханы ретінде тағайындауға уәде бергенін алдыға тартып, оны (кеңес өкілін – С.Ш.) тыңдаудан бас тартты" [11].

Әрине, мәселе Х. Чойбалсанның Оспан батырға берген уәдесінде емес болатын. Оспан батыр Алтай қазақтарын тәуелсіз ел етуді армандады. КСРО-ның да, Қытайдың да қазаққа қайырлы мемлекет болмайтынын айқын түсінді. Айналасы КСРО-ның арнайы қызмет өкілдері мен оларға мүдделес адамдармен толы болған Әлихан төре болса, 1946 жылы мамыр айында Алтайдағы Оспан батырға өз атынан хат жазып: «Бітім жасадық деп Шығыс Түркістанды қызылдар иелеп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық, күрес әлі аяқталған жоқ. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын, Алтайда сен мықты тұр», - деп өсиет етті [6, 42-б.]. Бірақ, Әлихан төренің бұл «өсиетінің» өтірік-шынына көз жеткізу біз үшін әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені, ХХ ғасырдың 20-жылдарында кеңес билігін сынағаны үшін төрт рет тұтқындалып түрмеге қамалған, 1930 жылы тұтқындалып, 10 жыл ГУЛАГ-қа кесілген оның 1931 жылы ОГПУ-дың мұрнының астынан Қытайға «қашып кетуі» біз үшін қиял-ғажайып оқиғалар сияқты. Сонымен қатар, КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен ЖШҚА Бас барлау басқармасы өкілдерінің тікелей араласуы нәтижесінде құрылған республиканың үкімет төрағасы болуының өзі үлкен күмән туғызады. Осы Әлихан төре 1946 жылдың 28 шілдесі күні кеңестік арнайы қызмет органдары арқылы құпия түрде тұтқындалып, Ташкент қаласына жеткізілді. Сол жерде өмірінің соңына дейін үйқамақта болды. Міне, осы фактілердің барлығы үлкен сұрақ туғызады. Мүмкін оныкі «өсиет» емес, арандату болған шығар деген ой еріксіз орала береді.

Оспан батыр Әлихан төре ұсталып кеткеннен кейін Шығыс Түркістан үкіметінен толық сырт айналып, Сарсүмбеден Көктоғайдағы өз ауылына кетіп қалды. Онда барған соң Оспан батырдың адамдары халыққа Шығыс Түркістан Республикасын қызылдар иеленіп алды, біз оларға батыл қарсы тұруымыз керек деген үгіт-насихат жүргізді. Олар «Дүниежүзі мұсылмандарына үндеу» жазып, «дүниеде коммунист дегендер шықты, олар жаңа туылған балаларды октябрят, жасөспірімдерді пионер, жастарды комсомол, үлкендерді коммунист деп атап, адамдарды діннен шығарады, дінді жояды, мешіттерді өртейді, дүние-мүлікті, қазанды, қатын-баланы ортаққа айналдырады, қатын байсыз, бала әкесіз болады. Сенікі-менікі болмайды. Бұлар – қызыл апат. Бұл апатқа қарсы тұру үшін Алтайдан Пайғамбардың ақ туын көтеріп ислам дінімізді қорғау жолында Оспан батыр шықты. Біз оны ақ киізге салып, ақ боз бие айтып сойып, хан көтердік. Ислам дініміз хақ дін. Оған Алла мүсірет береді. Дүниедегі мұсылмандар бәріміз дін қарындастарымыз. Қызыл апатқа бірлікте қарсы тұрайық! Бізге дұға қылыңдар, медет беріңдер, жәрдемде болыңдар», - деп жар салды [6, 42-б.].

Оспан батыр осы 1946 жылдан бастап, 1951 жылы атылғанға дейін өз жанынан баз кешіп, қытаймен де, қызылмен де, «Шығыс түркістаншыл» қазақтармен де алысып бақты. Кешегі ата жауы – Гоминьдан үкіметімен астыртын келісімге келіп, олардаң қаруын Д. Сүгірбаев бастаған қазақтарға да жұмсады. АҚШ-тың Үрімшідегі Бас консулы Пакстонның, оның орынбасары Маккернаннан да көмек күтті. Ақыры, 1950 жылдың соңында торға түсіп, 1951 жылы 1 мамырда Үрімші қаласында ату жазасына кесілді.

Оспан батыр бастаған көтеріліс тарихын зерттегенде, КСРО-ның оған «әлеуметтік бандит» деп ат қойғанын, Батыс елдері зерттеушілерінің «Робин Гудқа» теңегенін, Шыңжаңдағы орыс эмигранттары мен қытайлардың «құйыршық» деп атағанын, ал Шыңжаңнан келген Жағда Бабалықовтың «1946 жылғы «11 тармақты бітімнен» кейін қазақ екіге жарылды. 80-85 пайыз қазақ «Шығыс түркістаншылдар» жағында қалды да, азғантай керей Оспан жағында қалды. Зерттеушілер осы тарихи шындықты есінен шығармауға тиіс» [12, 67-б.], - дегенін қаперде ұстаған жөн. Дәл осы Ж.Бабалықов Оспан батырдың 1946-1949 жылдардағы күрес кезеңін – «гоминдаңдық Қытайдың қолдауымен қару-жарақ көмегін алғаннан кейінгі күш алып, азаматтық соғыс қозғаған ең күнәкар, қаралы кезеңі» [12, 68-б.] деп бағалаған болатын.

Ата-бабасының жерінде дербес мемлекет құруға ұмтылған Алтайдың соңғы ханы – Оспан Исламұлының тұлғасын объективті тану, оның күресіне тарихи баға беру аса ауыр. Алып империялардың геосаяси мүддесіне барып соқтығысатыны аздай, Шыңжаң қазақтары арасында болған азамат соғысы аясындағы руаралық қақтығыстар да тарихи жадымыздан өшкен жоқ. Бірақ, КСРО, ҚХР, АҚШ, Англия, Жапония және Моңғолия арасындағы саяси ойын аренасында қалып, өз халқының азаттығы жолында арыстандай арпаласқан Оспан Батырдың тұлғасын тарихи құжаттар негізінде танып-білу аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ол енді алдағы уақыттың еншісі...

Москва қаласындағы Ресей федерациясының архивтерінен жинаған құжаттарымызға қарай отырып, дүниежүзілік социализм идеясымен ауырған И.В. Сталин басқарған КСРО-ның Шыңжаң мұсылмандарының тағдырымен ойнағанын, өздері құрған мемлекетті өз қолдарымен тұншықтырып, 1949 жылы ШТР басшыларының көзін жою арқылы өздерінің екіжүзді саясатын жасырғанын айқын түсіндік. КСРО Саяси бюроның басшылығымен Мао Цзедун басқарған ҚХР-ның дамуына жан-жақты қолдау көрсетті. Саяси бюроның «ерекше папкаға» жинақталған құпия шешімдерінен ҚХР әскерінің, қорғаныс жүйесінің, әуеге қарсы қорғанысының, радио-телеграф жүйесінің және т.б. халық шаруашылығы салаларының тікелей Кеңес Одағы тарапынан қамқорлыққа алынғанын және кеңестік мамандардың ХХ ғасырдың 50-жылдарында қытай экономикасын қалай көтергенін көруімізге болады.

Қорытынды. Қорыта айтқанда, Сталин басқарған Саяси бюроның екіжүзді саясаты Шыңжаң халықтарының тағдырына және кеңес-қытай қарым-қатынастарына кері әсер етті. Ол жердегі түркі-мұсылман халықтары 1944 жылы қол жеткізген саяси тәуелсіздік бесігінде тұншықтырылды. Шығыс Түркістан түркілері азаттығынан мәңгіге айырылып, қытайландыру саясатының құрбаны болды. Шығыс Түркістан Республикасының құрылу тарихында зор рөл атқарған Оспан батыр бастаған Алтай қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы шынайы тәуелсіздікке ұмтылыстың жарқын көрінісі болды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Бармин В.А. Синьцзян в советско-китайских отношениях 1941-1949 гг. Монография. – Барнаул: Изд-во БГПУ, 1999. – 200 с.

2 Бармин К.В. Политика Великих держав в Синьцзяне в 1918-1949 гг.: Автореф... канд. ист. наук. – Барнаул, 2005. – 30 с.

3 Поликарпов И.А. Политика Советского союза в отношении национального движения коренных народов Синьцзяна в 30-40-х гг. ХХ века: Автореф... канд. ист. наук. – Барнаул, 2012. – 23 с.

4 Гасанлы Д. Синьцзян в орбите советской политики: Сталин и мусульманское движение в Восточном Туркестане (1931-1949): монография / Дж.П. Гасанлы; пер. С азерб. Ф. Гаджиева. – 2-е. Изд., стер. – М.: ФЛИНТА, 2016. – 360 с.

5 Петров В.И. Мятежное «сердце» Азии: Синьцзян: краткая история народных движений и воспоминания. – М.: Изд-во «Крафт+», 2003. – 528 с.

6 Зәкенұлы Т. Оспан Батыр // Жас Түркістан, 1999. - № 2-3. – 39-46-бб.

7 Рахметұлы С. ХХ ғасыр. Оспан – Чойбалсан. – Астана, 2017. – 304 б.

8 РФМА,Р-9401сч (Л.П. Берияның «Ерекше папкасы»)-қ., 2-т., 149-іс, 168-п.

9 Алексеев М.А., Колпакиди А.И., Кочик В.Я. Энциклопедия военной разведки. 1918-1945 гг. – М.: Кучково поле; Ассоциация «Военная книга», 2012. – 976 с.

10 РӘСТМА, 17-қ., 162-т. («Ерекше папка»), 37-іс, 150-151-п.

11 РФМА, Р-9401сч-қ., 2-т. («В.Молотовтың ерекше папкасы»), 104-іс, 62-63-п.

12 Дәулетхан Ә. Өмірімнің арқауы – ел мен ерлер тарихы: публицистикалық, ғылыми-зерттеу мақалалар, жолжазбалар / Әлімғазы Дәулетхан. – Алматы: «Жания-Полиграф», 2018. – 424 б.

References:

1 Barmın B.A. Sınszıan v sovetsko-kıtaıskıh otnochenıah 1941-1949 gg. Monografıa. – Barnaýl: Izd-vo BGPÝ, 1999. – 200 s.

2 Barmın B.A. PolıtıkaVelıkıh derjav v Sınszıane v 1918-1949 gg.: Avtoref... kand. ıst. naýk. – Barnaýl, 2005. – 30 s.

3 PolıkarpovI.A. PolıtıkaSovetskogosoıýzavotnochenıınasıonalnogodvıjenıakorennyhnarodovv Sınszıana v 30-40-hgg. ХХ veka.: Avtoref... kand. ıst. naýk. – Barnaýl, 2012. – 23 s.

4 Gasanly D. Sınszıan v orbıte sovetskoı polıtıkı: Stalın I mýsýlmanskoe dvıjenıe v Vostochnom Týrkestane (1931-1949): monografıa / Dj.P.Gasanly; per. s azerb. F.Gadjıeva. – 2-e. ızd., ster. – M.: FLINTA, 2016. – 360 s.

5 Petrov B.I. Mıatejnoe «serdse» Azıı: Sınszıan: kratkaıa ıstorıa narodnyh dvıjenıı ı vospomınanıa. – M.: Izd-vo «Kraft+», 2003. – 528 s.

6 Zákenuly T. Ospan Batyr // Jas Túrkistan, 1999. - № 2-3. – 39-46-bb.

7 Rahmetuly S. ХХ ġasyr. Ospan – Choıbalsan. – Astana, 2017. – 304 b.

8 RFMA,R-9401sch (L.Berıanyń «Erekshe papkasy»)-q., 2-t., 149-іs, 168-p.

9 Alekseev M.A., Kolpakıdı A.I., Kochık V.Ia. Entsıklopedııa voennoı razvedkı. 1918-1945 gg. – M.: Kýchkovo pole; Assotsıatsııa «Voennaıa knıga», 2012. – 976 s.

10 RÁSTMA, 17-q., 162-t. («Erekshe papka»), 37-іs, 150-151-p.

11 RFMA, R-9401sch-q., 2-t. («V.Molotovtyń erekshe papkasy»), 104-іs, 62-63-p.

12 Dáýlethan Á. Ómіrіmnіń arqaýy – el men erler tarıhy: pýblıtsıstıkalyq, ǵylymı-zertteý maqalalar, joljazbalar / Álіmǵazy Dáýlethan. – Almaty: «Janııa-Polıgraf», 2018. – 424 b.

С.К. ШИЛДЕБАЙ,

Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, кандидат исторических наук, S.Shildebai@mail.ru

ВОСТОЧНО-ТУРКЕСТАНСКАЯ РЕСПУБЛИКА И ОСПАН БАТЫР

Аннотация

В статье анализируется политика Советского Союза по отношению к Синьцзяну, история создания Восточно-Туркестанской республики и историческая личность Оспан батыра, ставшего главой национально-освободительного восстания казахов Алтая. В 20-30-е годы XX века Синьцзянская территория Китая была полностью под непосредственным влиянием Советского Союза. В 30-е годы ХХ века Синьцзян фактически перешел на дотацию СССР. Руководители Советского Союза начали предпринимать разные меры по развитию экономики Синьцзяна, особенно вовремя правления Шэн Шицая, пришедшего к власти в Синьцзяне в 1933 году с помощью белогвардейцев, Советско-СУАР-ские отношения развивались особым темпом. Шэн Шицай своей жестокостью и подлостью отличился при подавлении национально-освободительного движения местных мусульманских народов. Он при помощи руководителей СССР укрепил свою политическую власть в Синьцзяне. Во второй половине 30-х годов СССР полностью монополизировал экономику Синьцзяна и даже начал оказывать влияние на курс местной валюты. При этом представители местных китайских властей неоднократно поднимали вопрос о присоединении Синьцзяна к СССР. Но с началом Второй мировой войны, ориентация дубаня, «верного» марксиста Шэн Шицая полностью поменялось. Он начал вести открытую антисоветскую политику. В таком положении руководство СССР начало скрытно вооружать мусульманское население Синьцзяна и готовить их к национально-освободительному восстанию. Восточно-Туркестанская Республика, созданная 12 ноября 1944 года как особый проект Советского Союза, с первого дня своего существования была взята под покровительство СССР. Однако, после победы над фашистской Германией, СССР было необходимо начать войну против Японии в соответствии с ее обязательствами по Тегеранско-Ялтинско-Потсдамской конференции. Власти СССР в срочном порядке стали налаживать отношения с Китаем. После советско-китайского соглашения, заключенного в августе 1945 года, судьба Восточного Туркестана была полностью решена. Власти СССР начали вынуждать правительство ВТР прийти к соглашению с китайской властью и прекратить военные действия. В этих условиях, глава алтайских казахов Оспан батыр отказался подчиняться ни СССР, ни Китаю и до конца своей жизни сражался за свободу.
Ключевые слова: Синьцзян, Восточно-Туркестанская Республика, Туркизм, Алтай, Три Региона, Сталин, Оспан Батыр, Чойбалсан, Шэн Шицай, Мао Цзэдун, Чан Кайши.

S. SHILDEBAY,

CH. Valikhanov Instituteof history and ethnology,

candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, S.Shildebai@mail.ru

EASTERN TURKESTAN REPUBLIC AND OSPAN BATYR

Summary

The article analyzes the policy of the Soviet Union towards Xinjiang, the history of the creation of the East Turkestan Republic and the historical personality of Ospan Batyr, who became the head of the national liberation uprising of the Altai Kazakhs. In the 20-30s of the XX century, the Xinjiang territory of China was completely under the direct influence of the Soviet Union. In the 30s of the twentieth century, Xinjiang actually switched to a subsidy from the USSR. The leaders of the Soviet Union began to take various measures to develop the Xinjiang economy, especially during the reign of Sheng Shitsai, who came to power in Xinjiang in 1933 with the help of the White Guards, Soviet-XUAR relations developed at a special pace. Sheng Shitsai with his cruelty and meanness distinguished himself in the suppression of the national liberation movement of local Muslim peoples. He, with the help of the leaders of the USSR, strengthened his political power in Xinjiang. In the second half of the 30s, the USSR completely monopolized the Xinjiang economy and even began to influence the local currency rate. At the same time, representatives of local Chinese authorities repeatedly raised the issue of Xinjiang’s accession to the USSR. But with the outbreak of World War II, the orientation of the cudgel, the "faithful" Marxist Sheng Shitsai, completely changed. He began to pursue an open anti-Soviet policy. In this situation, the leadership of the USSR began secretly arming the Muslim population of Xinjiang and preparing them for a national liberation uprising. The East Turkestan Republic, created on November 12, 1944 as a special project of the Soviet Union, was taken under the auspices of the USSR from the first day of its existence. However, after the victory over fascist Germany, the USSR needed to start a war against Japan in accordance with its obligations under the Tehran-Yalta-Potsdam Conference. The authorities of the USSR urgently began to establish relations with China. After the Sino-Soviet agreement concluded in August 1945, the fate of East Turkestan was completely decided. The authorities of the USSR began to force the WTR government to come to an agreement with the Chinese authorities and stop hostilities. Under these conditions, the head of the Altai Kazakhs Ospan Batyr refused to obey either the USSR or China and fought for freedom until the end of his life.

Keywords: Xinjiang, East Turkestan Republic, Turkism, Altai, Three Regions, Stalin, Ospan Batyr, Choibalsan, Sheng Shitsai, Mao Zedong, Chiang Kai-shek.

No comments

To leave comment you must enter or register