Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ

Г.П. Опабекова, Р.Б. Сулейменов атындағы Шығыстану институты, кіші ғылыми қызметкер, Қазақстан, Алматы қ.

ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: тарих, білім, дін, философия, ақиқат, дүниетаным
Author:
Қоғам және оның мәдени жағдайы ғылыми-зерттеушілік процестерге бағынышты. Дарындылар шығармашылығы әлемдік мәдениеттің дамуы, жетістіктер шыңының әрбір тарихи прогресінің өлшемі болып табылады. Осы шығармашылықта барлық құнды және маңызды, адамзаттың ғылымдағы, өнердегі, тәжірибелік қызметтегі жетістіктері көрініс табады. Олардың идеялары, өнер туындылары, шығармалары, азаматтардың ұмтылыстарын білу арқылы, біз олардың сол дәуірдегі дүниетанымын танимыз. Өз дәуірінің танымал тұлғалары қалыптастырған шығармашылық еңбектері өзі өмір сүрген кезеңнің бейнесін береді. Ахмед Йүгнеки – өз дәуірінің ғылыми мәдениетіне тән ойы бар жоғарғы дәрежедегі интеллектуал ойшыл. Өз ортасының білімпазы есебінде ол «Әдиб Ахмед» деген атақты да иеленеді. Өзінің «Ақиқат сыйы» дастанымен даңқы жайылған ол ертедегі түркі поэзиясының көрнекті өкілі сипатында әлемдік әдебиет жұртшылығына өте таныс. Жалпы «Ақиқат сыйы» дастанының негізгі мазмұны өсиет пен ғибрат сөздерден құралғандығы баршамызға белгілі. Өткен кезеңнің мол мұрасы бүгінгі қоғам үшін үлкен табыс деп атауымызға болады. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде түркі, орыс, қазақ, өзбек ғалымдары арнаулы зерттеулер жазған. Осы зерттеулер нәтижесінде қәзіргі таңда да, келешекте де Ахмед Йүгнеки мұраларымен танысып, кең дәрежеде пайдалана аламыз.
Text:

Кіріспе. Еліміздің сан ғасырлық тарихында өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Зерттеушілердің пікірінше халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қәзіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиетті парыздарының қатарына жатады деген сенімде. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларындағы жасырынған рухани мұралар көптеп саналады. Түркілік дәуірдің ірі тұлғасы Ахмед Йүгнекиді солардың қатарына жатқызуға болады. Оның дүниетанымын, философиялық ой-тұжырымға толы көзқарасын тарихи-философиялық сараптаудан өткізудің маңыздылығы зор. Осы маңыздылықты ескере отырып жасалған және жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Диссертациялық жұмыстар, кітаптар жазылып, жобалар бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл мақаламызда ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған «Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қәзіргі заманға дейін) Қазақ философиясының қалыптасуы: ежелгі түркілік дәуір» атты кітапта [1], ф.ғ.к. С. Аймұратовтың ғылыми-зерттеу жұмысында [2], М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап шығарған «Әдеби жәдігерлер» VI томында [3] А. Йүгнекидің дүниетанымы мен діни-философиялық ойларына жасалған тұжырымдарды қарастырамыз.

Ислам мәдениеті өзінің таралуы кезеңінде, әртүрлі дүниетанымдық қабаттардағы халықтардың құндылықтары арқылы біртұтас ислам өркениеті ретінде қуатты даму және жаңғыру сатысына көтерілді. Өзіндік ерекшеліктерге ие дәстүрлі түркілік дүниетаным әмбебаптық ислам өркениетінің қалыптасуының құралы ретінде қалып қоймай, ислам діні негізінде жаңаша түлеп, рухани бірлік деңгейінде өзіндік түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті көкжиегінде көтеріле білді. Түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті XI-XII ғасырларда Қарахан мемлекеті кезіндегі түрік тілінде жазылған еңбектер арқылы өз болмысын таныта бастады.

Түркілік философияда терең дүниетанымдық түсініктер қалыптасып адам тіршілігінің философиясы, этика мен эстетикасы дамыды. Түркі әлемінің орта ғасырлардағы ойшылдары қатарында Ахмед Йүгнекидің өзіндік ерекше орны бар. XII ғасырда Қарахан мемлекетінің саяси-қоғамдық философиясының моральдық-адамгершілік қағидаларын, түркі тілінің байлығын, әдет-ғұрыптарын поэтикалық түрде дамытқан ғұлама-ақын. Түркілік философиялық ой дамуының исламдық кезеңінің ірі тұлғасы Ахмед Йүгнекидің шығармашылығынан әзірге біздерге белгілісі «Һибат-ул-хақайиқ» («Ақиқат сыйы») атты еңбегі.

Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ул-хақайқ» (Ақиқат сыйы) түпнұсқасы біздің заманымызға дейін жетпей жоғалып кеткен. Оның XΙV-XV ғасырларда жасалған үш түрлі көшірмесі және үш түрлі үзінділері бар. Ең ескі нұсқасы 1444 жылы Самарқанда Арыслан Қожа Тархан Әмірдің қалауымен жазу өнерінің шебері (каллиграф) Зейнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. 508 жол өлең. Ол көне ұйғыр жазуымен жазылған, арасында араб жазуымен берілген жолдар да бар: тақырыптар, аяттар, хадистер.

Одан кейінгі екінші нұсқасы 1480 ж. Шайықзада Әбдіразақ Стамбулда көшіріп жазған нұсқа, ұйғыр және араб жазуымен жазылған. 506 жол өлең. Жол-жолдың арасында парсыша, тәжікше жазылған түсініктемелер бар.

Енді бір нұсқа XΙV ғасырдың аяғында не XV ғасырлардың басында араб жазуымен көшірілген. 496+28 жол өлең. Осы үш нұсқаның барлығы дерлік Түркия Республикасы Стамбул қаласының Сулеймание кітапханасы Ая-София қазына қорында және Топ-Капы музейінің кітапханасында сақтаулы тұр. 

 Талқылау. Ахмед Йүгнекидің мұрасының әр қилы нұсқалары, атап айтқанда бірінші және екінші нұсқасы әр жерде көптен бері зерттеліп келеді. Мысалы, 1915 жылы түрік тілінде Стамбул қаласында жарық көрген Неджиб Асим Балхассаноғлуның «Хибат-ал-хақаиқ» кітабы, Р.Р. Араттың Едиб Ахмед б. Махмуд Йукнеки «Атебетү-л- хақаиқ» атты 1951 жылы Стамбулда түрік тілінде жарық көрген кітаптары дәлел. Ресейде В.В. Радлов, Польшада Т. Ковальский, Францияда Ж. Дени т.б.. Түпнұсқаның үш нұсқасын өзара салыстырып, жалпы текст жасауда Р.Р. Араттың жоғарыда аталған еңбегі ерекше.

 Ахмед Йүгнекидің шығармасын тюрколог ғалымдарының да еңбектерінен көруге болады. Атап айтқанда, 1939 жылы жарық көрген Е.Э. Бертельстің Литература народов Средней Азии [4] және Хибат-ал-хақаиқ Ахмада Югнаки (1945 ж.) [5]; С.Е. Малов. Памятники древнетюркской письменности [6]; Э.Н. Наджип. Тюркоязычный памятник XΙV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык [7]; А.М. Щербак. Грамматический очерк языка тюркских текстов X-XΙΙΙ вв. из Восточного Туркестана [8] атты  еңбектерінің маңызы өте жоғары.

Өзбек ғалымдарының еңбектерін де атап кеткен жөн, оның ішінде  Н.М. Маллаевтың «Ахмад Югнакий» кітабы [9], С. Муталлибовтың 1972 жылы Ташкентте жарық көрген «Хибатул-хақойиқ» еңбегі [10]. Дастанды зерттеумен арнайы шұғылданған өзбек ғалымы – К. Махмудов. Ол «Ақиқат сыйының» тілі жайында монография жазып, кандидаттық дисертация қорғады. Текстті араб жазуымен транскрипциялап, өзбек тіліне жолма-жол аударып берген [11].

Ахмед Йүгнеки сияқты даналардың ізгілікті іліміне назар аударылып, оны зерттеу нысанына айналдыруға мүмкіндіктердің бар болуы – бір жағынан, қәзіргі кезеңдегі еліміздің тәуелсіздігінің нығайып келе жатқанының көрінісі болса, екінші жағынан, ғұламаның дүниетанымына ғылыми дәлдікпен баға беру, түсіндірмелер жасау ғылыми ізденістер тұрғысынан алғанда үлкен жауапкершілікті қажет ететіні түсінікті. Ал, енді Кеңестік тарихи кезеңде көптеген мәселелер, тарихи тұлғалардың философиялық көзқарасы таптық тұрғыдан қарастырылды дегенмен де түркілік дүниені айшықтайтын біршама ірі тұлғалардың есімі белгілі бола бастаған еді [1, 5 б.]. Мәселен, Ахмед Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» атты тарихи еңбегі 1985 жылы Ә. Құрышжанов пен Б. Сағындықовтардың дайындалуларымен қазақ тілінде жарық көрді [12].

Ахмед Йүгнекидің дүниетанымының ерекшеліктеріне алғашқы болып философиялық пайымдаулар жасаған авторлардың қатарына М.С. Орынбеков [13] пен Ж.Ж. Молдабеков [14] сияқты қазақстандық ғалымдардың да еңбектерін жатқызуға болады. Олар ортағасырлық түркілік философиялық ойдың тарихында Қ.А. Ясауи мен С. Бақырғани сияқты А. Йүгнекидің де лайықты орны бар екенін атап көрсетеді.

Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау, тарихилық принципі кеңінен қолданылған. Қәзіргі рухани жаңғыру кезеңіндегі еліміздің әлеуметтік болмысына ортағасырлық дүниетанымдық ойлардың әсерін анықтау, мәдени сабақтастығын көрсету. 

Нәтижесі. Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмед Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны өз заманының көкейкесті мәселелерін – ақыл-парасатты, білімділікті, қарапайымдылықты, әдеппен сөйлеуді, кішіпейілділікті, сабырлылықты және т.б. ізгі қасиеттерді этикалық-дидактикалық сарында жырлаған көркем туынды. Діни-этикалық құндылықтар ойшылдың шығармашылығының, дүниетанымының негізгі өзегін құрайды. Ойшыл өз ілімінде адам тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның философиялық идеялары гуманизмге толы, келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне көп мән береді.

Қай заманның болсын халықтың қамын ойлаған ғұламалары ой-толғаныстарын сөз жүзінде қалдырған. Олардың барлығының этикалық тұжырымдамалары сраңдық пен жомарттық, қатыгездік пен қайырымдылық, ашу мен сабырлылық арасалмағын айқындауға арналады. Осы жұп категориялардың ішкі байланысы Ахмед Йүгнекидің де этикалық-философиялық ойлары арқылы ашылып көрсетіледі. Ғұлама осы қайшылықтардың түпкі шешімін ақиқат заңдылығына жақындата түсетін тұлғалық жетілуден іздейді. Оның ойынша адамдар бір-біріне мейірімді болуға тиіс. Ал мейірімділік пен жомарттық бірлессе сараңдыққа орын қалмайды. Ойшыл «жомарттық», «сараңдық» туралы ұғымдарды салыстырады. Ел ішінде абырой, атақ мәртебеге мейірімді, қайырымды жебеушілер лайықты дейді. Оларда ең бастысы жүрек жылуы бар. Адамдар арасын жақындатушы көпірлердің бірі жомарттық. Жомарттық мінез-құлық өлшемі ғана емес, бүкіл қоғамның имандылығын, адамгершілігін білдіреді. Осы этикалық құндылықтар ойшыл шығармашылығында қарапайым сөзбен былай деп суреттеліпті:

Мал жинап бақыл аш көз дірілдеген,

Күні жоқ бірін ішіп, бірін жеген,

Досына тірісінде дәм татырмай –

Өлген соң жаулары жеп дүрілдеген.

Бүгінгі күні де өзінің мәнін жоймаған мәтін жолдарынан қоғамда ашкөз, надандардың әрқашан жолы болатынын көреміз. Ашкөздік, сараңдық адамды руханилықтан жаттандырып, достарынан алыстататын жаман қасиеттер. Әдиб Ахмед – адам таза болса ол Алланың нұрына бөленетіндігін айтады.

Жалпы түркі дүниетанымы этикасының ең негізгі ұғым-концептерінің бірі – адам өмірінің өнегелі мазмұнының категориялық императиві ретіндегі «адамгершілік» ұғымы. Адамгершілік адамдар арасында ғана емес, әлеммен, табиғатпен және өзімен өзі қатынас жасағанда да басшылыққа алынуы тиіс.

Ахмед Йүгнекидің діни-этикалық философиясындағы адам мәселесіне зерттеулер жүргізген Қазақстандық философ І. Ерғали адамның қасиеттерін талдай отырып, былай деген «Пенде мен адамның тағы бір айырмашылығы Абай сияқты Ахмед те ақылды мен ақылсыз кісінің арасындағы айырмашылық арқылы көрсетеді. Есті кісі есін шығармай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынаптай жүріп ізденеді де, іске кіріседі» [15, 212 б.].

Рухани кемелденудің негізгі жағдаяты адам үшін нәпсіні тиюден басталатындығы сопылық ілімде бастаулардың бастауы ретінде айтылады. Дегенмен нәпсіні тию деген қоғамнан шеттеп қалу емес және дүниенің барлық қиындықтарынан қашу емес, ол ерекше түсініктегі рухани жетілуге ұмтылу. Бірақ қәзіргі заманда адамның өмірдегі қойған мақсаты тіршіліктің үлкен нарықтың заңдылығынан шыға алмайтын деңгейіне жеткен десе де болады. Бұл жерде рухани жетілуден гөрі тіршілік үшін күрес басымдау ма деген пікір туындайды. Әрине, әр заманның өзіндік құндылықтар басымдылықтары болады және ол да қатып қалған жүйе емес. Уақыты келгенде өзгеріске ұшырайтын нәрселер қатарына жатады. Бұл да әлеуметтік болмыстың заңдылықтарына жатады. Дегенмен тұрақтылық танытатын, адамдық өмірдің іргетасы болатын рухани құндылықтар болатынын ескеруіміз қажет. Міне, Ахмед Йүгнеки ілімі негізінен осы бағыттарды өрбіген дүние.

Ал құндылықтар әлемі адамды, қоғамды жетілдіру жолына жетелейтіні белгілі. Бірақ адам да, қоғам да кейбір жағдайда алдамшы, жалған құндылықтар әлеміне беріліп кетуі мүмкін. Сондықтан ойшыл Аллаға сенімнің ең биік құндылық екенін айта отырып, бірақ оның өзі адамның білімге деген ұмтылысы арқылы құндылықтардың биігіне жететініне меңзейді [2, 17 б.]. Ахмед Йүгнекидің білімге деген құрметін оның мына жыр жолдарынан білуге болады:

Атақпен білген өтер ірі жүріп,

Білместі «өлген» – дей бер тірі жүріп.

Білгеннің өзі өлгенмен аты өлмейді,

Аты өшер білмегеннің құры жүріп.

Білімді білімсіздің мыңын жеңер,

Ол біліп білім ізін, теңін теңер,

Көр байқап, оқы, сына: білім – пайда,

Білмесең басқа не бар, сенің нең ер?

Біліммен ғылым өсіп, көкке жетер,

Адамды наданшылық төмен етер.

Ерінбе білім іздеп, Расул хақ

«Қәдірле білгендерді» – деп көрсетер [4, 72 б.].

Білімді – аса құнтты, ерінбей үйреніп, жалықпай еңбек еткен адам ғана игереді. Ойшыл-ақын білімсіздікті сүйексіз етке теңейді. Білімсіздікті надандықпен қатар қояды, құнын қара бақырға теңеген. Білімдінің аты өлмейді, ал білімсіз адам тірі жүрсе де оны «өлік», құр жүріп аты өшеді деп дәл болжайды. Қоғамдағы мәселелердің ең маңыздысы ретінде білімнің әр адамның дүниетанымында жинақталуын келтіріп, оны ойшыл үнемі өмір салтының күн тәртібіне қойып отырады. Бұл дүниетанымдық көзқарастан аңғарылатын нәрсе ортағасырлық қоғамдық болмыс үшін шынайы білім жинақтау, дүниенің сыры туралы негіздерді күшейту адам үшін өте өзекті болғанын танытады.

Ахмед Йүгнеки заманындағы діни-этикалық құндылықтарға деген сұраныс ойшылдың шығармашылығынан анық байқалады. Исламдық айшықтарды өзінің философиялық дүниеге көзқарасын пайымдауда шебер пайдалана білуінің өзі ойшылдың өз дәуірінің озық ойлы азаматы болғанын білдіреді. Ахмед Йүгнеки өз ілімінде адам тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайды және ол үгіттеген философиялық идеялар өзінің терең гуманистігімен, тереңдігімен, халық болашағына деген алаңдаушылығымен ерекшеленеді.

Жоғарғы рухтың терең тамырлары адам үшін әлдеқайда маңыздырақ екенін байқайды, сонымен қатар жай ғана байқап қана қоймайды, соны замандастарына және кейінгі ұрпаққа рухани мұра етуге тырысады. Мәселен, Ахмед Йүгнекидің шығармасында мынандай замандастарына, кең мағынада ұғынатын болсақ ғасырлардан кейін келетін ұрпаққа да арналған сөздер бар:

Ей досым, жаздым кітап түркішелеп,

Мейлің сөк, мейлі қала ерекше елеп.

Артымда ат қалсын деп жаздым мұны

Ғажайып таңсық сөзбен ерекшелеп.

Өнерлеп жаздым кітап сөз түйерлік,

Сан толғап, бірін алдым ел сүйерлік,

Асыл сөз аз болады, қалжың көп қой –

Бөз арзан, шайы қымбат бір киерлік.

Жас ұрпақ тыңда мені, ұғасың көп:

Атымды дұғаңда айтып шығасың деп,

Өзіңе сирек сөзді сыйлық еттім,

«Маған да тарту етсін дұғасын», - деп [4, 88 б.].

Осы арнаудан ойшылдың рухани сабақтастыққа деген көзқарасы байқалады және бұл байланыстың тылсымдық астары барына толық сенетіні де байқалады. Дұғаны тарту ету арқылы өткен дүниемен байланыстың сақталатынын Ахмед Йүгнеки толық сеніммен өз шығармасында білдіріп отыр. Бұл түсінік тек орта ғасырларда ғана емес кейінгі кезеңде де өзінің маңыздылығын түркілік мұсылмандар үшін жойған емес. Жалпы Шығыстың мәдениеті осы үрдістерге маңыз бере отырып, даму жолында болған іспетті. Міне осы үрдістер жөнінде көптеген Шығыс мәдениетінің негіздерін зерттеушілердің пікірлері бір жерден түйіседі. Олардың жалпы мазмұны ислам мистикасының, догматтарының қоғамдық-саяси үдеріске тигізген әсерінің зор екендігіне әкеліп саяды. Ислам алдымен түркіліктер ортасында таңдаулылар арасындағы дүниетанымдық жүйеге айналып, ол бірте-бірте кең бұқараға тарап халықтық сипатқа ие болды.

Ахмед Йүгнекидің өзінің түркілік сипатта жазған еңбектерін философиялық тұрғыдан пайымдауға тырыссақ, онда ойшылдың өз заманының өткір мәселелерін жете түсінгенін байқаймыз және оны әлеуметке, баршаға барынша ойлы тілмен жеткізе білген. Ал бұл ойшылдың жеке тұлғасындағы шығыстық даналықтың көрінісі. Сонымен қатар ол өз шығармасында әлеуметтік болмыстың барлық жағынан алғанда субстанциялық кіндігі адамның өзі бола алатындығын айта біледі. Бұл ғұламаның мұсылмандық көзқарастың шеңберін барынша кеңейтуі болып табылады, антропологиялық мәселелерді өз дүниетанымына діңгек ете алуын атай аламыз. Міне осындай қызметі үшін қәзіргі ұрпақ, рухани мұраны сараптаушы гуманитарлық сала орта ғасырлық терең ойшылдың даналыққа толы тұжырымдарын құндылығы мол дүние деп есептейді. Табиғаттың мәңгілікпен қайталанатын заңдылығының жаратушысы бар екенін ескере отырып, оның бәрін жәй ғана ауысу, немесе өзгеру екен деп түсінбеу қажет екендігін олардың құдыретті күштің бұл дүниеде көрініс беру екендігіне меңзейді. Бұл құдіретті заңдылықты жоғарғы жаратушы күштер бостан босқа жасай салған жоқ, адам оны Ақиқат сыйы ретінде қабылдауы керек және әрбір сәтінде ұлы көріністің сипаты бар сияқты делінген.

Құдайым (сен үшін) күн мен түнді жаратты,

Кезегімен алмасып, бірінен соң бірі өтіп жатады.

Күніңді кетіріп қараңғы түн етеді.

Күніңді кетіріп қайтадан жарық етеді, - деп пайымдайды.

Ахмед Йүгнекидің дүниетанымы жоғарыдағы тұжырымдардан діни онтологияға негізделгенін байқаймыз, яғни біртұтас Ғаламды, дүниені жасаушы да, жаратушы бір құдірет күш бар екенін мойындап, оның Абсолюттік қасиетіне мойынсұну қажет екендігін тұжырымдайды. Бұған күмәндану, шек келтіру жөнсіз және мардымды нәрсе емес екендігіне меізейді. Тіпті, ондай әрекеттер түбінде  адамды күнәға батыруымүмкін екенін де ескертеді. Адам өзінің әрбір қимылын, қадамын осы үлкен үйлесімділікке сай жасағанын қалайды және осы заңдылықтың сырын біліп тұрып, оны бұзуға тырыссақ, онда «пенде ретінде сен күнәға батасың» дегендей өзінің айтулы шығармасындағы тұжырымдар [1, 197 б.].

Ахмед Йүгнеки адамның Аллаға қатынасын жөнді қалыптастырмай бұл дүниеде рухани әлемді үйлесімді танып-білу, түсіну мүмкін емес екендігін ескертеді. Өйткені, Құдай ең жоғарғы мәнділік ретінде, - ойшылдың пайымдауынша, «ақылдың, сана-сезімнің, парасаттың қоймасы, білім бұлағы мен жақсылықтың (таусылмайтын) кені». Яғни, бұл дүниенің Жарық нұры үнемі адамға төгіліп тұрады. Ал адам болса осы жақсылықтың бәрінің қадірін білмеуі мүмкін. Адам қателеседі, сүрінеді, тіпті, саналы әрекеттерінің арқасында күнәға да батады. Бірақ, барлық жаңылысулар мен адасулардың бәрін жөнге салушы құдіретті күш бар дей келіп, соған сендіруді түркілік ойшыл өзінің шығармасында өзіне рухани міндет етіп қойған. Міне, осы терең мағынасы бар талпыныстың бірлігі философиялық дүниетаным ретінде көрініс беріп отыр.  

Қорытынды. Ахмед Йүгнеки – ақын, философ, сөз шебері, қоғам қайраткері, ақиқаттың мәнін анықтауға өмірін сарп еткен жан. Өзінің жеке өміріндегі шектеулі мүмкіндіктерге қарамай, ойшылдың дүниетанымдық құрылымын лайықты деңгейде әлеуметке жеткізе білуі рухани ерліктің белгісіндей қадам болатын. Руханилыққа адам өз ғұмырында «ерте ме, кеш пе, әйтеуір келуі тиіс» дегені ойшылдың таза қисынды тұжырымы деген ойда ғалымдар [2]. Өйткені, әлемді құтқаратын күш адамның өзінің ішінде жатыр. Мәселе тек соның тетігін тауып, жалықпастан, қажымастан, шыдамдылықпен іске қосу керек. Адам өз болмысын жете білуге, кемшіліктерін батыл айқындауға ұмтылуы тиіс. Тек өз қателіктерін жөндеген адам ғана өз ғұмырында елеулі бір рухани жетістіктерге жете алады. «Ақиқат сыйы» дастаны өз заманының көкейкесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ әдеби мұра болып табылады. Түркі әлемінің мәдениетіне ұланғайыр үлес қосқан Ахмед Йүгнекидің рухани мұрасы еліміздің ғана емес сонымен қатар түркі әлемінің әдебиет тарихында да лайықты орын алатыны анық.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қәзіргі заманға дейін) Қазақ  философиясының қалыптасуы: ежелгі түркілік дәуір / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2014. – 400 б.

2. Аймұратов С.Б. Ахмед Йүгінекидің дүниетанымы. Автореферат / С.Б. Аймұратов. – Алматы: Компьютерно-издательский центр, 2005. – 34 б.

3. Әдеби жәдігерлер. Жиырма томдық. 6-т: Қожа Ахмет Иасауи. Даналық кітабы. Ахмет Йүгнеки. Ақиқат сыйы / Құраст.: А. Әлібекұлы, С. Дәуітұлы, Б. Сағындықұлы. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 488 б.

4. Бертельс Е.Э. Литература народов Средней Азии // Новый мир. - 1939. - №6,7. 

5. Бертельс Е.Э. Хибат-ал-хақаиқ Ахмада Югнаки // Труды САГУ, новая серия. - вып. 3. Гуманитарные науки. – Ташкент. 1945.

6. Малов С.Е. Подарок истин // Памятники древнетюркской письменности.

7. Наджип Э.Н. Тюркоязычный памятник XΙV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык. – Алма-Ата, 1975.

8. Щербак А.М. Грамматический очерк языка тюркских текстов X-XΙΙΙ вв. из Восточного Туркестана. – Москва, 1961.

9. Маллаев Н.М. Ахмад Югнакий. 1-китаб. – Тошкент: Узбек адабиети тарихи, 1963.

10. Муталлибов С. «Хибатул-хақойиқ». – Тошкент: Узбек адабиети, 1972.

11. Махмудов К. Аһмад Югнакийнинг «Һибатул һақайиқ» асари һакида. – Тошкент, 1972. 

12. Йүгінеки А. Ақиқат сыйы: Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэтикалық аудармасы. – Алматы: Ғылым, 1985. – 152 б.

13. Орынбеков М.С. Духовная консолидация казахского народа. – Алматы, 2002. – 274 с.

14. Молдабеков Ж.Ж. Қазақтану. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 459 б.

15. Ерғали І.Е. Ахмед Йүгінекидің философиясындағы адам әлемі // Қазақ даласының ойшылдары (XIII-XV ғ.ғ.) 2-кітап. – Алматы: Философия және саясаттану институтының компьютерлік-баспа орталығы, 2001. – 196 б.

References

1. Kazak filosofiyasy tarihy (ezhelgi dauirden kazirgi zamanga deiin) Kazak filosofiyasynyn kalyptasuy: ezhelgi turkilik dauir / Z.K. Shaukenova jane S.E. Nurmuratovtyn jalpy redakciyasymen. – Almaty: KR BGM GK Filosofiya, sayasattanu jane dintanu instituty, 2014. – 400 b.

2.AimuratovS.B.Ahmed Iugnekidin dunietanymy. Avtoreferat /  S.B. Aimuratov. – Almaty: Komputerno-izdatelski centr, 2005. – 34 b.

3. Adebi jadigerler. Jiyrma tomdyk. 6 tom. Koja Ahmed Yasaui. «Danalyk kitaby». Ahmed Iugneki. «Akikat syiy». / Kurast.: А. Alibekuly, S. Dauituly, B. Sagyndykuly. – Almaty: «Taimas» baspauii, 2018. – 488 b.

4. Bertels E. Literatura narodov Srednei Azii. – Novyi mir. -  1939. - № 6,7, 

5. Bertels E. Hibat-al-hakaik Ahmada Iugnaki //  Trudy SAGU, novaya seriya, vyp. 3. Gumanitarnye nauki, – Tashkent.1945.

6. MalovS.E. Podarok istin // Pamyatniki drevnetyurkskoi pismennosti.

7. Nadjip E.N. Tyurkoyazychnyi pamyatnik XΙV veka «Gulistan» Seifa Sarai i ego yazyk. – Alma-Ata,1975.

8. Sherbak A.M. Grammaticheskii ocherk yazyka tyurkskih tekstov X-XΙΙΙ vv. iz Vostochnogo Turkestana. – Moskva, 1961.

9. MallaevN.M. Ahmad Iugnaki. 1-kitab. – Toshkent: Uzbek adabieti tarihi, 1963.

10. Mutallibov S. «Hibatul-hakoiik». - Toshkent: Uzbek adabieti, 1972.

11. MahmudovK. Ahmad Iugnakining «Hibatul-hakaiik» asari hakida. – Toshkent, 1972.

12. Ahmed Iugneki. Akikat syiy. Tupnuskanyn fotokoshirmesi, transkripciyasy, prozalyk jane poetikalyk audarmasy. – Almaty: Gylym, 1985. – 152 b.

13.OrynbekovM.S. Duhovnaya konsolidaciya kazahskogo naroda. – Almaty, 2002. – 274 s.

14.MoldabekovZh. Kazaktanu. – Almaty: Kazak universiteti, 2003. – 459 b.

15.ErgaliI.E. Ahmed Iugnekidin filosofiyasyndagy adam alemi // Kazak dalasynyn oishyldary (XIII-XV ғ.ғ.) 2-kitap. – Almaty:Filosofiyajane sayasattanuinstitutynyn komputerlik-baspa ortalygy, 2001. – 196 b.

Г.П. Опабекова

Младший научный сотрудник, Институт востоковедения

им. Р.Б. Сулейменова,

 г. Алматы, Казахстан

  МИРОВОЗЗРЕНИЕ АХМЕДА ЙҮГНЕКИ 

Общество и его культурное положение зависят от научно-исследовательских процессов. Творчество мудрецов является мерилом развития мировой культуры, исторического прогресса и вершин всех триумфов. В этом творчестве проявляются все самые ценные и важные достижения, успехи человечества в науке, искусстве и практической работе. Знакомясь с идеями, произведениями искусства, сочинениями умнейших, понимания человеческие стремления мы начинаем иметь представление об их мировоззрении, соответсующим тому времени. Творческие труды, составленные известными личностями своего столетия, отражают реалии конкретного отрезка в истории, в котором эти личности и жили. 

Ахмед Иугнеки – мыслитель и интеллектуал высшей степени, чья мудрость соответствовала научной культуре того века. В качестве эрудита в своих кругах он удостоился звания «Адиб Ахмеда». Громко прославившийся своим эпосом «Дар истины» он весьма известен и среди мирового литературного сообщества наших дней, как яркий представитель древнетюркской поэзии. В целом, ни для кого не секрет, что основная мысль «Дара истины» заключается в словах назидания. Большое наследие прошлого можно назвать ценным приобретением для современного общества. О его жизни и творчестве исследовательские работы писали тюркские, русские, казахские и узбекские ученые. На основе этих работ и в настоящем, и в будущем мы можем ознакомиться с достоянием Ахмеда Иугнеки и использовать его всесторонне.

Ключевые слова: Истина, мировоззрение, образование, философия, религия, история.

G.P. Opabekova1

1R.B. Suleimenov Institute of Oriental Studies, Junior researcher

Almaty, Kazakhstan.

THE WORLD OUTLOOK OF AHMED IUGNEKI

Society and its cultural situation depend on scientific research processes. Works of sages is a measure of the development of world culture, historical progress and the peak of all triumphs. All the most valuable and important achievements and successes of mankind in science, art and practical work are manifested in this work. By getting acquainted with the ideas, artworks, composed texts of the most intelligent, and by understanding human aspirations we begin to have an idea about their worldview, corresponding to that time. Works, compiled by famous individuals of the given century, reflect the realiaof a particular period in the history in which these personalities lived.

Ahmed Iugneki is a supreme thinker and intellectual whose wisdom corresponded to the scientific culture of his century. As the best and brightest mind in his circles, he was awarded the title of "Adib Ahmed".Well known by his epos “The Gift of Truth”, he is pretty famoustoday in the universal literary community as a finest representative of an ancient Turkic poetry.In general, it is not a secret to anyone that the main idea of ​​the “Gift of Truth” lies in the words of edification and enlightenment.A huge legacy of the past can be called a valuable trophy for a modern society.  Turkic, Russian, Kazakh and Uzbek scientists made numerous researches about his life and works. On the basis of these works, both in the present and in the future, we can familiarize ourselves with the legacy of Ahmed Iugneki and use it extensively.

Key words: Truth, world outlook, education, philosophy, religion, history.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2692

No reviews

Download files

Мақала Опабекова Г. edu.docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары «ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ (1946-1955) ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ