Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

М.С. Ноғайбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, қауымд. профессор, т.ғ.к., А.К. Тоқсанбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, PhD докторант. Алматы қ., Қазақстан.

ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: көшпелі қоғам, билеуші бейнесі, аңыз, ертегі, миф, фольклор, дүниетаным
Author:
Мақалада көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы, биліктің ішкі саяси құрылымы, халық пен билеуші арасындағы диалог, билеушілердің маңызды шешімдер қабылдаудағы ұстанған принциптері, көшпелі мемлекеттің экономикалық даму ерекшеліктері, көшпелі халықтың кеңістікті танып-түсінудегі дүниетанымы, тұрмыс-салттық ерекшеліктері мен билеушінің мінез-құлқының психологиялық ерекшеліктерінің көне аңыз-ертегілер мен мифтерде көрініс табу мәселесі қарастырылған. Көне сақ, ғұн және түркі дәуірінен келе жатқан аңыздардағы билеушілердің қабылдаған шешімдері сараланды. Аңыз-әңгілемер, мифтер мен ертегілерді зерттеудің маңыздылығы анықталды.
Text:

Кіріспе. Аңыз, эпос, ертегі жалпы фольклорлық деректерден ерте көшпелілер қоғамының әлеуметтік құрылымы, билеушілердің алатын орны, олардың атқарған қызметінің ерекшеліктері танылады. Көшпелі халықтың табиғи өмір сүру дағдылары, бақташылық, аңшылық дәстүрлері және әлеуметтік ортасы, билік құрылымы, халық пен билік арасында диалог – мұның барылығын да қазақ халқының өнері мен мәдениетінің қайнар көздерінен, жоғарыда атап өткен көне аңыз-ертегілер, эпостық жырлардан таба аламыз. Қазақ қоғамында халық арасында кең таралған түрлі ертегі, әңгімелердің түп-тұқиянына үңіліп қарайтын болсақ, көшпелі қоғамның күнделікті тіршілігі, қоғамдық құрылысы, халық пен билеушінің қарым-қатынасы, билік құрылымының кейбір жекелеген сюжеттерін байқауға болады. Дегенмен қазақ ертегілерін зерттеушілер, бұл жанрдағы шығармалардың түрлері көп әрі өзгермелі болып келетінін айтады [С.А. Каскабасова, 1972: 161-166.].

Материалдар мен әдістер. Мақаланың материалдық негізі көшпелі қоғамдағы билеушілер бейнесінің ауыз әдебиетінде, көне аңыздар мен әңгімелерде, ертегілер мен мифтерде кездесуі болып табылады. Негізгі мағлұматтар көзі көне заманнан бүгінге дейін халық арасында ауызша таралып жеткен сақ, ғұн және түрк билеушілері жөніндегі аңыз-әңгімелер мен ертегілер құрайды. Әдістемелік негіз ретінде негізінен дәстүрлі зерттеу әдістері қолданылды, оның ішінде  мәліметтерді жүйелеу, салыстырмалы талдау, пікірлер мен ой қорытындыларды топтастыру. Көшпелі қоғамдағы билеушінің бейнесінің аңыз-әңгімелерде көрініс табуына қатысты зерттеу жұмыстарын шолу барасында негізінен обьективтілік зерттеу принциптері басшылыққа алынды. Мәліметтерді талдау барысында бір мәселенің әртүрлі көзқараста зерттелуіне қарай зерттеу элементтерінің үздіксіз өзгерістерін есепке алу әдістері қолданылды. Бізге дейін жүргізілген зерттеу жұмыстарына тұтас назар аударған сәтте зерттеудің жүйелеу тәсілдері пайдаланылды. Тарихи мәліметтерді анықтау, ғылыми деректерді жүйелі талдау,  жекелеген пікірлер мен ой қорытындыларды жете түсінуде, отандық және шет елдік зерттеу жұмыстарының өзара айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтау мақсатында тарихи салыстрымалы талдау әдістері қолданылды. Дерек көздерін талдауда баяндау, түсіндіру, болжау  әдістері, сонымен қатар, ғылыми деректерді жинап, жүйелеп, талдап, өзіндік баға беру кезінде индукциялық (жалпыдан жекеге қарай) зерттеу тәсілдері пайдаланылды.

Талқылау. Қазақ ертегілерінің ішкі құрылымына назар аударатын болсақ, кейбір сюжеттерде басқа да түркі халықтарымен ортақ образдардың болатынын да көруге болады. Кейбір ертегілердің мазмұны синкретистік пішінде болады. Бірақ ойдан шығарылған түрлі жанрлардың бастауында көшпелі қоғамға тиесілі сюжетті байқауға болады. Тіпті түрлі мифтік образдармен, дүлей күштермен күш сынасатын батырлар сюжеті де осы көшпелі қоғамдағы дүниетаныммен сабақтастық табады. Мәселен батырлық мінез-құлық пен күш-қуатты сипаттайтын «Еркем-Айдар», «Хан Шентей», «Сары Сағиба туралы ертегі», «Әлібек батыр», «Садықбай батыр» секілді көне ертегілер сының айғағы іспеттес [С.А. Каскабасова, 2014: 8.]. Қазақ ертегілерінің мазмұнында ерте кезеңдегі тіршіліктің іздері сақталғанын байқауға болады. Олардың қатарында қоғамдағы дуальды ұйымдасу әрекеттері, матриархаттық басқару формасы, алғашқы қауымдық діни сенімдерге жататын анимистиік, тотемистік, магиялық, табу және шаманистік наным-сенім жұрнақтарын атап айтуға болады. Аталған тұрмыс-салттық сарқыншақтар көшпелі қоғамның әлеуметтік ортасында орын алған жағдайлар екендігі белгілі. Тіпті кейбір ертегілерде көне дәуірлерге тән әлеуметтік институттар мен жосындарды көреміз. Мәселен, белгілі бір ханның қызын алу үшін адамның қолынан келмейтін тапсырмалар беру арқылы сынау, әйелдердің тылсым күштерден жүкті болып, ғажайып батыр ұлды дүниеге әкелуі және т.б. әрекеттер тотемистік сипаттағы матриархаттық қоғамның мысалын көз алдымызға елестетеді. Бірақ аталған оқиғалар халық арасында қиял-ғажайып тұрғысынан қаралып, ол мысалдардың ерте кезеңдегі халықтардың қоғамындағы тұрмыс-салт, әлеуметтік жүйемен байланысты өрбіп отырғанына аса көп мән беріле бермейді. Матриархалдық қоғамның қарама-қарсы бейнесі патриархалдық қоғамның белгілерін де ертегілерден анықтауға болады. Мәселен әкенің шексіз, абсолютті билікке ие болуы, ақыл-кеңес беруші ақсақал бейнесі және т.б. Жалпы қазақ ертегілері патриархалды-феодалдық қоғамға тән көне дәуірдегі сюжеттер, мотивтер мен образдарды сипаттайды. Қазақ ертегілерінің сюжеттік құрамына үңілетін болсақ, өзінің әмбебаптығымен ерекшеленеді. Өзінің шығу тегі жағынан, әрі типологиялық құрылымына сай қазақ ертегілері алтай (түркі-моңғол) халықтарымен бір арнада тоғысып, ұзақ жылдарға созылған тарихи-мәдени және экономикалық байланыстардың бар екендігін көрсетеді. Осы себептен қазақ ертегілерінің мифологиялық сюжеттерінде «адамдардың бірігу» мәселесі, билік құрылымынң түрлі қырлары жиі көрініс табады [В.М. Жирмунский, 1958: 5].

Нәтижесі. Отандық фольклортануда миф жанрына қатысты зерттеулер жиі кездеседі. Дегенмен зерттеушілер мифтердің жанрлық түсініктеріне әртүрлі көзқараста қарап келеді [X. Сүйіншәлиев, 1967:  75-84.]. Кейбір зерттеулерден біз мифтердің құрылымында антикалық кезеңнің белгілерін, мифологияның көркемдік негізде дамуын көрсек, енді біреулерінде көне замандағы іс-әрекеттердің құрылымын, діни-салт жоралғылардың белгілерін байқаймыз. Бұл ретте мифологиялық сюжетер түрлі аңыз және ертегілермен ортақ образдарға ие болып, өзара байланысып кетеді. Мұның бәрін екі топта қарастыруға болады.

Бірінші, әлемді таңғажайып негізде көру, жоғары күшке ие құдай немесе жындар бейнесіндегі жүйемен байланысты мифологиялық сюжеттер.

Екінші, белгілі бір дәлелдерге негізделген мифтер – ауызша тарихи сюжеттер, батырлар, қоғамдық құрылыс сипаттары туралы. Бірақ әлем халықтарының (Австралия, Мұхиттық аралдар, Африка, Сібір халықтары және т.б.) мифологиясын зерттеуде, ондағы оқиғалардың тек ауызша түрде қалыптасқанын көреміз.

Үшінші, кейбір ертегілердегі мифологиялық көріністер белгілі бір ғұрыптық жосындардан да көрініс табады. Көп жағдайларда аталған аймақ тұрғындары миф пен басқа да фольклорлық жанрдың арасындағы айырмашылықтарға үңіле бермейді. Мұның барлығы да мифтердің өте көне заманнан бастау алатынын анықтап қоймай, нақты анықтауға келмейтін өзіндік күрделі жанр екендігін көрсетеді. Көшпелі қоғамның алғашқы қалыптасу және даму сатыларындағы сақ, ғұн, түркі және бүгінгі қазақ халқының арасында таралған аңыз оқиғалар, сол аталған халықтардың тұрмысын анық сипаттайды.

Негізгі бөлім. Көне заманнан бастау алатын аңыз-мифтік сюжеттерден көшпелі қоғамның ішкі құрылымы, сол кезеңдегі халықтардың дүниетанымы, тұрмыс-салттық ерекшеліктері, діни-ғұрыптық жосындары мен діни көзқарастары, әлеуметтік құрамы мен құрылымын анықтауға болаатынын жоғарыда атап өттік. Мәселен көне Алтайлық аңыздардан «көк тәңір», «ұмай ана», «жын ерлік», «майтөре алып», «от ана», «жер-су», «әлемнің дүние бөліктерге бөлінуі» секілді кейіпкерлер мен оқиғаларды көреміз [Е. Ғарифолла, 2006.]. Шындығында көшпелі қоғамның наным-сенімдері тәңірге табынушылық, шамандық үрдістермен тікелей байланысатындықтан, халықтың дүниетанымдық көзқарастары осы аңыздарда сақталғаны байқалады. Жалпы көне Алтай мифтері түркі халықтарының діни көзқарастарын зерттеуде алғашқы дереккөздердің бірі болып саналатыны анық.

Қазақ халқының сана болмысының тарихи негіздері дегенде əңгіме басы сонау замандағы қазақ жеріндегі түркі тілдес тайпалар мен тайпалық одақтардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымына келіп тіреледі. Кез келген халықтың ойлау мəдени кеңістігі болатыны белгілі. Халық болған, қазақтың арғы ата-бабалары мемлекет болып қазақ жерінде өмір сүрген. Көшпелілер өркениетін жасаған. Қазақ халқының ойлау мəдени кеңістігі алғашқы мəдени-тарихи, бүгінгі қазақ этносын құраушы ру, тайпалардың тарихына, тұрмысына, мəдениетіне қатысты анықталмақ. Тарихқа белгілі ғұндар империясы, түрік қағанаты, қыпшақ мемлекеті және басқа тарихи хронологиялық негізде дамыған халықтардың құрамындағы тайпалардың қалыптасқан дүниетанымының түп бастаулары көне аңыз-ертегілер мен мифтерінде әр түрлі қырынан көрініс табады.

Бүкіл көшпелі түркі халықтарына ортақ, көне заманда тасқа жазылған Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері, оғыз заманында пайда болған “Оғызнаме”, “Қорқыт ата кітабы”, ноғайлы дәуіріне жататын “Қоблынды батыр”, “Ер Тарғын” эпостары”, Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін қорғаған Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Бөгенбай батырлар туралы тарихи жырлардың барлығының мазмұны ер азаматтың қайсарлығы, халықты басқару әдістері, жауынгерлермен қарым-қатынас ерекшеліктері, ханның әскербасыларға деген құрметі, батырларына ерлігіне қарап ат қою дәстүрлері көрініс табады.

Қазақ ертегілері мен аңыздарында дала диалектикасы айрықша орын алған. Сондықтан да бұл аңыздар мен ертегілерде табиғаттағы тірішілік көздері адамдармен араласып, біресе олар адамдармен достасса, бірде олардың қас жауы болып табылады. Сондықтан да қазақтың ертегілері өз мазмұны жағынан өмірді суреттегенде оның шындығын əрі батыл, əрі айқын бейнелейді. Мысалы, «Еділ мен Жайық» ертегісінде жалмауыз, жезтырнақ деген залымдар ағайынды екеуін бөліп, біреуін (Жайықты) өлтіреді. Еділ түбінде осы сиқырдың, жалмауыздардың көзін жояды. Содан кейін халық тыныш болып, мал құрап, ел болады. Байқап отырсақ, аталған ертегінің саяси астары бар екені көрініп тұр. Қазақтың үлкен екі өзені Жайық пен Еділдің бір-бірінен ажырасып басқа жат жұртқа қолды болуы, яғни жалмауыз əйелдің (ол əйел орыс патшасы Екатерина екінші болуы да мүмкін) аузына түсуі, ол өз есінен айрылып Орал атануы да осы ертегілердегі оқиғалармен өзара ортақ түсінік тудырады [Т.Ы. Әбжанов, 2003: 17-18.].

Сақ қоғамына қатысты аңыздардың ішінде «Тарғытай мен оның балалары», «Киммериялық патшалар туралы аңыз», «Скифтердің жеті құдайы», «Аңдық стиль», «Грифондар» және т.б. сюжеттер көшпелілер әлемінің моделін анық көрсетеді. Мәселен «Скифтердің жеті құдайы» туралы аңыздың құрылымы жеті санының ғұрыптық нышанын көрсетіп, космогниялық сипатта анықтама береді. Жалпы скифтердің әлемдік түсінік туралы моделі түркілердегі әлем туралы түсініктерімен өзара астасып, тығыз байланыс құрайды. Қазақ философиясының және дүниетанымының қалыптасуына түріктердің мифологиялық ертегілері, хайуанаттар жайындағы ертегілер; реалистік (тұрмыс салт) ертегілерінің де үлкен әсері болды. Бұл ертегілер өте ерте заманда адамның табиғат сырын әлі толық түсініп болмаған кездерде туған. Табиғаттың тілсіз күштерін мифтік ойлаумен образдап, соған адам әрекеттін қарсы қоятын қиял-ғажайып аңыз-ертегілері осы ізде туған. Көшпенділердің аңыздарының бір ерекшелігі оның жалпы халықтық мазмұндылығында ақиқат болғандығы. Қазақ аңыздарында көшпелі елдің төл ерекшелігі, белгілері бірден байқалады. Себебі олар тұрмыс-салтымыздың, болмысымыздың негізінде туған аңыздар. Осындай дала аңыздары ішінде халық арасында Қорқыт, Асан қайғы туралы аңыздарды атап айтуға болады [К.Толысбай, 2006: 18.]. Жалпы айтар болсақ, көне шығыс пен түркі мәдениетінен нәр алған қазақ аңыз ертегілерінің көшпелілер рухани болмысымен біте қайнасқан ауыз әдебиеті, фольклор, эпостық жырлар, сал серілер, ақын жыраулар шығармашылығы, халық даналығының қазақ философиясының қайнар көз, алғы бастауы болды деп айта аламыз. Қазақтардың мифологиялық тарихи даму жолында генотиптік діни жүйелер басым болды. Бұл ұғымға профессор Т. Ғабитов төмендегідей анықтама береді: «Генотиптік діни жүйе деп рулық-тайпалық қауымға тән ілкі ата текті қастерлеп, оларды жаратушы және қоғамдық өмірдің барлық салаларында шешуші күш ретінде қабылдайтын сенімдер мен нанымдардың бірлігін айтады. Генотиптік сенімнің орталық бейнесі – "аруақ”. Ата-баба аруағын қастерлеу – сақтар заманынан осы күнге дейін жалғасқан дәстүр. Қазіргі күндері ел мен жерді жаудан жан аямай қорғап, ерлігімен, әділеттілігімен көзге түскен, сол арқылы халық жадында сақталған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сияқты батырларды, Төле, Қазыбек, Әйтекедей билерді қастерлеп, оларға атап ас беру – осы дәстүр көрінісі» [Т.Х. Ғабитов, 2006: 96.].

Ғұн қоғамындағы мифтік сюжеттер мен образдар да көшпелі қоғамның жаугершілік жағдайдағы іс әрекеттері, маңызды шешімдер қабылдаудағы ұстанған принциптері сөз болады. Мәселен ғұн тәңірқұттарының билікті бөлу, мемлекет үшін жердің маңызды орын алатыны, мемлекеттік құрылымдағы маңызды орындар, халық үшін ең қажетті органдар туралы мәліметтер бізге ауызша жетіп отыр. Ғұн шаньюиінің үйсін қызына үйленудегі оған 1000 жылқы қалың мал беруінің [А.Н. Бернштам, 1951: 52.] өзі бүгінгі ғұрыптардың көне заманмен өзара сабақтастығы бар екендігі, жануардың белігілі бір өлшемдер мен есептесулерде сандық мөлшерінің маңызды орын алғандығы байқалады.

Тура осы көріністердің өзгерген формасын түркі кезеңіндегі халықтардан да көре аламыз. «Ергенеқон» поэмасындағы кейіпкерлердің тотемистік сенімдермен байланысты болатыны, түркі мемлекетінің негізін қалаған Ашина тайпасының өз бастауын бөріден алатыны да осы сенімнің бір сипаты іспеттес. Қанатты тұлпарлар мен басқа да жекелеген кейіпкерлер туралы аңыздар да көшпелі қоғамның белгілі бір қырларын анық сипаттап, оның ішкі құрылымы туралы маңызды ақпарат көзі бола алады.

Көшпелі халықтар түрлі мифологиялық бейне символдармен аттардың ер-тұрмандарын әшекейлеп қана қоймай, құстай ұшқыр сәйгүліктердің суреттерін де қасиетті бейне ретінде өздері тұтынған басқа заттарға да салды. Көшпелілердің өнер ескерткіштерінде жиі кездесетін осындай жылқы бейнелерінің ішінде «қанатты аттар» суреттерін ерекше атау керек. Қазақтардың ата тегі болып саналатын, үйсін, ғұн, сақ-скиф тайпаларының бейнелеу өнерінде осындай аттар бейнесі кездесіп отырады. Мысалы, Қарғалыда табылған, көне үйсін заманына жататын (б.з. дейінгі II-I ғасырлар) алтын диадемада осындай қанатты екі аттың бейнесі бар. Олар диадеманың жоғарғы бөлігінің оң және сол жағында, басқа бейнелерден биіктеу, жоғары орналастырылған. Олардың денесінің алдыңғы жағында құстар секілді қос қанаттары бар [Қазақ халық әдебиеті, 1988: 51.]. Шығыстан батысқа дейін созылған Кең Даланы мекендеген байырғы көшпелі халықтардың көне өнеріндегі қанатты аттың бейнесінің біркелкілігі, оның ертеде қалыптасқан, бұл халықтардың бәріне ортақ, олардың өз ортасында пайда болған тұрақты мифтік бейне екенін дәлелдейді. Байырғы көшпелілердің бейнелеу өнерінде мифтік қанатты аттарды бейнелеуде ортақ бір бейнелік канон (тұрақты үлгі) қалыптасқанын да көреміз. Әрине, жылқы өсіріп мал баққан көшпелі халықтардың мифологиясында жылқының мифтік бейнеге айналмауы мүмкін емес еді. Көшпелілердің қанатты аттар бейнесі – олардың өздері өсіріп, ұстанған жылқы, құстардың бейнесінің негізінде жасалған синтетикалық күрделі мифтік бейнелер. Көшпелі халықтардың көне мифологиясына қатысты нақтылы деректер сақталмағандықтан, бұл мифтік бейненің ішкі мағынасын түсініп білу үшін біздер көне мифтік-поэтикалық көптеген түсініктер сақталған қазақтың ауыз әдебиетіндегі қанатты тұлпарлардың мифтік бейнесінің мазмұнына көңіл аударуымыз қажет.

Сақ-скиф өнер ескерткіштеріндегі алтынмен жасалынған аттар сияқты, қазақ ертегілерінде де ұшатын алтын аттар кездеседі (мысалы, «Алтын ат» ертегісі) [Қазақ халық әдебиеті, 1988: 113-115.]. Көне мифологиялық түсініктер бойынша алтын түс күнмен, аспан әлемімен байланысты екенін ескерсек, өнер ескерткіштерінде де, ауыз әдебиетінде де қанатты аттардың алтынмен байланысты болуы кездейсоқ емес, әу баста қалыптасқан, көшпелі халықтардың көне дұниетанымындағы жоғарғы дүние (аспан дүниесі) өкіліне тән мифтік сипат екенін түсінеміз. Қазақтардың түсінігінде қасиетті жылқыны «Пырақ» деп атау кездеседі. Жалпы «пырақ» бейнесі Ислам мифологиясында кездесетін жануарды да, көне түркі мифологиясындағы, кейін қазақтардың да дәстүрлі мифологиясындағы қанатты тұлпар бейнесін де бойына сіңірген, қазақтардың өзіне ғана тән күрделі мифтік бейне болып кетті. Мифологиялық дүниетанымды діни дүниетаным ауыстырғанда қанатты тұлпарлармен байланысты көне мифологиялық түсінік қазақтардың санасында енді осы бейнеде өз жалғасын тапты.

Көне аңыз-әңгімелер, мифтер мен ертегілердің бір бөлігі ғарыштық, космогониялық түсініктер көрініс табады. Мәселен, аңыз-ертегілерде жиі кездесетін «күн мен ай» бейнесі, жекелеген жұлдыздарға арналған бейнелер, оның ішінде «Үркер», «Сүмбіле», «Шолпан», «Жеті қарақшы», «Темір қазық» бейнелері де дала заңына сәйкес кеңістікті елестету формасын көрсетеді [М.Каратаев, 2008: 144-147.]. Атаулар мен ондағы сюжеттер де көшпелі қоғамның тұрмыс жағдайымен байланысты өрбиді. Қазақтың ата тегінің еңбек әрекетімен, сан мың шақырымдық көш жолдарының белгілі бір күн мен айға байланысты басып өтілуін белгілеумен кеңістік ұғымы басталады [Г.М. Балмахаев, 2010: 191-195.]. Кеңістік бет-бағдары ежелгі қазақтар есігінің шығысқа бағытталуымен ерекшелінеді. Ғұндар жайлы былай делінген: «Шаньюй ертемен күнге табыну үшін, кешке қарай айға табыну үшін шығады» [А.Н. Бернштам, 1951: 76.]. Ғұндардан қалған бұл дәстүр түріктерге ауысты. Бұл ғұндардың алғашқы түріктер екендігі жайлы болжамды қуаттайды. Киіз үйлерінің есігі әрқашан оңтүстікке ашылған, Монғолиядан айырмашылығы осында [Ч.Ч. Валиханов, 1985: 46.]. Таным бағдарында шығысты құрмет тұтушылық көне тас балбалдардан көрінеді [Л.Р. Кызласов, 1966.]. Тіптен, көне түрік тілінде Шығыс алдыңғы жоқ, батыс (кейінгі) арқа бет, ал оңтүстік-оң, солт-сол жақ болып саналады. Күлтегін ескерткішінде былай делінеді: «Ілгері-күншығыс, оңға-түстік, кейін-батыс, солға терістік» [Ғ. Айдаров, 1996:13.]. Бұл көшпелілердегі кеңістіктің орналасуының қатаң тәртібін бекітті. Сонымен, көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы, биліктің ішкі саяси құрылымы, халық билеуші арасындағы диалог, билеушілердің маңызды шешімдер қабылдаудағы ұстанған принциптері, көшпелі мемлекеттің экономикалық даму ерекшеліктері, көшпелі халықтың кеңістікті танып-түсінудегі дүниетанымы, тұрмыс-салттық ерекшеліктері мен билеушінің мінез-құлқының психологиялық ерекшеліктері көне аңыз-ертегілер мен мифтерде анық көрініс тапқан. Жоғарыда атап өткендай, көп жағдайда аңыздық кейіпкерлер мен ондағы оқиғалар көркемдеп, ойдан құрастырылғандай түсінік орнатқанымен, шындығында, оның арғы жағында күрделі құрылымға негізделген халық тіршілігінің сарыны жатқанын көруге болады.

Қорытынды. Көшпелі қоғамдағы билеуші бейнесінің аңыз-ертегілердегі көрінісін анықтауда қазақ фольклоры, көне ертегі-аңыздар, мифтер мен басқа да салттық, ғұрыптық жосындарды талдау мәселесі өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Сақ, ғұн және түркі кезеңіндегі көшпелі халықтардың әлеуметтік құрылымы, билеушінің бейнесі, сол кезеңнен бері сақталып келе жатқан аңыздардан анық байқалып отыр. Сақ патшаларыны (патшайымдарының) соғыс жағдайларындағы және бейбіт өмірдегі ұстанған принциптері, маңызды шешімдер қабылдаудағы мінез-құлық психологиясын осы халық арасында таралып, бүгінге дейін жеткен аңыздардан көреміз. Мәселен, Томирис патшайымның ерліктері, жеке бас пайдасынан ел мүддесінен жоғары қоюы, күрделі әрі ауыспалы мағынадағы хатты Парсы патшасына жіберуі және т.б. Мұндай мысалдарды ғұн билеушісі Мөденің іс-әрекетінен де көреміз. Түркі кезеңіндегі Түркеш қағаны Сұлудың жасаған ерліктері мен өзге елдің елшісімен сұхбат құрудағы ақыл-ой тереңдігі мен мінез-құлық психологиясының қатаң тәртіпке негізделген бейнесін анық байқаймыз. Мұндай сипаттауды батырлар жыры, түрлі дастандарға негізделген қазақ фольклорынан да көптеп табуға болады. Көшпелі қоғамның қалыптасуы мен даму ерекшеліктері, билеушінің түрлі образдардағы кескіні және мемлекеттік құрылымының кейбір жекелеген аспектілерін қарастыруда ауызша мәліметтер, оның ішінде аңыз-ертегілер мен көне фольклорлық мәліметтерді назардан тыс қалдырмаған дұрыс деп есептейміз.

Әдебиеттер

Каскабасов С.А. Казахская волшебная сказка. – Алма-Ата, 1972. – С. 161-166.

Қасқабасов С. Фольклорная проза казахов. Избранные исследования. Т.3. – Астана: Фолиант, 2014. – 424 с.

Жирмунский В.М. Эпическое творчество славянских народов и проблемы сравнительного изучения эпоса // ІV Международный съезд славистов. – М., 1958, C. 5.

Сүйіншәлиев X. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. – Алматы, 1967. – 75-84-бб.

Ғарифолла Есім. Қазақ философиясының тарихы. – Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2006.

Əбжанов Т.Ы. Қазақ философиясының рухы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. – 96 б.

Толысбай Кенжалы. Асан Қайғы. – Алматы: Дайк – Пресс, 2006. – 169 б.

Ғабитов Т.Х. Философия. – Алматы, 2006. – 183 с.

Бернштам А. Н. Очерк истории гуннов. - Ленинград: ЛГУ. 1951. – 256 с.

Қазақ халық әдебиетi: Көп томдық. – Т. 3: Қиял–ғажайып ертегiлер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 280 б.

Қазақ халық әдебиетi: Көп томдық. – Т. 2: Ертегiлер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 288 б.

Каратаев М. Природа эстетического в казахском героическом эпосе / Кочевники-Эстетика: Познание мира традиционным казахским искусством. – Алматы, «Ғылым». – 2008. – С. 144-147.

Балмахаева Г.М. Экологические археотипы кочевой культуры // ҚазККА Хабаршысы. №4 (65). – 2010. – С. 191-195.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинении. – Алма-Ата, 1985. Т. 4. – 300 с.

Кызласов Л. Р. О значении термина «балбал» древнетюркских надписей // Тюркологический сборник. – Москва: 1966. – С. 266-276.

Айдаров Ғ. «Күлтегiн ескерткiшi». – Алматы. 1996. – 177 б.

References

Kaskabasov S.A. Kazahskaya volshebnaya skazka. – Alma-Ata, 1972. – S. 161-166.

Kaskabasov S. Fol'klornaya proza kazahov. Izbrannye issledovaniya. T.3. – Astana: Foliant, 2014. – 424 s.

ZHirmunskij V.M. Epicheskoe tvorchestvo slavyanskih narodov i problemy sravnitel'nogo izucheniya eposa // ІV Mezhdunarodnyj s"ezd slavistov. – M., 1958, C. 5.

Sүjіnshaliev X. Qazaq adebietіnіng qalyptasu kezengderі. – Almaty, 1967. – 75-84-bb.

Garifolla Esіm. Qazaq filosofiyasynyng tarihy. – Almaty: Qazaq un-tі baspasy, 2006.

Abzhanov T.Y. Qazaq filosofiyasynyng ruhy. – QaraGandy: QarMU baspasy, 2003. – 96 b.

Tolysbaj K. Asan QajGy. – Almaty: Dajk – Press, 2006. – 169 b.

Gabitov T.H. Filosofiya. – Almaty, 2006. – 183 s.

Bernshtam A. N. Ocherk istorii gunnov. - Leningrad: LGU. 1951. – 256 s.

Qazaq halyq әdebieti: Kop tomdyq. – T. 3: Qiyal–Gazhajyp ertegiler. – Almaty: ZHazushy, 1988. – 280 b.

Qazaq halyq әdebieti: Kop tomdyq. – T. 2: Ertegiler. – Almaty: Zhazushy, 1988. – 288 b.

Karataev M. Priroda esteticheskogo v kazahskom geroicheskom epose / Kochevniki-Estetika: Poznanie mira tradicionnym kazahskim iskusstvom. – Almaty, «Gylym». – 2008. – S. 144-147.

Balmahaeva G.M. Ekologicheskie arheotipy kochevoj kul'tury // QazKKA Habarshysy. №4 (65). – 2010. – S. 191-195.

Valihanov CH.CH. Sobranie sochinenii. – Alma-Ata, 1985. T. 4. – 300 s.

Kyzlasov L. R. O znachenii termina «balbal» drevnetyurkskih nadpisej // Tyurkologicheskij sbornik. – Moskva: 1966. – S. 266-276.

Ajdarov G. «Kүltegin eskertkishi». – Almaty. 1996. – 177 b.

М.С.Ногайбаева1.,  А.К. Токсанбаев2

1Казахский национальный университет имени аль-Фараби, к.и.н. ассоц. профессор

Алматы г., Казахстан

2Казахский национальный университет имени аль-Фараби, PhD докторант

Алматы г., Казахстан

ОБРАЗ ПРАВИТЕЛЯ В ЛЕГЕНДАХ И СКАЗКАХ В КОЧЕВОМ ОБЩЕСТВЕ

Резюме

В статье рассматривается социальная структура кочевого общества, внутренние политические формирование власти, диалог между правителя и народа, придерживанные принципы правителя при принятие важные решения, особенности экономической развития кочевого общества, мифология кочевников в понимании окружающей среды, особенности традиции, психологические особенности поведении правителя в проявлениях в легендах, сказках и мифах. Анализируется особенности поведении правителя из сакских, гуннских и тюркских  легендах. Выявлено важность исследовании легенд-сказок и мифов.

Ключевые слова: Кочевое общество, образ правителя, легенда, сказка, миф, фольклор, мифология.

M.S. Nogaybaeva1., A.К. Toksanbaev2

1 al-Farabi Kazakh National University, Аssoc. Рrofessor, Almaty, Kazakhstan

2 al-Farabi Kazakh National University, PhD Student, Almaty, Kazakhstan

THE IMAGE OF GOVERNOR IN TALES AND LEGENDS IN NOMADIC SOCIETY

Summary

The article considers the social structure of the nomadic society, the internal political formation of power, the dialogue between the ruler and the people, the principles of the ruler adhered to when making important decisions, the features of the economic development of the nomadic society, the nomadic mythology in understanding the environment, the traditions, the psychological characteristics of the ruler’s behavior in manifestations legends, tales and myths. The features of the ruler’s behavior from Saka, Hun and Turkic legends are analyzed. The importance of the study of legends, tales and myths is revealed.

Keywords:Nomadic society, image of a ruler, legend, fairy tale, myth, folklore, mythology.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2811

No reviews

Download files

-1717251300 (1).docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

398 (574) АБЛАЙ ХАН – СИМВОЛ СВОБОДЫ КАЗАХСКОГО НАРОДА (К ПРОБЛЕМЕ НАЦИОНАЛЬНОЙ ИДЕИ «МӘҢГІЛІК ЕЛ») Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны «ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ КӨНЕ ТҮРКІ ТАЙПАЛАРЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ҰЛЫ ӘМІРШІ БӨГҮ ҚАҒАНҒА ҚАТЫСТЫ АҢЫЗДАҒЫ ЕСКІ ДІНИ НАНЫМДАР ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА ЕГIНШIЛIККЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР МЕН ЖОРА-ЖОСЫНДАР, АҢЫЗ- ӘПСАНАЛАР

Author's articles

ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ