Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ

А. ОҢҒАРҰЛЫ ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ, Қазақстан, Астана

ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: қару-жарақтар., бейнелер, тас мүсіндер, дүниетаным, ғибадатханалар, киелі нысандар, сарматтар, Маңғыстау, Үстірт
Author:
Еуразияның далалық белдеуінде орналасқан Маңғыстау мен Үстіртте тас ғибадатханалардың көптеп шоғырлануы ғылыми түрде әлі толық түсініксіз жайт. Мүмкін, бұл аумақтың алыстығы мен қиындығы оның «жабық» рухани орталыққа айналуына әсер етсе керек. Тас мүсіндер – Бәйте түріндегі ғибадатханалардың өзгеше және ең көрнекті белгісі, сондай-ақ Үстірт пен Маңғыстаудағы ежелгі тұрғындардың өнерін, идеологиясын және этнографиялық шынайылығын зерттеуде маңызды дереккөзі болып табылады. Тас мүсіндер, негізінен, түрлі қару-жарақпен қаруланған ер жауынгерлердің бейнесін көрсетеді. Әр мүсінде жауынгерлік, жеке қасиет, тіпті кейіпкерлердің жасы да анық көрінеді. Әдетте тас мүсіндер кең иықты, толық қаруланған батырдың мүсінін елестетеді, сол қолы шынтағынан бүгіліп, қарынына қойылған, ал оң қолы төмен түсіріліп, жамбасына басылған. Осы кесте Үстірттің барлық дерлік мүсіндерінде бейнеленген, бұл оларды жасаушылардың салыстырмалы этномәдени біркелкілігін көрсетеді. Тас мүсіндерде әшекейлердің түрлері, белдіктердің үлгілері, қаруды қолдану әдістері ғана емес, сондай-ақ, көз қиығы бадам дәні тәрізді, жұқа тік немес салбыр мұртты, қыр мұрынды сол кездегі адамдардың сыртқы келбеті де анық бейнеленген. Тас мүсіндерде бейнеленген заттар жиынтығына жасалған қысқаша талдаудың нәтижесі белдік, қылыш пен садақты қынап сияқты әскери жабдықтардың мүсін бейнесіндегі міндетті атрибуттар ретіндегі аса маңызды рөлін көрсетеді. Әлбетте, мүсінші нақты және ежелгі иконографиялық қағидаларға сүйене отырып, шынайы және сол заманға сай заттарды бейнелеген сияқты. Мұндай жергілікті ерекше қағидалардың қатарына жақсы қаруланған, бірақ шайқасқа қатыспаған кейіпкерді бейнелеу жатқызылуы мүмкін: ол ұрыс кейпінде емес, сыйыну күйінде тұруы ықтимал. Кілт сөздер: Үстірт, Маңғыстау, сарматтар, ғибадатханалар, киелі нысандар, дүниетаным, тас мүсіндер, бейнелер, қару-жарақтар
Text:

Кіріспе. Ж.с.д. І мыңжылдықтың соңында Еуразия даласының ұлы белдеуінің айтарлықтай бөлігіндегі көптеген тайпалар жаңа, икемді шаруашылық жүйесіне өте бастайды, бұл ғылымда «көшпелі мал шаруашылығы» деген түсінікпен анықталады. Мұның ең маңызды себептерінің бірі – құрлықтың көп бөлігіне әсер еткен климаттың жаһандық өзгеруі болып табылады. Даланың ежелгі тұрғындары шаруашылықтың мінсіз үйлестірілген және жеткілікті тиімді жүйесін құра отырып, өзгерген жағдайға жақсы бейімделе алды (Онгарулы, Ольховский, Астафьев, Дарменов, 2017).

Арал-Каспий өңірінде ерте темір дәуіріне жататын 30 шақты ескерткіш зерттелінді. Бұлар бірегей, әрі өзіндік ерекшеліктері бар жерлеу-ғұрыптық кешендер, ғибадатханалар (Самашев, Кушербаев, Аманшаев, Астафьев, 2007).

Еуразияның далалық белдеуінде орналасқан Маңғыстау мен Үстіртте тас ғибадатханалардың көптеп шоғырлануы ғылыми түрде әлі түсіндірілмеген жайт. Мүмкін, бұл аумақтың алыстығы мен қиындығы оның «жабық» рухани орталыққа айналуына әсер етсе керек.

Үстірт пен Маңғыстаудың ежелгі ғибадатханалары төңірегі жақсы көрінетін биік қыраттарда орналасқан, ал құрамына бірден беске дейін оба немесе оба тәрізді топырақты үйінділер, бірнеше ондаған (35-ке дейін) антроморфты тас мүсіндер, дөңгелек және тікбұрышты құрбандық шалу орындары, сондай-ақ тастан жасалған шағын құрылысты ондаған еске алу орындары кірді.

Дереккөзі мен әдістері. Үстірт пен Маңғыстауда ғибадатханалардың екі түрі кездеседі: бәйтелік және дықылтастық (Самашев, Оңғар, Оралбай, Қиясбек, 2011). Бәйте типті ғибадатханаларды зерттеу барысы ғибадатхананың негізгі және планиграфиялық орталық элементі ғұрыптық құрылым болып табылатындығын анықтауға мүмкіндік берді. Діни құрылыстың негізгі дөңгелек пішіні де, қоршаулары да бәйте типті екендігі кездейсоқтық емес. Дөңгелек – ежелден әртүрлі діни-мифологиялық тұжырымдамаларда шаршы – жердің, төменгі әлемнің нышанына қарағанда, жоғарының, көк аспан мен күннің нышаны ретінде қабылданды. Екі нышанның бір құрылымда немесе ғұрыптық бұйымда шоғырланып үйлесуі, бәлкім, универсумның бірігу идеясының іске асуы деп қарастыру қажет болар.

Бәйте типті ғибадатханалар ең алдымен батыр-рубасылардың, ерлік көрсеткен ата-бабаларға табынуға байланысты ғұрыптық рәсімдерді өткізуге арналып салынған болса керек. Мұнымен қатар жалпытайпалық батыр-демиург культі (ең алдымен жарықтың бастауы, «жоғарғы» әлемнің нышаны ретінде Күнмен байланысты болуы ықтимал) жеке рулар мен отбасылардың ата-бабалар культімен, сондай-ақ қайтыс болған көшбасшылармен немесе этноәлеуметтік топтардың көшбасшыларымен байланысты болса керек. Мұны мүсіндердің көптігі және олардың біркелкілігімен түсіндіруге болады. Тас мүсіндердің екі-төрт ескерткіштен тұратын шағын топтарды құра орналасуы, ғибадатханаларды тұрғызған тайпаның немесе рулық қауымдастықтың отбасылық-рулық құрылымын көрсетуі бек мүмкін: әрбір шағын топ тайпаның құрамына кіретін нақты бір отбасының (немесе үлкен отбасы) ерлік көрсеткен ата-бабаларының бейнелерінен тұрды. Осылайша, жалпы тайпалық ғибадатханалар аясында әрбір рудың (немесе үлкен отбасының?) өз ата-бабаларына арналған «аумағы» болды, сонымен қатар олар жалпы тайпалық арғы аталарымен де байланысын жоғалтпады. Бәлкім, үлкен құрбандық үстелдерінде ортақ күн батыры-ортақ баба құрметіне арнап құрбандық шалып, ал отбасылық және рулық ата-балаларына шағын қозғалмалы тостаған тәрізді құрбандықтар пайдаланған болуы мүмкін.

Тас мүсіндер – Бәйте типті ғибадатханалардың өзгеше және ең көрнекті белгісі, сондай-ақ Үстірт пен Маңғыстау өңіріндегі көне тұрғындардың өнерін, идеологиясын және этнографиялық шынайылығын зерттеуде маңызды дереккөзі болып табылады.

Талдамалар. Ж.с.д. VII–VI ғғ. аралығында тас мүсіндерді тек Солтүстік Кавказ, Қаратеңіз скифтері (Ольховский, Евдокимов, 1994) мен Сарыарқаның сақтары ғана жасады. Қару-жарағы мен әшекейлері бар, тұрып тұрған скиф жауынгерлері шынайы көрінеді. Алайда Үстірт пен Маңғыстау ғибадатханаларының салыну кезінде сақтар мен скифтердің монументальды мүсіндері құлдырай бастады.

Бәйте типті ескерткіштерді ерекшелейтін сипатты элемент – көптеп кездесетін антропоморфты мүсін болып табылады. Бәйте типті тас мүсіндердің барлығы ғибадатханадан біраз қашықтыққа орнатылған. Бүтін нысандар некен-саяқ кездеседі, барлығы дерлік бүлінген күйінде табылды. В.С. Ольховскийдің пікірінше, өз қызметін атқарып тұрған уақытта Бәйте 1 ғибадатханасында 32–35-тен кем емес, Бәйте 3-те 45–46-тен кем емес, Терең ғибадатханасында 8–9, Қарамөңке ғибадатханасында – 20–23 тас мүсіндер болды. Аталған ескерткіштердің биіктігі орташа алғанда 1,4–1,9 м, алайда олардың ең үлкендері 3,4–3,8 м-ге дейін жетеді (Ольховский, 2005, 142-б.).

Ескерткіш формасының «біркейкілігі» оның мазмұнының көп мәнділігін түсінуге еш кедергі келтірмейді; тас мүсіндер біріншінің екіншідегі инкарнациясы секілді, керемет бейненің және нақты (тірі немесе қайтыс болған) бір адамның біртұтас бірлігі ретінде толық қабылдана алды. Ұсынылған түсіндірме антропоморфтық тас мүсіндердің иконографиялық және сондай-ақ планиграфиялық ерекшеліктерін жоғары деңгейде түсіндіруге мүмкіндік береді. Мәселен, мүсіндердің бет жағы солтүстікке (ауытқулармен), көптеген мифологиялық жүйелерде суық, қараңғылық немесе өлген елге бағытталып орналасуы жағына бағдарланғаны кездейсоқтық емес. Бұл дерек Бәйте типті кешендердің ғұрыптық мақсатын, яғни олардың о дүние, мәдени кейіпкер және оның «тірі» құбылыстары туралы ұсыныстары бар кешенмен байланысын, екі әлемді байланыстыратындығын растайды.

Нәтижелер. Тас мүсіндер, негізінен, түрлі қару-жарақпен қаруланған батырлардың бейнесін көрсетеді. Ер адам басына дулыға киген, қылыш, қанжар және садақпен қаруланған жауынгер бейнесінде. Барлық белгілі жағдайларда бұл толығымен көрсетілетін тұрған мүсін (тобыққа дейін); бірде-бір бейнені белге дейін (жартымүсін) үлгілеу жағдайлары байқалмайды. Анда-санда, бірқатар белгілері бойынша әйелдердің, ал кейбіреулері дінбасылардың бейнесін көрсететін антропоморфты тас мүсіндер табылған. Олардың қатарында қарусыз және басқа иконографиялық мәнермен салынғандары да бар.

Әр мүсінде жауынгерлігі, даралығы, тіпті кейіпкерлердің жасы да анық көрінеді. Мүмкін олар қайтыс болған мәртебелі жақындарын бейнеледі және әрбір мүсін жауынгер-баба рухының қонақтаған орны ретінде саналды.

Әдетте тас мүсіндер кең иықты, қарулы ер жауынгердің мүсінін елестетеді, сол қолы шынтағынан бүгіліп, ішіне қойылған, ал оң қолы төмен түсіріліп, жамбасына басылған. Осы кесте Үстірттің барлық дерлік мүсіндерінде бейнеленген, бұл оларды жасаушылардың этномәдени біртұтастығы туралы айтады. Тас мүсіндерде әшекейлердің түрлері, белдіктердің үлгілері, қаруды қолдану әдістері ғана емес, сондай-ақ, көз қиығы бадам дәні тәрізді, жұқа тік немесе салбыр мұртты, қыр мұрынды сол кездегі адамдардың сыртқы келбеті де анық бейнеленген. Кейбір жағдайларда бейнеленген мүсіндерден моңғолоидтық кейіпкердің бейнесі сияқты әсер пайда болады.

Жауынгер костюмінің ең маңызды элементі – жалпақ, кейде кесте немесе жапсырмамен өрнектелген, металл қапсырмасы бар былғары белдік. Тас мүсіндердегі суреттерге қарағанда, белдік жауынгерлік және портупеялық екі түрден тұрды. Әскери белдіктер қорғаныс ретінде қызмет етті, олар теріден және киізден жасалды. Белдік жалпақ, жиі безендірілген, металл ілмек қапсырма ретінде қызмет атқарған. Дегенмен, әскери белдіктер жиі портупея ретінде де пайдаланылды: оларға екі тері белбеулердің (немесе ілмектердің) көмегімен ағаш қынабы бар екіжүзді қысқа темір қылышты (ұзындығы 50–80 см) іліп, сол жағынан садақ пен жебелерден тұратын қорамсақты бекіткен.

Қорамсақта бірден екі садақ пен көптеген жебелер (100-ден 120 данаға дейін) сыятын болған. Көлемі шағын және күрделі құрылысты садақ тамаша ату қашықтығына ие болды: одан ұшқан қола немесе темірден жасалған жебе 500 м-ге дейін ұшты. Мүсіндердегі суреттерге қарағанда, ұзындығы 40 см-ге дейінгі қанжарды «парсыша» – оң жамбастың сыртына екі белбеумен байлап таққан. Жүзінің төменгі бөлігіндегі айрықша өрнектер қанжардың сырғып кетуіне жол бермеді, және ол дәлме-дәл мағынада жауынгердің әрдайым «қол астында» болды (осындай түрдегі қанжарды парсы, сармат, сақ және массагеттер пайдаланды, бірақ скифтер емес) (Ольховский, 1997, 71–72-бб.) Қылыш пен қанжарлар тік балдақ және антенна тәріздес немесе орақ сияқты ұштықпен бейнеленген (Астафьев, 2011, 394-б.). Қылыштар мен қанжарлар қоян қолтық ұрыстың қаруы ретінде қолданылды. Ұзақ қашықтықта болған шайқас үшін садақ пайдаланылды. Жауынгердің басы мен желкесін жеңіл және төзімді былғары-киізден жарты шар пішінде жасалған дулыға жауып тұрды.

Морфологиялық тұрғыдан алғанда, табылған мүсіндер адам денесінің пропорцияларын анық бұзбастан, әктастан жасалған жалпақ, тегіс мүсіндер болып табылады. Тас мүсіндер сызықша және оймалау тәсілімен үлгіленіп, айналмалы қабылдауға есептелген: ескерткіштердің бет-жүзі ғана емес, сондай-ақ бүйір және артқы беттері де жақсы орындалған. Мүсіндерді жасаған кезде дайындамасы ретінде тас карьерден тауып, мүсіндерді өңдеу орнына әкелген тікбұрышты пішіндегі әктас блоктары қолданылды. Тас мүсіндердің биіктігі барлық жағдайларда адам денесінің өлшеміне сәйкес – 150180 см.

Антропоморфтық келбеттердің жиынтығы мен иконографиясы. Тегіс, тас мүсіндердің басым көпшілігі үшін – бір иконографиялық түрдің абсолютті басымдығы тән; бұл толығымен дерлік егжей-тегжейлі нақтыланған, тұрып тұрған  (аяғын қоса алғанда) ер адамның мүсіні. 

Мүсіншінің кейіпкердің қол бұлшық еттерін және кеудесін көрсетуге ұмтылысы жазық мүсіндердің үздік үлгілерінен байқалады; кеуде бұлшық еттері кейде гипертрофирленгендей көрінеді, бұл мүсіншінің бейнеленген жауынгердің физикалық күштерін айқындауға деген ниетін білдіреді. Сирек антропоморфтық элементтердің бірі – көбіне мүсіннің артқы жағындағы тік шұңқырмен көрсетілген омыртқаның бағанасы болып табылады. Қолда бар материалдар бойынша, мүсінде жауырын мүлдем бейнеленбеген.

Жазық мүсіндерге тән аяқтарды салудың екі нұсқасы анықталады – стильді және шынайы. Бірінші жағдайда аяқтар тек «таңбаланған», ескерткіштің алдыңғы және артқы беттерінде тік сызықты саңылаусыз ойықтармен (кейде саңылау арқылы) бөлінген, бетінде аз ғана түзетулер бар. Екінші жағдайда жамбас пен аяқтары горельефпен (саңылаусыз жыралар арқылы бөлінеді) немесе мүсіндік (саңылау тесікпен бөлінген) үлгіленген, тізе, балтыр және жамбас бұлшықеттері, кейде бөксе де бейнеленген. Аяқтың табаны ешқашан пластикалық түрде бейнеленген емес, мүсіннің қозғалыссыздығын ескере отырып, ескерткіштің негізіне және бір мезгілде жерге (негізі толығымен топырақпен жабылған) «өседі»: ескерткіш «өсіп» қана қоймай, «жерден өсті» деген мағынада олар мүсінге белгілі бір монументалды мән береді.

Қолдар өте шынайы бейнеленген: анатомиялық тұрғыда шынтақтар, қолдар, саусақтар дұрыс жасалған; тырнақтар еш жерде көрсетілмеген. Алақан мен саусақтардың шынайы бейнеленуі мүсіншінің шеберлігіне байланысты болды: жалпыланған немесе өте шынайы нұсқалары да кездесті.

Антропоморфтық тас мүсіндерде бейнеленген заттардың жиынтығы.  Жоғарыда келтірілген талдау Бәйте түріндегі ғұрыптық кешендердегі барлық мүсіндерде дерлік аздаған өзгерістермен қолданылатын қағидаға айналған иконографиялық бейнені көрсетті. Бұл – оң қолын төмен түсірген, сол қолы шынтағынан бүгіліп, ішіне қойылған ер адамның мүсіні. Иконографияның ерекшеліктері мүсіншілердің тек ер адамдардың мүсіндерін көрсеткендігін айғақтайды. Бұл мүсіндерде ұсынылған атрибуттар жиынтығынан да айқын көрінеді; яғни бәрінен бұрын қару-жарақтары (қылыш, қанжар, қорамсақты садақ, дулыға, айбалта). Белбеу, мойын алқасы және білезіктер бейнеленген басқа да атрибуттар – бейнеленген кейіпкерлердің жоғары әлеуметтік дәрежесінің айқын белгілері. Көптеген қару-жарақ заттарының жиынтығы мен әртүрлілігі дәл сол кейіпкерлердің әскери қызметін айқындайды.

Қылыш – бедерлі немесе оймаланып жасалған, тас мүсіндерде жиі кездесетін қару-жарақтардың бірі. Мүсіндердің сынықтығына қарамастан, қылыштардың суреттері толығымен немесе ішінара сақталған, бұл қылыштың берілген бейненің маңызды және міндетті атрибуты ретінде қолданылғандығын растайды.

Қылыш әрқашан ескерткіштің алдыңғы жағында, ішінің айналасында қынаппен бейнеленеді. Егер мүсінде белдіктің бейнесі болса, онда қылыш, әдетте, белдіктен тігінен төмен қарай түсетін портупеялық белбеулердің көмегімен «ілінген». Сонымен қатар, белбеудің біреуі саптың маңайындағы қынаптың аузына, ал екіншісі қынаптың ернеуіне шамамен ұзындығының ортасында, бірақ аузына жақындатылып бекітіледі. Белдіктердің ұзындығына байланысты қылыш көлденең түрде немесе белдіктен әртүрлі биіктікте көлбеу ілінген. Қылыштың тұтқасы әрқашан мүсіннің оң жақ алақанында орналасқан.

Қылыштардың тік қырлы балдақтары бар, соңғы жақтары қынаптың аузынан шығады. Олардың саптары кең емес, тік, бір жағдайда есілген (органикалық жіппен өрілуі мүмкін).

Қанжарлар– қылыш секілді тас мүсіндерде жиі кездесетінқару-жарақтың бірі. Олар бір қалыпта – оң жамбастың сыртқы бетінде, тізеден жоғары, жүзі төмен қаратылып көрсетілген. Қанжарлардың бұл қалпы этнографиялық тұрғыдан жамбасқа белдікпен байлап тағу әдісін дәл көрсетеді.

Типологиялық тұрғыдан, қанжарлар дәл сол мүсінтастарда бейнеленген қылыштардан ешқандай айырмашылығы жоқ, тек олардың ұзындығы жағынан қысқа. Олар сондай-ақ, жүздің аңғарына ұқсас, орталық қабырға-нервюрасымен қынапта көрсетілген. Дегенмен, қанжар қынабының соңы, қылыштың қынабына қарағанда әдетте бутерольмен пішінді кеңейтумен жабдықталған.  Бутероль – тек қанжар жамбас немесе тізеге байланған кезде ғана қажет болатын қынап құрылысының маңызды элементі. Бұл жағдай қанжарды бекітетін белдіктің біреуі бутерольдегі арнайы саңылаулардан өтеді немесе бутерольдің үстінен қынапты жабады; осылайша бутерольдың кеңейген қанаттары жүзді қынаптан жамбас арқылы жоғары шығарған кезде қынаптың қозғалысына кедергі жасау үшін қойылады. Екінші бау қынапты балдақтан төмен қамтиды, ол жүзді қынапқа салған кезде төмен жылжуға мүмкіндік бермейді. Аталған құрылыс қарапайым, бірақ ыңғайлы, себебі жаяу әскер немесе атты әскерлерде болсын қанжардың сабы (белдегі қылыштың да) нық бекітілген және басқа қаруды қолдануға еш кедергі келтірмейді.

 Барлық жағдайларда қанжарлардың балдақтары тік, қырлы; кейбір кезде сабында өрме бар. Ең көп тарағандар – қылыштың ұштықтарына ұқсас ұштықтар болды; ол қисық-қырлы және антенна тәрізді. Айта кету керек, көрсетілген ұштықтардың басқа түрлері қанжарларда жоқ. Осылайша, қылыштардың ең танымал орақ тәрізді ұштықтары қанжарларда мүлдем болмағандығы түсіндіріледі; қанжарларда қылыштарда аз қолданылатын, көбінесе антенна тәрізді (және қисық-қырлы) ұштықтар пайдаланылды. Сонымен бірге қылыш пен қанжарда да қолданылатын ұштықтардың бірдей нұсқалары жүзді қарулардың шығу тегінің ортақтығына дәлел болады.

Қынап – садақ пен жебелерге арналған құрамдастырылған қаптама – әскери құрал-жабдықтардың міндетті элементі болып саналады. Өкінішке орай, барлық суреттер белгілі бір дәрежеде бүлінген. Қынаптар әрқашан белдің айналасында мүсіннің сол жағында бейнеленген; әлбетте, нақты қынаптар белдікке бекітілді, бірақ бекіту әдісі, қосымша портупея белбеуін қолданғандығы туралы деректер ескерткіштерден табылмады.

Ең жақсы сақталған суреттерге қарап, барлық қынаптар құрылымдық түрде бір-бірінен оқшауланған екі негізгі бөліктен садақ және жебелерге арналған оқжатардан тұрады. Садаққа арналған корпус ұзартылған тегіс қорап болды, оның төменгі бөлігі тікбұрышты, ал жоғарғы бөлігі күрделі трапеция тәрізді пішінде. Артқы (арқа) қақпағындағы, белдеуге іргелес, анық, тіреу құрылғылары болған, ал алдыңғы қақпақ тиісті түрде безендірілген. Қынаптың беткі қақпағына төменгі жағында жебелерге арналған оқжатар бекітілді, оның тұрпаты қынаптың төменгі бөлігінің тұрпатын қайталайды. Оқжатар жоғарғы шетінің орнына ауызы бар тіктөртбұрышты қорап, оның көмегімен жебе ұштары төмен қаратып  толтырылған; көлемі, суреттерге қарағанда, өте үлкен және бірнеше ондаған жебелерді орналастыруға мүмкіндік берді. Осылайша, барлық жағдайларда қынаптың оқжатары ашық көрсетілген; оның аузын қандай да бір қақпақпен жапқан бейнелер жоқ. Оқжатардың сыртқы бетін жиі үш немесе төрт тік сызықпен оймаланған, олар шамамен тең аймақты құрайтын төрт немесе бес жолаққа бөледі; мүмкін, бұл оқжатар кескінінің нақты қиғаштарын бейнелейді.

Ені мен биіктігі қатынасында қынаптың кемінде екі нұсқасы бар: кең және тар.

Дулыға – бұл антропоморфтық мүсіндерде ұсынылған сауыт-сайманның бірден-бір түрі. Олардың бәрі бірдей: тегіс, басына іргелес, құлақты және желкені жабады. Болмысында дулығаға ұқсас, былғарыдан және киізден жасалған болуы ықтимал.

Морфологиялық түріне қарамастан мүсіндердің басым көпшілігінде бедерлі немесе оймалау әдісімен жасалған белдік (белбеу) болды. Олардың бәрі жеткілікті кең, болмысында былғары, оған ілінген қылыш пен қынапты ұстап тұра алады. Қылышты ұстап тұратын портупеялық белдіктерге бекіту тәсілі мүсіндерде толық көрсетілмеген; баулар белдіктің төменгі жиегінен тігінен төмен қарай жылжытылады. Көптеген белбеу тұтастай көрсетіледі, олардың беті тегіс, қапсырмасы үлгіленбеген. Дегенмен, бірдей бір-бірімен жиі қиылысатын көлбеу сызықтармен оймаланып безендірілген белдіктер көрсетілген. Сол белдіктердің ортаңғы бөлігінде жасанды-тік күйінде ілмек-қапсырма (болмысында металдан жасалғандығы сөзсіз) бейнеленген. Бұл ілмек, қылыштың немесе ториттің салпыншақ жүйесімен мүлдем байланысты емес. Айта кететін жайт, типологиялық ұқсас қапсырма-ілмектер XIX–XX ғасырдың басындағы қазақ (негізінен салтанатты) белдіктерінде қолданылады. Белдіктердің металл гарнитурасындағы қапсырманың мұндай түрлері шығыс аймақтардағы кейінгі сармат уақытынан болжанады.

Білезіктер мүсіндерде сирек кездесетін атрибуттарға жатқызылады, бірақ бұл жартылай ескерткіш бекітілген уақытқа оң қолдың көптеген жағдайларда жоғалып кетуіне байланысты. Жалғыз, үш-бес бұрылыс білезіктер тек оң жақта көрсетіледі. Болмысында бұл білезіктер, қымбат металдардан жасалып, иесінің жоғары әлеуметтік мәртебесіне баса назар аудартқан.

Мойын алқасы сирек бейнеленетін заттарға жатады.

Қорытынды. Тас мүсіндерде бейнеленген заттар жиынтығына жасалған қысқаша талдаудың нәтижесі белдік, қылыш пен садақты қынап сияқты әскери жабдықтардың мүсін бейнесіндегі міндетті атрибуттар ретіндегі аса маңызды рөлін көрсетеді. Аталған заттардың бейнелерінің ерекшелігі даусыз олардың типологиялық сипаттамаларының этнографиялық дәлдігі, сондай-ақ топографикасы (адам мүсінінде орналасқан) болып табылады. Әлбетте, мүсінші нақты және ежелгі иконографиялық қағидаларға сүйене отырып, шынайы және заманға сай заттарды бейнелеген сияқты. Мұндай жергілікті ерекше қағидалардың қатарына, жақсы қаруланған бірақ шайқаспаған кейіпкерді бейнелеу жатқызылуы мүмкін: ол ұрыс кейпінде емес, табыну күйінде тұруы ықтимал.

Әдебиеттер:

Астафьев А.Е. Опыт историко-художественной реконструкции в археологии ранних сармат // Маргулановские чтения – 2011. Материалы Международной археологической конференции. – Астана, 2011. – 394–399-бб..

Ольховский В.С. Древние святилища Устюрта: контакт или конфликт культур // Наука в России. – Москва, 1997. – № 6. – 67–75-бб.

Ольховский В.С. Монументальная скульптура населения западной части евразийских степей эпохи раннего железа. – Москва: Наука, 2005. – 299 б.

Ольховский В.С., Евдокимов Г.Л. Скифские изваяния VII–IIIвв. до н. э. – Москва, 1994. – 188 б.

Онгарулы А., Ольховский В., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 б.

Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: ТОО «Археология», 2007. – 400 б.

Самашев З., Онгар А., Оралбай Е., Киясбек Г. Храм-святилище Кызылуийк. – Астана: Издательская группа ТОО «Археология», 2011. – 200 б.

References:

Astafiyev А.Е. Opyt istoriko-hudojestvennoi rekonstruksii v archeologii rannih sarmat // Margulanovskie chteniya – 2011. Materialy mezhdunarodnoi archeologisheskoi conferenciy. – Astana. 2011. – S. 394-399.

Olhovskii V.S. Drevnie sviatilisha Ustyurta: kontakt ili konflikt cultur // Nauka v Rossii. – Moskva. 1997. – № 6. – s. 67–75.

Olhovskii V.S. Monumentalnaya skulptura naselenia zapadnoi chasti ebraziiskih stepei epohi rannego zheleza. – Moskva: Nauka. 2005. – 299 s.

Olhovskii V.S., Evdokimov G.L. Skifskie izbaianiya VII–III bb. do nachei ery. – Моskva, 1994. – s. 188.

Onggaruly A., Olhovskii V.S., Astafiyev A., Darmenov R. Drevnie sviatilisha Ustyurta i Vostochnogo Priaralia. – Аlmaty: Institute archaeology im. A.Kh. Margulana, 2017. – 320 s.

Samashev S., Kusherbayev K., Amanshaev E., Astafiyev. Sokrobisha Ustyurta i Mankystau. – Аlmati: ТОО «Archeology», 2007. – 400 s.

Samashev S., Onggar A., Oralbai E., Kiyasbek G. Hram-sviatilishe Kiziluik. – Аstana: Izdatelskaya gruppa TОО «Archeologiya», 2011. – 200 s.

А. ОНГАРУЛЫ1

1НИИ «Халық қазынасы» Национального музея РК, руководитель, к.и.н., Астана, Казахстан

САРМАТСКИЕ АНТРОПОМОРФНЫЕ ИЗВАЯНИЯ

УСТЮРТА И МАНГЫСТАУ 

Резюме

Концентрация каменных храмовых святилищ на территории Манкыстау и Устюрта в масштабах пояса степей Евразии – факт уникальный и пока научно не объяснимый. Возможно, труднодоступность этой территории обусловила ее значимость как некоего «закрытого» духовного центра.

Каменная скульптура – отличительный и наиболее выразительный признак святилищ байтинского типа, также важный источник для изучения искусства, идеологии и этнографических реалий древнего населения Устюрта и Манкыстау.

Каменные изваяния воспроизводят, в основном, образ мужчин – воинов, вооруженных различными видами оружия. На каждом изваянии достаточно определенно выражены воинственность, индивидуальность и даже возраст персонажей. Обычно изваяние воспроизводит фигуру широкоплечего вооруженного мужчины, левая рука которого согнута в локте и прижата к животу, а правая опущена и прижата к бедру. Данная схема воплощена практически на всех изваяниях Устюрта, что говорит об относительном этнокультурном единстве их создателей. На изваяниях точно показаны не только типы украшений, узоры поясов и способы ношения оружия, но и внешний облик людей того времени: миндалевидные глаза, тонкие прямые либо свисающие усы, прямой нос.

Ключевые слова: Устюрт, Мангыстау, сарматы, святилища, сакральные объекты, мировоззрение, каменные изваяния, образы, вооружения.

А.ONGARULY1

1Research Institute of the National Heritage,

National museum of the Republic of Kazakhstan,

Astana, Kazakhstan

THE SARMATIAN ANTHROPOMORPHIC SCULPTURES

OF USTYURT AND MANGYSTAU

Summary

The concentration of stone temple sanctuaries on the territory of Mankystau and Ustyurt on the scale of the belt of the Eurasian steppes is a unique fact and yet not scientifically explainable. Perhaps the inaccessibility of this territory has conditioned its importance as a kind of "closed" spiritual center.

The stone sculpture is the distinctive and most expressive sign of the Bayte type sanctuaries, as well as an important source for studying the art, ideology and ethnographic realities of the ancient population of Ustyurt and Mankystau.

The stone sculptures reproduce, basically, the image of men – soldiers, armed with various weapons. On each statue, the militancy, the individuality and even the age of the characters are quite definitely expressed. Usually the statue reproduces the figure of a broad-shouldered armed man whose left arm is bent at the elbow and pressed to the stomach, and the right one is lowered and pressed to the hip. This scheme is embodied in almost all the statues of Ustyurt, which speaks of the relative ethno-cultural unity of their creators. The statues accurately show not only types of ornaments, patterns of belts and ways of carrying weapons, but also the appearance of people of that time: almond-shaped eyes, thin straight or drooping mustaches, straight nose. The results of a brief analysis of the set of objects depicted on the statues emphasize the special role of combat equipment – a belt, sword, mountain and a bow – as indispensable attributes of the image embodied in sculptures. The peculiarity of the images of these objects is the undoubted ethnographic accuracy of their typological features, as well as the topography (placement on a human figure). Obviously, the sculptor reproduced real and contemporary objects, following a certain and, perhaps, ancient iconographic canon. Among the local features of such a canon is perhaps the image of a well-armed but not a fighting character: with one exception, the character's hands do not hold arms; it is presented more in prayer than in a fighting posture.

Keywords: Ustyurt, Mangystau, Sarmatian, sanctuary, sacral objects,world outlook,stone statues,images, weapons.

* Мақала BR05236868 «Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты бағдарламалы-нысаналы жоба аясында даярланды. 

No comments

To leave comment you must enter or register