Яндекс.Метрика
Home » Materials » Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны

Ақан Оңғарұлы, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы, т.ғ.к. Астана, Қазақстан Akan123@mail.ru

Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(11), 2017

Tags: ғұрыптық іс-әрекеттер., қазан, оба маңы кеңістігі, ірі обалар, дүниетаным, мемлекеттілік, сақтар, Жетісу
Author:
Ерте темір дәуіріндегі Жетісу өлкесі – Қазақ жерінің «алтын бесігі», алғашқы «хандардың» елі мен мекені, алғашқы мемлекеттің орнаған жері. Жетісу сақтары өз заманында Еуразияда ел-жұрттардан барлық салада дамуда алда болды, көрші сырт елдерге ықпал ете білді және өзіндік ерекше дүниетанымы қалыптасты. Мақалада біз аталған өлкеде ж.с.д. VI–III ғасырларда мекен еткен сақ билеушілерінің жерлеу ескерткіштері мен оның айналасындағы кеңістіктің олардың дүниетанымына сай жоспарлануы мен ондағы атқарылған ғұрыптық іс-әрекеттерді соңғы археологиялық зерттеулер негізінде қайта талдауға тырыстық. Ежелгі тұрғындардың түсінігі бойынша, обалар адамның о дүниеге өтердегі уақытша тұрағы, ал артында қалған жұрты үшін жоғарыдағы беймәлім күш, рухтармен әртүрлі ғұрыптық жосындар атқару арқылы тіл табысатын орын. Обалар бұл дүниеден қайтқан, сол қоғамдағы саяси-әлеуметтік құрылымның тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі болған тұлғаға деген құрметтің белгісі ретінде, болмысын ұрпақтары әспеттеп өтуі үшін салынды.
Text:

Әртүрлі табиғи-климаттық және ландшафтылы кең байтақ Қазақ жері ж.с.д. I мыңжылдық бойы жергілікті жағдайға икемделген тиімді шаруашылық-мәдени кешендер, көркемдік эстетикалық құндылықтар мен дүниетанымдық жүйелер қалыптасқан үлкен тарихи орта ретінде болды.

Жетісуда ж.с.д. VIII–II ғасырларда грек-парсы соғысында Ахеменидтік парсы жағында жалдамалы түрде соғысып, Индияға дейін жеткен салт атты садақшы жауынгерлері бар сақтар өмір сүрген.

Қытай деректерінде «Сэ» атауымен кезігетін сақтар кезеңінде Жетісуда ертемемлекеттік құрылым пайда болды. «Мемлекетті» Жаратушының жердегі өкілі – билеуші басқарды, ол елді басқаруымен қатар абыз бен әскери қолбасшы міндетін де қоса атқарды делінеді. Қасиетті саналған билік ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Тәртіп бұзылған жағдайда жерді Қара түнек басады деп сенді.

Сақтарда мемлекеттіліктің бір белгісі – жазуы болды. Оған Есік обасындағы жоғары әлеуметтік санаттағы салтанатты киімді бозбаланың жер «кіндігіндегі» үйінен табылған  әлі күнге дейін құпиясы толық ашылмаған күміс тостағандағы 26 белгі-таңбалы жазу дәлел.

Жетісу сақтарының өнері құрлықтағы көптеген мәдениеттермен шығармашылық байланыста дамығандығы мен айрықша жергілікті шеберлер мектебін қалыптастырғандығын көрсетеді. Сақтардың өздері қола мен мыстың қорыту мен құю техникасын, оған қоса құйма алтынды дайындау техникасын жетік меңгерді [1].

Өлке сақтарының өмірінде Қытай (Цинь және Хань әулеті), Парфия, Кушандық Бактрия, Ахеменидтік Парсы және тағы басқа көрші елдермен жасалған сауда-саттықтың орны ерекше болды. Ұлы Жібек жолына дейін осы өлке арқылы сауданың күре және тармақ ескі жолдары өткен еді.

Жетісу сақ әлеміндегі қола металлургия мен көркемдік құйманың ірі орталықтарының бірі болды. Темірдің өндіріске енуімен өлкеде мысты қорыту өндірісі бірден жойылып кетпеді. Оған сақтардың қоладан жасалған көркем бұйымдары дәлел. Жетісудағы қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуіріне өтер кезеңмен мерзімделетін көмбелердің саны – оннан астам. Олар Іле өзенінің аңғары аумағынан табылды. Ең солтүстіктегісі – Андреев көмбесі. Әр көмбе аса маңызды мәнге ие [2–4].

Археологиялық зерттеулердің қорытындылары өлке сақтарының жартылай көшпелі және жартылай отырықшылықты өмір сүргендігін көрсетті. Таудың биік аңғарларындағы Асы, Шәлкөде, Ойжайлау жайлаулары жазда малға жайылым болса, тау баурайлары күзгі жайылым. Ал Іле, Балқаш, Қаратал, Шу өзендерінің алқаптары қыста таптырмас тебін болды. Іле, Шу, Талас және Қаратал өзендерін бойлай жер шаруашылығы кеңінен дамыды.

Сақтар өзендердің тау шатқалынан шығар беткейі мен өзен аңғарларында тұрғызылған Рахат, Өрікті, Цыганка, Ерменсай, Түзусай және т.б. ірі қалалар мен қоныстарда өмір сүрді. Оған қоса қыстау тәріздес уақытша маусымдық тұрақтары да болған сияқты [5].

Құрылыстың оба тұрғызу дәстүрі кең далада көптеген ғасырлар бойы жүрді. Қазақстан территориясында қола дәуірінің соңынан (ж.с.д. IX ғ.) бастап байлықтың қорлануы мен әлеуметтік теңсіздікке байланысты ірі көлемді обалар пайда бола бастайды. Әр тарихи-мәдени кезеңде белгілі бір себептерге байланысты оның архитектурасы мен көркемдік жағына ерекшеліктер қосылып отырды. Осы дәстүрдің ең бір шарықтап дамыған уақыты – ерте темір дәуіріне тән болса керек. Оба ғұрыптық істер атқарылған күрделі мағыналы кешен болуымен қатар тарихи-археологиялық құнды дерек алар орын. Ежелгі көшпелілердің қорымдарында басқа обалардан қарағанда көлемі мен орналасуы жағынан айрықша көрінетін ірі обалардың орны ерекше. Әр қорым сол дәуірдің айнасы іспетті жергілікті елдің барлық салт-дәстүрін қойнауына алып жатты. Сондықтан да әрбір жерлеу қорымы басқа қорымдардан өзгеше болуы заңды құбылыс. Елді вертикальды басқару, әлеумет пен әскери-саяси құрылыстың жақсы дамуы мен діни-идеологияның мықтылығы ғана мұндай ірі обаларды салуға түрткі болды.

«Патшалық» обалар түсінігіне мемлекет билеушілерінің, тайпалық одақтар мен жеке ру басыларының, әскери жоғары шен өкілдері, абыздар және т.б. жерлеу ескерткіштері жатады. Әдетте жерленген тұлғаның әлеуметтік дәрежесін анықтауда ескерткіштің қорымдағы жоспарлануы мен тұрғызылған орны, табиғи және мәдени ландшафты ерекшеліктері, жер бетіндегі және қабір іші құрылыстарының құрылымдық артықшылықтары, заттай кешеннің сандық және сапалы сипаттаулары, атқарылған ғұрыптық іс-әрекеттердің күрделілігі, жерлеу ескерткішін салуға жұмсалған еңбек шығындары ескеріледі [6].

Хань әулеті кезеңіндегі Қытайда 12,8 м биіктіктегі жерлеу ескерткіші тек императорлық отбасы мүшелеріне ғана салыныпты. Жоғары әулет биіктігі 12,8 м дейін, ал ақсүйектер 4,8 метрден артық емес биіктіктегі жерлеу ескерткіштерін тұрғызыпты [7].

Адамзат мәдениетінің алғашқы қадамын байқасаңыз, қоршаған ортаның әсері қаншама зор болғандығын көресіз. Барлық мәдени білімдердің көне қоры, салттар, тіпті антропологияық түр мен оның әртүрлі діни дүниетанымына байланысты рухани әлемі осы қоршаған ортадан алған білімдеріне, әсерлеріне байланысты дамыды. Оның әсері әр ортада өмір сүрген барлық тіршілік иелеріне өзіндік таңбасын қалдырды. Әр физикалық, географиялық жағдайлар тұрғындардың тарихи тағдырында бейнелі орнын алды.

Обалар тізбегінің салына бастауы сол дәуірдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тікелей байланысты. «Өлілер әлемі» аталатын қорымды салатын жерді таңдағаннан соң ол қасиетті кеңістікті ұйымдастырудың ерте темір дәуірінде екі түрі болды: солтүстіктен оңтүстікке қарай аздап ауытқымалы түрде бір түзу бойына маржандай тізбектеле салыну мен ірі оба маңына дөңгелене, шоғырлана орналасу [8]. Қасиетті «өлілер» кеңістігіне кезекті жерлеу орындарын салуда сол кезеңнің қонысты, тұрақты (тіпті жылжымалы) салу принципі негізге алынуы мүмкін. Ә.Х. Марғұлан айтқандай, жазғы жайлаудағы ел басының үлкен ақ шатырының маңына хотан құра орналасқан ақ үйлердей жоспарлау жерлеу ескерткіштерінің салыну тәртібінде де кезігеді. Тізбектеле салынғанда тізбек солтүстіктен бастап салынуы мүмкін.Ерте сақ кезеңінде тізбектер қысқа болды. Ондағы обалар саны аз және кіші, орташа көлемді үйінділерден тұрды. Дамыған уақытта бірнеше ірі тізбектер үлкен қорымды құрады.

Жетісуда хандық мәртебедегі обалардың саны мен орналасуына қарай төрт ірі өңірді бөлектеп көрсетуге болады. Олар: Іле Алатауының солтүстік беткейлері (Қордай асуынан Шелек өзеніне дейінгі аралық), Кеген өзенінің аңғары, Іле өзенінің аңғары және Жетісу (Жоңғар) Алатауының беткейлері (Текеліден Алакөлге дейінгі аралық).   

Іле Алатауының солтүстік беткейлері мен Іле аңғары – сақтардың беделді әулеті орналасқан және олардың ғибадатханаларының салынуына таңдалынып алынған жерлері. Мұнда бір жағынан абыз рөлін атқарған басшыларының қабірлері де болды [9]. Іле Алатауының солтүстік баурайынан Қастек, Қарақастек, Қарғалы, Шамалған, Қаскелең, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы, Талғар, Есік, Түрген, Қаратүрік және т.б. ұсақ өзендер бастау алады.

Аталған өңірдегі билеушілердің жерлеу құрылымдарындағы кешенді зерттеу жұмыстары 2008 жылдан қазақ-герман біріккен экспедициясының Шелек өзені аңғарындағы Жуантөбе обаларын зерттеуімен басталды. Нәтижесінде қорымдағы ең ірі обаның (диаметрі 113 м, биіктігі 11 м) маңындағы ғұрыптық қоршаулар мен жерлеу орындары зерттелінген-ді [10]. Ал Алакөл ойпаты мен Жоңғар Алатауының маңындағы хан шатырлары жайлы деректер аз. Дегенмен соңғы жылдары даярланған Алматы облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағындағы мағлұматтар осы олқылықтың орнын толықтыруға көмектеседі. Жоңғар Алатауындағы соңғы зерттеулерге Ойжайлау обаларындағы проф. Ә.Т. Төлеубаевтың бастамасымен жасалынған қазбаларды айтуға болады.

Ежелгі тұрғындардың түсінігі бойынша, обалар адамның о дүниеге өтердегі уақытша тұрағы, ал артында қалған жұрты үшін жоғарыдағы беймәлім күш, рухтармен әртүрлі ғұрыптық жосындар атқару арқылы тіл табысатын орын. Обалар бұл дүниеден қайтқан, сол қоғамдағы саяси-әлеуметтік құрылымның тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі болған тұлғаға деген құрметтің белгісі ретінде, болмысын ұрпақтары әспеттеп өтуі үшін салынды.

Ерте кезеңдегі сақтардың жер бетіндегі құрылымдары пирамида (Шілікті, Майемер, Бесшатыр, Қарқара) немесе дөңгелек (күмбезді немесе киіз үй тәрізді) пішінді (Желдіөзек, Нүркен 2) болып келеді. Жетісудың әрбір элитарлық обасы архитектуралық ескерткіш ретінде сыртқы құрылысы жағынан конус сияқты тас пен топырақ аралас келген оңдаған қабаттан тұрады. Жерлеу құрылысының айналасындағы құрылысты қоршай салынған  тас «белдеулер» «Өлілер әлемін» «Тірілер әлемінен» арнайы шекара сызығы арқылы бөліп тұрғандай.  

Өлкедегі жақсы зерттелген, ханның бес шатырындай алыстан көрінетін, ж.с.д.  VI–V ғасырлармен мерзімделетін Бесшатыр обалары осы өлке тұрғындарының жер бетіндегі жерлеу құрылысының көне түрі [11]. Алдын-ала дайындалған бөренелерді өте жақсы жымдастыра көлденең салып, ішіне топырақ түспес, дымқыл тартпас үшін үстінен қамыс, киіз төсеген. Барлық атқарылған істер өлілердің ағаш үйлерін мәңгілікке сақтауға арналған. Қиюласпайтын камера қабырғаларын ішінен, сыртынан да ұстап тұрған тік бөренелер Беғазыдағы тік плиталардың орнын алмастырып тұр. Үлкен Бесшатыр оба үйіндісінің шығысындағы дөңгелене келген 94 ірі тас менгир мен диаметрлері екі-үш метр ғұрыптық менгир-қоршаулар сынды оба маңындағы құрылыстар Жетісуда әлі ашылмаған. Күмбез тәрізді төбелі, әр жерде шырақтар қойылған орындары бар, биіктігі 1,1–1,68 м, ені 0,75–0,8 м болатын Бесшатыр обаларындағы (үлкен оба, № 3, № 4 және № 6 оба) жер асты жолдары жерлеу ғұрпымен тікелей байланысты [12]. Сақталу диаметрі 105 м, биіктігі 17 м болатын Үлкен Бесшатыр обасын тұрғызуға орташа есеппен 40 мың адам күні қажет екен.

Соңғы жылдары Жетісу өлкесінде әлеуметтік дәрежесі орта және жоғары топ өкілдерінің Жуантөбе, Ұлжан, Байтерек (Ново-Алексеевка), Қарқара және Түрген обалары зерттелінді.  Ж.с.д. VI–V ғасырлармен мерзімделетін, Тәңіртаудың солтүстік беткейінде орналасқан Қарқара жерлеу-ғұрыптық кешеніең ірі өкілінің бірі саналады. Кешен жер бетіндегі құрылымнан, үйінді шетіндегі (ж.с.д. II–I ғғ. мерзімделетін 41 жерлеу және ғұрыптық орындары, тас қоршау, ор) және оба сыртындағы құрылыстардан тұрады. Кешеннің жалпы көлемі 125,74 м (шығыс-батыс) × 127,51 м (солтүстік-оңтүстік). Бетін шым басқан, Жер бетіндегі құрылыстың диаметрі 52,11 м (шығыс-батыс) × 53,13 м (солтүстік-оңтүстік), сақталу биіктігі – 4,8 м [13].

Сақтардың мәдени кешенінің қалыптасуының алғашқы кезеңін сипаттауда Жалаулы көмбесінің алар орны ерекше. Көмбедегі алтын бұйымдар (250 данадан аса) аң стилінде жасалған салтанатты киінген сақ киімінің әшекейлері мен оның қанаты – тұлпарының әбзелдері. Жалаулы көмбесінен табылған заттар Кеген аңғарындағы екі жүзден астам «патшалық» обаларды тонау барысында табылған заттар жиынтығы болуы әбден мүмкін. К. Ақышев айтқандай, «Орталық Азия үшін ең сирек олжаға бет жағында архардың мүсіні мен зерленген жарты ай тәріздес мойын әшекейі жатады» [14].

Ж.с.д. Iмыңжылдықтың ортасынан бастап обалардың орналасу реті мен салынуында арнайы дәстүр қалыптасады. Жер бетіндегі құрылымдар бірнеше сатыда (3–12) кезектесе салынады және соңында пирамида (Қатартөбе, Ново-Алексеевка (Бәйтерек), Жуантөбе, Түрген) және дөңгелек пішінге (Боралдай, Ұлжан) ие болды. Салынудың әр сатысында саз және өзеннің жұмыртастарының бір-екі қатары кезектесіп қаланды. 

Алматы қаласының түбіндегі ерекше террасада орналасқан 52 обалы Боралдай қорымында солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған негізгі екі тізбек бар. Оңтүстік тізбекте ірі обалар шоғыры басым. Ең ірі № 16 обаның айналасында тас құрбандық шалу орындары байқалады.

Түрген, Жуантөбе және Боралдай оба үйінділерінің шетінде ірі жұмыртастардан тас «белдеулер» мен ғұрыптық қоршаулар жасалынған. Оған қоса қорым кеңістігінде ғұрыптық қола бұйымдар (Түрген шырағданы тәрізді) да кезігеді.

Ірі обалардың айналасында қазан көтеріліп, от жағылып, малдың еті асылып құрбандық шалған орындар болған тәрізді. Оған ірі обалар айналасынан, аз тереңдіктен сақ мәдениетінің бірегей көркем бұйымдары – құрбандық тақталарының, шырағдандар мен қола қазандардың табылып жатуы дәлел. Оба маңында, не ғибадат ету орындарында арнайы уақытта рәсімдер орындалған сынды. Ал ғұрыптық рәсімдер орындаған бұйымдарды төңкеріп, уақытша қалдырып кетіп отырғандай.

Қазан – ошақ культінің ажырамас бөлшегі. Ол билік, бірлік нышаны болды, байлықтың өлшемі еді. Көмбелердегі қазандардың санына қарай ғибадатхананың сипаты, рудан тайпаға дейінгі, тіпті мемлекеттік иерархиясы жайлы ақпарат алуға болады. Шырағдандардың сакральды мәнде болғандығы мен ғұрыптық атрибут ретінде пайдаланылғандығын шырағданның ернеулеріндегі жануарлар мүсіндері, ортадағы көрініс, шам жағатын шырақтың болуы айғақтайды [15].

Қоршаған табиғи ортамен күнделікті қарым-қатынаста жүрген ежелгі адамның әлем жайлы ойы қияли болды. Кейбір жасаған заттары да жасырын сырларға толы. Оны ежелгі көшпелілердің заттарға бейнелеген қияли, жан-жануарлар кейіпкерлеріне қарай отырып айтамыз. Олар өздерін қоршап тұрған тау, су және өсімдіктерді емес, тек хайуандарды бейнелеген. Заттың қолдану аясына оның түрі, өрнегі үйлесіп жатады және бір болмысты беріп тұрды.

Егерде жерлеу ғұрпына шебер затты арнайы дайындаса, қабірдегі әр заттың өз «тілі» болды, ал өлген адамға қатысты заттар кешендерінде бір мағыналық код жатты. Әр заттағы ақпараттық мән-мағына оған салынған өрнек-бедер, аң стилдерінде көрініс тапты. 

Іле Алатауының етегіндегі Рахат, Өрікті сынды қалалары мен екі жүзден астам обалы ірі жерлеу қорымы бар Есік аймағы келесі мерзімдік кезеңді қамтиды. Есік қорымындағы жоспарлануы бойынша орташа топты құрайтын обадан табылған салт аттының «алтын киімі» магиялық қорғаныс күшін беретін күн түстес болып келеді.

Өлген адам қойылған қабірдің ішіндегі, не үйінді астындағы заттар сол адамның өмірінде пайдаланған, не өлерінде жасалған, не оның даңқ-құрметіне орай кезінде сыйланған құнды бұйымдары болуы мүмкін. Оған қоса құнды, не көп қойылған заттармен бірге ыдыстардағы құйылған сусын, салынған тағамдар өлген адамға емес, ол баратын әлемнің құдайларына, ата-бабаларына арналып қойылса керек. Бақилық болған адам жанына қойылған заттарды өмірінде пайдаланған, жерлеуге таңдап алынған өмірлік және өлгенінен кейін арнайы жасалған жерлеу заттарына бөледі. Адам жанына қойылатын заттар таңдалып алынғаннан кейін олар рухани танымға сай жерлеу құрылысында орнымен қойылды.

Қорытқанда, Сақ пен үйсін мемлекеттік бірлестіктері Цинь және Хань әулеттері билік еткен Қытаймен терезесі тең саяси, экономикалық қатынаста болған. Ши хуанди императордың құрметіне тірі кезінде салына бастаған мавзолейі мен оның аумағын ұйымдастыруда негізге алынған дүниетанымдық түсініктер де ортақтық көп.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Акишев К. Курган Иссык: ритуал, искусство и социум // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов степной Евразии. – Караганды, 2011. – С. 44.

2.  Культура ранних кочевников Казахстана: археологическая коллекция. Научный каталог. – Алматы, 2009. – С. 60-61, 68, 301-321.

3.  Максимова А.Г. Предметы эпохи ранних кочевников в Центральном Музее Казахстана (г. Алма-ата) // Труды Института истории, археологии и этнографии АН КазССР. – Алма-Ата, 1956. – Т.1. – С. 254-257.

4.  Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины р. Или. – Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1969. – С. 105-113; 25–88. 

5.  Chang C., Tourtellotte P., Baipakov K.M., Grigoryev F.P. The evolution of steppe communities from the bronze age through medieval periods in Southeastern Kazakhstan (Zhetysu). – Sweet-Briar-Almaty, 2002.

6.  Оңғарұлы А. «Патшалық оба» түсінігі хақында // Қазақ ордасы.  – 2003. - № 1-2.– 12–16 бб. 

7.  Терехова Н.Н. Погребальная конструкция эпохи Хань в Китае // Советская археология. – 1959. –№ 3. – С. 28–47.

8.  Онгар А. К изучению мегаструктуры цепочек курганов ранних кочевников // Культурология и история древних и современных обществ Сибири и Дальнего Востока. - Омск, 2002. – С. 345-347.

9.  Самашев З., Григорьев Ф., Джумабекова Г. Древности Алматы. – Алматы: КазИздат КТ, 2005. – С. 178–187.

10.  Самашев З., Наглер А., Парцингер Г., Наврот М. Совместные германо-казахстанские исследования больших сакских курганов Семиречья // Пятая Кубанская археологическая конференция. – Материалы конференции. – Краснодар, 2009. – С. 350–352.

11.  Культура саков и усуней Казахстана в археологических коллекциях Центрального государственного музея Республики Казахстан. – Алматы: «Онер», 2011. – С. 308.

12.  Акишев К.А. Саки Семиречья (по материалам Илийской экспедиции 1954, 1957 гг.) // Труды Института истории, археологии и этнографии АН КазССР. – Алма-Ата, 1959. – Т.7. – С. 205. 

13.  Онгар А. Киясбек Г., Хасенова Б., Бесетаев Б., Кожахметов Б.Новые результаты исследования погребально-поминального комплекса Каркара (по материалам раскопок 2012–2014 гг.)// Всадники Великой Степи: традиции и новации. – Астана, 2014. – С. 29–58.

14.   Акишев К.А. Древние и средневековые государства на территории Казахстана (этюды исследования). – Алматы, 2013. – С. 49. 

15.  Джумабекова Г.С., Базарбаева Г.А. Художественные бронзы Жетысу.- Алматы, 2013. – С. 47.

Акан Онгарулы

НИИ «Халық қазынасы» Национального музея РК, руководитель, к.и.н.

Астана, Казахстан

Аннотация: Край Семи Рек – Жетысу – «золотая колыбель» Казахской земли. В этом регионе в VIII–IIвв. до н.э. жили саки, которые воевали на стороне персов в греко-персидских войнах и дошли до Индии. Наемные конные лучники саков составляли ударную часть кавалерии Ахеменидской Персии. В Жетысу во времена саков (саки в китайских источниках встречается под именем «Сэ») существовало раннегосударственное объединение. Во главе «государства» стоял верховный правитель. Власть сохранялась в одном роду или племени. Они правили «по воле богов» и поэтому правители саков одновременно исполняли и роль военных начальников, верховных жрецов. 

Курганы в понятии древних номадов являются местом перехода человека в инобытие, а для сородичей – местом проведения различных ритуалов, ритуально-обрядовых мистерий, связанных с общением с духами и высшими божествами. У разных населения существовали определенные запреты, правила и нормы поведения, связанные с посещением некрополей как священных мест.

Возле больших курганов были места жертвоприношения со следами костров и тризн, также атрибутами культа (алтари, жертвенные столы, курильницы и котлы). У саков существовали определенные запреты, правила и нормы поведения, связанные с посещением некрополей как священных мест.

Месторасположение «царских» курганов, их конструктивные особенности, монументальность и предметный комплекс погребений находятся в тесной взаимосвязи друг с другом. Они показывают уровень развития строительного дела у кочевников, их отношение к вопросу жизни и смерти, сложность ритуально-обрядовой практики. Кроме того, принципиальное сходство некоторых конструктивных характеристик погребальных сооружений юго-восточного Казахстана указывает на глубинные связи населения эпохи ранних кочевников, единство религиозных и идеологических установок. 

Ключевые слова: Жетысу, саки, государственность, большие курганы, мировоззрение, околокурганное пространство, казан, ритуалы.

Аkhan Onggaruly

Research institute of the National heritage National museum of the republic of Kazakhstan,

head,candidate historical sciense

Astana, Kazakhstan

Abstract:The region of Seven Rivers – Zhetysu – "the cradle of gold" in the Kazakh land. In this region in the VIII–II centuries BC lived Saks, who fought on the side of the Persians in the Greco-Persian wars and reached India.

In Zhetysu in the days of the Sak’ (Saks in Chinese sources is found under the name "Se") existed early state association. At the head of "state" was the Supreme ruler. The power remained in the same family or tribe and was scared. They ruled "by the will of the gods" and therefore the Sak rulers also played the role of the military chiefs, the high priests.

Mounds in the notion of ancient nomads are the transition place for a person to otherness, and for kinsmen it is the place for carrying out various rituals, ritual-ceremonial mysteries connected with communication with spirits and higher godhoods. Different nations had certain prohibitions, rules and norms of conduct associated with visiting necropolises as sacred places.

Near the big mounds there were places of sacrifice with traces of fires and threats, as well as attributes of the cult (altars, sacrificial tables, censers and boilers). The Saks had certain prohibitions, rules and norms of conduct connected with visiting necropolises as sacred places.

The location of the "royal" burial mounds, their constructive features, monumentality and the object burial complex are in close interrelation with each other. They show the level of development of the construction business for nomads, their attitude to the issue of life and death, the complexity of ritual and ritual practice. In addition, the fundamental similarity of some constructive characteristics of the funerary structures of southeastern Kazakhstan indicates the deep connections of the nation of the era of the early nomads, the unity of religious and ideological attitudes.

Keywords: Zhetysu, Saka, state association, big mounds, ideology, near-burial space, cauldron, rituals.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 5123

No reviews

Download files

Текст_каз.docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны «ЕСІК» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ ҚОРЫНДАҒЫ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ӘОЖ 398 (574) КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДАҒЫ БИЛЕУШІ БЕЙНЕСІНІҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

Author's articles

Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны