Яндекс.Метрика
Home » Materials » Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда

Оразов Р.Е.

Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: Түркістан, Австро-Венгр, Неміс, Әскер, Соғыс, тұтқындары, Соғыс, өлкесі, Жетісу
Author:
Мақалада 1915 жылы Жетісу жерінде әскери тұтқында болған неміс және австро-венгрия әскерлерінің жол жөндеу жұмыстарына тартылуы мұрағат құжаттары негізінде жазылып, олардың құжаттарда сақталған фото суреттері алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр.
Text:

Биыл адамзат тарихындағы алапат соғыстардың бірі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына ғасыр толып отыр. ХХ ғасыр басындағы осы соғыс өрті-де Қазақстанды айалып өткен жоқ. Соғыс ауртпалығы ел экономикасына да өз ауртпалығын әкелді.

Ресейдің дүниежүзілік империалистік соғысқа тартылуы, Қазақстан халқының жағдайына ауыр соққы болып тиді, салықтардың мөлшері арттырылды. Қазақ халқына «өз еріктерімен қаржы жинау», мемлекеттік заемдарды күштеп жаздыру және соғыс салығы түріндегі барлығы 10-ға жуық әр түрлі салықтар мен баж салығын төлеу міндеттелді. Қазақ халқының жерлерін тартып алу, соғыс қажеті үшін киімдерін, малын және азық-түліктік өнімдерін мемлекет керегіне еріксіз алу жалғасып жатты, соғыс жүктерін (негізінен астықты) теміржол станцаларына жеткізу үшін олардың көлік күштерін өздерінің ықтиярынсыз жұмылдырды.

Соғыс уақытында Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе тасып әкетілді. Тек Жетісудан ғана 1914 жылы 34 млн. сомның малдары мен мал шаруашылығы өнімдері тасып шығарылды. Әскерге алынғандардың жанұясына көмек көpceтy желеуімен еңбек ету міндеті енгізілді, яғни қазақтар жұмыс күші ретінде қоныс аударған деревнялардың жерлерін жыртып, тұқымын сеуіп және өнімін жинап беруге тиісті болды. Соғыс жылдарында егістік көлемі, мал саны қысқарып кетті, ұлттық-отарлық езгі күшейе түсті. Патша әкімшілігі шовинистік ұрандар тастап, ұлтаралық араздықты әдейі ушықтырды, қоныс аударғандардың басшы топтарын қаруландырып отырды [1, с. 628].

1914 жылы 19 шілде-де (1 тамызда) басталған бірінші дүниежүзілік соғыс төрт жыл үш жарым айға созылды. Соғысқа 38 мемлекет қатысып, соғысушы елдердің 10 миллион адамы қаза тауып, 20 миллион адамы мүгедек болып қалды. Бірінші дүние жүзілік соғыста орыстар қолына неміс, австро-венгер және түрік әскерлерінен тұтқынға түскен 2,3 млн. солдаттар мен офицерлері болды. Оның 2,1 млн. Австро-Венгрияның әскери қызметкерлері еді.

Ресей әскерінің Бас штабының орналастырып бөлуіне орай немістер мен венгр тұтқындары румындар мен славян тұтқындарға қарағанда сенімді болып, олар Сібірге, Қиыр Шығыс пен Түркістан өлкелеріне жіберілді. Тұтқындар аталған өлкелерде жол, темір жол жөндеу жұмыстары мен қатар басқа да ауыр жұмыстарға жегілген болатын. Соғыс жүргізудің ережелерін және тұтқындардың құқықтарын белгілеген халықаралық келісімдер ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ жасала бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысушы елдердің барлығының (соның ішінде патшалық Ресейдің де) тұтқындарға қатысты саясаты 1907 жылғы Гаага келісіміне негізделді [2, с. 55].

Соғыс тұтқындарының алғашқы тобы Батыс Сібірге, Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарына 1914 жылдың тамызында келді, олардың арасында Австрия-Венгрия азаматтары көп болды. 1915 жылы көктемдегі мәліметтерге қарағанда Түркістан әскери округінде 139374 төменгі әскери шендегі және 1882 офицер орналастырылған [2, с. 651].

Соғыстың бастапқы кезеңінде яғни 1915 жылдың көктеміне дейін соғыс тұтқындарын қабылдау және орналастыру үшін арнаулы лагерьлер құрылмаған болатын. Сондықтан да алғашқы соғыс айларында әскери тұтқындарды қабылдайтын арнайы мекеме тіпті оларды уақытша болса да орналастыратын казарманың болмауы жағдайды біршама күрделендірді. Әскери тұтқындарды шығыс аудандарға, соның ішінде майданнан шалғай орналасқан қазақ өлкесіне қоныстандыруы, орыс әскерінің Бас штабының және үкіметтің майданға жақын аймақтағы елден соғыста болып жатқан шындықты жасыруға тырысуымен-де түсіндіріледі.

Екінші жағынан: патша үкіметі әскери тұтқындардың жергілікті өлке тұрғындарымен жақындасуынан да қорқып, қазақтардан, жергілікті орыс тұрғындарынан оларды алшақ ұстауға тырысты. Әскери тұтқындардың басым көпшілігінің 97,8%-інің қатардағы әлеуметтік топтан шығуы отаршылдық жергілікті әкімшілікті қатты састырды [3, 436-п.].

Полицейлік бақылау күштері әскери тұтқындарды мейлінше халықтан жекелеп ұстауға тырысса да, әр түрлі ұлттардан тұрған жергілікті халық тұтқындар арқылы майдандағы жаңалықтарды білуге тырысты. Біртіндеп саяси жағдайдың революциялық бағытта дамуымен әскери тұтқындар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қарым-қатынас та сенімді мазмұн ала бастады. Осындай бағыттың тереңдеуіне әсер еткен әскери тұтқындардың шаруашылық салаларына тартыла бастауы болды.

Түркістан өлкесіне жіберілген соғыс тұтқындарының алғашқы партиясы, шамамен 100-дей немістер мен австриялықтар Ташкент уезіндегі қоныс аудару мекемесінде ауыр емес топографтық жұмыстарға тартылды. Соғыс тұтқындарының бір бөлігі 1915 жылы Жетісу облысындағы жол жұмыстарына тартылды. Жетісу қоныс аудару басқармасының есебінде соғыс тұтқындары Пішпек уезіндегі Георгиев-Архангельск бағытындағы жол жұмыстары мен Верный уезіндегі Павлов-Қордай мен Татьяновка-Сергеевка бағытындағы жол жұмыстарына жегіледі.

c9f221be71767f706615df603a9f8abb.jpg

Ырғайты өзенінің үстіне көпір салу сәті (Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Қоныс аудару басқармасы өз есебінде: 15 шілде-де соғыс сұтқындарын жол жұмыстарына пайдалану туралы рұқсат қағазын алдым. Соғыс тұтқындарын 22 шілдеде Пішпек уезіндегі жол жұмыстарына пайдалану туралы бұйрық шығарылды. Соғыс тұтқындары 27 шілдеде Пішпекке келді, оларды Пішпектен 50 шақырым жердегі жұмыс орына жеткізу белгіленді. Бірақ та оларға қажетті құрал-саймандарды Пішпектен таппағандықтан құралдарды Верныйдан алуға тура келді. Өйткені ат арбалар мен құралдар Верныйда 10–15 пайызға арзанға түсті деп жазады [3, 436-п.].

Сонымен қатар жұмысқа арналған құрал саймандар жатын орындар жылжымалы асхана, нан пісіретін пештер, қазандар болмағандықтан қиындықтар туғызды. Пішпек уезінің әскери бастығы әскери казармаларды босатып, соғыс тұтқындарын екі партиямен қабылдады. Бірінші партия 27 шілдеде 100 соғыс тұтқынын қабылдаса, екінші партия 1 тамызда 300 соғыс тұтқынын қабылдады. Соғыс тұтқындары алдымен медициналық тексеруден өткізіліп, олардың киім-кешектерінің тозғандығы анықталады. Жергілікті бригада бастығының 22-ші нұсқауы бойынша соғыс тұтқындарына мундир, шинель, бас киім, етік, жейде, іш киім, шылғау, бет орамалдары мен сүлгілері болуы қажет еді. Бірақта жергілікті биліктің соғыс тұтқындарына мұндай киім беру мүмкіндігі болмады.

Осы жылдары Түркістан өлкесінің генерал-губернаторының бекіткен инструкциясында жұмыс беруші әрбір соғыс тұтқына жұмыс істеген әр күніне 15 тиыннан, ақша төлеуі тиіс еді. Осы, ақшаға соғыс тұтқындарына қажетті киім-кешекті алу міндеттелінді. Осы инструкцияға сәйкес соғыс тұтқындарын күзететін, аға айдауылға 30 тиыннан, ақша бөлінсін делінген.

Осы сумадан: бас айдаушыға 25 тиын, қалғандарына 20 тиыннан, қалған 10 тиын уездік әскери бастыққа апта сайын бөлініп отырады. Әкімшілік соғыс тұтқындарының жұмысын қадағалау үшін жұмыс беруші әр күні партиядағы 50 адамнан 10 тиыннан, ал 100 адамнан 7 тиыннан, 100 адамнан жоғары соғыс тұтқындарынан 5 тиыннан бөлініп отырды. Жол жөндеу жұмыстарына 500 адамның орнына 400 соғыс тұтқыны қабылданды. Қалған 100 адамның науқастығы мен киімінің жоқтығына байланысты жұмысқа қабылданбады [3, 437-п.].

Пішпектен 50 шақырым жерде орналасқан жұмыс орнына соғыс тұтқындары екі партиямен аттанды. Бірінші партия 29 шілдеде 100 адам 5 қарауылмен аттанды. Оларға жүктелген міндет асхана, нан пісіретін пештер, ұстахана, ат қора, жылжымалы емхана салу тапсырылды. Екінші партия 1 тамызда 300 адамнан тұрып, оларды 16 қарауылмен аттандырылды.

d4aea9ac5b43b6d8aa314969635c7af5.jpg

Тұтқындағы неміс әскерінің жер бұрғылаушылары 1915 жылғы 24 қыркүйек
(Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

59fc22648eb5a32717eb85d214146c64.jpg

Тұтқын неміс, ағаш шеберлері 1915 жылғы 24 қыркүйек
(Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Жұмыс басталмай тұрып әр соғыс тұтқынының еңбек кітатапшасына азаматтығы, ұлты, бұрын жасаған жұмысы жазылды. Сонда анықталғаны неміс әскерін құрап отырғандың негізі 23 адам, қалған 377 адам австрия әскерінде қызмет еткендігі анықталды. Оларды ұлтына қарай бөлгенде: еврейлер 141, орыстар 80, румындар 53, мадиярлар (венгер) 48, поляктар 4, түріктер 6, италяндықтар 4 және чехтар 1. Барлық әскери тұтқындарды мамандығына қарай бөлгенде: зиялылары (заңгер, түрлі мекемелерде істеген шенеуліктер) — 67 адам, музыканттары — 8 адам, түрлі мамандық иелері (саудагер және т.б.) — 140 адам, түрлі цех мастерлері — 75 адам, жер шаруашылығы мен бау-бақшада істегендер — 90 адам, қара жұмыста істегендері — 20 адам [3, 438-п.].

d60827c46591adc825df6d584d16f35d.jpg

Нан пісіретін және сақтайтын орын 1915 жылғы 24 қыркүйек
(Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Осы мәліметтерге қарай отырып, соғыс тұтқындарының 60 пайызы қара жұмысқа бейімделмгені байқалды. Еврейлердің көпшілігі санитарлар болған, олардың кейбіреулері мүлдем сауатсыз болды. Барлық соғыс тұтқындары 4 жұмысшы тобына бөлінді. Әр топтың өз аспазы мен көмекшісі, әр жүздіктің артел бастығы, оларға бір ат арба мен арбашы бөлінді.Олар орталық қоймадан жұмысшыларға азық-түлік жеткізіп отырды. Әр жүз адамды үш мамандыққа бөлді, тасқалаушылар, ағаш ұсталары және жер қазушылар. Кейбір жүздіктер 4 взводқа бөлінді.

Әр взводта 1 айдауыл болды. Осы жүздіктерге қосымша жалпы құрама топта жасақталды. Олар темір ұсталары, ағаш ұсталары, қоймашылар, аспаздар, киім тігушілер, етікшілер, атбегілер, фельдшер және санитарлар. Әр жүздіктің асханасында 100 адамға 1 қазан 14 шелек борщқа, 1 қазан 4 шелек ботқаға, 1 термос 12 шелек қайнатылған шайға, 2 бөшке 8 шелек сыйатын қайнаған суға, дайын пісірілген тамаққа арналған 8 бөшке арналған ыдыспен қамтамасыз етелген. Сонымен қатар асханада стол, тақтайлар, пышақтар, балта, ара, таразы және тамаққа арналған қаптар болды [3, 439-п.].

Соғыс тұтқындары взводтарға бөлініп жаз айларында палаткаларда, ал суық келгенде киіз үйлер мен салынған үйлерде тұрды. Айдауылдар тұтқындардан бөлек палаткаларда тұрды.

4ab5507ae1e8528a0531e107f408f4a8.jpg

Тозған қазақ мектебінде уақытша соғыс тұтқындары 1915 жылғы 24 қыркүйек (Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Дегенмен-де оларда соғыс тұтқындары сыйақты жағдайда болды. Соғыс тұтқындары ауырған жағдайда далалық жылжымалы емханаларға жатқызылды. Науқастардың жағдайы ауыр болған жағдайда оларды Пішпекке әскери ауыруханаларға жөнелтілді. Жұқпалы ауруларға арналған екі киіз болды.

7cfd0f45b9a7d095d4c8fa7960a3e636.jpg

Соғыс тұтқындары емделген емхана киіз үй 1915 жылғы 24 қыркүйек
(Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Соғыс тұтқындары жергілікті ауа райына бейімделмегендіктен безгекпен көп ауырды. Оны мына кестеден байқауға болады [3, 442-п.]:

Ауру түрлері айлар
тамыз қыркүйек қазан қараша
1 Безгек 12 18 5 -
2 Тұмау 13 9 1 -
3 Сүзек 2 - - -
4 Дизентерия 1 - - -
5 Ревматизм 9 12 1 -
6 Көз ауруы 3 1 - -
7 Барлығы 40 40 7 -

Жұмыс мерзімінде 87 адам аурған. Оның 65 далалық емханада сауығып жұмысқа шықса. Қалған 22 адам Пішпек емханасына жеткізіліп, олардың 21 сауығып, 1 өлген. Соғыс тұтқындарынының еміне 1 адамға 80 тиыннан қаржы бөлінген.

Соғыс тұтқындарының киім кешегінің оның ішінде аяқ киімнің жоқтығынан қыркүйек айының соңында палаткадан киіз үйлерге көшіріп от жағуға тура келген. Қазан айының соңында 97 соғыс тұтқынының аяқ киімінің жоқтығына байланысты 97 адамды Пішпек қаласына унтер офицердің басшылығымен жібереді.14 қазанда екінші топ 161 адам жұмысты тоқтатып қалаға қайтарылды. Қалған 95 адам жұмысты аяқтау үшін қалдырылды [3, 443-п.].

6c850e3bb148b86f64adb0323434916b.jpg

Қарасу өзенінің үстіне соғыс тұтқындарының салған көпір
(Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Осы жылы соғыс тұтқындарының арасында ешқандай ереуілдер мен бас көтерулер орын алмаған. Соғыс тұтқындарына жергілікті қазақтар мен орыстардың көзқарасы жақсы болды. Соғыс тұтқындарының күшімен 70 шақырым жаңа жол салынып, 42 шақырым жол жөнделді. Олардың күшімен 9 көпір, ағаштан, 7 көпір тастан тұрғызылды. Соғыс тұтқындарына 26 070 рубл жұмсалса, ал әскери қарауылдарға 9 675 сом қаржы жұмсалған. Жол жөндеу жұмыстарына көткен қаржы 16 395 рубл болса, 1 шақырым жолды жөндеуге шамамен 400 рубл, ақша жаратылды [3, 443-п.].

ffed5a1936298b078a464789bca2ddd4.jpg

Соғыс тұтқындарын Ташкентке аттандыру сәті (Сурет ҚР ОММ. 19 қор. 1- тізбе, 534-істен алынды)

Жетісу қоныс аудару басқармасының басшысы Жетісу облыстық әскери губернаторына жолдаған есебінде мына мәселелерді алға тартты. Жұмыс күші жетіспеген кезде соғыс тұтқындарын пайлананға тиімді: бірақ онда ескерер жайт мыналар топтарды құраған кезде еврейлер мен зиялы қауымды алмаған жөн. Өйткені олар қара жұмысқа жарамсыз. Үлкен партияларды алмаған дұрыс деп көрсетті.

Сонымен қатар Жетісу облысы Қытаймен шекаралас болғандықтан мұнда соғыс тұтқындарын ұзақ ұстмауға тырысты. 1915 жылдың қараша айында соғыс тұтқындарын Ташкентке аттандырады. 1916 жылы Түркістан өлкесінде соғыс тұтқындарының саны 200 мыңнан астам адамды құрады. 1917 жылдың қыркүйек айындағы мәліметтер бойынша Түркістан өлкесінде 41285 әскери тұтқын ғана тіркелген, оның 1764 офицер, 39 521 солдаттар болды [2, с. 651]. Соғыс жылдары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарының қазақ жеріне әкелінуі өлкенің қоғамдық — саяси жағдайына әсер етті.Түркістан өлкесі мен Жетісудағы соғыс тұтқындарының тарихы арнайы зертеуді қажет ететін тақырыптардың бірі.

Резюме
В статье на основе архивных документов излагается участие немецких и австро-венгерских военнопленных в дорожных работах в Семиреченском крае в 1915 г., впервые вводится в научный оборот фотографии, сохранившиеся в архивных фондах.

Abstract
In this paper the author narrated about the participation of German and Austro-Hungarian prisoners of war in the road building in Semirech’ye province in 1915 (basing on archives materials.) At that some the photos from the archives funds are introduced to scientific turn for the first time.

Пайдаланылған деректер

1 История Казахстана с древнейших времен до наших дней в пяти томах. Т. 3. — Алматы: «Атамұра», 2000. 766 с.
2 Военно-историческая антропология. Ежегодник 2002. Предмет, задачи, перспективы развития. — Москав: «РОССПЭН», 2002. 400 с.
3 ҚР ОММ. 19-қ., 1-т., 534-іс.

No comments

To leave comment you must enter or register