Яндекс.Метрика
Home » Materials » УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері

Болат Сайлан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.

УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(08)

Tags: орден, жауынгер, офицер, қолбасшы, Соғыс, батыр, қазақ
Author:
1941-1945 жж. КСРО мен Герман фашизмі арасындағы соғыс халықты қатал сынаған соғыс болды. Бұл соғысқа Қазақстаннан аттанған аталарымыз бен апаларымыз барлық майдан шептерінде жанқиярлық танытты. Сол майдандардың бірі Украинаны фашист басқыншыларынан азат ету еді. Майданға шақырылған 1,2 млн қазақстандықтың 600 мыңы тікелей Украинаны азат ету ұрыстарына қатысты. Оның 300 мыңы украин жерінде көз жұмды. Украина территориясындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты. Мақаланың негізгі мақсаты осы шайқастардың ішіндегі Украинаны фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан қазақстандық әскери құрамалар мен жауынгерлердің ерліктерін мадақтау. Украина жерін жау әскерінен тазарту жолындағы әскери операциялар барысындағы қазақстандықтардың есімдерін, өжеттілігі мен батырлығын дәріптеу.
Text:

Өткен 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдығын атап өтті. Бұл соғыс қанша уақыт өтседе тарих бетінен әлі түскен жоқ. Өйткені бұл соғыстың кейбір көмулі қырлары кейінгі кезде ашылып жатса, кейбір жауынгерлеріміздің жерленген жері мен қабірлері әлі де анықталып жатыр. Бұл соғыстағы жан-алысып, жан беріскен шайқастың бірі Украина жерін азат ету еді. Осы елді фашистік басқыншылардан босатуда қазақстандықтар ерен ерліктер көрсетті.

Украинаның батыс облыстарында фашист басқыншылары үш жыл бойы қожалық етті. Халық үш жыл бойы рақымсыз езіп жаншуды бастан кешірді. Фашистік басқыншылар оқтың күші, найзаның ұшымен украин халқын құрдай жорғалатпақшы болды. Ежелгі Украин жерін ешқандай жазықсыз жандардың қанымен бояды. Тек Львовтың өзінде және облысында 700 мыңдай кеңес адамдарын қырып жіберді.

Міне осындай ауыр жағдай кезінде 1944 жылдың жаз-күз айларында КСРО-ның Жоғары Бас қолбасшылық (ЖБҚ) ставкасы Батыс Украинаның маңайындағы аудандарға шабуыл жасаумен бастауды шешті. Ол операцияға қазақстандық 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мен Жоғарғы Бас қолбасшылық (ЖБҚ) резервінің 173-ші зеңбірек (гаубица) артполкіқатысты [1, 142-б.].

1941 жылдың көктемінде Алматыда құрылған 173-ші зеңбірек артполкі 238-ші атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі шайқастарға белсенді қатысқан. 1942 жылдың қаңтарынада ол Жоғары Бас қолбасышылықтың резервіне (ЖБҚР) шығарылып, ЖБҚР-нің 6-шы артдивизиясының 18-ші зеңбірек артбригадасына қосылды. Олардың құрамында полк Погорелое Городище және Ржев қалалары үшін қиян-кескі шайқастарға (1942 ж. тамыз-қараша), шілде айында Курск доғасының солтүстік майданындағы неміс қорғанысын бұзуға, 1943 жылдың тамызында Карачевты босатуға белсенді қатысты.

Батыс Укринаны босатуда негізгі рөлді 1-ші Украиналық майданның әскерлері атқарды. 1944 жылдың 13 шілдесінде олар Львов-Сандомирск шабуыл операциясын бастады, операция 29 тамызға дейін жалғасып, "Солтүстік Украина" әскерлер тобының негізгі күштерін талқандау және Висланың сол жағалауында сандомир плацдармын құрумен аяқталды. Бұл операцияға қазақстандық 209-ші атқыштар полкі, 118-ші және 8-ші атқыштар дивизиясықатысты [1, 144-б.].

Курск түбінде контршабуыл басталғанда 209-шы атқыштар полкі гитлерліктердің Орлов облысы, Поныревск ауданының Самодуровка ауылының қорғанысын бұзып өтті, 11 қыркүйекте ол Деснаны алып, Новгород-Северскийге басып кірді. 209-шы полкте 10 1 жауынгер марапат алды. 1944 жылдың 1 қыркүйегінде бродовск тобын талқандауға белсенді қатысқаны, сандомир плацдармын ұстап, оны кеңейткені үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 209-шы атқыштар полкін Қызыл Ту орденімен марапаттады.

Батыс Украинаны босатуға басқа бөлімшелер мен бірлестіктерде қызмет атқарған мыңдаған жерлестеріміз қатысты. Украина жерін жаудан азат етуде аты аңызға айналған батыр қазақ ұшқыштары аз болған жоқ. Солардың бірегейі – Бигельдинов Талғат Жақыпбекұлы. Т.Ж.Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда дүниеге келген. Ол Саратов және Орынбор әскери авиация училищелерін тәмамдаған. 1943 жылдың қаңтар айынан бастап Ұлы Отан соғысына аралас­ты. І Украин майданының 144-ші гвардиялық шабуылдаушы әуе полкында эскадрилья командирі болды. 1943 жылы мамырда Харьков түбіндегі Основа поселкесінде жау аэродромына бомбалық-шабуыл жасау кезінде немістердің үш жойғыш ұшағымен ұрыста өз ұшағы істен шықты. Парашютпен секіруге тура келеді. Ұшақ атқышы Григорий Яковенкомен бірге жерге түскеннен кейін түнделетіп екі апта бойы майдан шебіне қарай жүреді. Екі рет немістерге тап болады. Майдан шебіне жақындап қалған кезде, минаға түскен Яковенко қаза табады. Аштықтан әлсіреген, жаралы аяғы қинаған Талғат Северский Донецтен жан дәрмен жүзіп өтіп, кеңестің жаяу әскерлеріне зорға жетеді. Бір жақсысы, жарасы тез жазылады да ол қайтадан сапқа қосылады. Жауынгерлік тапсырмамен әр ұшқан сайын ұшқыш-штурмовик, содан кейін анағұрлым жауапты тапсырмалар берілетін барлаушы-ұшқыш шеберлігі шыңдала түседі. 1944 жылдың маусымына қарай эскадрилья командирі Т.Бигелдинов 155 рет жауынгерлік тапсырмамен барлауға шығып, дұшпанның жердегі бекіністереріне, аэродромдарына, теміржол тораптары мен өткелдеріне шабуыл жасады. 1944 жылы 26 қазанда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстың аяғына таман ол 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, әуе ұрыстарында немістің 7 ұшағын құлатып түсіріп, ондаған танкілер мен автомашиналарын, жүздеген солдаттары мен офицерлерін жойды [2, 469-б.].

1945 жылы 27 маусымда Т.Бигелдиновке екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның есімі Ақтөбенің жоғары әскери авиациялық училишесіне берілді. Есіл ер 2014 жылғы 10 қарашада 93 жасқа қараған шағында өмірден өтті [3].

1922 жылдың мамыр айының дәл ортасында Оралда дүниеге келген Хиуаз Доспанова апамыз Украина майданына қатысқан майталман қазақ қыздарының бірі. 1940 жылы Мәскеу қаласындағы Медицина институтына оқуға түседі. Ал соғыс басталған кезде атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабылданады. Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белорусъ, Польша және Шығыс Германия жерлерін фашистерден азат ету барысында үш жүзден аса әуе шайқасына қатысып, жауынгерлік ерліктері үшін "қанатты қыз" атанған. Х.Доспанованың жастық шағының бес жылы бірдей қанқұйлы соғыс майданында, аспандағы жау ұшақтарымен шайқаста өтті. Неміс фашистері біздің ұшқыш қыздарымызды "түн перілер" деп атап, зәре-құты қалмай қорыққан көрінеді. Қайсар да қайтпас штурман қазақ қызының бір өзі Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған ел аспанында "ПО-2" бомбалағыш ұшағымен, үш жүз рет жау төбесінен ажал оғын сепкен. Хиуаз Доспанова апамыз екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Леонид Бедамен Орал қаласындағы әскери авиаклубта бірге оқиды. Бірақ Л.Беда сұрапыл соғыс жылдарында зұлым жау аспанына 201 рет көтеріліп, екі мәрте батыр атанса, 300-ден артық шабуылға шығып, Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан Хиуазға Кеңес өкіметі кезінде бір рет те атақ берілмеді [4, 204-б.]. Мұндай әділетсіздік ол қызмет еткен әскери құрамада және полкте де өз дегенін істеді. 1995 жылға дейін батыр қыз қызмет еткен құрамның 29 қызы Кеңес Одағы мен Ресейдің Батыр атағын алса, қандасымыз, ең болмаса, көптеген қоғамдық қызметтің бірін де басқарып отыра алмады. Жас болса да соғыс кезінде жау төбесінен жай түсіріп, ерен ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанова апамызда тәуелсіздік таңында ғана Халық Қаһарманы атағына қол жеткізді [4, 204-б.].Сөйтіп, соғыс жылдары берілмеген лайықты атақтар тәуелсіздік тұсында толықты.

Енді партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқасқан қазақстандықтар құрамына тоқталайық. Украина территориясындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Атап айтсақ, М.И.Шукаевтың партизан отряды құрамында 79 қазақ, Ұлы Отан соғысының Батыры С.А.Ковпактың партизан отрядында 70 қазақстандық болды. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты. Мысалы, 1941 жылы Киев облысы, Македон селосында жасырын партизан орталығы құрылады. Бұл орталыққа соғысқа дейінгі жылдары Павлодар облысында оқытушы қызметін атқарған Қасым Қайсенов  коммунистік жолдамамен жіберіледі. 1942 жылы Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан отрядтарының командирі сайланып, Украина территориясында жаумен шайқаста үлкен ерліктер көрсетті. Қ.Қайсеновпен қатар Украина территориясында атақты ақын Жұмағали Саин, Әжіғали Жұмағалиев, Сәтімбек Төлешов, Хамза Қазыбаев, Мұқан Құлсеитов, Қарағанды облысынан Д.И.Сагаев, Алматы облысынан П.С.Шленский, Қызылордадан – Байдаулетов, Оңтүстік Қазақстан облысынан – Ж.Омаров, алматылық – А.С.Егоров және т.б. қазақстандықтар әртүрлі партизан құрылымдары қатарында шайқасты [5, 61-б.]. Отанын қорғаудағы асқан ерлігі үшін Қ.Қайсеновке “Халық Қаһарманы” атағы берілді [2, 488-б.].

Сол бір күндері тек Украина жерінде ғана 2145 партизан топтары, отрядтары және құрамалары басқыншыларға қарсы күрес жүргізді. Олар 4958 әскери эшелон, 2206 көпір, 11535 автомашина, 1566 танк, 719 зеңбірек, 211 самолет, 407 заводтың күлін көкке ұшырды. Жаудың 500 мың солдаты мен офицерін жойып жіберді [6, 399-б.]. Фашистер ондаған дивизияны майданнан алып, партизандарға қарсы жұмсауға  мәжбүр болды. Бірақ олардың бұл күші де партизандарға төтеп бере алмады.

1943 жылдың жазында атақты генерал Ковпак бастаған құрамасы Житомир, Ровно, Тернополь, Станислав облысы арқылы даңқты рейд жасап, Карпат тауына дейін барды. Атақты генерал  Федоров бастаған құрама жау жүретін Брест-Пинск, Коваль-Сарны темір жолдарын талқандап, істен шығарды, талай жау тобын жайратып салды. Сөйтіп, «партизан» деген сөзден басқыншылардың төбе шашы тік тұрды. Совет партизандары жау тылында асқан ерлік көрсетті. Олар өз арасында талай ер жүрек қахармандарды тәрбиелеп шығарды. Олардың есімдер ел аузында аңыз болып кетті.

Украинаны азат етудегі соңғы шайқас 1944 жылғы қазан айында Карпаттағы шабуылдан басталды. Көп кешікпей кеңес әскерлері дұшпанды Украинаның ең соңғы аудандарынан қуып шықты. 27 қазанда Закарпатье Украинасының маңызды саяси орталығы – Ужгород жаудан тазартылды.

  Кеңес Қарулы Күштерінің жеңісті шабуылы тамыздың ақырында аяқталды. Олар кеңес-герман  майданының негізгі бағытында 1944 жылдың жазындағы қырғын шайқаста ұтып шықты. Бұл шайқасқа екі жақтан 6 миллионнан астам адам, барлық калибрдегі 85 мыңнан астам зеңбіректер мен минометтер, 11 мыңдай танкілер, өздігінен жүретін артиллериялық және штурм зеңбіректері,  10 500-ден астам соғыс ұшақтары қатысты [6, 401-б.].

Бірінші Украиналық майдандағы Львовско-Сандомирская операциясының барлық күресінде  123 мыңнан көп әскер ордендармен, медалдармен марапатталды. 160 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Бұл операцияда кеңестік әскерлер вермахттың 8 дивизиясының көзін жойды және жаудың 32 дивизиясы өзінің 50-70 % әскер құрамын жоғалтты. Батыс Украинаның және Польшаның маңызды ауыл-шаруашылық және индустриалды аудандары жаудан тазартылды.

Ел Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Ржев жерінде ерлікпен қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді мәңгі есте сақтау үшін Ұлы Отан соғысының 65 жылдығында 100-ші және 101-ші қазақстандық дербес атқыштар бригадасы жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды. Қазақстан картасы бейнеленген, ұзындығы  27 метрді құрайтын гранит қабырғада Ақтөбе мен Алматы (жоғарыда аталған бригадалар осы қалаларда жасақталған болатын), сонымен қатар елордамыз Астана жұлдызбен және жазумен белгіленген. Қабырғаның өн бойында алтын әріптермен «МӘҢГІЛІК ЕСТЕЛІК. 100-ші және 101-ші қазақстандық дербес атқыштар бригадасы жауынгерлеріне қазақстандықтардан алғыс» деген сөз жазылған. Батырларға арналған ескерткіштің түбіне Қазақстаннан жеткізілген туған жердің топырағы салынған капсула көмілген. Осы жерде гранит тақтаға шамамен он мың қазақстандықтың тегі жазылған.  Олар туралы мәліметтерді қазақстандық дипломаттар Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан тапқан болатын. Бұған дейін олардың көпшілігі «із-түссіз жоғалғандар» санатына жатқызылып, отбасылары жауынгерлердің тағдыры туралы ақпараттардан, жерленген жерлерінен бейхабар болып келген еді [7].

Қорыта айтқанда, барша кеңестік халықпен бірге қазақстандықтар да Ураинаны азат ету ісіне өздерінің зор үлесін қосты. Майданға шақырылған 1,2 млн қазақстандықтың 600 мыңы тікелей Украинаны азат ету ұрыстарына қатысты. Оның 300 мыңы украин жерінде көз жұмды.Олардың қатарында Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов, даңқты барлаушы, партизан Қасым Қайсенов сынды көптеген батырларымыз бар.  Украина үшін болған шайқастарда ерлік пен батырлық көрсеткен 156 қазақстандық жоғары атаққа ие болып, Кеңес Одағының батыры атанды [7].

Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Белан П.С. Казахстанцы в боях за свободу Украины и Молдавии (1941-1945 гг.). – Алматы. – 1984. – 176 с.

2.  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы. – 2010. – 469-б.

3.  Бигельдинов Т.Ж. // Егемен Қазақстан. – 2014. – 11 қараша.

4.  Сайлан Б. Кеңестік биліктегі Қазақстанның жастар саясаты. – Алматы. – 2011. – 433-б.

5.  Стамбеков К.Е. Қазақстан партизандары Украинада. – Қазақстан мектебі. – 1996. - №6. – 60-65 бб.

6.  Совет Одағының Ұлы Отан соғысы. – Алматы. – 1985. – 687 б.

7.  Соғыстың ұмыт қалған шайқасы болмауы тиіс - Қазақстанның Украина мен Молдовадағы Елшісі Зауытбек Тұрысбеков // Қазақпарат. – 2013. – 3 наурыз.

Et literature

1.  Belan P. S. "Kazakhstan sane in bellis libertatis Ucraina et Moldavia" (1941-1945)- Almaty.- 1984.-176 p.

2.  Historia Kazakhstan (ab antiquis temporibus ad hodiernum). Quinque-volumine. Quatro volumine.- Almaty.- 2010.- 469 p.

3.  Bigeldinov T. Z. // "Independens Kazakhstan".- 2014.- 11 Novembris.

4.  Sailan B. "Iuvenis Policy in USSR".- Almaty.- 2011.- 433 p.

5.  Stambekov K.E. "Kazakh clandestinos in Ucraina".- Kazakh scholis.- 1996. -6 locus.- 60-65 p.

6.  Magni amans patriae Bellum Victoria in Fontes iuris Germanici antiqui.- Almaty.- 1985.- 687 p.

7.  Neque omittendum est bellum gerendum- Kazakhstan legato in Ucraina et Moldavia Zauytbek Turusbekov. //Kazinform.-2013. - 3 March.

Болат Сайлан

д.и.н., профессор кафедры Истории Казахстана КазНУ имени аль-Фараби

Подвиги героизм казахстанцев в борьбе за освобождение Украины

Аннотация: Война 1941-1945 гг. между СССР и фашистской Германией стала жестоким для многих народов. Наши дедушки и бабушки отправившиеся с Казахстана на войну, проявили самоотверженность на всех линиях фронта. Одним из этих фронтов и являлось освобождение Украины фашистских захватчиков. 600 тысяч из 1,2 миллиона призванных на фронт казахстанцев участвовали непосредственно в бою за освобождение Украины. 300 тысяч из них погибли на украинской земле. 1500 казахстанцев бились с врагами в объединениях партизан на территории Украины. В бою с врагами казахстанские партизаны проявили огромный героизм. Главной целью данной статьи является показать героизм казахстанских солдат в освобождении Украины от фашистских захватчиков, а также их мужество и стойкость в ходе операций по освобождению их территории.

Ключевые слова: война, полководец, офицер, боец, орден, герой, казах.

Bolat Sailan

d.h.s., Professor, Department of History of Kazakhstan,Al-Farabi Kazakh National University

Heroism of Kazakhstan citizens in fight for independence of Ukraine

Annotation: The war of 1941-1945 years between the USSR and Nazi Germany became cruel to lots of people. Our grandparents went from Kazakhstan to war, showed the dedication on of all the front lines. One of these fronts was the liberation of Ukraine from invaders. 600 thousand of the 1.2 million of Kazakhstan people aimed at the front  participated directly in the battle for the liberation of Ukraine. 300 thousand of them were killed on the Ukrainian land. 1500 Kazakhstanis in partisans associations on the territory of Ukraine fought against the enemies. In the battle with the enemies Kazakhstan partisans showed great heroism. The main purpose of this article is to show the heroism of Kazakhstan soldiers in the liberation of Ukraine from fascist invaders, as well as their courage and perseverance in the course of operations for the liberation of their territory.

Keywords: war, general, officer, fighter, order, the hero, kazakh.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 6439

No reviews

Download files

Сайлан Б. Украинаны азат ету.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Бірінші Дүниежүзілік Соғыс тұтқындары Жетісуда ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ЭТИКЕТІ УДК 94(574) «17/19» ИЗ ИСТОРИИ ПРИНЯТИЯ РОССИЙСКОГО ПОДДАНСТВА КАЗАХАМИ СТАРШЕГО ЖУЗА ҒТАМР 03.20.00 МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ – ҰЛТ АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕР ТАРИХИ ТҰЛҒА МРНТИ 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ПОЛИТИКА ЦИНСКОЙ ИМПЕРИИ В КАЗАХСКОЙ СТЕПИ И ПРОТИВОБОРСТВО В ДАННОМ ВОПРОСЕ С РОССИЕЙ

Author's articles

УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері