Яндекс.Метрика
Home » Materials » 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы

Болат САЙЛАН әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д., Балжан Раушанбек Тарих, ар

94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(08)

Tags: батыр, әскери, кәсіп, жауынгер, қару-жарақ, жорық, соғыс, халық
Author:
Бұл мақалада қазақ халқының халық болып қалыптасуына қаһарман батырларымыздың қалай үлес қосқаны туралы жазылған. Батырлар - жалпы өзіндік идеологиясы, морольдық этикасы мен өзіндік салт-дәстүрі, діни-нанымы, ырым жоралары бар қоғамдағы ерекше тап өкілдері болды. Әскери кәсібі мен жауға шапқан қасиетті, асыл бұйымдары – қару жарағын да ұрпағына мұра етіп қалдырғандығы жайлы сөзге тиек етілген. Отан алдындағы парызы елін, жерін жаудан қорғау деп біліп, бар өмірін осы жолда сарп етті. Намысты биікке ту етіп көтерген батырлар өз ұрпағын да ержүрек жауынгер ретінде шыңдап, ұлы жолға бағыттай білген. Мақаланың басты мақсаты батырларымыздың ерен еңбегін, ұлы жолын дәріптеп жеткізе білу. Өскелең ұрпақтың бойына ұлы тұлғаларға деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Text:

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен.Қазақтың ұлан-байтақ даласын мыңдаған жылдар бойы «найзаның ұшымен, білектің күшімен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай»  батыр ата- бабаларымыз аман сақтап келген.

Батырлар - дала серілері. Кәсіби сарбаздардың осынау әлеуметтік тобы болмаса, қазақ халқының өмір сүруі де, өзінің мемлекеттілігін қорғап қалуы да мүмкін болмас еді. Нағыз сарбаз тек осы кәсіби ортаданғана шыққан. Қоғамның ерекше әлеуметтік тобы ретінде батырлардың өзіндік әлеуметтік нормалары, тәртіп ережесі, идеологиялық ұстанымы, ерекше өмір салты, әдет, салт-дәстүрі мен әскери әдептілігі және бұлардың көшпенді қоғамның басқа да әлеуметтік топтарымен өзара қатынасын реттеп отыратын қағидалары болды[1, 67-б.].

Қазақ халқының батырларын ерте кезде ақ жыр эпостар мен аңыздарда айтылған. Сол айтылған аңыздардағы батырлардың келбеті: ірі денелі, отбасын, отанын, жерін, халқын қорғайтын, жау қолында қалса да, еліне сатқындық жасамайтын намысшыл ер тұлғалы батырлардың болғаны анық.

Ел аузындағы деректерге зер салатын болсақ, XYIII ғасырдағы батырлар ерен ерлік істеріне байланысты марапатталып отырған. Олар үшін жер өте қымбат та қастерлі болған. Әр батырға соғыста көрсеткен ерен ерліктеріне, жауды жеңуіне қарай қоныс бөледі. Алакөлдей кермарал сұлу көлді Қабанбай батырдың ұрпағының иемдену себебі, ұлы бахадүр бабамыздың ерлігі деп білуге болады. Қапалдай ғажап өлкенің Шоңай, Есенгелді батырлардың ұрпақтарына мирас етілуі бабалар ерлігінің арқасы десек, артық айтпаймыз[2, 7-б.].

Батырлық атадан қалған кәсіп болып, атадан балаға мұра ретінде қалып отырған және ата жолын жалғастыру міндетті болды. Батырлар әулетінде туылған ер бала  жастайынан соғыстарға қатысып, шыңдалды.  Осылайша  ата кәсіп  жауынгерлік дәстүрді жалғастырды.Батырлық жырлардағы Ер Қосай, Едіге, Ер Тарғын. XYII-XYIII ғасырлардағы Райымбек, Бөгенбай т.б. батырлар берідегі Исатай, Жанқожа батырлар бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Батырлардың ең басты ерекшеліктерінің бірі де тек қана әскери кәсіппен айналысуы. Басқа кәсіппен шұғылдануды өздеріне ар санайтын. Сондықтан олардың бар өмірі соғыста өтетіндіктен, қартайғанша қолынан қаруын тастамай, батырлар үшін соғыста қаза болуды қасиетті өлім деп санады. Батырлар әулеті үшін ата кәсібін жалғастырмау-  масқаралық. Сондықтан батырдың балаларының ерте жастан, 13-15 жастан-ақ соғысқа қатынасып, жорыққа аттанғаны эпостарда, тарихи жырларда айтылады. «Шынжырлы тұқым», «шынжырлы ер», «шыншырлы туған», «шынжыры үзілмеген» сияқты сөздердің ауыз әдебиетінде жиі кездесуі, бұл ұғымның тұрақты ұғым, қалыптасқан түсінік екенінің дәлелі [3, 16- б.].

Ата- кәсіп ұрпаққа жалғасатын болғандықтан батырлар әулетінде қару-жарақ атадан- балаға мұра болады. Егер мұрагері жоқ болса, өлгенде қаруын бірге жерлеген. Кей деректерде ер адам  моласының басына найза шаншылған. Батырдың жаны мен қарудың өзара байланысы деген сенімнен туған болу керек, кейде батыр өлгенде оның қарулары сындырылып, арнайы білдіру ырымы да бар. Археологиялық қазбаларда көшпелілер батырларының обаларынан табылған, сынған қарулардың кездесуі осы ырыммен байланысты болуы керек [4, 83-б.].

Әскери әлеуметтік топ ретінде батырлардың өзіндік этикасы болды. Оны олар өте қатты ұстанған. Үлкен айқастар әрқашанда жекпе-жектен басталатындықтан жекпе жекке қатысу батырлардың басты міндеттерінің бірі. Жауынгердің шын мәнісінде батыр атануы осы жекпе-жек айқастарда жеңіске жетуден басталатын. Жекпе-жек айқастың алдында батырлар бір- бірінің атын сұрап, өзін таныстыруға тиісті. Бұдан батырлар қарсыласын жеңсе, кімді жеңгенін, жеңілсе кімнен жеңілгенін біліп, екі жақтың әскері де жекпе- жекке қатынасқан, батырлардың есімдерін есте сақтап, осы арқылы жеңімпаз батырлардың атағы шартарапқа кетіп жататын.Көбіне жауынгерлер батыр (баһадүр) титулына осындай жекпе-жекте жеткен жеңісінің нәтижесінде ие болды. Осындай жеке айқастағана кәсіби жауынгердің жауынгерлік өнері сынға түсіп, шеберлігі шыңдалып, ерлігі жетілді. Жеке айқаста жау батырларын жеңу батырлардың атын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен, кәсіби, жауынгер үшін оған қатысу үлкен абырой да болды [5, 71-б.].

Мысалы, 1726-27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Ордабысында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай  сайланды. Жиналыста  елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады.

Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды.  Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр  жүргізді.  Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын.  Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен.  Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды [6, 238-б.].

Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек , Құдайменді  Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді.

Батырлардың өлімге көзқарасы басқалардан өзгеше болды. Батырлар әскери кәсіппен үнемі шұғылданып, соғыстан бас үзбейтін болғандықтан, олар өлімді кез-келген уақытта қабыл алуға тәрбиеленді. Олар үшін ең өкініштісі соғыста өлмеу, олар үшін өзінің жауынгерлік намысы, әскери парызы өлімнен жоғары тұрды. Ел үшін, ханы үшін жанын қию парыз- даңқ санады.

Батырлар алдындығы басты принцип - Отан және оның жер аумағын қорғаудан басқа біз осы жыраулар арқылы, жорық кезіндегі батырлардың басқа да мүдде-міндеттерін білеміз: жорықта жүру, қол бастау, қару асыну, сауыт кию, майдан жасау, жаудан олжа түсіру, елді асырау, халықты тойғызу, тұлпар міну, сұлу құшу, қару соқтыру, әскери өнер үйрену, кек алу.  Бұлар батырлардың өзіндік және ол мүше болып табылатын, өмір сүріп отырған мемлекетінің мүдделері болып табылады [7, 92-б.].

Жекпе-жек ер қаруының әр түрімен айқасудан: жақпен атысудан, найзаласудан, қылыштасудан, күрзімен ұрысудан, балталасудан кезектесіп ұрыс жүргізу арқылы өткен және айқас жауынгердің біреуі жеңіске жеткенше жүргізілген. Көне әскери салт бойынша батырлар міндетті түрде қарсыласы қолданған қарумен айқасуға тиісті болған. Яғни қарсыласы найза алса, ол да найзамен айқасты, қылыш ұстаса, ол да қылышты қолға алды. Егер қарумен айқаста батырлар бір-бірін жеңе алмаған жағдайда аттан түсіп жаяу күресетін болған.

Кәсіпқой жауынгер жекпе-жек айқас кезінде ер қаруының әр түрімен шабуыл жасаудың және қорғанудың өзіндік түрлі әдістерін шебер меңгеруге машықтанды. Батырлар жекпе-жекке жақсы дайындалып, бес қаруын сайлап, берік сауыт, шарайналар киіп шыққан. Қандай берік болса да, сауытты кигенде, әр сауыттың конструкциясына байланысты, адам денесінің ашық қалатын жерлері болды. Қару жұмсағанда батырлар қарудың әр түрімен қарсыласының осындай «ұрымтал жерлерінен» ұруға тырысып, жеңіске жеткен жағдайда батыр қарсыласын өлтіріп, басын кесіп қанжығасына байлап, аты мен қару жарағын олжалап алатын [3, 73-б]. 

Батыр елі үшін жанын аямай күресетін асқан патриот, жақсылыққа жаны құмар ізгі жан. Ол жау қолына қатал, мейірімсіз болса, туған-туысқан, отбасына, ел жұртына соншалықты мейірімді, жұмсақ, аңғал да ақкөңіл жан. Қазақтың жауынгерлік дәстүрін қазақ халқының көшпелі тіршілігіне, қоғамдық құрылым ерекшелігіне байланысты қарастыратын болсақ, жауынгерлік дәстүр-тұтас қазақ қолынан жауынгерлік сипаттағы әзірлігін үзбей ұстауы. Бұл жерде қазақ халқы ұлт болып қалыптасу дәуірінен бастап күні кешеге дейін жауынгерлік жағдайда өмір сүріп өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға тура келді. Сол себепті қолына қару ұстауға жарайтын азамат кез келген уақытта қазақ әскерінің жауынгері болып табылатын [8, 71-б.].

Қазақ халқы батырлық жырларға бай халық. Бүкіл көшпелі түркі халықтарына ортақ, көне заманда тасқа жазылған Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері, оғыз заманында пайда болған, «Оғызнама», «Қорқыт Ата кітабы», ноғайлы дәуіріне жататын «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» эпостары, Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін қорғаған Қабанбай, Бөгенбай батырлар туралы тарихи жырлар, отаршылдыққа қарсы күрескен Кенесары, Сырым, Исатайға арналған дастандар сияқты мол қазынамыз бар [3, 6-б.].

Талай ғасырды басынан өткеріп, бізге жеткен батырлар туралы аңыздар, жырлар, өсиет сөздер бүгінгі ұрпақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда басты орын алады. Батырлар жырының мұңы туған елін, жерін жаудан қорғаумен қатар, батырлардың қайсар қаһармандығын, ерлігін, суреттей отырып, ұрпақ тәрбиесіне өшпес мұра қалдырып отыр.

Қорытындылай айтқанда, батырлар– өмірінің көп бөлігі соғыста өткен, кәсібін ұрпақтарына мұра еткен, елдегі билікті өздері де саралай білген, ерекше  қадір-қасиетке ие қабілетті тұлғалар болды. Сондай-ақ,  қазақ халқының ұлт болып қалыптасуы  жолында талай қиын-қыстау  күндерді бастан кешірді. «Мың өліп, мың тірілген»  тарихи заманда жауға қасқайып қарсы шапқан, ерлік көрсеткен батырларымыз көп. Сондықтан, көшпелі қоғамда ел үшін өмірін құрбан еткен батырлардың биік парызын киелеу салты қалыптасып отырды. Елі  үшін тағдырын талақ еткен батырларымыздың есімдері киелі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа, кешеден бүгінге жетіп, жалғасып  келеді. Ер есімі– мәңгілік ел есінде...

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахметжан Қ. Батырлар дала серілері // Қазақ батырлары туралы. – Алматы: Nomad- Kazakhstan, 2005. – №2. – 66-71бб.

2. Иманбаев Т. Батырлар тарихы– ел тарихы // Президент және халық. – Алматы: 2009. – 1 мамыр №17: –7 б.

3. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (Батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері). – Алматы: Дәуір, 1996. – 238 б.

4. Картаева Ш.Е. Қазақ халқының әскери өнері және жауынгерлік дәстүрі (XY-XYIғ) // Тарих ғылымдарының кандидаттық диссертациясы. – Алматы: 1999. – 190 б.

5. Ахметжанов Қ.С. Батырлардың жауынгерлік жекпе-жегінің әскери моральдық психологиялық және ғұрыптық аспектілері // Қазақ білім академиясының баяндамалары. – 2011. – №1. – 70-79 бб.

6. Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – І-том. – 380 б.

7. Батырлар жыры. – Алматы: Жазушы, 1989. – 4-том. – 391 б.

8. Бабалар сөзі: Жүз томдық, Т. 51: Батырлар жыры. – Астана: Фолиант, 2008. – 448 б.

Rererences:

1.  Akhmetzhan K. Batyrlar dala serileri // Kazak batyrlary turaly. – Almaty:Nomad- Kazakhstan, 2005. – №2. – 66-7 bb.

2.  Imanbaev T. Batyrlar tarihy– el tarihy // –Prezident zhane halyk. – Almaty: 2009. – 1 mamyr №17: –7 b.

3.  Akhmetzhanov K.S. Zharagan temir kigender (Batyrlardyn karu-zharagy, askeri oneri, salt-dasturleri). – Almaty: Dauir, 1996. – 238 b.

4.  Kartaeva Sh.E. Kazak halkynyn askeri oneri men zhauyngerlik dasturi (15-16g) // Tarih gylymdarynyn kandidattyk dissertatsiyasy. – Almaty: 1999. – 190 b.

5.  Akhmetzhanov K.S. Batyrlardyn zhauyngerlik zhekpe-zheginin askeri moraldyk psihologiyalyk aspektileri // Kazak bilim akademiyasynyn bayandamalary. – 2011. – №1. – 70-79 bb.

6.  Ortlyk Aziya koshpelileri tarihy. – Almaty: Kazak universiteti, 2015. – І-tom. – 380 b.

7.  Batyrlar zhyry. – Almaty: Zhazushy, 1989. – 4-tom. – 391 b.

8.  Babalar sozi: zhuz tomdyk, Т. 51: Batyrlar zhyry. – Astana: Foliant, 2008. – 448 b.

Болат САЙЛАН

д.и.н., профессор кафедры Истории Казахстана КазНУ имени аль-Фараби

Балжан Раушанбек

магистр факультета истории, археологии и этнологии КазНУ имени аль-Фараби

Образ героев в военном искусстве казахского народа

Аннотация. В этой статье повествуется о том, как наши воинственные герои вносили лепту в формировании казахского народа. Герои были представителями особого класса в обществе с собственной идеологией, моральной этикой и традициями, религиозными убеждениеми и обычаями. Упоминается также и о наследии потомству священных, драгоценных изделий и оружия в военном ремесле и нападении на врага. Считав это долгом перед родиной, они жертвовали своими жизнями ради защиты страны и земли.  Благородные герои готовили своих потомков отважными воинами и наставляли на великий путь. Главная цель статьи превознося донести весомый труд и великий путь наших героев. Формировать у молодежи чувство уважения к великим личностям.

Ключевые слова: герой, военное ремесло, воин, поход, война, оружие, народ.

Bolat SAILAN

d.h.s., Professor, Department of History of Kazakhstan,Al-Farabi Kazakh National University

Balzhan Raushanbek

мaster of the Faculty of History, Archeology and Ethnology, Al-Farabi Kazakh National University

The heroes character in military art of the Kazakh nation

Annotation. This article was written about how our belligerent heroes contributed to the formation of the Kazakh nation. The heroes were members of a special class in a society with universal own ideology, moral ethics and traditions, religious beliefs, custom. Mentioned about legacy to posterity of the precious wares and weapons in a soldiery and the attacking on the enemy. Considered that it their duty of motherland and they sacrificed their lives to protect the country and the land.  Noble heroes prepared their descendants brave soldiers and instructed in a great path. The main purpose of the article is to convey the significant work and the great path of our heroes. Developing in young people a sense of respect for great personalities.

Keywords: hero, soldiery, soldier, camping, war, weapon, nation.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 6624

No reviews

Download files

Сайлан Б..docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ КАРТОЧКА ЖҮЙЕСІ (1941-1945) УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ХХ Ғ. 20-ШЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ БӨКЕЙ ОРДАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ СҰЛТАНДАРЫНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІ ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ЭТИКЕТІ УДК 94(574) «17/19» ИЗ ИСТОРИИ ПРИНЯТИЯ РОССИЙСКОГО ПОДДАНСТВА КАЗАХАМИ СТАРШЕГО ЖУЗА ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы) ҒТАМР 03.20.00 МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ – ҰЛТ АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕР ТАРИХИ ТҰЛҒА МРНТИ 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ПОЛИТИКА ЦИНСКОЙ ИМПЕРИИ В КАЗАХСКОЙ СТЕПИ И ПРОТИВОБОРСТВО В ДАННОМ ВОПРОСЕ С РОССИЕЙ

Author's articles

94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы