Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА ЕГIНШIЛIККЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР МЕН ЖОРА-ЖОСЫНДАР, АҢЫЗ- ӘПСАНАЛАР

Ә.Ж. АХАНТАЕВА, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қазақ ұлттық аграрлық университеті

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА ЕГIНШIЛIККЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР МЕН ЖОРА-ЖОСЫНДАР, АҢЫЗ- ӘПСАНАЛАР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: тасаттық, аққұла, сабантой, Қыдыр ата, Оқшы ата, миф, әдет-ғұрыптар, аңыз-әпсаналар, қырман, түп, қырман, түнету, ат дорба
Author:
Бұл мақалада қазақ халқында егiншiлiкке, жер өңдеуге байланысты әдет-ғұрыптар мен жора-жосындар, аңыз- әпсаналар қарастырылған. Егіншілікке байланысты наным-сенімдер мен ғұрыптардың тамыры көне дәстүрлерге кететіндігі айтылады. Егіншіліктің желеп-жебеушісі және егіншілердің тұңғыш үйретушісі болып мифтік кейіпкер — қасиетті Диқан бабаға табынғандығы айтылады. Егіншілікке байланысты қырман түп,қырман түнету ат дорба, аққұла, кеусен, Сабантой, арық той, тасаттық сияқты әдет-ғұрыптар мен жора-жосындар жасалады. Мысалы құрғақшылық кезінде жауын шақыру үшін тасаттық жасайтын болған.Онда ауыл адамдар малды сойып қанын арыққа ағызып Алладан егіндеріне жаңбыр жауғызуын сұрайды.
Text:

Кіріспе. Қазақ та басқа халық өкiлдерi секiлдi алдымен табиғат жағдайына бағынды, әрбiр халықта шаруашылық жүргiзудiң өзiндiк ерекшелiктерiмен қатар, әдіс тәсілдері  бар. Қазақ халқында егiншiлiкке, жер өңдеуге байланысты әдет-ғұрыптар мен жора-жосындар, аңыз – әпсаналар халықпен бірге ғасырлар бойы жасап, ел арасында сақталып қалған.  Егіншілікке байланысты наным-сенімдер мен ғұрыптардың тамыры көне дәстүрлермен сабақтасып жатады. Егіншіліктің желеп-жебеушісі және егіншілердің тұңғыш үйретушісі болып мифтік кейіпкер — қасиетті Диқан бабаға табынғандығы айтылады.Ел iшiнен жиналған этнографиялық материалдарда жер шаруашылығын ұйымдастыру, суландыру жүйесi құрылысын жүргiзудi қалай ұйымдастырды; егiншiлiкке, ауыл шаруашылығына байланысты термин сөздерге басты назар аударылды; мұрағат материалдарында қажеттi дүниелер аз кездестi, сондықтан ел арасынан терең зерттеуге тура келдi.

Талқылау.Дж.Х.Кармышеваның “Земледельческая обрядность у казахов”[1] және Б.Ә. Алтаевтың “Оңтүстiк қазақтарының егiншiлiкке байланысты дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары” [2] атты енбектерінде Қазақ халқында егiншiлiкке байланысты әдет-ғұрыптар мен жора-жосындар келтірілсе, егіншілікке байланысты дайындық қалай жасалу керектігі және оны жүргізудің әдіс-тәсілдері мен бағыт-бағдары жөнінде 1082–1083 жылдар ішінде, яғни орта ғасырларда жазылған  «Қабуснама» ”[3] еңбегінің мағызы зор. Т. Қоңыратбаев «Ертедегi ескерткiштер”[4] еңбегінде аңыз әпсаналар келтірілсе, Н.Н. Дингельштедт«Опыт изучения ирригации Туркестанского края» ”[5] атты еңбегінде Сарқырама арығының тарихы туралы жазады. П.  Комаров «О нуждах ирригации и обычаях”[6] еңбегінде  жаңадан қазылған арыққа немесе арнаға су жiберiлген кездегі ғұрыптар туралы деректер келтірген. К.Г.Шаймерденова Қазақтардың диқаншылдық кәсiбiнде кездесетiн түрлi рәсiм-кәде, салт-жоралғылар туралы жазса [7], ал А. Тоқтабай, Ж. Сейiтқұловалар  “Төрт түліктің қасиеті (қазақтың мал шаруашылығына байланысты әдет-ғүрыптары” атты еңбекте [8] ауа райын төрт түліктің іс әрекетіне байланысты қазақтардың болжауы туралы жазды. Б.Ш. Абылқасымов “Жауын шақыруға“ [9]  байланысты жазса, ал А.А. Диваев “Призыв ветра” [10] жел шақыруға байланысты ырымдар туралы мәліметтер келтірді.

Деректері және әдістері. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында, Өзбекстан Республикасының мемлекеттiк мұрағатында және сонымен қатар Ташкенттегi Әлiшер Науаи атындағы Ұлттық кiтапхананың қолжазбалар мен сирек кiтаптар  қорында құнды тарихи құжаттар сақталған, әсiресе «Туркестанский сборник» жинағының орны ерекше.  Қызылорда қаласындағы, Қызылорда облыстық Мемлекеттiк мұрағатындағы қорлармен жұмыс iстепбұрын ғылыми айналымға тартылмаған тың құжаттар, материалдар пайдаланылды.

Басты деректiк негiзiн автордың тақырыпқа сай ел арасынан жинаған этнографиялық материалдар құрайды. Автор қазақ халқында егiншiлiкке байланысты әдет-ғұрыптар мен жора-жосындар, аңыз - әпсаналарға байланысты қызықты, этнографиялық деректер, халықтық тәжiрибенi сипаттап көрсететiн материалдар жинақталды. Сонымен бiрге,  егiншiлiкке байланысты әдет-ғұрыптар мен ырымдар  бүгiнгi күнге дейiн өз мәнiн жоғалтпай келе жатыр.Жұмысты жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салысырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.

Нәтижесі. Жер өңдеуге байланысты ырымдар мен нанымдар өздiгiнен күрделi тақырып, ол тереңінен және дербес зерттеудi қажет етедi. Көне мифтік аңыздардың бірінде атам заманда адам енді адам болып келе жатқанда Аспан ата мен Жер ана «жан бергенге дән беріп», жан біткенді жарылқап, Диқан баба жыл сайын жаңбыр орнына аппақ ұн жаудырып отырғаны баяндалады. Мұндай молшылықты көтере алмай, мейманасы тасыған адамдар «Диқан баба, биылда көп бер, қиқаңдама» деп кепиет сөздер айтыпты. Көл-көсір астықты аяқасты етіп қорлапты. Бұл оспадарлыққа өкпелеп, шамданған Диқан баба үш жыл ұдайы теріс қарайды. Кейін адамдар Диқан бабаның аяғына жығылып, кешірім сұрайды.

Егіншілікке байланысты наным-сенімдер мен ғұрыптардың тамыры көне дәстүрлерге кетеді. Егіншіліктің желеп-жебеушісі және егіншілердің тұңғыш үйретушісі болып мифтік кейіпкер — қасиетті Диқан бабаға  табынды. Диқан баба — байлық пен табыс сыйлаушы, қайырымды және мейірімді адамдардың, еңбекқор жандардың  қорғаушысы,  пірі  болып саналады. Қазақтарда -  Диқан баба мен Қыдырды бір деп санайды.

Ал Оңтүстiк Қазақстан қазақтарының арасында Қыдырдың орны бөлек. Халық Қыдыр – әр түрлi жақсылық сыйлайды, ол байлық, бақыт әкелушi, шөлден сақтаушы, жол көрсетушi деп есептейдi. Қазақтардың айтуынша, Қыдыр таңертең отардың алдында, кешке соңында жүредi. Сондықтан жолаушы отарға кездескенде, таңертең отарды алдынан орайды, кешке соңынан жүредi. Қыдыр көзiне түскен адамға бақыт қондырады дейдi халық. Қазiргi кезде де Оңтүстiк Қазақстанда Қыдыр пайғамбар пайда болған жерде көк шығып, өсiмдiк өнедi, мал көбейедi, қырман толады деп санайды. Ал, Қыдырмен кездесiп, қол алып амандасқан адамда денсаулық пен байлық, жақсылық пен молшылық мол болады деп қуанады қазақтар. Бақытты адам туралы “Қыдыр дарыған”, яғни Қыдырдың шапағаты түскен дейдi. Қыдыр жолаушыларды қолдайды. Сондықтан қазақтар: “Жортқанда жолың болып, Қыдыр қолдасын”, – деп тiлек тiлейдi. Қыдыр – диқандар қамқоршысы. Диқандар егiн егудi “Қыдыр жолдасымыз болсын”, “Қыдыр қолдасын”, – деп бастайды (Кармышева, 1986:49). Ақпарат берушiлер бұлардың кiм екенiн, қандай қызмет атқарғандығын кеңiнен түсiндiрiп бере алмады. Әдетте олар былай дейдi: “…Қыдыр әулие негiзiнен әр адамға әртүрлi тұлғада көрiнуi мүмкiн, мысалы есекке мiнген ақ сақалды шал немесе зор тұлғалы басына ақ сәлде ораған үлкен қарт, кейде жас бала болуы да мүмкiн. Егер диқан оны өзiнiң егiстiк алқабында көрсе немесе ол жай ғана назарын аударса сол жылы егiн мол болып, астықтың астында қалады деп есептеген…” (АӨЖМ).

Диқан жерге дән сепкен кезде: “бисмiлла, бұл менiң қолым емес, Диқан бабаның  қолы” деп себетiн болған. Егiншiлер Диқан бабаны өзiнiң пiрi санайды. Диқан баба ең алғаш егiн еккен, ол егiннен көп өнiм алған қолы берекелi адам болған екен. Сыр бойының егiншi қазақтарының тағы бiр пiрi “Қыдыр әулие”, “Қызыр баба” болды. Аңыз бойынша, Диқан баба жұмақтан бидайдың бiр дәнiн алып шығып, қазақтарға  егiншiлiк кәсiбiн үйреткен дейдi. Қазақ диқандары жұмысқа кiрiсерде “Диқан бабаның аруағы қолдай көр” деп iс бастайды (АӨЖМ).

Қазақы ортада егін егу барысында қарызға дән сұраса, дәнді адам емес, қара жер тілеп жатыр деген сеніммен, қиналмастан сұрағанын толық береді. Тіпті, түк жоқ деген күнде де бір уыс дән ұстатады. "Егін әлей болсын!», «Егер көбейсін!» деп тілек айтып, қарыз сұраушыны жылы шыраймен шығарып салады. Бұл үйден дән арылмасын, дән тасып, елдің қажетіне жарап, ырысы молайсын деген ниетті білдіргені.

Барлық жерлерде жер жыртуға алқаптан қар кеткеннен кейін кірісетін болған. Жер жыртудың басталатын күнін ақсақалдар алдын-ала өзара кеңесіп барып айтатын болған. Ол аптаның сәрсенбі сәтті күндерінің бірі болуға тиіс болған. Кейбір жерлерде жер жырту науқанын өздерінің «метеоролог-астроном» — есепшілері белгілеген күннен бастаған. Жер жыртуға шығар алдында, ауылдың қүрметті ақсақалдарының бірінің үйінде қазанда қос көже қайнатып, қазанымен ауылдың сыртына дөңестеу жерге алып шығып, ақсақалдарды шақыратын болған. Ас желініп болғаннан кейін қожайыны ертең жер жыртуды бастайтынын хабарлаған.  Әдетте ауылдың адамдары (егіншілері) жер жыртуға бір күнде кіріскен. Диқан бабаға арнап қос көже пісіріп, ауыл болып жаппай дәм татысқан. Көжені ішіп болып, Диқан бабаның аруағына бағыштап Құраннан сүре оқып және «Диқан баба қолдай гөр!» деп жалбарынып, сыйынған.

Құдай бере берсін,

Диқан баба келе берсін,- деп бата берген.

Тұқым себуге кіріскенде:

Бісміллеһир-рахман ар-рахим,

Я, Диқан баба, құрт-құмырсқа,

Жан-жануарлардан қалғанның менікі,

Я, құдая, ауадан жаудыр, жерден өндір,

Бала-шағаның ризығын жеткер,- деп жалбарынған.

   Алғаш дән егу кезінде «менің қолым емес, Диқан бабаның қолы» деп жасалатын ырым негізінде де жер бетіне шығар өнімнің иесі бар деген көне- наным сенімдердің көрінісі жатыр.

 Жоғарыда айтылған ырымдар мен тыйымдар көбінесе дәл келіп жатады.. Дәнді дақылдар көшпелілер өмірінде маңызды рөл атқарды. Дәстүрлі ортада дән, астық, оның қасиеті көптеген аңыз-әпсаналарға негіз болған. Бағзы заманда ауа райы жылы, аспаннан аппақ ұн жауатын тоқшылық заман болыпты, адамдар молшылықта өмір сүріпті. Сол  заманда бір кесір әйелдің көргенсіз баласы үлкен дәреттен соң жууға ерініп, жердегі аппақ ұнмен құйрығын тазалаған екен. Жаратушы ие қаһарланып, аспаннан ұн орнына ақ қар жауғызыпты. Күн райы лезде өзгеріп, қарлы бұрқасын соғыпты. Астық кепиеті атқан адамдар аштықтан қырылып, үсіп өле бастайды, сол кезде ит Жаратқанға жалбарынып, несібе сұрайды. Алла тағала оған бір тал «бидайдың» масағын береді. Иттің несібесі арқасында адамдар алғашқы дәнге ие болыпты, содан бастап оны егіп, ырыздық ететін болған екен.

Күріш дақылын егумен айналысатын Сыр бойында мынадай аңыз бар: «Адам ата мен Хауа ана Ібілістің азғыруымен Жаратушының әмірін орындамайды. Жаратушы оларға ешнәрсе берместен жұмақтан аластауды ұйғарады. Қаншама жалынып-жалбарынғанымен Жаратушы райынан қайтпайды. Адам ата амалы таусылып, өзімен бірге Жер бетіне қимас заттарынан бір нәрсені ала кетуді ойлайды. Сөйтіп, башпайының арасына күріщтің дәнін қыстырып ала түсіпті. Күрішті Тәңірі дақылы деп қабылдау осы кезеңнен басталыпты». Әдетте, көктемде күрішті егерде егіннің бітік болуы, құрғақшылық болмауы үшін алаң басында құрбандық шалынады. Күрішті алғаш  суарардан бұрын да су келетін жолға қолмен не арнайы ыдыспен су шашылады.

 Күрішті өсірушілер арасында осы дақылды тыныштықты сүйеді, адамның көңіл-күйі дақылдың өсіп-өнуіне әсер етеді деген түсінік қалыптасқан. Күріш көңілді жүріп, ән айтқанды, өзімен сөйлескенді ұнатады деген деректер де кездеседі.

Күрішке жіберілетін су атыздардан қазған кезде де арық қазушылардың құралдарын (күрек, кетпен) шаршаған жағдайда тоқтатпастан келесі адамға беруі, оның да өз кезегінде жұмыс біткенінше басқа қолға өткізуі шарт. Осы әрекет арқылы су жолында болатын сырт кедергілерден сақтану ырымын байқаймыз. Жұмыс біткенше құралды тастамау (дем алмау) - осы күштерге қарсы тұруға арналған тыйым. Ол бұзылса, судың келмей қалу қаупі күшейеді де ысырап болады (АӨЖМ). 

 Өгiзбен жер жыртпас бұрын оның мүйiзi мен мойнына сары май жақты, бұл дәстүр әсiресе Перовскi уезiнде кең тараған. Ақпарат берушiлер мұның себебi өгiздiң мүйiзi жарылып, сынбауын және қамыт мойынын қажап тастамауы үшiн жасалғанын айтады.

  Диқаншылық кәсiпшiлiгiнде орындалатын әдет-ғұрыптар әдетте жан-жануарлармен қатысты болып келедi, өйткенi мал түлiгiн құрбандық немесе жұмыс көлiгi ретiнде пайдаланылды. Осыдан келiп, ежелгi дәуiрде жан-жануарға ерекше қасиет таңып, оған сыйыну жоралғысын дүниеге әкелген. Егiншiлiк жұмыстарында көп пайдаланылатын мал түлiгiнiң бiрi – өгiз. Өгiз – тiршiлiк пен егiншiлiктiң төтемi (иесi). Алғаш жер жыртар алдында оны ерекше күтiмге алып, жем-суымен толық  қамтамассыз етiп, мүйiзiн майлайтын. Бұл егiн түсiмiнiң мол болуына магиялық әдiспен ықпал ету шарты болса керек (Алтаев, 1994:109)

   Жалпы сонау өте ерте кезден бастап адамзат баласы егіншілікке зор көңіл бөлген. Көктемгі егіншілікке зор дайындық жасап, еңбек құралдарымен қоса күш-көліктерін дайындаған. Егіншілікке байланысты дайындық қалай жасалу керектігі және оны жүргізудің әдіс-тәсілдері мен бағыт-бағдары жөнінде 1082–1083 жылдар ішінде, яғни орта ғасырларда жазылған  «Қабуснама» еңбегінің мағызы зор (Қабуснама, 1992:109). 

Онда диқаншылық туралы былай дейді: «... Ей, перзентім, егер диқан болсаң, басқа диқандардан білімді болғын. Және әрбір дақылды еккеніңде уағынан өткізбей еккен. Уақытынан он күн бұрын еккенің екі күн кейін еккеніңнен әлдеқайда жақсы өнеді. Өгізің жұп болсын, барлық әбзел-сайманыңды мұқият дайындағын. Күшті, іске қайым үйренген өгіздерді сатып алғын. Ақырына жем-шөпті жеткілікті етіп салғын. Өгізің семіздікте жұрттыкінен әлдеқайда қоңды болсын. Егер бір өгізің іске жарамай қалса, жедел басқа бір өгіз сатып ал. Егістің уақытын өткізіп алмау үшін әрекет істе. Егін егу немесе ору маусымынан басқа кезде жерді сүдігірлеп айдау ісімен шұғылданғын. Ендігі жылдың қамын ойланып, болашақ өнімнің негізін осы жылда қалау керек. Егінді құнарлы жерге еккін. Егер жерің құнарсыз болса, оның пайдасы да шамалы болады, көп жағдайда пайда бермейді. Әрдайым жерді қадірлей білсең, диқаншылық өнерінен зиян таппайсың ...». 

Жер жыртып жатқан егінші жанынан өткенде жүргінші: «Бір дәнің мың болсын» деп тілек айтса, қырман қасына өткенде: «Қырман тасысын, обынан ассын» деп тілек білдіруі қажет болған.

   Оңтүстік аймақты мекендеген қазақтарда егін жайқалып шыға бастаған кезде егiстiк алқабын  ортасына “қарақшы” (“қарақшыны” – екі ағашты бір-біріне айқастыра байлап, ескі киімді үстіне кигізіп адам қалпына келтіріп кояды) орнатып басына малдың бас сүйегiн кигiзiп қояды, бұл егiндi тiл-көзден сақтайды деп есептеген. Жайқалып тұрған егiнге тез көз тиедi деп, сондықтан мұндай қарақшыларды бiр емес, бiрнеше жерден, егiннiң төрт бұрышы мен дәл ортасына да қоятын болған. Қарақшыдан басқа жайқалып тұрған егiнге тiл-көзден сақтаушы ретiнде “қасиетi бар аталарының (ақпарат берушiлердiң сөзiмен айтатын болсақ “аруақты бабаларымыз” – деп атайды – Ә.А.)” заттарын да пайдаланған. Осыған мысал ретiнде ақпарат берушi Төрайым Жақыпқызының мына әңгiмесiн келтiрейiк “ … Менiң әкем Жақып “әрi ұста, әрi керемет диқан” болған. ХХ ғасырдың басында ол кiсiлердiң күн көрiсi ұсталығынан түскен азын-аулақ тиын-тебенi болғандықтан, қауын-қарбызы пiскен соң темiр жол бойына шығарып сатып қосымша аздаған ақша жасаған. Әкемнiң еккен егiнi жайқалып өсiп, тұра қалатын. 1920–1930 жылдардың шамасында болуы керек, бiр күнi жайқалып тұрған бау-бақшасы шетiнен қурап өле бастайды, не iстерiн бiлмей әбден сасады. Содан шешем “бабамыздың” аса таяғын мен тақиясын сандық түбiнен алып бередi, әкем құран оқып, оларды бақшаның ортасына iлiп қояды, содан бастап қурап өлуi тоқтайды. Бабамыз деп отырғаным әкемнiң әкесi Сақ оның әкесi Досмырза (шамамен ХІХ ғасырдың ортасында өмiр сүрген) – қасиеттi адам болған, ауырған адамдарды құран оқып емдеген, болатын жағдайды алдын-ала айтып отыратын көрiпкелдiгi, көзiн көргендердiң айтуымен ел арасында “сиқырлау” қасиетiнiң де күштi болғанын айтады. Кезiнде баласы жоқ әйелдер басына түнеп, зиярат етiп Алла-Тағаладан бала сұрайды екен” (АӨЖМ). 

Перовскi уезiнiң шығысындағы диқандар көбiрек асқабақ еккен. Асқабақ егудiң өзiндiк себебi болды: диқандар “Қыдыр-әулие егiс даласын аралайтын болса, оның назары асқабаққа түседi, ал әулиенiң көзi, ықыласы түскен егiс даласының өнiмi сол жылы мол болады ” – деп жорамалдаған екен (АӨЖМ).  

Ақпарат берушiлердiң және осы Сыр елiнде дүниеге келген филолог, ғалым Тынысбек Қоңыратбаевтың “Ертедегi ескерткiштер: Сыр бойының ежелгi тарихы мен мәдениетi” (Қоңыратбаев, 1996: 120-121бб)атты зерттеу еңбегiнде “Оқшы ата” туралы ел арасындағы аңыз бар екенiн айтады.

Сырдария өзенiнiң дәл жағасында, қазiргi Шиелi ауданының территориясында “Оқшы әулиенiң” кесенесi бар. Жергiлiктi халық “…ол кiсi жасында диқан болған, азан шақырып қойған аты Көгентүп екен…” – дейдi.

“Ертеде жаугершiлiк заманда бiр жетiм бала қайыр сұрап жүредi екен. Оны бiр кемпiр мен шал бала қылып асырап алып, өздерiнiң жалғыз қызына аға тұтып асырапты. Бұл қазақ жерiн қалмақтың Тоқбура ханы билеп тұрған заман екен. Оның Қызылтам атты ордасы болыпты. Ел аузындағы әңгiмелерге қарағанда ол күнi кешеге дейiн сақталып келген деседi.

Тоқбура елдегi жас қыздардың тiзiмiн жасатып, күнiне жасы он беске толған бiр қызды қойнына басып отырған. Оның соғымын да қыздың әкесi беруге тиiс болған.

Жетiм бала шал-кемпiрдiң қолында өсе бередi. Оны ел Көгентүп атап кетедi. Бiр күнi ол ел аралап, ұзақ сапарға шықпақ болады. Бiрақ әкесi оған наразылық бiлдiрiп, қарындасың жуық арада он беске толады, соны қалмақ қолынан алып қалудың жолын ойластыр дейдi. Бала алған бетiнен қайтпайды. Қарнақ шаһарына барып, қысқы азығын жинауға кiрiседi. Жолға шығып бара жатып әкесiне:

– Егер қалмақтың ханы қарындасыма кiсi жұмсаса, менiң атымды атап үш рет айқайла, мен есiтемiн де жылдам жетемiн, – дейдi.

Көгентүп арпа орып жатқанда оның қарындасы он беске толады. Iзiнше Тоқбураның жендеттерi келiп, бiр қой мен қызды алып кетедi. Қапаланған әкесi бар даусымен “Көгентүп” деп айқайлайды. Оның дауысын Қарнақтағы Көгентүп есiтiп, бiр уыс арпаны жұлып алып:

  “ Я, құдайдың мылтығы ұрсын,

  Тоқбура қалмақты арпаның қылтығы ұрсын, – үф-үф-үф” деп уысындағы қылтықтарды үрлеген екен деседi.

Елiне келсе Тоқбура қалмақ өлген екен. Ел iшi қуанышты. Ауылдың бес-алты әулиесi Тоқбура қалмақты мен өлтiрдiм деп өзара таласуда екен. Көгентүп оларға болған жайды баяндап бередi.

Ақыры ел жиналып өлiктi сойып көредi. Байқаса Тоқбураның жүрегiне бiр уыс арпаның қылтықтары барып қадалған екен. Мұны көрген халық Көгентүпке бас иедi. Өзге әулелер жерге қарайды.

Содан берi ол Көгентүптi Оқшы-Ата атап, оны әулие санаған. Дүниеден өткенде қастерлеп жерлеген, басына әсем белгi қойған. Мазар басындағы жазуға қарағанда шын аты – Ибраһим шайхы. Көгентүп – лақап аты. Оқшы Ата – ел қойған атауы. Шамамен ХVІ ғ. өмір сүрген деп көрсетілген”. Бұл кезең қазақ пен қалмақ жауласқан уақыт болуы керек. Бірақ кесенеде ХI ғ. ескерткiшi деген жазу бар, соған қарап мен бұл кезең Оғзы заманы болу керек деген тұжырымға келдiм, бiрақ жерглiктi халық жоңғар шапқыншылығымен байланыстырады екен. Қазiргi кезде елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен, жан-жақтан адамдар келiп, ол кiсiнiң кесенесiне барып “Диқан әулие”, “Киелi адам” деп тәубе етедi. 

Жергiлiктi диқандар көктемде егiс жұмысын бастар алдында сол жерге барып мал сойып, құрбандық шалып, құран оқытады. Диқан әулиеден егiс жұмыстары сәттi болып, мол өнiмдi ырысты-берекелi жыл болуын сұрайды (АӨЖМ). 

Ал астық пiсiп, егiндi жинайтын науқанда қазақ халқы “қоян қашты” ырымын жасаған. Бұл “қоян қашты” ырымы – ақ егiстi жинаған кезде жасалынатын едi. Астықты алқапқа жылдам әрi орақшы (орақшы деп – жылдам әрi сапалы, бiр масақ қалдырмай астық оратын адамды айтады –Ә.А.) жiгiт бiрiншi болып түсiп тез-тез астық орып, қалған орақшылардан 10–15 метр алдында жүретiн болған. Ол қалған орақшыларды жiгерлендiрiп, астықты тез орып бiтiру үшiн “қоян қашты” тездетiп соны қуып жетейiк деп алға қарай жылдам жылжып отырған, қалғандары оның соңынан еретiн болған. Осылай астықты жауын-шашын, суыққа қалдырмай, төкпей-шашпай жинап алатын. “Қоян қашты” ырымын жасайтын кезде “асарлататын” кездер де болған. Жағдайы бар егiншiлер мал сойған, жоқтары сүт көже кейде балық асатын яғни барын беретiн едi (АӨЖМ).

Әсiресе Қыдыр атаны қадыр тұту қырмандағы жұмыс кезiнде қатты өрiстеген. Қырман – өте қадiрлi орын саналды, оған әйел жұрты жақындатылмаған, қасына от жағуға, су әкелуге тыйым салынатын. От өрт шығаруы мүмкiн, өйткенi қырманда және оның айналасында жанатын нәрселер көп болады, ал егер су әкелiнсе егiншiлердiң нанымы бойынша астық судай ағып кетуi мүмкiн, қырманға келер алдында дәрет алынып, намаз оқылатын едi.

Астық шөп-шаламнан тазартылғаннан кейiн оны қырманның ортасына үйетiн. Содан соң қырманның қожайындары қырман той жасайды – қой, ешкi кейде жағдайына қарай сиыр сояды. Ақпарат берушiлердiң айтуынша, қырман тойға арнап тек айыр тұяқты мал сойылуы тиiс болды, сондықтан ат пен түйенi соймайтын едi. Ет пiсiрiп, ауылдың құрметтi адамдарын шақыратын, егер ауылда молда, қажы бар болса соларды да шақырады. Молда Құран оқиды, ол және ақсақалдар қожайынға баталарын бередi. Малдың терiсiн молда алып кетедi, ал егер ол болмаған жағдайда, сол ауылдағы жесiрге беретiн болған.

Бауыздалған малдың қанын күректiң iшкi жағына жағып, астыққа бүркитiн болған. Күректi астыққа iшкi жағын батысқа қаратып құбыла жақтан салатын. Диқандардың наным-сенiмi, дәстүрi бойынша қырманда темiрден жасалған еңбек-құралды пайдалануға тiптен жақындатуға болмайтын (АӨЖМ). Себебi бұл тыйым салу ерте заманнан қалдық дәстүр, егiншiлiк пайда болғанда диқандар жердi өңдеуде, астық жинап бастыруда тек ағаштан жасалған құралдарды пайдаланғаннан болуы керек.

Қонақтар тарағанан кейiн тазаланған астықты бiр жерге үйетiн болған, оны “қызыл” деп те атаған. Бұл атаудың шығуының негiзi өте ертеде жатыр, өйткенi астық дақылдарының атасы болып есептелетiн тарының түсi қызыл болғандықтан болуы керек, ал қызыл деп түйiлiп тазаланған бидай, арпа және күрiштi атаған.

Қожайын үйiлген астыққа келiп, төбесiн аздап тегiстейтiн де, дүниенiң төрт жағына сай етiп айқастыра сызық сызады. Содан кейiн “баулау” ырымы жасалады. Ол үшiн қожайын үйiндiнiң қақ ортасынан оны айнала күрекпен сызық сызады. Содан соң “құдай несі­бесі” немесе “құдай сыбағасы” деген  ырымы “аққұла” жасалады. Бұл ертеде егін егетін елдің бұл­жымас дәстүрі болған екен. Қазір мүлде ұмытыл­ған. Бұрын әр егінші өзіне қажетті дәнін сеуіп болғаннан кейін әдейі қалдырылған жерге тағы да бөлек дән себетін болған.  “Аққұла” өсіп, жи­нал­ғаннан кейін жетім-жесірлерге, қайыршыларға және дін жолындағы адамдарға үлестірілген. Бұл елдік дәс­түрден қазақ халқының әр ша­руашылық иелері тек өзінің ғана емес, жағдайы төмен кедей-кеп­шіктер де ұмытпағанын, зор адамгершілік міндеттер атқарғанын көруге болады. Ол үшiн қожайын үйiндiнi айнала жүрiп күрекпен немесе елекпен бiрнеше жерден астықты алады да, оны қырманның жиегiне шашады. Перовск уезiнiң шығысында “аққұла” ырымын жасар алдында қырманның шетiне саздың дөңгелек кесегiн, кейде асқабақты орнатады, оны “қыдыр кесек” деп атайды, аққұла алдымен соның алдына салынады (бұл оның - “сыбағасы”), сөйтiп қожайын қыдыр кесектен жақсылықпен қырмандағы астықтың көбеюiн сұрап – “қырман тасысын” – дейдi.

Аққұла ырымы жасалып болған соң барлығы қырманды тастап кетедi, бұл “қырман түнету” деп аталады, яғни астық түнеп шығуы тиiс. Егiншiнiң нанымы бойынша осы кезде қырманға Қыдыр ата келедi, сол кезде “қырман тасиды”, яғни астық бiрнеше есе көбейедi деп есептеген.

Таң алдында, әлi жарық көтерiлмей тұрып астықты қаптарға құя бастайды. Бұл жұмыс у-шусыз жасалады, адамдар үндемеуге тырысады. Ең үлкенi тiзерлей отырып елекпен кейде ыдыспен астықты қапқа салады. Астықты шығыс бетiнен бастап алады да үлкен кiсi астықты қапқа салған кезде “бисмiлла” дейдi, бiрақ кейбiреулерi астықты бiрiншi салғаннан  кейiн “бiр береке” екiншiден кейiн “екi береке”…. деп салады. Бұдан соң астықты бөлу басталады. Алдын ала  әр он қаптың бiреуiн молдаға бередi – “ұшыр немесе хараж” дiни салығын төледi (АӨЖМ).

 ХIХ ғасырдағы зерттеушiлер жазып қалдырған мәлiметтерде астық түсiмiнен алынатын өнiмнен төмендегiдей салық төлейтiндiктерi көрсетiлген: Мұсылманның жазбаша заңы бойынша “харадж” егіннің түсімінің 1/10 бөлігіне салық салынған…” (Комаров, 1876: 164).

 “Кеусен” деп аталатын ырым да қызықты. Айтушылардың сөзiнен бiздiң түсiнгенiмiз кеусендi, негiзiнен, малшылар яғни егiн екпегендер сұраған. Диқанның кеусендi беру де, бермеуi де мүмкiн едi, бiрақ, әдетте, одан көбiнесе бас тарта алмайтын, бас тартса қоғамның айыптауына iлiнетiн болған. Кеусен ырымы малшылықтың дербес шаруашылыққа айналмаған кезiнде пайда болуы да мүмкiн, ол кезде адамдардың жартысы мал бағып қалғаны егiн еккен, сөйтiп кеусен малшының үлесi болған, ал мүмкiн бұл көшпелiлердiң отырықшыларға  салатын  салығы болуы да мүмкiн.

Бiрақ көбiне диқандар малшылар жайлаудан көшiп келгендерiнде олардың кеусендi сұрауынсыз-ақ өздерi “ақ егiс те”, “көк егiс те” көптiң несiбесi деп беретiн болған. Малшылар да кеусендi алып қарап отырмаған, олар да қарынға салған май, кептiрген құрт-iрiмшiк, қысты күнi соғымнан сыбаға берiп отыратын болған. Тiптен, бұл ырым ХХ ғасырдың 1970–1980 жылдарына дейiн сақталған. Бұрынғы совхоздар мен колхоздардың малын баққан малшылар жайлаудан, күзде Сырдың бойына түскенде диқандар кеусен берген, қойшылар бiр бағылан қозысын немесе ешкiсiн, iрi қара бағатындары қыста соғымнан сыбаға беретiн едi. (АӨЖМ). 

Ат дорба” ырымы да болған, бұл қырманға әлдебiреу атпен келген кезде оның қабына, ат жемдейтiн дорбасына сиятындай астық салып берген.

Астықты қырманнан алып кеткеннен кейiн, әдетте жетiм-жесiрлер, мүгедектер қырманды сыпыратын, сөйтiп қалған-құтқан астықты “қырман түптi” алған (АӨЖМ).

Жаңадан қазылған арыққа немесе арнаға су жiберiлген кезде “арық той” жасалған. Қойды немесе сиырды құрбандыққа шалып, оның қанын арыққа ағызған, содан кейiн су жiбергендiгi жөнiнде орыс зерттеушiсi П.О. Комаров былай деп жазады: “Суармалы арықты тазалағаннан кейін қоғамның барлық мүшелері су жіберместен бұрын, қошқар немесе сиырды бауыздап бата жасап, оның қанын арыққа ағызып дұға жасаған. Содан кейін мал етін асып тамақ жасап барлық қоғам мүшелері бірігіп тамақтанды, ал терілері мирабқа ұсынылады.... » (Комаров, 1876: 164).  Сыр бойы қазақтарының арасында бағзы замандарда жаңа арыққа су жiберген кезде адамды құрбандыққа шалғаны туралы аңызда сақталған. 1969–1971 жылдары Қызылорда облысында этнографиялық зерттеу жүргiзген Қ. Биржанов, бiзге, осы кезге дейiн Қызылорда қаласына су берiп тұрған “Сарқырама” арығының атына байланысты ел арасында мынадай аңыздың сақталғанын  айтады: “… арықты қазып болған кезде, бас бөгеттi ашқан, алайда өзендегi су деңгейi жоғары болғанымен су жүрмей қойған, сол кезде мұрап жиналған халыққа былай дейдi: “…Сiздердiң араларыңызда Тоғанбай есiмдi адам барма, ол өзiн ортақ iс үшiн құрбан ете ала ма…?”. Жиналған халықтан жас жiгiт шығып, өзiнiң атының Тоғанбай екенiн, өзiн халқы үшiн құрбан ететiнiн айтады. Ол өз тамағын орып жiберген кезде қаны арыққа шашырайды, сол кезде су да сарқырай құлайды, сондықтан арықты халық “Сарқырама” атаған…”. Бұл аңыздағы жiгiттiң Тоғанбай деген аты да құлаққа жатық: “тоған” Сыр бойындағы аудандарда су жиналатын қоймаларды атаған. Жетiсуда “тоған” деп бас арықтарды атайды (АӨЖМ). 

Н. Дингельштедтiң мәлiметтерi бойынша Сарқырама арығын XVI ғасыр аяғында қарақалпақтар салған  (Дингельштедт, 1893: 366).

  Ал жергiлiктi қазақтар өздерiнiң ата-тектерi салғанын айтып, жоғарыдағыдай мысалдар келтiредi. 

Сыр бойы қазақтарындағы дәстүрдiң бiрi – “өгiз айдар”. Бұл дәстүр бойынша көктемде егiс жұмыстары басталар кезде бүкiл ауыл диқандары малдары мен ауылшаруашылығына пайдаланатын еңбек-құралдарын ортаға жинап топтастыратын болған (АӨЖМ). 

 Сабантой – бұл халықтық мереке. Күзде диқандар егiндерiн жинап алғаннан кейiн, күз айында тойланды. Қазақтар күздi молшылық пен береке мезгiлi деп, сонымен бiрге диқандарға мейiрiмiн төккен Диқан бабаға алғыстарын бiлдiрген. Бұл той тек егiншiлердiң ғана емес малшылардың да мерекесi. Сабантойдың бұлай аталуын ақпарат берушiлер әртүрлi түсiндiредi: бiреулер “сабан” яғни соқаның атымен байланыстырса, екiншiлерi бидайдың, арпаның, сұлының, күрiштiң дәнi ажыратылған сабағын “сабаны” дейдi, сонымен, ал кейбiреулер “сабан” – “молшылық” “көптiктi” бiлдiуiмен байланыстырады. Бұл еңбек мерекесi Қызылорда обылысында қазiргi уақытта да үлкен жетiстiкпен, табиғат сыйына деген зор құрметпен аталып өтедi. Осы мерекеде диқандар мен бақташылардың жетiстiктерiн бағалап сыйлықтармен марапаттайды, мерекелiк шаралар, бәйге, көкпар, түрлi спорттық ойындар ұйыымдастырылып өткiзiледi (АӨЖМ). Бұл шаралардың кейiнгi ұрпақ үшiн маңызы зор деп есептеймiн. 

Шаймерденова К.Г. “Қазақтардың диқаншылдық кәсiбiнде кездесетiн түрлi рәсiм-кәде, салт-жоралғылар”, ( Шаймерденова, 2001: – 191–201)атты ғылыми жинаққа енген мақаласында диқаншылдық кәсiбiнде кездесетiн түрлi ырымдар мен салт-дәстүр, жоралғылар жөнiнде әсiресе аспан жұлдыздарына қарап диқандардың науқан жұмыстарын жүргiзетiнiн баяндайды. Мысалыға: диқаншылық кәсiбi Қамбар жұлдызымен де байланысты. Бұл жұлдыз күз айларында туып, көктем айында  батады. Қамбар жұлдызы көкте аймен бес рет кездеседi. Алғашқы кездесуi қазан айында болады. Осы уақытта “Сабантой” өтедi. Күн бұл айда  мизамда болады да, жаз кезегiн күзге бередi. Қазақ егiншiлерi осы мизам айын “қазан” деп атайды. Бұл кезде ағаш жапырақтары түсiп, өсiмдiктер уақытша тiршiлiгiн тоқтатады. Пiсiп үлгермеген егiн қырау түсiп, үсiп кетедi. Осындай кезде егiндi “қазан ұрды” дейдi. Қазақ жырларында айтылатын “жер иесi Қамбар-ау, жол иесi Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау” деген сөздер Қамбар жұлдызының кәрiне iлiкпей, мейiрiмiне ие болсын дегенiнен туған болар.

Егiн, шөп пiсiп, мал семiретiн кез – Сүмбiле жұлдыз туған шағы. Сүмбiленiң тұсында бидай үсiп кетуi мүмкiн. Халық арасында “Сүмбiле туса су мұздайды, таразы туса таң мұздайды” деген нақыл осыдан шыққан болуы керек. Ал Үркер жұлдызының тууын астықтың пiсуiмен байланыстырады.

Халық болжамында әрбiр жыл мүшелерiнiң өзiндiк сипаттамасы бар. Мысалы, халықтың болжамынша, мешiн жылының жазы жаңбырлы, күзi құрғақ болады, көктемде күн күркiреп жаңбыр мол жауады, жемiсi көп болады, егiн бiтiк өседi. Қоян жылдарында күн қатты ысып, құрғақшылық болады екен. Сонымен қатар Сыр қазақтары тауық жылын да жақсы атамайды. Ал берекелi жыл деп мешiнмен қатар қой, жылқы, тышқан жылын атаған. Тышқан жылын дән көп молшылық жылы десе, қой, жылқы жылдарын шаруаға  қолайлы, жайлы деп есептеген (АӨЖМ).

Диқандар мен малшылар жаңа айдың тууына қарап та ауа райының шаруаға қолайлы қолайсыздығын болжай бiлген. Егер де жаңа ай туғанда тiгiнен тұрса, шаруаға жайлы деп есептеген, ал шалқасынан туса сол ай суық шаруаға қолайсыз болып қиындықтар әкеледi деп есептеген: “…Жаңа ай – жарылқа, ескi ай – есiрке” – деп тiлек тiлейтiн болған.

Әдетте егiн оруды сәрсенбi “Сәттi күнi” мен бейсенбi күнi бастауға тырысқан. Қазақтар “бұл күнi басталған iстiң әруақытта сәттi түседi” деп есептеген. Ауқаттырақ диқандар астық бастыруға кiрiспес бұрын түсiмнiң мол және бiркелкi болуын тiлеп құрбандыққа аша тұяқты мал сойып оның қанымен қырманды және түрлi еңбек-құралдарды қандаған.

Қазалы өңiрiн мекендеген диқандар “қандау” ырымын екi түрлi жағдайда жасағандарын айтады: бiрiншi – егiн бiтiк болғанда, көз тиедi деп жасаса, екiншiсi – шегiрткеден қорғану үшiн, “Алладан тiлек тiлеген”, тiлектерiн қабыл етсе олар ұшып кететiн болған, кейде қабыл болмаған жағдайда олар егiндi жалмап жеп тып-типыл етiп кететiн болғандығын айтады (АӨЖМ). 

 “Сәттi күнмен” қатар “сәтсiз күндер” де болады деп есептеген. Солардың бiрi Сыр бойын мекендеген Кiшi жүзге кiретiн таз, сарғасқа рулары сейсенбi күндi “сәтсiз күн” деп бұл күнде ешқандай ауыл шаруашылық жұмыстарын жүргiзбеген. Бұл әлi күнге дейiн сақталып келе жатқан ырым (АӨЖМ).

Диқандар төрт түлiктiң мiнез-қылығын бақылай отырып та ауа райын болжап отырған. Бұл жөнiнде Тоқтабай А.,  Сейiтқұлова Ж. “ Қазақтың төрт түлiкке байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерi” атты ғылыми еңбектерiнде жан-жақты дәлелдеп көрсеткен. Мысалыға: жылқы бiр жылдық ауа райын, қой жарты жылдық, түйе екi-үш айлық, сиыр екi-үш күндiк ауа райын сезе алады екен. Жаздың күнi жаңбырдың жауатындығын: “түйе түлiгiн сауып жатқанда, оғаш қылығынан, мысалыға шөксе немесе денесiн тiтiркендiрiп иiмей тұрып алса…, ал жылқы малы түнде тым жиi пысқырынып, айғырлар оқырына берсе… т.б” осындай мiнез- қылықтарынан бiлген. Келер жылы қуаңшылықтың болуын қазақ сиырдың өрiстен қайтқанда аузында шөп болуынан т.б да бiлген (Тоқтабай, Сейiтқұлова, 2005: 66).

“Су – тiршiлiк көзi” деп халық бекер айтпаған, ол бүкiл құнарлық пен молшылық негiзi. Қазақтар судың қасиетiне өте ерте кезден табынған, оған арнап түрлi дiни жоралғылар жасап отырған. Сыр бойының диқандары үшiн көктемде жаңбырдың да орны ерекше болды.

Көктемде диқандар дән сепкеннен кейiн, көк шөп қаулап шыққаннан соң жаңбыр болмай, егiн шықпай, шөптер қурап суды қажет еткен жағдайда, көк тәңiрiсiне жалбарынып, құрбандық шалып, жаңбыр тiлейдi.

Жауын шақыру – дүние жүзiне кең таралған магиялық ғұрыптың бiрi екендiгiн (Абылқасымов, 1992:41) “Жауын шақыру” атты мақаласында атап көрсетедi.  Ол терiмшiлiк, аңшылық, бақташылық, диқаншылық сияқты кәсiп түрлерiмен айналысқан тайпалардың, халықтардың арғы-бергi тарихында көп кездеседi. Қазақтар да өзге жұрттар секiлдi жауын шақыру ғұрпын өзен-судың бойында өткеретiн. Славяндар құдыққа түрлi тағамдарды немесе заттарды тастаса, жауын тез жауады деп бiлген. Кавказдық әйелдер соқаға жегiлiп, өзеннiң кеуiп қалған арнасын жыртқан. Құрбандық әдетте өзен-сулы жерде шалынады. Оның себебi, аталған рәсiмнiң су иесiне, су тәңiрiсiне арналатындығынан болса керек. Малдың бауыздау қаны қолма-қол суға ағызылуы – су тәңiрiсiне жасалған аса iлтипат белгiсi. 

Құрбандық шалатын күн, жер алдын ала белгiленiп, сол орынға халық жиналып, қол жайып бата сұрайды. Ауылдың сыйлы ақсақалы немесе молдасы бата берiп, Құран сүрелерiн оқып, “бисмiлла” деп малды бауыздайды тасаттық бергеннен кейiн шынымен де селдетiп жаңбыр жауатын болған. Тасаттықтың ең басты мақсаты – құран оқып, жаңбыр тiлеу, бұл ғұрып ұжымды (коллективтi) түрде орындалады. Тасаттық зират маңында да берiледi. Ол аруақтар культiмен де байланысты.

Қазақтардағы жаңбыр шақыру ғұрпы екi түрлi орындалады.

1.  Тасаттық беру арқылы (коллективтi түрде).

2.  Жай тасын қолдану арқылы дара түрде. 

 Кейбiр жылдары жаңбыр болмай құрғақшылық болып, диқан қауымына, малшы қауымға қайғы-қасiрет әкелдi. Осындай кезде адамдар Алладан жаңбыр тiлеп “тасаттық” жасады. Тасаттық – араб тiлiнен аударғанда “құрбандық” деген мағынаны бiлдiредi. Құрбандыққа тек аша тұяқты малды яғни сиыр мен қойды шалған (АӨЖМ).

Егінші жұрттың арық пен тоған тазарту, су тоқтату шаруаларын атқарып жүріп, құрбандыққа өгізше сойып, қанын жерге тамызбай, бірден суға ағызып жіберетін ырымы болған. Бұл ғұрыптың су иесінің көңілін тауып, мейірімін аудару, рақымын түсіру мақсатында орындалатыны күмән келтірмейді. Құрғақшылық жылдары өзен- сулы жерлерде тасаттық жасап, малды бауыздап, қанын қолма-қол суға ағызуды су тәңірісіне жасалған аса ірі ілтипат белгісі деп ұққан абзал.Су иесі туралы түсінік байырғы кезеңдерде шыққан, ал су иесі - Сүлеймен деу түркі халықтарында ислам кіргеннен кейін қалыптасқан. Бақсы сарындарында ұшырасатын : «Су басында- Сүлеймен, су аяғында - Қорқыт» деген жолдар осындай наныммен ұштасып жатыр.

Қазақ халқының арыстарының бiрi (Сейфуллин, 1964: 172) жаңбыр болмай қуаңшылық болған кезде, адамдардың бұлтты шақыруы, жаңбырды тiлеуi жөнiнде өз шығармаларында былай деп жазады: “… Ертеректе ақ боз жылқының, яки маралдың iшiнен шығатын қызыл тасты бiр ыдысқа салып, үстiне су құйып, арбау шақыруды оқиды. Егерде дем алып оқыса күн жайламайды-мыс, қызыл тастың зорлығы асықтай болады-мыс. Атын “жайтас” дейдi. Осы тасты қариялар қолына алып:

  Тақ Сүлеймен, Сүлеймен,

  Cенен медет  тiлеймiн!

  Ат басындай ақ бұлт,

  Алла сенен тiлеймiн.

  Қой басындай көк бұлт,

  Қожам, сенен тiлеймiн,

  Қоғалы көлдер құрыды,

  Құба жондар шөлдедi.

   Қолдан қара жауын бер,… деп тiлек тiлеген.

Ал орыс зерттеушiлерiнiң бiрi И. Кастанье “Из области киргизских верований” атты еңбегiнде: “…Шежiрешi Әбiлғазы түрiктердiң “яда” немесе “джада” тасының кереметтiгi ол жауын жаудырып, күн күркүретiп, найзағай ойнататынын, ал қазақтарда оны “жай тасы” деп атайтынын жазады (Кастанье, 1915:51)

Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этнографиясын зерттеген этнограф, зерттеушi А. Диваев “Призыв ветра” деген мақаласында: “… Диқандар қырмандағы астықтарын суырып тазалап алулары үшiн “Жалаңаш атаға”(Желдiң иесi делiнедi – Ә.А.) жалбарынып, тiлек айтып жел шақыруын сұрап өтiнген:

  “…О, Жалаңаш ата,

  Шақыр, шақыра гөр желiңдi, 

   Қара тұмандай түйiлсiн

  Борандатып желдетсiн…” ( Диваев, 1892: 201)

Қорыта келе қазіргі жахандану заманында ата-бабаларымыздың бізге қалдырған рухани құндылықтарымызды зерттеп – зерделеп жазып қалдырмасақ ұмытылып, жоғалып бара жатыр. Тағы бір себебі осы егіншілікке байланысты наным-сенімдер мен ғұрыптарды білетін адамдардың өмірден озып азайып бара жаткандығында.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Кармышева Дж.Х. Земледельческая обрядность у казахов // Древние  верования и культы народов Средней Азии. – М., 1986. –С. 47–70.

2.  Алтаев Б.Ә. Оңтүстiк қазақтарының егiншiлiкке байланысты дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары (тарихи-этнографиялық зерттеу): Т.ғ.к. … диссертация. – Алматы, 1994. – 194 б.

3.  Қабуснама (Өзбек тілінен аударған Т. Айнабеков). – Алматы: Балауса, 1992. – 160 б.

4.  Қоңыратбаев Т. Ертедегi ескерткiштер. – Алматы: Өнер, 1996. – 272 б.

5.  Дингельштедт Н.Н. Опыт изучения ирригации Туркестанского края. Сырдарьинская область. – СПб., 1893. - Т.1. – 513 с.

6.  Комаров П. О нуждах ирригации и обычаях //  ТС. – СПб., 1876. - Т.152.  – С. 164–165.

7.  Шаймерденова К.Г. Қазақтардың диқаншылдық кәсiбiнде кездесетiн түрлi рәсiм-кәде, салт-жоралғылар // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерi : өткендегiсi және бүгiнi. – Алматы: Ғылым, 2001. – 191–201-бб.

8.  Тоқтабай А, Сейiтқұлова Ж,  Төрт түліктің қасиеті (қазақтың мал шаруашылығына байланысты әдет-ғүрыптары). - Алматы, 2005. – 194 б. 

9.  Абылқасымов Б.Ш. Жауын шақыру // ҚР ҒА хабарлары. Тiл, әдебиет сериясы. - 1992. - № 3.  – 41–52 бб. 

10.  Сейфуллин С. Шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1964.  -Т. 6. – 440 б.

11.  Кастанье И. Из области киргизских верований // ТС. – Ташкент, 1915. -Т.555. – 591 с. 

12.  Диваев А.А. Призыв ветра // ТВ. - 1892. - № 41. – С. 201

13.  АӨЖМ – автордың өзі жинаған материалдары

References

1. Karmysheva J.H. Zemledelcheskaya obryadnost u kazakhov // Drevnie verovaniya I kulty narodov Srednei Azyi. – M.,1986. – C. 47-70.

2. Altaev B.A. Ontustik kazakhtarynyn eginshilikke bailanysty dasturleri men adet-guryptary (tarihi-etnographialyk zertteu): T.G.K. … dissertatsiya. – Almaty,1994. – 194 b.

3. Kabusnama (Ozbek tilinen audargan T.Ainabekov). – Almaty:Balausa,1992.- 160 b.

4. Konyratbayev T. Ertedegi eskertkishter. – Almaty:Oner,1996. – 272 b.

5. Dingelshtedt N.N. Opyt izucheniya irrigatsii Turkestanskogo kraya.Syrdarinskaya oblast. – SPb.,1893. – T.1. – 513 s.

6. Komarov P. O nuzhdakh irrigatsii I obychayakh // TC. – SPb., 1876. – T.152. – S.164-65.

7. Shaimerdenova K.G. Kazakhtardyn dikanshyldyk kasibinde kezdesetin turli rasim-kade,salt-zhoralgylar // Kazakhtyn adet-guryptary men salt-dasturleri:otkendegisi zhane bugini. – Almaty:Gylym,2001.-191-201-bb.

8. Toktabay A,Seitkulova Zh,Tort tuliktin kasiyeti(kazakhtyn mal sharuashylygyna bailanysty adet-guryptary). – Almaty,2005.-194 b.

9. Abilkasymov B.Sh. Zhauyn shakyru // KR GA khabarlary.Til,adebiyet seriyasy. – 1992. - №3. – 41-52bb.

10. Seifullin S.Shygarmalar zhinagy.Almaty:Zhazushy,1964.-T.6. – 440b.

11. Kastane I. Iz oblasti kirgizskih verovanyi // TS. – Tashkent,1915. – T.555.- 591 s.

12. Divaev A.A.Prizyv vetra // TB. – 1892. - №41. – C.201

13. AOZHM – avtordyn ozi zhinagan materialdary.

А.Ж. АХАНТАЕВА 1
к.и.н., ассоциированный профессор, Казахский национальный аграрный университет,

г. Алматы, Казахстан, e-mail: amina.68.kz@mail.ru, tel: +7775693 31 17

ОБЫЧАИ, ПРИМЕТЫ И ЛЕГЕНДЫ КАЗАХСКОГО НАРОДА, СВЯЗАННЫЕ С ЗЕМЛЕДЕЛИЕМ

Резюме

   В этой статье рассмотрены обычаи, приметы и легенды казахского народа, связанные с земледелием, обработкой земли. Здесь указано, что корни примет и обычаев, связанных с земледелием, относятся к древним традициям.  Меценатом и первым учителем земледелия являлся мифический герой – покровитель земледелия, к которому все поклонялись. Проводятся обряды и традиции, связанные с земледелием, такие как (дно тока) қырман түп, (ночевка на току) қырман түнету, ат дорба, аққұла, кеусен, (Сабантуй) Сабантой, арық той, (жертвоприношение) тасаттық.Например, во время засухи, для того, чтобы пошёл дождь, проводили обряд “жертвоприношения”. Жители сельской местности испускали кровь на арык или на речку, и просили у Аллаха дождя. Чаще всего Аллах исполнял их желание, и шёл дождь.

Ключевые слова: покровитель Земледелия – Диқан баба, дедушка Кыдыр, дедушка Окшы, миф, притчи, обычаи-традиции, дно тока, ночёвка на току, ат дорба, аққұла, кеусен, Сабантуй, арық той, жертвоприношение – тасаттық.

A. ZH. AKHANTAEVA1

Associate Professor, Kazakh National Agrarian University, Almaty, Kazakhstan 

e-mail: amina.68.kz@mail.ru, tel: +7775693 31 17

THE KAZAKH CUSTOMS, TRADITIONS AND LEGENDSRELATED TO AGRICULTURE

Summary

  This articlediscusses about customs and rituals, legends related to agriculture, farming of Kazakh people.It is said that farming beliefs and practices are rooted in ancient traditions.It is said that the patron of the fields and the first trainer of the farmers worshiped the mythical character - the holy Dikan Baba.Due to farming, such askyrman tup, kyrmantunety,horse bag,akkula,keusen,Sabantoi,aryk toi,tasattyk and etc. rituals are performed.For example, during a drought, they were "tasattyk" to cause rain.There the villagers slaughtered animals and drained their blood to the aryk and ask Allah to make rain on their crops.Most often, Allah accepted them and gave them rain.

  Keywords:  Dikan baba, Khidr, Okshy ata, myth, legends, customs, kyrman tup, kyrman tunety, horse bag, akkula, keusen, Sabantoi, aryk toi, tasattyk.

No comments

To leave comment you must enter or register