Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

А.Қ. Аққали¹, Ғ.А. Шотанова², Ф.А. Қозыбақова³

ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: М-С. Бабажанов, Россия, архив, кадет корпусы, хорунжий, этнограф, ғалым, тарих, журналдар, газеттер.
Author:
Аталған мақалада архив қорларында сақталған құжаттар негізінде Орыс географиялық қоғамының үлкен күміс медалімен марапатталған тұңғыш қазақ ғалымы Мұхамедсалық Бабажановтың (1835-1871) өмір деректері, әр жылдардағы қызметі, ғылыми-этнографиялық зерттеу жұмыстары туралы қарастырылады. Сол кезеңде этнографиялық зерттеулерде М-С. Бабажановтың мақалалары елеулі рөл атқарды. Зерттеулердің нысанасы қазақтардың тарихы мен шаруашылығы, кәсіпшілігі болды. Оның этнографиялық еңбектерін алдыңғы қатарлы орыс ғалымдары және өлкетану қоғамдары жоғары бағалады. Сонымен бірге мақалада этнограф М-С. Бабажанов аңшылық, атбегілік туралы, қазақ қоғамындағы ең күрделі мәселелердің бірі – жер мәселесі туралы ой толғамдары қарастырылады. Зерттеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасы (IRN жобасы: AR08855800) шеңберінде жүргізілді. Түйін сөздер: М-С. Бабажанов, Россия, кадет корпусы, хорунжий, этнограф, ғалым, тарих, журналдар, газеттер, архив.
Text:

Кіріспе. Еліміздің тәуелсіздігін алған дейінгі кезеңіндекөп жағдайда нысаналы кейіпкерлеріміздің халыққа мәлім болуға тиісті нәрселердің айқын беті ашылмай келгені шындық. Әр дәуірдің, әр кезеңнің өз шеңберінде көзі ашық, көкірегі ояу, күлі халықтың, қоршаған ортаның жайын ойлаған, қоғамның байыбы мен болашағын зерделеген ойы озық тұлғалардың бірі де бірегейі публицист, географ, экономист, этнограф-ғалым Мұхаммед-Салық Қарауылқожаұлы Бабажанов. Әкесі атақты Жәңгір хан Бөкейұлының қайын атасы, Теңіз бойын билеуші, полковник Қарауылқожа Бабажанов. Бұл тарихи тұлға 1836-1838 жылдары Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне жасаған қаскөйлек іс-әректтері архив құжаттарында хатталғаны белгілі.

Материалдар мен әдістер. Қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті өкілдерінің бірі этнограф-ғалым Мұхамедсалық Қарауқожаұлы Бабажановтың өмір жолы, қоғамдық қызметі және ғылымға қосқан үлесі туралы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив қорында сақталған құжаттар негізінде жазылды. Кеңестік кезеңде баспасөз беттерінде М-С. Бабажановтың өмірі мен еңбегіне арналған бірнеше материалдар жарық көрді. Академик А. Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» (1957), этнограф-ғалым Е. Масановтың «Қазақ халқының Россиядағы этнографиялық зерттелу тарихынан» (1964), әуесқой-өлкетанушы Н.П. Ивлевтің «Шоқанның ізбасары» (1971), «Өлкетанушының тапқандары» (1977), тарих ғылымдарының кандидаты Т.Н. Сенигованың «Қазақ совет энциклопедиясына» жариялаған «Бабажанов М-С.Қ.» (1973), Қ. Ыдырысовтың «Орындалған болжам» (1978), Б. Ысқақовтың «Қапыда үзілген өмір» және Қ. Ыдырысовтың «С. Бабажанов және Европа, орыс ойылшылдары» (1981) атты мақалаларын атап өтуге болады. Ал тәулсіздік жылдары Х. Маданов пен А. Мұсабаеваның «Мұхамбетсалық Бабажанов» (1995),  А.А. Қалмұрзаевтың «Социально экономическое процессы в Букеевском ханстве в середине ХІХ века и их влияние жизнь и деятельности М.С. Бабажанова» атты кандидаттық диссертациясы (2002), Т. Боранғалиұлының «Осы жұрт Бабажановты білеме, екен...» (2014) т.б. еңбектері жарияланды.

Мақалада этнограф-ғалым М-С. Бабажановтың әр жылдары жарық көрген мақалалары негізінде қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, ел басқарудағы патша әкімшілігі тарапынан жүргізілген іс-шаралар, жер қатынастары, қазақ даласынан табылған жәдігерлер, қазақтардың аңшылық кәсіпшілігі туралы жазбаларына ерекше назар аударылды.

Талқылау. ХІХ ғасырда кім және қайда, қай жолмен жүру керек деген тарихи таңдау мәселесінің толғағы әбден жеткен кезде, қазақ халқының озық ойлы азаматтары Россияға үміт артты. Өткен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Орынбор мен Омбыда кадет корпустары ашылып, оларға қазақ шонжарларының балалары қабылданды. Бұратаналардың балалары оқи алатын алғашқы оқу орны Орынбордағы Неплюев әскери училищесі болды, ол кейін Орынбор кадет корпусы деп аталды. 1825-1866 жылға дейін бұл оқу орнын 35 қазақ баласы бітірген. Этнограф, қоғам қайраткері, ағартушы Салық Бабажанов осы кадет корпусының түлегі болатын.

Жәңгір мектебінде тәрбиеленген М-С.Бабажанов Орынбор кадет корпусына оқуға  аттанған сапарын «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» атты еңбегінде «Біздер Жәңгір мектебінде тәрбиеленген едік,  сол кездерде де, қазір де ол кадет корпусына даярлайтын орын деп есептеледі. Бір күні кешке таман біздерді ханға алып келіп, сарай ішіне орналастырып, хан сендерден корпусқа оқуға түсуге ықыластысыңдар ма деп сұрайды деп ескертті. Біздердің балалық жасымызға лайықтап даярлаған, ханның бізге берер қонақасы әзірленген екен. Ол біздерді өте ақжарқын отырып қабылдады және оқуға бару ықылыласымызды сұрап білді. Біздер бірімізден соң біріміз өзімізді таныстырып, ықыласты және дайын екенімізді білдірдік. Бұл 1845 жылдың басындағы қыс еді. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде», – деп еске алады (Бабажанов, 1993: 26-27 б.б.).

1852 жылдың 11 қаңтарында «Этнография бөліміне еңбегімен жәрдемдескені және қазақтардың тұрмысы туралы мақалалар мен әр түрлі этнографиялық бұйымдар бергені» үшін Орыс географиялық қоғамының үлкен күміс медалімен марапатталған тұңғыш қазақ ғалымы және қоғамға Ш.Ш. Уәлихановтан кейінгі мүше болған екінші қазақ. Қазақ зиялыларының жаңа ұрпағының, қазақ қоғамының топырағынан шыққан, нақты тұрмыс арқылы етене байланысты аса көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұраларының алатын орыны ерекше болды. Бұл ең алдымен қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы Ш.Ш. Уәлихановтың туындыларына қатысты. Оның еңбектері Қазақстанның, Орта Азия мен Шығыс Түркістан халықтарының тарихына терең ынта-ықылас білдірілуімен ерекшеленеді. Ш. Уәлихановтың ізін ала саңлақтардың бір топ шоғыры Ы. Алтынсарин, М. Бабажанов, С. Жантөрин, М. Бекмұхамедов, Т. Сейдалин т.б. есімдері жалғастырды. Олар сол тұстағы әр түрлі басылымдар мен мерзімді баспасөзде қазақтардың сан алуан өмірі мен қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін, кәсібін жан-жақты бейнеледі.

Халқымыздың ХХ ғасырдың орта тұсындағы қоғамдық-саяси ой-пікірінің даму тарихында елеулі орын алатын тұлғалардың бірі – Салық Бабажанов. Оның қысқа өмірі мен қызметі сол кездің өзінде-ақ көптеген орыс ғалымдары жылы пікірлерін білдірген болатын. Ұлы ағартушы-ғалым Ш.Ш. Уәлиханов және орыс ғалымдары Н.И. Небольсин, В.Н. Харузин, В. Плотников, В.В. Григорьев оның қарым-қабілеті мен қызметін жоғары бағалады. Мысалы, Ш. Уәлиханов 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде «1860 жылы «Северная пчелада» жас қазақ Бабажанов мырзаның Бөкей ордасындағы татар мектебіндегі ілімнің барысын қарапайым тілмен айқын сыпаттаған. Бұл фактының ұтымдылығы Бабажанов мырза Мұхамметтің үмбеті, әрі «Северная пчеланың» тілшісі болғандықтан, мұсылмандықтың туын ұстаушы ретінде татардың ағарту ісіне қас емес шығар деген ойдамын» десе (Шоқан, 1985: 151-152), этнограф-ғалым Павел Иванович Небольсин  1860 жылы «Русский вестник» журналының 29-шы санында жазған мақаласында сахара ұлы С. Бабажановты былайша сипаттайды: «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі – қара торы. Бота көзді. Шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін еркін меңгерген. Сөздері өткір әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде, қызып кетіп, еркін көсіліп, шешен сөйлейді. Шыққан тегінің қожа болуына қарамастан, Неплюев кадет корпусында оқып, білім алған, казак-орыстардың әскери үлгіде тігілген киімін киеді. Әңгімелскен кезде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі – біздің бәрімізге ортақ кесел – біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былығы болса, екіншісі – надандыққа толы татар насихатының  қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды құранға қосып, халықты бұзып, аздыруы еді» (Ысқақов, 11 б.). Орыс шығыстанушы-ғалымы П.И. Небольсин Шоқан Уәлиханов пен Салық Бабажановтың қызметтерін жоғары бағалады. Ол Ішкі Ордадағы қазақтың жас қоғам қайраткері С. Бабажановтың еңбектерін бақылап, әрдайым көмек қолын созып, оның мақалаларын жариялауға жәрдемдесті (Зиманов, 1960: 443). Ал шығыстанушы-ғалым В.В. Григорьев прогресшіл С. Бабажановты «аса қабілетті және тамаша білімді адам» деп бағалады (Ысқақов, 1981: 12). Бұл ғалымдардың этнограф-ғалымға берілген шын, дұрыс және әділ бағалары деп білеміз. Салық Бабажанов жан-жақты тамаша білімді, шығыстанушы-ғалым В.В. Григорьевтен дәріс, тәлім-тәрбие алған және жақын достық қатынаста болды.

Мұхаммед-Салық Қарауылқожаұлы (толық аты-жөні Хожа Мұхаммед-Салық) Бабажанов 1832 (кейбір деректерде 1830, 1831, 1834, 1835) жылы Ішкі Бөкей ордасында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы) дүниеге келген (Қазақстан, 1999: 28, 168 бб.). Ал кейбір деректерде С.Бабажановтың туған жері Атырау облысы, Исатай ауданының аумағындағы әкесі Қарауылқожаның қоныстанған мекені Забурыннан Нарынға қарай 10 шақырым жердегі Қарауыл төбе делінеді (Батыс Қазақстан, 2002: 22 б.). Күні бүгінге дейін талас тудырып келе жатқан мәселенің бірі С. Бабажановтың туған жылы мен қашан, қандай жағдайда қайтыс болғандығы жайында. Н.П. Ивлев пен Х. Мадановтың жазуынша 1830 жылы, Т.Н. Сенигова 1832 жылы, М. Ысмағұлов 1831 жылы, ал Т. Боранғалиұлы 1834 не 1835 жылы туған деп есептейді.Бұл мәселеде С. Бабажановпен танысқан П.И. Небольсинның оның «жасы 25-те» деп айтуы шындыққа сай келеді деген ойдамыз. Олай болса Ш. Уәлихановпен құрдас болып шығады. Шоқанның 1864 жылы жазған жазбасында «жас қазақ  Бабажанов» деп жазуы осындай ойға жетелейді.

Салық бастауыш білімді өз ауылында алады, 1841-1845 жылдары Хан ордасындағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға береді. Салық Қарауылқожаұлы кадет корпусының Азиялық бөліміне қабылданады. Бұл бөлімде патша үкіметінің әкімшілік орындары мен әскери мекемелерде жұмыс істейтін тілмаштарды дайындайтын. Аталған оқу орнында оқыған жылдары М-С. Бабажанов Орынбор қаласындағы кітапханалардан сирек кездесетін кітаптарды алып оқыды. Ол сол тұста Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.В. Григорьевтің еңбектеріміен жақсы таныс болды. Кадет корпусының бекітілген оқу бағдарламасынан тыс тарих, археология, этнографияға қатысты кітаптарды көп оқыды. Жас Салықты туған өлкесі Еділ мен Жайық өзендерінің бойларын мекендеген елдердің тарихы мен тағдыры қызықтырды.Орыс тарихшылары Н.М. Карамзин, М.В. Щербаков, И.И. Голиков, Ф.И. Миллердің шығармаларымен де таныс болды. М-С.Бабажанов сонымен бірге сол кездегі Орыс географиялық және археологиялық жазбаларын, Санкт-Петербург, Орынборда жарық көріп тұрған мерзімді баспасөздерді, газет-журналдарды оқып отырды. 1851 жылдың қазан айында М-С.Бабажанов Орынбор кадет корпусын ойдағыдай аяқтады. Оған хорунжий әскери атағы берілді.

1852 жылдың 11 қаңтар күні хорунжий М-С. Бабажанов Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыженскийге жазған қатынас қағазында Ішкі қырғыз (қазақ) ордасын басқаратын Уақытша  басқару кеңеске қызметке алу туралы өтінішін білдіреді (ҚР ОМА. 725: 1). Орынбор шекара комиссиясының басшылары тарапынан оқуын үздік бітірген талапты жас офицер М-С. Бабажановты өз қарамағындағы қызметке қалдырылды (ҚР ОМА. 5585: 3, 6). Ішкі Орда істерін Уақытша басқару кеңесінің стат-кеңесшісі Ващенконың 1852 жылдың 23 ақпанда М-С. Бабажанов туралы берген мәліметі бойынша «білімді жас, ордалықтар арасында беделі жоғары, әділдігіне келетін болсақ, Ордаға келіп қызметке тұрса, ол бірден депутат лауазымын алуға лайықты», - деп оң пікір білдіреді (ҚР ОМА. 5742: 18).

1852 жылдың жазында дүниеден өткен Жәңгір ханның зайыбы, Мұхамедсалықтың апасы Халима қайтыс болды (ҚР ОМА. 5572: 1-3). Одан қалған дүние-мүлікті ағайын-туғандарына бөліп беруде басы-қасында болсын деп Орынбордан Мұхамедсалықты  шақыртады. Ол қызметінен демалыс алып, ауылына аттанады. Бұл демалыстан кейін қайта демалыс алып, Орынборға 1853 жылдың 29 шілдесінде оралған. Өкінішке орай С. Бабажановтың туған жеріне екінші рет ұзақ демалысқа бару себебі туралы архив құжаттарында мәлімет жоқ.

Өкінішке орай 1853 жылы жан-жақты білімді жасты көре алмаған қызметтес Орынбор казак-орыстарының офицерлері оған жала жауып, қызметінен босаттырады. Орынбордағы жұмысынан босаған оны қудалады, кейін Бөкей ордасына жер аударады.Орынбордағы қызметінен еш себепсіз алыстатылған болашақ этнограф-ғалым еш мұқалмады. Керісінше алыс жатқан туған өлкесінің саф табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне деген ерекше құштарлығы артты. Бұл жерде ол түрліше кеңсе қызметтерін атқарды. Патша үкіметі органдары оның соңына Алексеев есімді подхорунжийді тыңшы етіп салып қояды. Бірақ екеуі кейін жақын дос болып кетеді. М-С. Бабажановтың Хан ордасында отырып жазған мақалаларын ол Астраханда шығатын  «Волга» газетіне апарып бастырады. Сөйтіп М-С. Бабажановтың біраз мақаласы оның қолынсыз жарияланып, жарық көрді.Кейінгі жылдары Орынбардағы өкімет орындары М-С. Бабажановқа қайта  сенім көрсете бастады.

1854 жылы Ішкі қазақ Ордасын басқаратын Уақытша Кеңес ұйғаруымен ол Теңіз жағалық қазақтары депутаттығына тағайындалды. Оған сотник атағы беріліп, 1855-1861 жылдары Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол осы қызметінде жүргенде көп жерлерді аралайды. Соның нәтижесінде ел өмірі, халықтың тыныс-тіршілігімен жақын танысады. Бөкей ордасына Санкт-Петербург пен Орынбордан ғалымдар да келіп тұратын. Олар Бөкей ордасы туралы мақалалар жазарда көзі ашық, сауатты әрі жергілікті халықтың тілін, тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрыптарын, салтын жақсы білетін этнограф М-С. Бабажановтан көп нәрсені сұрап алады, материал жинап қоюды тапсыратын.

Территориялық аймаққа байланысты Ішкі Орда қазақтарында 1855 жылы әртүрлі жалған өсек өршіп, толқу пайда болды. Бұл ушыға берсе, ашық көтеріліске ұласуы мүмкін деген қауіп туындап Орынбор және Самара генерал-губернаторы ескертіп, «Ішкі Ордадағы толқуларға қатысқаны үшін» Мұхамедсалықтың ағалары Мұхамеджан мен Мұстафа Бабажановтарды тұтқынға алады (ҚР ОМА. 5934: 3). Оларды тергеп-тексергеннен кейін, «Ішкі Орда қазақтары арасында зиянды өсек таратқандықтан»әкімшілік шара қолданып, Батыс Орал ордасына жер аударды. Олардың соңдарынан жанұялары да бірге көшеді (ҚР ОМА. 6297: 20-21). Бұл оқиға байланысты Астрахан қаласында «қасақана қоздырушы» деген күдікпен ағаларымен бірге Салықта қамауға алынады. Оған жүргізілген тексеру кезінде бұл күдік дәлелденбеді. Тұтқындау барысында қоптеген қағаздар алынып, оларды тексеру барысында «үкімет алдында  ешқандай да ой мен қимылдың оғаштығы табылмаған» екен. Ішкі Орданың Уақытша Кеңес төрағасы полковник Герн генерал-губернатор В.А. Перовскийдің рұқсатымен М-С. Бабажановты босатып, Хан ордасына шақырып, оны кеңесшілікке тағайындайды. Бірақ көп уақыт өтпей ол Батыс Оралға кетуге рұқсат сұрап, ағаларымен бірге тұруға және олардың шағырағына түскен қайғыларына ортақтасып, және жаға жерге қоныстанып, оларға көмектескісі келетінін білдіреді (ҚР ОМА. 5934: 8). Әкімшілік тарапына бұл тілектері қабылданып анасы Жәмила Піралиева мен өгей шешесі Ұлбибі Дәнісмендовамен  бірге «жазықты» болып айдалған ағаларының артынан аттанды. Кейін, Мұхамедсалыққа әкімшілік тарапынан оң көзқарас қалыптасуына орай, ол тағы да Хан ордасында кеңесші болып жұмыс жасады.

1860 жылдың 9 желтоқсан күні Нарын құмындағы Орда да жазған жазбасында Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін қазақтардың жаңаша даму кезеңі басталды, сонымен қатар бұл кезең Жәңгір бастамаларынан өзгеше қасиеттерге ие болды деген пікірі білдіреді. Ордадағы сол тұстағы қоғамдық жағдайды былайша сипаттайды: «Бұл уақытта халықтың ойында жаңа сұрақтар тұрды: орданы кім басқарады деген сұрақ еді. Оны қалай басқарады? Кім бірінші болады деген мәселенің төңірегінде беделді адамдардың өзара жанжалы мен ұрыс-керісі басталды. Адамдар көзқарас пен пікір және көздеген мақсаттарына қарай, партия-партия болып бөлініп кетті» (Бабажанов, 1993: 65). 1845 жылы Жәңгір хан өлгеннен кейін хандық өкімет жойылды. Хандықтың орнына Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңес құрылып, оған патша шенеуніктері басшылық етті.

Уақытша кеңеске бір кеңесші мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан тағайындалды. Бұл орынға ханның бұрынғы кеңес ісін басқаратын Матвеев бекітілді. Кеңеске тағайындалған патша әкімшілігі шенеунігінің басқалардың дауысы қанша болса, министрліктің кеңесшісіне сонша дауысқа ие болуға орынборлық әкімдер құқық берді, оның дауысы барлығын жеңіп жүре беретін болды. Бұның бәрі сайып келгенде, халық біліп, барлығы соның сөзін сөйледі. Соның салдарынан олар да өзара бөлінісіп, тіпті орда халқы партиялық жікке бөлініп, ет жақын нағыз туғандарына да қарамай, бір-біріне қарсы қастандықтар жасады. Халық топтарға бөлініп, айтыс-тартыс өршіді. С.Бабажанов сол кезеңде Уақытша кеңесте қызмет еткен орыс шенеуніктерінің қоғамдық-саяси қызметтеріне жан-жақты сипаттама берген. Мысалы Матвеев туралы былай дейді: «Кеңестесу кезінде дауыстың көбі азамат Матвеев жағын қолдап кеткендіктен және ордалықтардың ұрыс-керісіне араласпайтындықтан  одан әділ шешім, жазалау мен арашалау күтіп, барлық аймақ адамдарының өазара кектескендері арыз айтып Матвеевке баратын болды. Осындай хаос-ауада екі жақтың арыз айтып бірін-бірі ғайбаттаушы адамдарға Матвеев те ештеме істей алмай, шындығы қайсы, өтірігі қайсы екенін ажырата алмай қоятын. Шындықты ажырата алмау себебі оның өзі қазақша түсінбей, ал тілмаштар әр кезеңде жиі-жиі қарсылас партиялардың бірінің ықпалында кетіп, істің дәл дұрыс жағын орысшаға дәл аудармады. Өстіп жүргенде артына ешқандай да жарқын қасиет тастамастан Матвеев те о дүниеге аттанып кетті», - десе, оның орнына келген Кондарицкий туралы «Ол қайырымды адам сияқты, іс жайын талқылап және шешім қабылдағанда әділдік танытқан болады, бірақ барып тұрған формалист болып шықты, барлық кеңсе іс қағаздарын және оны тәртіпке салу жағын қолға алған мұқият адам ретінде танылды. Көптеген істерді тергеу жолымен шешуді ұйғарды. Бұдан қазақтар қатты шошыды. Қазақтар бұл уақытқа дейін орда төңірегінде ешқандай сот-мот дегенді білген емес: біздерде ондай сөз сөйлеу тілімізде де кездеспейді, біздер ондай сөздің барын тек көрші уездердегі сот арқылы білетінбіз» деп жазды. Кондарицкий қайтыс болған соң оның орнын басқан стат-кеңесшісі Ващенко туралы С. Бабажановтың пікіріне назар аударсақ «...қатыгез, өз айтқанын екі еткізбейтін бәрін де, барлығын да кірпі түкті биялайда қысып ұстайтын, бәрінен, тіпті барлығынан аулақ жүретін азамат Ващенко лауазым иелерінің қылмыс жасайтындарына ерекше көңіл аударды, сонымен қатар әдеттен тыс іскерлікпен барлық матасқан түйіндерді шешіп, тарқатуға және өсек-аяң ісін анықтауға кірісті. Өз жұмысында ол іскер болды, орданың лауазымдық қызметінде отырғандардан да іскерлік талап етті. Ол барлық істелген жұмысты қағазға түсіріп отырды, арыздың барлық түрлерін жазбаша беруді талап етті. Мұның өзі оған істі дұрыс шешіп, оң көзбен іс атқаруға себепші болды». Ващенко өз кезегінде қарсылас партиялардың басшыларының біразын талқандады, төтенше кірісіп сұлтандардың құқын әлсіретіп, біразын жойып жіберді, барлық билікті өз қолына алды. 1853 жылы Ващенко жұмысынан кетіп, оның орнына полковник Иванин келіп қызмет етті. Ол туралы «... шыншыл да қайырымдылыққа бейім және гумандық көзқарасы бар, бірақ уақыт-уақыт өзгеріп құбылып тұратын, бірде тым сезгіш, бірде тым секемшіл адам болып шықты. Оның бар көңіл қойған мәселесі Орда ішіндегі мал басына түсетін салықты бәрінен бірдей жинау болды, қазақтарды жерге орналастыруда жайылымдықтарды керегінше бере отырып, көршілердің басшыларын және тұрғындарын қыспа таяққа салмау үшін мал жайлымнан қақпайлау жағын да қарастыра білді. Барлық осы сияқты және де басқа мәселелер жөнінде азамат Иванин көптеген пайдалы бастамалар қабылдады, бірақ та барлығын аяқтап үлгере алмай, 1856 жылы Орданы тастап кетті», – деп әділ бағасын береді. Иваниннан соң Ващенко қайта оралды. Осы кезеңде орданы басқарып отырған қазақтар лауазымы таратылды. Ал бұл орынға орыс шенеунігінің бір адамы бекітілді. С.Бабажановтың жазуынша Ордаға қайта қызметке келген Ващенко тарапынан бұрынғыдай кез-келген арызды қағаз жүзінде беруді керек деп те таппаған. Ващенко қазақтарға мүмкіндігінше болысып, сот ісінде олардың талап-тілектерін қанағаттандыруға жәрдем көрсетуге ерекше көңіл бөлген.

Өзіне мінездеме берген бұл патша шенеунігі туралы «Ващенконың қатаңдығы  мен әділдігі қазақтарға белгілі еді, ал көптеген қазақтарды жақсы білгендіктен  де оның алдына өмірде болмаған өтірік  пен жаңадан басқаша өсек-аяң айтып баруға ешкімнің батылдығы жетпеді. Ордада барлығы дерлік тынышталып, әрқайысы тыныштық күндерінің жұмыстарымен айналысып кетті. Жастарға білім беру және халықтың іске деген икемділігін дамыту жолында Ващенко айтарлықтай ерен күш көрсетіп, ештеме тындырмай, өзінің тиісті жылын өтеп, ол зейнеткер ретінде қызметтен кетті», – деп жазды (Бабажанов, 1993: 66-71). Білімге ерекше көңіл бөлген этнограф-ғалым Мұхамедсалық Қарауылқожаұлы  «дамып бара жатқан адамзат санасындағы ең білімді деген адамдардың талап-талпынысы, көптеген ең басты басқа мәселелер енді біздің қазақ халқын  өмірге және өмірдегі қатынас-қозғалыстарға оң көзбен қарауға жетеледі» деп көргендікпен жазып қалдырды.

1866-1871 жылдары Ішкі Орданың Қамыс-Самар бөлімшесінің басшысы қызметін атқарды. Бұл қызметінде де Еділ, Жайық, Орал бойларын, Каспий жағалауын жайлаған казак-орыстардың арасында көп болды. Олардың тарихы, тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін өте жақсы білді.

Тарихшы, этнограф, ағартушы, Орыс императорлық Археология, тарих және этнография қоғамының толық мүшесі, Астрахан және Орынбор губерниялары ғылыми архив комиссияларының мүшесі А.Е.Алекторовтың халқымыздың мәдениеті тарихына қатысты 1900 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Қырғыздар туралы кітап, журнал және газеттердің мақалалары мен жазбаларының көрсеткіші» атты библиографиялық еңбегінде М-С.Бабажановтың кейбір мақалаларына қысқаша түсінік берген (Исатай ауданы, 2008: 191-192). 1864-1871 жылдар аралығында М-С. Бабажановтың «Северная пчела» газетінде – 3,1864 жылғы «Императорского Русского географического общества» журналының этнографиялық жинағының VІ шығарылымында – 1, «Известия Императорского Русского географического общества» ғылыми-географиялық журналында – 1, «Деятельность» газетіне – 2, «Коневодство» журналында – 2, «Охота» журналының 1871 жылғы №№6, 7, 11, 12 сандарына мақалалары жарияланған. Бұл библиографиялық еңбекте М-С. Бабажановтың 1868 жылғы қоғамдық-саяси «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде жарияланған «Сырдария бойындағы № 1 форттың маңынан табылған көне қаланың орны» атты, Астрахан қаласынан шығатын «Волга», Ташкенттен жарық көрген «Түркістан уәлаяты» газеттеріндегі мақалалары енбей қалған.

1860 жылдың шілде-тамыз айларында М-С.Бабажанов қазақ депутациясының құрамында Петербургте болып, орыс империясы астанасының көп жерлерін аралады. Ол сол сапарында астананың көрнекті ғалымдары, ақын-жазушылармен танысады. Олардың ішінде П.И. Небольсон, П.П. Семенов Тянь-Шанский, Ш.Ш. Уәлиханов та бар еді.

Б. Ысқақов өзінің жоғары да аталған мақаласында атап өткендей қазақ депутациясының Петербургке келген кезінде, Ш. Уәлиханов Петербургте болады. Қазақтардың астанаға келгенін естіп, Шоқан оларды іздеп барып, жолыққан тәрізді. Өйткені, ол өзінің сол жылғы 9 тамызда Петербургте жүріп, Сырымбеттегі ата-анасына жазған хатында былай дейді: «Мұқан сұлтан бастаған Орынбор сұлтандары депутациясының Петербургке келгеніне бір апта болды. Олар 8-9 адам. Бүгін олар Императордың қабылдауында болуға тиіс. Олармен бірге тілмәш ретінде қазақ сұлтаны, офицер Әлмұхамед Сейдалин де келді». Бұған қарағанда оның қазақ сұлтандарымен, М-С.Бабажановпен сөйлескені не сөйлесе алмағаны белгісіз деген пікірін білдірген (Ысқақов, 1981: 12). Бұл сапар туралы «Ауылымызға қайтар жолда Мәскеуде үш тәулік болып, содан соң елге Рязань, Тамбов, Царицын және Қара-Жер қалалары арқылы оралдық; 3 қыркүйекте ордалықтардың жер мекенінің жиегін бастық, ал мен Кіші Боғда тауына жақын тұрған өз ауылыма жетіп, сонда қалып қойдым. Мен Мәскеуде үш тәулік болып, пайдалы ештеме тындырғаным жоқ, мағынасыз өтті. Тек қана бір рет Үлкен театрда болдым, өз ауылдастарыммен бірге аралап, театр ғимаратының үлкендігіне таңғалып қоямыз», – жеп жазды.

Нәтижесі. Қазақтардың этнографиясы жөнінде М-С. Бабажанов  елеулі зерттеу жүргізді.Салық Бабажанов 1862 жылдың 18 маусымда Жалғызшағыл деген жерден әйелдің қолдан қашап жасалған тас мүсінін тауып, Хан ордасындағы өз үйіне алып келеді, өзінің ауласына қойып, оған толық сипаттама жазып шығады. Ол жазған сипаттама бойынша табылған әйелдің тас мүсінінің ұзындығы 2/3 аршин, ені – ¾ аршин, мүсін отырған әйелді бейнелейді. Автордың пікірі бойынша тас балбал тас қалмақ не моңғол дәуіріндегі мүсін және де айналасынан қола жебе, ыдыс-аяқтардың сынықтары мен қалдықтары табылған.Табылған олжаға Орыс императорлық географиялық қоғамы қатты қызығушылық танытып, М-С. Бабажановтан қазақ сахарасынан табылған тас мүсінді аталған қоғамға жіберуді өтінеді. Қоғам өз тарапынан оған қазақтың ертегі-аңыз, өлең-жырлары мен мақал-мәтелдерін жинауды, сондай-ақ қазақтың халықтық емдеу жүйелерін жазып жіберуді тапсырады. М-С. Бабажановтың бұл тапқан этнографиялық бұйымдары мен археологиялық заттары қоғамның музейіне қойылады, кейін Эрмитажға тапсырылған. Батыс Қазақстанды зерттеуде М-С. Бабажанов елеулі рөл атқарды. Зерттеулердің нысанасы  қазақтардың тарихы мен шаруашылығы, кәсіпшілігі болды. Оның этнографиялық еңбектерін өлкетану қоғамдары жоғары бағалады.

Ол қазақтар мен казак-орыстардың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасын салыстыра келіп, «Оралдық казактардың Ішкі орда қазақтарымен жанжалы» мақаласында  Қосөзенаралығы, Қамыс-Самар көлі және көлдің оңтүстік бөлігіндегі құмайтты-сортаң жер телімі талас-тартыс аймағы екендігін туралы айта келіп екі жақтың да бұл жерді пайдалануға құқы бар екендігін, дегенмен қиын экономикалық жағдайларға байланысты қазақтарға берген дұрыс деген пікір білдіреді (Исатай ауданы, 2008: 192). Мақалада казак-орыстар сонымен бірге Ішкі орда да орналасқан Қамыс-Самар және Сакрыл көлдерінен «қазақтардың ата-бабалары балық аулаумен айналыспады» деген желеумен қазақтардың балық аулауына тиым салғандығы да назардан тыс қалмады. Шын мәнінде этнограф-ғалым қазақтардың балық аулауы туралы «Қазіргі уақытта барлық пайдалы кәсіптің түрімен шұғылдана бастаған кезде және өзен-көл бойындағы жайылымдық жерлерді өздерінің көшіп-қону жайлауына айналдырғалы бері, ол суларды өздері меншіктеп, балық кәсібімен айналысуға қазақтардың да толық хұқы бар» екендігін дәлелдеп жазды. Туған халқының балық шаруашылығымен айналысуы мал шаруашылығымен ғана шұғылдану онша тиімді емес және сенімді сүйеніш бола алмайтындықтан балық кәсібімен айналысу қазақ үшін, өмір сүрудің әжептәуір тірегі болатындығын дөп басып жазды. Осыған орай балық шаруашылығын бұрынғыша тек жеке-дара билеуші казактардың пайдалануларына қалдыру әділдік емес және олардың ешқандай ақталу дәлелін керек етпейді, - деп әділдігін жазды.

М-С. Бабажанов аталған мақаласында қазақтардың мүшкіл жәй-күйі, казак-орыстардың шектен шыққан озбырлығы, үкімет шенеуніктерінің көзсіздігі нақты дәйектермен нанымды бейнеленді (Классическая исследования, 2013: 49-58). Ішкі орданың шығыс шекарасында орналасқан Орал казак әскерлері жыл сайын озбырлықтарын күшейті. Осы орайда М-С. Бабажанов: «Шынында мал шаруашылығының кәсіп ретінде дамуы казактар арасында өте мардымыз және олардың қолындағы мал басына шағып есептегенде қазіргі пайдаланып отырған жер көлемінің 1/6 бөлігінің өзі ғана толық жеткілікті», - деп жазды (Бабажанов, 1993: 51).

Қазан төңкерісіне дейін өмір сүрген орыс тарихшысы А. Рябининнің «Казақтардың бітіспес жауы қырғыздар (қазақтар А.А.)» деп жазуы өмір шындығын көрсетеді (Рябин, 1866: 7). Олай болса қазақтар мен Жайық казактарының арасындағы қарым-қатынастың үнемі шиеленісте, тартыста, қанды қырғында болуының өзегі – жер мәселесі еді. Әрбір салынып, орнығып жаткан казак бекіністері қару-жарақпен, түрлі қашқындармен толықтырылып отырды. Оларға Жайық бойынан бірден жер бөлінді. Мұндай саясат қазақ жері есебінен жүріп, оның кең-байтақ көшпелі мекенінен айырды. Орналасып, хал-жайын түзген соң, қаруға сенген казақтар қазақтарды Жайық бойынан мүлдем аластатуға кірісті. Сөйтіп қазақ пен казак-орыс арасында «шекаралық барымта» басталды. Бұл арада алдымен, экономикалық мүддені қорғау басым рөл атқарды. Себебі қазақтар экономикасының ол кезде бірден-бір саласы көшпелі мал шаруашылығы еді. Осыған орай С. Бабажанов Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына наразылық танытқан мақалалар да жазды. Соның айғағы қазақ қоғамында жер мәселесі күрделі жағдайда қалғанын дөп басып жазды. «Жер – қазақтар үшін ең бірінші керек мүлік, негізгі байлық көзі, сонымен қатар өмір сүрулерінің ең басты тірегі, қазақтар тек мал шаруашылығымен ғана айалысады; ал мал шаруашылығы жеткілікті түрде жайылымдық жермен қамтамасыз етілмесе, ешқандай пайда келтірмейді, өсім де бермейді. Қазақтар өнім шығарудың басқа түрін білмейді, сондықтан оларды жалғыз ғана күн көріс көзіне айналған шаруашылықтан қол үздіру қазақтардың құрып, қырылып қалуымен пара-пар. Қазақтардың мал басы жалпы әрбір туыстық ұяға шаққанда, қазіргі халқының әжептәуір өсіп бара жатқан санына сай шамалағанда, күн көрудің қажетті  шегінен әрі асып кетпейді» деген (Бабажанов, 1993: 50) қазақтар тұрмысымен жете таныс Салық Бабажановтың тұжырымы ешбір толықтыруды қажет етпейді. Ал мұндай өмірлік алғышартты патша үкіметі түсінді деу қиын. Өйткені, оның жүргізген саясаты үнемі қазақ жері есебінен іске асты.

Ішкі Орда қазақтары оралдықтармен жер даулап үнемі қақтығысып қалып отырды. Қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы сол кездегі қазына жері деп аталатын жайылымда емін-еркін көшіп-қонып жүруге және шөбін, шалғынын пайдалануға үкіметтен арнай рұқсат алған болатын. С-М. Бабажановтың жазуы бойынша «...Жайықтың ұзына бойы ағысымен казактар Теке-Орал қаласынан Атырау – Гурьев қаласына дейінгі аралықта шаруашылық қамымен айналысып, ұзынша жағалаулық жердің бәрін түгелдей иемденіп алды. Орданың да, әскери топтың да халықтарының саны ол кездерде аз болған соң, бұл екі қоғамдық иелік бастапқы кездерде бір-біріне жақындасып, араласудан қысылып-қымтырылған жоқ. Бұлардың араларында сауда-саттық күннен-күнге күшейе түсті және бір-бірімен араласып тұру қарым-қатынасы басталды» (Бабажанов, 1993: 54-55). Уақыт келе әрқайсысының мақсат-мүдделеріне байланысты, жиірек байланыс жасап, араласу көлденең кедергілер әсерінен күрт тоқтады. Әскери топтың да, орданың да тұрғын халықтарының саны өсіп, көбейді. Осыған орай С. абажанов өз пікірін былайша өрбітеді «Өзен жағалауына бұрынырақ жетіп орын тепкен орал-жайықтық казактар емін-еркін екі араны шарлап көшіп-қонып жүрген қазақтар жайылымын қызғанбай тұра алмады, оларға қазақтар малдары үшін жайылымдарды көбірек қамтып қалуға ертерек кіріскен, бас пайдаларын білетін адамдар сияқты көрінеді. Сондықтан казактар біртіндеп қорқытып-үркітіп, қазақтарды өздерінің иеліктерінен ығыстырып құм мен шөлді далаға қуалап отыр», – деп әділ жазды (Бабажанов, 1993: 55).

1868 жылы этнографтың «Санкт-Петербургская ведомости» газетінде «Сырдария бойындағы  № 1 форттың маңынан табылған көне қаланың орны» атты мақаласы жарық көрді. Оның көптеген мақалалары халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібіне арналды (Рябин, 1866). Ішкі ордадағы аңшылық туралы «Бұрыннан белгілі де, біздің қазақтар тым ертерек кездерден бастап тек қана аңшылық кәсібімен айналысатын, қоғамның балалық дәуірінен алыстап кеткен, сөйте тұрғанымен де біздің жартылай көшпенді ел оқта-текте аңшылықпен айналысудан қашпайтын, тіпті уақыттарын көңілді өткізу үшін де әлдеқандай тағы аңдар аулауға құмартатын... », – деп жазды (Исатай ауданы, 2008: 72). Ол өзінің «Ішкі қазақ ордасындағы аңшылық» атты мақаласында қазақтардың қасқырларды қалай аулайтындығы жөнінде тәпіштеп жазады. Мысалы «Каспий жағалауында  жазда да, қыста да қасқырларды ұстау үшін қақпан құрып тастайды, бірақ қыс күндерінде бұлай аң аулау тәсілін көп қолданбайды, себебі теңіз жағалаулары айлапат жайылымдық орын, онда малдар отығып жайылып жүреді. Қасқырларды аулау тәртібі мен тәсілі біздерде көп жағдайда былай жүргізілді, бірнеше адам алдын ала келісіп алған соң, атқа, түйеге отырып алып, белгіленген уақытта келісілген орынға келеді, сосын қасқырдың ізіне түсіп, олардың қай жерде жүргенін біліп алады да, жан-жақтан қаумалап жүріп аулауға кіріседі. Аңды ашық алаңқайға қарай тықсырып, қазақтар оны ұстап алғанша соңына түсіп не өлтіргенше ізін аңдиды.

Каспий теңізінің жағалауында осы сияқты тәсілмен қазақтарымыздың қасқырды қалай соғып алатынын менің де бір рет көріп куәгер болғаным бар», – деп жазды этнограф-ғалым. Сонымен бірге ғалым теңіз және өзендер жағалауларындағы қазақтардың көпшілігі түз тағысы қасқырларды  аулау ісінде қақпан арқылы жүргізілетіндігін де назарға береді. Қазақ қоғамында қасқыр аулау ерлікке пара-пар іс ретінде ерекше құрметтегені байқалады. Оған дәлел ғалым-этнограф жазбалары болып табылады. Қасқыр ұстаған адамды қазақтар қоғамдық үлкен дәрежеге көтеріп, тамаша жігіт деп мадақтайды. Ордалықтар өздерінің қасқыр соққан жігітін ерліктің ғажабына қол жеткізгенге балап, олар туралы әр жерде айтып, үлкен мақтаныш тұтады деп жазғаны айғақ болады.

Халқымыздың біртуар ұлы, этнограф ғалым жұмбақ жағдайда (ел арасындағы әңгімеде оны казақтар улап өлтірген деседі) 1871 жылы қайтыс болды. Салық Бабажановтың тағдыры Шоқан тағдырына ұқсас еді. Ол да өмірден ерте кетті.Салықтың жан досы Бөкей ордасында елу жылдай ел басқарып, өз заманында озық ойлы, абыройлы, ағартушы, өлкенің оқу-ағарту, мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан Мақаш әкім (правитель) атанған Мұхамбетжан Бекмахамбетов (1830-1904) С. Бабажановтың өлімін естігенде «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші», - деп ауыр күрсінген екен (Мақаштың шешендік сөздері, 2000: 52).

Н.П. Ивлев пен Т.Н. Сенигова Салықты 1898 жылы қайтыс болған десе, ал М. Ысмағұлов пен Қ. Ыдырысов 1871 жылы дүниеден озды деген пікір білдіреді (Ивлев, 1990: 63; Қазақ совет энциклопедиясы, 1973).

Күйші-композитор, сұлтан Дәулеткерей Шығаев 1871 жылы Салықтың қазасына арнап «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарды (Затаевич, 2002: 308). Ал Дәулеткерей 1887 жылы дүниеден озса, 1898 жылы Салықты жоқтаған күйін қалай шығарады деген заңды сұрақ туындайды.

Этнограф Мұхамед-Салық Бабажанов өмір сүрген аз ғұмырында туған халқының ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленіп, оның тарихында өшпес із қалдырған тұлға болып қалды. Мақаламызды ғалымның «Біз өтпелі кезеңде тұрмыз, барлық ақыл-ой жемісінің берген сәулесін қабылдап алуға дайынбыз және соның соңынан бір адым кейін шегінбейміз де» деген пікірімен аяқтағанды жөн көрдік.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 80 б.

Бабаджанов С. Апелляция киргиза к публике. // Северная Пчела, 1860.– №138.

Бабаджанов С. Заметка киргиза о киргизах. // Северная Пчела, 1861.– №14.

Бабаджанов С. Апелляция киргиза к публике, по поводу статьи Русского Вестника, под заглавием «Киргизомания». // Северная Пчела, 1861. – №131.

Бабаджанов С. О каменной бабе, найденной в киргизской степи. // Этнографический сборник Императорского Русского Географического Общества. – СПб, 1864. – Вып. VІ.

Бабаджанов С. Мелкие известия из внутренней киргизской Орды // Известия Императорского Русского Географического Общества. – СПб, 1865. – №6, кн. 1-я.

Бабаджанов С. Спор Уральских казаков с киргизами Внутренней Орды  // Деятельность, 1868. – №109.

Бабаджанов С. Внутренная Киргизская орда // Деятельность, 1870. –

№127.

Бабаджанов С. Охота во Внутренней киргизской орде. // Охота, 1871. – №6, 7, 11, 12.

Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2002. – 592 б.

Букевское ханство – Алматы: «Арыс», 2009. – 496 с.

Затаевич А.В. 500 песен и кюев казахского народа. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 378 с.

Зиманов С. Политический строй Казахстана первой половины ХІХ века – Алматы, 1960.

Ивлев Н.П. Нарынан шыққан білімпаз // Жұлдыз, №1, 1990. – 222 б.

Исатай ауданы. Шежіре. 2-кітап. – Алматы: «Арыс», 2008. – 240 б.

Классическая исследования: Многотомник. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013. – Т.13.

Қазақ совет энциклопедиясы. // Бас редакторы М.Қ. Қаратаев. 2-том. – Алматы, 1973. – 640 б.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (бұдан былай ҚР ОМА), 4-қор, 1-тізім, 725-іс. 1 п.

ҚР ОМА. 4-қор, 1-тізім, 5585-іс. 3, 6-пп.

ҚР ОМА. 4-қор, 1-тізім, 5742-іс. 18-п.

ҚР ОМА. 4-қор, 1-тізім, 5572-іс, 1-3 пп.

ҚР ОМА, 4-қор, 1-тізім, 5934-іс. 8- п.

ҚР ОМА, 1-тізім, 6297-іс, 20-21 пп.

ҚР ОМА, 4-қор, 1-тізім, 5934-іс. 8-п.

Қазақ энциклопедиясы. // Бас редакциясы – ғылыми-анықтамалық баспа: «Қорқыт», 1999.

Лошади и их воспитание во Внутренней киргизкой орде // Коневодство, 1871. – №1, 2.

Мақаштың шешендік сөздері. Жинап құрастырған Берік Қорқытов. – Алматы: «Өлке», 2000. – 720 б.

Рябинин А. Материалы для географии и статистики России. Уральское казачьие войско. Ч. 1-2. – СПб., 1866.

Шоқан Уәлиханов Таңдамалы. – Алматы: «Жазушы», 1985. – 558 б.

Ысқақов Б. Қапыда үзілген өмір // Білім және еңбек, №10 (262). – Қазан, 1981.

References

Babazhanov S. Etnografiyalykˌ makalalar [Ethnographic articles] – Almaty: Kazakstan, 1993. – 80 р. [in Russian].

Babadzhanov S. Apellyatsiya kirgiza k publike [Kirghiz’s appeal to the public]// Severnaya Pchela, 1860. – №138. [in Russian].

Babadzhanov S. Zametka kirgiza o krigizakh [Kirghiz's note about the Kirghiz]// Severnaya Pchela, 1861. – №14. [in Russian].

Babadzhanov S. Apellyatsiya kirgiza k publike, po povodu stat'i Russkogo Vestnika, pod zaglaviyem «Kirgizomaniya»[Kirghiz’s appeal to the public, regarding the article of the Russian Bulletin, entitled "Kirgizomania"] // Severnaya Pchela, 1861. – №131. [in Russian].

Babadzhanov S. O kamennoy babe, naydennoy v kirgizskoy stepi [About a stone woman found in the Kyrgyz steppe]// Etnograficheskiy sbornik Imperatorskogo Russkogo Geograficheskogo Obshchestva, 1864. – Vip. VI. [in Russian].

Babadzhanov S. Melkiye izvestiya iz vnutrenney kirgizskoy Ordy [Small news from the internal Kyrgyz Horde]. Kn. I-ya. // Izvestiya Imperatorskogo Russkogo Geograficheskogo Obshchestva, 1865. – №6, [in Russian].

Вabadzhanov S. Spor Ural'skikh kazakov s kirgizami Vnutrenney Ordy [Dispute of the Ural Cossacks with the Kirghiz of the Inner Horde]// Deyatel'nost', 1868. – №109. [in Russian].

Babadzhanov S. Vnutrennaya Kirgizskaya orda [Inner Kirghiz Horde]// Deyatel'nost', 1870. – №127.

Babadzhanov S. Loshadi i ikh vospitaniye vo Vnutrenney kirgizkoy orde [Horses and their training in the Inner Kirghiz Horde] // Konevodstvo, 1871. – №№1, 2. [in Russian].

Babadzhanov S. Okhotavo Vnutrenney kirgizskoy orde [Hunting in the Inner Kirghiz Horde]// Okhota, 1871. – №№6, 7, 11, 12.[in Russian].

Batys Kazakˌstanoblysy. Entsiklopediya [West Kazakhstan region. Encyclopedia]. – Almaty: Аrys, 2002. – 592 р. [in Kazakh].

Bukeyevskoye khanstvo [Bukey Khanate]. – Almaty: «Arys», 2009. – 496 р. [in Russian].

Zatayevich A.V. 500 pesen i kyuyev kazakhskogo naroda [500 songs and kyuis of the Kazakh people]. – Almaty: Dayk-Press, 2002. – 378 р. [in Russian].

Zimanov S. Politicheskiy stroy Kazakhstana pervoy poloviny XIX veka [The political system of Kazakhstan in the first half of the 19th century]. – Aimaty, 1960.

Ivlev N.P. Narynanshykˌkˌanbílímpaz. // Zhuldyz, 1990. –№1222 p. [in Russian].

Isatay audany. Shezhíre [Issatai district. Genealogy]. 2-kítap. – Almaty: «Arys», 2008. – 240 p. [in Kazakh].

Klassicheskaya issledovaniya: Mnogotomnik [Classic Studies. Multi-Volume edition]. – Almaty: «Ədebiyetəlemí», 2013. –T.13. [in Russian].

Kazakˌ sovet entsiklopediyasy  [Kazakh Soviet Encyclopedia]. // Bas redaktory M.Kˌ. Karatayev. 2-tom – Almaty, 1973. –640 p. [in Kazakh].

Kazakstan Respublikasy Ortalykˌ memlekettík arkhiví [Central State Archive of the Republic of Kazakhstan] (budanbylay KR OMA), 4-kor, 1-tízím, 725-ís. 1 p. [in Russian].

KR OMA. 4-kor, 1-tízím, 5585-ís. 3, 6 p.p. [in Russian].

KR OMA. 4-kor, 1-tízím, 5742-ís. 18 p. [in Russian].

KR OMA. 4-kˌor, 1-tízím, 5572-ís, 1-3 pp. [in Russian].

KR OMA, 4-kor, 1-tízím, 5934-ís.8p. [in Russian].

KR OMA, 4-kor, 1-tízím, 6297-ís, 20-21 pp. [in Russian].

KR OMA, 4-kˌor, 1-tízím, 5934-ís. 8 p. [in Russian].

Kazakh encyclopedias. // Almaty: Korkyt. – 1999. [in Kazakh].

Makashtyn sheshendík sөzderí. Zhinap kurastyrġan Berík Korkytov [Makash’s eloquent speeches]. – Almaty: «Olke», 2000. – 720 b. [in Kazakh].

Ryabinin A. Materialy dlya geografii i statistiki Rossii. Ural'skoye kazach'iye voysko [Materials for geography and statistics of Russia. Ural Cossack army]. Ch. 1-2. –SPb., 1866. [in Russian].

Shokan Ualikhanov Tandamaly [Shokan Ualikhanov Tandamaly]– Almaty: «Zhazushy», 1985. – 558 p. [in Kazakh].

Yskakov B. Kаpyda uzílgen omír [An interrupted life] // Bílímzhane yenbek, №10 (262). – Kazan, 1981. [in Kazakh].

МРНТИ 03.20.00

ИЗВЕСТНЫЙ И НЕИЗВЕДАННЫЙ МУХАММЕД-САЛЫК БАБАЖАНОВ

А.К. Ахмет¹, Г.А. Шотанова², Ф.А. Козыбақова³

¹Доктор исторических наук, ассоц. доцент Атырауского университета им. Х. Досмухамедова. Казахстан, Атырау.

²Кандидат исторических наук, ведущий научный сотрудник Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, Алматы.

³Кандидат исторических наук, доцент. Казахский национальный университ им. аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье рассматривается жизнедеятельность первого казахского ученого Мухамедсалыка Бабажанова (1835-1871), награжденного Большой серебряной медалью Русского географического общества. Материал составлен на основании этнографических сведений самого С. Бабаджанова и русских исследователей, а также документов хранящихся в архивах Центрального Государственного архива РК.

В то время статьи М.С. Бабажанова сыграли важную роль в этнографических исследованиях. Предметом исследования были история и экономика казахов. Его этнографические работы получили высокую оценку ведущих российских ученых и краеведческих обществ. Из материалов можем проследить его отношение к охоте, коневодству. Также одним из актуальных вопросов в его исследованиях уделяется земельному вопросу.

Исследование выполнено в рамках проекта грантового финансирования Комитета науки Министерства образования и науки Республики Казахстан (ИРН проекта: АР08855800).

Ключевае слова: М-С. Бабажанов, Россия, кадетский корпус, хорунжий, этнограф, учёный, история, журналы, газеты, архив.

IRSTI 03.20.00

THE KNOWN AND UNKNOWN MUHAMMED-SALYK BABAZHANOV

A.K. Ahmet¹, G.A. Shotanova²,F.A. Kozybakova³

¹Doctor of Historical Sciences, Associate Professor of Kh. Dosmukhamedov Atyrau University. Kazakhstan, Atyrau.

²Candidates of Historical Sciences, Leading Research Fellow at Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan, Almaty.

³Candidate of Historical Sciences, Ass. Prof., al-Farabi Kazakh National University. Kazakhstan, Almaty.

Abstract. The article examines the life of the first Kazakh scientist Mukhamedsalyk Babazhanov (1835-1871), who was awarded the Great Silver Medal of the Russian Geographical Society. The material was compiled on the basis of the ethnographic information of S. Babadzhanov himself and Russian researchers, and documents stored in the archives of the Central State Archives of the Republic of Kazakhstan.

At that time, M.S. Babazhanov's articles played an important role in ethnographic research. The subject of the research was the history and economy of the Kazakhs. His ethnographic works were highly appreciated by leading Russian scientists and local lore societies. From the materials we can trace his attitude to hunting, horse breeding. Also, one of the topical issues in his research is the land issue.

This research has been/was/is funded by the Science Committee of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan (Grant № АР08855800).

Keywords: M-S.Babazhanov, Russia,Cadet Corps, cornet, ethnographer,scientific, history, journal, newspaper, archive.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2826

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ 327.7. ПЕРСПЕКТИВЫ БУДУЩЕЙ МНОГОСТОРОННЕЙ ДИПЛОМАТИЙ ШОС ХІХ-ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ УДК 327(4/9); 930.22(4/9) ОТНОШЕНИЯ КАЗАХСТАН – РОССИЯ И ЕВРАЗИЙСКАЯ ДИПЛОМАТИЯ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ