Яндекс.Метрика
Home » Materials » С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ

Ж.С. Смаханова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің докторанты E-mail: z.deil@mail.ru

С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(15), 2018

Tags: тарихи еңбек., С. Асфендиаров, тарих, Қазақстан тарихы, қытай деректері, дерек
Author:
Ұлан-байтақ Еуразия даласында болған және бола беретін күрделі тарихи үрдістерді дұрыс түсіну үшін халықтардың ежелгіден бүгінгі күнге дейінгі тарихи-мәдени байланыстарын жете зерттеу маңызды. Мұның өзі жаңа алуан түрлі деректерді ғылыми айналымға енгізуді талап етеді. Мақалада сондай деректерді айналымға енгізген халықтың жоғын жоқтап, болашағына бағдар іздеген алаш зиялысы Санжар Асфендиаровтың өнегелі өмірі мен ұрпақ санасын сәулелендіру жолында қалдырған еңбектері туралы сөз болады. Қазақ халқының тарихын айғақтайтын қытай деректерінің Асфендиаров еңбектерінде көрініс табуы да айтылады. Аталған мақалада С. Асфендиаровқа қатысты зерттеудің кейбір мәселелерін О. Қоңыратбаев, Қ.Құсайынұлы, Н. Мұқаметханұлы және т.б. отандық зерттеушілердің еңбектерін негізге алған. Тегтер: дерек, қытай деректері, Қазақстан тарихы, С. Асфендиаров, тарих, тарихи еңбек.
Text:

Адамзаттың тарихи зердесі уақыт өткен сайын, ғасырлар белесінен асқан сайын ұмыт қалатыны немесе аңызға айналып көптеген өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Өзгерістерге ұшырауына әлеуметтік, саяси, тұрмыстық жағдайлар міндетті түрде әсер ететіні сөзсіз. Осылайша тарихи шындыққа көлеңкелер түседі. Ал сол тарихи шындығымызды ұрпақтан ұрпаққа көлеңкесіз жеткізу – тарихшы ғалымның міндеті дейтін болсақ, сол міндетті абыроймен атқарып шығу үшін тарихшының деректанушылық та білім-біліктілігі үлкен рөл атқарады. Себебі, тарих алуан түрлі деректердің негізінде ғана жазылмақ. Ұрпаққа барынша шынайы тарихын ұсынбақ болған қазақ қоғамының қайталанбас қайраткерлері, жарқын тұлғалары ұлт зиялылары да қазақ тарихын жазу барысында түрлі деректерді пайдаланды. Ұлттың рухани қазынасына айналып отырған зиялыларымыздың еңбектері сонысымен де құнын жоймақ емес. Осы тұрғыда алғанда қазақ тарихына қатысты маңызы зор еңбектерді дүниеге әкелген ғалымдардың бірі қазақ халқының біртуар азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендиаровтың еңбектеріндегі [1] қазақ тарихына қатысты қытай деректерінің құндылығы мысал бола алады.

Санжар Сейітжафарұлы Асфендиаров (1889-1938 жж.) Ташкент қаласында дүниеге келген. Сауатын үй жағдайында ашқандықтан, оқуға еш кедергісіз қабылданған Санжар сол дәуірдің, сол қаланың алдыңғы қатарлы  оқу орындарының бірі болған реалды училищесіне қабылданады. Ол кезде оның жасы 9 жаста еді. Училищеде жүрген жылдары Санжар қатарластарынан өзінің зеректігімен, әдептілігімен, ұқыптылығымен және білім алуға деген құштарлығымен ерекшеленді. Ол әсіресе тарих пен математикалық географияны қызығып оқыған екен.  

Ташкент реалды училищесі жас Санжардың алғашқы саяси өмір мектебіне айналды. 1907 жылы С. Асфендиаров Ресей империясы астанасының міндетін атқарып, саяси және білім мен ғылым ордасы болған Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академияға оқуға қабылданады. Осылайша ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында империяның үздік оқу орындарында жоғары білім алған алдыңғы қатарлы қазақ жастарының қатарына қосылады. Ол кезде бұл білім ордасында қазақтың тағы бір зиялысы Халел Досмұхамедов те оқып жатқан еді. Жас Санжар өзінің зеректігімен, белсенділігімен Петербургте оқып жүрген қазақ жастарының арасында танымал болды. Осы кездері түрлі жиындарда ол Мемлекеттік Думаның депутаттары Алихан Бөкейхановпен, Ахмет Бірімжановпен, Мұхамеджан Тынышпаевпен, заңгер Сералы Лапинмен және басқа да қазақ ұлттық зиялы қауым өкілдерімен кездесіп тұрады. Өйткені олар қызмет бабымен астанаға жиі іссапарлармен келетін. Бірінші дүниежүзілік соғысқа  Императорлық әскери-медициналық академияның түлегі, полк дәрігері болған Санжар да қатысып, жау тұтқынына түсіп, кейіннен босап шығады, содан кейін Түркістан атқыштар полкының аға дәрігер қызметін атқарады. [2]. 1919 ж. Мұсылман бюросының ұсынысымен С. Асфендиаров Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып бекітілді. Кейіннен 1924 ж. дейін Түркістан Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары қызметінде болды. Тұңғыш қазақ профессоры С. Асфендиаров Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастырушы болып, алғаш ректор да болған. Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиалын құруға атсалысқан.  

Кейінгі жылдары профессор С. Асфендиаров өзінің дәрігерден тарихшыға ауысуына келесідей факторлар әсер еткендіктерін еске алған: біріншіден, училищеде оқып жүрген кезде ол тарихты біліп, тануға үлкен қызығушылық танытқан, екіншіден, Санжардың әкесі Сейітжафар қызмет бабымен жиі шетелдерге сапар шегіп, тарихи мазмұндағы кітаптар мен әртүрлі материалдарды алып келетін. Осы кітаптарды оқу және материалдармен мұқият танысу жас Санжардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, ойлау қабілетінің дамуына да әсер етті. Үшіншіден, бірінші дүниежүзілік соғыстың тұтқынынан босап шығып, туған жеріне қайтып оралғаннан кейін біраз уақыт өзінің нашарлаған денсаулығына байланысты медициналық қызметті атқара алмай, емделуге мәжбүр болды. Осы уақытта Санжар әкесінің үйінде жинақталған бай кітапханадағы әртүрлі тілдерде жазылған тарихи кітаптарды оқу арқылы туған халқының тарихымен жіті танысады. Өзінің маманданған түрде тарих ғылымымен айналысуға итермелеген себептерді қорытындылай келе С. Асфендиаров былай дейді: «Адам баласы қандай мамандыққа ие болмасын ол әрқашан да, өз туған халқының тарихын білуге ұмтылады. Егер тарихты білу танымның шеңберін кеңейтсе, тарихи сана адамның да, ол өмір сүріп отырған қоғамның да мәдени деңгейін сипаттап, бейнелей алады» [3]. 

Кеңестер Одағында сталиндік тоталитарлық режим орнап, террорлық және репресиялық саясаты өзінің шырқау шегіне жетіп, кеңес мемлекетіне ашық қарсы шыққандарды, қоғам мен мемлекетке қызмет еткендерді қырғынға ұшыратты. Туған халқының біртуар азаматы болған Санжар да 1937 ж. тұтқындалып, 1938 ж. атылды. Содан тек 1958 ж. толық ақталды.

Бүгінде қазақ тарихының айтулы тұлғасы С.Асфендиаровтың атында елімізде Алматы қаласында көше, Қазақ ұлттық медицина университеті бар. Алматыдағы құрмет тақтасы орнатылған өзі тұрған үйде бүгінде Түркия мемлекетінің елшілігі орналасқан. 

Халықты жаппай сауаттандыру, оқу-әдістемелік құралдарын даярлау, білім беру ошақтарын ашу, маман даярлау мекемелерін ұйымдастыру секілді қыруар істердің басы-қасында жүрген С. Асфендиаров ұстаздық ұлағатымен, шебер ұйымдастырушылығымен айрықшаланды.

Көптеген жауапты қызметтерді атқара жүріп, ғылым-білімнен де қол үзбеген С. Асфендиаров КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасының жанында құрылған тарихи секторға басшылық етуді қолға алып, көне заманнан бері келе жатқан қазақ тарихының деректерін жинастыру, солардың негізінде ғылыми еңбектерді жарыққа шығару ісіне кіріседі. 1935-1936 жылдары профессор Санжар П.А. Кунтемен бірігіп, кеңестік деректануда алғаш рет «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» атты құжаттар жинағын жарыққа шығарады. Жинақта көне және ортағасырлық авторлардың, саяхатшылардың, тарихшылардың шығармаларынан үзінділер келтіріледі. Тұңғыш рет ғылыми айналымға енген көптеген шығыс және орыс нарративтері кірген бұл деректер жинағының жарыққа шығуы елдің ғылыми өмірінде айтарлықтай орын алған оқиға болды. Кітап үш мың данамен шығарылған еді.

С. Асфендиаровтың «История Казахстана (с древнейших)» атты көлемді еңбегінің бірінші томы – б.з.д. ІІІ ғасырдан 1917 жылға дейінгі ауқымды хронологиялық кезеңді қамтыған болатын. Өкінішке орай бұл еңбектің екінші томын жазып үлгермейді. Сол кезде профессор С. Асфендиаров қазақ тілінде мектептерге арналған «Қазақтар тарихының очерктері» оқулығын, артынан «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» атты монографиясын шығарады.

Профессор С. Асфендиаровтың тарихқа арналып жазылған еңбектерінің басым көпшілігінің өзекті мәселесі қазақтардың шығу тарихы, яғни этногенезі болды. Өзінің ғылыми тұжырымдамалары мен ой-пікірлерінде орын алған кейбір кемшіліктеріне қарамастан, ғалым қазақ жүздерінің шығу және құрылу процесін тұңғыш рет ғылыми дәлелдемелік формада түсіндірген болатын.

Ғалымның репрессияға ұшырауына байланысты оның еңбектерін оқып танысуға қатаң тиым салынып, арнайы сақталымдарда орын алды.

«Прошлое Казахстана в источниках и материалах» деген еңбегіндегі ерекшелік – ғылыми айналымға ежелгі шығыс деректерін де жинақтап, бір жүйеге түсірді. Оның бұл еңбегіне Қ. Құсайынұлы «Қазақстан және Ресейлік ғылыми тарихқа осыншама еңбекті түпнұсқа деректерден жинап құрастыру үшін тұтас бір зерттеу институт ұжымының қажыр-қайраты керек болатынын ескерсек, бұл С. Аспандиаров тікелей жетекшілігімен атқарылған ауқымды ғылыми-тарихи жинақ екені даусыз» [4] деп баға берді.

Ежелгі өркениетті мемлекеттердің бірі, әрі жазу мәдениеті ерте дамығандықтан да Қытайдың ресми жылнамалық деректеріндегі және бейресми жазбаларындағы қазақ тарихына қатысты жазба мәліметтері көпетеп кездесетіндігін ескерсек Асфендиаровтың сол деректердің бір сыпырасын ғылыми айналымға енгізуі үлкен маңызға ие болды. Қазақ халқының шығуы көне түріктік тайпалық одақтардың бірігуі нәтижесінде болған деген қорытындыға келген С. Асфендиаров өзінің тұжырымын осы жинақта қытай деректерімен дәлелдейді. Дегенмен, аталған мәселе бойынша қытай деректерін толық келтіру мүмкін болмағандығын автор кіріспеде оны «кітаптың ауқымы оны көтермес те еді және деректерді Қазақ мемлекеттік қоғамдық кітапхана қорынан ғана ала алғандығымен» түсіндіреді. Сондықтан жинаққа деректердің белгілі аудармасы берілген. Жинақта келтірілген деректерге ғылыми талдау жасалмағандығынан, бұл еңбектің негізгі мақсаты – қазақ тарихы оқулығына қосымша хрестоматия болғандығын байқауға болады. Жоғарғы оқу орындарында қосымша оқу әдебиеті ретінде бүгінгі таңға дейін қолданылып және екі рет (1994 және 1997 жж.) қайта басылып шыққанына қарағанда аталған мақсатқа авторлар жете білген.

Қытайда сақталған қазақ тарихына қатысты деректер үш типке бөлінетінін білеміз: 1) қытайдың ресми және бейресми дерек көздері, 2) қытайда сақталған соғды, тохтар, түркі, ұйғыр жазбалары; 3) археологиялық материалдар [5]. Бұл еңбекте грек, қытай, араб, парсы, неміс, итальян, француз, ағылшын, орыс саяхатшылары мен географтарының шығармаларынан Қазақстан тарихына қатысты үзінділері тақырыптық және хронологиялық белгілері бойынша іріктеліп, жүйеленіп берілген. Тарих алуан түрлі деректердің негізінде ғана жазылатынын жоғарыда айтып кеттік, аталған еңбекте жинақталған материалдарда қазақтардың тұрмысы, көрші халықтармен байланысы, тарихы бейнеленген.

Еңбектегі қазақ тарихына қатысты қытай деректері бойынша, атап айтқанда қытай елшісі Чжан-Цян (Қытайдан Орта Азияға б.з.д. 138-126 жж. саяхат жасаған) мәліметтері бойынша еліміздің аумағында сол кезеңде төрт тайпалық одақ мекен еткен: үйсін, қаңлы, янцай, янцы. Қытаймен сауда байланысы болмағандықтан соңғы аталған тайпалар туралы аз мәлімет беріліп, көбіне үйсін мен қаңлылар туралы жазған. Аталған дерек атақты қытайтанушы И. Бичуриннің (1777-1853 жж.) қытай деректерінің аудармасы жинағынан алынып, Қытай мен Орта Азиялық көшпенділердің байланысын сипаттайды. Иакинф Бичурин православиялық миссионер ретінде Бейжіңде 1806-1821 жылдар аралығында барып, 1828 жылдан бастап өзінің көне қытай жазбаларына арналған аудама шығармаларын шығара бастайды [6].

Қаңлы атауының қытай деректерінде Канжюй, Қаң, Қаңха, Қаңғар, Қаңлы, т.б. болып кездескенімен Бичурин (Иакинф) өзінің екі томдық «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» атты еңбегінде кангюй деген терминді қолданған (қытайша – Канжюй). С. Асфендиаров өз жинағында Бичуриннен мынандай үзінді келтіреді: «Кангюйский князь зимою имеет пребывание в стране Лоюени в городе Даобитянь от Чан-ань за 12 000 ли. Он не зависит от протектора (губернатора). До Лоюени семь дней пути конной езды; до Фанней, где он имеет пребывание летом, 9104 ли. Кибиток 200 000, душ 600 000, войска 120 000 человек. На восток до местопребывания протектора 5550 ли. В обыкновениях сходствуют с Большими Юечжи. На востоке терпят притеснения от хуннов...» [7]. Мұндағы Юечжи деп отырғаны – сақтар. Осы мәтіннің жалғасында «... Но как усуньцы прежде вступили в оную связь и вместе с хуннами признали себя поддаными, то самая справедливость требует не отвергать их. Кангюйский владелец, напротив, горд, дерзок и никак не соглашается делать поклонения перед послами. Чиновников, посылаемых к нему от протектора, сажает ниже усуньских послов...», - деп келтіреді. Мұнан қаңлылардың қытайлармен ара-қатынасын көрсетіп, Қаңлылардың Қытайға деген көзқарастарын білдірген.

Көрші мемлекет өзімен көрші жатқан түркі тайпаларының атауларын, географиялық атауларын кей жағдайларда өз ыңғайларына, өз түсініктеріне қарай атаулармен атай бергенін Бичурин еңбегінде елемей, атауларды көне қытай тілінде айтылған транскрипциямен жаза берген және оның сол кездегі түркі баламасын қарастырмағанын Асфендияров өз жинағында келтірген үзіндіге берген түсініктемесінде: «... Его книги страдают неправильностями перевода и некритическим отношением к источникам», - деп айтып кетеді [7]. Яғни, қытай деректерінің еліміздің тарихын зерттеуде маңызы қаншалықты зор болса, оларды деректанулық сұрыптаудан өткізудің маңызы да соншалықты.

Қазақстан тарихын алғаш рет жалпылап жазған кітаптың авторы С. Асфендиаров еңбектеріндегі тарихи көзқарастары ғылыми ойды байыта бермек. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Санджар Джафарович Асфендиаров // Серия: Биобиблиография ученых Казахстана. Под ред.: Әбділдин Ж.М. А.: «Наука», 1989. С.50

2.  Жүнісбаев А. Санжар Асфендиаров: Өмірі мен қызметі (1889-1938.) І том (1889-1918 жж.) А.: «Елтаным баспасы», 2014

3.  Қоңыратбаев О., Жүрсінбаев Б., Жүнісбаев А.Ә. Мені таңғалдырған тұлғалар. А.: «Нұр-Принт», 2011. 120-135 бб.

4.  Құсайынұлы Қ. Қазақ тарих ғылымындағы өміршең бейне // Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тұңғыш ректоры С.С. Асфендиаровтың 120 жыл толуына арналған ғылыми конференцияның материалдары. 17 қараша, 2009 ж. А., 2009 57 б.

5.  Мұқаметханұлы Н. Қазақ тарихына қатысты қытай деректері // Халық тарих толқынында: мақалалар жинағы. Т.2. Астана: Фолиант, 2013 – 33 б.

6.  Еженханұлы Б. Түркі тарихына қатысты көне қытай дереккөздері. Астана: «Prosper Print», 2013 – 17 б.

7.  С. Асфендияров. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. А., 97. С. 22.


Смаханова Ж.С.,

Докторант исторического факультета ЕНУ им. Л.Н. Гумилева

Астана, Казахстан E-mail: z.deil@mail.ru

Китайские источники по истории казахстана в трудах С. Асфендиарова

Резюме

Изучение исторических и культурных отношений народов с древнейших времен до сегодняшнего дня очень важно, чтобы правильно понять сложные исторические процессы в степях Евразии. Это требует включения в научный оборот множество новых источников. В статье говорится о жизни и трудах Санжара Асфендиярова, а также о китайских источниках в его трудах. В статье рассматриваются труды исследователей, которые изучали С. Асфендиарова, такие как О. Коныратбаев, К. Кусайынов, Н. Мухаметханулы и других отечественных исследователей.   

Ключевые слова: источник, китайские источники, история Казахстана, С. Асфендиаров, история, исторический труд.

Smakhanova Zhanar

PhD Student , L.N. Gumilyov Eurasia National University. Faculty of History, Astana, Kazakhstan

E-mail: z.deil@mail.ru

CHINESE SOURCES ON THE HISTORY OF KAZAKHSTAN IN THE WORKS OF S. ASFENDIARYOV

Summary

Studying the historical and cultural relations of peoples from ancient times to the present day is very important for correct understanding of complex historical processes in the Eurasian steppes. This requires the inclusion of many new sources in the scientific circulation. The article deals with the life and work of Sanjar Asfendiyarov and Chinese sources in his works. The article deals with the works of researchers who studied S. Asfendiarov, such as O. Konyratbaev, K. Kussayinov, N. Mukhametkhanuly and other domestic researchers.

<b>  </b><b>Key words: </b>source, Chinese sources, history of Kazakhstan, S. Asfendiarov, history, historical work.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 5416

No reviews

Download files

3 Асфендияров, кытай дерегі.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ 94(574): 373. 016 Қазақстан тарихы мектеп оқулықтарындағы ұлттың интеграциясы, патриотизмі мен бірлігі мәселелері С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ОӘЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ ШОЛУ 16.21.31 «ТӘҢІР ТАУ» (немесе Тянь-Шань) ҒҰНДАРДАН ҚАЛҒАН АТАУ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ