Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ

Э.Е. Ибраева¹, Ж.Қ. Кішкенбаева², Х.Б. Маслов3. ¹Ph.D, ²Ph.D, 3Ph.D. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24) қазан-желтоқсан, 2020

Tags: жаңа, тарихы, зерттеу, дерекнама, тарихы, фольклортану, тарих, фольклоры, Түркі, гуманитарлық, білім, қоғамдық, сана.
Author:
Андатпа. Түркі тектес халықтардың этногенетикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани біртұтастығын қалыптастыру – Еуразия кеңістігіндегі мыңдаған жылдық тарихы бар ұлы мәдениетті қалыптастыру болмақ. Қазіргі таңда түркі руханиятының ішкі құрылымына, ішкі дүниесіне түркілік дүниетаныммен тереңдеп кірудің қажеттілігі зор. Түркі мұрасын әлем ғылымының аренасына алып шығу жауапкершілігі бүгінгі күннің еншісінде. Түркілік тұтастықты жаңғырту – бүгінгі фольклортану ғылымындағы маңызды мәселе. Осыған орай бұл мақала осындай міндетті орындауға бағытталуы арқылы өзінің өзектілігін танытады. Мақала авторлары түркі фольклорының зерттелу, жинақтау және жариялану тарихын фольклорлық жүйеде қарап, ондағы жанр, сюжет, мотив, кейіпкер мәселелеріндегі ортақ белгілерді тауып, ғылыми тұрғыдан пайымдау – мақаланың мақсаты мен міндеті. Мақалада салыстырмалы мәтіндік талдау, жүйелеу әдістері, сондай-ақ тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық әдістер қолданылды. Ғылыми жарияланымның мақсаты мен міндеттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының «Жаңа гуманитарлық білім. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Түркі әлемінің генезисі», «Түркі өркениеті: түп тармырынан қазіргі заманға дейінгі», «Архив-2025» арнайы жобаларын іске асыруға үлес қосуды көздейді.
Text:

Кіріспе.XIX ғасыр түркі фольклорын жинау бойынша жемісті жұмыстардың басы болып саналады. Халық шығармашылығының үлгілерін жинау, жариялау бойынша белсенді, әрі сапалы жұмыстар атқарылды. Саяхатшылар мен зерттеушілер мифтер мен аңыздарды түркі халықтарының этникалық тарихы, өмірі мен тұрмыс жағдайының айнасы ретінде қабылдап, оларға үлкен көңіл бөлді.

XIX ғасырға дейін аңыздық проза түрлері жолжазбаларда, очерктерде, географиялық, тарихи, т.б. еңбектерде қамтылып, түркі елдері туралы дерек, мағлұмат ретінде беріледі.

Материалдар мен зерттеу әдістері. Зерттеу барысында түркі тектес халықтардың фольклорлық мұраларын зерттеп, үндестігін танып-білу, сол арқылы рухани-мәдени бірлігін айқындау – халқымыздың әлемдік өркениеттегі орнын да белгілемек. Мақалада салыстырмалы мәтіндік талдау, жүйелеу әдістері, сондай-ақ тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық әдістер қолданылды. Егеменді елдің мәдениеті мен руханиятын қалыптастырып, ұлттық құндылықтары мен елдік нышандарын дәріптеуде игі істің бірі болған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да маңызды әрі табысты зертету болары сөзсіз.

Талқылау.Сондай ірі зерттеушілердің бірі, түркі елдерінің ертегілік емес проза туындыларын жинауда ерен еңбек еткен тұлға Ә. Диваевтың басқаруымен жасалған экспедициялардың үлесі зор. Ә. Диваев жинаған мұраларды «Туркестанский сборник» томдарында, «Этнографические материалы», «Этнографические обозрение», т.б. газет, кітапшаларда жариялаған. Мәселен, оның зерттеулерінде қазақ, қырғыз халқының аңыздары, бақсылар туралы хикаялары мен демонологиялық әңгімелері, т.б.жинақталған.

Г. Потаниннің «Очерки Северо-Западной Монголии» еңбегі (1881-1883) де қазақ, қырғыз, алтай, т.б. халықтарының фольклорлық прозасындағы аңыз-әпсана сюжеттерін саралауға арналған.

Қырғыз-қазақ фольклорлық туындыларын жарыққа шығарып, зерттеушілердің еңбектерін жариялауда «Дала уәлаяты» газетінің үлесі үлкен. Мысалы, 1888-1902 жылдар аралығында жарық көрген газет сандарында «Асан қайғы», «Жалғыз ағаш», «Байғыз», т.б. қазақ аңыз-әпсаналары, Ыссық көлдің шығу тегі туралы қырғыз әпсанасы орын алып, М. Көпеев, О. Әлжанов, К. Болатов т.б. қазақ, қырғыз фольклортанушыларының мақалалары көрініс тапты (Türk Dünyasi Edebiyat Tarihi, 2002: 63).

Ыссық көл жайындағы қырғыз сюжеттері «Семипалатинские областные ведомости» газетіндегі В.Г. деген автордың мақаласында (1890) да жарияланған болатын (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 58).

XIX ғасырдың екінші жартысынан XX ғасырдың басына дейінгі уақытта түркі фольклоры енді ғылыми мақсатта да жиналды, арнайы түрде жарияланды, зерттелді. Фольклорды жинаудың бағдарламасы жасалып, жарыққа шықты. Ресейдің зерттеушілерімен қатар әр халықтың өз оқығандары да ұлттық фольклорды жинап, жариялаумен, зерттеумен шұғылданды. Мысалы, қазақ зерттеушілері, фольклорды-тарихи материал деп түсініп, сол тұрғыдан талдауға күш салды (Қазақ, 1988: 353-388). Сонымен қатар, Ш. Уәлихановтың тарапынан да фольклорлық зерттеулерге салыстырмалы бағытта жұмыстар атқарылды.

Түркі халықтарының рухани мәдениеті мен этнографиясын, халық әдебиеті мен тарихын жинап, зерттеуде ғалым, тюрколог В. Радловтың үлесі өте зор. В. Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен» атты он томдық кітабы (1866-1907) – түркі фольклоры хақындағы құнды еңбектердің бірі. Мұнда Әмір Темірге байланысты кейбір қазақ аңыздары, алтайдың Сартақпай батыры туралы мәтіндер мен топонимикалық аңыздары жарық көрген. Дәл осы еңбектің екі томы хакас фольклорына арналған. Онда көптеген миф пен әпсананың үлгілері т.б. жинақталған. Жарияланған фольклорлық үлгілер нақты әрі толыққанды болып табылады. Бұл жазбалар түпнұсқада хакас тілінде берілген. Бұл ретте түрлі тайпалардың диалектілері мен говорларының ерекшеліктері сақталған. Сондай-ақ орыс тіліндегі аудармасы ұсынылған. Ғалым ұйғыр фольклортануына да үлес қосып, өз еңбегінде ұйғыр аңыздары жөнінде сөз қозғайды. Тува және тофалар фольклоры енген.

Бүгінгі күні түркі фольклортану ғылымының өсіп-өркендеуі атақты тюрколог Н.Ф. Катановтың есімімен де тікелей байланысты. Ол – хакас халқынан шыққан тұңғыш фольклорист-ғалым. XIX ғасырдың аяғында фольклорлық жанрлардың барлығын дерлік орыс тіліне аударып, жариялаған. 1889-1892 жж. аралығында ғалым Сібірдің түркі тілдес тұрғындары арасынан кең көлемде лингвистикалық, этнографиялық және фольклорлық материал жинап алған.

Нәтиже.Қазіргі таңда бұл шығармалар хакас ертегілік емес прозасының құнды қоры болып табылады. Сондай-ақ «Среди тюркских племен» (1893) атты мақаласында ұйғыр аңыздары туралы да айтылады.

Ұйғыр фольклортануында, соның ішінде ертегілік емес прозасының ғылыми айналымға енуіне алғашқы ізденістер А. Пржевальский, Г. Грумм-Гржимайло, т.б. зерттеушілер тарапынан да көрінді (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 110).

Алтай миссионері В. Вербицкий алтай халқының фольклорын зерделеуге ерен еңбек етті. Оның «Алтайские инородцы» атты еңбегі фольклор туындыларын қамтып, соның ішінде аңыздардың 29 мәтіні орын алған.

Еділ бойы халықтарын тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеуде 1804 жылы ашылған Қазан университеті зор рөл атқарды. Қазан университеті жанынан Ресей халықтарының археологиясын, тарихы және этнографиясын зерттеу қоғамының құрылуы Хабаршы беттерінде материалдар жариялауға мүмкіндік берді.

Чуваш аңыздық прозасындағы алғашқы ізденістер қатарында С. Михайлов еңбектерін атауға болады. «Предания чуваш» атты мақаласында (1852) тарихи және топонимикалық аңыздар орын алған.

В. Магницкийдің Қазанда жарық көрген «Материалы к объяснению старой чувашской веры» еңбегінде (1881) чуваштардың ескі наным-сенімдері зерделенген. Сонымен қатар діни әпсаналар қарастырылған.

Чуваш фольклортануының қалыптасуы мен дамуына Симбир чуваш мектебінің негізін салушы, ағартушы И.Я. Яковлев үлкен еңбек сіңірді. Ғалымның зор еңбегі арқасында:

1) фольклор материалдарын жинау;

2) жиналған материалдарды жүйелеу;

3) фольклорлық материалдарды сақтау;

4) фольклорлық мәтіндерді көркемдеу;

5) чуваш фольклорының үздік үлгілерін насихаттау;

6) чуваш халқының фольклорлық мұрасын ғылыми зерттеу және т.б. істері бойынша жан-жақты жұмыс жасалды (Ильина, 2006: 13).

Татар фольклорының да ертегілік емес прозасын жинау мен жариялауда, зерттеуде Қазан университеті ғалымдарының еңбегі орасан екенін көреміз.

С.М. Шпилевскийдің «Древние города и другие булгаро-татарские памятники в Казанской губернии» кітабын (1877) ерекше атауға болады. Автор бұл еңбегінде 1878 жылға дейін жарық көрген 30-дан астам аңыздарды қамтып, оларға тарихи талдау жасаған.

Татар аңыздық прозасы жергілікті басылым беттерінде жарияланып, Қазан бойынша анықтамалықтар мен жол нұсқаулықтарда және басқа да ғылыми танымал басылымдарда берілген. Аңыздар мен әпсаналардың кейбір үлгілері татар халқы өмір сүретін Ресейдің өзге облыстары мен губернияларының өлкетанушылық басылымдарында жария етілген. Шетел дереккөздері ішінде татар тілін зерттеу үшін 70-жылдары Қазан губерниясына келген венгер ғалымы Г. Балинттің «Мифология крещеных татар. Сочинения» еңбегін (1875) атауға болады. Ол құрастырған жинақта фольклорлық туындылар қатарында табиғаттың рух-иелері (ияләр) туралы әңгімелер де бар.

ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басында Ш. Маржани, Х. Әмірханов, Р. Фахретдинов, Г. Ахмеров, Х. Атласи және т.б. ежелгі Бұлғар мен ортағасырлық Қазан дәуірінің оқиғаларын жарыққа шығаруда халық аңыздарын да кеңінен пайдаланған.

Халықтың тарихи проза туындыларын жинау ісіне тарихшы-әуесқой М. Аитов пен атақты татар ғалым-ағартушысы К. Насыри үлкен үлес қосты. Аңыздар мен әпсаналардың жекелеген үлгілері төңкеріске дейінгі татар мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған.

Төңкеріске дейінгі башқұрт халық прозасына қатысты мәліметтер көзін қарастыра отырып, ескеретін жайт – қамтылған туындылардың саны біршама болса да, олардың көп бөлігі «таза» жазбалар емес, автор-зерттеушілердің мазмұндауында ғана берілген нұсқалар болып саналады.

В. Юматовтың «О названии башкирцев» атты мақаласында (1847) башқұрт тайпалары хақындағы әпсаналар қарастырылады. Бұл әпсаналар этникалық, тарихи деректерді қамтыған.

М. Лосиевский, Р. Игнатьев, Ф. Нефедов еңбектерінде халық қаһарманына айналған Салауат Юлаев жайындағы аңыз-әпсаналар келтіріледі (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 78).

Якут халық прозасындағы ертегіден тыс жанрлар туралы Г. Миллер, И. Фишер, Я. Линденау секілді саяхатшылар мен зерттеушілер материалдарында сөз болады. Якуттардың арғы ата-бабалары және рубасылары туралы аңыздар мазмұндалған Я. Линденаудың шығармасы 240 жыл өткен соң ғана Магадан кітап баспасында жарық көрді. Академик А. Миддендорф 1842-1845 жж. Сібірдің солтүстік-шығыс бөлігіне жасаған саяхатында якуттардың шығу тегі туралы аңыздарды, әлемнің пайда болуы туралы әпсаналарды жазып алады. Ғалымның бұл саяхаты және О.Бетлингктің «О языке якутов» атты кітабының жарық көруі якуттардың тарихи аңыздары мен мифтеріне деген орыс зерттеушілерінің қызығушылықтарын оятты (Предания, легенды и мифы саха (якутов), 1995: 11). Якут аңыздары мен мифтерінің жиналуына, жүйеленуі мен зерттелуіне И. Худяков, В. Серошевский, В. Трощанский, В. Ионов, Э. Пекарский үлес қосты.

Әзірбайжан халық прозасының да қолға алынуы осы уақытқа сәйкес келді. Мәселен, 1882-1915 жылдар аралығында Тифлисте жарық көрген 45 томдық «Сборник для описания местностей и племен Кавказа» атты еңбекте әзірбайжан аңыздары қамтылды. Әзірбайжан тілі мен фольклорына қатысты материалдар орын алды.

Өзбек ертегілік емес прозасының жиналуы мен зерттелуінде «Туркестанские ведомости» зор рөл ойнады. Онда А. Гребенкин (1871), А. Хорошхин (1873) өзбек этнониміне қатысты аңыз-әпсаналар жайында мақалалар жариялады. И. Яворскийдің Бұқара мен Самарқандқа жасаған саяхаттарының нәтижесі өзбек наным-сенімдерімен бірге әпсаналар ретінде де көрініс тапты. К. Зелениннің «Легенда о Хаким ата» (1889), В. Величконың «Бухарское предание Мудрый хан» (1891), П. Шубинскийдің «Голодная степь и ее предания» (1898) мақалалары маңызды фольклорлық деректерді қамтыды (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 50).

А. Россикова 1889 жылы «Научное обозрение» журналында қарақалпақ аңыздарын жариялайды. Бұл аңыздар тарихи және ел-жер атауларына қатысты сюжеттерді қамтыған (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 99).

Қарашай-балқар аңыздық прозасына қатысты деректер С. Урусбиев, М. Алейников, В. Миллер, М. Ковалевский еңбектерінде кездеседі. Мәселен, М. Алейников жариялаған «Карачаевские сказания» атты мақалада қарашай-балқар аңыздарына орын берілген. Сонымен қатар аңыздармен бірлікте миф сюжеттері көрініс тапқан (Türk Dünyasi Edebiyat Tarihi, 2002: 105-106).

XX ғасырдың бірінші жартысында түркі фольклортануында өткен ғасырда қалыптасқан ғылыми шарттар жүзеге асып жатты. Г.Н. Потаниннің ізденісі арқасында фольклордың құрамы әлемнің жаратылысы, рудың шығуы туралы және қиял-ғажайып, тұрмыс-салт, мысқыл-сықақ ертегі, аңыздармен толықтырылды. 1916 жылы «Живая Старина» журналында «Қазақтар және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» еңбегі жарыққа шықты. Бұған ғалым 1893 жылы Көкшетау мен Қарқаралы сапарында жинаған материалдары енген. Жинақта 61 текст және 12 вариант екі топқа бөлінген:

1) қазақ материалдары;

2) алтай материалдары. Жинақ негізінен қазақ материалдарына арналған (Потанин, 1893: 47-198).

«Қытайдың Таңғұт пен Тибет жақ шегі мен Орта Моңғолия» деген екі томнан тұратын еңбегінің ертегілік емес прозаның жиналуы үшін маңызы ерекше. Бірінші томы табиғаттану мен география, этнографиялық материалдарға, ал екінші томы түгел фольклорлық шығармаларға арналған. Оған 138 текст енген. Көбінің нұсқалары бар. Оларды 4 топқа бөлген:

1) ертегілер;

2) әпсаналар;

3) жеке адамдар мен мекендер жайлы тарихи аңыздар;

4) жұлдыздар мен жан-жануарлар туралы эпостар.

Олардың ішінде Барсакелмес аралы, Қалмақ Толағай, Ұршықтөбе, Таз, Сауыр таулары, мүшел, жетіқарақшы жайында мифтер мен аңыздар бар (Потанин, 1893: 112).

Қазақ фольклортануында алғашқы сүбелі еңбектердің бірі – М. Әуезовтің басшылығымен шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихының» фольклорға арналған бірінші томы (1948). Мұнда қазақ фольклорындағы ертегіден басқа жанрларды анықтауға деген алғашқы ізденістер көрінді.

М. Ғабдуллиннің «Қазақ халық ауыз әдебиеті» (1958, 1974) кітабында аңыз жайы ертегілер құрамында қарастырылды. Сонымен қатар қазақ аңыз-әпсаналарының мәтіндері 1957, 1962, 1964 жылдары жарық көрген қазақ ертегілерінің томдық жинақтарында көрініс тапты.

Кейінгі жылдары жарық көрген «Қазақ фольклорының типологиясы» (1981) атты ұжымдық еңбек «Тарихи аңыз-әңгімелер» атты тарауды қамтыды. Сонымен қатар Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, Е. Тұрсынов, А. Сейдімбек, Ш. Ыбыраев т.б. еңбектерінде ғылыми орталықтардың қолжазба қорларында сақталған қазақ аңыздық проза туындылары жанрлық сипаттарына қарай жіктеле бастады.

Ғалым Р. Бердібаев «Қазақ эпосы» еңбегінің (1982) негізгі нысаны – эпос болса да, ол ежелгі миф пен аңыздар туралы пікір қозғайды. Мифтің алатын орнын, мифтік құбылыстардың эпостағы көріністерін анықтайды.

Фольклортанушы Е. Тұрсынов «Легенды, предания и бытовые рассказы о животных в системе казахского повествовательного фольклора» (1979) мақаласында ертегіге жатпайтын халық прозасының ішінде жануарлар туралы аңыздар мен әңгімелерге тоқталады.

Ертегілік емес прозаның бұрын жиналған мәтіндерін қайта жариялау фольклорлық жанрдың қазіргі оқушыларымен қайта табысуына да қызмет етті. Бұл ретте 1972 жылы жарыққа шыққан «Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина» атты жинақтың рөлі ерекше. Жинақта прозалық фольклор мәтіндері сараланып, әпсана-хикаяттар мен аңыздар, шежірелер орын алған.

«Қазақтың халық творчествосы» (1989), «Тарту» (1992) секілді жинақтарда Ә. Диваев жинаған фольклор нұсқалары, соның ішінде аңыз-әпсаналар жарияланды.

Ғалым С. Қасқабасов қазақ халық прозасының жанрлық құрамын анықтап, аңыздық проза салаларын арнайы зерттеу көзіне айналдырды. Ғылыми принциптерге сүйене отырып, теориялық тұрғыдан ұтымды тұжырымдар жасайды. Бұған ғалымның «Қазақ халық прозасы» (1984) еңбегі дәлел бола алады.

С. Қасқабасовтың ғылыми үлкен бір белесі – «Казахская несказочная проза» (1990) атты монографиясы. Қазақтың байырғы аңыз-әңгімелерін зерттеудің түп-қазығы еткен іргелі еңбекте фольклор жанрларының теориясы мен олардың қазақ прозасын саралаудағы маңызы, халықтық проза жанрларын жіктеу мәселелері мен архаикалық мифтердің қазақ фольклорында ежелден қалған жұрнақтары туралы ғылыми-ой тұжырымдар пайымдалып, хикая түріндегі мифологиялық әңгімелер, тарихи және мекендік аңыздарға жан-жақты талдаулар жасалады, әпсана-хикаят пен оның түрлері ашып көрсетіледі, қазақ фольклорында көне миф те, тарихи және мекендік аңыз да, әпсана мен хикаят та, ауызша жай әңгіме де молынан болғандығы көптеген мысалдар негізінде зерделеніп, олардың шыққан мезгілі мен жанрлық қызметін дәстүрлі дүниетаныммен, наным-сеніммен, халық философиясымен тығыз байланыстыра қарастырылады. Хикая түріндегі мифтік әңгімелердің табиғаты наным-сенімдерге жақындығына назар аударылып, олардың негізгі оқиғасы албасты, пері, жын, күлдіргіш, жезтырнақ, жалғыз көзді дәу сияқты мифтік кейіпкерлердің адаммен кездейсоқ кездесуі арқылы өрбіп, бұлардан дұғаның, айла-амалдың, киелі заттардың құдыретімен ғана құтылу әрекеттеріне зер салынады.

«Қазақтың ертегіден тыс прозасы» монографиясында ертегіден тыс проза алғаш рет бір жүйеде зерттеліп, құрылымы, поэтикасы, көркемдік ерекшеліктері нақты айқындалды, ғалымның бұл іргелі еңбегі арқасында қазақ фольклортану ғылымы тарихында жаңа бір үрдіс – қазақ халық прозасын салалап зерттеудің негізі қалыптасты.

Ә. Қоңыратбаевтың «Қазақ фольклорының тарихы» (1991) – аңыздық проза саласынан деректерді қамтыған елеулі еңбек болды. А. Сейдімбектің «Қазақтың күй аңыздары (құрылымы және жанрлық ерекшеліктері)» диссертациялық жұмысы (1997) – ғылыми айналымға енген зор табыстардың бірі.

Ертегілік емес туындалар хақында жарияланған мақалалар легі де көбейді. Мәселен, С. Қасқабасов «Жерұйық туралы утопиялық әпсана» (1988), Н. Сағындықов «Қарлығаш туралы бір ертегі хақында» (1990), Ш. Ыбыраев «Қазақ фольклористикасы: кеше, бүгін, ертең» (1991), т.б.

Бұл кезде чуваш фольклористерінің де мардымды жұмыстары көзге көріне бастады. Жергілікті (Чуваштық) өлкені зерттеу қоғамы негізінен фольклорлық мәтіндерді жинап, оны чуваштық газеттер мен журналдарда жариялаумен айналысты. Жекелеген кітаптар шығарды.

XX ғасырдың екінші жартысында да іргелі жұмыстар атқарылды. Дәл осы аталған уақытта ертегілік емес проза жанрларына әлемдік фольклортану деңгейінде қызығушылық оянды. Мысалы, чуваш фольклорлық прозасының жанрларын даралау аспектілері Н. Никольский, Г.И. Комиссаров, И. Тукташ, М.Я. Сироткин, И.И. Одюков, Е.С. Сидорова, В.Я Канюков, В.Г. Родионов, А.К. Салман, Н.И. Егоров және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Сонымен қатар чуваш халық шығармашылығына әр жылдары шетел ғалымдары да көңіл бөлді (А. Регули, Д. Месарош, А. Альквист, X. Паасонен және т.б.) (Ильина, 2006: 10-11).

Өткен ғасырдың 20-жылдары К. Элле және Ф. Тимофеев тарихи-топонимикалық аңыздарды жинауда маңызды жұмыстар жүргізді.

Симбир мектебінің түлегі Г. Тимофеевтің 1896-1903 жж. жинаған фольклорлық материалы 1973 жылы ғана жарық көреді. Бұл кітап чуваштардың энциклопедиясы болып табылады. Онда ауызша әңгімелер, тарихи аңыздар, хикаялар, мифологиялық аңыздар және топонимикалық аңыздардың үлгілері берілген (Ильина, 2006: 17).

1973-1987 жж. чуваш фольклоры бойынша алғаш рет «Чуваш халық ауыз шығармашылығы» атты көптомдық басылым жарыққа шықты.Мұның алтыншы томының екінші бөлімі миф пен аңыздарға арналды. Кітапқа 349 миф мәтіні, 102 – Улып туралы және 218 – тарихи аңыздардың мәтіні енген.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығынан бастап чуваш фольклортану ғылымында жекелеген тақырыптар мен жанрларды қарастыру ісі басым боп келеді. Мысалы, Г. Юмарт улып туралы сюжеттердің жанрлық тұрғыдан кейбір даму жолдарын анықтады. Оның құрастыруымен шыққан «Улап» жинағына (1993) 227 мәтін кірген. Мәтін нұсқаларының кең көлемде қолданылуы бұл еңбектің мәнін одан сайын арттырды. Кітапта мәтіндерге қатысты толық мәлімет берілген.

Қарашай-балқар ертегілік емес прозасының жиналуы мен жариялануына үлес қосқан фольклортанушылар ретінде Е. Баранов, Н. Тульчинский, В. Соловьев, т.б. атауға болады.

Ғалым А. Бозиевтің редакциясымен жарық көрген «Материалы и исследования по балкарской диалектологии, лексике и фольклору. Тексты. Переводы. Комментарии. Словарь» (1962) атты кітаптың, Ф. Урусбиеваның «Карачаево-балкарский фольклор, к вопросу о типологии развития жанров» (1979) еңбегінің маңызы зор.

Сондай-ақ А. Алиева құрастырған «Карачаево-балкарский фольклор в дореволюционных записях и публикациях» (1983) атты кітапта мақалалар легі топтастырылып, оның басым бөлігі аңыз жанрына арналған.

Мифке қатысты тұжырымды ойлар Х. Малкондуевтың «Мифология балкарцев и карачаевцев» (1988) атты мақаласында берілген. Қарашай-балқар аңыздық проза туындыларын жинап, жариялауда Т. Хаджиеваның еңбегін атау орынды. Ғалымның құрастыруымен 1996 жылы «Къарачай-малкъар фольклор (Қарашай-балқар фольклоры)» хрестоматия жарияланса, кейін 1999 жылы «Къарачай-малкъар жомакъла, таурухла, айтыула (Қарашай-балқар ертегілері, әпсаналары, аңыздары)» екі томдық жинақ жарық көрді. 

Ұйғыр тілін, этнографиясын, фольклорын зерттеуде С. Маловтың еңбегі зор. Оның экпедициялар кезінде жинаған материалдары іргелі жұмыстардың мазмұнын құрады. Соның бірі – 1967 жылы жарық көрген «Язык желтых уйгуров» атты еңбегі. Мұнда этнографиялық материалдармен қатар фольклорлық шығармалар орын алған. Әсіресе, әпсаналар мен аңыздарға арнайы тарау берілген.

Ұйғыр фольклорының ертегілік емес прозасына қатысты көп жұмыстардың авторы – М. Әлиева болып табылады. 80-жылдары аңыз, әпсана, хикаяға қатысты бірнеше мақалар жариялап, 1989 жылы «Жанры уйгурского фольклора» атты монографиялық еңбегі жарыққа шықты. Ғалым ұйғыр фольклорындағы жанрлық классификация мәселесіне тоқталып, соның ішінде аңыз, әпсана, хикая жөнінде ғылыми тұжырымдарын ұсынады. Сондай-ақ бұл еңбекте ұйғыр фольклорының жиналып, зерттелуіне үлес қосқан ғалымдардың еңбектері туралы мәлімет беріледі.

ХХ ғасырдан бастап хакас фольклорын зерттеу ісі қарқынды күш алды. Ұлттық интеллегенция тарапынан зор талпыныс белең алды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары халықтың өткен тарихын тереңдей зерттеу жұмысы қолға алынды. Хакастардың тарихы мен этнографиясына арналған зерттеулер құрамында миф, әпсана мен аңыздар да қарастырылды.

Хакас фольклорын зерттеудегі жаңа белес 1944 жылы Хакас тілі, әдебиеті және тарихы ғылыми-зерттеу институтының ашылуымен басталды. Бұл кезеңде хакас халық ауыз шығармалары жоспарлы әрі мақсатты түрде жиналып, зерттелді. Мұндай бағытта институттың ғылыми қызметкерлері, атап айтсақ, В.И. Доможаков, М.И. Боргояков, Т.Г. Тачеева, У.Н. Кирбижекова, К.М. Патачаков, В.Е. Майногашева, П.А. Трояков, т.б. айрықша көп еңбек етті. Институт құрылғаннан бастап фольклор бойынша бай деректер қоры жиналып, көптеген жинақтар жарық көрді. Жиналған материалдар негізінде хакас фольклоры бойынша алғашқы ғылыми еңбектер жарық көрді.

Ғалым М.А. Унгвицкая хакас ертегілік емес прозасын зерттеуде белсенділік танытып, «О жанре кип-чоох в хакасском фольклоре» (1955) және «О хакасских исторических преданиях (кип-чоох), о монгольском и джунгарском нашествии» (1953) атты мақаларын жарыққа шығарды.

М.А. Унгвицкая мен В.Е. Майногашева сынды ғалымдардың бірлесіп шығарған «Хакасское народное поэтическое творчество» (1972) атты оқу құралы хакас фольклортануындағы ғылыми жетістік болды. Зерттеушілер хакас фольклорының барлық жанрын қарастырды.

В.Е. Майногашева хакас фольклорын зерттеуге зор үлес қосқан ғалымдардың қатарында. Ғалымның «Некоторые сюжеты сивого (синего) и черного быка в фольклоре саяно-алтайских народов» (1982) мақаласы мифология саласында бағалы еңбек екені сөзсіз.

Хакастардың тарихи фольклоры бойынша құнды ақпарат ғалым-этнограф В.Я. Бутанаевтың ғылыми жұмыстарында берілген. Хакас мифологиясындағы пантеон мәселесі оның «Традиционная культура и быт хакасов» (1996) атты монографиясының бір бөлімін құрайды. Мұндай ғылыми-зерттеулер негізінде ғалымның хакас халқының рухани және материалды мәдениеті, этникалық тарихы, этнонимикасы, топонимикасы жөнінде жинаған деректері жатыр.

Сонымен қатар хакас мифтері, әпсаналары мен аңыздары сібірлік ғалымдардың, атап айтсақ Н.А. Алексеев, И.В. Октябрьская, A.M. Сагалаев, М.С. Усманова еңбектеріне өзек болған.

Сібірде орналасқан түркі тілдес халықтардың, соның ішінде хакас елінің діни наным-сенімдерін зерттеуде ғалым Н.А. Алексеевтің үлесі зор. Хакасиядағы экспедициясы кезінде ол фольклорлық-этнографиялық материалды кең көлемде жинаған. Ғалымның «Мифологические рассказы хакасов о птицах и животных» (1978), «Ранние формы религии тюркоязычных народов Сибири» (1980), «Шаманизм тюркоязычных народов Сибири» (1984), «Традиционные религиозные верования тюркоязычных народов Сибири» (1992) секілді жұмыстарында сібір түркілерінің мифологиясы бойынша мәліметтер ұсынылған. Дәстүрлі танымы мен ғұрыптарының салыстырмалы талдауы берілген. Бұл Сібірлік түркі тілдес халықтардың этногенезі мен этникалық тарихын толық танытуға мүмкіндік ашты.

Э.Л. Львова, И.В. Октябрьская, A.M. Сагалаев, М.С. Усманова бірлескен ұжымдық монографияда Оңтүстік Сібір түркілерінің діни-мифологиялық дүниетанымы жан-жақты талданған (Миндибекова, 2004: 26).

Хакас халық ауыз шығармашылығында фольклортанушылардың, тарихшылар мен этнографтардың назарына ең алдымен миф, аңыз, әпсана жанрлары іліккен. Өйткені бұл жанрларды халықтың тарихын, тұрмысын, дінін рухани мәдениеті мен материалдық құндылықтарын танып-білудің қайнар көзі де ұққан.

Фольклортанудың ғылыми ережелеріне сай жазылған татар халқының тұтас туындыларының үлгілері де өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ғана шықты. 

1924 жылы М. Васильев «Памятники татарской народной словесности, сказки и легенды» еңбегін жариялап, онда ертегілер мен әпсаналар қарастырылды. Еңбекте жеті әпсана зерттеу нысанына алынды.

Халық шығармашылығын, соның ішінде аңыздық прозаны жинау, бастыру мен зерттеу бойынша мақсатты ғылыми жұмыстар 1939 жылы Г. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және тарих институты ашылғаннан кейін басталды. Х.Х. Ярми, Х.Х. Гатина, И.Н. Надиров, Ф.И. Урманчеев, Х.Ш. Махмутов, Н.Ш. Хисамов, Ф.В. Ахметова, Н.Ф. Ибрагимов, Л.Ш. Замалетдинов, Р.Ф. Ягафаров, А.И. Садыкова, К.Б. Ямалетдинова, С.М. Гилязутдинов, т.б. сынды ғылыми экспедициялардың қатысушылары еңбегінің арқасында өте бай фольклорлық қор жиналып, соның негізінде «Татар халык ижаты» көптомдық жинақ қолға алынды. «Риваятьләр һәм легендалар» томы 1987 жылы С.М. Гилязутдиновтың құрастыруымен және алғы сөзімен баспадан шықты.

Г. Ибрагимов атындағы ТӘТИ-нің көптеген диалектологиялық экспедициялары барысында оған қатысушы ғалымдар (Н.Б. Бурганова, Л.Т. Махмутова, Д.Б. Рамазанова, Ф.С. Баязитова, З.Р. Садыкова, Т.Х. Хайрутдинова, т.б.) тарапынан халық туындыларының біраз үлгілері жазып алынған болатын. Көптеген топонимикалық аңыздар академик Г.Ф. Саттаров пен профессор Ф.Г. Гарипованың тарихи ономастикаға арналған жұмыстарында пайдаланылған. Мәселен, Г. Саттаровтың «Не үшін солай аталған?» (1971), «Татарстан топонимдері» (1973) еңбектерін, Ф. Гарипованың «Авыллар һәм калалар тарихыннан» (1997) ғылыми жұмысын атауға болады

Танымал археограф М.И. Ахметзянов аңыздар мен әпсаналарды жинауға көп еңбек сіңірді. Археографиялық экспедициялар кезінде ол ертегілік емес проза туындыларының 130-дан астам түрін жазып алған. Оның үштен бірі (44 мәтіні) «Татар халық шығармашылығы» көптомдығының «Аңыздар мен әпсаналар» бөліміне енген.

1984 жылы алты томдық «Татар әдебиетінің тарихы» жарыққа шықты. Оның бірінші томының бір тарауы аңыз-әпсаналарға арналды. «Бұлғар мифологиясы һәм халық ауыз шығармашылығы» атты тарауда жер атауларына қатысты және тарихи сипаттағы сюжеттер қарастырылып, сондай-ақ Бұлғар тарихы мен мифологиясы зерттеуге алынды.

Башқұрт халық прозасын интенсивті түрде жинау және ғылыми саралау ісі өткен ғасырдың 60-жылдары ғана басталды. Бұл кезеңде ертегілік емес проза жанрларына деген қызығушылық әлемдік фольклортану деңгейінде көтерілген еді.

Башқұрт аңыздық прозасын, жалпы халық әдебиетін жинау мен зерттеуде Башқұрт мемлекеттік университеті ғалымдарының: А.Н. Киреев, Л.Г. Бараг, М.Х. Мингажетдинов, А.М. Сулейманов, Б.Г. Ахметшин еңбектері зор.

1969 жылы баспадан шыққан «Башқұрт әпсаналары» атты студенттерге арналған оқу құралы башқұрт тарихи фольклорлық прозасының алғашқы жарияланымы болды. Мұнда 131 мәтіндік материалмен қатар әпсаналардың жанрлық табиғаты мен тарихи негізі туралы маңызды ой-пікірлер бар.

Аңыздар мен әпсаналар сюжеттерін қамтыған бірқатар жинақтар жарық көрді. Мәселен, «Сказки, легенды и предания Башкирии в новых записях на русском языке» (1975), «Материалы и исследования по фольклору Башкирии и Урала» (1974), т.б.

Бұл жылдары ертегілік емес проза саласы бойынша кандидаттық диссертация жұмыстары да қорғалды: «Предания, легенды и другие устные рассказы горнозаводской Башкирии» (Б. Ахметшин, 1968), «Исторические основы и идейно-эстетические функции топонимических легенд и преданий башкирского народа» (А. Сулейманов, 1972).

Башқұрт аңыздық проза жанрларын зерттеуде табысты еңбектердің авторы – Ф. Надршина. Ғалым бұл салада өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап өз жұмысын бастады. Оның бір көрінісі – «Башқұрт халық шығармашылығы» (1980) болып табылады. Бұдан кейін зерттеушінің ғылыми тұжырымдары түрлі жинақтарда, мақалаларда, сондай-ақ «Халық хәтере» (1986) атты монографиясында көрінді.

Жаңа ғылыми деректердің жиналуы бұрынғы зерттеулер аспектілерін толықтыру қажеттілігін туындатты. Бұл орайда ғалымның құрастыруымен шыққан «Башқұрт халық шығармашылығы». Т. 2: Аңыздар мен әпсаналар (1987) кітабын атауға болады. Бұл жинақ ғылыми аппараты бар 457 мәтінді қамтиды. Бұл жинақтың толықтырылған екінші томы 1997 жылы басылып шықты.

Ғалым Ф. Надршина 1998 жылы «Башқұрт ертегілік емес прозасы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Якут аңыздарын, әпсаналары мен мифтерін жинау, зерттеу арқылы алғашқы якут ғалымдары – А. Кулаковский, С. Новгородов, Г. Ксенофонтов, т.б. өз ғылыми еңбек жолдарын бастады.

Якут аңыздары мен әпсаналарын жинау ісінде жемісті еңбек еткен ғалымдар қатарында А. Саввин, А. Порядин, В. Дмитриев, П. Степанов, Г. Васильев, И. Березкин, Н. Степанов, Г. Федоровты атауға болады.

1960 жылы Г. Эргистің бастамасымен «Исторические предания и рассказы якутов» атты екі томдық басылымжарыққа шықты. Оның якут аңыздары мен ауызша әңгімелері туралы дайындаған кең көлемді мақаласы – бұл тақырып бойынша алғашқы арнайы зерттеу жұмысы болып саналады.

А. Окладников, И. Гурвич, З. Гоголев, Г. Башарин, Ф. Сафронов, Г. Эргис, П. Барашков, И. Константинов өз зерттеулерінде тарихи аңыздар мен әпсаналарды кең пайдаланды. Бұл жекелеген фольклорлық туындылардың мәні мен мазмұнын терең түсінуге ықпал етті.

Бұдан кейінгі жылдары жарық көрген ірі еңбектерді атасақ: «Очерки по якутскому фольклору»(Г. Эргис, 1974), «Происхождение якутского народа иего культуры»(И. Константинов, 1975), «Последам наших предков и современников: Быт коренных жителей Якутского края с древнейших времен донаших дней»(И. Березкин, 1987), «Якутские народные предания. Художественные особенности и историческое развитие жанра» (В. Никифоров, 1994), «Предания, легенды и мифы саха (якутов ) (1995)  т.б.

Бұл кезеңнің басында алтай фольклорының зерттелуі аясында Г. Потанин, А. Анохин, Л. Потапов, т.б. еңбектерін атауға болады. Кеңестік кезеңде алтай фольклорлық материалдардың жиналуы мен жариялануы Горно-Алтай тарих, тіл және әдебиет ғылыми-зерттеу институтының (бүгінде – С.С. Суразақов атындағы алтаистика институты) ғылыми қызметкерлерімен жүзеге асты. Бұл институт 1952 жылы құрылды. 1956 және 1959 жылдары Институт қызметкерлерінің жасаған экспедициялары нәтижесінде С. Суразақовтың құрастыруымен «Алтай халық ауыз шығармашылығы» (1961) жинағы шықты.

Түрік фольклортануында да мардымды істер атқарылды. Аңыздардың жиналуы мен жариялануы белең алды: «Bergama'da Efsaneler Âdetler» (О. Баятлы, 1941), «Türk Efsaneleri» (Н. Оркун, 1943), т.б.

Сондай-ақ А. Инанның «Tarihte ve Bügün Şamanizm» (1954, 1986) еңбегі ғылыми мәні жоғары боп келеді. Мифология саласында М.Ураздың «Türk Mitolojisi» (1967, 1994), Б. Өгелдің «Türk Mitolojisi» (1971, 1988, 1993, 1995) еңбектерін атауға болады.

Түрік аңыздары мен менкибе (әпсана) жанрының жиналуы мен жариялануында, сондай-ақ зерттелуінде маңызға ие еңбектердің қатарында А. Инанның «Makaleler ve İncelemeler» (1987), Ш. Елчиннің «Halk Edebiyatına Giriş» (1986), С. Сақаоғлының «101 Anadolu Efsanesi», М. Ергунның «Türk Dünyası Efsanelerinde Değişme Motifi» (1997), т.б. кітаптары бар.

Әзірбайжан ғалымдары тарапынан Бакудағы Қыз мұнарасы хақындағы аңыз-әпсаналар ғылыми нысанаға айналды. Мысалы, Е. Пахомовтың «Девичья башня и ее легенда» (1925), Х. Джиддидің «Гызлар және Гыз галалары» (1968), Д. Ахундовтың «О происхождении, назначении и датировка Бакинского башенного храма» (1974) мақаласында қыз мұнарасының туындауына қатысты әпсана сюжеттері зерттелген.

В. Велиевтің әзірбайжан ертегілік емес прозасына арнаған зерттеу еңбектері де маңызға ие. Ол – әпсана жанрының жүйеленуіне өзіндік үлес қосып, тақырыптық жағынан жіктелу принциптерін алға тартқан зерттеушілердің бірі.

Профессор П. Эфендиевтің оқулығы да бұл саладағы жемісті жұмыстардың қатарында көрінеді.

Ғалым М. Ахмедов отбасы-тұрмыстық тақырыптағы әпсаналарға арналған диссертациялық жұмысында аталмыш жанрдың жалпы мәселелеріне тоқталады.

1982 жылдан бастап жарық көрген 20 томдық Әзірбайжан классикалық әдебиетінің бірінші томы халық әдебиетіне қатысты. 14 бөлімнен тұратын бұл еңбектің екінші және үшінші бөлімдері аңыз-әпсаналарға арналған. Әпсаналар бөлімінде 21 мәтін, аңыздар бөлімінде 36 мәтін орын алған (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 42).

Әзірбайжан ертегілік емес прозасын зерттеуде еңбек сіңірген ғалымдардың бірі – С. Пашаев. Ғалым 70-ж. басынан өз еңбектерін халық әпсаналарына арнап, 1989 жылы «Азербайджанские народные легенды и проблемы их исследования» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Түрікмен халқының ертегіден тыс жанрларының жиналуы мен жариялануындағы алғашқы еңбектер қатарында И. Беляевтің «Грамматика турменского языка» атты кітабын (1915) айтуға болады. Лингвистикалық еңбектің мазмұнында түрікмен аңыз-әпсаналары да орын алды. Әсіресе, тарихи тұлғаларға арналған сюжеттер көрінді (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 44).

Түрікмен фольклорындағы маңызды жұмыстардың бірі – «Туркменская музыка» (Успенский, Беляев, 1928) атты екі томдық кітап. Мұның екінші томында түрікмен әпсаналары қамтылған (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 45).

П. Агалиев пен Ш. Батыров (1941), В. Попов (1944, 1945) еңбектерінде Әлішер Науаи, Хұсейн Байқара жайындағы аңыз-әпсаналар берілген (Қазақ фольклористикасының тарихы: Революцияға дейінгі кезең, 1988: 45).

Назар Шүкіровтің 1967 жылы жарияланған еңбегі де ертегілермен қатар әпсаналарға арналды (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 46).

Түрікмен ертегілік емес проза туындыларын зерттеуге орасан еңбек сіңірген ғалым – А. Баймырадов. А. Баймырадовтың түрікмен аңыздық прозасына арнаған ең елеулі еңбегі – «Түрікмен фольклор прозасының тарихи эволюциясы» (1982) деп аталады. Сонымен қатар «Эпикалық образдағы эволюция» (1980), «Мақтымқұлы хақындағы роваятлар мен легендалар» (1983), т.б. кітаптары жарық көрген. Ғалым бұл салада бірқатар мақалалар жариялаған: «Ровоятлар мен легендалардың айырмашылығы» (1974), «Түрікмен халық роваятларының тарихи тамырлары» (1975), «Ертегі қасиеті жоқ фольклор прозасының классификациясы» (1976), «О классификации народных предании» (1982), «Предания об исторических памятниках» (1978), «Некоторые особенности использования несказочной фольклорной прозы в туркменской советской литературе» (1986), «Лұқманның тарихи һәм фольклорлық бейнесі» (1989), т.б.

Ғалым А. Баймырадов 1994 жылы «Түрікмен халық прозасының тарихи-генетикалық эволюциясы мен поэтикасы» атты докторлық диссертациясын қорғады. Әр жылғы зерттеулердің нәтижелері мен тұжырымдарын қамтыған бұл еңбек – түрікмен фольклортануындағы ертегілік емес проза тақырыбын көтерген алғашқы ғылыми диссертация болып табылады. Еңбектің өзектілігі де осында жатыр. Ғалым түрікмен фольклорлық прозасының тарихи-генетикалық тамырларын, типологиясын, поэтикасын, трансформациясын жан-жақты зерттеуді мақсат тұтады. Ғылыми еңбектің «Ертегілік емес фольклорлық прозаның тарихи-генетикалық эволюциясы және жанрлық ерекшелігі» деп аталатын алғашқы тарауы 4 бөлімге бөлінген. Онда төмендегі мәселелер қарастырылған:

- түрікмен халқының ежелгі мифтерінің пайда болуы, дамуы, басқа фольклорлық жанрларға ықпал ету;

- түрікмен әпсаналарының жанрлық ерекшеліктері, тарихи-генетикалық эволюциясы, типологиясы және поэтикасы;

- халықтық әңгімелердің (сказания) жанрлық ерекшеліктері, олардың идеялық-тақырыптық бағыттары;

- аңыз жанрының тарихи тамырлары, даму жолдарының ерекшеліктері, олардың тарихпен, этнографиямен, археологиямен, топонимика және халықтық медицинамен өзара байланысы;

Сондай-ақ ертегілік емес прозаның классификациясы мен кезеңдік түрлері көрсетілген. Миф, әпсана, аңыздардың сюжеттік құрылымы сипатталған.

Екінші тарау «Тарихи тұлғалар туралы фольклорлық сюжеттердің образдық жүйесінің пайда болуы, трансформациясы және қалыптасуы» деп аталған. 3 бөлімді қамтыған бұл тарау Лұқман хәкім, Дәуіт, Бұқрат хәкім, Ибн Сина, Ерсары Баба, Кеймир Кере, Мақтымқұлы туралы фольклорлық сюжеттердің қалыптасуы мен дамуы жайында сөз болған (Баймырадов, 1994: 54-55).

Өзбек фольклорындағы зерттеу жұмыстары бұл кезеңнің басында шығып отырған газет-журнал, жинақтар беттерінде көріне бастады. Мысалы, 1901 жылы «Закаспийское обозрение» газетінде жарық көрген «Легенда о Тимуре», 1905 жылы «Самарқанд газетіндегі» «Сартовские легенды», 1911 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған «Легенда о Туркестанских землетрясениях», т.б. (Türk Dünyası Edebiyat Tarihi, 2002: 51) үлгілер бар.

Өзбек ертегілік емес прозасын зерттеуге кіріскен ғалымдар қатарында С. Толстов, Г. Снесарев, И. Гуламов, А. Рахманов, т.б. болды. С. Толстовтың «Древний Хорезм» (1948) еңбегінде Хорезмдегі жер атауларына байланысты әпсаналар қолға алынса, Г. Снесаревтің «Реликты домусульманских веровании и обрядов узбеков Хорезма» (1969) еңбегінде өзбектердің діни әпсаналары турасында сөз қозғалады. Сондай-ақ әпсаналарға өзек болған наным-сенім үлгілері сипатталады.

Өзбек халық прозасына ғылыми еңбектерін арнаған ғалымдар ішінде К. Имомовтың орны ерекше. Оның 1974 жылы жариялаған «Әпсана жанры» мақаласында әпсаналар туралы терең мағлұматтар берілген.

Бұл жылдары Г. Экрамовтың өзбек тотемдеріне байланысты «Тотемистік мифтер» (1978) мақаласы жарық көреді. Осы жылы шыққан 5 томдық «Өзбек әдебиеті тарихының» бірінші томы аңыз-әпсаналарға арналды.

Бұдан кейін 1981 жылы К. Имомовтың «Өзбек халық прозасы» атты іргелі еңбегі жарыққа шықты. Мұнда ғалым халық прозасын саралай отырып, ондағы аңыздар мен әпсаналардың да сипатына тоқталады. Екі жанрды жеке қарастырып, талдап, сонымен бірге олардағы ұқсастық пен айырмашылық белгілерін де атап көрсетеді.

Г. Снесаревтің «Хорезмские легенды, как источник по истории религиозных культов Средней Азии» (1983), Л. Толстованың «Исторические предания Южного Приаралья» (1984) атты еңбектері өзбек халқының фольклортануына қосылған ірі дүниелер болып табылады.

1989 жылы К. Имомовтың «Өзбек фольклорының очерктері» еңбегі, 1990 жылы К. Имомов, Т. Мирзаев, О. Сафаров, Б. Сарымсақовтың авторлығымен шыққан «Узбек халк огзаки поэтик ижады» ұжымдық монографиясы дa халық аңыздары мен әпсаналары туралы дереккөз бола алады.

ХХ ғасыр басындағы қырғыз халық прозасының зерттелуінде алғашқы жұмыстардың бірі – Ф. Поярковтың «Кара-киргизские легенды, сказки и верования» (1900) атты еңбегі. Мұнда зерттеуші қырғыз ертегілері мен діни наным-сенімдерімен бірлікте әпсана сюжеттерін де қарастырады. 

Қырғыз ертегілік емес прозасы аясындағы ғылыми ізденістер бұл кезеңнің екінші жартысында жан-жақты өріс алды. Мысалы, қырғыз этнографиясы мен тарихына қатысты терең зерттеулер ішінде С. Абрамзонның «Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи» (1971) атты кітабының орны бөлек. Ғалым қырғыздардағы тотемизм, шаманизм ілімдерін, жерлеу салтына байланысты наным-сенімдерді саралай отырып, олардың фольклорлық туындылармен үндестігін келтіреді.

1972 жылы жарық көрген Т. Баялиеваның «Доисламские верования и их пережитки у киргизов» атты кітабы этнография мен фольклор арасындағы байланыс жайынан хабар береді.

«Кыргыз элинин оозеки чыгармачылык тарыхынын очерки» кітабында зерттеуші Б. Кебекованың «Миф жана легенда» (1973) атты мақаласы жарияланса, кейін 1982 жылы ғалымның «Кыргыз-казак фольклордук байланышы» атты еңбегі жарық көрді. Мұнда қырғыз уламыштары (аңыздары), соның ішінде қырғыз халқының шығу тегіне, тотемдік жануарларға, т.б. қатысты сюжеттер қарастырылған. Сонымен қатар бұл зерттеу жұмысы қырғыз ертегілік емес проза туындыларын саралап қоймай, фольклор арнасындағы қырғыз-қазақ байланысын талдайды. Жиренше шешен, Асан қайғы туралы аңыздардың екі халыққа ортақ сюжеттік, мотивтік желілерін айқындап, салыстырмалы талдау жасайды.

Бұдан кейінгі жылдары жарияланған іргелі еңбектердің бірі – зерттеуші К. Байжігітовтің «Кыргыз мифтери, уламыштары жана легендалары» (1985) болып табылады. Зерттеу жұмысы 4 тарауды құрайды.

1.  Космогониялық легендалар (әпсаналар) мен мифтер.

2.  Тотемистік әпсаналар.

3.  Топонимикалық әпсаналар.

4.  Қырғыз мифологиясындағы қаһармандар мен типтер (Байжигитов, 1985: 71)

С. Закировтың «Кыргыз санжырасы» (1996), А. Эркебаевтың «Малоизученные страницы истории киргизской литературы» (1999), т.б. ғылыми жұмыстары қырғыз халық прозасының зерттелу аясын кеңейтті.

Қарақалпақ ертегілік емес проза туындылары көбінесе ертегі жинақтарында орын алды. Мысалы 1940, 1949, 1956 және 1966 жылдары шыққан «Қарақалпақ халық ертегілері» құрамында аңыз мәтіндері берілген (Fedakar, 2008: 10].

1962 жылы Қ. Мақсетов, Н. Камалов және К. Мамбетназаров тарапынан әзірленген «Қарақалпақ халық легендалары һәм анекдоттары» атты кітаптың «Легендалар» атты екінші бөлімінде 11, «Совет дәуіріндегі легендалар һәм анекдоттар» атты төртінші бөліміде 7 әпсана мәтіні берілген.

Сондай-ақ Н. Дәуқараевтың толық шығармалар жинағында (1977) да әпсана туралы сөз қозғалады. Қ. Мақсетов пен Ә. Тәжімұратов дайындаған «Қарақалпақ фольклоры» (1979), Х. Есбергенов және Ж. Хошниязовтың «Этнографические мотивы в каракалпакском фольклоре» (1988) атты еңбегі қарақалпақ аңыздық прозасы жөнінде мол дереккөз болып табылады.

Қарақалпақ фольклорына қатысты зерттеулер мен фольклортанушылар хақында мәлімет беретін «Қарақалпақ фольклористикасы» кітабында әпсана туралы зерттеу жұмыстары аталады және әпсана мәтіндері беріледі. «Қарақалпақ аңыздары, әпсаналары және шешендік сөздері» (1992), «Қарақалпақстан тарихы» (1993) атты кітаптарда аңыз-әпсана жайы қозғалады.

Қарақалпақ аңыздары мен әпсаналары ғалым Ж. Бердиевтің ғылыми зерттеу нысаны болды. Нәтижесінде «Тұрсын хан хақындағы аңыздағы мағлұматтар» (1993), «Ерназар Алакөз хақында халық ауызындағы аңыз әңгімелер» (1998), т.б. мақалалары және «Отражение в легендах и народных преданиях истории каракалпаков XIII-XVII вв» (1996) деген тақырыпта кандидаттық диссертациясы туындады.  

Жаңа ХХІ ғасырдағы жаңа ізденістер түркі фольклоры аясында кеңінен көрінуде. Соның ішінде ертегілік емес проза саласы да іргелі, маңызды еңбектермен одан әрі толығып келеді.

Қазақ фольклортану ғылымының шеңбері де іргелі жұмыстармен кеңейді. Мәселен, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық еңбектің бірінші томы (2008) қазақ фольклорының тарихына арналған. «Онда ежелгі заманда фольклор қандай болған, орта ғасырларда қандай сипат алған, жаңа дәуірде қалай дамыған деген мәселелер қарастырылған. Яғни қазақ фольклорының есте жоқ ескі заманнан бастап, бертінгі уақытқа дейінгі даму жолдары, жанрлардың пайда болуы мен өзгеруі, олардың қарапайымдықтан көркемдікке қалай жеткені зерттелген. Сондықтан бұл том «Қазақ фольклорының тарихы» деп аталып, фольклорымыздың мыңдаған жылғы жай-күйін, оның әр замандағы сипатын анықтаған...«Қазақ фольклорының тарихы» – өз концепциясы бар, ешбір саяси-идеологиялық ұстанымға ұрынбай, сөз өнерінің ұзақ мерзім бойы өзгеру, жаңару жолдарын барынша объективті түрде талдаған, ғылыми жағынан нанымды әрі құнды еңбек деп айтуға болады» (Қасқабасов,2009: 3).

Бүгінгі таңда ұлттық фольклорымыздың Кеңес кезінде тиым салынған түрлері «Бабалар сөзі» атты сериямен жарияланып, 100 том көлемінде ғылыми айналымға енді. Бұл басылымның 80-89-томдары (2011-2012) аңыздарға арналады. Алғашқы томда топонимдік аңыздар жинақталған. Топтаманың 81, 82-томдарына Адам атадан, Түркі қағанатынан, Алаша ханнан, Майқы биден бастап жалпы үш жүздің, жеке ру-тайпалардың шығу тарихын баяндайтын аңыздар берілген. Кезекті 83-томға енген шежірелердің үлкен бөлігі қара сөзбен хатқа түскен қолжазба мұралар бойынша, сонымен бірге ХҮІ-ХҮІІ ғасырдағы түркі, парсы, шағатай тілдерінде жарияланған тарихи шежіре шығармалардан бастап, ХХ ғасыр басындағы қазақ шежіре кітаптарында, алғашқы газет-журналдарында басылған материалдардың негізінде әзірленді. «Бабалар сөзінің» 84-томына жыл санауымызға дейінгі ҮІІІ-Ү ғасырлардан біздің заманымыздың ҮІ ғасырына дейінгі аралықты қамтитын («Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет», «Көкбөрі», «Аққу», «Сарын» т.б.), сондай-ақ VІІ-ХІХ ғасырлар аясында өмірге келген фольклорлық және халық күйшілері шығармашылығына байланысты аңыздар алынды. Жинақты дайындау барысында қолжазба мұралармен қатар А. Жұбанов, А. Сейдімбек, У. Бекенов, Т. Мерғалиев, М. Сатыбалдиев, Б. Мүптекеев пен С. Медеубекұлы, Т. Мерғалиев, С. Бүркіт пен О. Дүйсен, Б. Жүсіпов сынды зерттеуші-күйшілердің еңбектері пайдаланылды. Басылымның 85-88-томдары «Тарихи аңыздарға» арналады: 85-томға ҮІ-ХҮІ ғасырлар аралығындағы (Бәйдібек би, Домалақ ана, Қорқыт, Алаша хан, Майқы би, Аяз би, Хакім ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Өзбек хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Байшегір баба, әз-Жәнібек, Асанқайғы, Жиренше шешен, Қарашаш сұлу, Еңсегей бойлы ер Есім, Тоқтамыс) хан-сұлтандар, би-шешендер, батырлар т.б. тарихи тұлғаларға қатысты халық туындылары, 86, 87-томдарға Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты кемеңгер билерге қатысты сюжеттер кірді. Келесі 88-томға ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамын, тарихи оқиғаларды (Бөкей, Жәңгір, Нұралы, Кенесары хандарға, Есім, Баймағамбет, Саржан, Есенкелді, Наурызбай, Ахмет, Сыздық сұлтандарға, Сырым, Жанқожа, Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбай, Науша, Қойсары, Қонақбай, Байсейіт, Саурық, Иман сияқты ондаған батырларға, Мөңке, Бөкен, Шомбал, Үкі, Бөлтірік, Құнанбай, Сарыбай билерге қатысты) аңыздар ұсынылды. Топтаманың 89-томында аңыздардың жыр үлгісіндегі нұсқалары қарастырылды. Олардың арасында мекендік аңыздарға негізделген «Қыз құлаған», ертегілі-аңыздық сюжетке құрылған «Алдар көсе», тарихи тұлғаларды бейнелеген «Қорқыт», «Асан қайғы» сияқты қомақты фольклорлық шығармалар бар.

Жалпы, «Бабалар сөзі» – фольклортану ғылымы үшін жаңа ғасырдағы жаңа тыныс болды. Бұл кезеңде академик С. Қасқабасов ертегілік емес прозаға қатысты теориялық мәселелер бойынша ой-пікірлерін жан-жақты дамытып, «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Ойөріс» (2009), т.б. еңбектерін жарыққа шығарды. Сондай-ақ академиктің әр жылғы зерттеулері негізіндегі таңдамалы шығармаларының 5 томдығы жарық көрді. Алғашқы 3 том 2014 жылы, 4-том мен 5-том ағымдағы 2015 жылы оқырман қауымға ұсынылды (Қақабасов, 2009: 118).

Ш. Ыбыраев, С. Бахадырова және Б. Рахымовтың құрастыруымен шыққан «Түркі халықтарының фольклоры» (2009) еңбегінде тұңғыш рет отызға жуық туысқан халықтың ауызша сөз өнерінің үлгілері тұтастай жинақталып, ғылыми сипаттамасы берілген. Ертегілік емес прозаға қатысты деректер мол қамтылған. «Туысқан халықтардың фольклорына арналған еңбекті шығарудағы басты мақсат: тұтастай белгілі бір аймақта емес, бірі шалғай, енді бірі жақын жатқан түркі халықтарының тілімен қатар, олардың рухани қазыналарының ұқсас, сарын­дас келуінің сырын аңғарту болған» (Ыбыраев және т.б., 2009: 111).

Ғалым С. Қондыбайдың арғықазақ мифологиясына қатысты зерттеу ісі – бүгінгі фольклортану ғылымына салмақты үлес болса, зерттеушілер А. Әбсадықтың «Абылай туралы аңыздар», Ж. Аймұхамбеттің «Миф дүниесі және Оралхан Бөкейдің рухани әлемі», А. Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы», А. Дүйсенбінің «Түркі аңыздары мен әпсаналары», А. Пангереевтің «Қазақтың топонимдік фольклоры», т.б. сынды ғылыми-зерттеу еңбектері аңыздық прозаның жеке жанрлық түрлерін дамытудағы жаңа екпін.

Қарашай-балқар фольклортану қорына Т. Хаджиеваның құрастыруымен шыққан «Къарачай-малкъар жомакъла, таурухла, айтыула» (Қарашай-балқар ертегілері, әпсаналары, аңыздары) (2003) сынды екі томдық жинақ қосылды.

Хакас фольклорын зерттеп-зерделеуде игі істерге қол жеткізіп жүрген ғалымдар В.Я. Бутанаев пен И.И. Бутанаеваның «Хакасский исторический фольклор» (2001), «Мир хонгорского фольклора» (2008) атты кезекті құнды еңбектерін атау ләзім.

Якут ертегілік емес прозасына арналған соңғы еңбектердің қатарында Н. Алексеевтің «Якутские мифы. Сахалар ос-номохторо» (2004), А. Кулаковскийдің «Легенды, былины» (2007) т.б. бар.

Сондай-ақ татар-башқұрт аңыздарындағы ғажайып мотивтерге қатысты Г. Атнур (2008), ұйғыр аңыздарына қатысты А. Өгер (2008), т.б. зерттеушілердің ғылыми диссертациялары түркі фольклоры аңыздық прозасының ғылыми айналымдағы өзектілігін одан әрі нақтылай түсті (TürkHalk Edebiyatı, 1976: 150).

Татар ертегілік емес прозасына қатысты С. Гилязутдиновтың «Татарские исторические предания и легенды и их художественные особенности» (2000) атты кандидаттық диссертация жұмысында тарихи аңыздар мен әпсаналар негізінде халықтың ой-танымының ежелгі формалары көрініс тауып, оның дүниеге, қоршаған ортаға және өзіндік тарихына деген көзқарасы туралы құнды мағлұмат берілген.

Осы жылы С. Гилязутдиновтың құрастыруымен «Татар халык риваятьләре һәм легендалары» (2000) атты жинақ жарық көрсе, 2003 жылы «Казан турында легендалар» жинағы жарыққа шықты.

Түрік фольклортану ғылымында ертегіден тыс жанрларды қарастыруда ерекше жаңа қарқын байқалады. Мифология бойынша іргелі жұмыстардың басында Б. Сейдоғлының «Mitoloji Üzerine Araştırmalar» (2002), Исмайыл Таштың «Türk Düşüncesinde Kosmogoni-Kosmoloji»(2002), Ф. Баяттың «Mitolojiye Giriş»(2007) т.б. еңбектер тұрса, «efsane» жанрына байланысты И.Әлімжанның «Türk Mitolojisi efsane ve masallarinda bir deb tipi Yalmavuz/Celmoğuz» (2001), С. Сақаоғлының «101 Türk Efsanesi»(2003), М.Өнәлдің «Muğla Efsaneleri (2005), т.б. еңбектері зор мәнге ие. Сонымен қатар 2014 жылы жарық көрген «TürkHalk Edebiyatı» ұжымдық кітабы аңыздық прозаның зерттелу саласында маңызды қызмет атқармақ.

Жаңа кезеңде башқұрт фольклортану ғылымы да жаңа жұмыстармен толықты. Мысалы, «Повествовательные жанры башкирского фольклора» (Л. Бараг, А. Сулейманов, 2000), «Башкирские народные предания и легенды» (Ф. Надршина, 2001), т.б. Диссертациялық жұмыстар легі де көбейді. Атап айтсақ: «Башкирские исторические предания» (Г. Ахметшина, 2004), «Типологические и локальные особенности башкирских преданий и легенд» (Г. Исхакова, 2005), т.б.

Қорытынды. Сонымен, түркі халықтарының аңыздық прозасын жинау, жариялау, зерттеу ісімен түрлі уақытта түрлі қызығушылықтағы адамдардың айналысқандығын көреміз. Алғашқы деректер көзінде келтірілген мысалдар барлық кезде фольклорлық мәтін талаптарына жауап бермейді. Олар көбінесе шығарманың өзі емес, оның мазмұндамасы түрінде берілді.

Кейбір түркі фольклорының жазбалары әлі де түрлі мұрағаттарда сақтаулы. Олардың арасында ертегілік емес проза мәтіндері де баршылық. Бұл ретте фольклорлық материалдарды жинаудың бағдарламасын түзу – басты, әрі бастапқы жұмыстардың бірі болмақ. Сонымен қатар, жиналған, жазып алынған материалдарды жүйелеуде каталог-анықтамалықтарды құру қажеттілігі үлкен. Қолға түскен деректердің нұсқа, версия бойынша тәртіптелген күйі фольклортанушы жұмысына қарқын беретіні анық.

Жарияланған мәтіндер көп жағдайда жоспарлы сипаттан алшақ. Олар ізденуші маманның жеке ұстанымына тәуелді болып келеді, яғни, фольклорлық материалды жинаудың нақты жүйесі жоқ. Бұл жерде жинау жұмысына сұрыптау ісі қосылады. Ал бұл нәрсе зерттеудегі проблемалардың көбеюіне әкеледі.

Бүгінде жекелеген жанрларды тыңғылықты сұрыптау арқылы ғылыми басылымға шығару ісінің маңызы зор. Өйткені бұл олардың ғылыми классификациясындағы түйінді мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Жалпы, жоғарыда келтірілген ғылыми еңбектер мен жарияланған мәтіндердің сипаттамалық талдауы жанрлық классификация мәселесінің маңыздылығын алға тартады. Терминология мәселесін саралау мен ондағы сараптамалардың себеп-салдарының байыбына бару қажеттілігін туындатады.

Ғылыми мақала 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша АР08053219 «Түркі фольклорын жаңа гуманитарлық білім аясында зерттеу» жобасын іске асыру негізінде аясында дайындалды.

Әдебиеттер тізімі

Әуезов М. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 1948. Т. 1. 1 кіт. – Б. 64.

Байжигитов К. Кыргыз мифтери, уламыштары жана легендалары. – Фрунзе, 1985. – 171 б.

Баймырадов А. Түркмен халк кыссаларынын тарыхы-генетики эволюциясы ве поэтикасы: филол. ылым. докт. ... дис. – Ашгабат, 1994. – 55 б.

Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті: оқу құралы. – Алматы: Мектеп, 1974. – 321 б.

Зарипов Н. Научный свод башкирского фольклора. //Башкирский фольклор: исследования последних лет. – Уфа, 1956. – С. 14.

Ильина Г.Г. Несказочная проза в системе жанров чувашского фольклора: дис. ... канд. филол. наук. – Чебоксары, 2006. – 228 с.

Костюхин Е. Сказки // В кн.: История казахской литературы: в 3-х т. – Алма-Ата, 1968. Т. 1. – С. 184-235.

Қазақ фольклористикасының тарихы: (Революцияға дейінгі кезең) / жауапты ред. Р. Бердібаев. – Алматы: Ғылым, 1988. – 432 б.

Қасқабасов С.А. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. – Астана: Аударма, 2002. – 584 б.

Қасқабасов С. Ойөріс (фольклор туралы). – Астана: Астана полиграфия, 2009. – 304 б.

Миндибекова В. Жанровая специфика хакасских мифов: автореф. ... канд. филол. наук.– Новосибирск, 2004. – 183 с.

Потанин Г.Н. Казах-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки // В кн.: Живая старина. CПб, 1916. Вып. 2-3. – С. 47-198.

Потанин Г.Н. Тангуско-Тибетская окраина Китая и Центральная Монголия. Путешествие Г.Н. Потанина. 1884-1886. СПб.: Тип. А.С. Суворина, 1893. Т. 2. – 437 с.

Предания, легенды и мифы саха (якутов) / Н.А. Алексеев, Н.В. Емельянов, В.Т. Петров. – Новосибирск: Наука, 1995. – 400 с.

Пропп В. Принципы классификации фольклорных жанров // В кн: Фольклор и действительность. – Москва: Наука, 1976. – С. 38.

Рахымов Б. Түркологияға жаңа бағыт пен соны серпіліс керек // http://www.kazakzaman.kz

Турсунов Е. Легенды, предания и бытовые рассказы о животных в системе казахского повествовательного фольклора // В кн.: Казахские сказки о животных: легенды, предания, бытовые рассказы, сказки и басни. – Алма-Ата, 1979. – С. 203-210.

Türk Dünyası Edebiyat Tarihi / Önder Göçgün.– Ankara: AtatürkKültürMerkezi Yayınları, 2002. 2 cilt.– 721 s.

TürkHalk Edebiyatı / M.Öğuz.– Ankara, 2014. El kitabı, 11 baskı. – 542 s.

 Fedakar P. Karakalpakistan’dae efsane çalışmaları (The Legend Studies in Karakalpakhstan) // Balıkesir Üniversitesi Sosyal Bilimler Enstitüsü Dergisi. – Aralık, 2008. Cilt 11. – S. 152.

Ыбраев Ш., Бахадырова С., Рахымов Б. Түркі халықтары фольклоры. – Көкшетау, 2009. – 432 б.

References:

Аuezov M. Kazakh debıetіnіn tarıhy. – Almaty, 1948. T. 1,1 kіt. – B. 64.

Baıjıgıtov K. Kyrgyz mıfterı, ulamyshtary jana legendalary. – Frunze, 1985. – 171 b.

Baımyradov A. Turkmen halk kyssalarynyn taryhy-genetıkı evolıutsııasy ve poetıkasy: fılol. ylym. dokt. ... dıs. – Ashgabat, 1994. – 55 b.

 Gabdullin M. Kazakh halyq auyz adebietі: oqu quraly. – Almaty: Mektep, 1974. – 321 b.

Zaripov N. Nauchnyi svod bashkirskogo folklora // Bashkirskii folklor: issledovaniia poslednih let. – Ufa, 1956. – S. 14. [in Russian].

Ilina G.G. Neskazochnaia proza v sisteme janrov chuvashskogo folklora: dis. ... kand. filol. nauk. – Cheboksary, 2006. – 228 s. [in Russian].

 Kostiuhin E. Skazki // V kn.: Istoriia kazahskoi literatýry: v 3-h t. – Alma-Ata, 1968. T. 1. – S. 184-235. [in Russian].

Kazakh folkloristikasynyn tarihy: (Revoliutsiiaga deiіngі kezen) / jauapty red. R. Berdіbaev. – Almaty: Gilim, 1988. – 432 b.

 Kaskhabasov S.A. Janazykh Ar jylgi zertteuler. – Astana: Audarma, 2002. – 584 b.

Kaskhabasov S. Oiorіs (folklor turaly). – Astana: Astana poligrafiia, 2009. – 304 b.

Mindibekova V. Janrovaia spetsifika hakasskih mifov: avtoref. ... kand. filol. nauk. – Novosibirsk, 2004. – 183 s. [in Russian].

Potanin G.N. Kazah-kirgizskie i altaiskie predaniia, legendy i skazki // V kn.: Jivaia starina. CPb, 1916. Vyp. 2-3. – S. 47-198. [in Russian].

Potanin G.N. Tangusko-Tibetskaia okraina Kitaia i Tsentralnaia Mongoliia. Pueshestvie G.N. Potanina. 1884-1886. SPb.: Tip. A.S. Suvorina, 1893. T. 2. – 437 s. [in Russian].

Predaniia, legendy i mify saha (iakutov) / N.A. Alekseev, N.V. Emelianov, V.T. Petrov. – Novosibirsk: Nauka, 1995. – 400 s. [in Russian].

Propp V. Printsipy klassifikatsii folklornyh janrov // V kn: Folklor i deistvitelnost. – Moskva: Nauka, 1976. – S. 38. [in Russian].

Rahymov B. Turkologiiaga jana bagyt pen sony serpіlіs kerek //http: //www.kazakzaman.kz

 Tursunov E. Legendy, predaniia i bytovye rasskazy o jivotnyh v sisteme kazahskogo povestvovatelnogo folklora // V kn.: Kazahskie skazki o jivotnyh: legendy, predaniia, bytovye rasskazy, skazki i basni. – Alma-Ata, 1979. – S. 203-210. [in Russian].

Turk Dunyasi Edebiyat Tarihi / Önder Göçgün. – Ankara: Atatürk Kültür Merkezi Yayinlari, 2002. 2 cilt. – 721 s.

Türk Halk Edebiyati / M. Öğuz. – Ankara, 2014. El kitabi, 11 baski. – 542 s.

 Fedakar P. Karakalpakistan’dae efsane çalişmalari (The Legend Studies in Karakalpakhstan) // Balikesir Üniversitesi Sosyal Bilimler Enstitüsü Dergisi. – Aralik, 2008. Cilt 11. – S. 152.

Ybraev Sh., Bahadyrova S., Rahymov B. Turkі halykhtary folklory. – Kokshetau, 2009. – 432 b.

МРНТИ13.09

ИСТОРИЯ ИССЛЕДОВАНИЯ, СБОРА И ПУБЛИКАЦИИ ТЮРКСКОГО ФОЛЬКЛОРА

Ибраева Эльмира Ериккызы¹, Кишкенбаева Жулдызай Калыбековна2, Маслов Халил Борисович3

¹PhD, Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева. г. Нур-Султан, Казахстан.

²PhD,Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева. г. Нур-Султан, Казахстан.

3PhD, Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева. г. Нур-Султан, Казахстан.

Аннотация. Формирование этногенетического, политического, социального, культурного и духовного единства тюркских народов станет формированием великой культуры с тысячелетней историей на Евразийском пространстве. Сегодня существует большая потребность вникнуть во внутреннее устройство тюркской духовности и во внутренний мир тюркского мировоззрения. На сегодняшний день важным аспектом является выход тюркского наследия на мировую арену науки.

Модернизация тюркской целостности – важный вопрос современной фольклористской науки. Поэтому данная статья показывает свою актуальность, сосредоточившись на такой задаче.

Цель и задача статьи – взглянуть на фольклорную прозу тюркских народов в так называемой тюркской системе, найти общие черты в вопросах жанра, сюжета, мотива, характера и дать научную интерпретацию.

Ключевые слова: тюркский фольклор, история, история фольклороведения, источник, история исследований, новое гуманитарное образование, общественное сознание.

IRSTI 13.09

HISTORY OF RESEARCH, COLLECTION AND PUBLICATION

OF TURKIC FOLKLORE

Ibraeva Elmira Erikkyzy¹, Kishkenbaeva Zhuldyzay Kalybekovna²,

Maslov Khalil Borisovich3

¹PhD, L.N. Gumilyov Eurasian National University. Nur-Sultan, Kazakhstan.

²PhD, L.N. Gumilyov Eurasian National University. Nur-Sultan, Kazakhstan.

3PhD, L.N. Gumilyov Eurasian National University. Nur-Sultan, Kazakhstan.

Abstract. The formation of the ethnogenetic, political, social, cultural and spiritual unity of the Turkic peoples will become the formation of a great culture with a thousand-year history in the Eurasian space. Today there is a great need to delve into the inner structure of the Turkic spirituality, into the inner world of the Turkic worldview. Today, an important aspect is the entry of the Turkic heritage into the world arena of science.

Modernization of the Turkic integrity is an important issue of modern folkloristic science. Therefore, this article shows its relevance by focusing on such a task.

The purpose and objective of the article is to look at the folklore prose of the Turkic peoples in the so-called Turkic system, to find common features in issues of genre, plot, motive, character and to give a scientific interpretation.

Key words: Turkic folklore, history, history of folklore, source, history of research, new humanitarian education, public consciousness.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4474

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ 1(5)(091) "04/14":130.2 АХМЕД ЙҮГНЕКИДІҢ ДҮНИЕТАНЫМЫ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ (1946-1955) ҒТАМР 03.20.00 МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ МҰХАММЕД-САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ ҒТАМР 16.01.45 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Author's articles

ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ