Яндекс.Метрика
Home » Materials » 16.21.31 «ТӘҢІР ТАУ» (немесе Тянь-Шань) ҒҰНДАРДАН ҚАЛҒАН АТАУ

Қ. ҒАБИТХАНҰЛЫ, филол.ғ.канд., проф. Е. ҒАБИТ, Аблайхан ат. Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шығыстану факультетінің аға оқытушысы, магиситр

16.21.31 «ТӘҢІР ТАУ» (немесе Тянь-Шань) ҒҰНДАРДАН ҚАЛҒАН АТАУ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: Тянь шань , түркілер, ғұндар, қытай деректері, тәңір тау
Author:
Мақалада «Тянь шань» атауының этимологиясы мен географиялық атау ретінде қалыптасу барысы сөз болады. «Тянь шань» атауының сонау ғұндар заманында да тәңір тауы деп аталғаны, «Тянь шань» сөзі ғұн және көне түркі тілдеріндегі «тәңір тауы» атауының қытай тіліндегі аудармасы екендігі, оны қытайлардың өзі XIX ғасырдың соңына дейін сол дыбыстық аудармамамен атап келгені нақты дәлелдермен сарапталады.
Text:

Кіріспе

Тянь-Ша́нь (қаз. Алатау, Тәңіртау қырғ. Ала-Тоо, Теңир-Тоо; таж.Тиён Шон;  қыт.天山, пиньиньTiānshān; ұйғ.تەڭرىتاغ, Тәңри тағөзб.Tyan Shanмонғ.Тэнгэр уул) — негізінен Орта Азия жеріне орналасқан әлемдегі әйгілі тау сілемі. Тәңіртауы тау сілемдері —  Қазақстан, Қызғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай (Қытайдың Шынжаң ұйғыр автономиялық өлкесі) бес елдің жерінен өтеді.

Талқылау нәтижесі

 Тәңір тауының айналасы ежелден қазіргі түркі тілдес халықтардың арғы ата-бабалары саналатын сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар және т.б көне түркі ру-тайларының құт мекені. Сандаған ғасыр тарих көшінде олар тау бауырлап, өзен жағалап, шөптің шүйгінін қуалап, жыл мезгілі маусымға қарай қоныс алмастырып, көшпелі шаруашылықпен шұғылданды. Тәңір тауы олардың өмір сүруінің  өзегі, қайнар көзі болды сол себепті де осы бір киелі тауды «тәңір тауы» деп атады. «Тәңіртауы» атауының бірінші сыңарындағы тәңір сөзі ежелгі шумер тілінде дингер – «құдай», «аспан», ғұн тілінде 撑犁 chengli ежелгі оқылуы tengli  болып, «аспан», «құдай», «әмірші» мәніндегі сөз екені айтылса, көне түркі тілінде täңri сөзінің «аспан», «құдай», «әмірші», «билеуші» деген мағыналарға ие екені белгілі.

Нәтижесі

Ежелгі түркі мифологиясында Тәңір адамның, халықтың, мемлекеттердің, жалпы табиғаттың барлық болмысын анықтап, тағдырларын шешетін үлкен күш ұғымында беріледі. Тарихи деректерде көне түркілердің ата-бабалары саналатын ғұндар да《тәңір》деген құдайға табынған. Олардың бүкіл өмірі тәңіртауымен тығыз байланысты балғандықтан, тәңіртауына шексіз табынған. Тәңіртауын өзін асыраушы құдай, тағдырын  шешетін тылсым күш деп түсінген.Сондықтан бұл тауға《тәңір》деген сөзді қосып «тәңіртау» деп атаған. Неше мың жылдан келе жатқан тарихи атауды қытайлар болса бертін келе баспа-бас аударып 天山Тянь шань ( 天 tian  мағынасы тәңір, құдай, жаратушы; 山 shan  мағынасы тау)  деп алса, орыс географы әрі саяхатшысы Петр Петрович Семёнов – Тянь-Шанmский 1856-1857 жылдары Тәңіртауын толық сипаттап, суреттеп жазып «Тәңіртауын» «Тянь-Шань» деген қытай атауымен ғылыми айналымға түсірген. Тіпті өз фамилиясын да Тянь-Шаньский деп өзгерткен.

Негізгі бөлім

  Тәңіртауының ежелгі аты б.з.д. 3  ғасыр мен  16 - ғасырға дейінгі дәуірлерде хатқа түскен қытай жазба деректерінде кездеседі. Мәселен, қытайдың Шығыс және Батыс хан патшалығы дәуірі(б.з.д. 206 жылдан  б.з. 220-жылдар) тұсында қытайлар тәңіртауын «бейшан»(北山  теріскейдегі тау)деп хатқа түсірсе, Вый, Жин, Оңтүстік-Солтүстік патшалықтар дәуірінде(б.з. 220-589-жылдардағы)жазба тарихтарда «танханшан»(贪汗山 tan han shan )деп жазылған. Сүй патшалығы(581-618 жылдар) мен Таң патшалығы(б.з. 618-907-жылдар)тұсындағы тарихнамаларда «байшан»(白山 Baishan), «шилуоманшан»(析罗曼山 xi luo man shan ), «а хы тянь шань»(阿褐田山), «тянь шань»(天山)деген аттармен аталған. Суң патшалығы (618-1279 жылдар), Юан патшалығы (1271-1368 жылдар), Миң патшалығы(1368-1644-жылдар)тұсындағы тарихнамаларда 天山 (tian shan) «тяньшань» деп аталумен бірге, «тәңіртау»(腾乞里塔 teng ge li ta )деп дыбысталуы бойынша да хатқа түскен. Чиң патшалығы дәуіріндегі(1644-1911-жылдар) тарихнамаларда негізінен 天山 (tian shan) «тянь шань» деген атқа тұрақтаған.

  Қытай тарихнамаларында «Тәңіртаудың» әр дәуірде әр түрлі дыбысталып немесе аударылып,  ұқсамаған иероглифтермен хатқа түсуі, сол дәуірлердегі тәрихи  жағдаятпен тығыз байланысты болған еді. Қытайдың Таң патшалығы дәурінде жазылған «географиялық баян» деген еңбекте «Тарихнама.Ли Гуаңли өмірбаны» деген тараушасындағы дереке сүйеніп:бейшан (北山) тауының басынан қыстада қар кетпейді, ғұндар оны Тәңіртау(天山 тянь-шань)деп атайтын-делінген [Қытай тарихналаларындағы қазаққа қатысты деректер. 1998: 431-б.].

  Ғұндар тіліне жататын біраз сөздер атақты қытай тарихшысы Сыма Чиянның ( б.з.д. 145-90 жылдар өмір сүрген) «Тарихнама. Ғұндар баяны》ең алғаш хатқа түскен еді. Онда: «ғұндар тянь(天 тәңір, аспан)деген сөзді 撑犁 деп атайды» деп айтылған. 撑犁-дің ескі қытай тіліндегі дыбысталуы teng li болып, бұл дәл ғұнша «тәңір» деген сөздің қытайша дыбысталуы және қытай иероглифімен таңбалануы еді [Ғабитханұлы, 2001: 3-13-бб.]. Демек, сонау ғұндар заманында да  жыл санаудан бұрынғы үшінші ғасырларда Тәңіртауды дәл бүгінгідей «Тәңіртау»деп атаған. Ал енді «тарихнама》мен《ханнама》-ларда  тәңіртауды кейде «бейшан»(北山 солтүстіктегі тау деген мағынада, кейде《наншан》(南山 оңтүстіктегі тау деген мағынада)деп дерекке алынуы, қытай саяхатшыларының батыс өңірге жасаған сапары тұсында, тәңір тауының, тарым ойпатының солтүстік тұсындағы сілемін «бейшан» деп,  оңтүстіктегі қарақұрым  тауларын «нан шан» деп хатқа түсіруіне  байланысты  болса керек.

Ал енді Вый, Жин, Оңтүстік-Солтүстік патшалықтар дәуірінде(б.з.д 206 жылдан  б.з 220-жылдар)  Тәңіртаудың «тәнхәншан»(贪汗山 tan han shan) деп хатқа түсуі ежелгі түркі тіліндегі «тәңірхантау» деген сөзінің қытай иероглифтерімен аударма араласқан транскрипциялануы еді. Яғни,  «тәңірхан» деген сөз 贪汗 tan han деген дыбыстық аудармамен түссе «тау»деген сөзді мағыналық аудармамен山(shan) деп алған.Тәңір тауының «Хан тәңірі» атты биік шыңы бар екенін ескерсек осының бәрі тарихи деректермен сәйкесіп тұрғандай.

Ал енді «а хы тянь шань»(阿褐田山 fa he tian shan)деген сөз түрікше «ақ тәңіртау» деген сөздің қытайша иероглифпен аударма араласқан транскрипциялануы еді. «Байшан»(白山 bai shan )  сөзі болса түрікше «ақ тау» деген сөздің төте қытайша аудармасы еді. «Ақ тау» дегендегі «ақ» сөзінің және бір мағынасы ежелгі тілімізде «батыс» деген мағынада жұмсалғанын [Ғабитханұлы, 1998: N1], сонымен бірге тәңір тауы болса сол тұстағы қытайлар үшін расында олардың батысына орналасқанын, Орта Азия өңірін қытай деректерінде «батыс өңір» (西域 xi yu) деп жазып келгенін ескерсек, бұл айтқан сөзіміз дәлелдене түседі. Оның үстіне Қытай тілінде де бай (白 bai) яғни «ақ» сөзінің батыс деген мағынасы бар.

 Тәңіртау туралы қытай тарихнамаларында кезесетін деректер, олардың түрлі иероглифтермен хатқа түскеніне және дыбысталуының бір-бірінен қалай парықталуына қарамастан, тоқ етері, оның бәрі ғұн тіліндегі «тәңір» деген сөзбен байланысты екені белгілі болып отыр. Бұл айтылғандар әрі тәрихи фактілерге де сай келеді. Өйткені жыл санаудан бұрынғы үшінші ғасырдың алды-артында Тәңіртау өңірі Ғұн империясының  территориясында орналасқан. Тәңір тауының айналасы ежелден қазіргі түркі тілдес халықтардың арғы ата-бабалары саналатын сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар т.б көне түркі ру-тайларының құт мекені. Сандаған ғасыр тарих көшінде олар тау бауырлап, өзен жағалап, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуалап, жыл мезгіліне қарай қоныс алмастырып, көшпелі шаруашылықпен шұғылданды. Тәңір тауы олардың өмір сүруінің  өзегі, қайнар көзі болды, сол себепті де осы бір киелі тауды «Тәңір тауы» деп атады. «Тәңіртауы» атауының бірінші сыңарындағы «тәңір» сөзі ежелгі шумер тілінде дингер – «құдай», «аспан», ғұн тілінде 撑犁chengli ежелгі оқылуы tengli «аспан», «құдай», «әмірші» мәніндегі сөз екені айтылса, көне түркі тілінде täңri «аспан», «құдай», «әмірші», «билеуші» деген мағыналарға ие болған. Оның себебі, ежелгі түркі мифологиясында «тәңір» адамның, халықтың, мемлекеттердің, жалпы табиғаттың барлық болмысын анықтап, тағдырларын шешетін үлкен тылсым күш.

Тарихи деректерде көне түркілердің ата-бабалары саналатын ғұндар да «тәңір» деген құдайға табынған. Олардың бүкіл өмірі тәңіртауымен тығыз байланысты балғандықтан, тәңіртауына шексіз табынған. Тәңіртауын өзін асыраушы құдай, тағдырын  шешетін тылсым күш деп түсінген. Сондықтан бұл тауға «тәңір» деген сөзді қосып «тәріртау» деп атаған. Неше мың жылдан келе жатқан тарихи атауды қытайлар болса бертін келе баспа-бас аударып  天山 Тянь шань ( 天 tian  мағынасы тәңір, құдай, жаратушы; 山 shan  мағынасы тау)  деп алса, орыс географы, әрі саяхатшысы Петр Петрович Семёнов Тянь-Шаньский 1856-1857 жылдары Тәңіртауын картаға түсіріп,  «Тәңіртауы» дегенге тілі келмеді ме әлде жаңалық ашқысы келді ме, жоқ мақсатты түрде ме « тәңіртау» атты сан ғасырлық тарихи атауды «Тянь-Шань» деген қытай атауымен ғылыми айналысқа түсірді. Тіпті өз фамилиясын Тянь-Шаньский деп өзгертті де. Жарайды мұның бәрі өткен іс. Ал өзгелер мұны өз кезінде біліп істесін, білмей істесін бәрі де Ресей империясы мен оның жалғасы болған Кеңестер Одағының  кесірінен болды делік. Егемендік алып, тіліміз мемлекеттік тіл деген мәртебеге ие болғалы ширек ғасырдан асса да, қалай екені белгісіз, шетелдік ғылыми әдебиетті айтпағанда, отандық әдебиеттерде бүгінге дейін «Тянь-Шань» атауы қалмай келеді. Мұны қалай түсінеміз?

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. - Пекин, Ұлттар баспасы, 1998. 1-т. - 431 б.

2. Ғабитханұлы Қ. Ғұн тілі // ҚР ҒА хабарлары. Филология сериясы. - 2001. -№2, 3-13-бб.

3. Ғабитханұлы Қ. Ақмола - ғұндардан қалған атау // Ана тілі. - 1998. - N1.

References

Qytaı tarıhnamalaryndaǵy qazaqqa qatysty derekter. - Pekın, Ulttar baspasy, 1998. 1-t. - 431 b.

2. Ǵabıthanuly Q. Ǵun tili // QR ǴA habarlary. Fılologıa serıasy. - 2001. -№2, 3-13-bb.

3. Ǵabıthanuly Q. Aqmola - ǵundardan qalǵan ataý // Ana tili. - 1998. - N1.

К. Габитханулы, Е. Габит1

1КазУМО и МЯ им. Абылай хана

ГЕОГРАФИЧЕСКОЕ НАЗВАНИЕ «ТАНИРТАУ» (ИЛИ ТЯНЬ-ШАНЬ)  - НАСЛЕДИЕ ГУННОВ

Резюме

В данной статье рассматривается этимология  названия «Тянь Шань» и его становление как географического названия. Со времён гуннов в древнетюрских языках «Тянь Шань» называли «небесной горой».  Также приводится примеры, о том что это географическое название произошло от китайского слово «небесные горы».

Ключевые слова:Тянь Шань, небесные горы, китайские данные, гунны, тюрки.

K. Gabitkhanuly, Y. Gabit1

1Kazakh Ablai Khan University of International Relations and World Languages

«TANGIRTAU» (OR TIAN-SHAN ) IS THE HUNHERITAGE THE GEOGRAPHICAL NAME "TANGIRTAU" (OR TYAN-SHAN) IS THE HUN HERITAGE

Summary

 The article deals with the origin of the word «Тian Shan» and the process of  it`s becoming as geographical name. The name «Тian Shan» in the period of Huns  was called “the  HeavenMountains”. This name was used in the Hun and Turkic languages as the translation from Chinese. The article also gives specific examples that Chinese used this word until the end of nineteenth century.

Keywords: Tian Shan, the  Heaven Mountains, Chinese data, Huns, Turks.

No comments

To leave comment you must enter or register