Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА

А.Ғ. Ибраева¹, Т.С. Садықов², Ә.С. Темірханова³. ¹Т.ғ.д., профессор. М. Қозыбаев ат. СҚМУ. ²Т.ғ.д., профессор. ³PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ.

ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: ғалым., заман, ұлт, тұлға, ақын, әдебиет, қазақ, тарих, Манаш Қозыбаев, Абай Құнанбайұлы
Author:
Аңдатпа. Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың ғылыми еңбектері мен тұжырымдары тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуында маңызы зор. Қазақ тарихы мен сөз өнері егіз, сондықтан академик Манаш Қабашұлы кәсіпқой тарихшы бола тұра, қазақ тарихы мен сөз өнерін бөліп жармай қарастырған тұлға. Өз зерттеулерінде автор қазақтың ойшыл-ақыны, хакім Абайдың өмірі мен қоршаған ортасын, өмір сүрген заманын, қызметі мен шығармашылығын терең талдап, жан-жақты қарастырған. Ғалым өзінің зерттеулерінде ақынды жете тануға талаптанғаны байқалады. Ол хакім Абайды өзіндік болмысы бар, шыншыл, сыншыл ақын деп білген. Тарихшының тұлғатану мәселесіне қатысты зерттеудегі жаңашылдығы тақырыпқа қатысты қалам тартқан кейінгі тарихшыларға әдіснамалық бағдар береді. Ғалымның хакім Абайды тану жолында жазған зерттеулерінің маңызы зор. Берілген мақала барша абайсүйер қауымға, тәуелсіздік жағдайында Абайды зерттеп жүрген жас буын ұрпаққа пайдалы болар деген ойдамыз.
Text:

Кіріспе. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының лауреаты Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың қазақ тарихындағы орны ерекше. Манаш Қабашұлы ұлттық намыс пен рухтың жай жаршысы ғана емес, өмірінде оның үлгісін өз іс-әрекетімен көрсете білген, намысты да рухты бірегей тұлға болып табылады. Тарих ғылымдарында ғасыр жүгін арқалап, ХХ ғасырдың соңғы 40 жылға жуық уақыты бойы кесек туындыларымен, өзгеше ойларымен ақниет әріптестерінің құрметіне бөленіп, оқырманның ауызынан түспеген, биліктің назарын бірде үркітіп, бірде сүйінтіп өзіне аудартқан ғалым ретінде өзі де ұлттық тарихымыздың ұлағатты тұлғасына айналды.

Ел тарихшыларының ноқта ағасы ретінде академик Манаш Қабашұлының тұлғатану мәселесіне қатысты мақалаларының тарихи маңызы зор. Академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми еңбектеріне сараптама жасап, тиесілі баға беру алдағы уақыттың, дербес те жүйелі зерттеу жұмыстарының еншісінде болмағы рас. Ғалым отандық тарихнамада алғашқылардың бірі болып тарихи портреттер жасауды қолға алған. Тұлғатану саласында ғалымның Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қосымұлы, Жалаңтөс баһадүр, Абылайхан, Бұқар жырау, Қожаберген жырау, Шақшақ Жәнібек, Жәуке батыр, Махамбет пен Исатай батырлар, Сырым батыр, Хан Кене, Қарасай батыр, Шоқан, Абай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Әбдіғапар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов және тағы басқа қазақтың тарихи тұлғалар тағдыры арқылы Отанымыздың сан қырлы тарихын аша түскен. Бұл ретте ғалым тарихи тұлғаларға қатысты «Өлім – екі түрлі. Бірі – табиғи өлім, екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсатымыз шын мәніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу» деп көрсеткен.

Тұлға мәселесіне қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қабашұлы мынадай тұжырымдар жасайды: «Халық басына күн түсіп, қиын-қыстау замана туғанда ғана тұлға өзінің өзгеден ерек ірі ісімен, пәрменді күшімен, құдіретті көріпкелдігімен танылады. Ендеше, тұлға – табиғат сыйы, табиғи ортаның туы. Тұлғаны ақ алмастай замана шындайды, ақ алмас Мұхтар Омарханұлы айтқандай, қаттыны жарады, жұмсақты тіледі; замана талабы туған кезде оттан шығып, жалын құшқан ақ алмас қынабынан жарқ етіп қадір-қасиетімен халқына танылады, «тарих» деген дарияны еркін малтып өтіп, өз тұғырына, ұлылық тұғырына қонады. Мұндай тұлғалар күнде тумайды, табиғат адам баласына оны анда-санда сыйлайды».

Көрнекті ғалым Манаш Қозыбаевтың ғылыми шығармашылық мол мұрасы өз бағасын жоймай, бүгінгі таңда тарихтан өз орнын алған. Тұлғатану мәселесіне қатысты жазылған бұл зерттеу Абай ұлылығын асқақтатып, абайтануға қосылған сүбелі үлес деп санаймыз. Мәселен, бүгінгі даму, рухани, саналы, сапалық өріс Абай ойымен терең ұштасқан. Осы даналық ой ұлтымызды жаңылдырмай, өмір сынынан мүдірмей өткізіп келе жатқандығы белгілі. Адамзат өркениетінің қазақ халқының бай рухани мұрасымен іс жүзінде хакім Абайдың арқасында танысқаны мәлім. Сондықтан біз осы мақаламызда ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, дара ойлары мен дара көзқарастарын саралаған академик Манаш Қабашұлының зерттеулеріне терең тоқталамыз.

Материалдар мен әдістері. Ғалым Манаш Қозыбаевтың еңбектеріндегі көрнекті тарихи тұлғалардың өмір сүрген кезеңін, шығармашылығы мен қызметін зерттеуге мүмкіндік берген тарихилық, жүйелілік, салыстырмалы талдау және жинақтау әдістері кешенді қолданылды. Осыған орай ғалым жаңа тәуелсіздік заманасында біз қазақ зиялыларының бейнелерін жасап, тарихтағы өз орнын анықтап, тұғырына қондырамыз десек, өркениетті елдер тарихын жазудағы методология мен әдістерді игеру керектігін ескерткен. Мақалада нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи зерде негізінде қоғамдық-саяси мәселелер бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды.

Талдау. Қазақ қоғамына еңбегі сіңген азаматтардың ғұмырнамалық тарихын зерттеу, олардың тарихтағы орнын айқындау тарихшылардың басты міндеті болып табылады. Жоғарыда аталған мақала Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласымен ашылған. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қабашұлының тарихи мол мұрасы – мерзімді баспасөз беттеріндегі мақалалары, еңбектерінде жарияланған ғылыми зерттеулері пайдаланылған. Хакім Абай туралы Қ. Алпысбаев пен Г. Бельгердің зерттеулері кеңінен қолданысқа еніп, бірқатар ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасалған.

Зерттеу нәтижелері. Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларына құрмет көрсетіп, сол арқылы тарихи санасын жаңғыртып, келешекке соны бағдар етеді. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары болуы мүмкін. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде классик ақын Абай Құнанбайұлының орны ерекше. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлаған алып тұлға. Алыстаған сайын биіктей түсетін тау сияқты заманалар ауысып, дүние дидары өзгергенмен, ұлы Абай тұлғасының аласырмасы анық. Керісінше уақыт өткен сайын оның артына қалдырған бай мол мұрасы асыл тастай ажарланып, елін, ұрпағын биік шындарға жетелейді. Бүгінде Абайды тану тарихы жүз жылдан да асып барады. Сөйтсе де біздер хакім Абайды біршама танысақ та, ойшыл, дана Абайды жете ұға алмай жатқан жайымыз бар. Әсіресе Абай шығармаларындағы толық адам, нұрлы ақыл, жан сыры сияқты өзекті танымдар әлі де зерттеуді қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды»[1] деп хакім Абайдың қазақ әдебиеті үшін де, бүкіл түркі мәдениеті үшін де маңызды тұлға екендігін көрсеткен. Президент өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды XXI ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы дәлелдеп отыр. Мақалада қазақтың классик ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай, оның мол мұрасын оқу, насихаттау, зерттеу жолымен қоғамдық дамуымыздың барлық салаларына рухани серпін беріп, азаматтық санамызды қайта түлету көзделгендігі ерекше атап өткен жөн.

Той демекші ғалым Манаш Қабашұлы тойға қатысты 1996 жылы Жұлдыз журналының №4 санында жарық көрген «Той туралы» деген мақаласында: «Тойдың концепциясы – ұлттық санасын ояту, ұлы ата-баба аруағын сыйлау арқылы Отан сүйгіш ұрпақ тәрбиелеу, халықтың басын біріктіріп, оның жаңа менталитетін қалыптастыру болса керек» деген. Бұл ретте автор Абай бабамыздың тойына қанша кітап шықты, қанша өлең, әндер туды, қанша философиялық мәні бар толғаныс, ізденіс жасалды, қанша ескерткіштер орнады, мұражайлар салынды, қандай дәрежеде ғылыми конференция, симпозиумдар, дөңгелек столдар өтті. Абай мұрасы қандай тілдерге аударылды, абайтанудың жаңа көтерілген деңгейі қандай – тойдың ішкі мазмұны осындай тұжырымдарға құрылса керек-ті [2] деген тұжырымды ұстанғандығын көрсеткен. Осыған орай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!», – деген сөздерінің алар орны айырықша.

Өз кезегінде хакім Абайдың ақындық қуатына, тұлғасына және дәуіріне терең үңілгендердің бірі академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қабашұлы Қозыбаев белгілі. Ғалымның Абай туралы «Абай және оның заманы» деген мақаласы 1995 жылы ҚРҒМ – ҒА хабаршысының №6 санында жарық көрген. Мұнда автор Абай тұлғасы мен оның өмір сүрген заманына тоқталып, тарихи тұрғыдан зерттеген. Ғалым өзінің бар ғұмырында Отандық тарихты зерттеп қана қоймай, ғылыми мол еңбектері арқылы қазақ халқының тарихи санасын қайта жаңғырту жолында қыруар іс тындырып, тарихтың бұрмаланып жазылуына қарсы тұрды. Сондай-ақ ғалымның тұлғатану, ғұмырнама жанрын зерттеудегі еңбектерінің орны ерекше. Бүгінгі таңда ғұмырнама Абайтану, Әуезовтану, Әлихантану сияқты сан-салаға бөліп, тарихи тұлға ретінде жеке басына тән ерекшеліктерді қарастыру ісі қолға алып жатқандығы ерекше атап өткен жөн.

Мақалада автор кемеңгер ақын туралы қайта-қайта тебіреніп, жоғары бағасын беріп отырады: «Абай өнер, білімге жадағай жалпылама шақырмады. Ұлы дана қазақ халқының ХХ ғ. орыс өркениетін алтын көпір ете отырып, базарлы экономиканы меңгеріп, өркениет төріне өнер-білім, мәдениет арқылы әлем көгіне шығуды қалайды». Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» деген мақаласында «Одан асқан бұрың-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады. «Көзқарасының қарама-қайшылықтарына қарамастан, – деп жазды Сәбит Мұқанов, – Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі». Аталмыш мақаласында тарихшы-ғалым хакім Абайдың тұлғасына қатысты даналық жолында шығыстың ойшылы ұлтшылдыққа ұрынбады, үш өркениет мәдениетін синтездеу арқылы әлем биіктігіне көтерілгендігін ерекше атап айтқан болатын.

Ғалым өзінің Абай Құнанбайұлы тұлғасы мен өмір сүрген заманы туралы жазған мақаласында, оның алып бейнесін жан-жақты кең тарапта сомдап, есімін замана сырымен байланыстырды. Академик Манаш Қабашұлы Абай өмір сүрген заманды қарастыра келіп хакім Абай туралы былай дейді: «Жаңа тәуелсіздік заманасында Абай дегенде біз халқымыз туралы сыр шертеміз, еліміз туралы егілеміз, мұңымызды, жырымызды айтып төгілеміз, ардағымызды абыз қылып, асылымызды Хан тәңіріне тұғыр қылып орната отырып, бабамыз айтқан надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан жиренеміз. Бұлай ету заңдылық та. Өйткені Абай біздің қазақ халқының өзі, барша тарихын таразылаған көзі, бұлбұлдай сайраған поэзиясының сөзі. Абай – халықтың рухы, ол түркі тектес халықтардың діңгегі Қорқыт ата, Асан қайғы, Бұқар жыраудай ұлы алыбы». Хакім Абай ғылымның тазалығы үшін күреседі. Сол феодалдық-патриархалдық қоғамда өмір сүрсе де, ол өз ұлтының болашағына сенеді.

Автор Абай өмір сүрген уақыт адамзат қоғамында үлкен өзгерістер болған кезең екенін айтады. Осы өзгерістер дана тұлғаны толғандырмай қоймағаны белгілі. Академик Манаш Қабашұлы ақын өмір сүрген кезеңді терең бағамдай отыра, Абай дәуірінің ерекшеліктеріне толық талдау жасайды. Ғалым осы зерттеуінде Абай өмір сүрген кез, бодандықтың небір өрескел көріністері ел өмірін кең жайлаған кез еді дейді. Яғни қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік қайшылықтары шиеленісіп, ру-руға бөлініп, жер дауы, жесір дауы өршіген заман болған. Ақынның өз сөзімен айтқанда «ел басына қиындық пен әуре туған күйзеліс әкелген» кезең еді. Сондай әлеуметтік әділетсіздіктермен күресе жүріп, хакім Абай  орыс мәдениеті мен орыс әдебиетін, батыс мәдениетін қазақ даласына жаюға ұмтылды. Халық болашағын білім, өнер, өркениеті дамыған халықтар болмысынан іздеп, ғылым мен білімнің толассыз дамыған кезеңі еді деген ұстанымды ойын айтқан. Бұл ретте қaзaқ әдeбиeтiнiң тeмip қaзығы бoлғaн Aбaй мұpacын тepeң дe тoлық бiлy үшiн Aбaйдың өмip cүpгeн зaмaнын, oның өcкeн opтacын зepттey apқылы aқын шығapмaлapының cыpын бiлеміз.

Академик Манаш Қабашұлы жоғарыда аталған мақаласында XIX ғасырдың орта шенінде қазақ сахарасында ғасырларға созылған ұлт-азаттық қозғалыстың болғанын талдап өтеді. Отар өлкені «бейбіт» игеру кезеңін толық басталғандығын көрсетіп, XIX ғасырдың аяғында халық алдында «өмір не өлім» альтернативасы туғанын ерекше атап өткен. Сол кезде әлемтану, қазақтану жолындағы ойшыл-ақын Абайды толғандырған басты сауалдар: ««қазақ» деген кім, ол қайдан жаралды, қалай таралды, ол текті ме, тексіз бе, тілі, діні қандай, ұлттық болмысы қай халықтан биік, қайсысынан аласа?», – дейді автор. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте, 1995 жылғы тамыздың 9-да жасаған баяндамасында хакім Абай туралы: «Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен кұбылыс саналардай ерекшелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орныңа тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтықтың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байқатқандығы» деп ерекше атап өткен.

Ақынның өсіп-өнген ортасы, мектебі, мәдени дәстүрлері өз алдына күрделі мәселе болып табылады. Мұның өзі алуан-алуан қатпарлы, астарлы, тұңғиық сыр әлемі десе артық емес. Мақалада ғалым «Абай заманасы оның ортасынан басталары даусыз» – деп, ақынның кеңістігіне, өрісіне, Абайтануда қалыптасқан концепцияға терең тоқталады. Біріншіден, Абай өскен орта – халық ақындарының, шешендердің, шежірешілердің, ой мен тіл көсемдерінің алтын ордасы болып табылатыны белгілі. Ақын ортасы дегенде ғалым Манаш Қозыбаев Ибраһимді өсірген Құнанбай әулеті деп, болашақ дананың атасы Өскенбай, әкесі Құнанбай, сүйікті анасы Ұлжан, марқасқа ел анасы – әжесі Зере есімдерін ерекше атап өткен. Мұнда автордың көрсетуінше, ақынның атасы Өскенбай аты шыққан би болған, ал әкесі туралы Құнанбай алдына жан салмаған шешен, тар заманда еліне, халқына танылған көсем, қайраткер жан екендігін айқындайды. Осы ретте абайтанушы зерттеушілердің арасында әкесі Құнанбайға қатысты қалыптасқан тұжырымдарды пайымдап, Абайдың даналық жолында дала саңлағы Құнанбайдың үлесі бары ақиқат деген ойын нақтылайды. Автордың айтуынша, бала Абай әкесінің қатал қатал, қайсар мінез-құлықтарына сын көзбен қараса, дана Абай Құнекеңнің замана перзенті екенін түсінгені күмән тудырмайды. Ғалым ойын жалғастыра келе, кейде кейбір ғалымдар Мұхтар Омарханұлы жасаған Құнанбай образы мен өмірдегі Құнанбайды салыстырып әлек болады. М.О. Әуезов «Абай жолында» дала феодалының да, дала билеушісінің де жинақталған кесек бейнесі бергені аян деген тұжырым жасайды. Хакім Абай өз өмірінде атаның баласы емес, адамның баласы болғанын ерекше атап өткен жөн.

Ғалым Манаш Қабашұлы Абай туралы терең толғанысын осы арада үзе отырып, ақын кеңістігіне тоқталады. Абай кеңістігі дегенде автор Дала өңірінің орталығы болған Семейге ерекше тоқталып өткен. Белгілі тарихшы Абай үшін Семейдің орнын былайша көрсеткен: «1. Ахмет Риза медресесі, орыс мектебі – Абай жолының бір белесі болса, 2. Жер ауып келген көпұлтты зиялы қауым қазақ даласындағы поэтикалық дарынды ашты». Дала өңіріндегі діни медресесінде білім алуы, шығыстың шайырларының өлеңдерін қаңыға оқып, сусындауы, араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріне жазылған еңбектерді оқуға жол ашқандығы белгілі. Семейде оқыған жылдарында орыс мәдениеті мен оның өкілдеріне деген қызығушылығы оянған. Сондай-ақ, қатаң тәртіпке қарамастан ақын орыс мектебіне оқуға түсіп, осы мектепте болған кезінде оның орыс халқының мәдениетін білуге деген ынтасы артып, өз еркімен орыс әдебиетін үйреніп, еркін түрде орыс тілін меңгеруіне жол ашылған. Абайдың танысқан жаңа достары болашақ ұлы ақынның дүниетану ауқымын жан-жақты кеңейтуге ықпал етіп, оның басқа халықтарға танылуына жаңа жол ашқан. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың айтуынша «Абай өзінің жақын досы, Ресей империясының демократы Е.П. Михаэлистің бастамасымен 1883 жылы ашылған Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына белсене қатысып, қазақ халқының салт-дәстүріне, этнографиясына байланысты тың мағлұматтар айтып, пайдалы ақыл-кеңестер берген, өз тарапынан музей қорына елуден астам ұлттық бұйымдарды тапсырғаны белгілі. Семей облысының экономикасын, тарихы мен халық шаруашылығын, табиғатын зерттеумен айналысқан ғылыми-зерттеу орталығы – Семей облыстық статистикалық комитетінің жұмысына да ұлы ақын ерекше ынтамен қатысқан» деп ақын өміріндегі Семейдің орнын ерекшелігін анғартады. Ал бүгінгі күні Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі Қазақстандағы ірі мәдени орталықтардың бірі болып табылады. Қорық-мұражайдың негізгі қызметтері: Абай өмірі мен шығармашылығын, оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау болып табылады. Мұражай қазақтың классик жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған.  

Мақалада автордың келесі қарастырған мәселесі дана-ойшыл ақынның шығармашылық мұрасы. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы-халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді. Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді. Ғалым Манаш Қозыбаевтың ақынжанды тұлға екендігін ескере отырып, қазақ әдебиетіндегі Aбaй шығapмaлapын өзiне үлгi еткенін төл шығapмaлapынaн aнық бaйқaймыз. Сондай-ақ ғалым өзінің зерттеу еңбектері мен шығармаларында, зерттеу мақалаларында өзінің ойын дәйектеу үшін хакім Абайдың шығармаларына жиі жүгініп, одан мысалдар келтіріп отырған. Абайдың даналығын Отан тарихы мен қазақ этносының мәдениетін зерттеу барысында ғалым Манаш Қозыбаев әрқашан оралып отырған. Мәселен, жаратушылық энергиясы, дарындылық, шығармашылық деңгейі, білімі, тәжірибесі, ойлау жүйесі жоғары хакім Абайдың ой толғау, сөз саптау мәдениетіне зерделі зейінмен үңілсек, ол абызша, билерше, данышпанша пайымдап толғанады. Автор оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтып, өзара ұштастыра білгендігін ерекше көрсеткен. Тарихшы оның түрлі тақырыпта жазылған философиялық шығармаларына зерделі тұжырымдар жасап, терең талдайды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Әбділдин сұхбаттарының бірінде Абайға келсек, қазақ қоғамының өмірін Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болатынын көрсетіп айқындаған. Ол Абайға дейінгі біздің әдебиетіміз, ой-санамыз, философиямыз бір бөлек те, Абайдан кейін осы құндылықтарға көзқарасымыз мүлде өзгерді, жаңа түсінік қалыптасты деген пікір айтқан. Ғалым Манаш Қабашұлы классик ақын Абайдың: 

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып,

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып. –

деп айтқан өлең жолдарының мәнін ашуға тырысып, Абай халықтың отаршылар алдында жалпақтап, менталитеті өзгергенін айтып қана қоймайды, ойшыл дана замана сырына үңілген деген пікірін айтқан. Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Ақын Абай шын қадірін білген кісіге өлеңнің қасиетті екенін ұққан, білген адам. Өлеңін де сондай биік деңгейде таныта алған. Автор ақынның бірқатар өлеңдеріне тоқталып, Абай құрдымға кете бастаған болыстық жүйе мен билер сотына да сын көзімен қарағанын байқатады. Бұрынғы істі әділ шешкен билерді еске түсіріп, Ресей империясы бекіткен болыс пен билерге наразылығы болғанын да ашып көрсеткен.Рас, Абай тілінде «ұлт» сөзі кездеспейді. Халқым, қазағым, елім, жұртым дегенінен бүгінгі ұлт ұғым-түсінігінің дәлме-дәл баламасын көрсек қателеспейміз. Ол осындай шуақты, жылы сөздерімен қазақтың тұтастығын, бірлігін армандағаны анық.

Қазақ халқының мақтанышы Абай Құнанбаевтың ақындығы түпсіз терең мұхитпен тең десек, қателеспеген болар едік. Ғажайып суреткер, нәзік лирик, көркемсөз шебері, ең алдымен – ойшыл ақын. Адамның жанын, халықтың өзінің рухын қалыптастыратын жазушылар, философтар, ақындар болады және оларсыз өмір сүрудің өзі қиын. Хакім Абай солардың қатарына жатады. Оның шығармашылығының адамгершілік деңгейі өте жоғары. Абайдың философиялық ой-толғаулары – қазақ даналығының ең биік шыңы екені сөзсіз. Бұл пікір ақынның өмір құбылыстарын терең толғап айту жағы басым келетін өлеңдеріне, философиялық дүниетанымына және оның қара сөздеріне, әсіресе дінге, Алланың болмысы, имандылық туралы толғаныстарына қатысты. 1918 жылы жарық көрген «Абай» журналында Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» деген мақаласында Абайдың философиялық дарынына алғашқылардың бірі болып баға бере келіп, былай деп дәл атап көрсетті: «Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтап шыққан философ, данышпан». Өз кезегінде Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абайға келгенде, ... адам мен адамгершілік, ұждан, мораль, философиясына тікелей қатысы бар толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әр сапалы, терең ойлы пікірлері бар екені даусыз. Біздің білуімізше, Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік мәселесіне тіреледі», – деп жазған болатын.

Хакім Абай – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала данышпаны да. Ақын шығармашылығында өзі өмір сүрген тарихи дәуірдің тұтас бейнесі көрініс тапты. Абай дүниені, болмысты, өмірді, тұрмыс-тіршілік толқындарын екі тұрғыдан да сабақтастырып жырлайды. Біріншісі, образдылық-бейнелілік тұрғыдан; екіншісі, логикалық-пәлсапалық заңдылықтар арқылы. Мақалада автор хакім Абай шығармашылығына зер салып, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанына, осы идеяны барынша дәріптегенін байқатады. Мәселен, Абай өзінің шығармаларында рухани жұтандық, білімсіздік, надандық, тоғышарлық, жалқаулық, екіжүзділік, масапқорлық, мақтаншақтық сияқты ұлтының бойындағы кемшіліктерді сынады. Дегенмен, хакім Абай ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазақ халқын білімі мен мәдениеті дамыған елге айналдыруды көздегені анық. Автор өз мақаласында, Абай мұрасы ұлт санасын қалыптастыруға, жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуға, рухани жаңғыруымызға игі ықпалын тигізеді деп есептейді. Сонымен қатар, ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту үшін де Абайдың ой-тұжырымдарына зейін қойған абзал деп санайды. Абай өз заманының зиялысы ретінде өзі өмір сүріп отырған қоғамдық ортаны тәрбиелеген. Оған дәлел Абайдың ақындық ордасының болуы, өнерлі жастарды жанына жинап, оларға бағыт беріп отыруы. Жалпы, ақынның барлық шығармашылық жолының негізгі идеялық-тақырыптық желісінің бірі – жастардың ерінбей еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылуы, алға қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсетуі сынды асыл қасиеттерді уағыздау болып табылады. Ғалымның айтуынша, «Абай өнер, білімге жадағай жалпылама шақырмады. Ұлы дана қазақ халқының ХХ ғ. орыс өркениетін алтын көпір ете отырып, базарлы экономиканы меңгеріп, өркениет төріне өнер-білім, мәдениет арқылы әлем көгіне шығуды қалайды». Ойшыл ақынның жырларында қазақы болмыс та, пәлсапалық ой да, сыр да, сурет те біртұтас түзілген. Осылайша ұлы жаратылысты сөйлетіп, құпиясын төгілте суреттеп жеткізіп, ғаламат қуаттың көзін тауып, ой-сезім мұхитының ағыс-толқындарын тудырған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжановтың айтуынша, «Абай мұрасында уақыт пен кеңістік, қоғам мен өркениет, мемлекет пен мемлекеттік құрылыс, идеология мен саясат жайлы құнды-құнды ойтолғау баршылық. Бірақ, бірде-біреуін арнайы тақырып ретінде қарастырған емес. Әлгінде айтылғандардың «уақыттан» басқасы Абай тілінде кездеспейді. Әйтсе де, олардың парқы мен нарқын білмеді деген қорытынды шықпауы керек».

Бұл тарихи-танымдық мақаласында автор ойшыл-ақының даналығына, философиялық ой-тұжырымдарына, ағартушылық қызметіне айырықша тоқталады. Данышпан ақын Абай дүниетанымының қалыптасуына шығыстың ақындары мен ғалымдары – Фирдоуси, Навои, Низами, Физули, Хожа Хафиз, сондай-ақ орыс классиктерінің бірқатар еңбектері әсер еткені белгілі. Ғалым Манаш Қабашұлы И.А. Крылов, М.Ю. Лермонтовтың, И. Гете мен Байрондардың шығармаларын қазақ тіліне аударғандығын айтып, ақын замана сырын қазақ сахарасының шеңберінде ғана емес, әлемдік сипатта танығандығын ерекше байқатады. Мәселен, автордың: «Абайдың дүниетанымы орыс ойшылдары Ф. Достоевскийдің, А. Герценнің, В. Белинскийдің, Н. Чернышевскийдің көзқарастарымен ұштасады», деп айтуы осыған дәлел. Сондай-ақ ғалым саяси жер аударылғандардың Абай өміріне қалай ықпалы болғанын ашық айтқан. Мәселен, олармен арадағы байланысы, пікірлесуі ақынның рухани өсуіне, беделінің артуына да әсер еткенін айшықтай түседі. Абайдың орыстың ашық пікірлі қайраткерлерімен кездесуі оның көзқарасына өзгерістер әкеліп, өзіндік пікірінің қалыптасқанын көруге болады. Ақынның Е.П. Михаэлисті ұстаз есебінде тұтып, оның философиялық, тарихи, мәдени бағыттағы ғылымдармен танысуы орыс мәдениетін қызығушылықпен оқып-білуіне, шығармашылығына тікелей әсер еткендігі белгілі. Абай досы Е.П. Михаэлистің ұсынысымен Семейдегі облыстық статистикалық комитеттің толық мүшесі болып сайланған. Революционер С. Гросспен де  Абай оның Семейге жер аударылып келген кезінде танысып, пікірлесіп отырған. Ғалым Манаш Қабашұлы ақынның жаңа достары, ұлы ақынның дүниетану ауқымын кеңейтуге қолқабыс етсе, олар да Абайдан іздегенін тапқанын ерекше атап өтеді. Автордың айтуынша, «Абай арқылы олар қазақты, оның салтын, әсіресе даланың құқықтық нормаларын, халықтың этнографиясын, менталитетін таныды». Академик Манаш Қозыбаев ақынның көзқарастары Конфуций, Лев Толстой, Махатма Ганди, Фридрих Ницщенің көзқарастарымен жан-жақты үндестігін де терең көрсеткен. Абайдың дүниетану жолында өткен замандардың кемеңгер философтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірлерін қорытып, оларды қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданған. Осы кездегі қазақ қауымын толғандырған басты құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім туралы болса, солардың барлығына Абай алға басарлық тұрғыдан жауап беруге тырысты.

Хакім Абайды ақын деп қана тар ұғымда қарай алмаймыз. Абай қазақ пен түркі әлемінің көрнекті өкілі ғана емес. Ол еліне көмектесуді ойлап, төрт мәрте болыс, екі рет би болып сайланып, он сегіз жыл билік тізгінін ұстайды. Мұндай қайраткерлер тарихта санаулы ғана, яғни әр халықтың өз Абайы бар және осындай біртуар тұлғалар арқылы біз дүниежүзіне таныламыз. Себебі академик Манаш Қабашұлы айтқандай «Абай біздің қазақ халқының өзі, барша тарихын таразылаған көзі, бұлбұлдай сайраған поэзиясының сөзі». Абай әлемі, оның өлеңдері мен қара сөздері бір халық қана, яғни қазақтың рухани жан дүниесінің сәулесі болған жоқ. Ол әлемдік деңгейде талданып, үлкен сұранысқа ие болған шығармалар жиынтығы. Себебі Абай әлемі кешегі парсы, араб, кейінгі орыс мәдениетімен ұштасып жатыр. Оған дананың өзі алған білімдері мен айтқан сөздері куә. Мәселен, Қытайда хакім Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек еткендігі белгілі. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туып, қытай тіліндегі мектептерде оқып, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен. 1950 жылы кемеңгер ақын Абайдың «Ескендір» поэмасын, ал 1958 жылы «Масғұт» поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарғаны белгілі. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған екен. «Абай және Абай шығармалары» деген үш кітабын да Пекинде бастырған. Сондай-ақ, ұлы ақын Абайдың өлеңдері басқа тілдерге де аударылғандығын білеміз. Мәселен, Грузин тілінде – Ш. Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде – Ш. Сеитова, қырғыз тілінде – А. Токомбаева, татар тілінде – М. Максуд және Н. Арсланов, француз тілінде – Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде – А. Самохмалов, түрікмен тілінде – А. Хайидова, Т. Қасымова, П. Искакова және М. Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткендігі анық. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абай мұрасына қатысты «Бүгінде Абай шығармалары дүниежүзіне танымал. Ақын мұрасы әлем мәдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы орайда Түркі академиясының бастамасымен Абай шығармалары әзербайжан, қырғыз, өзбек және түрік тілдеріне аударылды. Осылайша Абай мұрасы барша түрік халықтарының ортақ қазынасына айналды деуге болады» – деген.

Білім мен ғылымды жырлаған Абай – шын мәнінде жаңашыл, ренессанстық тұлға болып табылады. Ол туған халқын өркениетті елдер қатарынан көруді армандады. Жасампаз өмірді дәріптеп, әсіресе адам баласына деген махаббатты ерекше ардақ тұтқан ақынның қайраткерлік тұлғасы әрқашан асқақ. Хакім шығармашылығының негізгі желісі – махаббаттан туады. Абай шығармаларындағы тәрбиелік маңызы бар бір арна махаббат, ғашықтық сезім иірімдері арқылы сұлулықты сезіне білуге баулу тәсілдері де әр халықтың өзіндік ұлттық сипатымен ерекшеленген. Бұл ретте автор дана Абайдың әр сөзінің мәніне терең бойлап, астарын ашуға тырысқан. Мұнда ақын Абай мен И. Гетенің халық, махаббат, табиғат тақырыптарына қатысты еңбектерінен үзінді келтіріп, өзара үндестігін талдайды. Нәтижесінде, академик Манаш Қабашұлы «Абай махаббатты Гетеден кең шеңберде – адамгершілік аясынан қарайды» деген тұжырым жасаған. Бұл ретте ғалым Герольд Бельгер өзінің «Абай мен Гете» деген мақаласында: «Әр түрлі тарихи-географиялық ортада, әр түрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, Гете мен Абай тағдырында, дүниетанымдарында, ізденістерінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер жиі кездеседі», – деп айқын көрсеткенін байқаймыз.

Сондай-ақ, автор белгілі тарихшылар мен ғалымдардың еңбектеріне сілтеме келтіріп, ондағы деректерді терең сұрыптап, Абайдың мұрасына қатысты сөздерді еш өзгертусіз ұсынған. Атап айтсақ, Абайды аса жоғары бағалаған, ХХ ғасыр ғұламасы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, белгілі зерттеуші Жұмағали Ысмағұлов, шығыстың данасы Мұхтар Әуезов, жазбаларынан мысал келтіре отырып, Абайдың ақындық өнерінің тағылымдық қасиетін зерделеуге арнағандығын баяндайды. Осылайша ғалым хакім Абайдың асқақ бейнесін бағалап, шығармашылығының мәңгілік құндылығын айғақтаған.

Абай даналығын танып-білу, Абай шығармаларынан нәр алып, оның тереңіне бойлау болашақ ұрпаққа артылған айрықша міндет. Мәселен, ойшыл ақын ғалым айтқандай үш бұлақтан сусындап, үш өркениет мәдениетін синтездеу арқылы әлем биіктігіне көтерілген. Автор Абайдың ақындық мұрасын тұтастай алып, оны өзіндік принциптермен жіктеп, шығармалардың ішкі мазмұнына терең үңіліп, жан-жақты талдауға, оқырманға түгел жеткізуге мүмкіндік беретін кең ауқымды зерттеуге күш жұмсады.

Заман өзгерген сайын, халықтың сана-сезімі өскен сайын ұлы ақын мұрасы да жаңа бір қырларынан ашылары сөзсіз. Абайға қарай сапар шегіп, жаңа бір олжалар табуға ұмтылып, оны өзінің абыройлы борышы деп сезінген ғалым ақынның өлеңдерін қоғам мен табиғат құбылыстарын, реалистік көзбен суреттеуі тұрғысынан тұтас алып қарастырған. Ол үшін Абайдың ақындық мұрасын белгілі бір тақырып шеңберлеріне топтастырып, ішкі мазмұнына қарай жүйелеп талдады. Данышпан ақын Абайдың адами, азаматтық қасиеттерін мейлінше шынайы, нақты дәлелдермен жаза отырып, пенделік мінездерін де қаламынан тыс қалдырмаған. Ғалымның «Абай біздің қазақ халқының өзі, барша тарихын таразылаған көзі, бұлбұлдай сайраған поэзиясының сөзі» – деуі Абайдың биік тұлғасын одан әрі биіктендіре түседі [3]. Академик Манаш Қабашұлы Абайдың дана тұлғасын асқақтата көтерген адам.

Қорытынды. Абай өлеңдерінің мәнін тереңдететін жекелеген пікірлердің оның шығармашылығындағы орнын, айтпақ ойын терең философиялық әсерде беру үшін қолдану ерекшелігін көрсететін зерттеулер аз жазылмады деуге болады. Абайдың өлеңдері жазылып, халыққа таралғаннан бастап-ақ абайтану ғылымының іргетасы қаланған болатын. Қазақстандық әдебиетшілер, мен жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың Абай тақырыбына қалам тартпағаны кемде-кем және оның жалғаса беретіні айқын. Қазақ әдебиетінің іргелі саласына айналған Абайтану о бастан-ақ қаламгер, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің жүйелі зерттеп, ұзақ қарастыруымен өмірге келгені мәлім. Ақын өмірі мен мұрасын танып-білу жайы ең алғаш Ә. Бөкейханов, К. Ысқақұлы, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов мақалаларынан өзінің бастауын алған. Яғни хакім Абайдың болмысы бөлек ақын екендігі сол ХХ ғасырдағы мақалалардан көрініс тапқан. Сенатор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов ұлы Абай армандаған ғылым егемен ел, тәуелсіз мемлекет болған тұста түбегейлі орныққандығын атап өткен. Бүгінде ғылыми мекемелер мен республиканың көптеген жоғары оқу орындарында Абайтану орталықтары құрылып, Абайды кешенді түрде зерттеу қолға алынған. Осы орайда С. Қирабаев, М. Мырзахметов, З. Ахметов, Қ. Мұхамедханов, Р. Нұрғалиев, М. Мағауин, Т. Кәкішев, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, Т. Қожакеев, Т. Әлімқұлов, Қ. Өмірәлиев т.б. тәрізді ірі абайтанушылар қатары Қ. Салғарин, Ғ. Есім, Т. Жұртбай, Б. Байғалиев, Т. Шапай сияқты есімдермен толықты. Бұрынғы зерттеулердің басым көпшілігі Абайдың ағартушылық және орыс әдебиетін үлгі тұтқан көзқарасы төңірегінде ғана болса, бұдан былай ақын өлеңдерінің ішкі әлеміне бойлап, астарына үңілу, өнегелік, тағылымдық қасиеттерін ашуға ұмтылыс көрініс кең өріс алды.

Адамзаттың барша ұлы тұлғалары сияқты иісі адам баласына деген сүйіспеншілікті өсиет еткен Абай мұрасының, ақын тағылымының шығармашылық адамдарын қызықтыруы – заңды құбылыс болып табылады. Мәселен, ұлы ақын жайында ғалымдар, ақын-жазушылар түрлі кездесулер, танымдық лекциялар, тақырыптық конкурстар мен көрмелер, экскурсиялар тұрақты түрде өтіп, өнер ұйымдарының Абай туралы қойылымдарынан үзінділер көрсету, рухани мәселелер бойынша телехабарлар түсіру дәстүрге айналған.

Хакім Абай – мыңжылдықтарды құшағына сыйғызған, заманалар сырын толғап, адам болмысының құпиясы мен тұңғиық тереңін нәзіктікпен сөйлетіп, рухани жетілудің жолдарын көсемдікпен көрсеткен келешектің кемел жаратылған өрен тұлғасы десе артық емес. Хакім Абай қағидаты, ұстанымы – мемлекеттің өркендеуі мен қоғамды ізгілендірудің, елді сәулелендірудің кепілі болып табылады. Абай тұлғасы – мәңгілік тұлға. Абай мұрасын әлемдік деңгейде паш етуге аса қажет дүние. Сондықтан абайтануды тың серпінмен дамыту абыройлы міндет, биік парыз болып табылады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Алпысбаев Қ. Абай тағылымы – арналы тағылым. //Ана тілі. 22 қаңтар, 2020.

Белгер Г.К. Абай мен Гете. Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. Құраст. ф.ғ.д., профессор Нығмет Ғабдуллин. – Алматы: Жазушы, 1986. – 173-194 б.

Қозыбаев М.Қ. Той туралы. // Жұлдыз. – 1996. – №4. – 172-174 б.

Қозыбаев М.Қ. Шығармалары. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013. Т.3. – 328 б.

Қозыбаев М.Қ. Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013. Т.6. – 328 б.

Тоқаев Қ.К. Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан. // Егемен Қазақстан. 9 қаңтар, 2020.

Тұлғалар тұғыры. / Құраст. І. Қозыбаев. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 540 б.

References:

Alpysbaev K. Abai tagylymy – arnaly tagylym. // Ana tili.22 kantar, 2020.

Belger G.K. Abai men Gete. / Abai tagylymy. Adebı-syn maqalalar men zertteuler /kurast. f.g.d., profesor Nygmet Gabdullin. – Almaty: Jazushy, 1986. – 173-194 b.

Kozybaev M.K. Toi turaly. // Juldyz. – 1996. – №4. – 172-174 b.

Kozybaev M.K. Shygarmalary. – Almaty: Kazakh ensiklopediasy, 2013. T.3. – 328 b.

Kozybaev M.K. Shygarmalary. – Almaty: Kazakh ensiklopediasy, 2013. T.6. – 328 b.

Tokaev K.K. Abai jane XXI gasyrdagy Kazakhstan. Egemen Kazakhstan. – 9 kantar, 2020.

Tulgalar tugyry. / Kurast. I. Kozybaev. – Almaty: KazAkparat, 2009. – 540 b. 


МРНТИ 03.01.09

ИССЛЕДОВАНИЯ О ХАКИМ АБАЕ В ТРУДАХ АКАДЕМИКА МАНАШ КОЗЫБАЕВА

А.Г. ИБРАЕВА¹,Т.C. САДЫКОВ², А.С. ТЕМИРХАНОВА3

¹Доктор исторических наук, профессор. СКГУ им. М. Козыбаева. Казахстан, Петропавловск.

²Доктор исторических наук, профессор. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева. Казахстан, Нур-Султан

3 PhD докторант кафедры История Казахстана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева. Казахстан, Нур-Султан

Аннотация. Научные труды и концептуальные выводы академика Манаша Кабашевича Козыбаева имеют важную роль в становлении и развитии исторической науки. Такие понятия как, история казахского народа и искусство речи очень близки,  поэтому будучи профессиональным историком, известным ученым  академик Манаш Кабашевич смотрел не разделяя их.  В своих исследованиях автор дает глубокий анализ жизни и среды обитания великого казахского мыслителя и поэта Абая Кунанбаева, его времени, деятельности и творчества. В своем исследовании ученый постарался более глубже и лучше узнать поэта. Он знал великого Абая как поэта со своей индивидуальностью, честного и критического. Новизна историка в исследовании, касающегося вопроса личности, дает методологическое и исследовательское направление будущим историкам. Исследования ученого познать Хаким Абая имеет большое значение.

Мы надеемся, что эта статья будет полезна для всего сообщества, для молодого поколения, изучающего Абая в условиях независимости.

Ключевые слова: Абай Кунанбаев, Манаш Козыбаев, поэт, литература, казах, история, личность, нация, время, ученый.

IRSTI 03.01.09

RESEARCH ON HAKIM ABAI IN THE WORKS OF ACADEMICIAN MANASH KOZYBAYEV

A.G. IBRAEVA¹, T.S. SADYKOV²A.S. TEMIRKHANOVA3

¹ Doctor of History, Рrofessor. M. Kozybayev NKSU. Kazakhstan, Petropavlovsk

²Doctor of History, Рrofessor. L.N. Gumilyov ENU, Kazakhstan, Nur-Sultan

3PhD student of the Department of History of Kazakhstan. L.N. Gumilyov ENU, Kazakhstan,Nur-Sultan

Summary. The scientific works and conclusions of Academician Manash Kabashevich Kozybaev are important in the formation and development of historical science. Kazakh history and art of speech are twins, therefore academician Manash Kabashevich, being a professional historian, is a person who did not share Kazakh history and art of speech. In his studies, the author gives an in-depth analysis of the life and environment of the Kazakh thinker and poet Abay, his time, activity and creativity. In his research, the scientist insisted on getting to know the poet better. He knew the ruler of Abai as a poet with his personality, honest and critical. The historian’s novelty in the study concerning the issue of personal history gives a methodological direction to future historians. Research scientist to know the hakim of Abay is of great importance.

We hope that this article will be useful for the entire community, for the young generation studying Abay in conditions of independence.

Keywords: Abay Kunanbaev, Manash Kozybaev, poet, literature, Kazakh, history, personality, nation, time, scientist.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3782

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы «ЗАР ЗАМАН» КЕЗЕҢІНДЕГІ АҚЫНДАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТАРИХИЛЫҚ ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ЕДІГЕ ТУРАЛЫ ЖЫР-АҢЫЗДАР ЖӘНЕ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 17.71.01 X-XII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ РУХАНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МҰРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Author's articles

ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА