Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ЕДІГЕ ТУРАЛЫ ЖЫР-АҢЫЗДАР ЖӘНЕ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ

С.И. СӘКЕН, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инcтитуты, филология ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ЕДІГЕ ТУРАЛЫ ЖЫР-АҢЫЗДАР ЖӘНЕ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: аңыз, жыр, тарихилық, фольклор, дереккөз, шындық, тұлға
Author:
С.И. Сәкеннің «Едіге туралы жыр-аңыздар және тарихи шындық» атты мақаласында аталған тұлға жөніндегі фольклорлық туындылардың тарихилығы қарастырылған. Мақаланың жазылуына халық шығармаларының әртүрлі нұсқаларындағы кейіпкерге қатысты өмірбаяндық, тарихи оқиғалардың сәйкес келе бермеуі себеп болды. Оның үстіне кейінгі кезде онда бейнеленген қақтығыстарға қатысқан тұлғаларға берілген халықтық бағаның дұрыстығына күманданушылар да табылып отыр. Соны ескерген автор фольклорлық туындыларды тарихи дереккөздерімен салыстыра отырып өз пайымдауларын ортаға салуға талпынған. Соған орай еңбекте соңғы кезде жарық көрген еңбектер бұрынғы зерттеулермен салыстыра пайдаланылған. Мақалада Едіге туралы эпикалық шығармалардың барлығына аталған қайраткер мен Тоқтамыстың арасындағы арасындағы күрес тақырыбы арқау болуының себебі де ашып көрсетіледі. Бұл жұмыс бүгінгі күндері рухани мұраларымызды жаңаша зерделеудің өте қажет екенін ескерудің нәтижесі болып табылады. Түйін сөздер: тарихилық, дереккөз, фольклор, жыр, аңыз, шындық, тұлға.
Text:

Кіріспе. Оқырмандар назарына ұсынылып отырған бұл мақалада Едіге туралы жыр-аңыздардың тарихи шындыққа қатысы қарастырылады. Бұл мәселе, біздің ойымызша, еліміздің тәуелсіздікке ие болуына орай өткен тарихымыз бен руханиятымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, зерделеудің талаптарына жауап береді. Алтын Орданы ұзақ уақыт бойы басқарған билеушілердің қатарынан орын алатын Едігенің тарихи қызметі мен көркем  бейнесі аталған тарихи тұлғамен замандас тарихшылардың да, кейінгі замандағы тарихшы, фольклортанушы ғалымдардың да еңбектерінде бір-бірлеріне кереғар көзқарастар тұрғысынан қарастырылып келгені белгілі.  Едігенің саяси күресі барысында талай даңқты жеңістерге жеткеніне қарамастан, ол туралы жыр-аңыздардарға Тоқтамыс пен Едіге арасындағы қақтығыстың ғана арқау болуының және бұл тақырыптағы туындыларда үнемі Едігенің ұнамды, Тоқтамыстың жағымсыз кейіпкер ретінде көрінуінің нақты себептерін анықтаумен айналысқан зерттеушілердің осы уақытқа дейін ортақ бір пікірге келе қоймағандығы да баршаға мәлім.

Талқылау нәтижесі.  Едіге туралы халық шығармалары посткеңестік кеңістікті мекендейтін барлық түркі халық-тарының барлығында кездесетіні және бұл әдеби жәдігерлерді осы халықтардың барлығы өткен өмірінің аса маңызды көркем шежіресі ретінде бағалайтыны кейбіреулердің таңданысын туғызбай қоймайтыны анық. Ондай пікірді ұстайтындар Едігенің ең алғаш рет Ноғай Ордасының билеушісі ретінде тарихи үдерістерге ықпал ете бастағанын және оның ұрпақтарының басым көпшілігі Ноғай Ордасының билері және мырзалары болғанын тілге тиек етеді. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ эпосындағы үлес салмағы аса елеулі Ноғайлы эпикалық циклын жеткізуші біздің жыршыларымыз өзге жұрттың тарихын суреттеп жүргендей болып көрінетіні де – шындық. Бұл мәселенің анық-қанығын анықтау Елбасымыз рухани жаңғыруды, ұлы даланың жеті қырын жеткілікті деңгейде сараптау болашаққа бағдардың сенімді кілті екенін айқын ұқтырып отырған бүгінгі таңда аса маңызды.

Нәтижесі. Коммунистік партия үстемдік құрып тұрған жылдары Едігенің іс-әрекеттері көбінесе мансұқтау тұрғысынан ғана сөз болғаны жасырын емес. Ол туралы тарихи шындықты ешқандай идеолгияға жалтақтамай білдіруді мұрат тұтқан зерттеушілердің еңбектері сексенінші жылдардың орта тұсынан бері қарай жариялана бастауы сол дереккөздерін пайдалана отырып тың ізденістер жүргізудің қажеттігін алға тартады. Осыны ескере отырып, біз осы еңбегімізде Едіге жөніндегі тарихи мәліметтерді және көркем туындыларды салыстыра қарастыра отырып, солайша қарастырылған мәселелер жөнінде өзіндік ой қорытындымызды ортаға салуға тырыстық.

Түркі халықтары эпосының тарихилығы түпкілікті шешуін таппағаған үлгілері санатына Едіге туралы жыр-аңыздарды да жатқызуға болады. Оны бұл туындының шындыққа қатысы туралы әртүрлі пікірлердің қайшылығы орын алып келе жатқанынан да аңғаруға болады.

Негізгі бөлім. Аталған эпикалық  шығарма тарихилығының басты ерекшелігі туралы академик Е.М.Мелетинский: «Известная из русских летописей внешнеполитическая деятельность Идиге, в том числе война с Витовтом в 1399 г. и поход на Москву (1408-1409), в эпосе не получила никакого отражения.

Историческое зерно сказаний об Идиге – его распри с золотоордынским ханом Тохтамышем. После ссоры Тохтамыша с могучим среднеазиатским властителем Тимуром и изгнания Токтамыша (1395 г.) Идиге был фактическим правителем Золотой Орды долгое время, вплоть до того как сыновья Тохтамыша вынудили его бежать в 1412 г. в свой Ногайский улус, где он через восемь лет был убит во время сражения с одним из них.

Борьба Идиге и Тохтамыша трактуется в духе фольклорного мотива о несправедливом преследовании злым царем верного и благородного вассала»,– деп жазған [Мелетинский 2005: 483].

Ғалымның бұл тұжырымының шындығын түркі халықтарының Едіге туралы барлық фольклорлық туындылары айғақтайды. Олардың ішінде Едігені жамандайтын, керісінше, Тоқтамысты мақтайтын туынды кездеспейді. Бұл шығармалардың ішінде ежелден келе жатқан дәстүрге кереғар келетін бір ғана үзіндіні байқадық. Ол – жырдың татарша нұсқасындағы:

«Ир Норадын сукканда,

Кылычы белан чапканда,

Туктамышның чал башы

Жиргә төште «Алла» лап.

Кан урынына сөт акты,– деген үзінді [Идегай, 1988: 184].

Осы сарынның варианты қарақалпақша нұсқада:

«Тоқтамыстың келдесі

Жерге түсті Аллалап.

Тоқтамыстай патшада

Тарыдай күнә жоқ еді.

Азғырушылардың тілімен

Болып жүрген сауда еді.

Күнәсі жоғын содан біл:

Қан орнына сүт ақты»,– деп қайталанған [Edige, 1937: 207].

Байқап отырғанмыздай, жыршы бұл жерде Тоқтамысты жамандыққа қимайтындығын білдіргенімен, Едіге мен Нұрадынды да жазғырмайды, бар кінәні арадағы азғырушыларға аударады.

Ал, Едіге мен Тоқтамыстың арасындағы тартысты кейінгі заманда :пайымдаушылардың арасында алдыңғысына сын тағып, соңғысын асыра бағалаушылар жеткілікті. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп өзі жазып алған «Ер Едіге» аңызын баяндау барысында бас кейіпкер туралы өз көзқарасын: «Бұрынғылардан қалған үлгілі сөз бар: «Батыр деген – бір барақ ит, екі қатынның бірі табады; Би деген – ақсарағат, ілуде бір қатын табады»,– деген.

Осы Едігені Тоқтамыс ханның төресін бұзып, төре беретұғын би де қылып қояды. Бетіне жан пар келмейтін ер де, батыр да қылып қояды. «Екі қылыш бір қынға сыймайды, екі тілеу бір көңілге сыймайды».

Мен өзім Едігені «ер» деп, «батыр» деп әбден білемін, билік айтты дегенге нанбаймын»,– деп білдірген [Көпеев, 1992: 79].

Қазіргі кездегі қазақ тарихшылары мен филологтарының осындай көзқарастарын ортаға салған бірқатар үлкенді-кішілі еңбектері жұртшылыққа жақсы таныс. Бір қызығы: бұндай пікірлерді осы мәселенің байыбын барлық дереккөздерін түбірімен қопара зерттеген тарихшылар мен эпостанушылар еңбектерінен кездестірмейміз.

Осы тұста көрнекті тарихшы Е.Бекмахановтың өзінің Кенесары бастаған көтерілістің тарихы туралы іргелі зерттеуінде дереккөздердің бір саласы ретінде пайдаланған фольклорлық мағлұматтардың ең басты маңызы туралы: «Значение фольклорного материала состоит в том, что он дает меткую оценку историческим событиям и личностям, поскольку сам народ являлся творцом и непосредственным участником описываемых событий»,– деп ой қозғағаны [5, 1992: 37] еске түседі.

Қазақ фольклорының тарихи дереккөзі ретіндегі маңыздылығын қазақ тарихшылары мен фольклортанушылары да өте  жоғары бағалағаны мәлім. Ә.Марғұланның: «Қазақ эпосы кейде жылнамалық жазбалардан кем түспейді, олар көп сәттерде жазу-сызуға машықтанбаған халық арасында жылнамалық жазбалардың орнына жүрген. Осы эпостардың эпоста суреттелуініің дұрыстығы соншама: оларды тіпті тарихи әдебиеттер де дәлелдеп отыр»,– деген пайымдауын [Марғұлан, 1946: 75]  қуаттайтын пікірлерді олардың  еңбектерінен молынан ұшырастыруға болады. Осының бәрі «Халық айтса, қалып айтпайды» деген тұрақты сөз тіркесінің астарында ақиқат жатқанын ұқтырады.

Тарихи деректер Едігенің халық жадында жағымды тұлға ретінде сақталуының да салмақты негіздері бар екенін байқатады. Оның біріншісі ретінде Едігенің кезінде Жошы ұлысына қарасты жерлер тұрғындарының, салыстырмалы түрде алғанда, ішкі жікшілдік тартыстардан да, сыртқы шабуылдардан да біршама тыныш болғанын  айтуға болады. Оған көз жеткізу үшін 1357-1382 жылдар аралығында Алтын Ордада жиырма бес хан алмасқанын еске алу лазым. Бұл тұрақсыздыққа тоқтау салғандай болған Тоқтамыс хан да ел есінде қым-қуыт тақ таласын ұйымдастырушы ретінде сақталды. 

Жоғарыда біз Алтын Орданың қамын шын ойлаған әмірлердің көпшілігі бұл мемлекеттің тағына Орыс хан отырғанын қалағанын, соның ғана осы елдің бұлғақсыз өмірін қамтамасыз ететіндігін сезінгенін, Орыс хан да олардың үміттерін ақтайтынын байқататын саяси адымдар жасағанын білдіретін тарихи мәлімет келтірдік. Оның үстіне Көк Орданың ханы ретінде Орыс хан Алтын Ордадағы босап қалған тақтың бірден-бір заңды мұрагері болатын.

Алтын Орданың Бату ханның кезіндегі құрылымына тоқталу барысында В.В.Трепавлов: «Рашид ад-Дин сообщает, что Орду-эджен составил левое крыло вместе с тремя или, по другому списку рукописи, четырьмя братьями – Удуром, Туга-Тимуром, Шинкуром и Сингкумом [Рашид ад-Дин, 1960. с. 66; Тизенгаузен, 1941. с. 41]. Не известны  ни территории, ни их отношения с ханом Синей Орды. Зато известен владелец-держатель улуса, примыкавшего к ней «справа», с запада,– пятый сын Джучи, Шибан»,– деп жазып [Трепавлов, 1993: 91], Батудың Шибанға Орда Ежен мен өзінің жерінің арасындағы жазғы жайлаулары Жайықтан Оңтүстік Оралға дейінгі, қысқы қоныстары Оңтүстік Қазақстандағы, Сырдарияның солтүстікке қарай жерлерді бөліп бергеніне тоқталып, «в источниках ХҮІ-ХҮІІ вв. Узбекские ханы-Шейбаниды отнесены к Ак-Орда; в сочинении Махмуда ибн Эмир Вали «Бахр ал-асрар» (ХҮІІ в.) говориться, что Шибан командовал правым крылом войска Бату»,– деп атап көрсетеді [Трепавлов, 1993: 91-92].

Бұл келтірілген мағлұматтан Алтын Орданың тағы босап, оны иеленетін билеуші орталық шептен шыға қоймағанда, оң немесе сол қанат болып табылатын Ақ Орда мен Көк Орданың хандары Жошы ұлысының билігін қолына алуы тиіс екені анық аңғарылады.

Өзбек ханның кезіндегі Монғол мемлекеттерінің картасына сипаттама бере отырып М.Г.Сафаргалиев: «На этой карте Золотая Орда представлена единым государством: на этой карте не указаны ни Синяя Орда, ни улус Шибанидов,  ни какие-либо другие владения в составе Золотой Орды. Все земли от берегов и устьев Сыр-Дарьи рассматривались как владения одного хана Узбека.

Правитель Синей Орды Сасы-Бука, сын и преемник Баяна, «соблюдал правила подчинения и повиновения..., не сходил с большей дороги службы... Узбек-хану и не уклонялся ни от одного вызова и курултая». Сасы-бука умер в 1321 г., а его сын Эрзень «по указу Узбек-хана» стал править Синей Ордой, и как и отец, «проявил повиновение и подчинение Узбеку».

Со времени правления Узбека в источниках больше не упоминается о преемниках Шайбана»,– деп жазған [Сафаргалиев, 2007: 88].

Осы мағлұматтар Алтын Орда әмірлерінің Шымтайды таққа отыруға шақыруы оның Жошы ұлысы билігінің бірден-бір мұрагері екенін ескерудің белгісі екенін айғақтайды. Ол кезде Алтын Орда тағына Жошы әулетінен шыққан хандардың бірі отырғанда ғана ел ішінде тыныштық орнайтынын әрбір саналы азамат түсінгені байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, бұндай құқыққа әуел бастан ие болмаған Тоқтамыстың билігі түбінде баянды болмайтыны айдан анық еді. Әлем тарихының сабақтары әрбір заңсыз билік басына келушіліктің соңы ел ішіндегі бүліктерге әкеліп соғып отырғанын аңғартады.

Шындығына келгенде, Ақсақ Темір, Тоқтамыс және Едіге – үшеуінің арасын байланыстырған жағдай бұлардың Жошының ұрпақтары билеген ұлыстарда орын алған алаауыздық пен берекесіздікті өздерінің сол жерлердегі билікке қол жеткізу үшін пайдалануға ұмтылу болатын.

Тарихшы Т.Сұлтанов атап көрсеткендей, ХІҮ ғасырдың 60-70-жылдарында Алтын Ордада аласапырандар мен сарай төңкерістері кезеңі басталып, соның салдарынан Жошы ұлысының аумағында бірқатар тәуелсіз иеліктер пайда болып, оларды астанада басқарып отырған ханмен бір мезгілде әмір жүргізген билеушілер басқарып тұрды. Осы тұста Жошы ханның ұрпағы, Ақ Орданың билеушісі – Орыс хан Алтын Орданы біртұтас қуатты мемлекет ретінде біріктіруді өз парызы деп біліп, ақсүйектер құрылтайының мақұлдауымен 1374-1375 ж.ж. Алтын Орданың астанасы Сарайды алған, бірақ, неге екені белгісіз, 1375-1376 ж.ж. Ақ Орданың астанасы – Сығанаққа қайтып оралған. Сол кезде оның Тоқтамыс атты жас бақталасы шыға келеді. Жошының ұрпағы болып табылатын Тоқтамыс өз әкесі – Тойғожа басшысына бойұсынбаушылықтың салдарынан Орыс ханның қолынан қаза тапқаннан кейін Ақ Ордадан қашып кетіп, Ақсақ Темірге келіп паналайды [Сұлтанов, 2007:  106-107].

Тарихшылар  Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қамқорлық жасауының себебін әмірдің Орыс ханның Жошы ұлысын бір орталыққа бағындыру жөніндегі саясатына қарсы болуымен, тіпті одан қауіптенуімен түсіндіріп, Ақ Орда билеушісінің мақсатын жүзеге асырмау үшін Тоқтамысты пайдаланғанын, Ақсақ Темір берген әскермен Ақ Ордаға қарсы үздіксіз соғыс жүргізген Тоқтамыстың Орыс хан мен оның ұлдарының түптеріне жетіп, әуелі Ақ Орданың, одан кейін Алтын Орданың билігіне қол жеткізіп, күшейген соң, Ақсақ Темірдің еліне де үш рет шабуыл жасағанына тоқталады. Осыған қарсы жасаған Ақсақ Темірдің жорықтары Тоқтамыстың жеңілуіне, тақтан аласталуына алып келеді.

Ақсақ Темірдің Алтын Орданың тәуелсіздігіне қауіп төндірген саясатына М.Г.Сафаргалиев: «Тимур ... временно поддерживал Тохтамыша, хотел при помощи подставного хана подчинить Джучиев улус, объединив его со своими владениями»,– деп баға берген [Сафаргалиев, 2007: 136].

Тоқтамыстың бұл әрекеттеріне наразылық білдіргендер көбейгені туралы В.В.Трепавлов: «Токтамыш в самом деле заслуживал упреков, поскольку был и активным участником династических смут среди Джучидов, из-за которых происходили передвижения народа в степях, и инициатором войны с Тимуром»,- деп  жазған [Трепавлов, 2002: 68]. 

Ал, бұған керісінше,  Едігенің билік басына келуі оның өз ұлысын қауіпсіз жерге орналастыруынан басталды. 1391 жылы Тоқтамысты шабуға аттанған Темірдің әскері құрамында жүріп Едігенің өз ұлысына жасаған қамқорлығы жөнінде Ибн-Арабшах: «Послал гонцов к своим родичам, соседям левого крыла, без ведома о том Тимура (сказать), чтобы они ушли из своих мест и откочевали из своих родных краев, направляясь туда, где самый центр и местности до него (представляет) трудное сообщение и много опасностей, чтобы они, коли можно, на одном привале не оставались два дня, и чтобы они (непременно) поступили так, иначе Тимур, застигнув их, рассеет их и погубит всех. Они последовали тому, что предписал Идегу, не останавливаясь»,– деп жазған [Тизенгаузен, 1941: 532].  Оның ноғайларды осылайша Жайық пен Ембінің арасына қоныс аударғызғаны бұл халықтың тағдырына қолайлы әсер еткені олардың сол уақытқа дейінгі қонысы болған Солтүстік Кавказдың 1395 жылы Темірдің ең шешуші әрі жойқын шабуылының алаңына айналғаны аңғартады.

Өзінің жақындарының қамы Едігенің есінен ешқашан шықпағанын «Ногайцы» атты кітаптың авторлары: «Едиге, правя всей страной и своим улусом на протяжении 20 лет, постоянно стремился к тому, чтобы сохранить территориальную целостность и экономическое благосостояние личного улуса»,– деп жазған [Калмыков, 1983: 21]. 

Едіге билеген өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да Жошы ұлысының орнында пайда болған өзге мемлекеттерден жақсырақ болғаны байқалады.  Бұндай үдерістердің  қалай басталғанына  В.Трепавлов: «Эдиге решил воспользоваться ослаблением разбитого Токтамыш и продиктовал ему условия раздела сфер влияния. «Отказавшись от незаселенных земель по одной стороне Волги, ты отдай их в мое распоряжение, а кроме того, ты не требуй подати с лиц, ко мне приходящих, а равно и с нищих, вдов и сирот». Хан согласился и подписал договор, который забрал себе Эдиге. Узнав, что на левобережье Волги не нужно платить налогов, измученный войнами народ потянулся во владения беклербека, и вскоре число подданных Токтамыша уменшилось вшестеро (Беляев, 1917, с.37).  Со всех сторон сходились туда ординцы, и, если верить Ибн Арабшаху, юрт Эдиге наполнился «вереницами множество людей» (Ибн Арабшах, 1887, с.61).

По-видимому, хан даровал Эдиге тархан (налоговый имунитет) и фактически вывел из-под своей юрисдикции. Это произошло, очевидно, в 1396 или 1397 г.»,- деп тоқталған [Трепавлов, 2002: 75-76].

В.Трепавлов Едігенің өз қарамағындағылардың санын артыруға мүдделі болғанына тоқтала келіп: «Этим стремлением скорее всего и объяснялся его знаменитый запрет на продажу детей в рабство на чужбину, что сразу было замечено на работорговых рынках Сирии и Египта (Макризи, 1884, с. 474). Какой-то отголосок экономических мероприятий Эдиге в степях можно, наверное, видеть в татарском варианте эпоса о нем: «У Барака, что был знаменит, Я забрал таможенный мыть» (Идегей, 1990, с. 207). Барак б. Куйручак имел улус в восточном Дешт-и Кипчаке и очень усилился в 1420-х годах, а до тех пор смирно кочевал где-то за Яиком, судя по цитированному дастану, вынужден был пожертвовать своей хозяйственной автономией в пользу могущественного беклербека»,– деп жазған [Трепавлов, 2002, 76-77].

Едіге көшпелі халық үшін ауадай қажет қонысты кеңейту мәселесін де табысты түрде шешкенін В.Трепавлов: «Таким образом, в первые же годы самостоятельного правления Эдиге над мангытами границы их Юрта продвинулись к западу, вплотную к Волге»,- деп аңғартады [Трепавлов, 2002: 77-б.].

Бұндай билеушіні кейінгі халықтың:

«Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен»,– деп елжірей еске алуы заңды, әрине.

Демек, 1391 жылы маңғыт ұлысының Жайық пен Жемнің арасына орнығып, тәуелсіз Ноғай Ордасына айналуына мүмкіндік берген, Ш.Уәлихановтың сөздерімен сипаттағанда,  «орданы төрт ханның тұсында ешкімге есеп берместен билеген бек-манап» [Валиханов, 1961: 201] Едігенің халық мәңгі есінде сақтауына тұрарлықтай жақсы істері аз болмағаны білінеді. Оның ең бастысы ретінде Едігенің кезінде Жошы ұлысына қарасты жерлер тұрғындарының шабуылдардан да біршама тыныш болғанын  айтуға болады.

Қалай дегенде де, Едіге халық аузындағы көркем шежіреде үнемі ұнамды кейіпкер, тіпті мінсіз тұлға ретінде бейнеленеді. Оны дәріптеу үдерісіне бес ғасырдай уақыт бойы небір талантты сөз зергерлері ат салысқаны байқалады. Едіге туралы алғашқы көлемді зерттеудің авторы В.М.Жирмунскийдің Ибн-Арабшахтың «Темірдің тағдырындағы жазмыштың ғажайыптар» атты кітабы туралы: «К Идиге Ибн-Арабшах относится с явной симпатией»,– деп жазу арқылы [Жирмунский, 1974: 364] тарихшының фольклорлық дәріптеуге бейім екенін білдіріп, оның себебін: «Многое из того, что он рассказывает о нем и Тохтамыше почерпнуто, несомненно, из устных источников. Ибн-Арабшах находился в Средней Азии и Золотой Орде в 1400-1411 гг., в период наибольшей славы Идиге, после окончательного разгрома Тохтамыша и победы на Ворскле над Витовтом, когда знаменитый эмир был единовластным повелителем на Орде. Вокруг событий, связанных с его возвышением и борьбой против Тохтамыша (1380-1399), уже слагалась поэтическая легенда, зафиксированная Ибн-Арабшахом в ее первой стадии и позже обработанной в поэтической форме народными певцами»,– деп түсіндіруінің [Жирмунский, 1974: 364] шындыққа сәйкес келетіні және бертінірек кезде қағазға Мәшһүр Жүсіп қағазға түсірген нұсқада да өзіндік қоспалардың болуы осындай қорытынды жасауға негіз береді.

Жырдың өзге қандастарымыздың арасындағы сақталған нұсқаларында Едігенің әкесінің есімі Құттықия деп аталады. Ал, қазақ жыршыларының ішінде тек Мұрын жырау ғана Едігенің туған әкесі Құттықия екенін айтады. Ал, Нұртуған нұсқасында Едігенің әкесі Мәулімнияз жастайынан жетім қалып, Баба түкті Шағи тәжі деген әулие кісінің қолында тәрбиеленеді. Сол Мәулім өзінің аққу-қыз кейпіндегі әйелінен туған ұлын Тоқтамыстың құсбегісі, перзентсіздіктің зарын тартып жүрген Құтықияға өз қолымен әкеліп береді. Ал, Ш.Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп нұсқаларында Едігенің әкесі Баба түкті шашты Әзіз екені айтылады. Жырдың Ә.Диваев жазып алған қарасөз түріндегі нұсқасында Едігенің әкесінің есімі белгісіз түрде қалып, оның әрі бай, әрі әулие кісі екені ғана айтылады. Қазақ эпосының аталған нұсқаларымен бірге 1999 жылы баспадан шыққан «Едіге батыр»  атты жинаққа енген жырдың қарақалпақ нұсқасында Едігенің әкесінің есімі – Түкті Азиз, шешесінің есімі – Шашты Азиз. Бұл нұсқалардың барлығында да Едігенің шешесі бірде адамға, бірде құсқа айналатын перизат ретінде суреттелгенімен, оның Едігенің әкесіне қосылуы, одан туған ұлдың Тоқтамыс ханның еліне тап болуы әр қилы суреттеледі. Бұндай ғайыптан туу сарыны қазақша версияның Мұрын жырау нұсқасында ғана кездеспейді. Оның себебі бұл туындының «Аңшыбай және оның ұрпақтары» циклының орта тұсында келуі және осы топтаманың бастапқы жырында кейіпкердің керемет жағдайда үйленуі бейнеленгендіктен, оның  ұрпақтарының ғажайып жағдайда дүниеге келуін дәлелдейтін мотивтерді әрбір туындыға енгізуді жыршылардың қажет деп таппағандығында жатыр деген ойдамыз.

«Қырымның қырық батыры» эпопеясының құрамындағы «Аңшыбай батыр» деп аталатын жырда төрт жасында тұлдыр жетім қалған Аңшыбайды ауылдағы өзге балалар елден қуып жібергендіктен, ол тоғайдың ішіндегі көл жағасында  жалғыз өзі алты жыл бойы аңшылықпен күн көргені, он жасқа келгенде, оған мұсылман перісі патшасының қызы мен кәпір перісі патшасының қызы аққу кейпінде келіп, жолығып, өз еріктерімен аталған қаһарманға тұрмысқа шыққаны суреттеледі. Осы екі аққу-қыздың жәрдемімен Аңшыбай мал-мүлікке ие болып, елі-жұртына қайта оралып қана қоймай, Ноғайлы елін қорғайтын батырға, өз елінің басшысына айналады.

Бұл жырдың бізге жеткен екі нұсқасының бірі:

«Аңшыбай ерді бастаған

Екі бірдей қатыны.

Сонан басқа жоқ еді

Аңшыбайдың жақыны.

Артық төре бұл туды,

Баба түкті, Шашты әзіз,

Екеуінен ұл туды.

Шашты әзізден бала жоқ,

Баба түктіден Парпария

Деген бір ұл туды.

Парпария онға толады,

Ол недәуір жігіт болады»,– деген тармақтармен тамамдалады.

Осы шежірелік циклдағы екінші жыр бас кейіпкер туралы: «Парпарияның әкесі Баба түкті шашты әзиз әулие екен. Өзінің мешіті бар, тақуа»,– деген мағлұмат беруден басталады.

Осы циклдағы «Едіге» атты жырдың  Жылқыбай атты кейіпкері Едігенің арғы тегін:

«Аңшыбайдың екі қатыны

Артық еді ақылы.

Екі әйелден, қарағым,

Екі бала бұл туды.

Баба түкті, Шашты әзіз

Екі бірдей ұл туды.

Біреуінен бала жоқ.

Біреуінен туғаны

Парпария деген ұл болды»,– деп білдіреді.

Демек, бұл эпопеяда Баба түкті шашты әзіз әулиенің есімі екі жарылып,  екі адамның атауына айналып кеткен.

«Құттықия» атты үшінші жырдың бас кейіпкері Тоқтамыс ханның құсбегісі болып жүргенде, бағуындағы құстың бір жұмыртқасын әкесі – Парпарияның досы – Сәтемір ханға сыйлағаны үшін өз билеушісінің қаһарына ұшырап, өлім жазасына кесіледі.

Аңшыбай, Парпария және Құттықия – үшеуінің нақты өмірде болғандығы немесе болмағандығын тап басып дәлелдеуге мүмкіндік беретін дереккөздері жеткіліксіз.

Сондықтан олар туралы әр қилы болжамдар жасалып келеді.

Мысалы: Қадырғали би Қосымбекұлы шежіресінде Едіге бидің шыққан тегі туралы: «Шежіреде әуел бабасы – Абу-Бакир... Оның төрт ұлы бар еді. Екеуінен кіші ұлының аты Махмуд аталығ еді. Шамда патша еді. Оның ұлы сұлтан Катиб аталығ еді. Ол һәм Шамда патша болды. Оның ұлы сұлтан һармаз еді. Ол Мысырда патша болды. Оның ұлы сұлтан Халид еді. Ол Сарсарда патша болды. Оның ұлы сұлтан Уалид еді. Ол һәм Сарсарда патша болды. Оның ұлы – сұлтан Қыдыр. Ол һәм Сарсарда патша болды. Оның ұлы сұлтан Мулуд еді. Ол һәм Сарсарда патша болды. Оның ұлы Абу Альфеис еді. Ол Антакияда патша болды. Оның ұлы сұлтан Салим еді. Ол һәм Антакияда патша болды. Оның ұлы сұлтан Садық еді. Ол һәм Антакияда патша болды. Оның ұлы сұлтан Абулхақ еді. Ол Мадаинда патша болды. Оның ұлы сұлтан Ғушман еді. Ол һәм Мадаинда патша болды. Оның ұлы Жалаладдин еді. Ол Қастинатинде патша болды. Оның екі ұлы бар еді. Бірінің аты – Адһам және бірінің аты Баба Туклас еді. Баба Туклас Қаабада патша болды. Баба Тукластың ұлы Терме аталығ еді.

...Бұл Терме Еділ-Жайықта қайтыс болды»,– деп жазылып, Термеден Қаричи аталығ, Қаричи аталығтан Ислам-Қия, Ислам-Қиядан Қадыр-Қия; Қадыр-Қиядан Құтлу-Қия, Құмкентте қайтыс болған Құтлу-Қиядан Едіге би тарайтыны атап өтіледі де: «Құтлу-Қияны Орус хан шаһид еткен»,– деп ескертіледі [Қадырғали, 1974: 254-255].

  Ибн Арабшах Едігенің өмірін жан-жақты қарастыра келіп: «Оның руы –  Қоңырат»,– деп жазған [Жирмунский, 1974: 364].

Шежірелер мен зерттеушілердің басым көпшілігі, мысалы: ноғай шежірелері [СІМ. Мәскеу қалалық мұрағатының қоложазба жинағы: 52; ВМОИДР, 1851: 130], орта ғасырлардағы шығыс хроникалары [18] және «Едіге» жырының татар нұсқасы «Едігенің шыққан тегі - Маңғыт руы» дегенге ден қояды.

Академик Бартольд өзінің «Отец Едигея» атты арнайы зерттеуінде: «По словам Мелиоранского, во многих версиях сказания, особенно  ногайских, отец Едигея носит имя «Кутлу-Кия». Это же самое имя приводит историк Абулгази. По Абулгази, Кутлук Кая (Известно, что Кутлу и Кутлук – диалектические разновидности одного и того же слова)  происходил из племени ак-мангыт (белых мангытов); кроме  сына Едигея ..., у него была дочь, вышедшая за хана Тимур бека (этот хан в более ранних источниках большею частью называется Тимур-Меликом)…

Рассказ Абулгази об этом событии находится в полном согласии с рассказом более раннего источника – официальной истории Тимура «Зафар-наме», последняя редакция, которая принадлежит Шереф ад-Дини Али Иезди и была составлена в 1425 г. Там же сказано, что Едигей был из мангытов, но нет  упоминания о белых мангытах”,- деп жазады да [Бартольд, 1963: 298], «Зафар-намеде» Едігенің әкесінің аты, Едігенің қарындасы ханның зайыбы болғаны туралы айтылмайтынына тоқталып: «Имя отца Едигея заимствовано Абулгази из некоторых версий эпического сказания»,– деген түйін жасап, шындығында Едігенің әкесінің басқаша аты болған деген ойға келіп, бұл көзқарасын Едігенің заманында өмір сүрген, оны өз көздерімен көруі әбден мүмкін авторлар еңбектеріне сүйене отырып дәлелдейді  [Бартольд, 1963: 298].

«Рье (Rіeu)» есімді бүркеншік есімді пайдаланып, Ақсақ Темірдің немересі – Ескендірге арнап жазған, сондықтан В.В.Бартольд тарапынан «Аноним Искендера» деген атаққа ие болған автордың хижраның 815 және 816 ж.ж., яғни, 1412 және 1414 ж.ж. аралығында, Едігенің өмірде бар кезінде, жазылған еңбегіне тоқтала келіп, В.В.Бартольд: «Автор называет Едигея сыном Балтычака... В рассказе о победе Токтамыша над Темир-Меликом ..., в 1378 г. приводятся подробности о Балтычаке, ясно показывающие, что, если не сам Едигей, то его отец в то время успел сделаться легендарным богатырем»,– деп жазған [Бартольд, 1963: 298-299].  Ғалым бұл ой қорытындысын Балтышақтың ерлігі туралы аңызды ортағасырлық авторлардың көпшілігі ұнатып, өз еңбектерінде қайталай баяндап отырғанына негіздейді.

Ол аңыздың мазмұны мынадай: Темір Мәлікті өлтірген соң Тоқтамыс, өз алдына қол-аяғы бұғаулы күйде келген, өз қолынан қаза тапқан  ханның әмірлерінің әмірі қызметін атқарып келген Балтышақтың  адалдығы мен қаһармандық даңқына бұрыннан қанық болғандықтан, Балтышаққа егер ол Тоқтамысты өз ханындай мойындаса, хандықтың билігін соған сеніп тапсыратынын білдіргенде, Балтышақ: «Егер менің қолдарым мен аяқтарым байлаулы болмаса, мен саған жауап берер едім. Сенің менің ханымның орнында отырғаныңды көрген көзім шықсын. Егер сенің қолыңда билік болса, мені де өлім жазасына бұйыр»,– деп жауап береді. Содан соң Тоқтамыс оның тілегін қанағаттандырған. 

 Осы оқиға Гератта өмір сүрген Хафизи Абрудың 1423 жылы басталған, оның 1430 жылы қайтыс болуына байланысты үзіліп қалған дүниежүзі тарихы туралы еңбегінде және Абд ар-Раззактың Хафизи 1475 жылы жазылып біткен еңбегінде баяндалады. Едігенің әкесінің атын Абд ар-Раззак «Балынмак», ал, енді бірқатар өзге тарихшылар «Балынак» деп жазған [Бартольд, 1963: 299].

Қазіргі кезде зертеушілердің барлығы Едігенің шыққан тегі Маңғыт руы екендігі жөнінде бір тоқтамға келіп отыр. Бұл тайпаның генеалогиялық негізі туралы В.В.Трепавлов: «По «Тайной истории монголов», мангуты происходили от Начин-бахадура – потомка монгольской праматери Алан-гоа в пятом поколении (Сокровенное 1990, с. 18; Historyа 1990, p. 9); по хронике «Алтан тобчи» Лубсан Данзана – от Мангхудая из шестого колена потомства Алан-гоа (Лубсан 1973, с. 60; Erten-u 1937, p. 18); Рашид ад-Дин называл предком мангутов Джаксу (Яхши), седьмого потомка Алан-гоа (Рашид ад-Дин 1952а, с. 184; Рашид ад-Дин 1952б, с. 29). Мангуты состояли в той же фратрии нирун, что и Чингисиды-боржигины (Рашид ад-Дин 1952а, с. 78, 79), следовательно, находились в довольно близком генеалогическом родстве с ними»,– деп жазған [Трепавлов, 2002: 51].

«Аңшыбай батыр» жырындағы бас кейіпкерге қатысты қолданылған кейбір типологиялық сарындардың түп тамырын қаһарманның шығу тегі жөніндегі осындай шежірелік мағлұматтар төңірегінен іздеген дұрыс секілді көрінеді бізге. Өйткені кейіпкердің билік басына келгенше біраз жыл елден кетуге мәжбүр болып, су жағасындағы елсіз жерде жалғыз өзі аң атып күн көру оқиғасы «Монғолдың құпия шежіресінде», Г.Н.Потанин қазақтардан жазып алған Шыңғыс хан туралы екі аңызда да, Қазанғап ақын жырлаған «Еңсегей бойлы Ер Есім» жырында да кездеседі.

«Құпия шежіреде» бұл жайт Шыңғыстың он екінші атасы Бодонжар бастан кешкен  оқиға ретінде баяндалады. Ал, қазақ аңыз-жырларында тікелей Шыңғыстың өзіне таңылған бұл сюжеттің түп тамыры алғашқы қауымдық құрылыс заманында кәмелеттік жасқа жеткен жасөспірім бозбалалардың басты міндеті болып табылған инициация ғұрпында жатса керек. Этнография ғылымының деректеріне қарағанда, жоғарғы құпия қоғамға өту үшін қажетті сынақтардан ойдағыдай өткен жас жігіттер бірден елге оралмай, елден аулақта, орман ішіндегі үйде оңаша өмір сүріп, аңшылықпен күн көруге тиіс болған, оларға тіпті қарақшылықпен айналысуға да рұқсат берілген көрінеді. Жасөспірім талапкер өзінің жоғарғы қауым құрамында болуға қабілеттілігін осындай жағдайда ешкімнің көмегінсіз, тек өз ақыл-қайратына арқа сүйей отырып дәлелдеуге тиіс болатын.

Ал, Аңшыбай ұрпақтарының анасы ретіндегі аққу-қыздар ежелгі дүние адамдарының тотемдік түсініктерінен хабар береді. Кейіпкердің аққу кейпіндегі қыздан тууы немесе қасқыр мен шешесінің арасындағы қарым-қатынас нәтижесінде дүниеге келуі түркі халықтары фольклоры үлгілерінде көп кездесетіні және оның ежелгі ата-бабаларымыздың тотемдік түсініктері нәтижесі болып табылатыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген.

Атақты тарихшы-этнограф М.О.Косвен тотемизмнің ежелгі адамдардың діндері санатына жататынына тоқтала келіп: «Тотемизм – это убеждение в существовании связи человека с каким-либо животным (это – преимущественно) или растением, либо даже явлением природы»,– деп жазған болатын [Косвен, 1957: 19-20].

Түркі-монғол халықтарының көпшілігіне ортақ тотемдер аққу және қасқыр екеніне жоғарыда тоқталдық.

Мысалы: З.П.Соколова «Культ животных в религии» атты монографиясында: «Якуттар сонымен қатар аққудың, қарғаның, қаздың етін тамаққа пайдаланбаған. Буряттарда олардың шарият, харят рулары шаман мен аққу-қыздың некесінен пайда болғаны туралы наным сақталған. Олар аққуды өздерінің ілкі анасы санаған және оны өлтірмеген…

Ханттар мен мансылардың жекелеген топтары0 әр түрлі жануарларды, құстарды, балықтарды, шортанды, аққуды, налимды, шағаланы, гагараны, ястребті өздерінің ілкі ата-анасы ретінде санаған. Оларды өлтіруге, оларды тамаққа пайдалануға, олардың терілерін өңдеуге болмайды»,– деп жазған [Соколова, 1982: 37].

Байқап отырғанымыздай, келтірілген үзіндіде аталған тотемдердің барлығы – не құстар, не су ішінде тіршілік ететін жануарлар. Бұл құбылысты да кездейсоқтықтың салдары емес, адамдардың үш сатылы әлем, яғни, о дүние мен бұ дүние туралы түсініктерінің нәтижесі деп ұққан жөн.

Ежелгі дәуір адамдары көкті құдайлардың және адам жанының мәңгілік мекені, ал, жерді пенделердің пәни, демек, жалған ғұмыры кезіндегі уақытша тұрағы, жер астын өлілер патшалығы ретінде ұғынғанын, бұл әлемдердің арасында тығыз байланыс бар деп білгенін этнография ғылымының деректері айқын аңғартады. Бұл түсінік әсіресе түркі-монғол халықтарының әлем ағашы туралы мифінен айқын байқалады.

Ежелгі адамдар жер бетінде өмір сүруші пенделерді Көктегі әлеммен құстар, Жер асты әлемімен суда өмір сүретін жануарлар,  оның ішінде көбінесе жыландар, байланыстырып тұрады деп түсініп, оларды  сол әлемдердің елшілері ретінде қабылдаған. Жоғарыда аталған халықтардың аталған жануарларды өлтіруге тыйым салуының, ал, қазақтардың: «Аққуды атпас болар»,– деген қағиданы берік ұстануының сыры осында жатыр.

Қазақ жырлары мен ертегі-аңыздарында жиі кездесетін аққу, қаз, қасқыр бейнелері о дүниеден желеп-жебеу мақсатында келген тотемдік ата-аналар екеніне, олардың әрекеттеріне қарап, оңай көз жеткізе аламыз.

Осы тұста «Едіге» жырының қазақ және өзге де халықтар арасында айтылатын көптеген нұсқаларында бас қаһарман әкесі мен аққу кейпіндегі пері қызының арасындағы некеге байланысты дүниеге келетінін ескерте кеткен лазым. Бұл туындылардың «Аңшыбай батыр» жырынан айырмашылығы: Едігенің әкесі өзіне қойылған шарттарды бұзғандығы салдарынан аққу-қыз онымен ажырасып, өзінің бойындағы баласын алдын ала келісілген жерге тастап кетеді.

Бұл сюжеттік сарын әлем халықтарының фольклорына кеңінен таралған. Ол жөнінде В.М.Жирмунский: «Этот сказочный сюжет известен по всей Европе и на Востоке – в Индии, в арабских сказках «Тысячи одной ночи», в Средней Азии, в Китае (уже во ІІ веке до н.э.)»,– деп жазған [Жирмунский, 1962: 99].

Г.Н.Потанин өзінің атақты монографиясында: «В статье «Тюркская сказка об Идыге» (Жив. Стар., 1898, в. ІІІ; и ІҮ, стр. 294) я указал на некоторые основания подозревать, что это имя Идыге-би было известно и в Монголии. В особенности к нему близко имя бурятского шамана Одюгэ-бо (Очерки с.-з. Монг., ІҮ, 24). Предание, которое я записал, рассказывает об этом шамане, что он скрал платье девы-лебеди в то время, как она купалась, и таким образом принудил ее стать его женой; т.е. к нему приурочен тот же иницидент, как и бурятскому Хоридою. Если ориенталисты-фольклористы найдут возможным признавать тождество Чингис-хана и Хоридоя, то этим самым Чингис-хан отождествляется и с шаманом Одюгэ-бо. Об Идиге-би не говорится подобного, но история о деве, слетающей к воде и тут плененной, вставлена в историю Баба-Тукляса, отца Идыге-бия (Жив. Старина, 1891 г., вып. 4, стр. 156). Это совпадение имен и мотивов убеждает, что в киргизской степи сказка об Идыге первоначально рассказывала о шамане Идыге и только впоследствии,  когда шаманство здесь заглохло, Идыге превратился в бия Идыге»,– деп жазғаны белгілі [Потанин, 2005:211].

Біздің ойымызша, ұлы ғалымның осы пайымдаулары бірқатар сұрақтардың басын ашып алуға көмектеседі. Оның біріншісі жыршылар тарапынан әртүрлі мағынада түсіндіріліп келген Едігенің есіміне қатысты. Ғалым келтірген мағлұмат моңғол тектес Маңғыт руының ақсүйектері өздерінің ұлдарына өз халқы қасиетіне тәнті болған әулиенің есімін беруі әбден мүмкін екенін байқатады. Оның үстіне біз жоғарыда Едіге туралы жырдың алғашқы нұсқасы Едігенің көзі тірі кезінде өмірге келіп үлгергеніне тоқталдық. Ол нұсқаны шығарушының да Едігенің төңірегіндегілердің бірі болғаны анық. Ол өнерпаздың Едігені кереметтің күшімен дүниеге келген қаһарман ретінде бейнелеу үшін өзінің бастапқы отанында кеңінен мәлім «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» (бала батырдың тоғайда жалғыз өзі аңшылықпен күн кешуі) және шамандық мифтегі (аққу-қыз) сюжеттік сарындарды пайдалануы әбден мүмкін.

Ал, ислам дініне дейін пайда болған бұндай мотивтердің ислам дінінің қайраткері – Баба түктімен байланыстырылуы – шындыққа  сәйкес келмейтін қоспа. Ондай қоспаның пайда болуына Шыңғыс ұрпақтары ғана билік құруға тиіс, ақсүйектерге ғана бас иген қоғамда өмір сүрген Едіге және оның ұрпақтарының ықпал еткенін В.В.Трепавлов: «Однако среди казахов Эдиге слыли «белой костью» (ак суяк), т.е. аристократией…

Происхождение рода от святого проповедника Ходжа-Ахмед Баба-Туклеса послужило обоснованием власти мангытско-ногайских биев… Традиция приписывает формулировку этой легитимности Нур ад-дину»,– деп түсіндіреді [Трепавлов, 2002: 86].

Г.Ананьев келтірген қара ноғай аңызында Нұрадын Тоқтамысты өлтірген кезде бұрын Тоқтамыстың қарамағында болғандар оның Шыңғыс әулетіне жатпайтынына көңіл бөле бастағанда, Нұрадынның оларға: «Мен туған күнімнен бастап бір құдайға сендім және сыйындым, көптеген қасиетті кітаптар оқыдым. Менің Шыңғыс әулетінен шықпағаным мені ешқандай да төменшіктетпейді, өйткені мен түріктің даңқты батыры Қожаахмет Баба түктінің тұқымынанмын»,– деп жауап бергені баяндалады [Ананьев, 1909: 12].

Қорытынды. Едіге туралы жыр-аңыздарды тарихи дереккөздерімен салғастыра қарастыру барысында қазақтың: «Халық айтса, қалып айтпайды»,– деген мақалының ңағыз халық даналығының үлгісі екеніне көзіміз жете түседі.

Халық өзінің ауызша тарихнамасын баяндау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу барысында ещқандай жаңсақтыққа, субъективті ой қорытындыларына жол бермейтінін әлем фольклоры үлгілерінің тарихилығын саралаған сандаған көрнекті ғалымдар әлденеше рет дәлелдегені мәлім. Осыны Едіге туралы сөз өнері үлгілерінің тарихилығы туралы да айтуға болатынынын бірқатар ғұламалардың осы бағытта жазылған еңбектерін оқи отырып нық сеніммен айта аламыз.

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Ананьев Г. Караногайцы и их предания // Сборник сведений о Северном Кавказе. – Т.2. – Ставрополь, 1909. – С. 1-29.

Бартольд В.В. Сочинения. – Т.2, ч.1. – М.: «Наука», 1963. – 804 с.

Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992. – 397 с.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Т.1. – Алматы: «Наука», 1961. – 777 с.

EDIGE. – M.: мәмleket көркем-әdebijat baspasь, 1937. – 151 б.

Жирмунский В.М. Народный героический эпос. – М.–Л.: Гослитиздат (Ленинградское отделение), 1962. – 435 с.

Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос. – М. – Л.: «Наука», 1974. – 727 с.

Идегай. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1988. – 554 б.

История Казахстана в арабских источниках. – Т. 1. – Алматы: «Дайк – пресс», 2005. – 711 с.

Калмыков И.Х., Керейтов Р.Х., Сикалиев А.И. Ногайцы (Историко-этнографический очерк). – Черкесск,Ставропольское книжное издательство (Карачаево-Черкесское отделение), 1983. – 230 с.

Косвен М.О. Очерки истории первобытной культуры. 2-ое исправленное и дополненнное издание. – М.: Издательство АН СССР, 1957. – 240 с.

Көпеев М.Ж. Екі томдық. – 2-т. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1992. – 222 б.

Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымбекұлы және жылнамалар жинағы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1991. – 270 б.

Маргулан А. О характере и исторической обусловленности казахского эпоса // «Известия Каз. ФАН СССР. – Серия историческая», 1946. – №2. – С. 75-81.

Мелетинский Е.М. Кипчакский эпос о ногайских богатырях // Қырымның қырық батыры. – Алматы: «Арыс баспасы», 2005. – С.482-484.

Потанин Г.Н. Избранные сочинения в трех томах. Т,ІІІ. Труды по истории, этнографии и фольклору. – Павлодар: ТОО НПФ «ЭКО», 2005. – 500 с.

Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды // Кочевники. ІІІ т. Золотая Орда. – Павлодар, ТОО НПФ «ЭКО», 2007. – С. 48-234.

Соколова З.П. Культ животных в религиях. – М.: «Наука», 1972. – 214 с.

Сұлтанов Т. Темір және оның империясы. – Алматы: «Мектеп», 2007. – 152 б.

СІМ Мәскеу қалалық мұрағатының қолжазба жинағы (РГАДА. 181-қ., 1-т.), 52-п.; Родословная книга Великого Российского государства великих князей... // ВМОИДР. – 1851. – Кн. 10. – С.130.

Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. т.1. Извлечения из сочинении арабских. – М.: АН СССР, 1941. – 308 с.

Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. – М.: «Наука»: издательская фирма «Восточная литература» РАН, 1993. – 163 с.

Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – М.: Издательская фирма “Восточная литература” РАН, 2002. – 752 с.

Шараф ад-Дин Али Йазди. Зафар-наме. Ташкент, 1972, 1240 с.; Кононов А.Н. Родословная туркмен: Сочинения Абу-л-Гази хана хивинского. – М., Л., 1958. – 288 с.

  References

Ananev G. Karanogaycı ï ïx predanïa // sbornïk svedenïy o severnom kavkaze. T.2. Stavropol , 1909.  1-29-b.

Anan`ev G. Karanogajcy i ix predaniya // Sbornik svedenij o Severnom Kavkaze. – T.2. – Stavropol`, 1909. – S. 1-29.

Bartol`d V.V. Sochineniya. – T.2, ch.1. – M.: «Nauka», 1963. – 804 s.

Bekmaxanov E. Kazaxstan v 20-40 gody` XІX veka. – Almaty`: «Қazaқ universitetі», 1992. – 397 s.

Valixanov Ch.Ch. Sobranie sochinenij v pyati tomax. – T.1. – Almaty`: «Nauka», 1961. – 777 s.

EDIGE. – M.: mәmleket kөrkem-әdebijat baspas`, 1937. – 151 b.

Zhirmunskij V.M. Narodny`j geroicheskij e`pos. – M.–L.: Goslitizdat (Leningradskoe otdelenie), 1962. – 435 s.

Zhirmunskij V.M. Tyurkskij geroicheskij e`pos. – M. – L.: «Nauka», 1974. – 727 s.

Idegaj. – Kazan: Tatarstan kitap nәshriyaty`, 1988. – 554 b.

Istoriya Kazaxstana v arabskix istochnikax. – T. 1. – Almaty`: «Dajk – press», 2005. – 711 s.

Kalmy`kov I.X., Kerejtov R.X., Sikaliev A.I. Nogajcy (Istoriko-e`tnograficheskij ocherk). – Cherkessk,Stavropol`skoe knizhnoe izdatel`stvo (Karachaevo-Cherkesskoe otdelenie), 1983. – 230 s.

Kosven M.O. Ocherki istorii pervoby`tnoj kul`tury`. 2-oe ispravlennoe i dopolnennnoe izdanie. – M.: Izdatel`stvo AN SSSR, 1957. – 240 s.

Kоpeev M.Zh. Ekі tomdy`q. – 2-t. – Almaty`: «Gy`ly`m» baspasy`, 1992. – 222 b.

Sy`zdy`qova R., Qojgeldiev M. Qady`rgali bi Qosy`mbekuly` zhәne zhy`lnamalar zhinagy`. – Almaty`: «Qazaq universitetі», 1991. – 270 b.

Margulan A. O xaraktere i istoricheskoj obuslovlennosti kazaxskogo e`posa // «Izvestiya Kaz. FAN SSSR. – Seriya istoricheskaya», 1946. – №2. – S. 75-81.

Meletinskij E.M. Kipchakskij e`pos o nogajskix bogaty`ryax // Qy`ry`mny`n qy`ry`q baty`ry`. – Almaty`: «Ary`s baspasy`», 2005. – S.482-484.

Potanin G.N. Izbranny`e sochineniya v trex tomax. T,ІІІ. Trudy` po istorii, e`tnografii i fol`kloru. – Pavlodar: TOO NPF «E`KO», 2005. – 500 s.

Safargaliev M.G. Raspad Zolotoj Ordy` // Kochevniki. ІІІ t. Zolotaya Orda. – Pavlodar, TOO NPF «E`KO», 2007. – S. 48-234.

Sokolova Z.P. Kul`t zhivotny`x v religiyax. – M.: «Nauka», 1972. – 214 s.

Sұltanov T. Temіr zhәne ony`ң imperiyasy`. – Almaty`: «Mektep», 2007. – 152 b.

SІM Mәskeu қalaly`қ mұraғaty`ny`ң қolzhazba zhinaғy` (RGADA. 181-қ., 1-t.), 52-p.; Rodoslovnaya kniga Velikogo Rossijskogo gosudarstva velikix knyazej... // VMOIDR. – 1851. – Kn. 10. – S.130.

Tizengauzen V.G. Sbornik materialov, otnosyashhixsya k istorii Zolotoj Ordy`. t.1. Izvlecheniya iz sochinenii arabskix. – M.: AN SSSR, 1941. – 308 s.

Trepavlov V.V. Gosudarstvenny`j stroj Mongol`skoj imperii XІІІ v. – M.: «Nauka»: izdatel`skaya firma «Vostochnaya literatura» RAN, 1993. – 163 s.

Trepavlov V.V. Istoriya Nogajskoj Ordy`. – M.: Izdatel`skaya firma “Vostochnaya literatura” RAN, 2002. – 752 s.

Sharaf ad-Din Ali Jazdi. Zafar-name. Tashkent, 1972, 1240 s.; Kononov A.N. Rodoslovnaya turkmen: Sochineniya Abu-l-Gazi xana xivinskogo. – M., L., 1958. – 288 s. 

C.И.Сакен1

  1Институт литературы и искусства имени М.О.Ауэзова

доцент, ведущий научный сотрудник, кандидат филологических наук,

  г. Алматы, Казахстан

   Резюме

  В статье С.И.Сакена «Эпические поэмы, предания о Едиге и историческая правда» рассматривается историзм фольклорных произведени  о названной личности. Причиной для написания этой статьи стало несоответствие биографических, исторических событий, огтносящихся к этому персонажу, в различных вариантах народных сочинении.  Вдобавок к этому, в последнее время  нашлись некоторые люди, которые подвергают к сомнению правильность народной оценки в отношении личностям, участвовавших в коллизиях, изображенных в них.  Учитывая эту ситуацию, автор статьи, попытался делиться своими соображениями в ходе сравнении фольклорных призведений с историческими источниками. В связи с этим данной работе были использованы новые труды в сравнении с бывшими исследованиями. В этой статье  была раскрыта причина единообразии всех призведений о Едиге, заключавших в том, что в их основе лежит только тема борьбы между названным деятелем и Токтамышем. Эта работа является результатом осознания важности осмысления по новому нашего духовного наследия.

Ключевые слова: историзм, источник, фольклор, эпос, предание, истина, личность. 

   S.I.Saken1

   1M.O.Auezov  Institute of literature and Art

  Candidate of Philolgical Sciences, Leading Researcher

  Almaty, Kazahstan 

   Summary

  The article by S. I. Saken “Epic poems, legends about Edige and historical truth” discusses the historicism of folklore works about the mentioned person. The reason for writing this article was the inconsistency of biographical, historical events related  to this character in various versions of folk compositions. In addition to this, recently there are some people who question the correctness of the popular assessment in relation to individuals who participated in the conflicts depicted in them. In view of  this situation, the author of the article, tried to share his thoughts in the process of comparison of folklore works with historical sources. In this regard, new works were used in comparison with previous studies. In this article, the reason of the uniformity of all the works about Edige was revealed, which lies in the fact that they are only based on the theme of the struggle between the mentioned figure and Toktamysh. This work is the result of the awareness of the importance of the new comprehending of our spiritual heritage.

Keywords: historicism, source, folklore, epic, tradition, truth, personality.

историзм, источник, фольклор, эпос, предание, истина, личность. 

No comments

To leave comment you must enter or register