Яндекс.Метрика
Home » Materials » 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы

М.С. Исаев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК-ның ғылыми қызметкері, PhD E-mail:muhtar-1211@mail.ru

923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(09)

Tags: тариқаты, қазақ, дәстүрлі, тарихи, дүниетанымы, шежірелік, деректер, йасауийа, биліктің, киелілігі
Author:
Мақала дәстүрлі қазақ тарихи ойының қалыптасуындағы түркілік негіз бен исламдық ықпалды айқындауға арналған. Түркі-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауидің көне түркілік биліктің киелілігі туралы түсінікті исламдық құндылықтармен одан әрі орнықтыруы Қазақ хандығында мемлекеттік идеологияға негіз болғандығы жөнінде тұжырымдар жасалады. Сонымен, қазақ дәстүрлі тарихи ойының ерекше формасы ретінде шежірелердің деректік маңызы және ғылыми құндылығына жоғары екендігіне көз жеткізіледі. Жошы ұлысынан бастап Қазақ хандығы кезеңін қоса алғанда Қожа Ахмет Ясауи негіздеген сопылық тариқат тұтастай діни-рухани процестердің өзегіне айналғандығы анықталады.
Text:

Қазақ дәстүрлі тарихи ойының қалыптасуы мен дамуы жайлы Қазақстан және шетелдік зерттеушілердің еңбектері аз емес. Әйтсе де, ол зерттеулерде тарихи жадтың ерекше формасы ретінде шежірелік деректерге жеткілікті мән берілмеді, олардың ақпараттық қатпарларындағы тарихи оқиғалар мен дәйектердің ғылыми талдау нысанына айналмауынан түркі-ислам рухани құндылықтары негізінде қалыптасқан қазақ халқының этникалық болмысы толық ашылмай келеді.

Шежірелік дәстүрдің тарихтың дереккөзі ретіндегі құндылығы күмән туғызбаса керек. Шежірелер өз дәуірінің ақпараттарын бойына жиған дереккөз болуымен бірге белгілі бір кезеңнің мәдени ескерткіші де болып саналады. Содан да дәстүрлі қазақ тарихындағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, күрделі этносаяси өзгерістердің мәнін шежірелік деректерді кезеңдеу арқылы айқындауға болады. Осы мәселеге байланысты шежірелік деректердің қалыптасуындағы түркілік негіздер мен исламдық ықпалдың ара-жігін ажырату, олардың кірігуінің Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімімен сабақтастығы айқындалады. Дәстүрлі қазақ мемлекеттілігінің идеологиялық өзегін құраған йасауийа тариқатының «биліктің киелілігі» және соның негізінде қалыптасқан рулық-тайпалық құрылымның қандас туыстық қағидасының қазақтың этникалық ұйысуында шешуші ықпал еткен факторға айналғандығына көз жетеді.

Түркілер ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдады. Осы кезеңде түркі–исламдық Қарлұқ-Қарахан, Оғыз мемлекеттері тарих сахнасына шықты. Бұл мемлекеттердің дүниеге келуімен ислам діні түркі халықтарының дәстүрлі қоғамына ықпал етуші факторға айналды. 951 жылы Сатуқ Бұғра хан Абд ал-Каримның ислам дінінің дәстүрлі бағытын қабылдауы түркілерді ислам әлемінің құрамдас бөлігіне айналдырды [1, с.131]. Түркілердің тілі мен дәстүрлі мәдениеті күрделі трансформациялық процесті бастан өткерді. Дәстүрлі түркі қоғамының ішкі қатынастарын реттейтін жүйенің шариғат үкімдерімен алмастырылуы түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығуына әкелді. Көнеден келе жатқан экзогамдық (сыртқы) некелік қатынас өзгертіліп, оның орнын эндогамдық (ішкі) некелік қатынас басты. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастардың түркі қоғамына енуі дәстүрлі түркі қоғамындағы рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді [2, с.18-19]. Біртіндеп түркілерде мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі қалыптасып, абсолютті билік жүйесі орнады.

Ал, Ислам дінінің сопылық бағыты йасауийа тариқатын мемлекеттік дін ретінде қабылдау - Алтын Орда мемлекетінде қайта құрулар әкелуімен қатар, халықтың ерік-жігерін айқындайтын басты рухани фактор болып қалыптасты. Йасауийа тариқатының мемлекеттік идеология болып қалыптасуы ислам тарихында бұрын болмаған, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне барынша жақындатылған билік жүйесін қалыптастырды. Осы кезеңде Мұхаммед Пайғамбар мен оның серіктерінен кейінгі ислам тарихында алғаш рет саяси билік пен рухани билік арасында теңдік дәрежесі қойылған, біріне бірі мойын ұсынатын биліктің екі жүйесі де аттап өте алмайтын ортақ төреші – шариғат билік құрған дәуір дүниеге келді. Ханы да, қарасы да, биі де, байы да шариғатқа бағынған билік жүйесі құрылып, осы кезге дейін қалыптасқан билік жүйесі толығымен өзгерді. Хан сайлауына, өзге де күрделі мәселелерге қатысты шақырылатын Жошы әулетінің құрылтайы қызметін тоқтатты. Хан жеке заңды билік иесі ретінде тақ мұрагерін өзі тағайындайтын болды [3, с.107].

Мемлекеттік биліктің киелілігі көне түркі қоғамында қалыптасып, этностың дүниетанымының құрамдас бөлігіне айналған. Түркілік танымда таққа отыру немесе хан көтеру «көкке шығу» сияқты қасиетті мәнге ие болған. Түрік қағандары «көкте болған», «көкте таққа отырған» және «қағандық үлесі мен бұйрығын да көктен алған» ерекше жандар болып саналған. Қағанды «ақ киізге» салып, «көкке көтеру», «айналдыру» рәсімдері арқылы қаған көкке көтерілгендей, Тәңір тарапынан таққа отырғандай» болады. Осы жерде ескеретін бір мәселе – Қаған болу үшін түрік тегінен, онда да оның тегі, тұқымы, шежіресі анық болуы, руы да ең құдіретті рудан болуы керек [4, с.63]. Биліктің киелілігі мұнымен шектелмейді. Қағанның міндеті – халықтың қарнын тоқ, киімін көк, бай қылу. Осындай қызмет атқара алған Білге қаған «Шығындаған халықты бай қылдым, Жалаңаш халықты тонды қылдым» [5, с.119] деп мақтанышпен жазған. Киелі билікке ие болған қағандардан жауапкершілік те талап етілген. Қағанның қателігі немесе адасуы байқалған жағдайда оны сайлаған көсемдер билеушіні тақтан тайдырып отырған. Құтлығ Шадтың осындай бастамасын Тоныкөк «қайта тірілу» немесе ренессанс деп қарайды. Өйткені – бұл жаңа қаған, жаңа жүйе, жаңарған ел деген сөз [6, с.110].

Биліктің киелілігі туралы осы дүниетаным Алтын Орда кезеңінде ислам діні ықпалымен трансформацияланды. Осы кезеңде биліктің тек Шыңғыс хан әулетіне тиесілігі туралы түсінік қалыптастырылып, ол түсінік ислам дінінің билік туралы талаптарымен сәйкестендірілді.Тарихи тұрғыдан мемлекеттік басқару ісі көне түркілік билік жүйесімен байланыстырылды. Исламда жаратушының жердегі билігін жүргізуші билік иесіне бағынудың өзі киелі, діни парыз ретінде қарастырылған. Өйткені, ислам дінінде абсолюттік билік иесі тек Ұлы Алла. Оның жердегі әміршісіне бағыну, сол Ұлы Жаратушының өзіне бағыну болып табылады [7, с.161-174]. «Ей, сенім білдірушілер! Аллахқа және оның елшісі мен өз араларыңдағы билік етушіге бағыныңдар»  [8, 4:62] деген Құран аяттарында айтылатын талаптар толығымен жүзеге асырылды. Сөйтіп, Өзбек хан өзінің мұсылман қауымына билік жүргізу құқығын толығымен заңдастырды.

Шыңғыс хан ұрпақтары билігінің киелілігін тарихи тұрғыдан заңдастыру да өзекті мәселелердің бірі еді. Өйткені, түркілерде «биліктің киелілігі» мәселесі өте қатаң бақылауға алынатын. Билеуші әулеттен шықпаған билеушілерді түркілер ешқашан мойындаған емес. Оған мысал ретінде Түргеш қағаны Сулықтың түркілік билеуші әулет өкілі болмағандықтан, өз билігін заңдастыру үшін, Батыс Түрік қағанатының билеушілері болған Ашина әулетінен әйелдікке қыз алуы соған дәлел бола алады [9, с.100].

Сол кезеңдегі Шыңғыс әулеті билеушілері Алтын Орданы билеген Өзбек ханның да, Иранды билеген Ғазан ханның да түркілердегі биліктің киелілігі туралы талабын жақсы түсінгенін көреміз. Шыңғыс хан шежіресін көне түркілік билеуші Оғыз хан әулетінен таратуы соның айғағы. Бұл ұстаным Ғазан хан тапсырмасымен жазылған Рашид ад-дин Фазуллах ибн Әбу-л-Хайр Әли Хамаданидің қаламынан шыққан «Жами ат –Тауарих» атты кітапта толық көрініс тапты. Ол кітапта Шыңғыс хан Оғыз хан әулетінен шыққан шығыс түркілік билеушілер әулетінен екендігін негіздейді [10, с.77]. Демек, Шыңғыс хан әулетінің билігі түркі халықтарына сырттан келген жүйе емес, керісінше, қарахандық, оғыздық билеушілерден кейінгі көне түркілік билік жүйесін заңды түрде қалпына келтірілуі болды.

Бұл процесті көптеген зерттеушілер дәл анықтағанымен, оның толық мағынасын көрсетіп бере алған жоқ. Мысалы, В.П.Юдин Алтын Ордада бұл идеологияның қалыптасуын шамандық, буддалық, мұсылмандық концепциялар мен Шыңғыс ханның мемлекет туралы доктринасының бірігуінен пайда болды,- деп есептеді және ол көзқарастар жүйесін «чингизизм» деп атады [11, с.16]. Ал, зерттеуші И.Л.Измаилов «чингизизм» деп аталған бұл көзқарастар жүйесінің саяси сана құрылымында өз орны бар екенін айта отырып, бұл құбылыс тек Шыңғыс хан әулеттерінде ғана емес, басқа европалық, азиялық билеушілер арасында осындай идеологияға сүйенген билеушілер болғандығын, олардың қатарында француз императоры Ұлы Карл, норвегтерде «мәңгі патша» Олаф, чехтарда «әулие патша» Вацлав сияқты тағы басқа билеушілер болғандығын атап көрсетті. «Егерде,-дейді ол, - біз бұл құбылысты тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, онда «чингизизм» - саяси қауымдастықпен билеуші әулет арасындағы бірлікті көрсететін тәңірлік қуат иесінің саяси бейнесі» [12, с.250] болып шығады.

Алтын Ордадағы биліктің киелілігі мәселесі осылай діни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да қамтамасыз етілгеннен кейін, оны мемлекеттің құрылымдық жүйесін қайта құру арқылы нығайту мәселесі қойылды. Сөйтіп, Өзбек хан жүргізген реформа рулық, тайпалық құрылымды ғана емес, билер институтын да қайтадан қалпына келтірді. Өйткені, бұл екі құрылымның бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес еді. Алтын Орда мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс тарихын зерттеген Г.Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Алтын Ордадағы исламдандыру мен рулық-тайпалық құрылымдарды қайта құру процестері қатар жүргенін айтады. Ол Алтын Ордада жүрген процестерді былай тұжырымдайды: «Изучая письменные источники в части, относящейся к кочевникам Дешти-Кипчака XIII в., мы не могли не заметить те же две тенденции: с одной стороны, нарушение старых родо-племннных отношений ... смешение различных родов и племен в результате хозяйствования монголов; с другой – выделение устойчивых образований, в основе которых, видимо, лежали общности, исторически сложивщиеся еще до завоевания,  т.е. этнические общности. Взвимоотношения этих двух тенденций и определили тот, «синтез» старого и нового после монгольского завоевания, т.е. реальную картину исторического развития номадов Золотой Орды.» [13, с.62-63]. Бұл жерде зерттеуші Жошы ұлысында болған күрделі процесті дәл анықтайды. Сонымен қатар, рулық, тайпалық құрылымдарды қалыптастырудағы қандық принциппен бірге діни идеологиялық бірлік қойылғандығын айтқан жөн.

Биліктің киелілігі ұғымы Қазақ хандығы тұсында йасауи шайхтарының уағыздарынан берік орын алып, ақын-жыраулардың поэзиясы арқылы ел арасында кеңінен насихатталды. Сонымен бірге, йасауи тариқатына деген қатынас Қазақ хандығының өркендеуі мен құлдырауының барометріне айналды. Дәстүрлі деректерге жасалған талдаулар көрсетіп отырғандай Өзбек ұлысының өркендеуі Әбілхайыр ханның йасауи тариқатының ұстанымдарына адал болған кезге сай келсе, оның қуатты держава билігін уыстан шығарып алуы – осы ұстанымдардан сырт айналуы кезеңіне сай келеді. Сол сияқты Тәуекел мен Есім ханның да 300 туысымен бірге Самарқанд қаласында нақшбандийа тариқатының пірлеріне қол тапсыруы (1598 ж) да Қазақ хандығының іргесін шайқалтты.Тарихи даму процесінің белгілі бір заңдылығына айналған бұл құбылыстың жауабын Ясауи мектебінің үлкен өкілдерінің бірі Хазини Сұлтан Ахмет Махмудтың (ХҮІ ғ.) «Жауахар-ул абрар» рисаласынан табамыз. Осы рисалада ол Йасауи тариқаты бойынша сопылық кемелдігін анықтайтын төрт шарттың қатарында «рабт-и сұлтан» категориясын атайды. Онда «ең бастысы тариқаттың тіршілігін жалғастыру үшін мұсылман билеушінің тариқатқа көңіл бөлуі тиіс. Патша тариқат жолының қамқоры, өйткені патшаның баяндылығы әулиелердің дұғасына байланысты. Патша көңіл бөлсе, тариқатқа сүйеу болады [14, с.36-37]. Демек, бұл заңдылықтың сыры – йасауийа тариқатының негізінде қалыптасқан мемлекеттік, әкімшілік және рухани құрылым ретінде қазақтың дәстүрлі қоғамында мемлекеттік билік қанша киелі болса да билеушінің «киелінің киелісі» саналған діни-рухани негізден қол үзуі немесе алшақтауына бұқара халық төзе алмады. Қазақ хандығында жиі орын алған саяси өрлеу мен құлдыраулардың себебін дәстүрлі тарихи таным осылай түсіндіреді.

Сонымен, қазақ дәстүрлі тарихи ойының ерекше формасы ретінде шежірелердің деректік маңызы және ғылыми құндылығы жоғары екендігіне көз жеткіздік. Жошы ұлысынан бастап Қазақ хандығы кезеңін қоса алғанда Қожа Ахмет Ясауи негіздеген сопылық тариқат  тұтастай  діни-рухани процестердің өзегіне айналды. Дәстүрлі дереккөздердің мәліметтері қазақ тарихындағы түркілік негіздер мен исламдық ықпалдың симбиозы рулық-тайпалық құрылымнан мемлекеттік тұтастыққа қол жеткізгендігін айғақтайды. Сол сияқты, қазақ халқының менталитеті, шаруашылық-мәдени типі, ұлттық психологиясы йасауийа тариқатының діни-рухани және мәдени-саяси ұстанымдары бойынша қалыптасқанын көреміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Бартольд В.В. Сочинения. Т. II-1. Москва: Изд. Вост. Лит-ры, 1963. 131 с.

2.  Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. Алматы: «Ел-шежіре», 2006. 220 б.

3.  Малов Н.М. и др., Религии в Золотой Орде. Саратов. Изд-во Саратовского ун-та. 1998. 107 с.

4.  Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Алматы: Арыс баспасы, 2008. 380 б.

5.  Gömeç S. Kök türk tarihi. Ankara: Türksoy yayınları. 1997. 188. 119s.

6.  Yıldırım D. Türk bitigi: Araştırma / İnceleme yazıları. Ankara: Akçag Yayınları. 1998. 110s.

7.  Грязневич П.А. К вопросу о праве верховную власть в мусульманской общине в раннем исламе // Ислам. Религия, общество, государство. Москва: Наука, 1984, С.199-225.

8.  Коран. Перевод Ю.Крачковского. - Ростов-на-Дону: Феникс, 2001. 544 с.

9.  Кляшторный С.Г, Сұлтанов Т.И. Летопись трехтысячелетий.Алматы: Рауан, 1992, 375 с.

10.  Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.І. кн.1. Москва-Ленинград: Издательство АН СССР, 1952. 219 с.

11.  Юдин В.П. Орды: Белая, синяя, серая, золотая // Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. Факсимилие, перевод, транскрипция, текстологические примечания, исследование В.П.Юдина. Коммент. и указатели М.Х.Абусейтовой. Алма-Ата: Ғылым, 1992. С.14-57.

12.  Измайлов И.Л. Формирования этнополитического самосознания населения Улуса Джучи: некоторые элементы и традиции // Источниковедение Улуса Джучи (Золотой Орды). От Кальки до Астрахани. 1223-1566. Казань: Мастер Лайн. 2002. С.244-262.

13.  Федоров-Давыдов Г. Общественный строй Золотой Орды. Москва: Изд. МГУ, 1973. С.62-63.

14.  Кенжетай Д.Т. Йасауитану: Сығнаки, Зарнуки және Хазини. // «Ер Едіге және Алтын Орда мемлекеті тұсындағы билер институты» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары жинағы. Түркістан: «Тұран» баспасы, 2011.  536 б. 

Аннотация. В статьепредставлено концепция трансформация древнетюркской понятии сакральности власти исламскими духовно-политическими ценностями, проповедуемыми тюрко-исламским суфием Ахмедом Ясави и это стало основой государственной идеологии Казахского ханства.

Ключевые слова: традиционный казахский историческое мировозрение, генеологические источники, тарихат йасавийа, сакральность власти

Annotation.The article presents the concept of transformation of the ancient Turkic concept of the sacredness of the Islamic spiritual and political values ​​preached by the Turko-Islamic Sufi Ahmed Yasavi and it became the basis of the state ideology of the Kazakh Khanate.

Key words:Traditional Kazakh historical worldview, geneological sources, tarihat yasaviya, sacradness of authority

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 5713

No reviews

Download files

Исаев М. мақала.docx 0.03 MB Пікір.JPG 0.96 MB Эксперттік комиссия қорытындысы.JPG 0.6 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) Зар заман ақындары шығармаларындағы Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАМР 03.20.00 ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ПАРАДИГМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ДИАЛЕКТИКАСЫ

Author's articles

923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы