Яндекс.Метрика
Home » Materials » МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде)

К.М.Ильясова¹. ¹Т.ғ.к., доцент. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: Цин империясы, мемлекет, қидандар, иероглиф, Су Бэйхай, манускрипт, аударма, деректер, тарихнама, мәдениет, түрктер, түркеш, қытан
Author:
Аңдатпа. Мақала отандық ғалым, түркітанушы Тұрсынхан Зәкенұлының (Қайыркен) жетекшілігімен іргелі ғылыми-зерттеу жобасы ретінде баспадан шыққан қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың 4 томдық «Қазақтың жалпы тарихы» атты қолжазбасын аудару, зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін көрсетуге арналған. Жоба ретінде 2018-2020 жж. баспадан шығару көзделген бұл қолжазбаның, алғашқы жарияланған үш томында Қазақ халқының арғы шығу тегі, этникалық құрамы, ұлт болып қалыптасуы мен дамуы және Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасу тарихына қатысты мәселелер қамтылған. Зерттеу жобасының төртінші томында Шығыс Түркістандағы Синьцзян қазақтарының жаңа және қазіргі замандағы тарихы қарастырылады. Құнды түпнұсқалық деректер мен архивтік құжаттарға негізделген бұл қолжазбадағы мәліметтер мен материалдар, Су Бэйхайдың алдыңғы еңбектері сияқты, қазақтардың мәдениетінің тарихын ғана зерттеумен шектелмейді. Оның бастауы ертедегі ғұндар, сақтар мен үйсіндерден басталады. Сонымен қатар түркі дәуіріндегі қағанаттар арасындағы, Қытайдың бергі тарихындағы Цин империясы мен Қазақ хандығы арасындағы түйінді саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер, соның ішінде екі ел арасындағы жер-су, шекара, сауда-саттық байланыстары, Цин империясының Қазақ хандығы, Орта Азия хандықтарымен және Ресей империясымен мемлекетаралық қарым-қатынастары, сол кездегі дипломатия, елшілік мәселесіндегі қазақ ру басыларының менталитеті көрсетіледі. Сондай-ақ қазақтың Абылай, Кенесары сияқты хандарымыздың тұлғалық сипаттамасы және олардың көршілес елдермен арадағы сыртқы саяси ұстанымдары туралы мәселелер қамтылады. Зерттеуші Тұрсынхан Зәкенұлының (Қайыркен) ғылыми жобасы бойынша қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың қолжазбасындағы осы және де өзге де мәселелер мақала мазмұнына арқау болды.
Text:

Кіріспе. Шығыс Түркістандағы қазақтардың мәдениеті мен тарихын зерттеуге жартығасырлық өмірін сарп еткен қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» деп аталатын 4 томдық қолжазбасын жүйелі түрде арнайы зерттеу, аударма және түсініктеме жазу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталды. Десек те, бізге қолжазба, яғни манускрипт күйінде жеткен Су Бэйхайдың мұрасын аудару, зерттеу тек осы үш жылмен шектелмейді, ертерек қолға алынған. Бұл жұмыстардың едәуір бөлігін тарихшы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының (Қайыркен) ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісі деуге болады.

Ғылыми ортада манускрипт ұғымы (латынша manus - «қол» және scribo – «жазамын») тілтану саласындағы мамандарға жақсы таныс. Миллион иероглифтен тұратын манускрипті қазақшаға аударудың оңай болмағаны анық. Себебі, кез келген аударма ісінде кәсіби шеберлікпен қатар, тарихты терең білу шарт. Кеңестік тарихнамаға енген бұрынғы аудармалар, алдымен қатаң «тексерістен» өтетін, ал тәуелсіздік алғаннан кейін тіл білетін ғалымдар үшін еш кедергісіз тарихи түпнұсқалармен тікелей жұмыс істеуге жол ашылды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қытайлық дүниетаным (китаецентризм) тұрғысынан жазылса да, қолжазбаның ішкі мазмұны бұзылмастан, бізге сол күйінде жетіп отыр. Мұндай түпнұсқалық кітаптардың төл тарихымызды түгендеп, саралауда тигізер пайдасы зор болмақ.

Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы атанған 1998 жылы қытайлық профессор Су Бэйхай арнайы шақырумен Қазақстанға келген. Сол жылдары Қытай Халық Республикасы аясында баспадан шығаруға тыйым салынған 4-томдық қолжазбасын, қазіргі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлына (Қайыркен) аманат етеді (Самырат Ж, 2005: 11). Қолжазба авторының таңдауы басқаға емес, Т. Зәкенұлына (Қайыркен) түсуі кездейсоқ емес-тін. Себебі, профессор Су Бэйхай өзінің зерттеулерін Қазақстанда жүйелі түрде аударып, насихаттап жүрген Т. Зәкенұлының (Қайыркен) іс-әрекетіне іштей риза болған сияқты. Соның жарқын бір белгісі ретінде, ол нақ осы іс-сапарында «төрт томдық қолжазбасының бірінші бетіне өз қолымен «Тұрсынхан Зәкен мырзаның сын көзбен оқуын өтінемін, Су Бэйхай. 1998 жылы 6 шілде, Алматы» деп қолтаңбасын қалдырған (Су Бэйхай, 2018: 62). Бұл істі өзгелерден бұрын қолға алып, көптеген жылдар бойы тер төккен ғалымның аударма, зерттеу жұмыстарына, сол кездегі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қызығушылық танытып, Тұрсынхан Зәкенұлының (Қайыркен) атына жолдаған ресми хатында «бұл кітаптың қазақ және орыс тілдерінде жарық көруіне жағдай туғызып, көмек беруіне ниетті екенін жеткізеді» (Су Бэйхай, 2018: 63). Мұның барлығы Су Бэйхайдың 4-томдық қолжазбасының құндылығын айғақтайды, сонымен қатар отандық кәсіби тарихшы мамандарға үлкен міндеттер жүктейді.

Материалдар мен әдістер. Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» кітабы және «Қазақтың жалпы тарихы» атты қолжазбасы туралы алғашқы мәліметтер, бізге СУАР (ШҰАР) – дан шыққан бір шоғыр қазақ ғалымдары Нығмет Мыңжани, Нәбижан Мұқаметқанұлы, Жақып Мырзаханов, Сұлтан Жанболатов және Әлімғазы Дәулетхан, Тұрсынхан Зәкенұлы (Қайыркен) және т.б. авторлар арқылы жетті.

Шығыс Түркістандағы қазақтардың арғы-бергі тарихы бойынша Қытайда шыққан алғашқы зерттеулер «қайта құру» кезеңінде тарала бастайды. Мысалы, осы тұста баспадан шыққан «Қазақтың қысқаша тарихы» (Үрімжі, 1987) кітабының авторы Нығмет Мыңжани, тіпті 1947-1948 жылдары Су Бэйхаймен бірлесіп, Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», Шәкәрімнің «Қазақ шежіресін» қытай тіліне аударған екен (Мұқаметқанұлы, 2014: 124). Ал 1990 жылы Н. Мыңжани, қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың 1987 жылы аяқтаған «Қазақтың жалпы тарихы» атты қолжазбасының 1, 2 томдарына сараптамалық «Алғы сөзін» жазған. Ол профессор Су Бэйхайдың «Цилянь-Шань етектерінен Тянь-Шаньға, Алтайдан Тарбағатайға, Барлық пен Майлы-Жайырға дейінгі жерлердің бәрін шарлап, қазақтардың қоғамдық-шаруашылық өмірі, білім-мәдениеті, тұрмыс-дағдысы, ауыз әдебиеті, шежіре-аңыздары, жер-су атаулары туралы көптеген материал жинағанын, жасының егде тартқанына қарамай, тау асып, тас басып, ертедегі жартас суреттері (петроглифтер), таңба-белгілер сынды дала мәдениетінің іздерін зерттегенін» алға тартады және оның «Қазақтың жалпы тарихы» еңбегін жартығасырлық ізденіс пен зерттеудің нәтижесі» деп, көпжылдық іргелі ғылыми-зерттеу ретінде өте жоғары бағалайды (Су Бэйхай, 2018: 102-103).

Сараптама жұмысына қатысқан авторлардың бірі Нәбижан Мұқаметқанұлының айтуынша, «Су Бэйхай өзінің «Қазақ ұлты жөнінде қысқаша шолу» деген тырнақ алды мақаласын 1940 жылы «Гансу миньго» газетінің 11-13 қыркүйектегі сандарында жариялаған, содан соң оның «Екі Хань патшалығының Батыс өңірді басқаруының тарихи ғибраттары» атты мақаласы 1943 жылы «Жаңа Батыс-Солтүстік» журналында (1943 ж. 6 т., №8 санында) жарық көрген» (Мұқаметқанұлы, 2014: 129). 1979-1999 жылдар аралығында жазған жұмыстарының ішінде «Ұйғыр тарихын зерттеу» (500 мың иероглиф жарияланбаған); «Батыс өңір мәдениеті» (600 мың мер. жарияланбаған); «Шыңжандағы ұлттардың ислам діні тарихы» (500 мың иер. жарияланбаған); «Қазақтың тұтас тарихы» (4 томдық 920 мың иер. жарияланбаған). Осының ішінде алты томы, яғни «Қазақтың тұтас тарихы» және 74 мақаласы қазақтарды зерттеуге арналған еңбектер» - деп көрсетеді (Мұқаметқанұлы, 2014: 131-132).

Су Бэйхайдың Түркеш қағанатына қатысты бұрмалау фактілерін қытай, түрік, араб деректерімен нақтылаған түркештанушы ғалым Әлімғазы Дәулетхан болды. Оның «Түркеш қағанаты. Монография (Cаяси және мәдени-тарихи зерттеу. 692-766 ж) атты 1-кітабы (Дәулетхан, 2005а: 185) және «Хұн - Түрік - Қазақ тарихын зерттеу мәселелері (Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы бойынша)» атты 2-ші кітабы (Дәулетхан, 2005б: 150) толықтырылып, Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен бірнеше рет баспадан шыққан. Автор Су Бэйхайдың «Таң дәуіріндегі адамдар түркеш пен батыс түріктер арасында айырмашылық барын білген» деген қорытындысы мен сол «айырманың» нақтыланбауына өз уәжін былайша жеткізеді: «айырманың» ең белгілісі «Таң патшалығы тарапынан Түркештерді билеуге жіберіп тұратын Асана (Ашин) ханзадаларын қабылдамай қарсы тұратындығы, оның түп себебі - басқа емес, өздерінің (түркештердің - Ә.Д.) түрік текті болмағандығы» дегенге саяды. «Түркештердің түрік текті Асана ханзадаларын бөтенсіну, жатсынып сыртқа тебу мәселесін академик Әлкей Марғұланның сөзімен – «олардың қытайланып, өз халқының жауларына «Табғаш хандары сойына айналып кеткендігімен» дәлелдеу оңайырақ, әрі тарихи шындыққа сай келеді» (Дәулетхан, 2015: 46).

Су Бэйхайдың еңбектерін тиянақты әрі жүйелі түрде қазақшаға аударған зерттеуші Тұрсынхан Зәкенұлының (Қайыркен) мәліметтеріне қарағанда, «Қазірге дейін Қытай қазақтары тарапынан қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорына арналған 80 том, қазақ қиссаларына арналған 18 том, қазақ тарихына арналған 6 том (Су Бихай мен Нығмет Мыңжани еңбектерін қосып есептегенде) баспадан шыққан (Су Бихай, 2013: 7). Оның айтуынша, Су Бэйхайдың «біз кібіртіктеп айта алмай келген мәселелер жөніндегі өткір де, дәйекті көзқарастары «Қазақ тарихы» деп аталатын төрт томдық еңбегінде жан-жақты пайымдалған». Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінің алғашқы тараулары 1994 жылы Т. Зәкенұлының (Қайыркен) аудармасымен халықаралық «Шалқар» газетінде «Өзімізді өзімізге танытады» деген мақаласында (Қайыркен, 1994: 8), одан кейін «Қазақ елі» газетінде шыққан «Мәдениетіміздің қазыналы қатпары» (Қайыркен, 1997: 8-12), «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Елдіктің алтын арқауы» (Қайыркен, 2004: 16) мақаласы мен сұхбатында (Самырат, 2005: 11), сондай-ақ «Қазақ тарихы» журналында жарияланған мақалалары мен көлемді аудармаларында (Су Бэйхай,1998а: 3-10), (Су Бэйхай,1998ә: 3-4), (Су Бэйхай,1998б: 42-46) көрініс тапқан. Демек, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Үрімжі (СУАР), Алматы (Қазақстан) қалаларындағы баспасөз арқылы қытайлық қазақтанушы Су Бэйхайдың зерттеулеріне қатысты ағашқы тарихи-танымдық мақалалар топтамасы мен кәсіби аудармалар жарияланып, отандық ғылыми айналымға ене бастайды.

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екі тілде жарық көрген «Қазақстан тарихы» очерктері орта, арнаулы және жоғары мектептердің мұғалімдері мен оқытушыларына толық жетіспейтін, оқулық тапшы, жоқтың қасы. Осы олқылықтардың орнын сол жылдары «Қазақ тарихы» журналында жарияланған Су Бэйхайдың еңбектері де толықтырып отыратын. Оған «Қазақ тарихын зерттеудегі Қытай деректерінің маңызы», «қазақ ұлтының шығу тегі және «қазақ» сөзінің түп-төркіні», «қазақ тарихына байланысты дүниежүзіндегі өзге де ұлттар мен ұлыстардың әдебиеттері» және «сақтар мәдениеті» туралы жарияланған аударма материалдары дәлел.

Мақалаға арқау болған зерттеудің мақсатына сәйкес компаративтік, тарихи талдау негізінде жинақтау, жүйелеу, бірізділік, сараптаумен қатар логикалық ой қорыту, тарихи салыстыру мен хронологиялық-проблемалық, абстрактілік және нақтылық сияқты ғылыми танымның әдістері мен тәсілдері қолданылды. Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты қолжазбасын аудару, зерттеу жобасы желісін тауып, тарихи-құрылымдық тұжырымдамалық талдау әдісі де пайдаланылды. Сонымен қатар Шығыс Түркістандағы Синьцзян қазақтарының мәдениеті мен тарихын зерттеушілердің ұстанымдары ескерілді. Қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың ғылыми-шығармашылық жұмысында «дала мәдениеті» концепциясы басшылыққа алынған. Сонымен қатар Шығыс Түркістандағы қазақтардың ерте дәуірден жаңа заманға дейінгі тарихындағы негізгі теориялық және фактологиялық мәселелер, қарама-қайшылықты тұстарына қарамастан өркениеттік, тарихилық қағидалар аясында жинақталған.

Талқылау. Соғыс жылдарында Гоминьдан үкіметі Су Бэйхайды тарихшы ретінде Ганьсу-Цинхай провинцияларындағы қазақтардың қоғамдық-тарихи жағдайын зерттеуге жібереді. «Профессор Су Бэйхайдың зерттеу саласы өте кең болған. Ол қазақ тарихын зерттеумен қатар, Қытайдың Батыс өңірінің тарихын, Шыңжаң тарихын, ұйғыр, моңғол тарихын да зерттеген. Нәтижесінде оның қаламынан 13 томдық ғылыми еңбек пен 200-ден астам ғылыми танымдық мақалаларын» жариялайды (Мұқаметқанұлы, Қанат, 2018: №1 (13). Алайда, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, Қытай үкіметі, Су Бэйхайдың аяқталған 4-томдық «Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын баспадан шығаруға рұқсат бермейді. Біздің түсінуімізше, қолжазбадағы тарихи материалдар, автордың алдыңғы еңбегі сияқты қазақтардың мәдениетінің тарихын зерттеу шеңберінен асып кеткен, ауқымды. Онда Цин империясы мен Қазақ хандығы арасында қалыптасқан күрделі саяси оқиғалар мен әлеуметтік-экономикалық мәселелер де кеңінен қамтылған. Атап айтқанда, екі ел арасындағы «есте жоқ ескі заманнан» келе жатқан жер-су, шекара мәселесі, сауда-саттық, Цин империясының Қазақ хандығы, Орта Азия хандықтарымен және Ресей империясымен мемлекетаралық келісім-шарттары және маңызды сыртқы саяси оқиғалар да айтылады.

Іргелі ғылыми-зерттеу қатарындағы 4 томдық қолжазбаның түпнұсқасы миллион иерогифтен тұратын салмақты еңбек. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, қолжазбаның атауы «Қазақтың тұтас тарихы», «Қазақ тарихы» деп аударылған. Бірақ, ғылыми айналымға Нығмет Мыңжанидың алғашқы нұсқасымен еніп отыр. Кез келген автор үшін, кітаптың атауын дұрыс беру өте маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, бұл кітаптың атауы қолжазбаның ішкі мазмұнына сәйкес сәтті шыққан, Су Бэйхайдың мұрасын зерттеуші тарихшылардың таңдауы құптарлық. Екіншісі, бүгінге дейін ғылыми әдебиетте автордың аты-жөнінің «Су Бихай», «Су Бейхай», «Су Бэйхай» деп әртүрлі жазылуы, ол да осы жобадан кейін да бірізге түседі деген ниеттеміз.

Зерттеуші ғалымдардың көрсетуінше, қытай иероглифімен жазылған қолжазбаның «Қазақ халқының тегі және ұлт болып қалыптасуы» деп аталатын 1-томы 1-208 беттен, «Қазақ ұлтының дамуы» деп аталатын 2-томы 212-510 беттен, «XV-XIX ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы» деп аталатын 3-томы 514-804 беттен, «Таяу және қазіргі заман тарихындағы Синьцзян қазақтары» деп аталатын 4-томы 805-1095 беттен тұрады (Махат, Смаханова. 2019: 24-28).  Қазіргі кезде «шамамен қытай тілінде 60 000 жуық иероглиф бар десек, соның 47 мыңнан астамы әйгілі Канси сөздігіне енгізілген. Оның 3000-нан астамы бұқаралық қолданыстан орын алады» (Бәделхан, 2019: 100-102). Осы қытайлық иероглифтер қорының ауқымды бөлігі Су Бэйхайдың 4 томдық еңбегінде қамтылған. Өйткені, бұл еңбек саяси, экономикалық, әскери, ғылыми-техникалық, мәдени және т.б. салаларға қатысты дерек қоры арқылы жазылған.

Жоғарыда атап өткендей, әзірге жоба аясында қолжазбаның алғашқы үш томы оқырманға жетіп отыр. Ал, үстіміздегі жылы баспадан шығаруға жоспарланған «Таяу және қазіргі заман тарихындағы Синьцзян қазақтары» деп аталатын 4-томында «Қытай-Ресей шекара келісімінен кейінгі жаңа замандағы Синьцзян қазақтары, олардың патриархалдық феодалдық жүйесі және иерархиялық тәртібі, шаруашылығы, мәдениеті мен өмірі» сияқты тақырыптар қамтылады. Өкінішке орай, алғашқы үш томның таралымы да шектеулі, сондықтан мүмкіндігінше тарихи-танымдық мақалалар жазып, кейбір тұстарына тоқталуды мақсат тұттық. Оның үстіне, қолжазбадағы материалдар мен «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» 5 томдығындағы мағлұматтар, қарама-қайшылықтарына қарамастан, бірін-бірі толықтырып отырады. Әрине, аталған 4-томдықта біздің ұғымымызға, тарихнамалық концепциямызға сәйкес келмейтін мазмұндардың болуы табиғи құбылыс. Ендеше, бұл еңбекті алдымен, кәсіби тарихшылардың өздері кезеңдері бойынша терең талдап, зерттеп-зерделеуі керек. Бұған қосымша кәсіби тарихшылардың бәрі бірдей қытай, көне түрік, ұйғыр, араб тілдерін біле бермейді. Егер санаулы тарихшылар болмаса, басқаларының шығыс тілдеріндегі деректерді өздері оқи алмауын ескерсек, аударма, түсініктемесімен берілген бұл қолжазбаның зерттеушілерге берері көп болмақ.

«Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында тарих, археология, этнология, тіл-әдебиет, шығыстану салалары ұшан-теңіз араб-парсы, қытай, монғол және т.б. деректермен толықты. Бұл Қазақ тарихына қатысты деректер қоры жеткілікті деген сөз. «Бір кем дүниесі», сол материалдардың игерілуі жағы ақсап жатыр. Оған не кедергі, ғылыми ортадағы дәстүр жалғастығы үзілді ме, әлде «мүйізі қарағайдай» академиктер мен профессорлардың мектебі әлсіз бе, жоқ әлде ғылымға қаржы бөлу мәселесіне тіреліп тұр ма?... Қалай десек те, қолымызда бар дүниені ұқсатуға құлықсыздық, ғалымдардың амбициясы байқалады.

Нәтижелері. Қолжазбаның 1, 2, 3 томдарында пайдаланған деректік материалдардың басым бөлігін, автор әулеттік тарихтың ондаған, жүздеген томдық естеліктері мен өте құнды тарихи мұрағаттар жинағынан алған. Мысалы, «Ұлы Цин патшасы Гаоцзунның орда естеліктері», Сюаньцзунның орда естеліктері», «Синьцзянды танып игеру», «Батыс өңірді басқару тарихы», «Тарбағатай істері», «Жоңғарды тыныштандырудың айла-амалы», «Цин патшалығының территориясынан тыс жерлерінің тарихы», «Ойраттар тарихы 4», «Батыс өңір туралы көрген білгендер», «Батыс өңір картасы» және т.б. көптомдық материалдар қызығушылық тудырады. Сонымен қатар кеңестік тарихнамаға енген 1943 жылғы «Қазақ ССР тарихы», 2 томдық «Қазақ ССР тарихы» (1957, 1961), А.И. Левшиннің «Қазақ қырғыз даласы және жүздері туралы сипаттама (Аударма, Үрімжі, «Синьцзян қоғамдық ғылым академиясы», 1975), И.Ф. Бабковтың «Батыс Сібірдегі қызметім туралы естеліктерім» (Шаң у баспасы, 1973), М.А. Терентьевтің «Орта Азияны жаулап алу тарихы» (Шаң у баспасы, 1983) және т.б. көптеген кітаптар қолданылған (Су Бэйхай, 2019а: 748).

Зерттеудің әр тарауының соңында берілген библиографиялық көрсеткіштерден, Қытайдағы орталық үкіметтің Шығыс Түркістандағы (синьцзяндық) қазақтардың тарихын зерттеуге «қызығушылық» танытып, алдымен аударма жұмыстарының қолға алынуы, тарихты жазуға тіл-әдебиет мамандарының тартылуы, әсіресе жоғары оқу орындарындағы шетел тілдері кафедраларын жұмылдыруы байқалады. Осы тәжірибе, біздің ұлттық университеттерге де сұранып тұрғандай. Бұл «зерттеу университеттері мәртебесі» туралы мәселе көтеріліп жатқан қазіргі кезеңде өте маңызды. Өкінішке орай, бүгінде зерттеушілердің басым бөлігі түпнұсқалық деректерді оқи алмайтындықтан, тарихты жазуға тіл-әдебиет мамандары араласып кетті. Бірақ айтпағымыз ол емес. Болашақта батыстық білім беру жүйесіне бағыт алған университеттерде тілдік мамандықтар бойынша профессор-оқытушылар құрамын жаппай кәсіби аударма, зерттеу жұмыстарына тарту және оның механизмдерін қарастыру керек. Басқаша айтқанда, жоғары оқу орындарындағы жалпы оқу үдерісі ғылыми жобалар мен зерттеулерге бейімделу керек.

Аталған 4 томдықта қолданыста ұшыраса бермейтін аралас сөздер де жетіп артылады. Мысалы, отық (ру), ноқта (отаршылдық) саясаты, шабар (елші), бұрұт (қырғыздар), қазақтың ваны (сұлтаны), бодаусыз (ақысыз), умай (асар), омырау сүті (сүт ақысы), өрнек салу (батқы), оң қанат (оң шадыпыт), іркін (еркін), мойшақ (хат), албатуы (қарасты елі), аға төбенайы (қолбасшысы), Бұздин (Византия), Даши (Араб) елі, Симхала (Шицзы) және т.б. сөздер бар, жалпы аударма еңбектің тілінде Шығыс Түркістандағы қазақтардың диалект сөздері де жиі кездеседі.

«Қазақ халқының тегі және ұлт болып қалыптасуы» деп аталатын 1-томында (Су Бэйхай, 2018: 696) «Қазақ тарихын зерттеудегі басты мәселе: тарихи деректер мен жәдігерлер, Қазақ ұлтының түп-төркіні (этногенезі), Қазақ даласындағы алғашқы қоғам, Сақ және Ұлы иүзейлердің Орталық Азия даласындағы қоныс аударулары, «Үйсін, қаңлы, яанцай (Алан) мемлекеттері, Қазақтың арғы аталарының ғұн, эфталит, түрік және Таң әулетімен байланысы туралы мәселелер қамтылады.

Осы томда көне дәуірдегі таңбаларға қатысты тарих оқулықтарында көп айтыла бермейтін мәліметтер де бар. Автор «петроглифтерге негізделіп, ертедегі аңшылық пен бақташылық бет-бейнесін бүтіндей ашып береді. Мысалы, Текес, Көктоғай, Қаба, Алтай аудандарының жерінен табылған тас үңгірлеріндегі бояулы сызба суреттер мен петроглифтер аналық рулық қоғам сатысындағы әйелдерді негіз еткен жыныстық тәу ету, ұрпақ қалдыру, діни сенім, аңшылық, бақташылық, көңіл ашу тақырыбындағы мазмұндарды байыта түседі» (Су Бэйхай, 2018: 110-111).

Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтардан табылған 69 ру-тайпаның таңба белгілері, оның маңызды он үш тайпасының ішінде керейдің үш таңбасына қатысты, «үшінші таңба + (айқыш), кейбіреулер оны керей тайпасының XI-XII ғасырларда несториан дініне сенгендігінің айғағы, таңба сол кезден қалған деп есептейді. Шын мәнінде, ол тым ерте кезден бастау алған жыныстық тәу ету дәстүрінің бір нышаны» дейді (Су Бэйхай, 2018: 128) және бұл дәстүрді ежелгі римдіктер (Венера) мен мысырлықтардың (Алтын бұқа) махаббат құдайына табынуы сияқты жалпыадамзатқа ортақ дәстүр деп түсіндіреді. Сөйтіп алғашқы қоғамда қазақтар мекендеген даладағы петроглифтердегі белгілерге қарап (СУАР-дағы Шағантоғай ауданы Балдақұл тауы, Толы ауданы Майлы тауы Қарашоқы, Құтыби ауданының Қызыл-қысаң петроглифтері) ертедегі адамдардың жыныстық тәу ету дәуірін бастан кешіргенін, «күллі діндердің бастауы жыныстық тәу етуден басталатынын» ашық жазады (Су Бэйхай, 2018: 195-201). «Жартас суреттерінің өмірге келуіне орай адамдар байырғы би өнері туралы да алғашқы танымға ие бола бастағанын» көрсетеді [Су Бихай, 2013: 497). Жалпыадамзатқа ортақ бұл дәстүр, яғни алғашқы адамдардың ұрпақ қалдыру, ұрпақ өсіруге алаңдаушылығы, олардың тобырлықтан оқшаулана бастауының бір көрінісі деуге болады.

«Қазақ ұлтының дамуы» деп аталатын 2 томында «Қазақтар құрған Түркеш және Қарлұқ қағанаттары, Қара хан, Қара қидан мемлекеттерінің қазақтарға үстемдігі, Монғол үстемдігі кезіндегі қазақ ру-тайпалары жалайырлар, қоңыраттар, керейлер, меркіттер, наймандар, қарлұқтар, арғындар, қыпшақтар, қаңлылар, асулар, уақтар және XIII-XV ғасырлардағы монғол хан тұқымдарының қазақтарды билеуі» туралы тақырыптар қамтылады (Су Бэйхай, 2019а: 748).

Осы томда Н. Мыңжанидің «Алғы сөзінде» айтылғандай, «автор б.д. VII ғасырдың соңынан VIII ғасырдың орталарына дейін өмір сүрген Түркеш қағанатын Қазақ даласын алғаш біріктерген бірінші қағанат, яғни алғашқы Қазақ қағанаты дейді (Су Бэйхай, 2018: 105). Дегенмен, Су Бэйхай түркештерді түркі тайпаларынан бөліп қарастырады. Ол түркештерді үйсіндерден тарата келіп, «Таң Суанцзунның «Түрік қағанына мәктүп» (mektub* - түрікше хат) деген хатында: «түркештер текті халық емес, түбі бөтен» дейді. Бұл жерде түркешті түрік емес, «бөгде нәсіл» деп атап көрсетеді, яғни түркілерге жатпайтынын» айтады. Батыс түрік қағанаты кезінде түркештер негізінен Іле, Шу өзендерінің бойын мекендеген. Батыс Түрік жерлері «шығыста солтүстік туцзюйлермен (яғни Шығыс Түрік қағанатымен), батыста хулармен (соғды князьдіктерімен) шектесіп, шығыста тікелей Сичжоу (Турфан) және Тинчжоу (Бесбалық) аймақтарына дейінгі жерді алып жатқан (Қазақстан тарихы, 2010: 303)

Таң империясына тәуелді болған Батыс Түрік қағанаты туралы проф. Т. Зәкенұлының (Қайыркен) түсіндірмесі бойынша: «Батыс Түрік қағанаты 50 жыл Таң империясының отарына айналған... Батыс Түрік дегеніміз шын мәнінде, көп этнос пен ұлыстардан құралған әскери одақ болатын. Осылай болғандықтан, түркештерден Өжелі бас көтеріп шығып Суябты алып, ашыналардың орнына бұрынғы он оқтарды билеуге көшеді. Шығыс Түрік ақсүйегі Бөгчор (Қапаған) бұл жайдан хабар алысымен, ол жерлерді қайтарып алу үшін жанын салады. Сол себепті Тоныкөк ескерткішінде (19-жол): «Он оқ қағаны біздің жауымыз болды» деген жазу қалған (Су Бэйхай, 2019а: 4-5). Жалпа алғанда «Таң патшалығы кейде түркештердің ел болып еңсе көтеруіне көмек көрсетсе, кейде олардың ішкі алауыздықтарын қолдап, олардың өз-өзімен қырқысуына мұрындық болған. Тіпті кей жағдайда өздері де әскер аттандырып, түркештерді жайпап кетіп отырғандықтары жасырын емес еді» (Мұқаметқанұлы, 1996: 10).

Түркештерге байланысты Су Бэйхайдың тағы бір айғағы, Кайюань жылнамасының 18 жылы (730 ж.) қараша айындағы Сүліктің* (Түркеш қағаны «Сұлық, Cұлу», арабтар «сүзеген» деп атаған) Чаньаньға елші жіберіп қол тапсырған кезде батыс түріктер мен шығыс түріктер арасында пайда болған кикілжің. «Император Суанцзун Сүлікті Данфэн сарайында қабылдап, қонақасы береді. Осы кезде Шығыс Түріктен де сарайға елші келіп жатқан еді. Қонақасы үстінде олар төрге таласып, Шығыс Түрік елшісі: Түркеш кіші ел, оның үстіне түрікке бағынады. Төрге отыруға болмайды! депті, осыған сүйенген автор «отыратын төрдің мәртебесінен-ақ, түрік пен түркештің екі басқа этнос екенін көруге болатынан» айтады. Бұл жағдайды проф. Т. Зәкенұлы (Қайыркен): «Бұл жерде автор түркештер мен түріктерді екі бөлек этнос етіп көрсетуге, сол арқылы қазақ этногенезіне көне түркілерді қатыстырмауға әрекеттенеді» деп түсіндіреді (Су Бэйхай, 2019а: 21).

Бұл ретте «тарихшылар мен түркологтар үшін ең сенімді, әрі ең бай дерек көзі Орхон-Енесай мәңгі тас жазуы екені даусыз», тіпті араб тарихшысы Эл-Идриси Түргешті - нағыз түрік, шын түрік деген мағынаны білдіретін түрік сөзі деп түсіндірген болатын. Арабтың тағы бір тарихшысы Ибн Айтхам Эл- Куфи түсінік берместен «turkis» түрінде жазғаны белгілі (Дәулетхан, 2015: 56). Бұған қосымша «Батыс Түрік пен Шығыс Түрік қағанатын құраған тайпалардың этникалық құрамы жөнінде қытай тарихшысы Лин Ганды тыңдап көрелік: «Батыс Түрік пен Шығыс Түріктің ата-бабасы әуелден бір болатын. Шығыс Түріктің бөлшектенуі – түркілік саяси күштердің шығыстан батысқа қарай кеңеюіне орай, билеуші топтардың ішкі қырқыстарының тікелей нәтижесі, түркілердің ұлттық құрамының өзгеріп, бөтенденіп кетуінен болған емес» (Дәулетхан, 2015: 47).

Түркештанушы Ә. Дәулетхан құрастырған кестеде Өжелі (Үшелік) қытайша Ужило, Сақал (Са Ге) Өжелінің үлкен ұлы, Сұлұқ (Сұлу), Тоқсан (Сұлұқтың ұлы), Науа (Эр Вей), Баға тархан, Құтлұқ тәрізді 8 қағанның аты-жөні алғашқы атақ-дәрежесі және олардың қаған атанғаннан кейінгі жаңа есімі, қаған ретінде салтанат құрған жылдары берілген (Омарбеков, 2013). Байқасаңыз, тізімдегі қағандардың біразы, Ханзу императорлары сияқты қосарланып жазылған. Жалпы тарихи жазбаларда 3-ші Түркеш қағаны әртүрлі беріледі. Мысалы, Су Бэйхай қолжазбасында Сүлік, Ә. Дәулетхан зерттеуінде Сұлұқ, Т. Зәкенұлы (Қайыркен) аудармасында Сұлық, оқулықтарда Сұлу қаған. Айтпағымыз, жалпы Түрік қағандарының есімдерін бірегейлендіруге болмас па, әйтпесе мектеп оқушыларын тағы да шатастырып алуымыз мүмкін, қабылдауы да қиындау болады.

Тарихқа жүгінсек, 715-738 жж. билік құрған Түркеш қағаны Сүлік, батыста арабтармен, шығыста Таң империясымен соғысқан. «Халықаралық жағдайлардың Түргеш қағандығының пайдасы үшін шешілуіне саяси белсенділік көрсетіп жүрген Сұлу қаған Жетісуға оралған кезде 738 ж. өзінің бақталастарының құрбаны болады. Оның қолбасшысы да 739 ж. Сырдарияның бойында арабтардың қолынан мерт болады» (Жолдасбайұлы, 1995: 176). Одан кейінгі билікке талас, түркештердің екіге бөлінуі (қара, сары), оны пайдаланған қытайлар Суяб қаласын басып алады. Олар 751 ж. Атлах маңында арабтармен соғысып, жеңіліп қалады. Осы мәселе бойынша автор, Сүліктің бұған дейін де Шығыс Түрік қағанатындағы батыс түрік қағандары мирасқорларымен одақтас қытайлармен «қырғи-қабақ» қарым-қатынаста болғанын айналып өтеді. Содан кейін арабтар мен қытайлар арасындағы шайқаста жеңілген Таң империясы шегінгеннен кейін, ислам дінінің қазақ даласына біртіндеп тарала бастағанын айта келіп, араб тарихшысы Ибн әл Аширдің «хиджраның 349 ж. (960) екі жүз мың түріктің ислам дінін қабылдағаны» туралы мәліметін келтіреді (Су Бэйхай, 2019а: 99).

Атлах шайқасына байланысты белгілі тарихшы З. Қинаятұлы жоғарыда аталған 2-кітаптың «Түркітануға қосылған үлес» атты алғы сөзінде «бұрын тарихта «Атлах шайқасы» деп келген әйгілі шайқасты, Ә. Дәулетхан «Атлах-Талас» шайқасы деп атауды жөн санайтынын, оған тарихи негіздердің де бар екенін алға тартады. «Археологтар Атлах қаласының орны Тараз қаласының солтүстігі, Талас өзенінің бойында орналасқан Жуантөбе деп отыр. Олай болса ежелгі Атлахты Таластан, қазіргі Жуантөбені Тараз-Таластан бөліп қарау мүмкін емес» (Дәулетхан, 2005б: 4-5).

Келесі мәселе қидандарға қатысты, Қытай тарихында айтылатын Батыс Ляо мемлекеті отандық тарихнамада «қара қытайлар» деп аталады. «Сол кездегі кейбір батыстық дереккөздерінде Қытайды Қидан (Khitay немесе Khata), орта ғасырлардағы ағылшын, орыс, грек тілдерінде де Қытай елін жалпы Қидан деп атап кеткені, олардың оқылуы Catay, Kita, Kitay түрінде кездесетіні, бүгінге дейін орыстар *Чжунгоны (Орталық мемлекет – қытайлықтардың өзін өзі атауы) Қытай дейтіні, бұдан Қиданның сол кездегі әсерінің қаншалықты зор екенін көруге болады». Зерттеушінің түсіндірмесінде: «Чжунго – «Орталық мемлекет» деген мағынадағы бұл атаудың, тарихта Орталық өлке, Орта жазық, Чжунхуа, Чжунся деген ұғымдармен қатар қолданылғаны, ол негізінен ертедегі Қытайда төрт түрлі бөгде халықтардың ортасында тұрған орталық мемлекет деген мағынада» айтылады (Су Бэйхай, 2019а: 118).   Қидандар Күлтегін, Білге қаған бітіктасында да «қытан» деп жазылған [Меллат, 2020].

Осы ретте Қытайдың атауына байланысты тілдік зерттеулер, «қидан», «қытан», «қытай» сияқты сөздердің түп-төркінін екшелеп, этимологиялық талдаулар жасау тек тіл мамандарына емес, тарихшыларға да қажет дүние дегіміз келеді.

«Ляо тарихы. Бума 30. Қидан баянында» жазылған Елюй Дашидың кейбір қытайша жарлықтары болған. Сондықтан В. Бартольд «Батыс өңір» үкіметтерінің ресми жазбалары «қытай тілінде болғанға ұқсайды» дейді... Ел басқарудың қажетіне бола, Қара қидан патшалығының билеушілері жергілікті түркі мұсылман халықтардың да тіл жазуын үйренуге мәжбүр болған... Елюй Даши түрік тілдес және иран тілдес аймақтарға қарата сол жердегі халықтың көп қолданатын тіл жазуы арқылы жарлық түсіріп отырған. Ал кең-байтақ Қазақ даласында түрік тілі мен жазуы қолданылған (Су Бэйхай, 2019а: 177).

«XV-XIX ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы» деп аталатын 3 томында (Су Бэйхай, 2019б: 608) «Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы, Абылай хан кезіндегі қазақтар мен Цин патшалығының қатынасы, Цин патшалығының Цянлун, Цзяцин жылдарында қазақтарға қаратқан саясаты, Қазақтар мен Цин әулеті арасындағы сауда байланысы, Ресейдің қазақ даласына жасаған отарлау саясаты» туралы айтылады. Қазақ хандығының құрылу тарихын, бертінде отандық тарихнамада қалыптасқан нақты 1465 жылдан емес, бұрынғыша он жылдай әріден тартады. Ол жазбаша төл деректерге сүйеніп, халық санының өсімін «1456 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап 70-жылдардың басына дейін, тек 20 жыл уақыттың ішінде Қазақ хандығындағы халық санының 200 мыңнан асқанын» көрсетеді (Су Бэйхай, 2019б: 5). Расында, бұл хандықтың құрылуының аяқталған кезеңі болатын. Осы тұста «шамамен 1470-1471 жылы Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының басым бөлігі Қазақ хандығының құрамына қосылып, Қазақ хандығы толық қанды, дербес, жеке мемлекетке айналады» (Кәрібаев, 2014: 455).

Зерттеуде екі ел арасындағы елшілік алмасулар туралы қызықты оқиғалар айтылады. «Цин империясындағы Цяньлун, Цзяцин дәуірінде сырттан келетін елшілер саны көп болған. Цин патшасы Гаоцзунның орда естеліктеріндегі (725-том. Цяньлун 29-шы жылы желтоқсан) айғақтар бойынша, бұл кезде елшілер «шамамен 3-4 жылда бір рет келген. Алайда Даогуан дәуірінен кейін елші жіберу уақытының аралығы ұзарады. Бұрынғыдай 3-4 жылда бір рет емес, 7-8 жылда, тіпті 10 неше жылға дейін созылған жағдайлар болған. Сонымен бірге Пекинге барып ордаға кіру рұқсатын алғандар негізінен қолында билігі бар хан, ван, сұлтандар ғана еді. Мысалы, Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпейіз және олардың ұрпақтары, әдетте кіші рубасылардың Ордаға кіру рұқсатын алуы қиындау. Сондықтан Цяньлунның 28-шы жылы (1763 ж.) шығарылған жарлықта былай делінді: «қазақтардың ұсақ ру басылары өте көп, оларды өз еркімен жібере беруге болмайды, жарлық түсіндірілсін, кері қайтарылсын... Егер осындай ұсақ рубасылар өздері ордағы барамыз десе, оларды қалайша елші деп тануға болады. Олардың дәрежесі өте төмен, ордаға кіргізе алмаймыз. Бұдан былай қазақтардан ордаға кіруді өтінгендер болса, олардың ішінде сұлтан сияқты ірі басшылар және оларды мәлімдейтін маңызды ісі болғанда ғана оларды ертіп келуге рұқсат етіледі. Ал ұсақ-түйек жұмыспен келгендер болса, оларды Хэбейде қабылдап, сауғасын беріп, жарлыққа сай қайтарыңдар» делінген (Су Бэйхай, 2019б: 275). Шындығында, елші жіберу екі ел арасындағы ресми кездесу, онда «рулық», «жүздік» емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелер көтеріледі, қазіргі тілмен айтқанда «елшілік - бір мемлекеттің екінші мемлекеттегі елшісі басқаратын дипломатиялық өкілдігі». Сондықтан, қарастырылып отырған кезеңде Цин империясының жарлық бойынша дәрежесі төмен қазақ рубасыларын кері қайтаруы заңды құбылыс.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бітім-болмысы мен оның баласы Сыдық туралы мәліметтерден, тіпті оларға отаршылдардың өздері тамсана қарағаны жазылған. Олар Кенесары ханның «әрекетін - кескін, жігері тасыған, кек алғыш және жеңілгендерге тым қатал болды, ол аз ғана уақыттың ішінде соншама көп халықты өз маңына топтастыра білді. Кенесары иығында пагоны бар аққудың жүнінен тоқылған желбегейін киіп жүруді ұнататын, соңынан ту ұстаушысы ілесіп, ұзын найза ұстаған атты әскерлері оны қоршап жүретін, мәңгі асқақ айбармен атқосшыларының алдына атын ойқастатып кетіп бара жататын» (Су Бэйхай, 2019б: 339-340),-деп сипаттайды, ал оның баласы Сыдықты жұрт, қайтпас қайраты үшін «Дала көкжалы» деп атаған (Су Бэйхай, 2019б: 346). Әрине, жекелеген тарихи тұлғалардың болмыс-бітімін осылайша айшықтау арқылы тарихты тірілтуге ұмтылыс өте дұрыс, осы ретте тарихты жасайтын адамдардың күнделікті өмір тарихын зерттеу бағытын да жаңғыртуымыз керек деп ойлаймыз.

Қорытынды. Қытайлық тарихшы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» 4 томдығы төл тарихымызды зерттеушілер үшін таптырмас құрал. Өйткені, бұл еңбек түпнұсқалық қытай деректері мен тарихи құжаттарға бай. Миллион иероглифтен тұратын манускрипттің авторы қытайлық дүниетаным тұрғысынан қарастырған зерттеуінде ру-тайпалық қоғамға қатысты марксизм-ленинизм классиктерінің (К. Маркс, Ф. Энгельс, В. Ленин) теорияларын басшылыққа алады. Сондай-ақ, шекаралас Ресей империясының отарлау саясатына байланысты советтік кезеңде КСРО-ны «халықтар түрмесіне» айналдырған И.В. Сталиннің кейбір сөздерін де келтіреді. Әрине, коммунистер үстемдік құрған Су Бэйхайдың заманында, бұл қалыпты жағдай болды. Біріншіден кез келген тарихшы қалыптасқан классикалық ортақ ғылыми теориялардан бас тарта алмайды, екіншіден зерттеушілердің жұмысы қашанда мемлекеттің идеологиясына қызмет ететіні тағы бар. Соған қарамастан, Су Бэйхайдың зерттеулері жоғары бағаланады. Оның 4 томдығының баспадан шықпай, қолжазба күйінде қалуының бір себебі, сол қоғамның идеологиясымен түсіндірілсе керек. Өйткені «Қазақтың жалпы тарихының» шығыс Түркістандағы Синьцзян қазақтарының арасында кеңінен оқытылып, насихатталуы, күндердің күнінде сол аймақта ұлттық сананың сілкінуіне алып келуі мүмкін.

Қалай десек те, 4 томдықты арнайы зерттеуші, әрі жоба жетекшісі Т. Зәкенұлы (Қайыркен) нақты көрсеткендей, «Су Бэйхайдың Хан, Таң және Цин империяларының жаулаушылық саясатын жақтайтын қытайлық дәстүрлі тарихнамалық көзқарастарына қарамастан, бұл кітаптың Отан тарихын зерттеуге тигізер пайдасы мол. Ендеше, ол ең әуелі ғылыми көпшіліктің сыни көзбен оқып, зерттеу жұмысында пайдалануына арналған». Сондықтан «қытайлық дүниетаным» тұрғысынан жазылса да, Су Бэйхайдың қолжазбасы қытай, көне түрік, ұйғыр, араб сияқты шығыс тілдерін біле бермейтін отандық тарихшылар үшін пайдалы дүние деп есептейміз. Әзірге, ерте және ортағасырлық төл тарихымызды тіл мамандарының немесе тарих пен тілді қатар ұстап жүрген мамандардың көмегімен, бірігіп жазуға тура келеді. Осыдан он-он бес жылдай бұрын білім беру және ғылым саласында көтерілген, қазіргі кезде де өзекті бір мәселе бар. Ол болашақта тарихшы мамандарды даярлауда кем дегенде екі шығыс тілін қатар игеру шарты. Тағы бір жолы - түрік ағайындар сияқты тарих және шығыстану бөлімдерін «Edebiyat» факультеті аясында қайта құрылымдау жағын да ойластыру қажет.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Бәделхан М. Қытай иероглифтерінің ерекшеліктері және даму кезеңдері // Қарағанды экономикалық университеті Жаршысы. Экономика. Философия. Педагогика. Юриспруденция. – № 2 (53) 2019. – 100-102 бб.

Дәулетхан Ә. Түркеш қағанаты. Монография (Cаяси және мәдени-тарихи зерттеу. 692-766 ж). 1-кітап. – Алматы: Қазақпарат, 2005. – 185 б.

Дәулетхан Ә. Хұн – түрік – қазақ тарихын зерттеу мәселелері. (Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы бойынша). 2-кітап. – Алматы: Қазақпарат, 2005. – 150 б.

Дәулетхан Ә. Ежелгі және орта ғасырдағы түркілер: тарихи зерттеулер. – Астана: «Ғылым» баспасы, 2015.- 448 б.

Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан: (Ерте дүниеден XVI ғасырға дейін). – Алматы: Ана тілі, 1995. – 176 бет.

Мұқаметханұлы Н. Су Бэйхай және оның қазақ тарихын зерттеген еңбектері жөнінде.128-134 бб. Қараңыз.: Мұқаметханұлы Н. Ізденіс: тарих және замана /Мақалалар/. – Алматы: «Мерей» баспасы, 2014. – 348 б.

Мұқаметханұлы Нәбижан – т.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры, Қанат Гүлнар, 2 курс магистранты. Су Бейхай және оның «Қазақ мәдениетінің тарихы» монографиясы жөнінде. Электронный научный журнал «edu.e-history.kz». – №1 (13) 2018.

Мұқаметханұлы Н. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары (XVIII ғасырдың 2-жартысы - XX ғасырдың басы). Көмекші оқу құралы. – Алматы, «Санат» баспасы, 1996. – 128 б.

Махат Д.А., Смаханова Ж.С. Исследование рукописного труда по истории Казахстана китайского ученого Су Бэйхая //История, политология, социология, философия: теоретические и практические аспекты. Сборник статей по материалам XIX-XX международной научно-практической конференции.№ 4-5 (14).СибАК, 2019. – С. 24-28.

Меллат Е. Қидандар қайда кетті? Дерек көзі: https://e-history.kz/kz/publications/view/4977 © e-history.kz [Есепке алынған күні: 03.03.2020]

Омарбеков Т. Түркештанушы. Әлімғазы Дәулетханның ғылыми шығармашылығы хаһында /Ана тілі. Ұлт газеті. -7 қараша 2013 жыл.

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 544 б.

Қазақ хандығының құрылу тарихы: Монография. Б.Б. Кәрібаев. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2014. – 520 б.

Қайыркен Т.З. «Қазақтың тұтас тарихы» және оның авторы Су Бэйхай мырза //Қазақ тарихы, 1998. – № 1. – 3-10 бб.

Самырат Ж, Аманат // Егемен Қазақстан, 2005. – 23 ақпан. –11 бет.

Су Бэйхай. Қазақ тарихын зерттеудегі қытай деректерінің маңызы //Қазақ тарихы, 1998. – № 2. – 3-4 бб.

Су Бэйхай. Қазақ ұлтының шығу тегі және «қазақ» сөзінің түп-төркіні //Қазақ тарихы. – 1998. -№ 2. – 10-14 бб.;

Су Бэйхай. Қазақ тарихына байланысты дүниежүзіндегі өзге де ұлттар мен ұлыстар әдебиеті //Қазақ тарихы, 1998. – № 3. – 42-46бб.

Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы: Ерте заманнан – ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін. /Төрт томдық зерттеу. Қазақ халқының тегі және ұлт болып қалыптасуы. Аударма, зерттеу, факсимилие. – Алматы: «Асыл кітап» баспа үйі, 2018. 1-том. – 696 б.

Су Бэйхай. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы. «Дәуір Кітап», 2013. – 497 б.

Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы: Ерте заманнан – ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін. // Төрт томдық зерттеу. Қазақ ұлтының дамуы. Аударма, зерттеу, факсимилие. – Алматы: «Асыл кітап» баспа үйі, 2019. 2-том. – 748 б.

Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы: Ерте заманнан – ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін. // Төрт томдық зерттеу. XV-XIX ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы. Аударма, зерттеу, факсимилие. – Алматы: «Асыл кітап» баспа үйі, 2019. 3-том. – 608 б.

REFERENCES:

Badelkhan M. Qytaı ıeroglıfteriniń erekshelikteri jáne damý kezeńderi [Features and stages of development of Chinese characters].Bulletin of the Karaganda Economic University. Economy. Philosophy.Pedagogy. Jurisdiction. No. 2 (53) 2019. – 100-102 p.[in Kazakh]

Dáýlethan Á. Túrkesh qaǵanaty. [Dauletkhan Alimgazy. Turkesh Khaganate] Monograph (Political and cultural-historical research. 692-766). Book 1. – Almaty: Kazinform, 2005. – p.185. [in Kazakh]

Dáýlethan Á. Hun – túrik – qazaq tarıhyn zertteý máseleleri. (Qazaqstannyń ejelgi jáne orta ǵasyrlar tarıhy boıynsha).[Dauletkhan Alimgazy. Problems of studying the Turkic-Kazakh history. (On the ancient and medieval history of Kazakhstan)]Book 2. - Almaty: Kazinform, 2005. – p.150. [in Kazakh]

Dáýlethan Á. Ejelgi jáne orta ǵasyrdaǵy túrkiler: tarıhı zertteýler. [Dauletkhan A. Ancient and medieval Turks: historical research]Astana: «Science publishing house», 2015. – p.448. [in Kazakh]

Zholdasbayuly S. Ejelgi jáne orta ǵasyrlardaǵy Qazaqstan: ( Erte dúnıeden XVI ǵasyrǵa deıin)[Kazakhstan in ancient and medieval times: (from the early to the 16th centuries)]. –Almaty: Ana tili, 1995. – 176 page.[in Kazakh]

Mukametkhanuly N. Sý Beıhaı jáne onyń qazaq tarıhyn zerttegen eńbekteri jóninde.[Su Beihai and about his works on the study of Kazakh history]. 128-134 p. See: Mukhametkhanuly N. Search: history and time / Articles/. – Almaty: publishing house «Merey», 2014. – 348 p. [in Kazakh]

Mukamethanuly Nabizhan-doctor of historical Sciences, Professor of the Department of Chinese studies of the faculty of Oriental studies of KazNU. Al-Farabi, Kanat Gulnar, 2nd year master's student. Sý Beıhaı jáne onyń «Qazaq mádenıetiniń tarıhy» monografıasy jóninde.[Su Beihai and his monograph «History of Kazakh culture»] Electronic scientific journal «edu.e-history.kz». – №1 (13) 2018.[in Kazakh]

Mukametkhanuly N.XVIII- XIX ǵasyrlardaǵy qazaq- qytaı baılanystary( XVIII ǵasyrdyń 2- jartysy- XX ǵasyrdyń basy). [Kazakh-Chinese relations of the XVIII- XIX centuries (second half of the XVIII century - the beginning of the XIX century)]. Auxiliary tutorial. – Almaty: Sanat Publishing House, 1996.–128 p.[in Kazakh]

Mahat, D.A., Stakhanova J.S. Issledovanie rukopisnogo truda po istorii Kazahstana kitaiskogo uchenogo Su Beihaya. [Research of a handwritten work on the history of Kazakhstan by Chinese scientist Su Beihai] History, Political Science, Sociology, Philosophy: Theoretical and Practical Aspects. Collection of articles based on the materials of the XIX-XX international scientific and practical conference. №4-5 (14).SibAk, 2019. – 24-28 p.[in Kazakh]

Mellat E. Qıdandar qaıda ketti? [Where did the Kidans go?] Source: https://e-history.kz/en/publications/view/4977 © e-history.kz [Date Added: 03.03.2020] [in Kazakh]

Omarbekov T. Túrkeshtanýshy. Álimǵazy Dáýlethannyń ǵylymı shyǵarmashylyǵy hahynda[Talas Omarbekov.Turgesh Khaganate researcher. About the scientific career of Alimgazy Dauletkhan] / Ana tili. [Mother tongue] Newspaper ‘Ult’[Nation]. November 7, 2013. [in Kazakh]

Qazaqstan tarıhy( kóne zamannan búginge deıin). [History of Kazakhstan (from ancient times to the present)]. Five volumes. Volume 1 – Almaty: Atamura, 2010. – 544 p. [in Kazakh]

Qazaq handygynyn qurylu tarihy: Monografie. B.B.Karibaev.-Almaty: «Sardar» baspa uyi, 2014. – 520 b. [in Kazakh]

Kaiyrken T.Z. «Qazaqtyń tutas tarıhy» jáne onyń avtory Sý Beıhaı myrza [«A complete history of the Kazakhs» and its author Mr.Su Beihai]. //Kazakh history, 1998. – № 1. – 3-10 p. [in Kazakh]

Samyrat J, Amanat /Egemen Kazakhstan, 2005, February 23. – 11 p. [in Kazakh]

Su Beihai. Qazaq tarıhyn zertteýdegi qytaı derekteriniń mańyzy [The value of Chinese sources in the study of Kazakh history]// Kazakh History, 1998. – No 2. – 3-4 p. [in Kazakh]

Su Beihai. Qazaq ultynyń shyǵý tegi jáne «qazaq» sóziniń túp- tórkini [The origin of the Kazakh nation and the origin of the word «Kazakh"] // Kazakh history, 1998. – No 2. – 10-14 p.; [in Kazakh]

Su Beihai. Qazaq tarıhyna baılanysty dúnıejúzindegi ózge de ulttar men ulystar ádebıeti [Literature of other nationalities in the world on the history of Kazakhs] // Kazakh History, 1998. – No. 3. – 42-46p. [in Kazakh]

Su Beihai.Qazaqtyń jalpy tarıhy: Erte zamannan– HH ǵasyrdyń alǵashqy jartysyna deıin. / Tórt tomdyq zertteý. Qazaq halqynyń tegi jáne ult bolyp qalyptasýy. [The general history of the Kazakhs: from ancient times to the first half of the twentieth century. / A four-volume study. Formation of the Kazakh people as a nation.] Translation, research, and facsimile. – Almaty: Asyl kitap Publishing house, 2018. – 696 p.] [in Kazakh]

Su Beihai. Qazaq mádenıetiniń tarıhy. [The history of the Kazakh culture]. – Almaty:«Dawir Book», 2013. – 497 p. [in Kazakh]

Su Beihai.Qazaqtyń jalpy tarıhy: Erte zamannan– HH ǵasyrdyń alǵashqy jartysyna deıin. / Tórt tomdyq zertteý. Qazaq ultynyń damýy. [General history of the Kazakhs: from ancient times to the first half of the twentieth century. /A four-volume study. Development of the Kazakh nation.] Translation, research, and facsimile. – Almaty: ASYL kitap Publishing house, volume 2, 2019. – 748 p.[in Kazakh]

Su Beihai.Qazaqtyń jalpy tarıhy: Erte zamannan – XX ǵasyrdyń alǵashqy jartysyna deıin. / Tórt tomdyq zertteý. XV- XIX ǵasyrlar aralyǵyndaǵy Qazaq handyǵy. [General History of the Kazakhs: From ancient times to the first half of the 20th century. / Four-volume study. The Kazakh khanate from the XV-XIX centuries.] General History of the Kazakhs: From ancient times to the first half of the 20th century. / Four-volume study. The Kazakh khanate from the XV-XIX centuries.[in Kazakh]

МРНТИ: 03.20.00

МАНУСКРИПТ СОСТОЯЩИЙ ИЗ МИЛЛИОНА ИЕРОГЛИФОВ

(по проектам исследования рукописей «Су Бэйхай. Общая история казахов» проведенных проф. Турсунханом Закенулы Кайыркеном)

1Ильясова К.М.

1Кандидат исторически наук, доцент. Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева. Казахстан, г. Нур-Султан.

(Е-mail: кulpash_66@mail.ru)

Аннотация. Статья посвящена первым результатам переводческих и исследователских работ 4-томного рукописного труда китайского историка Су Бэйхая «Общая история казахов» проведенных под руководством отечественного ученого, тюрколога Турсунхан Закенулы (Кайыркен), выпущеннойв качесте фундаментального научно-исследовательского проекта. В первых трех томах данного исследовательского проекта запланированной выпуска к печати на 2018-2020 гг., рассматриваются ключевые вопросы генеологии казахского народа, этнического состава, формирование и развитие как нация, казахов, также история образование и развитие Казахского ханства.  В четвертом томе книги рассматриваютя вопросы, касающиеся новой и новейшей истории казахов Синьцзяна в Восточном Туркестане. По сравнению с прежними работами Су Бэйхая, эти ценные рукописные материалы, основанные на китайских первоисточниках и архивных материалах, не ограничиваются только с историей культуры казахов. Рукописная книга берет свое начало с истории древних гуннов, саков и усуней, затем рассматриваются межгосударственные отношения тюркских каганатов, важные политические и социально-экономические проблемы Циньской империей с Казахским ханством, со странами Центральной Азии и Российской империи в новое время, в частности  земельно-водные, приграничные  проблемы Казахского ханства, торгово-экономические связи между двумя странами, менталитет и деятельность казахских родоначальников в сфере дипломатии Циньской империи. Также затрагивается характеристика личности ханов Абылая и Кенесары, их внешнеполитические позиции по отношению к соседним государствам. Эти и другие вопросы, касающиеся истории казахов китайского историка Су Бэйхая по проектам исследователя Турсунхана Законулы (Кайыркен) послужили основой содержания данной статьи.

Ключевые слова: иероглиф, Су Бэйхай, манускрипт, перевод, источник, историография, культура, тюрки, туркеш, кытан, кидани, государство, империя Цинь.

IRSTI: 03.20.00

A MANUSCRIPT CONSISTING OF MILLION HIEROGLYPHICS

(on manuscript research projects  «Su Beihai. The general history of the Kazakhs» conducted by Prof. Tursunkhan Zakеnuly Kayirken)

1Ilyassova K.M.

1L.N. Gumilyov Eurasian National University. Kazakhstan, Nur-Sultan.

(Е-mail: кulpash_66@mail.ru)

Abstract. The article is devoted to the first results of translation and research works of the 4-volume handwritten work of the Chinese historian Su Beihai "The general history of the Kazakhs", conducted under the guidance of the scientist, Turkologist Tursunkhan Zakenuly (Kayirken), published as a fundamental research project. The first three volumes of this research project scheduled for publication in 2018-2020, addressing key issues of genealogy, ethnic composition, formation and development of the Kazakh people as a nation, as well as the history of the formation and development of the Kazakh khanate. The fourth volume of the 4-volume book deals with issues related to the new and modern history of the Kazakhs of Xinjiang and East Turkestan. Valuable materials and information of manuscripts based on Chinese primary sources and archival materials, compared to the previous work of Su Beihai, is not limited only to the history of Kazakh culture. Manuscript book starts with the history of the ancient Huns, Sakas, and Wusuns, the affected state relations between the Turkic Khaganate, important political and socio-economic problems of the Qin Empire and the khanates of Central Asia, the Kazakh khanate and the Russian Empire, in particular land and water, the border problems of the Kazakh khanate, the economic and trade ties between the two countries, the mentality and the activities of Kazakh ancestors in the field of diplomacy Qin Empire, the personal characteristics of Abylai and Kenesary khans and their foreign policy positions towards neighboring states are also touched upon. These and other questions concerning the history of the Kazakhs, the Chinese historian Su Beihai project researcher Tursunkhan Zakenuly (Kayyrken) was founded in the content of this article.

Keywords: hieroglyph, Su Beihai, manuscript, translation, source studies, historiography, culture, Turks, turkesh, kytan, kidans, state, Qin Empire.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4936

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Зар заман ақындары шығармаларындағы Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАМР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАМР 03.81.31 ҰЛЫ ДАЛА КӨШПЕНДІЛЕРІ МЕН КӨНЕ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КОРЕЙ МЕМЛЕТТЕРІ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_189

Author's articles

МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде)