Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

А.Ғ. Ибраева¹, А.С. Темирханова². Т.ғ.д., профессор. М. Қозыбаев ат. СҚМУ. ² PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан.

ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: күрес, территория, қазақтар, экспедиция, Петропавл, зерттеулер, Есіл, округ, жер, тарихнама, ішкі округ
Author:
Аңдатпа. Ғылыми мақалада ХVIII ғасырдан бастап Қазақстанның солтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерінің зерттелу барысын Петропавл бекінісінің салынумен болған оқиғалар желісінде қарастырады. Берілген мақалада еліміздің солтүстік өңірі туралы XVII-XVIII ғасырлардан пайда болған алғашқы зерттеулерден бастап саяхатшылар мен арнайы құрылған экспедициялар, революцияға дейінгі, кеңестік, тәуелсіз кезеңдегі отандық және шетелдік зерттеулерге тарихнамалық шолу жасалған. Отандық тарихтағы өзекті тақырыптардың бірі Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы. Ресей империясы бастапқы кезден-ақ өзінің бірнеше әскери-барлау экспедициясын жүргізіп, қазақтың ру-тайпалары мекендеген жерлерінде өз бекіністерін сала отырып, қазақ жерін отарлау саясатын жүргізуден бастаған. Әсіресе, Ресей империясының Қазақстанның солтүстік аймақтырына жасаған саяси-экономикалық, әлеуметтік және әскери қадамдары зерттелуі кенже қалған мәселелердің бірі болып қалып отыр. Бұл мақаланың жазылуына арқау болған Орта жүз қазақтарының солтүстік өңіріндегі ата-мекені болған Қызылжар өңірінде іргетасы қаланған сол кездегі маңызды нысандардың бірі Петропавл қаласы тарихының тарихнамасы. Бүгінгі күні Отан тарихының өзекті мәселелерінің зерттелуі барысында деректерді жан-жақты пайдаланудағы қолжетімділігін негізге ала отырып, авторлар Петропавл қаласының зерттелуін жинақы түрде қарастыруды жөн көрді.
Text:

Кіріспе. Әлемдік деңгейде Қазақстан өзінің көшпелі өркениетінің дәстүрі мен құндылықтарын барша ғаламға паш етуде. XVIII ғасырдағы Қазақстан жерінде салынған бекіністердің тарихнамасын зерделей келе патша өкіметінің қазақ даласына бағытталған нақты стратегиялық жоспары саяси отарлау және Ресей империясының шекарасын кеңейту мақсатын айқындайды.

Патшалық Ресей осы жоспарды жүзеге асыру барысында Қазақстанның солтүстік аймақтарына әскери қорғану шептерін тартқандығын көреміз. Солтүстік Қазақстан территориясы арқылы өтетін Орынбор, Сібір, Ертіс, Есіл шептерінің салынуы арқылы патша өкіметінің осы жерлерге тұрақтап қалуға ұмтылғанын байқаймыз. Солтүстік Қазақстан жерінде патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізудің және бекініс салудың себептеріне сипаттама бере отырып, бұл бекіністер Ресейдің оңтүстік шекарасын қорғауға мүмкіншілік туғызып, қазақ даласына бағытталған саяси қадамдарын жүзеге асырды. Бекіністерде негізінен әскери орыс-казактары орналастырылды. Қазақтарға бекініс маңына көшіп- қонуға тыйым салынды.

Ресей империясының ішкі саяси және экономикалық бағыттары I Петр заманында айқын көрініс тауып, қазақ даласы барлық Азия елдеріне баратын қақпа ретінде саналды. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан аймағының бай табиғи ресурстарына деген қызығушылығы да жоқ емес еді. Орыс-швед соғысынан кейін экономикасы құлдырауға ұшыраған Ресей өкіметі осы жағдайды ретке келтіру барысында қазақ даласына қарай бағыт ала бастағандығы белгілі. Бұл өлкенің бай ресурстары, балыққа толы көлдерімен, құнарлы жерлеріне деген ұмтылыс күшейе түсті.

Ресей мен Петропавл бекінісі арасындағы экономикалық байланыстары қазақ-орыс қатынастарының жаңа деңгейге шығуына ықпал етті. Ресейдің отарлау саясатының қадамдары халықтың сауда-саттықпен айналысуына да әсерін тигізді. Осыған орай, Петропавл бекінісі Солтүстік Қазақстан аймағындағы ірі сауда орталығына айнала бастады.

Ресей империясы 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы» Жарлық шығарғаннан кейін Петропавл қаласының этникалық құрамы күрт өзгере бастады. Алғашында бекініс әскери адамдар мен орыс, шетел көпестерінен құралған еді. Кейін патша өкіметі Ресейдің еуропалық, орталық аймақтарынан Петропавл қаласына және Солтүстік өңірлерге орыс, татар, поляк, неміс секілді қоныстанушыларды орналастыра бастаған болатын.

XIX ғасырда Петропавл қаласының сауда-саттығы дами түсті, қала маңындағы аймақтарда ірі сауда жәрменкелері ашылды. Солардың бірі Тайыншакөл жәрмеңкесі болатын. Қоныстанушылардың өлкеге ағылып келуімен қалада татар мұсылман медресесі, православие шіркеу мектептері және басқа да ұлт өкілдерінің мәдени ұйымдары ашыла бастады.

XX ғасырдағы Петропавл қаласының зиялы қауымының қызметінен және бағдарламасынан қазақ жастарын білімге тарту, өз басқару жүйесін құру, шекаралық аймақтарды белгілеу сияқты оңтайлы шараларды байқауға болады.

Ақпан және Қазан төңкерісі кезінде Петропавл қаласы толықтай Кеңес өкіметі қолына көшіп, қазақ зиялылары жаппай қуғынға ұшыраған еді.

Материалдар мен әдістері. Мақаланың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде шынайылық, тарихилық, жүйелік және салыстырмалы талдау қағидаттары басшылыққа алынды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап өз тарихын Кеңестік идеология салып берген сара жолдан шығып, отаршылдық саясаттан туындаған бұрмалаушылықтан арылып, зерттеудің жаңа тәсілдеріне бет бұрды. Бұл мақаланың методологиялық негізін айқындауда, қоғамдық құбылыстар мен үрдістерді зерттеудің диалектикалық материалистік тәсілдері қолданылды.

Жоғарыда аталған маақаланың негізгі дереккөздері архив құжаттарын, мәліметтік жинақтарды, шолуларды, белгілі қоғам қайраткерлерінің естеліктері мен мақалаларын, сол кезеңдегі баспасөз жарияланымдарын, тақырыптық құжаттар мен жинақтарды біріктіріп отыр. Күрделі кезеңдердегі тарихнаманы зерттеу барысында архивтік деректердің ғылыми айналымға молынан қосылуы тақырыпты ашудың ерекшелігі болып табылады және олар бір жүйеге келтіріліп, сыни тұрғыдан талданды. Ғылыми зерттеу барысында тарихилық, жүйелілік, салыстырмалы талдау, жинақтау, объективтілік, ғылыми таным ұстанымдары басшылыққа алынды. Мақалада нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи зерде негізінде қоғамдық-саяси мәселелер бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды.

Талдау. XVIII ғасырдағы Ресей экспедиция құрамында болған П. Рычков, П. Паллас, Х. Барданестің жазба күнделіктерінде Орта жүз қазақтарның Уақ, Арғын, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Найман ру-тайпаларының территорясы Солтүстік Қазақстан жерлерін қоса толықтай Батыс Сібір аймағын қамтығандығы жөнінде құнды мәліметтер кездеседі.

Ресей мемлекетінің Петропавл бекінісін салудағы басты қадамдарының бірі Орынбор, Сібір шебінің арасын қысқарту және Қазақ даласына жылжуға бағытталған еді. Осыған орай, Жаңа Есіл шебінің салуына байланысты Қызылжар өңірінде Әлие Петр атындағы бекіністің де іргетасы қаланды.

Патша өкіметінің Солтүстік Қазақстан жерінде әскери бекіністі салуының мақсаты және экономикалық, әлеуметтік қадамдары, Қазақ даласы арқылы Орта Азияға, Үндістанға баратын Кам сауда жолын өз бақылауында ұстау болатын. Сонымен қатар, аталмыш жұмыста авторлар қазақ жүздерінің этникалық территорясын көрсетуге тырысқан. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің және Ресей Федерациясына қарасты Омбы облысының тарихи архивіндегі құжаттар мен отандық және Ресей ғалымдарының еңбектеріндегі мәліметтер, Орта жүз қазақтарының этникалық территориясын нақты көрсетуге мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижелері. Зерттеу тақырыбының күрделілігіне және хронологиялық ауқымының кеңдігіне орай, мәселенің тарихнамалық деңгейін төңкеріске дейінгі, кеңес кезеңі және қазіргі кездегі ғылыми еңбектер негізінде үш кезеңге бөліп талдауға болады. Төңкеріске дейінгі авторлар XVIII ғасырда Ресейдің Қазақстанға жасаған саяси қадамдары мәселелерін қарастырған. Олар қазақ энографиясы мен қазақ жүздерінің көші-қон жерлерін зерттеу барысында алынған мәліметтерді саралау арқылы жазылған. XVII ғасырда орыс-казактарының басшысы болған Ермактың Сібірді жаулап алуын және Есілдің төменгі ағысындағы, Ертістің және Тобылдың маңындағы алғашқы бекіністердің салуын С.У. Ремезовтың «Книга большого чертежа» атты еңбегінде құнды мәлеметтер келтірілген (Ремезовская летопись, 2006).

Бұл бекіністер кейін форпостар мен бекіністер шебіне айналды. Еңбектердің құндылығы сол уақыттағы жасалған жағрафиялық карталарда қазақ тайпаларының мекендеген жерлерінің территориялары айқын көрсетілген. Орыстардың Сібірге келгенге дейін бұл аймақта қазақтың ру-тайпаларының жері болғаны туралы дәлелдер жетерлік.

Бұл деректерде XVIII ғасырдағы Ресей экспедицияның мүшесі болған неміс ғалымы Г.Ф. Миллер еңбегін атап өтуіміз қажет. Ол Қазақстанның солтүстік аймақтарына бағытталған бірнеше экспедициялардың мүшесі болып, жергілікті халықтардың орналасқан елді мекендерін сипаттаған және сол мекендерінің атауларын да жазып отырған. Миллер орыс бекіністеріне сипаттама бере отырып, Батыс Сібір аймағын мекендеген Орта жүз қазақтары туралы құнды мәліметтер келтірген. Мәселен, еңбегін парақтай отырсақ: «Батыс Сібір жерлері ежелден қазіргі Орта жүз қазақтарының құрамындағы Керей тайпасының ата-қонысы екендігіне күмән жоқ» – деген пікірлерді кездестіреміз (Күзембайұлы, Әбіл, 2015).

Швед ғалымы академик Иоганн Петер Фальктың күнделігінде Орта жүз қазақтарының территориясы бекіністер маңында орналасқаны туралы сипаттама береді (Фальк, 1824).

Ресей ғалымдарының арасынан С.М. Соловьевтің «История России» атты еңбегінде Ресейдің Еуропа мен Азия арасындағы сауда-саттығын көрсетіп, Ресей мемлекеті тек баюға ғана ұмтылғанын ашып айтады (Соловьев, 1988).

В. Лебедевтің «Из истории сношений казахов с царской  Россией в XVIІІ веке» атты мақаласында XVI-XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қатынастарын талдай келе, Ресей империясының қазақ жерлерін отарлау, тонау саясатын ашуға тырысып, «грабительская сущность колониальной политики царизма» - деп патшалық Ресейдін отарлау саясатын әшкерелейді. Ол І Петрдің: «чрез многих изволил осведомиться об оной орде, ... всем азиатским странам и землям оная де орда ключ и врата и той ради причины оная де орда потребна под российской протекцией быть, чтобы только чрез их во всех странах комоникацию иметь и к российской стороне полезные способные меры взять», - деген сөзінен үзінді келтіреді (Лебедев, 1936).

XVIII ғасырдың екінші жартысында жарық көрген зерттеулердің бірі Петр Рычковтың еңбегінде Қазақ даласы, қазақтардың салт-дәстүрлеріне көңіл бөліп, Қазақ жүздерінің этникалық территорияларына қатысты құнды деректер мен мәліметтер береді (Ерофеева, Жанаев, 2006).

Қазақ тарихының Геродоты атанған А.И. Левшин өзінің 1832 жылы жарық көрген «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде Ресейдің жағрапиялық орналасқан бекіністеріне сипаттама бере келе, Қазақстанның Ресей құрамына қосылуының саяси бағытының негізінде болғанын айқындайды. Алайда евроцентристік көзқарасты ұстана отырып А.И. Левшин Қазақ даласының Ресейге өз еркімен қосылғанын және қазақтар мен орыс-казак арасындағы болған қақтығыстарға орыс казактарының көшпенділерден бекіністе қорғануға мәжбүр болды деп, қазақтардың жасалған шабуылы олардың қанына біткен тонаушылығы екендігін айтып, патша өкіметінің жақтаушысы болды (Левшин, 1996).

Төңкеріске дейінгі Ресей тарихшыларыы Н.И. Костомаров, Н.М. Карамзин сияқты ғалымдар отарлау саясатының маңыздылығының туындағанын айта отырып, бастапқы рөлді империяның «самодержавиясына» береді және Қазақстан жеріндегі бекіністердің құрылысына қатысқан орыс офицерлері жергілікті көшпелі халықтарды өркениеттен қалып қойған, ешқандай мәдениеті болмаған деп пайымдайды.

XIX ғасырдың ортасына қарай патшалық Ресей өкіметі Қазақ даласына ішкерлей кіру жоспарының бағытын күшейте түсті. Осы істі жүзеге асыру барысында бірнеше әскери тарихшылардан құралған топ жасақтауға бел буады. Осыған орай Ресейлік бірнеше ресми ғылыми қоғамдар ашылған еді. Олардың ішінде В.В. Бартольд, В.В. Вельмянов-Зернов сияқты белгілі ғалымдардың еңбектері Қазақ ұлтының және жалпы Қазақстан тарихының зерттеу әдебиеттерін толықтыра түсті.

Әсіресе, Ресейдің отарлау әкімшілігі қызметкерлерінің Қазақ даласына бағытталған саяси-экономикалық жоспарлары мен бір-біріне жазған баяндамаларында құнды мәліметтерді кездестіреміз. Олар П.И. Небольсин, П.А. Золотов, И.И. Крафт, Х.Х. Киндерман сияқты Сібір және Жаңа Есіл шебіндегі губернияларының кеңселеріне жазылған қолжазба хаттарын айта аламыз.

XVIII ғасырдың екінші жартысында П.И. Рычковтың, И.Г. Андреевтің, зерттеулері жарық көрді. Бұл еңбектердің маңыздылығы, авторлар сол кездегі оқиғаның және патшалық Ресейдің отарлау саясатының куәгерлері болды, қазақ басшыларымен отарлау әкімшілігімен болған қарым-қатынастарға сараптама жасай отырып баға берген.

Мысалы, И.Г. Андреевтің «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінде Орта жүз қазақтарының ішкі саяси жағдайын аша отырып олардың территориялық шекарасын көрсетіп, қазақтардың ішкі Сібір линиясына көшуге мәшбүр болуы, сонымен қатар отарлау әкімшілігінің әдістерімен жасалған іс-әрекеттері туралы жазады. Еңбекте тарихи-жағрапиялық мәліметтер баршылық, бұл ақпараттарды Ертіс, Тобыл-Есіл, Өскемен секілді бекіністердің дамуы үрдісі бойынша Орта жүз қазақтарының өмірін бақылау арқылы алынған болатын (Андреев, 1998).

1844 жылы П.А. Словцовтың «Историческое обозрение Сибири» атты еңбегінде Жаңа Есіл шебі құрылысы және Есіл қазақтары туралы мынадай жолдар кездеседі: «Эти зверонравные люди около половины XVIII в. были вынуждены искать покровительства России, делались подданными в лице своих ханов и почетных людей» - деген (Словцов, 1886).

Сонымен қатар, А.Н. Радищев өз жазбаларында империяның отаршылдық саясатына қолдау білдіру пиғылын ұстанады. Ол 1791 жылы осы аймақтағы Ащы шеп арқылы Сібірге бара жатқан кездегі күнделік жазбасында Сібірдің Ресейге қосылуының үлкен маңызы бар екендігінін және оның негізін қалаған орыс ұлты деп көрсете отырып, жергілікті көшпелі халықтың жаңа қоныстаушыларға наразылық көрсеткені туралы айтады.

А.Н. Радищевтің ой-пікірі тұжырымдамаларын Н.М. Ядринцев, С.С. Шашков, П.Н. Буцинский, Г.Н. Потанин, П.Н. Головачев, Г.Е. Катанаев, есаул П.Г. Путинцев, старшина Ф.Н. Усов, В.И. Щеглов сияқты орыс казактары орыс ғалымдары қолдап, идеологиялық тұрғыдан өз еңбектеріне арқау етті. Атап айтсақ, Г.Е. Катанаевтың «Историческая справка о том, когда и как постороен город Омск» атты еңбегінде айқын көрініс табады.

Сібір казактарының идеологтарының бірі болған, жоғарыда атап кеткен, Г.Е. Катанаевтың Қазақстанның солтүстік аймақтары туралы көптеген еңбектерінен бір қысқаша үзінді келтірсек: «Зная историю, что во время занятия русскими линии от Омска до Звериноголовки (называемой теперь Горькой), киргиз (қазақ авт.) не было и во времена первых разведок степей сподвижниками Ермака... Не было их здесь и все XVII столетье... Только с падением Джунгарского ханства в 1757 г. киргизы быстро двинулись на север» (Катанаев, 1904).

Осылайша автор патша өкіметінің орыс-казактары арқылы Есіл даласының Ертістен Тобылға дейінгі Ресейдің отарлық саясатын өз еңбектерінде жақтап жазғаны айтылады

Алайда, Абылай сұлтанның 1759 жылдың 22 қазанында Үй шебінің командирі Роденге жазған хатында мынайдай қызықты бір мәлімет кездеседі: «Осы айдың бас кезінде орыстар Қызылжар (Красноярск) бекінісінің іргесінен қазақтардың 20 жылқысын қуып әкетіпті. Соңынан Құлеке батырды жіберіп отырмын, оның тапқан-таппағанын білмеймін», – делінген (Тайшыбай, 2011). Бұл хаттан байқайтынымыз, Абылай сұлтан Петропавл бекінісінің тұрған жерін тарихи түрде «Қызылжар» деп атаған және бұл атауды осы жердегі Ресей бекінісіне тән атау ретінде қолданған, демек, Петропавл деп ат қойып бекініс салғанда орыс шекара әкімшілігінің  қай жерді атағанын нақты білген.

Сібір линиясының әскери қолбасшысы Х.Х. Киндерманның бастауымен Тобылдағы Звериноголовадан бастап Омбы бекінісіне дейін шеп тартыла бастайды. Осыған орай, шеп бойында Петропавл, Пресногорьковский, Пресновский, Становой атты бекіністер мен форпостар бой көтере бастаған еді. Құрылысқа Вологод әскери жасақтары және Есіл шебінің тұрақты емес әскери жасақтары тартылды. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорындағы құжаттарды зерттеу барысында XVIII ғасырда Ресейдің салған Ертіс, Сібір, Есіл шептері осы уақыттан бастап шекаралық міндетті атқарғаны туралы мәліметтер өлкетанушы Бенюхтың еңбектерінде кездеседі.

В.А. Остафьевтің тарихтағы көзқарасына қарайтын болсақ, ол Ресей империясының Солтүстік Қазақстан аймақтарын қолдан жасалған күштеп қосып алуы дей келе, орыстардын қазақ жерлерін еркін жолмен отарлауы болған емес деп өз пікірін айтады.

Төңкеріске дейінгі кезеңдерде отандық зерттеушілердің еңбектерінде Қазақстанның Ресейге қосылуының ашылмаған тұстарын көрсетуге тырысқан қазақтың аяулы ұлдарының бірі, тұңғыш ғалым Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының этнографиясын, жағрапиясын, фольклорларын зерттей келе, патша өкіметінің отарлау саясатының қазақтарға тигізген зардабына ерекше көңіл бөлді. Сол себептен ол Ресей өкіметінің қазақтарға жасалған әскери әрекеттеріне қарсылық танытып, полковник Черняевқа әскерден кетуі жөнінде өтініш жазады және автор зерттемелерінде Ресей Қазақстанды отарлау саясатының негізін ашып көрсетеді.

Осындай мәселелерді Ә. Бөкейхановта көтеріп, өзінің «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» атты еңбегінде ол жаулап алу, басып алу деген ұғымдарға анықтама бере отырып, патша өкіметін қазақ жерлерін күштеп әскери жолмен бағындырғанын дәлелдеп қана қоймай саяси тұрғыдан орыстарды қазақ жерлері қызықтырған, сонымен қатар, автор өз еңбектеріне қорытынды жасап, Ресейдің отарлау саясатының еркін отарлауы және әскери күшпен отарлау екі бағытын көрсетеді (Айдарова, 1945).

Кеңес кезеңінің тарихнамасына тоқталатын болсақ, М.Дулатовтың Қазақстанның Ресейге қосылуының мәселесі патша өкіметінің көздеген отарлау саясаты болғандығын және отандық тарихнамада тарихи шындықтар бұрмаланып жазылды деп айтты.

Белгілі түркітанушы Л.Н. Гумилев европоцентристік көзқарасты қатты сынап өз еңбектерінде Қазақстанның солтүстік аймақтары этникалық түркі тектес халықтарының атамекені екенін дәлелдеп, Ресейдің қазақ жерлеріне жасалған орыс халқының эскпансиясы деп атап кеткен еді (Гумилев, 1993).

А.Ф. Рязанов, В.П. Вяткин, В.Ф. Шахматов сияқты зерттеушілер құнды деректерге сүйене отырып, Ресейдің қазақ жерлерін отарлау кезеңдерін зерттеу барысында патшалық отарлау саясатқа ғылыми тұрғыдан шынайы баға берген. Бұл қадамдары арқылы Ресейдің қазақ жерлерін отарлау саясатының еркін түрде қосылуын жоққа шығарған болатын, алайда кейін тоталитарлық жүйеден қысым көргендіктен өздерінің ғылыми жұмыстарында қате кеткенін мойындауға мәжбүр болып, бастапқы пікірлерінен бас тартты.

Соған қарамастан жоғарыда аталған авторлардың еңбектері осы уақыттағы отарлау саясатының себеп-салдарын анықтау барысында септігін тигіздігін айта кету керек.

Отандық тарихнамадаға өз үлесін қосқан белгілі тарихшы Е.Б. Бекмаханов өзінің монографиялық еңбегінде XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстанның әлеуметтік-эконимикалық және саяси дамуын терең қарастырған болатын. Автор Қазақстанның солтүстігіндегі Жаңа Есіл немесе Ащы шебін салу әдістерін Ресейдің қазақ жерлерін басып алу мақсатында салынғанын және сол үшін жергілікті халықтың наразылығы өршіп, ұлт-азаттық көтерілістердің болғандығын шынайы жазған еді. Осындай шыңдық үшін Кеңес өкіметі тарапынан қатты сынға ұшырап, қудалауға ілеккен және ұлттық тарихқа деген көзқарасын өзгертуге мәжбүрлеген.

Белгілі этнограф М.С. Мұқановтың еңбегінде Қазақстанның солтүстік территориясын араб, парсы, византия, батыс еуропалық, қытай жазба деректеріне сүйене отырып сондай-ақ, Қазақстан жерінде болған немесе басқалардың мәліметтері бойынша Қазақ даласын суреттеген саяхатшылар мен тарихшылардың еңбектерінің негізінде зерделеуге тырысқан. XV ғасырларда құрылған қазақтардың тарихи этникалық территориясы қазіргі Қазақстан Республикасы территориясында өмір сүріп жатқан қазақтардың жері екендігін дәлелдеген еді (CҚОММ 158-қ., 1-т, 328-іс).

Осы тақырып төңірегінде Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруі, патша өкіметінің саяси-экономикалық, әлеуметтік және әскери қадамдарымен жасалған іс-әрекеті, сауда-саттық қарым-қатынас, мәдени үдеріс сияқты мәселелерді қарастыру қажеттігі туындағанын да айта кету қажет.

Ғылыми тұрғыдан негізделген және зерделеу барысында Ресей империясының сол кездегі Солтүстік Қазақстанның Қызылжар аймағында Петропавл бекінісін салудың мақсаты мен осы өңірдің отарлауының шынайы тарихын ашу мақсатында бірқатар ғылыми еңбектер атап айтсақ, кандидаттық, докторлық диссертациялар қарастырылды.

Мәселен, К.М. Туманшинның «История Петропавловска и Петропавловского уезда во второй половине XIX в. начале ХХ в.» атты еңбегінде: «Ресейдің қазақ жерлерін қосып алуы барысында және бекініс құрылысы жүргізілгенде қазақтар қарсылық көрсетпеді» - деп атап көрсетеді (Туманшин, 1960).

Бұл еңбектер кеңестік идеология тұрғысынан жазылғандықтан, бекіністердің салынуының түпкілікті мақсаты мен себептері айтылмағандықтан, Отан тарихында бекіністерге байланысты ашылмаған тұстары баршылық. Авторлар қауымы ғылыми зерттеулердегі олқылықтарды ескере отырып, бекіністер салынуының геосаяси, экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағынан қарастыруды жөн көрді.

Кеңес заманында жазылғанына қарамастан Н.Г. Апполованың, М.С. Мұқановтың, Ж.Қ. Қасымбаевтың еңбектері Қазақстан тарихын жаңа қырынан қаруға, экономикалық, саяси, әлеуметтік, этникалық жағынан зерттеуге мүмкіншілік туғызып отыр. Мәселен, Ж.Қ. Қасымбаевтың еңбегінде Ертіс маңында салынған бекіністерге сипаттама бере отырып, ауқымды түрде қарастырылды. Шаруашылық, экономикалық дамудың маңыздылығын көрсетіп, Ресей империясы мен жергілікті халықтың арасындағы байланыстарын айқындап береді.

Шет ел зерттеушілерінің арасынан М.Б. Олкотт өзінің «Қазақтар» атты еңбегінде: «Қазақ жерлерінің отарлануы Ресейдің патшалық империялық саясаты, дей келе, қазақ жерлеріне орыс халқы бекіністер шебінің салынуы арқылы қазақ жерлерін біртіндеп Ресей империясын құрамына қосып алуы патша өкіметінің бұл өңірдегі саясатын айқындайды» - деп атап көрсетеді.

Зерттеуші Ю. Скайлердің пікірінше қазақ даласындағы бекіністердің рөлі, орыс горнизондары қазақ даласына орыстар жағынан әскери қауіп төндіріп тұр, деп түсіндіреді (Скайлер, 1994).

Джордж Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы 1896-1916 жж.» атты еңбегінде Ресейдің Қазақ даласына стратегиялық жоспарланған бағыттарының бірі екендігін айтса, ағылшын тарихшысы А. Краусс Ресейдін Қазақстанға және Орта Азиға нақты бағытталған отарлау саясатын жүргізді, деген пікірін білдірген.

Академик М.К. Қозыбаев Қазақстан жерлерін Ресей империясының геосаяси бағытына көзделген, қызығушылығы болған отарлау саясатын айқындап, Қазақстанның Ресей империясының құрамына өз еркімен қосылды деген тұжырымнан бас тарту керектігін ашық айтқан.

Солтүстік Қазақстан аймағы мен Петропавл қаласына қатысты біршама мәлімет жинаған өлкетанушы М.И. Бенюхтың пікірінше, XVIII ғасырда Ресей өкіметінің басқыншылық саясатының басымдығы және Кеңес заманында отарланған жерлердегі халықтардың этникалық территориясын әділ түрде қарастыру керек екендігін айтады. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде автордың жинаған жеке қорындағы, Ескі Есіл шебі туралы қол жазбаларында бірнеше сауалдарға жауап іздейді. М. Бенюхтың пікірінше, Ресей өкіметі XVIII ғасырда отарланған жерлерін заңды түрде бекітпегенін және өз шекарасын жабық күйде ұстап отырғанын айтады. Қорытындылай келе, автор Батыс Сібір шекарасының заңды күші болмағанын дәлелдейді.

Өлкетанушы А.И. Семеновтің «Город Петропавловск за 200 лет (1752-1952 жж.)» атты еңбегінде қазіргі Петропавл қаласы тұрған жерде, тіпті облыс аймағында, 1752 жылы Ресей мемлекеті бекіністер желісін салғанша, «қазақтар қоныстанбаған, тіпті, мысалы, 1694 жылы осы жермен Түркістанға қарай Есілді жағалап өткен Сібір казактары «бірде-бір тірі жанды көрмеген» деп жазады. Одан әрі, «бекініс қазақтарды жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін», яғни қазақтардың мүддесі үшін салынған болатын, дейді (Семенов, 2010). Бұл –ақиқатқа көпе-кернеу қиянат жасаушының сөзі. Себеб, 1745 жылы күзде Қалдын Серен қайтыс болғаннан кейін-ақ, оның ұрпақтары, отбасы хан тағына таласып, өзара қырқысты бастап, он жылға жетпей Жоңғар хандығының шаңырағын ортасына түсті де, ошағына су құйған көрші Қытай бір кездегі әлуетті мемлекетті жер бетінен жоғалтып жіберген.

Қазіргі таңда отандық тарихшылар отарлау саясатын жаңа тұрғыдан қарап зерттелмеген тұстарды зерделей келіп, қазақ жүздерінің этникалық территориясын айқындап көрсетуде. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы басылып шыққан «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулер» атты жинақтың 8 томында Орта жүз қазақтарының тек бір ғана Арғын тайпасының көші былай сипатталған: «Арғын руларының көші-қон аймағы жаз айларында Сарысу мен Есілдің жоғарғы ағысы бойы аралығындағы жайылымдарды пайдаланған» - деп жазылған.

Петропавл қаласының тарихы Қазақстанның солтүстік аймақтарында Семей, Өскенмен, Омбы секілді XVIII ғасырда бекеністер мен қалаларымен пайда болуы, патша өкіметінің Сібірді отарлауымен Қазақстанның Ресей құрамына енуімен орыс-қазақ қатынастары дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан аталмыш ғылыми зерттеу Ресейдің Солтүстік Қазақстанды отарлауының басты қадамдарына негізделген. Осылайша Ресейдің қазақ жерлерін отарлаудың саяси-экономикалық, әлеуметтік салдарын ашуға мүмкіншілік береді.

Белгілі тарихшы М. Әбдіровтың «Хан Кучум известный неизвестный» атты еңбегіне жүгінсек, VIII-XI ғғ. Қазақстанның солтүстік-шығыс және Сібірдің оңтүстік аумақтарында күшті де мықты қыпшақ-қимақ тайпаларының мемлекеті болғаны, этникалық тұрғыдан осы халықтардың барлығы түркі тектес екендігін көрсетіледі.

Отандық зертушілер М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, М. Мырзахметов, Ж. Артықбаев, А. Шалғымбеков, А.Ғ. Ибраева, М. Әбдіров, Ж. Жаппасов, А. Сейтқасымов, С. Мәшімбаев, З. Тайшыбай, С. Мәлікова, Е. Қуандық секілді ғалымдардың Қазақстанның Ресейге қосылуының мәселелерін өз еңбектерінде айқындап көрсетеді.

Мәселен, А.Б. Шалғымбековтың 2002 жылы жарық көрген «Ресей империясының әскери жылжу тарихы және Қазақстанның солтүстік аймақтарда тұрақтап қалуы (XVIII ғасырдың екінші жартысы XIX ғасырдың бірінші жартысы)» атты еңбегінде Ресей империясының Қазақ хандығының жерлерін әскери күшті қолдана жүріп отарлағаны айтылады. Сонымен қатар, Қазақстанның солтүстік аймағындағы бекіністердің салынудағы мақсаты, себептері, маңыздылығы, қазақ жүздерінің этникалық территорияларын айқындап көрсетеді.

Ресейдің Ғылым академиясының Ресей тарих институтының 2008 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген еңбектің авторлары тарих ғылымдарының докторы В.В. Трепавловтың басшылығымен «Русские в Евразии XVIII-XIX вв. Миграции и социокультурная адаптация в иноэтничесной среде» аты еңбегінде сол уақыттағы патша өкіметінің Қазақ жеріне отарлау саясатын көрсете отырып, қазақ жүздерінің ата-қоныстары орыстардың Сібірге келмей тұрып, Қазақ хандығының территориясы болғаны айтылады.

Монографиялық еңбекті жазу барысында көптеген құнды архивтік деректер ғылыми айналымға қосылды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысының архивінің құжаттарынан, өлкетанушы М.И. Бенюхтың № 158 жеке қорынан 304, 305, 306,307, 308, 312, 313, 314, 315, 317, 321, 322, 326, 328, 330, 333, 335, 336, 338 істері қаралып, Қ. Мұқановтың № 1273 жеке қорындағы № 7, 8, 11, 12, 13, 18, 20, 21, 24, 26, 37 материалдар қаралды.

Жалпы, зерттеу жұмысын жазуда қолданылған деректердің сипаты мен мазмұнына қарай бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

1-ші топта, құқықтық-нормативтік құжаттар, сонымен бірге сол уақыттағы Ресей империясының Жаңа Есіл шебі бойындағы бекіністерге әскери орыс-казактарын орналастыру туралы мемлекеттік актілері мен жарлықтары, орыс офицерлерінің Қазақ өлкесі туралы жазылған баяндамалары және Жарлықтар.

2-ші топта, XVIII ғасырдағы Сібірге, Қазақ даласына жіберілген экспедиция құрамында болған ғалымдардың жазып кеткен күнделіктеріндегі мәліметтер, атап айтқанда, Г. Георги, П. Паллас, П. Рычков, Х. Барданестердің қазақ даласының жер-су аттары туралы жазбалары.

3-ші топта, Қазақстан Республикасының Ұлттық электрондық кітапханасын «Каzneb кz» қорындағы ғылыми басылымдар, Кеңес заманындағы жарық көрген ғылыми кітаптар оның ішінде «Статическiе матерiлы по подворному обслъдованію переселенческихъ хозяйствъ 9 типичныхъ поселковь» сияқты сирек кездесетін кітаптар қаралды.

Н.Г. Аполованың «XVIII-XIX ғасырлар аралықтарындағы Қазақстанмен Ресей арасындағы экономикалық байланыстары» атты еңбегін ерекше айта кетуге болады.

Бұл еңбекте Петропавл бекінісіндегі Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарым-қатынас жан-жақты зерттелген.

4-топта, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорлары каралып, Петропавл тарихына қатысты құнды мәліметттер алынды. М. Бенюх қорындағы жазбаларда Абылай ханның саясаты сипатталған, сонымен қатар, Құлсары мен Құлеке батырлардың ерлігі туралы мәліметтер келтірілген.

5-шы топта, Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы «Омбы облысының тарихи архиві» қорындағы құжаттар қарастырылып, оның ішінде генерал-лейтенант Г.Е. Катанаевтың жеке қорынан Петропавл бекінісіне байланысты құжаттары қаралып,  енгізілді.

Қорытынды. Қазіргі кезде елімізде Отан тарихын зерделеуге айрықша маңыз беріліп отырылғаны мәлім. Соңғы жылдары Отан тарихының беймәлім тұстары ашыла бастады. Алыс, жақын шетелдердің архив және кітапхана қорлары ақтарылып, тарихымызға қатысты талай құнды дүниелер елімізге әкелініп, ғылыми айналымға қосылуда. Осылай тәуелсіздіктің арқасында тарихымыздың бұрын бұрмаланып айтылмай келген, зерделенбей жатқан тұстарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды.

Дегенмен, тарих ғылымындағы осындай жетістіктермен қатар, зерттелуі кенже қалған мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, мұның өңірлер, ғылыми тілмен айтқанда, аймақтану мәселесіне тікелей қатысы бар. Қызылжар өңірінің тарихында да зерттеушілерді қызықтыратын тұстар баршылық. Авторлар өңірдің этникалық және этногенез тарихына, дәлірек айтсақ, автохонды қазақ халқына қатысты тарихнаманы жан-жақты талдаған.

2004 жылдан бері Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көптеген бұрың соңды белгісіз болған тарихи деректер табылып, шетелдерден құндылығы жоғары архив құжаттары мен жазба еңбектер қайтарылып, ғылыми базамызды толықтырылды. Осы дерек көздерді пайдалана отырып Қазақстанның солтүстік өңірлерінің Ресей империясы үшін стратегиялық маңызы бар аймақтың болғанын байқаймыз. Қызылжар жерінде салынған Әулие Петр атындағы және де Қазақстаннның Ресеймен шекаралас аймағындағы бекіністердің салынудағы орны мен ерекшеліктерін көре аламыз. Осыған орай, Ресей өкіметінің шығыс елдерге бағытталған саясатына сараптама бере отырып, патшаның әскери күшке сүйеніп экономикалық, саяси-әлеуметтік қадамдарын ашуға мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ Петропавл бекінісінің Ресей империясы үшін атқарған рөлі мен себеп, мақсаттарын және отарлау саясатының қадамдарын көреміз.

1752 жылдың жаз айында Петропавл бекінісінің негізі қаланған соң, осы өңірге патша өкіметі қоныстану саясатын жүргізе бастады. Еуропалық және орталық Ресей қалаларынан орыс, татар, грек көпестері ағылып жатты. Қазақ-орыс қатынастары жаңа даму деңгейіне көтерілді. 1759 жылы Петропавл бекінісінде жәрмеңкелер ашыла бастады.

Осыған орай Қазақстанның Солтүстігіндегі әскери шептердің құрылысы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастың дамуына жол ашқанын көреміз. Сонымен қатар, Орта Азия елдерімен сауда-саттық жасауға патша өкіметіне өз септігін тигізді.

Ресей империясы қазақ даласында бекініс және әскери форпостарды сала отырып отарлау саясатын жүзеге асырды. Ал Қазақ хандығы болса біртіндеп өз егемендігінен айырыла бастады және Ресей империясының отарын айналды.

Қазақстан тәуелсіз ел аттанғанан соң өз тарихына деген бетбұрыс басталды. Тарихшы ғалымдарымыз Ресей, Қытай, Парсы және басқа да шет ел архивтарындағы Қазақстан тарихына қатысты деректерді зерттеп зерделеу барсында, көптеген құнды деректертер елмізге жеткізілді. Осы деректер тарихи шындықты ашуға мүмкіндік беруде.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Айдарова Х. Чокан Валиханов: Казахский филиал академии наук ССР, КазОГИЗ. – Алма-ата, 1945. –193 с.

Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. – Алматы: Ғылым, 1998. – 280 с.

Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. – Москва: Мысль, 1993. – 781 с.

История Казахстана русских источниках XVI-XX веков 6 том. П 90 Путевые дневники и служебные записки о поездках по казахским степям. XVIII. Составители Ерофеева И.В., Жанаев Б.Т. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 516 с.

Катанаев Г.Е. Киргизский вопрос в Сибирском казачьем войске. – Омск, 1904. – 32 с.

Күзембайұлы А., Әбіл Е. Сібірдегі керейлер мемлекеті // Қазақ тарихы, 2015. – № 6. –13-16 б.

Лебедев В. Из истории сношений казахов с царской Россией в XVIII в. // Красный архив. – 1936. – № 5.

Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – 656 с.

Ремезовская летопись: летопись Сибирская: исследование, текст и перевод: науч. – справ. – Тобольск: Возрождение Тобольска, 2006. – 167 с.

Семенов А.И. Город Петропавловск за 200 лет (1752-1952 вв) Исторический очерк. – Петропавловск, 2010. – 190 с.

Скайлер Ю. Түркістан. Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұхара және Құлжаға саяхат жазбалары. В кн.: Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра, Қазақстан, 1994. – 240 б.

Словцов П.А. Историческое обозрение Сибири. – Санкт-Петербург, 1886. – Кн.1. 326 с.; – Кн. 2. – 364 с.

CҚОММ 158-қ., 1-т, 328-іс.

Соловьев С.М. История России с древнейших времен. – Москва: Мысль, 1988. – 797 с.

Тайшыбай З.С. Қазақтың ханы – Абылай, Т.2. – Алматы, «Ел-шежірее», 2011. 3 б.

Туманшин К.М. История развития Петропавловска и его уезда: автореф. … канд. ист. наук. – Алма-Ата, 1960. – 24 с.

Фальк И.П. Записки путешествия академика И.П. Фалька. Полное собрание ученых путешествий по России, издаваемое Императорской Академией наук. –Санкт-Петербург, 1824. Т.6. – 499 с.

References:

Aıdarova H. Chokan Valıhanov: Kazahskıı fılıal akademıı naýk SSR, Kazogız. – Alma-ata,1945. – 193 s. [in Russian]

Andreev I.G. Opısanıe Sredneı ordy kırgız-kaısakov. – Almaty: Ǵylym, 1998. – 280 s. [in Russian]

Gýmılev L.N. Drevnáá Rýs ı Velıkaıa step. – Moskva: Mysl, 1993. – 781 s. [in Russian]

Istorıa Kazahstana rýsskıh ıstochnıkah XVI-XX vekov 6 tom. P 90 Pýtevye dnevnıkı ı slýjebnye zapıskı o poezdkah po kazahskım stepám. XVIII. Sostavıtelı Erofeeva I.V., Janaev B.T. – Almaty: Daık-Pres, 2007. – 516 s. [in Russian]

Katanaev G.E. Kırgızskıı vopros v Sıbırskom kazachem voıske. Omsk, 1904. 32 s. [in Russian]

Kúzembaıuly A., Ábil E.. Sibirdegi kereıler memleketi // Qazaq tarıhy, 2015. –№ 6. –13-16 b. [in Kazakh]

Lebedev V. Iz ıstorıı snoshenıı kazahov s sarskoı Rossıeı v XVIII v. Krasnyı arhıv. – 1936. – № 5. [in Russian]

Levshın A.I. Opısanıe kırgız-kazachıh, ılı kırgız-kaısaskıh ord ı stepeı. – Almaty: Sanat, 1996. – 656 s. [in Russian]

Remezovskaıa letopıs: letopıs Sıbırskaıa: ıssledovanıe, tekst ı perevod: naých. – sprav. – Tobolsk: Vozrojdenıe Tobolska, 2006. – 167 s. [in Russian]

Semenov A.I.. Gorod Petropavlovsk za 200 let (1752-1952 vv) Istorıcheskıı ocherk. – Petropavlovsk, 2010. – 190 s. [in Russian]

Skaıler Iý. Túrkistan. Orys Túrkistany, Qoqan, Buhara jáne Quljaǵa saıahat jazbalary. V kn.: Qazaqtar shetel ádebıetinde. – Almaty: Atamura, Qazaqstan, 1994. –240 b. [in Kazakh]

Slovsov P.A. Istorıcheskoe obozrenıe Sıbırı. – Sankt-Peterbýrg, 1886. Kn.1. 326 s.; Kn. 2. – 364 s. [in Russian]

SQOMM 158-q., 1-t, 328-is.

Solovev S.M. Istorıa Rossıı s drevneıshıh vremen. – Moskva: Mysl, 1988. – 797 s. [in Russian]

Taıshybaı Z.S. Qazaqtyń hany – Abylaı, T.2. – Almaty: El-shejiree, 2011. 3 p. [in Kazakh]

Týmanshın K.M. Istorıa razvıtıa Petropavlovska ı ego ýeza: avtoref. ... kand. ıst. naýk. – Alma-Ata, 1960. – 24 s. [in Russian]

Falk I.P. Zapıskı pýteshestvıa akademıka I.P. Falka. Polnoe sobranıe ýchenyh pýteshestvıı po Rossıı, ızdavaemoe Imperatorskoı Akademıeı naýk. – Sankt-Peterbýrg, 1824. T.6. – 499 s. [in Russian]

МРНТИ 03.20:03.09.31

ВОПРОСЫ ИСТОРИОГРАФИИ СЕВЕРНОГО РЕГИОНА КАЗАХСТАНА

Г. Ибраева¹, А.С. Темирханова²

¹Доктор исторических наук, профессор. СКГУ им. М. Козыбаева.

г. Петропавловск, Казахстан.

²PhD докторант кафедры История Казахстана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева.

г. Нур-Султан, Казахстан.

Аннотация: В научной статье рассматривается изучение социально-экономических и политических проблем северного региона Казахстана с XVIII века в контексте событий связанной с историей Петропавловской крепости. В данной статье представлен историографический обзор первых исследований северного региона страны в XVII–XVIII веках, материалы путешественников и исследователей специально организованных экспедиций, труды отечественных и зарубежных исследователей дореволюционного, советского и независимого периода Отечественной истории.

Одной из актуальных вопросов отечественной истории является проблема присоединения Казахстана к Российской империи. С самого начала Российская империя проводила политику колонизации казахских земель, проводя несколько военных разведывательных экспедиций и строя оборонительные сооружения на землях, населенных казахскими племенами. В частности, изучение политических, экономических, социальных и военных шагов, предпринятых Российской империей в северных регионах Казахстана, остается актуальной. Исходя из этого можно с уверенностью утвердить что, историография истории Петропавловска является одним из важнейших объектов того времени, который был основан в урочище Кызылжар где автохтонно населяли казахи Среднего Жуза. Интерес к данной проблеме, собранный богатый материал послужил основанием для написания данной статьи.

На сегодняшний день, исходя из доступности всестороннего использования данных в ходе изучения актуальных проблем отечественной истории, авторы решили внимательно рассмотреть проблемы историографии города Петропавловска.

Ключевые слова: Петропавловск, земля, округ, Есиль, исследования, историография, внутренний округ, экспедиция, казахи, территория, борьба.

IRSTI 03.20:03.09.31

HISTORICAL ISSUES OF RESEARCH OF THE NORTHERN REGION OF KAZAKHSTAN

A.G. Ibraeva¹, A.S. Temirkhanova²

¹Doctor of History, Рrofessor. M. Kozybayev NKSU.

Petropavlovsk, Kazakhstan.

²PhD student of the Department of History of Kazakhstan. L.N. Gumilyov ENU. Nur-Sultan, Kazakhstan.

Abstract:The scientific article examines the study of socio-economic and political problems of the Northern region of Kazakhstan since the XVIII century in the context of the construction of the Peter and Paul fortress. This article presents a historiographical overview of the first studies of the Northern region of the country in the XVII–XVIII centuries, domestic and foreign studies of travelers and specially organized expeditions, pre-revolutionary, Soviet, independent period.

One of the most important themes of the national history is the accession of Kazakhstan to the Russian Empire. From the very beginning, the Russian Empire pursued a policy of colonization of Kazakh lands, conducting several military reconnaissance expeditions and building defensive structures on lands inhabited by Kazakh tribes. In particular, the study of the political, economic, social and military steps taken by the Russian Empire in the Northern regions of Kazakhstan remains a minor problem. The historiography of the history of Petropavlovsk is one of the most important objects of that time, which was founded in the Kyzylzhar region, the homeland of the Kazakhs of the Middle Zhuz, which was the basis for writing this article.

Today, based on the availability of comprehensive use of data in the study of topical issues of national history, it was decided to consider the historiography of the city of Petropavlovsk in a concise form.

Keywords: Petropavlovsk, land, district, Yesil, research, historiography, inner district, expedition, Kazakhs, territory, struggle.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3040

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА 94(574) Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі) ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ ӘОЖ 94(574) «1920/30»:33 1921-1922 ЖЖ. ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖЕР-СУ РЕФОРМАСЫНА ЖАҢА КӨЗҚАРАС ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘОЖ 94 (574) ЕМБІ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ КӘСІПШІЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАМР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАМР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ ҒТАМР 03.81.31 ҰЛЫ ДАЛА КӨШПЕНДІЛЕРІ МЕН КӨНЕ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КОРЕЙ МЕМЛЕТТЕРІ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы) ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03. 20.00 КЕЙКІ БАТЫР: ЖЫЛАНШЫҚ-ЖАЛАУЛЫДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА ҒТАМР 03.61.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_189

Author's articles

ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ