Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ

Г.С. Жүгенбаева¹. ¹Т.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Қазақстан, Алматы.

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: жер мәселесі, отаршылдық, қазақтар, ұлт-азаттық қозғалыс, Ресей империясы
Author:
Аңдатпа. Мақала фольклор және ауыз әдебиеті туындыларын тарихи дерек көзі ретінде зерттеу мәселелеріне арналған. Автор жаңа замандағы Қазақстан тарихының жергілікті деректемелерін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудегі бірегей материалдар тұрғысында қарастырады. Қазақтардың Ресей империясының XVIII-XIX ғғ. отаршылдық саясатына қарсылық қозғалыстарының бай тарихы бар. С. Датұлы, И. Тайманов пен М. Өтемісов, К. Қасымұлы т.б. көтерілістері халықтың тарихи жадында жат жерліктерге қарсы азаттық күресі ретінде сақталған. Фольклор және дәстүрлі ауызша тарихнама бұл кезеңдегі халық наразылықтарының сипатын, себебін және барысын қанық көрсетеді. Жұмыста азаттық қозғалысының кейбір мәселелері осы фольклор мәліметтері негізінде қарастырылады.
Text:

Кіріспе Қазақстан тарихының жаңа замандағы кезеңі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлттық қозғалыс-қарсылықтармен сипатталады. XVIII-XX ғғ. басындағы жат билікке қарсы ұлттық бас көтерулердің, қарулы қақтығыстар мен көтерілістердің сипатын, барысын, себептері мен салдарын зерттеуде жергілікті дереккөздерінің маңызы ерекше.

Қазақ еліне қатысты Ресей империясының саяси-әкімшілік басқару реформалары экономикалық-әлеуметтік өзгерістермен қатар ұлттың рухани-ділдік құндылықтарына қарсы ауыр зардаптарды туғызды. Әскери тәртіппен басқаруға құрылған жүйе хандық билікті жоюды іс жүзінде халықты өзара шағыстыру саясатымен (бөліп ал да, билей бер) жүргізді. Басқыншылармен өзара келісімпаздық пен жағымпаздыққа құрылған жергілікті билік ұлттық мемлекеттілікке ұйысудың кедергілерінің біріне айналды. Бұл жайында азаттық қозғалыстың алғашқы зерттеушілерінің бірі, ғалым Х. Досмұхамедұлы тура айқын жазды: «... он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлардағы қазақтың қозғалысының ең күштілері Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарыныкі. Үш қозғалыстың басты мақсаты қазақты орыстың «жәңгірлік» құшағынан құтқару» (Досмұхамедұлы, 1991:69).

Саяси күрделі кезеңдегі елдің еңсесін көтеру міндетін қоғамның рухани тұлғалары ақын-жыраулары атқарды. Олар халықтың мұңы мен мұқтажын, дағдарысы мен күйзелісін жырлаумен шектелмей, тарихи сананы жаңғыртуға бет бұрды. Ұлттың рухын оятып, өткен «батырлық кезеңдерді» еске түсіру арқылы тарихи жадтың маңызды функциясын өтеді. Дәстүрлі тарихнамадағы «Зар-заман» циклы жат экспансияға қарсы халық жадының сол кезеңдегі тарихи квинтэссенциясына айналды. Әдебиеттану ғылымында бай тарихнамасы қалыптасқан (Мәдібай,1997:160) мәселенің, ұлттың тарихи өткенін түгендеуге қатысуы солғын көрінеді.

Материалдар мен әдістер Дәстүрлі қоғамдардың тарихи даму кезеңдерінің түрлі күрделі мәселелерін зерттеуде өзінің әмбебап-плюралистік сипатымен қолайлы өркениеттік әдістің мүмкіндіктері баршылық. Бастауын ХVІІІ ғасырдан алатын өркениеттік әдістің толық дамуы ХІХ-ХХ ғасырларда жүзеге асты. Алыс шетелдік тарихнамада бұл әдістің көрнекті өкілдері М. Вебер, А. Тойнби, О. Шпенглер және «Анналдар» тарихи журналының төңірегіне ұйымдасқан тарихшылар (Ф. Бродель, Ж. Ле Гофф) деп есептеледі (Коломийцев,2001:191). Таяу шетелдік орыс тарихнамасында оның жақтастары Н.Я. Данилевский, К.Н. Леонтьев, П.А. Сорокин (Репина, 2004:288).

Түркі өркениеті жайында Л.Н. Гумилевтың көзқарасының теориялық-методологиялық тұрғыдан ескерерлік тұстары бар (Гумилев, 1989:496).

Түркі-қазақ өркениетін, оның ұлттық-рухани ділдік құндылықтарын қоғамдық мәселелерді талдау барысында ұлттың оқымысты, тұлғалары алдыңғы орынға қойды (Валиханов, 1985:23).

Өркениеттік әдістің артықшылықтары (оның әдістерін кез-келген ел тарихына пайдалану, өзгешелікке, ерекшелікке мән беру, онымен санасу тарихты көп қырлы, процестер ағымында түсінуге мүмкіндік беруі, адамзат тарихының біртұтастығын қабылдау) жетерлік.

Өркениеттер бірі-бірімен салыстырылғанда ғана тұтас жүйе. Бұл зерттеуде тарихи-салыстырмалы әдісті кеңінен пайдалануға жол ашады. Нәтижесінде елдің, халықтың, белгілі бір аймақтың тарихы өзімен өзі тұйықталған жағдайда емес, басқа елдердің, халықтардың, өркениеттердің тарихымен салыстырыла, бағалана қарастырылады.

Өркениеттік әдіс тарихи процесте адамзаттың рухани-адамгершілік және интеллектуалдық факторларына баса көңіл аудартады. Бұл тұғырда өркениетті бағалауда дін, мәдениет, діл жетекші роль атқарады.

Өркениеттік әдістің тар шектеуге құрылмауы көшпенділер қоғамының өткір мәселелерін, әсіресе ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын зерттеуде ескерілетін И. Валлерстайнның әлем-жүйе әдісімен де үндеседі. Кезінде француз тарихшысы Бродель идеясынан бастау алған И. Валлерстайнның әлем-жүйе әдісі барлық қоғамдарды әлеуметтік жүйе тұрғысынан қарастырады (Wallerstein,1974:410). Ресей империясының капиталистік дамуға қарқынды бетбұруы жаңа отар аймақтарды талап етуі, басып алған елдердің ұлттық қарсылық қозғалыстарын өршітті. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстары экономикалық-әлеуметтік және саяси сипатымен метрополияның отарларына қатысты әскери басқару жүйесін күшейтуіне әсер еткені мәлім.

Дәстүрлі қоғамның рухани мұраларын төлтума тарихи дерек көзі тұрғысынан қарастыруда Иоганн Густав Дройзен (1808-1884 жж.) концепциясы назарға алынды (Дройзен, 2004:579). И.Г. Дройзен концепциясы заманауи тарих ғылымындағы бірнеше бағыттар мен әдістердің: феноменологиялық, психологиялық, микротарих, ауызша тарих, интеллектуалдық тарих қалыптасуына қозғау салған. Оның идеясы сол «Аннал мектебі» тарихшыларының еңбектерінде қолданылды. Неміс методологының ұғымында, қоғамның өмір сүруі мен дамуының ішкі механизмдерін анықтауда әлеуметтік психологияға мән беру қажет. Бұл қазіргі феноменологиялық әдіске табан тірейді, өткеннің адамын түсінуге тырысу және сол арқылы тарихи құбылыстарға интерпретация жасауға қайырылу.

Сондай-ақ дәстүрлі қоғамдардағы ауызша мәдениетке, оның тарихи деректемелік әлеуетіне терең мән берген Ян Вансинаның зерттеу әдістерін ескеру керек (Vansina,1985: 256).

ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлттың тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ұмтылған жанпидалық күресінің тарихы басқыншы империялық биліктің жазба деректерінде сақталған мәліметтері негізінде ғана емес, халықтың өз тарихына берген бағасы мен күрделі кезеңдегі куәгерлік деректері қатысуымен жан-жақты ғылыми сараптауды қажет етеді. Тарихи деректемелердің толыққанды жүйеленуі, олардың алаланбауы және барынша сыни объективтілікпен кешенді талдауға алынуы, өткен тарихи құбылысты, оқиғаны, сол дәуірді тұтастықта зерттеуге мүмкіндік береді.

Жұмыста фольклортанудың, этнологияның, археология, антропология, әлеуметтік психологияның, тарихи деректанудың және тарихтың жетістіктері мен зерттеу принциптері ескерілді. Жалпы ғылыми танымның: тарихи және қисындық, анализ бен синтез, индукция мен дедукция; жеке тарих ғылымының: тарихилық, объективтілік, мәтінтанулық, ділгірлік әдісі, кезеңдеу, проблемалық-хронологиялық, салыстырмалы-тарихи, терминологиялық, синхрондық және диахрондық әдістері пайдаланылды.

Талдау. Қазақ халқының фольклоры мен ауыз әдебиеті туындыларын зерттеудің отандық гуманитаристика да іргелі мектептері қалыптасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, жазылып алынған тарихи жырлар мәтіндері Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Орталық ғылыми кітапхана мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қоры бөлімдерінде сақталып, зерттеліп келеді (Жүгенбаева, 2009:250).

Әр жылдары жарық көрген тарихи жырлардың біршама толық, өзгертулерсіз жариялануы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен жүзтомдық «Бабалар сөзі» сериясында жүзеге асты (Бабалар сөзі:2010,320). Мәселен, ғұлама ғалым Ә.Марғұлан эпостық мұралардың типологиясын жасап, тарихи деректемелік тұрғыдан қарастыруда зор еңбек сіңірді. Жырлардың тууына себеп болған бес «батырлық кезеңді» атап, соңғы, бесінші кезеңді «тарихи жыр» деп көрсетіп, оларды саяси билікке қарсы күрескен тұлғалардың іс-әрекетімен байланыстырды: «Халықтың хан, сұлтандарға, патшаға қарсы күресінде іс-әрекеттерімен көзге түскен батырлардың ерліктері туралы туындылар. Батырлық жырлар Исатай мен Махамбет, Бекет-батырға, Кенесары мен Наурызбай, Жанқожа, т.б. арналып шығарылған» (Маргулан,1946:80).

Тарихи жырларды және авторлық ауыз әдебиеті туындыларын дереккөзі ретінде қарастыру барысында алдымен әдебиеттану, фольклортану ғылымының нәтижелері мен қорытындыларын ескерудің маңызы зор. Мұраларды тарихи аспектіде қарастыруға еңбектенген Х. Досмұхамедұлы, Е. Бекмаханов, т.б. зерттеулері төменде арнайы талданады.

Нәтижелері Қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған сан қилы күрестерінің қол бастаған көсемдері Сырым Датұлы, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Есет Көтібарұлы, Бекет, Досан Тәжіұлы, т.б. ел мүддесі, халықтың ұлттық тағдыры жолындағы іс-әрекеттері, әлеуметтік белсенділіктерінің тарихи фактісі сан алуан деректерге толы ауызша сақталған мәтіндерде көрініс тапты. Тарихи жырлар мен ауыз әдебиетінің авторлық туындыларындағы бұл кезеңнің күрделі мәселелері жан-жақты көрініс тауып, халықтық талдау мен қорытудың түйін квинтэссенциясы жасалып, тарихи жады тұрғысында ұрпаққа аманатталды.

Ұлттық бірегейлікті сақтап қалу жолындағы алғашқы ұмтылыс - еліміздің батыс өңірінде орын алды. 1787-1793 жылдары Сырым Датұлы (Вяткин,1998:344) жүргізген азаттық күресінің сан алуан деректемелері қатарында тарихи фольклор туындылары бар.

Отаршылдық саясатпен бірге ентелей кірген діл мен діннің, тіл мен рухани құндылықтардың жойыла бастауына қарсы күрестің қайраткер көсемі, батыр тұлға, ділмәр-шешен Сырым Датұлы туралы тарихи жырларды кеңінен зерттеу, насихаттау бағыты артып келеді (Бабалар сөзі. Тарихи жырлар, 2010:376).

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» сериясының 60-томында Сырым батырға арналған екі тарихи жыр алғашқы рет басылып шықты. Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақталған 457, 528, 1188, 1388, 1754, 553,153 д-бумаларында және М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты қолжазба бөліміндегі 137, 139, 201, 241, 325, 479, 766 бумаларда тіркелген Сырым Датұлы туралы тарихи фольклор түрлері аңыздар, эпостық, тарихи шығармалар «Сырым туралы әңгімелер», «Сырым туралы аңыздар», «Нұралы ханның Сырымға айтқаны», «Датұлы Сырым», «Сырым батыр мен Саржала», «Сырым Датұлы Есім ханды өлтірген соң» т.б. тақырыптармен көрсетілген. Оларды әр жылдары жинаушылар мен жазып алушылар А. Шамшатова, А. Бержанов, Ә. Таутекенов, Ф. Ғатауов, І. Битілеуов, Т. Ауатанұлы т.б. «Сырым батыр» жырын баспаға даярлаушы С. Қосан мәліметінше, мұраны еліміздің батыс аймағынан фольклор үлгілерін жинаушы Тайыр Ауатанұлы жазып алып, 1955 жылы институт қорына өткізеді (Бабалар сөзі, 2010:376).

Жыр мазмұнында Сырым батырдың Нұралы ханмен қақтығысы, ханның орыс әкімшілігінен әскери көмек сұрауы, Сырымның өзі, әйелі және ұлы Қазының ұсталуы, тұтқындағы батырды құтқарған Есболат батыр бастаған шағын қазақ жасағы жайында айтылады.

Тарихи дерек ретінде жыр мәтінінде сол кезеңдегі қазақ қоғамының болмысы, басқыншы биліктің аяр әккі саясаты мен әскери басқару жүйесінің сипаты, оны жүзеге асыруға қолшоқпарлық жасаған бұрынғы дәстүрлі билік институтының дағдарысы, әлсіздігі, ұлттың ішкі психологиялық күйзелісі, жат діл мен діннің руханиятқа жасалған екпіні, т.б. саяси және экономикалық-әлеуметтік тоқырау барынша қанық, айқын көрініс табады:

«...Екі ғасыр бұрынғы

Сонау атам заманда,

Екі басты аждаҺа

Аранын ашып адамға

Айбат шегіп ысқырып,

Зәрін шашқан заманда

Қоңырауы шіркеудің

Араласып азанға, -

Кіші жүздің адамы

Азан-қазан заманда

Тарихтың жаңа жалауы

Желбіреді далаңда

Хан мен қара айқасып

Белдесетін алаңда».

Күнкөрісінен, жайылым жерлерінен айрылған халықтың мұң-мұқтажына қарамастан сән-салтанатпен өмір сүрген хан тұрмысын көрсетуі тарихи деректің маңызын арттыра түседі:

«Кіші жүздің ханы Нұралы

Болып туған мұрады

Көңілін судай тастырып,

Орынбордың аузында

Отыз отау тіктіріп,

Салтанатын арттырып».

Ел мүддесін, халық қамын емес, өз билігі мен байлығын сақтап қалуды ғана көздейтін ханға Сырым батырдың өткір сын айтуы халық жадында тарихи әділеттіліктің күресі болып сақталған:

«...Хандығыңнан не пайда,

Халқыңның күні қараңғы!

Тақта отырдың тақымдап

Тарлықтың мынау заманы

...Елімді қамап сұм патша,

Салып жатыр қамалды

...Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған

Жайыққа кісен салынды,

Салықтың саны көбейіп,

Қоралап айдап мал алды,

Хандық құрған шағыңда

Халық малға саналды».

Тарихи фольклордың ономастикалық дерек көзі тұрғысында құндылығы бар. Қозғалыс болған аймақтың жер-су атаулары, топонимдер және антропоним, хан маңайындағы тарихи тұлғалар жыршы назарында:

«...Әмір етіп отырад

Елек, Қобда, Жем, Сағыз

Ойыл, Қиыл, Жайыққа

Уәзірлері тәжім қып,

Тәңіріндей табына

Ералы, Есім, Айшуақ

Сұлтандары жанында».

...Атырау, Жемді, Cағызды,

Ойыл менен Қиылды

Мұғалжар, Жайық арасын

Жайлаған қазақ баласы».

Қоғамның тарихи жадын сақтауға, тарихи сананы дамытуға мүдделі рухани жәдігер «дәстүрлі ауызша тарих сипатында басты функциясын айқын танытады:

 «...Сырымнан сөз құйылды:

...Соғысқан жауын мерт қылған

Қара қасқа атты Қамбар ер,

...Туғаннан таққа таласқан

Дулығалы басты көп кескен

Аты шулы Орақтан

Жеңілмеген жау бар ма?

Батыр туған Қарасай -

О да Орақтың баласы ай?

...Атаңа нәлет Нұралы

Ел жауына сатылды.

Хан мен патша қосылып,

Қорлықтарын асырды» (Қосанов, 2010: 415).

Күрделі кезеңдердің ащы шындығын ұрпақ жадында сақтау әрекеті тарихи сананы жаңғырту арқылы ғана дамитынын дәстүрлі қоғамның тарихи жады – ақын-жыршылар терең зерделей білген.

Жырдың бұл мәтіні толық нұсқада емес, үзінділер түрінде жеткізілгенін, сол аймақтан жиналған Сырым батырға арналған келесі туынды айғақтайды. Оны 1949 жылы Тіл-әдебиет институтының (Әдебиет және өнер институты) қорына Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының тұрғыны Сағынғали Бекболатов өткізген. Қазіргі кезде Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақталған (Ш.553) бұл нұсқа да С. Қосанов дайындауында жарық көрді. Жырда Сырымның Нұралы ханды шауып, Есім ханды өлтіргеннен кейін, Ресей империялық билігінің әскери қуатынан ығысып Бұхара хандығына баруы және қайғылы қазаға ұшырауы айтылады. Басылым шығарушысы бұл жайында: «...Яғни Есім ханның басы кесілген тарихи маңызы үлкен эпостың бөлінбес бір тарауы екі нұсқадан да түсіп қалған. Тіпті стилі мен тілдік айшықтауларына қарағанда, ұсынылып отырған екі нұсқа о баста тұтас бір эпостың құрамында болып, кейін ұмытылып, әркімнің есінде үзінді түрінде сақталып қалуы да мүмкін» (Қосанов, 2010:413), - дей келе, бұл мәселені әлі де зерттей түсуді ескертеді.

Жыр мәтіні мынадай анықтама мәліметпен басталады: «Кіші Жүз байұлының байбақтысы Сырым батыр Нұралы ханды шапқаннан кейін патша үкіметінің қарсылығы білініп, Орынбор губернаторының қудалауына шыдай алмай Бұқарға бармақшы болып, кердері Намаз биге ақылдасып, бата алмақ болып барыпты. Бармауға кеңес берген Намаз биге Сырым батыр жауабы:

Биеке деп ем, барамын

Елін билеп Бұқардың,

Демеймін билік аламын.

Орынборды шабам деп,

Ерлікте қорып қарадым

Бір шапқанда үш шауып

Нұралы ханды таладым.

...Патшашыл әскер көп болып,

Тайғанады табаным».

Дағдарған халықтың көңіл-күйінің төмендеуі, Сырым Датұлының ұлт мүддесі жолындағы жанқиярлық күресін қолдаушылардың ала-құлалық істері, қолдау мен көмектің жеткіліксіздігі, оның қарсыластарының күшінің басымдығы, ел рухының бәсеңдеуі жырдың бүкіл желісінде сақталып, осынау қиын кезеңді жырды шығарушы тарихи танымдық тұрғысынан зерделейді. Ел азаттығы үшін күрескен батырдың қасіреті, «абыройсыз өлім құшуы» жырда айқын көрінеді:

«...Аттандырған қонағын,

Байқаңыз хан не етеді.

Үзеңгіге у жағып

Жасырын сұмдық етеді.

Қайтып келе жатқанда,

Удың зәрі табаннан

Бар денеге өтеді,

Сыр-Қуаңның бойында

Шағылды құм ойында

Ерлердің демі бітеді.

Удан болып себебі

Ажалы сонда жетеді.

Жыр елдің тарихи тағдырына өмірін арнаған Сырым Датұлының күші басым жауға қарсы күрескен «жалғыздығын» тарих сабағымен астарлайды:

«...Айнала кезген ер Сырым,

Айналып қайта келе алмай

Ажалға тапқан төтені» (Қосанов, 2010:415).

Тарихи жырдың халықтың елдігін сақтау, ұлттық бірегейлік пен бүтіндік ұғымын атамекен Отаны – Туған Жер ұғымында қабылдау концепциясы дәстүрлі қоғамдағы тарихи сананың қалың қабаттарын тануға, зерделеуге мүмкіндік береді. Жыр деректерінің бұдан басқа да  сан қырлы ақпараттық мәліметтері жетерлік.

Империялық билік еліміздің батыс аймағында халық толқуының жиілігін күшейте түсті. 1836-1838 жж. Бөкей Ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісті (Алдажұманов және т.б.,2010: 337)халық жадынан шығарған жоқ. Әсіресе, ауыз әдебиеті үлгілері қозғалысқа қатысты ауқымды тақырыптарды қамтыды. Ауыз әдебиеті – Сөз өнері импровизацияға (шығарманы алдын-ала дайындықсыз өз ойынан суырып салып шығару) негізделген, ауызша шығарылып, ауызша таралған жеке авторлық мұралар (Дүйсенбайұлы,2004:165).

Козғалыстың жетекшісінің бірі, сол тарихи оқиғаның тікелей қатысушы куәгері, ақын Махамбет Өтемісұлының (1803-1846) шығармашылығының негізгі өзегі көтеріліске арналды. Күрескер ақын мұралары «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Толарсақтан саз кешіп», «Еңселігім екі елі», «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны», «Атадан туған әруақты ер», «Исатай деген ағам бар», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Жәңгірдің ісі», «Тарланым», «Мен едім», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Қызғыш құс», «Әй, Махамбет жолдасым (Исатайдың сөзі)», «Мен Нарыннан кеткенсін», «Мінгені Исатайдың ақтабаны-ай», «Еменнің түбі сары бал», «Жалған дүние», «Аспанда ұшқан ақсұңқар», «Нарынжал», «Арғымаққа оқ тиді», «Мен-тауда ойнаған қарт марал», «Жалғыздық», «Арқаның қызы изені», «Қақақулап шақырма», «Бағаналы терек жарылса», т.б. әдебиеттанулық зерттеулердің арқауына айналған (Дүйсенбайұлы,2004:165).

М. Өтемісұлы мұраларын алғашқы жинаушы, бастырушы қатарында тұрған Х. Досмұхамедұлы еңбегінде деректанулық сын мәселелеріне байланысты талдаулар бар. Ғалым «Махамбет батыр» атты зерттеуінде жазады: «Махамбеттің жыраулығы күшті болған. Махамбеттің сөзі көп болған. Көбі жойылған. Махамбеттің сөзінің ішінде ел ішіне көп жайылғаны Баймағамбет сұлтанға айтқаны. Әлімұлы, байұлы, жетірудың арасында осы өлең көп жайылулы. Біздің қолымызда ел ішінен жиналған осы өлеңнің бірнеше нұсқасы бар. Айтушылардың көбі бірақ Махамбеттің түрлі сөзін қосып шатастырып айтқан. Жетірудың ішінен айтылған нұсқаларда қателер өте көп, кейбір жерлерінде сөздің негіздерін өзгертіп жіберген». Одан әрі зерттеуші Ығылман Шөрекұлының Мұрат ақыннан естіген жырлауы бойынша шығармалардың нұсқасын бастыруға даярлағанын жаза келе, «...Қолымыздағы нұсқаларды салыстырып құрастырғанда, бабтарға бөлгенде сөздердің орны алмасып кетуі мүмкін. Бала күнінен осы сөзге құлағы қанық  Махамбеттің еліндегі ақсақал, қарасақалдары біздің келтіріп отырған өлеңімізді дұрыс дейді» (Досмұхамедұлы,1991:80) - деп нақтылайды.

Х. Досмұхамедұлы Махамбет Өтемісұлы туындыларын көтерілісті зерттеудегі жергілікті сенімді дерек көзі деп қабылдады. Ғалымның «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты зерттеуіндегі тарихи фольклорды дереккөздік пайдалану әдістемесі, ұстанымы назар аудартады. Көтерілістің нақтылы себептерін, сол кезеңдегі қазақ елінің қоғамдық-саяси жағдайын, экономикалық-әлеуметтік мәселелердің күрделенуін, қоныс пен жайылым жердің тарылуын түрлі жазба деректермен бірге ауыз әдебиеті туындыларын қатар салыстыра пайдаланып, тарихи шындықты айқындауға ұмтылды. «Жәңгірдің заманында Бөкейдің елі көшуді кемітіп, отырықшы бола бастады. Әр рудың белгілі қыстауы, жайлауы болды. Жазы қолайсыз, не қысы қатты жылдары көршілес нудағы елдермен қазақтың арасында күшті жанжалдар пайда болды. ...Жәңгір қазақты қорғамады. Қорғауға да әлі келмеді», - дей келіп, Еділ-Жайық бойын иемденіп алған казак-орыстар қысымынан жергілікті қазақтардың өз қоныстарынан айрылып, штраф төлеуге мәжбүр болғанын жазады (Досмұхамедұлы,1991:55). Одан әрі зерттеуші қазақ жерінің әр тарихи кезеңдердегі жайылым қоныстарының аумағы, көлемі туралы мәселені жергілікті ауызша деректермен дәйектейді. «Жанұзақ жырау Бөкей заманындағы қазақтың қонысын былай дейді:

Құлабие, Торғай екі көл

Ежелгі әкең Бөкей барында,

Толықсып жайлап ед біздің ел

Еділ, Жайық екі су

Еңсесіне ел қонып,

Ендеп жылқы жайылды

Ақтөбе деген суына,

Ұлы сұлтан менен Қараман

Үшқоба менен Жанарыстан...

Осы күнгі Бөкейліктің топырағынан тыс Борсыны (Торгунь), Еділдің, Жайықтың бойын, Ақтөбені (Ақтуба), Жанарыстанды (Ерусалн), Қараманды (Караман) Қараөзеннің басын (Верховья Малого Узеня, Төрткөл (Деркул), Төртшежінді (Чижы) Бөкей заманында қазақтың жайлағаны осы өлеңінен анық көрінеді». Жанұзақ жырау, Боран жырау мұраларының дереккөздік сипатын осы мәселені қарастыруда зерттеуші өте ұтымды көрсетеді: «...Өкіметтің қазақтың жерін тартып алғандығы ел әдебиетінде анық сүгіреттелген. Жәңгір ханға Жанұзақ жырау былай жырлайды:

«...Қазық шаншып белгі еттің

Ащылы Самар суына

Бұдырайған иегі Нарын құмақты

Көмбедей Нарында шешма бұлақты

Тәкбір сайлап жұрт салдың,

Жасқұстың мынау құмына,

Жәңгірдің заманында қазақтың қонысының Бөкей заманына қарағанда қанша тарылғандығы Жанұзақтың осы өлеңінен-ақ анық көрініп тұр», - дейді автор.

Жәңгір хан билігі тұсындағы қазақ халқының жағдайы, ханның жүргізген саясаты, көшпелі өмір салтына енгізген өзгерістері (сарай салтанатына құмарту, салық түрлерінің көбеюі, шариғат заңдары, мешіт салынуы, хан маңына жиналған түрлі ұлттан құралған нөкерлердің жүгенсіздігі, т.б.) жайында тоқтала келе, зерттеуші ауызша дамыған туындылардың мәліметтерін тарихи дерек көзі деп сеніммен келтіреді: «Ханның айналасына анадан, мынадан келген келімсектер көп жиылды. Махамбет батырдың хан ордасында «Қытайдан келген қалмақта бар, Ираннан келген қызылбас та бар, Үргеніштен келген сарт та бар, деген сөзі ып-рас еді. Алаша Байтоқ жыраудың өлеңінде:

«Хиуалап келген қилы халық

Стамболдан келген сыйлы халық,

Қырымнан келген қырық әжі,

Қырық әжіге бір қазы.

Күнінде қырық мың шәкірт жиылған,

Баршасы бір имамға ұйыған

Көктен нұрлар құйылған

Залымдар жауыз істен тиылған», - деп айтады.

Зерттеуші 1837 жылы хан ордасын Исатайдың үш мың қарулы қолмен қамаған сәттегі жағдайды, ханның іс-әрекетін Ерубай, Бекжан, Бөле деген ақындардың сөздерімен сипаттайды (Досмұхамедұлы,1991:61).

Қазақтардың ұлттық мемлекеттілігінен айрылуы себептерін, халық мүддесін, ел тұтастығын сақтауға ұмтылған тұлғаларды қолдау, қорғаудың әлсіздігін, басқыншылармен ымыраласқан жергілікті биліктің шынайы болмысын, олардың ел басқару ісіндегі жасанды әрекеттерін бұлжытпай айғақтайтын деректердің тарихи әлеуетін Х. Досмұхамедұлы сол кезде-ақ көтере білді. Халықтың ел болу тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы азаттық қозғалысын жат жерлік басқыншылар қалдырған сыртқы деректермен ғана зерттеп, тұжырымдаудың қайшылығын, жөнсіздігін дәлелдеп берді. Мұндай деректемелердің біржақтылығы, қоғамды ішкі қырынан көрсетуге дәрменсіздігі, тек қана халықты бағындыру саясатын құжаттық негіздеуге құрылған сипатын аңғартады. Мұның өзі дәстүрлі қоғамның сан алуан мәселелерін қарастыруда мән беретін методологиялық ой-түрткі болып табылады.

ХІХ ғ. ұлт тәуелсіздігі үшін қозғалыстың кең қанат жайған күресін 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы жүргізді. Көтеріліс жайындағы жазба, архивтік құжаттармен қатар жергілікті деректемелерді, фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерін тарихшы Е.Бекмаханов өз еңбегінде тарихи дереккөз ретінде қарастырды (Бекмаханов,1994:41). Ғалымның ауызша дәстүрде дамыған туындыларды пайдаланудың деректанулық сын әдістемесіне талдауы методологиялық тұрғыдан маңызды. «...Қазақстан тарихын зерттеу кезінде аса маңызды дерек ретінде фольклордың маңызы айрықша зор. Мұның бұлай болатын себебі, ХІХ ғ. 2-ші жартысына дейін қазақ халқының жазба әдебиеті болмады. Сондықтан тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз және т.б. арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан.

Фольклорлық материалдың маңызы сонда, ол тарихи оқиғалар мен жеке адамдарға дәл және көбінесе дұрыс бағасын береді, себебі тарихты жасаушы және суреттеліп отырған оқиғалардың тікелей қатысушысы халықтың өзі болып табылады», - дей келе, академик В.В. Радлов пікірімен дәлелдей түседі. «Қазақ фольклорын егжей-тегжейлі сипаттап жатпай-ақ айта кететін бір нәрсе: сан алуан оқиғалардың бірін қалдырмай баяндайтындықтан, талайлардың атын атап, түсін түстеп беретіндіктен, іші не қилы деректерге толы болатындықтан бұл фольклор дегеніңіз, тарихшы үшін, әсіресе қоғамдық қатынастар саласын зерттейтіндер үшін шын мәнінде, баға жетпес қазына», - деп түйіндейді кәсіби тарихшы.

Ғалым халықтың тарихи жадында терең сақталған қозғалыс туралы фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқаларына, «Зар-заман» өкілдері шығармаларына, Нысанбай жырау, Досқожа ақын, М. Көпеев, О. Шипин, Ж. Жабаев, т.б. туындыларына деректанулық талдау жасап, еңбегінде сәтті қолданысқа енгізді. Мәселен, Шортанбай Қанайұлы мұрасының деректемелік маңызын автор былай дәлелдейді: «...Қазақтың халық бұқарасы екі түрлі езгінің қыспағында қалды: өз шонжарлары бір жағынан және отарлық үкімет екінші жағынан қара қазақтың жанын шығарды. Сол кездің бір ақынының осынау заманды сипаттай келе халықтың мұң-зарын мынадай сөздермен беруі тегін емес:

Замана қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын

Жанарал болды ұлығың,

Майыр болды сыпайың

Айрылмайтын дерт болды

Кедейге қылған зорлығың.

Князьды көрдің піріңдей

Тілмашты көрдің биіңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей

Абақты тұр алдыңда,

Қазылып қойған көріңдей

Байлар зорлық қылады

Мал көзіне көрінбей,

Билер жейді параны

Сақтап қойған сүріңдей,

Ойлағаны жамандық

Жарадан аққан іріңдей,

Замана түрі бұзылды

Текеметтің түріндей (Мұқанов, 2005:304).

Е. Бекмаханов: «...Нысанбайдың «Кенесары туралы жырының» шоқтығы биік» деп бағалап, кеңінен тоқталған мұра – көтеріліске тікелей қатынасқан куәгер – Нысанбай жырау шығарған «Кенесары-Наурызбай» жыры еді. Туындының алғашқы шығарылуы, автордың өзі, оның оқиғаға қаншалықты қатысы, жыр мәтіндерінің табылуы, жариялануы, нұсқалары, түрлі редакциясы, текстологиясы туралы толық талдау жасап, тарихи дерек көзі ретінде интерпретациясын жасады.

Туынды дәстүрлі қоғамның синкреттік сипатымен ерекше мұрасы. Сондықтан оның тарихи деректемелік сипаты әр қырынан көрінеді. Тарихи дерек көзі және тарихи ой-сананың ескерткіші тұрғысында қабылдау мұраны тарихи аспектіде тануға жол ашады. Кәсіби тарихшы ғалым Е. Бекмахановтың осы ұстанымда болғаны байқалады. Ол ойын ғалым өз еңбегінің қорытындысында жеткізеді.

«...Кенесары көтерілісінің жеңіліс табуы себептерін тыңғылықты зерттеу айрықша маңызды, өйткені сөйткенде қозғалыстың сипатын және оның сөзсіз жеңілетінін айқындаушы әлеуметтік-экономикалық және саяси жәйттардың бүкіл жиынтығы айнадан көргендей көз алдыңа келмекші.

Шындығында, 1847 жылы жазда Майтөбе маңында көтерілісшілер әскерлерінің талқандалуы және Кенесарының өзінің өлтірілуі, шын мәнінде, көтерілісті жеңіліске душар еткен себептер тізбегінің соңғы буыны болып табылған-ды. Көтерілістің жеңіліс табатынының тарихи сөзсіздігінің негізгі себептері бәрінен бұрын көтеріліс болған кездегі ішкі саяси жағдайда, орталықтандырылған тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға кешігіп барып кіріскендікте жатыр»(Бекмаханов,1994:359). Қазақ елінің сол кезеңдегі бытыраңқылығы, экономикалық мүдденің ру аралық күреске айналуы, ықпалды тұлғалардың алауыздығы, патша үкіметінің тыңшыларының әрекеттері қосылып, қозғалысқа зиянын тигізген. «Мұны Кенесары да, оның ең жақсы серіктері де жақсы түсінген» (Бекмаханов,1994:359).

Одан әрі зерттеуші көтерілістің жеңілу себебін көшпенділердің бірегей тарихи жады – Нысанбай жырының ой-түйінімен қорытады:

«...Ойда Қоқан, қырда орыс,

Хакім болды қаласы.

Кімнен таяқ жегендей

Біздің қазақ баласы,

Алдырып жүрген дұшпанға

Өзді-өзінің аласы...» (Бекмаханов,1994:359).

Дәстүрлі қоғамның автохтонды тұрғындарының тілі мен мәдениетін терең меңгеріп, зерделеудің, олардың тарихи даму кезеңдерін зерттеуде ұтымды қисынды әдіс екенін сол ұлттың өкілі, кәсіби тарихшы өз еңбегінде жете дәлелдеді.

Кенесары Қасымұлының ұлттың болашағы үшін тәуелсіз мемлекеттілікті қалпына келтіруге тырысқан тарихи рөлін көрсеткен Нысанбай жыраудың-тарих жеткізуші тұлғаның әділ бағасына келісуге тура келеді:

Кенекем менің кеткен соң

Заманым қалды тарылып,

Халық иесі хандардан

Жетім қалдық айрылып,

Екі бірдей қанатым

Топшыдан сынды қайрылып!

...Кемшілік түсті басыма

Көрінгеннен қаймығып

...Топшысынан үзілді

Екі бірдей қанатым

Кенесары,Наурызбай –

Асып туған санатым!

Қырғыздан біткенге ұқсайды

Тағдырлы ажал сағатың   (Дүйсенбайұлы, 2004:295).

Жырдың деректемелік сипатын әр қырынан талдауға алу, қазақ ұлттық қозғалысының аса күрделі кезеңін толыққанды қарастыруға үлес қосады. Мұны деректанулық сын нәтижелері көрсетіп берді.

Қорытынды Қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтап қалуы жолында жүргізген күрестері ешқашан толастаған емес.Бұл қозғалыстар жайында сан алуан деректік негіз қалайтын тарихи фольклор мен ауыз әдебиеті туындылары өте мол. Ол мұраларды тек фольклортану, әдебиеттану тұрғысында ғана зерттеу, дәстүрлі көшпелі қоғамға ғана тән құбылыстарды танып-білуде, жан-жақты қарастыруда аздық етеді.

Мұраларды дербес жергілікті тарихи деректемелер ретінде қалыптастыру қазақ халқының тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық бағыттарына қозғау салады. Көшпенділер өркениеті туралы тың ізденістерге, жаңа пайымдауларға әсер етеді. Оқиғалардың, сол кезеңнің тікелей куәгерлері және оған қатысушылардың өздерінен алынған мәліметтер негізінде ұлттық жадының өзгеше моделінің сақталуы ірі танымдық құбылыс. Сондықтан зерттеу бағыты жаңа замандағы тарихымыздың күрделі мәселелерін кеңейтуге ат салысқаны ләзім.

Әдебиеттермен деректер тізімі:

Бабалар сөзі. 100-томдық.Тарихи жырлар. – Астана:Фолиант, 2010. – Т.62. – 376 бет.

Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы: Санат, 1994. – 416 б.

Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в 5 томах. – Алма-Ата: КСЭ, 1985.

Вяткин М. Батыр Срым. – Алматы: Санат, 1998. – 344 с.

Vansina Jan. Oral Tradition as History. –Madison: Tne University of Wisconsin Press, 1985. – 256 p.

Wallerstein I. The Modern World-System: Capitalist Agriculture and the Origins of the European World-Economy in the Sixteenth Century. – New York: Academic Press, 1974. – 410 p

Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 80-81-беттер.

Дройзен И.Г. Историка: лекции об энциклопедии и методологии истории. – СПб.: Владимир Даль, 2004. – 579 с.

Гумилев Л.Н. Этногенез и  биосфера земли.-Л.: Изд-во ЛГУ, 1989. – 496 с.

Жүгенбаева Г. Дәстүрлі ауызша тарих. – Алматы: ҚазККА., 2010. – 224-бет.

Жеті ғасыр жырлайды. Екі томдық./Құраст. Дүйсенбайұлы Е. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 2004. – 165-189-беттер.

Мәдібай Қ. Зар заман ағымы. – Алматы: Қазақ университеті, 1997. – 160 б.

Маргулан А. О характере и исторической обусловленности казахского эпоса //Известия Казахского филиала АН СССР.Серия историческая. – 1946. – №2(27). – С.80-81.

Коломийцев В.Ф. Методология истории. От источника к исследованию. – М.: РОССПЭН, 2001. – 191 с.

Репина Л.П., Зверева В.В., Парамонова М.Ю. История исторического знания. – М.Дрофа, 2004. – 288 с.

References:

Babalar sоzі. Tarihi zhyrlar.100-тоmdik[The word of the ancestors. historical songs.100-volume ]– Astana:Foliant, 2010. – vol.62. – 376 p. [in Kazakh

Bekmahanov E. Kazakstan ХХ- gasyrdyn 20-40 zhyldarynda [Kazakhstan 20-40 years of the nineteenth century]. – Almaty: Sanat, 1994. – 416 p. [in Kazakh

Valihanov CH.CH. Sobranie sochinenij v 5 t. [Collected works in 5 volumes]. – Alma-Ata: KSE, 1985. [in Russian]

Vyatkin M. Batyr Srym[batyr Srym]. – Almaty: Sanat, 1998. – 344 p. [in Russian]

Vansina Jan. Oral Tradition as History. –Madison: Tne University of Wisconsin Press, 1985. – 256 p.

Wallerstein I. The Modern World-System: Capitalist Agriculture and the Origins of the European World-Economy in the Sixteenth Century. – New York: Academic Press, 1974. – 410 p

Dosmyhamedyly H. Alaman[Invasions]. – Almaty: Publishing house, Rodnaya speech, 1991. – 80-81-pp. [in Kazakh ]

Drojzen I.G. Istorika: lekcii ob enciklopedii i metodologii istorii. [Historian: lectures on the encyclopedia and methodology of history]. – SPb.: Vladimir Dal', 2004. – 579 p. [in Russian]

Gumilev L.N. Etnogenez i  biosfera zemli. [Ethnogenesis and the biosphere of the earth].– Leningrad.: Publishing house, LGU, 1989. – 496 p.

Zhүgenbaeva G.Dastүrlі auyzsha tarih [Oral historical tradition]. – Almaty: Publishing house, КazKKA., 2010. – 224-p. [in Kazakh ]

Zhetі gasyr zhyrlajdy. Ekі tomdyk. /Кyrast. Dүjsenbajyly E. [oral literature seven centuries].– T.1. – Almaty: Publishing house, Zhazushy, 2004. – 165-189-pp. [in Kazakh ]

Madіbaj Қ. Zar zaman agymy[Age of Sorrow]. – Almaty: Кazakh universitetі, 1997. – 160 p. [in Kazakh

Margulan A. O haraktere i istoricheskoj obuslovlennosti kazahskogo eposa [On the nature and historical conditioning of the Kazakh epic] // News of the Kazakh branch of the USSR Academy of Sciences. Historical series. – 1946. –№2(27). – pp.80-81. [in Russian]

Kolomijcev V.F. Metodologiya istorii. Ot istochnika k issledovaniyu. [History methodology. From source to research]. – MMoscow.: ROSSPEN, 2001. – 191 p. [in Russian].

Repina L.P., Zvereva V.V., Paramonova M.YU. Istoriya istoricheskogo znaniya. – M.Drofa, 2004. – 288-s.[in Russian].

МРНТИ 03.20.00

ИСТОРИЧЕСКИЕ ИСТОЧНИКИ О БОРЬБЕ ЗА НАЦИОНАЛЬНУЮ ИДЕНТИЧНОСТЬ КАЗАХСКОГО НАРОДА

Г.С. Жугенбаева¹

¹Доктор исторических наук, Казахский национальный университет имени аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. Статья посвящена к проблеме изучению фольклорных и устных литературных материалов как исторического источника. Автор рассматривает автохтонных источников нового времени истории Казахстана как уникального материала для исследования национально-освободительного движения казахского народа.

Движение протеста казахов против колониальной политики Российской империи XVIII-XIX вв. имеет свою богатую историю. Восстания С. Датова, И. Тайманова и М. Утемисова, К. Касымова и т.д. сохранились в исторической памяти народа как освободительная борьба против иноземцев. Фольклор и устная историческая традиция этого периода подробно описывают характер, причины и ход народного сопротивления. В работе рассматривается некоторые проблемы освободительного движения именно по данным фольклорных материалов.

Ключевые слова: казахи, колониализм, Российская империя, национально-освободительное движения, восстания, земельный вопрос.

IRSTI 03.20.00

HISTORICAL SOURCES ON THE STRUGGLE

FOR THE NATIONAL IDENTITY OF THE KAZAKH PEOPLE

G. Zhugenbayeva¹

¹Doctor of historical sciences,Al-Farabi Kazakh National University. Kazakhstan, Almaty.

Abstract. The article is devoted to the issue of studying folklore and oral literary materials as a historical source. The author considers the autochthonous sources of the new time of the history of Kazakhstan as a unique material for the study of the national liberation movement of the Kazakh people. The resistance movement of the Kazakhs against the colonial policy of the Russian Empire in the XVIII-XIX centuries. has a rich history. The uprisings of S. Datov, I. Taimanov and M. Utemissov, K. Kassymov, etc. preserved in the historical memory of the people as a liberation struggle against foreigners. Folklore and oral history of this period describe in detail the nature, causes and course of popular resistance. The work examines some of the issues of the liberation movement precisely according to the data of folklore materials.

Keywords: Kazakhs, colonialism, Russian Empire, national liberation movements, uprisings, land issue.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2389

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ ӘОЖ 930.001.83 СӘЛІМГЕРЕЙ ТЕВКЕЛЕВ: ШЫҚҚАН ТЕГІ ЖӘНЕ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАМР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 ТАУАР-АҚША ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫ (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасырдың басы) ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ НАРЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫНА БЕЙІМДЕЛУІ (ХІХ ғ. – ХХ ғ. басы)

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІНІҢ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРІ