Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 930.001.83 СӘЛІМГЕРЕЙ ТЕВКЕЛЕВ: ШЫҚҚАН ТЕГІ ЖӘНЕ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ

А.Д. САНДЫБАЕВА, Н.Қ. КАТТАБЕКОВА, А. Ясауи атын. ХҚТУ аға оқытушылары, т.ғ.к.

ӘОЖ 930.001.83 СӘЛІМГЕРЕЙ ТЕВКЕЛЕВ: ШЫҚҚАН ТЕГІ ЖӘНЕ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Tags: діни, қазақтар, басқарма, Орынбор, мүфтилігі, мешіт, отаршылдық, патшалық, Ресей
Author:
Мақала ХІХ ғасырдың соңғы кезіндегі Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі Сәлімгерей Тевкелевтің қызметін қарастыруға арналған. Мақалада дерек көзі ретінде Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатының және Қазақстан Республикасының орталық мемлекетік мұрағатының материалдары пайдаланылған.
Text:

Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты тұсында діни қайраткер ретінде тарих сахнасына көтерілгендердің бірі ретінде Сәлімгерей Тевкелевтің есімін атауға болады. Оның есімін Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфти болуы да әйгілей түседі. Оның өмір жолын, шыққан тегін зерттеу отаршылдық саясат жағдайында орын алған құбылыстар мен оқиғалардың астарын аңғаруға өз септігін тигізеді.

  Мүфти Сәлімгерей Тевкелевтің шыққан тегіне қатысты соңғы уақыттарға дейін біржақты қарстырылып, оны татар халқының өкілі ретінде есептеліп келді. Мұндай пікірдің туындауы шежірелік мәліметтерге мән берілмеуден туындаған-ды. 

  Сәлімгерей Тевкелевтің шыққан тегі туралы нақтылы мәлімет беретін зерттеушілердің бірегейі ретінде ХІХ ғасырда өмір сүрген татар халқының көрнекті ағартушы-ғалымы Ш.Маржани есімін ерекше атау қажет. Ол ұсынған шежірелік мәлімет Сәлімгерей Тевкелевтен алынғандығымен ерекшеленеді.  Аталмыш ғалым өзінің «Мөстәфәдел-әхбар фи әхвали Казан вә Болгар» атты еңбегіндегі Орынбор қаласының салыну тарихына арналған тарауында бұл қаланың негізін қалауға Қ.Тевкелевтің тікелей қатысы барлығын айтып, оның  Шыңғыс хан әулетінен екенін атап көрсетіп, Сәлімгерейдің өзіне дейінгі тегін  мынандай ретпен береді:  Орыс хан (Ырыс хан) – Құйыршық  –  Барақ  –  Жәнібек – Жәдік  – Шығай  – Ондан  – Оразмұхаммед  – Дәулетмұхаммед – Мамаш – Тәукел (Тәуекел) – Құтлығмұхаммед -   Шаһингерей [1, 205, 216-бб.].

  Ш. Маржанидің көрсетуінше, С.Тевкелев қазақтың Оразмұхаммед сұлтанының тікелей ұрпағы табылады. Бұл мәліметтің шындыққа жанасатындығын И.А. Гилязев та өзінің Тевкелевтер әулетінен ХVІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басында шыққан  помещиктер туралы еңбегінде қуаттайды [2, с.77]. Алайда, И.А.Гилязев Тевкелевтер әулетін Оразмұхаммедтен өрбитіндігін мойындағанымен бұл әулет өкілдерін татар помещиктері ретінде сипаттайды. Бұл бәлкім, С.Тевкелевтің Оразмұхаммед, Дәулетмұхаммед, Мамаш секілді аталары мен әкесі  – Тәуекелдің (Тәукел)  және ағайын-туыстарының Керман хандығында ғұмыр кешкендігіне де байланысты шығар. Өйткені, Керман хандығы тұрғындары орыс деректерінде «касымдық татарлар» («касимовские татары», «качим татарлары») деп аталған және бұл тұрғындар кейіннен осындай атпен субэтностық топ құраған. «Қасымдық татарлардың» жалпы саны небір аласапыранды бастан кешкеннен кейін, 1897 жылғы санақ бойынша 4,7 мың адамды құраған. Санақ өткен кезде «қасымдық татарлардың» басым көпшілігі мұсылман дінінің суннит тармағымын ұстанатындығын танытқан.

  Осылайша,  қазақтың әйгілі ханы Тәуекелдің інісі – Ондан сұлтан мен оның ұлы – Оразмұхаммед С.Тевкелевтің арғы аталары болатындығы аңғарылады.  Сібір хандығындағы билеушісі Сейдектің иелігінде жүрген кезінде 1588 жылы Тобыл воеводасы Д. Чулковтың айлалы әрекеті нәтижесінде тұтқынға түсіп, Мәскеуге аттандырылғаны, онда алдымен орыс патшасы Федор Ивановичтің, кейіннен Борис Годуновтың қызметіне тартылғаны, орыстардың 1590 жылғы шведтерге қарсы жорығына және басқа да соғыс қимылдарына қатысқаны, сондай-ақ 1600 жылы Б. Годуновтың «қамқорлығы» нәтижесінде Керман  хандығының билеушісі болғаны аян [3, с. 338-385]. Сол кезде Мәскеу патшалары Сібірді және оған іргелес өңірлерді иелену мақсатында ондағы халықтардың ашық қарсылығын туғызбайтын тәсілді таңдап, жергілікті билеуші топтардың өкілдерін өзіне тарту, сөйтіп оларды өз мүдделеріне сай пайдалануға басымдық берген еді. Соған байланысты орыс патшалығында өз тарапына өткендерге шен-шекпендермен қатар иеліктер тарту ету және жұртта қалған отбасы мүшелерін алдырып беру, оларды қызметшілермен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды. Мұндай шаралар Оразмұхаммедке де байланысты іске асырылмай қалмады. Бұған  Оразмұхаммедтің  алдымен поместье алғанын, Мәскеуден кейіннен Керманда жалғыз емес, үлкен отбасымен және ел жұртынан келген жақын би-бектерімен  бірге тұрғандығын  мысал ретінде келтіруге болады [4, 16-20-б.].

  Оразмұхаммед 1605 жылы Б. Годуновтың өлімінен кейін орын алған алауыздық кезінде Лжедмитрий ІІ-ші жағына шықты. 1609 жылы  В. Шуйскидің әскері Касимов қаласын алғаннан кейін поляк королі Сигизмундты қолдаған Оразмұхаммед 1510 жылы қараша айында Лжедмитрий ІІ-нің бұйрығымен  қастандықпен өлтірілді.

  Романовтар билігі кезінде Оразмұхаммедтің ұрпақтары, яғни С. Тевкелевтің  арғы аталары қоныстанған Керман хандығында патша өкіметінің қолдауымен халықты шоқындыру саясаты жүзеге асырыла бастады. Хандықтың кейбір билеушілері шоқынып,  орыс есімдерін  алуға мәжбүр болды. Мәселен,  Сейіт-Борхан хан шоқынып, Василиий деген есімді иеленді. Шоқындыру саясатының екпін алуымен 1656 жылы Керман хандығының тұрғындары көтеріліске де шықты. Бірақ мұндай әрекеттен нәтиже бола қоймаған  саяси ахуал жағдайында Оразмұхамедтің ұрпақтары да шоқындыру, орыстандыру саясатының құрбанына айналып, болашақ Ресей империясына  қызмет етушілер ретінде қалыптастырыла бастады. Соның бірі Құтлығмұхаммед Тевкелев еді. Ол шоқынып, Алексей Иванович атанды. Ол патшалық Ресейдің отарлық саясатының қарқынды жүруіне елеулі үлес қосуымен танылғаны мәлім.

  Қ.Тевкелевтің көзі тірісінде-ақ Тевкелевтер отбасы ірі помещиктер қатарынан саналды. Қ.Тевкелевке  қарасты иелік оның «адал қызметі үшін»  жылдан-жылға кеңейіп отырған. Бұл әулеттің қарамағындағы крепостнойлардың саны 2110 адамға дейін жетті. Оның 897-сі Орынбор губерниясында, 1130-ы Вятка губерниясында, 85-сі Рязань губерниясында болған. Вятка губерниясындағы Тевкелевтердің иелігі 42915 десятина жерді құраған, оның 5685 десятинасы егістік алқап, 33 959 десиятинасы орман, 4498 десятинасы шабындық болған.  Сонымен қатар Тевкелевтер  бірнеше кен орындарды да иеленген.

  Осыншама кең алқабты алып жатқан Тевкелевтер иелігіндегі қожалықтар 1773-1775 жылдардағы Е. Пугачев бастаған көтеріліс тұсында зор шығынға ұшырады. Сол кездегі Тевкелевтердің шығыны 29864 сомды құраған. Пугачевшылдар көтерілісін басуға Қ. Тевкелевтің секунд-майор шеніндегі жалғыз ұлы – Жүсіп (христиандық аты-жөні – Осип Алексеевич) те қатысқан. Ол көтерілісшілерді жазалау отрядын басқарып жүрген шағында,  1773 жылы  6 желтоқсанда Уфа уезіне қарасты Ақбаш деревнясының маңында пугачевшылар қолынан қаза тапты. 

  Жүсіптің өлімінен кейін Тевкелевтердің иелігіндегі шаруашылыққа Қ.Тевкелевтің келіні – Дария Тевкелева бас-көз болды. Жүсіптің артында Шаһингерей атты баласы қалған, одан Сәлімгерей, Сейітгерей және Бақтыгерей атты үш немересі болған. Ресми құжаттарда олардың аттары орысша (Шаһингерей – Петр, Сәлімгерей – Александр, Сейітгерей – Павел, Бақтыгерей – Алексей) аталады [2, с.79].  Қазіргі Башқортсатан Республикасының Буздяк ауданына қарасты Климово ауылындағы Тевкелевтер сарайы Қ. Тевкелевтің шөберелерінің  тұсында, 1852 жылы салынды.

  Қ. Тевкелевтің шөберелері де өзі мен баласы секілді әскери жолды таңдады. Мәселен, 1805 жылы туылған үлкен шөбересі – Сәлімгерей гусарлар полкінде штаб-ротмистр лауазымына дейін көтеріліп, 1829 жылы орыс-түрік соғысына, 1830 жылы поляктар көтерілісін басуға қатысып, 1848 жылы отставкаға шықты.

  Тевкелевтер әулетінің өкілдері арасында тілмаштықпен қатар зерттеушілік жұмыстар жүргізгендері де болды. Мәселен, Қ.Тевкелевтің бауырларының бірі Рамазан Тевкелевтің ұлы – Мұртаза  коллеж асессоры ретінде Сыртқы істер коллегиясында тілмаш болып қызмет етіп, Әбілғазы ханның «Түрік шежіресіне» түсініктеме (комментарий) жазған. Осы жерде  Қ. Тевкелевтің ұлы – Жүсіп те білімге құштарлық танытып, өз үйінде бай кітапхана жинақтағанын айта кеткен жөн. Ол 1754 жылы қазандық Өтеген Оразметов деген адамға  құны 199 сом болатын жеті кітапты тарту еткен [2, с.80].

  Тевкелевтер әулетінен шыққандардың ішінде ХІХ ғасырда барынша танымал болғаны – мұсылмандыққа толығымен бет бұрған Сәлімгерей Тевкелев еді. Ол 1865 жылы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болып сайланды. Оның осындай лауазымға ие болуымен Тевкелевтер әулеті ендігі жерде шоқынған әулет емес, мұсылмандық әулет ретінде танылды. Оның үстіне сол тұста Еділ-Жайық өңірінде христиандықты қабылдаған түркі халықтарының өкілдері арасында миссионерлердің қарсылығына қарамастан мұсылмандыққа өту жаппай етек алып жатты. Осындай сәтте патша өкіметі шеткері аймақтарда тұрақтылықты сақтау мақсатында мұсылмандық элитамен ымыраға келу бағытына бет бұра бастаған еді [5, с.130]. Соған орай патша өкіметі мұсылмандық элита өкілдерін де өзіне тарту ниетінде оларды марапаттай бастады. Мәселен, С.Тевкелев І дәрежелі Анна және Станислав ордендерімен марапатталды [6, с.33].

   Орынбор мүфтилігі С. Тевкелев дүниеге келмей тұрып құрылған-ды. Оны құру туралы мәселені алғаш Уфа және Симбирск наместнигі барон О.А. Игельстром көтеріп, бұл жөнінде 1787 жылы басқарушы Сенатқа ұсыныс түсірген еді. Оның ұсынысы Сенаттың ғана емес, патшайым ІІ Екатерина тарапынан да қолдау тапты. 1788 жылы 22 қырқүйекте ІІ Екатерина мүфтилікті құру туралы жарлыққа қол қойды. ІІ Екатерина мүфтилікті құру туралы жарлыққа қол қойды.

  ІІ Екатеринаның жарлығына сәйкес Уфа қаласында ашылған бұл діни басқармаға  Сенаттың ұйғарымымен  қазандық татар Мұхаметжан Хұсейінов мүфти етіліп тағайындалды. Патша үкіметі мүфтиліктің қалыпты қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында оған кететін шығынды көтеруді өз мойнына алып, мүфтиге жылына 1500 сом көлемінде жалақы белгіледі, ал оның қол астында істейтін 3 қазы мен мүфтилік кеңсесінің 8 қызметкеріне жылына 900 сом бөлетін болды.

  Бұл мүфтилікке дейін Ресей империясында Қырымда Таврия мүфтилігі, оның артынша Кавказда шиитттер мен суниттердіңекі мүфтилігі құрылған болатын. Отаршылдық саясатты қарқынды түрде жүргізуді көздеген, орыс емес халықтарды шоқындыру бағытындағы шараларды жүзеге асыруға ұмтылған патша өкіметінің империядағы мұсылмандарға арнап өз қолымен діни басқармалар – мүфтиліктер құруның өзіндік себептері бар еді. Ол себептердің өзі сыртқы және ішкі жағдайлардан туындады.

  Сыртқы жағдай қатарында ХVІІІ ғаксырдың соңына қарай Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп, соғысқа ұласуын жатқызуға болады. Қалыптасқан осындай жағдайда ІІ Екатерина Ресей мұсылмандарына Түркияның ықпал ету мүмкіндіктерін барынша шектеуді көздеп, қауіпсіздік шараларын ұйымдастырды. Өйткені, 1788 жылы Түркияның Бұхар әмірлігіндегі елшісі Ресеймен соғыстың астарында «мұсылмандарды орыс үстемдігінен қорғау жатыр» деп мәлімдеген еді. Өз кезегінде түрік сұлтанын қолдаған Бұхар әмірі қазақ ақсүйектеріне, «қаны мен діні бір»  түріктерге көмек көрсету үшін орыстарға қарсы күресуге шақырған үндеу таратып жатты. Осыған орай патша үкіметі империядағы мұсылмандардың дініне ізгі ниетте екендігін танытуға тырысып, мұсылмандық діни басқармаларды құруды қолға алды.

  Мүфтиліктер ашуға әсер еткен ішкі жағдай мұсылмандардың отаршылдық саясатқа деген қарсылықтарын бәсеңсітумен байланысты еді. Мұны қазақ даласындағы Ислам дінінің жалпы жағдайымен арнайы шұғылданған орыс шенеуніктерінің отарлық билік орындарына беріп отырған мәлімдемелерінен де аңғаруға болады. Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті директорының атына жіберілген осындай мәліметтердің бірінде былай делінген: «Біздің даладағы үстемдігіміздің бастапқы кезеңіндегі саяси мүддеміз қырғыздардың (қазақтардың) және Орта Азиядағы өзге де мұсылман халықтардың діни істеріне қол сұғылмайтындығы жөнінде сенім қалыптастыруды талап етті. Мұндай жағдай өз жағымызға хандар мен сұлтандарды және даладағы ықпалды адамдарды тартуға байланысты туындады. Соған орай үкімет орындары алғашқыда Исламға төзімділік танытып ғана қойған жоқ, оған қамқорлық та көрсетті» [7, 101-п.].

  Мұсылмандық діни жоралғылардың сақталуын қадағалау, мешіттер мен медреселерді салуға басшылық ету және оларға имамдар мен мен мүдәрістерді тағайындау, сондай-ақ неке қию істерін жүзеге асырып отыру, т.б. бірқатар міндеттер жүктелген мүфтиліктерді патша үкіметі қатаң бақылауға ұстап, олардың қызметі империя мүддесімен үндесіп жатуына ерекше назар аударды. Сөйтіп мүфтиліктерді билік орындары отаршылдық саясат жолында барынша пайдалануға тырысып бақты. Отарлық билік орындарының уысында болуына байланысты мүфтиліктерге патша өкіметінің дегеніне көнуден басқа жол қалмады. Сондықтан да 1789 жылы 4 желтоқсангда Уфадағы мұсылмандық діни басқарманың ашылуы кезінде мүфти М. Хұсейінов мұсылмандарды патшайым ІІ Екатеринаға адал болуға шақырды.

  Уфада құрылған мұсылмандық діни басқарма 1797 жылдан бастап Орынбор мүфтилігі деп аталды. Оның бұлайша аталуы жаңадан Орынбор губерниясының құрылуына байланысты еді. Бұл губернияның орталығы Орынбор қаласы болғандықтан, 1798 жылы діни басқарма кеңсесі де осы қалаға көшті. Басқарма кеңсесі онда 1802 жылдың соңына дейін болып, Уфа қаласына қайта көшірілді. Бірақ бұған қарамастан, мүфтилік сол кезден бастап 1918 жылдың соңына дейін, яғни кеңестер билігі орнағанға дейінгі аралықта Орынбор мүфтилігі деген атын сақтап қалды.

   Орынбор мүфтилігінің қарамағында ХVІІІ ғасырдың соңына қарай  28 ахун, 969 молда, 114 мешітпен оның жанындағы медреселерде қызмет ететін 1921 мүдәріс болды.

  Қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қарату шараларын патша өкіметі 1789 жылдың көктемінде қолға алған еді. Осы мақсатта О.А. Игельстром Кіші жүз қазақтарына татар молдалары арқылы хат жолдап, құрылған мүфтилікке қазақтардың діни істері қарағанын қалайтындығын танытқан еді. Алайда, қазақ ақсүйектерінің бір тобы патша өкіметі қолымен құрылған мүфтилікке өздерінің діни істерін қаратқысы келмейтіндіктерін білдіріп, бұл жөнінде Бұхар әмірімен кеңесуді жөн санады. Қалыптасқан осындай жағдайда, 1789 жылы желтоқсанда мүфти М. Хұсейінов Оралға келіп, қазақ ақсүйектерімен келіссөздер жүргізіп, бұл өңір қазақтарының діни істерін Орынбор мүфтилігіне қаратуға қол жеткізді.

  Бұл қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қаратудың алғашқы қадамы еді. Мұнан кейін патша өкіметінің үстемдігі орнаған қазақ даласының өзге де аймақтарына Орынбор мүфтилігінің ықпалы біртіндеп тарай бастады. Ондай өңірлерде қазылар мен молдаларды бекіту мүфтидің құзырында болды. Мәселен, 1797 жылы Орал өңіріндегі Кіші жүз қазақтарына қазы болып Қазан губерниясының татары Мұхамеджан Қазиев, 1802 жылы Бөкей Ордасында қазылыққа Жүсіп Махмұтов бекітілді. Арынғазы сұлтанның сол тұста көсетуіне қарағанда, М. Қазиев қазақ руларын аралап, халықты тыныштық сақтауға, патша жарлықтарына бағынуға үндеп отырған. Патша өкіметінің билік орындарына мойынұсынуды насихаттауда мүфти М. Хұсейінов ерекше белсенділік танытып, қазақтар арасындағы бұхарлық және хиуалық дінбасылардың ықпалын әлсіретуге айрықша мән берді.

  Патша әкімшілігі Сырым Датұлы бастаған азаттық қозғалысты басуда мүфти М. Хұсейіновтің қазақтар арасындағы беделін пайдалануды көздеп, оны Сырым батырмен келіссөздер жүргізуге де аттандырған еді. Ол осы мақсатта 1790 жылы Сырым батырмен үш рет жолығып, оны Нұралы ханмен келісімге келуге үгіттеді. М. Хұсейінов 1797 жылы О.А. Игельстромның ұсынысымен Кіші жүзде құрылған Айшуақ сұлтан басқарған хан кеңесінің құрамына да енді.

  Орынбор мүфтилігі қазақ балаларын Уфада, Қазанда, Троицкіде, Орынборда және Омбыда ашылған медреселерге тартуда да бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде мүфтиліктің араласуымен Ішкі Ордада медресе ашылды. Онда сабақ беруге Еділ-Орал өңірінен татар мүдәрістері жіберілді. Орталық билік орындарына Орынбор мүфтилігі тарапынан мұсылмандық әдебиеттер шығару жөнінде ұсыныстар да түсіріліп жатты. Осындай ұсыныстарды ескерген патша өкіметі 1797 жылы 3600 дана, 1806 жылы 1500 дана, 1853 жылы 82 мың «Құран Кәрімді» баспадан шығарды [8, с.10]. Олардың біраз бөлігі Орынбор мүфтилігінің атсалысуымен қазақтар арасына таратылды.

  Қазақтар арасында Орынбор мүфтилігінің белгілі дәрежеде беделге ие бола бастауынан патша өкіметі секем алмай қоймады. Сондықтан да бұл мекеменің қазақтарға ықпалын болдырмаудың жолын қарастыра бастады. Мұндай амал ретінде патша өкіметіне адал берілген Тевкелевтер әулетінің өкілін Орынбор мұсылмандары діни басқармасына мүфти етіп қоюды жөн санады. Бірақ отарлық биліктің бұл үмітін С. Тевкелев ақтай қоймады. 

  Орынбор мұсылмандары діни басқармасындағы қызметі барысында С.Тевкелев 1868 жылғы әкімшілік реформаға сәйкес Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары қазақтарының діни істері аталмыш  мүфтиліктің қарауынан шығарылып, жергілікті билік орындары қарамағына берілуіне наразылық танытқандардың бірі болды  Сонымен қатар ол билік орындарының бұл облыстардағы қазақтардың діни істеріне байланысты шешім қабылданады деген уәдесіне сенім артты. Ол мұсылмандар арасындағы ахуалды жіті қадағалауға алып, 1866 жылы мұсылмандарға мұсылмандық парыздарын тиесілі орындау жөнінде үндеу таратты. Оның бұл үндеуіне сол кезде  генерал-губернатор Н.А. Крыжановский де құлақ асып, оны барлық уез басшыларына қарамағындағы мұсылмандарға насихаттау жөнінде арнайы тапсырма берді. Бұл өз кезегінде Орынбор мұсылман діни басқармасының халық арасындағы беделінің өсуіне түрткі болды.

  1867 жылы Орынбор өңірінде қуаңшылық орын алып, тұрғындар арасында аштық жайлай бастаған шақта С. Тевкелев Ресей мұсылмандарына үндеу жолдады. Ол үндеуде аштыққа ұрынған башқұрттар мен өзге де мұсылмандар пайдасына қаражат жинастыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл үндеуге орай мұсылмандар арасынан аштардың пайдасына деп 2431 сом жиналды. Жиналған қаржы аштыққа ұшырағандар арасында имамдар арқылы таратылып берілді [9, с.165-166].

  Қазақтардың діни істерін патша өкіметінің Орынбор мүфтилігі қарамағынан шығарып, жергілікті отарлық әкімшілікке тапсыруының астарында қазақтарды болашақта шоқындыру, православиеге көшіру пиғылы жатқан еді. Қазақтардың діни істерін қадағалаудың әскери шенділерден тұратын әкімшілік қолына тапсырылуын С. Тевкелев мұсылмандардың діни істерін аяқ асты етушілік деп бағалаған пікірінен тая қоймады. Осыған орай Уфа губернаторы Ушаков миссионерлердің кеңес беруімен Ішкі істер министрлігіне тез арада Орынбор мүфтилігін жабу жөнінде ұсыныс түсірді. Оның пайымдауынша, Еділ-Орал өңіріндегі татар-башқұрттардың, қазақ даласы мен Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың діндес және туыстас екендігіне Орынбор мүфтилігі дем беріп, оларды отаршылдық саясатқа қарсы бірлесе қарсылық көрсетуге шақыратын.

  Губернатор Ушаковтың ұсынысы мұсылмандықпен күресуде аса белсенділігімен танылған Қасиетті Синодтың обер-прокуроры К.П. Победоносцевтің тарапынан қызу қолдау тапты. Бірақ патша өкіметі  С. Тевкелев басқарып отырған Орынбор мүфтилігін тарату империядағы барлық мұсылмандардың отарлық саясатқа қарсылығын өршіте түседі деп сескеніп, ондай қадамға барудан бас тартты.

  Қазақтар арасында діни істерінің Орынбор мүфтилігінен шығарылып тастау толқу туғызбай қоймады. Жергілікті жерлерде қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қайта қарату жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізушілер бой көрсете бастады.  1872 жылы Ішкі Ордада бұрын имамның көмекшісі қызметін атқарған, Түркияда білім алып қайтқан Әбсаттар Жәбіров қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қайта қарату жайлы үгіт жүргізген. Ол осы әрекеті үшін билік орындарының қыспағына ілігіп, Осман империясы аумағына өтіп кетуге мәжбүр болған [10, 2-п.]. 

  С. Тевкелевтің мүфтилік қызметі кезінде өріс алған діни толқуларда қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қарату басты талап етіліп қойылды. Осындай толқулар жайында татар тіліндегі «Вакыт» газеті былай деп жазады: «Мұсылмандар үкіметтің ұйғарымын орынсыз, әрі зорлық ретінде санап, оған мойынұсынудан бас тартты. Қазан губернаторы Скарятин әскери күшпен губерниядағы мұсылман елдімекендерін аралап, жүздеген мұсылмандарды тұтқындалды. Олардың біразы жер аударылып, каторгалық жұмысқа жіберілді, Ақмолада болса, губернатор жергілікті архиреймен бірге Көкшетау қаласындағы шіркеу алаңына өңірдегі қазақтар мен татарлардың бір тобын жинады. Ол жиналған топқа православиені қабылдауды ұсынып, енді шариғатпен емес, орыс заңымен өмір сүресіңдер деп мәлімдеді. Сухотин бұл үкімге бағынбаған Көкшетау молдасының куәлігін алып, Сібірге жер аударды» [11].

  Орынбор мүфтилігінен діни істерінің шығарылып тасталуына орай қазақтар арасында орын алған толқуларды жергілікті билік орындары тарпынан татар діндарларының зиянды ықпалының нәтижесі деп бағаланды. Мұны Дала генерал-губернаторының Ішкі істер министрлігіне жолдаған мәлімдемесінің мынандай мазмұнынан аңғаруға болады: «1868 жылғы жаңа заң татарларды Орынбор мүфтилігіне қалдырып, қазақтардың діни істерін жергілікті әкімшілік қолына тапсырып, бұл мәселеде ол екі халықтың жігін айырып, бөліп тастаған-ды. Бұл шара өз кезегінде қазақтардың көз алдында татарларды ерекше қамқорлықтағы халық ретінде көрсетіп, өлкеде мерейлерін үстем еткендей болды. Айлалы татарлар қазақтарға «үкіметтің сендерді діни ұйымға біріктірмеуі – жалпы мұсылман ретінде біздердің бас қосуымызға бөгет болуы» дегенді мойындатты. ... Өлкені басқаруға келген алғашқы жылдарда татарлардың мешіттерді қаптату арқылы қазақтарды татарға және кәнігі мұсылмандарға тезірек айналдыру үшін не өз алдына діни орталық жасауға, не болмаса Орынбор мүфтилігіне бағындыруға үгіттеуі сияқты зиянды істеріне көз жеткізуіме тура келді» [12, 28-п.].

  Патша өкіметінің Ислам дініне байланысты ұстанымының астарын  С. Тевкелев дұрыс аңғара білді. Сондықтан да ол билік орындарының мұсылмандарға қойып отырған шектеуліктеріне бірден ашық қарсылық көрсетудің ауыр зардаптарға соқтыратынын ескерусіз қалдырмады.  Осыған орай мұсылмандардың діни істеріне қатысты мәселелерді билік орындарымен ымыраға келе отырып шешуге басымдық берді. Оның мұндай әрекеті нәтижесіз қалмады. Оны билік орындарының рұқсатымен Уфа, Қазан, Орынбор губернияларында ғана емес, Семейде, Қостанайда, Петропавлда, Ақмолада, Зайсанда мешіттердің салуға рұқсат беруінен аңғаруға болады.

  Мұсылмандар арасында жетім балалар мен қараусыз қалған қариялар мәселесі де С. Тевкелевті бей-жай қалдырмады. Ол мұсылман қариялары мен  жетім балаларды қамқорлыққа алатын үйлер ұйымдастыру жайын қолға алды. Оның өзі тікелей араласып, Уфа губерниясында мұсылман қариялары мен жетімдеріне арнайы үй ашуға жетекшілік жасап, жұртқа үлгі де көрсете білді. Бұл үйдің қаржылай ауыртпалықтарын көтеруге С. Тевкелевтің Сейітгерей, Бақтыгерей секілді бауырларымен бірге немере інілері де тартылды. С. Тевкелевтің бауырларының атсалысуымен мұсылман қариялар мен жетім балалар үйінің жарғысы әзірленіп, ол Императорлық адамсүйгіштік қоғамы арқылы бекітілді[13, с.197].

  Ресей империясының астанасы – Петерборда тұратын мұсылмандарға арналған үлкен бір мешіт салу мәселесін көтерген де С. Тевкелев болды. Ол Шетдіндер департаментіне бұл мәселені өткір қоя білу арқылы, билік орындары тарапынан оның салынуына рұқсат алды. Ол бұл мешітті Ресей империясындағы басты ислам храмына айналдырудың маңызды екенін имератордың өзіне де жеткерді. 1883 жылдан бастап астандағы мешітті салу үшін империялық көлемде қаражат жинастыратын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына С. Тевкелевтің ұсынысымен  А. Баязитов, М. Юнусов секілді т.б. беделді мұсылмандар енгізілді. С. Тевкелев аталмыш мешіттің салынғандығын көзімен көре алмай, 1885 жылы дүниеден өтті. Петербордағы мешіттің құрылысы 1913 жылы, Романовтар әулетінің 300-жылдық мерейтойы қарсаңында аяқталды. Мешіт ғимаратын салу ісіне өзге мұсылмандармен бірге қазақтар да, сондай-ақ, Бұхар әмірі – Сеид Абдул Ахад ханға дейін тартылды [14, с.348-349].

  Өзіндік өнегелі ісімен көпшілікті тәнті еткен Тевкелевтер әулетінің өкілі – С. Тевкелевтің артынан ұрпақ қалмаса да, оның ісін інісі – Бақтыгерейдің ұлы – Құтлығмұхаммед Тевкелев жалғастырды. Арғы атасы – Қ. Тевкелевтің құрметіне оның есімі де Құтлығмұхаммед деп қойылған-ды. 1850 жылы туылған ол да аталары секілді әскери кәсіпке бет бұрып, 1870 жылы  Паж кадет корпусын бітіріп, әскер қатарында офицер болып қызмет етіп, 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысына қатысып, 1885 жылы отставкаға шығып, қоғамдық жұмыстармен айналысты. Немере ағасының бастамасымен құрылған мұсылман қариялары мен жетім балаларға арналған үйдің жұмысын жүргізе жүріп, 1887-1905 жылдары аралығында Уфа қаласы думасының, Уфа губерниясы мен Белебей уезі  земство басқармасында қызмет атқарды. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалыстағы өзара ынтымақтастығын жақтаушы қайраткер ретінде танылып, үшінші және төртінші Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясына төрағалық етті. Петрбордағы мешіттің тұрғызылып, мұсылмандар игілігіне қызмет етуіне тікелей қамқорлық танытып, Сәлімгерей Тевкелевтің үмітін ақтай білді.

 

    Әдебиеттер

  1 Мәржани Ш. Мөстафадел-әхбар фи ахвали Казан вә Болгар. – Казан: Татарстан китап нәширати, 1989. – 415 б.

  2 Гилязев И.А. Помещики Тевкелевы в ХVІІ – начале ХІХ в. (к вопросу об исторических судьбах татарского феодального класса) // Классы и сословия в период абсалютизма. Межвузовский сборник статьей. – Куйбышев, 1989. – С. 77-85.

   3 Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о касимовских царях и царевичах. Ч. ІІ. – СПб.: Тип. Имп. Акад. наук, 1864. – 498 с.

  4 Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1991.- 272 б.

  5 Каппелер А. Две традиции в отношениях России к мусульманским народам Российской империи // Отечественная история. – 2003. – №2. – С.129-135.

  6 Арапов Д.Ю. Ислам в Российской империи // Ислам в Российской империи (законодательные акты, описания, статистика). – М.: ИКЦ «Академкнига», 2001. – 367 с.

  7 РИССМ. 147-қ., 485-т., 1693-іс.

  8 Литвинов П.П. Государство и ислам в Руском Туркестане (1865 – 1917). – Елец, ЕГУ, - 312 с.

  9  Азаматов Д.Д. Оренбургское магометанское духовное собрание в конце ХVІІІ – ХІХ вв. – Уфа: «Гилем», 1999. – 194 с.

  10 РФММ. 109-қ., 212-т., 186-іс.

  11 Атрырафән // Вакыт. – 1906. – 15 апрель.

   12 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 3475-іс.

  13 Ямаева Л.А. Мусульманский либерализм начала ХХ века как общественно-политическое движение (по материалам Уфимской и Оренбургской губерний). – Уфа: «Гилем», 2002. – 300 с.

  14 Загидуллин И. Исламские институты в Российской империи: Мечети в европейской части России и Сибири.- Казань: Татар. кн. изд-во, 2007. – 416 с.

   References

 1 Márjanı Sh. Móstafadel-áhbar fı ahvalı Kazan vá Bolgar. – Kazan: Tatarstan kıtap náshıratı, 1989. – 415 b.

  2 Gılıazev I.A. Pomeıkı Tevkelevy v HVII – nachale HIH v. (k voprosý ob ıstorıcheskıh sýdbah tatarskogo feodalnogo klassa) // Klassy ı soslovııa v perıod absalıýtızma. Mejvýzovskıı sbornık stateı. – Kýıbyshev, 1989. – S. 77-85.

  3 Velıamınov-Zernov V.V. Issledovanıe o kasımovskıh tsarıah ı tsarevıchah. Ch. II. – SPb.: Tıp. Imp. Akad. naýk, 1864. – 498 s.

  4 Syzdyqova R., Qoıgeldıev M. Qadyrǵalı bı Qosymuly jáne onyń jylnamalar jınaǵy. – Almaty: «Qazaq ýnıversıtetі», 1991.- 272 b.

  5 Kappeler A. Dve tradıtsıı v otnoshenııah Rossıı k mýsýlmanskım narodam Rossııskoı ımperıı // Otechestvennaıa ıstorııa. – 2003. – №2. – S.129-135.

  6 Arapov D.Iý. Islam v Rossııskoı ımperıı // Islam v Rossııskoı ımperıı (zakonodatelnye akty, opısanııa, statıstıka). – M: IKTs «Akademknıga», 2001. – 367 s.

  7 RISSM. 147-q., 485-t., 1693-іs.

  8 Lıtvınov P.P. Gosýdarstvo ı ıslam v Rýskom Týrkestane (1865 – 1917). – Elets, EGÝ, - 312 s.

  9  Azamatov D.D. Orenbýrgskoe magometanskoe dýhovnoe sobranıe v kontse HVIII – HIH vv. – Ýfa: «Gılem», 1999. – 194 s.

  10 RFMM. 109-q., 212-t., 186-іs.

  11 Atryrafán // Vakyt. – 1906. – 15 aprel.

  12 QROMM. 64-q., 1-t., 3475-іs.

  13 Iamaeva L.A. Mýsýlmanskıı lıberalızm nachala HH veka kak obestvenno-polıtıcheskoe dvıjenıe (po materıalam Ýfımskoı ı Orenbýrgskoı gýbernıı). – Ýfa: «Gılem», 2002. – 300 s.

  14 Zagıdýllın I. Islamskıe ınstıtýty v Rossııskoı ımperıı: Mechetı v evropeıskoı chastı Rossıı ı Sıbırı.- Kazan: Tatar. kn. ızd-vo, 2007. – 416 s.

 

А. Д. САНДЫБАЕВА,

Н.К.  КАТТАБЕКОВА,

Старшие преподаватели Международного казахско-турецкого университета  им. К.А. Яссауи

Салимгерей Тевкелев: генеалогия и деятельность

Резюме

  Данная статья посвящена исследованию деятельности муфтия Оренбургского мусульманского духовного собрания в конце ХІХ века Салимгерея Тевкелева.  В стате в качестве источников использованы материалы Государственного архива Росийской Федераций и Центрального государственного архива Республики Казахстан.

  Ключевые слова: духовное управление, казахи,  Оренбургский муфтият, колниализм,  мечет, царская Россия.

A.D. SANDIBAYEVA,

N.K. KATTABEKOVA,

K. A. Yassawi Kazakh-Turkish international University, Senior Lecturer

Summary

This article is dedicated to the research activities of the Mufti of the Orenburg Muslim Spiritual Assembly in the late nineteenth century Salimgerey Tevkelev.  The materials of the State Archive of the Russian Federation and the Central State Archive of the Republic of Kazakhstan were used as sources in the article.   

  Key words:  spiritual administration, Kazakhs, Orenburg muftiat, colonialism, mosques, tsarist Russia.

   


No comments

To leave comment you must enter or register