Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА

Г.Т. Каженова, т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4 (16) 2018

Tags: Ақмола, облысы, халқы, қазақ, Алаш-Орда, жергілікті, басқару, органдары, болыстық, земстволар, азамат, соғысы.
Author:
1917 - 1918 жылдары Қазақстан территориясында жер реформасы жүзеге асырылды. Мақалада Ақмола облысындағы қазақ болыстарындағы земство мекемелерінің қалыптасу үрдісі қарастырылады. «Алаш» партиясының өкілдері земствоны өзін өзі басқару жолындағы алғашқы қадам және территориялық ұлттық автономияға өту жолы ретінде қарастырды. 1917 жылы жазда басалған земствоны енгізу бойынша жұмыстар кеңес өкіметінің орнығуымен орта жолдан үзілді. Кеңестер билігі Алаш-Орда үкіметі земстволармен тығыз байланыста болды деп есептеді. Уездерде құрылған Алаш-Орда кеңестері земствоның басқару құзіретіне араласпауға ұмтылғанымен, іс жүзінде оның көптеген қызметтерін атқарды. Ақмола облысы, қазақ халқы, Алаш-Орда, жергілікті басқару органдары, болыстық земстволар, азамат соғысы.
Text:

Кіріспе.Қазақстан территориясында өзін-өзі басқару негіздері көшпелі өмір сүру қалыптасқанда, рулық және тайпалық қауымдардың пайда болу дәуірінде туындады. Ру старшындары мен тайпа көсемдері көшпелілердің құрылтайында және басқосуларында сайланды. Олар дау-жанжалдарды шешу, әскер бөлімшелерін құру және оларды басқару өкілеттілігіне үміттенді. Рулық қауымдардың өзіндік рөлі жоғары болды. Дала демократиясының дәстүрлері ХVII ғасырда, яғни «Жеті Жарғы» заңдар жинағында заңдық тұрғыдан бекітілген еді. Академик С. Зимановтың айтуынша: «в имманентном его понимании, формировалось и достигло развития в Кипчакской степи в условиях большой свободы кочевников и самоопределения кочевых сообществ» [1, 156-б.].

1718 жылы Қазақ хандығы үш жүзге бөлінген соң және қазақ жерлерінің кезең-кезеңмен Ресей империясы құрамына кіруі салдарынан халықтың өмір сүруін қамтамасыз етуде ақсүйек өкілдері аға сұлтандарды, округтік приказдар мен облысты басқарушыларды, ауыл старшындарын, сонымен қатар билер сотын (заңдық тұрғыдан шектеулі) сайлау түрінде өзін-өзі басқарудың элементтерін сақтауды талап еткен күрделі проблемалар бас көтерді. Кейбір жергілікті мәселелерді шешу мақсатында ауыл және болыс жиындарына рұқсат етілді.

Одан әрі, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуы 1917 ж. Уақытша Үкіметтің әкімшілік реформаларымен байланысты болды. Ресейдің алғашқы жергілікті өзін-өзі басқару органдары – земства 1864 ж. 1 қаңтардағы «Губерниялық және уездік земство мекемелері туралы Ережемен» енгізілді. Алайда, Сібірде, Дала және Түркістан өлкесінде, Ресей империясының кейбір губерниялары мен облыстарында земство мекемелері тек қана 1917 жылы енгізілді.

Қазақстан территориясында земствоны енгізу мәселесін қазақ зиялылары 1905-1907 жж. революциялық оқиғалар уақытында көтерген еді. Дала өлкесі облыстарында жер мекемелерінің құрылуы туралы (Семей, Ақмола) 1916 жылы Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Дума отырыстарында жазғы сессия уақытында да айтылған еді [2, 240-241-бб.].

Земство үкімет үшін «зиянсыз» жергілікті істермен айналысып, басқарушы тәртіпке ешқандай қауіп төндірмеді. Сондықтан, қазақтың либеральды зиялылары патша үкіметі тарапынан бақыланып, саяси өмірдің өзге салаларында мүмкіншіліктері шектеулі болғандықтан, қазақ халқы арасында земство ашу ісіне ерекше көңіл қойды. Зиялылар земствоның қажетілігі мен пайдасын теориялық тұрғыдан негіздеуге ұмтылып, земствоны өзін өзі басқару жолындағы алғашқы қадам және территориялық ұлттық автономияға өту ретінде қарастырды.

«Қазақ» газеті беттеріндегі «Земство не нәрсе?» деген атаумен жарияланған мақалалар қатары земствоның мәнін түсіндірді. Мемлекет тарапынан өз қызметінің бір бөлігін бұқара қолына өз еркімен беру мазмұнын халыққа жеткізді. Газет шығарушылар бұны «жеке бостандық» деп атады. Мақала авторларының пікірінше (көпшілігінің авторы М. Дулатов болды) тарихи даму ағымы мынадай, ерте немесе кеш болсын халық елдегі жағдайдың қожайыны болуы тиіс. Билік халықтың мүддесіне қызмет етуі қажет.  Газет Еуропа елдеріндегі, Петербургтегі буржуазиялық демократияны жаңа тәртіп ретінде келтірді [3]. «Алаш» партиясының болашақ көсемі Ә. Бөкейхан земствоны енгізу  қоғамдық істерді сауатты жүргізу көмектесетіндігін де жазды [4, 10-13-бб.]. Бұл мәселеде қазақ зиялылары Мемлекеттік Думаға үміт артты. Мемлекеттік Дума арқылы қазақ жерінде земство ашуға қол жеткізуді мақсат етті. Газет беттерінде земство қызметінің түрлі қырлары суреттеліп, қазақтарға земствоның пайдалы екендігі дәлелденді. «Қазақ» газеті земствоға қызығушылықты оятуға ұмтылып, қаржының, мектеп пен медресе ашу, денсаулықты сақтауды жақсарту және өзге де игі жұмыстарға жұмсалатындығы туралы жазды.

Өлкеде земствоны енгізу мәселесі 1917 ж. бұрынғы империя халықтарының саяси белсенділігіне алып келген ақпан оқиғасынан кейін аса күрделі болды. Қазақ қоғамының түрлі қабаттары қоғамдық өмірге тартыла бастады. Уақытша Үкімет билігіне келгендер Кеңестерге қарсы болып, земство өзін-өзі басқару органдарын құра бастайды. Алғаш рет болыстық земствоны енгізіп, земстволық өзін-өзі басқару жүйесін барлық елге таратуды көздейді. Басқарудың жаңа жүйесінің теоретиктері үкімет реформаны жүргізе отырып, тек қана село мен ауылдарда – болыстық; уездерде – уездік, ал губернияларда – губерниялық  земствоға сүйенетіндігін дәлелдеді [5, 76-89 б.]. Уақытша Үкімет земстволық өзін-өзі басқаруды енгізе отырып,жергілікті халық тарапынан қаржылай қамтамасыз етілетін  кең тармақты, саны көп басқару аппаратын жасауға ұмтылды [5, 325-б.].

17 маусымда Уақытша Үкімет Архангельск губерниясында, Сібір мен Далалық өлкеде земствоны енгізу туралы Ережені бекітті. Осы заңдық актіге орай губерниялық атқарушы комитеттер мен уездік халық жиналыстары салық жинау және земство жиналыстарын ұйымдастыру бойынша өкілеттілікке ие уақытша земстволық басқару болып қайта құрылды [6, 383-408; 415-436-бб.]. 1917 жылы 1 шілдеден бастап  «Наказ по выборам земств в Сибири и Степном крае»қаулысы жарияланды [7].

Материалдар мен әдістер. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты қойнауларындағы деректер негізінде Ақмола облысындағы земство мекемелерінің тағдыры туралы мақала әзірленді.  Қазақ қоғамының әр түрлі қабаттарының сайлау мен земство мекемелерінің өкілдігіне қатысуы үлкен жетістік болғандығы, болыстық земство халыққа неғұрлым жақын билік органы болып табылғандығы деректер негізінде зерделенді.  

Талқылау. 1917 жылы 21-28 шілдеде Орынбар қаласында өткен бірінші жалпы қазақ сиезінде земствоны енгізу туралы талқыланды. Сиезде келесідей пункттерден тұратын қаулы қабылданды: 1)...шұғыл арада земствоны көшпелі және отырықшы халық арасында құру қажет; 2)болыс және уездік сайлаулар ашық түрде бір мезгілде өтуі тиіс; 3) болыстық земстволық басқаруда 5 мүшеден артық болмауы тиіс; 4) орыс және қазақ сиездеріне уездік, облыстық комитеттерден арнайы нұсқаушылар жіберулері тиіс [8, 11-п.]. Қазақ халқының земствоға деген қызығушылығына Орынбор қаласында 1917 жылдың 2-13 желтоқсанында Екінші Жалпы Қазақ сиезінің ашылуында оқылған: «Қырғыздар (қазақтар, бұдан әрі- қазақтар-авт.) земство сайлауы мен Құрылтай жиналысына үлкен қызығушылық танытуда» деген мазмұндағы телеграмма  куә болады [9, 2-4-п.].

1917 жылдың жазында Ақмола мен Семей облыстарында, барлық Сібірде өңірдегі билік жергілікті ұйымдар мен мекемелер құрамынан тұрған, демократиялық деп танылған қоғамдық атқару комитеттерінің қолына шоғырланды. Уездік атқару комитеттері жанынан земствоны енгізу бойынша комиссиялар құрылды. 1917 жылы 12 қыркүйекте Көкшетау уездік атқару комитетінде земствоны енгізу бойынша комиссияның 16 отырысы өткен. 20 қыркүйекте болыстық земствоға сайланушылар тізімін ауылдық сайлау комиссиялары мен қалалық басқару ғимараттары қабырғаларына  ілуге шешім шығарылды. Комиссия уезді 9 орыс және 3 қазақ, яғни барлығы 12 сайлау округтеріне бөліп, 4200 жаннан тұратын бір уездік земстволықтан сайлауға қаулы қабылдады. Сайлау округтері халықты сайлауға тарту және бюллетендерді қабылдау үшін ұсақ бөліктерге бөлінді. Орыс округтері болыстық земство сайлауы бойынша округ шекараларындағы телімдерге бөлінді. Қазақ округтері болыстар шекарасындағы телімдерге бөлінді. Қазақ тұрғындары бар әрбір телімде бюллетендерді қабылдайтын 4 пункт болды. Орыс болыстарындағы сайлауды басқару ауылдық сайлау комиссияларына, қазақтардыкі округтік және болыстық сайлау комиссияларына міндеттелді [10,40-41-п.].

Сонымен қатар, Сібір облыстары мен губернияларында, Ақмола облысында земство болыстық деңгейден, төменнен құрыла бастады. Уездік земство жиналысына сайлау болыстық земство жұмысын ұйымдастырып, бастағаннан соң қана жүзеге асырылды. Халықтың өз еркімен жаңа болыстарды құрып алуы нәтижесінде болыстық земство басқармасына сайлау күрделенді.

Уездік земство басқармасын құру және уездік земство жиналыстарын өткізу 1917 ж. қарашасы мен 1918 ж. қаңтарында басталды. 1917 ж. 27 қарашасы мен 3 желтоқсан аралығында Омбы уездік земство жиналысының бірінші сессиясы өтті. Оған 45 адам жария түрде қатысты, оның 14 – і қазақ тұрғындары еді [11, 143-145-б.]. 1917 жылы 13 желтоқсанда Атбасар уездік земство басқармасы өз жұмысын бастады. 1918 ж. 19-26 қаңтар аралығында Атбасар уездік земство жиналысының екінші сессиясы өтіп, онда құпия дауыс беру арқылы земство жиналысының төрағасы мен оның орынбасары бір жыл мерзімге сайланды.

Жиналыста Атбасар уездік милиция бастығы мен оның көмекшісі (қазақтардан) сайланды. Уездік милиция бастығына милиция штатын жабдықтау, соынмен қатар участке бастықтары мен милиционерлерді тағайындау уездік земство басқармасымен бекітілетіндігі тапсырылды. Басталған земство реформасы негізінен орыс тұрғындары өмір сүрген аудандарды қамтыды. Қазақ болыстары земство ұйымдастыруды бастауға үлгермеді. Земство реформасы Кеңес өкіметінің орнауымен тоқтатылды. Қалыптасқан земство өзін-өзі басқару органдары қуғындалды. Земство басқарма аппараты Кеңестердің атқарушы комитеттерінің бөлімшелеріне берілді. Мәселен, Көкшетау уезінде болыстық және уездік земство басқармалары 1918 ж. қаңтары мен наурыз айларында өмір сүрген. Уездік басқарма хабарламасында: «Наурызда большевиктер земствоны совнархозға айналдырды, барлық земство қағидаттарын бұзып, земство шаруашылығын күйретті. Осындай жағдайда олар 7 маусымға дейін өмір сүрді» [12, 5-18-пп.],-деп жазады.

Ақмола уезінде 1917 ж. 21 және 25  мамыр, 17 маусымдағы земство мекемелерін құру туралы  заңдар жүзеге аспады. 1917 ж. 16 шілдесінде барлық облыстардағы секілді земтвоны енгізу бойынша комитет құрылып, болыстық және уездік земстволарды сайлау бойынша жұмыстарға шұғыл кірісті. Алайда, жылдың аяғына дейін сайлаулар «большевиктік үгіт- насихат қысымымен» соңына дейін жүргізілмеді. 1918 ж. 20 қаңтарында ашық дауыспен бірінші уездік земство шақыру белгіленгенімен, большевиктер қуғындауымен жиналыс өткізілмеді. Большевиктер билікті өз қолдарына алып, жаңадан құрылған болыстық земство жиналыстары мен болыстық земство  басқармаларын қысқартып, оларды совдеп және кеңестік атқару комитеттерімен ауыстырды [13, 19-пп.]. Осылайша, Ақмола унезінде земство құру бойынша жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталды. Земство құруға деген талпыныстар нәтижесіз аяқталды.

  Ақмола уездік земство басқармасы мәлімдемесінен деректер келтірсек: «Дальше среди населения, как русского, так и киргизского, началась экономическая и политическая разруха и народная жизнь, выбывшись из обычных колей, пошла хаотичным путем. Все нормальные основы человеческого общежития были нарушены, никакой власти население не признавало, налогов не платило, началось царство произвола и всезможных насилий над личностью и имуществом тех граждан, которые имели гражданское мужество и смелость возвышать свой голос в пользу правопорядка и законности. В таком положении находилось дело вплоть до падения большевистской власти» [13, 19-пп.].

Сол кезең туралы Э. Карр: «Қазан революциясымен байланысты сыртқы оқиғалар, шет аймақтарға сұмдық жағдайды орнатты. Ресейдің орталық аудандарындағы большевиктер қабылдаған қозғалыс, тәртіп шет аймақтарға таныс болмады. Большевиктер билігі зорлық-зомбылықпен, күштеумен тонаумен, өзіндік диктаторлық билікті қолданумен орнады. Қысқартып айтқанда, шет аймақтардағы қозғалыс революцияны көрсетпеді, керісінше толық анархияны бейнеледі» [4, 768-б.].

Қазақ либеральды зиялылары «Алаш» партиясын құрып, қазан төңкерісін демократияға төнген қауіп, автономияға қатер ретінде  қабылдады. 1917 ж. 5-13 (18-26) желтоқсандағы Орынборда өткен Екінші Жалпы Қазақ сиезінде Алашорда үкіметі құрылды. Оның төрағасы болып Ә. Бөкейхан сайланды. Осы сиезде Алаш автономиясы жарияланды. Алаш автономиясының Үкіметі өз билігін Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Жетісу және өзге де облыстар территориясында таратты. Уездік кеңестер мен комитетер құрылды.

Алаш Орданың Халық Кеңесінің төрағасы Ә. Бөкейхан болып сайланды. Кеңес ұлттық құрылтай жиналысын шақырып, Алаш автономиясын жариялауды даярлауға  тиіс еді [15, 50-53, 56-б.]. Сиез Кеңес өкіметін мойындамауға шешім қабылдады. Қызыл Армияға тойтарыс беру үшін Қазақстан жерінде ұлттық армия құру туралы шешім қабылданды. Алаш автономиясы халықты қорғауды басты орынға қойды.

Кеңес өкіметі орнаған соң Алаш Орда Кеңестер билігімен байланыс орнатуға мәжбүр болды. Басты мақсат РСФСР ХКК – нен 1917 ж. 2 қарашадағы  «Ресей халықтары құқығының Декларациясына» сәйкес Алаш автономиясын мойындауды талап ету еді. Алайда, бұл әрекеттен ешнарсе шықпағасын, Алашорда үкіметі кеңестерге қарсы күресуге мәжбүр болады.

Мамырдың соңы мен маусымның басында Сібір мен Қазақстанның бірқатар қалаларында кеңестерге қарсы бүлік болады. 31 мамырда Петропавл, 2 маусымда – Кокшетау, 3 – Акмола алынып, 1918 ж. 4 шілдесінде Уақытша Сібір үкіметі барлық кеңестік мекмелерді, кеңестік декреттерді заңсыз деп таниды [16, 4 б.]. Нәтижесінде, земство мекемелері қайтадан жандана бастайды.

1918 ж. 1 маусымындағы халыққа арналған Декларацияда Батыс Сібір комиссариаты жергілікті өкілдердің басты міндеті жоғарғы мемлекеттік биліктің жергілікті жерлердегі өкілдері болып табылатын өзін-өзі басқару органдарын қалпына келтіру екендігін айтты. Уақытша Сібір үкіметі осы сипаттағы губерниялық және уездік комиссарлар мен өзін-өзі басқару органдары арасындағы қатынастарды жоққа шығармады [17, 125–158-бб.].

1918 жылы 3 маусымда Ақмола қаласында қала мен станцияларды басқару және уездердегі билікті ұйымдастыру бойынша міндетті өз қолына алған Уақытша комитет құрылады. Ең бірінші кезекте Қалалық Дума және бұрынболған мекемелер қалпына келтірілді.  4 маусымда комитет барлық болыстарға хабар таратып, болыстық земство басқармасын қайта сайлау туралы және уездік сиезге қатысу үшін орыстардан 2 өкіл, қазақ болыстарынан 1 өкіл сайлау жөнінде ақпапараттандырады.

Уезд халқынан өкілдер қатысатын сиез 6 маусымға белгіленіп, Ақмола қаласынан барлық орыс болыстарынан, сонымен қатар жақын арадағы қазақ болыстарынан да өкілдер жиналады. Уездік сиезде қала мен станица өкілдерінен 105 делегат қатысады. Облыстық земство жиналысына 12 өкіл сайланады. 1917 жылғы Ақмола уезіндегі уездік земство сайлауының «большевиктер насихаты салдарынан» толық өтпегендігін ескере отырып, 1918ж. 7 маусымдағы сиез  жиналысында «Происходившие в 1917 году выбора уездных земских гласных признать анулированными и в текущем 1918 году произвести новые выборы. Настоящий же съезд представителей от русских и киргизского населения, избранных на основе равного и всеобщего голосования, считать заменяющим уездные земские собрания, присвоившему все права и функции таковой»-деген қаулы қабылданды.

Уездік биліктің атқарушы органы туралы  мәселе бойынша сиез Ақмола уездік уақытша земство басқармасын құру туралы шешім қабылдайды. Оның құрамына орыс болыстарынан 4 өкіл; қазақтардан 4 өкіл; қаладан 4; станицадан 1; Спасск зауытынан 17 адам енеді. Уездік земство басқармасына земство бойынша және Ақмола уезі тұрғындары арасында земствоны жандандыру щараларын жүргізу тапсырылады [13, 19-п.]. 1919ж. 3 қаңтарда Ақмола уездік земство басқармасы 11 адамнан тұрды: 7 – орыс тұрғындарынан – мал дәрігері, 2 шаруа, 2 мещан, 2 казак, 4 қазақ халқының өкілі [13, 21-п.].

Болыстық земстволар қызметіне атқарушы комитеттер кедергі болды. Болыстық земствоға ашық сайлау барлық болыстарда өтпеді. Қазақ болыстарында 1917-1918жж. болыс жиналыстарында сайланған болыстық комитеттер өз қызметін жалғастыра берді. 1919 ж.қаңтар мен ақпан айларында өтетін уездік және болыстық земство сайлауларында өзін-өзі басқарудың жергілікті органдарын болыстық земство басқармасымен ауыстыру көзделді [13, 19-п.].

Көкшетау уезінде большевиктер қудаланған соң Кеңестер билігіне дейін сайланған болыстық земство басқармалары қалпына келтіріле бастады. Уақытша басқарудың жаңа құрамында бұрынғы мүшелері енді. Большевизмге қатысы бар екі мүшесі құрамнан шығарылып, 3 адам қайта сайланды. Жаңа басқарма земство жұмысын қайта қалпына келтірді.  Болыстық, уездік ашық сайлау жұмыстарын жүргізді [13, 65-п.].

Негізгі халқы казактардан тұрған Атбасар қаласында большевиктер билігі құлатылған соң Уақыша атқару комитеті құрылып, сиез ұйымдастырды. Сиез 1918 ж. 5-9 маусым аралығында өткізіліп, земство жиналысы ретінде тарихта қалды (1919 ж. соңына дейін қызмет еткен). Сиезге уездер мен станицалардан 84 делегат қатысты. Сиез 3000 адамнан жария түрде бір уездікті сайлау есебінен жаңа уездік земство сайлауын өткізуді ұйғарды. Сиезге қатысушылар казактардың ортақ земство жұмысына шұғыл түрде қосылуы және «казак, шуаруа, қырғызға бөлінбеулері» туралы тілектерін білдірді [12, 19-24-пп.].

1918 ж. 18 қыркүйектегі мәліметтер бойынша Атбасар уездік земство басқармасы тек қана орыс тұрғындарын ұсынатын 8 адамнан тұрған. 1918 ж. желтоқсанында земство жиналысына қазақ қоғамдық ұйымдары өкілдері қатысып, уездік басқарманы қазақ өкілдерінмен толықтыруды сұрады. Сонда Атбасар уездік басқармасына орыс тұрғындарынан 1918 ж. маусымда шаруалар сиезінде сайланған 5 адам,  қазақ халқынан сол жылдың желтоқсанында болған жиналыста сайланған 3 адам кіреді [13, 25-27-пп.].

Нәтижелер. Земство өзін-өзі басқару органдарын қалпына келтіруде Алашорда өкілдері үлкен қызмет атқарды. Кеңес билігі құлатылған соң Алашорда көсемдері автономияны сақтау мақсатында Ресейдің большевиктерге қарсы күштерімен одақтық қатынаста болады. Уақытша Сібір үкіметімен мемлекеттік ұйымдардың өзара қарым-қатынасын анықтайтын әскери-саяси шарттарға  қол қойылады.

1918 ж. 24 маусымында Алаш Орда кеңестер билігінің барлық декреттерінің Алаш жерінде күші жойылғандығы туралы қаулы қабылдады. 1917 ж. Уақытша Үкіметтің ар-ұждан бстандығы, баспасөз, жиналыс, одақтар мен жеке басқа қол сұқпау туралы заңдары мен декларациялары күшке енді. Бәрінен бұрын земство мекемелері қалпына келтірілді. Алаш Орда автономия халқынан барлық мемлекеттік салықтарды жинауды өз құқығында қалдырды. Автономияны басқару қағидаттары жасалды. Алашорданың 3-5 адамнан тұратын (олар Алашорда тарапынан уақытша сайланды) облыстық және уездік кеңестері құрылды. Қаулыда көрсетілгендей, егер де қазақ емес тұрғындар автономияда қалғысы келсе, онда кеңестер барлығы қатысқан жиналыспен сайланады [15, 91-92-бб.].

Осылайша, Алаш Орда автономияда басқару қағидаттарын жасауда ақпаннан кейін құрылған құрамы бойынша көп ұлт өкілдеріннен тұратын жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сақтауға әрі сол уақытта өзіне бағынатын биліктің ұлттық органдарын құруға ұмтылды.

1918 ж. 27 маусымда Петоропавлде 34 мүшесі (оның 15-і қазақ халқының өкілдері) қатысқан Екінші төтенше уездік земство жиналысы өтті. Жиналыста Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Кузнецов сөз сөйлеп, мәселелерді Сібір Құрылтай жиналысына жеткізуді айтып өтті. Кузнецов сөзін М. Жұмабаев қазақ тіліне аударды. Ағымдағы жағдай туралы мәселені талқылай келе, М. Жұмабаев қазақ халқының төңкеріске деген қатынасын былайша түсіндірді: «Во время Советской власти был образован Всесибирский киргизский народный комитет, который, работая рука об руку Сибирским Временным правительством, также и теперь будет всеми силами поддерживать его». А.Жанталин: «Қырғыздар шаруалар мен казактармен бірлесіп Сібір уақытша үкіметіне бағынуды ойлайды. Қырғыздар патша үкіметі, большевиктер тұсында да тиесілі азаматтық бостандық құқықтарын пайдалана алмады. Сондықтан да, алдыңғы үкіметтерді олар халық билігінің жаулары деп  есептейді...» [18, 16- 22-бб.].

Алаш Орданың облыстық және уездік кеңестері, қазақ комитеттері құрыла бастап, қазақ сиездері шақырылды. 1918 жылдың шілде айының басында Омбы уездік қазақ сиезі шақырылды. Оған 159 делегат пен «сырт көзбен қарайтын жұртшылықтан» 3000 мыңнан адам бас қосты. Сиезде келесідей қарар қабылданды: 1) Орынбор жалпықазақ сиезінде сайланған Алаш Орда халық Кеңесін барлық қазақ халқының нағыз өкілеттілігі деп тану; 2) Қазіргі құрамдағы барлық қазақ үкіметтері қазақ халқының үкіметі ретінде саналсын; 3) Алаш Орда үкіметінің барлық бұйрықтары мен нұсқаулары мойындалып, шұғыл арада орындалсын. Сиезде «Халық билікке толық сену үшін, қазақ үкіметінің пікірін әрдайым сұрап отыру керек» деп те айтылды. Сонымен қатар, Сібір Уақытша үкіметін қолдау үшін оның пайдасына 200 жылқы беру туралы да қаулы қабылданды [19, 53-п.]. 1918 ж. 30 тамызда Алаш Орда мүшелері Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелеріне Алаш автономиясы территориясының большевиктерден азат етілген жерлерінде земство және қалалық өзін-өзі басқару қалпына келтірілгендігін баяндады [20, 72-п.]. Алайда, негізінен орыс болыстарында қалпына келтірілген земство туралы айтылды.

Қазақ болыстарында земствоның құрылуы қиындықпен жүзеге асты. Салыстырмалы түрде Көкшетау уезі жақсы жетістерге жетті. Онда 3 қазақ сайлау округі құрылып, 18 земство мүшелерін сайлады. 1-ші округта округтік комиссия төрағасы болып В.И. Хомулло сайланды. Округтік комиссия өткізілетін орны Қотыркөл ст.болды. Карачинск, Шығыс, Көксеңгір, Қотыркөл, Ақсора болыстарынан 7 адам сайланды. 2-ші округте округтік комиссия төрағасы Ф.Я. Полиенко болды. Округтік комиссия өткізілетін орны Көкшетау қаласы еді. Көкшетау, Балықтыкөл, Мезгіл, Зеренді, Қылды болыстарынан 6 адам ұсынылды. Арық-Балық станциясында орналасқан 3-ші округтік комиссия төрағасы Г. Мурзалин болды. Жиланды, Айыртау, Баинбет, Ноғай болыстарынан 5 мүше сайланды [10, 39-п.]. Осылайша, земствоға қазақ халқы да кірді. 1919 жылы ақпанда жаңа әрі заңды құрамда кезекті Көкшетау земство жиналысы шақырылып, тұрақты басқарманы сайлады [13, 65-п]. Уездік басқарма төраға мен 4 мүшеден тұрды. Қазақ болыстары атынан медицина фельдшері Еркосай Мукучевич Мукучев пен болыстық писарь Мухамет-Галий-Абулгазы Абулгазин мүше болды. Олар Алаш партиясы құрамында еді [13, 9-п.].

Атабасар уезі болыстарында қазақ халқы бұрынғы болыстық басқарушылар, ауылдарда ауылдық старшындар басқарған атқару комитеттерін сақтап қалды. 11 алыс Бағаналы болыстарынан комитет төрағасы болып Касен Каскымбаев (бұрынғы болыстық басқарушы, әмір немесе хан деп аталған) сайланды. Оның қол астында ұсақ отрядтарға бөлінген 3000 қаруланған жігіттер болған. К.Каскымбаев отряды тәртіпті сақтап, большевиктерге қарсы күресті [13, 25 – 26-пп.].

Қазақ халқының земствоға деген қатынасын Атбасар уездік земство басқармасының төрағасы жазды. Оның айтуынша қазақ зиялылары  земствоға дұрыс көзқараста болды. Ал, қатаң табиғат жағдайында малды аман сақтау үшін көшіп-қонып жүрген халықтың жаппай земствоға кіруге мүмкіншіліктері де болмаған [13, 27-27-пп.].

1918-1919 жж. қыс айларында уездің экономикалық жағдайы өте ауыр болды. Бұл туралы Омбыда былайша хабарланды: «В санитарном отношении уезд находится в плохих условиях по причине недостаточности медицинского персонала и отсутствия медикаментов в то время, когда в уезде свирепствует эпидемия тифа. В экономическом отношении некоторые поселки нуждаются в семенной ссуде, а у киргизского населения, вследствие последних метелей, а затем гололедицы, в пяти волостях явилась бескормица и связанный с ней падеж скота, так называемый «джут». Вообще состояние уезда во всех отношениях нельзя назвать благополучным» [21, 6 -7-пп.].

Қыста өткізілмеген сайлау көктемде басталды. 1919 ж. 25 мамырында Атабасар уездік земство басқармасының төрағасы Г.В. Яценко Ақмола болысы басқарушысына қазақ және орыс халқы арасынан земствоға сайлау жұмыстары тоқтап қалғандығын мәлімдеді [13, 67-пп.].

Ақмола уезінің қазақ болыстарында болыстық атқарушы комитеттер де сақталды. Земство сайлауы туралы халықты ақпараттандыру үшін уездік земство басқарма мүшелері, ерекше нұсқаушылар іс-сапарларға жіберіледі. Алайда, қазақ қыстауларының бір-бірінен қашық болуы салдарынан уездік земство басқармасы түсіндіру жұмыстарын толық жүргізе алмайды [13, 19-п.]. 1919 жылдың 15 наурызында Ақмола уездік земство басқармасы: «Барлық қазақ болыстары қатысатын болыстық земство сайлауын өткізу 2 ақпанға, ал уездік 9 ақпанға белгіленді. Кейбір болыстарда уездік сайлаулар өткізілді. Ал, болыстық сайлаулар еш жерде өткізілмеді (Еркесай болысынан басқа). Айыртау, Қойтас, Көпек, Қосағалы, Атасу болыстарынан әлі күнге дейін сайлау туралы ешқандай ақпарат жоқ.  Қайтып келген нұсқаушылар біріншіден, қатаң қыстық салдарынан болыстарда сайлау өткізу мүмкіндігінің жоқтығын айтуда. Екіншіден, қазақ болыстарындағы болыстық комитеттердің земстволық өзін-өзі басқару мәні туралы халықты таныстыруда ешқандай шара қолданбай отырғандығын да айтуда» [22, 37, 38-пп.].

Петропавл уезінің қазақ болыстарында болыстық атқарушы комитеттер де жұмыс жасады. Алайда, Кеңес өкіметі билігі орнаған уақытта көптеген болыстар бөлініп кеткендіктен, болыстық өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мәселесі қиыншылықтарға тап болады. Қазақ халқының көшпелі өмірі болыстық сайлау комиссияларының жұмысын қиындатады. 1919 ж. мамыр айының соңында 23 қазақ болыстарының 7-уінде қана сайлау өткізіледі [13, 62-п.].

Петропавл уездік басқарушысы «Қазақтар болыстық земствоға кіруді қаламайды»,-деп өз мәлімдемесінде жазды [21, 13-п.]. Сонымен қатар, ол қазақ халқының болыстық земство басқармасына  дұрыс емес көзқарасын да көрсетті. Оның себебін уездегі Алашорда кеңестерінен көрді [23, 13-п.].

1918 жылы 3 шілдеде Ақмола уездік басқарма жиналысында Алашорда кеңесін ұйымдастыру үшін Омбыдан келген Т.Б. Нуралин сөз сөйледі. 26 маусымдағы уездік қазақ комитетінің қаулысын талқылап, комитеттің міндеті – «тек қана ұлттық істерді жүргізу, мәдени – ағартушылық жұмыстармен айналысу» екендігін көрсетті. Басқарма комитетті, немесе Алашорда кеңесін құруға кедергі жасамады. Ол оны қазақ билігінің айрықша органы ретінде қабылдады [24, с. 210].

Ақмола уезінде Алашорда кеңестері дербестігі үшін күрес күрделі болды. Кеңес Алаш-Орда салық және барлық мәселелерді Алаш-Орда құзыретіне беруді шешті. Алаш-Орда Кеңесі қаулысымен Еркесай болыстық комитетінің төрағасы Б.Абрахимов қызметінен алынды [19, 37-п.]. Уездік комиссар Грибанов осы мәселеге қатысты Облыстық комиссардан нұсқау күтеді (1918 ж. қыркүйегі) [19, 45-п.].

Жеке Далалық корпустың өкілетті командирі 11 қазанда Алаш-Орданың Ақмола уездік Кеңесінің төрағасы Д.Избасаровты «Уақытша Сібір үкіметін мойындамағаны» үшін 3 айға тұтқындауды бұйырады. 12 қазанда Избасаров Ақмола гарнизонының бастығына себепсіз тұтқындаудан босату туралы арызданады. Ол өзінің іс-әрекетін Алаш-Орда үкіметінің шығыс бөлімінен 27 маусымда телеграф арқылы келген атты милиция құру туралы бұйрықпен, сонымен қатар 1918 жылғы 22 тамыздағы Алаш-Орданың Омбы комитетінен келген телеграмма мазмұнына сай жасағандығын алға тартады. Телеграмма мазмұны келесідей: «Уақытша Сібір Үкіметі Алаш-Орда үстінен бақылау жасай алмайды. Уақытша Сібір үкіметі Алаш-Ордамен тең құқылы... Самар комитеті мен Алашаорда мүшелері қатысқан жиналыста Алаш автономиясын Құрылтай жиналысы мүшелері комитеті мойындаған... Автономды үкіметтер қатарында, Алаш Орда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дейін автономды үкімет ретінде танылған» [19, 54-п.].

Осындай жанжалдар земтсво мен Алаш-Орда кеңестерінің қызметтері нақты айқындалмағандықтан туындаған. Осы мәселе туралы 1918 ж. қыркүйекте Уақытша Сібір үкіметінің түземдік істер министрі ІІМ –не былай деп жазады: «Алаш-Орда облыстық кеңестері земстволық өзін-өзі басқару қызметін мәдени-ағартушылық қызмет саласында жүргізе алады» [19].

Земство мекемелерін қалпына келтіру жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты қиындады [13, 65-п.]. Земство жұмысындағы қиыншылықтар «мәдениет қызметкерлерінің болмауынан» деп түсіндірілді [13, 25-27-п.]. «Көптеген болыс басқарушылары тәжірибесіз қана емес, шала сауатты» деген мәлімдемелер де жазылды [25, 31-п.]. Уезд басқарушылары жұмыстарда кездескен қиыншылықтарды большевиктер басқару жылдарымен байланыстырды: «Болшевиктер саясатының ең басты мұрасы халықтың земство алымын төлеуге құлықсыз болуы. Халық қандай да бір мекеме мен ұйымға жұмсалатын қаржы бай таптан жиналған котрибуциямен жабылады деген көзқарасқа үйренген» [13, 62-п.].

Қорытынды. 1919 жылы жазда азамат соғысы майдандарындағы жағдай  қиындады. Қызыл армия жеңіске жетіп, Ақмола облысының территориясында революциялық әскери кеңестер, саяси бөлімдер құрыла бастады. Земство мекемелері жойылды.

Жергілікті өзін – өзі басқару органдарын құру бойынша қиындықпен басталған жұмыстар аяқталмады. Қазақ болыстарында земство мекмелерін ұйымдастыру халықтың көшпелі өмірі, әрі байланыс жолдарының болмауынан қиыншылықтарға тап болды. Сонымен қатар, 1919 жылғы қыс уақытында көптеген болыстарда жоспарланған земствоға сайлау ауа-райының қолайсыздығына қатысты болмай қалды. Көптеген қазақ болыстарында земство органдарын құруға мүдделі емес бұрынғы болыс немесе ауыл старшындағы басқарған атқару комитеттері сақталды. Кейбір жерлерде земство басқармасы мен  Алаш-Орда кеңестері қатар өмір сүрді.

Қазақ қоғамының әр түрлі қабаттарының сайлау мен земство мекемелерінің өкілдігіне қатысуы үлкен жетістік болды. Болыстық земство халыққа неғұрлым жақын билік органы болып табылды. Сондықтан да, қазақ болыстарында земствоның құрылуы жергілікті халық үшін күнделікті өмірдегі мәселелерді дербес шешуге мүмкіндік берді. Қазақ либеральды зиялылары земство мекемелерінің халыққа қажет екендігін білді. Алайда, саяси жағдай, халықтың игілігіне қажет земство мекемелерінің дамуына жол бермеді.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Зиманов С. Казахский суд биев – общекультурологическая ценность / Салык Зиманов. – Алматы: Арыс, 2009. – 408 с.

2.  Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в ХХ – начале ХХ веков. – Алматы: Жеті жарғы, 1996. – 352 с.

3.  Дулатов М.Д. Земство не нарсе // Дулатұлы М. Шығармалары: Мақалалар мен зерттеулер. 2 т. - Алматы: Ғылым, 1997.

4.  Букейханов А.Н. Земство и казачьи депутаты // Степной пионер. - 1906. - № 37. - С. 10-13.

5.  Каргалов В.И. Земства России с февраля 1917 г. до завершения их деятельности, февраль 1917 г. - июль 1918 г.: диссертация... кандидата исторических наук: 07.00.02. - Оренбург, 2000. - 141 с.

6.  Журналы заседаний Временного правительства. М., 2002. Т. 2. Май - июнь 1917 года. - С. 383–408; 415–436.

7.  Об утверждении «Наказа о производстве выборов земских гласных в губернии Архангельской, в Сибири и в областях Акмолинской, Семипалатинской, Семиреченской, Тургайской и Уральской» от 1 июля 1917 г. // Собрание узаконений и распоряжений правительства, издаваемое при Правительствующем сенате. Отдел I. – 29 июля 1917. – № 175.

8.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты. 78-қ. 2-т. 4558-іс. 

9.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты. 2300-қ. 9-т. 1- іс. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты. 667-қ. 1-т. 63-іс.

10.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты.1617-қ. 1-т. 126-іс.

11.  Съезды, конференции и совещания социально-классовых, политических, религиозных, национальных организаций в в Акмолинской области (март 1917 - ноябрь 1918 гг.). - Томск, 1992.

12.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты.1617-қ. 1-т. 133-іс.

13.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты. 1617-қ. 1-т. 140-іс.  

14.  Карр Э. История Советской России. Кн. 1: том 1, том 2. Большевистская революция. 1917-1923. - М.: Прогресс, 1990. - 768 с.

15.  Алаш-Орда. Сборник документов. - Кзыл-Орда:  Казиздат, 1929. –  с. 50-53, 56.

16.  Собрание узаконений и распоряжений Временного сибирского правительства. 1918. № 2. Отдел 1.

17.  Рынков В.М. Органы местного самоуправления в антибольшевистском лагере на востоке России (середина 1918 - конец 1922 г.) // Политические системы и режимы на востоке России в период революции и гражданской войны: Сборник научных статей / Науч. ред. В.И. Шишкин. Новосибирск: Параллель, 2012. - С. 125–158. (PDF, 329 Кб) // http://zaimka.ru/rynkov-self-government/ Дата обращения 1.05.2017 г.

18.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты. 1617-қ. 1-т. 134-іс.   

19.  Сибирская речь. № 34. 9 июля 1918 г.

20.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты.2300-қ. 9-т. 1-іс. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты. 667-қ. 1-т. 16-іс.

21.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты. 1617-қ. 1-т. 25-іс.  

22.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты. 2300-қ. 9-т. 4-іс. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты. Р-1701-қ. 1-т. 12-іс.

23.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты. 1617-қ. 1-т. 30-іс. 

24.  Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. - Алматы: Таймас, 2009. - 411 с.

25.  Омбы облысының мемлекеттік тарихи мұрағаты.1617-қ. 1-т. 125-іс.

REFERENCES

1.  Zimanov S. Kazakhskiy sud biyev - obshchekul'turologicheskaya tsennost' / Salyk Zimanov. - Almaty: Arys, 2009. - 408 s.

2.  Zhirenchin K.A. Politicheskoye razvitiye Kazakhstana v KHKH - nachale KHKH vekov. - Almaty: Zhetí zharġy, 1996. – 352 s. 
3.  Dulatov M.D. Zemstvo ne narse // Dulatұly M. Shyrarmalary: Makˌalalar men zertteuler. 2 t. - Almaty: Ġylym, 1997.
4.  Bukeykhanov A.N. Zemstvo i kazach'i deputaty // Stepnoy pioner. - 1906. - № 37. - S. 10-13.
5.  Kargalov V.I. Zemstva Rossii s fevralya 1917 g. do zaversheniya ikh deyatel'nosti, fevral' 1917 g. - iyul' 1918 g.: dissertatsiya... kandidata istoricheskikh nauk: 07.00.02. - Orenburg, 2000. - 141 s.
6.  Zhurnaly chlenov Vremennogo pravitel'stva. M., 2002. T. 2. May - iyun' 1917 goda. - S. 383-408; 415-436.
7.  Ob utverzhdenii «Nakazaniya o proizvodstve vyborov zemskikh glasnykh v gubernii Arkhangel'skoy, v Sibiri i v oblasti Akmolinskoy, Semipalatinskoy, Semirechenskoy, Turgayskoy i Ural'skoy» ot 1 iyulya 1917 g. // Sobraniye uzakoneniy i rasporyazheniy pravitel'stva, izdavayemoye pri Pravitel'stvuyushchem senate. Otdel I. - 29 iyulya 1917 g. - № 175.
8.  Kazakhstan Respublikasіnin Ortalyk Memlekettik muragaty. 78-k. 2-т. 4558-іс. 
9.  Kazakhstan Respublikasіnin Ortalyk Memlekettik muragaty. 2300-k. 9-т. 1- іс. Resey Federaciasının  memlekettik muragaty. 667-қ. 1-т. 63-іс.
10.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 126-іс. 
11.  S"yezdy, konferentsii i soveshchaniya sotsial'no-klassovykh, politicheskikh, religioznykh, natsional'nykh organizatsiy v v Akmolinskoy oblasti (mart 1917 - noyabr' 1918 gg.). - Tomsk, 1992.
12.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 133-іс.
13.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 140-іс.  
14.  Karr E. Istoriya Sovetskoy Rossii. Kn. 1: Tom 1, tom 2. Bol'shevistskaya revolyutsiya. 1917-1923. - M.: Progress, 1990. - 768 s.
15.  Alash-Orda. Sbornik dokumentov. - Kzyl-Orda:  Kazizdat, 1929.  –  s. 50-53, 56.
16.  Sobraniye uzakoneniy i rasporyazheniy Vremennogo sibirskogo pravitel'stva. 1918. № 2. Otdel 1.
17.  RynkovV.M. Organymestnogosamoupravleniyavantibol'shevistskomlagerenavostokeRossii (seredina 1918 - konets 1922 g.) // PoliticheskiyesistemyirezhimynavostokeRossiivperiodrevolyutsiiigrazhdanskoyvoyny: Sborniknauchnykhstatey / Nauch. red. V.I. Shishkin. Novosibirsk: Parallel', 2012. - S. 125–158. (PDF, 329 Kb) //http://zaimka.ru/rynkov-self-government/ Date of circulation 1.05.2017.
18.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 134-іс.  
19.  Sibirskaya rech'. № 34. 9 iyulya 1918 g.
20.  Kazakhstan Respublikasіnin Ortalyk Memlekettik muragaty. 2300-k. 9-т. 1-іс. Resey Federaciasının  memlekettik muragaty. 667-k. 1-т. 16-іс. 
21.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 25-іс.  
22.  Kazakhstan Respublikasіnin Ortalyk Memlekettik muragaty. 2300-k. 9-т. 4-іс.Resey Federaciasının  memlekettik muragaty.Р-1701-k. 1-т. 12-іс. 
23.  Ombı oblısının tarihi muragaty. 1617-k. 1-т. 30-іс.  
24.  Amanzholova D. Na izlome. Alash v etnopoliticheskoy istorii Kazakhstana. - Almaty: Taymas, 2009. - 411 s. 

Каженова Г. Т.

кандидат исторических наук,

Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева

г. Астана, Казахстан

ЗЕМСТВО И АЛАШ-ОРДА

Резюме

В 1917-1919-е годы на территории Казахстана осуществлялась земская реформа. В статье рассматривается процесс формирования земских учреждений в казахских волостях Акмолинской области. Показано, что представители партии «Алаш» рассматривали земство как первый шаг на пути к самоуправлению и переходу к территориальной национальной автономии. Начавшаяся летом 1917 г. работа по введению земств была прервана установлением советской власти, а после ее свержения и в период гражданской войны процесс учреждения в земства казахских волостей был продолжен. Предполагалось, что правительство Алаш-Орда будет тесно сотрудничать с земствами. Однако, нередко земства возглавляли ее сторонники. Созданные в уездах советы Алаш-Орды, стараясь не вмешиваться в компетенцию земских управ, фактически выполняли многие их функции.

Ключевые слова:Акмолинская область, казахское население, органы местного самоуправления, волостные земства, Алаш-Орда, гражданская война.

Kazhenova G.T.

Candidate of Historical Sciences,

L.N. Gumilyov Eurasian National University

Astana, Kazakhstan

ZEMSTVOANDALASH-ORDA

Summary

In 1917-1919, Zemstvo reform was carried out in the territory of Kazakhstan. The process of formation of zemstvo institutions in Kazakh volosts of the Akmola region is demonstrated in the article. Representatives of the “Alash” party considered the zemstvo as the first step towards self-government and transition to the territorial national autonomy. The work on introduction of zemstvo which began in the summer 1917 was interrupted by the establishment of the Soviet regime but after its overthrow and during the civil war the process of formation of Kazakh volosts into zemstvos continued. It was assumed that the Alash-Orda government would work closely with the zemstvos. Quite often zemstvos were headed by supporters of the Alash-Orda. The councils of Alash-Orda established in the uezds were trying not to interfere in the competence of the zemstvo administration but in fact carried out many of its functions.

Keywords: Akmola region, Kazakh population, local governments, volost zemstvos, Alash-Orda, civil war.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4270

No reviews

Download files

Земство и Алашорда_Каженова 15.11.2018.docx 0.05 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша) ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА

Author's articles

ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА