Яндекс.Метрика
Home » Materials » САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша)

А. Маулет, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері Астана, Қазақстан

САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4 (16) 2018

Tags: Сарыарқа, дәстүр, құндылықтар, Қарағанды, облысы, күйші, күйшілік, өнер, рухани, мұралар, рухани, даласы.
Author:
Сарыарқа даласы Қарағанды қаласы мен оның шығыс өңіріндегі фольклорлық мұралардың байырғы дәстүрлі ауызекі таралу ескі нұсқасының қазіргі кездегі жалғасын табуы, оны ұстанып отырған көнекөз адамдардың рухани құндылықтарды қаншалықты деңгейде сақтап отырғаны зерделене келіп, осы құндылықтарымызды қазірден бастап жазып алу, сақтау, оны келешек ұрпаққа насихаттау жолдарын қарастыру. Сол арқылы болашақ жас ұрпақтың рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне жол сілтеу. Кілт сөздер: Қарағанды облысы, күйші , күйшілік өнер, рухани мұралар, рухани құндылықтар, дәстүр, Сарыарқа даласы.
Text:

Кіріспе. Қазақ даласының оның ішінде Сарыарқа өңірінің шығысында ұлттық салт-дәстүрімізде ерекше орын алған орындаушылық өнердің сирек нұсқаларын ұстанушы көзі тірі өнерпаздардан жазып алу үшін, ағымдағы жылдың 14 тамызбен 05 қыркүйек аралығында ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Маулет Ардаби (BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу атты жоба аясында) Қарағанды қаласындағы және Сарыарқаның шығыс өңіріндегі (Қарқаралы ауданы) фольклорлық мұраларды жинау экспедициясында болып, көптеген құнды дүниелер жазылып алынды. Мұндағы мақсат – Сарыарқаның елді-мекендерінде жоғалу қаупі төніп тұрған фольклорлық мұралардың тізімін жасау, сақтау және жас ұрпаққа насихаттау. Экспедицияның негізгі бағыты Қарағанды қаласы және Қарқаралы ауданы төңірегі болды.

Дереккөзі мен әдістері. Қазақтың рухани музыкалық мұрасы өзінің өміршеңдік қасиетімен, тарихи маңызын сақтап және ауызекі түрде қалыптасып, әлемдік адамзат прогресіне өзіндік үлесін қосуда. Халқымыздың тұрмыс-салтына, адет-ғұрпына байланысты туған, Жоқтау, Сыңсу, Жар-жар, Аужар, Ән, Күй, Жыр, Терме, Жарапазан сияқты мұраларымыз ауызекі түрде таралып, ұлт мәдениетінің тарихын ұзартты. Шертпе күй өнері дамыған мектептердің бірі Сарыарқа даласы нақтырақ айтсақ Қарағанды өңірі. Қазіргі кезде Қарағанды қаласында тұратын белгілі күйші Қайыролла Сәдуақасов Қарағанды өңіріндегі күйшілік ошақтардың бірі Шет өңірінің арыдағы күйшілері Қыздарбек, Әбди, Ісембек, Мақаш, Бегімсал, Орал Исатаев және ұстаз әкесі Дәулетбек Сәдуақасовтың мұраларын ұстанып отырған бірден-бір мұрагер. Әрі Қайыролла әкесінің күйшілігі туралы еңбекті де жарыққа шығарды [1]. Қайыролла Сәдуақасовтың орындауында 7 күй тарихымен және өз қолында сақтап отырған арқа өңірінің ескі қалақ домбыралары туралы құнды мәліметтер (аудио-видео, фото) форматта жазылып алынды. Арқа күйшілік өнерінің класигі Тәттімбетен кейінгі Қыздарбек бастаған күйшілік-орындаушылық мектептің орындау ерекшелігі оң қолдағы қағыстан айқын көрінеді. Мысалы Қыздарбектің, Әбдидің және тағы басқа Арқадан бізге жеткен Итаяқ сияқты күйшілердің күйлерін Дәулетбек Сәдуақасов немесе ол кісінің мұрегері Қайыролла күйші орындағанда оң қолда дыбысты тұтып алу әдісі жиі кездеседі. Қыздарбектің «Өткінші қосбасары», Әбдидің «Зар қосбасары», «Сылқым қыз» [2] күйлерінде тұтып алу әдісі арқылы адамның өксуін, асқан аянышты өкінішін білдіреді. Бұл күйлердің бұлай шығуының да өзіндік себебі бар. Қыздарбектің маңайында жүріп өнерін алып қалған Әдби, Ақмолда, Мақаштар одан кейінгі Әбікен Қасенов, Рысқұлбек, Бегімсал, Әбдіғали, Ілиястардың [2, 165-б.]. қай-қайсысы да сол зұлмат жылдардағы ел басына төнген қасіреттің куәсі болғандықтан шығармаларында сол кезең тағдырын суреттейді. Ел аузында әлі күнге дейін аңыз болып айтылатын Арқада Ақтоғай өңірінде өткен күйшілердің бірі Сармантайдың Ахметжаны еді. Бұл күйшіде сол аласапыран заманда аяусыз жапа шеккен тұлғалардың қатарында болғаны, кейін сүйегінің қайда қалғаны туралы еш дерек жоқ болатын. Осы жолғы экспедицяда Қарқаралы өңірінің шерлі тарихынтуралы еңбекте [3].күйшінің 1931 жылы мойынына тас байланып Қарқаралының Үлкенкөліне тоғытылғаны айтылған. Ахметжанның ғаламат күйшілігі туралы ғалым Ақселеу Сейдімбек Қазақтың күй өнері атты еңбегінде де жазған [4]. Жоғарыдағы айтылған күйлерді орындауда байырғы дыбыстық немесе қоңыр үндік ерекшелігін сақтау үшін, кезкелген домбырамен тартуға болмайтынын аңғарамыз. Мысалы, күйші Қайыролла әкесінен үйреніп алып қалған күйлерді ескі сарынын сақтап тарту үшін, Арқадағы қалақ формада жасалған ескі домбыралардың үлгісін көп зерттегенін және сол көне формадағы домбыралардың негізінде арнайы қалақ домыбыралар жасап, тарту арқылы Арқа күйінің көнеден қалған саз-сарынын ұстанып отырғанын айтады (1-сурет) , (2-сурет).

376e6e8e16b3a8d8ade9fac6e2eff582.JPG  


Сурет 1 -  Күйші Қайыролла Сәдуақасовтың қолында сақталған 1950 жылдары жасалған ескі домбыра 
             

2ed216f1649d99bcd33aee06da11347b.JPG

Сурет 2 - Маулет Ардаби күйші Қайыролла Сәдуақасовпен сұхбаттасуда, 2018 ж. 

Сондай ақ қазіргі таңда Қарағанды қаласында тұратын, Қарағандының Шет өңірі мен Ақтоғай өңірінің күйлерін ескі орындалу нұсқасында сақтап келген күйші Қасымов Қалкеннен Тәттімбет, Әбди, Аққыз, Әбікен қатарлы халық күйшілерінің күйлерінен және өз күйінен жиыны 12 күй аңызымен (аудио-видео, фото) жазылып алынды. Күйші Қалкен бұл күйлерді Арқаның күйлерін жеткізуші дәулескер күйшілердің бірі Орал Исатаевтан [2, 196-б]. үйреніпті. Қалкеннің орындауындағы Арқа күйлерінде Тәттімбет мектебі мен Қыздарбек күйшіден орындау ерекшелік өте жақсы сақталған. Яғни Оң қолдың шертіп тартатын әдісінен бастап сол қолдағы шертпе күйшілікте жиі қолданылатын үшінші саусақтың екі перненің бойын үзбей жылжытып алуы, төртінші саусакпен үшінші саусақтың міңгесіп пернені басу сияқты арқа күйлеріндегі ескіше тарту үлгісін қазргі таңда Қалкен күйші баз қалпында сақтап тартып жүрген күйшілердің бірі (3-сурет).

9b0f33c9bd5c750bda59a63e14cf2ee5.JPG


Сурет 3 -  Маулет Ардаби күйші Қасымов Қалкенмен сұхбаттасуда

Қарағанды облысының Қарақаралы ауданында тұратын күйші Мырзабек Аманғалидан Тәттімбеттің күйі «Сылқылдақ», «Сарыжайлау», Аққыздың күйі «Қосбасар» [5], Сатанның күйі «Қосбасар» қатарлы 4 күй, Қарқаралының Қарағайлы ауылында тұратын күйші Мұсабеков Оразқаннан ел есінен ұмыт болған шалыс бұрауда тартылатын Асанқайғының [2, 57-б] «Бозінген» атты күйін жазып (аудио-видео, фото) форматта алдық. Қазақтың күй өнерінде домбыра бұрауының бірнеше түрі қалыптасқаны белгілі. Күй өнерін қазіргі кәсіби деңгейде үйретудің жолы қалыптасқанға дейін, далалық күйшілердің арасында домбыра бұрауының түрлері кең дамығаны туралы бізге жеткен зерттеулерде кездеседі. Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде домбыра бұрауыныңтүрлері туралы былай дейді: бір ғана домбыраны алуан түрлі құлақ күйге келтіру арқылы күй тартуың орныққан дәстүрінің бар екені жалпы қазақтың музыкалық мәдениетіне жарқын айғақ бола алады. Қазақтың дәстүрлі күйшілік-домбырашылығында күй тарту үшін домбыраны оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау, кейде тел бұрау деп бұрауларға келтіріп тартқан. Шалыс, қалыс және қосақ бұрау күйлері негізінен ойнақы болып, өмір құбылыстарына еліктеуді көрсетеді. Бұл бұраудағы күйлер негізінен Арқа өңірінде кездеседі [4, 109-б.]. Біздің жазып алған шалыс бұраудағы «Бозінген» күйіміз де басталып тартылғанда баппен басталып аздан соң желдіртіп ойнақыланып тартылады (4-сурет).

9e905dede357343096b63c942ebe7a8b.JPG

Сурет 4 - Маулет Ардаби күйші Мырзабеков Аманғалимен сұхбаттасуда

Қарқаралы ауданы Ақжол ауылында тұратын Қынабаева Ырымбикеш апамыздан ел аузында көнеден айтылып келген «Жаным сүйген қара көз» атты халық әнімен және бір ескі сарында айтылатын қара өлең жазып алдық. Қарқаралы ауданы Егінді бұлақ ауылының тұрғыны Бәтима Бахриденқызынан «Атаны жоқтау», «Қамқақызының Қазыбек биді жоқтауынан үзінді» атты екі жоқтау өлең және Қарқаралы ауданы Бірінші май ауылының тұрғыны Несіпбаева Зейнептен Қарқаралы өңірне тән сыңсудің ескі әуені жазылып (аудио-видео, фото) форматта алынды. Сонымен қатар Қарқаралы ауданында тұратын ҚР журналистер одағының мүшесі, халық өнерін жинаушы Оспанов Саяттан Қарқаралы өңірінен жинаған бата берудің 21 бейне жазбасын (видео жазба) жеке қорынан жазып алдық. Ел арасында кеңінен тараған, әсіресе қазақтың бұрынғы қыз ұзату, сүндет той т.б. жиындарында және күнделікті тұрмысында жиі орындалатын лирикалық ән - ол қазақтың қара өлеңі. Бұл әндерді халық өзі шығарып өзі орындайды. Бұндай әндердің дені негізінен ең жақын сүйікті жандарға, туған жер, туған елге, қазақтың дарқан табиғатына арналып орындалады. Мысалы біз жазып алған Ырымбикеш Қынабаева айтқан қара өлеңнің әуені жеңіл, ойнақы болса, мәтінінде :

Өлеңді айт дегенде тіл айтады,

Тіліме қандай адам мін айтады.

Ел жаңа жерім жаңа халқым жомарт,

Өлеңді біздер айтпай кім айтады . – деп туған елді, халықты мақтау-мадақтаусипатында жырлайды. Фольклор жанрларына жататын осындай әндер туралы музыкатанушы ғалым П. Шегебаев пен С. Елеманова «Қазақ музыка әдебиеті» атты еңбегінде халық арасында кең таралған қара өлеңдерге 5 түрлі сипаттама береді: біріншіден, бұндай әндердің авторы белгісіз, сондықтан бұларды авторлық көзқарас пайда болғанға дейінгі көне заман туындылары деуге болады. Екіншіден, фольклорлық әндер мен күйлер құрылымы мен мазмұны жағынан қарапйым болып келетіндіктен, оларды орындау арнайы не кәсіби даындықты қажет етпейді, бұндай әндер мен күйлерді әркім өз әлінше орындайды. Үшіншіден, бұндай әндер тыңдаушы аудиторияны қажет етпейді, шағын жиын-тойларда орындалады. Орындаушылар осы әндер арқылы өздерінің ішкі-сезімін, көңіл-күйін шертеді. Төртіншіден, фольклорлық жанрлар халықтың күнделңкті өмірінде қолданылатын өнер болғандықтан, оны орындаушылар табыс таппайды, жалақы алмайды. Бесіншіден, фольклорлық әндер аспаппен сүйемелдеуді қажет етпейді, ал оның кейбіреулерінде аспаппен сүйемелдеу тіпті ерсі көрінеді [5].

Нәтижелер. Қарқаралы жерінен жазылып алынған бұл қара өлеңнің сарыны ескі екені әуендік ерекшелігінен байқалып тұр. Жалпы «Сарын» атауының тек арыдан келе жатқан сөз екені туралы зерттеулер де жазылған. Байырғы сарынның халық жадында сақталуының негізінде бүгінгі біздің кәсіби өнердің қалыптасуына зор ықпал болғаны айтылады. Яғни, жалпы тұжырымдама да сарын – ұлттық мәдениетіміздің ежелші дәуірінде пайда болып, одан ары өмір талабына сәйкестене келе, ғасырлар бойы сараланып, өзінше дамып, бірнеше тарихи кезеңдерді қамтиды. Фольклордың алғашқы бұл түрі тұрмыс-салттық, эпикалық жанрлардың сонымен қатар, басқада халық музыкасының негіздерін қалап, лирикалық әндердің, айтыстың, аспапты музыканың өзектерін құрап, халық композиторларының, әнші-күйші, сал-серілердің шығармашылығына елеулі ықпалын тигізді [6]. Қарқаралыдан жазып алынған (Бәтима Бахриденқызының орындауындағы) «Атаны жоқтау» ғұрыптық әнінде қайтыс болған үйдің келіні қайын атасын жоқтайды. Атасының тіршілігіндегі кісілік қасиеттері, бала-шағасына қалдырған ізгілік жолдары, дәулеті, ел-жұртының алдынағы абырой-беделін үйдегі әйелдер жағы жоқтау айту арқылы білдірсе, екінші жағынан ол кісінінің өлімінің орны толмас қайғы екенін ел-ағайынға жеткізееді. Бұл әнде әуен бірден көтеріңкі басталмай сабырлы қайғылы, ауыр басталып бара-бара зарлы, қайғылы әуенге ұласады. Сондай-ақ Несіпбаева Зейнептің айтып ерген қыз ұзату салтындағы « Сыңсу» өлеңінде әуен Қарқаралы жеріндегі ескі әуен.  Жалпы осы Сыңсу – туралы басқа түрк халықтарында да бар екені айтылады. Мысалы, көршілес қырғыздарда «Жар-жар», Өзбектерде «иор-иор», қарақалпақтарда «Хау-жар», татарлар мен әзербайжандарда «Яр-яр» деп айтылады [6, 12-б.]. Еліміздің шығыс өңірінде әсіресе қытайдағы және моңғолиядағы қандасарымыздың арасындағы салттарда Сыңсуды «Көріс айту» [7].  деп те атайды. Көрісс айтуда дәл сыңсудағы сияқты ұзатылып бара жтқан қыз туған ел-жұртымен көріс айтып қоштасады. Сондай-ақ ол жақтағы ағайындардағы салт бойынша ұзатылар алдындағы қыз айтатын ақыл-кеңес жыры деген бар. Бұл әнді «Ау шадияр» деп атайды. Қыз әнді аттанар сәтте не болмаса той үстінде артында қалған жігіттерге аманат, кеңес ретінде айтады [7, 94-б]. Қыз ұзату салтындағы бұндай салттар Қазақстан жерінде ертеректе болғанда болуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бұндай ғұрыптық әндердің біразы ел есінен әсіресе жастар жағынан түбегелі ұмыт болды десекте болады (5-сурет).

51fd60de11d3d1715a48157441d611f1.JPG

Сурет 5 - Маулет Ардаби қара өлең, жоқтау, сыңсу айтушылар, оңнан солға қарай Бәтима Бахриденқызы, ортада Қынабаева Ырымбикеш және Несіпбаева Зейнеппен сұхбаттасуда

Қорытынды. 14.08.2018-05.09.2018 аралығында Қарағанды облысында сақталған рухани мұралардың қалдықтарын ел арасынан жинау барысында Қарағанды қаласындағы өнерпаздардан 19 күй, Қарағанды облысының Ұлытау өңіріндегі рухани мұраны ұстанушы өнерпаздардан бата беру дәстүрінен 11, 2 халық әнін және жарапазанның 2 ескі түрі, 3 жоқтау (ғұрыптық ән) жазылып алынды. Қарқаралы ауданындағы рухани мұраны ұстанушылардан 5 күй, 2 ескі халық әнін және 3 ғұрыптық ән жазылып (Аудио, видео, фото форматта) алынды. Заманында бұл мұралардың негізгі ошақтары болған Сарыарқа төрінде бүгінде өкінішке орай осы құндылықтарды шынайы қалпын сақтап ұстанып отырған адамдар жоқтың қасы деуге болады. Біз жинаған бұл мұралардың өзін ұмыт болған жерінен қата-қайта талап етіп, сұранып зорға жазғанымызды айтқымыз келеді. Көшпенді өмір салттан отырықшылыққа ойысқан немесе кеңестік жүйенің қазақы салт-дәстүрді барынша құртуға тырысқан саясатының кесірінен біздің аса бай флоьклорлық мұраларымыз жойылып кетпесе де, бастапқы қалпынан айырылғанын аңғарамыз. Келешек кемел ел болуымыз үшін бұндай ұлттық құндылықтарымызың бізге ауадай қажет екенін ендігі жас ұрпаққа ұғындыру жұмыстарын әрбір қазақ азаматы борышым деп білуі шарт. Бұл мұралар ҚР Ұлттық музейді «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» қорында сақталды. Біздің жазып алғанымыз Қарағанды облысындағы рухани өнердің қазіргі көзі тірі өкілдері. Алдағы жылдарда аталмыш жоба аясында Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу жұмыстары өз жалғасын таппақ. 

Әдебиеттер

1.  Дәулетбекұлы.Қ. Күй-ғұмыр. – Қарағанды: Гласир баспасы, 2014. -166 б.

2.  Әбуғазы. М. Қазақтың домбыра өнері. – Алматы: Нұрсәт баспасы, 2016. -166 бб.

3.  Әрінұлы А. Ата қоныс Арқадағы, шежірелі Қарқаралы.  – Алматы: Дәуір, 2003. – 7 б. 

4.  Ақселеу С. Қазақтың күй өнері. Монография. – Астана: Күлтегін, 2002. – 792-794 бб.

5.  Шегебаев П., Елеманова С. Қазақ музыка әдебиеті. –Астана: ҚазҰӨУ, 2011. – 8 б.

6.  Қазақ музыкасы. Көне музыкалық фольклор. Антология Бестомдық. І-том. – Алматы: Қазақпарат, 2005. – 10 б.

7.  Асылұлы О. Қазақтың ғұрып-әдет мәдениеті. – Шыңжаң: Әсемөнер-фотосурет баспасы, 2009. – 93 б.

References

1.  Dәuletbekұly.Қ. Kyj-gumyr. – Қaragandy: Glasir baspasy, 2014. - 166 b.

2.  Abugazy. M. Qazaqtyn dombyra өnerі. – Almaty: Nursat baspasy, 2016. -166 bb.

3.  3.  Arіnuly A. Ata gonys Arqadagy, shezhіrelі Qarqaraly.  – Almaty: Dauіr, 2003. – 7 b. 

4.  4.  S. Aqseleu. Qazaqtyn kuj onerі. Monografiya. – Astana: Kyltegіn, 2002. – 792-794 bb.

5.  5.  SHegebaev P., Elemanova S. Qazaq muzyka adebietі. – Astana: ҚazUOU, 2011. – 8 b.

6.  6.  Qazaq muzykasy. Kone muzykalyq fol'klor. Antologiya Bestomdyq. І-tom. – Almaty: Qazaqparat, 2005. – 10 b.

7.  7.  Asyluly.O. Qazaqtyn guryp-adet madenietі. – SHynzhan: Asemoner-fotosuret baspasy, 2009. – 93b.

А. Маулет

1НИИ «Халық қазынасы» Национального музея РК, руководитель, к.и.н., Астана, Казахстан

ФОЛЬКЛОРНЫЕ НАСЛЕДИЯ ВОСТОЧНОЙ САРЫАРКИ 

(Из материалов фольклорной экспедиции, проведенная в рамках проекта «BR05236868 Изучение, сохранение и популяризация культурного наследия Сарыарки»)

Аннотация

Фольклорные наследия восточных районов Карагандинской области дошли до нас в традиционной устной форме и продолжили свое существование. После изучения того, насколько хорошо сохранились эти духовные ценности у первоисточников, следующая наша задача состоит в том, чтобы с этого же момента начать проводить работы по фиксированию и сохранению духовного наследия, а также популяризировать среди подрастающего поколения. Тем самым, это дает возможность развивать у молодого поколения любовь и уважение к духовным ценностям.

Ключевые слова: Карагандинская область, кюйши, искусство кюя, духовное наследие, духовные ценности, традиция, степи Сарыарки.

A. Mаulet

1Fellow Research at the Research Institute "Halyk Kazynasy" of the National Museum of the Republic of Kazakhstan

Folklore Heritage of Eastern Saryarka

(From the materials of the folklore expedition, conducted within the framework of the project "BR05236868 Study, preservation and popularization of the cultural heritage of Saryarka")

Summary

Folklore heritage of the eastern districts of the Karaganda region continue to exist in some rural areas. In article we have studied how well these spiritual values have been preserved from the original sources. Our next task is to record and preserve the spiritual heritage for next generation, and also popularize this heritage among them. Thus, it gives an opportunity to develop the younger generation’s love and respect for spiritual values.

Keywords: Karaganda region, kuishi, art of kui, spiritual heritage, spiritual values, tradition, steppes of Saryarka.


No comments

To leave comment you must enter or register