Яндекс.Метрика
Home » Materials » САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба

А. МАУЛЕТ, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері Астана, Қазақстан

САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: Қарағанды, Сарыарқа, мұралар, рухани, өнер, күйшілік, күйші, облысы.
Author:
Мақалада Сарыарқа даласының батыс аймағындағы фольклорлық мұралардың қазіргі сақталу деңгейі және осы құндылықтарымызды ұстанып отырған тікелей мұрагерлердің жағдайын ескере отырып, оларда сақталған ұлттық рухани құндылықтардың байырғы элементтерін жазып алу, сақтау, насихаттау жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазақтың рухани музыкалық мұрасы өзінің өміршеңдік қасиетімен, тарихи маңызын сақтап және ауызекі түрде қалыптасып, әлемдік адамзат прогресіне өзіндік үлесін қосуда. Халқымыздың тұрмыс-салтына, адет-ғұрпына байланысты туған, Жоқтау, Сыңсу, Жар-жар, Аужар, Ән, Күй, Жыр, Терме, Жарапазан сияқты мұраларымыз ауызекі түрде таралып, ұлт мәдениетінің тарихын ұзартты. Елімізде осындай құндылықтар сақталған өңірдің бірі - Қарағанды облысы. Кілт сөздер: күйші, күйшілік өнер, рухани мұралар, Сарыарқа, Қарағанды облысы.
Text:

Кіріспе.Сарыарқа даласының Қарағанды облысында Итаяқ [1], Тоқа, Тәттімбеттерден [2] бастау алған тамыры терең Арқа күйшілік мектебі, Әбікен Қасенов, Әбді, Қыздарбек, Ісембектер [1, 790-791-бб.] арқылы Дәулетбек Сәдуақасов, Пазыл Тұтқабеков [3], Қайыролла Сәдуақасовтарға жалғасса, ХІХ ғасырдағы қазақтың классикалық ән өнерінің негізін қалап, сал-серілік дәстүрдің алтын діңгегін осы апайтөс далаға мызғымастай етіп орнатқан Ақан сері, Біржан салдар салған әншілік өнердің бүгінгі күнгі сарқыты да осы қасиетті Арқа өңірі оның ішінде Қарағанды облысында сақталған.

Қазақ халқының бейзаттық мәдени (материалдық емес) мұралары көшпенді тұрмыста ауыздан-ауызға таралып, сан ғасырлық тарихын жоғалтпай бүгінгі ұрпаққа жетті. Ұлы даланың мәдениетінде өткір тілдің, әсерлі үннің сарқылмас бұлағы бар. Қазақ даласының әр түкпірінде рухани мұраларымыздың төл ерекшелігін бұзбай ұстанып, сақтап отырған тікелей мұрагерлері бар. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде ерекше орын алған бүгінде жоғалуға шақ қалған, орындаушылық өнердің сирек нұсқалары жарапазан, сыңсу, жоқтау, көне ән-күйлер, өлең-жырлармен тарихи дастандарды ұстанушы көзі тірі өнерпаздардан жазып алу үшін, ағымдағы жылдың 16-25 мамыр аралығында ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Мәулет Ардаби (Аға ғылыми қызметкер Д. Ескекбаев) Қарағанды облысында іссапарда болып, рухани мұралардың әр үлгісінен қыруар материал жазылып алынды. Мұндағы мақсат – Қазақстанның елді мекендерінде оның ішінде Қарағанды облысының батысындағы фольклорлық мұраларды жинау.

Дереккөзі мен әдістері.Аталған рухани мұралардың қазіргі нақтылы жағдайын және сақталу деңгейін анықтау мақсатында ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты жинау, жүйелеу, зерттеу жұмысын бастады. Экспедицияның негізгі бағыты Қарағанды облысы Ұлытау ауданының (Аманкелді ауылы, Шеңбер ауылы, Қаракеңгір ауылы), Шет ауданы, Жаңарқа ауданының Ескене ауылы және осы ауылға қарасты Талдыбұлақ кенті болды. Қазіргі таңда жоғалу қаупі төніп тұрған Рухани мұралардың (ән-күй, күй аңыздар мен сол өңірде бұрын өткен күйші-композиторлар) бірнеше түрінен қыруар материалдар ұлттық өнердің әр түрінен қазіргі көзі тірі тікелей өкілдерінің аузынан (видео, аудио форматта) жазылып алынды. Осы материалдар негізінде алдағы уақытта ақпарат құралдарында жарияланым болады және 2 ғылыми мақала дайындау көзделуде.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданының Амангелді ауылында тұратын Құрманәлі Әбілғазыұынан  жарапазанның ескі нұсқасын және «Қайыптың термесін», «Елім Құлжадай» атты халық әнін сондай-ақ 9 жасар жиен немересі Әлтайыр Дәуреннен жарапазанның және бір ескі нұсқасын (аудио-видео, фото) форматта жазып алдық. Сонымен қатар Амангелді ауылымен жапсарлас жатқан Кененбай көлінде тұратын Ажыбаев Рахым Пәуеденұлынан қазіргі таңда ұрпақ санасынан өшкіндеп бара жатқан бата беру дәстүріне қатысты батаның «Жастарға берілетін бата», «Бүлдіршіндерге берілетін бата», «Жастарға қысқа бата», «Қарияларға берілетін бата», «Үй иісне риза көңілмен берілетін бата», «Жастардың тойына бата» сияқты 6 түрін және ауарайын болжауға қатысты қазақтың дәстүрлі астрономиялық білімі туралы құнды деректерді (аудио-видео, фото) форматта жазып алдық. Ұлытау ауданында тұратын қарт шежіреші Шымбергенов Тақаннан да салт-дәстүрімізге қатысты батаның «Үлкендердің дастарқанға батасы», «Өсиет бата», «Келген қонаққа бата», «Жастарға бата» сияқты 4 ескі түрін жазып алдық. Сондай-ақ Ұлытау ауданының Қаракеңгір ауылында тұратын  Әжібенова Гүлжаухар Тақашқызы мен Мұқанова Айтолқын Амандыққызынан сол өңірде кісі өлімі болғанда ертеден айтылып келе жатқан жоқтаудың 3 түрін жазып алдық. Қазақтың салт-дәстүрінде, әсіресе дастарқан мәдениетінде бата берудің мәні жоғары.  (1-сурет).

4ddac6a2b74d85c203197bb6ce1b2d25.JPG

Сурет 1 - Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылында тұратын Мұқанова Айтолқынның жоқтау айтып отырған сәті 

Сондықтан да қазақта бата берудің мол үлгісі қалыптасқан. Қазақтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, әрбір салт-жоралардан бастап, әдеттегі дастарқан басында батасыз еш рәсім өтелмейді. Мысалы, Дастарқанға, сойылатын малға, торқалы тойға, топырақты өлімге, т.б. жақсылықтың бастауы тек батамен басталады. Батаны көбінде елге халыққа сөзі өтімді жасы үлкен ақсақалдар жағы береді, оны «Жақсылықтың тілек батасы» деп атайды. ,батаның қазақ қоғамындағы ролі, маңызы туралы зерттелген еңбектерде де айтылған [4]. Ұлытау өңірінен жазылып алынған батаның түрлері алуантүрлі болып, жас сәбиден бастап ақсақалдарға дейін берілетін батаның түрлері бар. Барлығында да тек жақсы тілеу, ізгі ниет айтылады. Әр өңірде берілетін батаның мазмұндары негізінен бір. Жақсылық тілеу, ізгілікке шақыру. Бірақ әр өңірдегі салт-жоралардың өтуіне байланысты жергілікті ерекшелікке тән батаның тақырыбы жағынан айырмашылық болуы мүмкін. Мысалы, Шығыс өңірінде нақтырақ айтқанда қытай, моңғолия жерінде отырған қандастарда батаның түрінің мол болуы және тақырыптық жағынан да здап өзгешелік бар[4, 87-88 бб]  (2-сурет).

b15328903e1438e6cafa5a774cb90131.JPG

Сурет 2 - Маулет Ардаби Ұлытау ауданы Амангелді ауылында тұратын Әбілғазы Құрманәліден сұхбат алуда

Талдамалар. Ұлытау ауданы қаракеңгір ауылынан жазылып алынған «Қара дауыс», «Әйелдің ерін жоқтауы», «Енені жоқтау» сияқты жоқтаудың түрлерінде, музықалық әуен «Секунда» (бір тондық дыбыс қатары) және «Терциялық» (бір жарым не екі тондық дыбыс қатары)  дыбыс қатарымен қайғылы жүріп отырады және қайталанып отырады. Жоқтаудың бұл әуендік ерекшелігі қызғыз халқының кісі өліміндегі жоқтаудың әуендік ерекшелігіне жақындығы басым. Музыкалық ырғақтық өлшем жағынан да үнемі өзгеріп отырады. Қазақтың мұң-шер әндері туралы мынадай зерттеуде айталады: жоқтау әндерінің үлгілерін салыстыра қарағанда, дыбыс диапазоны жағынан тар көлемдегі (трихорд, тетрахорд, пентахорд, гексахорд) аралығында және ауыспалы өлшемдер (5/4, 7/8, 3/8, 2/4, 5/8, 6/8) арқылы өрістеумен қатар, көпшілігі дәстүрлі саздарда секундалық, терциялық интонациялардан, дауыс ырғақтарынан құрылатыны анықталды [5]. Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылынан жазып алған жоқтауымыздағы сарынды сол елдің арасында «Қара дауыс» деп атайды екен. Яғни кісі өлімі болғанда солқайтқан адамның ет жақын туыстарының әйел адамдары жиналып бір дауыста бір уақытта (Ансамбль тәрізді) топтық дауыс шығарып айтады. Бұл «Қара дауыс» деп аталады. Топтық дауыс тоқтағанда қайтқан кісінің ең жақын адамы (жұбайы) жалғыз дауыста жоқтауды жалғастырады. Амангелді ауылынан жазылып алынған Жарапазанның екі үлгісінде кішкене айырмашылық бар. Яғни Құрманәлі Әблғазының айтқан жарапазанында бастапқыда тақпақтатып басталып одан кейін негізгі ой ән сарынында айтылады. Одан кейін ән қайырмасы сияқты қайырма айтылады және қайырма жарапазанның әрбір шумағының соңынан қайталанып отырады. Ең соңында жарапазанның батасын тақпақтатып айтады. Бұл кісі орындаған жарапазанның әуені Жетісудағы ескі халықтық әндердің әуеніне өте жақын. Соған қарағанда жарапазанның бұл үлгісі Шығыс және Жетісу өңірінің нұсқасы болса керек. Ал жиен немересі Құрманалі ақсақалдың жиен немересі Әлтайырдың айтқан жарапазанында бастан аяқ батасына дейін бір сарында тақпақтатып айтылады.

Нәтижелер. Шертпе күй өнері дамыған мектептердің бірі Қарағандының Шет өңірі. Шет ауданында тұратын белгілі жазушы, өлкетанушы, Арқа күйшілік мектбінің оның ішінде Шет ауданы өңірінде өткен Қыздарбек, Әбди, Ісембек, Мақаш, Бегімсал, Орал Исатаевтардың [3, 16-18-бб.] шығармашылығы жайында және әйгілі Шортанбай жырау[6] туралы қыруар зерттеулер жасаған Кәмел Жүністегінен 2 сағатқа жуық (аудио-видео, фото) материалдар жазылып алынды. Яғни Арқаның күй мектебінің басында тұрған Итаяқ күйшінің қайда жатқаны туралы және Шет өңірінің күйшілерінің мұраларын жеткізген күйші Бегімсал, Орал Исатавтармен көзбе-көз жүздесіп оларды жазып алғаны туралы тың деректер жазылып алынды. Сондай-ақ Кәмел Жүністегінің үйінде сақтаулы тұрған, Қыздарбек, Әбдилердің домбырлары (аудио-видео, фото) тарихымен жазылып алынды және жеке қорында сақталған көне музыкалық үн таспаларды бірлесіп игеруге мүмкіндік алдық  (3-сурет). 

5ce19e3ca306bd29b974184d561d26a4.JPG

Сурет 3 -  Жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегімен сұхбат

Кәмел Жүністегі Арқа күй өнерінің соңғы орындаушыларыны бірі Бегімсал күйшіні 50-жылдардың ішінде алғаш көргенін, сол бір отырыста Бегімсал күйшінің 100 дің үстінде күй тартқанын айтты. Бірақ амал не жазып алатын ешқандай мүмкіндіктің болмағанын айтып налыды. Кейін мөлшермен 10 жылдай уақыттан кейін Бегімсал күйшіні қайта іздеп барған Кәмел Жүністегі Бегімсалдан шамемен 10 тарта күйді дыбыс алғышқа жазып алғанын, оның қазір өзінің еке қорында сақтаулы тұрғанын айтты. Сонымен қатар арқа күйлерінің даңғайыр орындаушысының бірі - Орал Исатаевтың өз қолынан жазып алған күйлері де жеке қорында сақтаулы екенін айтты. Арқа күй мектебінің арыдағы тұлғаларының бірі қыпшақ Итаяқ (ХІХ) [1, 768-б.], күйшіні де көп зерттегенін, Итаяқтың нақтылы арқа өңірінің қай жеріне жерлегені туралы 10 жылдан астам уақыт ел ішіндегі адамдардан және жазба тарихи материалдардан іздеп таба алмай, ақыры бірде Жарық станциясына қонақта отырғанда Ескермес деген ақсақал арқылы Жарық станциясының Қызылтау савқозының арғы жағында Бетпақ даладан (Ағыбай бейтінен ары қарай 70 шақырым жерде) тапқанын айтты. Сондай-ақ Кәмел Жүністегінің айтуынша қазіргі таңда күйшінің жатқан жерін тек Ағыбай батырдың шырақшысы Хамит біледі  (4-сурет).

a8a9ce857fe3e147b70e23586f59a38a.JPG

Сурет 4 - Кәмел Жүністегінің жеке қорында (үйінде) сақталған ескі домбыралар.

Оң жақта ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері  Маулет Ардаби, ортада ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері Дәурен Ескекбаев, сол жақта жазушы Кәмел Жүністегі.

Кәмел Жүністегі Арқа күй мектебі оның ішінде Шет өңірінің Итаяқ, Тәттімбет, Қыздарбектерге дейінгі және одан кейінгі күйші-композиторларының өмірі мен шығармашылығын жүйелі зерттеп жүрген бірден-бір тұлға.

Жаңарқа ауданында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қорабай Есеновтың орындауында 4 ән және еш жерде жарық көрмеген 2 күй жазылып алынды.  Сондай-ақ Жаңарқа ауданының Ескене ауылында өткен күйші Фазыл Тұтқабековтың көзі тірісінде ұстаған домбыраларын фото естелікке алумен қатар, күйші Мейрам Ұлмағамбетовың орындауында 4 күй  жазылып алынды. Арқа күйшілік мектебінің арыдағы өкілдерінің бірі, Сайдалы Сарытоқаның жатқан жеріне арнайы барып (сол өңірдегі ел мен жердің тарихына қанық Сайын Омардың бастауында), күйшінің мазары фото естелікке алынды.  (Видео, аудио, фото форматта) (5-сурет).

f7a8eb8ca1046be4ce681fb9660e8c25.JPG

Сурет 5 - Жаңарқа ауданы Ескене ауылында тұратын күйші Мейрам Ұлмағамбетов

Қорытынды. 16.05.2018-25.05.2018 аралығында Қарағанды облысында сақталған рухани мұралардың қалдықтарын ел арасынан жинау барысында 5 күй, 4 ән және Қарағанды облысының Шет өңірінде Итаяқ күйшіден бастап Қыздарбек, Әбди, Ісенбек, Мақаш, Бегімсал [1, 809 б] сияқты сол һлкенің күй өнерінің тарихи тұлғалары туралы тың деректер жазылып алынып (видео, аудио, фото форматта), ҚР Ұлттық музейді «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» қорында сақталды. Халықтың арасында рухани мұралардың сарқытын ұстап отырған адамдар бар болғанымен көбісінің көзі кеткен. Көп мұраларымыз сол кісілермен бірге кеткен. Біздің жазып алғанымыз рухани өнердің қазіргі көзі тірі өкілдері. Бұл адамдардың алдының жасы 80-нен асса, арты 50-ден асқан. Бірақ осы кісілердің өнерін ары қарай жалғап отырған тікелей шәкірттері жоқтың қасы. Алдағы жылдарда Мәдениет және Спорт министрлігімен «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты бірлесіп, Қазақстанның әр өңірінде сақталған рухани мұралардың нақтылы санын, сақталу деңгейін және оларды қорғау жұмыстарын жасай бермек.

Әдебиеттер

1.  Ақселеу С. Қазақтың күй өнері. Монография. – Астана: Күлтегін, 2002. – 768 б.

2.  Жұбанов. А. Ғасырлар пернесі. Монография. – Алматы: Дайк-Пресс, 2002. – 203-232-бб.

3.  Жүзбай Ж. Шертпе күйдің төрт мектебі. Зерттеулер және күйлер жинағы. – 16-18-бб.

4.  Асылұлы О. Қазақтың ғұрып-әдет мәдениеті. – Шыңжаң: Әсемөнер-фотосурет баспасы, 2009. – 87 б.

5.  Қазақ музыкасы. Көне музыкалық фольклор. Антология Бестомдық. І-том. – Алматы: Қазақпарат, 2005. – 12 б.

6.  Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. 254-255-бб.

References

1. 1.  Aqseleu S. Qazaqtyq kүj onerі. Monografiya. – Astana: Kyltegіn, 2002. – 768 b.

2.  ZHubanov. A. Gasyrlar pernesі. Monografiya. – Almaty: Dajk-Press, 2002. – 203-232-bb.

3.  ZHuzbaj ZH. SHertpe kyjdіn tort mektebі. Zertteuler zhane kyjler zhinagy. – 16-18-bb.

4.  Asyluly O. Qazaqtyn guryp-adet mәdenietі. – SHynzhan: Asemoner-fotosuret baspasy, 2009. – 87 b.

5.  Qazaq muzykasy. Kone muzykalyq fol'klor. Antologiya Bestomdyq. І-tom. – Almaty: Qazaqparat, 2005. – 12 b.

6.  Artyqbaev ZH.O., ZHakin M.S. SHet onіrіnіn tarihy. – Qaragandy: QarMU baspasy, 1998. 254-255-bb.

А. Маулет

1НИИ «Халық қазынасы» Национального музея РК, научный сотрудник Астана, Казахстан

ФОЛЬКЛОРНОЕ НАСЛЕДИЕ ЗАПАДНОЙ САРЫАРКИ

(Из материалов фольклорной экспедиции, проведенная в рамках проекта «BR05236868 Изучение, сохранение и популяризация культурного наследия Сарыарки»)

Резюме

В статье рассматривается нынешнее состояние сохранности и изученности фольклорного наследия западных регионов Сарыарки, и принимая во внимание носителей этих культурных ценностей, целью статьи является сохранение и популяризация элементов национальных духовных ценностей путем записи и фиксирования.

Духовное музыкальное наследие казахского народа, сформировавшись спонтанно и сохранив свою историческую значимость, способствует мировому прогрессу человечества. Такие части культурного наследия, как Жоктау, Сынсу, Жар-жар, Аужар, Песня, Кюй, Жыр, Терме, Жарапазан, возникшие в связи с традициями и обычаями нашего народа, получили широкое распространение в устной форме и продолжили историю национальной культуры. Одним из регионов страны, где сохранились эти ценности, является Карагандинская область.

Ключевые слова: кюйши, искусство кюя, духовное наследие, Сарыарка, Карагандинская область.

AMaulet

1Research Fellow at the "Halyk Kazynasy" Research Institute

of the National Museum of the Republic of Kazakhstan

Astana, Kazakhstan

FOLKLORE HERITAGE OF THE WESTERN SARYARKA

(From the materials of the folklore expedition, conducted within the framework of the project "BR05236868  Study, preservation and popularization of the cultural heritage of Saryarka")

Summary

The article considers the current state of preservation and study of the folklore heritage of the western regions of Saryarka, and taking into account the carriers of these cultural values. The aim of the article is to preserve and popularize the elements of national spiritual values by recording.

Having formed spontaneously, the spiritual musical heritage of the Kazakh people have preserved its historical significance, and contributes to the world progress of mankind. The parts of the cultural heritage like Zhoktau, Synsu, Zhar-zhar, Auzhar, Yan, Kuy, Zhyr, Terme, Zharapazan, which arose in connection with the traditions and customs of our people, were widely spoken and continued the history of national culture. One of the regions of the country where these values are preserved is the Karaganda region.

Keywords: Kuishi, art of kuy, spiritual heritage, Saryarka, Karaganda region.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3979

No reviews

Download files

САРЫАР__А ДАЛАСЫНЫ__ БАТЫС АЙМА__ЫНДА__Ы ФОЛЬКЛОРЛЫ__ М__РАЛАР МАКАЛА 1.docx 0.04 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Основные виды благословения в культуре общения у казахов ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша) ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА

Author's articles

САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба