Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары

Алпысбес Махсат Алпысбесұлы

ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(08)

Tags: мәдени, мұралар, әлем, ұлттың, бірлігі, өркениет, тарих, ислам, түркі, халықтары, этнология, жаһандану, рухани, құндылықтар, жәдігерлер
Author:
Аңдатпа. Бұл мақалада адамзат тарихының дамуы мен табиғи өзгеру барысында халықтардың бірегейлігі мен бірлігіне қатты әсер ететін жаһандану үдерісінің ықпалы, және жаһандану жағдайындағы түркі әлемінің рухани және мәдени тарих мұралары мен өркениеттік дамуының ерекшеліктері, исламдық құндылықтар мен дүниетанымының халықтар бірлігін нығайтудағы қызметі тарихи еркін ой тұрғысынан қаралады.
Text:

ӘӨЖ 94 (574)

Мазмұны:

Әлем мен адамзаттың, қазіргі замандағы, қазіргі қарқынды даму кезеңіндегі, ең басты ерекшелігінің бірі – жаһандану үдерісі жағдайында тарихи ілгерілеуі мен өзгеруі болып тұр. Жаһандану ұғымы жер жаһан, дүние жүзі мағынасын білдіргенімен, оның негізгі сипаты – әлемнің байланыс құрылымдарының жедел дамуы нәтижесінде ұқсастық пен біртектілік, біртұтастыққа бет алуында жатыр.

Бұл құбылыс жаңа тарихи шындық, ерекше феномен, жаңаша қалыптасқан ахуал деп қабылдағанымен, жаһандану үдерісі ерте заманнан бар күрделі үрдіс деп білеміз. Ежелгі уақыттардан-ақ адамзат қаншалықты өзара алшақ жатқан қауымдардан құралған болса да, сол есте жоқ ескі заманда да негізінен мәдени алмасу, өзара айырбас, әлеуметтік тығыз қарым-қатынас, этностық байланыстар да дамып жатты. Орта ғасырларда да адамзаттың қауымдары арасында мәдени сабақтастық үзілмеді.

Халықтар бірлігі ұғымы Еуразия құрлығының кеңістігі, Орталық Азия аумағындағы этностардың бейбіт қарым-қатынастар құруы мәселесіне тікелей байланысты. Қазақстанның аумағы тұрғысынан алып қарағанда, бұл кеңістікте саяси-құқтық мағынадағы халық бірлігі айтылады, Қазақстан халқының бірлігін айтамыз. Қазақ жеріне әртүрлі тағдыр тәлкегімен келіп, қазақ халқының жанына топтасқан диаспора статусына ие әртүрлі этностық топтар өкілдері жүз елу жыл уақыттан бері жалғасқан сыртқы ықпал саясатының жемісі болып табылады. Ел құру тұрғысында, бұл жерде біздің мемлекетіміздің ең әуелгі негізі – қазақтың жері болып табылады. Себебі, мемлекет белгілі бір жерде құрылады-дағы, жалғастығын табады. Жер болмаса ел де болмайтын еді. Сондықтан, жер – ең басты құндылық, ең қымбат мұра.

Қазіргі әлемнің тұтастануы, адамзаттың бірлесе түсуі, ынтымақтасуы, және өзара тығыз әлеуметтік-мәдени жалғасын тауып келуі, жоғары технологиялық жүйелердің дамуымен тікелей байланысты. Дамудың сыры да әртүрлі орталардың айналып жатқан, үнемі өзгеріс үстіндегі мәдени шеңберлер іспетті ықпалдастыққа түсуінде жатыр. Әуелгі табиғи болмасы мен жаратылысында адамзат сан-алуан түрлі қауымдар, этностар, тілдері мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне қарай әртүрлі халықтар болып түзілгені белгілі.

Халық ұғымының өзі қазақ, түрік тілінде араб тілінен алынған сөз, оның аудармасы «жаратылған», «жасалған» деген мағынаға саяды. Мәдениеттер жеке бір қауымдардың өзіне тән ерекшелігі болып қалыптасқанымен, жаһандану барысында жойылып кету хал жағдайына келетіні белгілі. Жаһанданудың төндіретін қауптерінің өзі де адамзаттың этностық әр-алуандығына нұқсан келтіру қаупінде жатыр.

Адамзаттың өмір қоғамдық мәдени-тарихи шындығы этностық жеке болмыс пен полиэтностық қарым-қатынас хал сипатында болуының негізгі сыры, оның жаратылыстың дара түрі ретінде жойылып кетпеу қаупінен сақтау болар. Жаһанданудың ең қайшылықты қырлары да осында. Дегенмен, қалай болса да, өз нәтижесінде мәдениет түрлері де, этностық топтар да, тек қана тіршілікке икемделу, өмір үшін күрес пен өміршендігін бекіту барысында қалыптасқан мәдени бәсекелестіктің арқасында өз тірлшілігін жалғастыра алады.

Адамзаттың жеткен бір мәдени жоғары сатысы егер өркениет болса, қазіргі өркениеттің де, өткен замандарда болған өркениеттердің де ерекшелігі мен сыры жаһандану сипатында болуында жатыр. Әлеуметтік жүйе реті мен мәдени ерекшіліктер негізінде қалыптасқан белгілі бір құндылықтар сондай өркениеттердің басты белгілеріне айналған.

Әлемдік өркениеттерді ғылыми сыныптау, және түрлерге бөлу жүйесінен түркі өркениеті, тұран өркениеті аты аталмай тыс қалап жатқанымен, тарихта ол жоқ, болмады, ертеңі келешексіз бір кеңістік деген сөз емес, өйткені көне дəуiрден қалған бір сөз бар: "жердi ұстап тұрған үш тiрек бар, олар – Тұран, Иран жəне Рұм" деген. Бұл бекер сөз емес, оз заманының мифологемасы. «Авестада»  сақ,  тұр  тайпалары  мекендеген  өлке  «Тұран»  деп  аталған. Түріктердің отаны – Тұран (З. Гөкалп)

Жаһандану үдерісі түркі халықтарына да сын сағат тудырып, сындарлы кезеңдерді басынан өткеруге жағдай тудырады. Заманның дамуымен қатар халықтың бөтен ортаға, өгей жұртқа, тегі жат ұлтқа сіңіп кету сияқты қатерлерден, мәдени-өркениеттік ерекшеліктерінен айырылып қалу қауіпі де көбейе түседі.

Қоғамның бүгінгі даму барысы адамның кісілікті ізгі қасиеттерін тәрбиелеу, рухани маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыру, мәдени дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ету мен халықтардың ұлттық салт-санасының кемелдене түсуіне тікелей байланысты. Әл-Фараби іліміндегі кемел қоғамның белгі-бейнесі осы – адамшерлік пен кісіліктілік, оны еуропалықтар гуманизм, гуманистік ой деп жалғастырып алып кеткен. Әуелгі идеясы – Тұран атты Ұлы Даладан бастау алады.

Жаһандану үдерісі үдеген сайын, қазақ халқының ғана емес, түркі əлемінің бірлігін нығайту мәселесінің өзектілігі артып келеді. Өткен тарихта тарихи үдерістің өзі де қауымдардың бірде ірі, бірде ұсақ болып, бірде бірігіп, бірде шағылып тұруы сияқты құбылмалы болған. Елдерді біріктірілуі барысында алып империялар құрылып, империялар ыдырағанда, оның қалдықтары көптеген ұсақталған қауымдарға бөлшектене түскені белгілі. Тарихта Жошы Ұлысының ыдырауы да сондай көріністегі бір бейнелі үлгі. Ал, жаһандану үдерісі қарқын алған бетте, бұрынғы ыдыраған мәдени-әлеуметтік жүйелер қайта жинақтала түсуі әбден мүмкін.

Бұған ең үлкен әсерін тигізетін басты фактордың бірі – ортақ рухани жəне мәдени мұралар­дың халықтар бірлігін нығайту­дағы қызметі болмақ. Бұл іс тарих ғибратынан сабақ алу, рухани мәдениетті саралау, мәдени мұраларды сақтауменен іске асады. Әлемдегі кез келген халықтың бейнесі – тарихи даму ерекшеліктері, өзіндік рухани әлемі, қалыптасқан наным-сенімі, діни рәсімдері, салт-дәстүрлері мен өмірлік рәсімдері тұрғысында қабылданады.

Көнеден бері өзіндік дәстүр болып жалғасқан материалдық өндіріс негізінде құндылыққа айналған мәдени мұралары өзіндік сипатқа ие. Қазақта көшпелі тұрмыс пен дала өркениеті символына айналған киіз үй іспетті дәстүрлі баспана түрі болса, соның өзі қазақтан басқа алтайлықтар, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қалқа мұңғолдары, және тағы басқа түркі халықтарына ортақ мәдени мұра, олардың шаруашылығы мен дәстүрлі тұрмысына тән тарихи жәдігер болып табылады.

Дүниедегі әрбір халықтың мәдени болмысы мен келбеті, тарихи тағдыры, діни және ұлттық сана болмысы бір күнде емес, жылдар бойы, ғасырлар бойы қалыптасып, жиналып, халықтың көпғасырлық жеке өмірінің тәжірибесі ретінде қорланып, сондай жалғастық негізде мәдени тұрғыда ортақ бір нәтижеге жетеді. Этноәлеуметтік аралас-құраластық, діни насихат пен жаратылыс ақиқаты жайында ой дамыту арқасында қалыптасқан.

Қазақ жеріндегі ислам құндылықтары, мәдени-тарихи жәдігерлері мен оның тарихи қалыптасуы, және рухани қызметі, адамзатқа ортақ тәжірибе негізінде дамыды. Дала мәдениеті мен тарихын зерттеген ғалымдар, қазақ этносының шығу тегі бұрынғы түрік халықтарының этностық тарихымен тікелей қатысты болғанын айтты, ал зерттеуші Л.Н. Гумилев ғұндар түрік этносы ретінде б.д.д ІІІ ғасырдың өзінде олар саны жағынан 60 мың әскер, яғни 300 мың адам болды деп еңбегінде жазды.

Қазақ халқының мәдени құндылықтары көпғасырлық тарихында беріде Ислам, арғы заманда Түрік, Тұран өркениетінен бастау алатыны анық. Сондай ақ, Дала өркениеті деген де атауға ие халық. Қазіргі Қазақстанның бір балама аты ретінде Ұлы Дала Елі деп қосалқы атау да сондықтан ұсынылды. Қазақстан географиялық орналасу жағынан жер кіндігі болып табылатын Еуразияның дәл ортасында тұрған үлкен ел.

Қазақ халқы ислам әлеміне, түркі жұртына мәдениеті, тарихы, дәстүрі жағынан терең рухани байланыс орнатқан ұлт. Еуропалықтар өзін-өзі діни тұрғыдан христиан өркениеті, батыс мәдениеті, протестанттық немесе католиктік құндылықтарға байлап сөйлегеніндей. Қазақ болса шығыстың әдеп-ибасын ұстанып, даланың рухымен қуаттананды. Ислам діні – ашық дін, айқын дін, адамзатқа ортақ дін. Исламның құндылықтары барша адамзатқа ортақ мұра болып табылады. Әсіресе, қазақ үшін, түркі халықтары үшін ислам дінінің маңызы зор.

Ислам мәдениеті мен тәрбиесінің әсеріменен білім, ғылым дамыған, Орта және Батыс Азияда мұсылмандық мәдени өрлеу орын алған, дүниеге әл-Фараби, ибн Сина, әл-Бирунилер келген. Фалес (б.д.д 640-550 ж.ш.), Пифагор (б.д.д 570-490 ж.ш.), Платон (б.д.д 428-348 ж.ш.) сынды көнедегі ірі ғалымдардың шыққан тегі грек болғанымен, олардың білім терген, ғылым үйренген жері ескі Шумер (б.д.д 4-3 мыңжылдық) жері болғанын, сондықтан олардың ғылымы шығыс ғылымының жалғасы болатынын атақты фарабитанушы ғалым Ақжан Әл-Машани еңбектерінде жазған. Ертедегі көп грек ғалымдарының есімін, білімін Европа елдері ислам арқылы таныған. Ағылшын жазушысы Рональд Бодлей (1892-1970): «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс исламға қарыздар» деп, ислам ғылымы мен біліміннің, мәдениетінің әсерін бағалаған.

Ислам ғылымы еуропалықтар ортасына келген соң протестанттық, яғни жалған уағызға қарсы бой көтеру, қарсы шығу (протест), өтірік сөзді әшкерлеу, қатып қалған сартап түсініктерді бұзуға әсер етті. Бүгінгі таңда адамзат зайырлы мемлекет құру қалпына келді. Зайырлы мемлекет – діни құқық канондарына сүйенбейтін, еркін азаматтық нормалар негізінде реттелетін мемлекет. Оның заңнамалары діни нормаларға ішінара сәйкес келуі мүмкін болғанымен, мемлекет тіршілігі негізіне діни қағидалар алынбайтын болды.

Зайырлылық идеясын құдайсыз қоғам құру құралы ретінде сынаушылар мен дәріптеушілер болғанымен, негізінен зайырлылық дінсіздік дегенді білдірмейді. Зайырлылықты ғылымды діни догмалардан сақтау құралы деп те білуге болады. Бірақ қалай болғанда да, кез келген ғалым адам ретінде діни әдеп, имани сезім сақтауы тиіс деп білеміз.

Табиғат дүниесіне, пұтқа табыну сияқты көпқұдайлық ғұрыптардың кейбірі исламға дейінгі діндерге енген. Ежелгі Грекияда Зевс атты «құдайдың» мүсінін жасап, соған шоқынатын болған. Отқа табынудың көріністері де осы күнге дейін сақталған. Надандық жайлаған заманда ақындар дінсіздікті мадақтаған. Мысырдағы перғауындар заманында сиырды әулие тұтып, алтыннан бұзау жасаған, соған өздері шоқынған.

Ислам діні – Жаратушы Құдай бір Алла тағаладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі – дейді. Осыны мойындып мойынсұнған адам мұсылман болады. Қазақ халқы: «Алла бір, пайғамбар хақ» деп иман келтіріп, көңіліне сенім орнықтырған. Әл-Фарабидің «Космология» атты еңбегінде Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) сахабасы Жабр бин Абдоллаға "Тәңірінің ең алғаш жаратқаны сенің пайғамбарының нұры" деп айтқан хадисі келтірілген.

Бүгінгі әлем де қай замандағыдай болмасын бәсеке, талас, тартыс заман. Көптеген үдерістердің себебі мүдделер қайшылығында жатыр. Дүниешілдікті мақсат тұтқан ынсапсыздардың көздегені шексіз байи беру, тым молшылық іздеу. Осыған қол жеткізу үшін олар әртүрлі аяр іске де барады. Имани адам құдайға құл болса, имансыздар мен құдайсыздар пендеге құл, дүниеге құл. Дүниешілдік дерт пендеге құл болуға мәжбүрлейді. Дүниеге құл болушылар көбейген жерде ұдайы дінсіздік орнайды.  

«Исламның алдындағы діндерге қысқаша шолу» атты еңбегінде фарабитанушы ғалым Ақжан Әл-Машани: бастапқы діни кітаптар – Мұсаға келген Тәурат, Дәуітке келген Забур, Ғайсаға келген Інжіл түпнұсқа қалпында толық сақталмай, талас-тартыстардың әсерінен сол кітаптарға орынсыз өзгерістер, шатасулар енгені туралы айтады. Кейін, дін бұрмаланып, христиан дініндегілер Ғайса пайғамбарды Құдай деп адасып, Ғайсаның суретіне шоқынуды әдетке айналдырған. Пайғамбардың сөзін бұрмалап, өзін Құдай деп күпірлікке жол ашқандардың бұл ісі де атаққұмарлық, пайдакүнемдік, өтірік айтуды ұят санамау сияқты жат қылықтардан шыққан. Бір жағынан, құдайсыздықты немесе көпқұдайлықты дәріптеудің де астары бар.

Әлемдегі діндер ашық, яғни нәсіліне, ұлтына, дәстүрі, тіліне қарамастан насихаты баршаға арналған діндер, сондай-ақ нақты бір ұлттарға ғана тән, өзгеге жабық діндер деп тарихи этнология ғылымында ажыратылады. Ислам, христиан, будда діндері әркімге рұқсат етілген ашық діндер деп танылса, иудаизм, синтоизм сияқты діндер нақты бір ұлттардың өзіне тән діндер екені әдебиеттерде айтылады. Қазақ даласына ескі заманда дін насихатын жасап талай уағызшылар келген, құтба айтып дала халқын өз рәсімі, ғибадат атқару тәртібімен құлшылық жасауға шақырған. Қазақ халқы ғасырлар бойы, наным-сенім бастауларын өзінің рухани даму тарихындағы ескідегі түрік ата-бабаларынан мирас болған Көк (аспан), Тәңірі, Ұмай ана (Бай ана) түсінігі, жақсы мен жаман, өмір мен өлім, жалған мен мәңгілік жайында қалыптасқан діни ой-санасы болды.

Ғылыми зерттеулер бойынша, ежелгі түркі тайпалары жаратылыстағы бес нәрсені қасиеттеп, оларды ұлы күш деп санаған: көк (аспан), жер, су, от, ағаш. Ортағасыр дәуірінде бұл ұғым түйдектеле келе ең ұлы күш – көк, және табынатын Тәңірісі – көк болып шығады; көк – тәңіріні араптан келген Алла ұғымына, иранның хұдасына теңеп, «бір Тәңірі» деген ұғым шығарады. Орталық Азияда ислам құндылықтары орнағанға дейінгі дәуірде түркі жұрты өзінің рухани мәдениетінде байырғыдан тәңірге сыйынуға негізделген дүниетанымы, тәңірлік сенім ерекше орын алады.

Қазіргі уақыттағы түркі халықтарының өзара ынтымағы мен бірлігі түрік жұртының осындай ортақ мұрасына айналған діни ортақтық, дүниетанымдық-құндылықтылық идеялық-көзқарастық жүйе негізінде құрылады. Қазақ жерін мекендеген түрік рулары кие тұту наным түсініктері ертеден болған, киелі орындарға тәу ету, күнге сиыну дүниетанымын ұстанған. Ерте дәуірдегі түрік шежірелерінде көбіне табиғат күшіне сыйынуға негізделген тәңірлік дүниетанымнан туған құбылыс.

Әйгілі шығыстанушы, түрік тарихының білгірі, академик В.В. Бартольд: “ежелгі түркілер дінінің негізі Көкке (Тәңір) және Жерге (жер-суға) сыйыну болды”, – деп еңбегінде жазған. Тоныкөк ескерткішінде: “Көк, Ұмай құдай, қасиетті жер-су, бізге жеңіс сыйлаған осылар!” - деген, яғни жер-су түсініге де табиғатты пір тұтудан туындайды. Жаратушыны Тәңірі деп танып, оның әсерімен гүлдене түсетін табиғатты құрметтеу, аялау салт-дәстүрі орын алған. «Тәңірі сөзі менің ойымша – таң рауаны мағынасынан, немесе Таң-ер  сөзінен шыққан болуы тиіс», - дейді С. Ақатаев. Осы ілімдердің барлығы түрік халықтарының ортақ рухани мұрасы емес пе!

Көне түріктер Ұмай ана бейнесін ерекше құрметтеген, Ұмай ана отбасы мен бала-шаға киесі, жебеушісі болған. Табиғатпен біте қайнасып өскен түріктер, табиғат құбылыстарын бақылап, ғаламшар, аспан денелері – Күн, Ай, жұлдыздар қозғалысын бақылаумен ғарышнамалық түсініктерін қалыптастырған, соған орай мүшел жылсанау тәртібін енгізген. Сондықтан, түріктердің тәңірлік дүниетанымы, ежелгі түріктің салт-дәстүрі, наным-сенімі, тыйымдары табиғат құбылыстарымен тығыз байланысты болған, табиғатты бақылаудан туындаған. Түріктер Ай, Күн, от, су, ағаш, темір сияқты адамға пайдалы нәрселерге артық құрмет ететін болған соң, туған балаларына Айбек, Күнсұлу, Күндізбай, Темірбай сияқты ат қоятын болған. Қазақ үлкендерін көбіне «отағасы» деп атаған. Келіншек түскенде, әйел босанғанда отқа май құюлары сол ескіден қалған әдет болған. Ескі түріктерде өз заңдары бар еді, сол заңды орындауда патша, бұқара, бай, жарлы бәрі бірдей міндетті болатын, ал заңға қарсы келген, халыққа қиянат қылған адамдарды өлім жазасына кесетін болған.

Ежелгі түріктерде екі адам дос өзара болмағы үшін, біреуі бармағынан қан шығарып қымызға тамызып, оны ішіп тұрып: «түсі түкті жер ұрсын, төбесі ашық күн ұрсын» - деп серттесетін болған. Осыдан соң қан-қарындас жақын болып өле-өлгенше дос болып өтетін деседі. Бұны «анда», яғни «анттас дос» дейтін болған. Бұндай анттасу көрінісін ізтасқа түскен суреттерден, сақалардың алтыннан жасалған қаңылтыр бұйымдарынан, парсылардың барельефі – тас жазуына салынған бейнелерден де көруге болады. Ескі түріктің әдеттері де осындай еді. Алайда бұл тәңірліктен туындағын ескі түріктік түсініктер көбіне ислам талаптарына қайшы келетін.

Мұның барлығы исламнан анағұрлым бұрын болғандығын, ежелгі заманда қалыптасқан ой-сананың түрін аңғартатынын, академик Ә.Х.Марғұлан жазған. Түріктің андас болу рәсімі мен дәстүрі де халықтардың өзара бейбіт қарым-қатынас құра білу, халықаралық келісіміге келудің бір көрінісі іспетті. 

Түріктер ерте замандарда өзіндік жазулары болған, өз тілінде кітап жазған, бірақ түрік еліне ислам діні келгеннен кейін, араб жазуларын қабылдады. Ертедегі түріктер ағаш тактайларға "кажетті адамдардың аттарын, салык пен малдың санын" есептеу мақсатында ойықтар салатын болған. Сонымен катар түрік елшілері құжаттармен жабдықталды. Түріктің ескі жазулары жер астынан, обадағы тастардан көп табылған.

Жазу мұралары Түркістан мен Алтайда, Енесей бойынан шыққан, ескі заманда қабірлерге қойылған құлпытас, ескі түрік хандарын мақтау ретінде жазған жазулар болған. Ертедегі бұл түріктің жазу мұралары бірнеше қызмет атқарып тұрды, мысалы – ол түрік қоғамында өткен адал қаған сияқты мемлекет қайраткеріне орнатылған құлпытас, екіншіден – бұнда түрік елінің шежіресі жазылған; үшіншіден – опат болған баба аруағына деген сый-құрмет үшін қойылған.

Кейін ескі түрік салт-санасы, дәстүрі исламмен үйлесіп, қазақтың зират ру таңбасы соғылған тасынан да көрініс табады. Шежіре тұрғысынан бұның негізінде бұрынғы бабалар тұлғасын еске алып отыру, халықтың өткеніне, тарихына ұрпақтардың назарын аударту әдеті жатқанын аңғарамыз. Бұл дәстүрдің негізінде аруаққа құрмет көрсету жатыр, қазақ айтады: «өлі риза болмай, тірі байымайды» деп. Түріктің аруақты қадірлеу, өлікті қасиеттеу, сол туралы жоралар, өлген кісіні үлкен салтанатпен шығарып салу, ас беру, аза тұту, бетін жырту, жоқтау, жыр шығару, өлетін кісінің өсиет сөзі, осының бәрі ескі түрік жырларының қалыптасуына арқау болған дейді Ә.Х.Марғұлан.

Ислам дінін ең алғаш қабылдаған – түріктің алпауыт бектері болған. Қазақ тарихшысы М.-Ж. Көпейұлы, «Пайғамбарға Ақкөсенің қалай келгені» атты бір әңгімесінде, қыпшақтардың пайғамбармен жүздесуі туралы айтады. Аңыздың айтуынша: «заманнан заман өткенде, бұрынғылар өліп таусылып, қалғандарға нәубет жеткенде, «араб жұртынан бір Мұхаммед деген пайғамбар шығыпты» деп, әуезесі айдай әлемге жайылып кеткенде Түркістан аймағынан, түрік ұрпағынан, мұғыл нәсілінен «тоқсан екі баулы қыпшақ» атанып тұрған күнде, әр рудан тоқсан екі батыр атқа мінді дейді, «пайғамбарды көрейік, жақсы болса қасына ерейік» деп, мінген көліктері ат, ұстаған қарулары бір-бір шоқпар-сойыл, құрғақ жолмен жүріп барған екен, – деп жазған.

Осыған ұқсас тарихи үлгі сөздерді де, аңыз-хикаяларды да, хадисті де, М.Қашқаридің араб жазуымен хатталған «Түрік тілі сөздігі» («Диуани лұғат ат-Түрік») еңбегінде де кездестіреміз. Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында арабтар көршілес елдерге ислам дінін таратып, Пайғамбар дүниеден өткен соң орнына келген халифтер дін соғысын жалғастырды, VII ғ. арабтар Иранға, Сырдария мен Амудария арасындағы Мәуеренаһр өлкесіне қанат жайып, Түркістанға жетіп, Соғд мен Хорезм елдерін өзіне қаратқан. Қазақтың арғы ата-бабалары ислам қағидаларын ертеден қабылдағаны белгілі. Алайда, ислам діні түрік ортасына тым оңай және жылдам келген деген ойда болуды тарих растамайды. Ерлік салтта жасаған қыпшақ пен қарлықтар, оғыздың кейбір қауымдары екі жүз жыл бойы ислам дініне қарсы тұрып, тек X ғасырда, Қарахан заманынан былай қарай ғана исламға ойыса бастайды.

Қазақ сахарасына исламның діни талаптары, құқтық тәртібі келген уақытта қазақтың көне мифологиялық түсініктерімен қатар халық ырымдары, наным-түсініктері қабыл етілмей, өзгеріске ұшырап, біразы өмір тәжірибесінен алшақтады. Ескі діни ғибадат дәстүрлері, көне түрік әдет-ғұрпы ислам талаптарымен үйлесіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті, жаңа мәзһаб келді. Ислам дінінің қанат жайып ескі түрік жұртына тарала бастауымен-ақ біздің ата-бабаларымыздың рухани мәдениетіне мұсылмандық таным орнығып, ой-сана құлпырып, исламдық құндылықтар түркілік сипатта қалыптасты.

Қазақ жерінде ислам діні құндылықтары орнығуы сонау түрік мемлекеттері кезінен бастау алып, орта ғасырларда, жаңа уақытта да үнемі дамып отырған. Құран мен хадис ақиқаты негізінде рухани тәрбие мақсатында хикмет айтушы түрік, кейін қазақ ғұламалары, муфассирлер мен мухаддистер дүниеге аса құнды еңбектер келтірген, артынан қазына боларлық әртүрлі жәдігерлерді мирас еткен – кітап, қолжазбалар, даналық ой мұралары, және т.б. Осынша мағыналы да, мазмұнды келген рухани қазыналарды бүгінгі күні насихаттау зиялы қауымның мемлекет алдындағы, ұлт алдындағы міндеті болса, мемлекет те бұл жағдайды түркі əлемінің рухани жəне мәдени мұралар­ын халықтар бірлігін нығайту үшін пайдалануы керек. Әсіресе жаһандану үдерісі кұшейге уақтта бұл аа маңызды.

Түрік халықтарының ортақ рухани мұралары ислам жәдігерлерімен көп байланысы бар. Исламның түрік мәдениеті ортасына келуі, орнығуы бірнеше ғасырлар бойы жалғасқан. Бұған көп еңбек еткен түрік ғұламалары болған. Діни ғылым, біліммен қатар келіп, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи тәрізді ғұламалар мол қазына қалдырды. Түріктің Қарлық-Қарахан мемлекетінде ислам мемлекет дініне айналды.

Исламға дейін түрікте қаншалықты өзіне тән рухани құндылықтар, әдет-ғұрыптар, салт-санасы, дүниеге деген ерекше көзқарасы болса, исламның таралуымен жақсы дәстүрлер молая түсті. Ежелдегі түріктің өзіндік дүниетаным көзқарастарын айшықтайтын бір сөзді біз түріктің данасы Қорқыт Ата былай айтқан:

Алла, Алла демейінше, іс өнбес.

Әзелде жазылмаса, құл басына қаза келмес.

Ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.

Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес.

Тәкаппарлық еткенді Тәңірі сүймес.

Көңілін жоғары тұтқан ерде дәулет болмас.

Қадір Тәңірі демейінше ер байымас,

Шолақ сулар тасыса да теңіз болмас.

Түрік жұрты ортасында қалыптасқан ескі сенім-наным жүйесін исламдық қағидалармен өзара келісімге жеткізген діни мектеп (мазһаб) иесі  болған Имам Ағзам Әбу Ханифа, қазақ ортасында бекіген сопылық ілімнің негізін дамытушы қайраткер қожа Ахмет Йассауи болды. Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінің маңызы – араб тілінде насихатталып келген ислам қағидаларын сайыдтарымен қатар түрік жұрты ортасына түріктің әдеті, діни салт, ғұрпымен астастырып әлеуметтік тұрмысына бейімдегені.

Бұл құндылықтар тазалық сақтау, тән саулығы, отбасы және неке тазалығы, бала тәрбиесі мен қамқорлық жасау, жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзара көмек жасау, қайырымдылық, туыстық қарым-қатынас және қонақжайлық, мұсылманға тән әдептілік пен сыпайылық, қоныс таңдау, қонсымен сыйлас болу, бата беру, тамырлық, жұртшылық, асар, рәсім, дәстүрлерімен байланысты болған.

Адамның тәні де бар, жаны да бар. Тәні де, жаны өз қажетінше азық тілейді. Алланы танып иман келтірген, пайғамбарларға ерген, олардың амалдарын сүннет еткен адамдар үнемі жақсылық істеген, ізгілікті, шыншыл, ойшыл, хәкім болған. Исламның қазақ даласына келу нәтижесінде дала жұртында күрделі идеологиялық әлеуметтік-мәдени жүйе қалыптасты. Тәңірлік пен ислам синтезі нәтижесінде қалыптасқан рухани құрылым пайда болды. Ислам діні келген соң Келес, Отырар, Шауғар, Өзгент қалаларында, мәдениет, ғылым өркендеді.

Қазақ ортасына қожалардың дін уағыздау мақсатында келгені айтылады. Мың жыл бұрын шамасында арабтың ішінен, пайғамбардың әулетінен Мұхаммед-Қанапияның ұрпағы Әбдіжәлил бап, Шайхы Бұзырық деген ғұламалар исламды насихат қылу мақсатымен Орталық Азия жеріне келген. Діни насихат жүргізуге қолайлы болғаны үшін Бұхараға тоқтаған. Әбдіжалилдің тұқымынан Ысқақбап деген оқымысты адам шыққан. Оның баласы – ислам дінінің асқан білгірі болған Қожа Ахмет Йассауи, халық ішінде Әзірет Сұлтан лақабына ие болған. Әзірет Сұлтан дегені – бүкіл әулиелердің патшасы.

Шежіре мәліметтерінде қыпшақтың пайғамбармен кездесіп, бірге соғыс салғанын айтады: «Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа, Аққояндар Қаратауда шәйіт болып, молалары Қаратауда бұл күнге шейін әлі жоғалмаған» - деп, М.-Ж.Көпейұлы жазған. «Бұхара қаласы ислам дінін насихаттау орталығына айналады. Әбдіжалелбап пен Шайхы Бұзырық салдырған мешіт-медреселер және олардың зираттары да күні бүгінге дейін бар» - дейді қазақ ортасындағы қожалар.

Мұсылмандық әдет-ғұрып, имандылық, ихсан дәстүрі алғашқы пайғамбар Адам ата заманынан жалғасқан үрдіс болса, ислами рәсім, жол, оның әдет-ғұрыптары мен жалғыз жаратушы Аллаға ислам тәртібімен ғибадат ету әдеті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан, яғни VІІ-VIIІ ғғ. бері хақ дін ислам келгеннен соң, түріктің бір бөлігі тұтастай бір ислам дінін ұстанды. Қытайлардан теперiш көрген сол кездегі түркеш қағандары мен қарлұқ жабғулары түпкi мақсатына орай өзара жақын рулық одақ құрды, қара түркештер арқылы арабтардың қарлұқ жабғуымен ортақ тiл табысып, өрлеу, iлгерiлеу үстiндегi ислам әскерiнiң күш-қуатына сенiм артқан.

Қарлықтың арабпен қосылып соғыс салу әңгімесі 751 жылғы Талас өзені бойында орын алды. Сол кездегі түрiк руларының iшiнде қарлұқ, шығыл, шуйе, шуми қауымдары Шаш пен солтүстiк Ферғана өңiрiне дендеп еніп, соғды және арабтармен қарым-қатынаста болған. Қытай дерек көздерi араб әскерi туралы сипаттама беріп, арабтар жағында Зият бастаған Хорасан, парсы қолы Соғды бiрлестiгiндегі жұрт болған, арабтарға бағынып, ислам дiнiн қабылдаған. Араб әскері түйелi, найзалы қосын, отпен шабуыл қылушы топ болған. Арабтың қару-жарағы артық болды.

751 жылдың зұл-хиджа (шiлде) айында Талас жерiнде өткен әйгiлi шайқас бес күнге жалғасып, қарлұқ арабқа болысып, екi жақтап Таң әскерін қыспаққа алған. Таң әскерi түн жамыла қашқанда, жол тар болғандықтан адам мен ат көлiк жолға кептелiп, бірі-бірін таптап қырғын көреді. Тек қана қытайдың Гау деген генералы аздаған адаммен жан сақтаған.

Ислам дінін қыпшак даласына таратуға күш салған кісінің бірі Алтын Орда ханы Өзбек (1312-1342). Моңғол дәуірінде мұсылмандықтың қазақ даласында өркендеуі Өзбек ханның атын Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан есімімен толықтырып, көптеген көшпелі руларға пір болған Сайыд ата әулие. Ұлық Ұлыс атты Алтын Орда мемлекетінде де ноғайлы жұртшылығы, қазақтың Қазақ хандығы құрылмай тұрғандағы кезде жасаған ата-бабалары да дін исламды ұстанды. Даулы мәселелерді дала заңымен де, шариғат тәртібімен де шешетін болған.

Сол кездің өзінде, Орталық Азия өлкесінде түріктің ру-тайпалары жасап жатқан. Олардың тұрмыс-тіршілігі көп жағынан ұқсас болды. Марко Поло XIII ғ. былай деген: «Бұл  жерде Арғон дейтін ел бар. Олар екі атаның араласуынан құралған. Ислам дінін қолданады. Түрі сымбатты, өздері ақылды, сауда істейді». Айтып отырған жерлері – Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы даласы, Аягөз, Алакөл төңірегі, Жошының үлкен баласы Орда-Еженге қараған жерлер еді.

Дін ислам сол Мұхамед-Қанапия келгеннен бері ғасырлар бойы орнығып, қазақ ішінде, түрік ортасында жалғасын тауып келген. Көркем әдебиетте Алтын Орда атын иеленген Ұлы Ұлыс мемлекетінде де ислам орнығып, ықпалды дін ретінде орын тапты. Жошы Ұлысында, Берке хан, кейін Өзбек хан тұсында да ислам діні мемлекет діні болып орнықты. XVII-XVIII ғасырда Әз-Тәуке замамынан Абылай заманына дейін хан ордасында төбе би боллған данагөй абыз Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1783):

Ей, айташы, Алланы айт,

Аты жақсы құдайды айт.

Тәнірім сөзі бұрқанды айт, 

Кәлим Алла құранды айт.

Мұхамметтің аяты,

Алла сөзі Құранды айт.

Пайғамбардың сүндеті,

Бес уақытқы намазды айт...

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт.

Жамандыққа жақсылық,

Еткен таза арынды айт, - деп айтқан толғауларында, немесе,

Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Ақтың үйі Мешітте,

Аққа құдай кешімді.

Арамзаның қулығы

Таппайды еш кесімді.

Алла жақтаған зар болмас,

Ақтың жолы тар болмас

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

Илаһим Халел жасаған

Тәңірім үйі Кебені, - деп жырлады.

Мұсылманның бес парызы иман келтіру, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, қажылық өтеу болатын болса, қазақтың хикмет айтқаны данышпаны Абай Құнанбайұлы, иманның толық болуы – Алланы сүю, адамзатқа сүйспеншілік, және әділетті сүюмен болады деп, осы үш нәрсенің болуымен ғана орны толатынын жеткізген:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жол осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл, - деген. Рухани байланыс айқын.

Абай айтып отырған рухани ілім әл-Фараби еңбектерінен жалғасын тапқан екен. Қазақтың фарабитану негізін салушы ғалым Әл-Машани қазаққа әл-Фараби мұралары қаншалықты танымал деп, Абай мен әл-Фарабиді жалғастырған ғалым Шаһабуддин Маржани (1818-1889) екенін анықтады. Шаһабуддин Маржани Бұқара (1838), Самарқандта (1843) білім алған. Оның пірі – Баһауеддин Нақшбанди шайхы, ұстазының бірі Әбу-Сайыд Самарқанди болған. Ш. Маржани еліне оралады, Қазанға келіп мешіт, медреселер салдырады, оның сонды оқыған шәкірттері Семей мен Қарқаралыда бала оқытқан. Абай Ш. Маржани және оның еңбектері туралы қанық болған. 1870 жылы Ш.Маржанидің «Назрат-үл-Хақ» еңбегі жарыққа шыққан.

Бұдан басқа "Хаккуль-ма'рифа ва хуснуль-идрак" (“Таным ақиқаты”, 1880 г.)  "Мустафадуль-ахбар фи ахвали Казан ва Булгар" (“Қазан мен Бұлғар туралы ақпараттар”, 1885 г.), "Китабуль-хикма аль-балига аль-джанийя фи шархиль-акаид аль-ханафийя" (“Ханафи даналараның еңбектерін түсінуге құрал кітап ”, 1888 г.) сияқты еңбектерін жариялаған. Еңбектерінде Ш.Маржани Әл-Фараби туралы, оның ғылым, философия, музыка саласындағы қағидаларын айтып тоқталған. Әл-Фараби мен Абай арасындағы рухани байланыс турасында көп ойланған Ақжан хазрет Әл-Машани Абай заманында қазақ жерінде исламның ғақли-ислам және нақли ислам сияқты екі түрлі ағымы болғанын байқаған. Сол ғақли-ислам Әл-Фарабиден Ұлықбекке, Ұлықбектен – Маржаниге, Маржаниден Абайға жалғасқанын аңғарған.

Әл-Фараби өзінің ислами көзқарастарында адам гармониясы, сол арқылы қоғам гармониясын орнату жайында ойларын білдірген. «Қайырлы қала тұрғындары» еңбегінде осыны айтады. Соның әсерімен Т.Мор (1478-1535), Т.Кампанелла (1568-1639) сынды Европа гуманистері «Утопия» (Кемел ел), «Күн қаласы» атты еңбектерін жазған. Береке, дәулетке қол жеткізу жолында ынсапсыз ашкөздік, қиянат жасау, аярлық болмауы тиіс. Адам гармониясы (үйлесімділік) оның рухани және фәни (тәни) болмысының тең дамуы деп білеміз. Діннің де айтатын жақсы өнегесі сол. Ал кез келген ауытқушылық (үйлесімсіздік) адам болмысының осы екеуінің бірі басым түссе байқалады.

Бүгінгі әлемнің жаһандану қарқыны артқан заманда, жаңаша жалпы әлемдік экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени, ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі іске асып жатқан уақытта, ұлттық дамудың жолы да өзгере түсетіні анық. Жаһандану барысында халықаралық, мемлекетаралық құрылымдардың күшейе түсетіні де анық. Сондықтан, мемлекеттердің қазіргі таңдағы дамудағы бірден-бір артықшылығы халықтың бірлігін, ынтымағын арттыруда жатыр.

Мемлекеттің негізі болып табылатын жерге ие болу, халықтың рухани өмірі мен ұлттық болмысына қорған болатын дінге, және сана мен діл негізін құрайтын мемлекеттік тілге ие болу – қазіргі таңда ерекше маңызды болмақ!

Ұлт – бүгінгі әлемнің қоғамдық ұйымдасуының негізгі бірлігі болып табылады, ал ұлттық мемлекет – оның саяси ұйымдасуының негізгі өлшемі. Бұл екі бірлікте – қоғамдық және саяси – бір-біріне сәйкес келеді.

Қазақстан ұлттық мемлекет ретінде дамуындағы қажет бірден-бір мәселе – Қазақстан халқының бірлігін сақтауда. Сол тұрғыда, түркі əлемінің рухани, мәдени мұраларының, құндылықтарының, жне тарихи даму ортақтығына баса назар аудары маңызды. Бұның жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайту­дағы қызметі арта бермек.

Әдебиеттер:

Арғынбаев Х. Қазақ отбасы. – А., 1996. – 288 б.

Аязбекова С.Ш. Тюркская цивилизация в системе цивилизационных классификаторов / http://www.viaevrasia.com/ru

Әл-Машани А.Ж. Айдың айалдамалары - Көп томдық шығармалар жинағы. – Т.9.- Алматы: Алатау, 2008. - 295б.

Әл-Машани А.Ж. Әл-Фараби және Абай / Көп томдық шығармалар жинағы. – Т.2.- Алматы: Алатау. - 2005. - 296б.

Әл-Машани А.Ж. Әл-Фараби және бүгінгі ғылым / Көп томдық шығармалар жинағы. – Т.6. - Алматы: Алатау, 2007. - 222б.

Әл-Машани А.Ж. Тұран қақпасы / Көп томдық шығармалар жинағы. – Т.14. – Алматы: Алматы-Болашақ. - 400б.

Әл-Машани А.Ж. Шаңырақ / Көп томдық шығармалар жинағы. – Т.10. - Алматы: Алатау, 2008. - 236б.

Әл-Мұхтадирдің Бұлғар патшасына жіберген елшісі Ахмад ибн-Фадлан, ибн-Аббас, ибн-Рашид, ибн-Хаммадтың кітабы // Көне мәдениет жазбалары / Қоңыратбаев Ә. – А., 1991. –  355 бетте.

Баласағұн Ж. Құтты білік.  – Алматы, 1986.

Батырхан Б.Ш. Тұран өркениеті – қазақ өркениетінің негізі // ІХ Междунар. науч.-иссл.конфер. «Центральная Азия: регионализация и глобализация», KIMEP university, 19-21 апреля.– Алматы, 2012.

Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. - Алматы: Қазақ Ғылымы академиясы, 1992.-94б.

Гумилев Л.Н. Происхождение казахского этноса // Евразийство и Казахстан. – Астана, 2003. – Т.І. С. 11-18. – 11 бетте.

Дәулетхан Ә. Атлах шайқасына 1250 ж.// Қазақ тарихы,  2001. – №3.

Жолдыбайұлы Қ. Имани гүл – Алматы; 2011 – 384 бет.

История Казахстана в персидских источниках. – А., 2006. – 620 с.

Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы: Жалын, 1993. – 76 б.

Қоңыратбаев Ə. Қазақ фольклорының тарихы, Алматы, 1991.

Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қазақ әм хандар шежіресі. – А., 2004. – 80б.

Қыздарбеков Б.Қ. Қазақтардың көне тарихына кіріспе. – Қарағанды: ҚарМТУ, 2012. – 112б.

Марғұлан Ә.Х. Шоқан және «Манас» / «Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасы туралы зерттеу. – Алматы: «Жазушы» баспасы. — 1971. – 164б.

Мәңгілік  Ел:  –  Оқулық  /  М.Б.  Касымбеков,  С.Ж.  Пралиев,  К.К.  Жампеисова  және  т.б. Абай атындағы ҚазҰПУ – Алматы: «Ұлағат» баспасы, 2015. – 336 б.

Нарымбаева А.К. Туран – колыбель древних цивилизаций. – Алматы, 2009.

Омаров Е.С. Краткая история казахской цивилизации – Алматы: Арда, 2005

Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. – Алматы, 2012. – 324б.

Сатершинов Б.М. Тарихи сана – тәуелсіздіктің рухани тұғыры. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФжСИ КБО, 2011. – 291 б.

Фирдоуси «Шахнама», С.Хамидян, Тегеран, 2000.

Духовное и культурное историческое наследие тюркского мира

в укреплении единства народов в процессе глобализации

Теги: единство нации, цивилизация, история, ислам, тюркские народы, этнология, глобализация, духовный мир, наследие, культурные ценности, памятники

Аннотация. В статье представлен теоретический обзор автора о культурно- исторических переменах и влиянии глобализации на идентичность и единство народов, о специфических чертах цивилизационного развития тюркского мира, исламских ценностях и развитии духовного мировоззрения, а также о роли культурно-исторического наследия в укреплении единства народов в условиях  процесса культурной унификации.

Argynbayev Kh. Qazaq otbasy. – A., 1996. – 288 b.

Ayazbekova S.Sh. Tyurkskaya tsivilizatsiya v sisteme tsivilizatsionnykh klassifikatorov / http://www.viaevrasia.com/ru

Әl-Mashani A.Zh. Aydyng ayaldamalary - Kop tomdyq shygarmalar zhinagy. – T.9.- Almaty: Alatau, 2008. - 295b.

Әl-Mashani A.Zh. Al-Farabi zhane Abay / Kop tomdyq shygarmalar zhinagy. – T.2.- Almaty: Alatau. - 2005. - 296b.

Әl-Mashani A.Zh. Әl-Farabi zhane bүgіngі gylym / Kop tomdyq shygarmalar zhinagy. – T.6. - Almaty: Alatau, 2007. - 222b.

Әl-Mashani A.Zh. Turan qaqpasy / Kop tomdyq shygarmalar zhinagy. – T.14. – Almaty: Almaty-Bolashaq. - 400b.

Әl-Mashani A.Zh. Shangyraq / Kop tomdyq shygarmalar zhinagy. – T.10. - Almaty: Alatau, 2008. - 236b.

Әl-Mұkhtadirdіng Bulgar patshasyna zhіbergen yelshіsі Akhmad ibn-Fadlan, ibn-Abbas, ibn-Rashid, ibn-Khammadtung kіtaby // Kone madeniyet zhazbalary / Qongyratbayev A. – A., 1991. –  355 bette.

Balasagұn Zh. Qutty bіlіk.  – Almaty, 1986.

Batyrkhan B.Sh.  Turan orkeniyetі – qazaq өrkeniyetіnіng negіzі // ІKh Mezhdunar. nauch.-issl. konfer. «Tsentral'naya Aziya: regionalizatsiya i globalizatsiya», KIMEP university, 19-21 aprelya. – Almaty, 2012.

Buqar zhyrau Qalqamanuly. Shygarmalary. - Almaty: QazaqGylym akademiyasy, 1992.-94b.

Gumilev L.N. Proiskhozhdeniye kazakhskogo etnosa // YEvraziystvo i Kazakhstan. – Astana, 2003. – T.І. S. 11-18. – 11 bette.

Dauletkhan A. Atlakh shayqasyna 1250 zh.// Qazaq tarikhy,  2001. – №3.

Zholdybayuly Q. Imani gүl – Almaty; 2011 – 384 bet.

Istoriya Kazakhstana v persidskikh istochnikakh. – A., 2006. – 620 s.

Kopeyuly M.Zh. Qazaq shezhіresі. – Almaty: Zhalyn, 1993. – 76 b.

Qongyratbayev Ə. Qazaq fol'klorynyng tarikhy, Almaty, 1991.

Qudayberdіuly Sh. Turіk, qazaqam khandar shezhіresі. – A., 2004. – 80b.

Qyzdarbekov B.Қ. Qazaqtardyng kone tarikhyna kіrіspe. – Қaraғandy: ҚarMTU, 2012. – 112b.

Margulan Ә.Kh. Shoқan zhane «Manas» / «Manas» zhyrynyng Shoқan zhazyp alғan nusqasy turaly zertteu. – Almaty: «Zhazushy» baspasy. — 1971. – 164b.

Maңgіlіk  Yel:  –  Oqulyq  /  M.B.  Kasymbekov,  S.Zh.  Praliyev,  K.K.  Zhampeisova  zhәne  t.b. Abay atyndaғy ҚazҰPU – Almaty: «Ұlaғat» baspasy, 2015. – 336 b.

Narymbayeva A.K. Turan – kolybel' drevnikh tsivilizatsiy. – Almaty, 2009.

Omarov YE.S. Kratkaya istoriya kazakhskoy tsivilizatsii – Almaty: Arda, 2005

Sartqozhauly Қ. Orkhon muralary. – Almaty, 2012. – 324b.

Satershinov B.M. Tarikhi sana – tәuyelsіzdіktің rukhani tұғyry. – Almaty: ҚR BҒM ҒK FzhSI KBO, 2011. – 291 b.

Firdousi «Shakhnama», S.Khamidyan, Tegeran, 2000.

u041fu0440u043eu0444u0435u0441u0441u043eu0440 u0410u043bu043fu044bu0441u0431u0435u0441 u043cu0430u049bu0430u043bu0430u0441u044b.doc 

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 7879

No reviews

Download files

Профессор Алпысбес мақаласы.doc 0.13 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 94 (5) ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ ИСТОКИ ФОРМИРОВАНИЯ ИНСТИТУТОВ ИСЛАМА В СЕВЕРНОМ КАЗАХСТАНЕ (НА МАТЕРИАЛАХ ПЕТРОПАВЛОВСКОГО УЕЗДА АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ) ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ А. ЯСАУИДІҢ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РӨЛІ Основные виды благословения в культуре общения у казахов ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ (ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ) ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ Изучение религиозных персоналий в истории Казахстана ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша) ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Author's articles

ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары