Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

А.Ғ. Ибраева¹, А.С. Темирханова². ¹Т.ғ.д., профессор. М. Қозыбаев ат. СҚМУ. ²PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан.

ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: Дума, Қызылжар, өкімет, Алаш, Солтүстік Қазақстан, төңкеріс, съез, тарих, кеңес, ұлт
Author:
Аңдатпа. Мақала ХХ ғасырдың басындағы Солтүстік Қазақстан облысының тарихына арналып, біртұтас көлемде қарастырылып оқырман назарына ұсынылды. Алаштанудың негізі ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері өмір сүрген кезеңде қалыптасты. Кеңестік дәуірде бұл қозғалысқа біржақты таптық баға берілгендіктен, оның ақиқатын ашуға мүмкіндік болмады. Тек қазіргі таңда еліміз егемендікке қол жеткізгелі бұл қозғалыстың тарихына, қозғаушы күшіне, Алаш белсенділерінің іс-әрекетін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік туып отыр. Алаш қозғалысының өзіндік бір ерекшелігі ретінде оның жаппай ұлттық сипатқа ие болғандығының белгілі бір өңірмен шектелмей, қазақ жерінің барлық аймағын қамтығанын олардың сол өңірлермен байланысты іс-әрекеттері дәлелдеп отыр. Сонымен бірге, еліміздің Қызылжар сияқты аймағы Алаш қайраткерлерінің тағдырында елеулі орын алып, өзіндік із қалдыруына ықпал етті. Сондықтан, ұсынып отырған мақаламызда жоғарыда айтылған мәселелер жан-жақты қарастырылып, бірқатар сұрақтарға жауап береді деген сенімдеміз.
Text:

Кіріспе. Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы тарихи-саяси айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрған. Себебі ол Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс болатын. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңіп, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін тапты. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұл тартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы.

Материалдар мен әдістері. Тақырыпты зерттеу барысында Солтүстік Қазақстан облысының XX ғасырдың басындағы тарихына қатысты бұрыннан белгілі деректер мен ғылыми айналымға енгізіліп отырған архив басылымдары, мерзімдік баспасөз құжаттарын қарастыра отырып, объективті түрде баға беруді мақсат етіп қойылған.

Жоғарыда аталған зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері архив құжаттарын, мәліметтік жинақтарды, шолуларды, белгілі қоғам қайраткерлерінің естеліктері мен мақалаларын, сол кезеңдегі баспасөз жарияланымдарын, тақырыптық құжаттар мен жинақтарды біріктіріп отыр. Күрделі кезеңдердегі тарихи оқиғаларды зерттеу барысында архивтік деректердің ғылыми айналымға молынан қосылуы тақырыпты ашудың ерекшелігі болып табылады және олар бір жүйеге келтіріліп, сыни тұрғыдан талданды. Ғылыми зерттеу барысында тарихилық, жүйелілік, салыстырмалы талдау, жинақтау, объективтілік, ғылыми таным ұстанымдары басшылыққа алынды. Мақалада нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи зерде негізінде қоғамдық-саяси мәселелер бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды.

Талдау. Біздің зерттеу нысанымыз болған Солтүстік Қазақстан аймағына қатысты мәселелер, айталық, М. Бенюх, И. Енговатов, Қ. Қалиев, М. Мелехин, Қ. Мұқанов, В. Трусов, Г. Мұқанова, З.Тайшыбай,  С. Мәлікова, А. Тасболатов т.б. тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулерінің өзекті тақырыбы болды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен құрылымына кейбір теориялық түсініктеме «Справочник по истории административно-территориального деления Северо-Казахстанской области (29 июля 1936 – 1 января 2007» атты жинақта берілген (Справочник, 1958).

Қарастырылып отырған кезеңнен хабар беретін еңбектің бірі «Солтүстік Қазақстан облысы: туған өлке шежіресінің беттері» деген, орыс тіліндегі ұжымдық авторлары: В.С. Черников, И.С. Белетченко, Т.М. Канаева, П.Н. Осипов, С.М. Пресняков өлкеміздің ерте және орта ғасырларынан бастап, 1991 ж. тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы тарихына қатысты мәселелерді сөз етеді. (Белетченко және т.б., 1993). Белгілі қоғам қайраткері, әскери тарихшы А. Тасболатовтың «Есімдері ел есінде» атты кітабында Қызылжар өңірінен шыққан батырлар мен би-шешендері туралы баяндалды. Аймақтың көне мұрасын жұртшылыққа танымал ету мақсатында Г. Ахметжанова, С. Мәлікова, К. Оспанов және З. Тайшыбай бірігіп жазған «Атамекен атаулары» монографиясына Солтүстік Қазақстан облысы аумағының тарихи топонимикасы арқау болған. 2015 жылы жарыққа шыққан бұл еңбекте қазіргі облысымыздың жер-су, елді мекен атаулары тарихи және этнолингвистикалық тұрғыда зерттелген.

Зерттеу нәтижелері. Күйбелең күй кешкен қазақ халқының 1916 жылғы жазда отарлық саясатқа деген наразылығын ешкім де ескерген жоқ. Өктем күшпен басып-жаншыған Ресей билігі Бірінші дүниежүзілік соғыс әуресімен жүріп жатты. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы саяси күресіне басшылық жасай алатын күрескер ұйым ол кезде әлі болған жоқ. Тек, «Алаш» қозғалысының ұйымдасуы ғана ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа сатыға өрлеуіне үміт арттырған болатын. Осындай жағдайда бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы елдің жағдайын бұрынғыдан да қиындатып жіберді (Махмұтов, 2008).

1917 жылдың басына қарай Ресейде саяси және экономикалық жағдайдың шиелінісе түсуі, әскердің майдандағы жеңілісі, созылмалы соғыстың одан әрі жалғасуы, шаруашылық бей-берекетсіздіктің күшеюі, еңбекшілердің мейлінше кедейленуі елдегі революциялық дағдарыстың тууын тездетті. «1917 жылғы 27 ақпанда қарулы көтеріліске шыққан Петроградтың жұмысшылары мен солдаттары патша үкіметін құлатты» деп кезінде ресми жария етілгенімен, нақты жағдай басқаша екеніне назар аударғанды жөн көрдік.

Ресейдегі 1917 жылдағы ақпан төңкерісі салдарынан империяда Романов әулетінің жеке-дара билігі осылайша адыра қалды. Патшалық Ресейдің іштей іріп-шіріп, түрлі саяси жіктердің таққа таласуы отар халықтардың бостандыққа деген үміт шырағын жағып, санасын оятты.

Сол кезде, бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан, Ресейдің батыс майданы шебінде, окоп қазып, қара жұмыста қорлық кешіп жүрген қазақ жігіттерінің жағдайын біліп, ақыл-кеңесімен қамқорлық жасап, Белоруссияның Минск қаласында жүрген Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов 1917 жылғы наурыздың 16-күні елге, Қарқаралыға жеделхат соқты. Онда былай деп жазылған: «Россиядағы барша халыққа бостандық, теңдік және туыс-қандық күні туды. Жаңа құрылған хүкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір боларға керек. Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарды ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау-жанжал, талас, партиялық сиыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер! Біз қалайтын патшалық түрі – демократическая республика, яғни мал өсіріп, жерге ие боларлық түрі.

Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар! Түзулік іс етіңдер, жаңа хүкіметті сүйеңдер. Министерствоның азық-түлік ісінде жүрген уполномоченныйларымен өзіміздің майдандағы жұмысшыларымызға болысыңдар. Халықтың көңілін білдіріңдер. Әділ әрекет жасаңдар... Әлихан мен Міржақып Петроградқа жүреді, онда 25-наурызға дейін болады. Одан кейін «Қазақ» газеті редакциясымен хабарласыңыздар». Қол қойғандар: Әлихан, Міржақып...(барлығы 16 адам).

Бұл жеделхат Қазақстанның әр қиырындағы Алаштың көрнекті қайраткерлеріне жіберілді. Атап айтқанда, 1) Черняевтегі [Мұхаметжан] Тынышбаевқа, 2) Петропавлдағы [Салмақбай] Көсемісовке, [Жұмағали] Тілеулинге, 3) Омбыдағы [Айдархан] Тұрлыбаевқа, (барлығы 25 адамға жолданған. - авт.)

Ресей  патшасы Николай Романовтың тақтан кеткені туралы хабар Петропавлға 1917 жылғы наурыздың 11-і күні жеткен. Ертеңіне мұндай шұғыл өзгерісті түсіне алмаған халық қала көшелеріне шықты. Петроградтағы оқиғаны әркім өзінше бағалады. Жеке билік жойылғаннан кейін саяси ұйымдар, әсіресе, социал-революционерлер Ресей астанасындағы төңкерісті қолдап, Петропавлда демократиялық билік орнатуға кірісті. 1917 жылы 3 наурызда жергілікті «Приишимье» газетінде эсерлердің (социалист революцияшылдар.-авт.) халыққа арнаған үндеуі жарық көрді. Онда «елде болып жатқан оқиғаларға сабырмен қарау керектігі, бүліншілік бастамау» туралы айтылды. Келесі күні, 4 наурызда қалалық дума қоғамдық қауіпсіздіктің құрама комитетін құрады. Оған жергілікті көпестер, эсерлер мен РСДРП меньшевик қанатының өкілдері кірді.

Петропавл  жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі 1917 жлы 14 наурызда құрылды. Оның құрамында да саяси ұйымдардың өкілі басым болмады, сан жағынан көзге түскені эсерлер еді. Павлуцкий деген большевик хатшылыққа сайланып, бірақ кейін ол да кеңес құрамынан қуылды. Назар аудартатыны, бұл кеңестің құрамында бірде бір қазақ жоқ. Тіпті, Ресейдің орталық аудандарындағы өзгерістер қазақ халқына тікелей қатысы болмаған оқиғалар сияқты еді. Тек Алаш қайраткерлері қазақ халқының тәуелсіздік алуына мүмкіндік беретін тарихи жағдай туды деп есептеді.

Уақытша үкімет билікті қолына толық ала алмай, саяси жағдай шиелінісіп тұрған кезде қиыр аймақтарда да берекесіздік орын алды. Уақытша құрылған атқару комитеттері мен қазақ комитеттері бас біріктірмеді. Өйткені олардың мүдделері екі түрлі еді. Қазақтар самодержавие күйрегеннен кейін өз тағдырына ие болғысы келді, бірақ білікті өкімет орнай қоймаған. Ал, қазақ еместер, жасыратыны жоқ, отаршылдық пиғылдан алыс кете алмай, егер Қазақстан тәуелсіздік алатын болса, өздеріне жайсыз тиеді деген ниетпен ашық қарсылық танытты. Мұның мысалын Семейден де, Верныйдан да, Қарқаралыдан да, Ақмола мен Қызылжардан да көруге болады.

Мысалы, 1917 жылы 14 сәуірде Петропавлдың уақытша уездік атқару комитетінің құрамын өзгерту мәселесі туралы жиналыс болды. Оған қала сыртындағы қазақ және орыс ауылдарынан өкілдер қатысты. Жиналыста Ресей патшасы тақтан түскенімен, уақытша үкімет жергілікті билікті жұртшылыққа бермей жатқандығына наразылық білдірді. Уездегі билік әлі де болса офицерлердің, казак әскерлерінің қолында болды. Сайлаусыз құрылған билік құрамына шаруалар мен қазақ ұлтының өкілдері шақырылмаған.

Осы жиналыста ғана уездік кеңес деп аталатын басқару органының құрамы қазақтармен де толықтырылды. Атап айтқанда:

Полудин болысынан: Салмақбай Күсемісұлы Күсемісов, Мәди Жұмабаев, Дәулет Өсербайұлы Қуанышев;

Тайынша болысынан: Қожахмет Сағынаев; Мөңкесор болысынан: Аманжол Әлімбаев; Петропавл қаласынан: Жұмағали Тілеулин; Сарытомар отырықшы болысынан: Абдолла Шанықов.

Орыс крестьяндарынан уездік атқару комитетінің құрамына Николаев және Благовещенка, Столыпин, Златоуст және Троицк болыстарынан бір-бірден өкіл енгізілді. Петропавл уездік атқару комитетінің құрамына Николай Бычков, оған орынбасарлыққа қойма меңгерушісі Быков пен ұсақ қарыз инспекторы Медведев, хатшылыққа 33-полктің солдаты Одушев сайланды. Осы жиын үстінде уездік атқару комитетінің мүшелігіне қазақтардан Қуанышев пен Тілеулин сайланды. Жаңарып, қайта толықтырылған атқару комитетінің бұл құрамы да қазақтарға теңдік бере қоймағандықтан, 1917 жылы 4 маусымда Петропавлда уездік қазақ комитеті жеке билік органы ретінде дербес бөлінді. Оның төрағалығына Ғалиасқар Қуанышев сайланды.

1917 жылғы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезі өтті. Съезді дайындаған – белгілі Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық комитет болатын. Оған Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездерінен 250 делегат қатысты. Съезд төрағалығына заңгер Айдархан Тұрлыбаев, орынбасарлары болып Ережеп Итбаев пен Міржақып Дулатов, хатшылығына Мұхтар Саматов, Асылбек Сейітов және Тоқбаев сайланды. Бұл съезге Мағжан Жұмабаев қатысып, ол 7-8-мамырда Мәскеудегі бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайлануына байланысты, Омбыдан жедел жүріп кетті.

Съезде соның алдында ғана өткен Орынбор және Орал қазақ съездерінің қараған мәселелері мен қабылдаған құжаттары талқыланды. Атап айтқанда: Қазақстанның барлық аймақтарында билікті қолына алатын қазақ комитеттерін құру, жалпықазақтық және жалпымұсылмандық съездер өткізу, Ресей Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселелері сөз болды.

Қорытынды мәжілісте он адамнан Омбы облыстық қазақ комитеті құрылды. Оның төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев сайланды. Осылайша, тұңғыш рет ұлан-байтақ қазақ даласының түпкір-түпкірінде халықтың мұңы мен мұқтажын қорғайтын ұлттық белгідегі мемлекеттік билік органдары дүниеге келді. Бұл – 1917 жылғы сәуірдің 25 жұлдызы еді.

Осылайша үкіметіміз қалған Ресей империясының әр аймағында, оның ішінде орталығы Омбы, бірақ негізгі тірегі Петропавл болған Ақмола облысында да биліктің кімнің қолында болуы керектігі шешілмей жатты. Алаш көсемдерінің ұйымдастыруы бойынша уездік атқару комитеттерімен қатар жарыса қазақ комитеттері де құрыла бастады. Қазақ комитеттері ақпан революциясынан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстың даму нәтижесінде қалыптасып, мемлекеттік еркінділікке, ұлттық мемлекет болуға ұмтылған халықтың алғашқы қадамы болатын. Қазақ жұртының күшін біріктіріп жолға салу, түрлі мәселелерді шешуге жұмылдыру аталынған кезеңде, Ақмола облыстық комитеті, төрағасы А. Тұрлыбаев, Ақмола уездік комитеті, төрағасы С. Сейфуллин, Көкшетау уезі Ә. Жұманов азаттық, болашақ жолында күш біріктіре отырып жұмысқа кірісті. Комитеттің негізгі міндеттеріне ендігі жерде саяси жұмыстармен қатар, әкімшілік, шаруашылық міндеттері де жүктелді. Қазақ комитеттерінің өтпелі кезеңде жергілікті ұлт мүддесін қорғау үшін құрылғанын, олардың большевиктік немесе қандай да революциялық бағдарламасы болмағандығын атап айтқан жөн. Себебі, кеңестік тарихта қазақ комитеттері шетінен ұлтшыл, кертартпа, бұқара халыққа қарсы билік институттары болып еді деген пікір қалыптасқан.

Ұлыдержавалық шовинизм, отаршылдық туын жықпай, екі ғасыр билеп-төстеп қалған дәстүрді одан әрі жалғастырғысы, тіпті нығайтқысы келді. Бұл мақсат Ресей мемлекетінің тұтастығын сақтау үшін» деген ұранмен жүзеге асырылмақ болды. Алайда, бұл ұран қазақтар үшін жат еді. Тарихтың шұғыл бұрылысы жағдайында көрініп тұрған үміт сәулесін пайдалану қазақ халқының тәуелсіздігі мүддесіне қажет болды. Міне, осындай сын сәтте бүкіл қазақтық Алаш қозғалысы дүниеге келіп, саяси ұйым ретінде қалыптасуы, үкімет билігін қолына алуға талпынуы заңды құбылыс еді. Сонымен бірге, Алаш көсемдері елдегі көпұлтты жағдайды сергек сезініп, Қазақстанды мекендеп қалған басқа да ұлт өкілдерінің мүддесіне, құқына нұқсан келтірмеуге барынша ұмтылғаны Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің барлық құжаттарынан анық көрінеді. Қазағым өз алдына ел болып, отау тігіп, тәуелсіз өмір сүрсе екен деп қиын-қыстау заманда қазақ зиялылары көптеген игі істер атқарса, Алашорданың құрылуы тәуелсіздікті аңсаған идеялардың көрінісі еді. Белгілі алаштанушы М. Қойгелдиевтің сөзімен айтсақ: «Алаш қозғалысы бүгінде қайта жаңғыруды бастан кешіріп отырған ұлттық сана-сезіміміздің, қоғамдық түсінік-түйсігіміздің қайнар бастауында тұрған, осы қасиеттері жетіліп, дамуына тікелей ықпалы болған құбылыстардың бірі. Оның өмірге келуі отарлық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бері жинақталып келген және әбден пісіп-жетілген наразылығының ішкі жан айқайының сыртқа шығу көрінісі болды» (Қойгелдиев, 1992).

Жалпықазақ съезі 1917 жылғы 21 шілдеде Орынбор қаласында ашылды. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей қазақтарынан делегаттар қатысты. Бұл съездің тарихи маңызын түсіну үшін оған қазіргі Қазақстан аймағына кіретін барлық жерлерден өкілдер қатысқанын баса айтуға тиіспіз. Съезд төрағасы – Халел Досмұхамедов, орынбасарлары – Ахмет Байтұрсынов пен Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов пен Асылбек Сейітов. Қаралған мәселелердің ішінде ең негізгісі Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақстанның тағдыры болатын. Бұл орайда А. Байтұрсынов пен М. Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынды, ал, Ә. Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей республикасының құрамындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясын болуын қалады... съезд басым көпшілікпен Ә. Бөкейхановтың ұсынысын қолдады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 31-шілдедегі санында жарияланған съезд қаулысы «қазақ облыстары ұлт жігіне қарай областық автономия алуға тиіс», – деп редакцияда берілген (Тайшыбай, 2011).

Жер мәселесі жөнінде съезд делегаттары: «Қазақ жерлері ешкімге, ешқандай жолмен берілмейді. Қазынаның жері дегеннің бәрі қазақтың жері болғандықтан, иесіне қайтарылсын», – деген мәмілеге келді. Бүкілқазақ съезі облыстар бойынша Ресей Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін бекітті. Шын мәнінде ең жоғарғы билік құрылымын белгілейтін бұл ұлы жиынға қазақ халқының ең беделді әрі білімді ұлттық көсемдері сайлануға тиіс деген шешім алынды. Олардың арасында: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамметов, Ж. Досмұхамметов, М. Тынышбаев, Ы. Жайнақов, М. Шоқай, С. Қожанов, Б. Құлманов, Г. Потанин сияқты аса көрнекті қайраткерлер болды. Ақмола облысынан сайланғандар: Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Сейітов, Ережеп Итбаев, Сейілбек Жанайдаров, Жұмағали Тілеулин, Рақымжан Дүйсенбаев, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмұхамед Абылаев, Сыдық Меченбаев, Салмақбай Күсемісов, Хайретдин Болғанбаев.

Егер біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің Қазақстан халықтарына, оның ішінде мемлекет атын әйгілеген қазақ халқына қандай жақын әрі қымбат екендігін жан-жүрегімізбен түсінетін болсақ, соның бастау қайнары осы съезд болатын. Рас, съезд материалдарында тәуелсіздік, «Алаш» партиясы деген сөздер кездеспейді. Бірақ, зерделеп түсінген адамға бұл съездің саяси бағыт-бағдары, құрылған немесе құрылғалы тұрған саяси партияның, бүкіл ұлтты тапқа, топқа, жікке, жүзге, руға бөлмейтін жалпы ұлттық демократиялық саяси партияның ісі екендігі көрініп тұр. Және де бұл біздің жорамалымыз ғана емес, тарихи факт. Оған дәлел ретінде «Қазақ» газетінің 1917 жылдың 5 қазандағы 244-санында редакция атынан жарияланған хабарды келтіреміз. Бұл хабарда: «...саяси партия құрылатын күн жақын. Ол үшін жеке съезд өткізу керек. Әзір қазақ партиясының бағдарламасы жасалған жоқ. Оның негізіне бірінші Жалпықазақ съезінің қаулысы алынар. Болашақ партиямыздың атын ата-бабаларымыздың ұраны болған «Алаш» деп атағымыз келеді. Жалпықазақ съезінің шешімдерін қолдайтын әрбір қазақ Құрылтай жиналысына ұсынылатын кандидаттардың тізімін бір ғана «Алаш» партиясының тізімі деп атағаны жөн» – делінген.

Міне, осылайша, сол бірінші съезде Құрылтайға депутаттыққа кандидат болып қазақ атынан ұсынылғандар тізіміндегі қызылжарлықтар: Айдархан Тұрлыбаев, Ережеп Итбаев, Жұмағали Тілеулин, Салмақбай Күсемісов, Хайретдин Болғанбаев, әрине, жеке бөліп көрсетеміз – Мағжан Жұмабаев, «Алаш» партиясының іргесін қалап, шаңырағын көтерушілер екенін дәлелдейміз. Әйтпесе, әлдебіреулер толық білмегендіктен, кейбіреу білсе де, айтқысы келмегендіктен сол Мағжанды немесе Жұмағалиді «Алаш» қозғалысына қатысқан еді, «Алашордада» қызмет істепті», – деп бәсеңсітуге бейім тұрады. Мұны оқыған бүгінгі жастар жағы, жазығы қанша, осылай екен деп сенеді. Бүкілқазақтық Алаш съезі, ІІ съезд, «Алаш съезі» деп аталған екінші жиын 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өтті. Бұл съездің маңызы қазақ халқын тұтастыққа, бірлікке шақырды. Партия болып, топ болып жіктелуге қарсы, бірлік үндеуін М. Дулатов пен А. Байтұрсынов жазды. Съездің қаулысынан үзінді келтірейік:

«...Бүкіл қазақ-қырғызды билейтін өкімет керектігін ескеріп, съезд бірауыздан қаулы қылды:

І. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері, бірыңғай іргелі халқы – қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына Ұлттық-жерлі автономия құруға;

ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын;

ІІІ. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт Кеңесін құруға. Мұның аты – Алаш Орда болсын. Алаш Орданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алаш Орда бұл күннен бастап, Қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады». Алаш Орданың төрағасы – Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов екендігі тарихтан мәлім. Ұлт кеңесінің құрамына 15 адам сайланды. Сарарқадағы сол бір қақаған қыс күндері азаттық аңсаған әрбір қазақтың жүрегі Тәуелсіздік деп соққанын көзге елестетудің өзі жан тебірентерлік құбылыс. Дәл осы жерде екі ғасырдың шебінде Қазақстанның тізгінін ұстап, жаңа жолға бастаған Н. Назарбаевтың мына сөздерін сан мәрте қайталап жүрсек, артық емес-ау! «Қазақстан Тәуелсіздігі «таза парақтан жазылған» жоқ. Оның көне дәстүрлері бар. Біз бүгінгімізді түйсініп, болашағымыздың сұлбасын көру үшін өткенімізге үңілу қажет».

Осыдан 98 жыл бұрын кейін шегініп, сол кезге шолу жасасақ, Семейде шығатын тәуелсіз «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы санын оқимыз. Осы съездің жұмысына байланысты Алаштың жас күрескері Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген мақаласында: «Желтоқсанның 12-күні «Алаш» автономиясы жарияланды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», – делінген. «Алаш» туын көтерушілердің бірде-біреуін кемітуге болмайды. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Үкімет бір жарым жылдан артық қана өмір сүргенімен қазақ тарихында өзінің өшпес ізін қалдырған. Олардың есімдерін атап көрсетуді парыз деп санаймыз:

Әлихан Бөкейханов – Алаш партиясының негізін қалаған. Ол Семей облысы, Қарқаралы уезінде 1866 жылы 5 наурызда туған. 1917 жылы 13 желтоқсанда бүкіл қазақ құрылтайындаАлаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланды. 1906, 1922, 1929 жылдары бірнеше рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайта тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі.

Міржақып Дулатов – Петропавлда тұрып, мұғалім болған. Бүкіл қазақтың азаттық ұраны болған «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан болатын. Бұл туынды сол кездегі жалпы қазақ қоғамына ұнағанымен, патша өкіметі оның идеялық мәнін жат көріп қуғындады. Тап осы кезде Міржақып ағамыз Қызылжарға келіп бас сауғалап, паналағаны жайлы мәліметтер кездеседі. Қаладағы Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин сынды зиялы қауым өкілдерімен танысып, кейін бірлесіп патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы белсенді күрес жүргізді.

Мәселен, олардың кездесуі жайлы Міржақып Дулатұлының елдегі ағасы Асқарға жазған хатында: «Қызылжарға келгелі бірталай кісілермен таныстым. Олардың ішінде тез тіл табысып кеткенім Жұмағали Тілеулин деген дәрігер. Ол қаламы төселген жазушы екен. Өнерден де құралақан еместігі екеумізді жақындастыра түсті. Оның үйіне барып тұрамын. Осы қалаға келгелі орысша оқытып жүрген Мағжан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші, жазған өлеңдері тамаша, ақындығы күшті өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашылық жоқ десе де болады, сырласып, достасып кеттік»(Мұқанов, 2009).

Қызылжар өңірінде М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романы дүниеге келді. Қазіргі таңда дара тұлғаның «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамал» туындыларын жан-жақты саралай қарасақ, қазақтың жүрегіне жол тапқан, тәрбиелік құны қымбат, алғашқы көркем шығармалар болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар ойлар пайда болды. Және қазақ қоғамы «Бақытсыз Жамалдың» тағдыры арқылы өз тағдырын елестетіп, ойлануға мүмкіндік алды. Мағжан Жұмабаевтың азаматтық, ақындық бетін ашқан, саяси көзқарасын қалыптастырған ұстазы өзге емес – Міржақып Дулатов екені шындық.

Мағжан Жұмабайұлы 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл деген жерде дүниеге келген. М. Жұмабаев 1913 жылы Омбыға оқуға түседі. Мұнда ол Сәкен Сефуллинмен, Нығмет Нұрмақовпен танысады. Кейін Омбыда оқып жүрген көптеген қазақ жастарымен мәселен, қызылжарлық Әбдірахман Байділдин, Таутан Арыстанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Абдолла Байтасов, Бірмұхамет Айбасов, Ахмет Баржақсин, Мұхтар Саматов, ағайынды Мұсылманбек және Мұратбек Сейітовтар сияқты бір топ қазақ азаматтарымен араласады. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов пен Мағжан Жұмабаевтің жолдары осы Омбы қаласында тоғысқан. Мәскеуде 1917 жылы 1 мамырынан бастап 11 мамырана дейін өткен съезде Ә. Бөкейханов пен М. Жұмабаев бірге қатысқаны кейін анықталды. Осылайша, Қызылжар өңірінің жас азаматтары Алаш зиялылары қатарына еніп, қазақ халқының құқықтары мен мүддесін қорғауға ат салысты.

Алаш арыстарының арасынан ғұмырының белсенді шағын Қызылжар өңірінде өткізген Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Омбы уезінде дүниеге келген. Әкесі Дүйсебай қажы Қошкені молдаға да, мұғалімге де беріп, арабшаны да, орысшаны да қат-қабат үйретеді. Одан кейін Омбыдағы приход школасын бітіріп, Омбы малдәрігерлік-фелдшерлік мектебінде білім алды. 1913 жылы Омбы ауылшаруашылығы училищесіне түседі. Қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлікке» мүше болып, оның «Балапан» атты журналына редакторлық етті. 1918 жылы ауыл шаруашылығы училищесін тәмәмдайды. Келесі жылы Ақмола облыстық халық ағарту бөлімінің саны аз ұлттар ісі жөніндегі бөлімшесінде нұсқаушылық қызметке алынады. Қызылжарда 1918 жылдың жазында қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас азамат» (1918-1919) газетінде редакторлық еткен аса көрнекті көсемсөзші, алаштың көрнекті қайраткері. Бұл газет жастарды Алашорда үкіметін нығайтуға, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға шақырған еді (Қожахметов, 2006). Қошмұхамед Кемеңгерұлы 1937 жылдың 17-21 қарашасында Омбы қаласында жазықсыз айыпталып, мерт болды.

Смағұл Сәдуақасұлы 1900 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданында дүниеге келген. С. Сәдуақасов, Қазақ Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1925-1927 жылдары республика Халық ағарту министрі, Қазақстанның жеке республика ретінде қалыптасуына, жер аймағының түгел болуына ерекше еңбек сіңірген қайраткер. 1921 жылы Ақмола губерниясын құру съезінде Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитеті атынан өкіл болып, жаңа губернияның алғашқы қадамына сәт тілеп, жалынды сөз арнаған. Кеңестік қазақ баспасөзінің негізін қалаушы, дарынды көсемсөзші, жазушы, драматург 1934 жылы Мәскеуде қайтыс болды.

Ережеп Итбаев 1917 жылғы сәуірде ұлттың бірлігі, тәуелсіз болашағы үшін күреске бел буған Итбаев Ережеп Алашорданың Ақмола облыстық қазақ съезін Омбыда ұйымдастырып өткізген. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, өз заманының көзі ашық азаматы, қазақ халқының күрескер, талантты ұлдарының бірі. Том қаласында 1917 жылы қазанның 8-15 күндері аралығында жалпысібір съезінде Ережеп Итбаев Ә. Бөкейхан, М. Тынышбаев, Х. Ғаббасов, С. Досжановтармен бірге қазақ халқының өкілі болып қатысады. Сол жолы Сібір кеңесінің құрамына қабылданады. 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күндері аралығында Орынборда жалпықазақ съезіне қатысып, Алаш автономиясының халық кеңесіне кандидат болып сайланды.

Айдархан Тұрлыбаев, жоғары білімді заңгер әрі шығыс тілдерінің маманы. Солтүстік Қазақстандағы тұңғыш қазақ комитетінің, басқаша айтқанда, 1917 жылғы көктемде құрылған тәуелсіз мемлекеттік органның бірінші төрағасы, Сібір ревкомындағы Қазақстан өкілі. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1877 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезінің Мезгіл болысында туған. 1902-1917 жылдары университет бітіргеннен кейін Омбының заң орындарында адвокаттық қызмет қылып, алқа сотының мүшесі болады. 1917 жылы 25 сәуір – 5 мамыр аралығында Омбы қаласында өткен Ақмола облыстық қазақ съезін басқарып, өткізген Айдархан Тұрлыбаев, орынбасары дәрігер Асылбек Сейітов болған. Осы съезде әр уезден келген 150 делегат А.Тұрлыбайұлын Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. 1917 жылы А.Тұрлыбайұлы Алаш партиясы құрылатын алғашқы жалпықазақ съезінің де, тәуелсіз Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысқан. Ол І съезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайға және Бүкілресейлік мұсылмандар съезі – Шора-и-Исламға делегат болып сайланды.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізушісі болып қызметтер атқарады. Саяси қуғын-сүргін оны жазбай танып, 1934 жылы абақтыға жабады. Мұнда 6 ай азап шегеді. А.Тұрлыбайұлы 1937 жылы 14 маусымда қайта ұсталып, «ұлтшыл», «ұлттық буржуазия өкілдерінің сойылын соғушы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталды.

Ғалиасқар Қуанышев, 1917 жылғы 4-маусымда Петропавл уездік қазақ комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланған Алаш қайраткері.

Дәулет Қуанышев, 1917 жылғы 4-сәуірде Петропавл уездік атқару комитетіне мүше болып сайланған екі қазақтың бірі, көрнекті Алаш қайраткері.

 Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Айыртау болысының Жаманшұбар ауынында (қазіргіше Солтүстік Қазақстан облысына қарайды) дүниеге келген. 1913 жылы Орынбор әскери мектебін бітірген. 1913-1917 жылдары Петропавл уезінде фельдшер болып жұмыс атқарған. Ақмола облыстық Алаш партиясының бөлімшесін құруға атсалысқан. Кеңес дәуірінде Петропавл мен Көкшетау уезінде денсаулық сақтау бөлімінде жұмыс істейді. Қызылжар қаласында қазақ педагогикалық техникумының ұйымдастырылуы мен ашылуына белсене атсалысқан. 1922 жылдың 1 қыркүйегінде техникум ашылып, оның тұңғыш директоры қызметін атқарған. Архив деректерінде оның кеңсе қызметкерлері үшін тіл үйрену курсын ашып, қазақша сабақ бергені жөнінде мәліметтер сақталған (Мәлікова және т.б.). Көрнекті қазақ публицисі, М.Дулатовтың, М. Жұмабаевтың азаттық күресі жолындағы серігі. А. Байтұрсынұлының тапсырмасы бойынша ол қазақ тілінде медицина саласы бойынша оқулық және кітап жазумен айналысады. Қайраткердің 1924 жылы Орынбордан «Гигиена», 1926 жылы Мәскеуден «Жұқпалы аурулар», «Қотыр мен жұқпалы аурулар, оларға қарсы қолданылатын шаралар», 1926 жылы «Денсаулық» атты кітабы жарық көреді. Сондай-ақ, «Көз ауруы – трахома» (1924), «Мерез» (Мәскеу), «Қолдағы хайуандардан адамдарға жұғатын аурулар» (Мәскеу, 1927) атты еңбектері қазақ тіліне аударылған. Отызыншы жылдары қуғын-сүргін қасіретін толық басынан кешкен аяулы азамат 1938 жылы Қырғызстанның Новотроицк ауданында аурухана меңгерушісі болып жүрген кезінде қайта тұтқындалып, ату жазасына кесілді (Кемеңгер, 2010).

Ахмет Жанталин, көрнекті публицист, алаш қайраткері, Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың сенімді серігі. XX ғасырдың екінші он жылдығында Троицкі мен Орынбор қалаларында жарық көріп тұрған Айқап (1911-1915 ж.) журналы мен «Қазақ» (1913-1918 ж.) газетінің қазақ қоғамында белсенді авторларының болғандығы мәлім. А. Жанталинге қатысты тергеу материалдарынан оған ОГПУ тергеушілері тарапынан екі бірдей айып тағылғандығы байқалады. Бірі 1921 жылы болып өткен Батыс Сібір шаруалар көтерілісіне қазақ жігіттерін ұйымдастырушы адам ретінде қатысты және, екіншісі, 20-шы жылдардың соңында Петропавл округіне қарасты Октябрь ауданында контрреволюциялық ЖАТ (жаңа төңкерісшілер) аталатын байлар ұйымын құрды деген. Сонымен А. Жанталин 1932 жылы ұсталып, Петропавл абақтысына жабылып, оның үстінен тергеу жүргізілді.

Қафез Айбасов, Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданының Қаратал ауылының тұрғыны, 1878 жылы туған, ұлты қазақ, революцияға дейін болыс басқарған, бай, тәркіленген, екі мәрте (1929 және 1935 ж.) «жат элемент» ретінде сотталған. 1940 жылы тамызда белсенді «алашордашыл» ретінде НКВД тарапынан ұсталып, Петропавл қаласының тергеу абақтысына жабылып, 1941 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының шешімімен 15 жылға еркіндігінен айырылған. Ұлттық тарихнамада осы уақытқа дейін байлар аталатын әлеуметтік топ өкілдеріне тиесілі көңіл аударылмай келді. Бұл, әрине, кеңестік тарих методологиясынан туындаған нағыз әділетсіздіктің көрінісі. Байлар да қазақ қоғамының толық құқылы мүшесі, оның экономикалық өмірінің негізгі ұйытқы элементі. Басқаша айтқанда, кеңестік билікке дейінгі қазақ қоғамының тарихын қазақ байларының қызметінсіз тура да дәл түсіну, әрине, мүмкін емес. Айбасов Қафез, міне, осы қазақ қоғамындағы байлар аталған әлеуметтік топтың өкілі.

Қазақстанның солтүстік аймақтарында қазақ зиялы қауымы өкілдерінің қозғалысы ерекше еді, олардың біразы осы жердің тумасы болса, көпшілігі түрлі себептермен келіп, бір-бірімен таныс десекте артық айтпаған болар едік. Мысалы, журналист Сабыр (Мұхаметсабыр) Айтқожин 1895 жылы 29 наурызында Ақмола губерниясының Көкшетау уезіндегі Қотырқөл болысында дүниеге келген. Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқытушы болып қызмет атқарды. Содан соң Көкшетау қаласында халыққа білім беру орталығының инструкторы болды. Ол 1921 жылдары Ақмола губерниясындағы Қызылжар қаласында әлеуметтік тәрбие бөлімінің менгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарған. Кейін 1937 жылы 3 қазанда Тараз қаласында тұтқынға алынып ату жазасына кесілген.

Бірмұхамет Айбасов Солтүстік Қазақстан облысының бас агрономы болды.

XX ғасырдың бас кезінде ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселерінің бірі – бұл, әрине, Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және қазақ тарихында алатын орны ерекше. Еліміздің егемендігі үшін басын оққа байлаған ағалардың тізімін жалғастыра беруге болады. Олардың атын ұмытуға болмайды. Тәуелсіз елдің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең жас буын үшін ең қымбат ұстанымға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай нұсқағанын есте ұстау қажет: «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу – алдымен, өзің туған өлкеңнің тарихын, оның табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» (Назарбаев, 2015). Қазіргі ұрпақтың көзін тарихи шындыққа жеткізу – парыз.

1917 жылғы 8 сәуірде Петропавл жұмысшы және солдат кеңесінің мәжілісінде «Соғыстан қайтып келіп жатқан және әскерге жіберу үшін шақыру пунктіне жиналған қазақ жастары туралы мәселе қаралды. Яғни, «Оларды енді не істейміз. Таратып жіберейік пе? Әлде тылдағы қара жұмысқа пайдаланайық па?» Бұл туралы: «Жоқ. Таратпайық, тылдағы қара жұмысқа пайдаланайық. Алайда, оларды бұл жұмысқа үгіттеп көндіру үшін мұсылман өкілдеріне қосып, қазақ интеллигенттерін жұмсайық» деп ұйғарылған. Сол жиында Смиренков деген прапорщиктің орнына Кондратюк деген солдатты тағайындап, оған қалалық милицияны жасақтау тапсырылған.

Сондай-ақ, 28 сәуірдегі жиынында осы кеңес «Ресейде Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау және сайлауды эсер мен эсдэ және басқа да социалистік партиялардың бақылаумен өткізу туралы» шешім қабылдаған. Саяси партияларды қатыстыра отырып, уезд бен қалада азық-түлік комиссиясын құру, армия жасақтау мәселелерін қараған. Төраға үшін Мурашко, хатшылыққа Копылов қол қойған құжат архивте сақтаулы.

1917 жылғы 30 тамызда Петропавл Кеңесі 12 адамнан Әскери-төңкеріс комитетін (военревком) құрды. Оның құрамында 3 больше-вик, 4 солшыл эсер, 3 меньшевик-интернационалист және 3 эсер болды. Ал осы кеңестің де, комитеттің де құрамында бірде-бір қазақ болған жоқ.

1917 жылдың қыркүйек-қазан айлары Ресейдегі революциялық дағдарыстың шұғыл пісіп-жетілген кезеңі болды. Большевиктердің жер, бостандық, ұлттар теңдігі сияқты ұрандарына сенген жұмысшылар мен шаруалар үкіметті Кеңестердің қолына беруді талап ете бастады (Сейітқасымов, 2000: 215). Көп жерде халық Уақытша үкіметтің өкілдеріне бағынбай олардың бұйрықтарын орындаудан бас тартты. Мысалы, қазақтар арасында жерлері мен шабындықтарын қайтарып беру туралы наразылықтың күшейгені, кейбір жерлерде орыс шаруаларымен қақтығыстарға барғандығы туралы жеделхаттар Ақмола облыстық жер комитетіне келе бастады. Большевиктік, социалистік идеяларды көптеген саяси күштер мойындамады, ал қазақ өлкесінде ұлттық зиялы қауым өкілдері большевиктердің уәделеріне күмәнмен қарады. Қазақтың либералды-демократиялық қозғалысының өкілдері, қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік-экономикалық ойларын, Кеңес үкіметіне дейін насихаттап, социализм идеяларының жат екендігін айтқан болатын. Большевиктер мен Кеңес үкіметі ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселесін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше, тапқа, партияға бөлмейтін ұлттық бірлік жолын таңдап алды. Сондықтан да қазақ халқын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақырумен болды.

Петроградта большевиктер 1917 жылғы 25 қазанда өкімет билігін басып алғаннан кейін, ертеңінде ашылған кеңестердің Бүкілресейлік екінші съезінде ұлт аймақтарына арнап үндеу қабылдағаны мәлім. Онда «Кеңес өкіметі Ресейді мекендеуші барлық ұлттардың өзін-өзі билеуіне шын мәнінде құқық берілуін қамтамасыз етеді» – деп жарияланды. Бұл билік басына келген тобырдың бұқара халық қолдауына ие болу үшін жасаған айла-шарғысы екені көп ұзамай мәлім болды. Осылайша 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін де солтүстік өлкеде, оның орталығы Петропавл қаласында қилы-қилы оқиғалар орын алды.

Мысалы, желтоқсанның 12-сі күні Петропавл қалалық думасы жоғарыда аталған Әскери-төңкеріс комитетінің билігін мойындамау жөнінде шешім қабылдады. Екі күннен кейін Әскери-төңкеріс комитеті таратылды. Оның орнына жұмысшы және солдат депутаттары қалалық кеңесінің атқару комитеті құрылды. Жергілікті халық большевиктердің баса-көктеп билеуіне, қысымына төзбей, бас көтерді. Кейін де «саналы саяси күрес, халықты бостандыққа жеткізетін революциялық іс-әрекет» – деп жазылғанымен, 1917-1919 жылдардағы, тіпті, 1921 жылға дейін созылған большевиктік арандату қимылдары Солтүстік Қазақстан тарихында аса бір шиеленісті, үрейлі, қантөгіске толы кезең еді.

ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси өмірдегі өзіндік саяси орны бар мәселенің бірі земстволық басқару. Қазақ зиялыларының жанкештілік еңбектерінің арқасында халықтың өзін-өзі басқару органы Земстволар аз өмір сүргеніне қарамастан тарихтан айтарлықтай өз орынын қалдырды. Ә. Бөкейханов земствоның не екендігін былайша түсіндірді: «Земство жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс-мекеме, жұрттың көзі, жан ашыры, қорғаушысы, қамқоры». Ақмола облысына қарасты уездерде де Земство Басқармаларында ұлт зиялылары өздерінің қабілеттерімен көзге түсті. Ақмола облыстық земство басқармасына төрағаның орынбасарлығына Ә. Оразаев, мүшелеріне Ережеп Итбаев, Мұхтар Саматов сайланған. Көкшетау уезінде Земство Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін Ә. Жұманов атқарды. Ал, мүшелері Е. Мұқашев, Абылғазин болса, С. Кашимов Алашорда өкілі ретінде Земство отырысына қатынасып отырған. 1918 жылы 5-ші маусымнан бастап жұмысына қайта кіріскен Қызылжар уездік Земство Басқармасының құрамында С. Көсемісов, Ғ. Қуанышев, Ж. Тілеулин, М. Жұмабаев қызметтерін атқарған. Қызылжарда Земство жүйесін енгізуде белсенді қызмет көрсеткен Жұмағали Тілеулин еді. Қазан төңкерісіне дейін сайлау науқаны кезінде Земство мекемелерін енгізу жөнінде инструктор және Кеңес билігі құлағаннан кейін Земство Басқармасында мүше әрі дәрігерлік-санитарлық бөлімінің бастығының қызметін атқарды. Ал, Ақмола уездік уақытша Земство Басқармасының мүшелері болып Б.О. Сүйіндіков, Т.Б. Нұралин, М.А. Құдаймендин қазақ жұртының атынан сайланған. Уездік Земство жиналысының гласныйларының саны барлығы 59 адам болса, оның 31-ін қазақ өкілдері құрады. Азамат соғысы жағдайында земстволық мекемелер бірде жабылып, қайта ашылып 1919 жылдың соңына дейін өз жұмыстарын тоқтатпады.

Кеңес үкіметінің орнауы «салтанатты шеру» түрінде өткен жоқ. Ол 1917 жылдың қазан айының соңынан 1918 жылдың наурыз айының басына дейін, төрт айға жуық уақытқа созылған күрделі де қиын үдеріс еді. Өңірде Кеңес үкіметінің орнауына Кеңестердің уездік, облыстық съездерінің маңызы зор болды. 1918 жылдың қаңтар-наурыз сайлауында Кеңестердің Ақмола уездік съезі (28 ақпан – 2 наурыз 1918 ж.), Кеңестердің Атбасар уездік съезі (17-20 ақпан 1918 ж.), жұмысшы, солдат, шаруа және қазақ депутаттары Кеңесінің Көкшетау уездік съезі (5-15 наурыз 1918 ж.), Ақмола уезі қазақ еңбекшілері өкілдерінің съезі (сәуір, 1918 ж.) өтті. Қазақстандағы ең революцияшыл қала болып есептелген Ақмола уездік Кеңестің құрамына алашшыл Құсайын Қожамбердинді енгізген. Кеңестерді құру көпшілік тарапынан бірден қолдау тапқан жоқ.

Мысалы, Батыс Сібір шаруалар депутаттарының Кеңесі өзінің Бүкілресейлік шаруалар депутаттарының Кеңесіне жолдауында, барлық революцияшыл, социалистік саяси күштердің бірігуі қажеттігін, бірақ та, большевиктердің саяси күресте күш қолдануын құптамайтынын білдірді (ООММ. 19-қор, 1-т., 8-іс, 20-парақ). Кеңес үкіметі Ақмола облысында ең алдымен Петропавлда орнады. 1917 жылдың желтоқсан айының аяғында құрамында С. Сейфуллин, А. Монин, Б. Серікбаев, Ф. Кривогуз және басқалары бар. Ақмола ревкомы Уақытша үкіметтің жергілікті органын құлатып, Кеңес үкіметінің орнатылғанын жариялады.

Қорытынды. Осынау аласапыран кезеңде қазақ саясаткерлері де біраузды болмады. Көлбай Тоғысов (Төлеңгітов) басқаратын «Үш жүз» партиясының Орталық комитеті Омбыдағы Қазақ комитетін «кері төңкерісшіл» деп жариялап, оның мүшелерін, яғни Алаш партиясының жақтастарын тұтқынға алды. Мағжан Жұмабайұлының Омбыда түрмеге түсетіні осы тұста. Көлбайшылар «облыстық демократиялық съезд басталғанша, жаңадан облыстық қазақ комитетін құрып, оның құрамына Мұқан Әйтпенов, Әбдірахан Қылышбаев, Сүлеймен Төлеңгітов, Кәрібай Мусин, Шәймерден Әлжанов, Ермұхамед Тоқпаев, Сәдуақас Жантасов, Мұхамед-Рахим Шаймерденов, Ахмет Әбдірахимов және Жарқынбек Кабенинді сайлағанын жария етті.

Сол 1918 жылғы 1 қыркүйекте Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетінде Көлбай Тоғысовтың Омбы түрмесінде отырғаны туралы хабарланды. Сол газеттің 26 желтоқсандағы санында Көлбай мен Шаймерденнің Омбы түрмесінен қашып шығып, қазақ арасында жасырынып жүргені, бәлкім, большевиктермен ауыз жаласқаны жазылған.

«Сібір автономиясы» болуына қарсы шыққан Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің III Батыс-Сібір съезі 1918 жылы 19 қаңтардағы қаулысымен Ақмола облысына Тобыл және Томск губерниясы аумағының бір бөлігі қосылды. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік Омбы губерниясы (облысы) құрылып, оның құрамына: Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Тары және Текелі уездері кіріп, орталығы Омбы қаласы болып шешілді. Тобыл (кейіннен Түмен болып аты өзгерді) губерниясының Есіл уезінің оңтүстік болыстары Петропавл уезіне әлі кірген жоқ еді. Бугровой болысы ғана (Соколов ауданының Бугровой сельсоветі, Бескөл ауданының Светлополь сельсоветі, Булаев ауданының Гаврин сельсоветі) бұған кірмеді. Қызылжардан Ұлытау, Балқашқа дейін, Торғай ойпатынан Ертіске дейінгі бүкіл Арқа алабы Омбы облысына қарайтын болды.

Чехославак корпусының бүлігі нәтижесінде 1918 жылы 31 мамыр-1 маусымда Поволжьеде, Сібірде және Қазақстанның солтүстігінде, соның ішінде Петропавлда кеңес үкіметі құлады.

Осы мүмкіндікті пайдаланған алаш жастары Омбыға жиналып алғашқы қазақ жастарының съезін өткізеді. Съезге қатысушылар Жалпықазақ жастарының ұйымын «Жас азамат» деген атпен құрып, орталық комитетін сайлайды. Қазақ жастарының тілі ретінде «Жас азамат» газетін шығаруға келіседі. Осы шешім бойынша, Қызылжардағы «Үш жүз» газетінің баспаханасын жалға алып, қазақша газет шығаруға кіріседі. 1918 жылғы 30 шілдеде шыққан «Жас азаматтың» бірінші саны: «Шығарушы – Қошмұхамет Кемеңгерұлы. Бастырушы: Алаш серіктігі. Петропавл қ.» деп тарады. Алаш жастарының тұңғыш баспа органы «Жас тілек» деген бас мақаламен ашылған.

«Жас азамат» газеті Орынборда жабылып қалған «Қазақ» газетінің туын жықпай, барлық тақырыпта Алашорда идеясын батыл насихаттады. Алаш партиясының күнделікті жұмысы туралы жаңалықты қазақ оқырманы осы басылымнан табатын. Газеттің ақпараттық құнын асырып, екі-үш ауыз сөзбен жеткізілген маңызды хабарлар дәл қазір құнды дерек ретінде қабылданып отыр. Мына мысал сол айтқанымыздың дәлелі: «Алаш Орда» бастығы Әлихан Бөкейхан, мүшесі Әлімхан Ермеков Сібір үкіметімен сөйлесіп жатыр. «Алаш Орданың» ұсынған шараларын Сібір үкіметінің арасынан шығарған комиссиясы қабылдап өткізген. Енді тез арада Министрлер советінде қаралмақшы.

1918 жылы қыркүйекте Омбыдағы, Самара мен Екатеринбургтегі облыстық әкімшіліктер бірігіп, Ресейдің бас қолбасшысы мәртебесінде жаряланған адмирал Колчак билігінің орнауына жол ашқан Директорияны құрды. Оралдан Приморьеге дейінгі кеңістікте бұрынғы патша заманындағы органдар қалпына келтіріліп, олар үкіметке бағынбаған кез-келген жанның жолын қатаң кесіп отырды. Әскердің мұқтаждары үшін ат-арбалар, жем, азық-түлік жиналды, көтеріңкі салықтар салынды, бұрынғы жылдардағы өтелмеген төлемдер қайта қозғалды.

Кеңестермен күреске 18-ден 50 жасқа дейінгі ерлердің барлығы тартылды. Бұған жауап ретінде Сібір мен Алтайда большевиктер тарапынан партизан соғысы басталды. Солтүстік Қазақстанда партизандар қозғалысы бұқаралық сипат алды. 1919 жылдың мамырында Шығыс майданы қызыл әскерлерінің шабуылы Оралды азат етуге мүмкіндік берді. Мұның өзі Қызыл Армияның Қазақстан аумағына бойлай енуіне жағдай жасады. Облысты колчакшылардан тазартқаннан кейін ақ чехтар («ақ» деген сын есім большевиктер құрған «қызыл әскерге» қарсы саясат ұстанған әлеуметтік топтардың жалпы атауы ретінде қолданылған.- авт.) бүлігіне дейінгі болған әкімшілік бөлініс те қалпына келтірілді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Справочник по истории административно-территориального деления Северо-Казахстанской области. – Алма-Ата, 1958. – С. 357.

Белетченко И.С., Канаева Т.М., Мелехин М.М., Осипов П.Н., Пресняков С.М., Трусов В.И., Холодков А.А., Черников В.С. Северо-Казахстанская область: страницы летописи родного края. – Алматы: Казахстан, 1993. – С. 266.

Махмұтов С.Қ. Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.) тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. 07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы). –Алматы, 2008. – 25 б.

Қойгелдиев М. Алаш Орда // Егемен Қазақстан. 18 қаңтар, 1992.

Тайшыбай З.С. Ел тарихының ерекше беттері // Түркістан. 1, 8, 15 желтоқсан, 2011.

Мұқанов Қ. Міржақыптың Қызылжарда болған жылдары туралы. // Қызылжар нұры. 23 қаңтар, 2009. – 37 б.

Қожахметов Б. Қамалдым өткелі жоқ терең жорға. // Солтүстік Қазақстан, 14 шілде, 2006. – 24 б.

Жұмағали Тілеулин. Деректер, қайраткердің еңбектері және құжаттар жинағы. Құраст. С. Мәлікова, А. Мырзағали, Т. Долганова, К. Байгунакова. – Петропавл, 2015. – 277 б.

Кемеңгер Қ. Ақмола-Көкше елінен шыққан Алаш қайраткерлері // Арқа ажары. 11 қыркүйек, 2010 ж. – 39 б.

Назарбаев Н.Ә. Ақыл-парасат кітабы. Халықаралық Абай клубы. – Астана, 2015. – 300 б.

Сейітқасымов А.А. ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы Солтүстік Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі. – Алматы, 2000. – 215 б.

ООММ. 19-қор, 1-т., 8-іс, 20-п.

References:

Spravochnik po istorii administrativno-territorialnogo deleniya Severo-Kazakhstanskoi oblasti. [Reference book on the history of administrative division of the North Kazakhstan region. – Alma-Ata, 1958.– P. 357.] [in Russian]

Beletchenko I.S., Kanaeva T.M., Melekhin M.M., Osipov P.N., Presnyakov S.M., Trusov V.I., Kholodkov A.A., Chernikov V.S. Severo-Kazakhstanskaya oblast: stranici letopisi rodnogo kraya. – Almaty: Kazakhstan, 1993. – P. 266. [North Kazakhstan region: pages of the chronicle of the native land.] [in Russian]

Makhmutov S.G. Qazaq sharýalaryn otyryqshylyqqa kóshirýdegi memleket saıasaty (HH ǵ. 20-30-shy jj.) tarıh ǵylymdarynyń kandıdaty ǵylymı dárejesin alý úshin daıyndalǵan dısertasıanyń avtoreferaty [The textbook touches on the issues of historiography and settlement of the Kazakh state policy (XX. In the 20-30s). abstract of the dissertation for the degree of candidate of historical Sciences. 07.00.02 – Otan tarihy (Kazakhstan Respublikasynin tarihy). –Almaty. 2008. – P. 25.][in Kazakh]

Qoıgeldıev M. Alash Orda // Egemen Qazaqstan, 18 qańtar 1992.[in Kazakh]

Taıshybaı Z.S. El tarıhynyń erekshe betteri // Túrkistan. 1, 8, 15 jeltoqsan, 2011 [Special pages in the country's history].[in Kazakh]

Muqanov Q. Mirjaqyptyń Qyzyljarda bolǵan jyldary týraly // Qyzyljar nury, 23 qańtar 2009. 37 b. [About the years of Mirzhakyp's stay in Kyzylzhar][in Kazakh]

Qojahmetov B. Qamaldym ótkeli joq tereń jorǵa // Soltústik Qazaqstan, 14 shilde 2006. 24 b. [in Kazakh]

Jumaǵalı Tileýlın. Derekter, qaıratkerdiń eńbekteri jáne qujattar jınaǵy. /Qurast. S. Málikova, A. Myrzaǵalı, T. Dolganova, K. Baıgýnakova. – Petropavl, 2015. – 277 b. [in Kazakh]

Kemeńger Q. Aqmola-Kókshe elinen shyqqan Alash qaıratkerleri // Arqa ajary, 11 qyrkúıek 2010 j. – 39 b. [Alash figures from Akmola-Kokshe][in Kazakh]

Nazarbayev N. A. Akyl-Parasat kitaby. Halykaralyk Abay clubs. – Astana, 2015. – 300 b. [The book of intelligence, international club of Abai] [in Kazakh]

Seıitqasymov A.A. HH ǵ. 20-30 jyldaryndaǵy Soltústik Qazaqstannyń qoǵamdyq-saıası ómiri. –Almaty, 2000. – 215 b. [Socio-economic processes occurring in the second half of the XIX century deeply affected all spheres of life in Kazakhstan.] [in Kazakh]

OOMM. 19-qor, 1-t., 8-is, 20-p.

МРНТИ 03.20:03.09.21

СЕВЕРНЫЙ КАЗАХСТАН В НАЧАЛЕ ХХ ВЕКА

А.Г. ИБРАЕВА¹, А.С. ТЕМИРХАНОВА²

¹Доктор исторических наук, профессор. СКГУ им. М. Козыбаева.

г. Петропавловск, Казахстан.

²PhD докторант кафедры История Казахстана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева.

г. Нур-Султан, Казахстан.

Аннотация: Статья посвящена истории Северо-Казахстанской области в начале ХХ века. Основа алашеведения связана с жизнью и деятельности активистов движения Алаш. В советское время этому движению была дана односторонняя классовая оценка, поэтому раскрыть его правду было невозможно. Только сегодня у нас есть возможность подробно изучить историю этого движения, его движущую силу, деятельность активистов Алаша до обретения страной независимости. Одной из особенностей движения Алаш является то, что его массовый национальный характер не ограничивается определенным регионом, а охватывает всю территорию Казахстана, о чем свидетельствует их деятельность в этих регионах. В то же время такой регион страны, как Кызылжар, сыграл значительную роль в судьбе деятелей Алаш. Но данная проблема в этом регионе до сих пор глубоко не изучена. Поэтому мы надеемся, что в предлагаемой статье проблемы будут всесторонне рассмотрены и ответят на ряд вопросов.

Ключевые слова: Северный Казахстан, революция, Дума, съезд, история, совет, нация, Алаш, власть, Кызылжар.

IRSTI 03.20:03.09.21

NORTH KAZAKHSTAN AT THE BEGINNING OF THE XX CENTURY

A.G. Ibraeva¹, A.S. Temirkhanova²

¹Doctor of History, Рrofessor. M. Kozybayev NKSU. Petropavlovsk, Kazakhstan.

²PhD student of the Department of History of Kazakhstan. L.N. Gumilyov ENU. Nur-Sultan, Kazakhstan.

Abstract:The article is devoted to the history of the North Kazakhstan region at the beginning of the twentieth century, it was considered in a single context and presented to the attention of readers. The basis of Alash studies is connected with the activities of  Alash figures. In Soviet times, this movement was given a one-sided class assessment, so it was impossible to reveal its truth. Only today we have the opportunity to study in detail the history of this movement, its driving force, the activities of Alash activists before the country gained independence. One of the features of the Alash movement is that its massive national character is not limited to a specific region, but covers the entire territory of the Kazakh land, as evidenced by their activities in these regions. At the same time, such region of the country as Kyzylzhar played a significant role in the fate of Alash leaders. We hope therefore, that in the offered article  the issues will be all-round considered and will answer the row of questions

Keywords: North Kazakhstan, revolution, Duma, congress, history, сouncil, nation, Alash, power, Kyzylzhar.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3264

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары АРТЫНДА ӨШПЕС МҰРА ҚАЛДЫРҒАН АЙТУЛЫ ҒАЛЫМ ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Author's articles

ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН