Яндекс.Метрика
Home » Materials » Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер

Егізбаева М.Қ.

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: Этнос, ұлт, этнография, салт-дәстүр, баспана, киім, тағам
Author:
Түркі әлемі халықтарының этнографиясын жан-жақты зерттеу отандық этнология ғылымының басты бағыттарының біріне айналып отыр. Өз тарихымызды танып білуде, көпұлтты мемелекетімізде бейбітшілік пен толеранттық бағытты ұстануда түркі халықтарын жан-жақты танып зерттеу маңызды ғылыми бағдар екендігі белгілі. Татарлар – түркі тілдес ұлт, Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. Татарлардың жалпы саны жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар оларды бөліп (Қазан Татарлары, Қырым Татарлары, Сібір Татарлары, ноғайбақтар, т.б.) қарастырса, қалғандары оларды біртұтас ұлт санайды.
Text:
Татарлар ертеден әр түрлі кәсіптермен шұғылданған халық. Татар қолөнершілері өз тәжірибелерімен қатар, Кавказ, Иран, Орта Азия халықтарының дәстүрлерін де қабылдаған еді. Соның нәтижесінде, оларда қолөнердің алдыңғы қатарлы техникасы пайда болды. Қазіргі татарларда да сол ертеден келе жатқан дәстүр жалғасын тауып келеді. 

Татарлар шеберлерінің тіккен әшекейлі етігі, бас киімі, аяқ киімі, кестелі шашақты шәлі орамалы, тоқыма бұйымдары, күмістен, алтыннан істеген зергерлік бұйымдары Ресей империясынан тыс жерлерде де жоғары бағаланып, сұранысқа ие болды. Тері, жүн өңдеу кәсібі дамыды. Татарлардың көршілес халықтармен арасындағы этномәдени байланыс әсіресе, Сібір татарларының киімдерінен анық байқалады. Сібір татарлары ертеден киімдерін қой жүнінен тоқылған және Орталық Азиядан саудагерлер әкелген маталардан тікті. Сонымен қатар, көрші отырған орыстардан алынған кенеп маталарды да қолданды [1, 119-124 бб.]. 
 Тігін машиналары пайда болғанша татар әйелдері киімді қолмен тікті. Матаның сапасы сол отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Барлық жастағы ерлердің негізгі сыртқы киімі камзол болды. Әдетте оны муытыдан, тізеден төмен етіп, белін қынамалап, тік жағалы, 5-6 түймеге түймеленетін, бір өңірлі етіп тікті. Камзолды астарлады, алайда сырылып тігілмеді, жан қалталары болды. Татарларда қысқа жеңді камзолдра да болды, оны бешмет деп атады. Ауқатты татарларда мақтамен сырылып тігілген жылы камзолдардың жағасы және оның сол жақ өңірі құндыз, елтірі және т.б. бағалы аң терілерімен жұрындалды. 
Олардың мерекелік камзолдары әр түрлі сортты қамқа және басқа ақ түсті маталардан тігілді. Далалық жұмыстар кезінде көйлек пен шалбардың сыртынан татарлар кенептен тігілген шабыр деп аталатын жеңіл киімді киді. Пішіні жағынан ол камзолмен бірдей болды. Татарлар бұл киімді дәстүрлі ұлттық киім деп санады, бірақ киімнің мұндай түрі Саян-Алтай халықтарында да кездеседі. Татарлар жүн өңдеу, материал дайындау, киім тігудің әр түрлі техникаларын меңгерді. Жүннен цикмэн деп аталатын киімді тоқыды. Оның формасы камзолға ұқсас болды, алайда камзолдан ұзын, тік жағалы, етегі кең болды және сол жағына қарай қалың теріден жасалған 4-5 түймеге түймеленді. Белі жүннен тоқылған белбеумен буылды. 
 Сыртқы жылы киімдердің барлығын татарлар тун деп атады. ХХ ғ. 30 жж. дейін татарлар арасында мақтамен сырылып тігілген, тік жағалы, кейде жағасы аң терісімен жұрындалған сырт киімнің түрі кең тарады. Бұндай киімнің түрін татарлар пирэцэ деп атады. ХІХ-ХХ ғ. басында татарлар арасында қой терісінен жаслған ұзын және қысқа тондар танымал болды. Оның жағасы болмады, 4-5 түймеге түймеленіп, белі белбеумен буылды. Ауқатты татарлар, саудагерлер, ірі мешітердің моллалары түлкі немес қасқыр терісінен тігілген тондарды киді. Алыс жолдарға шыққанда қой терісінен жүні сыртына қаратылып тігілген тұлыптарды киді. Тұлыптар ит және ешкі терісінен де тігілді. Ерлерге арнап тері шалбалар да тігілді. Мерекелік киімдер қымбат маталардан дайындалды. 
Бұндай киімдердің қатарына шапандар жатты. Оны ауқаттылар қамқадан тгіп киді, ал кедейлер тіктен киді. Шапандарды олар діни мерекелер кезінде мешітке барғанда киді. Мерекелік киім ретінде татар әйелдері бүрмелі көйлектерді киді. Бүрмелер көйлектің әр түрлі жерлеріне әр түрлі мөлшерде тігілді. Жасы үлкен әйелдердің көйлегінеің етегіне бірнеше қатар ұсақ бүрмелер салынды. Көйлектің сыртынан әйелдер камзол киді. Ол ерлер камзолынан етегінің кеңдігімен ерекшеленді. Татар әйелдері камзолды үнемі киіп жүрді. 
Әйел камзолдары қамқа, барқыт, атластан тігілді. Ерлер мен әйелдердің киімі қарастырылып отырған кезеңде әр түрлілігімен ерекшеленбеді. Еркектер қыстан басқа айларда етік киіп жүрді. Оның ішінен жүннен тоқылған шұлықтар киді. Татарлар ертеден ичиги деп аталатын қысқа етіктерді киді. Ол қой немесе ешкі терісінен тігіліді және жұмсақ табанды болды. Оның сыртынан ерелер де әйелдер де теріден жасалған, қатты табанды аяқ киім кенкэні киді. Қысты күні ерлерді де әйелдердің де аяқ киімі пима болды. Жасы ұлғайған адамдар қыста киіз калоштарды киді, ол пиманың қысқа түрі болды. Суық күндері татарлар қой жүнінен тігілген және тері қолғаптар киді. 
 Ер адамдардың негізгі бас киімі тақия болды. Тақияның екі түр болды: бірі – жартысфера тәріздес болса, екіншісі кэлэпуш – төмен жайпақ төбелі, конус тәрізді бас киім. Тақияның екінші түрін қара түсті барқыттан тікті. Қысты күні малақайлар киді. Әйелдердің негізгі бас киімі орамал болды. Суық күндері жұқа ормлдардың сыртынан фабрикалық немесе қолдан тоқылған жүн шәлілер тақты. Ормалдың сыртынан татар әйелдері жиі бойы еркектердікімен салыстырғанда жіңішкерек, аң терісімен жалпақ етіп жұрындалған бас киімдерді киді. Татар әйеледрінің мерекелік бас киімдеріне әр түрлі қалпақтар жатты. Соның бірі сарауц болды. 
Сарауц – тұрмыстағы әйелдердің диадемаға ұқсас бас киімі. Бас киімнің бұл түрі қымбатқа түсті және оны ауқатты отбасылыраның әйелдері ғана киді [1, 119-124 бб.]. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында татарлармен араласу барысында қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне де өзгерістер енді. 1897 жылғы санақ бойынша татарлардың саны 9,9 мыңға жеткен Семей өңірі - қазақтар мен татарлардың этномәдени сабақтастығын айқын көрсететін аймақ. Мәселен, ҚР МОМ қорлары мен жеке семья архивтерінен татарлардың ұлттық киімін киген Семей қазақтарының фотосуреттерін кездестіруге болады (1-сурет). Сондай-ақ керісінше, қазақтың дәстүрлі киімінің элементтері бар киім киген татарлардың да фотосуреті бар (2-сурет). 
ХХ ғ. басында Шығыс Қазақстандағы әйел көйлектерінің пішілуі татар әйелдерінің көйлектеріне өте ұқсас болып келді. Сондай-ақ, сәннің татар ұлттық түріне «кысмалы күлмәк» жатады. Бұл көйлек түрінің белі біршама жоғары орналасқан, артқы етегі ұзын, перделеніп өңделген. ХХ ғасырдың басында көйлектің аталмыш жаңа стилі әйел адамға, әсіресе қаладағыларға әдемі жаңа реңк берді. Көбінесе көйлектің бұндай түрін ауқатты қазақтар татар тігіншілеріне тапсырыс беріп тіккізген. ХХ ғ. басында қазақ халқының киімінің өзгеріске ұшырауының бір белгісі – сәнге татар үлгісіндегі тік жағалы көйлектердің енуі еді. Ол кең, тұтас пішілген дәстүрлі көйлектерді сәннен ысырып шығарды. Тікжағалы көйлектер мен жейделер өзбек халқының арасында «ноғай көйлек» немесе «қазақы» деп аталды [2, 22 б.]. Татар халқында зергерлік өнер де жоғары деңгейде дамыды. Волга-орал татарларының зергерлік өнері ХVIII-XIX ғ. ортасында өзінің гүлденуінің жоғары деңгейіне жеткен еді. Оның қайнар көзі Волга Булгариясы және Алтын Орда қалалары, кейінгі татар хандықтары, әсіресе Қазан хандығы зергерлік өнер дәстүрлерімен тығыз байланысты болды. Ертедегі тарихи және сауда, этномәдени байланыстардың нәтижесінде татар зергерлік өнерінің техникалық әдістері жергілікті фин-угор және славян халықтарының дәстүрлерімен сусындады. 
Славян, әсіресе орыс өнерінің әсері XVI-XVII ғғ. күшейе түсті. Алайда, шығыстың әсері одан да күштірек болды, ол IX-X ғғ. Шығыс пен Европа арасындағы сауданың күшею кезеңіне сәйкес келеді [3, 90 б.]. Зергерлік өнердің ежелгі және ірі орталығы Қазан мен Қазан маңындағы аудандар болды. Қазан-татар зергерлерінің өнімдері әйел киімдерінің әшекейлерімен байланысты болды. Татар зергерлері зергерлік ісінің барлық технологиялық үрдісін меңгерген еді. Әшекейлерді жасау үшін негізінен күмісті қолданды, төмен сапалы күмістер қарапайым халық үшін пайдаланылса, жоғары сапалы, алтындалған күмістер ауқатты, жоғары топтың өкілдеріне арналды. Қола және қалайы өте сирек қолданылды. Зергердің құралдары өте қарапайым болды. Олар көрік, егеу, қысқыш, кескіш, қайшы, балға, атауыз, төс сияқты саймандардан тұрды. 
 Татар халқының зергерлік өнерінде өсімдік тектес өрнектерге көп көңіл бөлінді, геометриялық өрнектер сирек қолданылды. Зооморфтық өрнектер тірі жан иелерінің бейнесін салуға тиым слатын ислам қағидаларына байланысты тіпті сирек пайдаланылды. Қазанның ертеден келе жатқан зергерлік өнерінде шекіме (чеканка) – чуку техникасы кең тарады. Шекіме техникасын қолдана отырып, татар зергерлері негізінен әйел әшекейлерінің салпыншақтары, білезік, ілгектерді дайындады. Қазан хандығы кезеңіндегі жаға ілгектерінде қой басының бейнесі кездеседі. Бұл сарын Орталық Азия және Қазақстан зергерлерінің өнерінде кеңінен қолданылады [4, 5 б.]. Татар зергерлері оймыштау (гравировка) және құйма (литье) техникалық тәсілдер де кеңінен қолданылды. Құйма салпыншақтар, әр түрлі әшекейлер жасау үшін қолданылды. Сол кездегі рубль ақшалар қайта өңделіп, мойын-кеуде және басқа арналған татар әйелдерінің әшекейлерінің элементтерін құрады. Оймыштау техникасының сарыны ретінде ислам дәстүрімен келген «игілік тілеуші» жазулар жиі қолданылды. Оймыштау әдісі қаралау әдісімен қатар жүрді. 
Зергерлік бұйымдар дайындауда асыл тастарды, топаз, жасыл ақық, сары түсті асыл тас (сердолик), көгілдір ақық (бирюза), аметист, яшманы да қолданды. Олар әдете бұйымның бетіне жапырақ түрінде қондырылды. Тастарды зергерлер орал кеншілерінен сатып алып отырды. Ауылдық жерлердің зергерлері дәстүр бойынша жалғы жұмс істеді және өзінің шеберлігін балаларына немесе жақын туыстарына үйретіп отырды, кейде бірнеше оқушылар ұстады. Мұндай шеберлер тек тапсырыс алып отырды, бағасы күміс, ақша немесе бидай, малмен өлшенді [5, 207-213 бб]. 
Татарларда кең тараған кәсіптің түрі – ағаш өңдеу болды. Татар ауылдарының барлығында дерлік үй, мешіт, қоғамдық және шаруашылық құрылыстарын салумен айналысатын ағаш ұстасы болды. Шеберліктері мен еңбексүйгіштіктерінің нәтижесінде олар көршілес халықтардың арасында да құрметке ие болды. Әсіресе, жиһаз, үй және асүй заттарын жасау кең етек алды. Мәселен, Қазан татарлары, оның ішінде Мамадыш уезінің ауылдарында ортаазиялық киіз үйлерге арналған мыңға жуық ағаш есіктер жасалынды. Сонымен қатар, ағаштан ыдыс-аяқ, оның ішінде шелек, кеспек (кадка), күбі, шыны (кесе) жасау да жоғары орында болды. 
 Орта Волга бойы және Кама маңы ертеден ірі көлік орталығы болды. XVIII-XIX ғғ. осыған орай, әсіресе Қазан губерниясында, арба, шана және т.б. жегу әбзелдерін жасау ісі гүлденген болатын. Мұнда шеберлердің бір бөлігі қамыт, ер, шана табаны, доңғалақ тоғыны және т.б. жасаса, екінші бөлігі дөңгелек, ал үшінші бөлігі шана, арба, тарантасты құрастырып жасаумен айналысты. Көптеген татарлар қабық және жөке жинап, оны өңдеумен айналысты, одан аяқ киім (чабата), себет, үй жиһаздары, тарантастың жоғары бөлігін тоқыды, арқан өрді. 
Чабата деп аталатын аяқ киімнің түрін тоқу кең етек алды. Чабата деген сөз тері аяқ киім деген мағынаны білдіреді. Алайда зерттеушілердің пікірінше, оның формасы мен дайындалу технологиясы мордва және чуваш халықтарынан алынған. Татар халқының аяқ киімінің бұл түрі әсемдігі жағынан орыс халқыныкіне жетпесе де, өзінің ыңғайлылығымен және арзандығымен орыс шаруалары және басқа да көршілес халықтар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Татар халқында кең таралған кәсіптің түрі – тері өңдеу ісі болды. Себебі, І Петрдің Қазанда тері өңдеу мануфактурасын ашуы кездейсоқтық емес еді [5, 13 б.]. 
Өңделген терінің көбі аяқ киім тігу үшін қолданылды. Ауыл қолөнершілері күнделікті киетін қарапайым аяқ-киімдер: тері галош, туфли, етіктер жасады. Алайда татарлар жұмсақ, жұқа былғарыдан (юфть және сафьян) тігілген өрнекті аяқ-киімдерімен әйгілі болды. Түрлі түсті былғары қиындылары жібек немесе металл тәріздес жіптермен өрнектеліп тігілді. 
Ашық түсті, әдемі оюлармен өрнектелген етіктер мен туфлилер тек татар қоғамының ауқатты топтары арасында жоғары сұранысқа ие болып қана қойған жоқ, сондай-ақ, мұндай аяқ-киімді орыстар да киді, оны Сібір, Орта Азия, Кавказ, тіпті Ресейден тыс жерлер Англия, Францияға да жеткізіліп тұрды. Мәсі (ичик) өндіру ісі Қазанда және татар ауылдарында ерте кезден дамыды. 1988 ж. археологиялық қазба жұмысы кезінде Қазан кремлінен оюланған тері аяқ киімнің фрагементі табылған. Соған қарап зерттеушілер мәсі өндірісін Қазан хандығының тұсынан бастап пайда болуы мүмкін деп пайымдайды [6, 37 б.]. 
Жалпы татар мәсілерінің жалғыз әшекейі – қонышындағы жалғыз немесе қызыл теріден жасалған қайырмасы бар, бір түсті қара мәсілер және «каюлы читек» яғни, жоғары сапалы түрлі түсті теріден дайындалған, өсімдік оюы фрагменттерімен өрнектелген әйелдің өрнекті мәсілелері сияқты екі түрі болды [7, 81-83 бб.]. 
Егер аяқ-киімнің бірінші түрінің ерекшілігі аз және түркі-моңғол халықтарының көбіне тән болса, ал оюлы аяқ киім сөзсіз татар аяқ киімінің ерекшелігін көрсетеді. Сондықтан да қазақтардың арасында мәсінің (ичиг) оюланған түрінің таралуы татарлармен байланысты деуге болады. Қазақ мәсілерінің татардікінен айырмашылығы – қазақтар мәсіні маусымдарға байланысты етікке ұқсастырып тіге бастады. ХІХ ғ. аймақтан тыс жерлерде (Орта Азия, Қазақстан, Сібір) үлкен сұранысқа ие болған оюлы аяқ киімді сыртқа шығаратын татар кәсіпкерлері мен саудагерлеріне кәсіптің бұл түрі үлкен табыс әкелді [7, 81 б.]. 
 Татар халқының қолөнер кәсіптерінің ішінде жүн өңдеу, оның ішінде жүн сабау және киіз басу да жоғары деңгейде дамыды. Мұндай шеберлер барлық ауылдарда болды. Киіз, киіз етік, пима, киіз қалпақ дайындауда татар шеберлері жоғары деңгейде болды. Мәселен, қызыл жіптерден өрнек салынған қара және ақ пималарды көршілес отырған барлық ұлттардың ауқатты адамдары киді. Тағы да бір маңызды кәсіптің түрі тоқымашылық болды. 
Әсіресе ол волга-орал татарларының арасында кең тараған еді. Сібір татарларының тұрмысында тоқымашылық төмен деңгейде болды. Ал Астрахань татарлары қоршаған табиғи-географиялық ортаның жағдайына байланысты кәсіптің бұл түрімен мүлде шұғылданбады. ХІХ ғ. қолдан тоқылған маталардың орнына фабрикалық маталарды қолдану тек қалалар мен оған жақын орналасқан ауылдарда ғана тарай бастады. 
ХХ ғ. 20 жж. дейін қолдан тоқылған маталар татар ауылдарындағы киім тігудің негізгі қоры болды. Тоқымашылық үшін басты материал өсімдік (зығыр, канапля), кейде мал өнімдері (жүн) болды. Ғасырлар бойы қордаланған халық тәжірибесі нәтижесінде талшықты өңдеудегі техникалық әдіс-тәсілдермен қоса, әр түрлі еңбек құралдары мен саймандар дамып, жетілдірілді. Зығыр мен канапляның сабақтарын ұсақтау үшін талқы деп аталатын әр түрлі формадағы құрал пайдаланылды. Көбінесе көлденең орналасқан тақтай талқылар қолданылды. 
 Талшықты жуып болғаннан кейін оны каккышта түтіп, тазалады, одан соң темір тістері бар тарақпен тарады. Қой жүнін иірмес бұрын қоқыстан тазалап, жүн сабайтын құралмен сабады. Зығырдан жіптерді тартып шығару үшін каба және шығыр деп аталатын ұршық түрлері қолданылды. Ұршықтағы дайын жіпті киләп ағашқа орап алды. Дайын болған жіптерден тоқу станогында мата тоқып шығарды. Осындай жолдармен дайындалған маталар сапасы жағынан ғана емес, сонымен қатар, дайындау техникасы, өрнегі және қолданысына да байланысты алуан түрлі болды. ХІХ ғ. ортасына дейін киім тігуде негізінен үйде тоқылған кенеп пен мауыты болды. Зығырдан тоқылған ақ кенеп мата киім тігуде кеңінен қолданылды. Одан ерелер мен әйелдердің көйлектері, шалбарларын тікті. 
 Ақ кенеп матамен қатар, боялған маталар да кеңінен қолданылды. Әсіресе, кенепті көк, кейде қызыл түстерге бояйтын. Көк түс және оның басқа да түрлері татарлардың барлық топтарында кездесті. Бұндай маталардан ерлер мен әйелдер көйлектері – буяу күлмәк тігілді. Көк түсті дөрекі кенеп матадан ерлердің сыртқы шалбарлары тігілді. Қызыл түске боялған маталар әйел көйлектерін тігуге арналды. ХІХ-ХХ ғ. басында түрлі түсті жолақты кенеп маталар (алача) киім тігу және күнделікті тұрмыстағы заттарды дайындауға қолданылды. Мұндай маталардағы жолақтар түсі адамның жынысы мен жасына байланысты болды. 
Ерлер киімі үшін ұсақ жолақты маталар қолданылды, ал әйелдердің көйлегіне ірі өрнекті, жалпақ қызыл жолақ сары, көк жіңішке жолақтармен үйлесім тапқан маталар қолданылды. ХІХ-ХХ ғ. басы татар тоқымашылығы кестелеп өрнектелген сипат алды. Өрнектер ұсақ және үлкен болып келді, сондай-ақ, түстер алуан түрлі, қызыл, көк, жасыл, сары болды. Үй маталары төсек жабдықтарына, орамал, дастархан, шымылдық тігу үшін де қолданылды. Күнделікті тұрмыстағы тоқылған заттардың ішінде дастархан тоқуға ерекше көңіл бөлінді. Күнделікті қолданылатын дастарханды клетка немесе жолақты етіп тоқыды. Оларда өрнектер аз қолданылды. 
Татар халқының тұрмысында ерекше орын алатын тағы да тоқыма бұйымның бірі – чаршау деп аталатын шымылдықтар болды. Олар тұрғын үйдің ішін ас үй және қонақ бөлмеге бөліп қою үшін пайдаланылды. Бұндай шымылдықтар үшін ұсақ шұбарлы маталарды қолдану кең тарады. Татар әйелдері кесте тоқу өнерімен де шұғылданды. Сонымен бірге Орынбор губерниясының оңтүстік уездерінде ешкі түбітінен бұйымдар, әсіресе атақты түбіт шәлілерді тоқу кең етек алды. ХІХ ғ. ортасында өткен Бүкіләлемдік көрмеде бұл бұйымдардың медаль алуы оның сапасының өте жоғары болғандығын көрсетеді [5, 190 б.]. 
 Қазан татарларының қолөнерінің ішінде «алтынмен» тігу өнері - әйел және еркек бас киімдері, аяқ киімдерді жібек, алтын және күміс жіптермен, сондай-ақ, моншақ, меруерт, шынымен зерлеп, оқалап кестелеу ерекше болды. Бұндай бас киімдер әсіресе, Орта Азияда үлкен сұранысқа ие болды [8, 190 б.]. Мұндай бас киімдерді Қазақстан Республикасының Орталық музейі қорлары мен экспозициясынан да кездестіруге болады. 
Мәселен, ҚР МОМ-дағы қазақ этнографиясына байланысты экспозицияда ерекше орны алатын тақия Орал татарларының бас киіміне өте ұқсас. Сондай-ақ, әр түрлі зерттеушілердің пікірлері бойынша, Қазақстанның солтүстік-шығыс және шығысында төбесі қиылған конус тәрізді, дөңгелек және жайпақ болып келетін «каляпуш» деп аталатын татар бас киімін еске түсіретін тақиялар жиі кездесетін. Тақияның бұл түрлері татарлардан алынған немесе соған ұқсастырылып тігілген. 
Алайда тек формасы ғана алынып қойған жоқ, бұған қоса әсемделу техникасы да өте ұқсас. Кейбір зерттеушілер ертедегі Қазан татарларының оюында қыпшақ тілдес топқа жататын халықтардың оюымен байланысты көрсетеін элементтерді табуға болатынын айтады [9, 60 б.]. 
 Қорыта айтқанда, татар халқының этнографиялық болмысын зерделеу, олардың мәдениетін жан-жақты қарастыру әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Себебі, Қазақстан территориясында 2009 ж. санақ бойынша 204229 татар ұлтының өкілдері өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы бейбітшілік пен достатықты нығайтуда және жалпы түркі халықтарының мәдениетін зерттеуде мақалада қарастырылған мәселелер өзекті болып табылады. 
 Әдебиеттер 
  1. Сибирские татары: культура и быт. – Казань: Татарское кн. изд-во, 1993. – 203 с.
  2. Давлатова С.Т. Трансформация традиционной одежды узбеков Кашкардарьинского оазиса (кон. ХІХ-ХХ вв.). Автореф. дисс. на соискание уч. ст. канд. ист. Наук. – Ташкент, 2006. – 30 с. 
  3. Суслова. Женские украшения татарского народа. – Казань, 1980. – 123 с. 
  4. Сычева Н. Ювелирные украшения народов Средней Азии и Казахстана ХІХ-ХХ веков. Из собрания Государственного музея искусств народов Востока. – Москва, 1984. – 180 с. 
  5. Татары. – М.: Наука, 2001. – 583 с. 
  6. Орнамент казанских татар. – Казань, 2000. – 312 б. 
  7. Суслова С.В., Мухамедова Р.Г. Народный костюм татар Поволжья и Урала (середина ХІХ начало ХХ вв.). Историко-этнографический атлас татарского народа. – Казань, 2000. – 312 с. 
  8. Этнография татарского народа. – Казань: Магариаф, 2004. – 287 с. 
  9. Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда (ХІХ – нач. ХХ в.). – Алма-Ата: Наука, 1964. – 178 с. 
 Peferences 
  1. Sibirskie tatary: kultura i byt. – Kazan: Tatarskoe kn. izd-vo, 1993. – 203 s. 
  2. Davlatova S.T. Transformacija tradicionnoj odezhdy uzbekov Kashkardar'inskogo oazisa (kon. HІH-HH vv.). Avtoref. diss. na soiskanie uch. st. kand. ist. Nauk. – Tashkent, 2006. – 30 s. 
  3. Suslova. Zhenskie ukrashenija tatarskogo naroda. – Kazan', 1980. – 123 s. 
  4. Sycheva N. Juvelirnye ukrashenija narodov Srednej Azii i Kazahstana HІH-HH vekov. Iz sobranija Gosudarstvennogo muzeja iskusstv narodov Vostoka. – Moskva, 1984. – 180 s. 
  5. Tatary. – M.: Nauka, 2001. – 583 s. 
  6. Ornament kazanskih tatar. – Kazan, 2000. – 312 b. 
  7. Suslova S.V., Muhamedova R.G. Narodnyj kostjum tatar Povolzhja i Urala (seredina HІH nachalo HH vv.). Istoriko-jetnograficheskij atlas tatarskogo naroda. – Kazan', 2000. – 312 s. 
  8. Jetnografija tatarskogo naroda. – Kazan': Magariaf, 2004. – 287 s. 
  9. Zaharova I.V., Hodzhaeva R.D. Kazahskaja nacionalnaja odezhda (HІH – nach. HH v.). – Alma-Ata: Nakua, 1964. – 178 s. 
 ЕГИЗБАЕВА М.К. (Казахский Национальный Университет им. аль-Фараби, кафедра археологии, этнологии и музеологии, к.и.н., доцент) 
ТАТАРЫ: СВЕДЕНИЯ О ЭТНОКУЛЬТУРЕ 
Резюме 
В статье рассматриваются некоторые проблемы материальной культуры и традиционных промыслев, а также национальной одежды татарского народа. 
YEGIZBAYEVA M.K. (Al-Farabi Kazakh National University, Department of Archaeology, Etnlology and Museology, Candidate of Historical Sciences, Associate Professor) 
 TATARS: INFORMATION ON ETHNOCULTURE 
 Summary 
This article discusses some of the problems of material culture and traditional crafts, as well as the national dress of the Tatar people. Keywords: ethnos, nation, ethnography, rituals-customs, clothes, food.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 9787

No reviews

Download files

egizbayeva.pdf 0.55 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.15(574) ИСТОРИЯ МЕЖЭТНИЧЕСКИХ, МЕЖКОНФЕССИОНАЛЬНЫХ ОТНОШЕНИЙ В РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН, ВКЛЮЧАЯ ИСТОРИЮ НАИБОЛЕЕ КРУПНЫХ ЭТНОСОВ: ОСН ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ТРАДИЦИОННАЯ МОЛОЧНАЯ ПИЩА КАЗАХСКОГО НАРОДА ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Author's articles

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер