Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Т.Ә. ӘПЕНДИЕВ, жетекші ғылыми қызметкері, PhD. А.Н. ҚОҢҚАБАЕВА, кіші ғылыми қызметкер, Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: ассамблея, салт-дәстүр, қарақалпақ халқы, Қазақстан территориясы, ұлт, этнос, этимология
Author:
Ресей империясының құрамында болған кезеңде жүргізілген саяси-әкімшілік реформалардың барысында қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыра бастағаны, бұл үдерістің кеңестік дәуірде күшейе түскендігі баршамызға мәлім. Соның нәтижесінде қазақ халқының құрамы өзгерістерге ұшырап, көпұлтты, яғни полиэтникалық сипатқа ие болған еді. Қазіргі кезде Қазақстан территориясында жергілікті қазақ халқынан басқа тұратын ұлт өкілдерінің тарихын, мәдениетін, өмір сүру салтын зерттеудің маңыздылығы зор. Мақалада қазақ жерін ертеден қоныстанған түркі тілдес халықтардың бірі қарақалпақ халқы жайлы баяндалады. Ғылыми мақаланың мақсаты – қарақалпақ халқының этникалық шығу тегі, тілі мен жазуы, қолөнері, киімі, діні мен наным-сенімдері, дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, мерекелері, асханасы мен тағамдары, шаруашылығы, отбасылық дәстүрі туралы мәліметтерді талдау болып табылады.
Text:

Кіріспе. Қазақстан Республикасы әлемде көпэтносты мемлекеттердің бірі саналады. Қазіргі кезде Қазақстан территориясында 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар өкілдері тұрады. Әрбір халықтың өмір салты әдет-ғұрпы мен дәстүрі, еңбек дағдылары жөнінен ерекшеліктері болады. Мұнда жергілікті ұлт қазақтардан басқа орыс, украиндар, белорустар, немістер, өзбектер, ұйғырлар және т.б. ұлт өкілдері тұрады. Қазақтардың көпшілігі республиканың мал шаруашылығы дамыған оңтүстік пен батыс аудандарында қоныстанған. Қазақстан Республикасының конституциясының көрсетуі бойынша мемлекетте мекендейтін ұлттар теңдігі принципін берік ұстанады. Әрбір қазақстандық азамат үшін ұлттық ұстанымдары мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын орындауға жағдай жасалған.

1bae90826cd2731ae10197f8f0f74998.jpg

Қазақстан Республикасында мекендейтін халықтар өз теңдігі мен принциптерін берік ұстанады. Олар өз ұлттық болмысы мен мәдениетін берік сақтаған және бұл жолда оларға Қазақстан билігі аса үлкен көлемде ықпал етуде. Ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу мақсатында Қазақстанның барлық аймақтарында ұлттық-мәдени орталықтар құрылып жұмыс істеуде. Олардың ең бастысы – Қазақстан халықтар Ассамблеясы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтқан өзінің ұсынысы негізінде Президент 1995 жылы 1 наурызда Жарлыққа қол қойып, соның негізінде Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ассамблеяның алдына қойған негізгі мақсаты – елдің бірлігін нығайту, Қазақстандағы әр түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастыру болды. Осыған байланысты облыс орталықтарында түрлі этностық мәдени орталықтар құрылды. Ассамблеяның негізгі міндеті – қоғамда диаспоралар арасында өзара қоғамдық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекет құрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту [1].

Көпэтносты Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге этностардың бірі – қарақалпақ халқы болып саналады. Қарақалпақ халқы ежелден қазақ халқымен бірге өмір сүрген түбірі бір түркі тілдес халықтарынан шыққан туысқан халықтардың бірі болып табылады. Қарақалпақтардың отаны қазіргі Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы болып, олардың негізгі бөлігі сонда өмір сүреді. Қазіргі кезде қарақалпақ халқы Қазақстанда өмір сүріп жатқан ең негізгі халықтардың бірі болып, ендігі кезде олардың этникалық шығу тегін, діні мен тілін нақтылау және Қазақстан өңірлерінде қоныстануын анықтау мен саралау, сондай-ақ шаруашылығы мен әлеуметтік тарихын, этнодемографиясы мен этномәдени байланыстарының дамуын көрсету көпэтносты Қазақстан қоғамы үшін маңызды болатыны анық [2].

Талқылау. Қарақалпақ халқының этникалық шығу тегі мен тарихы туралы М.К. Нұрмұхамедов, Т.А. Жданко, С.К. Камаловтың «Каракалпаки (краткий очерк истории с древнейших времен до наших дней)» (1971) [2] еңбегінде құнды мәліметтер келтірілген. Онда Рашид ад-Диннің, В.В. Бартольд, Н.А. Аристовтың еңбектеріндегі қарақалпақ атауына, этникалық құрамына қатысты ғылыми теориялары талданған. Мысалы, Рашид ад-Диннің дерегі бойынша, монғол шапқыншылығы кезінде қарақалпақтар «Kavm-i külah-i siyah» (қара қалпақты халық) деген атаумен танылған.

Атақты түркітанушы-филолог Н.А. Баскаков өзінің «Қарақалпақ тілі» (1952) [3] деген еңбегінде қарақалпақ тілінің фонетикалық, лексикалық және морфологиялық құрамын зерттеп, қазақ және қарақалпақ тілдерін салыстыра отырып, екі халықтың этникалық ортақтығын дәлелдейді.

Бұдан басқа И.А. Невская, С.Ж. Тажибаева, Т.А. Козырев, М.Қ.  Егізбаева, К.М. Төлеубаева және т.б. қарақалпақ халқының этномәдениетіне, отбасылық дәстүріне, өнеріне қатысты зерттеулері маңызды.

Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау, тарихи-салыстырмалы әдісі кеңінен қолданылған. Әсіресе қазақ және қарақалпақ халқының салт-дәстүрі, шаруашылығы, ұлттық мерекелері салыстырмалы түрде талданып, жүйеленіп жазылған. 

Нәтижесі. Ғасырлар бойына қазақтармен тарихы мен тағдыры біте қайнасып жатқан қарақалпақ халқының этникалық тарихы өз алдына көлемді бір тарихты құрайды. Қарақалпақтардың шығу тегі, қайдан келгені, қайда пайда болғаны және жалпы этникалық тарихы ғылымда маңызды сұрақтардың бірі ретінде саналады. Әрбір халық пен оның атауының шығуы, тегінің немесе қалыптасу тарихы болғанындай, қарақалпақтардың да өзіне тән этникалық дамуы мен халық атауының этимологиялық пайда болу тарихы бар.

Қарақалпақтар – Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ Республикасын мекендейтін түркі тілдес халық және Қазақстанда өмір сүріп жатқан 25 түркі халықтарының бірі болып табылады. Тарихшылар мен этнографтардың ғылыми пайымдауы мен пікірінше, қарақалпақтардың арғы тегі – б.з.б. Арыс жағалауынан бастап Жайық өзенінің аралығын, Солтүстік Кавказ бен Дешті Қыпшақ даласына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшіп-қонған тайпаларға саяды. XVI ғасырларда Үлкен Ноғай ордасынан қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтары бөлініп шыққан. Қазақ және қарақалпақ түркілері этностық қалыптасу кезеңдерінен бастап қоян-қолтық араласып, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тілдік тұрғыдан ылғи да өзара ықпалдастықта дамыды. XVIII-XIX ғасырларда жоңғарлардың, орыстардың және аймақта өзге де халықтардың қысымына ұшыраған қазақтармен бірге қарақалпақтар да Орта Азияның ішкі аудандарына ауа көшті. Кіші жүз қазақтарымен күш біріктіріп, қалмақтарды Жайық пен Жем бойынан ығыстырды. Осындай саяси факторлардың негізінде қазіргі ел болып отырған территорияларында тұрақтап қалды. Тағы бір айта кетерлігі қарақалпақтар ноғайлармен өздері өмір сүріп отырған территорияда тұрақтап қалды.

Қарақалпақ халқының этникалық атауы мен этимологиялық атауына келсек, ол туралы бірнеше нұсқаларды ұсынуға болады. «Қарақалпақ» атауы «қара» мен «қалпақ» сөздерінің бірігуінен туған. Жоғарыда көрсеткендей, Рашид ад-Диннің дерегі бойынша, қарақалпақ атауы қара қалпақты халық деген атаумен байланысты. Ерте орта ғасырларда қара бөрікті (Karaborkli) тайпасы Арал теңізі маңында печенег (бажанак) деген атпен өмір сүрген. Ғылыми зерттеулерде қара бөрікті, қарақалпақ және қарақұлахан деген этноним бір мағынада қолданылған. Қарақалпақ атауы туралы келесі бір нұсқалар орыс жылнамаларында «черные клобуки», «чёрный колпак», ал араб дереккөздерінде «karabörklü» атауларымен кездеседі. Бүгінгі қарақалпақ этнонимімен танылып отырған халық, тарихи деректерде, осы атаумен алғаш рет XVI ғасырдың соңында (1578 жылы) аталына бастады [4].

Ұзақ уақыт бойы қарақалпақ халқының шығу тегі туралы нақты тұжырымдама болған жоқ. ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін олар туралы ғылыми әдебиеттер өте аз болып, олар «қарақалпақ» этнонимін сипаттаудан аспады. Белгілі шығыстанушы Д’Оссон «Монғолдар тарихы» деген еңбегінде Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағын» талдай отырып, орыс жылнамаларында черные клобуки деген атпен белгілі болған халықтың қарақалпақ екендігін анықтайды [5]. Қарақалпақтардың этникалық атауы туралы Н.И. Березин де «Нашествие Батыя» деген еңбегінде сондай қорытындыға келеді.

Қарақалпақтардың этникалық шығу тегі туралы кейбір ғылыми еңбектерде қарақалпақтардың төркіні печенегтерден, қыпшақтардан ізделді. Мысалы мажар түркітанушысы А. Вамбери [6] қарақалпақтардың түпкі шығу негізін печенег деп білсе, кейбір батыс тарихшылары печенегтердің тікелей ұрпағы қарақалпақтар емес ноғайлар деп көрсетіп, қарақалпақтарды қыпшақтардан тарауы мүмкін деген ғылыми болжам жасайды.

Кейінгі зерттеу нәтижелері қарақалпақ этногенезінің қалыптасуында оғыз-печенег, қыпшақ және ноғайлардың үлкен рөл ойнағанын көрсетті. Алайда қарақалпақтарды аталған тайпалардың тікелей ұрпағы деп санау мүмкін емес. Өйткені ғылыми ізденістер бұл халықтың этникалық қалыптасу процесіне жергілікті және басқа да тайпалардың қатыстылығын дәлелдеп отыр. Мысалы сенімді дереккөздер қарақалпақ халқының этникалық құрылымын мынадай онторт уру (он төрт ру) құрайтынын көрсетеді: – анна, құйын, боклы-хытай, мәңжүлі, кырк, черучи, ай-теке, аралбай, беш-сары, кайчилы, еки-шейх, казаяклы, қаңлы, қыпшақ, кенегес, маңғыт. Бұл тізімнен қарақалпақ халқының этногенезінің күрделі екендігін және тарихи қалыптасу үдерісіне көптеген ру-тайпалардың қатысқандығын көруге болады [7].

Қарақалпақтар қазіргі қазақ жерін ертеден қоныстанған деп қорытынды жасауға жоғарыда аталған мәліметтер толықтай мүмкіндік береді. Ол жоғарыда аталғандай Арал маңы мен Амудария мен Сырдың төменгі ағыстары және Орта Азияның шөлді аймақтары болып саналады.

Ең көп таралған нұсқа бойынша, қарақалпақтардың жеке этнос болып құрылуы 1556 жылы Ноғай Ордасының құлап, оның құрамынан бөлініп шыққан «алты арыс» - мүйтен, қоңырат, қытай, қыпшақ, кенегес, маңғыт руларымен байланысты. XVII ғасырдың басында қарақалпақтар Түркістан жерінде үстемдік етуге тырысып, Ташкентпен бірге бірнеше қалаларды басып алады, алайда олардың билеушісі Әбдал Ғаппар жалған төре танылып, көп ұзамай қазақ төрелері тарапынан өлтіріледі де, нәтижесінде Қазақ хандығына бағындырылады.

XVII ғасырдың екінші жартысында Сырдарияның орта және төменгі сағасында қоныстанған қарақалпақтар Сібір ханы Күшімнің билігіне мойынсұнады. Сібір хандығының қарақалпақтарға жүргізген үстемдігі Күшік, Жәңгір, Есім Мұхаммет, Қайып, Шайбақ деген хандарының билігімен XVIII ғасырдың екінші жартысында дейін созылды. 1723 жылы жоңғарлардың қазақтарға шабуылы қарақалпақтарға да үлкен шығын алып келді. Қазақты қырғынға ұшыратқан жоңғар шапқыншылығы қарақалпақтарды жоғарғы және төменгі деген екі топқа бөлінуіне әкеп соқты. Жоғарғы қарақалпақтар жоңғарға бағынса, төменгі қарақалпақтар Қазақ хандығынан алыстау үшін Жаңадарияға көшеді. XVIII ғасырдың соңына қарай қарақалпақтар Хиуа хандығының иелігіне, Әмударияны жағалай қоныс аударады. Осыдан бастап қарақалпақтардың қазақтардың жеріне өтуі кең өріс алады.

XVII-XVIII ғасырларда қарақалпақтар Бұхара, Қазақ, Хиуа және Сібір хандығының саяси және әскери қызметіне белсенді араласып халықтардың наразылық көтерілісіне қатысты. Қарақалпақтардың тәуелсіздік үшін күресі, негізінен, хиуалықтарға қарсы бағытталды. Мысалы 1827 жылы Айдос Би, 1855-1856 жылдары Ерназар Алакөз, 1858-1859 жылдары Мұхаммет Фен бастаған бірнеше ірі көтерілістері болды. 1873 жылы Әмударияның оң жағалауын мекендеген қарақалпақтар Ресей империясының құрамына енсе, сол жағалауындағылар Хиуа хандығының құрамында қалып қойды. Кеңес билігіне дейін қарақалпақтар осылай екі бөлек билік қарамағында болды.

Қарақалпақ автономды облысы ҚазССР құрамында 1924 жылы құрылып, ол 1930 жылы тікелей Кеңес Одағының құрамында деп танылды. 1932 жылы 20 наурызда Қарақалпақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. 1936 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Өзбек КСРО-ның құрамына кірді. 1992 жылдан бастап Қарақалпақстан автономиялық Республикасы Өзбекстан Республикасының қарамағында өмір сүріп келеді.

Қарақалпақтардың негізгі отаны осы Қарақалпақ Автономиясы болып, олар сонымен бірге өзге республикаларға да таралған. Солардың бірі тақырыбымыздың негізін құрап отырғаны сияқты қарақалпақтар Қазақстанда да қоныстанған. Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының шоғырланған орындары, жоғарыда атап өткендей, Қазақстанның қазіргі Маңғыстау, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарын жайлаған. Демек, қарақалпақтар елдерімен шекаралас қазақ жеріне көптеп қоныстанып отыр. Қарақалпақтар Қазақстанға қашан және не үшін келді деген сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін емес. Қарақалпақ халқының туыстас қазақтармен жақын әлеуметтік-лингвистикалық байланысы өте ерте кезден жалғасып келеді [8].

Қарақалпақ тілі – Қарақалпақ Республикасының мемлекеттік тілі, қарақалпақ халқының ана тілі, Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының экзогенді тілі болып табылады. Қарақалпақ тілі шығу тегі бойынша Алтай тілдері семьясының түркі тілдер тобына енеді, қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай бұтағына жатады. Қарақалпақ тіліне ноғай тілі мен қазақ тілі жақын. Өзбекстанның Хорезм, Ферғана облысы, Түрікменстанның Ташауыз облысы, Қазақстанның кейбір аймақтарында, Ресейдің Астрахан облысы мен Ауғанстан аумағында мекендейтін қарақалпақтар осы тілде сөйлейді [9].

Түркітанушы-филолог Н.А. Баскаков өзінің генеологиялық жіктемесінде қарақалпақ тілін қыпшақ тобына қосады және қазақ пен ноғай тілдеріне жақындығын ерекше айшықтайды. Ол бұл үш тілді қыпшақ-ноғай топшасында топтастырып, Үлкен Ноғай ордасы кезінде қалыптасқандығын алға тартады. Дегенмен де, қарақалпақ тілінде Орталық Азиядағы Иран тектес халықтардың тілдік элементтері кездеседі, нақты айтқанда хорезмдік өзбек тілінен енген кірме сөздер ұшырасады [3].

Қазақ халқымен тілдік тұрғыда аса жақын болған қарақалпақтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қазақтардың салт-дәстүріне өте ұқсас. Қарақалпақтардың дәстүрлерінің көбі, негізінен тұрмыстық дәстүрлермен байланысты болып табылады. Халық арасында сақталған ең негізгі дәстүр мен әдет-ғұрыпқа кезек берсек, онда баланың тууынан бастап  бесік той, шілдехана, қырқынан шығару, тұсау кесер, сүндет той, үйлену тойы, беташар және осы сынды өзге де салт-дәстүрдің негізгі түрлерін көрсетуге болады [10].

9adb0ca17ea3080eece555ec2d292de7.jpg

Дегенмен де қарақалпақ диаспорасының салт-дәстүрлерінде өздеріне тән ерекшеліктер де бар, мысалы ұзатылатын қыздың ата-анасы оның екі қалтасына алты асыл тас немесе қымбат әшекейлер салады, оны күйеу жігіттің әке-шешесі, яғни құдалары бағалап, сол бағаға сатып алады, осы ғұрыптан кейін күйеу жігіт қалыңдығын өзімен алып кете алады. Жаңа түскен келінді қауымға таныстыру, сәлемдестіру  мақсатында және оған өсиет айту үшін беташар айтылады.  Беташар мазмұны жағынан басқа кейбір халықтардағы жырларға аздап ұқсағанымен, түр, орындалу жағдайы  жағынан тек қазақтар мен қарақалпақтарда ғана кездеседі [11].

960f4e7066bf6bda949ad4f51450ca31.jpg

Қарақалпақ халқы өзінің мәдениетін, тарихын, шұғылданған кәсібін, шаруашылығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ешқашан ұмытқан емес. Сондай дәстүрлі кәсіптерінің бірі қолөнер болып табылады. Қарақалпақтарда қолөнер дәстүрі ерте кезден дамыды. Ерлері көбіне ағаш ұсталығы, ершілік, зергерлікпен, ал әйелдері тоқымашылық, кілем тоқу, киіз басумен айналысты [12]. Ұста шеберханасы «дукан» деп аталып, ол жер адамдардың бас қосатын беделді кісілер жиналатын орынға айналған.

Ұсталық кәсібі әкеден балаға немесе кіші інісіне мұрагерлікпен қалып отырды, кейде туыс адамдардың балаларын шәкірт қылып алды. Олар бірнеше жыл ұстаның үйінде тегін жұмыс істеді. Ұстаның құралдарының бастысы төс пен көрік және тағы басқа саймандар болды. Төстен басқа негізгі саймандардың барлығын ұста өз жасады, ал төсті Хиуа, Бұқара, Түркістан немесе Орынбор сияқты Ресейдің қалаларынан жеткізілді.

Киіз үйдің ағаш бөліктерін жасайтын шеберді үйші деп атады. Халық түсінігінде олардың Ибрахим Халил (ең алғашқы киіз үйді жасаушы) деп аталатын қоғаушы пірі болды. Үйді жасауды бастар алдында шебер піріне дұға жасайтын. Үйшілер көбінесе бес, алты, жеті қанатты киіз үйлерді жасады [13].

8a04efff103d41fb0fbe9d53add6b2d1.jpg


Қарақалпақ халқында ағаш өңдеу шеберлері алуан түрлі ауылшаруашылық құралдарын жасаумен айналысты, олардың ең бастылары – ала, шығыр, арба, қайық және т.б. болды. Сонымен қатар, олар үй өндірісінде қолданылатын  өрмек, мақта тазалайтын шығыршық, ыдыс сияқты ағаш заттарды жасаумен айналысты, ал кейбір ұсталар өте нәзік шеберлікті қажет ететін музыкалық аспаптарды (дутар, қобыз) жасады.

Сондай-ақ олар көне заманнан бері мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен және балық аулаумен шұғылданып келеді. Дәнді дақылдардан бидай, арпа, күріш, тары екті, бақша жемістерін, әсіресе жүзім өсірді, әр отбасының өз бау-бақшасы болды. Мысалы, КСРО тұсында Өзбекстанда ауланатын балықтың 90%-ын қарақалпақтар беріп келді. Алайда Арал апатына байланысты балық аулау кәсібі үлкен күйзеліске ұшырады.

Атап отырғанымыздай, қарақалпақтар негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен, сондай-ақ бау-бақша ісімен айналысады. Бау-бақша мен күнделікті тұрмысқа қажетті болып саналатын арпа, бидай, жүгері, бұршақ, асқабақ, пияз, тары өсіреді. Су жетпеген жерде жасанды суғару жүйелерін жүргізіп, диханшылықпен де танымал болған. Кеңес үкіметінің орнаған жылдарынан бастап қарақалпақтардың мемлекет үшін өндірген басты шаруашылық өнімдері мақта мен күріш болды. Қазақстанда тұратын қарақалпақтар егіншілік пен мал шаруашылығына қатысты аталып отырған барлық шаруашылық түрлерін жетік меңгерген. Соның негізінде олар кеңестік кезеңде және қазіргі уақытқа дейін қой мен сиырлар өсіріп, өздерін етпен, сүтпен, терімен қамтамасыз етіп отырады. Қарақалпақ шаруашылықтағы басты ерекшеліктерінің бірі ол түйе өсіру болды. Арал маңын мекендеген олар алыс шөл далада түйе өсіруді өте терең меңгерген. 

Сонымен қатар қарақалпақтардың мәдени шаруашылығының басты түрлерінің бірі киім тігу болды. Қарақалпақтардың ұлттық киімдері қазақ және өзбек халықтарыныкіне өте ұқсас. Бұған осы халықтардың географиялық және мәдени жақындығы ықпал еткені айтпаса да түсінікті. Алдымен ұлттық киімдерден бастасақ, қарақалпақтарда Ұлттық киім үлгілері тек үлкен буын өкілдерінде көрінді. Көне қарақалпақ киімдері өте сәнді, әсіресе әйелдердің бас киімдері мен жамылғылары алуан түрлі болды. Көне қарақалпақ киімдерінің жұрнағын тек қазіргі әйел көйлектерінен ғана байқауға болады [14].

11cf21423276a0f6e04b3d18c38b6412.jpg

Қарақалпақ халқы орта азиялық түркі халықтарының бірі болғандықтан, ол да өзге түркі тілдес халықтармен бірге Ислам дінін сонау орта ғасырларда қабылдаған. Орта Азияда исламның дамуы олардың да діни өмірін өзгерткен және дамытқан. Қазіргі таңда қарақалпақтардың барлығы Исламның Ханафи мәзхабын ұстанатын суннит мұсылмандары болып табылады. Олардың ислам дінін қабылдай бастауы нақты белгілі болмаса да, зерттеушілердің болжауынша, қарақалпақтар да басқа түркі халықтары секілді Х-ХІІІ ғасырларда мұсылмандықты қабылдады. Халықаралық жобаның сауалнамасына қатысқандардың 86,5%-ы ислам дінін ұстанып, діни әдет-ғұрыптарды орындайтындарын және тек мұсылмандармен некелесетінін білдірді.

Өзге ортаазиялық халықтардағы сияқты қарақалпақтарда да отбасындағы әйел адамның орны  көбінесе оның өндіріске қатысуына байланысты болды. Осы тұрғыдан алғанда регион халықтарын екі үлкен топқа бөлуге болатын сияқты. Бірінші топқа мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі немесе жартылай көшпелі тұрмыста өмір сүрген қарақалпақтардың басым көпшілігін жатқызамыз. Әдетте мал шаруашылығында – малды сауу, төлін күту, мал өнімдерін шығару, өңдеу жұмысында әйел затының алатын  орны маңызды. Қоғамдық өндірістегі орнына қарай бұл халықтардың әйелдерінің отбасындағы орны да аса төмендетілген жоқ.  Олар отырықшы-қалалық халықтардағы сияқты қапаста өмір сүрмеді, бетін пердемен жаппады. Патриархалдық, исламдық заңдар бойынша осылай істеу керек болса да  көшпелі тұрмыста  оған жағдай болмады. Сондықтан көшпелі, жартылай көшпелі, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан халықтарда әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны  отырықшыларға, қалалықтарға қарағанда объективті түрде жоғары болды [15, 21 б.].

Қорытынды. Қорыта айтқанда, қарақалпақ халқы өзінің бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен, этнографиялық бай мұрасымен ерекшеленіп, ол қазіргі кезге дейін өзінің қаймағын бұзбай келеді. Соның ішінде Қазақстандағы қарақалпақ этносының да өзіндік тарихы қалыптасып, ол да еліміздегі өзге этностар арасындағы тарихи-мәдени процестердің бір бағытын құрап отыр. Басты қорытындылардың бірі ретінде қарақалпақ халқының қазақ халқына тек тілдік тұрғыда ғана жақын еместігін айтуға болады. Өйткені, қарақалпақ халқының салт-дәстүрі мен шаруашылығы, қолөнері мен мәдениеті қазақ халқына өте ұқсас болып, кейбір салаларда тіпті бірдей көрінеді. Тақырыптың басты қорытындыларының бірі қарақалпақ халқы өзінің бай тарихи, мәдени мұрасымен түркі және Орталық Азия халықтарының ішінде алдыңғы қатардағы халық екеніне көз жеткізілді. Өзінің тарихы, тілі, мәдениеті және басқа да ерекшеліктері арқылы Қазақстанда және әлемде өмір сүріп отырған этностар арасында этнографиясы бай халықтардың бірі саналады.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Н. Назарбаев – основатель казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия / Под ред. Ж.А. Алиева. – Алматы, 2005. – 212 с.

2. Нурмухамедов М.К., Жданко Т.А., Камалов С.К. Каракалпаки (краткий очерк истории с древнейших времен до наших дней). – Ташкент, 1971. – 120 с.

3. Баскаков Н.А. Каракалпакский язык. Том II. Фонетика и морфология. Часть первая. Части речи и словообразование. – М.: Изд-во АН СССР, 1952. – 544 с.

4. Ахмедов Б., Историко-географическая литература Средней Азии XVII-XVIII вв, II. Писменниые Памятники. – Ташкент: Фан, 1985. – 264 с.

5. История Каракалпакской АССР: с древнейших времен до наших дней. – Ташкент: "Фан" 1986 – 364c.

6. Арминий Вамбери. Путешествие по Средней Азии. пер. З. Д. Голубевой. – Москва: Восточная литература, 2003.

7. Мамедов Н. Каракалпакская литература. – Баку: Мутарджим, 2007. –  295 с.

8. Невская И.А., Тажибаева С.Ж., Козырев Т.А. Тюркские этносы Казахстана: текущее состояние и динамика развития // GLOBAL-Turk, 2017. - №1-2.

9. Тенишев Э.Р. (Отв. ред.) Языки Мира. Тюркские языки. - Бишкек: Кыргызстан, 1997. – 543 с.

10. Тұрмағамбетова Б. Қазақстандық қарақалпақтардың салт-дәстүрі мен музыкалық өнері // Ahiska, - 2013. – C. 6.

11. Борозна Н. Г. Некоторые черты традиционной свадебной обрядности узбеков-дурменов южных районов Таджикистана и Узбекистана // СЭ. - 1969. - № 2. - С. 80-86.

12. Массон М.Е. К истории горного дела на территории Узбекистана. – Ташкент: Узбекгосиздат, 1953. – 231 с.

13. Этнография каракалпаков. ХIX-начало XX века (материалы исследования). – Ташкент: Фан, 1980. – 203.

14. Егізбаева М.Қ. Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті. // «edu.e-history.kz». - 2016. - № 4(08).

15. Төлеубаева К.М. Қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары (салыстырмалы-этнографиялық зерттеу): т.ғ.д.  ... дисс. авторефераты. – Алматы. 2010. – 60 б.

Referenses:

1. N. Nazarbaev – osnovatel qazaqstanskoi modeli mejetnıcheskogo i mejkonfessionalnogo soglasiia / Pod red. J.A. Alıeva. – Almaty, 2005. – 212 s.

2. Nýrmýhamedov M.K., Jdanko T.A., Kamalov S.K. Karakalpaki (kratkii ocherk istorii s drevneishih vremen do nashih dnei). – Tashkent, 1971. – 120 s.

3. Baskakov N.A. Karakalpakskii iazyk. Tom II. Fonetika i morfologiia. Chast pervaia. Chasti rechi i slovoobrazovanie. – M.: Izd-vo AN SSSR, 1952. – 544 s.

4. Ahmedov B., Istoriko-geograficheskaia literatura Srednei Azii XVII-XVIII vv., II. Pismenniye Pamiatniki. – Tashkent: Fan, 1985. – 264 s.

5. Istoriia Karakalpakskoi ASSR: s drevneishih vremen do nashih dnei – Tashkent: «Fan» 1986 – 364 s.

6. Arminii Vamberi. Puteshestvie po Srednei Azii. per. Z.D. Golubevoi. – Moskva: Vostochnaia literatura. 2003 g.

7. Mamedov N. Karakalpakskaia literatura. – Baku: Mutardjım, 2007. –  295 s.

8. Nevskaia I.A., Tajibaeva S.J., Kozyrev T.A. Tiýrkskıe etnosy Qazaqstana: tekuee sostoianie i dinamika razvitiia. // GLOBAL-Turk, 2017. - №1-2.

9. Tenishev E.R. (Otv. red.) Iazyki Mira. Tiýrkskie iazyki. - Bishkek: Kyrgyzstan, 1997. – 543 s.

10. Turmaǵambetova B. Qazaqstandyq qaraqalpaqtardyń salt-dástúrі men mýzykalyq ónerі // Ahiska, - 2013. – C. 6.

11. Borozna N.G. Nekotorye cherty traditsionnoi svadebnoi obriadnosti uzbekov-durmenov iýjnyh raionov Tadjikistana i Uzbekistana // SE. 1969. № 2. S. 80-86.

12. Masson M.E. K istorii gornogo dela na territorii Uzbekistana. – Tashkent: Uzbekgosizdat, 1953. – 231 s.

13. Etnografiia karakalpakov. XIX-nachalo XX veka (materialy issledovaniia). – Tashkent: Fan, 1980. – 203 s.

14. Egіzbaeva M.Q. Ózbek jáne qaraqalpaq halyqtarynyń etnomádenıetі // «edu.e-history.kz». - 2016. - № 4(08)

15. Tóleýbaeva K.M. Qazaq jáne Ortalyq Aziia halyqtarynyń otbasy, otbasylyq ádet-ǵuryp, salt-sanalary (salystyrmaly-etnografiialyq zertteu): t. ǵ.d. ... diss. аvtoreferaty. – Almaty. 2010. – 60 b.

Т.А. АПЕНДИЕВ, 

ведущий научный сотрудник, PhD, Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, г. Алматы, Е-mail: timur.apendiev@mail.ru

 А.Н. КОНКАБАЕВА, 

младший научный сотрудник, Институт истории и этнологии имени

Ч.Ч. Валиханова, г. Алматы, Е-mail: konkabayeva.arailym@mail.ru

ИСТОРИЯ И КУЛЬТУРА КАРАКАЛПАКОВ В КАЗАХСТАНЕ

Как известно, вследствие проводимых политико-административных реформ в период нахождения в составе Российской империи на казахские земли начали переселять представителей других национальностей, данный процесс усилился в советское время. В результате состав казахского народа претерпел изменения и приобрел многонациональный, то есть полиэтнический характер. В настоящее время на территории Казахстана большое значение имеет изучение истории, культуры, образа жизни представителей других национальностей. В статье рассказывается о каракалпакском народе, одного из тюркоязычных народов, населявших казахскую землю с древнейших времен. Цель научной статьи – анализировать сведения об этническом происхождении, языке и письменности каракалпакского народа, ремеслах, одежде, религии и убеждениях, традициях и обычаях, праздниках, столовых и кухнях, хозяйствах, семейных традициях. 

Ключевые слова: этнос, этимология, нация, каракалпакский народ, территория Казахстана, ассамблея, традиция.

T. APENDIYEV

Leading researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology,

Almaty, E-mail: timur.apendiev@mail.ru

A. KONKABAYEVA,

Junior researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology Almaty, E-mail: konkabayeva.arailym@mail.ru

KARAKALPAKS IN KAZAKHSTAN: HISTORY AND CULTURE

Askhown, due to the ongoing political and administrative reforms during the stay in the Russian Empire on the Kazakh lands began to relocate representatives of other nationalities; this process has intensified in Soviet times. As a result, the composition of the Kazakh people has changed and acquired a multinational that is multi-ethnic character. Currently, the study of history, culture and lifestyle of representatives of other nationalities is of great importance in the territory of Kazakhstan. The article is told about the Karakalpak people, one of the Turkic-speaking peoples who had inhabited the Kazakh land since ancient times. The purpose of the scientific article is to analyze information about the ethnic origin, language and writing of the Karakalpak people, crafts, clothing, religion and beliefs, traditions and customs, holidays, canteens and kitchens, farms, family traditions. 

Key words: ethnos, etymology, nation, Karakalpak people, territory of Kazakhstan, Assembly, traditions.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4365

No reviews

Download files

Қаз. қарақалпақтар Апендиев Т.А. Конкабаева.docx 0.05 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні УДК 323.15(574) ИСТОРИЯ МЕЖЭТНИЧЕСКИХ, МЕЖКОНФЕССИОНАЛЬНЫХ ОТНОШЕНИЙ В РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН, ВКЛЮЧАЯ ИСТОРИЮ НАИБОЛЕЕ КРУПНЫХ ЭТНОСОВ: ОСН ХІХ-ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) 391.745/749 ТАҢБА – ШЕЖІРЕЛЕР МҰРАСЫ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ