Яндекс.Метрика
Home » Materials » 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары

Е.Қ. Күлдібаев, т.ғ.к.

94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Tags: тарих., тұлға, зиялы, империя, ұлт, алаш, қазақ
Author:
Академик М.Қ. Қозыбаевтың ғылыми ұстанымдары мен танымал еңбектері қоғамда өзіндік орын алады. Кеңес өкіметінің әкімшіл-әміршіл жүйесінің шарықтап тұрған кезіне қарамастан Қазақстан тарихы ғылымының дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан тарихшы ғалым ретінде бағалаймыз. Ғылыми мақалада Алаш қайраткерлерінің өмірдеректеріне, олардың атқарған істеріне тоқталып, , олардың болашақ тағдырына деген көзқарастарына айырықша мән берілді.
Text:

XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ зиялылар қалыптаса бастады. Олардың қатарында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов,  Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов сынды азаматтар бар еді. Аталмыш зиялылардың қоғамдық-саяси қызметтері XX ғасырдың басында жандана түсіп, саяси күрес жолында өз соңдарынан қазақ халқын ерте білді. Қазақ зиялыларының өзіндік баспасөзін өмірге келтіріп, сол арқылы қазақ ұлтының көкейтесті мәселелерін көтеріп, газетті ұйымдастыру орталығына айналдыруға ұмтылды. Саяси партия құрды, оның бағдарламасын жасап, сол арқылы қазақтың зәру мәселелерін шешуге тырысты.

Ғалым кеңес дәуірі кезеңінде ғасыр басында қалыптасқан қазақ зиялыларының тарихи тұлға ретінде таныла қоймауының бір себебін коммунистік методологиядағы интернационализм ұстанымын большевизм өз пайдасына, таптық мүддесіне бағындыруда болды деп көрсетті. Большевизм ұлт мүддесін жалпы ресейлік империя мүддесі үшін құрбандыққа шалып, “ұлтшылдар” ретінде танымақ түгіл, тарихта аттарын атауға тыйым салдырды дейді. Осы ретте марксизм-ленинизм методологиясын басшылыққа алған зерттеушілердің бір бөлігінің “Қазан төңкерісіне дейін қазақта ұлттық интеллигенция қалыптасып үлгермеді” деген тұжырымды ұстанғандығын атайды.

Соңғы уақыттарда ғұмырнама әуезовтану, сейфуллинтану, әлихантану, халелтану, мұстафатану сияқты сан-салаға бөліп, тарихи тұлға ретінде жеке басына тән ерекшеліктерді қарастыру ісін қолға алып жатқандығын, бұл мәселеде олардың саяси портретін бірлік, тұтастық аясында қараған дұрыс болар деген ұсынысын білдіреді. “Біз қазақ зиялыларының жалпы тарихын жазар белеске келіп қалдық. Онда зиялы қауым кім, ол қай заманда жеке тап болып, топ болып қалыптасты, қандай кезеңдерді басынан кешірді, қазақ зиялыларының өркениетке қосқан үлесі қандай деген сияқты келелі сауалдарға жауап беруіміз керек.

Ұлттың ұйытқысы – зиялы қауым. Ол барша халықты қоса да ыдырата алады. Сондықтан қазақ зиялылары тарихы шын мәнінде ұлт тарихы екендігін айтқан орынды”, – деген ұстанымды ойын айтады [1, 38,42-б.].

Ғасыр басында патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бас көтерген зиялылардың алдыңғы тізбегінің көшбасшылығын ұстанған тұлғаның бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді.

Қазақ зиялыларының тұғыры, Алаш қайраткері, көсемі Әлихан Бөкейханов тағдыры хақында жазған мақаласында Манаш Қабашұлы оның алып бейнесін сомдауды өзіне парыз санап, есімін алаш, қазақ, қазақ мемлекеті, оның мәдениетімен байланыстырады.

Ғалым оның шежіресін таратып көрсетеді: Барақ – Бөкей – Батыр – Мырзатай – Нұрмұхамед. Сөйтіп, оның шыққан тегі хан тұқымынан екендігін айындайды. М. Қозыбаев көрсетуінше, Әлихан Бөкейханов ерте есейді. Ол ең алдымен қазақ халқының атақты ақын, жырауларының, эпостарының рухты жырларымен сусындап, ұлт-азаттық қозғалысының дәстүрлері негізінде тәрбиеленді. Әлихан Бөкейханов орыс мәдениетін, орыс әдебиетін игерген жан. Сондай-ақ, батыс мәдениетімен да жете таныс болды. Аталмыш мақаласында тарихшы-ғалым оны энциклопедист, Еуразия шеңберіндегі білімдар жандардың біріне жатқызды. Әлиханның қазақ халқының деңгейін батыс деңгейіне дейін көтермек болғандығын, орыстың демократиялық бағыттағы зиялыларымен қоян-қолтық араласып, оппозициялық партиялармен бірігіп, патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққандығын ашып берді.

М. Қозыбаев Әлихан тұлғасын сомдауда оның 1917 жылы “Алаш” партиясын құрудағы саяси қызметіне талдау жасайды. Оның “Алаш” партиясына дейін ұзақ жол жүріп, социал-демократиялық ағымға қосылғандығын, конституциялық демократтар (кадет) партиясының мүшесі болғандығын көрсетеді.

“Алаш” қозғалысының ұстанған бағытын нақтылайды және олардың негізгі талаптарына тоқталады. Ғалым тұжырымы бойынша, Ә. Бөкейханов басшылық еткен “Алаш” қозғалысы ұлттық бағдарлама жасау, оны өркениетті жолға салу, қоғамды демократиялау, оны өркениет жолға салу, ұлттың санасын көтеруді көкседі және осы жолда күреске шықты [2, 86-б.].

Манаш Қабашұлы Әлиханды “Алаш” қозғалысының көсеміне көтеріп, оның бойына кездесетін аса ізгілікті қасиеттерді саралайды. Олардың қатарына байсалдылық, саяси тұрақтылық, ізденгіштік, парасаттылық, сабырлылық, ақылдылық, кішіпейілділік, қарапайымдылықты жатқызады. Осындай қасиеттері оның еліне елеулі күрескер, қауымына қалаулы көсем болуына, үздік болып, алаштың ұлы атануына әсер еткендігін келтіреді. Ғалым Ә. Бөкейхановтың ағартушылық қызметін де алға қояды. Оны Абайдың, Ыбырайдың, Шоқанның жолын ілгері дамытып, қазақ еліне орыс пен батыстың мәдениетін уағыздаушы ретінде көрсетеді.

Академик Манаш Қабашұлының пайымдауынша Әлихан – жалаң саясаткер емес, көреген күрескер. Ұлт, жер, дін, діл мәселелерін жоғары көтерген азамат. Ол Ф.А. Щербина экспедициясының құрамында болып, қазақ жерінің құнарлығын, байлығын зерттеді. Ол жер мәселесі төңірегінде зерттеулер жүргізді. Әлиханның әмбебап ғалымдығын, тарихшы ғалымдылығын тарихшы ағамыз жоғары бағалап, оның бірнеше еңбегіне зерделі тұжырымдар жасайды. Оның мерзімді баспасөз беттеріне жарияланған мақалаларын талдай отырып, агаралық мәселелерді, дін, діл, тіл проблемаларын жете зерттегендігін атап өтеді. Әлиханның ғылым мен білім жолын қоса алып жүруі оның қайраткерлік қасиетін одан әрі шыңдай түскендігін айтады.

Ғалымның: “Әлихан Бөкейхан – алып тұлға. Ол Әз-Жәнібек, Керейден, Абылайдан кейін қазақ мемлекеттігін жаңғыртып, XX ғ. сай құру ісіне бар өмірін арнады. Бұл тұста Әлекеңнің Индияның Д. Неруі, арабтың Г. Насері сияқты бейне екендігі күмән тудырмаса керек. Әлекең осы ұлы істе алты алаштың ту көтерер ұлдарын соңына ертті. 35 млн. мұсылман халықтарының, оның ішінде түркі тектес халықтардың мұң-мұқтажын жоқтады. Сондықтан да ол алты Алаштың Әлиханы атанды, оның ісі барша Ресей шығысына үлгі болды, ол құрған “Алаш” партиясына туысқан халықтардың ұлдары да мүше болды. Ол гуманист, демократ санатында М. Ганди мен Сун-Ят-Сенді көз алдыңа елестетеді. Философиялық көзқарасы жағынан да Әлекең XX ғ. әлемдік алып тұлғаларының қатарынан табылады”, – деуі Әлиханның биік тұлғасын одан әрі биіктендіре түседі [2, 83-86-б.]. .

1988 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің комиссиясы Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасын әділ таразылап, олардың есімдерін ақтау жөнінде шешім қабылдап, осы үш арыстың қаламгерлік, қайраткерлік еңбектерін баспасөзде кеңінен насихаттау қажеттігі атап өтілген еді.

М. Қозыбаев бұл үш арыстың қоғамдық қайраткерілігі мен шығармашылығына қалам тартып, олардың есімдерінің халық арасына танылуына сүбелі үлес қосты. Сол азаматтардың бірі Ахмет Байтұрсынов болды.

А. Байтұрсынов XX ғасыр басында қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен, ірі әдебиет теоретигі, түрколог, жаңа қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ақын әрі аудармашы, азаматтарымыздың бірі ретінде белгілі. Манаш Қабашұлы Ақаңның ұлы тұлғасын асқақтата көтерген адам. “Ахмет Байтұрсынов – XX ғасырдың ұлы реформаторы” атты мақаласында оны даналардың қатарына жатқызып, надандық, қараңғылық, ұйқышылдық, адами хайуандық сияқты кесапатпен өмір бойы күрескен азамат ретінде көрсетті.

Ғалым Ахмет Байтұрсыновты XX ғасырдың ірі құбылысы, феномен, Ресей шығысының ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі қатарына жатқызды. Ахмет Байтұрсынов Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құруда Әлихан Бөкейхановтың қасынан табылып, оның көсемінің біріне айналды. М. Қозыбаев бұл мақаласында Ахметтің біріншіден, Қазақстанның Ресей құрамында конституциялық жолмен республика болуын көздегенін, оны “Алаш” бағдарламасында айқын көрсеткендігін, екіншіден, оның Алашорда үкіметін құрушылардың бірі болып, ұлт мүддесі жолында күреске түскендігін, үшіншіден, оның реформаторлығы ұлт зиялыларынан көрінгендігін ашады.

Ғалым Әлихан мен Ахмет бастаған топқа тән сарын отаршылдыққа қарсылық деген пікірде болды. Оны нақты түрде дәлелдеу үшін С. Сейфуллиннің 1923 жылы 30 қаңтарда “Ахмет Байтұрсынов елуге толды” деген мақаласындағы: “Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірге жыртты, арын бірге жоқтады” деген жолдарын келтіріп, оның бұл жазғаны әділ екендігін көрсетті.

М. Қозыбаев А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының шешпек болған мәселелері бұл – отаршылар тартып алған нулы, сулы ата қонысы, ана тілі, ұлттық ділі, ислам діні екендігін айтады. А. Байтұрсыновтың:

 Қазағым елім,

 Қайқайып белің,

 Сынуға тұр таянып.

 Талауда малың,

 Қамауда жаның

 Аш көзіңді оянып, -

деп айтқан жыр жолдарының мәнін ашуға тырысады. Бұл өлеңде қазақ елін отаршыларға қарсы күреске шақырғандығын айтады. 

1919 жылы Кеңес өкіметі Алашордаға кешірім жариялаған кезде А. Байтұрсыновтың осы екі үкімет арасын жарастырып, ұлттық келісімге жеткізгендігін, кеңес құрлысына шын көңілмен араласып, қазақ (қырғыз) революциялық комитеттің төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезде болашақ қазақ автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауда ерекше қажырлық танытқандығын баса көрсетті.

  М. Қозыбаев Ахмет Байтұрсыновтың ұлылығы мен қайраткерлігін оның ұлт мәселесі жолында ашылғандығын, әсіресе 1920 жылы 17 көкектегі Кеңес үкіметінің басшысы В.И. Ленинге ұлт мәселесі турасында хат жолдап, онда өз пайымдауларын жеткізуінде екендігін атап өтеді [3, 22-23-б.]. Кеңес үкіметіне қарсы шыққандар 20-шы жылдардың аяғында тоталитарлық қуғын-сүргінге тап болды. Сталиндік солақай саясат қазақ қоғамын идеологиялық қыспаққа алды. Қазақстанға басшы болып келген Голощекин Байтұрсынов, Әуезов, Дулатов, Кемеңгеров, Омаров, Жұмабаев, Аймауытов, Жұматаев, Сейфуллин сияқты алдыңғы қатарлы зиялыларды “ұлтшылдар” қатарына жатқызса, ал Сталин контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысы бар деген жалған желеумен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың үстінен іс қозғалып, қамауға алынды. ОГПУ-дың сот коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі үкімі бойынша қазақ зиялылары ұзақ мерзімге концлагерьге кесіліп, жер аударылды. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, Ж. Аймауытов, М. Есболов сияқты азаматтар бастапқы кезде ату жазасына кесіліп, кейіннен он жыл мерзімге лагерьге жіберілуге алмастырылды. Оларға тағылған кінә өте ауыр еді [4, с.95-96].

Қазақ зиялыларын қорқыту-үркіту арқылы санасын сындырмақ болған үкімет М. Қозыбаев көрсеткендей, зымиян төрт мақсатына жетіп жетіп үлгерді. Ол біріншіден, Ахаңды, қазақ зиялыларын қорғаныс шебіне шегіндірді; Екіншіден, оларды өз халқына құбыжық етіп көрсетіп, өз ұлтынан айырды, қанатын қайырды, ұлтты басшысыз, рух көсемдерінсіз қалдырды; Үшіншіден, дананың тарихтан алар орнын ластады. Байтұрсыновтануды жанбай жатып, сөндірді; Төртіншіден, қазақ өзін танудан қалды, әлемдік халықтануда оның болмысы бір сәт аласарып, рухы төмендеді.

Академик Манаш Қабашұлы Ахмет Байтұрсыновтың ұлы реформаторлығын мақтан тұтты. Оның реформаторлығын танымал акдемик А.Н. Кононов аса жоғары бағалағандығын, сондай-ақ, 1929 жылы шыққан “Литературная энциклопедияда” оның алғашқы ленгвист, қазақ орфографиясының реформаторы екендігі айқын жазылғандығын келтірді [5].

Өркениет мәселесін көтерген кезде М. Қозыбаев А. Байтұрсынов батыс өркениетшілердің еңбектерімен таныс болғандығын атап өтеді. Ол бұл туралы А. Байтұрсыновтың батыс өркениетшілерінің еңбектерін оқи отырып, олардың шаруашылық өзгерісін, дүниелік жиюды негізге алғандығын, сөйтіп эволюциялық дамудың бірнеше факторларын пайымдағанын келтіреді. Олар: 1) табиғат; 2) тек; 3) ел жиілігі; 4) шеберлік; 5) басқа елді алу; 6) салт, саясат, заң; 7) дін, мінез, құлық; 8) білім және оның көп-аз таралуы; 9) өнер; 10) мемлекет мақсаты. Бұл жерде автор А. Байтұрсыновтың “Шаруашылық өзгерісі” деген еңбегіндегі жазғандарды келтіре отырып, мынадай қорытынды шығаруға тырысады:

1. Ұлт шаруасы өзгеріп, ілгері басуына шеберлік керек.

2. Шаруашылық өнерлі кәсіп дәрежесіне жетсе, жер аздық қылмайды [6].

Қостанай қаласында А. Байтұрсынұлының мемориалдық ескерткіш кешенінің ашылу салтанатында академик М. Қозыбаев ұлы ұстаз атанған Ахмет Байтұрсыновты “қазақ зиялы қауымын соңынан ерткен топ бастар серкесі” дей отырып, оның бойындағы қасиеттерді даралап, оның өмірінің үш белесін былайша көрсетуге тырысты: “Бірі, патшалық заманасы – Ахаңның ұлтына қазақ деген атын қайтарып, шұбарланған тілінің, келімсек болған ділінің уытын тойтарып, отаршылдық империяның тізесін бүктіріп, темір құрсауын үздірген тұстағы ұлы тұлға болып дараланған оян қазақ белесі. Осы тұста ол қазақ халқының жалын атқан көсемсөз шешені, ұлт көшін бастаған көсемі болды.

Екіншісі – бостандық алған ұлтын өркениеттік өрге сүйреп, тоталитарлық жүйенің өктемдігін жалынды сөзбен түйреп, ұлт Ахаңы атанған тұстағы жараланған, қараланғанзамана белесі. Осы тұста Ахаң ұлттың мемлекеттігінің жоғын жоқтаған данасы болды, ұлттың ғылым-білім мәдениетінің панасы болды.

Үшіншісі – ұлт ұстазы болып қайта халқымен қауышып, туған елімен табысып, өнерімен, тұңғиық терең білімімен өркениет көгінде жарысып, сараланған даналанған тәулсіздік белесі”[ 7].

1989 жылы Манаш Қабашұлының Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаевпен бірлесе жазған “Қабырғалы қаламгер” атты мақаласы “Социалистік Қазақстан” газетінің қаңтар айындағы санына жарияланды. Бұл мақала қазақ зиялыларының бірі, қазақ әдебиеті саласына сүбелі үлес қосқан қазақ азаматы Жүсіпбек Аймауытовтың қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығына арналды.

М. Қозыбаев Жүсіпбек шығармашылығын, оның қысқа қайраткерілік өмірін алғашқылардың бірі болып көтерген ғалым. Негізінде мақала Жүсіпбектің өмірге келгеннен бастап, оның өмірінің соңына дейінгі аралықтағы тағдырына арналған. Автор қайраткердің сан-салалы қызметін саралай отырып, оның ең басты шығармашылығына да тоқталады. Оны қоғам қайраткері ғана емес, дарынды жазушы, ақын, драматург, ағартушы, прозашы, аудармашы ретінде сомдайды. Оның шығармаларын жоғары бағалайды. Жүсіпбектің басына түскен қасіретті (1925 және 1926 жылдарда тұтқындалуы – К.Е.) көрсете отырып, оның бойындағы қасиеттерді бөліп көрсетуге тырысады. Оның мемлекет пен қоғам алдындағы қызметін, қажымас қайраткерлігін, ұлтжандылығын бөле көрсетуге ұмтылады.

Жүсіпбек Аймауытовтың жан-жақты әдеби, педагогикалық мұраларының мәнділігін ашуы ғалымның оның шығармашылығын терең білгендігін байқатады. Қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде Ж. Аймауытовтың творчествосының аса күрделілігін қазақ әдебиетінің ғасырлар бойғы эпикалық дәстүрін реалистік дәстүрмен, белгі-нышандармен берік сабақтастыра білгендігінде екендігін зерделейді. Оның ақын, прозашы, драматург болып табылатындығын шығармаларын талдау арқылы дәлелдеуге тырысады. Мәселен, Ж. Аймауытовтың “Қартқожа” романында қазақ халқының реалистік өмірі, 1916 жылғы қозғалыс кезіндегі ауылдағы ауыр жағдай мен ақгвардияшылардың айуандық әрекеттері шынай ашылғандығын атап өтеді. Сондай-ақ “Шернияз”, “Мансапқор”, “Нұр күйі” “Қанапия мен Шәрбану”, “Ел қорғаны” секілді шығармаларын талдай отырып, оның драматургтық шеберлігін айқындайды.

Манаш Қабашұлы Жүсіпбектің қазақ халқының өмірін көрсете білген прозалық туындыларымен қатар оның ғылымға қосқан үлесіне де тоқталады. Әсіресе, мектепке арнап шығарған “Психология”, “Психология мен өнертану” сияқты оқу құралдардың маңызының зор екендігін атап өтеді. Сондай-ақ, ғалым Жүсіпбектің аудармашылық қырын да ашады. Сөйтіп,  Ж. Аймауытовты жазушы, ақын, драматург, ағартушы ретінде тұлғалап, “Аймауытовтану” саласына елеулі үлес қосты.

1998 жылы Орал қаласында өткен жоғарғы оқу орындары аралық ғылыми-практикалық конференцияда М. Қабашұлы “Халық еркесі, көш бастар серкесі” атты тақырыпта баяндама жасап, оны қазақ әдебиеттану саласына елеулі үлес қосқан, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевтің “Сәкен сүйген арулар” атты кітабына арнады. Нақтылап айтқанда автор аталмыш баяндамасында Т. Кәкішевтің туындысын талдай отырып, қазақ зиялыларының бірі, ақын, қайраткер Сәкен Сейфуллиннің бейнесін сомдады.

М. Қозыбаев кітаптың әрбір тарауына жеке-жеке тоқталып, Сәкеннің саяси қызметі мен шығармашылығының, оның өз ортасымен қарым-қатынасы турасындағы автордың жазғанына баға береді. Осы кітапты арқау ете отырып академик ағамыз Сәкен жүріп өткен жолдарды айқындайды. Оның Анненковтың “ажал вагонында” болып, тартқан тауқыметін, қиыншылықтарға төзімділігін дәлелдейді. Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешу” роман-эссесінің басылымының Ғабит Мүсірепов айтқандай, өзіндік ерекшелігі бар ғажайып нәрсе екендігін батыл да, әділ түйіндейді. Бұл романның коммунист, тап күресінің жалынынан шыққан, қазан төңкерісінің лебінің, азамат соғысында төгілген қанның, тартқан азаптың кегінің, пәнде ретінде өң бойында тараған қайғы мен мұңның шері барлығын өте ұтымды дәлелдей алған.

Сәкеннің ұлы ақын, мемлекет, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат ретінде ең алдымен тарихта алар орнын көрсетпек болады. “Сәкеннің ұлтжандылығы – бибауырмалдығы ең алдымен ұлттық негізге саяды, ұлттық мақтаныш 62 тамырын билегені еш күмән тудырмаса керек. Оның ұлтжандылығы ар мен ұятқа, арман мен мұратқа негізделген. Ел-жұрттың, халықтың қамын Сәкен Сейфуллин бір сәт ұмытқан пенде емес. Ұлы күрескер Азаматтың ұлтжандылығы ұлтын сүйген ұлтшыл болымысынан, оны бұл тұста Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлттың ары мен намысының арқауы”, - деп бағалауы Сәкен бойындағы қазақ халқына деген сүйіспеншілікті ашады.

Сәкеннің біртуар халқымыздың перзенті екендігін көрсете отырып, оның бойындағы алаңсыз табандылық, шүбәсіз сенушілік сияқты кемшіліктердің орын алғандығын баса көрсетеді. “Сәкеннің өмір жолы –XX ғасырдағы қазақ қауымының ұлы трагедиясы, бостандықты, әділдікті аңсаған күрескен ұрпақтың трагедиясы” деп түйіндейді [8].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Қазақ тарихы. – 1997. – №4

2.  Қозыбаев М. Тарих зердесі (Арыстар тұғыры). 2-кітап. –Алматы: Ғылым, 1998. – 280 б.

3.  Қозыбаев М. Ахмет Байтұрсынов – XX ғасырдың ұлы реформаторы // Отан тарихы. – 1998. – №3.

4.  Родневич Б. Отколониального вырождения к социалистическому расцвету о Казахстане.  –Москва, –1931.

5.  Қозыбаев М. Ахмет Байтұрсынов – XX ғасырдың ұлы реформаторы // Егемен Қазақстан. – 1998. – 24 қыркүйек.

6.  Қозыбаев М. Өркениет хаһында // Заман Қазақстан. – 1999. – 7 шілде.

7.  Қостанай таңы. – 2000. – 19 қыркүйек.

8.  Қозыбаев М. Халық еркесі, көш бастар серкесі // Современные проблемы истории Казахстана: становление казахской государственности и развитие нации. Материалы Межвузоской научно-практической конференции. –Уральск, 1998. – С. 4-13.


Е.К. Кулдибаев, к.и.н.

Деятели Алаш в трудах академика М.К. Козыбаева 

Научные принципы и широко известные труды академика М.К. Козыбаева занимают особое место в обществе. Несмотря на административную систему советской власти, академик М.К, Козыбаев известен тем, что он внес большой вклад в развитие и становление казахстанской исторической науки. В научной статье на основе работ академика  рассматриваются автобиографии, деятельность и взгляды на будущее деятелей Алаша. 

Ключевые слова: казах, Алаш, нация, империя, интеллигенция, личность, история.



Ye.K. Kuldibayev, Candidate of Historical Sciences

 Alash Figures in the Writings of Academician M.K. Kozybayev 

Scientific principles and widely known works of the Academician M.K. Kozybayev occupy a special place in society. Despite the administrative system of Soviet power, Academician M.K. Kozybayev is known for his contribution to the formation and development of Kazakhstan's historical science. In this research paper, the autobiographies, activities and views on the future of Alash figures are considered on the basis of the academician's writings.

Keywords: Kazakh, Alash, nation, empire, intelligentsia, personality, history.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 5106

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері УДК 930.2: 94 (574) Материалы Сибирского комитет как источник изучения истории Казахстана в составе Российской империи Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні АРТЫНДА ӨШПЕС МҰРА ҚАЛДЫРҒАН АЙТУЛЫ ҒАЛЫМ ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) 391.745/749 ТАҢБА – ШЕЖІРЕЛЕР МҰРАСЫ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) ӘӨЖ 94(574) «19/20» АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ УДК 94(574).084.91:321.7 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ НЕГІЗІН САЛУДАҒЫ РӨЛІ ӘОЖ 913.1/913.8 ҚАРАТАУДЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН. ХVІІІ – ХІХ ғғ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ – ҰЛТ АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕР ТАРИХИ ТҰЛҒА МРНТИ 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ОСОБЕННОСТИ СОЗДАНИЯ, ГЕОГРАФИЧЕСКОГО РАСПОЛОЖЕНИЯ ВОЛОСТЕЙ В СЕМИРЕЧЕНСКОЙ И СЫРДАРЬИНСКОЙ ОБЛАСТЯХ

Author's articles

94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары