Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 913.1/913.8 ҚАРАТАУДЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН. ХVІІІ – ХІХ ғғ

З.Б. МЫРЗАТАЕВА, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, т.ғ.к., ассоц. проф.

ӘОЖ 913.1/913.8 ҚАРАТАУДЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН. ХVІІІ – ХІХ ғғ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: Қаратау, рудниктер, Ащысай, империя, зерттеушілер, бірегейлік, геология, отаршылдық, қорғасын, кен
Author:
Жер асты кендеріне аса бай Торлан асуы Ресей империясын ежелден қызықтырды. Соған сәйкес автор, Қаратауға арнайы мемлекеттік тапсырыстармен келген зерттеушілердің: геолог, биолог, тарихшы және баталист-суретші мамандарының жалпыимпериялық бағыттағы бірегейлік қызметін жан-жақты талдауға алады. Атамекеніміздің геологиялық тарихы және оның мемлекеттік бірегейлік тұрғысында зерттеуге алынуы - отандық тарихнамадағы жаңа ізденістердің бірі болып табылады. Зерттеу жұмысы ҚР БҒМ – нің бекіткен «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» (2018-2020) мемлекеттік бағдарламасы аясында даярланды.
Text:

Кіріспе. Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық посткеңестік мемлекеттер үшін өзекті мәселеге айналған. Елімізде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларда ұрпақаралық сабақтастықты нығайту, туған жер тарихын зерттеу, тарихи сананы жаңғырту, архив қорларын жандандыру сияқты маңызды мәселелер көрсетілді және сол арқылы мемлекеттік, ұлттық бірегейлікті заман сұранысына лайық дәрежеде қалыптастыру және нығайту ісіне баса назар аударылды [Распоряжение Президента РК от 23 мая 1996 г. №2995 «О концепции формирования государственной идентичности Республики Казахстан»; Н. Назарбаев, 2015; Н. Назарбаев, 2018].

Қазақстандағы геология ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы бірегейлік мәселесін қарау ісінде методологиялық ойдың соңғы жетістіктері басшылыққа алынды. Қазақ жеріндегі геологиялық зерттеулердің тарихы бүгінге дейін ұлттық тарихнамада арнайы мәселе ретінде көтерілген емес. Ал шын мәнінде Қазақстан жеріндегі азаттық үшін жүрген күрестер атамекеннің отарға түсу тарихымен қатар өрбіген. Ұлт тарихындағы аға-буын өкілдері ең алдымен осы жер асты және үсті құндылықтарын сақтап қалу үшін жанкешті күрес жүргізді.

  Талқылау нәтижесі. Елбасы «...сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі» [Н. Назарбаев: 2018.], – деп, еліміздің табиғат байлығының ерекшелігін атап көрсетеді. Сондай металға (қорғасын мен мырышқа) бай өңірлердің бірі – қарт Қаратау тек КСРО көлемінде емес, әлемге танылды. Өркениетті қоғамдарда осы түрлі-түсті (қорғасын, мырышты ж.б.) металдарды негізгі металл (base metals) [Э.Эдуард, 2016: 85] дейді. Өндірістің барлық саласына қажет негізгі металдардың қазақ жеріндегі көлемі қандай еді? Инженер-геолог, профессор А.Б.Байбатша бұл жөнінде «әлем елдерінің көпшілігінің аумағында геологиялық-тектоникалық құрылымдар кейін түзілген жас құм-саз жаралымдармен немесе қалың ормандармен жабылып, көрінбей тереңде жасырын жатса, біздің Республиканың аумағында мұндай құрылымдар жер бетінде ашық жатады» деп жазады. Деректерден Ащысай руднигінде руда құрамында қорғасынның орта есеппен 17–18 %-ы [РГАЭ, Ф. 9022. Оп. 1. Д. 100. Л. 8.] (кейбір деректерде, тіпті: 19,2 %-ы, ал қоры 770 000 тонна делініп көрсетілген [А.Шапошников, 1930: 234]), Аралтау руднигінде 8,79 %-ы [РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д.75. Л. 4., 14 П], Байжансай руднигінде 4 %-ы [РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д.75. Л. 4., 4 П.] ж.б. құрағанын көреміз. Әлемдік тәжірибеде руда құрамынан металдың 0,5–0,7 %-ы ғана анықталатын болса, онда ол жерде үлкен көлемде өндіріс орнын ашуға рұқсат етілген [Р.Насыров, 1997: 39.]. Міне осы алпауыт Ащысай полиметалл комбинаты өзі өмір сүрген барлық кезеңде КСРО бойынша қорғасынның 73,9 %-ын берді. Сондықтан бүгінгі күні, жер асты байлығы қандай көлемде және қандай жолдармен игерілгені жөнінде ізденістер жүргізу тарихнаманың бірден-бір өзекті тақырыбы болса керек.

Советтік Россияда геология әлемдегі ең алдыңғы қатардағы ғылым болды. КСРО құрылғаннан кейін геологиялық зерттеулерге үлкен сұраныс туды. Өйткені индустриялизациялау бағдарламасын іске асыру минералдар мен шикізат базасына тікелей тәуелді етеді. Сондықтан көмір, металл кен орындарын іздестіру күн тәртібінде тұрды. Осы сұранысқа сәйкес КСРО көлемін қамтыған геологиялық карталар өмірге келді. Одақта 25 мың кен орындары ашылып, оның ішінде шамамен 2 мыңы ел экономикасының негізгі тірегіне айналды. Бұл фактілер советтік геологияның қандай қуатты күшке айналғандығының көрінісі еді. Соның нәтижесінде советтік геологияның ғылыми-теориялық мектептері қалыптасты.

Қазақстанда геологиялық мектептің қалыптасу тарихы жөнінде жүйелі түсінік алу үшін революцияға дейінгі зерттеушілер еңбегінен хабардар болған артық емес. Мысалы бұл ретте Н.Я.Северцов [Н. Северцов, 1873: 453], В.Вебер [В. Вебер, 1913: 208], А.Иванов [А.Иванов, 1873: 472], А.Арендоренко [А.Арендоренко, 1873: 236] еңбектерін атаған жөн. Аталған авторлардың еңбектерінде, мәселен, Торлан асуының географиялық панорамасы, жер бедерінің карталары және басқа мәліметтер беріледі. Оларда Қаратау бөктерінде кен ошақтарының табылуы, анықталған металдар мен минералдардың түрлері көрсетіледі.

  Нәтижесі. Геологиялық зерттеу жұмыстары және кен игеруге даярлық. Ресей капитализмінің дамуы оның өнеркәсіп орындарына қажет металл, мұнай, түрлі минералдар көзіне деген сұранысты арттырды. Сондықтан Ресей империясы (ХІХ ғ.б.) қазақтың жер асты мен үсті байлығын ғылыми тұрғыдан тану ісіне құлшына кірісті. Мысалы, құрамында 200-ге жуық әскері бар отрядты басқарған 1-полк командирі майор Набоков (150 қатардағы, 30 резервтегі казактардан тұратын және 15 уряднигі, 1 обер офицері бар) 1815 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторына тек Көкшетау округінен 20–29 фунт қорғасыны бар кен көзін тапқанын мәлімдейді [ООМА, 366-қ. 1-т.102-іс.1-п]. Мемлекет геологиялық барлау экспедицияларын тек қаржылай емес, сонымен бірге әскери күш арқылы жабдықтады. 1816 жылы Сарыарқаға бағытталған геологиялық барлау экспедициясының жетекшісі геолог П.И.Шангин де қарулы әскерді өзі басқарады. Петропавлдан Есіл өзеніне дейін жылжып, әрі қарай ол Қарқаралыға бет алады. Қызылтаудан барлау экспедициясы екі партияға бөлінеді, бірі – Қарқаралы тауы және Семиярск станицасы арқылы Семейге қарай бағытталса, ал екіншісі – Шангин өзі Баянауыл тауы арқылы Павлодар қаласына бет алады. Нәтижесінде Шангин де экспедицияға тіркелген Шығыс Қазақстаннан 1816–1857 жылдар аралығында 150 кеннің көзін, оның ішінде күміс-қорғасын-мыстың – 44 ошағын, тек мыстан тұратын – 106 және 3 – темір, 1 – графит кен орындарын анықтайды [Романовский, 1909: 23]. Арқа даласының қазына байлығы жөнінде Батыс-Сібір өлкесін зерттеуші И.Завалишин: «Болашақта Сары-Арқа – Англия мен Францияның қолы ешқашан жетпейтін Ресей метрополиясының игілігіндегі олжалы, нәрлі, құнарлы жеріне – нағыз байлық көзіне айналмақ» – дейді де, әрі қарай ол өлкенің, түрлі минералдарға бай тау-кен көздерін атап көрсетеді, ол, – «Көкшетау, Алатау тауларында алтын, күміс, қорғасын, қола, түрлі-түсті тастар қоры айрықша мол, Қарқаралы Алатау, Ақмолада, яғни тек Сібір ведомствасында түрлі-түсті тастар, мыс кендері, магнитті темірлер, тас көмір, графит секілді 400 түрлі кен орындары бар. Қазақ даласы, бәрінен бұрын тұзға өте бай» [И.Завалишин, 1867: 6], – деп жазды. Бұл әрине еліміздің тек бір ғана аймағы бойынша берілген қысқаша мәлімет.

Тау-кен инженерлері М.Поспелов пен Т.Бурнашевтің Ташкентке сапары.

  Қаратау – Қоқан және Ресей империясы тарапынан ежелден екіжақты таласқа түскен тарихи орын. Қаратау кені жөнінде Ресейде ХVІ – ХVІІ ғасырдан белгілі болған. Ал тарихшы П.П.Иванов 1735 жылы Қаратаудың қорғасыны туралы ташкенттік көпес Нұр-Мұхаммедтің мынадай ақпаратын жеткізеді: «в Ташкентском и Туркестанском владениях довольна железа, кое копают в горах, а нипаче на р. Чирчику. Медь привозят из Самаркандской стороны и продается дешевою ценою. Свинцу вблизи Туркестана в горе, называемой Сувунду...» [П.Иванов, 1932: 44]. Сонымен бірге ол «известно, что туземцы, задолго до прихода русских в Туркестанский край, разрабатывали несколько свинцовых рудников в горах Каратау, лежащих в 60 верстах к востоку от г. Туркестан; этот свинец шел по преимуществу на снабжение коканских войск, действовавших против русских, и добывался из белой свинцовой руды, называемой киргизами кургашин-таш (свинцовая камень)» [А.Иванов,1873: 464], – деген көрсетуі Қаратау кенін орыстарға дейін қоқандықтардың игеріп үлгіргенін байқатады.

Сонымен, орыс зерттеушілерінің Қаратау өңіріне аяқ тіреп келе бастауы ХІХ ғасырға жатады. Солардың алғашқысы – қазақ даласы арқылы Ташкентке жету маршрутын анықтауға шыққан Поспелов пен Бурнашев еді. Бұлар тау-кен ісінің ірі шенеуніктері болатын. Олар 1800 жылы Семейден шығып Кок-Домбак тауы, Бетпақ шөлі, Шу өзені және Қара-тау арқылы жүріп өтеді. Осы сапарларында олар Қаратаудағы қорғасынның қоры туралы нақты мәліметтер жинайды. Поспелов пен Бурнашевтің негізгі мақсаты да: «узнать в подробности о добывании селитры и удовлетворить настояние тамошняго владетеля, в разсуждении осмотра открытых близ Ташкента рудных прийсков» [Туркестан. Геологическое и орографическое описание по данным, собранным во время путешествий с 1874 г. по 1880г. И.В.Мушкетова. СПб, 79] болатын. Бұл жазбада: «Ташкенттіктерде жарылғыш зат көп емес. Олар қорғасынды Қаратаудан алдыртады. Бұл қорғасынның ғажабы сол, оңай қорытылады» [Вестник ИРГО на 1851г. Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент 1800г.: 60], – делінген де жолдар бар. Саяхатшы кеншілер кайтар жолдарында Шолаққорған, Созақ арқылы жүріп өтіп, ондағы қалаларды былайша суреттейді: «Шолаққорған Читарыктан кішкентай-ақ. Оның айналасы биік саз балшықтан тұрғызылған қабырғалармен қоршалған. Базар жоқ. Оның тұрғындары егіншілікпен айналысады», ал Созақ туралы: «Созаққа апаратын жол жақсы. Түйелер өте көп, жол бойы кездестіруге болады. Созақ қаласы Түркістаннан жарты есе кіші. Оның шамамен 200 – дей үйлі тұрғыны бар. Бұл қаланың да айналасы қоршалған. Қамалдың екі қақпасы бар, бақша жоқ, бірақ қауын, қарбыздар кез-келген жерде пісіп жатыр. Қаланың негізгі тұрғындары – өзбектер. Құрылыстары нашар. Созақтан Петропавловскіге дейін 26 күн жүресің», – делінген мәліметтер кездеседі [Вестник ИРГО на 1851 г. Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент 1800 г.: 61].

Әскери географ, генерал-майор М.И.Венюковтың сапарынан. Қаратау және оның етегіндегі Созақ, Шолаққорған жөнінде (1850 – 1860 жылдар аралығында жинаған материалдарынан) саяхатшы, географ М.И.Венюков та жазған. Ол: «мені әсіресе, Тоқмақтан Перовский фортына бағытталған Шудың оңтүстігіне дейін орналасқан қоқандық ауылдар мен қалашықтар аса қызықтырды. Бұл мекеннің сонау батысына дейін Қаратау тауы созылып жатыр. Қаратау Қара-Мұрын жеріндегі Ақ-Мешіттен 120 шақырым жерден басталып, шығыс-оңтүстік-шығыс бағыты бойынша тіс іспеттес тізбекпен созылған. Таудың төменгі табанында солтүстік жағында екі қоқандық Созақ және Шолаққорған форттары орналасқан» [М.И. Венюков, 1861], – дейді. Қаратау арқылы Түркістан мен Ташкентке: Сауындық, Қарағыру және Сауысқандық асуларымен өтуге болатынын айтады. Оның алғашқысы Созақ пен Түркістан ортасында орналасқан және ол өте ыңғайлы жол деп көрсетеді. Бұл жолмен Шу өзеніне үш күнде жетуге болады. Құмды шөл асуы Шолаққорғаннан Қазанған өткеліне бағытталған жолға қарағанда әлдеқайда тиімді болса керек. Жол жөнекей сексеуіл толы ормандар бар; барлық жерлерде шөп жақсы өскен және құдықтардағы су тұщы, жұмсақ келеді», – дейді, әрі қарай ол, – «бірақ Шу өзенінің солтүстік жағалауынан шөл дала басталады, және Уанас-Кудук арқылы бағытталған жол Төс-Бұлақ жолы сияқты өте ауыр, біздің ерекше байқағанымыз қазірге шейін Қаратау өңірінде Кенесарының ұрпақтары мен оның тобыры жетіп артылады. Бұл зұлым жыртқыштар Ташкенттен Сібір шебіне дейінгі барлық жолдың бойын торуылдап жүреді. Кенесарының қарақшылары кей-кезде тіпті Сарысу арқылы Ұлытау станицасына дейін басып кіреді» [М.И. Венюков, 1861], – дейді. Бұл пікірден Қаратау өңірінің ресейлік экспансия үшін оңай олжа бола қоймағандығын, жергілікті халықтың ентелеп еніп келе жатқан жат жұртқа байланысты қандай көңіл-күйде болғанын аңғаруға болады. Сол себепті, патшалық билік барынша агрессивті саясат ұстанды. Мысалы, 1864 жылы генерал Черняев Шымкентті басып алуда асқан қатыгездік танытты. Ол кездегі оқиғаны өз көзімен көрген П.И.Пашино: «Шымкент 1864 жылы 20 сентябрьде генерал Черняевтың басшылығымен орыстардың меншігіне айналды. Солдаттар ауылдарды аямай шапты, базарларын тонады, үйлеріне баса-көктеп кіріп, адамдарын тұншықтырып өлтірді, көптеген әйелдер, қарттар мен балалар ауыр зардап шекті. Бүгінде бұл өңірдің тұрғындары ол оқиғаны жыл сайын қайғырып еске алады (жылдық ас беріледі – авт), кәпірлерді жек көреді. Қазақтар бүгінде қарсы күресуге дәрменсіз, өйткені патша оларға темірден жасалған қару-жарақ ұстауларына тиым салған» [П.И.Пашино, 1868: 70-89], – деп жазады.

Дәл осыған ұқсас мәліметті тарихшы П.П.Иванов «К истории развития горного промысла в Средней Азии» атты еңбегінде келтіреді: «ташкенттік (1870) кеншілер өздерінің дәстүрлі кәсібі кен өндіру ісімен айналысудан қорқып қалған, құрал-саймандары толық болмағандықтан жұмысы әлі бастала қоймаған орыс кәсіпкерлері минералды кен орындарына белгі қойып, өздігімен иеленіп алған. Бұлар адам қолы тимеген тау-кен байлықтарын пайдаланып, оңай олжа тапқысы келетін нағыз содырлар... Міне осы сияқты тағдыр Қаратаудың да басынан өтіп жатыр [П.Иванов, 1932: 71–72], – дейді. Бұл мәліметтен бүкіл Орта Азия елдерінің тау-кен ісінің тағдыры ортақ жолдан жүріп өткенін байқауға болады. Патшалық Ресей өзінен әлсіз елдердің қазына байлығын толассыз тонаумен айналысқан.

Зоолог, физик-математик Н.А.Северцов және оның геологиялық барлау қызметі. Черняев әскері Шымкентті алған соң, қазақтар бұдан былай қарай орыстарға түрлі салықтар төлеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу сияқты кіріптарлыққа түсті. Елді құқысыздық жайлады. Әскери күшпен басып алынған өңірге орыс зерттеушілерінің еркін келіп кетуіне жол ашылды. Мысалы Ресей капитализмінің дамуына үлкен үлес қосқан тарихшы-ғалым Н.А.Северцов арнайы тапсырмамен Торлан асуын зерттеуге келді. Қаратау жоталарындағы ғылыми барлау қызметін баяндамас бұрын, оның жеке тұлғасы жөніндегі ақпараттарға тоқталсақ. Өйткені асқан қайраткерлік танытқан Н.А.Северцов расында үкіметі берген бұйрықтарды орындауда жанкешті ерліктерге барған еді. Е.Ф.Юнге ол жөнінде: «Северцовты бұрын-соңды танымайтын адам, оның манералары мен сыртқы келбетінен шошып кетуі әбден мүмкін. Николай Алексеевич расында көріксіздеу кісі еді. Басын ылғи да төмен ұстайтын, көзілдірігі арқылы тік қарайды; екі иығын және екі бүйірін де көтеріп алады; сөздерін шорт кесіп, азияттық сөздерді араластырып, дауысын көтеріп қатты сөйлейді, мысалы, «джок», «джемак», немесе тек өзіне тән: «отнюдь», «линия такая», «похоже, как укус на колесо» сияқты түсініксіз сөз тіркестерін қайталауға бейім еді. Егер қонақ бөлмеге кіріп келсе, айналасындағы адамдарға назар аудармайды, бірден үстел үстіндегі журналды парақтай бастайды «а, бұл сіздерде бар екен ғой» деп, бейне бір бөлмеде жалғыз жүргендей, жайғаса кетеді... Алайда, мен оның осы мәнерлі тұлғасын, парасатты да терең ойлы көздерін жақсы көремін» ж.б., – деп естелік жазады. Дәл осындай мінездемені «күрескер-суретші» В.В.Верещагин де «Естеліктерінде» көрсетеді. Погодин, А.П.Семёнов-Тян-Шанскийлер ол туралы: «Н.А.Северцов тым көріксіз еді, ұзын бойы және ірі бүгіліңкіреген дене бітімі бала шошитындай. Қоқандықтарда тұтқында болған. Оның аман қалуына осы батырлық болмысы себеп болуы әбден мүмкін. Оның бет жүзінде тыртықтың іздері қалған, бір құлағы кесілген. Оны ол жасырмайды, керісінше, ашық көрсетеді...» [Р.Л. Золотницкая, 1947: 8], – дейді.

Н.А.Северцов қоқандықтарға тұтқынға 1858 жылдың сәуірінде түскен, ауыр жарақат алған (оның мойын тұсындағы өткір қылыштың іздері, жағының сынғаны, құлағының кесілгені, қолдарындағы, кеудесі және қолтық тұсындағы кескіленген іздер қалды). Ол бұл туралы өзінің «В плену месяц у кокандцев» [Н. Северцов, 1860:  23] атты естелігінде жүйелі баяндаған. Осы тұтқыннан аман шыққан ғалым, туыстарының қарсылығына қарамастан Түркістанға қайта оралған, империялық саясатты іске асыруда табандылық танытады.

Сонымен энциклопедиялық білім қоры мол Н.А.Северцовтың Қаратау тауларында жүргізген геологиялық барлау қызметі жөнінде тоқталар болсақ, ол Торлан асуына жеткенде: «Біз Түркістан өңірін бұрын-соңды танымай келген екенбіз. Тұрлан асуындағы қорғасын, түрлі-түсті металл, фосфарит және т.б. кен қоймасына мен бірінші болып аяқ бастым» [Н. Северцов, 1873: 68], – деп шаттана жазады. Өзімен зерттеу жұмысын қатар жүргізіп келе жатқан әріптесі Никольскийден Бабаты өзенінің бойындағы Жартытөбе шатқалындағы Изенді өзенінің жанынан 5 тас көмір кенішін және Батпақ су өзенінің жанына үш жұқа қабатты көмір кеніштерін тапқанын естіп қуанғанын да жасырмайды. Сөйтіп ол Шаяннан Бөгенге дейінгі жерлердегі көмір кен ошақтарын тізбектеп атап шығады. Н.А.Северцовтың айтуынша қазақтар бұл жерден өндірген қорғасынды Азреттен (Түркістандағы Әзірет сұлтан) Ташкент арқылы Қоқанға, Бұқараға жөнелтеді екен және олар қорғасынның 1 пұтын 3–4 сомнан сатқан көрінеді [Н. Северцов, 1873: 51]. Мұндағы қорғасындар ақ және қара болып сұрыпталады [В.Вебер, 1913: 59], қазақтар оны шыбық, шырпының қызуымен-ақ (хворост) балқыта алған [Н. Северцов, 1873: 53], – деп қорғасынның ерекше қасиетін атайды.

Торлан өткеліне өте жақын Шолаққорғанның табиғатын суреттей келе онда сексеуілдің жиі өсетінін, Шолаққорғанға көрші Биекөл өңірінде қабан, тіпті тигр, құстардан: үйрек, тырна, фазан, жабайы қаздардың да кездесетінін жазады [Н. Северцов, 1873: 53]. Қазақ жерімен енді ғана таныса бастаған орыс зерттеушілері «қазақтар өз кен байлықтарын толық игере алмаған» деп қорытады. Алайда, біріншіден, Қаратау – адамзаттың бағзы замандардан басталатын тіршілік- мекеніне айналған тарихи орын. Ал ежелгі замандардан адамзат өндірісінің ең үлкен жетістіктері – кен байлығын игеруі болды. Пайдалы қазбаларды өндіре келе адамдар минералдар қасиетін таныды. Таулы кен ошақтарын тапты, игерді. Тау-кен өндірісімен қатар оның техникалық құралдары дамыды. Мұндай даму үдерісі барлық әлемде жүрді. Қазақ жерінде де солай еді. Қаратау қойнауындағы қазба байлықтарын игерудің нақты көрінісі – Әмір Темір мұраға қалдырған Ахмет Яссауи кесенесі. Көрнекті инженер-геолог, академик Қ.И.Сәтбаев бұл жөнінде: «...Темірланның астанасы – Түркістан қаласы Тұрлан кен орнынан 60 км қашықтықта орналасқан. Демек, бұл кен орнын игеру ісі сонау ХІІІ ғасырдан бастау алғаны сөзсіз» [С. Мәуленқұлов, 1979: 42], – деген болатын. Сол себепті оның қазынасы – етегін мекен еткен тұрғындарының ғасырлар бойы тіршілік көзі болды, тау-кен өндірісі архитектуралық құрылыстар, әшекей бұйымдар, үй тұрмысының қажеттіліктері мен қару-жарақ жасау ісінде үлкен орын алған. Қаратау жоталары – түрлі кезеңдерде дұшпандарынан (жоңғарлар, қоқандықтар, орыстар) қорғаны – баспанасы болды. Сол себепті Қаратау – қазақ халқының ұлттық символы іспеттес мәнге айналған. Жартастардағы петроглифтер олардың ата-бабаларының ізі. Өзен-су мен бұлақ көздері, қырлары мен сайлары, дәрілік өсімдіктері мен жануарлар әлемі, әрине түрлі-түсті металдардан тұратын мол қазынасы оның тұрғындарының табиғи меншігі болатын. Сондықтан орыс ғалымдарына иесіз жатқан дүние сияқты болып көрінген бұл байлықтың заңды мұрагерлері бар болатын және оны игерудің оның тұрғындарына тән дәстүрлі технологиясы да жоқ емес-тін.

Империяға шексіз қызмет көрсеткен В.В.Верещагин (1842–1904) де 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторы генерал К.П. Кауфманның шақыртуымен оның суретші-хатшысы болуға келісімін беріп, Орта Азияны басып алуда өз үлесін қосты. Ол өз автобиографиясында бұл қауіпті сапарға: «нағыз соғысты көзбен көруге аттандым…» [А.Казимирчик, 2017: (интернет источник)], – деп жазады. Қоғамға танылып үлгірген жас суретші тек соғыстың сюжеттерін, Орта Азияның мәдени кеңістігін бейнелеп қана қоймай, сонымен бірге Самарқанды алуда әскери қимылдарға қатынасқанын да жеткізеді. Бұдан патша билігі тұсында империялық бірегейлік тек әскери іс-қимылдарда ғана емес, сондай-ақ оның идеологиясында да өз ізін қалдырғанын байқаймыз.

Мушкетов И.В. жазбаларынан. Империялық бірегейлік ұстанымындағы зерттеушілердің бірі – Иван Васильевич Мушкетов. Ол Түркістан әскери қызметінде жүрсе де, оған Қаратаудан көмір кенін табу міндеті жүктеледі. Ол сәуірден шілдеге дейін (ХІХғ. 80-жылдары) мардымсыз қаржыға жұмыс істеуге тура келгенін, алайда сол уақыт ішінде Қаратаудың оңтүстік-шығыс аймағын: Боролдай, Арыс, Бадам алқабын аралап шыққанын жазады. Қазығұртқа жеткенде ауырып Ташкентке қайтады. Шілдеде оның қасына проф. Г.Д.Романовский Ташкентке жақын аймақта геологиялық зерттеу жұмысын жүргізуге көмекке келген. Шілде және тамыз айында бірге барлау жұмысына шыққан. Ол сапарының ғылыми экспедицияға емес, экскурсияға немесе саяхатқа ұқсағанын айтады. Алдымен олар Угама алқабына барып, Қызыл-тал көмір кенінің ошағын көреді, Бадам Машат арқылы өтіп, Қаратаудағы әріптесі Татариновскиймен кездесіп, сосын әрі қарай Қаратаудың солтүстік шығыс беткейімен жүреді сөйтіп, Торлан асуына жетеді. Торлан асуынан кейін Ташкентке оралған. Мушкетов Түркістанның геологиялық картасын жасайды [ЦГА РК, Ф. 118. Оп. 1. Д. 6. Л. 13 об.]. 

Қаратау жер қойнауын толассыз пайдалану: И.И.Первушин ж.б. жөнінде. Сонымен Ресей әкімшілігі Қаратау етегіндегі елді-мекенді бағындырған соң, өңірдің табиғи ресурстарын меншіктеу жолына түсті. Түркістан әскери округін қорғасынмен қаматамасыз ету міндетін мойнына алатындығын білдіріп И.И.Первушин дейтін көпес 1864 жылдың ақпанында мемлекетпен келісім-шарт жасайды. Келісім-шарт бойынша Ащысай руднигінен И.Первушин 3000 пұт қорғасын өндіруге тиіс болады. 1866 жылы Түркістан бекінісінің коменданты Николай Степанович Суворовқа жазған мәлімдемесінде ол: «біз, 1866 жылдың 8-шілдесінде 5 адамнан тұратын топ Тамды-Бұлаққа жеттік. Ол Шымкенттен Шолақ-Қорғанға апаратын жолға жақын Қара-Таудың шығыс жотасындағы Бабата өзенінің сол жақ сағасында орналасқан. Ол жерде бестамғалықтар көшіп-қонады. Сол жерден көмірдің бай қатпарлы ошағын кездестірдім. Сондықтан сол жердегі биік діңгекті ағашқа ойып: «И.П. и внизу 18 7/8 1866г.» делінген белгі қалдырдым.

Сонымен қатар қарындашпен: «починный пункт каменноугольного прииска, принадлежащего потомственному почетному гражданину, Грабатскому первой гильдии купцу И.И.Первушину, открытого июля 8 дня 1866 года. Перед столбом в одной сажени от него, вверх по течению ручья выкопана яма длиною и шириною по три аршина.

Для разведки залегания каменноугольного пласта выбиты мною 10 разведочных явочных шурфов, которое расположены вверх по течению ручья таким образом…» [РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д. 100. Л. 4.], – деп соңында із қалдырғанын жеткізеді.

Первушин Ресейдің әскерін осы өңір қорғасынын өңдеп, қарумен қамтамасыз ету ісін расында әлдеқайда жеңілдетті. 1869 жылға дейін қорғасынды Түркістан әскери округі үшін Ресейден Орынбор арқылы алдыртып отырған. Алайда бұл маршруттың шығыны көп еді. Санкт-Петербургке дейін пұты 2 с 95 тиын болса, әрі қарай Орынборға дейін пұтына 82 ½ тиын тағы шығын шыққан. Первушин қожайындық еткеннен кейін қорғасынды Орынбордан № 1 флотилияға дейін тасымалдау арзандайды, сосын әрі қарай қорғасын Арал флотилиясы арқылы жөнелтілетін болды [П. Иванов, 1932: 464]. Алайда И.Первушин заводы небәрі бір жарым жыл жұмыс істеп, ол уақытта 1000 пұт руда өндіреді, оның 500 пұты таза қорғасын еді [РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д. 100. Л. 4]. Сөйтіп оның Түркістан өлкелік артиллериялық ведомствосымен жасалған келісім-шарты орындалмайды. Одан кейін 1882–1885жж Қаратау кен орындарында Иванов, 1895–1896 жж Бабатаев, 1897–1899жж Бабатай Хазапов, ал 1915ж Лесман сияқты кәсіпкерлер жұмыс істейді.

Олар алған кен есебі архив деректерінде былайша көрсетілген:

Ащысайда тарихи кезеңдердегі өндірілген кеннің мөлшері

Жылы

Өнеркәсіп иесі

Өндіріл ген руд. пұт

Балқы тылды. Пұт

жылы

Өнеркәсіп иелері

Өндіріл ген руд.пұт

Балқы тылды. пұт

1869

көпес Первушин

1000

500

1898

Бабатай Хазанов

1883

көпес Иванов

30000

3000

1899

430

1883

-

1993

1915

Лесман

40000

-

1884

-

9404

1919

Мемлекет

12000

280

1885

23000

7041

1921

-

1000

1895

М.Бабатаев

1500

350

1922

-

1000

1896

-

98

1924

10000

400

1897

Бабатай Хазанов

-

96

-

Кестедегі сандық мәліметтерден руда өндіру мен қорғасын балқытуда «рекордтық» көрсеткішті берген көпес Иванов болғанын байқаймыз. Ол 1883-1885 жылдар аралығында 26 000 пұт руда, 21 438 пұт қорғасын балқытқан, содан кейін 1919 – 1924 жылдар аралығында мемлекет өз қолына алып 32000 пұт руда өндіріп, 2680 пұт таза қорғасын балқытқан.

Алайда Первушиннің есімі Ащысай тарихында елеулі орын алады. Тіпті Ащысай шахтасы кейде соның атымен де айтылады. Бұл оның осы кен орнында жұмыс істеуге алғаш келісім-шарт жасап және ол рудник маңындағы ағашқа өз есімін қашап жазып қалдырғаны себеп болуы мүмкін.

Торлан асуының батысынан шығысына қарай арба жүріп өтетін жолда қорғасын кен орындары орналасты. Арбалы жолдар – рудниктер мен завод арасындағы тасылмалдаушы транзиттік жол қызметін атқарды. Завод тау суы ағып өтетін кішкентай төбешікте орналасты.

Заводтан шығысқа қарай 40 шақырым жерде тас (бурога) көмір кені табылады. Содан бері қарай, табылған көмір қорғасын балқыту үшін заводқа отын ретінде пайдаланыла бастады.

Жұмысшылардың құрамы және еңбектегі жағдайы жөнінде. Первушин қожалық еткен Ащысай заводы мен рудниктердегі жұмысшылардың әлеуметтік тобы әр түрлі болды. Оның басым бөлігі қазақтардан тұрды. Орыс әскерінен алынған жұмысшыларға айына 15 сомнан еңбекақы төленген. Осындай жағдайдың өзінде орыстар заводта жұмыс істеуге аса ынталы болмапты. Өйткені завод та, рудник те ортағасырлық қол еңбегіне сүйенетін, ауыртпашылығы мол жағдайда еді. Сондықтан Первушин Түркістан әскери округінен орыс казактары адамдарын алдыртып, жалдайды. Ал қазақ жұмысшылары кен өндіру жұмыстарынан үзілді-кезілді бас тартса да, оларды күштеп еріксіз жұмысқа жеккен. Олар руданы қолмен жуу, елеуіштерден өткізу, қорғасын балқыту сияқты ауыр жұмыстарды атқарды [П. Иванов, 1932: 465]. Өңірдің Первушин билеп төстеген өмірінің куәгер тұрғыны Мұсабай Борсықбаевтың, 1937 жылы айтқан естелігінде: «Ащысайдың қорғасыны онда істеген адамдар өмірін қатты ауырлатты, халықты құлға айналдырып, езіп-жаншыды» дегені бар. Бұл үзіндіде сонымен қатар, «қазақ шахтерларының өмірі шын мәнінде айдаудағы қылмыскерлердің өміріндей болды, 16 сағат жер асты жұмысын істеді, жұмыс дейсіз-ау, қолдарында кәдімгі күрек пен қайла, бүктетіліп отырып, немесе етпетімен жатып, ауызы бірнеше км қашықтықта қалған қауіпті үңгірлерде қой майымен жанатын көмескі жарықпен азапты жұмыс атқарды» [С. Мәуленқұлов, 2010: 44], – делінеді. Онымен қоймай жұмысшылар орыс әкімшілігі қолдап отырған Первушин және сол сияқты келімсек қожайынның тепкісін тағы көрді.

Қорғасын қорыту ісі жөнінде. Қорғасын балқыту заводта екі түрлі әдіспен іске асырылған: шахта пешінде балқыту және жерден ор қазып қазандарда қол еңбегімен балқыту (қазақтардың) әдісімен.

Отқа төзімді кірпіштің, шахта пешінің болмауына байланысты қорғасын шығыны көп болған. Сондықтан қорғасынды балқыту қазақтардың әдісімен іске асырылды. Ол былайша іске асырылған көрінеді: «Үш футқа дейін жер қазылады, диаметрі 1 ½ фут; асты жартышар түрінде қазылады, жоғарғы ауызы тарыла түседі де ол ½ фут аршынға жетеді. Айналасы саз балшықпен қоршалып, ұзын жағына конус тәрізді етіп саздан немесе темірден шүмек салынады. Бұл ошаққа қазандықтарды орналастырып ішіне руданы толтырады да, оның екі жағынан ауа жіберу арқылы, отты үрлеп үздіксіз қыздырып отырған. Көмір қызуы басыла бергенде, отын екінші рет әкелініп құйылатын болған. Сонымен қатар руда да үсті-үстіне қосылған. Ошақ ішінде қорғасын жартылай тола бастағанда үрлеу тоқтатылған. Осыдан кейін даяр қорғасын қоймалжыңын ошақтың түбіне түсіру үшін жан-жақтан соққылаған [П. Иванов, 1932: 470].

Қолмен соққылау барысында ошақтағы қалдықты және ондағы қорғасынды қазып алып, сол мезетте жерге құйып тазартып алып отырған.  Бір ошақтан 2-3 сағат ішінде екі пұт қорғасын алған, ал бір күн ішінде бір пештің ішіне үш рет немесе төрт рет қорғасын балқытқан кездері де болған.

Көріп отырғанымыздай азабы мен ауыртпалығы мол жұмысты қазақ кеншілерінің әдісімен, әрі солардың қолымен, күш-жігерімен алынған шикізаттан орыс әскері отты қару даярлаған. Мұндай ұзаққа созылған ауыр жұмыстың адам денсаулығына (еңбектегі қауіптілік, зиянды газдардан ағзаның улануы ж.б.) зияны зор еді.

Қорғасын рудаларын тасымалдау. Қорғасын рудаларын тасымалдауда Ащысайға жақын орналасқан Түркістан, Шолаққорған елді-мекендерінің транзиттік ролі ерекше болды. Негізгі көлік міндетін түйе, есекке, атқа жегілген арбалар атқарды. Таудың арғы жағында 20 км, заводтан 38 км қашықта орналасқан Шолаққорған жұрты түйелермен жаз бойы, қазан айына дейін (1000 ға жуық тұрғындар) көшіп-қонып жүрсе керек. Олар 300 шақырымды құрайтын Ташкентке дейінгі қашықтыққа қорғасын рудаларын түйемен, арбамен пұтына 25–30 тиыннан тасымалдаған деп жазады. Қазан айында және одан кейін қазақтар Шолаққорғаннан 60 шақырым жердегі, Қаракөлге руда тасыған. Әрбір жеткізгені үшін алатын ақысы 40 тиын болған. Әрине бұл арзан жұмыс күші ретінде әкімшілікке өте тиімді еді.

Қаратау ХІХ ғ. орыс тарихшыларының еңбектерінде. А. Арендоренко жазбаларынан. Транзиттік ролі зор ХІХ ғасырдағы Шолаққорған елді-мекені, осы жерде болған орыс ғалымы А. Арендоренко жазбаларында да берілген. Шолақ-Қорған елді-мекені Қаратау жоталарындағы Торлан өткелінен 20 шақырым қашықта тегіс жерде орналасқан деп жазады ол. Өңірдің ауыл шаруашылығына бейімділігін, қазақтардың отырықшы халық екенін көрсетеді. Қышлақ Қоқандағы Омар-хан дәуіріне тұс келеді (1813 г.), түркістандық бек Сеид-Муродтың әмірімен Рым-Суван шатқалынан он жеті түркістандық сарт отбасының көшіріліп әкелінгенін, сөйтіп, шағын қорған тұрғызылғанын және Сібірге жүретін керуенді қара-қырғыздардың (қырғыздар) шабуылынан қорғайтын гарнизонның осы аталған жерге орналастырылғанын айтады.

Шымкент ұйымдастыру комиссиясының есебіне қарағанда Шолаққорғанның (1873 ж.) 148 ауласы (двор), 374 ер адам және 303 әйел адамнан тұратын тұрғыны болған. Қышлақ азиялық типтегі бекініс іспеттес тұрғызылған, бір жағында шағын аймақты алып жатқан қорғаныс қабырғасы бар. Ол қышлақты тым тарылтып жіберген, бұл қабырғаны бұзуға тұрғындар әлі де қорқады, – деп көрсетіледі дереккөзінде. Сонымен қатар зерттеуші: «қалада үйлер ретсіз салынған, қышлақ алаңында тері илеу заводы орналасқан, ол қаланы тым ластап жіберген. Терінің қалдығы шіріп, қалаға жағымсыз иіс таратады. Мұнымен қоса судың аз болуы миазма ауруының шығуына әкеп тірейді. Сол себепті мұнда лихорадка дертіне ұрынушылар көптеп кездеседі. Жергілікті халық бұл қиындықтың түпкі мәнін түсінбейді, тері илеу заводының орнын ауыстыру, одан жиналып қалған шалшық суды кептіру тым ауыр жұмыс емес, әрине қала тазалығын, тұрғындардың денсаулығын сақтау – қала басшыларының міндеті. 

  Шолаққорғанда төрт мешіт бар (оның ішінде мектептер де есептелген), 5 ауыл, 1 тері илеу заводы, 27 лавка, 14 диірмен болған. Айналасында бақша көп емес. Мұнда жалғыз көкөніс – алма өседі. Олардың айтуынша жиде деген жеміс те бар. Өңірде сауда ісі жақсы дамыған. Жалғыз отырықшы елді-мекен болғандықтан қоңырат, бестамғалы ж.б көшіп жүрген рулардың басын біріктіруде Шолаққорғанның ролі зор. Тұрғындар саудамен қатар, бақташылықпен, егіншілікпен де айналысады» [А. Арендоренко, 1873: 43], – дейді.

  Қаратаудағы кен көздері көп жағдайда жергілікті тұрғындардың көмегімен табылған. Орыс зерттеушілерінің бірі В. Вебер бұл жөнінде «...қазақ аңшылары бұл өңірдің әрбір тасын бес саусақтай біледі, міне біз кен ошақтарын көп жағдайда солардың көмегімен тауып отырдық» [В. Вебер, С.-Петербург: 5], – деп жазды. Сонымен бірге бұл жазбаларда «... бұратаналар кен қорының қайда екендігін кейде бізге айтпайды, жасырады», – деп көрсетуіне қарағанда орыс әкімшілігі кеннің көзін ашуда көп жағдайда қазақтарға мүдделі болған. Сондықтан кен көзін іздеушілер қазақтарды алдау, өзіне тарту сияқты жымысқы әрекеттерге көшкен. Ақшалай, заттай сыйлықтар беріп, оларды тіпті, «мой киргиз», «мой сарт» деп меншіктеніп алуға көшкен [В. Вебер, С.-Петербург: 5].

  А.О. Ивановтың жазбаларынан.1873 жылы жарық көрген Түркістан өлкесінің статистикалық материалдар жинағында А.О. Ивановтың жергілікті қазақтардың аузынан жазып алынған мынадай естелік материалдары жарияланады: «...осыдан көп емес, 40 жыл бұрын қорғасын кен орындарының бірінде үлкен қайғылы оқиға болды: 200 кенші жүрген рудниктің шығар тесігін алып жартас жауып қалған. Барлық жұмысшылар жер астында қалып қойып, тірідей көмілген. Олардың көмек сұрап жалынған дауыстары сыртқа қатты естіліп тұрыпты. Алайда жарылғыш затты (порох) қолдана білмеген және одан зәресі ұша қорқатын қазақтар бақытсыз жандарға көмек көрсете алмапты» [А. Иванов, СПБ., 1873: 468]. Ащысай тарихындағы қайғылы оқиғалар, әрине тек мұнымен шектеле қоймаған сияқты. Сондықтан тағдыры ауыр кеншілер мекені «Ащы сай» атала бастаса керек.

М. Андреевтің жазбаларынан. Жалпы, Орта Азия жеріндегі кеншілердің тағдыры осыған ұқсас болды. Өзбекстан және Тәжікстан жерлеріндегі кен орындары жөнінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген М. Андреев жазбаларында мынадай мәліметтер бар: «Ходженттен шығысқа қарай 20-25 шақырым жердегі тау етегіндегі Самгар ауылында Сама аталатын үңгір бар. Бұл атау осы үңгірге жақын қышлақ атына байланысты қойылған болса керек. Үңгірдің кіре берісі опырылған, ішіне тар қуыс арқылы өтуге болады, ал ішке қарай жүрген сайын үңгір ішіндегі дәліз кеңейе түседі. Қабырғаларында еңбек құралдарының іздері қалған. Оған бірге кірген түземдіктер 2–3 адамның бас сүйегін тауып келді. Мынау кіре берістегі жартастың да астында археологтардың қажетін өтейтін құндылықтардың болуы ғажап емес» [Вестник ИРГО на 1851 г. Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент 1800: 10–13].

Сондай-ақ, кен орындарының атаулары да оның жұмысшыларының тағдырымен байланысты болған көрінеді, мысалы, Қоқан уезі тауларында оған 20–25 шақырым қашықта орналасқан Чарку ауылына жақын аймақта «Кан-и Гун», яғни өлім үңгірі аталатын кен орны бар. М. Андреев: «такого странного названия объясняют тем, что в прежнее время кокандские ханы, в виду чудесных рассказов об этой пещере, посылали в нее невольников и осужденных на смерть, с обещанием, что если они дойдут до конца пещеры и вынесут из нее что-нибудь особенное, то будут пощажены. Несчастные, отправлялись в пещеру с еле мерцающим чираком (светильник) в руках, легко теряли дорогу в извилистых многочисленных ходах пещеры и погибали там от голода и жажды» [М.Андреев, 1896: 10–13], – дей келе М. Андреев, өзі осы үңгірмен жүріп отырып, оның тереңдікке апаратын жолдарымен төменге түскенін, ол үшін бірталай заман қозғалыссыз тұрған арқанды ұстағанда қатталып қалған шаң, ж.б. ескіліктен қалған белгілерін сипаттайды. Міне, тек инженер геолог мамандары емес, сонымен қатар зерттеуші ғалымдардың да қызметінен әкімшілік тапсырмасын орындауда қауіп-қатерлерге қарамастан бірегейлік ұстанымда (мемлекеттік, кәсіби және тұлғалық) көре бол білгенін анық көре аламыз.

Сонымен Торлан өткелін зерттеу ісі, яғни жаңа кен көздерін іздеу және оны табу тұтас ХІХ ғасыр бойы жүргізіледі. Н.А. Северцов экспедицияларынан кейін ХІХ ғасырдың 90-жылдарында бұл іс ерекше қарқын ала бастаған. Сөйтіп, бір ғана Торлан өткелінен (Қарнақ, кейін Ащысай мекенінен): жоса (сары я қызыл түсті минералды бояу), қоңыр темір кені, көмір, әктас, гранит, қызыл темір, магнитті темір, мрамор, қорғасынның түр-түрі шығатын рудниктер орны анықталды.

Сөйтіп, патша билігінің орнын басқан совет билігі үшін қазына қорын игерудің барлық алғышарттары жасалынды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  Распоряжение Президента РК от 23 мая 1996 г. № 2995 «О концепции формирования государственной идентичности Республики Казахстан»; 2015 жылғы 28 желтоқсандағы ҚР Президентінің «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» №147 Жарлығы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1500000147/history / (дата обращения: 07.06.2019); Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру/ Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания // http://www.akorda.kz/ru/events/akorda_news/press_conferences/statya-glavygosudarstva-vzglyad-v-budushchee-modernizaciya-obshchestvennogo-soznaniya /(дата обращения: 07.06.2019)

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. 21 қараша 2018. // http://www.akorda.kz/kz/events/memleket-basshysynyn-uly-dalanyn-zheti-kyry-atty-makalasy /(дата обращения: 07.06.2019)

 Эдуард Э. Месторождение и История. Издательство: «Написано пером» Санкт-Петербург, 2016.

// http: //www.litres.ru/pages/biblio_book/?art=19755774 / (дата обращения: 07.06.2019)

 Байбатша Ә.Б. Геология месторождении полезных ископаемых. Учебник. – Алматы: КазНТУ, 2008. – 368 с.

 РГАЭ (Российский государственный архив экономики), Ф. 9022. Оп. 1. Д. 100. Л. 8.

Шапошников А.И. Цветная металлопромышленность как фактор развития народного хозяйства Средней Азии и Казакстана // http: /istmat.info/files/uploads/43247/a.i.shaposhnikov_cvetnaya_metallopromyshlennost_kak_faktor_razvitiya_narodnogo_hozyaystva_sredney_azii_i_kazahstana.pdf / (дата обращения: 09.07.2019)

РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д.75. Л. 4.

Насыров Р. Ачисай // Караван, 27.06.97. С.39.

Қазақстан металлургиясы // https://kk.wikipedia.org/wiki/ (дата обращения: 07.06.2019)

Северцов Н.Я. По Туркестанскому краю и исследование горной страны Тянь-Шаня. СПб., 1873. – 453 с.

Вебер В. Полезные ископаемые Туркестана. С.-Петербург, 1913. –208 с.; Вебер В.Н. Турланское свинцовое месторождения в хр Кара – Тау в Трукестане за 1917 год. (Кентау қаласының музейінен).

Иванов А. О разработке свинцовых рудников в горах Каратау // Материалы для статистики Туркестанского края Ежегодник. Вып. ІІ, СПБ., 1873 г. – 472 с.

Арендоренко А. Чулак-Курган //Материалы для статистики Туркестанского края. Ежегодник. Вып. ІІ, СПБ., 1873. – 236 с.

ООМА, 366-қ. 1-т.102-іс.1-п.

Романовский. Краткий очерк исследований Восточной части Киргизской степи Западной Сибири в геологическом и горнопромышленном отношениях С. 1816 по 1893 г. – Спб. 1909.

  Завалишин И. Описание Западной Сибири т. ІІІ., Спб, 1867. – 6 с.

Иванов П.П. К истории развития горного промысла в Средней Азии. Краткий исторический очерк. Государственное наyчно-техническое геолого разведочное издательство. Ленинград-1932-Москва. – С. 81.

Туркестан. Геологическое и орографическое описание по данным, собранным во время путешествий с 1874 г. по 1880г. И.В.Мушкетова. Т. 1. – СПб, 1886. – С. 725.

Вестник ИРГО на 1851г. Поездка Поспелова и Бурнашева в Ташкент 1800г. //http://homlib.com/read/hanykov-yav/poezdka-pospelova-i-burnasheva-v-tashkent-v-1800-godu/

Венюков М.И. Очерки Заилийского края и причуйской страны// ЗапискиИмператорского Русского Географического Общества. 1861. Кн. 4.Часть 1.Часть 2. Часть 3.

Пашино П.И. «Туркестанский край в 1866 году», 1868г. [Электронная публикация] по материалам сайта // http://yvision.kz/post/518670 (дата обращения 15.08.2019). (Воспоминания полковника Лерхе о штурме Чимкента.«...Завалив все ворота трупами заколотых сарбазов, пехота ворвалась, наконец в Чимкент. Прискакали два орудия и проехали по горе трупов и раненых, ломая кости и разрывая мясо… это была страшная картина, тем более, что полвысоты крытых ворот было завалено живыми, т.е. ранеными. После того, как по этой живой громаде прошла артиллерия, в соседний арык побежал ручей крови. Кокандцы в ужасе бежали по городу, сбрасывая свою красную форму, чтобы быть неузнанными. Наши свирепые солдаты прошли на штыках весь город. По окончании штурма я просил Черняева дать солдатам «погулять» двадцать четыре часа, что он и исполнил. Но гулянье приняло самые ужасающие размеры. Черняев сделал в цитадели фальшивую тревогу и этим успел собрать кое-как людей...».)

Золотницкая Р.Л. Путешествия Северцова // https://silkadv.com/ru/node/4279 / (дата обращения 27.09.2019)

Месяц плена у Коканцев. Сочинение Николая Северцова. – СПб. 1860.

Мәуленқұлов С., Попов Г.С., Мауленкулов С.М., Попов Г.С. Рабочая доблесть Ачисая /Лит.запись О.В. Мацкевича. – Алма-Ата: «Казахстан», 1979. – 152 с.; Мәуленқұлов С. Ащысай комбинатының тарихынан. – Кентау: «Еркін и К-ХХІ» ЖШС», 2010. – 380 б.

Казимирчик А. Туркестанская серия художника – баталиста Верещагина. 24.07.2017 .Электронный ресурс:  https://history1752.su/turkestanskaya-seriya-xudozhnika-batalista-vereshhagina/ (дата обращения 27.09.2019)

  ЦГА РК, Ф.118. Оп.1. Д.6. Л.13 об.  

  РГАЭ, Ф. 9022. Оп.4. Д. 100. Л. 4.

  Андреев М. Местности Туркестана, интересные археологическом отношении // Туркестанский кружок любителей археологии за первый год его деятельности (11 декабря 1895 года – 11 декабря 1896 года). – Ташкент: Типо-литография торг.дома. «Ф. и Г.Бр.Каменские», 1896. Перепечатка отдельного оттиска из журнала «Средне-Азиатский Вестник», май 1896 г. (10–13 бб).

References

  Rasporyazhenie Prezidenta RK оt 23 маya 1996 g. № 2995 «О koncepcii formirovaniya gosudarstvennoi identichnosti Respubliki Kazakhstan»; 

2015 zhylgy 28 zheltoksandsgy KR Prezidentinin «Kazakhstandyk biregeilik pen birlikti nygaitu zhane damytu tuzhyrymdamasyn bekitu turaly» №147 Zharlyg // ttp://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1500000147/history /(data obrashenya: 07.06.2019); Nazarbaev Н.А. Bolashakka bagdar: ruhani zhangyru/ Vzglyad v budushee: modernizaciya obshestvennogo soznaniya // http://www.akorda.kz/ru/events/akorda_news/pressconferences/statya-glavygosudarstva-vzglyad-v-budushchee-modernizaciya-obshchestvennogo-soznaniya / (data obrashenya: 07.06.2019)

  Мemleket basshysynyn «Ulydalanynzhetikyry». 21 Karasha 2018 // ttp://www.akorda.kz/kz/events/memleket-basshysynyn-uly-dalanyn-zheti-kyry-atty-makalasy / (data obrashenya: 07.06.2019)

  Edward E. MestorozhdenieiIstoriya. Izdatel’stvo: «Napisano perom» Sankt-Peterburg, 2016 // http: //www.litres.ru/pages/biblio_book/?art=19755774/ (dataobrashenya: 07.06.2019) 

  Baibatsha A.B. Geologiya mestorozhdeni i poleznyh iskopaemyh. Uchebnik. – Almaty: KazNTU, 2008. – 368 с.

    RGAE (Rossiiskii gosudarstvennyi arhiv economiki), F. 9022. Op. 1. D. 100. L. 8.

    ShaposhnikovA.I. Cvetnaya metallopromyshlennost’ kak factor razvitiya narodnogo xozyaistva Srednei Azii I Kazakhstana.  // http: //istmat.info/files/uploads/43247/a.i.shaposhnikov_cvetnaya_metallopromyshlennost_kak_faktor_razvitiya_narodnogo_hozyaystva_sredney_azii_i_kazahstana.pdf / (data obrashenya 09.07.2019)

    RGAE, F. 9022. Op. 4.D. 75. L. 4.

    Nasyrov R. Achisai // Karavan, 27.06.97. С.39.

Kazakhstan metallurgiyasy// https://kk.wikipedia.org/wiki/ (data obrashenya: 07.06.2019)

     Severtsov N. I. PoTurkestanskomucrajy iissledovaniye gornoi strany Tyan’ Shyan’. SPb., 1873. - 453 p.

    Weber V. Poleznye iskopaemye Turkestana. S.-Peterburg, 1913. -208.

C.; Weber, V. N. Turlanskoesvincovoemestorozhdeniya v XP Kara – Tau vTurkestane za 1917. (Kentau kalasynyn Musеyinen).

    Ivanov A. O razrabotke svintsovykh rudnikov v gorakh Karatau // Materialy dlya statistici Turkestanskogo craya Ezhegodnik. V yp. II, SPB., 1873 - 472 p.

  Arandarenko A. Chulak-Kurgan //materialy dlya statistici Turkestanskogo craya Ezhegodnik. Vyp. II, SPB., 1873 - 472 p.

  ООМА, 366-k. 1-т.102-is.1-p.

  Romanovsky. Kratky ocherk issledovanii Vostochnoi chaste Kirgizskoi stepi Zapadnoi Sibiri v geologicheskom I gornopromyshlennom otnosheniyah S. 1816 po 1893 g. – Spb. 1909.

   Zavalishyn I. OpisanieZapadnoiSibiri T. III., St. Petersburg, 1867.  6 p.

Ivanov P.P. K istoriirazwitya gornogopromyslavSredneiAzii. Kratkii storicheskii ocherk. Gosudarstvennoe nauchno-tehnicheskoe geologorazvedochnoe izdatelstvo. Leningrad-1932-Moscow. - P. 81.

  Turkestan. Geologicheskoye i orfograficheskoye opisaniye podannym, sobrannymvovremyaputeshestviy s 1874 g. po 1880 g. I.V. Mushketova. T. 1. – SPb, 1886. – S. 725.
  Vestnik IRGO na 1851 g. Poyezdka Pospelova i Burnasheva v Tashkent 1800 g.

//http://homlib.com/read/hanykov-yav/poezdka-pospelova-i-burnasheva-v-tashkent-v-1800-godu/

  Venyukov M.I. OcherkiZailiyskogokraya i prichuyskoystrany // ZapiskiImperatorskogoRusskogoGeograficheskogoObshchestva. 1861. Kn. 4. Chast' 1. Chast' 2. Chast' 3.
  Pashino P.I. «Turkestanskiy kray v 1866 godu», 1868 g. [Elektronnaya publikatsiya] po materialam sayta // <a href="http://yvision.kz/post/518670">http://yvision.kz/post/518670</a> (data obrashenya 15.08.2019). (Vospominaniya polkovnika Lerkhe o shturme Chimkenta. «...Zavaliv vse vorota trupami zakolotykh sarbazov, pekhota vorvalas', nakonets v Chimkent. Priskakali dva orudiya i proyekhali po gore trupov i ranenykh, lomaya kosti i razryvaya myaso… eto byla strashnaya kartina, tem boleye, chto polvysoty krytykh vorot bylo zavaleno zhivymi, t.ye. ranenymi. Posle togo, kak poetoy zhivoy gromade proshla artilleriya, v sosedniy aryk pobezhal ruchey krovi. Kokandtsy v uzhase bezhali pogorodu, sbrasyvaya svoyu krasnuyu formu, chtoby byt' neuznannymi. Nashi svirepyye soldaty proshli nashtykakh ves' gorod. Po okonchanii shturma ya prosil Chernyayeva dat' soldatam «pogulyat'» dvadtsat' chetyre chasa, chto on i ispolnil. Nogulyan'ye prinyalo samyye uzhasayushchiye razmery. Chernyayev sdelal v tsitadeli fal'shivuyu trevogu i etim uspel sobrat' koye-kak lyudey...».)
  Zolotnitskaya R.L. Puteshestviya Severtsova.

//https://silkadv.com/ru/node/4279 /(dataobrashenya27.09.2019)

<b>  </b>Mesyats plena u Kokantsev. Sochineniye Nikolaya Severtsova. – SPb. 1860. 
  Maulenkulov S., Popov G.S., Maulenkulov S.M., Popov G.S. Rabochaya doblest' Achisaya /Lit. zapis' O.V. Matskevicha. – Alma-Ata: «Kazakhstan», 1979. – 152 s.; Maulenkulov S. Ashchysay kombinatynyn tarikhynan. – Kentau: «Yerkin i K-KHKHI» ZHSHS», 2010. – 380 b. 
  Kazimirchik A. Turkestanskaya seriya khudozhnika – batalista Vereshchagina. 24.07.2017 . Elektronnyy resurs:

https://history1752.su/turkestanskaya-seriya-xudozhnika-batalista-vereshhagina/(dataobrashenya27.09.2019)

  CGA RK, F. 118. Op. 1. D. 6. L. 13 ob. 
  RGAE, F. 9022. Op.4. D. 100. L. 4. 
  Andreyev M. Mestnosti Turkestana, interesnyye arkheologicheskom otnoshenii // Turkestanskiy kruzhok lyubiteley arkheologii za pervyy gody ego deyatel'nosti (11 dekabrya 1895 goda – 11 dekabrya 1896 goda). – Tashkent: Tipo-litografiya torg.doma. «F. i G.Br. Kamenskiye», 1896. Perepechatka otdel'nogo ottiska Iz zhurnala «Sredne-Aziatskiy Vestnik», may 1896  g. (10–13 bb).

З.Б. МЫРЗАТАЕВА

Казахский Национальный педагогический университет им. Абая, к.и.н., ассоц.проф.

ИСТОРИЯ ГЕОЛОГИЧЕСКИХ ИССЛЕДОВАНИИ КАРАТАУ. ХVІІІ – ХІХ вв.

РЕЗЮМЕ

Перевал Торлан (старое название Ащысай – авт.), богатый на полезные ископаемые, издревле интересовал Российскую империю. Имперская идентичность ярко отражается в деятельности известных русских исследователей: геологов, зоологов, историков а также художников баталиста и военных лиц.В соответствии с этим автор проводит всесторонний анализ о геологических изучении каратауских гор через призму идентичности.

Геологическая история нашей родины и ее изучение с точки зрения государственной идентичности – это является одним из новейших поисков в отечественной историографии.

Исследовательская работа подготовлена в рамках государственной программы «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» (2018 – 2020), утвержденной МОН РК.

Ключевые слова: Ащысай, Каратау, геология, идентичность, исследователи, империя, колонизация, руда, свинец, рудники.

Z. B. MYRZATAYEVA, 

Kazakh National Pedagogical University named after Abai,  Candidate of Historical Sciences, Associate Professor, Almaty, Kazakhstan

 HISTORY OF GEOLOGICAL RESEARCH OF KARATAU. XVIII – ХІХ

Summary

In the article, the author outlines the geological study of the Karatau mountains in the royal period. The researcher takes a new approach to the problems of conquering Kazakhstan. Imperial identity is vividly analyzed in the activities of famous researchers of geologists, zoologists, as well as artists and military persons.

<b>  Key words:</b>Aschysay, Karatau, Geology, identity, Empire, colonization,ore.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3034

No reviews

Download files

испр Мырзатаева З. History kz (1).docx 0.07 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

УДК 930.2: 94 (574) Материалы Сибирского комитет как источник изучения истории Казахстана в составе Российской империи ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары 94(574):314 Риддер қаласының тарихы және әлеуметтік даму жағдайы УДК 902 «63» (574.13) ИЗУЧЕНИЕ КАМЕННЫХ КОЛЛЕКЦИЙ ЗАПАДНО-КАЗАХСТАНСКОГО НАУЧНО-КОЛЛЕКЦИОННОГО КАМЕННОГО ФОНДА И РЕГИОНАЛЬНОЙ ГЕОЛОГИЧЕСКОЙ ВЫСТАВКИ ӘОЖ 913.1/913.8 ҚАРАТАУДЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН. ХVІІІ – ХІХ ғғ МРНТИ 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ОСОБЕННОСТИ СОЗДАНИЯ, ГЕОГРАФИЧЕСКОГО РАСПОЛОЖЕНИЯ ВОЛОСТЕЙ В СЕМИРЕЧЕНСКОЙ И СЫРДАРЬИНСКОЙ ОБЛАСТЯХ

Author's articles

ӘОЖ 913.1/913.8 ҚАРАТАУДЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНАН. ХVІІІ – ХІХ ғғ