Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Досанов Нурлан Асылбекович

ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4

Tags: Қазақ, хандығы, мемлекеттік, билік, атрибуты, мөр, хан, сұлтан.
Author:
Мақалада қазақ хандары мен сұлтандары мөрлерінің атрибуттық ерекшеліктері мен олардың қоғамдағы алатын орны қарастырылған. Қазақ хандығының мемлекеттік билік атрибутына айналған хан мен сұлтандардың, билер мен батырлардың мөрлері далалық мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүргізудегі маңызды орынға ие болғаны мәлім.
Text:

Көшпелі қазақ мемлекетінде төрт ғасырға жуық хандар мен сұлтандардың ішкі саяси құжаттармен және халықаралық деңгейдегі құжаттарды куәландыратын іс жүзінде қолданылған мөрлері болған. Бұл жайында тарихшы - Нұрлан Атығаев өзінің «О некоторых символах власти (трон и корона: от Монгольской империи к Казахскому ханству)» атты мақаласында былай дейді: « ... перечень внешних символов власти в средневековых государствах Центральной Азии может быть значительным. Так, например, российский исследователь А. Г. Юрченко к властным атрибутам кочевой империи относит: золотой шатер, трон с «подушкой власти», зонт, корону, государев флаг, государственную печать, пайцзы, воинский барабан, халаты с геральдическими символами, воинские пояса, булавы, жезлы, мужские шапки-орбелге и женский головной убор боктаг, золотой полумесяц» [1].

Хан мен сұлтанның, старшынның да мөрлерінің жасалынуында өзіндік ерекшеліктер орын алған. Дәлірек айтқанда атақ-даңқы бүкіл алты алашқа мәшһүр болған хандардың мөрлері тамшы тәрізді стандартты түрде күмістен, кейде сирек алтыннан соғылып, жүзік күйінде олардың қолдарының бас бармақтарына шақталып жасалған. Ақсүйектердің мөрлері жоғарыда айтқан тамшы тәріздес болып келсе, байлар мен батырлардың мөрлері доғал, дөңгелек, тік түрдегі қалқан пішіндес болған. Мөрдің үстінгі бөлігіне иесінің атағы, яғни «хан» немесе «сұлтан» деген жазу жазылса, одан төменіректе есімі, мөр қожасының әкесінің атағы, теңеуі жазылатын болған. Бұл мөрлер өз заманында хан және сұлтандардың куәландыру белгісі болып қызмет еткенімен қоса, қазақ халқының зергерлік өнеріне өзіндік нақышымен үлес қосқан. Оны металл жүзіктерде көзге көрінер көрінбес етіп ойып салынған ұсақ оюлардан аңғаруға болады [2].

Тарих ғылымының қосымша дисциплиналарының бірі – сфрагистика ғылымы. Біздің тақырыбымыз қазақ хандығы кезіндегі мөрлерді зерттеуге бағытталған. Қазақ сфрагистикасы жайлы сөз қозғаған уақытта міндетті түрде чингизиттік сфрагистикаға мән береміз. Себебі чингизиттер дәуіріндегі таңба, мөрлердің атрибуттары қазақ хандары мен сұлтандарының мөрерінде жиі кездесті.

Мөрлерді зерттеу батыс ғалымдары тарапынан XIX ғ. Қарқын алды. Олардың ішінен Ж.Т.Рейно мен П.Хаммер-Пургштальдің еңбектерін айта кету керек. Алайда аты аталған ғалымдар жинаған мөр саны тым аз болды. Бұл батыс сфрагистикасы.

Ислам елдері мәдениетін зеттеу XX ғ. дамығанымен мөрлер ұмытылып кетті. Мұны басқа материалдардың мөрлерге қарағанда ақпаратты көбірек беру мүмкіндігімен түсіндіруге болады [3, 236-б.].

Бүгінге дейін қазақ хандарының бірде-бір мөрінің артефактісі бізге ұласып жетпеді. Дегенмен, мөрлердің басылым нұсқаларын (факсимилесін) Қазақстан (ҚР Мемлекеттік орталық мұрағаты, ҚР БжҒМ Ғылым комитеті Орталық ғылыми кітапхана), Ресей (Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Орынбор, Қазан  мұрағаттары), Қытай (Пекин тарихи бірінші мұрағаты) мұрағаттарында сақтаулы қазақ хан, сұлтандарының ресми  хаттарынан көре аламыз.

Ол хаттардың барлығы дерлік қазақ хандығы дәуірінің ресми тілінде арабграфикасымен жазылғаны белгілі. Қазақ хан, сұлтандарының мөрі  күмістен жасалынды, саусаққа жүзік ретінде тағып жүретін «құстұмсық,  құсмұрын» пішінді, көбінесе 2х3 см. өлшемді  болып келеді. Мөрдің жиегінде жұлдызша белгілер мен оюлар салынса, орта тұсында мөр иесінің, атап айтқанда белгілі бір хан, сұлтанның өзінің, әкесінің аты жөні мен атағы  арабграфикасында нақышталынып салынған. «Құс тұмсық» мөрдің жоғары тұсының жиек ішінде  «Тарақ» таңбасы бейнеленген. Мұның  барлығы қазақ хан, сұлтандарына  тән мөрдің ерекшелігі [4, 28-б.].

Мөрдiң бедерi қағазға қара бояумен түсiрiлiп отырған, жазу мөрдiң табанына ойып салынған болғандықтан, оның басқанда түскен бедерi тiптi айқын болмай көмескi болып түсiп отырған. Әсiресе, диаграфиялық белгiлерiн айыру қиын. Мөрлердiң үлгiсi миндаль сияқты сопақ, дөңгелек, шаршы және сегiз қырлы келедi. Миндаль сияқты мөрлердi қашан да болса сұлтандар мен қожалар ұстаған, тек ерекше жағдай ретiнде ғана бұл мөрлерге бидiң ғана немесе мырзаның аты ғана жазылған. Мөрлердi басуда белгiлi тәртiп қолданылған. Ең алдымен миндаль сияқты мөрлер, одан кейiн сопақ оның артынан дөңгелек және көп қырлы мөрлер басылып отырған. Мөрдiң табанындағы жазулар бiркелкi мөр иесiнiң аты, оның тегi, (әкесiнiң аты) дәрежесi (хан, сұлтан, би т.т.) хиджра жылы көрсетiлген мөр сирек кездеседi. Бұл түрлес мөрлерден қожалардың, қазылардың және молдалардың әлгiнiң үстiне қосымша жазу бар. Старшинаның (билердiң) қандай рудан екендiгi мөрде көрсетiлмейдi: ерекше бiр сирек кездескен мөр ретiнде Байсақал деген старшинаның мөрiн атап өтуге болады, оның мөрiнде (арабша) Байсақал Тiлекеұлы, Жаппас деген жазу бар. Мөрлерде ешқандай сурет жоқ. Бұл жөнiнде маған кездескен бiр ғана мөр Қайыпұлы Шерғазы сұлтан мөрi, мұның мөрiнде қалып жазу үстiне тәж ұстап тұрған екi арыстанның суретi бар”. Ғалым осы зерттеуiнде Шерғазы сұлтанның Ресейде болып, солардан үйренiп, елiктеген болар деп те ой тастаған.

Көрнектi зерттеушiнiң жазғанындай сол кезеңдерден сақталынған мөрлердiң көбi хан, сұлтандардiкi миндаль, сопақша болса, қожа мен ишандардың мөрлерi де соларға ұқсас. Ал қара қазақтан шыққан билер мен батырлардың мөрлерi дөңгелек, қырлы болып келедi. Менiң назарыма iлiккен мөрлерде Әбiлхайыр хан, Қайып хан, Шөмекей тайпасының бас биi болған Кетебай Жолайұлының мөрi хиджра жылымен жазылған. Осы әулеттен Өтетiлеу, Пiрәлi билердiң (1794, 1830, 1860 жылдарда жасалған) мөрлерi сақталынған. Сонымен қатар есiмi үш жүзге тараған Ресей өкiметiне “ғазауат” соғысын бастаған Керей Марал ишан Құрманұлының мөрi де бар. Ырғыз өңiрiн билеген, 1834 жылы Бұхараға сапар шеккен орыс офицерлерi П.П.Демезон, И.В.Виткевичке жолбасшысы болған Алмат Тобабергеновтың 1875 жылғы, Сыр елiнде (Арал өңiрiнде) хан болған Бекмырза Әлдеевтiң 1857 жылғы, Жақайым Жетес бидiң 1874, Қаракете Бекмырза Еркiнбаевтың (1866), 1852 жылғы батыр Тоғанас Бәйтiкұлының, Сарғасқа Ерболат Талқанбайұлының (1866), Сарыбай Сәдiрдiң 1866 жылғы, Жаппас Жанғабыл Төлегеновтың тағы басқалардың 30-дан астам мөрлерiнiң көшiрмесi жинақталынған. Орынбор, Ташкент, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк мұрағат қорлары құжаттардағы мөрлердiң бiтiм-пiшiмi, көлемi, орналасу тәртiбi жоғарыда ғалым, зерттеушi М.П.Вяткин айтқандай болып шығып отыр. Демек заң жүзiнде заңдастырылмаса да өлке басқарушыларының ықпалы болғаны аңғарылады. Дегенмен мөрлердегi жазулардың көбiсi аты мен тегi жазылса, Кетебай би мөрi хиджра жылымен белгiленсе, Жаппас Байсақал керуенбасының баласы Ахметтiң мөрiнде былайша жазылған: “Ахмет Байсақал баласы”. Байлығы асқан Тiлеке батырдың баласы керуенбасы Байсақалдың өз мөрiне басқалардан өзгешелек етiп, өзiнiң руын жаздыруы, ел адамдары мен шенеунiктер арасында беделдi болғанын айғақтайды. Кейбiр мөрлер алтынмен апталып, кейбiреуi таза күмiстен жасалған[5].

Далалық дипломатияда билік тұлғалар мөрлерінің қаншалықты маңызы болғаны жайлы И.В. Ерофеева былай дейді: «Персональные печати казахских ханов и султанов строго специфической формы и своеобразного художественного оформления имели большое символическое значение как внутри Степи, так и в сфере международных отношений Казахского ханства (с 80-х гг. XVIII в. - Казахских ханств) с другими государствами и народами. Сам факт обладания такой печатью наглядно свидетельствовал о высоком официальном статусе ее владельца в казахском обществе, принадлежности последнего непосредственно к правящей верхушке номадов и присущих этому лицу особых привилегий и прав в сфере политического управления всем кочевым населением региона либо же входившими в его состав крупными родоплеменными группами кочевников».
  Сонымен қатар қандай-да бір билеушіде жеке құстұмсық мөрдің болуы оған елдің ішкі және сыртқы саясатына араласу құқығын беретіндігі жайлы да сөз қозғайды: «Наличие у какого-либо правителя Степи собственной каплевидной печати с личными удостоверительными знаками фактически означало для монархов и чиновников соседних государств его легитимное право выступать в политических контактах внутри и за пределами своей страны от имени всех официально подвластных ему социальных объединений казахов (союзов родов и племен, жузов и т.д.) и принимать правовую ответственность персонально на себя.
Весьма примечательно в этой связи, что царское правительство, принимая в 1731, 1738 и 1740 гг. официальную присягу казахских ханов Абулхаира (1710-1748), Семеке (1724-1737), Абулмамбета (1739 - ок. 1771) и влиятельного султана Аблая (1711-1780 гг. - даты жизни) с подвластными им родоплеменными группами казахов Младшего и Среднего жузов на верность российской короне, настойчиво требовало от каждого из этих титулованных лиц подтвердить свои личные подписи на присяжных бумажных листах оттисками их прикладных персональных печатей.
Близким по содержанию было символическое значение ханских и султанских печатей и внутри самой Казахской степи среди кочевников трех жузов, подтверждением чему может служить многовековая практика употребления их казахскими чингизидами для заверения разного рода актовых документов и официальных посланий, адресованных султанам, биям, батырам и старшинам» [6, 33-б.].

Құжаттық деректерді деректанулық зерттеу мен орта азиялық акттардың дипломатикасы мөрлерді зерттеу мен олардың құжаттардағы баспа-таңбасы. Документалисстердің айтуынша әзірше мөрлердің арабографиялық жазбаларын құжатта жекелеген баспа-таңбасы бойынша оқудың өзі де жиі қиындық тудырады, кейде тіпті мүмкін емес те болып жатады. Баспа-таңбалар кейде анық көрінбейді, қағаздың майысқан жерінде өшірілген немесе зақымдалған, нәтижесінде есімдер, титулдар немесе мөр басқан тұлғалардың қызметі анықтала алмады. Егер мөрді өзінше объект ретінде арнайы зерттесе, бұл қиындықты жеңуге болады. Тиімді әдіс (нумизматикада кең қолданылады) – мөрлердің типтері мен нұсқаларының графикалық реконструкциясы (бірнеше бірдей, бірақ сапасы мен сақталуы әртүрлі баспа-таңбаларды салыстыру арқылы).

  Алайда мөрлерді немесе баспа-таңбаларды зерттеу тек құжаттардың жариялануымен, олардың датировкасымен, атрибуциясымен, олардың формулярын зерттеумен (дипломатика) және деректанулық зерттеумен байланысты көмекші міндеттермен ғана шектелмейді. Мөрлер – арнайы тарихи дисциплинаның объектісі – сфрагистика, оның тек жоғарыда аталғандар қолданбалы ғана емес, сонымен қатар өзінің мүлдем басқа  міндеттері де бар.

  Арабографикалық мөрлер мен олардың баспа-таңбалары – тарих зерттелуі үшін маңыздылығы анықталмаған деректердің бірі, бұл әлі де «көтерілмеген тың». Мөрлер тек мол әрі, тарихи ақпараттың пайдаланылмаған қоры бар Өзбекстанның жинақтарындағы жүзмыңдаған құжатқа ғана қойылған жоқ. Ал арабографикалық сфрагистика қазір алғашқы қадамдарын ғана жасап жатыр. Шетелде оның жағдайын жеткілікті дәрежеде А.А. Иванов жариялады, ол «мұсылман сфрагистикасы бөлек дисциплина ретінде қазіргі таңда қалыптасуда», тек «соңғы жылдары ғана мөрлерді зерттеуге бетбұрыс болып жатқаны байқалады». Орта Азияның арабографикалық сфрагистикасына келер болсақ, тек баспа-таңбаларының (құжаттардың жариялануымен байланысты) публикациясының кейбіреуі жайлы, санаулы ғана мөрлер жайлы, дипломатика шеңберінде «қолданбалы» сипаттағы жекелеген бақылаулары жайлы (мөрлердің құжатқа басылған жері, тізбек «құжаттың түрі – мөрдің иесі» және т.б.), тақсырлар мен қызметтік тұлғалардың мөрлері кездесетін түрлі себептермен жіберілген жеке хабарламалар жайлы.

  Орта азиялық дипломатикамен қатар мөрлерді зерттеуге зор үлес қосқан Орта азияны зерттеуші – А.А. Семенов. Ол бірінші болып сфрагистиканың маңыздылығы мен аянышты жағдайын көрсетті: «... Орта азиялық сфрагистика мәселелері ғылыми әдебиетте өте әлсіз баяндалады»; «... жалпы Орта азия үшін және Бұхара үшін жергілікті сфрагистиканың осындай тарихы жергілікті хронологияға, әдебиет пен өнер тарихына және жергілікті нумизматикаға жақсы құрал болатыны сөзсіз. Мәселенің мәнісінде, Орта азия мөрлерінің ерекше белгісі ол – қожайынның өзіне мөр алып, алған жылына қатысты датировканың болуы». А.А. Семенов билеушілер мен шенеуніктер мөрлерінің формасын суреттейді. Манғыттар династиясының әмірлерінде шағын домалақ мөр болды. Облыс билеушілері мөрдің екі түрін қолданды: пішіні бадам дәні тәрізді, егер де билеуші патшалық құрып отырған үйден болса және төртбұрышты, сопақша немесе төменгі бұрыштары шабылған. Улемдер (духовенство мен заңтанушылар) үлкен домалақ мөрлерді иемденді. Күшбегілерде бұрыштары кесілген сопақша мөр болды, бетіне оның есімі мен қызметінің аты ойылып жазылды. А’ламдар мен муфтилердің мөрлері соттардікі (қазылар) секілді домалақ болды және өздерінің көлемділігімен, араб жазуларымен жиектелуімен ерекшеленді. Зайырлы мөрлер шағын және бұлай жиектелмеген. Өз мақалаларының бірінде А.А. Семенов мәтіннің аудармасы мен мөрлердің сипатынан басқа жазбаларды сараптап, оларды Ауғанстан мен Иранның мөрлеріндегі жазбалармен салыстырады. Маңыздысы қызметтерді қоса атқару туралы бақылау.

  Арабографикалық құжаттардағы мөрлердің баспа-таңбаларының сипаттамаларынан тұратын қор зерттеушілерге дипломатика үшін де өте маңызды бірқатар жеке деректанулық және тарихи бақылаулар жасауға мүмкіндік берді. Алайда документалистердің қызметіндегі дипломатикаға жеткілікті мөрлердің баспа-таңбалары жөніндегі толық мәліметтер жинағының өзі сфрагистика үшін де, сфрагистикалық міндеттердің толық кешенін шешу үшін де, сонымен қатар мөрлердің зерттеу объетісінен (сфрагистикадағы деректану) толыққанды бұқаралық тарихи дереккөзіне айналуы үшін жеткіліксіз. Кішкене мысал. Сфрагистиканың жеке және қолданбалы міндеттерінің бірі – мөрлердің нашар басып шығарылған немесе нашар сақталған баспа-таңбаларын анықтау. Ол үшін жоғарыда айтылғандай баспа-таңбалардың типтері мен нұсқаларын реконструкциялау қажет. Маңызды белгілердің бірі – баспа-таңбалардың пішіні және картуш пен жазу жолын декоративті безендіру. Егер документалист мөрдің алты қырлы екендігін хабарласа, онда бұл ауызша анықтама мөрлердің алты қырлы баспа-таңбаларының көптеген түрлері мен нұсқаларының кез-келгенін жасыру мүмкін. Басқаша айтқанда, бұл белгінің ауызша сипаттамасы жеткіліксіз, натуралды көлеміне барлық детальдарымен бірге графикалық реконструкция қажет.

  Мөрлерді зерттеудің бірінші кезеңі – мөрдің жұмыс бетінің жазбалары мен декоративті безендіруін реконструкциялау болып табылады. Осылайша,мысалыға, жақсы баспа-таңбаны нашар сақталғандарымен салыстыру жолымен  қазы ал-куззат Мұхаммед Шарифтің неке қию куәлігіндегі (никах-хатт) мөрдің зақымдалған жазбалары мен даталары, сондай-ақ әмір Хайдар-ханның мөрлеріндегі хадистердің шеңберлі жазбалары қалпына келтірілді.

  Мөрлерді зерттеудің екінші кезеңі – мөрлерді классификациялау принциптерін құру және «тип» деген атау берілген негізгі классификациялық бірліктің критериін анықтау. Ол үшін мөрлерге тиесілі барлық белгілер : мазмұнды (жазбалар) мен формалды (мөрлердің декоративті безендірілуі) сарапталды.

  ХІХ – ХХ ғ. басында зерттелген мөр баспа-таңбалары жазбаларының репертуары жалқы есімдер, әкені еске алу, негізгі шен, өзге шендер мен титулдар, цифрмен берілген дата, игі тілектер, Құран мен хадистерден алынған цитаталар, моральдік сентенциялар, өлең шумақтарын қамтиды.

  Ең тұрақты элементтер – жалқы есім, шен мен дата, дегенмен, анонимді жазбалармен кездесетін мөрлер де кездеседі. Негізінде мөрлердегі жазбалардың репертуары бірдей, тіпті олар түрлі билеушілер мен шенеуніктерге тәуелді болса да.

  Мөрлерді зерттеудегі елеулі компонент – композициялық-декоративті безендіру: баспа-таңбалардың пішіні мен оны көмкерген сәнді жиектер, жазу жолындағы өсімдік тәрізді өрнектері, көрген кезде жазбаның бөлігін көрсетіп тұратын фигуралық рамка картушының пішіні. Мөр жұмыс бетінің жазу жолы (сәйкесінше баспа-таңбалардың) әдетте жіңішке өсімдік секілді өрнекпен қапталған болады, жекелеген мөрлерде жануарлардың бейнесі кездеседі.

  Мөрлер мен олардың баспа-таңбалары – бұқаралық дереккөзі болғандықтан, оларды зерттеу әдістерін құруға өзге бұқаралық дереккөзі – арабографикалық монеталар мен қазынаны зерттеудің деректанулық зерттеу әдістері көмек берді. Нумизматикалық зерттеулер материалды классификациялаудың маңыздылығы мен нәтижелілігін көрсетті. Е.А. Давидович « ... егер классификациялық бірліктері мен олардың критерилері  сәтті таңдалса, онда классификация зерттеушінің үздік көмекшісі болып, оған біраз нәрсені айқындайды. Ал егер де классификация сәтсіз болса, ол көмектеспейді, керісінше кедергі келтіруі мүмкін» екендігін әділ басып айтты.

Маңызды әдіс, тағы да нумизматикамен байланысты бұл – мөр баспа-таңбаларының графикалық реконструкциясы. Ол нашар басып шығарылған және жиі өшірілген баспа-таңбаларды анықтап тануға мүмкіндік береді. Мөрдің нашар баспа-таңбаларын анықтап танудың екі мәнісі бар: біріншіден бұл  статистикалық өңдеу үшін мөрлердің жалпы санын арттырады, ал екіншіден документалистерді мөрлерді қате анықтаудан сақтайды, кейде тіпті жалпы документтің өзін [7, 225-б.].

  Қорыта айтқанда, қазақ хандары мен сұлтандарының мөрлері мемлекеттік билік атрибуты ретінде болды және елдің ішкі әлеуметтік-саяси өмірі мен сыртқы дипломатиясында маңызды рөлге ие болғаны анық. Мөр жасаудың өзіне тән түркі-моңғол дәстүріне сай ерекшеліктері де болды және ол дәстүр ХІХ ғасырға дейін сақталып келді.

Әдебиеттер

1. Нұрлан Атығаев. О некоторых символах власти (трон и корона: от Монгольской империи к Казахскому ханству). http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/180 // 05.08.2015

2. А. Тастанқызы. «... Куәландыру үшін мөрімді бастым ...» // http://bisnews.kz/news-atyrau/1048-ku-landyru-shin-m-rimdi-bastym // 05.08.2015

3. Иванов А.А. Мусульманская сфрагистика: состояние и перспективы изучения // Восточное историческое источниковедение и специальные исторические дисциплины. Выпуск І. Издательство Института Востоковедения РАН. – Москва, 1989.– С. 236-246.

4. Базылхан Н., Тұрсынбеков Н. Қазақ хан сұлтандарының мөрлеріне байланысты архив құжаттарының  кейбір мәселелері // «Мұрағат және қоғам: мәдени мұраны сақтаудағы өзара әркеттестік» атты ғылыми практикалық  конференция материалдары. – Алматы, 24 тамыз, 2009.  – 28-35 б.

5. Қазақ даласында мөрлердің пайда болуы // http://www.sarap.kz/index.php/kz/pol-ob/et-gos/46-morler.html // 12.08.2015

6. Ерофеева И.В. Символы казахской государственности (позднее средневековье и новое время). Издательство «Аркаим». – Алматы, 2001. – 148 с.

7. Курбанов Г.Н. Принципы классификации среднеазиатских арабографических печатей (на примере печатей позднесредневековой Бухары) // Теория и методы исследования восточной эпиграфики. Издательство "Восточная Литература". – Москва, 2006. – С.223-236. 

References

1.Nurlan Atygaev. Some symbols of power (the throne and crown from the Mongol Empire to the Kazakh Khanate). http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/180 // 05.08.2015

2. A. Tastanқyzy. "... Kuәlandyru ushin mөrіmdі Bastia ...» // http://bisnews.kz/news-atyrau/1048-ku-landyru-shin-m-rimdi-bastym.05.08.2015

3. Ivanov A.A. Muslim sphragistics: Status and Prospects of Research // Eastern historical source study and special historical disciplines. Issue I. Publisher Institute of Oriental Studies. - Moscow, 1989. - P. 236-246.

4. Bazylhan N. Tұrsynbekov N. Khan Kazakh sұltandarynyң mөrlerіne baylanysty archive құzhattarynyң keybіr Maseleleri // "Mұraғat zhane қoғam: Madeni mұrany saқtaudaғy өzara әrkettestіk" Atta ғylymi praktikalyқ Conference Materialdary. - Almaty, august 24, 2009. - 28-35 p.

5. Kazakh dalasynda mөrlerdің Paid Bolu // http://www.sarap.kz/index.php/kz/pol-ob/et-gos/46-morler.html. 12.08.2015

6. Yerofeyeva I.V. Symbols of Kazakh statehood (the late Middle Ages and modern times). Publisher "Archaim". - Almaty, 2001. - 148 p.

7. Kurbanov G.N. Principles of classification Central arabograficheskih seals (for example seals late medieval Bukhara) // Theory and methods of Eastern epigraphy. Publisher "Oriental Literature". - Moscow, 2006. - P.223-236.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 5631

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ЭТИКЕТІ

Author's articles

ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ