Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘӨЖ 94(574) «19/20» АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ

М.М. ЖАНСЕИТОВА. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2-курс магистранты

ӘӨЖ 94(574) «19/20» АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: ағарту, медицина, тұлға, Алаштың идеясы, А.Сейітов
Author:
Мақала ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, Алаш Орда көшбасшыларының бірі Асылбек Сейтовтың өмірі мен шығармашылығын талқылайды. Автор осы дәуірдегі көрнекті қайраткерлердің есімдерімен бірге оның есімі де аталуға тиіс деп есептейді. «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Сейітов Асылбектің халыққа қызмет етуі қазіргі қазақстандық ұрпаққа үлгі болып табылады.
Text:

Кіріспе. «Алаш» қозғалысының белді басшыларының бірі, ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдарға халқының мұң-мұқтажын көтеретін мақалаларды үздіксіз жазып тұрған ұлтжанды, оқыған, зиялы азамат А.Сейітовке арналған зерттеулер біршама болғанымен оның өмірбаянын және қызметін  ғылыми тұрғыдан неғұрлым толық әрі жүйелі тұрғыдан талдауға алған зерттеу еңбектер әлі жазыла қойған жоқ. Қазақ халқының патриот перзенті А.Сейітовтің жарты ғасырлық ғұмырының барлық қыры арнайы зерттеуге лайық. Ал бүгінгі тарихи әдебиетті саралау А.Сейітовтің өмірі мен қызметінің толық ашылып зерттелмеген тұстары көбірек екендігін көрсетіп отыр.

Материалдар мен әдістер.АҚПДАМА (Аламаты қаласының Полиция Департаментінің Арнаулы Мемлекеттік Архиві), АҚОМА (Алматы қаласы Орталық Мемлекеттік Архиві) және халықаралық конференция жинақтары мен басқа да деректерде жарияланған материалдармен салыстыра талдау негізінде мақала даярланды. Мақала жазу барысында негізінен тарих ғылымында басшылыққа алынатын тарихилық, салыстырмалық талдау, тарихи-жүйелік секілді әдістер қолданылды.

Талқылау. Қарастырылып отырған мәселеде қалам тартқан зерттеушілер, соның ішінде Қабылдинов З.Е., Мұхатова О.Х., Сәрсекеев М.С. және т.б. өзіндік бағасын берген.

Нәтижесі.Асылбек Жұманұлы Сейітов 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесі аудармашысының отбасында дүниеге келген. Алаш қозғалысы қайраткерінің бірі. Ол алдымен орыс мектебінде, содан соң Омбының классикалық ерлер гимназиясында оқыды.

1911 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Том мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен.

1916 жылы Ақмола уезінде ауылшаруашылығы бойынша санақ жұмыстары жүргізілгенде А.Сейітов оның оңтүстік бөлігі комиссиясын басқарады.

Оны 1917 жылы бітіріп, Павлодар облысындағы Баянауыл бекетінде дәрігер болып жұмыс істеді. Халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Сондайақ, осы жылдары қоғамдық саяси өмірге араласып, алдыңғы қатарлы зиялы қауымның қатарынан көрінді.

 1917 жылы сәуірдің соңы мамырдың басында өткен Ақмола облыстық Қазақ сиезінде алдымен хатшылыққа, съез соңында төрағаның орынбасарлығына сайланған.

Ал 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезіне катысып, онда ол төралқа құрамында М.Дулатовпен бірге хатшылыққа ұсынылады. Осы съезде А.Сейітов Ақмола облысы атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа сайланған.Осы Құрылтайға сайланған депутаттарға баға берілгенде «Қазақ» газеті ол туралы: «Асылбек Сейітов - жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары» - деп жазған еді. А.Сейітов Алашорданың Ақмола облыстық комитеті басшыларының бірі бола отырып, ұлт-азаттық қозғалысына үлкен үлес қосты.

1921 жылы Орынборда өткен Қазақстан дәрігерлерінің съезіне,

1922 жылы Қазақ АКСР-і кеңестерінің съезіне делегат болып қатысты. Ол Баянауылда бас дәрігер қызметін атқарған.

1922 жылдан бастан 15 жыл бойы Семей қаласындағы губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Семей облысында туберкулезді емдейтін «Ауыл» және «Березовка» санаторийлерін ашуға атсалысты (ол емдеу орындары осы күнге дейін жұмыс істейді).

 1937 жылы Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы №5 емхананы алғаш ұйымдастырушылардың бірі және оның бас дәрігері болды. Оның «Таң» журналы беттерінде жарияланған публицистикалык мақалалары бар.

 1937 жылы 1 желтоқсанда ұсталып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Оның туған бауырлары Мұсылманбек және Мұратбек те «Алаш» партиясының мүшелері ретінде репрессияға ұшырады.

Кеңес үкіметінің 1937-1938 жылдарда жүргізген репрессия салдарынан талай арыстармыздың көзі жойылып, жазықсыздан-жазықсыз атылғаны баршамызға мәлім. Бұл – еліміздің тарихындағы ең ауыр да қайғылы кезең болып есте сақталарына еш күмәніміз жоқ. Кеңес үкіметінің озбыр саясатының аяусыз қорлығына ұшыраған ұлт зиялыларының есімдерін ардақтап, рухтарына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт көсемдерінің туған халқы үшін жасап кеткен өнегелі істерін бір тарихи мерзімнің өлшеміне салып бағалаудың өзі оңайға соқпас.

1991 жылдың желтоқсан айында қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне жетіскеннен кейін төл тарихымыздың қасақана бұрмаланып, мән-мағынасы шындыққа жанаспайтын тұрғыда баяндалып келген мәселелерін қайта жазып, жұртшылыққа жеткізу мүмкіндігі туды.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде Алаш тағылымы жөнінде кеңінен ой толғаған. Атап айтсақ «Алаш мұрасы және Бүгініміз» - деген тарауында Алаш туралы жүйелі сөз қозғап, әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамы үшін Алаш мұрасын жаңғырту қажеттігін айтқан [1].

 Алаш арыстарының көксеген ой-арманы қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет атануы еді. Бүгінгі таңда Алаш қайраткерлерінің есімдерін түгендеу, кітаптарға, жинақтарға енгізу, еңбектерін жария ету жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатса да әлі де талай боздақтарымыздың өмірлері зерттей түсуді қажет етеді. Солардың бірі – Асылбек Жұманұлы Сейітов.

Асылбек Жұманұлы 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы қаласында,  Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесі тілмашының отбасында дүниеге келген. Екі жыл шіркеудің приход мектебінде, одан кейін гимназияда оқып, 1911 жылы он жеті жасында Омбының классикалық ерлер гимназиясын толық курсын бітіріп, бірден Томск Мемлекеттік университетінің медицина факультетінеоқуға түседі. Ол кезде қазақ жастарының осындай оқу орнында оқуы өте сирек еді. Асылбек Сейітов өзінің алғырлығының арқасында Том мемлекеттік  жоғары оқу орнын үздік аяқтап, дәрігер мамандығын алып шығады. Біраз уақыт Омбыда уездік дәрігер болып жұмыс істеп, көп ұзамай Павлодар облысының Баянауыл станциясына жіберіледі [2]. Ол студент кезден-ақ«Қазақ» газетіне мақала жазып, Ресейде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету үшін қоғамдық қор құру туралы бастама көтереді. Орынборда орналасқан басылым зиялы қауымның арасында тез қолдау тауып, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына түрткі болды. «Қазақ» газеті және осы газеттің басқа да авторларымен қарым-қатынасы Асылбек Сейітовті «Алаш» партиясының қатарына алып келеді. Оның партиядағы қызметі 1917 жылы 21 – 26 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезге қатысуы болды [3]. Ақмола облысы атынан Асылбек Сейітов қатысып, съезге сайланған кандидаттар тізімі «Қазақ» газетіне жарияланды. Осы съезге делегат болып барған білікті де білімді Асылбек Сейітовті Алаш зиялылары жоғары бағалап, съездің хатшысы етіп тағайындайды. «Қазақ» газетінің 1917 жылы №238 санында шыққан нөмірінде: «Съез әр облыстан сайланатын депутаттарды һәм олардың кандидаттарын лайықтады. Ақмола облысынан: А.Тұрлыбаев, А.Сейітов, Е.Итбаев, С.Жанайдаров, Ж.Тілеулин және т.б.» қырғыз (қазақ) қоғам қайраткерлерінің есімдері көрсетілген [4].

Асылбек Сейітов Қазақстанның денсаулық сақтау саласында кәсіби және білікті ұйымдастырушысы ретінде елеулі із қалдырды. Ауыл участкесінде, уездік-қалалық балалар ауруханасында жұмыс істеуді бастап Семей губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау жұмыстары қызметтерін атқарған. Оның бастамасымен туберкулезбен ауыратындарға арнап «Ауыл», «Березовка» шипажайлары ашылған. Ол бала және әйелдердің өлімінің алдын алу мақсатында ғылыми мақалалар жазған. 1921 жылы бірінші дәрігерлер съезінің делегаты болған. 1937 жылы қарашасында А.Сейітовке Алматы қаласында емхана ашу тапсырылған. Көпке созбай өзіне жүктелген тапсырманы орындап, Алматы қаласы №5 емхананы ашып, оған көптің қалауымен өзі бас дәрігер болып бекітіледі. Емхананы небәрі 5 күн ғана басқарған Асылбек Сейітов 1937 жылы 1 желтоқсанда ұсталып, ату жазасына кесіледі [5].

А.Сейітовті тергеу құжаттарымен танысу барысында оның тергелу кезінде өзін лайық ұстағаны байқалады. Ол бұрынғы алашордашы болған өз ағайындарын ғана емес, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов сынды Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерін де қорғап қалғысы келген. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілуінен сол кездегі саясаттың «Алашорда үкіметіне қатысы барлардың да көзін жою» мақсатын ұстанғандарын байқау қиын емес. Асылбек Сейітовті білетін замандастары оны ең алдымен кәсіби дәрігер ретінде бағалайды. Оның қолынан емделіп шыққан адамдар оны «дертті сылып тастайды» деп шексіз ризашылықтарын білдірген.

Асылбек Сейітовті ату жазасына кескен «үштіктің» шешімі бойынша оған «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, Кеңес аппаратын басып алу және орыстарды Қазақстаннан аластату жоспарларын талқылау жиындарына қатысушы, 1927 жылы Кеңес билігінің салықтық шараларын орындамаған, 1930-1933 жылы ауылда дәрігер болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, халық жауы Бөкейханов және т.б. байланыста болып, Қазақстандағы контрреволюциялық мәселелерді талқылады» деген айыптар тағылған [6]. Ұлттық рухы күшті, саясат желінің қалай қарай соғып тұрғанын жақсы білген Асылбек Жұманұлының Алашорда белсенділерінің бірі болуы да тегін емес еді. Тарихтан белгілі жайт, сол замандағы ұлт зиялыларының көксегені қазақ халқының еркін, азат, дербес мемлекеттік жүйесі бар ел ретінде тарих сахнасына көтерілуі болатын. Алайда жемісті басталған іс-жоспарлар орта жолдан шорт үзіліп, дәлірек айтқанда, алашордашылардың мүдделеріне кереғар жағдай туғызған саясаттың салқыны тиді, олардың күштері жеңіліс тапты. Асылбек Сейітовтің негізгі мамандығы дәрігер болып, науқастарды емдеумен айналысса да қазақ еліне деген шексіз патриоттық сезімі, өз заманындағы оқымыстылардың бірі ретіндегі ұлт алдындағы парызын терең сезінуі оны дәрігерлік қызметінен де жоғары мақсаттарға шақырды. Сөйтіп, Асылбек Сейітов Алашорда партиясының ұйымдастыру жұмыстарына, ішкі-тысқы мәселелеріне барынша біліктілікпен араласты. Әрине, ол кезде Асылбек Сейітов және сол қатардан табылған өзге де азаматтардың атқарып жатқан шаралары НКВД қызметкерлерінің назарынан тыс қалмағаны белгілі.

ЖалпыСейітовтеротбасында бес ағайындыболған.Үлкені, араларындағы жалғызқыз Жамал, оданкейін Мұсылманбек, Сұлтанбек, Асылбек, Омарбекжәне Мұратбек (Бұлардың ішінде Мұратбек пен Мұсылманбекте репрессия құрбандары). Барлығы Омбы қаласында дүниегекелген. Жаскезінде Омбыға оқуға келген әкесі Жұман сол кездегі «қазақтарды шоқындыру» саясаты бойынша шіркеулік білім алғаннан кейін аудармашылар мектебіне түсіп, оны аяқтап, кейінқаланың генерал-губернаторы қеңсесіне қызметке тұрады. Қадиша деген қызбен көңіл жарастырып шаңырақ көтереді. Екеуіи алтыбаланы өмірге әкелгенімен, балаларының қызығын көрудітағдыр Жұманға жазбайды. Ол ертерек дүние салады. Өмірдің барлық ауыртпалығы Қадишаның нәзік иығына түседі.

Омбының генерал-губернаторы Жұман қайтыс болғаннан кейін оның отбасына үлкен үйін босатып қамқорлық жасайды. Қадиша осы үйдің бір бөлігін оқуға келген ауыл балаларына арнап пансионға айналдырады. Сол үйге Сәдуақас Шорманов ауылдың балаларын оқуға әкеліп жүріп, Қадишаның ұлы Асылбекпен танысып, жастардың көңіл қалауымен қызы Нәфияны Асылбекке ұзатады [7].

Асылбектің жары, әйелдер гимназиясында оқып, білім алған Нәфия Шормановтар әулетінің ұрпағы. Жастайынан көрікті, өте сұлу болып өседі. Әкесі – Сәдуақас Шорманов аға сұлтан Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Ал Мұса Шорманов қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың нағашысы. Демек, Нәфияның текті жердің, атақты әулеттің қызы болғаны осыдан-ақ белгілі.

Асылбек Сейітовтің екінші қызы Клара бүгінде жетпістің бесеуіне келген кейуана. Үлкені Роза осыдан көп жылдар бұрын дүние салған. Ардақты ұстаз болып, еліміздің білім саласына еңбек сіңірген тұлға. Сіңілісі Клараны өз қамқорлығына алып өсірген.

Клара Асылбекқызы әке есімін ардақтау жолында ғұмыр кешіп келеді. Әкесі туралы көптеген мақалалар жазып, олар Алаш қайраткерлері туралы бірталай еңбектерде көрініс тапқан. Клара апамыздың қолға алып, бастама көтеруімен бүгінде әкесі Асылбек Сейітовке Алматы, Семей қалаларынан көше аттары берілді. Алматыдағы өзі негізін қалаған №5 емханаға мемориалдық тақта орнатылды [8]. Клара Асылбекқызының ендігі арманы аталған емханаға әкесінің атын бергізу.

Қорытынды. Қазақ елінің ардақты ұлдарының бірі Асылбек Сейітов 1957 жылы «қылмысы жоқ» деп ақталса да, оның есімі 60 жыл бойы тарих бетінен сызылған болатын. Еліміз Тәуелсіздік алып, Алаш қайраткерлерінің мұралары қайта түгенделе бастаған тұста, ұлтына адал да қалтқысыз қызмет еткен Асылбек Сейітовтің есімі де ел тарихында мәңгілікке сақталары сөзсіз.

Алаштың арысы Асылбек Жұманұлы Сейітовтің өмірі мен қызметіне байланысты құжаттарды талдау кеңестік большевиктік солақай ұрдажық саясаттың құрбанына айналған тұлғаның халқы үшін сіңірген еңбегіне баға беруге, оның есімін ұлықтауға, келер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуге жол ашады.

ӘДЕБИЕТТЕР:

1.  «Алаш партиясының қайраткерлері», Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін мұражайы, – Шымкент,  2007 – 17 б.

2.  Сейфуллин С. «Тар жол, тайғақ кешу». Тарихи-мемуарлық роман;  – Астана: Аударма, 2011 – 480 б.

3.  «Асылбек Сеитов: патриот, общественный деятель, ученый» Сборник статей и архивных материалов, посвященный деятельности выдающегося алашского деятеля Асылбека Жумановича Сеитова, –  Астана,  2013 – 20 – 54 – 153 – 154 б.

4.  Кабульдинов З.Е. Сеитов Асылбек – достойный сын и патриот земли казахской // Алаш мұраты: тарихы мен тағылымы  Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Астана, 2009 – 3 – 8 б.

5.  АҚОМА. 357-қ., 1-т., 4-іс.

6.  АҚПДАМА. 20-қ., 46-44-іс.

7.  З. Ақышев. «Қазақ әдебиеті» газеті 1990 ж. №10.

8.  «Жоқтау» - (Воспоминания детей репрессированных казахстанцев), - Алматы, 1998 – 56 б.

REFERENCES:

1.  «Alash partıasynyń qaıratkerleri», OńtÚstik Qazaqstan oblystyq sayası qýǵyn-sÚrgin murajaıy,- Shymkent, 2007-17 b.

2.  Seıfýllın S. «Tar jol, taıǵaq keshý». Tarıhı-memýarlyq roman; - Astana; Aýdarma, 2011- 480 b.

3.  «Asylbek Seıtov: patrıot, obshestvennyıdeyatel, ýchennyı» Sbornık stateı ı arhıvnyh materıalov, posvyashennyı deyatelnostıalashskogo deyatelya Asylbeka Jýmanovıcha Seıtova, - Astana, 2013 – 20 – 54 – 153 – 154 b.

4.  Kabdýldınov Z.E Seıtov Asylbek- dostoınyı syn I patrıot zemlı kazahskoı // Alash muraty: tarıhy men taǵylymy Halyqaralyq ǵylymı-teorıyalyq konferensıa materıaldary.- Astana,2009 – 3 – 8 b.

5.  AQOMA. 357-q., 1-t., 4-is.

6.  AQPDAMA. 20-q., 46-44-is.

7.  Z.Aqyshev. «Qazaq ádebıeti»gazeti 1990 j. №10.

8.  «Joqtaý» - (Vospomınanıya deteı repressırovannyh kazahstansev),- Almaty, 1998 – 56 b.

Жансеитова М.М.1

1Магистрант 2-курса Института истории и этнологии имени Ч.Ч.Валиханова

г. Алматы, Казахстан.

ЖЕРТВА РЕПРЕСCИЙ АСЫЛБЕК СЕЙТОВ

Резюме

В статье рассматривается жизнь и деятельность одного из видных представителей казахской интеллигенции начала ХХ века, одного из лидеров Алаш Орды – Асылбека Сейтова. Автор считает, что его имя необходимо называть в одном ряду с именами видных деятелей той эпохи. Служение народу деятеля Алашского движения Сейтова Асылбека является примером для современного поколения казахстанцев.

Ключевые слова: А.Сейтов, идея Алаша, личность, просвещение, медицина.

ZHANSEITOVA M.M.1

2-year Master’s Student

1Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Almaty, Kazakhstan.

THE VICTIM OF REPRESSION ASYLBEK SEITOV.

Summary

 The article reviews the life and activity of one of the prominent representatives of the Kazakh intellectuals of the erly 20th century, one of the leaders of Alash Orda – Asylbek Seitov. The author believes that his name should be placed in the full row with the names of big names of that period. Asylbek Seitov’s faithful service to Kazakh peopleis an example for the future generation.

Keywords: A. Seitov, Alash's idea, personality, education, medicine.

No comments

To leave comment you must enter or register