Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ

С. С. ҚОРАБАЙ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, бас ғылыми қызметкер. Алматы қ.

ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Tags: қыпшақ, армян, мұра, әдебиет, қазақ, ғасыр, тарих, шығарма, нұсқа, жәдігер, тіл, ескерткіш, хикая
Author:
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар [1, 158-166-бб.] тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден – көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері – қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды. Түйін сөздер: тарих, ғасыр, қазақ, әдебиет, армян, мұра, қыпшақ, тіл, ескерткіш, шығарма, нұсқа, жәдігер, хикая.
Text:

Кіріспе. Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. Қазақ әдебиетінің көне заманнан ХІ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі көне дәуір, ал ХІІ ғасырдан бастап, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырға дейінгі кезең орта ғасыр кезеңі деп аталады. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары – «Қорқыт ата кітабы», құмандардың «Кодекс Куманикус» жазба жәдігері, армян жазуындағы «Дана Хикар хикаясы», «Оғызнама» дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі, Махмұд Қашқаридің «Диуани луғат-ит-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек.

Түркі халықтарының дүние жүзі бойынша қоныстануын айғақтайтын қазіргі этнографиялық карта – бұл адамзат тарихындағы мыңдаған жылдар бойғы этногенетикалық және көші-қон процестерінің нәтижесі. Шығыстанушы, тарихшы-ғалым С.Г. Кляшторный жазғандай: «Түркі этногенезінің ежелгі ошақтары Евразия құрлығының шығыс бөлігімен – батысында Алтайдан шығысында Хинганға дейінгі аймақты қамтитын Орталық Азиямен және Оңтүстік Сібірмен тығыз байланысты. Бұл үлкен өңір көрші өркениеттен де, өзге этникалық кейіптегі таулы-тайгалық және дала тайпаларынан да оқшауланған жоқ. Көші-қон процесінің қия жолы бірде күшейіп, бірде тынып, бүкіл Ұлы даланы көктеп өтті» [2, 12-б.].

   Талқылау. Еуропада құмандар, Ресейде половцы деп аталған қыпшақтар қазақ даласын ғана емес, Еділ алабы мен Қырым қиырын қоныстанып, түркі тілдес халықтардың қыпшақ тобындағы қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ, қарашай, балқар халықтарын қалыптастыру тарихында үлкен роль атқарды. Олар ХІ-ХІІ ғасырларда Қара теңіз бен Дон, Еділ өзендері арасындағы ұлан-ғайыр аймақты мекен етіп, кейбір бөлігі Кавказ елдерінде көшіп-қонып жүрді. Міне, осы Кавказ жерінде ежелден жауынгер халық – қыпшақтардың армян, грузин патшалықтарына әскер есебінде зор пайдасы тиді. Сыртқы шапқыншылықтан қорғауда үлкен күшке айналды.

ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығы салдарынан ата-мекенінен үдере көшкен армяндар  Батыс Украинаға келіп қоныстанады да, 1496 жылы Подольск қаласын өздерінің осындағы орталығы ретінде қабылдайды. Бұдан былай армяндар қуатты әскері бар, Кавказ бен Қырымда көшіп жүрген қыпшақтарға саяси жағынан тәуелді болады. Сол себепті қыпшақтардың тілін үйреніп, күнделікті іс-қағаздары армян, поляк тілдерімен қатар қыпшақ тілінде де жүргізіледі, қыпшақ тілінде тарихи баяндар, діни әдебиеттер, естелік жазбалар, эпиграфиялық ескерткіштер, қыпшақ тілінің грамматикасы жазылады, армяншадан қыпшақ тіліне көркем әдебиет үлгілері аударылады. Мұның бәрі армян жазуында жүзеге асқандықтан бұл мұраларды ғылыми әдебиетте «армян жазуындағы қыпшақ ескерткіштері» дейді.

ХVІ ғасырдағы армян жазуындағы қыпшақ ескерткіштерін зерттеген орыс ғалымы Т.И. Грунин өзі транскрипциясын жасап, мәтіндерін аударған, грамматикалық түсініктері мен кіріспе мақаласын жазған «ХVІ ғасырдағы половец тіліндегі құжаттар» атты жинақтың алғы сөзінде: «Жылдар бойы половецтерге саяси тәуелді болған армяндар олардың тілін де үйренеді, половецтер саяси дербес мемлекет болудан қалған соң да ұзақ уақыттар бойына сол тілді пайдаланады» [3, 58-б.], – деп сол замандағы қыпшақтардың төл жазуы болмаса да, осы көне тайпаға байланысты көптеген құнды материалдардың армян әрпімен жазылғандығын айтады.

Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау, тарихи-фольклорлық салыстырмалы әдісі кеңінен қолданылған. Әсіресе қазақ халқының салт-дәстүрі, шаруашылығы, ұлттық-азаттық күрестері салыстырмалы түрде талданып, жүйеленіп жазылған. 

Нәтижесі. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің бірі – «Дана Хикар хикаясы» Шығыстың ең көне жәдігеріне жатады. Бұл баға жетпес мұра екі жарым мың жылға жуық жолдан өтіп, біздің кезімізге ауызша және қолжазба түрінде жетті. Шығарма өткен жол күрделі де бай болған сайын ол туралы филологиялық ғылым да күрделі  әрі бай. Үш ғасырға  жуық уақыт бойы Хикар абыз туралы хикая тілші және әдебиеттанушы ғалымдар назарын аударып келеді. Себебі бұл туынды өзіндік ерекшелігі бар, сирек кездесетін шығыс жәдігері болып табылады, тақырыбы мен мазмұны жағынан да тартымды, көне заманнан сыр шерткен қырлармен қызықтырады.

«Дана Хикар хикаясы» арамей, грек, араб, армян, славян, румын, қыпшақ және басқа көптеген нұсқаларда сақталған. Бұл жақсылықты түсінбеген рахметі жоқ жиен туралы орамды көркем формалармен жазылған хикая. Онда ақыл-өсиет те, аңыз-әпсана да көп.

Ескерткіштің армян нұсқасының үш негізгі жарияланымы бар. Солардың ішінде ағылшын ғалымы Ф.Конибер жарияланымының маңызы зор. 1898 жылы Лондонда «The story of Ahikar» деген атпен жарық көрген хикая мәтіні көптеген тың зерттеулер жазуға негіз болды.

Армяншадан қыпшақ тіліне аударылған бұл көркем-дидактикалық шығарманың қолжазба нұсқасы Австрияда, мхитаристердің Венадағы кітапханасында сақталған. «Дана Хикар хикаясы» шығармасын 1964 жылы француз ғалымы Жан Дени мен поляк ғалымы Эдуард Триарский француз тілінде жариялайды. Армян ғалымы А.Т ашян Вена кітапханасындағы армян қолжазбаларының каталогін түзген еңбегінде бұл жазба ескерткіштің атын «Хикардың тарихы мен өсиеті (армян тілінен қысқартылып аударылған)» деп көрсетеді. Сол себепті Ж. Дени мен Э. Триарский осы атау негізінде «Дана Хикар тарихының» армян-қыпшақ нұсқасы» деген атпен «Шығыстану» жинағында ескерткіш мәтінін бастырады. Содан бері қырық жыл уақыт бойы аталған ескерткіштер бойынша осы ғалымдар тұжырымдамасы негізге алынып, түріктанушылық еңбектерде «Дана Хикардың хикаясы» – «История мудрого Хикара», «Сказание о премудром Акире (Хикаре)», «История и поучения Премудрого Хикара» деп аталып келеді [4, 5-б.].

«Дана Хикар хикаясы» немесе «Ақылды Ахикар туралы баян» атты көркем-дидактикалық шығарманың отаны б.з.д. 2-мыңжылдықтың бас кезінде Тигр өзенінің орта ағысы тұсында, қазіргі Иран аумағында құрылған Ассирия патшалығы. Оқиға желісі сол дәуірдегі Синаххериб және Асарходдан патшалардың данышпан кеңесшісі, ақылмен Хикар немесе Ахикар шешеннің асырап алған баласы Натанға айтқан өсиеттері, Натанның әкесіне жасаған опасыздығы, жазықсыз жазаланып, жапа шеккен Хикар дананың қысылтаяң сәтте ел патшасы Сенекәрім ханға көмекке келіп, өзінің ақылды сөздерімен көрші хандықпен келіссөз нәтижесінде шапқыншылықтың алдын алуы, екі мемлекетті татуластырған дипломатиялық шеберлігі туралы аңыздарға құрылған.

Мәтіннің аударылған уақытын анықтау мәселесіне келсек, «Дана Хикардың тарихы және ақылдары» деген монография жазған белгілі армян ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор А.А. Мартиросян: «Филологиялық талдау Хикар туралы мәтіннің қыпшақ тіліне ХVІ ғасырда армян-қыпшақ тізімінен (1575 ж.) әлдеқайда бұрын аударылғандығын дәлел етеді», – деп [5, 37-б.]  жазғандай, «Дана Хикар хикаясының» аударма нұсқасы ХVІ ғасырда дайындалғанмен, негізінен, ХV ғасыр шамасында қалыптасқан. Бұл туралы А.А.Мартиросян осы ескерткішке байланысты зерттеулерінде нақты атап көрсетеді.

«Дана Хикар туралы хикая» ежелгі Шығыс әдебиетінде кең тараған өміршең тақырыптардың бірі болды. Шығарманың көне әдебиетте белгілі болғандығына ерте замандағы Элефантинде табылған папирустар да куә. Бұл жәдігермен б.з.д. V ғасырда грек авторлары да таныс болған. Демокрит Хикар туралы туындыдан үзінділер келтірген сияқты. Ежелгі Мысыр жерінде де осыған ұқсас шығармалар жазылған.

Шығарманың басты кейіпкері, хан кеңесшісі Хикар – даналық пен жоғары адамгершіліктің, көрегендік пен білгірліктің хас бейнесі. Дана Хикардың баласы Натанға айтқан әр сөзі – ақылдың кені, шешендік шеберлік мектебі. Түсіне білген, көкейіне тоқи білген адам Хикар даданың әр сөзін өмір жолының темірқазығы етіп алып, ақыл өлшеміне жүгінері хақ. Ал туғаннан надан, көрсоқыр надан Натан – данышпан туған ақылды әке Хикарға қарама-қарсы кейіпкер. Натанның басты қателігі де, оңбай сүрінген опасыз әрекеті де өмір бойы әлпештеп, даналыққа, имандыққа үйреткен әке тәліміне қарсы шығып, сатқындық жолға түсуі. Сайып келгенде, әкесіне ор қазған опасыздың жалғанда жолы болмайды. Шындық жеңіс құрып, желсөзге ерген аңқау хан да ақырында дана кеңесшінің алдында қателігін мойындайды, әділеттілік орнап, ақиқат тушысы Хикар хакім жеңіс тойын тойлайды.

«Дана Хикар хикаясының» басты сюжеттік арқауы – имандылық. Ұрпақ алдындағы парыз бен қарыз, әкесінің балаға сыншылығы, отаншылдық рух пен ұлтжандылық жігер-жалын, ұрпақ тәрбиесі мәселелері шығарманың өн бойынан мен мұңдалап тұрады. Ахикардың өсиет-нақылдары ерте дүние ойшылдары Эзоп пен Демокрит тәмсілдерімен үндесіп келсе, кейін ғалымдар шығарма шыққан көне Ассирия жерінен басталған шығыс даналығымен тығыз қабысқандығын талай атап өтті.

Дана Хикардың ақыл-өсиеттері – бұл әкесінің баласына айтқан қысқаша уағыздары. Оларда адамның мінез-құлық қалыптары мен қоғамдық өмір сүру дағдылары көрініс тапқан. Өсиеттер көбінесе ақыл-кеңес, уағыз түрінде келеді. Ақыл айтуға бір сылтау туа қалса Хикар әке баласын: «Ұлым» деп үйрете бастайды да, баласы тек сол сөздерді тыңдайды. Баяндаудың бұл түрі кейін философиялық трактаттарға дейін пайдаланғандылығы белгілі.

Қоғамдық тәртіп ережелерінің жиынтығы болып, жоғары адамгершілік шарттарын негіз еткен Хикар өсиеттері мән-мағынасы бай мазмұнға толы. Әкесінің баласына айтқан ақыл-кеңес түріндегі уағыздарда адамдардың күнделікті өмірін түрлі саласындағы  этикалық қалыптары мен қарым-қатынас дағдылары – ата-анаға, сүйген жарға, туыстар мен дос-жаранға, перзентке, қарттарға, соттар мен билеушілерге көзқарас қалыптары кеңінен қамтылған. Хикаяда сүйіспеншілік, қанағат, рақымшылық, байлық пен мансап, айып-күнә туралы өсиеттер бар, сонымен бірге қоғамдық сананың даму сатысындағы кейбір өзгертілген қайшылықты уағыздары да кездесіп қалады.

Хикар өсиеттерінің үлкен танымдық маңызы бар. Себебі бұл уағыздар өмірлік тәжірибеден туған ой-түйіндер екенін хикаядағы әр өсиет нақты дәлелдейді.

«Ұлым, ақылдылармен ақылды болуды есте тұт, солардай болмаққа; ессіз адамдарға жолдас болма, сені де ессіз, тәрбиесіз дер» деген өсиет ақыл-ой атаулының темірқазығы іспетті ғасырлар бойы жадыда жатталып қалатын терең мағыналы уағыз болса, «Ұлым, атаң мен анаңды сүй, (олар) саған өмір берді; олардың қарғысын алмағайсың, өйткені тәңірі мен ата-ананың алғысы бірдей; (олардың) қарғысын (алмасаң), сен де өз балаларыңнан сүйініш табарсың» деген өсиет жолдарында қаншама құнды мағына жатыр. Ата-ананы сүйіп сыйлау адамгершілік мұраттардың ең жоғарғы қағидасы ретінде қарастырылады, армян қыпшақтарына арналып аударылған мәтін болғандықтан «құдай» сөзі қыпшақша «тәңірі» сөзімен орынды алмастырылған. Мұндай имандылық уағыздарына құрылған терең ойлы тәмсілдерді Хикар өсиеттерінің бүкіл өне бойынан кездестіреміз.

Қазақ филология ғылымында «Дана Хикар хикаясын» бірінші болып зерттеген тілші-ғалым Сейсенбай Құдасов өзінің «Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана хикар сөзінің тілі» атты ғылыми еңбегінде: «Түркі-моңғол халықтары әдебиетінің терең білгірі Г. Потанин орыс әдебиетіндегі аталған шығарманың кейіпкерлері Ахир мен Синагриптің түркі-моңғол әдебиетіндегі параллельдерін салыстыра зерттей келіп, бұл сюжет Орталық Азияда пайда болған деп жорамалдайды. Салыстырма ретінде қазақ әдебиетіндегі Жиренше шешен, Шона батыр бейнелеріне тоқталады», – деп тұжырымдайды [4, 12-б.]. Шынында да, қазақ ауыз әдебиетінің ертегі, аңыз, шешендік сөздері, қиссалар мен дастандардағы сюжеттік желілерді салыстырып қарасақ, Сүлеймен патша, Лұқпан хакім, Жиренше шешен бейнелерінен ақын-жыраулар толғаулары мен би-шенедер тәмсілдерінен «Дана Хикар хикаясымен» көптеген ұқсастықтарды табуға болады.

Армян қыпшақтарына арнайы аударылған шағын нұсқаның беташары: «Услу Хігернің сөзү есі ақылы. Айтқаны да өгүтү кі өгүтлангөйлар адам оғланлары. Да ата оғлуна өгүт бергей де есіне алгайлар» деп көне қыпшақ тілінде жазылған. Қазіргі қазақ тіліне аударған мәтіні: «Дана Хикардың сөзі, ес-ақылы. Адамзат баласы үйренсін деп айтқаны, үгіт-өсиеті. Ата баласына өсиет берсін де естеріне алсын» деген сөздер болып шығады (Транскрипция мен аударма мәтін С.Ж. Құдасов кітабынан алынды). Осы беташардың өзінен әрісі халық ауыз әдебиеті ұшқындарын байқасақ, берісі Ыбырай Алтынсарин әңгімелері мен Абайдың қара сөздеріне ұқсастық нышандарын аңғарамыз.

Дана Хикардың мына бір өсиетіне назар аударайықшы: «Адам жүзінің суын (ұятын) кетірер тағы төрт іс бар: алғашқысы – жаман әйелге ғашық болса., екінші – көп сөйлеп, айтса: «Мен сияқты ешкім сөйлей алмас, білмес»., үшінші – орынсыз килігіп, жақсылардың сөзін бұзса., төртінші – «білемін» деп жалған сөйлесе. Дана Хикардан тағы сұрады: «Дүниеде не тәтті? Хикар айтты: «Беттің ұяты. Кімнің жүзінің ұяты болса, ол – сүйкімді, өйткені барша (жаман) нәрсе арсыздықтан туады» [4, 42-б.].

Осы нақылдың өзі Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұқар жыраулардың толғауларындағы имандылық, инабаттылық, адамгершілік ой иірімдерімен тығыз қабысып тұр. Көне замандағы Хикар дана мен қазақ аңыздары арасындағы ұқсастық, дәстүр ерекшеліктерін тарихи-әдеби, тілдік салыстырмалы әдіспен тыңғылықты зертеу қажет. Ежелгі Ассириядағы даналық ойшылдық мектебінен басталған шешендік тағлым қазақ әдебиетіне қандай шығармашылық орта, мектеп арқылы ықпал еткендігін ажыратып түгендеп беру – болашақтың міндеті.

Қорытынды. Ең бастысы, қазақ ғылымында «Дана Хикар хикаясын» зерттеу басталды. Оның басы-қасында көрнекті түріктанушы-ғалым Ғұбайдолла Айдаров болып, тілдік жағынан Сейсенбай Құдасов тыңғылықты зерттеулер жүргізді, ал белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Шәмшиябану Сәтбаева бұл ескерткіш туралы арнайы ғылыми мақала жазды.

Хикар туралы хикая әлемдік әдебиетке үлкен ықпал етті. Папирустардан бастап «Мың бір түн» шығыс ертегілеріне дейінгі  игі әсер түрлі халықтардың ауыз әдебиетінде, аңыздар мен әпсаналарда, ертегілер мен мысалдарда айқын көрініс тапты.

Қорыта айтқанда, ежелгі Шығыс данасы жүздеген ғасырлар бойы мәңгі өшпес өсиеттерімен бірге өркениетті елдер төрінен орын алып, үлкен сүйіспеншілікке бөленді. Ассириялық данышпан Хикардың ұлына айтқан уағыздары біздің заманда да құнды. Сондықтан армян жазуындағы «Дана Хикар хикаясы» қыпшақ ескерткіші қазақ әдебиеті тарихындағы бағалы жәдігер болып табылады.

Әдебиеттер

1  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық.   − Алматы, 1996. – Т.1.544 б.

2  Эволюция государственности Казахстана. – Алматы, 1996. 117 с.

3  Документы на половецком языке XVIв. (Транскрипция, перевод, предисловие, введение, грамматический комментарии и глоссарий Т.И.Грунина). – Москва, 1967. – 430 с.

4  Құдасов С.Ж. Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің тілі». – Алматы: Ғылым, 1990.118 б.

5  Мартиросян А.А. История и поучения Хикара Премудрого. Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора филологических наук. – Ереван, 1970.– 53 с.

References

1 Gazagstan tarihy (кone zamannan buginge dein). Tort тоmdyk. − Almaty, 1996. – Т.1.– 544 b.

2 Ieboliutsiagosudarstvennosti Каzаshтаnа. – Almaty, 1996. – 117 s.

3 Dokumenty na polobetskom iazykeXVIv. (Transkriptsia, perevod, predislovie, vvedenie, grammatisheskiy kommentariiiglossariyT.I.Grunina). – Моsкvа, 1967. – 430 s.

4 Kudasov S.J. Аrmian jazuly kypshak еskertkishi «Dаnа Hiкаrsozining tili». – Almaty: Gylym, 1990. – 118 b.

  5 MаrtirоsianA.А. Istoria ipousheniaHiкаrа Premudrogo. Аvtoreferatdissertatsii na soiskanie ushenoi stepeni doktora filologisheskih nauk. – Erevan, 1970. – 53 s.

  С.С. КОРАБАЙ,

  Институт литературы и искусства им. М.О. Ауэзова, главный научный сотрудник, г. Алматы, Республика Казахстан

 «СКАЗАНИЕО ПРЕМУДРОМ ХИКАРЕ» – АРМЯНОПИСЬМЕННЫЙ КЫПЧАКСКИЙ ПАМЯТНИК СРЕДНЕВЕКОВЬЯ

Резюме

Статья посвящена средневекому армянописьменному кыпчакскому письменному литературному памятнику «Сказаниео премудром Хикаре». Памятники, составленные в ХVI—ХVII вв. представителями армянских колоний на территории современных Украины, Молдавии и Румынии, назывались армяно-кыпчакскими. В  основном  эти памятники составлялись в Каменец-Подольске и во Львове.До нас дошли работы, написанные в период между началом XVI в. и концом XVII в.

«Сказаниео премудром Хикаре»– единственный известный памятник того периода, относящийся к художественно-дидактическому жанру и впервые переведенный на французскийязык в 1964 г. Ж. Дени и Э. Трыярским на основе венского оригинала, который хранится в библиотеке мхитаристов под № 468. Кем и когда была написана рукопись, неизвестно. В 1894 г. рукопись перевезли из Львова в Вену.

В произведении рассказывается о мудром советнике ассирийского царя   Синагрипа -Акире. Сюжет сказания сочетает традиционную фольклорную фабулу, когда слабый герой одолевает благодаря смекалке противника. Другой сюжетный   компонент – свод изречений и афоризмов, с которыми обращается Акир, этот   перечень наставлений занимает около четвертой части объема памятника.

Ученый-языковед С.Ж. Кудасов первым в казахской филологии исследовал это произведение и написал научный труд «Язык армяно-письменного кыпчакского памятника «Сказание о премудром Хикаре», который был издан в 1990 году в Алматы.

Ключевые слова: история, век, казах, литература, армян, наследие, кипчак, язык, памятник, произведение, вариант, сказание.

  S. KORABAY,

  Institute of Literature and Art named for M.O.Auezov, main research worker, Almaty, Republic of Kazakhstan

A «STORY ABOUT WISE HIKAR» IS ARMENIAN WRITING КIPCHAK MONUMENT OF MIDDLE AGES

Summary

The article is devoted armenian writing кipchak monument of middle ages to the writing literary monument «Story about wise Hikar». Monuments made in ХVI - ХVII eyelids by the representatives of the Armenian colonies on territory modern Ukraine, Moldavia and Romania, armenian-кipchak was named. Mainly  these monuments were made in Kаmенеts-Podolsk and in Lvov. The works written in a period between beginning of XVI of century and end of XVII of century reached to us.

A «Story about wise Hikar» is the only well-known monument of that period, related to the artistically-didactic  genre and first translated into the French language in 1964 J. Dеni and E. Тryiarskiy on the basis of the Viennese original that is kept in the library of mhitaristes under № 468. Whom and when a manuscript was written, it unknown. In 1894 a manuscript was transported from Lvov to Vienna.

In work told about wise adviser of the Assyrian tsar Sinagrip – Акir. The plot of story combines the traditional folklore plot of a story, when a weak hero overcomes due to the shrewdness of opponent. Other with a plot  component is a vault of saying and aphorisms Акir applies with that, this list of discipling occupies near fourth part of volume of monument.

Scientist-linguist S.J. Кudasоv in Kazakh philology investigated this work the first and wrote scientific work «Language of armenian writing кipchak monument «Story about wise Hikar», that was published in  1990 in Аlmaty.

Keywords: history, century, Kazakh, literature, Armenians, heritage, кipchak, language, monument, work, variant, story.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 4068

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) Зар заман ақындары шығармаларындағы Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы ӘОЖ 316.344.55:39(574) Қазақтардың дәстүрлі құқығы туралы революцияға дейінгі жазылған еңбектер ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясының генераторы ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ӘОЖ 930.27(035.3) ҚАССАҚ ЭТНОНИМІ ЖАЗЫЛҒАН КӨНЕ ТҮРКІ РУНА ЖАЗУЫНЫҢ МАҒЫНАСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР: 03.41.91 ҚАЛБА-НАРЫМ ӨҢІРІНДЕГІ ҚОЛА ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ (1991 жылға дейін) ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ ҒТАМР 03.20 + 13.81.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ М. ШОҚАЙ ИДЕЯЛАРЫ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

Author's articles

ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ