Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР

А.Т. Қаипбаева¹. ¹Т.ғ.к., қауымд. профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: құрмет., келісім этносаралық, Қазақстан Республикасы, тувалықтар, тарих, демография, этномәдени орталық
Author:
Аңдатпа. Мақалада қазақстандық тувалықтардың тарихы мен олардың елімізге қоныс аудару тарихын ғылыми негізде зерделеу нысанаға алынған. Атап айтсақ, тувалықтар мемлекетінің тарихы қысқаша баяндалып, оның негізгі кезеңдері сипатталады және олардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтылады. Яғни, тувалықтардың антропологиясы, тілі, наным-сенімі, шаруашылығы, дәстүрлі тағамдары, мәдениеті туралы баяндалады. Елімізде төзімділікті сақтау мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау танытылуда. Осының нәтижесінде қазақ жеріне жебеу іздеп келген өзге этнос өкілдерінің қатарында тувалықтардың да өзіндік құндылықтарынан ажырап қалмай, дәстүр жалғастығы мен сабақтастық негізде ұстану көрінісі мақалада нақты мысалдар арқылы айшықталады. Аталған еңбекте, тувалықтардың Қазақстанға қоныс аударуы, демографиялық жағдайы, мысалы 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдардағы ұлттық санақ қорытындылары бойынша динамикасы анықталады. Сондай-ақ, елімізде олардың басым бөлігінің қала тұрғындары болып табылатындығынан ақпарат беретін статистикалық мәліметтер ұсынылады. Мақала «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын «аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» атты ғылыми жоба шеңберінде дайындалды.
Text:

Кіріспе. Бүгінгі Қазақстан Республикасы жүзден астам ұлт пен ұлыстың Отанына айналған қасиетті мекен. Тағдырдың жазуымен және қалыптасқан түрлі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты қазақ жеріне келген ұлттар еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Тегі бөлек болса да, теңдігін бір қылу саясаты Қазақстан Республикасының ішкі саяси ұстанымдарының басымдылыққа ие бағыттарының бірі. Жерімізден жебеу іздеп келген ұлттар қазақ халқының кең пейілділігі мен қонақжайлылығы арқасында өз құндылықтарын жоғалтып алмай, керісінше еліміздің қолдауы нәтижесінде өз даму жолдарын тапты. Баршаның баласын бауырына басқан қазақ халқы әлемге толеранттылық пен мейірбандылықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!» деп Қазақстан Республикасы үшін ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өткен болатын (Тоқаев, 2019). Бірлік пен берекеге негізделген қарым-қатынастарға адалдығын танытып келе жатқан ұлттардың бірі – тувалықтар болып болып табылады. Тувалықтар түркі тектес халықтардың бірі болып табылады. Бұл халықтың атауы түрлі тарихи кезеңдерде танни-тувашылар, сойондықтар және уранхойлықтар деп те аталған болатын. Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына ерекше үлес қосып келе жатқан тувалықтар өздерінің әдет-ғұрып, салт-дәстүріне ерекше мән береді.

Матриалдар мен әдістер. Отандық тарих ғылымында қазақстандық тувалықтардың тарихы мен олардың елімізге қоныс аудару тарихы арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысаны бола қоймаған. Тек этнографиялық зерттеулер барысында тувалықтардың тарихы мен ұлт ретіндегі ерекшеліктерін айқындайтын қысқаша түсініктемелерді кездестіруге болады. Этнографиялық зерттеулер негізінен тува халқының материалдық және рухани мәдениетімен қатар, олардың ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын салт-дәстүрлеріне сипаттама жасайды.

Зерттеудегі алға қойылған мәселені қарастыруда тарих ғылымының талдау, жүйелеу, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи, сипаттап баяндау, есептеу тәрізді әдістері басшылыққа алынды.

Талдау. Тувалықтардың тарихы. Қазіргі тувалықтардың этногенезі мәселелері ғылыми қауымдастықтың назарын көптен бері өзіне аударып, пікір-таластар тудырып келеді. Аталған мәселе әсіресе Ресейлік ғалымдар мен шетелдік саяхатшылардың еңбектерінде көрініс тапты. Тувалықтардың тарихы өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Өйткені зерттеу жұмыстары тувалықтардың тарихын кешенді түрде ашып, сипаттау үшін олардың археологиясы, этнографиясы, антропология мен фольклор, лингвистика сынды алуан түрлі дереккөздерді кешенді тарту арқылы жүзеге асады.

Тувалықтар – Орталық Азия мен Саян-Алтай тауларын мекендеген ежелгі түркі тілдес халықтардың бірі. Тува халқының қазіргі атауы «Тува», «Тыва Кижи» деп аталады. Сонымен қатар Қытайдың Суй (581-618 жж.) және Тан (618-907 жж.) әулеттерінің шежірелерінде дубо, тубо және тупо деген атаулармен де беріледі. Суй және Тан әулеттерінің шежірелеріндегі бұл атаулар жоғары Енисей бойы мен Хубсугола көлін мекен еткен тайпаларға қатысты айтылады (История Тувы, 1964:7). Қазіргі тувалықтардың ең жақын тарихи ата-бабалары «чика және аза» тайпалары туралы мәліметтер ежелгі түрік руникалық жазба ескерткіштерінде кездеседі (VII-XII ғғ.). Сондай-ақ XIII-XIV ғасырлардағы моңғол, араб-парсы деректерінде де Тува және оның тұрғындары туралы мәліметтер бар.

Тувалықтардың тарихына мән берсек, көне түркі тайпасы ретінде көшпелілердің қуатты империясының мүшесі болғандығын байқаймыз. Атап айтқанда б.з.д. ІІ және б.з.д. І ғасырларда тувалықтар ғұн империясының шеткері аймағын мекен етушілер болса, VІ –VІІІ ғасырларда түркі қағанатымен қатар, Ұйғыр, Қырғыз қағанаттары және моңғол империясының құрамында болып, Орталық Азия мен Еуразия аймағындағы саяси үдерістердің белсенді қатысушысы болған. Әрине осындай алып империялардың құрамында өмір сүру тувалықтарды біртұтас ұлт ретінде қалыптасуына зор үлес қосты.

XVI-XVII ғасырларда тува тайпалары ортаазиялық Алтынхан мемлекетінің құрамына кірді. XVIII ғасырдың ортасынан бастап Қытайдың маньчжурлық цин әулеті де бірнеше негізгі әкімшілік бірліктерге бөлініп кеткен тува халқын өздеріне бағындырады. Осы тұстан бастап тувалықтарды нояндар басқара бастаған. Сонымен қатар бірқатар тувалықтар Тува жерімен қатар Моңғолия аумағында билік еткен монғолдардың да ықпалында болды (Анайбан, 2013: 21).

XVIII ғасырдың соңында тува тайпаларының Маньчжур Қытайының құрамына енген кезеңінде тува этносының қалыптасуы аяқталады. Бұл үдерістің маңызды факторларының бірі тува этносының қалыптасуында рулық емес, территориялық принципке негізделген әкімшілік бөліністің пайда болуы еді. Тува этносының негізін Саян тұрғындары құрады (Вайнштейн, 1961). Шығыстанушы-түркітанушы И.Л. Аристовтың деректану тұрғысынан аса маңызды еңбектерінің бірінде тувалықтардың этникалық құрамының қалыптасуында түркілік телес тайпаларымен қатар, қырғыз халықтары атсалысты деген тұжырым жасай келе, «урянхайлықтар өз бойына бірнеше тайпалар мен халықтардың белгілерін біріктіріп қана қойған, сонымен қатар батыс моңғол, орман тайпаларының этникалық үдерістеріне қатысып отырды» деген пікір білдіреді (Аристов, 1896:348).

1911-1913 жылдары Қытайда Синьхай көтерілісі орын алып, көтеріліс нәтижесінде Маньчжурлік Цинь династиясы құлатылған болатын. Осыдан кейін Тувада Қытай әкімшілігі мен шетелдік кәсіпкерлерге қарсы жаппай наразылық басталады. Осындай шиеленісті жағдай туындаған кезде патшалық Ресей де Тува жерін отарлау арқылы өзінің экономикалық тұрғыдағы мүддесін іске асыруда жоспарлаған. Нәтижесінде патшалық Ресей үкіметі 1914 жылдың 18 сәуірінде Урянхай аймағын Ресейдің бодандығына қабылдау туралы үкімет қаулысына қол қояды. Осы ретте атап өтетін бір жайт Урянхай аймағы Туваның бұрынғы атауы болып табылады (История Тувы, 2007: 11-12).

Осы оқиғалар желісінен кейін тувалықтардың өздерін басқаруға деген талпыныстары орындала бастайды. Атап айтқанда тувалықтардың өз алдына жеке ел болу жоспарларына сай 1921 жылы Танну-Тува Халық Республикасы жарияланған болатын. Кейіннен, нақтырақ айтқанда 1926 жылдан бастап ол Тува Халық Республикасы деп өзгертілген болатын. 1944 жылы Тува Халық Республикасы Ресейдің құрамына автономиялы аймақ ретінде енгізілген болатын. Ресей құрамындағы автономиялы аймақ ретінде тувалықтар Одақ көлеміндегі маңызды оқиғалардың белсенді қатысушысына айналды. Дәл осы жылдары әлемді шарпыған Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тувалықтар Отанға деген махаббат және ерлік пен елдіктің жарқын үлгілерін көрсетті. Тіпті немістердің өзі тувалықтардың ерлігі мен қаһармандығына таң қалып, оларды «қара ажал» деп те атағандығы туралы мәліметтер бар. Т.Б. Кечил-олл, Ч.Н. Хомушку, Н.П. Кабак сынды тувалықтар ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

e9a9b2e7d4dad4c79d621c28b7f4d5c5.jpg


Екінші дүниежүзілік соғыстағы тувалық. URL: https://news.rambler.ru/other/37454135-tuvintsy-pochemu-gitlerovtsy-prozvali-ih-chernoy-smertyu/?article_index=1

1961 жылы Тува автономиялы аймағы Автономиялы Кеңестік Социалисттік Республика болып өзгертілген болатын. Мызғымастай көрінген КСРО-ның құлауынан кейін 1991 жылдан бастап Тува Республикасы болып атана бастады. Ал 1993 жылдан бастап Тува емес, Тыва Республикасы болып өзгертілген болатын.

Қазақстандағы тувалықтар. Еліміздегі тувалықтардың тарихы, этнографиясы, олардың қазақ жеріне келуі сынды мәселелер әлі де болса іргелі зерттеу жұмыстарына арқау болған жоқ. Әрине мәселе ғылыми қауымдастық үшін қызығушылық тудырарлықтай. Бүгінгі таңда еліміздегі тувалықтардың саны салыстырмалы түрде алғанда өте аз. Осы ретте республика аумағында жүргізілген халық санағының мәліметтеріне мән берсек:

Қазақстан Республикасындағы тувалықтардың өсу-кему динамикасы

Кесте 1

Халық

1970

1979

1989

1999

2009

Тувалықтар

85

182

129

35

37

Байқағанымыздай, еліміздегі тувалықтар Кеңестік билік жылдарында көптеп саналған. 1979 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 182 адамды құраса, 1989 жылғы санақта еліміздегі тувалықтардың саны 129 адамды құраған. Еліміздің және өзге де одақтас республикалардың өз алдына дербес ел атануымен өзге ұлттардың өз тарихи отандарына оралу үдерісі қарқынды жүрді. Сондықтан да еліміздің демографиялық жағдайында 1991-2001 жылдары күрделі ахуал қалыптасты. Өз тарихи отанына оралу ниеті тува халқына да тән болды. Жоғарыдағы кестеге мән берсек, 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша ел азаматы ретінде бар болғаны 35 тувалық тіркелсе, 2009 жылғы санақ қорытындысына сай небары 37 тувалық тіркелген болатын. Әрине аз этнос өкілдерімен салыстырғанда бұл төмен көрсеткіш болып табылады (Национальный, 2010).

Осы көрсетілген тувалықтардың басым көпшілігі еліміздің түрлі қалаларында өмір сүрген. Демек, еліміздегі тувалықтардың басым көпшілігі қалалық болған. Оған дәлел 2009 жылғы халық санағы қорытындысы бойынша жарияланған статистикалық жинақта:

Қала тұрғындары

Кесте 2

Халық

1970

1979

1989

1999

2009

Тувалықтар

66

87

88

20

28

Демек, соңғы халық санағының мәліметтеріне сай елімізде 37 тувалық өмір сүрсе, оның 28 қалада өмір сүреді (Национальный, 2010). Мұның өзі егерде тувалықтардың кәсібі негізінен мал шаруашылығымен байланысты болған десек, еліміздегі тувалықтардың басым көпшілігі ата кәсібінен толыққанды қол үзген деп тұжырым жасауға негіз бола алады. Өйткені тек тоғыз тувалық қана ауылды жерлерде тұратындығы белгілі болып отыр.

Тувалықтардың тілі. Зерттеушілердің пікірінше, тува тілі өз алдына дербес тіл ретінде Х ғасырдың басында қалыптасқан. Қазіргі таңда тува тілінің өз ішінде жеке лингвистикалық топтар қалыптасып, олардың да өзіндік ерекшелігі бар екендігін атап өтуге болады. Атап айтқанда, мамандар бүгінгі тува тілінде төрт диалектінің бар екендігін алға тартып, олардың қатарына батыс, солтүстік-шығыс, орталық және оңтүстік-шығыс диалектілерін жатқызады (Бичелдей, 2001). Көрнекті түркітанушы академик В.В. Радлов 1861 жылы Батыс Туваға барған сапарынан кейін тувалықтар «түрік тілінде сөйлейді» деген тұжырым жасаған және тувалықтар шыққан тегі бойынша қырғыздар мен өзге де енисейлік тайпалардың аралас этникалық тобынан тұрады деген пікір білдіреді (Радлов, 1907: 14). Тува тілі түркі тілдер жанұясындағы ұйғыр тобына жатады. Белгілі географ және саяхатшы Г.И. Потанин 1876-1879 жылдары Тувада болып, тувалықтардың тайпалық құрамы туралы маңызды зерттеулер жүргізе келе, оларды «ежелгі ұйғырлардың ұрпақтары» деген пікір білдірген (Потанин, 1883: 13).

Ертеректе тувалықтар ескі моңғол жазуын қолданған болатын. Ал, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында тувалықтар латын емлесіне көшсе, 1941 жылдан бастап кирилл жазуын пайдаланып келеді. Бүгінде әлемдегі тувалықтардың 90 пайыздан астамы өз тілдерін жетік білсе, оның 60 пайызы орыс тілін еркін меңгерген (Кукушин, Қалиев, 2014: 206).

Жалпы, Қазақстан сынды өзге елде өмір сүретін тувалықтардың ұлт ретінде сақталып қалуы үшін этносты құраушы бірқатар маңызды факторларды терең ескеруі қажет. Әрине этнос құраушы факторлар қатарында тіл, дәстүрлі киім, тұрғын үй, дәстүрлі асханасы, салт-дәстүрлер, діни сенім сынды құндылықтарды жатқызуға болады. Осы аталған маңызды факторлардың қатарында ерекше атап өтетін мәселе ол тіл болып табылары анық. Шетелдік тувалықтардың ұлт ретінде сақталып қалуында олардың ортақ тілінің сақталып қалуының маңыздылығы жоғары. Міне осы тіл мәселесі өзінің өзектілігін жоймағанда ғана олардың шығу тегін ұмытпай, діни сенімі мен рәсімдерін, әдет-ғұрыптары және дәстүрлі киім үлгісін, дәстүрлі тағам түрлері мен тұрғын үйі сияқты тувалықтардың ұлт ретіндегі келбетін айқындайтын құндылықтарды насихаттау да өз деңгейінде жүргізілмек. Бүгінгі таңда тува халқы Қазақстанмен қатар, Моңғолия, Қытай және Ресей жерін мекен етіп отыр. Бұл өз кезегінде тувалықтардың тілдік ерекшеліктері мәселесін туындатады. Өйткені кез-келген тіл өзге тілдің әсері салдарынан өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуы мүмкін.

Қытай және Моңғолия жеріндегі тувалықтардың дәстүрі мен тілін, тарихын зерттеген М.В. Монгуш өзінің «Тувинцы России, Монголии и Китая: этнические и этнокультурные процессы, современная идентичность» атты зерттеу жұмысында сауалнама жүрігізіп, тувалықтардың өздерінен тілдік ерекшелік жағынан қай ұлт өздеріне жақын деген сұраққа қазақтар деп жауап берген. Ал мәдениет пен тұрмысы жағынан моңғолдарға жақын екендіктерін жеткізген болатын (Монгуш, 2005:31).

Жалпы тувалықтардың ұзақ уақыт бойына өзге елдерде қоныстанып, сол елдердің азаматы болуы салдарынан қазіргі тува тіліндегі күрделі өзгерістер пайда болуда. Моңғолиялық және қытайлық, қазақстандық тувалықтар өздері тұрып жатқан ортамен тығыз байланысуы нәтижесінде лингвистикалық және этномәдени ерекшеліктері өзгерістерге ұшырады. Осылайша, тува тілінің деңгейінің төмендеуі сынды жайттар орын алуда. Бүгінгі күні тува тілінде тувалық-моңғол-қазақ көптілдігінің әрекет етуінен ортақ синтез пайда болуда. Осылайша тувалықтардың тілі морфологиялық және семантикалық өзгерістерге ұшыраған.

Тувалықтардың антропологиясы. Антропологиялық жағынан тувалықтар солтүстік азиялық нәсілдің монғолоидтық ортаазиялық типіне жатады. Шығыс Тувалықтар ортаазиялық компонент қоспасы бар ерекше түрді білдіреді. Этникалық құрамы бойынша тувалықтар екі түрге бөлінеді. Олардың бірі далалық болса, екіншісі ормандық болып табылады. Далалық тувалықтар бірнеше көне түркілік халықтардың, атап айтқанда ұйғыр, Енисей қырғыздары, тоғайлық тувалықтардан тұрады (Кукушин, Қалиев, 2014: 206). Тувалықтардың антропологиялық жағынан моңғолдық нәсілге жақын болуын көптеген зерттеушілер б.з.д ІІІ ғасырларда ғұндардың Тува жеріне басып кіруінен басталған деген пікір білдіреді. Жергілікті халықпен етене байланысып кеткен ғұндар уақыт өте келе, жергілікті халықтың тек сыртқы келбетіне ғана емес, сонымен қатар тіліне де өзіндік өзгерістерін әкелді.

5f241ca958c48e84ebafbbf4da6035e0.jpg

Тувалықтар. URL: http://asiarussia.ru/articles/15857/

Тувалықтардың сенімі. Тувалықтар діни сенімі бойынша буддашылар болып табылады. Алайда тувалықтар арасында шамандық дәстүрді жалғастырушылар да көптеп кездеседі. Сөзсіз тувалықтардың осы екі сенімі де олардың шаруашылық және өмір сүру ерекшеліктерін анықтаған маңызды фактор болып табылады. Тувалықтардың рухани мәдениетінде буддалық ламалармен қатар, шамандардың да өзіндік алар орындары бар. Демек буддизм мен шамандықтың ерекше синтезі пайда болған десек те болады (Ламаизм, 1992).

Алайда, Кеңес дәуірінде белсенді түрде жүргізілген идеологиялық саладағы қайта құру әрекеттері, яғни дінді апиынға балау тек тувалықтар ғана емес бұрынғы Кеңес Одағының барлық халықтары үшін ауыр тиді. Өйткені сан жылдар көлемінде ұлттың сенім дәстүрінде үстемдік етіп келген діннің жоққа шығарылуы сөзсіз руханият саласына ауыр тиді. Бұл атеисттік ұстанымдар алдымен тува халқының мәдениетіндегі дін секілді маңызды құрамдас бөліктің жоққа шығарылуына алып келді. Осылайша ХХ ғасырдың алғашқы жартысында будда мәдениеті өзінің өмір сүруін тоқтата бастады. Осы ретте атап өтетін бір жайт, шамандық дәстүрдің кей сарқыншақтарының сақталып қала алды. Оның басты себебі шамандық нанымның өкілдері ресми биліктің назарын өзіне аудармастан өмір сүрді. Рас өздерінің нақты ғибадат үйі жоқ бұл сенім түрі халық арасында өзінің ықпалын жоғалта қойған жоқ. Сонымен қатар шамандардың мекен еткен жерлері де ресми билік өкілдерінің назарына іліге бермеді. Мысалы олар таулы қыратты жерлер, бастаулар мен ормандардың ішінде өмір сүрген шамандар толыққанды жойылудан аман қалды (Ламаистско-шаманский, 1986:153).

1.  Тувалықтардың дүниетанымында анимизм, яғни рухтық тылсым күштерге деген сенімнің алар орны ерекше. Мұндай ата-баба рухы және өзге де қара күштер туралы тувалықтардың өзіндік түсініктері бар. Тіпті оларды жекелеп, арнайы атау да береді. Мысалы мұндай тылсым күштер қатарын Аза атауын иеленген рухты атасақ болады. Х.Ф. Катанованың пікірінше, аза адамдарға түлкі немесе құйын түрінде көрінуі мүмкін (Катанова, 1893). Бұл зұлым рухтың тағы бір белгілері ешкінің басының сипатында болып, қол мен аяқтың орнына тұяқты болып келуі деп түсіндіріледі. Бұл қара күшті тек бақсылардың көмегімен ғана жеңуге болатындығы айтылады. Тувалықтардың түсінігі бойынша аза қара күші тіпті адамдарға шабуылдап, олардың киімдерін жыртып және өзге де жағымсыз әрекеттерге баруы мүмкін деп сенеді. Ф. Конның жазбаларында адам бойындағы түрлі ауруларды «аза» жіберсе, келесі бір қара күш «қайбын қу» науқастарды азапқа салумен айналысады (Современная, 2004:59-73).

Тувалықтардың тылсым күштерге деген сенімінде Албыс рухының алар орны бөлек. Қазақтар арасындағы «албасты» ұғымына сай келеді. Зерттеуші Н.Ф. Катанов өзінің еңбектерінде албысты өз уақытында үйленгісі келмеген қыз бейнесінде сипаттайды. Ол құм мен тас көп жерде өмір сүреді дей келе, оның айқайы ешкінің даусына ұқсайды деген мәліметтер береді. Бір қызығы тувалықтардың тылсым күштер туралы түсініктері көп жағдайда қазақтардың танымына сай келеді.

Бүгінгі таңда тувалықтардың буддизммен қатар, шамандық және православтық сенімді ұстанады. Дегенмен бүгінгі тувалықтар әсіресе буддизмге көп артықшылықтар береді. Әрине қазіргі таңдағы діни сенімді таңдаудағы еркіндік және зайырлы мемлекет жағдайында тувалықтар арасында өзге де діни ағымдар кеңінен насихатталуда. Олардың қатарында протестанттық ағымды атап өтуге болады.

Тувалықтардың дәстүрлі сенімдерімен қатар, ХІХ ғасырда орыстармен араласуы нәтижесінде христиан дінінің православ тармағы да кеңінен тарала бастады. Жалпы тувалықтардың діни наным-сенімі ұзақ жылғы қалыптасу кезеңінен өтті. Ол дәстүрлі діни нанымдардың қалыптасып, жаңа діни ағымдар арасындағы байланыс дәрежесінде дамудың жаңа сатысына көтерілді.

Тувалықтардың шаруашылығы. Дәстүрлі тувалықтардың мәдениеті өзге де Оңтүстік Сібірдің байырғы халықтарының мәдениеттерімен тығыз байланысты. Өйткені тувалықтардың мәдениеті сол өңірдің мәдениетінен бастау алады және сол өңірдің мәдениетінің логикалық жалғасы болып табылады. ХХ ғасырдың басында тувалықтардың мәдениеті үш типте қалыптасты. Ұзақ жылдар бойына тувалықтардың көпшілігі осы тарихи кезеңде көшпелі өмір сүрді. Ұсақ және ірі қара мал өсірумен айналысып, өзге де көшпелі елдер сынды жылқы ұстады. Сонымен қатар тіпті түйе де өсірген. Бастапқыда қазақтар сынды тувалықтардың да негізгі баспаналары киіз үй болды. Байқағанымыз тувалықтар сол тұстағы қазақ, моңғол, алтайлықтар, қырғыздар, буряттар және басқа да халықтарға ұқсас өмір сүрді.

9a21c5916f0d816a49d4839fdb7939f2.jpg

Тувалықтардың жылқы шаруашылығы. URL: https://ria.ru/20170109/1485302487.html

784a3c9cb7e9f99f47960798ca7866f0.jpg

Түйе шаруашылығы. URL:http://irkipedia.ru/content/tuvincy_obshchie_svedeniya

Тувалықтардың дәстүрлі шаруашылықтарының бірі – ормандарда бұғы асырау ісі болды. Шаруашылықтарының негізгі мәні бұғы асырап, оның тұқымдарын асылдандырумен шұғылданды. Әрине бұл іс орман тувалықтары үшін экономикалық тұрғыдан бірқатар игіліктер әкеледі. Бұғылармен қатар, дәстүрлі тувалықтардың шаруашылығы қатарында балық аулау ісін атауға болады. Тувалықтардың шаруашылығында аңшылықтың алар орны ерекше. Жылдың әр мезгілінде әр түрлі мезгілінде түрлі аңдарды арнайы әдістермен аулау дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін аңшылар көбінесе тұяқты жануарларға аңға шыққан. Орманда жиі кездесетін аю тувалықтардың сеніміндегі жануар болғандықтан (тотемизм), көбінесе аюға тиіспеген. Тувалықтар қоршаған табиғатпен ажырамас байланыста өмір сүруді жақсы меңгерген. Тіпті олар өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі деп санайды. Ешқашан табиғатты, жан-жануаларды бағындыруға тырыспайды. Тувалықтардың табиғатқа аяушылықпен қарап, оны қастерлеуге бағытталған әдет-ғұрыптары көп.

Тувалықтардың мәдениеті.Тувалықтардың рухани мәдениеті өте бай. Көшпелі халықтарға тән бір қасиет халық ауыз әдебиетінің қарқынды дамуы болған десек, тувалықтарда да түрлі жанрдағы ауызша поэзия жақсы дамыған. Олардың қатарында батырлық эпос, аңыздар, дәстүрлер, әндер, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жатқызуға болады. Осы уақытқа дейін батырлық эпостық жырларды келер өскелең ұрпаққа жатқа айтатын әрі өзге де махаббат сынды шығармаларды орындайтын жыршылар тувалықтар арасында өмір сүреді. Тува халықтарының музыкалық халық шығармашылықтары түрлі жанрдағы әндермен, диттермен ұсынылғандығы белгілі. Тува халқының музыкалық мәдениетінде өздеріне тән дәстүрлі орындау шеберлігі ерекше орын алады.

Тувалықтардың киімі. Тувалықтарының ұлттық киімдерінде аймақтық ерекшелік сипаттамалары басым. Ол дегеніміз ұлттық киімдері тарихи-этнографиялық ерекшеліктермен қатар, өздері орналасқан аймақтық сипатты да қамтиды. Ұзақ уақыт бойы басқа халықтармен қатар өмір сүру олардың ұлттық  киімдеріне де айтарлықтай әсер етті.

1ad1f2de90ff7938f7d26c5316a057a3.jpg

Дәстүрлі киім киген тувалықтар. URL: https://gorets-media.ru/news/1185

Алайда, соңғы 30-50 жылда тувалықтардың дәстүрлі киімдері айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ұлттық киімдері барынша заманауи киім үлгісіне лайықталды. Дәстүрлі киімдер көп жағдайда жабайы аңдардың терілерінен, түрлі маталар мен киізден тігілетін болған. Тувалықтардың сыртқы киімдері – шапан деп аталады. Сырт киімдері қыста ұзын жүнді тондар, көктемде және күзде жүні қысқа жүнді қой терілері киілетін. Ерлер мен әйелдерге арналған ең көп таралған бас киімнің бірі – төбесі кең күмбезді қой терісі.

e3fef33305d8c8ccdcbee84e8007d868.jpg

Тувалықтардың замануи киімі. URL: https://borgi.ru/vk/id/55718403/

Тувалықтар күнделікті киімдерінің өзге де халықтардан еш айырмашылығы жоқ екендігін байқатады. Күнделікті өмірде олар әмбебап қалалық киімдерді, оның ішінде шалбар, күртеше, көйлек, спорттық аяқ киімдер, замануи етік және тағы да басқалары.

Тувалықтардың дәстүрлі тағамдарында сүт өнімдері кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар ашытылған сүт өнімдері сусын ретінде, оның ішінде қымыз ретінде жүреді. Ірімшіктің әр түрлі түрлері тувалықтардың дәстүрлі дастархандарында басым болып келеді. Тувалықтардың негізгі асы үй және жабайы жануарлардың еті болып табылады. Тувалықтар әсіресе қой мен жылқы етіне үнемі сұраныста болады. Өйткені тувалықтардың дәстүрлі тағамы көп жағдайда игерген шаруашылық түрімен тығыз байланысты. Мысалы ХХ ғасырдың ортасына дейінгі тувалықтар негізі шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы болған болатын. Көне заманнан келе жатқан тувалықтардың бұл шаруашылығы сөзсіз Кеңестер билігі тұсында, ауылдарды колхоздастыру сынды саясат салдарынан көп өзгеріске ұшырады. Тувалық ерлер арасында ерекше сұранысқа ие кәсіптің бір түрі аңшылықпен қатар, балық аулау сынды кәсіп түрі аса сұранысқа ие. Мұндай шаруашылыққа қызығушылық, яғни аң аулау мен бұғы бағу істері көбінесе шығыс тувалықтардың негізгі кәсібі болып табылады. Тувалықтар мал шаруашылығына ден қойғандықтан тұрмыстық қолөнер үлгері де мал терілерін өңдеу арқылы жасалады.

Қорытынды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры ретінде бейбіт қатар өмір сүру мен бір бірімізге деген құрмет пен төзімділікті ту етіп ұстаған Қазақстан халқы бүгінде әлемдік аренада өз орнын таба білді. Елімізде қазақ халқының айналасына топтасқан өзге этностар қатарында тувалықтар да бейбіт және өзара келісім жағдайында өмір сүруде. 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдардағы ұлттық санақ қорытындылары бойынша анықталғандай елімізде этникалық топтар арасында азшылықты құрайтын тувалықтар үшін бүгінде Қазақстан олардың екінші Отанына айналған.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Анайбан З.В., Маннай-олл М.Х. Происхождение тувинцев. История вопроса // Новые исследования Тувы. – №3. – 2013. – 197 с.

Аристов Н.А. Заметки об этническом состове тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина. Выпуск 3-4. – Санкт-Петербург, 1896. – 456 с.

Бичелдей К.А. Звуковой строй диалектов тувинского языка. – Москва, 2001. – 156 с.

Вайнштейн С.И. Тувинцы-тоджинцы. Историко-этнографические очерки. – Москва, 1961. – 218 с.

История Тувы. – Т І. – Москва, 1964. – 412 с.

История Тувы. – Т ІІ. – Новосибирск, 2007. – 367 с.

Катанова Н.Ф. Среди тюркских племен // Известия Императорского Русского географического общества. – Санкт-Петербург, 1893. – Т 29. – 784 с.

Кукушин В.С., Қалиев С. Этнопедагогика.Оқулық. – Алматы, 2014. – 336 б.

Ламаизм в Туве. Историко-этнографическое исследование. – Кызыл, 1992. – 156 с.

Ламаистко-шаманский синкретизм в фольклоре тувинцев // Исследования по тувинской филологии. – Кызыл, 1986. – 273 с.

Национальный состав, вероисповедание и владение языками в Республике Казахстан. Итоги национальной переписи населения 2009 года в Республике Казахстан. – Астана, 2010. – 297 с.

Потанин Г.П. Очерки Северо-Западной Монголии. – Санкт-Петербург, 1883. – 452 с.

Радлов В.А. Образцы народной литературы тюркских племен. – Часть 9. – Санкт-Петербург, 1907. – 658 с.

Современная духовная культура тувинцев Монголии и Китая // Этнографическое обозрение. – Москва, 2004. – №6.

Тоқаев Қ.К. Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы // Егемен Қазақстан газеті. – 2019. – 2 қыркүйек.

References:

Anayban Z.V Mannai-oll M. KH Proishojdenie tuvintcev. Istoria voprosa // Novye issledovanya Tuvy. – №3 –2013. – 197 s.

Aristov N.A. Zametki ob enicheskom sostave tyurskih plemen I narodnostei I svedenya ob ih chislennosti // Zhivaya starina. Vypusk 3-4. – Sankt-Peterburg, 1896. – 456s.

Vainshtein S. I. Tuvintcy-todzhinsy. Istoriko-etnogrophicheskoe ocherki. –Moskva, 1961. – 218 s.

Istoria Tuvy. – T.I. – Moskva, 1964. –412 s.

Istoria Tuvy. – T.II. – Novosibirsk, 2007. – 367 s.

Katanova N.F. Sredi tyurskih plemen // Izvestia Imperatorskogo Russkogo geogrephicheskogo obshestva. – Sankt-Peterburg, 1893. – T 29. – 784 s.

Kukushin V.S., Kaliev S. Etnopedagogika. Okulyk. – Almaty, 2014. – 336 b.

Lamaizm v Tuve. Istoriko-etnofraphicheskoe issledovanie. – Kyzyl. 1992. – 156 s.

Lamaistko-shamanskiy sinkrewtizm v folklore tuvintcev // Issledovania po tuvinskoi filologii. – Kyzyl, 1986 – 273 s.

Natcionalniy sostav, veroispovedanie I vladenie yazikami v Respublike Kazakhstan. Itogi natcionalnoi perepiski naselenya 2009 goda v Respublike Kazakhstan. – Astana. 2010. – 297 s.

Potanin G.P. Ocherki Severo-Zapadnoi Mongolii. – Sankt-Peterburg, 1883. – 452 s.

Radlov V.A. Obraztcy narodnoi literatury tyurskih plemen. – Chast 9. – Sankt-Peterburg, 1883. – 452 s.

Sovremennaya duhovnaya kultura tuvintcev Mongolii I Kitaya // Etnographicheskoe obozrenie. – Moskva, 2004. – №6.

Tokayev K.K Syndarly kogamdyk dialog – Kazakstannyn turaktylygy men orkendeuinin negizi atty Kazakstan halkyna arnalgan Zholdauy // Egemen Kazakstan gazeti. – 2019.–2 kyrkuiek.

МРНТИ 03.20.00

ТУВИНЦЫ В КАЗАХСТАНЕ

А.Т. Каипбаева¹. ¹К.и.н., ассоц. профессор, ВНС ВНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова КН МОН РК. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. Предметом статьи является история переселения тувинцев в Казахстан. В частности, кратко рассматривается история тувинского государства и ее основные этапы. Также повествуется об их быте, а именноанализируются их антропология, язык, верования, хозяйство, традиционная пища, культура. Наша страна продвигает государственную поддержку вопроса толерантности. В результате тувинцы вместе с другими этносамине утратили своих ценностей. Сохранение тувинцами традиций и развитие этих традиций показано в статьена основе конкретных примеров.

В указанном труде рассматриваются переселение тувинцев в Казахстан, демографическая ситуация, к примеру, динамика согласно переписи населения 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 годов. Наряду с этим, представляена статистическая информация, по которой большая их часть является жителями городов.

Ключевые слова: Республика Казахстан, тувинцы, история, демография, этнокультурный центр, межэтническое согласие, почитание.

IRSTI 03.20.00

TUVANS IN KAZAKHSTAN

A.T. Kaipbayeva¹

¹Candidate of Historical Sciences, Assoc. Professor, Leading researcher

atCh.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, SC MES RK.

 Kazakhstan, Almaty.

Annotation. The subject of the article is the history of the resettlement of Tuvans to Kazakhstan. In particular, the history of the Tuvan state and its main stages are briefly examined. It also tells about their life, namely, their anthropology, language, beliefs, economy, traditional food, culture are analyzed. Our country is promoting government support for the issue of tolerance. As a result, Tuvans, along with other ethnic groups, did not lose their values. The preservation of traditions by Tuvans and the development of these traditions is shown in the article on the basis of specific examples.

This work considers the resettlement of Tuvans to Kazakhstan, the demographic situation, for example, the dynamics according to the census of 1970, 1979, 1989, 1999, 2009. Along with this, statistical information is presented, according to which most of them are residents of cities.

Keywords: Republic of Kazakhstan, Tuvans, history, demography, ethnocultural center, interethnic accord, reverence.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2674

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ИСТОРИКО-ДЕМОГРАФИЧЕСКИЙ АНАЛИЗ ТЮРКСКИХ НАРОДОВ КАЗАХСТАНА ЗА 1959 – 1970 ГГ. ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ӘОЖ 316.32(574-25) ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ НЕКЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР