Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР

О.Х. Мұхатова¹. ¹Т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының БҒҚ

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(23), 2020

Tags: келісім, ұлтаралық, Қазақстан Республикасы, литван, тарих, депортация, құрмет., лагерь, демография, этномәдени орталық
Author:
Аңдатпа. Мақалада Қазақстандағы литвандар және олардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтылады. Литвандар мемлекетінің тарихы қысқаша баяндалады және оның негізгі кезеңдері сипатталады. Литвалықтардың Қазақстанға күштеп қоныс аударылуы, оның себептері, салдары көрсетіледі. Депортацияланған литвалықтардың саны жөнінде мәліметтер беріледі. Карлагта, ГУЛАГ-та, Степлагта Литва елінен шыққан тұтқындардың жағдайы сипатталады. Қазақ халқы және литвалықтардың өзара қарым-қатынастары баяндалады. Литвандардың демографиялық жағдайы, 2009 жылғы ұлттық санақ қорытындылары бойынша динамикасы анықталады. Қазақстан Республикасы облыстары бойынша литвандардың саны турасында ақпарат беріледі. Литвандардың анағұрлым шоғырланған аймағы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары екендігі айқындалы. Литвалықтардың этномәдени орталықтары және олардың қызметі жөнінде айтылады. Литвандардың дәстүр жалғастығын сақтап, дамытуып отырғандары нақты мысалдар арқылы көрсетіледі.
Text:

Кіріспе. Адамзат үшін ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен құрмет – ең қымбат қазына. Сол қазынаны сақтап, нығайту белгілі бір мемлекет аумағында өмір сүретін халықтар және ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығына тікелей байланысты. ХХІ ғасырдағы жаңарған Қазақстанның да басты ұстанымы – қоғамдағы барлық ұлттар мен ұлт өкілдерінің бірегейлігі және бірлігі. Осы мақсатта тәуелсіз мемлекетте «Мәңгілік Ел» идесы жарияланды. «Мәңгілік Ел» идеясының мәні қазақстандық бірегейлік пен бірліктің іргетасы мәдени, этникалық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар қалыптасыру. Бұл мәселе Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан көрініс тапты (Назарбаев, 2014).  Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту бойынша арнайы тұжырымдама да қабылданды. Литвандар қазақстандық ортақ мақсат – ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар өздерінің салт-дәстүрлерін де ұстанып, мәдениеті мен тілін дамытып, ұлттық ерекшеліктерін сақтауға да жіті назар аударады.

Материал және әдістер.Литвандардың қазақ еліне келуі, заманауи Қазақстанда өсіп-өнуі, тұрмыс-тіршілігін зерттеу отандық тарих ғылым үшін қажет. Қазақ елінің тәуелсіздігін  нығайтудың басты факторларының бірі саналатын ұлтаралық келісімді, халықтар достығы мен өзара құрметін жалғастыруда да литвандардың өткенін, қазіргісін білу маңызды. Мәселені зерделеудің осы қырынан келгенде ғылымдағы ынтымақтастық, көршілердің достық қарым-қатынастары теориялары алынды. Сондай-ақ зерттеудің методологиялық негіздері Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы және Қазақстан халқы Ассамблеясында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері алынды.

Қазақстандағы литвандардың тарихын, мәдениетін және рухани дамуын, демографиялық ахуалын кешенді зерттеу методологиялық ұстанымдарын нақты айқындауды талап етеді. Осы орайда тарихилық қағидасын қолдану қазақстандық литвандардың өткен уақыттардағы тарихын білуге ғана емес одан сабақ алуға, бүгінгісін тануға және болашағын болжауға мүмкіндік береді. Жалпыметодологиялық шынайылық қағидасы литвандардың қазақ жеріне қоныс аударуының себептері мен салдарын анықтауда қолайлы болып саналады. Ал әлеуметтік қағидасы литвандарды тұтас бір ұлттың Қазақстанға келіп, этникалық топ ретінде өмір сүруі үдерісін тарихи сабақтастықта қарастыруға жағдай жасайды. Зерттеуде аталған қағидалармен қатар тарих ғылымының талдау, жүйелеу, салыстыру, модельдеу, баяндау, есептеу, сипаттау тәрізді әдістері қолданылады.

Мәселенің зерттелуі. Отандық тарих ғылымынан Қазақстандағы литвалықтар туралы арнайы зерттеулер орын алмаған. Іргелі зерттеулер қазіргі Литва Республикасының тарихы бойынша дайындалған. Оларда ежелгі дәуірдегі, ортағасырлардағы, жаңа және қазіргі замандағы Литваның өткені көрініс тапқан. Литвандар 1980-жылдардың соңында өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін төл тарихына, тіліне ерекше мән беріп, қайта қарап, жаңа көзқарстар танытты. Литва және литвандар турасындағы ақпарат ұлттық энциклопедияның беттерінен орын алған. Ал Қазақ еліндегі литвандар жөнінде мақалалар көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланған. Олар – көпшілікке арналған, публицистикалық сипаттағы және сұхбат түріндегі жарияланымдар. Олардың мазмұны Қазақстан Республикасы және Литва Республикасы арасындағы ынтымақтастық, сауда байланыстары, елшілік қатынастары, туристік сапарлар, ұлттық-мәдени орталық және оның қызметі туралы мәселелерге арналған.

Литвалықтардың тарихы. Литвалықтар өздерін лиетувей деп атайды. Литвалықтардың литвандар деген де атауы бар. Литва этносының қалыптасу негізін б.з.д. ІІ мыңжылдықтың басында ата-бабалары Нямунас және Раугава өзендерінің бассейніне қоныстанған аукшайтерлер, жемайтерлер, скальвалар, квадравылар және кейіннен надрув, судав, куршей, земгал тәрізді ежелгі балтық тайпалары құрады. Тайпалардың бірігуі нәтижесінде ІХ-ХІІ ғасырларда мемлекеттік құрылым пайда болды. ХІІІ ғасырдың бас кезінде Ұлы Литва княздығы құрылды. Осыдан кейін литван халқының қалыптасу кезеңі басталды (Ұлттық энциклопедия, 2004:266). ХІІІ ғасырдан бастап 200 жылдан астам уақыт Литва неміс рыцарларына тойтарыс берумен болды. Басқыншыларға қарсы тұру үшін Литва Польшамен Крев униясын (1385 ж) жасасты. XIV-XVI ғасырларда литовтардың шығыс славян халықтарымен, нақтырақ айтсақ, орыстармен және белорустармен қарым-қатынастары күшейді. 1410 жылы 15 шілдеде Литва мен Польшаның біріккен күші Грюнвальд шайқасында Тевтон орденінің рыцарларын талқандады. Люблин унииясынан (1569 жылы) кейін Литва мен Польша біртұтас мемлекет – Речь Посполитаяға бірікті. Речь Посполитаяның ыдырауына байланысты 1795 жылы Литва жерінің көпшілігін Ресей өзіне қосып алды. 1807 жылға дейін Пруссияның, кейін Варшава герцогтігінің қол астында болған Нямунас өзенінің сол жағалауындағы Литва жерінің бір бөлігі 1815 жылы Ресей империясының құрамына қосылды. 1830-1831 жылдардағы Польша мен Литвадағы көтерілісті басу кезінде Ресей әскері халықты қырғынға ұшыратты. І дүниежүзілік соғыстың басында Литва жері ұрыс алаңына айналды. 1915 жылдың күзінде Германия әскері Литваны түгел жаулап алды. 1918 жылы 16 ақпанда Литва кеңесі (Летувос тариба) Литва тәуелсіздігін жариялады. 1918-1940 жылдары Литва тәуелсіз мемлекет болды (Ұлттық энциклопедия, 2004:266).

1940 жылы 21 шілдеде Литваның халықтық сеймі Литва Кеңестік Социалистік республикасын жариялау туралы тарихи шешім қабылдады (Литва ССР, 1972:4). Сөйтіп, Литва Кеңес Одағының құрамына енгізіліп, 1940-1990 жылдар аралығында Одақтағы он бес республиканың бірі ретінде өмір сүрді.1990 жылы Балтық теңізі жағалауы республикалары: Литва, Латвия, Эстония бірінші болып Одақ құрамынан шығу туралы мәлімдеме жасады. Коммунистік партия және кеңес билігі олардың бұл әрекетіне кедергі жасауға тырысты. Бұл республикалардың Одақтан шығуы КСРО-да үлкен дүрбелең тудырды. Одақтан шыққан жағдайда олардан үлкен көлемде қаржы талап етілетіндігі ашық айтылды. Алайда тәуелсіздікке ұмтылған республикалар айтылғандарды елемеді, өз ұстанымдарынан бас тартпады. Ақыры осы жылы Литва өзге де көршілерімен қатар КСРО-ның құрамынан бөлініп шықты. Бүкіл әлемге өздерінің тәуелсіздігін паш етіп, «Егеменді Литва мемлекеті туралы» декларацияны қабылдады. Осылайша тәуелсіз мемлекетке айналды.

Қазақстанға келуі. Тарихта тағдыр тәлкегіне түсіп, жат өлкеден қоныс тапқан халық өкілдері аз болмады. Түрлі себептердің салдарынан өзге елдің азаматтарына айналған ұлт өкілдері де жетіп артылады. Қазақ жеріне әрқилы кезеңдерде түрлі жағдайларға байланысты әртүрлі ұлттар мен топтар келіп қоныстанғаны белгілі.

Халықтардың Қазақстанға қоныс аударуының келесі кезеңі Кеңестер еліндегі саяси қуғын-сүргін жүргізілген жылдармен тұспа-тұс келеді. 1937 жылдың күзінен басталған қасірет 1952 жылға дейін жалғасты. Осы аралықта Қазақстанға түрлі халық өкілдері күшпен көшірілді. Сондай халық өкілдерінің бірі – литвандар. Тоталитарлық жүйенің жазықсыз жекелеген халықтарды айыптап, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, еріксіз жер аударуы 1939 жылға дөп келгендігі белгілі. Одақты әкімшіл-әміршіл тәсілмен билеп-төстеген сталиндік большевиктік басшылықтың ресми саясаты литовтарды айналып өтпеді. Дегенмен литвалық арнайы қоныс аударылған азаматтар жайлы деректер өте аз. Қазақстанға литвалық азаматтар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында орналаса бастады. Бай кулактар мен ауқатты шаруаларды жер аудару Литвада да көрініс тапты. 1941 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының басталуына бірер күн қалғанда Литвада жаппай қоныс аудару басталды. Бұл «қызыл табан шұбырынды» бас аяғы 12 жылға созылды. Күштеп жер аудару тек ауқатты тап өкілдеріне қатысты болды деуге келмейді. Қоныс аударғандардың арасында дәулетті адамдармен қоса кедейлер де бар еді. 1944 жылы кеңестік үкімет халықтың қолындағы малды тартып алып, жаппай ұжымдастыру саясатын жүргізе бастады (Күрішбекова, 2015:237). Алайда жаппай депортация орын алған тұста көптеген литвалық отбасылар туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Мыңдаған қоныс аударушылар Қазақстан, Сібір және Қиыр Шығысқа табан тіреді. Ұлы Отан соғысы жылдарында 30 мың литвалықтардың отбасы Сібірге жер аударылды. 20 мың адам КСРО-ның түрлі аймақтарына, соның ішінде Қазақстанға эвакуацияланды (https://ehistory.kz). Осы зобалаңда Қазақстанға жалпы саны 17 мыңдай литвалықтар келіпті. Қуғын-сүргінге түскен ливалықтардың негізгі бөлігі Қарағанды облысының аумағына орналастырылды (Калыбекова М.Ч., https://cyberleninka.ru). Дегенмен отызыншы жылдардың соңына дейін қазақ даласына түрлі себептермен көшіп келген литвандықтар да болды. 1939 жылғы 24 қаңтардағы халық санағы бойынша Қазақстанда 32 342 литвалықтар тұрған (Из истории депортаций. Казахстан, 2014:644). Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің 1938 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық есебі бойынша 1938 жылдың 1 ақпанында БК (б)П қатарындағы литвалықтардың саны 9 болған (Из истории депортаций. Казахстан, 2014:636).

Депортацияланған литвалықтардың саны жағынан Қазақстан Ресей советтік социалистік республикасынан кейін екінші орында тұрды. Осы кезде деректер бойынша Қазақстанда 50 мың литвалық болған. Литвандар жай ғана қоныстандырылып қоймады, бір тобы жазалаушы лагерьлерге тоғытылды. Осы жылдары Қарағандыдағы Карлагта, ГУЛАГ-та, Степлагта Литва елінен шыққан тұтқындардың саны көп болды. Мәселен, Степлагта 2690 литвалық тұтқын жапа шекті (Литовцы, http://archive.president.kz). Степлаг КСРО Ішкі істер комиссариатының Қарағанды облысы аумағындағы ең алғашқы ерекше лагері еді. Архив құжаттары оның құрамында бірнеше бөлімдердің құрылғандығын дәйектейді. 1949 жылдың сәуірінде жұмыс жасап тұрған бөлімшелердің қатарына тағы да 6 лагерь бөлімдері қосылды: № 3 - Жезқазған-Кеңгір, № 4 - Жезқазған-Рудник, № 5 - Жезді кенті, №6 - Жезқазған кенті-Кеңгір және т.б. Осылардың ішінде Жезқазған-Кеңгір бөліміндегі тұқындар арасында литвалықтар болды. Ал Карлаг ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі база болды. Лагерьдің 106 мал фермасы, 7 бау-бақша және 10 жыртпалы егіс учаскесі, 82,6 мың гектар шабындық, 19 мың гектар тың жерлері және т.б. болған. Осыншама үлкен шаруашылықта тұтқындар жұмыстың барлығын қол еңбегі арқылы атқарған (Калыбекова М.Ч., https://cyberleninka.ru).Ата-бабасы ертеден егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан литовтардың осы лагерьге жабылуы тегін емес-ті. Лагерь басқармасы олардың еңбегін ғана емес тәжірибесін де аяусыз пайдаланды. Литвандар метал өңдеу, тігін тігу, тері илеу, тамақ дайындау кәсіпшіліктерін меңгергендіктен аталмыш салаларда да адам төзбейтін жағдайларда еңбек етті.

Лагерлердің ауыр тұрмысына қарамастан литвалықтар күнделікті өмірлерін айналасындағыларға пайдалы етіп өткізуге тырысты. Лагерлердің бірінде медицина қызметкері ретінде жұмыс жасаған қарттың берген сұхбатында медицинадағы күнделікті өмір сипатталған. Литвалықтардың лагерлерде рентгенге түсіруші болып қызмет еткендігі туралы айтылған. Тұтқын қарт Удо Иосиа Спасскі лагерінің мәдени іс шараларын былай деп еске алған: «Соңғы жылдары кино көрсетіле бастады, жұмысшыларды тізім бойынша жіберетін, осы аптада басқа адамдар, келесі аптада басқа адамдар. Эстондықтар мен литвалықтардың өз оркестрі, музыкалық аспаптары мен аптасына бір рет концерт ұйымдастыратын. 1954 жылдары алғаш фотоға түсіру басталды, келесі жылы саны көбейді, өйткені 1954 жылдан бастап босату үшін құжаттар дайындау басталған болатын. тұтқындар арасында спорттық ойындар ұйымдастырған кезеңде осы мезгілдер. Топ болып бөлініп әр түрлі спорттық ойындар ойнайтын еді» (Күрішбекова, 2015:238). Лагердегілер опералық концерттер қойып, онда әлем халықтарының әндері мен билерін орындайтын болған. Сондай концерттерде бір литвалық қыз аккордионда ойнайтын (Күрішбекова, 2015: 239).

АЛЖИР-де де литва ұлт өкілдерінің әйелдері қамауда болғанын дәлелдейтін архив құжаттары сақтаулы. Қарағанды облысы бойынша ату жазасына кесілген литвандардың тізімі бар. Лагерьдің адам төзгісіз жағдайына төтеп бере алмағандардың қайтыс болғандығын тарихи деректер дәйектейді. Теміртау бөлімінің тұтқындарының арасында да Литва елінің азаматтары жапа шеккен. Қуғын-сүргінге түскендердің кейбіреулері лагерь қабырғасында қаза тапқан.

1956-1957 жылдары Украина, Молдавия, Литва, Эстония елдерінің Жоғарғы Кеңесінің Төралқалары комиссиялар құрып, жазықсыз қудаланған отандастарын қайтарып алу мақсатында талпыныстар жасады. Соның нәтижесінде қуғындалған халық өкілдерінің қатарында литвалықтардың да құқықтары қайта қалпына келтіріліп, олар өз атамекендеріне қайтуға мүмкіндіктер туды. Литвалықтардың көпшілігі тарихи отанына бірден қайтып кетті. Дегенмен уақыттарда Литваға қайта оралмай, Қазақстанда қалып қалғандары да болды.

Литвандықтардың келесі бір легі Қазақстанда тың жерлерді игеру кезінде келді. Өз еріктерімен келген литвандардың басым көпшілігі жастар еді. Олар тың өлкесіндегі совхоздарды құруға, инфрақұрылымды қалыптастыруға, комсомолдық құрылыстар салуға белсене араласты. Осылайша литвалықтар көп ұлтты Қазақстанның тұрғылықты этникалық тобына айналды. Салты, дәстүрі, діні, табиғит жағдайлары қазақ халқына мүлде ұқсамайтын ұлт өкілдері өздеріне жат елдің әлеуметтік-шаруашылық жағдайларына бейімделе бастады. Қиын жағдайларды еңсеруге қазақ халқы көмектесті. Мал бағуды, саманнан үй салуды үйретті. Қолдарында барымен бөліскен, аялы алақандарын ұсынған қазақтарға литвалықтар саз балшықтан ыдыс-аяқ, ағаштан, темірден түрлі бұйымдар жасап, жәрдемдесті. Қазақтар мен литва ұлт өкілдерінің арасында тығыз байланыстар орнады.

Ең бастысы оларды бір-бірімен жақындастырған өзара құрмет, ата-ананы сыйлау, отбасын аялау, еліне адал еңбек ету тәрізді құндылықтар еді. Бұл үдеріс қазіргі уақытта да өзінің жалғасын тауып келеді. Ұлттық киіміндегі, тағамдарындағы, діліндегі айырмашылықтар болғанымен мүдделері ортақ.

Литвандардың демографиялық жағдайы. Литвандар Қазақ елінде өсіп, өнді. 1970 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша литвалықтардың саны 14194 адамға жетті. 1979 жылы санақ қорытындыларында 10964 адамды құраса, 1989 жылы олардың динамикасы 10657 адам болды (Литовцы в Казахстане, https://el.kz/news/archive). Жекелеген облыстар бойынша литвалықтардың саны туралы деректер кездеспейді. Литвалықтардың динамикасы аз болғандықтан олар басқалар деген категорияға жатқызылып, жалпы саны көрсетілген.

Кеңес Одағының ыдырауы алдындағы және Литва өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңде Қазақстандағы литвалықтардың көпшілігі тарихи отандарына көшіп кетті. Керісінше 1990-жылдардың соңына қарай кәсіпкерлікпен айналысатын литвалықтар Қазақстанға көшіп келді. 1999 жылғы Халықаралық санақ және ҚР Статистикалық агенттігінің Қазақстан халықтары жөніндегі мәліметтері бойынша литвалықтар, яғни литвандар 7070 адамды құраған (Қартаева, 2007:84).2009 жылғы республикада өткізілген халық санағының қорытындылары бойынша литвалықтар 5000 адам болған. 1999 жылғы халық санағымен салыстырғанда Қазақстандағы литвалықтардың саны айтарлықтай азайған. Мұның себептеріне елдегі литвалықтардың аға өкілдерінің бақилық болуын, орта буын өкілдері мен және жастардың тарихи отанына оралуын, басқа ұлт өкілдерімен некеге тұруды жатқызуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін 2009 жылғы санақ қорытындылары бойынша литвандардың облыстардағы динамикасын кесте түрінде көрсетейік.

Кесте 1.

Қазақстан Республикасындағы ұлттық санақ қорытындылары бойынша литвалықтардың саны (2009 жылғы ұлттық халық санағы қорытындылары, 2011).

ҚР облысы атауы

Литвандардың жалпы саны

ерлер

әйелдер

Қала тұрғындары

Ауыл тұрғындары

Ақмола

154

75

79

50

77

Ақтөбе

31

11

20

25

6

Алматы

49

25

24

12

37

Алматы қаласы

111

48

63

111

Атырау

14

7

7

9

5

Астана қаласы

205

95

110

205

Батыс Қазақстан

-

-

-

-

-

Жамбыл

-

-

-

-

-

Қарағанды

-

-

-

-

-

Қостанай

754

395

359

375

379

Қызылорда

12

4

8

12

-

Маңғыстау

-

-

-

-

-

Оңтүстік Қазақстан

-

-

-

-

-

Павлодар

-

-

-

-

-

Солтүстік Қазақстан

698

337

361

186

512

Шығыс Қазақстан

177

103

74

100

77

Кестеден көрінетіндей, литвандардың анағұрлым шоғырланған аймағы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары саналады. Бұдан кейін литвандардың біразы Астана, қазіргі Нұрсұлтан қаласында тұрады. Орналасу жағынан төртінші орынды Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары иеленеді. Литвалықтар Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша литвалықтардың саны көрсетілмеген. Мұның өзі біріншіден, олардың аталған облыс аумақтарында өте аз өмір сүретіндіктерін, екеншіден саны өте аз болғандықтан өзге эностық топтардың қатарына қосылып саналғандығын білдіреді. Литвандардың көпшілігі қалаларда тұрады. Ерлер мен әйелдердің саны негізінен бірдей. Ірі мегаполистердегі литвандар туралы айтатын болсақ, мәселен, бір қызығы литвалықтар Алматы қаласының Әуезов және Бостандық, Алмалы аудандарында көбірек тұрады. Бостандық ауданында 28, Әуезов ауданында 26, Алмалы ауданында  24 литвандық өмір сүреді (2009 жылғы ұлттық халық санағы қорытындылары, 2011:9-10). Литвандардың шоғырланған аумағы - Нұрсұлтан қаласының Сарыарқа және Алматы аудандары. Санаққа Сарыарқа ауданында 106, Алматы ауданында 88 литвалық тіркелген (2009 жылғы ұлттық халық санағы қорытындылары, 2011:11).

Бұдан кейінгі кезеңде санақ көрсеткіштері негізінен өзгеріссіз қалды деп түйіндеуге болады. Дегенмен өсу динамикасы байқалады. Қазіргі уақытта көпұлтты республикада 7 мың литвалықтар өмір сүреді. Ал 2014 жылғы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша литвандардың көпшілігі адамы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында өмір сүретіндіктерін дәлелдеді (https://qazaqstan.tv).

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында литвандардың 2,5 мыңы Қарағанды облысының аумағында тұрды. Бұл - еліміздің дамыған өнеркәсіп облысындағы ірі литов қауымдастығы. Мұның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, осы аумақта саяси босқындарға арналған лагерлер орналасқан. Екіншіден, Қазақстандағы литвалықтардың біразы тың игеру жылдары Қарағанды облысына көшіп келген. Осыған орай литвалықтар осы өлкеде шаңырақ көтеріп, қазақ жерін өз отандарына айналдырған. Көпұлтты қазақ елінің мүшелері болса да төл дәстүрлерін, тілін, ұлттық рухын сақтап келді (Несіпбай, 2014:2). Қазіргі уақытта литвандардың ең көп шоғырланған аймағы – Қостанай облысы. Облыстағы өзге ұлт өкілдерімен қатар аймақтың қоғамдық-саяси, экономикалық өміріне белсене араласуда. Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімге негізделген саясатты жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.

Этномәдени орталықтары. 2003 жылдың 15 қазанында Қарағанды қаласы және облысында тұратын литва ұлт өкілдерінің және азаматтарының бастамасымен және Қазақстан Республикасындағы Литваның елшілігінің көмегімен мәдени орталық тіркелді. «Литуаника» литов мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы - В. Твариенас. Орталықтың белсенді тобы 50 адамнан құралған (Несіпбай, 2012). Қоғамдық бірлестіктің бастамашыл тобы литва тілі мен литва халқының тарихын оқыту курстарын ұйымдастырады. Қазақстанда этникалық топ болып саналатын литвандықтар өздерінің тарихына, шығу тегіне және мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайды. Тілі мен ділін, тарихы мен мәдениетін келешек ұрпаққа жеткізуде отандары Литвамен тығыз байланыстар орнатқан. Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 15 маусымда орнатылды. 1993 жылы 7 қарашада Қазақстандағы Литва елшілігі ашылды. 1995 жылдың шілдесінде Қазақстанның Литвада елшілігі ашылды. 2003 жылдың 28 ақпанында Астана қаласында Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис Алматыдан көшіп келген Литваның елшілігін ресми түрде ашты (https://e-history.kz). Қазақстанға және қауымдастыққа Литва елінен арнайы делегациялар келіп тұрады. Мәселен, 2004 жылы Литва әлеуметтік қамтамасыз ету министрінің орынбасары Виолетта Мураускайте бастаған бір топ ресми адамдар келді. Олардың келуі жезқазғандық Кеңгір лагеріндегі саяси тұтқындар көтерілісінің 50 жылдық оқиғасымен байланысты болды. Барлық қазақстандықтар тәрізді литовтар да 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Жезқазғанда, Қарағандыда және Балқашта саяси қуғын-сүргін зардаптарынан құрбан болғандарға ескерткіш белгі қойылды. Өз кезегінде Елбасының бастамасымен Қазақстандағы литвалық тұтқындар репрессия құрбандары жайында деректер жинағы шығарылып, Литва президенті Даля Грибаускайтеге табысталған болатын (Алаш айнасы. – 2011).

Қауымдастық мүшелері әлемнің 33 елінен келген өкілдер жиналған Бирштонас қаласында өткізілген литвалықтардың халықаралық съезіне қатысты. Бас қосу жыл сайын кеңестік биліктің салдарынан қуғын-сүргінге түскен литва тегінен шыққан азаматтардың тарихи отанына оралуы бойынша мемлекеттік бағдарламаның аясында өткізіледі. Осы съезде орталықтың қызметі оң бағаланды. Төрағасы Виталий Тварионас Литва Республикасы Президентінің құрмет грамотасымен марапатталды (Президент және халық. – 2009). Сонымен қатар қоғамдық бірлестік Литваның әртүрлі министрліктері және ведостволарымен ынтымақтастық орнатқан. Солардан елдің тарихы, мәдениеті бойынша кітаптар, газеттер және журналдар алдырып тұрады. Осыған орай орталықта түрлі әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоры қалыптастырылған. Қауымдастықтың жұмысына қажетті әдебиеттер мен құралдар Қазақстан Республикасының кітапханаларынан, баспалардан және ақпараттандыру орталықтарынан түседі.

Бірлестік жанынан литвалықтардың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеу және ұстану мақсатында түрлі үйірмелер құрылған. Халық аспаптарында ойнауға үйрету де назардан тыс қалдырылмаған. Литвандардың ұлттық билерін және басқа да халықтардың өнерін танытуға бағытталған клубтар жұмыс жасайды. Қоғамдық бірлестікке қажетті ақпарат алып отыру үшін интернет-класс жабдықталған. Орталық жанынан жексенбілік мектеп ашылған. Мектепте сабақтарды Қазақстанға рим-католик шіркеуінен келген Алоиза есімді кейуана жүргізеді.

Литваға турист ретінде барғысы келетіндерге құжаттар мен визалар бойынша кеңестер мен ұсыныстар беріледі. Литвалықтардың мәдени орталығы тарихи отанымен, Литвада тұратын «LITUANICA» мүшелерінің ата-анасымен, туыстарымен, достарымен тығыз байланыс орнатқан. Бір сөзбен айтқанда, «LITUANICA» Литвалық қауымдастық - бұл өзінің ұлттық мерекелерін атап өтетін және қонақтарды шақыратын шағын литвалық арал іспеттес.

Орталық үнемі өзімен өзі болудан, дара дамудан гөрі өзгелермен тығыз қарым-қатынас ортануды, тәжірибе алмасуды жөн санайды. Сондықтан да көпұлтты Қазақстанның әртүрлі мәдени орталықтарымен, қауымдастықтарымен қоян-қолтық араласады. Ал ондайлар аз емес. Қазақстанның барлық өңірлерінде 900-ден астам этномәдени бірлестік, 192 этноағарту кешендері және мен Достық үйлері жұмыс жасайды. «Литуаника» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В. Твариенастың сөзімен айтқанда, Қазақстанда «аз ұлттар» деген ұғым қолданылмайды. Төраға: «Әр ұлттың адамдары - бұл өз мәдениеті, салт-дәстүрлері бар халық, ең бастысы, бұл халық діни және ұлттық қатынастарды құрметтей, достықпен өмір сүруі керек. Ел экономикасы, оның дамуы мен өркендеуі осы қатынастардың тұрақтылығына байланысты», - деп литвалықтардың Қазақстандағы бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді сақтап, нығайтуға үлес қосып отырғандығын осылайша білдірді. Шындығында да адамзат үшін ұлтаралық татулық, конфессияаралық келісім, өзара түсіністік пен құрмет - ең қымбат қазына. Сол қазынаны сақтап, нығайту белгілі бір мемлекет аумағында өмір сүретін халықтар және ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығына тікелей байланысты. ХХІ ғасырдағы жаңарған Қазақстанның да басты ұстанымы - қоғамдағы барлық ұлттар мен ұлт өкілдерінің бірегейлігі және бірлігі. Осы мақсатта тәуелсіз мемлекетте «Мәңгілік Ел» идесы жарияланды. «Мәңгілік Ел» идеясының мәні қазақстандық бірегейлік пен бірліктің іргетасы мәдени, этникалық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар қалыптасыру. Бұл мәселе Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан көрініс тапты (Назарбаев, 2014:17). Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту бойынша арнайы тұжырымдама да қабылданды. Литвандар қазақстандық ортақ мақсат - ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде өз үлестерін қосуда. Оған дәлел 2018 жылдың 26 маусымында Литва этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Литвалықтардың мәдени мұрасы. Қазақстандағы литвалықтар» атты мерекелік шара өтті. Айтулы шараның мақсаты – қоғамдағы келісім мен жалпыұлттық құндылықтарды өркендетуде өлкеде тұрып жатқан этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға септесу бағытында Қарағанды облысы көлемінде атқарылып жатқан игі істерді насихаттау. Осындай шара арқылы халықтар достығын нығайтуға, ел бірлігін сақтауға литвандар қайымдастығының үлесі барша қазақстандықтарға паш етілді. Литвалықтардың қазақстандық қоғамдағы барлық ұлттар мен ұлт өкілдерінің бірегейлігі және бірлігін нығайту бағытындағы бастамалары мен тәлімді жұмыстарын «Литуаника» мәдени орталығының төрағасы Виталий Тварионастың тілшілерге сұхбатынан көруге болады. Сұхбатында қазіргі уақытта литва тегінен шыққан азаматтардың барлық көпұлтты Қазақстан халқы тәрізді бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқандығын баса көрсетті. «Литвалықтар мен қазақтардың тарихи жақындығына қандай баға бересіз?» деген сауалға былай деп жауап берді: «Литвандар өздерінің салтын сақтай отырып, қазақ халқының дәстүріне толерантты түрде қарайды. Сонымен қатар республикадағы әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, түрлі қайрымдылық шараларына белесене араласады, литвалықтардың және мемлекеттік, ұлттық мерекелерге қатысады. Жоғары оқу орындарында, мектептерде және бала бақшаларда кездесулер ұйымдастырады. Шығармашылық кештер өткізеді, жастарды литва мәдениетімен таныстырады, Литва мен Қазақстан арасында кәсіпкерлік серіктестік дамып келеді»(https://e-history.kz), - деп жауап берді. Өз сөзін ары қарай «Көптеген қазақстандық литовтар Литвамен этникалық байланыстар жасайды, студенттер Қазақстаннан Литваға білім алуға барады, Литвадан бізге оқуға келеді. Литов қауымдастығының қала сыртында Литва Үйі, орталығында офисі бар. Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консульдығы екі мемлекет арасында тығыз экономикалық, мәдени, рухани, елшілік қатынастарын дамытуға мұрындық болуда (Нуршаева, 1997).

Дәстүр жалғастығы. Ірімшік дайындау дәстүрі оларды бүгінгі нарықта шағын және орта бизнесті қалыптастырып, дамытуға мүмкіндік берді. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай ірімшік дайындайтын шағын цехтар бар. Олар аз мөлшерде болса да ірімшік жасайды, себебі дәмді литван ірімшігіне деген сұраныстың бар екендігі байқалады. Оған Литвадан келетін ірімшіктер дәлел бола алады. Қазақстан нарығында Литва ірімшіктері жыл сайын артып келеді.

Қазақстанда тұратын литвандар өздерінің ұлттық тілдерінде сөйлеп, оны сақтап, келер ұрпағына жеткізуге үлкен мән береді. Тарихтағы «тілін ұмытқан халық жойылады» деген қағиданы берік ұстанған. Тарихи отандарындағы тіл мәртебесінің жағдайы осы байламға тікелей ықпал еткен. Литва өзінің мемлекеттік тілін тәуелсіздік алғаннан кейін аз уақыттың ішінде заңды тұғырына қондыра білуімен ерекшеленеді. Литвада мемлекеттің тілдің мәртебесі жылдан жылға нығайып келеді (Ана тілі, 2014).

Қуғын-сүргін құрбандарына тағзым. Литвандар тек жалпыұлттық құндылықтарды өркендетуге өз үлестерін қосып қана қоймай өткенге құрметпен қарап, оны болашақ дамудың кепілі ретінде санайды. Сондықтан да өткен кезеңдердегі тағлымды оқиғалар мен үдерістерді үнемі еске алады. Әсіресе кеңестік тоталитралық жүйенің құрбандарына тағзым етуді әсте естен шығармайды. Сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт өкілдеріне қазақ халқының тигізген көмегі алдында бас иеді. Кезекті саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қарағанды облысының Долинка кентіндегі депортацияға ұшырағандарды еске алу музейінде «Қазақстандағы литовтар» атты көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, ашылды. Сталинизмнің «торына» түсіп, қазақ даласына өз еріктерімен келмеген халық өкілдеріне байырғы тұрғындармен көрші болу, еңбек етуге тура келді. Біразы лагерлердің азапты тұрмысын бастан кешірлі. Музей қорларының бас сақтаушысы Марига Клышникова қазақ халқының ауыр кезеңде литвандарға  көмектескендігін атап айтты. Литвалықтардың да қарап отырмай, жергілікті тұрғындарға қолдарынан жасалған ыдыстарын ұсынғандығын, осылайша бір бірлеріне сүйеу болғандығын атап өтті (http://ekaraganda.kz).

Көрмеге 1940-1950-жылдардағы тарихи құжаттар, фотосуреттер, тұрмыстық заттар қойылды. Экспозиция материалдарынан олардың қандай лагерьлерге тиісті болғандығын, литвалықтардың қай жерлерді жұмыс жасағандығын көруге болады. Көрмеге сонымен қатар Қарағанды облысы бойынша ату жазасына кесілген литвандардың тізімі, архив құжаттарының көшірмелері, лагерьлердегі тұтқындардың құрамы және қозғалысы, арнайы қоныстанушылардың саны және т.б. туралы анықтамалар қойылды. Литва ұлты өкілдерінің АЛЖИР-дегі тұтқындарына арнайы бұрыш жасалып, қойылды.

Суретте: жер аударылған литван балалар

Суретте: литвалық арнайы қоныс аударушылардың бір тобы

Осылардың барлығы саяси қуғын-сүргінге түскендердің қасіретті тағдырын бір сәт көз алдыға әкелді. Қуғын-сүргін қасіреті жекелеген адамдардың тағдыры арқылы көрсетілді. Көрме экспозициясының арасынан Теміртау лагерінің тұтқыны Адамис Адамонистің қайтыс болуы туралы құжаттарды және Спасск бөлімінің тұтқыны Отто Спогатаның карточкасын кездестіруге болады. Көрмеге музей қорларынан арнайы қоныстанушылардың чемодандары, діни бойтұмарлар, ыдыс-аяқ және тұтқындардың киімдері қоса қойылды (https://lenta.inform.kz/). Көрме ұйымдастырып, құрбандарға тағзым етудің өзі музейдің Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлт өкілдерінің тарихын және мәдениетін дәріптейтіндігін көрсетеді.

Қорытынды. Тәуелсіз Қазақстанда литвалық этникалық топ өзге ұлттар мен ұлт өкілдері тәрізді бейбіт және өзара келісім жағдайында өмір сүріп жатыр. Литвалықтар үшін Қазақстан екінші Отанына айналған. Қазақстанға патриоттық сезіммен қарайды. Қазақ халқына, оның салт-дәстүріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайды. Қиын-қыстау кезінде көмек қолын созған халыққа алғыстары да шексіз.

Этникалық топ болып өмір сүретін халық өкілдерінің қазақ елінде тұрса да жүректерінің түбінде туған жерлерін әлдилейтін жандар екендігін байқауға болады. Сол үшін де ана тілдерін, ұлттық салт-дәстүрін, діні мен ділін сақтауға және дамытуға мән береді. Алайда қазіргі литвалықтар үшін туған жері, қасиетті мекені (Назарбаев, https://www.akorda.kz) - ол Қазақстан. Сондықтан да литвандар қазақ еліне, халқына адал, оған құрметпен қарайды. Барша қазақстандық ұлт өкілдері тәрізді қазақ халқына рахмет айту күнінде тар жол, тайғақ кешкен кездеріне өздеріне көп көмек берген байырғы тұрғындарға алғыстарын жеткізеді. Литвалықтар тәуелсіз көпұлтты, көпдінді елдегі халықтар достығын нығайтуға да өз үлестерін қосуда. Қазақстандық қоғамдағы барлық ұлттар мен ұлт өкілдерінің бірегейлігі және бірлігін нығайтудағы ұстанымдары мемлекет мүддесімен үндес.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. – Астана, 2014. – 27 б.

Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласы. – [Электронный ресурс] – URL:https://www.akorda.kz/kz/events /akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

Из истории депортаций. Казахстан. 1935-1939 гг. Сборник документов. – Алматы: LEM, 2014. – 740 б.

Литва. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 6-т. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы, 2004. – 696 б.

Литва ССР. Әлеуметтік-экономикалық очерк. – Алматы: «Қазақстан баспасы», 1972. – 84 б.

Литовцы Казахстана. – [Электронный ресурс] – URL:https://ehistory.kz/ru/news/show/6536/

Литовцы, самоназвание – лиетувей. – [Электронный ресурс] – URL:http://archive.president.kz/wp-content/uploads/Litovtsy_1.pdf

Литовцы в Казахстане: мир, согласие и дружба //https://el.kz/news/archive/litovtsy_v_kazakhstane-_mir-_soglasie_i_druzhba/

Литва тілін тұғырына қондырдық. //Ана тілі. – 2014. – 16 сәуір (№14).

Литва Президентіне «тозбайтын шапан жауып, «өлмейтін ат» мінгіздік. //Алаш айнасы. – 2011. – 7 қазан. – №77 (629).

Күрішбекова А.Қ. Арнайы қоныс аударылған литвалық азаматтардың Қазақстанға қоныстануы//Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. – 2015. – №1. – 236-239 бб.

Қазақстан Республикасы. 2009 жылғы ұлттық халық санағы қорытындылары. Облыстар бойынша. – 2-3 т. – Астана, 2011.

Қарағанды облысында қуғын-сүргінге түскен литвалықтар туралы// https://lenta.inform.kz/kz/karagandy-oblysynda-kugyn-surginge-tusken-litvalyktar-turaly-korme-ashyldy_a3556368

Қартаева Т. Тарихи демография. – Алматы «Арыс», 2007. – 152 б + 4 б. сурет.

Несіпбай А. Жүрегіміз ашық, жолымыз түзу. // Егемен Қазақстан. – 2014. – 22 сәуір. №77.

Несіпбай А. Мәуелі бәйтеректің бір бұтағы. // Егемен Қазақстан. – 2012. – 20 қаңтар

Нуршаева Р. Литва и Казахстан всегда интересны друг другу. // Экспресс. 1997. – 11 марта.

References:

Elbasynyn «Qazaqstan zholy – 2050: bіr maqsat, bіr mүdde, bіr bolashaқ» Zholdauyy. – Astana, 2014. – 27b. [in Kazakh]

Elbasynyn «Ruhani jangyru – bolashaqqa bagdar» maqalasy. – [Electron resource] – URL:https://www.akorda.kz/kz/events /akorda_ news/press _conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy [in Kazakh]

Iz istorii deportacii Kazahstan. 1935-1939 gg. Sbornik dokumentov. – Almaty: LEM, 2014. – 740b. [in Russian]

Litva. Qazaqstan ulttyq enciklopediyasy. T.6 – Almaty: Qazaq enciklopediyasynyn Bas redaktory, 2004. - 696b. [in Kazakh]

Litva SSR. Aleumettіk-ekonomikalyq ocherk. – Almaty: «Qazaqstan baspasy», 1972. – 84b.[in Kazakh]

Litovcy Kazahstana. – [Electron resource] – URL:https: //edu.e-history.kz/ ru/news/show/6536/ [in Russian]

Litovcy, samonazvanie – lietuvej. – [Electron resource] – URL:http://archive.president.kz/wp-content/uploads/Litovtsy_1.pdf  [in Russian]

Litovcy v Kazahstane: mir, soglasie i druzhba. – [Electron resource] – URL:https://el.kz/news/archive/litovtsy_v_kazakhstane-_mir-_soglasie_i_druzhba/

Litva tіlіn tugyryna qondyrdyq. //Ana tіlі. – 2014. – 16 sauіr (№14). [in Kazakh]

Litva Prezidentіne «tozbajtyn shapan zhauyp, «olmejtіn at» mіngіzdіk. //Alash ajnasy. – 2011. – 7 qazan. – №77 (629). [in Kazakh]

Kүrіshbekova A.Q. Arnayy qonys audarylgan litvalyq azamattardyn Qazaqstanga qonystanuyy. //Abaj atyndagy Qazaq ulttyq pedagogikalyq universitetі Habarshysy. Tarih zhane sayasi-aleumettіk gylymdar seriyasy. – 2015. – №1. – 236-239bb. [in Kazakh]

Qazaqstan Respublikasy. 2009 jylgy ulttyq halyq sanagy qorytyndylary. Oblystar bojynsha. – 2-3 t. – Astana, 2011. [in Kazakh]

Qaragandy oblysynda qugyn-sүrgіnge tүsken litvalyqtar turaly. – [Electron resource] – URL:https://lenta.inform.kz/kz/karagandy-oblysynda-kugyn-surginge-tusken-litvalyktar-turaly-korme-ashyldy_a3556368 [in Kazakh]

Qartaeva T. Tarihi demografiya. – Almaty «Arys», 2007. – 152b + 4b.suret. [in Kazakh]

Nesіpbaj A. Jүregіmіz ashyq, jolymyz tүzu. // Egemen Qazaqstan. – 2014. – 22 sauіr. №77. [in Kazakh]

Nesіpbaj A. Mauelі bajterektіn bіr butagy. // Egemen Qazaqstan. – 2012. – 20 qantar [in Kazakh]

Nurshaeva R. Litva i Kazahstan vsegda interesny drug drugu. // Ekspress. 1997. – 11 marta. [in Russian]

МРНТИ03.20.00

ЛИТОВЦЫ КАЗАХСТАНА

Мухатова Оразгуль¹

¹Доктор исторических наук, профессор,

главный научный сотрудник Института истории и этнологии имени

Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье излагается о литовцах Казахстана и их жизни. Кратко характеризуется история Литовского государства иее основные этапы. Показывается насильственное переселение литовцев в Казахстан, его причины и последствия.Приводится сведения о количестве депортированных литовцев.Описывается положение заключенных из Литвы в Карлаге, ГУЛАГе и Степлаге.Описываются взаимоотношения казахов и литовцев.Определяетсядемографическое состояние литовцев по результатам национальной переписи населения 2009 года.Приводится информация о количестве литовцев в регионах Республики Казахстан.Делается вывод о том, чтонаиболее концентрированными районами Литвы являются Костанайская и Северо-Казахстанская области. Рассказывается об этнокультурных центрах литовцев и их деятельности.Показывается продолжение и развитие литовцами свои традиции на основе конкретных примеров.

Ключевые слова: Республика Казахстан, литовцы, история, депортация, лагерь, демография, этнокультурный центр, межэтническое согласие, уважение.

IRSTI 03.20.00

THE LITHUANIANS OF KAZAKHSTAN

MukhatovaOrazgul¹

¹Doctor of Historical Sciences, Professor.

Chief Researcher at the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan,Almaty.

Abstract.The article describes the Lithuanians of Kazakhstan and their lives. The history of the Lithuanian state and its main stages are briefly characterized. Shows the forced resettlement of Lithuanians to Kazakhstan, its causes and consequences. Information on the number of deported Lithuanians is given. The article describes the situation of prisoners from Lithuania in the Karlag, Gulag and Steplag. The relationship between Kazakhs and Lithuanians is described. The demographic state of Lithuanians is determined according to the results of the 2009 national population census. Information on the number of Lithuanians in the regions of the Republic of Kazakhstan is provided. The conclusion is made that the most concentrated regions of Lithuania are Kostanay and North Kazakhstan regions. It tells about the ethnocultural centers of the Lithuanians and their activities. The continuation and development of Lithuanians' traditions is shown on the basis of specific examples.

Keywords: Republic of Kazakhstan, Lithuanians, history, deportation, camp, demography, ethnocultural center, interethnic harmony, respect.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 2943

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) УДК 94 (574) «05/16» О системном кризисе тюркского кочевого общества Центральной Азии в конце VIII-X вв. ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары УДК 392 (- 512122) (574.5) Социально-психологический портрет городской семьи в конце ХХ в. (по материалам этносоциологического исследования казахского населения 908 (574) КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАМР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАМР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАМР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУВАЛЫҚТАР ҒТАМР 03.20.00 ЭТНОГРАФ-ҒАЛЫМ САЛЫҚ БАБАЖАНОВ

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР