Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20 + 13.81.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ М. ШОҚАЙ ИДЕЯЛАРЫ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

Т.Я. Сәтбай¹, С.Т. Тайман², Л.И. Калжанова³. ¹Т.ғ.д., қауымд. профессор. ²Т.ғ.к. ³Магистрант. Қорқыт ата ат. Қызылорда университеті.

ҒТАМР 03.20 + 13.81.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ М. ШОҚАЙ ИДЕЯЛАРЫ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(25), 2021

Tags: «Ялла» ансамблі, қазақ, қырғыз халықтары, Мұстафа Шоқай, өзбек, «Түркістан идеясы», Ақжол Мейірбеков, «Түркістан бірлігі»
Author:
ХХ ғасырдың басында Орталық Азияның түркі халықтары Ресей империясы мен Қытай мемлекетінің құрамында отарлық жағдайда болды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және т.б. түркі халықтарынан шыққан еуропалық үлгідегі зиялыларды түркістан халықтарының болашағы толғандырды. Олардың ішінде Мұстафа Шоқайдың ойлары ерекшелігімен көзге түседі. Көптеген зиялылар түркі халықтарының дербес ұлттық автономиясы идеясын қолдады. Алаш зиялылысы бұл ауқымнан шығып, түркістан халықтарының конфедерациясын қолдады. Мақалада Мұстафа Шоқайдың «Түркістан ұлты», «Түркістан бірлігі» тұжырымдамасының қалыптасуы барысы және бүгінгі саяси реалдылықтар жағдайындағы өзектілігі талданады. Авторлар түркістан халықтарының саяси-мәдени жақындасуының нақты мүмкіндіктеріне сүйенеді. Әсіресе қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының мәдени тұрмыстық тұрғыдан алғанда «төменнен» жақындасуына, өзара ықпалдастығына қатысты пайдаланылмай жатқан ресурстарға назар аударады. Сөйтіп, жаһандасу жағдайындағы М. Шоқай идеялары жаңғыруының, жүзеге асыруылының нақты аспектілері көрсетіледі. Зерттеу жұмысы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен AP09259892 «Мұстафа Шоқай мұрасындағы қолжазбалардың тарихи-деректілік құндылығы» атты жоба аясында жүргізілді.
Text:

Кіріспе. ХХ ғасырдың басында түркістан халықтарының арасында сан жағынан аз да болса еуропалық тұрпатта білім алған ұлттық зиялылардың қатары өсе түсті. Солардың ішінде сан жағынан көбі және едәуір қабатты құрағаны қазақ зиялылары болды. Олар Ресей империясының құрамындағы отарлық жағдайда өз халқының әлеуметтік-саяси қорғаны болуға тырысып, қазақ зиялылары Алаш қозғалысына бірікті. Қазақ зиялыларының Алаш қозғалысы сол уақыттағы өлшеммен алып қарағанда аса қуатты интеллектуалдық құбылыс еді. Алаш қайраткерлерінің әрқайсысы қазақ халқының азаттық қозғалысында жарқын өз қолтаңбаларын қалдырды. Сондықтан түркістан халықтарының арасынан шыққан ұлттық зиялылардың азаттық жолындағы күресінің белсенділік дәрежесін айқындау отандық тарих үшін өзекті болып табылады. Саяси белсенділік өте жоғары болған түркістан тұлғаларының ішінен өзіндік орны бар Мұстафа Шоқай болды. Мұстафа Шоқай қазақ зияларының ішінде ең бірінші болып большевизмнің және орыс коммунизмінің тоталитарлық мазмұнын алғаш сезініп шетелге эммиграцияға кетуге мәжбүр болған тарихи тұлға ретінде ерекшеленеді. Оның бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Францияда, Германияда «Жас Түркістан» журналы жарыққа шықты. Бұл эммиграциядағы тұңғыш қазақ басылымы еді және ол тек қазақ халқының мүддесін ғана емес түркістан халықтарының ұлттық мүдделерін қорғады. Басылымның негізгі концепциясы оның алғашқы нөмірлерінде айқын және зор дауыспен мәлімделді. «Біз, Түркістан тәуелсіздігін ту етушілер, еліміздің еркі және жұртымыз Түркістанның болашағы үшін күресеміз, – дей келе Мұстафа Шоқай – Біздің мұратымыз – Түркістанда түркі тұрғысынан да, мағына жағынан да ұлттық мелмекет құру, себебі тек осындай түрде ғана халқымыз өз жұртында өз тағдырының заңды егесі бола алады» (Бәкір, 2020: 23) деп аса күрделі тең емес жағдайларда алдына нақты міндеттер қояды.Кеңес одағының ыдырауы мен түркі республикалырының тәуелсіздік алуы Мұстафа Шоқайдың «түркістан бірлігі» идеяларын бүгінгі күнде түркістан халықтары үшін айрықша көкейтесті етіп отыр. Жаңа тарихи жағдайларда жаңа түркістан республикаларының биліктері халықтардың жақындасу бағытында аз жұмыстар атқарып жатқан жоқ. Дегенмен олардың төменнен өзара кірігулігі, әлеуметтік тұрмыстық жақындасуы төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселелерді шешуге Мұстафа Шоқай идеялары жәрдемдесетіні сөзсіз. Жаһандану жағдайындағы Мұстафа Шоқай идеяларын бүгінгі тарихи талаптар тұрғысынан  жаңғыртау тек биліктің ғана емес Орта Азия республикалары қоғамдарының алдында тұрған өзекті міндет. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың «Тұтас Түркістан идеясы» тұжырымдамасының кейбір аспектілерін жаһандасу жағдайындағы жаңғыруының мүмкіндіктерін қарастыру және зерттеу объектісіне айналдыру қазіргі түркі республикалары қоғамдық ғылым өкілдерінің кәсіби міндеті болып табылмақ.Қазақ зиялыларының сол тарихи тұста «ұлтшыл» болмауы мүмкін емес еді.

Материалдар мен әдістер. Мұстафа Шоқайдың саяси және ғылыми мұраларын зерттеуді тереңдету және оның басқа Алаш зиялыларының мұраларымен салыстырмалы түрде зерттеу айрықша әдіснамалық және тарихнамалық мәселелерге мұқият қарауды талап етеді. Бұл орайда тарих ғылымының сыннан өткен әдістері объективтілік, тарихилық және салыстырмалы тарихи зерттеу әдістерінің мүмкіндіктері әлі толық пайдалынылып болған емес. Объективтілік әдісі тарихи тұлға өмір сүрген оқиғалар мен нақты фактілерге сыни тұрғыда қарауға, қандай да болмасын субъективтіліктен мүмкін болғанынша алыс тұруға мүмкіндік беріп ғылыми әділ тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Ал тарихилық ұстанымы – тұлға өмір сүрген тарихи жағдайларда ескеруде таптырмайтын құрал екені белгілі. Салыстырмалы тарихи талдау әдісі арқылы М.Шоқайдың ғылыми-саяси мұраларын Алаш қайраткерлерінің басқа да өкілдерінің мұраларымен салыстыру мүмкіндігіне ие болдық. Тарихи талдаудың барысында Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Ермеков, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. Алаш зиялыларының ұлттық мүдде жолындағы күрестеріне қатысты принциптік айырмалықты таппадық. Тек жекеленген тарихи оқиғалар мен нақты мәселелерге қатысты ғана болмашы өзгерістерден болғандығына көзімізді жеткіздік. Бұл Ресейдің құрамында автономия құқы жолындағы күрестің практикалық мәселелеріне қатысты болды. Салыстырмалы тарихи талдаудың барысында Алаш зиялыларының көзқарастарындағы күнделікті өмірдің мұндай тәжірибелері олардың бірігуіне кедергі болмай, ұлттық мүдде жолындағы күресінде алауыздық элементтерді болдырмаған. Ұлт мүддесі олар үшін бәрінен де жоғары тұрды. Кәдемізге жараған келесі әдіс-тәсілдеріміздің бірі Мұстафа Шоқай мен Алаш зиялыларының саяси мұралары мен негізгі еңбектеріне мәтіндік талдау жүргізу болды. Оның барысында мақалалары мен еңбектері арқылы сол заманның саяси ахуалы мен психологиялық жағдайларына тереңдей бойлауға мүмкіндік берді. Герменевтикалық талдау әдісі Мұстафа Шоқайдың ғылыми, саяси және публицистикалық жазбаларының мәтіндерін кең ауқымда түсінуімізге мүмкіндік беріп, зерттеу пәнін нақтылауымызға себепші болды. Сөйтіп, мақаламыздың тақырыбын тиянақтатты.

Талқылау. Кеңес жылдарында Мұстафа Шоқай туралы мәліметтер қазақ-кеңес энциклопедиясынан да орын берілген жоқ. Қайта құру және еліміздің егемендік алуының алғашқы жылдарында Алаш зиялысы туралы мерзімдік баспасөз беттері мен ғылыми журналдарда мақалалар жариялана бастады. Белсенділік танытқан журналистер, әдебиетшілер, публицистер және т.б. болды. Олардың ішінен Әнуар Әлімжанов, Әкім Тарази, Сұлтанәлі Балғабаев, Бейбіт Қойшыбайұлы, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы, Байбота Қошым-Ноғай Серікбайұлының еңбектерін атап өткен жөн. Ізін ала көп ұзамай кәсіби тарихшылар тарапынан Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Көшім Есмағанбетов, Әбдіжәлел Бәкір, Әбдіуақап Қара, Хазретәлі Тұрсын және т.б. ғылыми мақалалары пайда болды. Әдебиетшілер мен журналистердің әу дегеннен белсенділік танытуын белгілі бір дәрежеде заңдылық деп ұққан жөн. Олардың еңбектерінде Мұстафа Шоқай туралы кеңес жылдары Қазақстан қоғамдық пікірінде қалыптасқан «фашисттерге қызмет еткен», «сатқын» және т.б. жағымсыз пікірлердің сеңі бұзыла бастады. Тарихшыларымыздың «кешігуі» себебі олардың архив қорларында жұмыс істеуге көп уақыт жіберілуімен түсіндіріледі. 1998-1999 жылдары нақ тарихшылардың орасан зор ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Мұстафа Шоқайдың Таңдамалы жинағының 2-томдығы «Қайнар» баспасынан Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылды. Бұл жинақ Алаш қайраткерлері туралы жаңа зерттеулерге жол ашты. М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Х.Тұрсын, Ә.Қара еңбектерінде Мұстафа Шоқайдың ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі орны ашылып көрсетілді. Зерттеушілер Алаш тұлғасының отандық тарихта ғана емес, түркі әлемінің тарихындағы өзіндік орнын атап көрсетті. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған монографиялармен жарық көре бастады. Олардың ішінен түрік тілінде Анкарада жарыққа шыққан Дархан Қырырәлінің «Мұстафа Шоқай: өмірі, танымы, күресі» атты еңбегінің маңызы зор. Еңбекте автор бұрын айналымда жоқ архив деректеріне сүйене отырып М.Шоқайдың Түркістан тарихындағы орнын ашып көрсетті. 2004 жылы «Арыс» баспасынан шыққан Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқай» атты кітабы қазақ тұлғасына қатысты шетелдік архив материалдарының молдығымен ерекшеленді. 2008 жылы шын мәнісінде отандық «мұстафатанудың» негізін қалаған Көшім Есмағанбетовтің «Әлем таныған тұлға», Әкім Таразидың «Мұстафа Шоқай», сондай-ақ Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш» қозғалысы» жинағы жарыққа шықты. Бұл жылдары архив материалдарымен жұмыс істеп, өнімді еңбек еткен авторлардың бірі Әмірхан Бәкірұлы болды. Әсіресе оның 2010 жылы Қызылорданың «Тұмар» баспасынан шыққан «Франц» операциясы» еңбегі «мұстафатануға» қосылған сүбелі үлес болды. 2013 жылы редакциясын Көшім Есмағанбетовтың басқарған «Мұстафа Шоқай шығармаларының» 12-томдығы «мұстафатану» бағытындағы жұмыстарға зор серпін берді. Бұл жылдары Әбдіжәлел Бәкірұлы елеулі еңбек етті. 2020-жылы оның «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы» «Арыс» баспасынан шықты. Жоғарыда аталған еңбектердің барлығында Мұстафа Шоқай тұлғасының Отандық және Түркістан тарихындағы, түркі әлеміндегі орны ашылды. Алайда, Мұстафа Шоқайдың «түркістан бірлігі», «түркістан идеясы» концепцияларын жаһандасу жағдайларында жаңғырту мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлінбеді деп айтуға болады.

Махатма Ганди ХХ ғасырды «ұлтшылдық ғасыры» деп атаған екен. Біз тұжырымды мазмұндық жағынан күшейтіп, сондай-ақ «шовинизм ғасыры», тұтастай алғанда өз ұлтын бүкіл әлемге қарсы қойған «агрессивті ұлтшылдық ғасыры» деп нақтылаған болар едік. Сонда ғана тұжырым аясы кеңіп, ауқымдала, ірілене түспек. Астам державалардың ұлттық эгоизмі мен ұлттық центризмі ғасырдың бірінші жартысында адамзатты екі дүниежүзілік апатқа ұрындырды... Осындай  жағдайда Шоқайдың «ұлтшыл» болмауы мүмкін емес еді. Оның «ұлтшылдығы» өз халқын ғана емес, түркі әлемін сақтап қалуға бағытталған «қорғаныстық ұлтшылдық» болды. Ол бір жағынан Ресей шовинизмімен күрессе, екінші жағынан ментальді тұрғыдан алғанда рулық-тайпалық сатыда болған өз халқының қоғамдық санасын ұлттық деңгейге көтеру жолында қызмет етті. «Ұлтшылдық» бұл тек М.Шоқайдың емес жаңа тұрпатты қазақ зиялыларының басындағы жағдай болды. Өткен тарихымызда саяси отаршылдық ұлтшылдықты тудырғаны белгілі. Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов «Қазақ зиялылары» мақаласында: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді» деген еді (Дулатов. 1921)..  «Ұлтшылдық» сонымен бірге саяси мінезді талап ететін. М.Шоқай оны да көрсетті. Шын мәнінде 1916 жылғы Торғай қазақтарының патша билігіне қарсы күресі рулық-тайпалық шеңберден шыға алмады. – «Бұл тұста халық арасына «төңкерістен соң, орыс мұғажырлары Ресейіне қайтатын көрінеді» деген қауесет сөз тарады. Осыдан келіп орыстардан қалатын жерді бөлу туралы мәселенің төбесі көріне бастады. Тірі жүрген аюдың терісі үшін арғын-қыпшақ таласқа түсті. Әбдіғаппархан мен Аманкелді қыпшақтар жағын алып, арғындарға тізесін батырды. Рушылдыққа ешқашан бой ұрмаған Ахмет Байтұрсын мен Мирякуб Дулатқа, қыпшақтар арғындардың басшылары деп қарай бастады... » - дейді М.Шоқай. – «Әбдіғаппар мен Аманкелдінің рушылдық дерті әбден асқынғаны сондай, 1917 жылғы Орынборда болған жалпы қазақ құрылтайынан соң және 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде маған да жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді есіме салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан Ахмет, Мирякубтарға қарсы күресте «бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініш жасады. Мен, әрине, олардың ұсынысынан бас тарттым. Өйткені мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім...» (Шоқай,1998:82). Ізін суытпай ел ағаларына жауап хат-сәлемдемесінде М.Шоқай өз позициясын нақтылай түседі. – «Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлініп, қыпшақтың көсемі, арғынның көсемі, үйсіннің көсемі болып жатсақ, біздің халық азады. »

Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан тұжырымдамасының негізі – ұлтшылдық, ал оның қандай да бір қатыгездіктермен өшірілмейтіндігі, ұлтпен бірге жасайтындығы белгілі. Алайда оның «ұлтшылдығы» отарлық жүйені «таптық», «интернационалистік» принциптермен бүркемелейтін большевиктер ұғымындағы «ұлтшылдық» емес, ол – халықтың, ұлттың этностық бірегейлігін сақтауының кепілі болып табылатын, басқа мәдениет пен өркениеттердің экспансиясы барысында жұтылып кетпеуге мүмкіндік туғызатын қуатты күш ретінде қарастырылады. М.Шоқай: «Ұлтшылдық идея – халықтардың жаны мен жүрегі, ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді» - дейді (Шоқай, 2012:496). Шын мәнінде М. Шоқай ұлттың мәңгіліктігін мансұқтайтын интернационалистік, космополиттік ағымдарды мүлдем қабылдамайды. 1939 жылдың маусым айында Гаяз Исхакимен түрік бірлігі идеясы төңірегіндегі талас-тартыс барысында жазған мақалаларының бірінде космополитизмнің ұлттық идеяларға қарсы бағытталғандығына, оны кезінде Түркия президенті К. Ататүріктің мәдениет және саясат мәселелері бойынша кеңесшісі болған Ю. Ақшораның «Үш теріс саясат» деген еңбегінде дәлелдеп бергеніне тоқталады. Онда Мұстафа Шоқай тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ұлттық мемлекет құру керек, себебі ұлттық мәдениет ұлттық мемлекетте ғана өсіп-өркендейді, гүлденеді деп есептейді. Бұл мәселелерді Мұстафа ұлттық санамен, ұлттық рухпен өзара байланыста қарастырады, біріне-бірінің ықпалын жеткізеді. «Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» дейді (Шоқай, 1998:187).

Бүгінгі жаһандану үдерісінің негізін белгілі бір сипаттағы құндылықтар, мəдени ұстанымдар құрайды десек қателеспейміз. Мұстафа Шоқай өз шығармаларында өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік әдебиетіне көңіл бөліп, олардың рухани жетістіктерін қарастыруға ұмтылды. М. Шоқайдың «Түркістан әдебиетіндегі өлеңдер» атты мақаласында: «Түркістан поэзиясының гүлденуі ұлттық сана-сезімнің оянуына тікелей байланысты. Большевиктер мұндай процесті болдырмауға тырысады. Алайда халықтың өмір сүру қабілеті барған сайын күшейе түсуде. Түркістан тек ұлт тәуелсіздігі үшін ғана емес, өзінің рухын өшіріп алмау үшін де күресуде» (Шоқай, 2013:438)- деп жазады. 1930 жылы 8 қаңтарда М. Шоқай Париждегі «Франс-Ориан» комитетінің жиналысында «Түркістандағы қазіргі жағдай» деген тақырыпта жасаған баяндамасында Түркістанда Кеңес өкіметінің күшпен орнатылғаны және оның жергілікті халыққа «аса қымбатқа» түскені, өлкедегі ашаршылықтың «этностық сипат» алғандығы туралы баяндап, Түркістанды бес республикаға бөліп, ұлттық-аумақтық межелеу шараларын жүргізген большевиктер саясатының өзегі бұл өңірдегі халықтың этностық бірегейлігін, біртұтастығын жою деп бағалайды. «Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақ автономиялық облысын нәсілі, тілі, діні бір түркі тектес халық мекендейді, бірақ, өкінішке қарай, олар бірегей мемлекеттік ұлт ретінде қалыптасып үлгермеген» деп жазды (Шоқай, 2013:330).

М.Шоқайдың «түркі адамы үшін», «түркістан түріктері» деген біріктіруші баса көрсетулерінен, оның геосаяси тұрғыдан алғанда, аймақтың болашағын «Түркістан ұлты» тұрғысынан елестететіндігін аңдау қиын емес. Мұстафа Шоқай қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, ұйғырларды «түркістандық ұлт» ретінде танып, олардың әр қайсысын жеке халық ретінде санады. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай олар дербес, бір мемлекет құрамында даму барысында «мемлекеттік ұлтқа» ұласатынына ешбір күмән келтірмейді. «К.Маркс үшін неміс тайпалары мен итальяндықтардың бірыңғай мемлекеттік ұлтқа бірігуі XIX ғасыр тарихындағы ең озық құбылыстардың бірі саналса, Маркстің іліміне шын берілген оқушысы В. Ленин үшін түркістандықтардың, тіпті қызыл кеңес туы мен Мәскеудің «революциялық қанатының астында» бірыңғай мемлекетке бірігуі аса қауіпті, кертартпа болып шығады. БК(б)П X съезінде Сталиннің атап көрсеткеніндей, қазақ, өзбек және басқа да халықтардың өзара бірігуі «революциялық Ресей орталығының мүдделеріне»қауіпті деп танылғанын ашып жазды (Шоқай, 2013: 331).

«Для нас туркестанских турок наше единство, единство турецкой нации это все. Это не только политическая программа ближайщих лет, но и та основа, на которой мы- туркестанцы строим все наше будущее, всю национально-государственную жизнь нашего народа. И это будет!»- дей келе М.Шоқай , ойын әрі қарай былай жалғастырады - «мы называем настоящим врагом национальной идеи Туркестана, кто на заре нашего национального пробуждения производит деления туркестанцев на племенные группы. Вне национального объединения всех казахов, узбеков, киргизов, туркмен нет и не может быть будущего Туркестана» (Шоқай, 2013: 266). Сондықтан 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі «орыс демократтары» мен кеңестік билік оған түркі фундаменталисі деп қарап  «жау» көрді , өздеріне қарсы қойып «жау» тауып алды. Большевиктік билік М.Шоқай көзқарастарының гуманистік астарын түсінбеді, ең жаманы түсінгісі де келмеді. М.Шоқай өзінің «түркістандық фундаментализмін» басқа халықтарға қарсы қойған жоқ. Тіпті алғашында, Ресей қарамағындағы ұлттық-территориялық автономия үшін күресті де. «Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да» дейді ол. Дей тұрсақ та, тіпті қазіргі тәуелсіз Қазақстан зерттеушілерінің қайсыбіреулері де, М.Шоқай мұраларын қабылдағанда пантүркішіл ретінде қабылдауға пейілді. Өйткені ұранға жақсы. Алайда, М.Шоқай «пантүркішілдігін», «мұсылманшылдығын» абсолюттендіруге болмайды. Оны М. Шоқайдың өзі де 1924 жылы «Вольный Горец» журналында жарияланған«Пантюркизм» и «панисламизм» в Средней Азий» атты мақаласында атап өтеді – «... автор этих строк... не причисляет себя ни к панисламистам, ни к пантюркистам. И это обстоятельство ни в какой мере не мешает ему констатировать непреложный фактвнутреннюю духовную связь мусульманских народов» (Шоқай, 2012(2): 139). Сондай-ақ 1942 жылдың 8 ақпанында М.Шоқай қаза болуының 1-жылдығына орай Парижде ұйымдастырылған естелік іс-шарада сөйлеген сөзінде Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор А.Я.Шульгин « Мұстафа кім еді?» деген сұраққа – «С одной стороны это был настоящий мусульманин, человек степей Туркестана, умевший воплотить в себе лучшие стороны Востока, а с другой стороны это был человек, который блогадаря своей исключительной способности проникся глубоко русской культурой и через нее смог понять и ассимилировать в себе цивилизацию запада» (Есмаганбетов, 2015: 77).

Мұстафа Шоқайдың  жастарда ұлттық сананы қалыптастыру тактикасы Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде анық байқалады: «Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек... Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат» - дейді (Шоқай. 1993:81). Мұстафа Шоқай еңбегіндегі өзекті мәселелердің бірі- оның «ұлттық рух», «шығыс рухы» туралы көзқарастары. «Зиялылар халыққа ұлттық тәрбие беру үшін олардың өздерінің бойында «ұлттық рух», яғни «шығыс рухы» болуы қажет»,- деп жазады. Осы еңбегінде батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері –рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді»,- дейді, Осы пікірін «Батыс тәрбиесінің көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өң бойында жатқан «шығыс зердесінен айырды», - деп қынжыла жалғастырады

Нәтижелер. М.Шоқайды әртүрлі тұжырымдамалардағы ағымдар мен «измдердің» - пантүркішілдік, панисламшылдық, «әсіре патриоттар» - өз жағына тартуға ұмтылушылығы заңды және оған автор да бай мүмкіншіліктер береді. Екінші жағынан олардың барлығы бос әурешілік. Өйткені Мұстафа біздің зерделеуімізше, олардың барлығынан жоғары- жалпыадамзаттық деңгейде тұр. В.И. Лениннің белгілі сөздерінің өңін айналдырсақ, Мұстафа Шоқай ілімі догма емес, іске басшылық. ХХІ ғасыр мен жаһандану жағдаяттарында да, оның ілімдері мен дүниетанымы түркі халықтары үшін өзектілігін жойған жоқ. Біздің ойымызша, Көшім Есмағанбетов пен Әбдіжәлел Бәкір, Әбдіуақап Қара мен Әмірхан Бәкіровтердің іргетасты еңбектерінен кейін мұстафатанудың жаңа кезеңі басталуы керек.

ХХ ғасырдың басындағы геосаяси жағдай мен түркі халықтарының жағдайы оны «фундаменталист» еткенін де жасыруға болмайды. Түркі халықтарының бір бөлігі Қытайдың, үлкен бөлігі Ресей қол астында болған жағдайында оның «фундаменталист» болмауы да мүмкін емес еді. Соған қарамастан, ол кез келген фундаментализмді саяси құралдармен жүзеге асырудың күрделілігін сол уақытта сезінді. Уақыт көрсеткендей, оның күмәні негізді болып шықты. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «социалистік жүйе» елдері дейтін құрылып, ол славян елдерін біріктірді. Панславизм салтанат құрғандай еді. Алайда панславизм өміршең бола алмады, керісінше жанжал ошақтары пайда болды. Ол ол ма, этникалық біртұтас араб елдері мен халықтары да біріге алмай отыр. Осындай жағдайда түркі халықтары жақындасуының алғышарты, іргетасы мәдени-рухани жақындасу жолы болуы тиіс, онсыз саяси одақ бекем бола алмайды. Біз саяси одақ қашан құрылады екен деп, қарап отыра бермеуіміз керек. Өткеннің тарихи үлгілері мен дәстүрлері де жоқ емес. Біздің ойымызша, бұрынғы кеңес-түрік республикалары халықтарының ментальді жақындасуын лингвистикалық жаңғыртудан бастау керек.

Мұстафаның айтуынша «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілде». Тілтану мен әдебиет тарихшыларының айтуынша, Балқы базар, Шораяқтың Омары, тіпті Тұрмағанбет тұсында, яғни бұдан 120-150 жыл бұрын қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ әдеби тілдерінің жақын болғаны сондай, олар бір-бірінің әдеби жазба мұраларын еркін оқи білген. Түркі фундаментализмінен сескенген кеңес билігі әуелі түркітанушы ғалымдарды қуғын-сүргінге ұшыратып, «жуасытылған» түркітанушыларды түркі тілдерінің ортақ ұқсас үндестігінен гөрі, айырмашылық, ерекшеліктерін бадырайтып, ұлғайтуға пәрмен берілді.Осы мақсатта алфавиттер өзгертілді, өзбек тіліндегі жуан дауысты дыбыстар алынып тасталды, қазақ тілінің дыбыс үндестігі заңдылығы бұзылды, қарақалпақ тілі – өзбек, түрікпен тілдеріне жақындатылды және т.б. Сөйтіп бас-аяғы 60-70 жыл ішінде бұл халықтар бір-бірінің әдеби мұраларын түпнұсқада оқи алмайтын дәрежеге жеткені сондай, қырғыз тіліндегі әдеби туындылар қазақ тіліне орыс тілі арқылы тәржімаланатын болды.Осылайша антисемитизмнен кем түспейтін антитюркизм саясаты мемлекеттік тұрғыда жасырын жүргізілді. М. Шоқай идеяларын қайта жаңғырту, рухани жаңару дегеніміз – ең бірінші кезекте түркі тілдерінің арасындағы үзілген байланыстарды қайта қалпына келтіру, түркі диалектілерінің арасын қайта жақындастыру арқылы толыққанды суперэтнос – «түркістан ұлтын» қалыптастырудың ірге тасын қалауды, сөйтіп адам баласының адамзатқа айналуынан бұрын түркістан ұлтын құруды білдірсе керек. Бұл орайда, лингвистикалық жаңғыртулар өзара кірігудің өзегі болуға тиіс. Оған түркі республикалары халықтарының биліктері мен қоғамдарының батыл саяси жігері жеткені абзал. Лингвистикалық жаңару дегеніміз – қазіргі барлық түркі тілдерін қайта жақындастыру, бір-біріне батыл өзара кіріктіру, қажет болған жағдайда саяси құралдардан да аянбау дегенді білдіреді. Ендеше, қазіргі таңда қазақ тілі мамандары мен тіл саясаты комитеті халықаралық терминдердің қазақша баламасын ойлап табумен әуре. Қалған түркі республикаларындада орнықтылық жоқ. Айталық, тәуелсіздік жылдары өзбек, татар түркілерінде «раис» баламасы бола тұра «төраға», милет сөзі бола тұра, «ұлт» сөзі ойлап табылды. Велосипедті қайта ойлап таппай-ақ, сол сөзді қазақ тіліне кіріктіре салуға болатын еді ғой. Қырғыздар қазақ тілінде «аудан», «отан» баламасы болса да «район», «родина» сөздерінен айырылғысы келмейді. Мұндай мысалдарды өзбек, түркімендерден де көптеп кездестіруге болады. Орайы келгенде мынадай нақты ұсыныстар мен тәжірбиені бастап көру сұралып тұрғандай. Айталық, жоғарыда айтқан тұрғанда қазақ тіліндегі жүз сөзді неге өзбек-қырғыз әдеби тілдеріне енгізбеске және керісінше..? Бұдан түркістан халқы ұтқан болар еді.

Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Н.Ә. Назарбаев былай деген еді: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымызда бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады» деген болатын (Назарбаев, 2015). Осы тұрғыдан алғанда Түркі Республикаларының билігі түркістан халықтарын жақындастыруда қол қусырып отыр десек артық айтқандық болар еді. Алайда, түркістан халықтарының «төменнен» жақындасу үдерісі қағажу қалмауы керек, оған жаңа тыныс беру өзектілігі байқалады. Түркістан халықтарының арасында – «кіші жаһандану» жүргізу уақыт талабы. Сонда ғана «ұлы жаһандануға» өркениетті және қауіпсіз енуге болады.

Отбасылық тұрмыстық мәдениет – кез келген мәдениеттің іргетасты құрамдасы. Отбасылық тұрмыстық мәдениеттің қайнарлары – құда түсу, қыз берісіп-алысу арқылы туыстасу, жақындасу. Ежелгі және орта ғасырларда саяси одақтасу құдандаласумен бекітіліп отырғаны кездейсоқ емес. Қазақтар таң қалмай бөтен жұрт таң қалатын бір жәйт: - Алтай мен Атырау, Сібір мен Жетісу аралығын мекендеген қазақтардың тіліндегі диалектілердің болмауы. Қытай аймақтарының тұрғындары бірін-бірі түсінбейді. Меніңше, қазақ мәдениеті мен тілінің тұтастығында әйелдер шешуші рөл атқарды... Айталық, жаз айларында күллі қазақтың Арқада бас қосып, шүйіркелесіп-құдандаласып, нәтижесінде Сырдың қызы Ертіс жұртына, Алтайдың қызы Жайық өңіріне, Арқаның қызы оңтүстікке немесе Жетісуға тұрмысқа шығып, өз аймағының тілін жалпықазақтық тілге кіріктірген тасымалдаушы рөл атқарды, ортақ тілімізді қалыптастырды. Сондықтан түркі халықтарының арасындағы жақындасудың қозғаушы тетіктерінің бірі әйелдер – хатун-кизляр мен қыз-келіншектер болып қала бермек. Бұл жағынан алғанда қазақтар мен қырғыздар, қазақтар мен қарақалпақтар мақтана алады. Сондықтан да олардың тілдері мен дәстүрлері анағұрлым жақын. Алайда түркі халықтарының екі үлкен бөлігі – өзбектер мен қазақтар мақтана алмас еді. Нақ сондықтан да олардың арасындағы тілдік және тұрмыстық алшақтық кеңес жылдары ұлғайып кетті. Оны жеңу түркістандықтар үшін өзекті болып қала береді. Бұл тұрғыдан алғанда, өзбек-түріктердің оқшаулануға бейімділігі мен консерватизмі таң қалдырады. Олар тіпті, қыздарын өз махалля-қауымынан шығармау үшін өте жақын туыстары бір-бірімен қыз алыса береді. Өзбектер махаллялық оқшаулануды енді жеңе бастағандай. Дегенмен өзбек-қазақ құдандаласуында саусақпен санарлық озық үлгілер жоқ емес. Солардың бірі белгілі қазақ әншісі Ақжол Мейірбековтер әулеті. Оның әйелі Шарипа өзбек қызы болса, жақын әпкесі өзбек жігітіне күйеуге шыққан. Ақжол Мейірбеков жұбайымен 50 жыл бірге тұрып, қазақ-өзбек кірігуінің үлгісін көрсетіп отыр. Қазақ-өзбек өзара кірігуі Түркістан ұлтын құрудың ұйытқысы. Өзара кірігуге қызмет ететін игілікті іс-шаралардың бірі ортақ тұлғаларымыз бен өнер ұйымдарының өнегелі қызметі. Осы тұрғыдан алғанда М.Шоқай мұраларын әсіресе өзбек, қырғыз тілдеріне аудару және оларды насихаттау айрықша өзекті. «Ялла» ансамблі осы тұрғыдан репертуарын басқа түрік халықтарының әндерімен жаңартса құба-құп. Қазақ-қырғыз музыкалық ұжымдары да белсенділік танытуы тиіс. Мемлекеттік құрылымдар да бұл процестен тысқары қала алмайды. ТМД елдеріне арналған «Мир» телеарнасы сияқты бұрынғы кеңес түрік республикалары халықтарына тарайтын қазақ-өзбек тілдерінде жүретін «Түрік» тележобасын іске қосылса нұр үстіне нұр болған болар еді. Қазақ-өзбек тілдеріне пәрмен беріп отырған себебіміз – қазақ тілі қырғыз, қарақалпақ тілдеріне жақын, ал өзбек тілі – түркімен, әзірбайжан тілдеріне жақын. ҚР сыртқы істер министрлігі М.Шоқай ескерткіштерін Ташкент және Қоқан қалаларында орнатуға мұрындық болуы тиіс. Жалаңтөс Баһадүр ескерткіштерінің Самарқанда және Қазақстан қалаларында болуы қуантады. Аталған республикалардың орта мектептері оқулықтарында М.Шоқай туралы толық ақпарат берілуі қажет. Жалпы қазақ, өзбек, қырғыз мемлекеттері арасында шекараның болуы бұл халықтар дамуының табиғи заңдылығына жат құбылыс. Түркі мемлекеттері арасында тек символикалық қана шекара болғаны дұрыс. Түркі республикалары мәдениет қайраткерлері мен қызметкерлерінің түркістан халықтарын ментальды жақындастырудағы рөлі ересен. Тіліміз, діліміз, тарихымыз ортақ болса да «Қазақфильм» мен «Өзбекфильм» студияларының бірігіп шығарған туындылары жоқтың қасы. Қазақ-өзбек түсіндірме сөздігі мен көпшілікке арналған тілашарларын шығаратын мезгіл жетті. Сондай-ақ жоғарғы оқу орындарының қазақ филологиясы факультеттерінде көрші түрік диалектілері арнайы курс ретінде өтілсе, филологтарымыздың білімінің кеміп қалмайтыны анық.

Қорытынды. Елімізде Орта Азия республикалдарын зерттеу институттары ашылып, ортақ әдеби, ғылыми журналдар шығарылып жатса кәнеки. «Қазақ әдебиеті» газеті тұрақты түрде өзбек, ұйғыр т.б. түркі тілдерінде қосымшаларын шығарып тұрса – түркістандықтардың өзара кірігуіне қызмет ететіні хақ. Кезінде қазақстандықтарды біріктіруші «Қазақстандық ұлт» идеясын әсіре патриоттар қаламай, ал биліктің батылы бармай әуре сарсаңға түскегі бар. Ендігі жерде М.Шоқайдың «түркістандық ұлт» ұғымын олар жатсынбайтын болар деп ойлаймыз. Оның үстіне қазіргі осман-түрік менталитетіне қазақ, өзбек болуы маңызды емес, қазақ-түрік, өзбек-түрік немесе түркістандық түрік болу маңызды. «Тарих рахымсыз, -дейді Шоқай. – Ол ғұламаны да білгірді де өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді және оны жаратпайды» (Бәкір, 2020: 321). 1934 жылы көрнекті әзірбайжан зиялысы Мұстафа замандасы Али Мардан бей Топчибашидің жерлеу рәсімінде сөйлеген сөзінде мазмұны жағынан болашақ «түркістандық ұлт» идеясын меңзеп, былай дейді: «Мы, тюрки Туркестана, как и тюрки остальных стран, буди чтить в Али Мардан беке большого общетурецского деятеля, для которого Туркестан, казанец или крымчак был так же близок, как и родной ему азери» (Шоқай, 1934). - деп жазады. Алғашында Мұстафа Шоқай Ресей империясының құрамындағы мұсылман бірлігіне іш тартса, кейіннен бұл ой-толғамдарына түзету жүргізіп, түркістандық бірлік идеясына тоқталады. Өзінің ойын ол былайша нақыталайды: «Для нас Туркестанских турок наше единство, единство турецкой нации это все. Это не только политическая программа ближайших лет, но и та основа, на которой мы – туркестанцы строим все наше будущее, всю нациольно-государственную жизнь нашего народа. И это будет!» дей келе, түркістан халықтарының ұлттық мәдени және тұрмыстық, қазіргі тілмен айтқанда ментальдық бірлігіне шақырады, болашағын да осы ментальдық, тұрмыстық және тілдік бірліктен көреді. «Мы называем настоящим врагом национальной идеи Туркестана всякого, кто на заре нашего национального пробуждения производит деление туркестанцев на племенные группы. Вне национального объединения всех казахов, узбеков, киргизов, туркменов нет и не может быть будущего Туркестана... Туркестан – это тюрки. Тюркизм Туркестана так же естественно как его тюркская сущность... Туркестан не может отделиться от своей сущности. И не может принять подлости вроде отрицания своего происхождения и своих соплеменников» (Шоқай. 2016: 266) - дейді ол. Мұстафа Шоқайдың «түркістан ұлты», «түркістан бірлігі» идеясын табандылықпен ұсынғанда мәселеге геосаяси тұрғыдан қарағандығын байқауға болады. Екі алып империялар – Ресей мен Қытай аралығында орналасқан түркістан халықтарының жеке-жеке олармен теке-тіресе алмайтындығын сезінгендігін бағамдау қиын емес. Бүгінгі көрнекті қазақ зиялысы Амангелді Айталы да Мұстафа Шоқай мұраларын жаңғырту идеясы өзектілігіне баса назар аударып, қазақстандық ұлт саясатының басымдықтарын айқындауда кәдеге жарйтындығын көрсетеді (Айталы, 2015:179).

Қорытындылай келгенде, Мұстафа Шоқай идеяларын жүзеге асырып, ХХІ ғасырдың бірінші жартысын қазақ-өзбек-қырғыз мәдениеттері жақындасуының тамаша онжылдықтарына айналдыра алсақ, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес келген болар еді. Бұл қазақ халқының ішкі бірлігін нығайту үшін де қажет (Сүлейменов, 2019). Сөйткенде ғана ағартылған өркениетті «пантүркішілдік» адамзат ренессансына, гуманистік мұраттарына қызмет етпек. Жаһандану құбылысы мәдени факторлардың алға шығуын және «халықаралық және жалпыадамзаттық бірігуді» білдіреді. Жаһандана отырып ұлттық бірегейлікті сақтау туралы Мұстафа Шоқай идеяларын жаңғырту – Түркістан халықтарының міндеті болу керек.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Айталы А. Мұстафа Шоқай мұрасы және бүгінгі қазақстандық ұлт саясатының басымдықтары. «Мұстафа Шоқай: саясаткер және ғалым» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары: (Алматы қаласы, 2015 жыл, 15 қазан). – Алматы: «Арыс» баспасы, 2015. – 288 бет.

Бәкір Ә. Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2020. – 328 бет. 

Бәкір Ә. Мұстафа Шоқай: Мұратымыз – ұлттық тәуелсіз Түркістан. // Ана тілі. 23 шілде 2020 ж.

Дулатов М. Қазақ зиялылары. // Ақ жол. 1921ж. 5-мамыр

Есмаганбетов К. Мустафа Шокай – идеолог освободительной борьбы народов Туркестана. «Мустафа Шокай: саясаткер және ғалым» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары: (Алматы қаласы, 2015 жыл. 15 қазан). – Алматы: «Арыс» баспасы 2015. – 288 б.

Назарбаев Н. «Біз – Ұлы дала ұрпақтарымыз!». // Егемен Қазақстан. 12 қыркүйек 2015 ж. – № 174 (28652).

Сүлейменов О. «Наступает новый период». // Казахстанская правда. 25 октября 2019 г.

Шоқай М. Түркістан жастарына: [1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзі] // Ақ Орда. – 1993. – №1. – 81 б

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12-томдық. 1-том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2012.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12-томдық. – Алматы:Дайк-Пресс, 2012. – 639 б.

Шоқай М. Таңдамалы. Екі томдық. 2-том. – Алматы: Қайнар. – 520 б.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12-томдық. 6-том. Автор құрастырушы Көшім Есмағанбетов. – Алматы Дайк-Пресс, 2013. – 520 б.

Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. 7-том.. – Алматы: Дайк­Пресс, 2013. 572 б.

References:

Aitaly A. Mustafa Shokai murasy zhane bugingi kazakhstandyk ult sayasatnynyn basymdyktary. «Mustafa Shokai: sayasatker zhane galym» atty halykaralyk gylymi ronferenciya materialdary: [The legacy of Mustafa Shokai and the priorities of Kazakhstan's national policy today. Materials of the international scientific conference«Mustafa Shokai: a politician and a scientist»] (Almaty, 2015 zh, 15 kazan). – Almaty: «Arys» baspasy, 2015. – 288 b.In Kazakh

Bakir A. Mustafa Shokai: omiri men  kyzmety, shygarmashylygy [Mustafa Shokai: life and work, creativity]. – Almaty: «Arys» baspasy, 2020. – 328 b. In Kazakh

Bakir A. Mustafa Shokai: Muratymyz – ulttyk tauelsiz Turkistan [Mustafa Shokai: our ideal is National Independent Turkestan]. // Ana tyly. 23 shilde, 2020 zh. In Kazakh

Dulatov M. Kazakh ziyalilari [Kazakh intelligentsia]. // Ak zhol. –1921. 5-mamyr. In Kazakh

Esmaganbetov Kushim. Mustafa Shokai – ideolog osvoboditelnoi borby narodov Turkestana [Mustafa Shokai-ideologist of the liberation struggle of the peoples of Turkestan] «Mustafa Shokai: saiasetker zhane galym» atty halykaralyk gylymi konferenciya materialdary(Almaty kalasy, 2015 zhyl, 15-kazan). – Almaty: «Arys» baspasy 2015-288 b [in Russian]

Nazarbaev N. Biz – uly dala urpaktarymyz! [We are the descendants of the Great Steppe!] // Egemen Kazakhstan. 12 kyrkuiek, 2015 zhyl. –№ 174 (28652). In Kazakh

Suleimenov O. Nastupaet noviy period [A new period is coming] // Kazakhstanskaya pravda. 25 oktyabrya 2019 g. [in Russian]

Shokai M. Turkistan zhastaryna: [1936 zhyly Berlin kalasynda Turkistan zhastarynyn aldynda soilegen sozi] [To the youth of Turkestan: [speech to the youth of Turkestan in Berlin in 1936]. Ak Orda. –1993. –№1. –81 b. In Kazakh

Shokai M. Shygarmalarynyn’ tolyk zhinagy. 12-tomdyk. 1-tom [A complete collection of his works. In 12 volumes. Volume 1]. – Almaty: Daik-Press. 2012. In Kazakh

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy. 12-tomdyk[A complete collection of his works. In 12 volumes]. Daik-Press, 2012. – 639 b. In Kazakh

Shokai M. Tandamaly [Custom. Two volumes].–Almaty: Kainar. Eky tomdyk. 2 t. – 520 b. In Kazakh

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy. 12-tomdyk. 6-tom. [A complete collection of his works. In 12 volumes. Volume 6] / Avtor-kurastyrushy K.Esmaganbetov. –Almaty: Daik-Press.2013. – 520 b. In Kazakh

Shokai M. Shygarmalarynyn tolyk zhinagy. 12-tomdyk. 7-tom. [A complete collection of his works. In 12 volumes. Volume 7] Almaty: Daik-Press. 2013. – 572 b.In Kazakh

МРНТИ 03.20 + 13.81.29

НЕКОТОРЫЕ АСПЕКТЫ МОДЕРНИЗАЦИИ ИДЕИ М. ШОКАЙ

В УСЛОВИЯХ ГЛОБАЛИЗАЦИИ

Тастанбек Яхияұлы Сәтбай¹,

доктор исторических наук, ассоцированный профессор Кызылординского университета имени Коркыт ата,

Сағат Тамшыбайұлы Тайман²,

кандидат исторических наук, Директор Научно-исследовательского центра М. Шокай при Кызылординском университете имени Коркыт ата,

Лэйла Ибрагимовна Калжанова3,

Магистрант Кызылординского университета имени Коркыт ата

Аннотация. В начале ХХ века тюркские народы Центральной Азии находились в колониальной зависимости от Российской империи и китайского государства. Представителей казахской, узбекской, киргизской, туркменской интеллигенции европейского образца глубоко волновало будущее туркестанских народов. Среди них особняком стоят концепции и мысли выдающегося казахского общественного деятеля Мустафы Шокая. Многие интеллектуалы поддержали идею национальной автономии тюркских народов в составе России. Геополитические соображения М.Шокая выходят за рамки национальной автономии, он горячо поддержал идею дальнейшего культурного и языкового сближения народов Туркестана в перспективе. В статье анализируется становление и развитие концепции Мустафы Шокая о «Туркестанской нации», «Туркестанскогм единстве» и актуальность этих идей в условиях сегодняшних политических реалий. Особенно обращается внимание на неиспользуемые источники, касающиеся сближения, взаимодействия казахского, узбекского, кыргызского народов «снизу» в культурно-бытовом отношении. Рассматриваются конкретные аспекты модернизации и реализации идей М. Шокая в условиях глобализации.

Ключевые слова: Мустафа Шокай, «Туркестанское единство», «Туркестанская нация», Акжол Мейрбеков, ансамбль «Ялла», казахские, узбекские, кыргызские народы.

IRSTI 03.20 + 13.81.29

SOME MODERNIZATION ASPECTS OF M. SHOKAY'S IDEA

IN THE CONDITIONS OF GLOBALIZATION

Tastanbek Yahiyauly Satbay¹,

Doctor of Historical Sciences, Associate Professor of Korkyt Ata Kyzylorda University

Sagat Tamshybayuly Taiman²,

Candidate of Historical Sciences, Director of the M. Shokai Research Center at Korkyt Ata Kyzylorda University

Layla Ibragimovna Kalzhanova³,

Master’s student of Korkyt Ata Kyzylorda University

Abstract. The Turkic peoples of Central Asia were in a colonial dependence  from the Russian Empire and the Chinese state at the beginning of the 20th century. Representatives of the Kazakh, Uzbek, Kyrgyz, Turkmen intelligentsia of the European type were deeply concerned about the future of the Turkestan peoples. The concepts and thoughts of the outstanding Kazakh public figure Mustafa Shokai stand out among them. Many intellectuals supported the idea of national autonomy of the Turkic peoples within Russia. The geopolitical considerations of M. Shokai go beyond the framework of national autonomy. In particular, he warmly supported the idea of further cultural and linguistic convergence of the peoples of Turkestan in the future. The article analyzes the formation and development of Mustafa Shokai’s concept of «Turkestan nation», «Turkestan unity» and the relevance of these ideas in the context of today’s political realities. Particular attention is paid to unused resources related to the convergence, interaction of the Kazakh, Uzbek, and Kyrgyz peoples «from below» in cultural and everyday terms. Specific aspects of modernization and implementation of M. Shokai’s ideas in the context of globalization are considered.

Keywords: Mustafa Shokai, «Turkestan unity», «Turkestan nation», Akzhol Meirbekov, «Yalla» ensemble, Kazakh, Uzbek, Kyrgyz peoples.

No comments

To leave comment you must enter or register