Яндекс.Метрика
Home » Materials » МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

Задаш ДҮКЕНБАЕВА, Қайыркен АДИЕТ

МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(11), 2017

Tags: халықаралық, ынтымақтастық, саясат, ұлттық, мүдде, жұмсақ, күш, дінаралық, өлшемдер, мәдени, үндестік, мәдени, дипломатия, сыртқы, байланыстар
Author:
Мақалада мәдени байланыстардың халықаралық қатынастарды үйлестірудегі рөлі қарастырылады. Еліміздің қолайлы имиджін жасау, ұлттық мүддені ілгерілетуде мәдени байланыстың мемлекеттік маңызы зор. Себебі мәдени байланыстар халықаралық қатынастарды үйлестірудің тиімді құралы ретінде сыртқы саясаттың белсенді негіздерін аша алады. Сондықтан мәдени байланыстарды жандандыру қажеттілігі
Text:

Заманауи халықаралық қатынастарды мәдениетсіз елестету мүмкін емес. Мәдениет белгілі бір елдің халықаралық аренада стратегиялық әрекетінің бөлінбес бір бөлшегі, сыртқы саяси мемлекеттік қызметінің айқындаушы сипаттамасы ретінде қарастырылады. Яғни, мәдени дипломатия сыртқы саясаттың ресми саласының бірі ретінде танылады. Бір сөзбен айтқанда, мәдени дипломатия көптеген мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің маңызды саласы. Сондықтан да мәдени байланыстар – халықаралық қатынаста тиімді құрал бола алады. Себебі мәдени байланыс белгілі бір мемлекеттің ашықтығы мен сұхбаттастыққа ұмтылуына мүмкіндік береді[1, 25-66 бб.].

Бүгінгі таңда әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдері сыртқы мәдени қатынастар әдістерін белсенді қолдануда. Яғни, мәдени әлеуетін қолдану ерекше маңыздылыққа ие болып отыр. Жаңа әлемдік тәртіптерді құруда өркениетаралық серіктестіктерді нығайту, мәдени және діни белгілері бойынша әлемдік қақтығыстарға қарсы тұруда маңызды орын алуда. Мәдени өзара әрекеттестік мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың маңызды факторы болып қалады, себебі мәдени байланыстардың мемлекеттерді жақындастыруда рөлі өте зор. Ол сонын ішінде халықтар арасындағы өзара түсіністік, бейбітшілікті сақтау, қақтығыстардың алдын алу және адам құқығын қорғауға септеседі [2, 59-61 бб.].

АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония т.б. жетекші елдердің сыртқы саясатында мәдени өлшемдер шешуші рөлге ие болып отыр. Сондықтан да бүгінгі әлем халықаралық қатынастарды үйлестірудің тиімді құралы ретінде мәдени байланыстарды дамыту, толық өркениетаралық үндестікті орнатуға күш салу, идеологиялық жалған сенімдер мен халықтардың рухани бытыраңқылығын еңсеруге себептесу, мәдениеттің әралуандығын құрметтеу, ұлттық ерекшеліктерін сақтауда мәдениеттерін өзара байытуға ұмтылуда. Мемлекеттің сыртқы саясатында басқа да әдістер арасында мәдениеттің рөлін көтерудің себептері, оның тарих дәлелдеген халықаралық қатынасты үйлестіру процесінде тиімділігі болып табылады [3, 20-27 бб.].

Тәуелсіздік жылдары еліміз дінаралық өлшемдер мен мәдени үндестік мәселелерінде лайықты танылып, айтарлық тәжірибе жинақтады. Бүгінгі таңда Қазақстан 49 таяу және алыс шетелдермен, халықаралық ұйымдармен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды[4]. Еліміз халықаралық міндеттемелерге сәйкес, әлемдегі ынтымақтас елдердің  мәдени мекемелері арасында тікелей ұйымдастырылатын  білім, ғылым, театр, кино, спорт, көркемөнер мен әдебиет т.б. салаларда халықаралық жобаларды жүзеге асыруда. Еліміздің әлем елдерімен мәдени қатысуын нығайту мақсатында көптеген рухани сипаттағы іс-шаралар өткізілетін Қазақстан «жылдары» мен «күндері» дәстүрге айналып келеді. Әлбетте бұл Қазақстан халқының мәдени және өнердегі табыстарын әлем елдеріне дәріптеу, ашықтық пен үндестіктің қағидаларынан туындайтын еліміздің қолайлы имиджін жасау, ұлттық мүддені ілгерілетуге мүмкіндік беретіні даусыз.  

Бүгінгі таңда сырт елдермен мәдени-гуманитарлық әріптестік айтарлықтай қарқынды дамуда. Осы салада бірнеше іс-шаралар атқарылып отыр. Қазақстанның алыс және жақын шет елдермен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту үшін сол елдермен, Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің Қазақстандағы жылы, Қазақстанның Германиядағы, Германияның Қазақстандағы жылы, Қазақстанның Қытайдағы, Қытайдың Қазақстандағы жылы т.б. сияқты мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға байланысты көптеген жобалар жасалынды. Осы жоба аясында атқарылып жатқан іс-шаралар Қазақстанның алыс-жақын елдермен қарым-қатынасты жандандыруға үлкен септігін тигізуде.

1998 жылы Германияда Қазақстан Республикасының Мәдени және өнер күндері табысты өтті. Ол іс-шараға сондай-ақ Германияда тұрып жатқан қазақ диаспорасы да ат салысты[5]. 2009-2010 жж. аралығында Қазақстанның Германиядағы және Германияның Қазақстандағы жылы шарасын өткізу аясында маңызды құжаттарға қол қойылды. Сонын ішінде мәдени-гуманитарлық сала бойынша көптеген мәселелер шешімін тауып отыр: Алматы қаласында Қазақстан-Неміс университетін ашу, болашақ үшін серіктестік туралы бірлескен мәлімдемелер, инновациялық және инвестициялық серіктестік туралы мәлімдемелер т.б. Бірқатар қазақстандық және германдық жоғары оқу орындары мысалға, Вайенштефан университеті мен Алматы мен Астана қалаларындағы аграрлық университеттер әріптестік қатынастарға ие болып отыр. Қазақстандағы жоғары оқу орындарына реформа жүргізу мақсатында қазақстандық және германдық жоғары оқу орындары Еуропалық Одақтың TEMPUS/TACIS жобасы аясында бірге қызмет жасауда. Германдық және қазақстандық серіктес-мектептер жыл сайын оқушылар топтары мен кездесу топтарына тәжірибе алмасу бағдарламаларын өткізеді. Александр фон Гумбольдт қоры қазақстандық ерекше дарынды жас зерттеушілерге стипендия тағайындады. Берлин қаласындағы Гумбольт атындағы университетте «Қазақстан және қазақ тілі» дәрісханасы ашылды. Сондай-ақ Гете атындағы институт Алматы қаласындағы  неміс театрына (Deutsches Theater Almaty (DTA) қаржылай демеушілік қызметімен қолдау білдіруде[6].

Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылым мен білім, мәдениет саласындағы нәтижелі ынтымақтастық біздің елдерімізде тұрып жатқан халықтарға ұлттық ерекшеліктерін сақтау мен дамыту, олардың рухани, діни қажеттіліктерін жүзеге асыру, ұлттық тілдерінде білім алу, еркін және тең құқылы мәдениеттерін дамытуға кепілдік беретін «Достық және ынтымақтастық туралы келісім» екіжақты құжаттарға сүйенеді. 1998 жылы Қазақстанның мәдени күндері және мерейтойлық іс-шаралар өтті. Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 180-жыл толуына арналған мәдени шаралар Түркіменстан, Түрік Республикасы, Қырғызстан Республикасы, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Астрахан қалаларында өткізілді[7]. Біздің елдеріміздің арасындағы мәдени байланысты нығайтқан 2003 жылы Қазақстанның Ресейдегі, 2004 жылы Ресейдің Қазақстандағы жылы аясында ұйымдастырылған Астрахан облысындағы қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 185 жылдығына арналған мерейтой, сондай-ақ Омбы қаласында қазақтың әйгілі актері, қазақ кинематографиясының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 90 жылдық мерейтойына арналған қазақ киносының күндері, ең маңызды іс-шаралар қатарында Ресейдің Үлкен Мемлекеттік Академиялық театрының жаңа сахнасында қазақстандық мәдени мекемелердің концерті, т.б. мәдени іс-шаралар оған айқын мысал бола алады [8].

Ал, Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың ақпан айында орнаған. 1992 жылдың қазан айында Үндістан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Руби Бхатия ресми сапарымен Қазақстанға келді. Үндістан сыртқы істер министрі бірінші орынбасарының ресми келуінен кейін Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты қарым-қатынас жанданды. Әсіресе, мақалада тоқталып отырған мәдени әріптестік саласында қарым-қатынас орнай бастады. 1994 жылы қаңтар айында қазақ ақыны Аманжол Шәмкеновтың әдеби кеші Дели қаласында ұйымдастырылып өткізілді. 1994 жылдың 29 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығында танымал жазушы Ананта Мурти бастап келген үндістандық жазушылар мен ақындар делегациясы Алматыда болды. Мәдени әріптестік туралы мәлімдеме сәйкес, 1997 жылы мәдени алмасулар туралы хаттамалар мен ведомствоаралық жоспарларға қол қойылды. Қазақстанның 62 туристік ұйымдары мен фирмалары Үндістандағы әріптестерімен арасында ынтымақтастық қатынас орнатты. Жекелеген федерациялар мен клубтар арасында спорттық байланыстар орнаған. Шөп үстіндегі хоккей, волейбол, дзюдо, садақпен ату және футбол федерацияларының арасындағы өзара келісімшарттарына сәйкес Үндістан мен Қазақстан жағдайында спортшылардың бірлескен жаттығулар мен жоғарыда аталып кеткен спорт түрлерінен жолдастық кездесулерін өткізді. Мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңызды оқиғасы Үндістанда Абай мен Жамбылдың 150 жылдығын, ал Қазақстанда Махатма Гандидің 125 жылдығын атап өту, хинди тілінде Абай өлеңдерін аудару болған еді. Қазақстанға Абай мен Жамбылдың салтанатты мерейтойына Үндістаннан өкілдік делегация келді. 2000 жылдың наурызында Еуразия Ұлттық Университеті жанынан Үнділік оқу орталығы ашылды [9].

Шығыстың дәстүрінде  ежелден саясат пен экономика мәдениетпен тығыз байланысты. Қазақстан мен Қытай мәдени саласы да белсенді ынтымақтастықта дамып келе жатыр. 2013 жылдың күзінде Бейжін, Гонконг, Үрімші қалаларында ауқымы мен географиясы бойынша теңдессіз Қазақстанның Қытайдағы мәдени күндері өтті. Пекин қаласындағы өнер қайраткерлерінің гала-концертіне Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық Ұлт аспаптары оркестрі әртістері, «Астана балет» театрының танымал опера әртістері мен хореографиялық ұжымы қатысты. «ҚР Президенті туралы очеркі» кітабы қалың қытай оқырмандары қауымына аударылып, тұсаукесері өткізілді. Пекин қаласының «Чоян» саябағында Абай Құнанбайұлына ескерткіш ашылды. 2014 жылдың мамыр айында CNPC корпорациясы мен ҚР Мәдениет министрлігі Қазақ Ұлттық хореография академиясының құрылысы мен жобасы туралы меморандумға қол қойды[10]. Бұл Қазақ-Қытай екіжақты ынтымақтастығының одан әрі нығаюына өз септігін тигізетіні баршаға аян. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екі ел арасын сауда-экономикалық, саяси үндестігіне қолдау білдіреді.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада қазақстан-түрік ынтымақтастығы жоғары дәрежеде болып отыр. Бұл бағытта екі елді жақындастыруға ықпал еткен мәдениет күндері, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар және шығармашылық топтардың концерттері, музыка, өнер және мәдениет фестивальдері, сурет көрмелері ұйымдастырылды. Түркия Республикасы тәуелсіздігінің 75 жылдығына арналған іс-шараларына Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры әртістері мен қазақ киносының жетекші әртістері мен режиссерлері – Т. Теменов, Т. Жаманқұлов, Ә. Әмірқұловтар, «Опера өнерінің кештері», «Түрік әлемінің кино күндері» қатысты. Барлық қойылымдар мен концерттерге Түркияда тұрып жатқан қазақ диаспора өкілдері шақырылып қатыстырылды [11]. 1993 жылдан бастап жыл сайын Түркияда түркі тілдес мемлекеттердің достық, бауырластық және ынтымақтастық Құрылтайы өткізіліп тұрады. Бұл түркі тілдес қауымдары мен мемлекеттері арасында достық, бауырластық және ынтымақтастықты дамыту, олардың теңдігі мен ішкі істеріне араластау негізінде тәуелсіздіктерін нығайту болып отыр. Құрылтай жұмысы бес арнайы комиссияға бөлінген: Мәдениет, ғылым және техника; қоғам және басқару; экономика және қаржы; білім беру және оқыту; халықаралық қатынастар. Бұл құрылтай түркі халықтарын жақындастыру бойынша халықтық дипломатияның маңызды форумының бірі болып табылады [12].

Тарихы мен мәдени құндылықтары ортақ, түбі бір қазақ және түрік халықтары арасындағы рухани, гуманитарлық салаларда қарқынды дамыған  қарым-қатынастарымыздың жарқын куәсі болған ірі оқиғалар - 2009 жылы Астанада Түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке, 2010 жылы Анкарада түркі халықтарын жақындастырудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа орнатылған ескерткіштер болып табылды. 2015 жылының сәуір айында Елшіліктің және Түркияның Маниса провинциясы басшылығының ұйымдастыруымен халықаралық «Месір» фестивалі аясында «Қазақстанның күндері» өтті. Елшілік бастамасымен Түркияда қазақ халқының асыл тұлғалары үшін, атап айтқанда, Абай Құнанбаевқа, Мұхтар Әуезовке, Мағжан Жұмабаевқа, Абылай ханға, Қабанбай батырға және т.б. ескерткіштер орнатылған. 2012 ж. әйгілі туристік аймақ Каппадокиядағы Невшехир қаласындағы басты  көшелердің бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев есімімен аталды. 2012 ж. Түркияның Невшехир провинциясында «Қазақстан» атындағы саябақ,  Қыршехир қаласында және 2015 ж. Адана қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы даңғылдардың ашылуы және Ахи Эвран университетінде «Қазақстан» атындағы аудиториясының ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Елшіліктің ұйымдастыруымен «Балалық шағымның аспаны», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көшпенділер», «Бəйтерек» атты қазақ фильмдері түрік тіліне аударылып, көрермендердің назарына ұсынылды.  Қазақстан туралы танымдық түрік тілінде 9 бейнефильм шығарылды. 2010-2014 жылдарында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы шығармалар жинағы (5 томдық), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көшбасшы», «Қазақстан-Түркия: Жоғары деңгейлі ынтымақтастық», «Қазақстан - Түркия: Достық пен ынтымақтастыққа 20 жыл», «Абай шығармалары», Абайдың «Қара сөздері», М.Мақатаевтың шығармалары, «Қазақстан», «Қазақстан: түрік инвесторлары үшін жолсілтеме» түрік тілінде кітап ретінде шығарылды. Бүгінгі таңда мәдени-гуманитарлық қатынастардағы неғұрлым ілгері жоба білім саласы болып қалып отыр. Түркияның демеушілігімен Түркістан қаласында Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істеуде, сондай-ақ Түркияның жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттер, магистранттар, докторанттарды қайтарымсыз негізінде оқыту жалғасуда [13].

Бұдан Мемлекет басшысының сауатты да, салмақты саясатының нәтижесінде еліміз әлем елдерімен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып отырғанын көре аламыз. Қазақстанның әлем елдерімен қарым-қатынасы экономика мен саясат салаларында ғана емес, сондай-ақ мәдени салада да дамып отыр.

Еліміздің көпвекторлық саясаты жағымды достық ынтымақтастыққа ұмтылған әлемнің барлық елдерімен, барлық салада ынтымақтасуға ниетті. Мәдени-гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастық спорт саласында да жүзеге асуда. Мәдени дипломатияның түрлі басқа да салалары арасында спорт дипломатиясы (спорттық байланыстар) ерекше орынға ие болады. Әлемдік спорттық чемпионаттар, қысқы, жазғы олимпиадалық ойындар, универсиадалар т.б. түрлі елдер халықтарының бір-бірінің ерекшеліктерін, мәдени жетістіктерімен танысуға мүмкіндік береді. Спорттық дипломатияның мүмкіндіктерін «жұмсақ күш» белгілеріне енгізу мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жағдайын көрсетеді. Осылайша спорттық дипломатияны гуманитарлық қана емес, сыртқы саяси қызметтің бағытын ерекше дамытушы ретінде де қарастыруға болады [14, 20-24 бб.].

Бүгінгі таңда мәдени фактор «жұмсақ күш» құраушы ретіндегі әлемдік саясатта жаңа мағынаға ие болып отыр. Оның ықпалы жалпы әлемдік мемлекетаралық қатынастар мен әлеуметтік-экономикалық процестерде қатты өсіп келе жатыр. Осыған байланысты мемлекеттер өзінің мәдени саясатына көп көңіл бөлуде. Күннен күнге маңыздылығы артып, «Сыртқы мәдени саясат» термині жиі қолданылуда. Белгілі бір мемлекеттің ұлттық мүддесі үшін күресте, дипломатияның аса ықпалды құралына айналды. Қытай елі мәдени дипломатия құралдарын сыртқы векторды реттеуге көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырады. Күншығыс елі мәдени дипломатияны өз тәжірибесінде пайдаланар кезде өзінің бай тарихын да жан-жақты қолданып, мәдени индустрияны бір арнаға келтіріп, тарихи, мәдени құндылықтарын және өз өркениетін көпшілікке танымал етуге бар күш жұмсайды [15, 17-20 бб.].

Мәдениет пен саясат бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан да оларды бір-бірінен бөле қарауға болмайды. Кез келген мемлекеттің сыртқы саясаты – халықаралық саясатта көрініс табатын оның мәдени, идеологиялық және ұлттық мүддесіне сәйкес қалыптасады. Себебі ұлы мемлекеттер өз мүддесін іске асыру үшін күресіп жатқанын ескеруіміз керек. Сондықтан да мәдениет еліміздің халықаралық қатынасына маңызды ықпал етеді.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.  Шентюрк Нермие Российско-турецкие культурные связи в условиях современных межцивилизационных отношений Санкт-Петербургский ГУ: Диссертация ... кандидата исторических наук. - Санкт-Петербург. 2016. -С. 25-66.

2.  Мажиденова Д.М. Внешняя культурная политика // Мемлекеттік басқару және қызмет. - 2011. - №1. - С. 59-61.

3.  Болотнова А.А. Внешняя культурная политика России и Франции на современном этапе. - Москва: Дип.Академия МИД РФ. - 2015. - С. 20-27.

4.  «Мәдениет саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 қарашадағы №1161 Қаулысы.

5.  ҚР ПМ. 5 н-қ., 6-т., 1108-іс.

6.  http://www.kasachstan.diplo.de Двусторонние отношения в области культуры и образования.

7.  ҚР ПМ. 5 н-қ., 6-т., 1159-іс.

8.  ҚР ПМ. 75 н-қ., 1-т., 2938-іс.

9.  ҚР ПМ. 75 н-қ., 1-т., 3301-іс.

10.  ҚР ПМ. 75 н-қ.,1-т., 3265-іс.

11.  ҚР ПМ. 5 н-қ., 6-т., 1108-іс.

12.  ҚР ПМ. 5 н-қ; 1-т., 7310-іс.

13.Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы қатынастар // http://mfa.gov.kz  Кірген уақыты: 05.04.2017 ж.

14.  Мартыненко С.Е. Роль спортивной дипломатии в международных отношениях и внешней политике. - Москва: РУДН, 2015. - С. 20-24.

15.  Әмірғалиева А.М. Қазіргі Қытай сыртқы саясат принциптерінің модернизациясы: Философия докторы (PhD) ... диссертация. - Алматы, 2016. - 86-97-бб..

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 11319

No reviews

Download files

Статья edu.e-history.kz.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ (ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ) АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ДИПЛОМАТИЧЕСКИЕ СВЯЗИ МИНСКОГО КИТАЯ С ГОСУДАРСТВАМИ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ УДК 355.01 (=512.1) (4) ФИЛОСОФИЯ «ВОЙНЫ» КОЧЕВНИКОВ ЕВРАЗИИ ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ ҒТАМР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Author's articles

МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ