Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

У.М. Джолдыбаева¹, Ф.А. Қозыбақова². ¹т.ғ.к., доцент., ²т.ғ.к., доцент. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАМР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: экологиялық қауіпсіздік., ынтымақтастық, экология, Қазақстан Республикасы, Орталық Азия мемлекеттері, халықаралық ұйым, жаһандану
Author:
Аңдатпа: Мақала Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерімен ықпалдастық пен ынтымақтастықта экологиялық проблемаларды анықтап, оларды шешуге қажетті іс-шараларды белгілеп, орындауға бағытталған әрекеттерді бірлесіп жүзеге асыруы мәселелеріне арналған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы айрықша маңызға ие болуда. Жаһандану үрдістері адамзат қоғамының біртұтас жүйе ретінде қалыптасуын бейнелейтін өзара байланыстар мен өзара әрекеттестікті білдіреді және бұл құбылыс қарқындылығын жоймай дамып келеді. Өңірдегі елдер үшін өзекті мәселелерді шешуде әлемдік саясатта өз орнын тауып, өзара ықпалдастығын күшейте түсу қажеттілігі туындап отыр.
Text:

Кіріспе. Бүгінде бүкіл адамзатқа жаһандық экологиялық апат қаупінің төнуіне байланысты қоғамда экология проблемалары ең өзекті мәселеге айналуда. Қауіпті экологиялық құбылыстар әлемдік әрі ұлттық деңгейдегі ұдайы өсу құрылымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуға кері әсерін тигізіп отырғандықтан, экологиялық мәселелер жалпыадамзаттық мүдделер мен құндылықтар тұрғысынан қарауды талап етеді. Әлемнің орнықты дамуына кедергі келтіріп отырған қиындықтарды шешудің маңызы да артуда.

Рио-де-Жанейрода (Бразилия) 1992 жылы өткен жаһандық экологиялық форумда БҰҰ құрамындағы елдер «XXI ғасырдың орнықты дамуы жөніндегі Күн тәртібін» қабылдаған болатын. Халықаралық қатынастар жаһандану мен өңірлік ықпалдастыққа негізделіп, бүкіл дүние жүзі аймақтық және жаһандық блоктар жиынтығына айналуда. Сондай-ақ, планетамыздағы халық санының өсуі, әлеуметтік өмірдің күрделеніп, түрлі әлеуметтік жүйелердің бір-біріне қарсы тұруы, табиғи ортаға жасалған техногендік әсерлер жаһандық проблемаларды туындатуда. Ықпалдастық үрдістердің дамуы жаһандануды да қарқындата түсті. Еліміздің 2030 жылға дейін даму стратегиясы мен ұзақ мерзімді басымдықтардың ішінде Қазақстанның орталық-азиялық мемлекеттермен бірлесе атқаратын іс-қимылдарына баса назар аударылған. Бұл орайда Н.Ә. Назарбаев: «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Ол өзінің талпыныс-ұмтылыстарында, жеңістері мен сәтсіздіктерінде бір ананың сүтін тел емген өзінің бауырлары – Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия барыстарымен дәйім бірлікте болып, олардың өрлеуі мен жетістіктерін мақтаныш тұтатын болады», - деп мемлекеттердің достық қарым-қатынастары мен ықпалдастығына зор үміт артты (Назарбаев, 1997: 3).

Әдістері.Зерттеу тақырыбы кешенді сипатта: тарих, экология, қоршаған ортаны қорғау т.б. ғылым салаларын қамтиды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, аймақтағы мемлекеттердің экология саласындағы ытымақтастығы мен ықпалдастығы, экология саласындағы мемлекеттік құжаттар жөніндегі түсініктер жиынтығын құратын тарих пен халықаралық қатынастар, халықаралық құқық ғылым салаларының өзара сабақтастығын да көрсетеді. Зерттеу жұмысын ғылыми негізде жүйелеп, оның нәтижесін шығару мен негізгі мақсаттарға қол жеткізудебақылау, талдау, жинақтау, тарихи-салыстырмалы және болжау сияқтыжалпы ғылыми таным әдістері кеңінен қолданылды. Зерттеуде тарихи оқиғаларды, мемлекеттердің экология саласындағы дербес саясаттарын және мемлекетаралық құжаттарды қарастыруда баяндаумен қатар жүйелі талдау, салыстыру және қорытындылау әдістері пайдаланылды. Бұл әдістер Орталық Азия республикаларының экологиялық саясаттағы орнын жүйелі түрде айқындауға мүмкіндік береді.

Орталық Азия мемлекеттерінің экология саласындағы ынтымақтастығы дамуындағы күрделі әрі қайшылықты тарихи құбылыстар мен деректерді әр қырынан жан-жақты қарастырып, тарихи тұрғыдан зерттеуге тарихи ұстаным және объективтілік принциптері негіз болды. Аймақтағы халықаралық қатынастарды логикалық, статистикалық зерттеу, абстрактылық және нақтылық, сыни талдау әдістеріне сүйене отырып, диалектикалық даму принциптері тұрғысынан зерделеу жолымен Орталық Азия елдерінің дербес дамуындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтары және экологиялық проблемаларды шешудегі ынтымақтастығының даму үрдістері ашып көрсетілді.

Талқылау. Зерттеуде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы мен жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларын және экология саласындағы мемлекетаралық байланыстардың әртүрлі салалары баяндалып, оларға талдау жасалған. Қазақстан, Ресей және Орталық Азия эколог, саясатшы, тарихшы ғалымдарының зерттеулері мен монографиялары құрайды. Тангян С.А. Олардың ішінде қырғыз зерттеушісі Ж. Сааданбековтың, өзбек ғалымдары В.А. Духовный мен П.Д. Умаровтың, қазақ зерттеушілері А. Тұрсынов, Ж. Достай, Р. Жанғазы еңбектерін атап өтуге болады.

Сондай-ақ, отандық және шетелдік мерзімді басылымдарда жарияланған ақпарат мәліметтері құрайды. Атап айтқанда, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Түркістан», «Деловая неделя», «Панорама», «Экологический вестник» газеттері және «Дипломатия жаршысы», «Ақиқат», «Саясат», «Казахстан-Спектр», «Центральная Азия и Кавказ», «Казахстан: экономика и жизнь», «Казахстан и современный мир», «Аналитическое обозрение», «Континент» журналдары, Ресейдің «Мировая экономика и международные отношения» журналдары пайдаланылды. Орталық-азиялық басылымдардың қатарында өзбекстандық «Армон» орталығының «Экологиялық қауіпсіздік және азаматтық бастамалар» атты бюллетені, Тәжікстан және Қырғыз Республикаларының мемлекеттік мерзімді басылымдары мен «Экология хабаршысы» журналдары зерттеу жұмысында ерекше орын алды.

Нәтижелері. Қазіргі кезеңдегі қоғам өмірінің әлеуметтік-экономикалық даму шеңберінде экология проблемалары маңызды да өзекті мәселеге айналды, себебі жаңа мыңжылдыққа қадам басқан адамзат жаһандық экологиялық апатқа қарай жылжып барады. Экологиялық мәселелердің ерекшелігі олардың жалпы адамзаттық мүдделер мен құндылықтар арқылы қарастыруды талап етеді әрі әлемдік және ұлттық деңгейдегі ұдайы өсу құрылымына және әлеуметтік-экономикалық даму процестеріне зор ықпал етеді. Орнықты дамудың стратегиялық мақсаттарын белгілеудің теориялық көздері экономикалық даму мен әлеуметтік міндеттерді есепке алуға негізделеді. Бұл мәселелер қоршаған ортаның жай-күйіне тығыз байланысты. Соңғы онжылдықта Орталық Азияның шөлді аймақтарынан халықтың үдере көшуі орын алуда. Адамның тіршілік ету жағдайлары мен медициналық қызмет деңгейінің төмендігі, зиянды өнімдерді пайдалану, су мен топырақтың ластануы, қауіпті атмосфералық құбылыстардың әсері халық денсаулығының нашарлауына, өмір ұзақтығының қысқаруына, халық саны өсімінің төмендеуіне әкеліп соқты, ал бұл факторлар әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық тұрақсыздықтың алғашқы белгілері болып табылады. Алайда экологиялық мәселелердің шешімін табуға әлі де жеткілікті назар аударылмай келеді. Сондай-ақ, аймақ мемлекеттерін экономикалық дамыту, саяси біріктіру жөніндегі стратегиялық жоспарлар әзірлеуде экологиялық қауіпсіздікті ескерудің маңызы зор. Аталған әлеуметтік-табиғи мәселе «қоғам – табиғат» жүйесіндегі өзара қатынастарды біріге жүзеге асыру қажеттілігін туындатқан  айрықша әлеуметтік-саяси проблемаға айналды. Қоршаған ортаны қорғау адамның табиғатпен қарым-қатынас жасау барысында табиғи қорды ұтымды пайдалану мен молықтыруды, табиғи ортаны барынша сауықтырып, сапасын жақсартуды көздейді.

Алайда адам қызметінің қоршаған ортаға шектен тыс әсерінен жер биосферасы мен оның құрамдас бөлшектерінің, яғни әр деңгейдегі экожүйелердің дұрыс қызмет ету және қайта жаңғыру мүмкіндіктері шектелуде. Табиғи апаттардың орын алуы бізге беймәлім күрделі табиғи процестердің нәтижесімен бірге адамдардың қоршаған ортаға техногендік ықпал жасауымен ұштасып отырады. Экологиялық қауіп төндіріп отырған проблемаларға: ауа, су, топырақтың химиялық және радиоактивті ластануы, биологиялық әралуандылықтың жойылуы, жердің шөлейттенуі мен тозуы, табиғи қордың жойылуы, жерасты суларының көтерілуі, жаһандық жылыну, озон қабатының жұқаруы, климаттың өзгеруі т.с.с. мәселелер жатады. Бұл мәселе дүние жүзі ғалымдарының талқысына салынуда әрі оларды шешудің жолдары мен амалдары жан-жақты іздестірілуде.

Экологиялық қауіпсіздікті ұтымды деңгейге жеткізуде ҚР Тұңғыш Президенті 2003 жылғы 3 желтоқсанда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы» негізгі құжат болып белгіленген. Құжатта ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі ретінде экологиялық қауіпсіздік «орнықты дамудың міндетті шарты... және табиғи жүйелерді сақтаудың және қоршаған ортаның тиісті сапасын қолдаудың негізі», - деп көрсетілген.Бұл проблемалар шекараралық және жаһандық сипатта көрініс тапқандықтан жеке мемлекеттер өзара әрекеттестікте бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірлесе күш жұмсап жүзеге асыруды көздейді. Халықаралық қатынастар мен халықаралық құқықтың негізгі қағидасы – жеке адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау екені мәлім. Әлемдік өркениет қарыштап дамыған сайын адамзаттың қоршаған ортамен қарым-қатынасы мемлекеттердегі заңнамалармен, қоғамдық бірлестіктер мен жеке тұлғалардың қатысуымен қатар түрлі деңгейдегі мемлекетаралық құжаттармен реттеледі.

Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттер мүдделерінің түпкілікті мәні – халыққа төнуі мүмкін сыртқы қауіптердің алдын алу және мемлекеттілігін сақтау болып табылады. Жаңа геоэкономикалық жағдайда Орталық Азия республикалары бір-бірімен тығыз байланыста өзара әрекеттестік орнату арқылы ғана тәуелсіздігін сақтайтыны күмәнсіз. Аймақ мемлекеттері бірігуінің алғышарттарына: мәдени-тарихи және діни тамырларының ортақтығы, экологиялық мәселелер мен сыртқы қауіптерге қарсы бірігіп күш-қимыл жасау факторлар жиынтығы жатады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2007 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы дамуға қатысты бірқатар міндеттерінің ішінде: «Оныншы міндет – жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңірі мен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін ілгерілету. Бүгін біз басқа елдермен көкейкесті проблемалардың кең ауқымын шешуде ынтымақтасып отырмыз. Бұл... экологиялық апаттарға қарсы күрес те. Біз алдағы уақытта да өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі өзіміздің рөліміз бен беделімізді нығайта беретін боламыз...» – деп, бұл мәселеге баса назар аударған болатын (Назарбаев, 2007: http://www.akorda.kz).

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы айрықша маңызға ие болуда. Өңірдегі елдер үшін өзекті мәселелерді шешуде әлемдік саясатта өз орнын тауып, өзара ықпалдастығын күшейте түсу қажеттілігі туындап отыр. Жаһандану үрдістері адамзат қоғамының біртұтас жүйе ретінде қалыптасуын бейнелейтін өзара байланыстар мен өзара әрекеттестікті білдіреді және ХХ ғасырда туындаған бұл құбылыс ХХІ ғасырда қарқындылығын жоймай дамып келеді. Өткен ғасырдағы ірі саяси-экономикалық оқиғалар, атап айтқанда: дүниежүзілік отарлық жүйенің күйреуі, КСРО-ның ыдырауы әрі ғылыми-техникалық прогресс ықпалдастық үрдістерін жеделдетіп, күшейте түсті. Халықаралық ауқымдағы ұлттық мүдделерімізді нұқсансыз қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тиісті табыстарға қол жеткізуге тиіспіз. Біздің мүдделеріміздің түпкілікті мәні – халыққа төнуі мүмкін қандай да болсын сыртқы қауіптердің алдын алып, мемлекеттілігімізді сақтап қалу, себебі бұл болашақ үшін ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Орталық Азия мемлекеттері Арал теңізі алабы жөніндегі бағдарламаны бекітіп жүзеге асыруда. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар да өз жұмыс бағыттарын белгілеп өңір мемлекеттеріне арналған су, жер және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы бірлескен бағдарламаларды іске асыруды жалғастыруда. Осы ауқымды мәселелер әртүрлі ведомстволар тарапынан іске асырылып, донорлар басымдылықтары көрініс тапқан. Сондықтан, Орталық Азия үшін әр секторлар мен халықаралық ұйымдардың қызметін реттеу мәселесі маңызды болып отыр. Орталық Азия елдері басшыларының БҰҰ-на донор қызметін реттеуші халықаралық механизмін құру туралы өтініші бұл міндеттің маңыздылығын айқындайды. Аталған мақсаттарға жетуде Орнықты даму бағдарламалары да өз септігін тигізіп отыр. Олардың принциптері мен мақсаттары туралы сауатты ақпарат беру шарты орындалған жағдайда халық орнықты дамуды іске асыру саясатын қолдайды. Орнықты даму бағдарламаларына оң бағыт беретін қажетті тетік – халықтың ауқатты өмір сүруге ұмтылысы болып табылады. Қазақстан қашан да оңтүстік аумақтарымен шекаралас орналасқан Орталық Азия елдерінде түпкілікті саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына барынша мүдделі. Аймақтағы көршілес мемлекеттерді біртұтас механизм ретінде алсақ, біздің ел нарықтық кеңістіктің бел ортасында тұрады. Өңірдегі көршілес елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастардың нығая түсуі саяси тұрақтылық пен аймақтағы ортақ қауіпсіздіктің кепілі болуда. Мемлекетіміздің жыл өткен сайын артып отырған экономикалық және саяси мүмкіндіктері аймақтағы интеграциялық үдерістерде барынша белсенді рөл атқаруымызға игі ықпал етері сөзсіз.

Бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерінің ықпалдасуға бағыт алуы мен әлемдік экономиканың біртұтастыққа ұмтылысы Орталық Азия елдері үшін де айрықша маңызды мәселе болып табылады. Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері мемлекетаралық қарым-қатынастардың сан ғасырлық тәжірибесінде айрықша мәнге ие болған Мемлекетаралық Координациялық Су комитетін құру туралы тарихи шешім қабылдады. Мемлекеттер арасында Арал теңізі алабында орналасқан әр республиканың мүддесін есепке ала отырып су ресурстарын бірлесе басқарудың негізгі басқару принциптері әзірленіп, Каспий теңізі жөніндегі экологиялық конвенцияны ратификациялау жұмысы жүргізілуде.

Аймақтағы елдер қазіргі кезеңдегі өркениеттік дамуға бет бұра отырып, әлемдік экономиканың жаһандануы мен ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің кеңеюі тұсында ұлттық экономиканы мемлекеттен ажыратуға бағыт алып қарсылықтарға қарсы күрестегі мүдделер ортақтығын сезінді. «Орталық Азия мемлекеттерінің Одағы» ұйымын құру бастамасын көтерген ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті, 2006 жылғы Жолдауының жетінші басымдығында еліміздің экономикалық, саяси-мәдени жағдайларын кеңінен талдай отырып, Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосуда көршілес Орталық Азия елдерімен халықаралық ынтымақтастық пен серіктестік құрудың зор маңызына баса назар аударып, «Қазақстанның мүдделерін, өңірлік және әлемдік дамудың серпінін ескеретін теңдестірілген және жауапты сыртқы саяси бағытты одан әрі іске асыру» қажет деп атап көрсетті (Назарбаев, 2006: 9).

Кеңістігі азиялық та, еуропалық та құрлықты қамтитын, құрамына бүкіл әлемдегі елдердің бірқатары енген Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер де мүше. Дүниежүзілік қауіпсіздік мәселелері негізінде құрылған ШЫҰ экономикалық бағытта айтарлықтай алға жылжып, халықаралық қатынастарда үлкен беделге ие болып отырған әмбебап ұйым. Орталық Азия аймағының аса бай табиғи қорлары мен ауқымды рыногы Ұйымның жедел дамуына игі ықпалын тигізері сөзсіз. ШЫҰ аясында 2003 жылы қабылданған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы және оны іске асыру жоспарында ең алдымен тауарлар мен капиталдың, қызмет көрсету мен технологиялардың еркін қозғалысына әсер ететін 11 сала бойынша 127 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Қазақстан өзге тараптарға: энергетика, көлік, телекоммуникация және агроөнеркәсіп кешендеріне қатысты 20-ға жуық жоба ұсынды. Сонымен қатар аймақтағы мемлекет басшылары 2006 жылы маусым айында Қытай Халық Республикасында (Шанхай қ.) Шанхай Ынтымактастық Ұйымының кеңейтілген құрамда болған алтыншы мәжілісіне қатысты. Елбасы Н.Ә. Назарбаев ШЫҰ аясында экономикалық қарым-қатынас ерекше пайдалы әрі қажеттігін, күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ықпалдылығын, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты да қамтамасыз ететінін атап өтіп табиғи ресурстарға және мол адами әлеуетке ие біздің өңір жаһандық экономикалық үдерістердің және әлемдік геосаясаттың ажырамас бөлігі екендігіне баса назар аударды. Алайда, әрбір елдің осы үрдісте алған орны экономикалық, әскери және ғылыми-техникалық ықпалы деңгейімен айқындалатындықтан, олардың жаһанданудағы басымдықтары да әртүрлі болды (Тангян, 2002: 101-109).

Қазіргі әлемнің құрылымдық бөлінуі барысында өркениеттердің өзара әрекеттестігіне қарағанда бір өркениеттің екіншісіне қаржы-экономикалық, нарықтық, әскери механизмдер және технотрондық құралдармен ықпал жасауы көрініс табуда. Әлем болмысының болашағын айқындауда дүние жүзінің барлық мемлекеттері арасындағы өзара ынтымақтастық пен ұдайы ықпалдастықтың орны да айрықша. Сондықтан да әлемдік шаруашылықтан тыс қалмау мақсатында Орталық Азия мемлекеттері жаңа геосаяси және экономикалық жағдайдағы өз мүмкіндіктерін барынша объективті түрде бағалап, жалпы дамудағы өз резервтеріне көңіл бөлуде. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен құрған ынтымақтастығы да мол нәтиже беруде. Қазіргі халықаралық қатынастар жалпы жаһандану және өңірлік интеграцияға негізделіп отыр. Серпінді даму негізінде халықаралық қоғамдастықта сенімді әріптес ретінде  қабылданып, айтарлықтай беделге ие болып отырған және ТМД елдері арасындағы интеграциялық үдерістердің дамуында көшбасшы рөлін атқарып отырған Қазақстан үшін де көршілес елдермен бірігу маңызды мәселе болып табылады.

Бүгінгі таңда географиялық және демографиялық ресурстарға бай бұл аймақ геосаяси басымдықтарға ие болып отыр, себебі бұл өңір Еуразияның ең басты геосаяси орталықтарымен шекаралас. Аумақтық кеңістікте ғана емес, тілі мен ділі де ортақ, қарым-қатынастары да ежелден үзілмеген ортаазиялық тәуелсіз мемлекеттердің бірлесе шешетін мәселелер шеңбері  де ауқымды. Оған: қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын пайдалану, тауар айналымы, шекара, мәдениет, кедендік одақ, бірыңғай көлік, энергетикалық және ақпараттық жүйелерді қалыптастыру т.б. мәселелерді жатады. Еуропа мен Азияның арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастың көпірі қызметін атқаратын мемлекетіміз бұл аймақтың экологиялық жүйесінде де маңызды рөл атқарады. Қазақстан аумағының кеңдігі, климаты, су жүйесі бүкіл Еуразияның экономикалық-әлеуметтік жағдайының тұрақтылығына әсер етеді. Қазақстанда жүргізілген саяси-экономикалық реформалар нәтижесінде республика жедел қарқынмен дамып келеді. Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде ҚР Президентінің 1998 жылғы 28 қаңтардағы № 3834 «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру шаралары туралы» Жарлығымен бекітілген ҚР Үкіметінің 1998-2000 жылдарға арналған «Экология және табиғи ресурстар» стратегиялық жоспарын іске асыру бағдарламасы бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды.

Бағдарламаны жүзеге асыруда кезекті міндет – қоршаған ортаны қорғауды басқарудың серпінді жүйесін құру болды. Бұл орайда, министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың республиканы дамыту және оған техникалық жәрдем беруге бағытталған іс-әрекеттерді біріктіру мен оны тиімді қадағалау мақсатында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өзге де мекемелер мен ұйымдармен ықпалдаса қызмет атқаруы көзделген болатын.

Қазіргі кезде белең алып отырған ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік, экологиялық апаттар, жаппай көші-қон, есірткі тасымалдау сияқты күрделі де көлемді проблемаларды бақылап, қадағалап отыруда және шешуде жекелеген мемлекеттерге қарағанда халықаралық ұйымдар, трансұлттық компаниялар, аймақтық бірлестіктер сияқты ауқымды құрылымдардың мүмкіндігі мол. «Әлемдік саясат тұрғысынан жаһандану және ықпалдасу үрдістері елдер мен аймақтардың жан-жақты жақындасуын, мемлекеттердің өзара тәуелділігін арттырады. Жалпы алғанда, жаһандану мен мемлекеттердің ұлттық мүдделері қалыптасып жатқан әлемдік тәртіптің бір-біріне қарсы емес, керісінше, бір-бірін толықтырып отыратын элементтері болып табылады. Қазір қалыптасып жатқан жаһандық жүйе ұлттық мүдделерге сай келмей, мемлекеттердің өзара әрекеттестігінен тыс құрылған жағдайда өміршең болмауы мүмкін. Бірлесе іс-қимыл жасап, аумақтың әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын тұрақтандыру мақсатында: кедендік одақ, бірыңғай көлік, энергетикалық және ақпараттық жүйелерді қалыптастыру арқылы Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін арттырумен қатар аймақтық және жаһандық сипатқа ие болып отырған су қорын ұтымды пайдалану, биологиялық әралуандылықты сақтау, озон қабаты жұқаруының, шөлейттенудің салдарларын жойып, алдын алу және басқа да өзекті мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттердің өзара серіктестік пен ықпалдастық жағдайында тығыз байланыс құруының маңызы зор.

Жаһандану процесін экономика мамандары мен қаржыгерлер дүниежүзілік нарық пен әлемдік экономиканың, біртұтас қаржы-экономикалық кеңістіктің қалыптасуы деп, ал саясаттанушылар мен саясаткерлер оны ұлттық шекараларды қалыптастыру деп түсінеді. Демографтарды әлем халқы санының өсуі проблемасы толғандырса, экологтарды экологиялық дағдарыстарды болдырмау мәселесі алаңдатады. Осы аталған мәселелерді ескеретін болсақ, жаһандану бүкіл әлемді біртұтас жүйеге айналдыратын, жалпы өркениеттің келешек дамуын айқындаушы жан-жақты әрі көпқырлы процесс деп білеміз. «Жаһандану – халықаралық қатынастардағы қоғамдық өмір мен іс-әрекеттердің әр түрлі салаларындағы өзара тәуелділік пен өзара әсер етудің нығаюы», – деген көзқарас халықаралық қатынастар саласында кеңінен қолданылады Жалпы алғанда, «аймақ» ұғымының екі белгісі бар: біріншісі – халықаралық қатынастардың бөлектенуі (яғни белгілі бір мәселелер шеңберінің орын алуы) екіншісі – сол қатынастардың белгілі бір географиялық аумақ шеңберімен шектелуі. Ұлан-ғайыр аумағы, энергия көздері және өзге де стратегиялық белгілері бар Орталық Азия аймағының аса бай табиғи қоры, қуатты ауылшаруашылық әлеуеті бұл өңірдің әлемдік геосаясаттағы рөлінің ерекшелігін айқындайды. Демек, кең түсінікте аймақ дегеніміз – географиялық, табиғи, экономикалық, әлеуметтік-тарихи және ұлттық-мәдени жағдайлардың өзіндік біркелкілігінен көрініс табатын құбылыстардың болуы, олардың қарқындылығы, көптүрлілігі және өзара байланыстылығы белгілерімен ерекшеленетін күрделі аумақтық-экономикалық және ұлттық-мәдени кешен болып табылатын белгілі бір аумақ деген анықтамамен келісуге болады Жер планетасындағы ықпалдастық үрдістерін қамтитын және әлеуметтік-мәдени құрылымдар мен институттарды біртұтас жүйеге айналдыратын интернационализацияның ең жоғарғы дәрежесі болып табылады. Тілі мен ділі ғана емес, аумақтық кеңістігі де ортақ, қарым-қатынастары баяғы заманнан үзілмей келе жатқан бұл елдердің бірлесіп отырып шешетін мәселелер шеңбері ауқымды болғандықтан, олардың бүгінгі таңда саяси-экономикалық тұрғыда өзара ықпалдасып дамуы, мәдени-тарихи құндылықтарын ортақ игілікке айналдыру қажеттілігінің маңызы арта түсуде. (Энциклопедический словарь, 1995: 7).

2006 жылы 17-маусымда Алматы қаласында 9 мемлекет басшылары мен премьер-министрлері, Үкімет мүшелері және БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының қатысуымен АӨСШК-нің Екінші саммиті өткізілген болатын. Саммит ашылуында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес дүние жүзіндегі шешуші факторлардың біріне» айналғандығын атап өтті (Назарбаев, 2006: http://www.akorda.kz).

Орталық Азия мемлекеттері арасында туындап отырған проблемалар олардың стратегиялық мүдделеріне нұқсан келтірмей, келіссөздер жолымен ымыралық негізде шешілуде және олардың ұмтылыс-ұстанымдары халықаралық құқықтың жалпыға бірдей мойындалған нормаларымен үндес болуда. Атап айтқанда, 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болып кірген Қазақстан осы Ұйым аясында қабылданған адам құқықтары, халықаралық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, есірткіге бақылау жасау т.б. жөніндегі халықаралық конвенциялардың көпшілігіне қосылып, өз ұстанымын ашық білдіріп, ұсыныстарын алға тартып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы ұсыныс жасаған болатын. БҰҰ-мен қатар көптеген өзге елдер тарапынан қолдау тапқан бұл бастама 2002 жылы іске асырылып, Алматы қаласында он алты ел мүше болған АӨСШК алғашқы саммиті өткізілген болатын. Онда әлемнің аса ірі мемлекеттерінің өкілдері дүниежүзілік қоғамдастыққа ортақ өзекті мәселелерді талқыға салып, Алматы актісін және АӨСШК-нің лаңкестікті жойып, өркениеттер арасындағы үнқатысуға жәрдемдесу туралы декларациясын қабылдады. Өткізілген саммит барысында Алматы қаласында АӨСШК Хатшылығы ашылды. Сонымен қатар АӨСШК Екінші Саммитінің декларациясы қабылданып, онда Азиядағы, тұтас алғанда әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші проблемалары көрініс тапты. Осы аталған шаралар Орта Азиялық республикалардың сыртқы саясатын жүргізуде елеулі маңызға ие, оларға өкілдері қатысқан елдерді «бір мақсат біріктіреді, ол – Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау» Қазақстан АӨСШК төрағасы болып тағайындалуы, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында бар мүмкіндіктерді әрі қарай да жүзеге асыра беру ұстанымы барынша айқындалып, әлем қоғамдастығының қолдауына ие болып отыр. Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Орталық Азия мемлекеттерінің бір-біріне жақындығы мен ортақ шекаралары, көліктік және тағы басқа да коммуникациялық байланыстарының тығыздығы, табиғи минерал-шикізатті, отын-энергетикалық, жер-су қоры мен адам-еңбек әлеуетінің молдығы сияқты ортақ белгілері әрі бұл елдерді толғандырып отырған сыртқы және ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелер мен міндеттерінің ұқсастығы осы салалардағы проблемаларды бірлесе шешу мақсатында ынтымақтастық құру мен ықпалдасу үрдісін тереңдетуді талап етіп отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мәңгілік достық қарым-қатынас туралы келісім-шарттар жасасқан Орталық Азия мемлекеттері орналасқан аймақ бүгінде геосаяси артықшылықтарға ие болып отыр, себебі географиялық және демографиялық қорға бай. Сондай-ақ, өңірдің геосаяси маңыздылығы оның Еуразияның ең басты геосаяси орталықтарымен шекараластығымен де айқындалады. Шығысында Қытай Халық Республикасы және Азия-Тынық мұхит аймағы елдерімен, оңтүстігінде Ауғанстанмен және бірқатар ислам мемлекеттерімен, батысы және солтүстігінде Ресей, Түркия және Кавказ елдерімен шекаралас бұл өңір республикаларының саяси-экономикалық болашағының жарқын болуының бірден-бір шарты – ықпалдаса әрекет етуі. қарым-қатынастары тарихы ғасырлар тереңінде жатқан ортақ кеңістікте орналасқан Орталық Азия республикалары тәуелсіздік алған кезден әлемдік жаһандану процесіне белсенді түрде қатысып, халықаралық және аймақтық деңгейде өздеріне бірқатар міндеттемелерді жүктеуде. Жалпы алғанда, 60 млн-нан астам халқы бар бұл елдерді көршілес орналасқан аумақтары ғана емес, ортақ тарихы да, яғни бағзы заманнан келе жатқан экономикалық-саяси, мәдени-адами қарым-қатынастары байланыстыратындықтан, осы өңірдегі мемлекеттердің ықпалдасуы – заңды құбылыс. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев атап көрсеткендей, «континенталдық ықпалдастық – дүниежүзілік ықпалдасуға апаратын жол, өзара тәуелді ықпалдасу адамзатқа әлемдік және аймақтық даму мәселелерін шешуге көмектеседі» (Тоқаев, 2006).

2002 жылы Алматы қаласында алғаш құрылған «Орталық Азия ынтымақтастығы (ОАЫ)» ұйымына: Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы мүше болған, ал кейіннен, яғни 2004 жылдан бастап Ресей Федерациясы да кірді. Бұл ұйымның мақсат-міндеттерінің шеңбері едәуір ауқымды. Олар саяси-экономикалық қана емес, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді, сонымен қатар қауіпсіздік пен тұрақтылық және табиғатты қорғау мәселелерін қамтиды. Халықаралық ауқымдағы ұлттық мүдделерімізді нұқсансыз қамтамасыз ету үшін, біз әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тиісті табыстарға қол жеткізуге тиіспіз. Біздің мүдделеріміздің түпкілікті мәні – халыққа төнуі мүмкін қандай да болсын сыртқы қауіптердің алдын алып, мемлекеттілігімізді сақтап қалу, себебі бұл болашақ үшін маңызы зор мәселелердің бірі. Қазақстанның АӨСШК Төрағасы ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы мүмкіндіктері барынша айқындалып, әлем қоғамдастығының қолдауын тауып отырғаны қуантарлық жағдай. Елбасының және Үкімет басшыларының көршілес елдер басшыларымен дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту жолындағы жүзеге асырып отырған бірқатар кездесулері, жасаған келісім-шарттары, БҰҰ, ЮНЕСКО және тағы басқа халықаралық ұйымдар аясындағы өткізген әр түрлі келіссөздері мен іс-шараларымен бірге 2010 жылы Астана қаласында өткізілген ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде өткізілген ЕҚЫҰ мүше елдердің Саммиті де жаһандану мен ықпалдасу үрдісіндегі қомақты іс-шара болғанын атап өткен жөн.

Бұл орайда, Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап өткен Еуропа мен Азияның ықпалдасуына қатысты айырмашылықтарға назар аударсақ: «Көп ретте өңірдің ерекшеліктерін түсінбестен, бізді Шығыс Еуропамен салыстырып жатады және бұдан алысты көздейтін тұжырымдар жасайды. Алайда Шығыс Еуропа мүлдем басқа мәдени, экономикалық және геосаяси ортада дамыды. Шығыс Еуропада нарық, ұлттық мемлекеттілік, демократиялық мінез-құлық үлгілерінің дәстүрлері үш-төрт онжылдыққа ғана үзілді. Содан да бұл өңір геосаяси күйреулерден кейін өзінің тарихи мәдени-өркениеттілік ареалына тез интеграцияланды. Орталық Азиядағы ахуал мүлдем басқаша.

Біріншіден, біз дәстүршіл қоғамнан осы заманғы, ырықтандырылған принципке негізделген қоғамға өтіп жатырмыз.

Біз үшін әрқилы мәдени тұғырнамалардың қақтығысына жол бермеу, қоғамдық санада адамдар үшін жаңа құндылықтар мен қатынастарды біртіндеп қалыптастыра отырып, ұлттық дәстүрлердің жаңғыртылған нұсқаларымен жарасты үйлесімін қамтамасыз ету айрықша маңызды.

Кейбір елдердің жуырдағы тарихынан сәтсіз мысалдар баршылық. Әдетте, қоғам қызметінің тетіктерін алмастыру жүріп, либерализм дәстүршілдікке қарсы қойылған жерлерде процесс не қоғамдық кері кетуге ұрынды, не оған бастамашы болған күштердің диктаторлық режимге айналуына соқтырды.

Екіншіден, біз өзіміздің ұлттық мемлекеттігіміздің ғимаратын тұрғызуды іс жүзінде тақыр жерден бастадық. Мемлекеттілік тарихы ғасырлар бойы үзіліп қалды, ал осы заманғы терминдер мен ұғымдар тұрғысынан ол болған да жоқ. Еуропада берілген болмыс ретінде көрінетін нәрселерді бізге алға жылжу барысында аса ауыр экономикалық дағдарыс және әлеуметтік толқудың ұдайғы қатері жағдайында құрауға тура келді.

Үшіншіден, жоспарлы экономиканы нарықтық экономикаға, жалғыз партиялық саяси жүйені сан алуандылық жүйесіне өзгерту кезеңінен өту қажет еді»

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Парламенттік Ассамблеясы форумы 2003 жылы маусым айында Алматы қаласында өткен болатын. Бұл жиында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев жаңа жүзжылдықтағы қауіп-қатер мен дүрбелеңді дабылдардың шекаралар шеңберінен шығып кету сипаты өңірлік қауіпсіздікті тек жаһандық өлшеммен ғана өлшеуді талап ететіндігін атап өтіп, біріншіден, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің географиялық аумағы көбіне Азияда орналасуы азиялық бағытты ұйымның маңызды бағытына айалдырады, екіншіден, қазіргі кезеңде Азияда адамзаттың жалпы санының жартысынан астамы өмір сүріп жатқандықтан, планетаның негізгі шикізат және демографиялық әлеуеті Азия елдерінде болғандықтан, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мән-маңызы барған сайын арта түсуде, үшіншіден, Азияның саяси, экономикалық әрі мәдени тұрғыдан біртекті болмай отырғандықтан, бұл өңірде қауіпсіздік институттарын құру қиын, ал әлеуметтік және саяси тұрақсыздық салдарынан жыл сайын Азияның жекелеген елдерінен Еуропаға ондаған мың заңсыз мигранттар өтуде деді. «Сонымен, жаһандық ауқымдағы қауіпсіздіктің, соның ішінде Еуропа континентіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің де көптеген мәселелерінің кілті Азия жерінде жасырылып жатыр,» – деп атап өтті (Назарбаев, 2003).

Батыс пен Шығыс арасындағы нақты байланыстарды реттеуде Орталық Азия республикалары елеулі маңызға ие болуда. Сондықтан да қауіпсіздіктің қалыптасып жатқан орталық-азиялық жүйесі әрбір бөлшегі өңірлік тепе-теңдік пен тұрақтылықты орнықтыруда және әртүрлі қатерлерлерден қорғауда белгілі бір рөл атқаратын көпқабатты сипат алып отыр. Сондай-ақ, екі ірі мемлекетпен, яғни Ресей және Қытаймен көрші болу әрі Ислам әлемінің қуатты мәдени ықпалында болу Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесін таза өңірлік топты ғана қалыптастыру арқылы мүмкін емес. Бұл  аймақтағы елдер Азия немесе Еуразиядағы күштер үйлесімділігіне ғана емес, жалпы әлемдік геосаяси теңгерімге де әсер ете алатын топты құрайды (Стратегическое планирование, 1999: 141).

Елбасы Н.Ә. Назарбаев және Үкімет басшыларының көршілес елдер басшыларымен дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту жолындағы бірқатар кездесулері мен келіссөздері, жасаған келісім-шарттары және оларды іске асыру мақсатындағы іс-шаралары да қомақты үлес қосқаны айқын. Қазіргі кезде өзара тығыз байланысты орнықты даму, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау проблемалары бүкіләлемдік өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Қоғамдық құндылық ретінде экологиялық қауіпсіздік ерекше басымдыққа ие, «экологиялық қауіпсіздік кепілдіктері әскери, мемлекеттік және жеке қауіпсіздік кепілдіктерімен, адамның құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерімен қатар тұруы тиіс» (Панарин, 1996: 108).

Соңғы жылдар ішінде болып өткен кездесулер барысында секторлардың әрі қарай жақсы бірігуі үшін, бағдарламаларды қоғамды қатыстыра отырып іске асыру үшін, экономикалық қызмет және тұрақты қаржыландыруды бірлесе атқару үшін Орталық Азияда болған құрылымдарды қайта құру мен реформалау қажеттілігі анықталды. Сонымен, қазіргі кезеңде қызмет атқарушы құрылымдарды бекітіп, аймақтық басқару механизмдерінің тиімдісін қалыптастыру Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтастығындағы басты мәселе болып табылады.

Қорытынды. Бүгінгі таңда күрделеніп отырған сыртқы қатынастардың стратегиялық бағыттары мемлекетіміздің дамуы мен жалпы жаһандану талаптарына сай келуде. Қазақстанның қазіргі халықаралық қатынастары жаһандану және өңірлік интеграцияға негізделген және біздің бұл салада бағытымыз айқын. Бұл – ішкі және сыртқы саясатта орнықты дамуға қажетті негіз қалауға үлкен мүмкіндік болып табылады. Сондықтан көршілес елдермен бір кеңістікте тұрғандықтан оларды іске асыру жолдарын жан-жақты ойластырып, ортақ мәселелерді шешу мақсатында ортаазиялық республикалармен тығыз байланыс негізінде өзара серіктестік пен ықпалдастықты құрудың маңызы ерекше екені сөзсіз. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, саяси өмірінде шешуі қиын мәселелерге тап болып отырғандығына қарамастан, Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қоғамдастық қатарында тең құқылы, құзырлы мемлекеттер санатына еніп, орнықты дамуға қатысты маңызды халықаралық құжаттарды ратификациялап, саяси стратегиясын әлемдік деңгейде жүзеге асырып даму қауіпсіздігіне қол жеткізуде. Қазақстан бастамасымен Орталық Азия мемлекеттерінің бұл бағыттағы бірлесе атқарып отырған іс-шаралары қомақты. Аймақтың тиімді геосаяси жағдайы экономикалық және ғылыми әлеуеті өңірдің экологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығына қолайлы жағдайлар туғызып, мол мүмкіндік беріп отыр.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы //Алматы ақшамы, № 25 (3659), 2006 ж. 4 наурыз. – 9 бет.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2007 ж., 28 ақпан. – [Электронды ресурс] – http://www.akorda.kz

ҚР экологиялық Тұжырымдамасы, 2003:3 желтоқсан Қазақстан Республикасы Президентінің N1241 Жарлығы Қазақстан Республикасының 2003 ж., N47, 523-құжат

ҚР Президенті Н.Ә Назарбаевтың 1998-2000 жылдарға арналған «Экология және табиғи ресурстар» стратегиялық жоспары. 28 қаңтар, 1998 ж. – [Электронды ресурс] – http://adilet.zan.kz5.

Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы // Заң газеті. – 22 қазан, 1997.

НазарбаевН.Ә. 2006 ж., 17 маусым АӨСШК-нің Екінші саммитінде сөйлеген сөзі. – [Электронды ресурс] – http://www.akorda.kz

Назарбаев Н.А. Жаһандық ауқымдағы қауіпсіздік кілті Азия жерінде жасырылып жатыр // Егемен Қазақстан. – 2003. – 10 маусым.

Панарин А. Философия политики. – М.: Новая школа, 1996.– С. 108.

Стратегическое планирование / Под ред. Э.М. Уткина. – М.: Тандем; ЭКМОС, 1999. – С. 141.

Тангян С.А. Сущность глобализации и международные проблемы // Глобализация. Конфликт или диалог цивилизаций? – М.: Издательский дом «Новый век». Институт микроэкономики, 2002. – С. 101-109.

Тоқаев. Қ.К. Отандық дипломатияның он бес жылы // Егемен Қазақстан. – 16 желтоқсан, 2006 ж.

Энциклопедический словарь / Под ред. Г.В. Осипова. – М.: ИСПИ РАН, 1995. – 940 с.

References:

Qazaqstan óz damuyndaģy zhaņa serpilis zhasau qarsaņynda. Qazaqstannyņ álemdegi básekege qabiletti 50 eldiņ qataryna kitu strategiasy. Qazaqstan Respublikasynyņ Prezidenti N.Á. Nazarbayevtyņ Qazaqstan halqyna zholdauy // Almaty aqshamy № 25 (3659), 2006 zh. 4 nayryz. 9 bet.

Qazaqstan Respublikasynyn Prezidentі N.A.Nazarbaevtyn Qazaqstan halqyna Zholdauy. 2007 zhylғy 28 aqpan. – [Electron. resource] – http://www.akorda.kz

QR jekologijalyq Tuzhyrymdamasy, 2003:3 zheltoqsan Qazaqstan Respublikasy Prezidentіnіn N1241 Zharlygy Qazaqstan Respublikasynyn 2003 zh., N47, 523-quzhat

QR Prezidentі N.A Nazarbaevtyn 1998-2000 zhyldarga arnalgan «Jekologija zhane tabigi resurstar» strategijalyқ zhospary. 28 қaңtar, 1998 zh. – [Electron. resource] – http://adilet.zan.kz.

Nazarbayev N.Á. Qazaqstan-2030. Barlyq qazaqstandyqtardyņ ósip-órkendeui, qauipsizdigi zháne ál-auqatynyņ artuy. El Prezidentiniņ Qazaqstan halqyna zholdauy // Zaņ gazeti. – 22 qazan, 1997.

Nazarbaev N.A. Qazaqstan-2030. Barlyq qazaqstandyqtardyn osіp-qrkendeuі, qauіpsіzdіgі zhane al-auqatynyn artuy. El Prezidentіnің Qazaqstan halqyna zholdauy // Zan gazetі. – 22 qazan, 1997.

Nazarbaev N.A. AOSShK-nіn Ekіnshі sammitіnde sojlegen sozі. 17 mausym, 2006 zh.[Electron. resource] – http://www.akorda.kz

Nazarbayev N.A. Zhakhandyq auqymdaģy qauipsizdik kilti Azia zherinde zhasyrylyp zhatyr // Egemen Qazaqstan. – 10 mausym, 2003.

Panarin A. Filosofiya politiki. – M.: Novaya shkola,1996. – s. 108.

Strategicheskoe planirovanie / Pod red. E.M Utkina. – M.: Tandem; EKMOS 1999. – S. 141.

Tanyagin S.A. Sucshnost' globalizaciy i mezhdunarodnye problemy // Globalizaciya. Konflikt ili dialog civilizacii? – M.: «Izdatel'skiy dom «Noviy vek". Institut mikroekonomiki, 2002. – S.101-109

Toqaev Q.K. Otandyq diplomatyanyņ on bes zhyly // Egemen Qazaqstan, 2006 zh., 16 zheltoqsan.

Enciklopedicheskii slovar' / Pod red. G.V. Osipova. – M.: ISPI RAN, 1995. – 940 s.

МРНТИ 03.20.29

ЭКОЛОГИЧЕСКОЕ СОТРУДНИЧЕСТВО КАЗАХСТАНА И СТРАН ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ В УСЛОВИЯХ ГЛОБАЛИЗАЦИИ

¹Кандидат исторических наук, доцент. Казахский национальный университ им. аль-Фараби.г. Алматы, Казахстан

²Кандидат исторических наук, доцент. Казахский национальный университ им. аль-Фараби. г. Алматы, Казахстан

Аннотация. В данной статье рассматриваются вопросы регионального сотрудничества Казахстана со странами Центральной Азии в сфере обеспечения экологической безопасности. Создание международных организаций необходимо для более тесного сотрудничества, так как в современном мире наблюдается влияние внутренних и внешних факторов на состояние безопасности региона. Рассматривается функция и роль международных организаций как Совет по взаимодействию и мерам доверия в Азии.

В условиях глобализации и интеграции страны Центральной Азии осознают необходимость создания единой экологической политики региона, общего плана развития, и эффективные механизмы его реализаии.

Ключевые слова: Республика Казахстан, страны Центральной Азии, государство, международные организации, глобализация, экология, сотрудничество, экологическая безопасность.

IRSTI 03.20.29

ENVIRONMENTAL COOPERATION BETWEEN KAZAKHSTAN

AND CENTRAL ASIA COUNTRIES IN THE CONTEXT

OF GLOBALIZATION

U.M. Dzholdybaeva¹, F.A. Kozybakova²

¹Candidate of Historical Sciences,Ass. Prof., al-Farabi Kazakh National University. Almaty, Kazakhstan

²Candidate of Historical Sciences, Ass. Prof., al-Farabi Kazakh National University. Almaty, Kazakhstan

Abstract. This article deals with the matters of the international cooperation of the Republic of Kazakhstan and the states of Central Asia. Since it is currently impossible to stand alone against the global challenges of time, the Central Asian states have expressed the desire for sustainability, stability and security in the region, which requires the joint efforts of the countries concerned. In this article the problem of ecological cooperation of the Republic of Kazakhstan with Central Asian states is researched.The article considers the issue of solving global ecological problems in Republic of Kazakhstan. The article examines the role of international cooperation in the system one of the most basic structures in the Asian region, as well as the participation of Kazakhstan and the Central Asian statesin the organization.

Keywords: Republic of Kazakhstan, the countries of Central Asia, state, international organizations, globalization, ecology, cooperation, environmental safety.

No comments

To leave comment you must enter or register