Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 17.71.01 X-XII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ РУХАНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МҰРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗЫ

Г.П. Опабекова¹. ¹Кіші ғылыми қызметкер, Р.Б. Сулейменов атындағы Шығыстану институты, Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 17.71.01 X-XII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ РУХАНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МҰРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(23), 2020

Tags: дүниетаным., дін, философия, ілім, білім, сопылық, әдебиет
Author:
Аңдатпа. Еліміздің сан ғасырлық тарихында өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Зерттеушілердің пікірінше халқымыздың даналығын білдіретін ірі тарихи тұлғаларды зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың қасиетті парыздарының қатарына жатады деген сенімде. Осы тұрғыдан алғанда ғасырлар қатпарларындағы жасырынған рухани мұралар көптеп саналады. Түркілік дәуірдің ірі тұлғалары Ахмед Ясауи мен Ахмед Йүгнекиді солардың қатарына жатқызуға болады. Мақаламызда осы екі ғұламалардың мұраларындағы рухани құндылықтарды, дүниетанымдық көзқарастарын және олардың болашаққа беретін тәрбиелік мәні тұрғысында қарастырамыз. Ислам мәдениеті өзінің таралуы кезеңінде, әртүрлі дүниетанымдық қабаттардағы халықтардың құндылықтары арқылы біртұтас ислам өркениеті ретінде қуатты даму және жаңғыру сатысына көтерілді. Өзіндік ерекшеліктерге ие дәстүрлі түркілік дүниетаным әмбебаптық ислам өркениетінің қалыптасуының құралы ретінде қалып қоймай, ислам діні негізінде жаңаша түлеп, рухани бірлік деңгейінде өзіндік түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті көкжиегінде көтеріле білді. Түрік-ислам мәдениеті мен өркениеті X-XII ғасырларда Қарахан мемлекеті кезіндегі түрік тілінде жазылған еңбектер арқылы өз болмысын таныта бастады. Түркі әлемінің орта ғасырлардағы ойшылдары қатарында Ахмед Ясауи мен Ахмед Йүгнекидің өзіндік ерекше орындары бар. XII ғасырда Қарахан мемлекетінің саяси-қоғамдық философиясының моральдық-адамгершілік қағидаларын, түркі тілінің байлығын, әдет-ғұрыптарын поэтикалық түрде дамытқан ғұлама-ақындар.
Text:

Кіріспе. Орта ғасыр, дәлірек айтқанда X-XII ғасырлар – Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ана тілі мен әдебиетінің өркендеп өсуіндегі жаңа басқыш болды. Өйткені бұл кезде араб халифатының билігі жойылып, ел басқару ісін жергілікті жерлердегі феодалдар мен ақсүйектер өз қолдарына алған еді. Осы орайда араб тілі бұрынғыдай міндетті мемлекеттік тіл болудан қалды.

X-XII ғасырларда түркі әдеби тілі жан-жақты дамып, жетіле түсті. Мұның өзі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз т.б. халықтардың этникалық құрамының қалыптаса бастауы мен олардың әлеуметтік өмірдегі рөлінің біртіндеп арта түсуіне байланысты болды. Сөйтіп, қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтарының тілдері негізінде X-XII ғасырларда араб графикасының түрік жазуы қалыптасты. Әдебиеттің көптеген ескерткіштері аралас қарлұқ-ұйғыр және қыпшақ-оғыз тілдерінде жазылды. Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгнеки, Ахмет Ясауи сияқты көркем сөз зергерлері мен тілші-ғалымдар түркі тіліндегі көркем әдебиеттің шарықтап, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты.

Орта ғасырлардағы танымал әдеби туындылар – «Құтадғу білік», «Диуани лұғат ат-түрік», «Атабат-ул-Хақайиқ», «Диуани хикмет» сынды шығармалар Қарахан мемлекетіндегі тайпалар мен халықтардың бәріне түсінікті, ортақ тіл болып табылатын түркі тілінде жазылды.

Бүгінгі таңда Ясауи мен Йүгнеки ілімдерінің мәнін, маңызы мен ерекшелігін анықтау – тарихымыздың өткені мен бүгіні арасындағы рухани арналар сабақтастығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан үшін бұл ғұламалардың мұрасы – дәстүрлі түркілік дүниетаным мен ислам өркениеті арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз еткен сара жол болуымен қатар, бүгінгі заманға сай әлеуметтік-психологиялық, феноменологиялық ойлау жүйесі мен нақты тұжырымдамаларға бай, адамды жаңа мән-мағынамен сомдайтын және рухани азық беретін ілім ретінде ұлттық болмыстық тұғырымызды танудың негізіне айналып отыр.

Өзіндік ерекшеліктерге ие дәстүрлі түркілік дүниетаным әмбебаптық ислам өркениетінің қалыптасуының құралы ретінде қалып қоймай, ислам діні негізінде жаңаша түлеп, рухани бірлік деңгейінде өзіндік түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті көкжиегіне көтеріле білді. Түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті X-XII ғасырлардағы Қарахан мемлекеті кезіндегі түркі тілінде жазылған еңбектер арқылы өз болмысын нақты көрсете бастады. Бұл дәуір – дәстүрлі түркілік мәдениет пен дүниетанымның айнасы – түркі тіліне маңыз берген жаңа рух дәуірі болатын.

Біз қарастырып отырған ғұламалардың дүниетанымы адамды ішкі еркіндікке жетелейтін ар түзейтін ілім. Ал бүгінгі ашық және демократиялық қоғам құру жолындағы Қазақстан өз тәуелсіздігі мен еркіндігін баянды ету үшін, ең алдымен, еркін ойлайтын адамдарға зәру. Еркіндікті баянды ету мәселесі саяси шарттардан бұрын рухани ар-ождан құбылысына тікелей қатысты. Сондықтан да бүгінгі тәуелсіз Қазақстан қоғамы мен адамы үшін мәдениетіміздің рухани бастауы, ұлттық діліміздің мәнін анықтайтын ар түзейтін Ясауи ілімі өзіндік болмысы мен зәрулігін көрсетуде. Бұл туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «...Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр» (Назарбаев 1999: 5), – деп мемлекеттіліктің тұғыры етіп мәдениетті, ал мәдениеттің бастауы ретінде ділді, даналықты көрсетіп отыр.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау, тарихилық принципі кеңінен қолданылған. Қәзіргі рухани жаңғыру кезеңіндегі еліміздің әлеуметтік болмысына ортағасырлық дүниетанымдық ойлардың әсерін анықтау, мәдени сабақтастығын көрсету.

Мақаланы жазуда Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Ахмед Ясауи мен Ахмед Йүгнекидің мұраларын зерттеген отандық және түрік зерттеушілерінің еңбектері қолданылды.

Талқылау. Ахмет Ясауидің ілімі мен хикметтері түркі-ислам мәдениетінің ең айтулы үлгісі, мирасы ретінде бүгінге дейін маңыздылығы мен өзектілігін сақтап келеді. Ясауидің өз дәуірінің ең қуатты білім ордалары мен сопылық мектептерде араб, парсы тілдерінде тәлім-тәрбие көргенін барлық тарихи дерек көздері растайды. Н.К. Зейбектің сөзімен айтқанда «Бүгінгі орыс немесе ағылшын тілінде білім алдым деушілер сияқты ол да өзінің хикметтерін парсы немесе араб тілдерінде жазса болар еді. Бірақ Ясауи түркі перзенті ретінде ілімін ана тілінде жазды. Өйткені хәл ілімінің мәні бойынша оның бар мақсаты – өз халқымен тұтастыққа, шындыққа ұласу болатын. Ясауи «мені танысын» дегендердің емес, «халқымды таниын» дегендердің ұстазы болатын. Халқын тану, сүю тек оның тілімен тілдес, мұңымен мұңдас болу арқылы ғана мүмкін болатын құбылыс»(Zeybek 1997: 35). Шындығында, оның хикметтерінен ислам мен түркілік дүниетаным қабаттарының біте қайнасып, өріліп жатқанын байқауға болады. Осы ерекшелікті Ф. Көпрүлү Ясауи хикметтерінің мазмұндық жағынан діни-сопылық, ал құрылымы жағынан жеті, он екі буынды болып келуін де түрік әдебиетінен алынған ұлттық ерекшелік деп көрсеткен болатын (Köprülü 1991: 146).

Сол дәуірдегі Ахмет Йүгнекидің «Атабат-ул-Хақайиқ» атты еңбегінің маңызы да ерекше. Көне түркі тілінде жазылған бұл еңбек түркі-ислам мәдениеті негізінде, діни-мораль саласында тәлімдік «насихатнама» ретінде танылады. Бұл еңбекте аят пен хадистер арқылы түркілерге үйретілуі тиісті моральдық, діни тәрбиенің құндылықтық негіздері берілген. «Атабат-ул-Хақайиқ» еңбегіндегі «...дүниенің зұлымдық пен жамандыққа толуы, құлшылықтың риякерлікке айналуы, мұсылмандардың қор еліктеушілікке (тақлит) салынуы, мешіттердің қаңырап қалуы, шарапханалардың толып-тасу, ғалымдардың амал-істен, захидтердің күнәдан, даналардың зікір салудан қолы тимеуі, жамандық-індеттің жайылуы сияқты наразылықтары мен жан айқайы сол дәуірдің саяси-әлеуметтік тұрақсыздығынан көрініс береді (Ислам философиясы 2005: 32).

Қожа Ахмет Ясауи – түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне мәшһүр болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылмандық қауымның дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды.

Ахмет Ясауи өз дәуірінде дін мен мәдениеттің тіліне айналған араб және парсы тілдерінің орнына өз ана тілі түрік тілін қолданып, ғылымның, махаббат пен кемелдіктің тіліне айналдырды. Хикметтерінде түрік тілін қолдану арқылы қалың көпшілікке әсер еткен алғашқы түркі сопысы да Қожа Ахмет Ясауи деп танылады. Бүгінгі таңда кең байтақ аймақта қолданыстағы ауызша және жазбаша әдеби түрік тілі туралы сөз қозғалар болса, мұның басты себепкері Ясауи болып табылады. Сонымен қатар, ол өзі өмір сүрген дәуірде ислам дінінің шеңберінен шыққан жалпылама суниттік емес бағыттар мен ағымдарға қарсы шығып, Құран мен сүннет байрағын желбіреткен тұлға. Ол Құран таным берген Пайғамбар да жүзеге асырған және насихаттаған шынайы исламды халыққа түсіндірген руханияттың адамы, Құранның махаббат пен кемелділік тұрғыдан жорамалдаушысы. Сондықтан да Ахмет Ясауи деген кезде, Хз. Мұхаммед Пайғамбар өміріндегі исламды, осы ислам дінін өз ана тілінде барша халық түсіне алатын тілде түсіндірген алғашқы түркі сопысын және ол тәрбиелеген алыперендермен Исламның таухид пен әділет шуағын жержаһанға жаюға тырысқан бір топ жанкешті адамды еске аламыз.

Ислам дінін жаю мақсатында ғазауатқа қатысқан, дін жолында бар күш-жігерін аямаған, ғылыммен айналысқан Ясауи шәкірттері Анадолыда алыперен деген атпен танылған. Аллаға, Пайғамбар мен болмысқа деген сүйіспеншілікті өз көңілінде топтастырып, түйістіре білген Алланың құлы болған бұл тұлға махаббат пен кемелдіктің, шынайылық пен төзімділіктің, адамға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің кең таралуы мен артуының символы болып табылады (Necdet 2015: 54).

Қожа Ахмет Ясауидің атын асқақтатып күллі дүниеге мәшһүр еткен аса баға жетпес асыл еңбегі «Диуани хикмет» екені баршаға белгілі. «Диуани хикмет» – түркі тілді халықтардың XII ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі. Ясауи хикметтерінің тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті орыс ғалымы А.К. Боровковтың пікірі бойынша «Диуани хикмет» оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды екенін ескерсе, бұл өлеңдер жинағын қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы деп есептеуге негіз бар (Келімбетов 1986).«Диуани хикмет» шығармасының түпнұсқасы бүгінгі күнге жетпеген. Дегенмен «Диуани хикмет» шығармасы Ясауидің шәкірттері арқылы әр ғасырда қайта көшіріліп қолжазба күйінде (XV-XIX), ал XIX-XX ғасырлардың басында литографиядан немесе типографиядан жарық көрген нұсқалары арқылы бүгінгі күнге жеткен. Еліміз тәуелсіздік алған соң 1993 жылы «Диуани хикмет» шығармасы тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып оқырманмен қауышты. Сол кезден бері «Диуани хикмет» қазақ тілінде бірнеше рет жарық көрді. Сонымен қатар 2000 жылы «Диуани хикмет» тұңғыш рет орыс тіліне аударылып жарық көрді.

«Диуани хикметте» адамзаттың жарық әлемдегі жарқын өмірімен бірге, бақи дүние, мәңгілік екінші ғұмыры да жан-жақты терең талданып, әр қырынан сөз болады. Бұл ретте сегіз пейіш, жеті тозақтың да шынайылығы, олардың өзіндік ерекшелігі, кімдердің құрметті орынға ие болып, кімдердің сол орында қызмет істейтініне дейін жазылыпты. Анығырақ айтқанда, бес уақыт намаз, отыз күн оразасын қаза қылмай, жетім-жесірлерге қарайласып, кісінің ақысын жемей, біреуді өсектеп, біреуді кемітпей, жұртты өзімен тең санаған, ата-анасын сыйлаған адал адам Алланың шапағатына бөленбек.

Ясауидің еңбегіндегі тоқталып өтетін тағы бір дүние «Бейіш пен тозақтың айтысы» . Мұнда алдымен сөз бастайтын бейіш:

Бейіш айтар, мен артық, ғалым құлдар менде бар,

Ғалымдардың көңілінде аят, хадис, Құран бар, -

десе, оған қарсы тозақ:

Тозақ айтар, мен артық, сараң құлдар менде бар,

Сараңдардың бойында отты шынжыр кісен бар, -

деп бірі өзіндегі ең бір оңбаған кеселді кесір, ешкімге сәулесі түспейтін шық бермес шығайбайды дәріптесе, екіншісі бар ғұмырын халайық-қауымның игілігі үшін еңбектеніп, күндіз-түні ынтызары ғылым-білім болып, қайтсем жұртқа пайдамды тигіземін деп жүрген ақ көңіл аңқау, кім не айтса да өзіндей сенетін бала мінез жанды мадақтапты.

«Диуани хикметте» Алланың жолында, ақиқаттың алдында ақ сөйлейтін небір керемет Пайғамбарлар мен әулиелердің аты жазылып, әрқайсысының өзіндік еңбегі аталыпты. Соның ішінде өзі ұстаз санап, адамгершілігін өте жоғары бағалаған Арыстан баптың кереметтей іс-әрекеті «Диуани хикметте» былайша суреттеледі:

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.

«Билхамдиллаһи» көрдім деп ізімді өпті, - (Жармұхамедұлы және т.б., 1993: 91)деп өзінің қалай, қашан кездескенін, екеуінің арасындағы ұстаз бен шәкірттік ұлы сыйластықтың қалай өрбігенін толғаса, енді бір жерінде:

«Алла-Алла» деп жер асытнан орын қылды,

Мәңкір-Нәңкір «Раббың кім?» деп сұрақ қылды,

Арыстан бабам ислам дінін баян қылды, -

деп ол үлкен әулиенің көз жұмған шағынан да хабардар етуді ұмыт қалдырмапты.

Бүгінгі жастар мен болашақ ұрпақ ұстаздың кім екенін, шәкірттің кім екенін, олардың арасында қандай қимастық, сыйластық болу керегін жақсы білемін десе Қожа Ахмет Ясауиден үйренулері, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алулары керек. Өйткені ізеттілікке, парасаттылыққа, ғылымға, асқар арманға шәкіртті қыранша баулитын ұстаз, ұстазын сыйламаған адам онша ұзаққа бара қоймас.

Бүкіл түркі халқының ғұламасы Ясауидің ақыл, дана сөздері қай кез, қай заманға да сай келеді. Бізге ғұламаның өлеңі бірнеше жағымен қымбат. Біріншіден, тарихымызды, әдет-салтымызды, кісілік-кішілігімізді, ең бастысы Құдай сөзі – Құранды жан-жақты түсіндіріп, әр саласымен терең толғап таныстырады.

Ұлы ақын өзінің әйгілі хикметін аса күрделі ұйқастар мен ішкі үндестіктері бір-бірімен қабысып, шебер үйлесім тапқан, бір дыбысы мен екінші дыбысы қосылғанда қоңыраулатып үнді саз шығаратын, өзіндік мақамымен, әндетіп оқылатын асыл туындысын біздерге, болашақ ұрпаққа қалдырды. Бүкіл саналы өмірінде бірде-бір рет Алланы есінен шығармаған жаны соншама таза Қожа Ахмет Ясауи бар ынты-шынтымен егіліп-төгіліп, көзі моншақтап, көкірегі шерге толып, тереңнен толғайды:

Көзімді аштым сені көрдім,

Бар көңілімді саған бердім.

Жүрегімді дірілдеттің,

Алла маған керексің.

Қарай қалсам көзімде сен,

Сөйлей қалсам тілімде сен.

Көкірегімде, жанымда сен,

Алла маған керексің... (Дәуітұлы 2001: 116)

XII ғасырда ғұмыр кешкен Қожа Ахмет Ясауи дәстүрінің желісін үзбей, XIX ғасырдың екінші жартысына дейін ақын-жыраулар шып-шырғасын шығармай толғап келген. Олардың алдына қойған жарқын мақсаты – адам баласының ішкі жан сарайын тазалау еді. Бұл ғұлама жандардың жырлауы бойынша аспан мен жер бір Алланың құзырында. Не істесең де Алла көріп тұрмақ, оңтүстігінде Алла, солтүстігінде Алла, күншығысында Алла, күнбатысында Алла, төбеңде Алла, төменде де Алла. Алла жан-дүниеңнің, бүкіл тірлігіңнің, іс-әрекет, хам-қарекетіңнің қожасы, басшысы.

Ясауидің құлшылығы жалпы адамзат баласының бойындағы тазалыққа, имандылыққа деген құлшылықтың аясындағы қанағатшылдық, рахымшылдық, мейірбандықтың барлығы бір арнаға тоғыса келіп, пәк Жаратылыстың ақ дидарын алға тартып, соның алдында құлшылық жасап, сол жолдағы адасқандарды мына жалған дүниенің тар қақпасынан алып шығудың қастерлі де қасиетті жолы болып табылады. 63 жастан кейінгі өмірін жерасты қылуетте өткізген адамның өз аты-жөніне «Құл» деген сөзді қосып атауының өзінде терең мән бар екені анық. Адам баласының болмысына тән пенделік құлқынның құлдығынан ада, асқан қарапайымдылық пен биік парасат-пайымның падишасы атанған бабамыздың пәк жан-жүрегінің тәбәрігі іспеттес хикмет-жырлар – ғасырлар қойнауынан бүгінгі мұқалмай жеткен асыл қазына (Яссауи 2007: 8).

Ақиқатқа бөленген адамгершілік жырдың Құран сүрелерінен бастау алатын ұлы нұсқалы жыр екендігі және ұлағаттылығы тұрғысынан да ешкімге дес бермес биіктігі, көкірегінде кішкене де болса сәулесі бар жандарға рухани қуат беретіндігі даусыз.

Қожа Ахмет Ясауи өз заманының қоғамдық санасының дамуында екі прогрессивті құбылыстың иесі, бірінші – Ясауи оқуы болса, екіншісі – "Диуани Хикмет" жазба мұрасы. Егер Ясауи оқуы діни-фәлсәфәлық танымның түркілік вариантының бастамасы болса, оның шығармалары түркі тілдес халықтардың биік рухани жетістігі болып саналады. Бұл екеуін бөліп-жаруға болмайды, өйткені Қожа Ахмет Ясауи оқуы сол дәуірдің қоғамдық санасының жемісі ретінде, ал “Диуани Хикмет” осы қоғамдық сананың әдеби тұрғыдағы бейнесі ретінде, бірінсіз-бірі қарастырылуы мүмкін емес.

Ясауи хикметтері – Ясауи дүниетанымының қағаз бетінен тіл қатқан рухани дүниесі. Оның шығармалары өзін қоршаған ғарышқа, адамзатты жаратқан тіршілікке, қоғамға деген дүниетанымының ақын жүрегінің елегінен өткен бейнесі болып, жан-дүниесінің тебіренісіне түскен сөз әлемін жасады. Оның шығармашылығы өз дәуірінің қоғамдық санасының күшті де әлсіз жақтарын қамти отырып, сопы Ясауи мен ақын Ясауи сияқты екі ұлылықтың ұштасуынан туған перзенті, қарым-қатынасының жемісі болып дүниеге келді (Ахметбек 1998).

Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмед Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны өз заманының көкейкесті мәселелерін – ақыл-парасатты, білімділікті, қарапайымдылықты, әдеппен сөйлеуді, кішіпейілділікті, сабырлылықты және т.б. ізгі қасиеттерді этикалық-дидактикалық сарында жырлаған көркем туынды. Діни-этикалық құндылықтар ойшылдың шығармашылығының, дүниетанымының негізгі өзегін құрайды. Ойшыл өз ілімінде адам тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның философиялық идеялары гуманизмге толы, келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне көп мән береді.

Ахмет Йүгнеки халқының жағдайын терең түсінген аса сезімтал ақын, өз айналасындағы күнделікті болып жатқан тірлікті жіті бақылаушы, өткен өмірге, кешегі тарихқа соншама сергек қарайтын биік парасат иесі екені анық. Ақынның әрбір сөзінен өмірден көп тоқыған көрегенді, данышпандылығы аңғарылып тұрады. Ақын әрбір адам пенде, олай болса одан кемшілік көп кетеді, күнаға батпай, адал жүру үшін алдымен Алланы, одан кейін білімге зейін салу керек дегенді уағыздай келіп:

Ей, Алла! Көп мінажат етем саған,

Ең әуел рақымың мен аңсаған.

Мақтауға лайықты тіл жете ме,

Төгейін тіл өнерін, жар бер маған.

Ұшқан құс жүгірген аң – барлығы да,

Паш етер сені «бар» - деп жөн бар соған

Әр істе білемісің мың дәлел бар,

Табады сол дәлелді ой барлаған, -

деп толғаса бәрі де рас, басы артық ешнәрсе жоқ, құдіреті күшті Алланы он сегіз мың ғаламда мадақтамайтын, оны мойындамайтын тіршілік жоқ шығар.

«Ақиқат сыйы» шығармасындағы ең басты мәселелердің бірі – оқу мен білім мәселесі. Сол кезеңдерде адамның сана-сезіміне жарық сәуле құятын оқу-білімді, ғылымды мадақтап, білімді адамдарды, ғұлама ғалымдарды құрметтеп жырға қосудың өзі зор азаматтық ерлік іске тең еді. Йүгнеки өз шығармасында барша әлемнің сырын ашатын кілт – көкірек көзі ашық, оқыған, білімді адамдардың қолында деген пікір айтады. Ғылым мен ашу-ызаны бір-біріне қарсы қояды. Сөйтіп, ақын бақыт жолын өнер-білімнен табады, ал ашу-ызаға тізгін берген кісі қашанда надандыққа, қараңғы түнекке душар болады деген пікірге келеді. Дастанның өзге тарауларындағы әдептілік, мейірімділік, жомарттық секілді басқа мәселелерді де осы оқу-білімнің құдіретті күшімен байланыстырып, кез келген түйінді оқу-білім арқылы шешуге әрекет жасайды.

Ахмед Йүгнеки білімді жандарды көкке көтере мадақтайды, оқушысын оқу-білімнің кәусар бұлағынан еркін сусындауға шақырады:

Білікті білім жинап кәсіп етер,

Білімнің дәмін татып өсіп өтер.

Білдірер, беріп елге білім сырын.

Біліксіз білімді аттап, бөсіп өтер,

Тура сөз біліксізге қаза болар,

Насихат, пайдалы сөз жаза болар.

Надан жан қанша жусаң тазармайды —

Талай кір жуған сайын таза болар.

Білікті біліп айтар, сөзін ұтар,

Ол емес бос сөзіңді бедел тұтар,

Білімсіз не айтса да білмей айтар —

Өз тілі өзінің кеп басын жұтар.

Алла өзін білімменен құт етеді,

Қайырсыз надандықты жұт етеді,

Білімді үйренбеген талай қауым.

Құдайды қолдан жасап бұт етеді.

«Ақиқат сыйы» – дидактикалық шығарма. Сондықтан дастанда негізінен адамның мінез-құлық қағидалары, адамгершілік, этика, әдептілік, т.б. моральдық мәселелер әңгіме болып, ақын осылар жайында өз оқырманына ғибрат сөздер айтады. Әдепті, мағыналы сөйлей білуге, өтірік-өсек айтпауға, сыр сақтай білуге, босқа көп сөйлемеуге шақырады. Ал, әдептіліктің басы – тілге сақ болу деп үйретеді:

Білімдіден қалған бір сөз тағы бар:

Әдептіге, «үндемес» ат тағылар.

Тіліңді тый – сонда тісің сынбайды,

Жөнсіз шыққан тілден тісің қағылар.

Сөз есепсіз – тіліңді тый, тарт, ұста,

Тыймаған тіл басыңа сор әр тұста.

Есепті сөз – ер сөзінің асылы,

Мылжың тілді «жау» - деп ұғын тартыста.

Ақылды ма көп сөйлеген күніне,

Талай бастың тіл жетті ғой түбіне.

Оқ жарасы жазылады, бірақ та,

Тіл жарасы жазылмайды: түбі не?

Сөйтіп, ақын тілді тыйып ұстау – әдептіліктің, білімділіктің белгісі деп біледі. Ақын қашанда әбден ойланып алып, сосын ғана сөйлеу керектігін ескертеді. Өйткені жаман сөз адамның жан-дүниесін жаралайды. Оқ жарасы жазылар, ал ащы тіл салған жара жазылмас дейді.

Ахмед Йүгнеки адамгершіліктің тағы бір көрінісі – әділ болып, қашанда шындықты айту екенін нақты деректер келтіре отырып дәлелдейді. Шын сөз – бал секілді, жанға жайлы, дертке шипа болып келеді. Сондай-ақ ақын сыр ашпау, құпияны сақтай білу жөнінде де уағыз-ғибрат айтады.

Ғұлама ақын өз шығармасында жомартгық пен сараңдық туралы да сөз етеді. Ақынның ойынша құрметке лайықты адамның бойындағы ең асыл қасиет – жомарттық. Жомарттық тұрған жерде алынбайтын асу жоқ, жылымайтын жүрек жоқ. Ақын ұдайы жомарттық пен сараңдықты бір-біріне қарсы қойып көрсетеді. Жомарт жандарды зор ықыласпен, жан-жүрегімен беріле жырлайды.

Ахмед Йүгнеки адамдардың мінез-құлқын жақсарту арқылы, оларды жомарт, әрі білімді ету арқылы заманды да жақсартуға болады деп үміттенеді. Адам бойындағы асыл қасиеттердің ең бастысы жомарттық екенін айта келіп, ақын аш-жалаңаштарға қол ұшын беруден артық игілікті іс жоқ деген қорытындыға келеді.

Сонымен бірге, Ахмед Йүгнеки оқушысын сол заманның әдет-ғүрпын сақтап, түрлі заңдарын орындап отыруға, қара қылды қақ жаратындай әділетті болуға, әлсіздерге күш көрсетпеуге, кемтарларға қолғабыс тигізуге нысапты болуға шақырады.

Ахмед Йүгнеки өз заманының прогрессивті ақыны, әрі білімді азаматы ретінде адам бойындағы әдептілік, мейірімділік, жомарттық, қарапайымдылык, секілді ізгі қасиеттерді барынша мадақтайды: ал енді надандық, қатігездік, сараңдық, тәкаппарлық тәрізді мінез-құлықтардан сақтандырады. «Ақиқат сыйы» дастаны өз заманының көкейтесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған бертін келе қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор ықпал еткен әдеби мұра болып табылады.

Зерттеушілер ақынды XII ғасырдың аяғы немесе XIII ғасыр басында өмір сүрген деп тұжырымдайды. Олай болса бұл ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болып табылады, Ясауидің бір жаратқанды жад етіп «Диуани хикметінде» аса шебер жырлағаны, Аллаға мінажат еткені белгілі. Ол:

Мінажат еттім, міскін Қожа Ахмет,

Йа, Алла бар пендеңе қыл рахмет.

Ғарып Ахмет сөзі әр кез көнермес,

Егер жер астына түссе шірімес.

Және мансұқ болып ол қар болмас,

Оқыған пенделері дертті болмас.

Үнемі дұғада болса бар мұсылман,

Өлер кезде беріледі нұр иман (Жармұхамедұлы және т.б., 1993: 118).

Расында Қожа Ахметтің данышпандығы – көптің, халқының қамын ойлағандығында, өйткені ақынның ішкі жан дүниесімен барлық адам баласының тағдыры бір сабақ жібек жіппен байланған секілді. Ол әр нәрседен сыр іздейді, тіпті ағып жатқан бұлақ та, қоңыраулы құрақ та бір құдіретті ғана жырлап жатқан сияқты.

Міне, Ясауи да Йүгнеки де бір жаратқан иені танып қоймай, басқа ел-жұртқа және болашақ ұрпаққа жан-жақты өсиет еткен. Ұлы ақын Ахмет Йүгнеки он сегіз мың ғаламның тұтқасы – жалғыз жаратушының қолында, ол өлтіреді де тірілтеді, не істеймін десе де өзі біледі, бір сөзбен айтқанда ақын «құдайсыз қурай сынбайды» дегенге саяды. Атақты ғұлама аса қабілетті, ерекше зерек болған, ол көзінің тірісінде бір ғана ғылым-білімнің соңына түсіп, күндіз-түні жалықпай үйренумен болған екен. Әсіресе оның тіл үйренуге құмарлығы ерекше болған деп тұжырымдайды. Бұл турасында ақынның «Ақиқат сыйы» атты кітабын шығарып, жан-жақты зерттегендер Ә. Құрышжанов пен Б. Сағындықов: «Бұл дүниенің жарық сәулесін көрмеген зағип Ахмет ойшыл да зерделі болып туады, қабілетін ұштап, білімге құлаш ұрады. Көп ізденіп, мол білім жинайды. Түркі тілдерін меңгеріп, араб тілін жетік біледі, халық тілінен қалағанынша сусындап, әдеби тіл үйренуді әдетке айналдырады, жазба тілді жастайынан жаттап өседі. Өз ортасының көп оқыған білімпазы есебінде ол «Әдиб Ахмед» деген атаққа ие болады» деп тұжырымдайды (Құрышжанов, Сағындықов, 1985: 7).

Ахмет Йүгнекидің өнер-білім жайлы ойлары терең де мазмұнды, ақын:

Білікті білім жинап кәсіп етер,

Білімнің дәмін татып нәсіп етер.

Білдірер білмес елге білім сырын,

Біліксіз білімді аттап бөсіп өтер.

Расында, терең білімі жоқ, не білігі жоқ адамға ғылым ізденудің қажеті болар ма?! Таяз адам өзін данышпан да, көреген де, мықты да деп біледі, ешкімді бойына тоғытпақ емес, тірі жанды менсінер ме?! Ондай саңлауы жоқ адамға айтқан сөз, берген кеңес құмға сіңген сумен бірдей екені анық, осы себепті Ахмет:

Тура сөз білімсізге қаза болар,

Насихат, пайдалы сөз жаза болар.

Надан жан қанша жусаң тазармайды,

Талай кір жуған сайын таза болар.

Надан қайда да надан, жаман қайда да жаман, бұл екеуі де елді бүлдіреді, жұртты шерменде етеді. Осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи:

Пасық, залым басқан жері таза болмас,

Ораза, намаз қаза қылып, масуақ салмас.

Расулалла сүндеттерін көзіне ілмес,

Күннен күнге күнәлары артар, достар (Жармұхамедұлы және т.б., 1993).

Әркім не істесе де өзіне істейді, жақсылық та оралады, жамандық та оралады. Алла қылп еткен тамырыңды, бүлк еткен іс-әрекетіңді қалт жібермей бақылап отырады. Екі иығымыздағы екі періште жақсылығымыз бен жамандығымыздың бірін де қалт жібермей, өз дәптеріне түсіруде. Бәріміз де қиямет күнінде Алланың алдында есеп береміз, сондықтан Қожа Ахмет Ясауи:

Қиямет күн жақындады, қалғаны жоқ,

Құл Ахмет сөзінде жалғаны жоқ.

Өзін-өзі көтеріп мақтаған жоқ,

Насихатын халыққа айтып кетті, достар, - деп жырлайды.

Ұлы құдіреттің алдында барлық адам баласы бірдей, Алла ешкімді алаламайды, мынау жарлы, мынау маңғаз, мынау патша, мынау құл деген ұғым жоқ. Алланың айрықша кереметі де осында. Бұл бір ғажайып әділдікті жақсы білетін Ахмет Йүгнеки төгілте жырлайды:

Болғаннан соң мал, дүние, жандығың,

Ұлылыққа қол сермедің, жанды ұғын.

Байлықтан не? – Көрге жалаң кіресің,

Қалар мұнда кісе, себет, сандығың, -

деп толғаса ұлы ақын, оның осы айтқанының бәрі шындық, адам баласының аш көзі дүние-мүлікке тойған ба, мал-мүлікке қанағат етер ме?! Жан баласының көзі тек бір уыс топыраққа ғана тоймақ, Бұл жайында Ұлы Абай да:

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?!

Қанша тірі жүрсе де, өлген күні

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, - (Құнанбаев 1977)деп аса ойшыл ақын өте дұрыс айтқан, өмірден көріп, көңіліне тоқып-түйгенін ортаға салған.

Алланы тануда да, оның тіл жетпес хикметін көпшілік қауымға жеткізуде де поэзиямыздың бірде-бір рет желісі, дәстүрі үзілмегендігі, сонау XII ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Йүгнекиден бастап Абайға дейінгі аралықтың қаймағы бұзылмағандығы анық байқалады (Дәуітұлы 1998: 67).

Қорытынды. Рухани кемелденудің негізгі жағдаяты адам үшін нәпсіні тиюден басталатындығы сопылық ілімде бастаулардың бастауы ретінде айтылады. Дегенмен нәпсіні тию деген қоғамнан шеттеп қалу емес және дүниенің барлық қиындықтарынан қашу емес, ол ерекше түсініктегі рухани жетілуге ұмтылу. Бірақ қәзіргі заманда адамның өмірдегі қойған мақсаты тіршіліктің үлкен нарықтың заңдылығынан шыға алмайтын деңгейіне жеткен десе де болады. Бұл жерде рухани жетілуден гөрі тіршілік үшін күрес басымдау ма деген пікір туындайды. Әрине, әр заманның өзіндік құндылықтар басымдылықтары болады және ол да қатып қалған жүйе емес. Уақыты келгенде өзгеріске ұшырайтын нәрселер қатарына жатады. Бұл да әлеуметтік болмыстың заңдылықтарына жатады. Дегенмен тұрақтылық танытатын, адамдық өмірдің іргетасы болатын рухани құндылықтар болатынын ескеруіміз қажет. Міне, Ахмед Йүгнеки ілімі негізінен осы бағыттарда өрбіген дүние.

Ал құндылықтар әлемі адамды, қоғамды жетілдіру жолына жетелейтіні белгілі. Бірақ адам да, қоғам да кейбір жағдайда алдамшы, жалған құндылықтар әлеміне беріліп кетуі мүмкін. Сондықтан ойшыл Аллаға сенімнің ең биік құндылық екенін айта отырып, бірақ оның өзі адамның білімге деген ұмтылысы арқылы құндылықтардың биігіне жететініне меңзейді (Аймұратов 2005: 17).

Қай заманның болсын халықтың қамын ойлаған ғұламалары ой-толғаныстарын сөз жүзінде қалдырған. Олардың барлығының этикалық тұжырымдамалары сараңдық пен жомарттық, қатыгездік пен қайырымдылық, ашу мен сабырлылық арасалмағын айқындауға арналады. Осы жұп категориялардың ішкі байланысы Ахмед Йүгнекидің де этикалық-философиялық ойлары арқылы ашылып көрсетіледі. Ғұлама осы қайшылықтардың түпкі шешімін ақиқат заңдылығына жақындата түсетін тұлғалық жетілуден іздейді. Оның ойынша адамдар бір-біріне мейірімді болуға тиіс. Ал мейірімділік пен жомарттық бірлессе сараңдыққа орын қалмайды. Ойшыл «жомарттық», «сараңдық» туралы ұғымдарды салыстырады. Ел ішінде абырой, атақ мәртебеге мейірімді, қайырымды жебеушілер лайықты дейді. Оларда ең бастысы жүрек жылуы бар. Адамдар арасын жақындатушы көпірлердің бірі жомарттық. Жомарттық мінез-құлық өлшемі ғана емес, бүкіл қоғамның имандылығын, адамгершілігін білдіреді.

Ясауи хикметтерінің мәні мен ғасырлар бойы рухани азық болуының сыры, оқырман жүрегін өзіне баурап алуының бірден бір себебі – хикметтерде қоғамның кез-келген өкіліне арналған ақыл мен насихаттың асыл қазынасы кездесетіндігінде. Осы нақыл сөздердің қай-қайсысын болмасын ғасырлар өтсе де мәні мен мағынасын, өзектілігін жоймағанын көзі қырағы, көкірегі ояу әрбір оқырман терең сезінеді, «Диуани хикмет» шығармасынан өзіне керекті нақыл мен насихатты іздеп тауып, дүр мен гауһардай ақыл сөздерінен ғибрат алады (Қари, Қамбарбекова, 2016).

Қожа Ахмет хикметтері адамды биік парасатқа, тұңғиық сезімге, хақ сенімге, мол адамгершілік пен таза сүйіспеншілікке, мөлдір мейірбандыққа бастайды. Хикметтер – адамға өзінің жаратушы иесі – Алланы танытатын жырлар. Адамның рухы, жаратылысы мен иманын терең орнықтыратын Ясауи хикметтері бүгінгі – XXI ғасырдағы қазақ оқырмандарына рухани, имани бойтұмар болатыны анық. Бүкіл түркі әлеміне ортақ данышпан Қожа Ахмет Ясауи хикметтері – әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылатын асыл мұра.

Мәдениеттің рухсыз тіршілік ете алмайтындығы сияқты, қоғам да мәдениетсіз, тарихсыз, рухани ұстанымдарсыз өз болмысы мен дамуын баянды ете алмайды. Ал ұлттың рухани жаңғыруы оның төл мәдени-рухани арналарымен үндестігіне байланысты екендігін тарих тәжірибесі айқындап отыр. Сондай рухани бастау болып табылатын Қазақстандағы ислам философиясы тарихындағы Ясауи мен Йүгнекидің дүниетанымы қазақ мәдениеті мен адам әлемінің ділдік түлеу құбылысы тұрғысынан маңызды орынға ие болып отыр.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи. – Алматы: Санат, 1998.

Аймұратов С.Б. Ахмед Йүгінекидің дүниетанымы. Автореферат / С.Б. Аймұратов. – Алматы: Компьютерно-издательский центр, 2005. – 34 б.

Дәуітұлы С. «Диуани хикмет» және қазақ поэзиясы. Монография. – Алматы: Экономика, 2001. – 351 б.

Дәуітұлы С. «Диуани хикмет» хақында. – Алматы: Қазақстан, 1998. – 168 б.

Ислам философиясы. Жиырма томдық. 4-том. – Астана: Аударма, 2005. – 534 б.

Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1986.

Құрышжанов Ә., Сағындықов Б. Йүгінеки А. Ақиқат сыйы: Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэтикалық аудармасы. – Алматы: Ғылым, 1985. – 152 б.

Құнанбаев А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы, 1977, 1 том. – 324 б.

Қожа Ахмет Яссауи. Диуани хикмет. Аударған М. Жармұхамедұлы, С. Дәуітұлы, М. Шафиғи. – Алматы: «Мұраттас», 1993. – 262 б.

Қожа Ахмет Яссауи. Диуани хикмет. – Астана: Фолиант, 2007. – 480 б.

Қожа Ахмет Йасауи. Диуани Хикмет (хикмет жинағы). Топтастырып, қазақ тіліне аударғандар: Қуанышбек Қари, Ғалия Қамбарбекова. – Астана: «Ғылым» баспасы, 2016. – 210 б.

Köprülü F. Türk Edebiya­tında Ilk Mutasavviflar. – Ankara, 1991. 7. Baski. D.I. Yay. – S. 415.

Назарбаев Н. Тарихтың шеңберлері және ұлттық зерде // Жұлдыз. – 1999. – № 3. – 5 б.

Necdet Tosun. Ahmed Yesevi. – Ankara: Hoca Ahmet Yesevi Uluslararası Türk - Kazak Üniversitesi, 2015. – 248 s.

Zeybek N.K. Turk Olmak. – Ankara: Оcak Yay, 1997. – S. 35-55.

References:

Ahmetbek A. Kozha Ahmet Iassaui. – Almaty: Sanat, 1998.

Aimuratov S.B. Ahmed Iugnekidin dunietanymy [Worldview of Ahmed Iugneki]. Avtoreferat/S.B. Aimuratov. – Almaty: Komputerno-izdatelski centr, 2005. – 34 b.

Dauituly S. «Diuani hikmet» zhane kazak poeziyasy [Diwani hikmet and Kazakh poetry]. Monografiya. – Almaty: Ekonomika, 2001. – 351 b.

Dauituly S. «Diuani hikmet» hakynda [About «Diwani Hikmet»]. – Almaty: Kazakstan, 1998. – 168 b.

Islam filosofiyasy [Islamic philosophy]. Zhiyrma tomdyk. 4-tom. – Astana: Audarma, 2005. – 534 b.

Kelimbetov N. Ezhelgi dauir adebieti [Ancient literature]. – Almaty: «Mektep» baspasy, 1986.

Kuryshznanov A., Sagyndykov B. Iugneki A. Akikat syiy: Tupnuskanyn fotokoshirmesi, transkriptziyasy, prozalyk zhane poetikalyk audarmasy [The gift of Truth: Photocopying, transcription, prose and poetic translation of the original]. – Almaty: Gylym, 1985. – 152 b.

Kunanbaev A. Shygarmalarynyn eki tomdyk tolyk zhinagy [Complete collection of works in two volumes]. – Almaty, 1977, 1 tom. – 324 b.

Kozha Ahmet Yassaui. Diuani hikmet. Audargan M. Zharmuhameduly, S. Dauituly, M. Shafigi. – Almaty: «Murattas», 1993. – 262 b.

Kozha Ahmet Iassaui. Diuani hikmet. – Astana: Foliant, 2007. – 480 b.

Kozha Ahmet Iasaui. Diuani hikmet (hikmet zhinagy) [Diwani Hikmet. Collection of hikmets]. Toptastyryp, kazak tiline audargandar: Kuanyshbek Kari, Galiya Kambarbekova. – Astana: «Gylym» baspasy, 2016. – 210 b.

Köprülü F. Türk Edebiyatında Ilk Mutasavviflar [First Sufis in Turkic literature]. Ankara, 1991, 7. Baski. D.I. Yay. –S. 415.

Nazarbaev N. Tarihtyn shenberleri zhane ulttyk zerde [Circles of history and national consciousness] // Zhuldyz.–1999. –№ 3.–5 b.

Necdet Tosun. Ahmed Yesevi. Ankara: Hoca Ahmet Yesevi Uluslararası Türk - Kazak Üniversitesi, 2015. – 248 s.

Zeybek N.K. Turk Olmak [Being a Turk]. – Ankara: Оcak Yay, 1997. – S. 35-55.

МРНТИ 17.71.01

ДУХОВНЫЕ И ЛИТЕРАТУРНЫЕ НАСЛЕДИЯ X-XII ВЕКОВ И ИХ ЗНАЧЕНИЯ ДЛЯ СОВРЕМЕННОСТИ

Опабекова Г.П.¹

¹Младший научный сотрудник, Институт востоковедения

им. Р.Б. Сулейменова, Казахстан, г. Алматы. Е-mail:

Аннотация. Одной из особенных вех нашей многовековой историй является средневековая тюркская культура. По мнению исследователей глубокое изучение трудов крупных исторических личностей олицетворяющих мудрость народа является священным долгом нынешнего поколения, учёных гуманитериев. В этой связи можем сказать что все ещё существует множество духовных наследий скрытых в складках историй. Крупные личности тюркского периода Ахмед Ясави и Ахмет Йугнеки относятся к их числу. В этой статье будем рассматривать духовные ценности, мировоззрение и воспитательный посыл для будущего поколения которые содержаться в наследиях этих мыслителей.

В ходе своего распространения исламская культура как единая исламская цивилизация вместе с мировоззренческими ценностями народа смогла достичь уровня мощного развития и обновления. Традиционное тюркское мировоззрение имеющая собственные особенности не только внесла свой вклад в становление универсальной исламской цивилизаций, но и смогла обновиться на основе исламской религий и на уровне духовной единицы показаться на горизонте тюркско-исламской культуры и цивилизаций. Тюркско- исламская культура и цивилизация начала проявлять свою сущность через труды написанные на тюркском языке в эпоху правления Караханидов в Х-ХІІ веках.

Ахмед Ясави и Ахмед Йугнеки занимают особое место в ряду средневековых мыслителей тюрского мира. Они являются мыслителями поэтами которые посредством поэзий развивали традиций, богатство тюрского языка, морально этические принципы политическо-социальной философий государства Караханидов в ХІІ веке.

Ключевые слова: суфизм, знание, философия, религия, литература, мировоззрение.

IRSTI17.71.01

SPIRITUAL AND LITERARY HERITAGES OF THE X-XII CENTURIES AND THEIR VALUES FOR MODERNITY

Opabekova G.P.¹

¹Junior researcher, R.B. Suleimenov Institute of Oriental Studies

Kazakhstan, Almaty.

Abstract.One of the special milestones of our centuries-old stories is the medieval Turkic culture. According to researchers, an in-depth study of the works of major historical figures personifying the wisdom of the people is a sacred duty of the current generation of scholars of humanities. In this regard, we can say that there are still many spiritual legacies hidden in the folds of histories. Major personalities of the Turkic period, Ahmed Yasawi and AhmedIugneki, are among them. In this article we will consider the spiritual values, worldview and educational message for the future generation that are contained in the legacy of these thinkers.

During its spread, Islamic culture as a single Islamic civilization, together with the worldview values of the people, was able to achieve the level of powerful development and renewal. The traditional Turkic worldview, which has its own characteristics, not only contributed to the development of a universal Islamic civilization, but was also able to renew itself on the basis of Islamic religion and on the level of a spiritual unit could show itself on the horizon of Turkic-Islamic culture and civilizations. Turkic-Islamic culture and civilization began to manifest its essence through works written in the Turkic language during the era of the reign of the Karakhanids in the X-XII centuries.

Ahmed Yasawi and Ahmed Iugneki occupy a special place among the medieval thinkers of the Turkic world. They are thinkers and poets who, through poetry, developed traditions, the richness of the Turkic language, and the moral and ethical principles of the political and social philosophies of the state of the Karakhanids in the 12th century.

Key words: Sufism, knowledge, philosophy, religion, literature, world outlook.


No comments

To leave comment you must enter or register