Яндекс.Метрика
Home » Materials » УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары

Л.Т.Исова - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(10), 2017

Tags: сауда., ынтымақтастық, білім беру, нарықтық экономика, мәдениет, сыртқы саясат, достық, тарихи Отан, Қазақ хандығының 550 жылдығы
Author:
Аталмыш мақалада қазақ-моңғол қатынасы екі елдің де сыртқы саясатындағы басым-бағыттарына сай сарапталады. Елдердің ортақ мүдделерінің даму келешегі аймақтық және халықаралық дәрежеде қалыптасып жатқанына сай, тиянақты қаралады. Әсіресе, Моңғолияда өмір салтын қалыптастырған қазақтардың тарихи Отандарына оралу мәселесіне ерекше ден қойылады. Тарихи Отанға оралған алғашқы шетелдік қазақ көші де осы елден бастау алған болатын. Қазақ-моңғол қатынасы сыртқы саяси ұстанымдары мен экономикалық және мәдени саладағы ынтымақтастық ұқсастығының арқасында табысты дамуда. Екі мемлекетте өзара достық қатынас және ынтымақтастық жөніндегі екі мемлекет арасындағы Келісім ережелеріне сай дәстүрлі, тарихи сабақтасқан қарым-қатынаста. Ерекше атап өтуді қажет ететін мәдени саладағы өзара қатынастың екі жақты үйлесімі мәселелері, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс істейтін үкіметаралық құрылымдар қызметінде жетістіктерге жеткен. Алайда, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық ынтымақтастық аса ауқымды емес. Себебі, жағрапиялық алшақтық, көлік желісінің әлсіздігі.
Text:

Қазақстан-Моңғолия арасындағы қарым-қатынас, екі жақ үшінде ерекше тарихи үдеріспен екшеленетін болмысқа ие екендігі белгілі. Тіпті, отандық ғылымдар аясынан тыс тарихнамадан басқа да зерттеулерге арқау болып келе жатқан бір ғана Моңғол империясының тарихын сараптауда да, дүние жүзінің тарихын жазушы зерттеушілер әлі де болса нүкте қоймаған тақырыптар қашанда екі жақты байланысты төңіректемей өтпейді. Себебі, әлі де болса екі жақтың мемлекеттілігін айқындауда және тарихи кезеңдердегі мәселелерін анықтауда да деректер маңыздылығы күшін жойған жоқ. Жақында ғана аталып өтілген Қазақ хандығының 550 жылдығы атаулы шарасының аясындағы атқарылған шаралар соның дәлелі.

Кеңес Одағының ыдырауы ХХ ғасырдың соңғы мезгіліндегі ең ірі уақиғалардың бірі болып, жалпы халықаралық саяси жағдайдың өзгеруіне әкеліп соқты. Бұрынғы Кеңес Одағының үлкен шаңырағынан бөлініп жаңа отау көтерген дербес елдер өздерінің сыртқы саяси бағытын анықтап, стратегиясын қалыптастыруға бел буды. Жас тәуелсіз елдермен дипломатиялық қатынастар орнату, Моңғолияның да сыртқы саясатында маңызды болған.  90-жылдардың басында Моңғолия саяси, экономикалық дағдарыста болғанына қарамастан, Қазақстан сияқты және басқада мемлекеттердің  үкімет, мемлекет басшыларын Моңғолияға ресми сапармен шақырған.Қазақстан да сыртқы саяси ұстанымдарына сай, 1992 жылы 22 қаңтарда Моңғолиямен Достық қатынастар мен ынтымақтастық жөніндегі шартқа қол қойып, дипломатиялық қатынастар орнатты. Аталмыш Достық қатынастар мен ынтымақтастық жөніндегі жөніндегі шарт  ̶  Моңғолия мен Қазақстанның жаңа кезеңдегі қатынастарының негізі мен бағытын анықтап берген тарихи құжат болып табылады. Бұл құжаттың, сонау заманнан бері көне тарихы бар көшпенділер өркениетінің дәстүрлі құндылықтарымен қазіргі жаһанданған әлемді байытып, моңғол мен қазақ жұртының отанын гүлдендіруге жұмыла күш салып, аймақтық қауіпсіздікті нығайту, ынтымақтастықты дамытуда ықпалы өте зор. Орталық Азия мен Солтүстік-Шығыс Азиядағы аталмыш екі ел үшін мұхитқа шағу мүмкіншілігінің жоқтығы қандай қиын болса да, артықшылықтарының да бар екендігі сөзсіз. Қазақстан және Моңғолия арасында ешбір қарама-қайшылықтар жоқ, қатынастары ашық және адал. Көшпенді өркениеттің мұрагерлері ретінде аталмыш елдердің дүниежүзілік диалогты реттеу мақсатында ортақ құрлықта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін ұстанымдары бар.

2013 жылы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия Республикасының достық қатынастары мен ынтымақтастығына 20 жыл толуына орай, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтауында, Моңғолиядағы қазақтар моңғол қоғамының негізгі бөлігі болып табылатынындығы екі елді байланыстыратын мықты арқау екендігін айрықша ескерілген.  

1991 жылы 20-24 маусым аралағында МХР Еңбек миниистрі Цэрэндашын Цолмон бастаған Моңғолия делегациясы Алматы қаласына сапармен келді. Алматы қаласында МХР Еңбек министрлігі мен Қазақ КСР Еңбек министрлігі арасында еңбекпен қамтамасыз ету, маман дайындау, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тәжірибе алмасу ретінде келіссөздер өтті. МХР өндірістердің тоқтауы салдарынан жұмыссыздықтың орын алуына байланысты, Моңғолия тарапынан моңғол азаматтарын, солардың ішінде қазақ диаспорасын Қазақстанда жұмысқа орналастыруға қызуғушылығын білдірді. Осыған байланысты, МХР  Еңбек министрлігі мен Қазақ КСР Еңбек министрлігі арасында тікелей келісім орнату арқылы, Моңғолия азаматтарын жұмысқа қабылдай алатын мүмкіндік туатындығы туралы анық болды. 1991 жылы 1 шілдеге дейін Қазақстанға 800 отбасы келген. Сонымен қатар, Жезқазған, Қостанай, Қарағанды, Семей, Павлодар облысының жұмыс күші жеткіліксіз шаруашылықтары мен құрылыс, өндірістік ұйымдары моңғол  азаматтарын жұмысқа қабылдауға қызығушылықтарын танытқан [1].

МХР Еңбек министрі Цэрэндашын Цолмон бастаған делегацияны сол жылдардағы Қазақ КСР Премьер-министрі У.К.Қараманов, Қазақ КСР Мемлекеттік Кеңесші К.Т.Тұрсынов қабылдады. Келіссөздер барысында өзара тиімді сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени қатынастарды орнатуға, еңбек нарғында халықты жұмыспен қамтамасыз ету және де әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері сөз болды. Моңғолия тарапы моңғол азаматтары, соның ішінде қазақ диаспорасының Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыруының себебі ретінде тілі, мәдениеті, территориясының жақындығы мен өмір сүру салтының ұқсастығын атап өтеді.  Нәтижесінде,  Алматы қаласында МХР Еңбек министрлігінің өкілдігін ашу туралы келісті [2].

Қазақ КСР Еңбек министрлігі Қазақ КСР мен МХР Еңбек министрліктері арсында орнатылған келісім негізінде, Моңғолия тарапының сұранысы бойынша Қазақстанда  жұмыс жасауға 1991 жылы наурыз-қазан аралығында 2093 отбасы келді. Олар мына облыстарға орналасады: Алматы-59, Шығыс Қазақстан-398, Жезқазған-82, Павлодар-177, Семей-75, Талдықорған-926, Қарағанды-403, Қостанай-177, Целиноград-24 отбасы келді. Қоныс аударғандардың барлық саны 11 мың адам.  Солардың ішінде еңбекке жарамды адам саны 5072 болса, маманы бақташы 1207, құрылысшы 565, механизатор 351, жүргізуші 197, сиыршы 226, қойшы 64, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері 200. Еңбекке жарамды адамның көпшілігі жұмыспен қамтылды. Барлық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Шаруашылығына қажетті сиыр, қой, жылқы және де ақшалай жәрдем ақы беріледі [1,20-б.].

Моңғолиямен  қатынастар орнату үшін жоғарыдағы шекаралық бекетін ашылуы маңызды болу себебі, Семей облыстық әкімдігі мен Моңғол  Баян-Өлгий аймағы арасындағы келісім бойынша облыстың ауылды мекендеріндегі шаруашылық жобаларға 5 жылдық мерзіммен жұмыс істеуге 370 қазақ отбасы келуге ниеттерін білдірген. Моңғол-қазақ қатынастары 1991 жылы 20-24 маусым аралағында Алматы қаласында Моңғол Халық Республикасының Еңбек министрлігі мен Қазақ КСР Еңбек министрлігі арасында еңбекпен қамтамасыз ету, кадрлар дайындау, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тәжірибе алмасудағы келіссөздерден тамыр алған деуге болады.  Осыған байланысты,  аталмыш азаматтардың және олардың малдарын айдап өту шекаралық бекетін  анықтап беруге жәрдемдесу мақсатында материалдық қаржы аз шығатын Кош-Агаш-Таулы-Алтай Ташанта елді мекені деп санаған  [1,21-б.].  

1992 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі С.А.Терещенко бастаған делегация Моңғолияға ресми сапармен барған. Сапар басында төмендегі құжаттарға қол қойылды:

-  сауда-экономикалық ынтымақтастық;

-  сауда протоколы;

-  авиация саласындағы ынтымақтастық;

-  мәдени ынтымақтастық,

-  автокөлік қатынасы саласындағы ынтымақтастық;

-  көлік саласындағы ынтымақтастық;

-  екі елдің Сыртқы істер министрілігі арасындағы ынтымақтастық.

Аталмыш сапардың нәтижесі ретінде 1992 жылғы маусым айында ашылған Алматы-Өлгий бағытында чартер әуерейсі, 1993 жылы маусымнан тұрақты әуеарейс болып жалғасын тапты [2].

1993 жылғы наурыздағы Моңғолияның Сыртқы істер министрі Ц.Гомбосүрэн мен Моңғолияның жол, көлік министрі Сандалханның Қазақстан Республикасындағы сапарлары автөлік және әуе қатынастары, тау кен өнідірісі саласында және де қазақ диаспорасының көші-қон мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға нақтылы ынпалын тигізген. 1993 жылы маусым майында ҚР министрлер кабинеті Қазақстан  Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасында әлеуметтік қамсыздандыру саласында ынтымақтық орнату және автокөлікпен халықаралық жолаушы және жүк тасымалдау туралы келісімді бекітті [3,23-б.]. Сапар барсында Моңғолияның Сыртқы істер министрі Ц.Гомбосүрэн Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру туралы келісімге қол қойған.

Моңғолияның Сыртқы істер министрі Ц.Гомбосүрэн сапары барысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевпен кездескен. Кездесу барысында, ҚР Президенті Н.Назарбевқа министр Ц.Гомбосүрэн Моңғолия Президенті П.Очирбаттың сәлемін жолдай келе, Қазақстанның сыртқы саяси бағытын жоғары бағалайтынын атаумен бірге, Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі Қазақстанның бастамасын Моңғолия тарапы толықтай қолдайтынын жеткізді. Министр екі елдің қатынастарына байланысты төмендегі мәселелерге тоқталған болатын:

1.  Сауда-экономикалық саладағы келісімдер толығымен жалғасын отыр. Аталмыш саладағы қатынастарды тығырыққа тіреп отырған лизензиялық шектеулер, кедендік салықтар болмақ. Осыған байланысты сауда саласындағы келісімдерге жеңілдіктер енгізу қажет.

2.  Ынтымақтастықтағы келесі бір мәселе еңбек нарығына байланысты болды.  Этникалық қазақтар Қазақстанға 3-5 жыл мерзіммен жұмыс істеуге келуде. Соңғы екі жылда олардың саны 40 мыңға жетті. 1993 жылы тағы да 3 мың отбасы келуді жоспарлауда. Қазақстан Республикасы Үкіметі қазақ диаспорасын жұмысқа орналастыру, олардың жағдайын жасау шараларын шамасында жүзеге асырып жатқанымен, қоныс аударған адамдардың 20 пайызы әлі жұмысқа орналастырылмады, мал мүлік берілмеді және де әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі шешілмеді деген. 

3.  Сонымен қатар, министр екі жақты қатынастардың құқықтық базасын кеңейту, келешекте өзара инвестиция саласында келісімдер орнату, өзара кедендік салықтан бас тарту және де транзиттік жүк тасымалы туралы сөз қозғады [3].

ҚР Президенті Н.Назарбаев өз кезегінде «біздің халықтарымыз бауырлас, біздің өмір сүру салтымыз, салт-дәстүріміз де ұқсастық бар. Моңғолиямен қатынастарды дамыту уақытша жүргізіліп отырған шара емес, керісінше Республикамыздың саясатының маңызды бағыттарының бірі болмақ. Қазақстан тарапынан мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды дамытуға назар аударады. Қазақстан тарапы барлық қазақты республикаға шақыру саясатын жүргізген жоқ, тек қана тарихи отанына оралам деушілерге қарсылық білдірмейді. 40 мыңнан астам халықты қабылдап жұмысқа орналастыру оңайға соққан жоқ. Кейбір ағайындар көрсетілген облыстарға тұрғысы келмейді, кейбір ағайындарға көрсетілген облыстардың ауа райы жақпайды, онда орналасқысы келмейді» деген [3].

1993 жылғы қыркүйекте Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хурал басшысы (Парламент басшысы) Нацагийн Багабанди бастаған делегация, 1994 жылы Моңғолияның Премьер-министрі П.Жасрай бастаған делегациялар сапарда болды. Келіссөздер нәтижесінде ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Моңғолиялың Мемлекеттік Ұлы Хурал арасында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды [3].

Моңғолияның статискалық орталығының мәліметтеріне сәйкес 1994 жылы Моңғолияның Қазақстанға экспорты 33,3 млн АҚШ долларын құраса, импорт 124,3 мың АҚШ долларын құрады. Экспортының басым бөлігі Қазақстанда «Балқашмыс» АҚ өнделіп, Моңғолияға қайтарылатын «Эрдэнэт» мыс концентраты болды. «Эрдэнэт» кәсіпорынының мыс концентраты «Балқашмыс» мыс балқыту зауытында өңделіп Моңғолияға қайта жеткізіліп отырған. Мыс концентратын тасымалдауда 1994 жылға дейін қазақстан тарапы кедендік салық салатын еді. Қазақстандық тиісті органдармен кедендік салықтан босату туралы біршама келіссөздер өткізу нәтижесінде 1994 жылы қараша айынан бастап Қазақстан Үкіметінің тиісті шешімі қабылданып, мысқа кедендік салық төлеуді тоқтатқан. Осылайша моңғол тарапы жылына төленетін 3-4 млн. АҚШ долларын төлемейтін болған [4].

Екі жақты қатынастарындың негізі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 21-22 қазан аралығында Моңғолияға ресми сапары нәтижесінде қаланғаны сөзсіз. Сапар барысында екі ел басшылары «Қазақстан  мен Моңғолия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық шартына» қол қойды. Сонымен қатар, төмендегі үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

·  Қазақстан мен Моңғолия азаматтық және қылмыстық істе өзара құқықтық көмек туралы шарт;

·  ҚР Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы транзиттік тәртіп туралы келісім;

·  ҚР Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы келісім;

·  ҚР Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасында автомашинамен жолауышы және жүк тасымалдау туралы келісім [4].

Президент Н.Назарбаевтың сапары және де қазақ-моңғол қатынастары туралы Моңғолияның алғашқы Президенті П.Очирбаттың естелігінен көруге болады: «Бұл тарихи сапар екі жақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытумен қатар біздің халықтарымыздың жақындасуына маңызды болды. Моңғол-қазақ халықтарының байланысы 2000 жылдан астам тарихы бар болғандықтан егемендігін алған Қазақстан Президентінің сапары біз үшін достық сапар болды. Ал, Моңғолияның батысында тұратын қазақ ұлты 1940 жылы Баян-Өлгий аймағының құрылуынан бастап мемлекетіміздің отбасының бір мүшесі болып саналады. Сол кезеңде әлемің келесі бір бөлігінде КСРО құрамында Қазақ КСР орнаған. Моңғолия қазақтары ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, діні, тілі, мәдениеттін қаз қалпында сақтап дамытып келеді. ХХ ғасырдың соңында әлемдік экономика мен технологияның жаһандануымен қатар, демократияда жаһанданды.  Осыған орай мемлекеттер өзінің тәуелсіздігін алуға қолайлы жағдайлар туды. Бұл тарихи мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Кеңес одағынан шығып, 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сол сәтте Моңғолия Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындап, онымен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Жаңа ғана егемендігін алған Қазақстанды қолдаудың Моңғолия үшін бірнеше нақты себептері болды. Біріншіден, Қазақстан да және Моңғолияда қазақ ұлтының мекендеуі. Екіншіден, бұрыннан Қазақстан мен Моңғолия экономикалық, ғылыми-технологиялық және гуманитарлық салаларда қарым-қатынаста болған. Үшіншіден, Қазақстанның ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетін дамытуға Моңғолияның көмек көрсететін мүмкіндіктері болды. Ал Қазақстан табиғи ресурстарды дамыту, ауыл шаруашылық дамытуда тәжірибесі мол болғандықтан осы салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктері Моңғолия үшін маңызды болды. Осылайша екі жақ өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды көздеді» [4].

Екі жақты қатынастар 1998-1999 жылдары ҚР Н.Назарбаевтың Моңғолияға және  Моңғолия Президенті Н.Багабандидің Қазақстанға  сапарлары жүзеге асты.  1998 жылы екі жақты тауар айналым 8.4  млн доллар ғана болса,  1999 жылы  1.18 млн долларды құрады. Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Моңғолия арасында бірлескен ірі жобаның жоқ екендігін атады. Сонымен қатар, өзара экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екендігін айтты. 2002 жылы тамызда ҚР Парламентінің Мәжіліс Төрағасы орынбасарының Монғолияға сапары өтті. 2003 жылы желтоқсанда Монғолия Парламенті Спикерінің Қазақстанға сапары барысында екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қойылды [5].

 Екі ел арасындағы қарым-қатынасты серпінді дамытуда 2007 жылы 14-15 тамызда Моңғолия Президенті Н.Энхбаярдың Қазақстанға, 2008 жылы 6-7 тамызда ҚР Президенті  Н.Назарбаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапарлары ерекше рөл атқарды. ХХI ғасырдағы қазақ-моңғол қатынасындағы жаңа бетбұрыстарға бағыт сілтеген  мемлекет басшыларының ресми сапарлары барысында,  екі жақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ өзара мүдделілік өңірлік және жаһандық мәселелері көтеріледі. Екі ел арасындағы парламентаралық қатынастарда дамуда. Монғолия делегациясы 2009 жылы 24-25 қыркүйекте Астанада өткен Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясының Бас Ассамблея жұмысына қатысты. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ Астана Саммитіне Монғолия Парламентінің Вице-спикері Г.Батхуу қатысты. Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 4-ші съезіне «Дашичойлин» монастр Басшысы, Халықаралық буддистер кеңесінің Вице-президенті, «Азия буддистері Бейбітшілік үшін» атты конференциясының Президенті Ч.Дамбажав қатысып, Дін көшбасшылары Кеңесіне мүше болып сайланды [5].

2013 жылдың 28-29 қазанында Қазақстан-Моңғолия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық Шартының 20 жылдығына байланысты, ҚР парламенті Мәжілісінің «Қазақстан-Моңғолия» достық қатынастар тобының жетекшісі Ш.Өтемісов бастаған қазақстандық парламенттік делегация Ұлан-Батыр қаласына іс-сапармен келді.  Қазақстандық делегация Моңғолия парламентінің спикері З.Энхболдпен, моңғол әріптестерімен, сондай-ақ «Қазақстанның достар клубы» мүшелерімен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту мәселелері жөнінде пікір алысты. Қазақстан мен Моңғолия халықаралық аренада тиімді ынтымақтастық жүргізуде. Моңғолия АӨСШК  толыққанды мүшесі болып табылады.  Моңғолия  «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялау жөніндегі Қазақстанның бастамасымен көтерілген БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қолдады. 2013 жылдың күзінде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Н.Қапаров Ұлан Батырда өткен Халықаралық Қаржы қорының конференциясына қатысты. 1991 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстан және Монғолия арасында 40-тан астам екі жақты келісімдер мен шарттарға қол қойылды.

2014 жылғы 18 қазанда Моңғолия Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлы басқарған делегация іс-сапармен болып, аймақ пен қала басшылығымен ресми кездесулер өткізді. 2015 ж. 26  мамырда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары  болған Б.Сағынтаев бастаған қазақстандық делегацияның Моңғолияға жұмыс сапары өтті. Сапар барысында Моңғолия басшылығымен, нақтырақ айтқанда Моңғолия Президенті Ц.Элбэгдоржбен, Премьер-министр Ч.Сайханбилэгпен және Вице-премьер-министр У.Хурэлсухпен екі жақты кездесулер орын алып, мемлекеттер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.  ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р. Жошыбаевтың қатысуымен Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар орын алып, шара нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Моңғолия Сыртқы істер министрліктері арасында 2015-2016 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық байланыстар қазіргі таңда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда айналымының екі елдің экономикалық әлеуетіне сай еместігін атап өту керек. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан мен Моңғолия сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылған. Комиссияның тең төрағалары – Қазақстан мен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылары. 2014 жылдың 26-27 мамыр аралығында Ұлан-Батыр қаласындаҚазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының6-шы отырысы өтті.

Мәдени-гуманитарлық байланыс саласында Қазақстан мен Монғолия арасында 10-ға жуық келісімдерге қол қойылған. Үкіметаралық білім саласындағы келісім шарт бойынша жыл сайын екі елдің жоғарғы оқу орындары арасында студенттер алмасуы жүргізіледі. Қазақстан мен Монғолия Білім министрліктерінің шешімімен 2001 жылдан бастап Өлгей қаласында (Баян – Өлгей аймағы әкімшілік орталығы) Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филиалы жұмысын бастайды. Аманжолов атындағы Семей педедогикалық университетіне жылында 300 жуық қазақ студенттері дайындық факультетіне қабылданып білім алуда.

Моңғолиядағы көне түркі мәдениет ескерткіштерін, қазақ диаспорасының тарихы мен мәдениетін зерттеу мақсатында қазақ-моңғол этноархеологиялық ғылыми зерттеу топтары жұмыс істейді. Қазақстанда да, Моңғолияда  да өтетін түрлі ғылыми конференцияларға симпозиумдарға, өнер сайыстары мен спорт жарыстарына екі ел өкілдері тұрақты түрде қатысуда [5]. 

2008 жылы 2-5 қазан аралығында Моңғолияда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылған. Ұлан-Батыр қаласында өткен мәдениет күндеріне Қазақстан Республикасының сол кезеңдегі мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысады. Аталған мәдениет күндерінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, 3 қазан күні Моңғолия жұртшылығына, соның ішінде ұлты қазақ қандастарымызға халқымыздың бай тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған «Ұлы даланың асыл мұрасы» атты көрме ұйымдастырылады. Бұл көрменің басты мақсаты жұртшылықты Қазақстанның алтын қазынасының «жауһарларымен» көне дәуірден бүгінге дейін жеткен зергерлік өнерінің теңдесіз туындыларымен таныстыру болып табылады. Сонымен қатар, Елорда туралы мол мағлұматтар қамтылған «Астана» фотокөрмесі өткізіледі. Қазақ режиссерлерінің бірегей туындылары - V Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-при иегері «Қош бол, Гүлсары!», «Кек», «Дүниежарық», «Мұстафа Шоқай», «Құрақ көрпе» фильмдері қалың көпшіліктің назарына ұсынылады. Ал, 3 қазан күні Ұлан-Батыр қаласының Орталық мәдениет сарайында еліміздің белгілі өнер шеберлерінің орындауында үлкен концерт өтеді. Концерте Б.Төлегенова, «Ақ жауын» халық аспаптар камералық оркестрі, «Ұлытау» тобы, «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі, А. Жорабаева, А. Балажанова, М. Шалабаев, М. Қазтуғанова сынды халқымыздың маңдай алды әртістері өз өнерлерін  көрсеткен [6].

  Қазақ өнері мен мәдениеті өкілдерін  Моңғолияның білім, ғылым және мәдениет министрі Е.Отгонбаяр делегация басшысын қабылдап, Ұлан-Батырда тұңғыш рет өткізіліп отырған мемлекеттік деңгейдегі мәдени шараны ұйымдастырушыларға ізгі тілегін жеткізіп, өзінің Алматы қаласында болғанын, шаһар ұнап, ерекше әсер қалдырғанын айтып, жаңадан бой түзеп келе жатқан ел астанасы одан да керемет екендігін, естимін деген сүйсінісін білдіреді. Өздерінің өркениет көшін Еуропадан гөрі Азияның дамыған елдеріне қарай түзеген жұрттың Қазақстанға деген көзқарасы өте жоғары екені аңғарылып тұрды. Ұлан-Батырда өткен мәдени шараларға ондағы қазақ диаспорасымен бірге жергілікті ұлт өкілдерінің де көптеп келді. Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшысы ретінде Қазақстан бүгінде қай сала болсын өзінің бәсекеге қабілетті екенін танытып келеді деп есептейді.  Моңғолияда Қазақстанның мәдениет күндері барысында қа аяқ баспай кету мүмкін бе? Құрамында ғалымдар мен мәдениет қызметкерлері бар,  Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған топ Күлтегін мен Білге қаған бабалар дамыл тапқан аймақ, тарихи мекендерді аралап қайтты. Ұлан-Батырдан едәуір қашықтықта орналасқан жәдігерлік кешендерге екінің бірінің жетуі қиын.  Сөйтіп, Қазақстанның мәдениет күндері барысында  ғалымдарды маңызды жобаларға міндеттейтін біраз пікірлер қалыптасады.  «Қазақ-моңғол ежелден тарихы тамырлас, мәдениеті ортақтас халық, – дейді М. Құл-Мұхаммед, – оның үстіне Моңғолияда біздің 100 мыңнан астам қан­дас­тарымыз тұрады. Міне, осы екі елдің ара­сындағы қордаланған проблемаларды шешу үшін еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың жасаған ресми мемлекеттік сапары нәтижесінде екі елдің арасындағы жинақталған барлық мәселелер талқыланып, солар бойынша қазір тиісті шешім қабылдануда. Қазақстандық делегацияға осы елдің ресми басшылығы көңіл бөліп, Моңғолия Парла­ментінің төрағасы, Премьер-министрі қабылдап, онда Қазақ­станның саяси экономикалық, әлеуметтік даму жолын өздеріне үлгі-өнеге ретінде алып отырғандығын жеткізді [7].

2010 жылы 11-13 қараша аралығында Астанада Моңғолияның Қазақстандағы мәдениет күндері өтті. Мәдениет күндері аясында фотокөрме, моңғол киносының көрсетілімі және өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылды. Мәдени шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырады. «Моңғол кинематографистерінің туындылары «Сарыарқа» сауда орталығында, «Кинопарк 8» кинотеатрында көрсетілді. «Әке» және «Oxygen», ал «Жексұрындық», «Татар» фильмдерінің көрсетілімі өтеді. Конгресс-Холл сарайында қазақстандықтардың назарына фотокөрме және моңғол өнер шеберлерінің концерті ұсынылады [8].

Жыл сайын 5-23  наурыз аралығында Баян-Өлгий аймағы, Ұлан-Батыр қаласы мен Ховд, Дархан-Уул, Эрдэнэт аймақтарында қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау мақсатында Наурыз мейрамын атап өту шеңберінде бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Бұл іс-шараларға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елішілігі түрлі деңгейде қолдау көрсетіп келеді.

2015 жылы15 мамырда Ұлан-Батырда Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі және Моңғолия Ғылым академиясының жанындағы Халықаралық қатынастар институтының бірлесе ұйымдастыруымен «Қазақ хандығына 550 жыл: Қазақстан-Моңғолия тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Шара барысында Қазақ хандығының құрылуы тарихының негізгі аспектілері талқыланып, Қазақстан мен Моңғолия мемлекеттерінің даму тарихы, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін ұлттық бірлікті сақтау мәселелері туралы пікір алмасылды. «Дөңгелек үстел» жұмысына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары да шақырылып, моңғол ғалымдарымен бірлесе Қазақ хандығының 550 жылдығы мәселелерінде түркі-моңғол империясы, Алтын Орда және Қазақ хандығы тұрғысынан қазақ-моңғол тарихи сабақтастығының маңыздылығын талқылайды [9].

Қорыта айтқанда, сыртқы саяси үдерістердегі қазақ-моңғол қатынастарына жаңа серпін беретін және  екі жақты байланыстың қарқынына қарқын қосатын келелі мәселелер  әлі де жарқын болашақтың үлесінде екенінде айту қажет сияқты. Себебі, әлемдік саясаттың маңызды субъектілері саналатын екі мемлекетте, халықаралық геосаяси үдерістерге айырықша стратегиямен бет бұра, оған тарихи негізде сараптама жасау, екі жақты  қарым-қатынастағы «үшінші көрші саясаты» және «көршінің көршісі саясаты» қадамдары ұстанымдарында қарау, сондай-ақ Орталық Азия мен Солтүстік-Шығыс Азиядағы екі мемлекеттің де аймақтық рөлін айқындау, көшпенді өркениеттің мұрагерлері ретіндегі үндестіктегі философиялық жақындығын екі елге сай бағамдау негіз болады деу орынды.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Қазақстан Республикасы Президенттік Мұрағаты.  7-қор, 2-тізімдеме, 40-іс, 20-22 пп. Ташанта шекаралық бекетін ашу және саяси, сауда-экономикалық қатынастардың алғышарттары

2.  ҚРПМ 5H-қор, 1-тізімдеме, 438-іс, 30-31 пп. ҚР Президентінің Моңғолияға сапарының нәтижесі

3.  ҚРПМ 5Н-қор, 1-тізімдеме, 3545-іс, 23-24 пп. Қазақстан делегациясының Моңғолия сапары

4.  ҚРПМ  5Н-қор, 1-тізімдеме, 436-іс, 3- 38 пп. Қазақстан делегациясының Азия елдеріне сапары

5.  Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігін Ресми сайты http://www.embassy-kaz.mn/kz/content.php?id=148(мәлімделген  күні: 13.11.2010).

6.  Қазақстанның мәдениет күндері Моңғолияда өтті // Караван медиа портал. 2008жыл. ̶ 8 қазан. http://kaz.caravan.kz/art/qazaqstannyng-madeniet-kunderi-mongholiyada-otti-newsID61038.html(мәлімделген күні: 28.10.2008).

7.  Шуағы тоғысқан өрнектер //Егемен Қазақстан газеті. 7-қазан 2008. https://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=7511(мәлімделген  күні: 7.10.2008).

8.  Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігін Ресми сайты http://www.embassy-kaz.mn/kz/content.php?id=148(мәлімделген  күні: 13.11.2010).

9.  Қазақстан Республикасы СІМ  ресми сайты. Жаңалықтар. 10 мамыр 2015 ж. Ұлан-Батырда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Дөңгелек үстел» өтті. http://www.mfa.kz/index.php/kz/so-y-zha-aly-tar/3902-lan-batyrda-aza-khandy-yna-550-zhylyna-arnal-an-d-gelek-stel-tti(мәлімделген  күні: 20.12.2003).

Л.Т.Исова - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары

ТҮЙІН

  Аталмыш мақалада қазақ-моңғол қатынасы  екі елдің де сыртқы саясатындағы басым-бағыттарына сай сарапталады. Елдердің ортақ мүдделерінің даму келешегі аймақтық және халықаралық дәрежеде қалыптасып жатқанына сай, тиянақты қаралады. Әсіресе, Моңғолияда өмір салтын қалыптастырған қазақтардың тарихи Отандарына оралу мәселесіне ерекше ден қойылады. Тарихи Отанға оралған алғашқы шетелдік қазақ көші де осы елден бастау алған болатын. Қазақ-моңғол қатынасы сыртқы саяси ұстанымдары мен экономикалық және мәдени саладағы ынтымақтастық ұқсастығының арқасында табысты дамуда. Екі мемлекетте өзара достық қатынас және ынтымақтастық жөніндегі екі мемлекет арасындағы Келісім ережелеріне сай дәстүрлі, тарихи сабақтасқан қарым-қатынаста.

  Ерекше атап өтуді қажет ететін мәдени саладағы өзара қатынастың екі жақты үйлесімі мәселелері, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс істейтін үкіметаралық құрылымдар қызметінде жетістіктерге жеткен. Алайда, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық ынтымақтастық аса ауқымды емес. Себебі, жағрапиялық алшақтық, көлік желісінің әлсіздігі.

  Түйін сөздер: Қазақ хандығының 550 жылдығы, тарихи Отан, достық, сыртқы саясат, мәдениет, нарықтық экономика, білім беру, ынтымақтастық, сауда.

L. T. Issova – the associate professor of the international relations and

world economy of Al-Farabi Kazakh National University, candidate of historical sciences

Priority the directions of the Kazakh-Mongolian relations in foreign policy

SUMMARY

In this article it is analyzed Kazakh -Mongolian the relations in the priority directions of foreign policy of both countries. The prospects of development of common interests of the countries at the regional and international levels are in details considered. Special attention is paid to a question about return to the historical homeland of the Kazakhs living in Mongolia. The Kazakh-Mongolian relations successfully develop thanks of foreign policy priorities of the parties and mutual interest in economic and cultural cooperation. The parties in every possible way develop and expand traditionally friendship, according to provisions of the Contract on friendship and cooperation of the countries.

The role of intergovernmental structures on scientific and technical and cultural cooperation in questions of coordination of bilateral interaction in the cultural sphere raises. However, volumes of economic cooperation of Kazakhstan with Mongolia are so far very insignificant. Obstacles are geographical remoteness, weak transport communications.

Key words: 550 anniversaries of the Kazakh khanate, historical Homeland, friendship, foreign policy, culture, market economy, education, cooperation, trade.

Л.Т.Исова -доцент кафедры международных отношении и

мировой экономики КазНУ им. аль-Фараби, кандидат исторических наук

Приоритетные направлений казахско-монгольских отношений во внешней политике

АННОТАЦИЯ

В данной статье анализируется казахско-монгольское отношения в приоритетных направлениях внешней политики обеих стран.Детально рассматриваются перспективы развития общих интересов стран на региональных и международных уровнях. Особое внимание уделено к вопросу о возвращение на историческую родину казахов, проживающих в Монголии. Казахско-монгольское отношения успешно развиваются благодаря близости внешнеполитических приоритетов сторон и взаимной заинтересованности в экономическом и культурном сотрудничестве.  Стороны всемерно развивают и расширяют традиционно дружественные отношения, соответственно с положениями Договора о дружественных отношениях и сотрудничестве стран.

Повышается роль межправительственных структур по научно-техническому и культурному сотрудничеству в вопросах координации двухстороннего взаимодействия в культурной сфере. Однако, объемы экономического сотрудничества Казахстана с Монголией пока очень незначительны. Препятствиями являются географическая отдаленность, слабые транспортные коммуникации.

Ключевые слова: 550-летия Казахского ханства, историческая Родина, дружба, внешняя политика, культура, рыночная экономика, образование, сотрудничество, торговля.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 6176

No reviews

Download files

Исова 1 макала 2017.doc 0.11 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ӘОЖ 008323.17(574+5) ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ДИПЛОМАТИЧЕСКИЕ СВЯЗИ МИНСКОГО КИТАЯ С ГОСУДАРСТВАМИ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф УДК 39 (=512.122)(560) ҒТАМР 03.41.01 ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (экспедицияда жиналған материалдар негізінде) ҒТАМР 13.11.25 Қытайдың мәдени құндылықтарының экономикаға әсері ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ ӘОЖ 930:94(574) "6-17" ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫНЫҢ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДЕГІ ТАРИХНАМАСЫНАН ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ ӘОЖ 94[37:81] (47+57) 1940 - 1980 ЖЖ. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛДІК РЕФОРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ҒТАМР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Author's articles

Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары