Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 008323.17(574+5) ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ

УАЙСОВА Ш.Н.

ӘОЖ 008323.17(574+5) ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4

Tags: ынтымақтастық, техника, ғылым, беру, білім, «Мәдени, мұра»
Author:
Бұл мақалада Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы Шығыс елдерімен ғылыми және мәдени байланыстары зерттеледі. Қазақстан мен Шығыс елдері арасында білім беру, ғылым және техника саласындағы меморандумдарға, оқытушылар мен студенттер алмасу жайлы келісімшарттарға қол қойылған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Түркия, Египет, Біріккен Араб әмірліктерінде қазақстандық жастар жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Қазақстан музейлері алыс және жақын шетелдердің архивтері, кітапханаларымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланысын дамытуда: көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдар ұйымдастырылуда, бірлескен жобалар іске асуда.
Text:

Қазақстан мен Шығыстың халықтарының интеллектуалдық әлеуеті көптеген ғасырлар барысында қалыптасқан, оның үстіне біздің дініміз бір, мәдени байланысымыз соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.

Қазақ даласына араб мәдениеті ерте замандарда ақ келген. Қарахандықтар ислам дінін ресми, мемлекеттік дін деп қабылдаған-тын. Қалыптасқан өркениеттен «мұсылман өркениеті» деген атпен танымал болды. Кең далаға білім мен ғылым, сол кездегі алдыңғы қатарлы жетістіктер енген еді. Қазіргі қазақ халқының тарихы араб, парсы, түркілермен тығыз байланысып жатыр. Ортағасырлық қазақтардың білімді, көзі ашықтары араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеруге тиіс еді. Қазіргі кезде де, әсіресе тәуелсіздік алғаннан бері, қарым-қатынас қарқынды дамуда деп айтсақ та болады.

Ұлы Абай, Шәкәрімдер, тағы да көптеген ғұламаларымыз парсы әдебиетін жақсы меңгерген екен. Ағартушылық, білім беру процессі де араб, парсы тілдерімен тығыз байланысты болған. Қазіргі кезде Қазақстанның бірнеше жоғарғы оқу орындарында парсы тілі оқытылып, қажетті сөздіктер, оқу құралдары оқулықтар шығарылып отыр. Қазақстан тілші-журналисттері, ғалымдары Иран мәдениеті жайлы өз көзқарастарын оқушыларына ұсынып тұрады. [1, c.283].

Енді, нақты мемлекетаралық қатынастарға келер болсақ, Қазақстан Республикасы мен Пәкістан арасындағы білім және ғылым жөніндегі ынтымақтастық ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2001 жылдың 18 шілдесінде қол қойылған келісімшарт саясында өтіп отыр.

Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық келесі келісімшарттар негізінде іске асады:

ҚР Білім министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшарт (Анкара қ., 1997 жылдың 4 наурызы);

- ҚР Білім министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы Хаттама (Анкара қ., 1997 жылдың 4 наурызы);

- ҚР үкіметі мен Түркия Республикасының үкіметі арасында сауда-экономикалық және техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт (1997 жылдың 10 қыркүйегі);

- ҚР БжҒМ және Түркия Республикасының білім министрлігі арасындағы техникалық және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Меморандум (2007 жылдың 2 мамыры);

- ҚР мен Түркия Республикасының үкіметтері арасындағы ғылым және техника саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт (2009 жылдың 22 қазаны);

- ҚР мен Түркия Республикасының үкіметтері арасындағы Қ.А.Йассауи атындағы ХҚТУ-ң қызметішарттары туралы келісім (2009 жылдың 22 қазаны).

- ҚР мен Түркия Республикасының үкіметтері арасындағы Қ.А.Йассауи атындағы ХҚТУ-ң қызметішарттары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы Хаттама (Стамбул, 2010 жылдың 23 желтоқсаны)

- Халықаралық түркі академиясының құрылуыБішкек, 2012 жылдың 23 тамызы [2].

1992 жылдан бері 1500-астам Қазақстан азаматы Түркия жоғарғы оқу орындарында дәріс алған, қазірдің өзінде 500-ден астамы оқуын жалғастыруда. ҚР жоғарғы оқу орындарында 200-ден астам Түркия азаматтары білім алуда.

ҚР барлық облыс орталықтарында түрік тілі оқытылатын, екіжақтық үкіметаралық Келісімдеріне сәйкес ашылған 29 қазақ-түрік лицейлері жұмыс жасауда. 1992 жылдың 31 қазанында екі ел үкіметтерінің келісімшарты бойынша ашылған Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жемісті жұмыс жасауда.

1992 жылдың сәуірінде Египет астанасы Каирге барған ҚР ҰҒА-ң делегациясының құрамына ҚР халық депутаты, ҚР ҰҒА вице-президенті академик Ж.М. Әбдилдин, ҚР ҰҒА-ң молекулярлық биология және биохимия институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Н.А. Айтхожина, ҚР ҰҒА-ң мемлекет және құқық институтының директоры Е.К. Нұрпейісов кірді. ЕАР –ң ғылым және технология академиясының президентімен, ғылыми мекемелер басшыларымен ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жайында келіссөздер жүргізіліп, бірлескен ғылыми зерттеулерге, ақпарат алмасуға, сонымен бірге ҚР ҰҒА-ның ғылыми мекемелеріне он Египет аспиранттарын 1993-94 жж. қабылдау жайында келісім бекітілді .[3.с.155].

1993 жылдың 14-17 маусымында Алматыға Египеттің вакуф және діни істері жөніндегі министірі М.А. Магуб бастаған делегация іссапармен келіген-тін. Алматыда Мәдени орталық және «Мүбәрәк» мешітінің салынуы жайлы сұрақтар талқыланды. 16 маусымда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен осы орталықтың алғашқы тасы қаланды.

1995 жылдың 22 маусымында Айн-Шамс университетінде Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиын өткізілді, ұлы ақынның өміріне арналған бірқатар мақалалар БАҚ-де жарық көрді. ЕАР мәдениет министрлігі өткізген VII экспериментті театрлер фестиваліне Павлодар облыстық музыкалды-драммалық театры де қатысты.

Делегация құрамындағы отандақ ғалымдар ғарыштық зерттеу және аэроғарыштық түсірілімдер Ұлттық қоғамы, Египеттің компьтерлік ақпарат және байланыс ұлттық орталығы сынды ЕАР-ң ғылыми зерттеу министрлігінің бірқатар мекемелеріне барған. Ғылыми-іскерлік байланыстар орналастыру мүмкіндіктері де қарастырылды.

Ал жалпы, білім және ғылым саласында Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасының арасындағы даму жолы төмендегідей:

-  2007 жылдың 13 наурызында Каирде қол қойылған Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі мен Египет Араб Республикасының Жоғарғы білім мен ғылыми ізденістер министрлігінің арасында білім беру саласында түсіністік жайлы Меморандум (меморандум саясында Египет жағы магистратурадан екі орын, бакалавриаттан он орын, дайындық курстарынан он бес орын бөлсе, Қазақстан жағы лекция оқуға екі профессор, жеті магистрант және докторант қабылдайды). Осы меморандумға сай ЕАР-ның жоғарғы оқу орындарына жылда студент жіберіледі, ал өз кезегінде Қазақстан жоғарғы оқу орнына екі профессор қабылдап отырады.

Екіжақты байланыстардың дамуына үлкен әсерін беріп отырған ЕАР-ң Сыртқы Істер министрлігінің ТМД елдерімен техникалық байланыс қоры. Қор ұйымдастырған курстарда түрлі мамандық бойынша мыңнан астам адам оқытылды. Қазіргі кезде Египет жоғарғы оқу орындарында жүзге жуық студент дәріс алуда. Қазақстаннан барған студенттердің басым бөлігі әл-Азхар діни университетінде оқиды, қалғандары Каир және Айн-Шам зайырлы университеттерінде білім алуда. Сонымен қатар, 2003 жылдан бастап ҚР түрлі жоғарғы оқу орындарынан араб тілін үйренуге қысқаша курстарға бару тәжірбиесі де қалыптасқан.

Қазақстан халқына ЕАР үкіметінің жасаған ерекше сиы Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» Египет университеті болды, осы университеттің арқасында Қазақстан студенттері шетке шықпай-ақ сапалы теологиялық білім алуға мүмкіндігі пайда болды.

Бірқатар қазақстандық жоғарғы оқу орындары (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, А. Йассауи атындағы ХҚТУ) Египет білім беру ошақтарымен (Каир, Александриялық, Шам университеттері) белсенді қарым-қатынас жасап отыр.

2009 жылдың 25 ақпанында Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-і мен ҚР-дағы Египет елшілігіндегі Мысыр мәдениет ошағы арасындағы ынтымақтастық жайлы Меморандумге қол қойылды. Осы Меморандум саясында 2009 жылдың қазан айының тоғызы мен жиырма төрті аралығында БжҒМ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, А. Йассауи атындағы ХҚТУ оқытушылары, зерттеушілері, ғылыми қызметкерлері, студенттері, магистрант-докторанттары Каирдағы Сыртқы Істер министрлігі тұсындағы ТМД елдерімен техникалық ынтымақтастық Қорының бағдарламасы бойынша екі апталық курстардан өтті.Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығының ғалымдары Хелуан түсті металлдар компаниясымен, Таббин Египет металлургиясының институтымен ғылыми байланыста тұрады.

1997 жылдың желтоқсанында Сауд Арабия патшалығының астанасы Эр-Риядқа Қазақстан Республикасынан алғашқы іссапармен жол шеккен министр білім министрі Қ.Көшербаев болды. Келіссөздердің бас тақырыбы жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттар арасында байланыс орнату, маман дайындауға стипендиялар тағайындау, тіл мен әдебиетті дамытудағы өзара көмек, ортақ конференциялар, көрмелер ұйымдастыру, екі елдің мәдениет күндерін өткізу болды.

Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимит корольдігі арасындағы байланыс 2006 жылдың 29 қарашасында қол қойылған білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жайлы Келісім бойынша дамып келеді. Келісім бойынша Қазақстан-Йордания ынтымақтастығын дамыту мақсатында кадрлер дайындау үшін жоғарғы және ЖОО-н кейінгі білім беру және ғылым саласында мағлұмат және арнайы әдебиеттермен алмасу, бірлесе отырып ортақ бағдарламалар мен жобаларды әзірлеп, іске асыру, екі жақтан да жетекші ғалымдар мен ЖОО-ң педагогтарын ғылыми орталықтар мен ЖОО-на кеңес өткізіп, лекция оқуға шақыру, сонымен бірге екі жақтан да жастардың ынтымақтастығын түрлі іс-шаралар (семинар, тренингтер, фестивальдер, көрмелер, жарыстар, кездесулер), ортақ бағдарламалар, арқылы нығайту жұмыстары іске асып жатыр.

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Эмираттары арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық келісімшарттар негізінде іске асып жатыр: екі ел ЖОО-ы арасында тікелей байланыстар орнатылған. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы «Бастау» халықаралық кинофестивальді ұйымдастыру жөнінде Абу-Дабидің Медия компаниясымен бірігіп жұмыс жүргізсе, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ті Дубайдағы американдық колледжбен жұмыс жүргізуде.

2007 жылдың 5 қарашасында ҚР үкіметі мен Сирия Араб Республикасы арасындағы білім және ғылым жөніндегі келісімшартқа қол қойылған.

Елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың бірден-бір көрінісі ретінде Шымкент қаласында ашылған Қазақ-Араб университеті мен Қазақ-Кувейт университетін атауға болады. Ескеретін жағдай, аталған жоғарғы оқу орындары шетелдік қайырымдылық қорларының есебінен қаржыландырылған.

Халықаралық Қазақ-Араб университеті 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан араб тілі институты болып қайта ашылған медресе негізінде құрылған еді. Институттың ресми құрылтайшысы болып бір топ Шымкент зиялылары еді. Әрі дамуына, тіпті университет дәрежесіне дейін көтерілуіне 1994-95 жж. институт басшылығының әлеуметтік реформалар қоғамы (Джамиат аль-Ислах аль-иджтимаи) және «Таиба» халықаралық қауымдастығымен (АҚШ) бекітілген ынтымақтастық жайлы келісімдері себепкер болды.

1999 жылдың қарашасында Кувейт меценаттарының көмегімен Қазақстан-Кувейт университеті ашылған. Кейінрек бұл оқу орны ҚР Білім және ғылым министрлігінің берген лицензиясының нәтижесінде Кувейт мемлекетінің «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры толығымен қамтамасыз ететін дербес, зайырлы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлы университеті, болып қайта құрылды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Абай атындағы ҰПУ, М.Х.Дулати атындағы ТаразМУ-ң Тегеран университеті және басқа да Иранның ЖОО-н байланысы дамып келеді.

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тұсындағы Ислам институтының студенттері өз білімдерін жетілдіру үшін Әл-Азхар, Исламабад Ислам университеті сынды ірі діни орталықтарға жолданып отырды.  Жалпы, жастар арасында айтып отырған Шығыс елдерінің, оның ішінде «жаңа ислам республикаларының» беделі күрт өсе кетуіне бірден-бір себеп тегін білім алу мүмкіндігі еді.Әрине, бұл жерде рухани ізденістер де жоққа шығарылып тұрған жоқ. Әсіресе сол жылдары, бір идеологияны екінші белес алмастырып жатқандағы ізденістер де орын алып жатты.

2012-2013 жж. халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша сынау мерзімін өту үшін ұсынылған оқу орындары тізіміне Түркияның үш жоғарғы оқу орыны енгізілді: «Билькент» университеті, «Мармара университеті», «Мимар Синан Гузель Санатлар университеті».

Осылайша, біртіндеп, араб елдерінің, Түркияның ҚР елшіліктері мен халықаралық келісімдер арқасында қазақстандық жастар шет мемлекеттерде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Мәдениет саласындағы байланыс Ұлы Жібек жолының заманында ақ қаланып еді. Біздің халықтарымыздың ғасырлар бойы дамыған салт-дәстүрі қазір де қарқынды дамуда. 1993 жылдың 17 сәуірінде Қазақстан Республикасы мен Ислам Республикасы Иранмен мәдени салада ынтымақтастығы жайлы келісімшарт 1993 жылдың 17 сәуірінде бекітілді. Қазақстанда ИРНА Иран ақпараттық агенттігінінң уәкілдігі және Мемлекеттік телерадиокорпорациясы жұмыс жасауда.

ИРИ Парламенті, Мешхед, «Сипахсалар» медресесі, Тегеран университеті, «Малек» университетінің кітапханаларында Әбілхайыр ханның жорықтары жайлы мағлұматтар бар. Сонымен бірге, Алтын Орда жайлы мәлімет, түркі сөзде сөздігі, түрлі құжаттар мен Қазақстан тарихынан маңызды ақпараттар бар [4, c.200].

2006 жылы Иран мемлекеті ҚР Ұлттық кітапханасында Орталық Азия халықтарының мәдениетін зерттеу Орталығы ашты. Орталықтың негізгі қызметі ғылыми еңбектерді аудару және жарыққа шығару, конференция, семинарлар өткізуге бағытталған. Иран жағы қаржыландырады.

2002 жылы Катарда Қазақстан мәдени күндері өткізілді. Қазақстан делегациясын мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрі М.Кұл-Мұхаммед басқарып барды. Мәдениет күндерінің саясында Қазақстан өнер қайреткерлері концерт беріп, «Алтын адамның» көшірмесімен бірге ҚР Президентінің Мәдени орталығының экспонаттарының көрмесі ұйымдастырылды.

2002 жылдың сәуірінде Қазақстанға іс-сапармен Катар мемлекетінің мәдениет, өнер жөніндегі Ұлттық кеңесінің төрағасы Сауд бин Мухаммед Шейх келді. 2008 жылдың 10-15 маусымында Алматыда Қазақстандағы Катар мәдениетінің апталығы өткізілді. Катар делегациясын мәдениет, өнер және мұра бойынша Ұлттық кеңесінің төрағасы Мишаль бен Джасим Аль Тани бастап келді.

Ислам Конференциясы ұйымының саясындағы мәдени жақындастық және өркениеттер диалогының дамуының өзектілігі туындауы нәтижесінде Қазақстан Республикасының әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің шақырылуы арқылы әлемді конфессияаралық диалогқа тарту жайлы бастамасын қолдау үшін 2005 жылдың маусымында Сана (Йемен) қаласында Ислам Конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлігінің 32-ші резолюциясын қабылдау жөніндегі жұмыстар жүргізілді.

2011 жылдың 28 маусымында Астанада өткізілген Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің 38-ші сессиясында Ислам Конференциясы ұйымы аталуы Ислам ынтымақтастығының ұйымы (ИЫҰ) болып өзгертілді.

ҚР ұсынысы бойынша, Ислам ынтымақтастығы ұйымының жұмыс жоспарына қоршаған ортасы апатқа ұшыраған әлем мемлекеттеріне саяси, экономикалық, қаржылық көмек көрсету қажеттілігі енгізілді, сонымен қатар дінаралық диалогтың нығаюуына да ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Бұл бастамалар дінаралық келісімді қарастырып қана қоймай, Қазақстанның экологиялық апатқа ұшыраған өңірлеріне нақты көмек еді (Семей, Арал). Біздің ел ұйым саясында парламентаралық байланыстарды нығайту бағытында Ислам конференциясы ұйымының Парламенті ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, жұмыс жүргізуде. Ислам конференциясы ұйымымен ынтымақтастық барысынде ерекше орын алып отырғандар Ислам даму банкі, түрлі салада, қаржы, консалтингтік жұмыс жүргізіп отырған фирмалар мен компаниялар. ИКҰ-мен бұрынырақ жасалған келісімдер іске асырылуда. Ислам даму банкі жоспарлаған жобалардың бірқатары өз мәресіне жетті. 2003-2006 жж., инфрақұрылымға жататын, басым көпшілігі ауыл-шаруашылық жоба болып табылатын ИДМ-ң тағы бір жоспары іске асуда. Технология, ғылым, мәдениет және білім саласында ИКҰ-н ынтымақтастықтығын нығайтудың маңызы зор. Ислам ынтымақтастық ұйымының технология, ғылым, мәдениет және білім саласында байланысты дамыту (ИСЕСКО) Қазақстанға ислам әлемі елдерінің мәдениеті мен тарихын, тілдерін оқыту, тәжірбие алмасуға, сонымен бірге өз мәдени мұралараларымызды қалпына келтіру және сақтап қалу ұлттық жобаларын іске асыру мүмкіндігін береді.

2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына Қазақстан төрағалық жасағанда, бірқатар көкейтесті мәселелер қарастылған-тын. Қауіпсіздік саласында Орталық Азия және Ауғаныстан мәселелерімен қоса, Иран атомдық бағдарламасы да қарастырылған. Қазақстан, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде Орталық Азияны ядролық қарудан бос аумақ болып танылуы жайлы Семей келісімін мойындауы бастамашылығына алғышарт болды (ИКҰ-ң резолюциясы, №23/36 толықтыру) [5].

Өзгеріске толы қазіргі заманда музейлерде халықаралық байланысқа деген қызығушылық өсіп келеді. Әлемге ортақ мәдени және ғылыми кеңістікке кіру музейлердің дамуына жаңа перспективалар ашады.

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінің қызметкерлері халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу арқылы елдің ғылыми имиджін көтеруге белсенді түрде атсалысуда. Мақалаларды жинақтарға жариялау, халықаралық және регионалды конференцияларға, симпозиумдар мен семинарларға қатысудың маңызы зор, бұл жағдай, біріншіден, музей қызметкерлерінің ғылыми дәрежесін көтере түсіреді, екіншіден музейлер, ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстар саласын кеңейте түседі.

ҚР Орталық мемлекеттік музейінің халықаралық байланыстары жылдан жылға кеңейіп келеді. Музей алыс және жақын шетелдердің архивтері, кітапханалары, ғылыми-зерттеу мекемелері, музейлерімен ғылыми байланысын дамытып келеді. ҚР Орталық ұлттық музейінің Орыс Географиялық қоғамымен, Шығыс жазбалары институтымен, Ресей ғылым академиясының материалдық мәдениет институтымен, РҒА архивімен, тағы да басқа Мәскеу, Қазан, Омск, Ташкенттің ғылыми мекемелерімен тығыз ғылыми байланыстар орнатқан.  Музейдің Британ Музейімен, Эрмитажбен, Токиодағы Жапон ұлттық музейімен, Италиядағы Болон университетімен, Мәскеудегі Мемлекеттік тарих музейімен, АҚШ-ң Пенсильвания университетінің Антропология музейімен, Париждегі Гименің Шығыс халықтарының мәдениеті музейі, Германиядағы Бохум қаласындағы тау-кен істерінің музейімен, Гамбург этнографиялық музейімен, Сиднейдегі Австралияның қазіргі заман өнері музейімен, Венгрияның бірқатар музейлерімен, Омск өлкелік-тарихи мұражайымен, Моңғол тарихи музейімен, Сингапур тарихының ұлттық музейімен, сонымен бірге Орталық Азия регионы – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан музейлерімен ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді.

ҚР ОММ қалыптасқан халықаралық байланыстарды да үзбей жалғастыруда, бұл байланыстар бірігіп өткізген зерттеулер, халықаралық көрмелерді ұйымдастыру және өткізу, білім беру, ортақ жобаларды жүргізу, т.с.с. өз көрінісін тауып отыр.

Ерекше атап өтетініміз Ресей музейлері мен ғылыми мекемелерімен қалыптастырған ғылыми-шығармашылық байланыстар, бұл жағдай да Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунсткамера) мен Ресей этнографиялық музейлерімен тығыз ғылыми байланыстарынан көрінісін табады.

Соңғы бірнеше жылдар ішінде Музей Кунсткамерамен біріге отырып ғылыми-зерттеу саласында бірқатар жобаларды іске асырды: аяқталған екі жобаның нәтижесінде Кунсткамера қорларында сақталған қазақ этнографиясы бойынша көптеген материалдар жарыққа шығып,  Қазақстан этнологиялық ғылымының дамуына зор үлес қосары сөзсіз:

-   «С.М. Дудин – этнограф-суретші. Гамбург музейіндегі және Ресей этнографиялық музейлеріндегі сақталған Орталық Азияға экспедициясының фотоқұжаттары» жобасы;

-  2011-2013 жж. «Ресей ғылым академиясындағы Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунсткамера) коллекциясындағы қазақтардың тарихи этнографиясы» жобасы.

2014 жылдан бастап Санкт-Петрбургтегі Ресей этнографиялық музейімен біріге «Қазақтардың тұрмысы мен дәстүрлі мәдениеті бойынша Ресей этнографиялық музейінің жинақтары. Ғылыми каталог» атты ғылыми-қолданбалы жоба іске аса бастады.

2014 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен Қытай Халық Республикасының «Тан династиясының ежелгі Батыс базары» Сиан музейімен (Шэньси провинциясы) және Оңтүстік Корея, Сеул қаласындағы Корей ұлттық этнографиялық музейімен ғылым, мәдени және білім беру ынтымақтастығы жайлы екіжақтық, өзара әрі қолайлы келісімшарттарға қол қойылды.

Жыл сайын Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік музейі көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырып отырады, ерекше орын алатын халықаралық, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан шеберлері атсалысатын «Орталық Азия ісмерлерінің жәрмеңкесі»  [6].

2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасының аталмыш кезеңіндегі нәтижелері өте ауқымды болды: ұлттық және әлемдік әдебиет пен мәдениет бойынша 218 том, 2007 жылы 74 кітап шығарылды, 30 археологиялық, 17 қолданбалы ғылыми зерттеу жобалары жүзеге асырылды. Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Египет, Жапония, Армениядан қазақ тарихына қатысты 5000-дай құнды деректер табылып, көшірмелері елге жеткізілді. «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ халқының тарихи деректерін зерттеуге қосқан үлесі мол. Болашақта ұлтымыздың тарихы аталған дереккөздерге сүйене отырып, жан жақты зерттеліп, жүйеленетіні сөзсіз [7].

Әдебиеттер

1  Садыкова Р.К. Культурные связи Ирана и Казахстана // Иран-Наме, 2012. – №1. – С.282-286.

2  Открыта Тюркская Академия в Астане. Дата обращения: Alvalk 24 января  2011 г. http://onlineunion.ru/

3  Казахстан в современных условиях. Монография / Астана: ТОО «Мастер По». 2013. – 192 с.

4  Атыгаев Н.А, Джандосова З.А О работе в библиотеках Исламской Республики Иран // Отан тарихы, 2014.– №1(65).– С. 199-202.

5. ИЫҰ ресми сайты http://www.oic-un.org.“Ihsanoglu urges international community to recognize state of Palestine at the United Nations, historic change of OIC logo and name to Organisation of the Islamic Cooperation”. Date:28.06.2011.

6. Выставочная деятельность Центрального Государственного музея Республики Казахстан. Дата обращения: 12 декабря 2014 г. http://csmrk.kz/.

7. 2004-2006 жж. арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы ҚР Президентінің 2004 ж. 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығы

References

1 Sadikova R.K. Culturnye sviazy  Irana i Kazakhstana// Iran-Name, 2012. –№1.–S.282-286.

2 ОtkrytaTurkskayaAkademia v Astane. Data obrashenia: Alvalk 24 janvaria  2011g.  http://onlineunion.ru/

3 Kazakhstan v sovremennyh usloviah. Monographya / Astana: ТОО «Master Poe», 2013. – 192 c.

4 Atygaev N.A., Djandosova Z.A. O rabote v bibliotekahIslamskoiRespublicy  Iran // ОtanTarihi, 2014. – №1 (65). – S. 199-202.

5 IYU resmisayti http://www.oic-un.orgIhsanoglu urges international community to recognize state of Palestine at the United Nations, historic change of OIC logo and name to Organisation of the Islamic Cooperation”. Date: 28.06.2011.

6 Vystavochnaya deyatelnost Centralnogo Gosudarstvennogo museya Respubliki Kazakhstan. Data obrashenia: 12 decabrya 2014 g.  http://csmrk.kz/. 

72004-2006 jj. Arnalgan«Мadenimura»memlekettikbagdarlamasyturaly QR Presidentinin 2004 j. 13 qantardagi № 1277 jarlygy.

УАЙСОВА Ш.Н.

Старший научный сотрудник Национального музея Республики Казахстан, магистр истории

Научные и культурные связи Республики Казахстан со странами Востока

В этой статье исследуются научные, культурные и образовательные контакты между Казахстаном и странами Востока. За период независимости подписаны соглашения в сфере образования, меморандумы в области науки и техники, открыты новые учебные заведения. По программе «Болашак» студенты и преподаватели обучаются и проходят стажировки в вузах Турции, Египта, Объединенных Арабских Эмиратов.

Музеи Казахстана сотрудничают с зарубежными архивами, библиотеками, научно-исследовательскими учреждениями, проводят совместные конференции, круглые столы, научные семинары и совместные проекты.

Ключевые слова: образование, наука, техника, сотрудничество, «Культурное наследие»

UaysovaSh.N.

National Museum of the Republic of Kazakhstan

Senior Researcher, MA in History

Scientific and cultural connections of Republic of Kazakhstan with country of East

In this article investigated scientific, cultural and educational contacts between Kazakhstan and East countries. For period of independence agreements in the field of education, memorandums are signed in area of science and technique, new educational establishments are open. On the program "Болашак" students and teachers study and pass internships in institutions of higher learning of Turkey, Egypt, United Arab Emirates.

The museums of Kazakhstan cooperate with foreign archives, libraries, research establishments, conduct joint conferences, round, scientific seminars and joint projects table.

Keywords:education, science, technique, collaboration, "Cultural heritage"


No comments

To leave comment you must enter or register