Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94[37:81] (47+57) 1940 - 1980 ЖЖ. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛДІК РЕФОРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

А.З. Жуманова, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. PhD, доцент. Қарағанды қ., Қазақстан.

ӘОЖ 94[37:81] (47+57) 1940 - 1980 ЖЖ. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛДІК РЕФОРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: КСРО, білім беру, орыстандыру саясаты, оқу-ағарту, қазақ тілі, Кеңестік тіл саясаты
Author:
Соғыстан кейінгі жылдары республикада орыс тілін өмірдің барлық саласына жан-жақты енгізуге партия, үкімет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, есесіне қазақ тілін оқыту мектептерде нашарлай бастағанын ерекше атап өту маңызды. Жалпы, патша өкіметі немесе Кеңес Одағы билігі кезінде ұлттық тілдерді әлсіретудің және қоғамды орыстандырудың ең ықпалды құралы білім беру мекемелерінің болғандығы белгілі. Тіл мәселесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өзінің өзектілігін сақтап қалып отыр. Ұзақ уақытты қамтыған қазақ тіліне деген отарлық саясат өз зардаптарын тигізіп бағуда.
Text:

Кіріспе

Кеңестік биліктің қолға алған тіл саясаты ХХ ғасырдың 50-70 жылдары өз жемісін бере бастады. Қазақстанда орыс тілінің мемлекеттік мәртебесі нық орнығып, ал қазақ тілі күнделікті өмірде қолданатын деңгейде тұрды. Оның өзінде ол тіл негізінен ауылдық аймақтарда ғана қолданылды. Кеңестік орыстандыру саясаты тек қана тіл емес, жалпы, қазақтардың ұлттық болмысына да терең әсер етті.

Кеңестік дәуірдегі тіл саясатының орыс ұлтынан басқаларға қаталдығы, олардың тіліне деген немқұрайлылығы қазақ тілінің дамуына үлкен кедергі болды. Қарастырылып отырған кезеңде Қазақстан үкіметі тарапынан тілге жанашырлық өз дәрежесінде көрсетілмеді.

Талқылау нәтижесі

Қазақстандағы тілдердің дамуына байланысты зерттеулер ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңынан бастап неғұрлым белсенді жүргізілді. Ұлттық тілдердің республикадағы дамуына байланысты Б.Х. Хасанов [Б.Х. Хасанов, 1989: 13], О.Б. Алтынбековалардың ғылыми зерттеулерінде қарастырылды. Соның ішінде О.Б. Алтынбекова [О.Б. Алтынбекова, 2006: 20] Орта Азия республикаларындағы тіл саясаты мәселесін қарастыра отырып, Қазақстандағы көші-қон үрдістері және оның  республиканың аймақтарындағы тілдік ортаға ықпал етуі, халықтың этникалық құрамындағы өзгерістерін қарастырады.

Қазақтың ұлттық мәдениеті, тіліне байланысты өзекті мәселелер Х.М. Әбжановтың зерттеулерінің басты нысаны болып табылады. Ол тілдің қоғамдағы немесе нақты мемлекеттегі саяси - идеологиялық, экономикалық, демографиялық тағы да басқа ахуалмен өсетіндігін немесе өшетіндігін айта келе, әлеуметтік дамудың жалпы екі моделінің болатындығына тоқталады. Бірі – халықтың өз мемлекеттілігін, шаруашылық-мәдени типін, идеологиясын, болмыс - бітімін диалектикалық байланыс және қатынастар желесінде айқындауы, екіншісі – өзінен күштінің қармағына ілігіп, тәуелді, отар халық ретінде өмір сүруі. Х.М. Әбжанов қазақ халқының аталған баламалардың екеуін де басынан өткергендігін атап өтеді [Х.М. Абжанов, 2011: 37].

Қазақстандағы тіл тарихын Н.Т. Жанақова [Н.Т. Жанақова, 2006: 39] өз зерттеуінің негізгі нысаны етіп алды. Ол Кеңестік кезеңде қазақ тілінің өркендеуіне кері ықпал еткен мынадай ішкі және сыртқы әлеуметтік-демографиялық процестерді атап көрсетеді: ұжымдастыру немесе қолдан жасалған ашаршылық зардаптары; Кеңес Одағы бойынша, әсіресе Қазақстандағы жаппай индустрияландыру; Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей мен Украинадан ірі өнеркәсіп орындарының Қазақстанға көшірілуі; Кеңес Одағын басқарған Н.С. Хрущевтің тың игеру саясаты. Оның пікірінше, ұжымдастыру жылдарында жіберілген қателіктер мен ашаршылық салдары Қазақстандағы демографиялық процестердің қалыпты арнасын бұзып, қазақ тілінің дамуына орасан зор зиян келтірді.

Тіл саясатын меңгеруде өз үлесін қосатын Э.Д. Сүлейменованың тілдік үрдістер мен саясат мәселесіне арналған монографиясын атап өтуге болады. Аталған еңбекте автор тілдік идеология, тіл саясаты, тілдік жоспарлау сияқты ұғымдарға түсініктер бере отырып, әр түрлі мысалдардың негізінде тілдік идеология мен тіл саясатының түрлерін сипаттайды. Сонымен қатар, Қазақстандағы орыстандыру және қазақтандыру үрдістеріне талдаулар жүргізеді [Э.Д. Сулейменова, 2011: 40].

Нәтижесі

Орыс тілінің таралуы, көбінесе жалпы білім беру жүйесін орыстандыру негізінде іске асты. Осы саладағы соғыстан бұрын қолға алынған іс-шаралар соғыстан кейін күшейе түсті. ХХ ғ. 50-жж. соңында білім беру саласындағы оқыту тілін таңдау еркінің берілуі, ұлттық мектептер үшін үлкен соққы болды. Осыдан кейін қазақ мектептерінің қысқаруы басталды. Кеңестік білім беру жүйесінің барлық сатылары бойынша тек қазақ тілінде білім алып шығу мүмкін болмады. Орыс тілінен басқа тілдердің болашағының жоқтығы туралы түсінік қалыптасты.

ХХ ғасырдың 60-жж. ұлттардың жақындасып, шекарасы жоқ, ортақ тілі бар біртұтас халыққа айналдыру идеясының астарында – халықтардың ұлтсызданып, орыс тіліне толығымен көшуі жатты. Әр түрлі ұлттардан құралған өте ауқымды әрі көптілді елді тиімді түрде басқарып, бақылау үшін тек бір тіл мен жазуы бар біртұтас халық жағдайында ғана мүмкін болды. Осындай жүйеге қол жеткізу үшін кеңестік билік өз бағдарын үнемі өзгертіп отырды.

Негізгі бөлім

Соғысқа дейін, орыс тілінің күшеюіне мүмкіндік берген 1938 жылы қабылданған БК(б)ПОрталық Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Ұлттық мектептерде орыс тілін оқыту туралы» қаулысын Қазақстан КП Орталық Комитетінің 1948 жылдың 3 тамызында қабылдаған қаулысы одан әрі жалғастырды. 1948 жылы Қазақ К(б)П Орталық Комитеті «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» жаңадан қаулы алды. Осы қаулыға сәйкес Оқу министрлігі қазақ мектептерінің І-сыныбынан орыс тілін оқытуды енгізді. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілінің оқулықтары қайтадан қаралды. Тәжірибе ретінде 5 қазақ мектебінің 8-10 сыныптарында математика, физика, химия пәндері орыс тілінде оқытылатын болды [Д. Махат, 2007: 16].

1948 жылы Қазақстан КП Орталық Комитеті іс қағаздарын ішінара қазақша жүргізу туралы шешім қабылдап, ауыл шаруашылығы, медициналық, педагогикалық, дене тәрбиесі орта арнайы оқу орындарында оқитын басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін оқу жоспарына 300 сағаттан уақыт бөлуді тапсырды. Бірақ, осы шараны жүзеге асыру үшін Мәскеудегі тиісті министрліктің рұқсаты алынатын болсын, делінді шешімде. Ал, орталықтан нақты жауап болмады. 50-жылдардың аяғына дейін институттар мен университетке қабылдау емтихандары негізінен орыс тілінде жүрді. Қазақ мектебін бітіргендер үшін бұдан артық қиыншылық болған жоқ. 1954 жылы Алматыдағы мал дәргерлік, ауыл шаруашылық, медициналық институттарға Гурьев облысындағы қазақ мектептерін бітірген 174 талапкер құжат тапсырғанымен, орысша білмегендіктен олардың 17-сі ғана сынақтан өткен [Х.М. Әбжанов, 2007: 214].

Білім беру саласындағы қазақ тіліне деген немқұрайлылық, сол уақыттағы жастардың ұлттық мүдде, намысқа деген немқұрайлылықты тудырды. Оны тағы да Б. Момышұлының атақты хатынан үзінді келтіру арқылы дәлелдеуге болады: «Қазақ мектебінде оқымағаннан кейін, қазақ балалары көшеде ойнап жүргенде де, орысша былдырласып, осы кезде ана тілінен мүлдем құр қалған жастар қалада көбейіпті. Жас балалар былай тұрсын, менің майданда қайтыс болған жолдасым Рахимовтың 22-дегі інісі үйіме келіп отырып:

– Я по вашему не умею разговаривать, – деп орысша сөйлесті.

Бір жігіттің үйлену тойында бес-алты 20 жастан асқан қазақ қыздары, жалпы қазақтың ішінде өн бойы орысша сөйлеп отырысты.

– Қыздар, қазақша сөйлемесеңдер, мен орысшаларыңа түсінбеймін,– деген соң жым-жырт үндемей отырысты. Себебі қазақша сөйлей білмейді екен. Біреуіне сөз бергенде (жоғары кеңесте істейді екен): –Жолдастар, конечно мен қазақша не говорю, сондықтан извените меня, я по русский буду говорить,– деп орысша сөйлегенде қайран орыс тілін тағы да әбден былықтырды. Осы кезде қазақша тілі шыққан жас балалар кездессе оған таңғалып қарайтын болыпты» [Б. Момышұлы, 2008: 22]. Осы хатында Б. Момышұлы жоғарғы оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы міндетті пән болу керек деп ұсыныс айтады. 

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің V съезіне арналған есепті баяндамасында орыс тілін оқыту дәрежесінің төмен болып отырғандығы айтылып, «орыс тілін білмейінше сауатты, озат, барлық жағынан мәдениетті адам болуға болмайтындығын ұмытпау керек» деп атап көрсетілді. «Республикалық мерзімді баспасөз беттері мен мұрағат құжаттары қазақ мектептерінде орыс тілінің оқытылуы туралы материалдарға толы болып, қазақ тілінің жайы тасада қала берді, аракідік қазақ тілі оқулықтарының сапасы ғана тілге тиек етілді. Осылайша қазақ тілі отбасы, ошаққасы тіліне айнала бастағандықтан көптеген ата-аналар балаларын орысша оқытуға мәжбүр болды» [Х.М. Әбжанов, 2007: 213]. Қазақстандағы оқушылардың санына байланысты қолда бар статистикалық көрсеткіштерге назар аударсақ (сурет 1), 1952-1953, 1954-1955 оқу жылдарында барлық облыстар бойынша оқушы қазақтардың санының бірқалыпты дамығандығын көреміз [ЦГА РК. Ф. 1692, 1-т., 2619-і., 199-п.; 159, 1-т., 2278-і., 111-п.]. Дегенмен, жалпы оқушылардың ішіндегі үлес салмағының төмен болғанын байқауға болады. Сонымен қатар, қарастырылып отырған деректерде қазақ оқушыларының өзінің қай тілде білім алғандықтары жіктелмеген. 

14c7fd7e623a9fc1bd53081228779e67.jpg


Сурет 1 – 1952-1953, 1954-1955 оқу жылдарындағы Қазақстандағы оқушылардың саны

Орыс мектептерінде төмен дәрежеде тұрған қазақ тілі пәнінің дамуында көптеген кедергілер кездесті. 1953 жылы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне өтініш жазылып, орыс мектептерінің бағдарламасынан қазақ тілі пәнін алып тастауға ұсыныс білдіріледі. Осы өтінішке орай, 1953 жылдың 16-21 қарашасында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Сужиковтың қатысуымен арнайы кеңес өтеді. Мәселені талқылай келе кеңеске қатысушылар пікірі екіге жарылады. Бір топ – Министрліктің өтінішін қолдап, орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқытуды тоқтату керек деген пікірді ұстанса, екінші топ – қазақ тілін оқытуды жалғастыра беру керек деген пікірде болады. Жоғарыда келтірілген фактілердің барлығы осы кеңес барысында мәлім болады. Қазақ тілі пәнін оқытуды жақтаушылардың «орыс мектептерінде қазақ балалары оқитынын, ал олардың қазақ тілін өтпесе ана тілінен ажырайтынын  баса айтып, болашақта халықпен тікелей араласатын дәрігер, агроном, зоотехниктердің ауылды жерге барғанда түсінісуі қиындық тудырады» деген пікірлері орынды еді. Кеңеске қатысушылар ортақ бір шешімге келе алмай, «әлі де ойлануды қажет ететін мәселе» деп аталған мәселені кейінге қалдырады [А.Ә. Рамазан, 2010: 70]. «Қазақ баласы орыс тілінде әдеби сөйлей білуі шарт» деп қатаң талап қойып отырған Оқу-ағарту министрлігінің Кеңестер Одағының орталық бөлігінен қоныс аударушылардың балаларын қазақ тілі пәнін оқытудан босатып, үлкен қолдау білдіргендіктері сол уақыттағы тіл саясатының мәнін анық көрсетті.

ХХ ғасырдың ортасында Қазақстандағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің өсу қарқынында белгілі бір деңгейде төмендеу бағыты байқалды. 1952-1953, 1954-1955 оқу жылдарындағы Қазақстандағы мектептер санын салыстырмалы түрде қарастырсақ (сурет 2), Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа аймақтарда қазақ мектептерінің азаю бағыты байқалды [ЦГА РК. Ф. 1692: 199 б.; 159, 1-т., 2619- і., 199-п.]. Осы жылы жалпы республика бойынша мектептер саны 70-ке өскенімен, қазақ мектептері 4-ке қысқарды. Облыстардағы қазақ мектептері негізінен ауылдық, аудандық мектептердің есебінен толықты. Ал, қалалық қазақ мектептерінің санының аз болғандығы сөзсіз. Мысалы, осы жылдары Алматы қаласындағы қазақ мектебінің саны 2-ден аспады. Осы көрсеткіштің ұзақ жылдар бойында сақталғандығы белгілі. 

9174414e7c22cacde054942b21122e0f.jpg

Сурет 2 – 1952-1953, 1954-1955 оқу жылдарындағы Қазақстандағы мектептер саны

ХХ ғасырдың 50 жылдары қазақ тілінің дамуына тежеу салатын шешімдер қабылданады. Бұл орыс тілінің мәртебесін жоғарлату үрдісінің күшейгендігін көрсетті. 1955 жылдың 4 маусымында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Орыс мектептерін қазақ тілін міндетті оқытудан босату туралы» № 450 бұйрығы жарық көреді [М.К. Айбасова, 1997: 225]. Онда орыс тілінде білім алатын бастауыш, жетіжылдық және орта мектептердің оқушыларының қазақ тілін міндетті түрде оқудан босатылатындығы мәлімденеді. Ал, қазақ тілін оқуға ынта білдіргендер үшін қазақ тілін үйретуді ұйымдастыру тапсырылады. Сөйтіп, республика мектептерінің оқу жоспарларына өзгерту енгізу мәселесі қойылады. Осы бұйрықты негізге ала отырып, орыс мектептерінің 1955-1956 жылғы оқу жоспарынан қазақ тілі пәні алынып тасталынады. Бұл қазақ тіліне үлкен соққы болып тиді. Орыс тілінің мәртебесін көтеру шаралары қазақ мектептерінің біртіндеп азая бастауына негіз болды. Сурет 3-тегі сандық мәліметтер, 1951-1952–1965-1966 оқу жылдары аралығында республика бойынша мектептердің санының өсіп, ал қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының азайғандығын көрсетеді [ЦГА РК. Ф. 1692: 1-т., 2086-і., 230-п.; 2-т., 1277-і., 4-п.]. 1951-1952–1954-1955 оқу жылдарында қазақ мектептеріне байланысты біршама тұрақтылық болғанымен, 1954-1955 оқу жылынан кейін үнемі төмендеу қарқынын ала бастады. Сөйтіп, 1951-1952–1965-1966 оқу жылдары аралығында мектептер саны 514-ке өсіп, ал қазақ мектептері 1308-ге кеміп кеткен. 

3211cabd73791c3a9ed363ee5691d74c.jpg

Сурет 3 – 1951-1952 – 1965-1966 оқу жылдарындағы Қазақстандағы мектептер саны

Жалпы білім беру саласындағы қазақ тілінің жағдайы төмен дәрежеде тұрғанда, жоғары білім беру саласы да осы деңгейден асып кетпеді. Жоғары оқу орындарында бұдан бұрын оқытылып келген қазақ тілі оқу бағдарламаларынан алынып тасталды. Соның айқын дәлелі КСРО мәдениет министрілігі оқу орындары басқармасының 1955 жылғы 24-қарашасындағы №20-5425/5 директивалық хаты мен КСРО жоғары білім министрілігі бойынша 1955 жылғы 21-қыркүйектегі «Жоғары оқу орындарында шет тілдерді оқытуды жақсарту туралы» № 953 бұйрығы негізінде мемлекеттік консерваторияның сол уақыттағы ректоры И. Круглыхин 1955 жылдың 12-желтоқсанында қол қойған бұйрығының мазмұны былайша сипатталды: «Бұйырамын:

1. 1955 жылғы 13 желтоқсаннан бастап барлық курстар мен топтарда қазақ тілі сабақтары алынып тасталсын;

2. 3-курс студенттерінің 2 жыл бойы қазақ тілін өтуіне байланысты қазіргі үлгерімі негізінде осы курс бойынша сынақ өткізілсін;

3. 1 және 2 курстарда қазақ тілінен сынақтар алынып тасталсын;

4. Қазақ тілінің оқытушысы К.Б. Байқадамова жолдас қазақ тілін оқытудың тоқтатылуына байланысты, штаттың қысқаруы себепті осы жылдың 13 желтоқсанынан бастап консерваториядағы жұмыстан босатылсын» [Х.М. Әбжанов, 2007: 216].

Жалпы, кеңестік дәуірдегі Қазақстанда жүргізілген тіл саясаты өзінің құбылмалылығымен сипатталады. Онда бірде қазақ тілінің дамуына теріс ықпалды шешімдер шығарылса, бірде оны қолдағандай шаралар қабылданды. Соның бір айғағы - 1957 жылдың 2 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Орыс тілінде білім алатын оқушы-қазақтардың ана тілін міндетті түрде оқуы туралы» №45 қаулысы қабылданады [М.К. Айбасова, 1997: 226]. Онда 1957 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орыс тілінде оқитын оқушы-қазақтарды міндетті түрде қазақ тілін оқуға міндеттеу, сол сияқты қазақ тілін үйренуге ниет білдірген басқа ұлт өкілдерінің оқушыларына қазақ тілін үйретуді қолға алу Оқу-ағарту министрлігіне тапсырылады. Осы құжат бойынша қазақ тілін оқыту қазақ оқушыларына ІІ-VII сыныптар аралығында, ал басқа ұлттардың оқушылары үшін V-VII сыныптар аралығы болып белгіленеді. Сонымен бірге, орысша оқитын VІІІ-сыныптың қазақ оқушылары үшін ана тілі мен әдебиетінен сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастыру қарастырылды. Одан басқа, аталған шараларға байланысты оқулықтар дайындап, шығару көзделеді.

Қазақ тілімен қатар, республикадағы ұсақ ұлттардың тіліне байланысты да оң шешімдер қабылданады. Алғашқы болып, 1957 жылдың 2 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «ҚазКСР мектептеріндегі неміс ұлтының балаларына ана тілін оқытуды енгізу туралы» қаулысы шықты [М.К. Айбасова, 1997: 228]. Онда 1957-1958 оқу жылының екінші жартысынан бастап неміс ұлты көп шоғырланған аймақтардағы мектептердің ІІ-ІV сыныптарында аптасына 2 сағат неміс тілін оқыту шешімі шығарылады. Осы мағынадағы қаулы 1958 жылдың 11 шілдесінде корей ұлтының оқушыларына да арналып, қабылданды [М.К. Айбасова, 1997: 232]. Ол «ҚазКСР мектептеріндегі корей ұлтының балаларына ана тілін оқытуды енгізу туралы» деп аталды. Онда 1958-1959 оқу жылында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан облыстарының корей ұлты көп шоғырланған аймақтардағы мектептердің ІІ-ІV сыныптарында аптасына 2 сағат корей тілін оқыту қарастырылды. Ал, 1960 жылдың 10 желтоқсанында дүнген тілін оқыту туралы қаулы қабылданды [М.К. Айбасова, 1997: 233]. Ол «Жалпы білім беретін мектептердің V-VІІІ сыныптарында дүнген ұлтының балаларына дүнген тілін оқыту туралы» деп аталды. 1957-1960 жылдардың аралығында ұсақ ұлттардың тілін мектептерде оқыту туралы қаулылардың қатарында қазақ тілінің де қамтылуы, оның дәрежесінің Қазақстандағы неміс, корей, дүнген тілдерінің қатарында тұрғандығын көрсетеді.

ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында тіл саясатына тікелей қатысы жоқ, бірақ тілдік ахуалға әсер еткен заңнамалық жоба қабылданды. Ол Кеңес Одағындағы ортақ тіл - орыс тілін одақ құрамындағы республикалардың барлығында мәртебесін жоғарылатуға бағытталған жоспарлы шаралардың бірі болды. 1958 жылы қабылданған заң «Мектептің өмірмен байланысын күшейту туралы» деп аталды [А.С. Барсенков, 2006: 467]. Аталған реформаның негізгі идеясы – оқушыларды еңбекке, қоғам үшін қажетті мамандықтарға мектепте оқып жүргенде бейімдеу болғанымен, осы заңдық құжаттың негізінде ата-аналар мектептерді таңдау еркіне ие болды. Бұл жерде білім беру мекемесінің тілдік ерекшелігі есепке алынбады. Ал, осы уақытта жоғары білім беру саласында  орыс тілі басымдық таныта бастады. Тек жоғары оқу орындары ғана емес, жалпы қоғамда орыс тілінің беделін көтермелейтін саяси, әлеуметтік, моральдық жағдай жасалған болатын. Сондықтан, ата-аналар балаларының болашақтағы карьерасы мен олардың әлеуметтік ортадағы белсенділігін қамтамасыз ету мақсатында орыс тіліне үлкен мән берді. Жоғарыда аталған заң осы үрдістің жылдам әрі белсенді жүруіне себепші болды. Оны 1958 жылдан кейінгі уақыттағы мектептердің көрсеткіштерінен байқаймыз.

dd3f8612a0f57126cad9f18c4409350f.jpg

Сурет 4 - 1959-1960 оқу жылындағы Қазақстан мектептерінің тілдік жіктелісі

Сурет 4-те көрсетілген 1959-1960 оқу жылындағы Қазақстан мектептерінің тілдік жіктелісіне назар аударсақ, мемлекеттің тіл саясаты саласында жүргізіп отырған іс-шараларының нақты нәтижелер бергендігін байқаймыз [ЦГА РК. Ф. 1692: 2-т., 248-і., 6-п.]. Қазақ және орыс мектептерінің арақатынасы жақын болғанымен, оларда білім алатын оқушылардың арақатынасында үлкен алшақтық жатты. Қазақстан оқушыларының 18 пайызын қазақ тілінде оқитындар, ал 79 пайызын орыс тілінде білім алатындар құрады. Осы мәліметтің өзі кеңестік дәуірдегі қазақ тілін дамытуға деген немқұрайлылықты білдіреді. 

Одан басқа, қазақ балаларының орыс тілінде оқуға ұмтылысына республиканың ұлттық құрамына байланысты өзгерістері де әсер етті. Қазақстанға соғыс жылдарынан - тың игеруге дейінгі аралықта сырттан келгендердің есебінен орыс тілінде сөйлеушілердің саны артты. Аталған өзгерістер қазақ мектептерінің азайып, орыс тілінде білім беретін мектептердің санының ұлғаюына ықпал етті. Қалалық жерлердегі қазақ мектептерінің аздығы да қазақ балаларының орыс тілінде білім алуларына басты себеп болды. Қазақстан қалаларындағы қазақ мектептерінің санының тапшы болғандығын, сурет 5-те берілген 1960-1961 оқу жылындағы мәліметтер арқылы байқауға болады[ЦГА РК. Ф. 1692: 2-т., 419-і., 2-п.]. Қарастырылып отырған жылдағы қазақ мектептерінің қалалардағы үлесі 5 пайызға де жеткен жоқ. Маңғыстау, Петропавл, Целиноград қалаларындағы қазақ мектептері 1- ден аспаса, сол кезеңдегі республика астанасы – Алматы қаласының өзінде 2-ақ мектеп болды.

2687440321d8c72743a47b8666ee03c3.jpg

Сурет 5 – 1960-1961 оқу жылындағы Қазақстандағы қазақ тілінде білім беретін мектептер саны

Қазақ мектептері көп қалалар Қарағанды, Гурьев, Қызылорда және Шымкент қалалары болып табылды. 

1958 жылы 12 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің “Республиканың қоғамдық және кооперативтік ұйымдарында мемлекеттің аппаратта іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді жақсарту шаралары туралы” қаулысы шықты [М.К. Айбасова, 1997: 228]. Қаулының негізінде орыс мектептерінде 8-сыныпқа дейін қазақ тілі аптасына 2 рет 4 сағаттан оқытыла бастады.

Сонымен, ХХ ғасырдың ортасында білім беру саласында орыстандыру үрдісі күшейе түсті. Ұлттық мектептердің саны өсудің орнына, төмендеу бағытын алды. Аталған мектептердің білім беру сапасы да нашарлады. Себебі, оған оқу құралдары мен педагогикалық кадрлар мәселесінің дұрыс шешім таппауы немесе қолға алынбауы  теріс әсер етті. 1950-ші жылдарда орын алған қоғамдағы осындай өзгерістердің нәтижелері одан кейінгі жылдары нақты көрініс бере бастады. 1960-1961 оқу жылындағы жалпы республика бойынша мектептердің білім беру тілі бойынша көрсеткіштері былайша сипатталды: 3018 – қазақ, 4460 – орыс, 56 – өзбек, 19 – ұйғыр, 2 – тәжік, 1621 – екі немес бірнеше тілде білім беретін (оның ішінде 1514 – орыс-қазақ аралас мектептері) болды [ЦГА РК. Ф. 1692: 2-т., 603-і., 4-п.]. Бұл мәліметті сурет 6-да көрсетілген 1960-1961 оқу жылдарындағы Қазақстандағы оқушылардың саны тереңірек ашады. Ондағы қазақтардың үлесін қарастырғанда, олардың барлық облыстар бойынша деңгейлерінің төмен тұрғандығын байқауға болады. Сонымен бірге, аталған оқушылардың қай тілде білім алғандығы туралы мәліметтер жоқ. Ол оқушы-қазақтардың шамамен алғанда жартысына жуығының орыс тілінде білім алғандықтары сөзсіз. Сонда, қазақ тілінде оқитындардың деңгейі одан да төмен болғандығын болжау қиын емес. 

ff785070af76a84763d50a07d9a9e164.jpg


Сурет 6 – 1960-1961 оқу жылдарындағы Қазақстандағы оқушылардың саны

Қазақ тілінде білім беруді барынша тежеу мысалдары көптеп кездесті. Алматы қаласының Медеу ауданының Қабанбай батыр және Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан қазақ орта мектебі 1960 жылы бір-ақ күнде себепсізден-себепсіз жабылып, орнына орыс тіліндегі мектеп-интернат ашылды. 1924 жылдан бері білім беріп келе жатқан қазақ мектебінің жабылуына қарсы ешкім қарсылық көрсете алмады. Тек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Алматыдағы жұртшылықтың талабы қанағаттандырылып, 1991 жылы бұл мектеп Ы. Алтынсарин атындағы №159 қазақ орта мектебі болып қайта ашылды [Х.М. Әбжанов, 2007: 216].

1961-1962 оқу жылында Қазақстанда 3018 – қазақ, 4460 – орыс, 56 – өзбек, 19 – ұйғыр, 2 – тәжік, 1621 – екі немесе бірнеше тілді мектеп (оның ішінде 1514-орыс-қазақ мектебі) болды [ЦГА РК. Ф. 1692:  4-п.]. Қарастырылып отырған жылдары республикадағы қазақ оқушыларының үлесі алдыңғы жылдармен салыстырғанда ұлғаймады (сурет 7). Жалпы оқушылардың ішіндегі қазақтардың пайыздық деңгейі 32-ге тең болды. Оның өзінде олардың басым бөлігі орыс тілінде білім алғандықтары белгілі [ЦГА РК. Ф. 1692: 2-т., 771-і., 4-п.]. 

f62d5b773c8f29e9f1fa11f4b5247e17.jpg

Сурет 7 – 1962-1963 оқу жылдарындағы Қазақстандағы оқушылардың саны

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары тіл саясатында білім беру мекемелерінде шет тілдерін оқуға қатысты өзгерістер болды. 1961 жылдың 9 қазанында «Республикадағы шет тілдерін оқытуды жақсарту туралы» қаулы қабылданады [М.К. Айбасова, 1997: 234]. Онда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі білім беру мекемелеріндегі шет тілдерін оқыту белгілі бір деңгейде жолға қойылғанымен, әлі де күрделі жетіспеушіліктердің бар екендігін мәлімдейді. Әр түрлі дәрежедегі білім беру орындарын бітірушілердің көпшілігінің шет тілдерін өте әлсіз меңгеретіндіктері айтылады. 1975 жылдың 29 сәуірінде Қазақстанның КП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің «Кейбір жалпы білім беретін мектептерде араб тілін оқыту мен сол мектептер үшін педагогикалық кадрлар даярлау туралы» қаулысы қабылданады. Онда 1977-1978 оқу жылында 10 жалпы білім беретін мектептер мен мектеп-интернаттарда 2 сыныптан бастап шет тілі ретінде араб тілін енгізуді ұйымдастыру тапсырылады. Соған байланысты атқарылатын шаралардың кешені құрастырылады. Оны іске асыру Қазақ КСР-нің Бас жоспар, Ғылым Академиясы, Оқу-ағарту министрлігі мен Жоғары және орта арнайы білім беру министрліктеріне тапсырылады. 1970 жылға қарай ұлттық өңірлерден келген талапкерлерді Ресей, Белорусия, Украина мемлекеттеріндегі педагогикалық институттарындағы «орыс тілі және әдебиеті» мамандығына конкурстан тыс қабылдау тәжірибесі қолға алынды.

Ұлттық интеллигенция өкілдерінің арасында да өзінің ана тіліне қарағанда, орыс тілін өте жақсы меңгерген және де қызмет бабында, шығармашылық жұмыста орыс тілін жоғары қоюшылардың саны артты. Соның нәтижесінде ұлттық тілде кітап басу санының, радиохабарлар тарату көлемінің, ұлттық театрлардағы репертуарлардың қысқару құбылыстары байқалды. Ал, осындай өзгерістер өз кезегінде ұлттық мәдениеттің беделін түсірді, одан әрі ұлттық тілде сөйлеуге, білім алуға деген қызығушылықты түсіріп, немқұрайлылықты қалыптастырды.

ХХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі қазақ тілінде оқытатын мектептердің азаю бағыты одан әрі жалғасты. Мысалы, 1964-1965 оқу жылында республика бойынша 2587 - қазақ, 4629 - орыс, 52 - өзбек, 20 - ұйғыр, 1667 – екі немесе бірнеше тілде білім беретін мектеп (оның ішінде 1567 – орыс-қазақ, 23 – қазақ-өзбек, 16 – қазақ-ұйғыр) болды [ЦГА РК. Ф. 698: 4 б.]. Ал, 1965-1966 оқу жылындағы Қазақстандағы мектептердің тілдік жіктелісі былайша бейнеленді: 2496 – қазақ, 4771 – орыс, - 48 – өзбек, 20 – ұйғыр, 1677 – екі немесе бірнеше тілде білім беретін мектептер (оның ішінде 1579 – орыс қазақ, 25 – қазақ-өзбек, 20 – қазақ-орыс-ұйғыр, 19 – орыс-өзбек, 13 – қазақ-ұйғыр) [ЦГА РК. Ф. 698: 2-т., 1277- і., 4-п.]. Бір оқу жылының өзінде 91 қазақ мектебі жабылып қалса, орыс мектептері 142-ге көбейді. 

ХХ ғасырдың ортасынан бастап, қазақ мектептерінің өсу қарқынының төмен немесе кері кетуі салдарынан, 70-жылдары ұлттық мектептермен салыстырғанда орыс мектептерінің басымдылығы артты. Одақтас республикалардың ішінде Қазақстан алдыңғы орында тұрды. Республикадағы оқушылардың 68 пайызы орыс тілінде білім алды. Қарастырылып отырған кезеңде Партия тарихы институтында қызмет атқарған ғалым Т. Кәкішев қазақ мектептерінің кеңес дәуіріндегі жағдайына байланысты былай пікір білдіреді: «Қазақ мектептерінің трагедиясы тым әріден басталады. Қазақ мектептерінің жабылуы жығылғанға жұдырық болды. Хрущев «патша заманында жасай алмаған дүниелерді біз кеңес заманында жасаймыз» деп ұрандатты. Сондықтан орыс тілі арқылы 1980 жылға дейін коммунизм орнатамыз деп жанталасуының астары сол еді. «Қазақ мектептері жабылып жатқан жоқ, біз ірілендіріп жатырмыз» деп өздерін ақтап алғысы келді. Шындығында, Сталиннің тұсында төрт орысы бар ауылда орыс мектебін салды. Қара домалағы көп қазақ ауылдарындағы қазақ мектептері жабылды. Олар қазақты ана тілін ұмыттырып, тәуелді етудің төте жолын іздеді. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» нақты жүзеге асырмақ болды» [Т. Кәкішев, 2011: 46].

Білім беру саласындағы тіл саясатын жүргізу барысында қазақ тілін кешенді түрде дамыту шаралары қарастырылмады. Оның орынына ұсақ немесе жанама шешімдер қабылданып отырды. Мысалы, 1978 жылдың 27 ақпанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі қазақ және ұйғыр тілдерінде білім беретін мектептердің оқушылары үшін оқулықтарды тегін пайдалануға көшіру туралы шешім шығарады [М.К. Айбасова, 1997: 241]. Бірақ, осы шарадан кейін қазақ мектептерінің жағдайы жақсарып кетпеді.

ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ мектептерінебайланысты жаңа өзгерістер енгізілді. Қазақша білім алған бала болашақта күнін көруі қиынға соғады деген теріс ұғым қалыптасып, орыс тілін терең меңгерудің әрі интернационалдық тәрбиенің бірденбір дұрыс жолы аралас мектептер жасау деген пікір қолдауға ие болып, республикада аралас мектептер пайда бола бастады. Қазақ КСР Оқу министрлігінің сол жылдардағы бірінші орынбасары А.В. Щербаков «Интернационалдық тәрбиені күшейтуде аралас мектептердің ролі» деген тақырыпта диссертация қорғаған мәжілісте С. Мұқанов, Ә. Шәріпов, І. Жарылғапов сияқты белгілі жазушылар бұл зерттеуге ашық түрде қарсы шықты. Олар бұл диссертациядағы идеялар іске асқан жағдайда қазақ мектебінің, қазақ тілінің жағдайы мүлдем қиындайтындығын айтты. Дегенмен, қарсылықтарға қарамастан диссертацияға оң баға беріліп, оны Мәскеу бірден бекітеді [Х.М. Әбжанов, 2007: 217].

1979 жылдың 13 шілдесінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі орыс тілін оқытуды енгізу туралы қаулы шығарады [Х.М. Әбжанов, 2007: 242]. 1980 жылдың 1 қыркүйегінен мектепке дейінгі мекемелердегі орыс тілін білмейтін балалар үшін, ал 1979-1980 оқу жылынан жалпы білім беретін дайындық сыныптарында аптасына 3 сағат көлемінде орыс тілін оқыту көзделеді.

Білім беру жүйесі – орыстандыру саясатының ең басты нысандарының бірі болды. Осыған байланысты орыс тілін оқытуға арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен бағдарламаларды сапалы түрде жазып, үнемі жетілдіріліп отырды. Кеңестік дәуір жылдарында барлық білім беру мекемелерінде орыс тілін міндетті пән ретінде біртіндеп енгізу жүзеге асырылды. Ал, қазақ тілін оқытудан, керісінше, орыс мектептері босатылды. Орыс тілі мен әдебиетінің оқытушыларын мақсатты түрде даярлау, қайта даярлауға көңіл бөлінді.

Қазақстандағы орыстандыру саясаты славян тілді халықтардың миграциясы есебінен де жүзеге асырылды. Үздіксіз жүргізілген көші-қон үрдісінің нәтижесінде, Қазақстандағы қазақтардың деңгейі төмендеп, өз елінде аз этносқа айналды. Соғыс жылдарында республикаға шамамен алғанда он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған басқа ұлт өкілдерінің көшіп келулері, 1950 жылдардың ортасынан басталған тың игеру науқаны қазақ халқының үлес салмағының азаюына, басқа ұлт өкілдерінің (әсіресе, славян тілділердің) көпшілікке айналуына, соның нәтижесінде қоғамның барлық саласында орыс тілінің басымдық танытуына, оның ішінде, биліктің орыстілді болуына, қоғамда осы тілді жоғары санайтындардың санының өсуіне алып келді. Тіл саласында қалыптасқан ахуалға байланысты, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Қазақстанның қалаларында қазақ мектептерінің жабылып, жоғары оқу орындарында мамандарды тек қана орыс бөлімдерінде дайындау құбылысы байқалды. Қазақстанның астанасы болған Алматы қаласында бір қазақ орта мектебі ғана жұмыс жасады. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиетінен басқа мамандықтардың барлығы тек орыс тілінде оқытылды. Республиканың жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер орыс тілінен емтихан тапсыруға міндетті болды. Білім беру саласының орыстануы жалпы қоғамның орыстануына тікелей әсер етті.

Қорытынды

Бүгінгі күнде кеңестік дәуірдегі білім беру саласындағы тіл саясатының салдары әлі де сақталуда. Солтүстік аймақтарда оқушылардың көпшілігін орыс тілділер құрайды. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында тәуелсіздік тұсында ғана қазақтардың саны көбейе бастады. Ал, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында қазақтардың саны әлі күнге дейін азшылық болуда. Осы жағдай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын осы өңірлерде кеңейтуге айтарлықтай кедергілер келтіруде. Кеңестік дәуір жылдарынан қалған қалған психологиялық қысым, қазақтардың ана тіліне деген селқостығы мен немқұрайлылығы, Қазақстанда тұратын ұлттардың қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін сезінбеуі немесе мойындамауы - кеңестік тіл саясатының білім беру жүйесінде барынша терең жүргізілгендігінің көрсеткіші болып табылады.

Әдебиеттер

Абжанов Х.М. Түркі әлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих және методология. – Петропавл: АО «Полиграфия», 2011. – 364 с.

Алтынбекова, О.Б. Этноязыковые процессы в Казахстане: монография. - Алматы: Экономика, 2006. – 415 с.

Әбжанов Х.М. Қазақстан: тарих, тіл, ұлт: ғылыми басылым / Х. Әбжанов. - Астана: Ана тіл - Ата тарих, 2007. - 271 б.

Барсенков А.С., Вдовин А.И. История России: учебное пособие для студентов вузов /А.С. Барсенков, А.И. Вдовин. – М.: Аспект Пресс, 2006. – 816 с.

Бір хаттың сыры / Б. Момышұлы // Жалын. - 2008. - № 5. – Б. 26-30.

Жанақова Н.Т. Қазақстандағы тiл тарихы: оқу құралы / ҚР Мәдениет және ақпарат мин-гi. Тiл комитетi. - Алматы: Арда, 2006.- 192 б.

Кәкішев Т. Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті өркендеді // Аңыз адам. – 2011. - № 18. – 10 б.

Махат Д. Тілмен ділтағдыры: Тарихи деректер, уақыт бедері және ақиқат: мақалалар мен зерттеулер. – Астана , 2007. – 192 б.

Рамазан А.Ә. Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары: ф.ғ.д. ... дис. – Алматы, 2010. – 242 б.

Сулейменова Э.Д. Языковые процессы и политика: монография. - Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 117 с.

Хасанов Б.Х. Национальные языки,двуязычие и многоязычие:поиски и перспективы: научное издание. – Алма-Ата: Казахстан, 1989. – 135 с.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР. Сводные отчеты о работе школ республики за 1961-1962 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: отчет Министерства просвещения КазССР о работе школ республики за 1952-1953 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: отчет Министерства просвещения КазССР о работе школ республики за 1951-1952 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: отчет Министерства просвещения КазССР о работе школ и органов народного образования за 1965-1966 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: отчет Министерство просвещения КазССР об итогах работы школ за 1959-1960 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: отчет Министерства просвещения КазССР о работе школ республики за 1960-1961 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 1692 Министерство просвещения КазССР: статистические отчеты о работе школ республики за 1962-1963 учебный год.

ЦГА РК. Ф. 698 – Центральное статистическое управление при Совете Министров КССР (1938-1969 гг.).

Языковая политика в Казахстане (1921-1990 годы): Сб. документов / Сост. М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев. – Алматы: Қазақ университеті. – 1997. – 325 с.

References

Abjanov H.M. Túrki álemindegi Qazaqstan: irgeli tarıh jáne metodologııa. – Petropavl: AO «Polıgrafııa», 2011. – 364 s.

Altynbekova, O.B. Etnoıazykovye protsessy v Kazahstane: monografııa. - Almaty: Ekonomıka, 2006. – 415 s.

Ábjanov H.M. Qazaqstan: tarıh, til, ult: ǵylymı basylym / H. Ábjanov. - Astana: Ana til - Ata tarıh, 2007. - 271 b.

Barsenkov A.S., Vdovın A.I. Istorııa Rossıı: ýchebnoe posobıe dlıa stýdentov výzov /A.S. Barsenkov, A.I. Vdovın. – M.: Aspekt Press, 2006. – 816 s.

Bir hattyń syry / B. Momyshuly // Jalyn. - 2008. - № 5. – B. 26-30.

Janaqova N.T. Qazaqstandaǵy til tarıhy: oqý quraly / QR Mádenıet jáne aqparat mın-gi. Til komıteti. - Almaty: Arda, 2006.- 192 b.

Kákishev T. Qazaqtyń ádebıeti men mádenıeti órkendedi // Ańyz adam. – 2011. - № 18. – 10 b.

Mahat D. Til men dil taǵdyry: Tarıhı derekter, ýaqyt bederi jáne aqıqat: maqalalar men zertteýler. – Astana , 2007. – 192 b.

Ramazan A.Á. Qazaq baspasózi jáne Qazaqstandaǵy til saıasatynyń qalyptasý, damý joldary: f.ǵ.d. ... dıs. – Almaty, 2010. – 242 b.

Sýleımenova E.D. Iazykovye protsessy ı polıtıka: monografııa. - Almaty: Qazaq ýnıversıteti, 2011. – 117 s.

Hasanov B.H. Natsıonalnye ıazykı,dvýıazychıe ı mnogoıazychıe:poıskı ı perspektıvy: naýchnoe ızdanıe. – Alma-Ata: Kazahstan, 1989. – 135 s.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR. Svodnye otchety o rabote shkol respýblıkı za 1961-1962 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: otchet Mınısterstva prosveshenııa KazSSR o rabote shkol respýblıkı za 1952-1953 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: otchet Mınısterstva prosveshenııa KazSSR o rabote shkol respýblıkı za 1951-1952 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: otchet Mınısterstva prosveshenııa KazSSR o rabote shkol ı organov narodnogo obrazovanııa za 1965-1966 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: otchet Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR ob ıtogah raboty shkol za 1959-1960 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: otchet Mınısterstva prosveshenııa KazSSR o rabote shkol respýblıkı za 1960-1961 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 1692 Mınısterstvo prosveshenııa KazSSR: statıstıcheskıe otchety o rabote shkol respýblıkı za 1962-1963 ýchebnyı god.

TsGA RK. F. 698 – Tsentralnoe statıstıcheskoe ýpravlenıe prı Sovete Mınıstrov KSSR (1938-1969 gg.).

Iazykovaıa polıtıka v Kazahstane (1921-1990 gody): Sb. dokýmentov / Sost. M.K. Aıbasova, R.K. Imajanova, G.T. Isahan, B.J. Kabdýshev. – Almaty: Qazaq ýnıversıteti. – 1997. – 325 s.

А.З. Жуманова1

1Карагандинский государственный университет имени академика Е.А. Букетова, PhD, доцент.

г. Караганда, Казахстан

ЯЗЫКОВАЯ РЕФОРМА В СИСТЕМЕ ОБРАЗОВАНИЯ И ЕЕ РЕАЛИЗАЦИЯ В 1940-1980-х гг.

Резюме

До середины 80-х годов ХХ века во всех сферах общества русский язык был основным. В Казахстане статус казахского языка снизился до повседневного и бытового общения и был принят в качестве дополнительного языка. Основным результатом проводимой в Казахстане языковой политики стало то, что казахское население проявило небрежное отношение к родному языку. По словам ученых в области языка, более 40% подростков коренной национальностей не знали своего родного языка.

Система образования стала одной из основных форм социальной политики советского государства. В связи с этим постоянно совершенствовались и более качественно писались учебники, учебные пособия и программы для глубокого и лучшего преподавания русского языка. В советское время во всех учебных заведениях постепенно вводили русский язык как обязательный предмет. Тогда как в русских школах казахский язык практически не преподавался.

Разрыв в развитии казахского языка и русского языка в образовании привел к сокращению казахоязычных школ в республике.

Ключевые слова: языковая политика, политика русификации, просвещение, казахский язык, образование, СССР.

A. Zhumanova1

1Academician Ye.A. Buketov Karaganda State University. Karaganda, Kazakhstan.

LANGUAGE REFORM IN THE EDUCATION SYSTEM AND ITS IMPLEMENTATION IN 1940-1980s.

Summary

Until the mid-1980s, Russian was the main language in all spheres of the society. In Kazakhstan, the status of the Kazakh language decreased to everyday and domestic communication and was adopted as an additional language. The main result of the language policy pursued in Kazakhstan was the fact that the Kazakh population showed a careless attitude towards their native language. According to scholars in the field of language, more than 40% of teenagers of indigenous nationality did not know their native language.

The education system has become one of the main forms of social policy of the Soviet state. In connection with this, textbooks, teaching aids and programs for the deep and better teaching of the Russian language were constantly improved and written better. In Soviet times, the Russian language was gradually introduced in all educational institutions as a compulsory subject. Whereas in Russian schools the Kazakh language was practically not taught.

The gap in the development of the Kazakh language and the Russian language in education has led to a reduction in Kazakh-speaking schools in the country.

Keywords: language policy,  Russification policy, enlightenment, Kazakh language, education, USSR.

No comments

To leave comment you must enter or register