Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 16.21.23 ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ КЛАССИФИКАЦИЯСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ

М.Қ. Ескеева¹. ¹Фил.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

ҒТАМР 16.21.23 ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ КЛАССИФИКАЦИЯСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: фонология, қазақ тілі, түркі жазба ескерткіштері, глоттохронология, тарихи классификация, қыпшақ тілдері, морфонология
Author:
Аңдатпа. Мақала түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілінің тарихи орнын анықтауға бағытталған. Түркі тілдерінің тарихи глоттохронологиялық және тарихи-генеалогиялық классификацияларындағы қазақ тілінің орны жайлы көзқарастар сараланады. Қазақ тілінің қалыптасу, даму жолы қазіргі қыпшақ тобы тілдерінің тарихымен, этникалық үдерістермен бірлікте қарастырылады. Қазіргі қазақ халқының этникалық негізін құрайтын ежелгі түркі тайпаларының ауызша тілі, көне түркі, орта түркі жазба ескерткіштерінің тілі қазақ тілінің тарихи арналары ретінде айқындалады. Түркі тілдерінің тарихи классификациясының негізгі критерийін құрайтын фонологиялық, морфологиялық заңдылықтар талданып, қазақ тілінде жаңа белгілермен қатар көне белгілердің де молынан сақталғаны дәйектеледі. Қазақ тілінің тарихи тамырының тереңдігін тілдік деректер негізінде анықтау, халық тарихын нақтылаудың, ұлттық сананы жаңғыртудың, мемлекеттік тілдің тұғырын бекітудің негізгі тетігі ретінде өзектеледі.
Text:

Кіріспе.Тіл – этнос тарихы жайлы ақпараттар қоры, халықтың сан ғасырлық тәжірибесін жинақтап, келер ұрпаққа жеткізуші танымдық, рухани-мәдени және әлеуметтік феномен. Түркі халықтары тілінің қалыптасуы да жалпы адамзат тілі тарихының құрамдас бөлігі болғандықтан, жалпы тіл онтогенезі жөнінде қалыптасқан бағыттар мен ағымдардың методологиялық негіздерін, зерттеу нәтижелері мен тұжырымдарын саралай отырып, тілдің құрылымдық, мазмұндық ерекшеліктерін айқындайтын тілдік деректер негізінде ғана шамалауға болатын күрделі мәселе. Диахрониялық тұрғыдан қарастырғанда, тіл адамзат мәдениетінің даму үдерісіндегі маңызды белгілерді, сапалық өзгерістерді өз мазмұнында сақтай отырып, құрылымдық әрі мазмұндық тұрғыдан өзгерістер мен жаңғыруларға ұшырайды. Өзінің даму тарихында көне белгілерді сақтай отырып, өзгерістерге түсу түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тіліне де тән. Қазақ тілінің тарихи тамырының тереңдігін теориялық тұрғыдан дәйектеп көрсету, халық тарихын нақтылаудың, ұлттық сананы жаңғыртудың, мемлекеттік тілдің тұғырын бекітудің негізгі тетігі болып табылады. Бұл түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілінің тарихи орнын анықтауға бағытталған зерттеудің өзектілігін сипаттайды.

Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттеу материалын  қазақ тілінің және басқа түркі тілдерінің түсіндірме, диалектологиялық, фразеологиялық, аударма т.б. сөздіктері, түркі жазба ескерткіштерінің мәтіндері  құрайды. Түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілінің тарихи орнын анықтауда жалпы тіл білімінің зерттеу амалдары мен тәсілдері кешенді түрде қолданылады. Түркі тілдеріне жасалған жіктемелердегі қазақ тілінің сипаты қарастырылғанда жүйелеу, сипаттау амалдары; қазақ тілінің көне белгілерін айқындайтын тілдік деректерді саралағанда дәстүрлі салыстырмалы-тарихи,  салыстырмалы-сипаттамалы әдістер,  лингвистикалық  сұрыптау, модельдеу,  лексика-семантикалық талдау, морфемдік-компоненттік талдау, фонетика-фонологиялық талдау амалдары негізге алынды.

Талдау. Қазақ тілінің қалыптасу кезеңі жайлы алғашқы көзқарас А.Н.Самойловичтің генеалолгиялық классификациясында көрсетілді, ғалым түркі тілдерін туыстық жақындықтарына қарай жіктей отырып, кей тілдердің қалыптасу кезеңдері жайлы пікірлерін де береді, мәселен, тау – тобы немесе қыпшақ, солтүстік-батыс тобы тілдерін екі кіші топқа бөліп қарастырады: монғол шапқыншылығына дейін қалыптасқан тілдер – алтай, қырғыз, телеуіт, құмық, қарашай-балқар, татар, башқұрт; монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасқан тілдер – қазақ, ноғай (Самойлович, 1922: 13).

Түркі тілдерін тарихи тұрғыдан классификациялау белгілі түркітанушы С.Е. Маловтың есімімен байланысты. Ғалым ҮІ-ІХ ғасыр түркі жазба ескерткіштері тіліндегі ерекшеліктердің сақталу деңгейіне сүйеніп, түркі тілдерін қалыптасуын кезеңдеріне байланысты 4 топқа жіктейді: 1. Ең көне түркі тілдер –бұлғар, сары ұйғыр, чуваш, якут тілдері; 2. Көне түркі тілдері –оғыз/көне түркі руникалық жазба ескерткіштерінің тілі, тофалар, тува, көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі, хакас, шор тілдері; 3. Жаңа түркі тілдері –әзірбайжан, гагауз, құманды, қыпшақ, печенек, половец, салар, түрік, түрікмен, Шығыс Түркістандағы ұйғырлар тілдері; 4. Ең жаңа түркі тілдері – башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, құмық, ойрат, ноғай, татар, чуваш, якут тілдері (Малов, 1951: 5-7; Малов, 1952: 142). Зерттеуші ұсынған түркі тілдерінің тарихи-хронологиялық классификациясы түркі тіл біліміндегі тіл тарихына қатысты зерттеулердің негізіне алынып келеді, дегенмен, жіктеме туралы көзқарастар мен пікірлер бірізді емес. Негізгі мәселе жіктеменің критерийіне алынған фонетика-фонологиялық заңдылықтардың лексикалық қорды қамту деңгейіне қатысты туындайды.

Қазақ тілінің тарихы, оның көнелік белгілері жайлы профессор С.Исаев нақты тілдік деректерді талдай отырып «Бұл сияқты тілдік фактілер кейінгі кездегі басқа түркі тілдерінің ықпалы деуге ешбір негіз жоқ» (Исаев, 1996: 55) деген пікір білдіреді. Қазақ тілінің қалыптасу жолы мен даму ерекшеліктері, тілдің көнелік белгіні сақтау деңгейі жайлы ғылыми пайымдаулар Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, Ә. Қайдар, М. Томанов, Б. Сағындықұлы, Ж. Манкеева, Е. Қажыбек т.б. қазақ ғалымдарының еңбектерінде қамтылған.

Зерттеу нәтижелері.Тарихи және лингвистикалық ғылыми әдебиеттерде қазақ этносының да, оның тілінің де ХІV-ХV ғасырларда қалыптасқаны жайлы пікір негізінен Қазақ хандығының құрылуымен байланысты орнықты. Этникалық топтардың және олар мекендеген этникалық аумақтардың мемлекеттік тұрғыдан ресми түрде біріктірілуі қазақ халқының дербес этнос ретінде нығаюына, тілінің тұрақты қалыпқа түсіп жүйеленуіне игі ықпал еткені даусыз. Алайда, түркі дүниесіндегі қазақ халқының, оның тілінің пайда болуына негіз болған этногенетикалық, глоттогенетикалық процестердің тамырын көне дәуірден, көне қоғам ыдырап, таптық құрылыс нышандары біліне бастаған замандардан іздеу керек. Кез келген жаңа этностың, оның тілінің қалыптасуы ұзақ мерзімді қамтитын даму үдерістерінің нәтижесі, белгілі бір тарихи оқиға аумағында жаңа бір халықтың, оның тілінің пайда болуы этноэволюциялық, глоттоэволюциялық  заңдылықтар мен ұстанымдарға сәйкес келе бермейді. Соған орай, түркі дүниесіндегі қазақ халқының, оның тілінің қалыптасуына негіз болған этногенездік, глоттогенездік процестер де көне замандардан бастау алатыны анық. Белгілі бір тілдік қауымға немесе этносқа тән тарихи үдерістерді, олардың рухани-материалдық әлемін сипаттайтын және этнос немесе қауым мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасын қамтамасыз ететін бірден-бір құрал болуына орай классикалық лингвистикада тіл өзгермейтін, константты құрылым ретінде қарастырылады. Шын мәнінде, тіл үнемі дамып, жетіліп, өзгеріп отырады, сондықтан диахрониялық тіл білімі тілді даму үстіндегі, үнемі өзгерістер мен жаңалықтарды қабылдай отырып, архиформалар мен архисемаларды сақтауға қабілетті құбылыс тұрғысынан қарастырады. Тілдегі реликт белгілер тілдік дамудың өте тереңдегі тарихи қабаттарынан мәлімет береді.

Түркі жазба тілінің ең көне нұсқасы ретінде қазіргі түркі тілдеріне классификация жасаудың өзегіне VI-IX ғасыр мұралары – Талас, Енисей, Орхон ескерткіштерінің тілі алынады. Түркі тілдерін қалыптасу кезеңіне байланысты жіктеу барысында С. Е. Малов та көне белгі ретінде ескерткіштер тіліндегі  rt , lt , nt тіркестерінің түбір мен қосымша морфема жігінде қолданылу ерекшеліктерін – аltï «алды», kеltі «келді», bаrtï «барды», апtа «онда» т.б.; көне түркі жазбаларында кеңінен қолданылатын γ/g дауыссыздарының  инлаут және ауслаут жағдайда сақталуын – tаγ «тау», sаrïγ «сары» т.б. көрсетеді (Малов, 1952: 142). Яғни, осы белгілерді сақтаған тіл ең көне тілдер қатарына жатады деген бағытты ұстанады.

Ең жаңа немесе балаң тілдерді анықтаудың басты шарты ретінде алынған заңдылықтың бірі – дисиллабтар құрамындағы қатаң дыбыстардың инлаут позицияда ұяң дыбыстарға ауысуы – түбір морфеманың соңындағы үнді r, l, n дыбыстарынан кейін қатаң t дыбысынан басталатын қосымша морфема жалғанса, қатаң t дыбысының ұяң d дыбысына өзгеруі, яғни морфемалар жігіндегі rt , lt , nt тіркестерінің фонетикалық сапасын сақтай алмауы: аltï →аldï «алды», kеltі→kеldі «келді», bаrtï → bаrdï «барды», апtа → апdа/onda «онда» т.б. Балаң тілдерді анықтаудың келесі бір критерийі –тіл арты γ, тіл ортасы g дыбыстарының инлаут және ауслаут позицияда ілгерінді артикуляциямен айтылатын w, j дыбыстарына өзгеруі: sаγ →saw «сау», tаγ→taw «тау», sïgïr→sïjïr «сиыр», teg→tej/tij «ти» т.б. Бұл құбылысты дыбыстардың ілгерілеуі заңдылығы деп атаған ғалым инлаут, ауслаут позициядағы γ/g дыбыстарының редукцияға ұшырап түсіп қалуын: qulγaq→ qulaq «құлақ», sаrïγ→sarï «сары» т.б. немесе екінші дәрежелі еріндік созылыңқыларға: sаγ →sоо «сау», tаγ → tоо «тау» т.б. айналуын да ең жаңа тілдерге тән белгілер қатарында қарастырады (Малов, 1951: 5-7). Ежелгі түркі жазбаларында кеңінен қолданылған сөз соңы мен сөз ортасында қолданылатын γ/g дауыссыздарының қазіргі тілдерде сақталу деңгейі әртүрлі.

Морфема жігіндегі үнді r, l, n дыбыстарынан кейін келген қатаң t дыбысының ұяңдануын, γ/g дыбыстарының сөз ортасы мен сөз аяғында ілгерілеуін немесе нөлдік тұлғаға айналуын  көрсететін тілдік деректер қазақ тілі лексикалық жүйесіне тән екені белгілі, соған орай классификацияда қыпшақ тілдері, оның ішінде қазақ тілі де балаң тілдер қатарына жатқызылады. Жіктеменің негізіне алынған қазақ тіліндегі үнді дыбысқа аяқталатын сөздерге септік және жіктік жалғауларының ұяң варианттарының жалғануы – žоltа≈žоldа, körtіm≈kördіm т.б., дауысты дыбыстар ортасындағы дауыссыздардың қазақ тілінде ұяңданып айтылуы – sеkіz≈sеgіz, toquz≈toγïz  т.б. үндестік заңының нәтижесі. Көне түркі тіліндегі γ/g дыбыстарына аяқталатын біраз сөздер қазіргі тілімізде негізінен w сонантына ауысады, мысалы: taγ/daγtaw «тау», tuγtuw «ту», baγïr ≈ bawïr «бауыр»; енді біраз сөздер j дыбысына ауысады, мысалы: sïgïr≈sïjïr «сиыр”, tügme≈tüjme «түйме», üg≈üj “үй»; үшінші тобы редукцияланып түсіп қалады, мысалы: sarïγsarï «сары», aγuw≈uw «у»; төртінші бір тобы қатаңданып q/k -ге айналған, мысалы: joγzoq «жоқ», tüg≈tük «түк». 

Қазіргі түркі тілдерінің қай-қайсысы болмасын бастауын түркілік тектілден алатындықтан әрбір тілдегі лексикалық жүйені кең көлемде, әдеби тіл мен диалектілік ерекшеліктер арасына шекара қоймастан, фрозеологизмдер мен паремияларды, фольклор тілін толық қамти қарастырғанда қай тілден болмасын көне белгінің іздері байқалып жатады, сондай-ақ кейін қалыптасқан жаңа белгілер де аңғарылып тұрады. Соған орай, түркі тілдерінің тарихи-хронологиялық классификациясы бойынша бірізді мойындалған көзқарас қалыптаспады. Түркі тілдеріндегі γ/g≈ w, γ/g≈j сәйкестіктері де, γ/g дауыссыздарының түсіп қалуы да қазақ тілін толық қамтымаған заңдылық екенін тілдік деректер көрсетуде.

Ерте орта ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбаларында, кейінгі орта ғасырлардағы «Диуани лұғат-ит түрк», «Хибат-ул хакаиқ» т.б. ескерткіштері тілінде кеңінен қолданылатын ulïγ «ұлы, үлкен», kičig«кіші, кішкентай» сөздері  қазақ тіліндегі Ulïq bоlsаŋ, kіšіk bоl; Qоstïŋ kіšіgi bоlγаnšа, ijttiŋ küšіgi bоl деген мақалдар құрамында сақталып отыр. Ulïq сөзі әдеби тілде жеке тұрып та дербес лексемалық мәнде пайдаланылады. Қазақ тілінде кеңінен қолданылып жүрген кейбір туынды етістіктер құрамында да көне белгілер сақталған, мысалы: quttï → quttï(q)taw, sаrï → sar(γ)аjuw, ulï → ul(γ)аjuw, torï → tоrï(γ)uw т.б. Сондай-ақ, көнетүркілік ölig, сөзінің көне варианты мен жаңа варианты қатар қолданыста: ölі , ölіk. Ең көне әрі жаңа тілдер қатарынан орын алатын чуваш тілінде де γ/g редукциясы жиі ұшырасады: ura≈аjaq, ušа≈ аšïq, аtа≈еtіk, pulа≈balïq, kürе≈qujrïq, sиха≈sаγаq, čеrе≈žürеk, čеrnе≈tïrnаq, tаja≈tajaq т.б. Керісінше, параллельдердің екінші сыңарын құрап тұрған қазақ лексемалары ауслаут γ/g қатаң варианттарын сақтап қолданылады.  Бұл мысалдардан Б.Серебренниковтің «Көне тілдер қатарына жататын чуваш және якут тілдерінде сандық жағынан архаизмнен гөрі кейінгі өзгерістер басымдау» (Серебренников, 1974: 39) деп орынды айтқанын байқаймыз. γ/g≈ j сәйкестігі негізінен қыпшақ тобындағы тілдерге тән болғанымен бұл сәйкестікті қазақ тіліне қарағанда көне тілдер саналатын әзірбайжан тілінің диалектілерінен: üzüj ≈žüzіk «жүзік», kürәj ≈kürek «күрек» т.б.; өзбек тілі диалектілерінен: bülej ≈ bіlеw «білеу, қайрақ», tеrәj ≈ tеrеk «терек»; ұйғыр тілінен: üčәj ≈ іšеk «ішек», kösәj ≈ kösеw «көсеу» т.б. де кездестіреміз.

Қазақ тілінде көне түркілік γ/g дыбыстарының w, j-ге ауысуы немесе түсіп қалуы тілдік қорды толық қамтымауы, көптеген сөздерде қатаң q, k түрінде, дауыстылар арасында γ,g тұлғасында сақталып қалуы, кей жағдайда көне тұлға мен жаңа тұлғаның қатар қолданыста болуы қазақ тілін ең жаңа тілдер қатарына жатқызуға кепілдік бере алмайды. Бұл қазақ тілінің де көнелік белгіні де молынан сақтап қалғанын көрсетеді. Қазақ тілі де өзге туыстас түркі тілдері сияқты алтай, хун, көне түркі дәуірлерінен бастау алып, бірнеше тайпалық одақтардың тілдік дәстүрлерінің бірігуінен қалыптасқан, базистік лексикасында баба тілдің, көне түркі тілінің элементтерін молынан сақтаған әрі жаңа сипатқа ие болған тілдердің бірі.

Жалпы түркі тілдерінің қалыптасу кезеңін жазба тілдің тарихымен немесе белгілі бір халықтың атын білдіретін этнонимнің қолданысқа ену кезеңімен шектеуге болмайды. Қазақ халқы тарих сахнасына шығып, «қазақ» атанғанға дейін де, Қазақ хандығы құрылғанға дейін де қазақтардың ата-бабалары, олардың тілі өмір сүргені белгілі.

Тіл тарихында этнос (ұлт) тілі қалыптасқанға дейінгі дәуірлерде сол халықтың этникалық негізін құраушы тайпалар мен тайпа бірлестіктерінің тілі қалыптасатыны белгілі. Соған орай тарихи түркі тіл білімінде де түркітілдес халықтардың этникалық негізін қалаған көне тайпалар құрған мемлекеттік деңгейдегі бірлестіктердің тіліне  қатысты «сақ/скиф тілі», «ғұн тілі», «қаңлы тілі», «үйсін тілі»т.б. сияқты көне тілдерді сипаттайтын терминдер  қолданылады. Біздің заманымызға дейін өмір сүрген тайпа атауларын білдіретін этнонимдер негізінде қалыптасқан  терминдердің шарттылық-гипотезалық сипатын естен шығармау керек. Бұл тілдерді қазіргі  түркі тілдерімен тікелей байланыстыруға лингвистикалық деректер жеткіліксіз болғанымен,  түркі тілдерінің көне түркі тіліне дейінгі  алғашқы кезеңдерін сипаттайтын тілдер  ретінде қарастыруға тарихи деректер мүмкіндік береді. Қазақ бір тұтас халық болып қалыптасуынан бұрынғы дәуірлерде оның этникалық негізін құраушы қаңлы, үйсін, қыпшақ т.б. ірі тайпалардың өзара жақын, бірақ өзіндік ерекшеліктері де бар өз тілдерінің қалыптасқанын, осындай  ұлыс тілдері мен тайпа тілдері қолжданыста болғанын көрсеткен Ә.Т.Қайдар «Ол тілдердің жігін ажыратып, ерекшеліктерін айқындау көп ғасыр өткеннен кейін, әрине қиын. Өйткені олардың бәрі тарихи даму барысында өзара тоғысып, тұтас бір тілге айналып кетті. Сондықтан да біз бүгін өткен дәуірлерде «үйсін тілі», «қаңлы тілі», «қыпшақ тілі» т.б. деп аталған тайпа тілдері болған десек, ол тек тарих үшін ғана айтылған сөз. Алайда тіл логикасына сүйенсек, қазақтың бір тұтас жалпыхалықтық тіліне дейін қаңлы, үйсін, қыпшақ, арғын, найман т.б. тайпа тілдерінің болғаны дау тудырмаса керек» деген тұжырым айтады (Қайдар, 2004: 113-114).

Ноғай-қыпшақ топшасына енетін қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері Ноғай Ордасы кезінде тұтастық сипат алып, ортақ тілде сөйледі. Ноғай Ордасының ыдырауына байланысты, орда құрамындағы этникалық топтар тағы да әртүрлі түркілік құрылымдарға бөлініп, ажырай бастады. Ноғайлардың арғы тегі көне бұлғарлардың мұрагері мишар (татар) тілімен байланысты қарастырылады. Кавказ маңындағы мишарлардың бір бөлігі ноғай этнонимін, Волга бойы мен Мещер ойпатындағы бір бөлігі татар этнонимін иеленеді (Закиев, Кузьмин-Юманади, 1996: 140). Әуел баста қыпшақ тілінің диалектілерінде сөйлеген қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерін Алтын Орда, Ноғай Ордасы кезіндегі лингво-этникалық процестер жақындата түсті. Қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдерін бір топшаға жатқызу барысында зерттеушілер аталған халықтардың Қыпшақ → Алтын Орда → Ноғай Ордасына қатысты этно-тарихи қалыптасу жолын да ескергені белгілі.

Қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының тарихи тамырластығын олардың этникалық құрамындағы ортақ ру-тайпалар, салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиеті үлгілеріндегі, жалпы мәдениетіндегі ортақтықтар дәлел бола алады. Ал қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец топшаларындағы тілдерде сөйлейтін халықтардың этногенездік тарихында біраз өзгешеліктер бар. Қыпшақ тобына жататын тілдер тілдік ерекшеліктеріне, географиялық орнына, сол тілде сөйлеуші этностардың тарихи қалыптасу жолына байланысты түрліше жіктеліп келді. Махмұд Қашқари беженек, қыфжақ, башғырт, татар, қырқыз тілдерін Рұмға жақын орналасқан тілдер қатарына қосады. Тек түрік тілінде ғана сөйлейтіндерге қырқыз, қыфжақ тайпаларын жатқызады, башғырт тілі аталған тілдерге жақын екенін, бұлғар тілі сөздердің соңын қысқартып айтатын түрік тілі екенін көрсетеді (Муталибов, 1960: 64-66).

Қыпшақ тобындағы қазақ тілінің дамуы, қазақ этносының ұлттық сипатқа ие болуы  қыпшақ тобындағы өзге тілдердің даму процестерімен, сол тілде сөйлеуші этностардың даралану үдерістерімен тығыз байланыста жүріп отырғанын тарихи деректер де, тілдік деректер де қуаттайды. Қыпшақ тілдерінің ыдырауы Х ғасырдың орта тұсында қарқынды жүреді. Зерттеушілер бұл үдерісті 936 жылғы Қырғыз қағанатының құлауымен сәйкес келетінін көрсетеді (Мудрак, 2009: 175). 1030-1050 жылдары шығыс даладан келген қыпшақтардың ықпалымен Хазар қағанаты толықтай ыдырағаны белгілі. Еуразияның далалық аймағындағы мұндай тарихи оқиғалар біртұтастыққа бейімделіп қалған қыпшақ тілінің іштей сараланып, бірнеше диалектілерден тұратын тілдік топтардың орныға бастау нышандарын айқындайды. Бұл жерде қыпшақ тілін жалпы түрк(і) тілінен бөліп қарастырудың өзі шарттылыққа негізделеді. Себебі түрк және қыпшақ этнонимдердің синонимдік мәнде қолданылу мүмкіндігі жайлы да пайымдаулар бар. VІІІ ғасырдың орта тұсында орнатылған Мойун Чур (744 ж.) ескерткіші мәтінінде түрік-қыпшақтардың тоғыз-оғыздарды елу жыл басқарғаны жайлы деректің сақталуы, Тоникуқ (726 ж.) жазбасындағы түрк-сир(есир), Білгеқаған (735 ж.) ескерткішіндегі алты сир(есир) тіркестерінің қыпшақтарға байланысты қарастырылуы да YІІ-ІХ ғасыр түркі жазба мұралары тіліне қазіргі қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің де қатысы барын айғақтайды. Көне түркі дәуіріне дейін де түркі халықтарының өмір сүргені, олардың арасында қазіргі қазақтардың ата-бабаларының болғаны да дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық. Сондықтан қазіргі қыпшақ тілдері тобындағы тілдердің бәрі де түркілік тектілдің белгілерін белгілі бір дәрежеде сақтап отырғанын баса көрсету орынды. Ал қыпшақ тілдерінің даму жолындағы өзгерістер, олардың өзара ыдырауы, көне белгілерімен қатар жаңа белгілерді де қабылдап, дербес тілге айналуы біршама кейінгі дәуірлердің жемісі.

Түркі тілдерінің глоттохронологиялық классификация жасаған О.А.Мудрактың пікірі бойынша: қыпшақтардың негізгі үш тілдік бұтаққа ажырауы 1010 жылдарға сәйкес келеді; ноғай тілінің «үлкен қазақ» тобынан (қаңлы) ажырауы  және кавказ түркі тілдері тобының құмық, қарашай-балқар тілдеріне ыдырауы 1380 жылдарғы Темірдің жорықтарына сәйкес келеді; Волга бойындағы қыпшақ бірлестігінің қазіргі башқұрттар мен татарлардың ата-бабалары  тілдерінің ыдырауы Қалке тұсында (1223-1224 жж.) Сүбедейдің осы аймаққа бірінші жорығынан кейін болған үдеріс; 1560 жылдары волга татарларының, сібір татарларының, қазақ және қарақалпақ тілдері, башқұрт әдеби тілінің негізін құрайтын батыс диалектісі ажырайды; Бұл мерзімі жағынан Ноғай Ордасының құлауымен, Иван Грозныйдың Қазан хандығын бағындыруымен сәйкес келеді (Мудрак, 2009: 175-176).

Қазіргі түркі тілдерінің тарихи орнын межелеудің негізгі арқауы ретінде көне түркі жазба ескерткіштері – Орхон, Енисей және Талас мұраларының тілі алынуда. Ескерткiштер тiлi түркi жазба тiлiнiң бiзге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан орта ғасыр түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдерін түркілік тектілмен (протоязык), бабатілмен (праязык) жалғастыратын бірден-бір фактологиялық материалдар қоры және қазіргі түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік беретін дерек көзі.

Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи лингвоэволюциялық заңдылық. Кеңестік түркітану Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiн оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, соңғы жылдарға дейін көне мұралар тілінің батыс қыпшақ тiлдерiне қатысы күңгiрт қалып келді. Шын мәнінде, көне жазба мұралар тілі – VІ-ІХ ғасырларда өмір сүріп, Түркі қағанаттарының құрамында болған көне тайпаларға  қатысы бар қазіргі түркі тілдерінің бірнеше макротоптарын құрайтын  барлық түркі тілдерінің ортақ желісі, ортақ негізі. Қазіргі түркі тілдерінің негізгі лексикалық қоры, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымы, синтаксистік конструкциясы көне түркі тілінің жалпы лексика-грамматикалық жүйесімен сәйкес келуі, көне тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғана емес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзiндiк диалектiлiк ерекшелiктерi бар жалпы түркілік ортақ жазба әдеби тіл қолданыста болғанының куәсі.

Қазіргі түркі тілдерінің бәріне ортақ лингво-дифференциациялық үдерістердің ХІІІ-ХV ғасырлар аралығында қарқынды жүруіне жаугершіліктің немесе ішкі қақтығыстардың салдарынан өзіндік тілдік ерекшеліктері бар түркі тайпаларының басын қосқан түркі хандықтары ыдырап, олардың орнына жаңа хандықтардың келуі; сараланған тіл иелерінің жаңа этнонимдік атауларды иеленуі; лингво-мәдени-контактологиялық жағдаят тәрізді сол кезеңдегі әлеуметтік, тарихи-саяси оқиғалар тікелей ықпал етті.  Дегенмен, этнос пен этнос тілінің тарихын олардың жаңа атауға ие болып, жаңа мемлекеттік құрған дәуірлерімен шектеуге болмайды, қазіргі түркі тілдерінің бәрі де түркілік тек тілдің, баба тілдің, орта түркі тілінің белгілерін молынан сақтағанын тілдік деректер толықтай қуаттайды. Қазақ халқы да өз бастауын алатын арғы ата-бабаларынан жалғасқан рухан-мәдени құндылықтар жүйесін ұрпақтан-ұрпаққа үзбей жалғастыра отырып, этникалық шыңдалудан өткен көне халықтың ұрпақтары.

Қазақ этносының қалыптасу тарихы қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі тарихи орнымен өлшенеді. Қазақ халқының терең тамырын, қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі тарихи орнын таразылайтын тілдік деректерді қазақ тілінің фонетика-фонологиялық жүйесінен де, морфологиялық құрылымынан да, лексика-семантикалық ерекшеліктері мен лингво-ақпараттық әлеуетінен де аңғаруға болады.

Түркі тілдеріне жасалған жіктемелер ішінде түркі тілдерінің негізгі ерекшеліктері, сол тілде сөйлеуші халықтың этникалық құрылымы, басқа этностармен қарым-қатынасы біршама толық анықталған, көпшілік мамандар тарапынан қолдау тапқан Н.А.Баскаковтың тарихи-генеалогиялық классификациясында татар, башқұрт тілдері қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар тілдер топшасына; қарайым, қарашай-балқар, қырым татары, қырымшақ тілдері қыпшақ, половец тілдер тобына; қыпшақ-ноғай тілдер тобына ноғай, қазақ, қарақалпақ тілдері енгізіледі (Баскаков, 1969: 240). Түркі тілдеріне жасалған генеалогиялық және тарихи жіктемелер өз кезеңіндегі компоративистиканың үлкен нәтижесі болып табылады, қазіргі түркі тіл білімінде де аталған классификациялардың ғылыми-теориялық, методологиялық негіздері тереңдетіліп, олардың жетістіктері мен олқы тұстары жан-жақты талдануда. ХХ ғасырдың  жетпісінші жылдарына дейінгі кезеңде жасалған классификацияларда кездесетін кейбір қайшылықтар мен сәйкессіздіктер негізінен сол кезеңдердегі түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы мен тарихи диалектологиясының жеткілікті дәрежеде зерттелмеуінен, түркі тілдеріндегі фонетика-фонологияық өзгерістер мен морфологиялық заңдылықтарды толық көрсетуге әлеуетті тілдік материал қорының жинақталмауынан туындайды. Қазіргі таңда түркі тілдеріндегі фонетикалық, морфонологиялық  құбылыстардың таралу шегі мен қолданыс аясын біршама нақтылауға мүмкіндік беретін фактологиялық материалдар қоры жинақталды, альтернациялық құбылыстар жекелеген түркі тілдері бойынша да, жалпы түркі тілдері  бойынша да біршама кеңірек зерттеліп, жүйелі құбылыстар оларға қарама деректер сараланды, диалектілік ерекшеліктерді көрсететін тілдік деректер қоры да толыға түсті. 

Қазіргі түркі тіл білімінің мүмкіндігі жайлы профессор А.В.Дыбо: «салыстырмалы-тарихи талдау бұрын «диалектіаралық кірмелілік» ретінде қарастырылып жүрген түркі тілдері арасындағы  кездейсоқ саналатын кейбір дыбыстық өзгерістердің жүйелілігін анықтауға, мәселен, анлаут немесе дауыстылар арасындағы инлаут жағдайдағы қатаң-ұяң  рефлекстерін фонетикалық заңдылық ретінде  тануға толық мүмкіндік беретінін көрсетеді  (Дыбо, 2007:10-11) деген ой айтады. Түркілік бабатілдің фонологиялық жүйесін реконструкциялау негізінде  түркі тілдерінің жаңа генеалогиялық классификация ұсынған ғалым түркілік бабатілдік дәуірден басталатын ыдырау кезеңдері бойыншатүркі тілдерін екі макротопқа бөледі: 1) бұлғарлық баба тіл (прабулгар) тобы; 2) жалпытүркілік топ. Бұлғар тобы Дунай бұлғарлары және Еділ бұлғарлары микротоптарына жіктеліп, Еділ бұлғарлары тілінен чуваш тілі таратылады. Ал жалпытүркілік тіл үш макротопторға ыдырайды: 1) якут-долған тілдері; 2) саян тілдері; 3) оғыз тілдері, оғыз бұтағынан «қырқыз», солтүстік алтай, орталық шығыс, қарлұқ және қыпшақ тілдері ажырайды  (Дыбо, 2007: 65). О.А. Мудрак қыпшақ тобын бес салаға бөледі: оңтүстік-башқұрт және шығыс башқұрт тілдері; Еділ татарларының және сібір татарларының тілі; қазақ және қалпақ тілдері; қарашай-балқар, құмық тілдері; қарайым және қырым татарлары тілдері (Мудрак, 2009: 175).

Түркі тілдеріне қатысты барлық жіктемелерді салыстыра қарағанда, қазіргі қыпшақ тобына жататын тілдердің фонетикалық жүйесі мен морфологилық құрылымының ұқсастығы сол тілде сөйлеуші этностардың генетикалық немесе тарихи жақындығы ғалымдар тарапынан принципті түрде ажыратылатын қайшылық тудырмайтынын байқауға болады. Батыс қыпшақ тiлдерiне тән ортақ лексиканы жалпы түркiлiк деңгейде салыстыра қарастырған белгiлi ғалым К.М.Мұсаевтың зерттеулерiнде (Мусаев, 1984)  де қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң тарихи-генеалогиялық жақындығы лексика-семантикалық тұрғыдан дәйектеледi.

Жалпы бір негізден тараған тілдердің өзі де түрлі ішкі, сыртқы факторларға байланысты негіз тілдің белгілерін бірдей дәрежеде сақтай алмауы лингвоэволюцияның заңдылығы. Қазіргі түркі тілдерінің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысы дыбыстық жүйесі негізінен көне түркі тілінде қалыптасқан. Түркі тілдері ортақ лексика бастауын ата түркі тілінен алып жалпы түркілік қабат құрағанымен мағыналық бір тектілікті сақтай отырып, өзара дыбыстық, морфологиялық өзгерістерге ұшыраған. Бұл жөнінде белгілі ғалым Э.Р.Тенишев «VІІ-VІІІ ғғ. Оғыздар мен қыпшақтарда – j-тіл, ұйғырларда – d-тіл, қырғыздарда – z-тіл болды» деп жазды (Тенишев, 1976: 165).

Қазіргі қыпшақ тобына енетін тілдердің бір бөлігінің негізінде оғыздық сипаты бар көне бұлғар тілінің жатуы, қыпшақтану процесінен кейін де басқа туыстас тілдермен мәселен қазіргі оғыз тілдерімен (қарайым, құмық, қарашай-балқар, қырым татары тілдерінің әзірбайжан тілдерімен қарым-қатынасы), булғар тілдерімен (татар, башқұрт тілдерінің чуваш тілімен қарым-қатынасы) тілдік қарым-қатынасқа қолайлы географиялық аумақта таралуы; негізін көне қыпшақ тілінен алатын (көне қыпшақ тілінде де оғыздық элементтердің сақталғаны белгілі) қарақалпақ, қазақ, өзбек тілінің қыпшақ диалектісі тілдерінің қарлұқ тілдерімен (ұйғыр, өзбек), ноғай тілінің оғыз тілдерімен (түрік, түрікмен, әзірбайжан), бұлғар тілдерімен (чуваш) қатынаста болуы олардың лексикалық қорындағы қыпшақтық қабаттың өзгерістерге түсуіне алып келді. Мұндай өзгерістер негізінен сөз тұлғаларындағы дыбыс сәйкестіктері арқылы айқындалады.

Түркі тілдері бойынша көне қыпшақ тілдеріне тән лексиканы ажыратып алу да түркі тілдері тарихындағы күрделі мәселелердің бірі. Ж.Манкеева түркi тiл бiлiмiнде белгiлi ғылыми зерттеу нәтижелерiне сүйене отырып, жалпытүркiлiк қабатты айқындаудың қағидаларын талдап көрсетедi. Қыпшақ тiлдерiндегi мәдени лексиканы зерттеу нысаны етiп алған ғалым, қыпшақтық қабатты жiктеуде шарттылық сақталатынын айтады (Манкеева, 1997: 37). Көне қыпшақ тілінің элементтері қыпшақ тобындағы тілдерде ғана емес басқа топтағы түркі тілдерінде сақталуы көне қыпшақ тілінің таралу аясы аса кең болғандығын көрсетеді. Қаратеңіз жағалауындағы, Кавказ бойындағы әзірбайжан, түрік, түрікмен тілдеріндегі жалпы қыпшақтық қабатқа тән сөздер олардан алшақта орналасқан Орта Азия және Волга бойындағы түркі халықтары тілінде де қайталанады. Зерттеулер бойынша Орта Азия және Волга бойындағы түркілер тіліндегі қыпшақизмдер «нағыз қыпшақтық», ал Қаратеңіз, Кавказ аумағындағы тілдердегі қыпшақтық сөздер қолайлы географиялық жағдайға байланыс-ты, екінші дәрежелі қарым-қатынастың нәтижесінде қалыптасқан қыпшақизмдер болып табылады (Гаджиева, 1986: 70).

Орта түркi жазба мұраларының тiлiн талдау нәтижелері оғыз, қыпшақ тілдері сараланып шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық, оғыз-қыпшақтық жағдайдың орныққанын көрсетіп бергені белгілі. Орта түркi дәуiрiнiң алдындағы көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен орта түркi дәуiрiнен кейiнгi дәуiрде, қолданылып жүрген қазiргi қыпшақ, оғыз тiлдерi деректерi де қыпшақ D оғыз тiл бiрлестiгiнiң iздерi сақталғанын көрсетедi. Оғыз және қыпшақ тілдерінің дербестік сипатқа ие болуы тұтас бір тілдің екіге жарылуы нәтижесінде емес, бұрыннан өздеріне тән белгілердің іздері бар екі тілдің белгілі бір географиялық жағдайда әрқайсысы өз мүддесін қорғау ыңғайында, яғни өздеріне тән белгілерді сақтап қалуға ұмтылу арқылы қалыптасқанын байқаймыз. Қазіргі қыпшақ тілдерінің ішінде қыпшақтық коларит қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдерінде, татар диалектілерiнде басым екенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.

Оғыз тілдеріндегі қыпшақтық элементтер тұлғалық ерекшеліктеріне, басқа да сипатына қарай төрт түрге бөлінеді: 1) таза қыпшақтық сөздер (оғыз-қыпшақ тіл бірлестігінен қалған); 2) қолайлы географиялық жағдайға байланысты қалыптасқан екінші дәрежелі қыпшақизмдер; 3) Поэзия арқылы әдеби тілдердің бір-біріне ықпалы негiзiнде қалыптасқан қыпшақизмдер; 4) Кездейсоқ сәйкестіктердің және конвергентті даму процесінің нәтижесінде қалыптасқан жалған қыпшақизмдер (Гаджиева, 1986: 73). Қазіргі түркі тілдеріндегі қыпшақ элементтерін сипатына қарай жіктеу кешенді лингвистикалық талдауларға негізделген қатаң әдістемеге сүйенеді. Түркі тілдерінде тіркелген параллель құбылыстардың бәрі бірдей генетикалық бірлікті көрсетпеуі мүмкін (жалпытүркілік негізде емес). Сондықтан қазіргі оғыз, қарлұқ, бұлғар тілдеріндегі қыпшақтық белгілерді анықтауда, барлық тілдер тәрізді, түркі тілдерінде де фреквентальді құбылыстардың, яғни дыбыс өзгерістерінің потенциалды мүмкіндігі аясының кеңдігі ескерілуі керек. Дыбыс жүйесіндегі делабиализациялану, спирантизациялану, т.б. процестердің қыпшақ тілдерінде де, оғыз тілдерінде де ұшырасуы конвергентті изоглоссалық құбылыстардан көрініс береді. Конвергентті процестер белгілі географиялық аумақта изоглостың қоюлана түсуіне ықпал етеді. Мысалы, татар тіліндегі дауыстылардың қысаңдануы редукциялық сипатта болса, әзірбайжан тіліндегі дауыстылардың қысаңдануында фонетикалық ықпалдардың әсері болмайды немесе к дыбысының чуваш тілінде х дыбысына ауысуы тілдің біршама алға жылжуымен байланысты дыбыстың редукциялануы негізінде жүзеге асады (тат. т. kïš ~ чув.т. xel «зима»). Әр тілден көрініс беретін аймақтық изоглоссалар синхронды және жүйелі шарттылық сипатта болады, мысалы: č≈š, š≈s алмасулары қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерінің микроареалдарында кездеседі.

Түркі тілдеріндегі генетикалық топтардың конвергенциясы тілдік деректер негізінде ғана анықталады. Изоглоссалық құбылыстардың қатарында тек көрші халықтар тілінің бір-біріне ықпалы негізінде қалыптасқан элементтер ғана емес, негіз тілге тән көне реликт белгілер де, тарихи миграциялық әсерлерден қалған көне тұлғалар да кездесуі мүмкін. Тілдік топтардың гентикалық конвергенциясы бүгінгі жалпытүркілік диалектологиялық атластың шеңберінен шығып кетуін оның  көне тарихи қабаттардағы туыс және туыстас тайпалар тілінің өзара ықпалдасу үдерісінен бастау алатынымен түсіндіруге болады. Сондықтан қазіргі қыпшақ тілдеріндегі таза қыпшақтық қабатты аршып алу мәселесінде тек әдеби тіл ғана емес, олардың микроареалдық топтары да қамтылуы қажет. Көне түркі ескерткіштерінің тілін қазіргі түркі тілдерімен салыстыра, сабақтастыра зерттеуде де қазіргі тілдер бойынша диалектологиялық ізденістердің нәтижелерін қолданудың маңызы ерекше.

Тілдегі диалектілік ерекшеліктердің табиғатын терең түсініп, әдеби тіл деректерімен қатар қолдану компаративистиканың әлеуетін арттыра түседі, туыс тілдерде кездесетін дыбыстық өзгерістердің даму жолын, бағытын, аралық звеносын айқындауға кей жағдайда варианттардың бастапқы тұлғасын тірі тілдер деректері арқылы анықтауға жол ашады. Тіл эволюциясының түрлі хронологиялық кезеңдерді қамтитын тарихи қабаттарының белгілері де микроареалдық топтардан көрініс беруі мүмкін. Сондай-ақ ареалдық лингвобірліктерді құрылымдық-танымдық тұрғыдан сипаттау, тілдік қабаттарды түрлі эволюциялық-фазалық деңгейде қарастыру біріншіден, тілдегі құбылыстарды инварианттардың бірлігі, аллоэмикалық элементтердің жиынтығы ретінде тануға мүмкіндік берсе, екіншіден тарихи өзгерістердің ішкі, сыртқы лингвистикалық факторларын, тіларалық контактілердің ықпалын айқындауға да жол ашады. Бір тіл ішіндегі говорларды салыстыра-салғастыра қарастыру, олардың изоморфтық, алломорфтық сипатын айқындап, изоэм мен аллоэмнің бір тіл ішінде таралу шегін, гомогенді және гетерогенді компоненттерін ажырату, яғни ареалдық лингвистиканың қағидаларына сүйену көне түркi тiлi мен қазiргi түркi тiлдерi моносиллабтық жүйесiндегi гомогендi бiрлiктердiң тұлғалық ерекшелiктерiнiң даму бағытын, гетерогендi бiрлiктердiң кездейсоқ тұлғалық сәйкестiктерiнiң себептерiн анықтауға да септiгiн тигiзедi.

Қорытынды. Қазақ тілінің даму жолы мен түркі тілдері арасындағы тарихи орнын анықтауда бізге жеткен көне түркі, орта түркі, ескі қыпшақ, ескі қазақ жазба мұралары мен бірге халық санасында жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен ауыз әдебиеті үлгілерінің де орны ерекше. Қазақ халқының этногенездік негізін құрайтын жеке ұлт болып қалыптасуына үлес қосқан рулар мен тайпалардың, ұлыстар мен халықтардың өз заманында қолданған тілдері – қазіргі қазақ тілінің тарихи негізі болып табылады. Бабатүркілік тілдің тармақтары саналатын біздің дәуірімізге дейінгі тайпалық одақтар сақтардың (б.з.б. ІІІ-І мыңжылдықтар), үйсіндердің (б.з.б. І мыңжылдық), қаңлылардың (б.з.б. І мыңжылдық), хундардың (б.з.б. ІІІ ғасыры мен б.з. Y ғасыры) т.б. құрамындағы түркі тектес тайпалардың тілдері қазіргі қазақ тілінің қайнар көзі десек, біздің дәуіріміздің V ғасыры мен ХҮ ғасырлары аралығында өмір сүрген бұлғар, қыпшақ, оғыз, қарлұқ тәрізді көне түркі тайпаларының тілдері, диалектілері негізгі арналары болып табылады. Қазақ хандығының мемлекеттік аумағына кірген, ортақ тілде сөйлейтін туыс тайпалық топтардың ерекшеліктерін қамти отырыпмонолитті жалпыхалықтық қазақ тілі қалыптасты.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Баскаков Н. А. Введение в изучение тюркских языков. М.: Наука, 1969. 384 с.

Гаджиева Н. З. О некоторых трудных вопросах методики изучения истории тюркских языков // Turсologica, 1986. Л.: Наука, 1986. С. 70-76.

Дыбо А.В. Лингвистические контакты ранних тюрков: лексический фонд: пратюркский период. М.: Восточная литература, 2007. 223 с.

Закиев М.З., Кузьмин-Юманади Я. Ф. Волжские булгары и их потомки. Казань: ИНСАН, 1996. 285 с.

Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1996. 303 б.

Қайдар Ә.Т. Қаңлы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 610 б.

Қашқари М. Девону луғот ит турк. С.М.Муталлибов. І том. – Ташкент: УзССР Фанлар академияси нашриëтининг боспахонаси, 1960. – 499 с

Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. – М.-Л.: Издательство АН СССР, 1951.– 452 с.

Малов С.Е.Древние и новые тюркские языки // Известия АН СССР. ОЛиЯ. – Т. 2. – Вып. 2. – М., 1952. – С. 140-151.

Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 272 б.

Мудрак О.А. Классификация тюркских языков и диалектов с помощью методов глоттохронологии на основе вопросов по морфологии и исторической фонетике. – М.: РГГУ, 2009. – 187 с.

Мусаев К. М. Лексикология тюркских языков. – М.:Наука, 1984. – 232 с.

Самойлович А.Н. Некоторые дополнения к классификации турецких языков. – Петроград: Российская государственная академическая типография, 1922. – 15 с.

Самойлович А.Н. Тюркское языкознание. Филология. Руника. – М.: Восточная литература РАН, 2005. – 1053 с.

Серебренников Б. А. Вероятности обоснования в компаративистике. – М.: Наука, 1974. – 352 с.

Тенишев Э.Р. О наддиалектном характере языка тюркских рунических памятников. //Turсologica. К семидесятилетию академика А.Н.Кононова. – Л.: Наука, 1976. – С.164-172.

References

Baskakov N.А. Vvedeniye v izusheniye tyurkskikh yazykov. – М.: Nauka, 1969. – 384 p.

Gadzhiyeva N.Z. О nekotorykh trudnykh voprosakh metodiki izuchenia istorii tyurkskikh yazykov // Turсologica, 1986. – L.: Nauka, 1986. – pp. 70-76.

Dybo А.V. Lingvisticheskiye kontakty rannikh tyurkov: leksicheskiy fond: pratyurkskiy periyod. – М.: Vostochnaya literatura, 2007. – 223 p.

Zakiyev М.Z., Kuzmin-Yumanidi Ya. F. Volzhskiye bulgary i ikh potomki. – Kazan: INSAN, 1996. – 285 p.

Isayev S. Khazakhadebitiliningtarikhy. – Аlmaty: Аna tili, 1996. – 303 p.

Khaydar A.Т. Khangly. – Аlmaty: Dayk-Press, 2004. – 610 p.

Khashkari М. Devonu lugot itturk. S.М. Mutallibov. І Tom. – Tashkent: UzSSR Fanlar аkademiasi nashriyetining bospokhonosi, 1960. – 499 p.

Маlov S.Е. Pamyatniki drevnetyurkskoy pismennosti. – M.-L.: Izdatelstvo АN SSSR, 1951. – 452 p.

Маlov S.E. Drevniye i nobye  tyurkskiye yazyki // Izvestiya АN SSSR. ОLiYA. T. 2. Vyp. 2. – М.: 1952. – pp. 140-151.

Маnkeyeva Zh. Мadeniy leksiksnyn ulttykh sypaty. – Аlmaty: Gylym, 1997. – 272 p.

Mudrak О. A. Klassifikasia тyurkskikh yazykov i dialektov s pomoshiu меtodov glottokhronologii nа оsnove voprosov po morfologii i istiricheskoy fonetike. – М.: RGGU, 2009. – 187 p.

Мusayev K. М. Leksikologiya tyurkskikh yazykov. – М.: Nauka, 1984. – 232 p.

Samoylovich А.N. Nekotorye dopolnenya k klassifikatsii tureskikh yazykov. – Petrograd: Rossiyskaya gosudarstvennaya  akademicheskaya tipografya , 1922. – 15 p.

Samoylovich А.N. Tyurkskoe yazykoznanye. Filologya. Runika. – М: Vostochnaya literatura RAN, 2005. – 1053 p.

Serebrennikov B.A. Veroyatnosty obosnovanya v komparativistike.– М.: Nauka, 1974. – 352 p.

Tenishev E. R. O naddialektnom kharaktere yazyka turkskikh runicheskikh pamiyatnikov //Turсologica. K semidesyatiletyu akademika A.N.Kononova. – L.: Nauka, 1976. – pp.164-172.

МРНТИ16.21.23

КАЗАХСКИЙ ЯЗЫК В ИСТОРИЧЕСКОЙ КЛАССИФИКАЦИИ ТЮРКСКИХ ЯЗЫКОВ

М.К. Ескеева¹

¹Доктор филологических наук, профессор, Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева.Казахстан,Нур-Султан.

Аннотация. Статья посвящена проблеме определения исторического места казахского языка в системе тюркских языков.Анализируется статус казахского языка в глоттохронологической и историко-генеалогической классификациях тюркских языков.Становление и развитие казахского языка рассматривается в единстве с этническими процессами и с историей языков современной кипчакской группы.Устный язык древнетюркских племен, составляющих этническую основу современного казахского народа и язык древнетюркских, среднетюркских письменных памятников определяется как историческая основа казахского языка.Проанализированы фонологические, морфологические закономерности, составляющие основной критерий исторической классификации тюркских языков, доказано, что наряду с новыми признаками в казахском языке сохранилось большое количество древних признаков. Определение глубины исторических корней казахского языка на основе языковых данных актуализирует и укрепляетпозиций государственного языка как основной механизм конкретизации истории народа, модернизации национального сознания.

Ключевые слова: историческая классификация, глоттохронология, тюркские письменные памятники, казахский язык, кипчакские языки, морфонология, фонология.

IRSTI 16.21.23

KAZAKH LANGUAGE

IN THE HISTORICAL CLASSIFICATION OF THE TURKIC LANGUAGES

M.K.Yeskeyeva¹

¹Doctor of Philology, Professor.

Saken Seifullin Kazakh Agrotechnical University.

Kazakhstan,Nur-Sultan.

Abstract. The article deals with the problem of determining the historical place of the Kazakh language in the system of Turkic languages. The article analyzes the role of the Kazakh language in the glottochronological and historical-genealogical classifications of the turkic languages.The formation and development of the Kazakh language is considered integrally with the ethnic processes and the history of the languages of the modern Kipchak group.The oral language of the ancient Turkic tribes that make up the ethnic basis of the modern Kazakh people and the language ofOld Turkic written monuments and the Turkic inscriptions of the Middle Ages  is defined as the historical basis of the Kazakh language.The author analyzes phonological and morphological patterns as the main criterion for the historical classification of the Turkic languages. it is proved that along with new features, a large number of ancient features have been preserved in the Kazakh language.Determining the depth of the historical roots of the Kazakh language based on language data is updated as the main mechanism for elaborating the history of the people, modernizing the national consciousness, and approving the positions of the state language.

Keywords: historical classification, glottochronology, old Turkic inscriptions, Kazakh language, Kipchak languages, morphonology, phonology.

No comments

To leave comment you must enter or register