Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

А.А. Мақсұтова¹, Б.Е. Көмеков². ¹Т.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі. ²PhD докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Қазақстан, Нұр-Сұлтан қ.

ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: Дулати, деректер, тарихнама, Тарих-и, талдау, мәдениет, этнос, Қашғария, Зафар-Наме, Рашиди
Author:
Аңдатпа. Мақалада Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих- и Рашиди» еңбегі тарихнамалық тұрғыдан талданған. Бұл дерек Орта Азия елдеріне байланысты парсы тілінде жазылған. Яғни, XIV-XVI ғасырларды қамтитын құнды мәлімет. Соның ішінде Орта Азия елдерінің әсіресе Қазақ елінің саяси, тарихи этникалық, географиялық, әдеби, мәдени мәліметтері қарастырылған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі 14 ғасырдан XVI ғасырдың орта кезеңіне дейін яғни, бірнеше ғасырларды қамтитын энциклопедиялық сипаттағы еңбек. Осы деректің жазылу мәдениеті, ғылыми маңызы, тың әрі бізге беймәлім деректерінің молдығы, этнографиялық, этникалық, географиялық, археологиялық мәліметтерінің сонылығы, тарихи оқиғаларды нақты әрі айқын баяндауы оқырманды да, зерттеушіні де тәнті етеді. Дулати өзіне дейін Тұраннан шыққан тарихи тұлғаларды толық дерлік қамтыған. «Тарих-и Рашиди» ақындық қуат, жазушылық шеберлікпен, көркем де айшықты тілмен жазылған мемуарлық туынды.
Text:

Кіріспе: «Тарих-и Рашиди» – XIV ғасырдан XVI ғасырдың орта шеніне дейінгі екі жүз жылдық тарихи кезеңді, яғни Орта және Алдыңғы Азия халықтарының басынан кешкен бірнеше ғасырлық саяси-қоғамдық және мәдени-әлеуметтік оқиғалардың даму, өзгеру және жаңару құбылыстарын жеткілікті деңгейде сипаттайтын энциклопедиялық сипаттағы ұлы шығарма. Осынау маңызы зор, баға жетпес тарихи әрі әдеби-ғұмырнамалық жәдігердің жанрлық табиғаты, стильдік ерекшеліктері мен поэтикалық құнары әлі күнге шейін толық саралаудан өтіп, ғылыми тұрғыдан оның әдебиетке қатысты тұстары түгелдей екшеліп, сөз өнерінің талаптарына сай өзіндік бағасын алмаса да, Мырза Хайдар Дулаттың бұл кітабы соңғы ғасырларда көптеген ғұлама тарихшылар мен оқымысты филологтарды таңырқатқан ғажайып көркем туынды ретінде де әлем жұртшылығына танылды (Елеукенов, Шалғынбаева, 1999: 192).

Шынында да «Тарих-и Рашиди» – тарихи шығарма, ғылыми тұрпатта жазылған ғұмырнамалық баян екендігі даусыз. Дегенмен, аталған еңбектің жанрлық ерекшеліктері туралы біраз ойланып, ізденетін жақтары да жоқ емес. Өйткені бүгінге дейін қазақ ғалымдарының көпшілігі шығарманың тарихи мән-мағынасына баса назар аударып келеді. Солардың бірі әдебиеттанушы Ш.Елеукенов: «Қазақстан тарихына қатысты жайларды солтүстікте Қадырғали Жалаири баяндап берсе, оңтүстікте тарихымыздың және бір маңызды беттерін Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде төгілтіп жазып берді» деп жазған. Әрине, тәжірибелі ғалым тарихи шығарма туралы деректеме бере отырып, автордың замана халін жай ғана сипаттап қоймай, «төгілтіп жазып бергені» сүйсіне баяндайды. Мұның өзі зерттеуші тарапынан Мырза Хайдар мұрасының оқырманға заманауи оқиғалар мен қоғамдық-саяси бағыттағы мәліметтер берумен шектелмей адамға аса қажетті эстетикалық қуаты мен жан дүниесіне әсер етерлік көркемдік құнары бар толыққанды шығарма екендігін тұспалдайды (Елеукенов 1999: 85). Міне, жоғарыда аталған жайттар бұл еңбекке деген тарихнамалық талдауды қажет етеді.

Материалдар мен әдістер. Мақаланы жазу барысында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорларында сақталған деректері, Мемлекет тарихы институтының кітапханасы материалдары, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптары қорлары, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық унивеситетінің кітапханасы қорлары пайдаланылды.

Тарихи деректердің маңыздылығын күшейте түсуде Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің орны ерекше. Қазіргі таңда Қазақстанның тарих ғылымының әлемдік аренаға тартылуына орай зерттеудің тың бағыттарын басшылыққа алу міндеттері туындағаны белгілі. Міне осы тұрғыдан алғанда біздің зерттеу негізіне алған тақырыбымыз деректі тарихнамалық талдауға алу бағытындағы жаңашылдығы бар болып табылады.

Мақаланы жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алып, тарихи жүйелілік, тарихи-салыстыру, хронологиялық және бақылау әдісі, тарихи-әлеуметтік және т.б. бағыттағы зерттеу әдістері қолданылды.

«Тарих-и Рашиди» шығармасының жанры туралы сөз болғанда ежелгі әдебиет тарихының маманы профессор Н. Келімбетовтың: «Жанрлық тұрғыдан келгенде, «Тарих-и Рашиди» – ғылыми еңбек, әрі түркі тілдес халықтардың шынайы шежіресі, сондай-ақ, тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды» (Келімбетов 2005: 332) деген пікірінің жаны бар.

Мырза Хайдар өз еңбегінде халқымыздың наным-сеніміне, салт-дәстүріне, күнделікті тіршілігіне, тарихы мен мәдениетіне қатысты қазіргі кезге дейін сол күйінде, сол мағынасында қолданылып келе жатқан жүзден аса қазақ сөздерін пайдаланған. Әр сөздің өзіндік философиясы, өзіндік мағынасы бар екені мәлім. Демек, әрбір сөздің өзіндік ұғымы, өзіндік жүктемесі бар. Автордың қазақ сөздерін еш өзгеріссіз, аудармасыз қолдануының өзі әдебиет тарихы мен тіл тарихын зерттеушілерге үлкен ой салатындығы белгілі. Мырза Хайдар қолданған түркі халықтарына ортақ түркі-шағатай әдеби тілінің сөздік қорында қазақ сөздерінің молдығы сол тілдің бірден-бір мұрагері қазақ халқы екендігін аңғартады (Мырза Хайдар Дулати - тарихшы-ойшыл. ХҒТК материалдары 1999: 219)

Автор нақты өмір құбылыстарын, олардың белгілі бір ортақ немесе дара ерекшеліктерін, заңдылықтарын көркем баяндайды. Оларды талдап, саралап, тиісті жерінде пікір түйіп, өз ойларын да ұсынып отырады. Ол өзі көрген, естіп не оқып білген өмір құбылыстарын тұтасып, жалғасып, өзара байланысып, сабақтасып жатқан күйде әңгімелейді, суреттейді, болған оқиғаның, істің сипатын, мазмұнын, мезгілі мен мекенін, себебі мен салдарын, орындалу амалы мен құралын, пәнін т.б. көрсетеді. Сөйтіп солардың бәрін оқырманның көз алдына елестетеді. Сондықтан «Тарих-и Рашиди» ортағасыр тарихы бойынша баға жетпес тарихи дерек көздері әрі тарихи танымдық маңызы зор әдеби көркем шығарма болып табылады. «Тарих-и Рашидидің» тарихи дерек көзі болуы оның тарихи танымдық әдеби шығарма ретіндегі құндылығына көлеңке түсірмейді (Оразбаева 2005: 25). Мұның өзі «Тарих-и Рашидидің» әдеби шығарма ретіндегі жанрлық табиғатынан туып жатқан ерекшеліктер қатарына жатады» деп толыққанды да тамаша түйіндеп бағамдайды (Әмин Ахмет Рази 1992: 137).

Талқылау. Профессор Ө. Күмісбаев Мырза Хайдардың білім алып, тәжірибе жинақтаған ортасына байланысты өз пікірін былай: «Жәми, Науаи, Ұлықбектей ұлылар өткен даңғылмен жүрген Мұхаммед Хайдар әкесі Мұхаммед Хұсейін баласының тәрбиешісі бола тұра, оны талай рет торқалы жиындарына апарып, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи сөздерін тыңдатыпты. Орта Азия, Ауғанстан, Үндістан тарихын, мәдениетін, философиясын, әдебиетін, дипломатиясын жан-жақты меңгерген Мұхаммад Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегін жазарда білген, жинаған ілімін игілігіне жарата білген»,- деп түйіндеп жазған (Бируни атындағы шығыстану институты, қолжазба қоры 1993: 1430)

Бұл орайда Ә. Дербісәлі бастаған шығыстанушылар да осындай пікірде. Ал, қазақ әдебиетіндегі шежірелік шығармалардың тарихилығы және жанрлық, стильдік ерекшеліктері жөнінен диссертация қорғаған А.Оразбаева: «М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» – қазақ әдебиетінің әуезе текті жанрлары (шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме) тұтастана, бірін-бірі толықтыра жазылған шығарма»,- дей келе, оны әлем халықтарының әдебиеттеріндегі күнделік, эссе, мемуар, өмірбаян сынды көркем тарихнама жанрларымен поэтикалық үндестігімен танылатын туынды санайды. (Дербісәлі 2003: 560). Автор «Тарих-и Рашиди» кітабы арқылы орта ғасырлардағы Моғолстан, Шағатай, қазақ хандықтары мен оларға көршілес Азия елдерінің мәдени және тарихи өмірінен ұшан-теңіз деректі де дәйекті мол мағлұматтар қалдырған қабырғалы қаламгер ретінде әлем назарына ілікті.

Нәтижелер. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін тұңғыш рет тарихи дерек ретінде Әмин Ахмет Рази пайдаланды. Әмин Ахмет Рази – XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың бастапқы кезінде өмір сүрген әйгілі әдебиетші, Ирандағы Рей қаласының белгілі әулетінен шыққан ғалым. Ол Акбар Шаһ заманында Иран жерінен Үндістанға көшіп барған. Әмин Ахмет Рази – «һәфт ықылым» (жеті климат) атты еңбектің авторы. Кітаптың жазылу тарихын оның өзі жырлаған рубаиларынан-ақ анық байқауға болады. Автор айтқандай, ол кітапты 1588 жылы бастап 1594 жылы яғни алты жыл өткеннен кейін аяқтаған (Рене Гроссе 1965: 1016).

Әмин Ахмет Рази өз шығармасында Мырза Хайдардың еңбегін сенімді тарихи дерек ретінде бірнеше жерде, әсіресе Кашмир, Қашғар және Хотанның сол кездегі дәуірі, билеушілері мен тарихы жайлы жазғанда көп пайдаланған. Әмин Ахмет Рази «Тарих-и Рашиди» еңбегін қалай пайдаланды? Оны екі кітаптағы мәтінді салыстыра отырып, нақты мысалдармен анықтауға болады. Мәселен, Әмин Рази «һәфт ықылым» кітабының «Кашмир» атты тарауында: «Шәмс-ед-дин деген біреу дәруішпін деп Кашмирге келді. Сол кезде мұнда бір әйел билік еткен. Шәмс-ед-дин оның қызметкерлерінің қатарына қосылды. Уақыт өте (патша) әйел онымен некелесіп, тұрмысқа шықты. Содан (Шәмс-ед-диннің) істері біртіндеп алға жылжи берді. Сол аймақтардағы қарсыластарды бағындырады. Өзінен кейін баласы Әла-ед-дин орнына отырды. Сосын Сұлтан; Құтб-ед-дин билік тағына ие болды. Оның заманында Әмір Сейіт Әлі Хамадани сонда (Кашмирге) келді. Қырық күн аялдады. Құтб-ед-диннен кейін Сұлтан Ескендір әкесінің орнына отырды. Ол ислам дінін қатты дамытты (Әмин Ахмет Рази 1992б: 137). Көптеген пұтханаларды қиратты. Одан кейін Сұлтан Зейн-Әл-Абедини билікке келді. Кашмирдің гүлденуіне көп еңбек етті» деп Мырза Хайдар дерегін келтірген. Енді «Тарих-и Рашидиден» аталған үзіндіні келтірейік: «Сұлтан Шамс-ед-дин деген біреу дәруішпін деп осы жерге келеді. Ол кезде мұнда бір; әйел патша билеп тұрған екен. Кашмирдің әрбір аймағын әкім басқарған. Сұлтан Шәмс-ед-дин әйел патшаға қызмет ету қажет деп табады, біраз уақыт өткен соң әйел патша оған тұрмысқа шығуға көңіл білдіреді. Олар үйленген соң бірте-бірте Сұлтан Шәмс-ед-дин Кашмирдің барлық жеріне билігін жүргізді. Өзінен кейін ұлы Сұлтан Әла-ед-дин таққа отырды. Одан соң Әла-ед-диннің ұлы Құтб-ед-дин орнына отырды. Оның заманында Әмір Кәбир Әлі-әс-Сани Сейіт Әлі Хамадани осы жерге келді. Әлі Хамадани қырық күннен артық аялдамады. Оның ұлы Сұлтан Ескендір таққа отырды. Ислам дінін таратты. Пұтханаларды қиратты. Оның ұлы Сұлтан Зейн Әл-Абедин әкесінің орнына отырды, елу жыл салтанат құрды. Кашмирді гүлдендіруге тырысты. Барлық тайпаларға не кәпір, не мұсылман деп бөлмей бірдей қарады. Оның заманында Кашмир үлкен қалаға айналған болатын. Қазіргі уақытқа дейін байқалады» (Дербісәлі 1995: 238).

Жоғарыдағы Мырза Хайдардың кітабындағы үзінді мен соны пайдаланған Әмин Ахмет Разидің берген үзінді мәтіндегі өзгешеліктер онша көп емес. Сондай-ақ, Әмин Ахмет Рази кітабының «Хотан» тарауында Мырза Хайдардың еңбегін пайдалана отырып: «Сұлтан Саид 1533 жылы қайтыс болды», «Әбдірашид хан 950 (1543) жылы таққа отырды» немесе «Әбдірашид билікке жиырма бес жасында келді. Отыз үш жыл билік құрды» деген мәліметтер келтірген (Вельяминов-Зернов 1864:131).

Әмин Разидің деректеріндегі Саид хан мен Әбдірашид хан билік жүргізген уақыт қазақ ғалымдары анықтаған мезгілмен сәйкес келмейді. Мәселен, Ә.Дербісәлі «Ислам және заман» кітабында «Әбдірашидті 1510-1570 жылдар арасында өмір сүрді» деп (Дербісәлі 1995: 238) көрсетті. Яғни Әмин Разидың Әбдірашид таққа отырған датасын дұрыс деп есептесек те, туған жылы 1510 жыл деген мерзім Әбдірашид таққа отырғанда жиырма бес жаста болған дегені тарихи деректермен сәйкес келмейді.

Әмин Ахмет Рази «һафт ықылым» еңбегінде «Мырза Хайдар жеті жылға жақын дербес билік құрды. Соңында Кашмирде қаза тапты» деп жазғанын профессор Ә.Дербісәлінің «Мырза Хайдар бабамыз 1540 жылы Кашмир өлкесін бейбіт жолмен алып, онда 1551 жылға дейін патшалық құрған» деген түйінін салыстыра отырып, Әмин Разидың дәйектемелерінде қайшылықтар бар болғандықтан оның еңбегін пайдаланғанда өзге деректермен егжей-тегжей салыстырып отырғанды жөн санаймыз. Сонымен, Әмин Ахмед Рази Мырза Хайдар Дулаттың еңбегін аса құнды тарихи дерек ретінде мойындап: «Оқырманнан жасыратыны жоқ Қашғар сұлтандарының ахуалы жөнінде ешбір тарихи еңбекте жазылмаған. Сондықтан, осы жерде «Тарих-и Рашиди» еңбегінен қысқаша мәлімет беруге тура келеді» (Жолдасбайұлы 2000:112) деп жазды.

Мырза Хайдардың еңбегін екінші болып Ахмет Тәтәви мен Асеф хан Қазвини «Әлфи тарихы» (Мың жылдық тарих) атты тарихнамалық еңбегінде пайдаланды.

Бабырдың ұрпағынан Үндістанды билеген Жалаледдин Мұхаммед Әкбар шах (1556-1605) ислам әлемінің жалпы мың жылдық тарихын пайғамбардың қайтыс болған жылынан бастап жазуға бір топ ғалымға тапсырма берді. Бұл еңбекті жазу хижра бойынша 993 (1585) жылдан басталды. Сол заманның әйгілі саяси қайраткері, ғалым Әбул-Фәзл Әллами кітапқа алғысөз жазды. Бірақ, ол қазірге дейін табылмай келе жатыр. Бұл еңбекті жазуға бірнеше ғалым атсалысқан. Мәселен, солардың бірі Әбділ-Қадір Бәдвани болғанымен, оның басым бөлігін Ахмет Тәтәви Мырза Болат барластың қолынан қаза тапқан соң Асеф хан жазып, хижра жыл санауы бойынша 997(1589) жылға дейінгі оқиғалармен аяқтады. Сонымен мың жылдан үш жылға кем болған «Әлфи тарихы» ислам елдерінің жалпы тарихын, әсіресе ислам әлемінің шығыс бөлігінің тарихын көбірек баяндап берді (Маргулан 1937: 414 ).

«Тарих-и Рашидидің» көп бөлімін ағылшын тіліне Ислам энциклопедиясы мекемесінде қызметте болған Вилиям Ерскин аудару жұмысын бастап, 1841 жылдың алғашқы айларында аяқтады. Н. Елияс: «Ол аударма барлық кемшіліктеріне қарамастан кейінгі аудармаларға негіз бола алды» (Ташкент фан 1996:727),- деп оны ерекше бағалады.

Ирандық ғалым-доктор Аббасқұпи Ғаффарифәрдтың айтуына қарағанда Вилиям Ерскин «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі «Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік ерекшеліктері туралы, бұл атаудың оларға берілу себебі хақында және олардың істерінің салдары жайында әңгіме» (Хайруллаев 1999:400) атты тарауын толық аударған және тиісінше жан-жақты зерттеп, еңбек жазған ғалым.

Ерскиннен басқа «Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі мәтінін пайдалана отырып ағылшынша «Шығыс Түркістан тарихы» атты кітап жазған В.Х. Беллей болды. Беллей 1873 жылы Д. Форсит басқарған экспедиция құрамында Қашғарға сапар шегіп, аталмыш еңбегін жазды (Дербісәлі 1999: 160)

Бұдан кейінгі жылдары Р.Б. Шоу Жаркент пен Қашғарға іссапармен барды. Ол «Тарих-и Рашиди» аудармасын 1876 жылы «Geographical society's journal for» жағрафия қоғамының журналында басып шығарды. «Тарих-и Рашидидің» қысқаша нұсқасын Эллиоттің «Үндістан тарихы авторлардың айтуынша» атты (Азия аудармашылары тәржімасы) еңбегінен көре аламыз. Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегін француз зерттеушісі Рене Гроссе «Көшпелілер империясы» атты тарихи зерттеу жұмысына пайдаланды. Онда Мырза Хайдар туралы: «Хайдар Мырза моғол шахзадасы бола тұрса да өскен ортасының әсерімен мінез-құлқы өзгеше қалыптасқан. Ол парасатты және тәрбиелі жандай көрінеді. Негізінде ол моңғол тілін білді ме? Өйткені, Н.Елиястың пікірінше бұл оқымысты шахзада моңғол тілін білетін еді деп сеніммен айтуға болмайды». Өйткені, шынайы да тақуа мұсылманға ежелгі моңғол тілі «кәпірлер мен дінсіздер тілі» екені күмән тудырмайды. Шынтуайтына келгенде ұзақ жылдардан бері оның аталары мен өзінің тілі де түркі-шағатайша болған. Осыған қарамастан Хайдар Мырза «Орталық Азия тарихына қатысты «Тарих-и Рашиди» кітабын парсы тілінде жазды. Бірақ түрік, моңғол және таңғұт тайпалары туралы айтқанда бұл автордың оларды бағамдауы ғылыми шындықтан гөрі саяси бояуы басымдау келеді деген ойға қосыламыз.

Орыс ғалымы В.В. Веляминов-Зернов (1830-1904) Мырза Хайдардың деректерін қазақтар туралы зерттеулерінде молынан пайдаланды (Вельяминов-Зернов 1864: 131). В.В. Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашиди» еңбегін: «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының барлығы дерлік жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен ерекшелінеді» деп бағалады. Түркітанушы В.В.Бартольд (1869-1931) «Орта Азия түріктерінің тарихы» атты еңбегінде Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» кітабы жайында: «Мұхаммед Хайдардың тарихи шығармасы – еуропалық ғалымдардың пікірінше, Қашғарда парсы тілінде жазылған жалғыз-ақ маңызды әдеби шығарма. Бұл еңбек кейінірек бірнеше рет түркі тіліне тәржімаланды» (Омарбеков Т., Омарбеков Ш. 2004: 388) деп жазды. В.В. Бартольд «Жетісу очеркі» атты еңбегінде «Тарих-и Рашидиден» үзінділер келтіріп, аймақта «Қазақ хандығының» қалай құрылғандығы туралы көптеген құнды мағлұматтар келтіреді (Қожабекұлы 2000: 120).

Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835-1865) Хайдар Мырза еңбегін зерделей оқып, ол туралы құнды пікірлер қалдырды (Көмеков, Кәрібаев 2004. 95).

Қазақтың алғашқы кәсіби тарихшыларының бірі Санжар Аспандияров (1889-1938) Мырза Хайдардың еңбегінен үзінділер аударды. Бұдан кейін академик Әлкей Марғұлан (1904-1985) Мырза Хайдар Дулатты қазақ халқының тарихшысы ретінде таныстырды (Сейдімбек, 1997: 4).

XX ғасырдың 60-жылдары Кеңес Одағындағы «Қызыл кезеңнің» идеологиялық қиын жағдайына қарамастан, халқымыздың тарихын зерттеуде Қазақстан шығыстанушылары С.Ибрагимов, В.П.Юдин, М.Мингулов, Т.Сұлтанов, К.А.Пищулиналар өздерінің еңбектерінде Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының қазақ халқының тарихы үшін аса қажетті еңбек екендігін атап көрсетті (Жеменей, Қазыбек 2001: 272;319).

Кеңес дәуірінде өзбек оқымыстыларынан Р.Г. Қашқарияминов, С.Ә. Әзімжанова, Х.Хасанованың және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегін өзбек ғалымдары А.Урунбаев, Р.П. Джалилов, Л.М. Епифанова парсы тілінен орыс тіліне аударды. Бұл аударманы Алматыдағы «Санат» баспасы орыс тілінде қайтадан шығарды. Кейінгі жылдары тарихшы ғалым А.Урунбаевтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат» атты оның өмірі мен шығармасы жайында жазған мақаласы «Мағнавият юлдузлари»(Руханият жүлдыздары) деп аталатын өзбек тіліндегі жинақта шықты. Қазақстанда Мырза Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығы жайында «Өмірбаяндық-библиографиялық, анықтамалық» атты құнды жинақ жарық көрді. Негізінен 1829-1999 жылдар аралығында қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрік, парсы, орыс тілдерімен қатар ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарық көрген әдебиеттерді қамтыған бұл кітапты әзірлеп шығаруға шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі көп тер төкті.

Одан кейінгі жылдарда «Тарих-и Рашиди» еңбегіне қатысты зерттеу жұмыстары түрлі конференциялар аясында өз жалғасын тапты. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 1999 жылы 3-4 маусымда «Мұхаммед Хайдар Дулати: ойшыл, тарихшы, жазушы, қолбасшы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінде «Қазақстан және Орталық Азия: тарих, қазіргі уақыт және болашақтағы дамудың көкжиектері» деген тақырыпта Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының IV халықаралық оқулары» атты конференция 2001 жылы 29-31 мамырда Тараз қаласында өтті. Тараз қаласында 2005 жылы халықаралық «Дулати оқулары» кезекті конференциясы сәтгі аяқталды. Конференциялардың материалдарынан басқа да Б.Қожабекұлы Албанидың «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты кітабы жарық көрді. Тарихшы ғалым С.Жолдасбайұлының «М.Х.Дулати және XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандығы» еңбегі баспадан шықты. «Тарих-и Рашиди» еңбегінің үзінділері парсы тілінен қазақ тіліне аударылып, «Қазақ прозасы» хрестоматиясына еңгізілді. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдардың ислам дініне қатысты көзқарасы оның өмір жолымен байланысты қарастырылды. Тарихшы ғалымдар Т.Омарбеков, Ш.Омарбеков «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты еңбегінде «Тарих-и Рашиди» шығармасын негізгі әдебиет ретінде қолданған. Ал, тарихшы ғалымдарымыз Б.Көмеков пен Б.Кәрібай «Тарих-и Рашиди» еңбегін өз зерттеулерінде пайдалана отырып, көпшілікке арналған көркем әдеби сипаттағы «Мырза Хайдар Дулати» атты еңбек жазды профессор А.Сейдімбек «Қазақ әлемі» атты кітабында Мырза Хайдардың дерегін пайдаланған. Жазушы, драматург Б.Әбілдаұлының «Мұхаммед Хайдар Мырза» атты ұлы ғұламаның өмірі мен шығармашылығы жайлы тарихи драмасы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 1999-2002 жылдары қойылып, көрермендердің ықыласына бөленді. «Тарих-и Рашиди» еңбегінен Қазақстан тарихшылары Н.Н. Мингулов пен К.А. Пищулина үзінділер аударды. Осы тұста атап кетер жайт, Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдан бастап қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ғалымдарымыз жаңа көзқараспен зер сала бастады. Соның аркасында баспа беттерінде көптеген материалдар жарияланды, кітаптар жазылды. Сол авторлар Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегін өз шығармаларында молынан пайдаланды. Мәселен, Қ.Салғараұлының роман-эссе «Қазақтар» атты еңбегін айтуға болады. Ал, «Тарих-и Рашиди» парсы тілінен тікелей қазақ тіліне Өзбекстан нұсқасы бойынша тәржімаланды. Бұл күрделі де қазақ тарихы мен мәдениеті үшін аса маңызды жұмысты атқаруға шығыстанушы, профессор Ә.Дербісәлі, М.Қазыбек, Қ.Мырза Әлі және осы жолдардың авторы белсене атсалысты. (Тараз: ТарМУ, 2001: 391).

«Тарих-и Рашиди» әдеби шығарма ретінде аса мәнді дүние екенін, әрі Мырза Хайдардың жазу әдісіне шебер екенін айтуымыз керек. Мырза Хайдардың сөз өнеріне деген қабілеті туралы ең алдымен өзінің замандасы, қамқор туысы Зәһир-ед-дин Мұхаммед Бабыр патша «Бабырнама» атты еңбегінде жазған. Ол: «Хуб Нигар ханымның ұлы Хайдар Мырза еді. Әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін рұқсат сұрап, Қашғарияға, ханның қарауына кетті.

«Алтын, күміс, қорғасын,

Нендей асыл болмасын

Тартады өз тегіне»,- дей келе: «Енді ол орнықты, байсалды азамат болып, жақсы жолға түсіпті деп естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ шыбығын июге қолының ебі бар еді. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз саптауы тәуір» (Жеменей, Қазыбек 2001:272-319) деп жазды.

Сондай-ақ ирандық тарихшы Әмин Ахмет Рази 1593 жылы жазған «Жеті ықылым» атты кітабында Мырза Хайдардың еңбегін оқығаннан кейін оның келтірген тарихи-жағрафиялық деректеріне қызығып, оны өз еңбегіне молынан пайдалана отырып, оның көркемдік сипатын да ұнатып, Мырза Хайдардың ақындығы мен қаламгерлік қабілетін жоғары бағалап жазған. Әмин Ахмет Рази: «Мырза Хайдар - Мұхаммед Хайдар мырзаның тегін, ол жайында бұрынырақ, Қашғар сұлтандары жөнінде жазғанда айтқанбыз. Оның игі істері көп болған. Асқан нәзік шығармашылық шеберлігі, әрі емлесі дұрыс әрі сөз саптауы байыпты, ақындық әсемдікпен қатар аса батыл және мәрт болған. Әскери салтты жақсы білген. Содан болар, Сұлтан Әбу Саид ханның нұсқауымен Қашғар және Тибет арқылы Кашмирге барып, жеңіс жалауын желбіреткен. Тағы бір рет Үндістан жолымен сол жерге барып, жеті жылға жуық тәуелсіз түрде билік құрған. Соңында Кашмирде өлтірілді. (Байұзақ Қожабекұлы 1993: 448).

Қашғардың билеушісі Рашид ханға арнап «Тарих-и Рашиди» кітабын жазды. Ол ел арасында әйгілі болған. Оның мына рубаиы ел аузында қалған:

«Ғашықтар тұтқыны болу керек, қайғы мұңының,

Жапасын шегіп, көруі керек тауқыметін даланың.

Кету керек немесе ауылынан жарының,

Не төбетті аулынан қуу керек жарының», - деп жазды. Бұл дәйексөз де Мырза Хайдардың жазушылық пен ақындығы көпшілікке белгілі екендігін айқындай түседі.

Зәһир-ед-дин Мұхаммед Бабыр және Әмин Ахмед Разидың Мырза Хайдардың жазушылық шеберлігін, ақындық талантын өте орынды бағалағандығын оның шағатай-түркі тілінде жырлаған «Жаһаннаме» дастанынан және «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі қаламгерлік стилінен де көре аламыз. Өйткені, Мырза Хайдар өзінің еңбегінде тарихи оқиғаларға қатысты көзқарас білдіргісі келгенде немесе ұстанымын одан әрі дәлелдей түсу үшін өз ойын: бірнеше өлең жолдарымен әрлендіре түседі. Мырза Хайдар тарихты жазу барысында өлең жолдарын қолдана отырып оқиғаларды көркейтіп, нәрлендіріп баяндайды. Әрі кейіпкерлерінің мінез-құлқын һәм дүниетанымын айшықтай түседі. Сонда пайдаланған өлеңдерінің басым бөлігі өзі жырлаған парсы тілінде бәйіттер (Келімбетов 1998: 256).

Мырза Хайдар Дулаттың өзі және еңбегі туралы түркітанушы ғалым Н.Келімбетов: «Қазақтың түңғыш тарихшысы Хайдар Дулаттың айтуы бойынша Алып Ер Тоңа батырдың, яғни Афрасиабтың ататек шежіресі төмендегідей болып келеді: «Афрасиафтың әкесі – Пишен (Бешен), Пишендад – Нишиннің баласы, Дад Пишин – Тұрдың баласы, ал Тұр болса, Афридуннің баласы, бұл деректер «Тарих-и-Гузиде» кітабы бойынша келтіріліп отыр. Ал, мұның өзі Хожа Рашид-ед-дин еңбегінен алынған еді», - деп, Мырза Хайдардың еңбегін тарихи дерек ретінде пайдаланғанын айтады.

Қазақ ауыз әдебиеті мен Шығыс әдебиетінің байланыстары туралы көп жазған академик Р.Бердібай «Тарих-и Рашиди» еңбегі фольклортанушы ғалымдарға да құнды еңбек екенін айтқан. Ол: «Тарихи фольклористика санатына Рашид-ед-дин, Хафиз Таныш Бұхари, Абу-л-Ғазы Баһадұрхан, Дулат Мұхаммед Хайдар, Жалайыр Қыдырғали Қосынұлы қалдырған шежіре еңбектерді жатқызуға болады» (Қасқабасов 2000: 320) деп атап көрсеткен болатын. Академик С.Қасқабасов Мырза Хайдар еңбегі туралы танымдық мақаласында: «Тарих-и Рашиди» тек тарихи шығарма ғана емес. Ол қақтығыстар суретін шыншыл суреттейтін, адамдардың шайқас үстіндегі іс-әрекеттерін, қақтығыс кезіндегі мінез-құлқын баяндайтын, реалистік тұлғалардың бейнесін (Саид хан, Бабыр, Қасым хан және т.б.), оқиға драматизмін ашатын, адамдар көңіл-күйін нақты оқиға үстінде беретін шебер жазылған көркем туынды» (Қасқабасов 2000: 320) деп бағалаған.

М.Х. Дулатидің еңбегі ізгі қасиеттерді, патриоттық сезімдерді, әскери шеберлікті, руханият мұраттарын тәрбиелеу мәселелеріне назар аударуының негізі болып табылатын ортағасыр кезеңінің негізгі бағыттарының бейнесі болып табылады.

Қорытынды. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» ғұмырбаяндық мемуары – орта ғасырдағы қазақ тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, көркемдік-эстетикалық тағылымы мол мәдени мұра. Ол қазақ ұлты мен түркі халықтарының ғана емес, барша адамзат өркениеті үшін баға жетпес рухани қазына болып қала бермек. Зерттеп отырған мәселеге қатысты біршама тарихнамалық зерттеулер «Әйгілі тарихшы М.Х. Дулатиға арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары» атты жинақта көрініс тапқан болатын. Дегенмен, жоғарыдағы тарихнамалық талдау барысында анықталғаны: М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі әлі де болса жаңа тәсілдер мен жаңа көзқарастар тұрғысынан кешенді және пәнаралық зеттеуді қажет ететіні айқын көрінеді.

М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі – түркітілдес халықтардың рухани жауһары, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын құнды тарту. Бұл еңбек – ұрпақтан ұрпаққа сабақтастық негізі бойынша жеткен шығарма болғандықтан ойшылдың ғұмырбаяндық мемуарын  зерттеу біздің рухани парызымыз болып табылады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Әмин Ахмет Рази. تذکره هفت اقلیم («Һәфт иқлим тәзкирәсі» – С.М.Таһири). 3 томдық. – Теһран: Сурүш, 1992. – 137 б.

Бишимбаев В.К. Современное переосмысление древней исредневековой истории Казахстана. / Материалы научно-теоретической конференции на тему: «Проблемы древней исредневе ковой истории Казахстана».– Алматы, 1999. – С. 40.

Валиханов Ч. Избранные произведения. Вступ. Статья А.Х.Маргулана. – М.: Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1937. – 414 с.

Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и о царевичах. Часть ІІ. Спб. 1864. – 131 б.

Дербісәлі Ә. Ислам және заман. – Алматы, 2003. – 560 б. Рене Гроссе. Көшпелілер империясы (парсы тіліне аударылған – Әбдол Хұсейін мейкәде). – Теһран: Ғылыми «фәрһанги», екінші басылым, 2003. – 1016 б.

Дербісәлі Ә. Қазақ даласының жұлдыздары –Алматы; Рауан, 1995. – 238 б.

Дербісәлі Ә. Мұхаммед Хайдар Дулат. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық. – Алматы, 1999. – 160 б.

Мырза Хайдар Дулати – тарихшы-ойшыл. // Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 219 б.

Дұғлат Мырза Хайдар. Тарих-и Рашиди. – Өзбекстан Ғылым академиясы: Бируни атындағы шығыстану институты, қолжазба қоры. – № 1430.

Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. – Алматы: Санат, 1999. – 192 б.

Жеменей И. Мырза Хайдар Дулат және исламият // Ислам және Қазақстан мәдениеті. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Қазақ мәдениеті және өнертану ғылыми-зерттеу институты, 2003. – 237 б.

Жолдасбайұлы С. «М.Х. Дулат және ХV – ХVI ғасырлардағы қазақ хандығы. – Алматы: Қазақ университеті, 2000. – 112 б.

Зеһир-ед-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнаме. Қазақша сөйлеткен Байұзақ Қожабекұлы. – Алматы: Ататек, 1993. – 448 б.

Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер. – Алматы: Алатау, 2005. – 332 б.

Келімбетов Н. Қазақ әдебиеті бастаулары (көркемдік дәстүр жалғастығы). Зерттеу. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 256 б.

Каскабасов С. Золотая жила. – Астана: Елорда, 2000. – 320 с.

Көмеков Б., Кәрібаев Б. Мұхаммед Хайдар Дулат – тарих, тұлға, уақыт. – Алматы: Аруана, 2004. – 95 б.

«Қазақстан және Орталық Азия: Тарих, қазіргі уақыт және болашақтағы дамудың көкжиектері». Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларының IV халықаралық оқулары материалдары. – Тараз: ТарМУ, 2001. – 391 б.

«Қазақстан халықтарының мәдени-тарихи мұраларын оқып үйрену және дамыту мәселелері». V халықаралық Дулати оқуларының материалдары (13-14 қазан 2005 ж.). – Тараз: Тараз университеті, 2006. – 336 б.

Қазақ прозасы. Хрестоматия, Т.І. Тарих-и Рашиди үзінділер (парсы тілінен аударып, баспаға дайындағандар: И.Жеменей, М.Қазыбек). – Алматы: Ғылым, 2001. – 272-319 бб.

Қожабекұлы Б. Албани Мұхаммед Хайдар Дулати. – Алматы: Ататек, 2000. –312 б.

Мағнавият Юлдузлари. /Баспаға дайындаған М.М. Хайруллаев (өзбек тілінде). – Ташкент: Әбдолла Қадири баспасы, 1999. – 400 б.

«Мырза Хайдар Дулати - тарихшы-ойшыл» // Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 219 б.

Мырза Хайдар. Тарих-и Рашиди. – Ташкент: Фан, 1996. – 727 б.

Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 388 б.

Сейдімбек А. Қазақ әлемі. – Алматы: Санат, 1997. – 464 б.

References:

Amin Ahmet Razi. Haftiklim tazkirasі [Note of seven climates] // parsy tіlіnde, baspaga daiyndagan – S.M.Taһırı // 3 tomdyk.– Teһran: Sýrúsh, 1992. 137 b. [in Persian]

Bishimbaev V.K. Sovremennoe pereosmyslenie drevnei i srednevekovoiistoriiQazaqstana [Modern rethinking of the ancient and medieval history of Kazakhstan] Materialy nauchno-teoreticheskoi konferentsii na temu: «Problemy drevneii srednevekovoiistorii Kazahstana». – Almaty, 1999. – S. 40.[in Russian]

Valihanov Ch. Izbrannye proizvedeniya. Vstyp. Statia A.H.Margulana. [Selected works. Entry Article by A. Kh. Margulan] – M.: Glavnaya redaktsiya vostochnoi literatury izdatelstva Nauka, 1937. – 414 s.[in Russian]

Veliaminov-Zernov V.V. Issledovanie o Kasimovskih tsaryah i o tsarevichah. Chast II.[A study of the Kasimov kings and the princes. Part II.], –Spb. 1864. – 131 b. [in Russian]

Derbіsaly A. Muhammed Haidar Dulat. Omіrbayandyk-bibliografiyalyk anyktamalyk. [Mohammad Haidar Dulat. Biographical and bibliographic reference]– Almaty, 1999. – 160 b. [in Kazakh]

Derbіsaly A. Islam jane zaman. [Islam and time]– Almaty, 2003. – 560 b. Rene Grosse. Koshpelіler imperiyasy //parsy tіlіne audarylgan – Abdol Huseiyn meikade//. [Nomadic empire] – Teһran: Ǵylymi «farһangi», ekіnshі basylym, 2003 – 1016 b. [in Kazakh]

Derbіsaly A. Qazaq dalasynyn juldyzdary [Stars of the Kazakh steppe] – Almaty: Raýan, 1995. – 238 b. [in Kazakh]

Duglat Myrza Haidar. Tarikh-i Rashidi. [Tarih-i Rashidi] –Uzbekstan Gylym akademiyasy: Biruni atyndagy shygystanu instituty, koljazba qory. –№ 1430 [in Kazakh]

Eleykenov Sh., Shalgynbaeva J. Qazaq kіtabynyn tarihy. [history of the Kazakh book] – Almaty: Sanat, 1999. – 192 b. [in Kazakh]

Jemenei I. Myrza Haidar Dulat jane islamiyat [Mr. Haidar Dulat and Islam] // Islam jane Kazakhstan madenieti. Respyblikalyk gylymi-praktikalyk konferentsiya materialdary. – Almaty: Kazakh madeniety jane onertanu gylymi-zertteu instituty, 2003. – 237 b. [in Kazakh]

Joldasbaıuly S. «M.H.Dýlat jáne HV – HVI ǵasyrlardaǵy qazaq handyǵy. [M.Kh. Dulat and the Kazakh Khanate of the XV-XVI centuries] – Almaty: Kazakh universiteti, 2000. – 112 b.» [in Kazakh]

Zeһir-ed-dın Muhammed Babyr. Babyrname. Kazakhsha soiletken Baiyzaq Kojabekuly. [Baburname. Baiuzak Kozhabekovich spoke in Kazakh. – Almaty: Atatek, 1993. – 448 b. [in Kazakh]

Kaskabasov S. Zolotaiya jila. [Golden year]– Astana: Elorda, 2000. – 320 s. [in Kazakh]

Kelіmbetov N. Ejelgі adebi jadіgerlіkter [Ancient literary monuments] – Almaty: Alatau, 2005. – 332 b. [in Kazakh]

Kelіmbetov N. Qazaq adebiety bastaulary (korkemdіk dastyr jalgastygy). Zertteu [The beginnings of Kazakh literature (continuation of the artistic tradition). Research] – Almaty: Ana tіlі, 1998. – 256 b. [in Kazakh]

Kymekov B., Karіbaev B. Muhammed Haidar Dulat – tarikh, tulga, uakyt.Muhammad Haidar Dulat - history, personality, time. ]– Almaty: Aruana, 2004. – 95 b. [in Kazakh]

Kazakhstan jane Ortalyk Aziya: Tarikh, kazіrgy uakyt jane bolashaqtagy damudyn kokjiekterі. [Kazakhstan and Central Asia: History, present and future development horizons] Muhammed Haidar Dulati shygarmalarynyn IV halyqaralyq oqulary materialdary.– Taraz: TarMU, 2001. –391 b. [in Kazakh]

Qazaqstan halyqtarynyn madeni-tarihi muralaryn oqyp uirenu jane damytu maselelerі. [Problems of study and development of cultural and historical heritage of the peoples of Kazakhstan] V halyqaralyq Dýlatı oqularynyn materialdary 13-14 kazan 2005 j – Taraz: Taraz universitety, 2006. – 336 b.

Qazaqprozasy. Hrestomatııa, T.I. Tarikh-i Rashidi yzіndіler parsy tіlіnen audaryp, baspaǵa daiyndagandar: I.Jemenei, M.Kazybek. – Almaty: Gylym, 2001. – 272-319 bb. [in Kazakh]

Kojabekuly B. Albani Muhammed Haidar Dulati. [Albani Mohammad Haidar Dulati] – Almaty: Atatek, 2000. – 3126. [in Kazakh]

Magnaviyat Iuldyzlari. Baspaga daiyndagan – M.M.Hairullaev (uzbek tіlіnde). [Magnificent Stars] – Tashkent: Ábdolla Kadiri baspasy, 1999. – 400 b. [in Kazakh]

Myrza Haidar Dulati–tarihshy–oishyl[Mr. Haidar Dulati is a historian and thinker] // Halykaralyk gylymi-teoriyalyk konferentsiyanyn materialdary. – Almaty: QazaqUniversitetі, 1999. – 219 b. [in Kazakh]

Myrza Haidar. Tarikh-i Rashidi. [Tarikh-i Rashidi] – Tashkent: fan, 1996. – 727 b. [in Kazakh]

Orazbaeva A. Qazaq adebietіndegі shejіrelіk shyǵarmalar: tarihilygy jane janrlyq, stildіk erekshelіkterі. [Chronicles in Kazakh literature: historical and new, stylistic features] Filologiya gylymdarynyn kandidaty gylymi darejesіn alu ushіn daiyndalgan dıssertatsiyanyn avtoreferaty. – Almaty, 2005. – 25 b. [in Kazakh]

Omarbekov T., Omarbekov Sh. Kazakhstan tarihyna jane tarihnamasyna ulttyk kozkaras. [National approach to the history and historiography of Kazakhstan] – Almaty: QazaqUniversitetі, 2004. – 388 b. [in Kazakh]

Seidіmbek A. Qazaq alemi. [The Kazakh world] – Almaty: Sanat, 1997. – 464 b. [in Kazakh]


МРНТИ 03.20.00

ИСТОРИОГРАФИЧЕСКИЙ АНАЛИЗ ТРУДАМУХАММЕДА ХАЙДАРА ДУЛАТИ «ТАРИХ-И РАШИДИ»

А.А. Максутова¹, Б.Е. Кумеков².

¹PhDдокторант. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева.Казахстан, г. Нур-Султан.

²Д.и.н.,академик НАН РК.Казахстан, г. Нур-Султан.

Аннотация.В статье анализируются труд Мухаммеда Хайдара Дулати «Тарих-и Рашиди» в историографическом аспекте. «Тарих-и Рашиди» является ценным источником, охватывающим XIV-XVII века, написан на персидском языке в Центральной Азии. В источнике предоставляются политические, исторические, этнические, географические, литературные и культурные сведения о странах Центральной Азии, в особенности казахских земель. «Тарих-и  Рашиди» Мухаммеда Хайдара Дулати – произведение энциклопедического характера, охватывающее период с XIV-XVII век. Культурная и научная ценность, богатство информации, этнографические, этнические, географические, археологические находки, исторические события делают читателя счастливым. Дулати охватывает в своем труде почти все исторические фигуры из Турана. «Тарих-и Рашиди» – это мемуар поэтической мощи, эскиз писателя, художественный и ясный язык. Мухаммед Хайдар Дулати работал над «Тарих-и Рашиди» в Средней Азии, Восточном Туркестане, Казахстане, Пакистане, Индии и т.д. собирая информацию о народах стран, их культуре.

Ключевые слова: историография, источники, Дулати, анализ, Тарих-и Рашиди, Зафар-Наме, Кашгария, этнос, культура.

IRSTI 03.20.00

HISTORIOGRAPHIC ANALYSIS OF THE WORK OF MUHAMMAD HAYDAR DULATI «TARIKH-I RASHIDI»

A.A. Maksutova¹, B.E. Kumekov².

¹PhD doctoral student. ENU them. L.N. Gumilyov. Nur-Sultan, Kazakhstan.

² Doctor of History, Academician of NAS RK. Nur-Sultan, Kazakhstan.

Abstract: The article analyzes the work of Muhammad Haidar Dulati “Tarikh-i Rashidi” in the historiographic aspect. Tarih-iRashidi is a valuable source, covering the XIV-XVII centuries, written in Persian in Central Asia. The source provides political, historical, ethnic, geographical, literary and cultural information about the countries of Central Asia, especially the Kazakh lands. “Tarikh-iRashidi” by Mohammed HaidarDulati - an encyclopedic work covering the period from the XIV-XVII centuries. Cultural and scientific value, wealth of information, ethnographic, ethnic, geographical, archaeological finds, historical events make the reader happy. Dulati covers in his work almost all the historical figures from Turan. “Tarikh-iRashidi” is a memoir of poetic power, a sketch of the writer, an artistic and clear language. Mohammed HaydarDulati worked on Tarih-iRashidi in Central Asia, East Turkestan, Kazakhstan, Pakistan, India, etc. collecting information about the peoples of the country, their culture and traditions.

Keywords:historiography, sources, Dulati, analysis, Tarikh-i Rashidi, Zafar-Nam, Kashgaria, ethnos, culture.

No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 3710

No reviews

Download files

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА ЮРТА И ОСОБЕННОСТИ МИРОВОСПРИЯТИЯ КАЗАХОВ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ КЕРЕЙ ХАНДЫҒЫ ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары УДК 947.084 (574.2) ЭТНОЯЗЫКОВЫЕ ПРОЦЕССЫ В УСЛОВИЯХ ДВУЯЗЫЧИЯ В ПЕРИОД ЦЕЛИНЫ 94(574).02/.08 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖӘДИДТІК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф УДК 316.334:314.5/.6; 316.356.2ОСОБЕННОСТИ СЕМЬИ И БРАКА И ЭТНОЯЗЫКОВАЯ СИТУАЦИЯ В СРЕДЕ ГОРОДСКИХ КАЗАХОВ В КОНЦЕ 1950 –1980-х ГОДОВ УДК 39 (=512.122)(560) ҒТАМР 03.41.01 ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (экспедицияда жиналған материалдар негізінде) ӘӨЖ 2:93(574) ҒТАМР 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ҒТАМР 13.11.25 Қытайдың мәдени құндылықтарының экономикаға әсері ӘОЖ 94(100)"12/13": 327 АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ХАНАФИЗМНІҢ РӨЛІ УДК 94(574) (5-191.2) «20/30»:323.17 Национально-территориальное размежевание Казахстана и Средней Азии: проблемы, дискурсы, мнения ӘОЖ 930:94(574) "6-17" ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫНЫҢ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДЕГІ ТАРИХНАМАСЫНАН УДК: 314.1(574-25) ЭТНО-ДЕМОГРАФИЧЕСКОЕ РАЗВИТИЕ НАСЕЛЕНИЯ КАЗАХСТАНА (1999-2018 ГГ.) ӘОЖ 94(574) ІЛИЯС ОМАРОВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРА ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ӘОЖ 94(574).084.5/.6 ШЕТЕЛ ҒАЛЫМДАРЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ 902.7(574). ЭТНИКAЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ CӘЙКЕCТІКТІҢ КЕЙБІР МӘCЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАМР 03.61.91 ЭТНОГРАФ А.Л. МЕЛКОВТЫҢ 1920-жж. ҚАЗАҚСТАНДЫ (ҚАЗАҚ ӨЛКЕСІН) ЗЕРТТЕУ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӨНІНДЕ ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Author's articles

ҒТАМР 03.20.00 МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЕҢБЕГІ «ТАРИХ-И РАШИДИГЕ» ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ